Өлең, жыр, ақындар

Рухани жаңғыру

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – жалпы ұлтқа бағыт алған бағдарлама екені анық. Алайда, осы бағдарламаның негізгі бағыты – жастар, рухани жаңғыру алдымен жастарға қажет деп ойлаймын. Бұл бағытта біз – оқытушылар, ұстаздар, аға буын өкілдері, әуелі рухани жаңғыртуды неден бастау керек, не нәрсеге қатты назар аудару керектігін ойластырғанымыз, айтқанымыз дұрыс. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасы мақаласының алатын орны ерекше. Мемлекет басшысы атап отырған идеялардың қай-қайсысының мәңгілік болуына ұйытқы болатын дүние – руханият пен мәдениет. Бұл жолда бәрімізді толғандырып жүрген мәселелер баршылық. Соның ішінде атап өткім келетіні – білім. Ұлттық жаңғырудың басты әлеуеті – білім. Қазақтың «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген дана сөзі халқымыздың о бастан білімді жоғары орынға қойғанын білдіреді. Қазіргі ғылым мен технология заманында қазақ ұлтының білімді болуы – оның табиғи міндеті. Ұлт көшбасшысының бастамасымен жасалған, жасалып жатқан әр түрлі бағдарламалар осы бағыттағы үлкен істердің көрінісі. Білімді болу деген – сананың ашықтығы деген сөз. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдегі жаңалықтарға ашық болуға, басқа елдердің озық тәжірибелерін игеріп, жаманынан жиренуге бұдан бұрын да назар аудартқан. Сондықтан да Қазақстанды әлем таниды және шетелдердің жақсы жетістіктерін меңгеруге ұмытылып келеді. Патриоттық тәрбие, білімге ұмтылысты арттыру, көпшіліктің ой-өрісін кеңейтуді көздеген бастама бағыттардың негізі жастарға арналады.

Демек, аталмыш мақаланың жастарға, студенттерге, жалпы өскелең ұрпаққа берері көп. Білім алып жатқан жастардың қандай мамандыққа болмасын жедел бейімделуіне, жан-жақты болуына, әсіресе, қазақстандық білім берудегі ерекшеліктер, инновациялар игі ықпал етеді. Сондай-ақ, екінші мәселе – қазақ тілі, жалпы тілдер тақырыбы. Өзінің руханиятын толықтайтын, ұлтына, еліне қызмет ететін нағыз отансүйгіш-патриот азаматтарды тәрбиелеу осы мәселелермен тығыз байланысты. Өз тілін, мемлекетінің тілін білмей өскен ұрпақтан қандай рухани жаңғыру күтуге болады... Ана тілінде түсіне алмайтын, сөйлей алмайтын адамның санасы, батыс, өзге жат елдерге еліктеумен кетіп, өз ұлтының мүддесін ескермеуі– құндылық ретінде өзгені тануға әкеліліп соғатыны белгілі.

Сонымен қатар, Елбасы шетел тілдерін жетік меңгергенде ғана, басқа дамыған елдермен терезеңді тең ұстай алатыныңды, халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алатыныңды баса айтып отыр. Осы айтылған мәселелер жастардың санасында бірінші кезекте қалыптасуы керек.

Президентіміз жастарға үлкен сенім, үлкен үміт артып отыр. Қазіргі заман қорқынышы болып, әлемге үрей орнатқан терроризм, экстремизмге қарсы күресуде де бұл мақаланың айтары мол. Себебі, теріс ағымдарға кетіп жатқандар – өзінің қазақи жеке дара қасиетін бағаламай, ұлтының бар рухани құндылығын бағаламай, оны өзгеден іздегендер. Өзіміздің өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды табу дегеніміз – ескіні аңсау емес, ескіні қайта бару емес. Бұл – санамызда ұлттық менталитетті қалыптастыру, төл тарихымызды жаңғырту, қыз-жігіттерді патриотизмге тәрбиелеу.

Даулетия Данияр Дауренұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер