Өлең, жыр, ақындар

Протестантизм философиясы

Реформация ( лат reformatio — қайта құру, түзету) — римдік католиктік шіркеудің монополиясында, христиан діни ілімін Папа билігі тұрғысынан түсіндіруге қарсы бағытталған Солтүстік және Орталық Еуропадағы 16 ғасырдағы діни - қоғамдық қозғалыс. Реформацияның көсемдері және негізін салушылар — М. Лютер мен Ж. Кальвин.

Еуропа елдерінің мәдени-тарихи дамуындағы басты кезең — Реформация дәуірі болып саналады. Реформация — XVI ғасырдың алғашқы ширегінде неміс елінің топырағында дүниеге келген діни-идеологиялық және әлеуметтік-саяси қозғалыс. Ол католиктік бағыт түрінде қалыптасқан христиан дінінің кейбір қағидаларын қайта қарап, жаңғыртуға бағытталған. Бұл қадам Римдік-католиктік шіркеудің шектен тыс шығушылығынан, оның қарама-қайшылықтарға толы идеологиясына көңілі толмаушылықтан туған еді. Өзінің мәні жағынан алып қарағанда, Реформация буржуазия табының ескі орта ғасырлық тәртіптеріне қарсы болатын. Христиан дінін қайта қарауды, адамның дүние-танымы мен сана-сезімін өзгертуді мақсат еткен бұл діни қозғалыс жаңа капиталистік қарым-қатынастарға жол ашып берді. Реформацияның ең басты мәселелерінің бірі — христиан дінінің жаңа үшінші бағыты — протестанизмнің католиктерден алшақтай бастауы. Сонымен қатар, папа бастаған Римдік католик шіркеуінің билігіне шек қойылды, одан қалды кез келген шіркеу билігі мен байлығына тосқауыл жасалды. Реформация қозғалысының мазмұны мен мәні — оның объективтік қорытындылары сияқты осы қозғалысқа қатысушылармен қатар, бұл қозғалысқа дем беруші — идеологтарға да түсініксіздеу болып қалған сияқты. Олай болса, мәдени-тарихи процесс үшін Реформацияның маңызын анықтау — бүгінгі таңдағы тарих және мәдениеттану ғылымдарының үлесіне тиер келелі мәселе болып қалары сөзсіз.

Реформацияның басталуы — «Қайта жаңғыру» мәдениетінің соңғы кезеңімен сәйкес келеді. Демек, бұл діни қозғалыс адамзат баласы басынан кешірген прогрессивтік төңкерістердің ішіндегі ең ұлы мәдени тәңкеріс — «Қайта жаңғыру» дәуірінің заңды жалғасы болып саналады. Ал осы екі мәдени-діни қозғалыстардың арасында заман ағымынан, рухани қажеттіліктен туған байланыс та, қарама-қайшылық та бар, өйткені Қайта жаңғыру дәуірінің тарихи маңызы — гуманизм идеологиясымен, гуманизм идеяларымен таразыланады. Шындығында да, гуманистер адамның ұлылығына, оның жан-дүниесінің сұлулығына, оның бойындағы ізгілік қасиеттерге табына отырып, адамның бостандық алуға, бақытты болуға еркі бар екендігін жариялады, адамдар арасындағы қарым-қатынастар әділдік, адамгершілік, теңдік жағдайында болу керек деп есептеді, адамның игілігі — әлеуметтік құрылыстың негізі болып саналатындығын мойындады, адамды дін бұғауынан босатуға күш салды. Олар адамның атағы мен шыққан тегіне қарамай тәуелсіз болуын қалады, оның жан-жақты жетілуін жақтады. Гуманистер адам — құдайдың ең жетілген, ең әсем, ең әдемі туындысы деп санады. Олар Библияның адам жөніндегі қағидаларын — оның жасампаздық, шығармашылық қызметтерімен байланыстыра қарастырып, дүниені танып-білу, оны өзгерту, дүниені еңбекпен жаңғырту, өнерді, ғылымды, қолөнерді өркендету — адамзат баласының қасиеті де, ардақты борышы деп түсінді. Ал осы бір адам ұлылығын, оның бойындағы адамгершілік қасиеттерді дәріптеушілікке Реформация — адамның құдай алдындағы дәрменсіздігі туралы идеяны қарама-қарсы қойды. Адамзаттың ақыл-ойы мен таным күшінің құдіреттілігін дәріптеу — протестанттық ағымның тосқауылына жолықты.

 «Бірінші буржуазиялық революция» деген атаққа ие болған бұл діни қозғалыстың дем берушісі — Витенберг университетінің профессоры, Августин шіркеуінің монахы Мартин Лютер. Дін саласындағы түбегейлі өзгерістер, яғни реформалар жолындағы бұл қозғалыс — католиктік шіркеуді қайта құруға, діни салт-жоралар үшін төленетін шамадан тыс мөлшердегі салықтарға тыйым салуға, христиан дінінің қарама-қайшылықтарға толы қағидаларын алып тастауға бағытталды. Демек, бұл қозғалыстың нәтижесінде жаңа шіркеу және жаңа діни қағидаларға негізделген христиан дінінің «протестанизм» деп аталатын мүлде жаңа бағыты қалыптасты.

Дін тарихында «протестанизм» деген атау 1529 жылы Шпейер рейхстагында алғаш рет қолданылды. Мұнда Лютердің жақтастары осы рейхстагтың 1526 жылғы «Дін тұту еркіндігі туралы» өз шешімдерін бұзу әрекетіне «қарсылық» білдірген болатын.

Лютердің жаңа бағытқа байланысты идеялары көпшілік тарапынан қызу қолдау тапты. Реформациялық қозғалыстың етек алуы, реформаторлардың батыл іс-әрекеттері және осы бір жеңістердің нәтижесінде Римнің ықпалынан Германия мен Швецияның көптеген жерлерінің шыға бастауы, одан қалды протестанизм идеяларының Францияға кеңінен тарап, ал Англияда өкімет тарапынан қолдау табуы — католик шіркеуін қатты мазасыздандырды. Ендігі жерде Рим өзінің шайқалған беделін нығайтып, католиктік шіркеуді қорғап қалуға жанталаса кірісті. Шиеленіскен осы бір жағдайда папа үкіметі реформаларды «Жоғарыдан» жасауға дайын тұрды.

Бұл реформалардың негізгі мақсаты — жаңа протестанттық шіркеуге кіріп, «адасқаңдардың» бәрін қайтарып алу болатын. Католиктік шіркеудің бұл саясаты протестанизммен ашықтан-ашық қақтығыстарға, діни соғыстарға әкеліп соқты.

Тридент соборының шешімдерімен және иезуит орденінің (Иисус қоғамы) жеңістерімен рухтанған бұл діни қарсылық «контрреволюция» деген атаққа ие болды. Собор шешімдерінде католиктік шіркеудің принциптері нығайтылып, протестанттармен қатар, гуманистер де қатал сынға алынып, оқуға тыйым салынған кітаптардың тізімін шығарып тұру туралы шешім қабылданды. 1564 жылы папа Пий IV-нің кезінде «Тыйым салынған кітаптардың индексі» толықтырылып қайта басылып шықты. Олардың ішінде Коперниктің атақты еңбектері, Дантенің «Құдіретті комедиясы», Боккаччоның «Декамероны» және т.б. гуманистердің құнды еңбектері болды.

Иезуит орденінің қызметін көзге елестету үшін тарихта белгілі «Варфоломей түнінің» уақиғаларын айтсақ та жеткілікті сияқты. Франциядағы протестанизмнің жеңістерінен қатты қауіптенген католиктік шіркеу протестанттар қозғалысын аяусыз басып-жаншуға иезуиттерді аттандырды. Айуандыққа толы бұл уақиғалардың нәтижесінде 1572 жылдың екінші тамызында бүкіл Франция елі қанға боялды; бірнеше сағаттың ішінде ғана Парижде екі мың адам, Лионда — 800, Орлеанда — 500 адам өлтірілді, ал осыдан кейінгі уақиғалар барысында небәрі екі аптаның ішінде 30 мың протестант қанға боялды. Рим бұл жеңісті папаның нұсқауымен тойға айналдырып, қанды қырғынға қатысқаңдарға медальдар тапсырды.

Осы бір жеңістердің нәтижесі болар, XVI ғасырдың аяғына қарай католиктік шіркеу өзін еркін сезіне бастады және өз ықпалын Италия, Франция, Германия сияқты Еуропа мемлекеттерінде күшейтуге барынша күш сала бастады. Еуропа мәдениетінің одан әрі қалыптасу процесіне христиан дінінің католиктер және протестанттар болып екіге бөлінуі өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Бір ескерте кететін жайт, осындай қанды уақиғалар кезінде гуманистер екі жаққа да қосылмай бейтарап қалды. Бірақ гуманистер мен протестанттар арасындағы пікір таластары бір сәтке де толастамады. Оған гуманист Эразм Роттердамский мен Мартин Лютердің «Адам еркінің бостандығы» төңірегіндегі таластары дәлел бола алады. Бұл талас барысында Лютер Эразмды папаның саясатын қолдады деп айыптаса, Эразм өзара талқыға түскен мәселенің мүлде басқаша екендігін дәлел-деуге тырысты.

Бірақ орын алған қарама-қайшылықтарға қара- мастан гуманистер де, протестанттар да өздерінің іс-әрекеттері арқылы, идеялық бағыттары арқылы менталитеттің жаңа түрінің қалыптасу процесін жылдамдата түсті, соның нәтижесінде болашақ XVII ғасырдағы мәдениетінің жаңа үлгісінің қалыптасуына жол ашып берді. Ол адамның ақыл-ойының жемісі, оның шығармашылығының ерекше саласы — ғылым мен өзінің кәсіби қызметінде шіркеу ықпалынан тәуелсіз, өзін еркін сезінетін ғалымдардың жаңа типі болатын. Мұндай ойшыл-ғалымдардың қатарына ғасырлар бойы білім дариясынан сусындаған гуманистерді жатқызамыз.

Протестанттардың ілімі бойынша, өмір мен сенімнің ережелері мынандай: шіркеуге де, схоластарға да, көне заманның даналарына да сенбе, тек өз басыңның сенімімен айқындалған ақыл- ойыңа сен, бірақ оның барлығы Библияның қағидаларына сәйкес келуі қажет, өйткені Библия — ақиқаттың айнасы, олай болса оны танып-білу процесі шексіз болып келеді. Мұнда реформаторлар беделінің Библия беделінен әр уақытта төмен болу керек екендігін естен шығармау баса айтылады. Демек, протестанттық ілімінің бұл принциптерінен жаңа заманның ғалымдары мен философтары үлгі тұтарлықтай біршама қағидалар мен ғылым жолына бағыт берер ережелерді аңғарьш-байқауға болатын сияқты.

Шынында да, Лютер іліміне сүйенсек, адамның құдаймен тілдесуі — адамның жеке басының сенімі негізінде ғана жүзеге асырылады, ал сенім мәселелерінде адаспас үшін, оның акиқаттығына көз жеткізу үшін, әрдайым Библияға жүгіну қажет. Лютердің жолына түскен әрбір адамның сенім және адамгершілік мәселелерінде тәуелсіз болуын жақтай отырып, ар-ұждан болатындығын алға тартты. Лютер Библияны неміс тіліне аударып, оны неміс халқының игілігіне айналдырды.

Реформацияны одан әрі түбегейлі жалғастыруға бағыт алғандардың бірі — Ж. Кальвин (1509—1562 жылдары) протестанизмнің беделді ағымының негізін қалады. Жаңадан қалыптасқан «кальвинизм» ағымы христиан дініне табыну мен шоқыну рәсімдерін одан әрі жеңілдетті, шіркеуді жеке саяси күшке айналдыру мақсатында оны мемлекеттен бөлді және шіркеуге республикалық сипат (шіркеу басшыларының сайланып тағайындалуы) берді.

Ол «Адам тағдырының жазмышқа тәуелділігі жөніндегі» ілімді одан әрі тереңдетіп, оны абсолюттік фатализм дәрежесіне жеткізді. Әрбір адамның тағдыры, оның өмірге келуі, азабы мен қуанышы және т.б. алдын-ала белгіленген, оны ешкім де өзгерте алмайды, өйткені бәрі де бір құдайдың қолында. Кальвинизм адамның өмірлік қажеттіліктерін шектеуді уағыздады, өмірдің рахатынан бас тартуды талап етті, табанды еңбек етуге, азаматтарды өзінің кәсіби шеберлігін ұдайы арттырып отыруға және Библияны оқып-білуге шақырды. Осы игілікті істердің толық жүзеге асырылуы — адамның құдай алдындағы мерейін көтерсе, ал жалқаулық, қызық- құмарлық, өмір рахатына тоймаушылық сияқты қасиеттер адамды күнәға батырып, кедейлікке апарар жол деп саналып, ал ақшаны ысырапсыз шашу, той-думанмен уақытты босқа өткізу, дүниені бостан-босқа талан-таражға салу күнә болып есептелінді. Кальвинизмнің байлық пен думаншылдықты сынауы мәдениет пен өнердің әр саласына өз әсерін тигізбей қойған жоқ, сондықтан да болар, той-думандарға тыйым салынып, дін жолындағы адамдардың сүреңсіз, қызықсыз өмірі басталды, ал оған қарсы шыққандар қатаң жазаланды.Буржуазиялық өмір салтына сай келетін «кальвинизм» негізінде түрлі ағымдар мен протестанттық секталар пайда болды. 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Лемэтр Н. Католики и протестанты: религиозный раскол XVI века в новом освещении.

2. Белов А.В. Секты. сектантство. Сектанты. М.,1978 

3. Вебер М. Протестантские секты и дух капитализма М., 1990.

4. Гараджа В.И. Протестантизм. М.,1971.

5. Граждан В.Д. Вероучение и мораль пятидесятников. М.,1989.

Нурбеков Мухтархан «Дінтану» мамандығының 4 курс студенті Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекші: Мұқан Н. PhD доктор, аға оқытушы Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер