Өлең, жыр, ақындар

Жұмагүлдің жұлдызы

Көп жазушылардың қаламын ұштап, қайраған ұстаханасы журналистика. Оның ішінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің редакциясы шын мәнінде болашақ ақын, жазушылар университеті болды десек, әбден жарасымды.

Әрине, жазушыларды ешқандай оқу орыны дайындап бере алмайды. Бұл құдіреттің ісі. Әйткенмен сол құдірет берген таланттың көзін ашып, дарынын даралайтын, саралайтын мектеп — осы редакция.

«Лениншіл жастан» сол таланттың көбі шыңдалып шықты. Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбек, Оразбек Сәрсенбай, Кәдірбек Сегізбай, Әнес Сарай, Қуанышбай Құрманғали, Серік Әбдірайым...

Тізе берсе көп. Сол шұғылалы шоғырдың ішінде Жұмагүл Солты жұлдызы да бар.

Жерлес ағасы Сейдахмет Бердіқұлов Жұмагүлді «классик» деуші еді. Әрине, әзілі ғой. Классиктер — Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов... Бірақ қазір «классик» аталып жүргендер аз емес. Қазір кім классик екенінен жұрт адасып қалды. Ол да «академик» деген зор атақтың қор атаққа айналғаны сияқты. Мысалы, академик Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев пен екі сөздің басын құрап жаза алмайтын «академик» Талтаңбай Тарбақбаевтың құнын бірдей еткен кезеңге тап болдық.

Ғылым мен әдебиеттегі, жалпы мәдениеттегі құндылық пен арзан қолдық арасы бірігіп, шын жүйрік пен ақсақ-тоқсақтар араласып шатасқан заман. Жұмагүл жайлы бұлай дей алмайсың. Бұрын газет-журналдардан бірді-екілі әңгімелерін оқып, «әй, мына қыз шындап көңіл бөлсе, прозада шыңға шықпаса да, шоқыға ту тігер шамасы бар екен-ау» деп қоятынмын.

Шырайлы әңгімелерімен сирек көрінген себебі: журналистің күнбе-күн бас көтере алмас өз жүгі бар. Журналистің арқасынан ауыр жүк түсіп көрген емес. Сол қамытып мойнына іліп алған Жұмагүл, ол үш баланың анасы. Оларды бағып-қағу, өсіріп, оқыту; жанындағы жарыңның ығын табу — осының бәрі оңай шаруа емес. Қазақ қыздары шын прозашы болуы үшін француздың атақты жазушысы Жорж Санд (Аврора Дюдеван) еркіндігі керек шығар.

Бұған дейін «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақстан әйелдері» басылымдарында үздіксіз жұмыс істей жүріп Жұмагүл «Берік болсын босаға», «Тастүлек», «Сыпайылық сыры» сияқты әңгімелер мен публицистика жинақтарын жарыққа шығарды.

Ал таяуда «Жалын» баспасынан шыққан «Жалғыз бала» атты жинағы бір төбе. Бір қолында құндақтаулы баласы, бір қолында қаламы... Маған бұл жинақ осылай эсер қалдырды. Ана мен бала тағдыры басым. «Өкініш» атты әңгімесінде бала сүйіп көрмеген, бала сүюді сағынған шақта дәурені өтіп кеткен кексе келіншектің бармақ шайнағаны кестеленген. «Баласыз ана — панасыз ана» (Ғабит Мүсірепов).

«Жалғыз бала» әңгімесі қазақтың ұлыларынан қалған қағиданы еске салады: «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар...» демеуші ме еді бабалар.

Әсіресе қазіргі зар. Зәру тақырып. Қала тұрмақ, қазақ ұрпағының кеніші — ауылда да бала табу кемшін тартты. Мұның арғы жағында қалың-қалың, қатпар-қатпар әлеуметтік сұңғыла сұрақ жатыр. Арка жылы болса арқар ауып несі бар. Тұрмысы, әлеуметтік жағдайы жарасып жатса, кейбір кердең, кесірлі келіндер болмаса, жалпы қазақ әйелі баладан безініп көрген емес. Дүниеге адам болып келген соң артында ұрпақ қалдыру — мойнына жаратылыс артқан бірінші борыш. Бұл борышты ақтамаған, дені сау, аяқ-қолы балғадай ер азамат пен әйел заты о дүниеге не бетімен барады? Зілмауыр сұрақ, зіл батпан соққы.

Сол сұраққа жауабы да дайын. Күн көрісі жоқ, несібесі жоқ, несібесі әлдекімдердің аузында кетіп, бұйырмаған, кембағал бейшараларды дүниеге келтіріп, обалына қалып қайтемін?! — дейді. Оныкі де дұрыс.

Демек, бұл бүкіл халық, әмме әлеумет, патшалар, министрлер, әкімдер, депутаттар болып қатты ойланатын мәселе. Тұратын халқы, қызығын көретін жұрты болмаса, сенің жеріңнің ұлан байтағы, асты-үсті сірескен байлығы кімге керек. Шетелдіктерге ме?

Жұмагүл Солты әңгімелерін түгел жаңғақша шағып, дәнегін теру менің міндетім емес, бірақ әрқайсысынан нәзік те татымды нәp аларын, ақиқат. Редакцияда Жұмагүлдің «Мағжан» атты кітап оқып отырғанын көрдім. Авторы Шернияздан Елеукенов екен. Жұмагүл:

— Аға, мен бір жаңалық аштым, — деді қуанып. — Мен жақсы көріп, сүйіп айтатын «Япыр-ау» әні Мағжандікі екен ғой.

Редакциядағы мерекелік жиындарда Жұмагүлдің бұл әнді арқалана, елжірей, толқи айтатыны да рас.

Ал оның көркем әңгімелерінен әуен сыңси естіліп тұратын сияқты. Әдебиет пен әуен егіз. Әуенсіз әдебиет — тұзы жоқ көже тәрізді.

Кітап тасқыны лайсаң. Оның арасынан тазасын, татымдысын табу оңай емес. Бағдаршамдай бағыт берер сын да жоқ.

Ақбақайдың кенішінде бір тонна топырақтан бір шымшым алтын қиыршығы табылса — үлкен олжа екен. Кітап әлемі де сондай!

Газеттерде, журналдарда, жинақтарда көпірген өлең де көп. «Парасат» журналының осы жылғы соңғы нөмірінен Сабыр Адай ақынның:

Ей, Көк Бөрім,
Көк Бөрім,
Көкке ұлыған шерлім-ай,
Күреңлің қанға боялып,
Күңсіп бір кеткен терлігі-ай,
Атаның атын малданған,
Ата бір жауға жалданған
Атаңа нәлет Ездерге
Көзіңді салшы,
Кер Құдай!.. —

деген жолдарына көзім түсіп кетіп, жантайып жатқан жерімнен бойымды түзеп:

— Е, құдіретті поэзия! Асанқайғыдан Абайға дейін жалғасқан қарқаралы-үкілім! Тәубе, тәубе. Қазіргі жастарда да ата жолын қуғандар бар болса екен, — дедім.

Ездерін таныдым. Ана мен бала қысталаңда қалса, сол ездердің өзеуреп кеткенінен, сол ездердің өздері Анадан туып еді-ау.

Жұмагүл Солты әңгімелерінде Ана мен Бала, тағдыр талайы арқау жіптей тартылады да отырады. Бұл әңгімелерден оқырман аналар өздерін танып-білуі әбден ықтимал. Бұдан ер-азаматтар бейнесі көрінбей қалған екен деген ұғым тумаса керек. Кесек-кесек тұлғалар табылады.

Әдебиет әлеміндегі Жұмагүл Солты жұлдызы әлі алыстан ғана жалтырап тұрғандай болуы мүмкін. Соған қарап әлсіз екен деуге болмайды. Көмескі көрінген жұлдыздар Шолпанша жарқырамаса осалдығынан емес, алыстығынан.

Жұлдызың жарқырай түсуі үшін оқырманға жақындай бер. Жазарыңды нәрлі, дәмді етіп бере бер, Жұмагүл.

Желтоқсан, 1998 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз