Адам баласы дүниеге келерде бәрі бірдей сияқты. Өсе келе әрқилы болып кетеді. Әр түрлі мінез-құлық бітеді. Әр түрлі әр бітеді.
Ал ақыл қандай? Талант қандай? Дарын қандай?
Бұл жерде Құдіреттің өз қалауы бар.
Бәріне кетпен шабуға, орақ оруға, мал бағуға, трактор айдауға, тіпті министр болуға қабілет бұйыруы әбден мүмкін.
Ал ерен ақылды, туасы шешен, ойшыл, нағыз ақын, хас жазушы, азамат, қайраткер болу бәріне бірдей бұйырмаған.
Ол Алламның ісі. Әрі Анадан.
Құрсақта жатқанда Жаратушы Құдірет перзент жүрегіне иненің жасуындай шоқ салады. Сол шоқты аялап, өшіріп алмай, жалын тудыру — Ананың ісі.
Әбіштің анасы Айсәуле қазір жасы, Жасаған рахым етсе, жүзге таяды. Әкесі Кекілбай сонау екінші жаһан соғысынан қайтпады. Жалғыз ұлын Айсәуле апамыз құртқа сынды желкесінен тістелеп жүріп жеткізді.
Жалғыз ұл болғаны қиын. Бұрынғылар айтқан:
Жалғыз ұлы бардың
Шығар-шықпас жаны бар,
Екі ұлы бардың өкпе-бауыр жалы бар.
Үш ұлы бардың Самархан мен Бұхарда малы бар,
Төрт ұлы бардың Аспанға салған жолы бар.
Жалғыз ұлды қайтсем аман өсірем деп, шыбындай жанын шүберекке түйіп шырылдаған Ананың ақ сүті мен сүйініш-күйінішін қандай таразы өлшей алады?!
Жалғыз ұлы аман-есен жетілді.
Әлі есімде — 1954 жыл еді. Мәскеудегі оқу орны мені Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасына практикаға жіберді. Баспа директоры Б.Балтағожин деген кісі еді. Партия функционері.
Бір күні директор бүкіл ұжымды шұғыл жиналысқа шақырды. «Не боп қалды?» — деп бәріміз кабинетке үркектей кірдік.
Балтағожин, жарықтық, шағын ғана домалақ қараторы кісі еді. Басынан буы бұрқырап, түтігіп кетіпті.
— Масқара болдық! — деп алдында жатқан газетті жоғары көтеріп сілкіп-сілкіп қойды.
Ол «Лениншіл жас» екен (қазіргі «Жас Алаш»),
Баспадағы проза бөлімнің бастығы сұлуша келген аққұбаша, тым сыпайы егде кісі еді. Сол украинның Льнков деген жазушысының бір повесін қазақшаға аударған екен. Артынша өзі төл повесін жазыпты. «Лениншіл жас» етектей мақалада сол аударма мен тол повестің бір-бірінен аумаған егіз екенін әшкерелеп жазыпты. Мұндайды әдебиет ғылымында «плагиат» дейді.
Директор түтіндеп тұрып осыны айтты.
— Үлкен ЦК- дан звондап жатыр, масқара болдық! — деді.
— Авторы кім? Кім жазыпты? — деген дауыс шықты. Директор қолы дірілдеп, көзілдірігін әрең киіп алып, мақаланың аяғына үңілді:
— Ә-Әбіш Кекілбаев, Маңғыстау, Онды ауылы. Сегізінші сынып оқушысы.
— Ойбай-ау, сегізінші сынып оқушысы не біледі?
—- Әбес айтылған шығар, — деп әр тұстан бірі елірген, бір жуас үндер шықты.
Шамада он жылдан кейін тағдыр жолымызды тоғыстырды.
Әбіш Кекілбай баласы «Лениншіл жас» газетінің редакциясына әдебиет-өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызметке келді. Мен бас редактор едім.
Бұл «Лениншіл жаста» руханият саласының дәуірлеген шағы. Қоғамдағы әрбір жаңалық қарсы күшке тап болатыны белгілі. Қатып қалған қасаң қағидалар қасарысады. Соңғы толқын, жаңа леп — демократия елесі қасандарға жат. Жаңалыққа жауыға қарайтын әдет.
Сол алпысыншы жылдардың ішінде осы жастар газетінің редакциясына жаңа жарық жұлдыздар жинады: Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсын, Оралхан Бокей, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбекұлы, Оразбек Сәрсенбай, Қалдарбек Найманбай, Кәдірбек Сегізбай, Серік Әбдірайым, Қуанышбай Құрманғалиев... Сағат Әшімбаев...
Бәрі де бір анадан туғандай еді. Бірлік бар еді, береке бар еді. Әр атаның баласын ортақ мақсат, еншілес мүдде біріктірді. Біз қалың қазақ қауымға, ұлтқа қызмет етуге бекіндік. Оның санасын, арман-аңсарын арттырып, құлдық психологиядан арылтуға тырысып бақтық.
Сол ортада жампоздай болып, Әбіш Кекілбайұлының тұлғасы ерекше тұрды. «Бұдырайған екі шекелі», толқынды бұйра қара шашты, тұңғиық терең ойлы көз, — осы жігіт тым-тым ерте есейген, жастайынан көсемдікке жаралғандай, қарттың даналығын бала жастан бойына жинағандай, бай қазыналы етіп, Тәңірім терезесін биік жаратқандай әсер қалдырар еді.
Дардай-дардай, зор лауазымды сыншылар айта алмаған сөзді сегізінші сыныптың оқушысы айтқанына қарап-ақ, Әбіш Кекілбайұлының, құдай қосса, болашағын болжап қоюға жарағандай еді.
Анасы Айсәуленің бірер жиында сөйлегенін естідім. Той-томалақта. Басқалардың үйреншікті, жаттаурынды, ноқталы сөздерінен бөтен екен. Соноу-соноу Қазтуған заманынан әлдеқалай аман қалған көненің көсем сөздеріңдей естілді.
Соған қарап іштей тоқып қойдым: «Әбіш айбынды асқақ, құдіретті, айтқан лебізін «ала өгіздей мөңіреткен», қызыл тілдің шешені болуы — анасының құрсақ мектебінен екен-ау», — деп.
Әрине, оған әлемдік энциклопедиялық білімді бесік мектебі оқытпаған шығар. Анадан асыл туғандар оны өсе келе, әкесіз жетімдікпен жағаласа жүріп, жетіле келе меңгереді. Асылы, Ананың сүтімен бітпеген ақыл қара тананың сүтімен бітпейді.
Әкесіз жетімнің жолы тақтайдай теп-тегіс болғаны, сірә, жоқ шығар. Ондай бала тағдырдың талай-талай тауқыметін көріп жетілер. Оның өмір жолында сан-сапалақ кедергілер кездесері анық-Нағыз азамат сол кедергілермен күресте шыңдалады.
Тәңір мен туған ана Әбішке керіскедей келісті келбет берген. Атақты философ Артур Шопенгауэрдің байқауынша, кісі келбеті — бұл адамның кім екенінің кепілдемесі, өзі туралы ашық хаты іспеттес. «Міне, мен осындай адаммын» деген мінездеме оның дидарында ап-айқын жазулы тұрады.
Қазақ әдебиеті әлемінде Әбіш Кекілбайұлы үлкен биікке көтерілді. Әдебиетте өзгелер байқамаған, өзгелер айта алмаған сөзді айтты. Басқа ұлыс, ұлттардың намысын қорламай-ақ, қазақ рухын асқақтатты. Бояуы көп, бай көркемдікті былай қойғанда, бұл жазушының азаматтық берік тұғырының айғағы.
Әбіш қаламынан шыққан «Күй», «Шыңырау», «Ханша-дария хикаясы» сияқты алғашқы повестерінен бастап, «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдарына дейін азаматтық әуенге толы.
Біреулер бар — көп оқиды. Кітапты көп оқу, әрине, байлық, әрине, қазына. Бірақ ол басқаның басынан туған байлық пен қазына ғой. Әз басынан, өз ақыл-ойынан, сол оқығанына қосары бар ма? Көбінде жоқ қой!
Ал Әбіш те көп оқитын шығар-ау. Сол оқыған-тоқығанына оның өз қазынасы қосылғанда, көгілдір аспанның бояуына шұғыланың (кемпірқосақ) сан түрлі бояулары қосылғандай құлпырып кетеді.
Айталық, ол Ақсақ Темір туралы аңызды бір жерден оқыды, яки естіді. Бұл — қаңқа. Сол қаңқаға ет бітіріп, қан жүгіртіп, жан бітіру Әбіштің әрекеті. Жансызға жан бітіру — құдіреттің, жазушының ғана қолынан келеді.
Ол Әбілқайырды да, оның заманын да көрген жоқ. Тарихта Әбілқайыр туралы, оның дәуірі туралы сараң деректер ғана бар.
Бұл — руда. Жабайы темір. Сол жабайы рудадан таза болат, құрыш шығару үшін бірнеше зауыттары, мыңдаған жұмысшылары, инженерлері бар алып комбинат жұмыс істейді.
Ал тарихтың жалаң да саран деректерінен нағыз, шынайы көркем шығарма тудыру үшін бір-ақ жазушы тер төгеді. Ондай орасан істі Құдайдың оң көзі түскен, қаламын періштелер тербеткен, мыңнан, бәлкім, миллионнан біреу ғана атқара алады.
Әбішке тағдыр сондай мол үлес бұйыртқан.
Әбішке осындай мол дарын берген Құдірет оған бай мінез де берген. Кейбір қайраткерлер, оқымыстылар, жазушылар бар: рулық, тайпалық әдеттен шыға алмай тар шеңберде қалған. Олар жалпы ұлттық, мемлекеттік мүддеден гөрі, аталастың атының тілеуін тілейді. Одан ұлт ұтылатынын пайымдай бермейді. Бұл «қазақы» мінез жақында өткен сайлауда меңдеп кетті.
Ондай ауруға Әбіш шалдықпаған. Әсіресе мемлекет басында жүргендерге, әкімдерге Құдай осындай денсаулық берсе, Қазақстан, қазақтар Алланың мейірлі қазынасына қарқ болар еді.
Биылдың жүзінде Көкшетау жерінде шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтайға арналып, көрікті кесенелер соғылды. Екеуі де казак даласын жаудан қорғаған ерен ерлер. Сол кесенелердің ашылу салтанатында Әбіш Кекілбайұлы аса мағыналы, ұлағатты, дәнекерлі сөз сөйледі. Ұлтты ұйытатын, бауырластыратын тарихи-философиялық мәнде толғады. Табиғи шешендігінен танған жоқ. Бұл мемлекеттік ірі қайраткердің, отансүйер азаматтың ағынан жарылуы еді.
Ал енді кейбір өсекші газет сымақтар ошақ басындағы күндес қатындардың бажалаңына басты. Қарасай деген Көкшетауға келген емес, болған емес деп байбалам салды. Ал енді осындай аурушаң, дімкәс жандарды қазақтың досы, жанашыры деп қалай айта аласың. Сол Көкшетауда қазақтың әлгі бажылдақтары үн шығарған жоқ. Куйбышевке әулиедей табынғандар, өз Қарасайын, күллі қазақтың Қарасай батырын жатсынады. Егер осы Қарасайлар болмаса, сен Қазақстан деген елде қазақ болып туар ма едің? Әлде жаудан жаралар ма едің? Ұлы аруақты қорлаған, оны ғайбаттаған рушыл топастар ақыры өздері көр болар.
Рухы шарболаттай, азаматтығы асқақ Әбіш Кекілбайұлы осылай ойлайды. Осы ойын көкіректен шыққан сөзбен көмкергенде оның дауысы көкке жеткендей, көпшілік қауымды баурап алады.
Жасай бер, Азамат!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі