Өлең, жыр, ақындар

Ататүрік. Ұлттық рух

Мәрмәр теңізінде туған ойлар

Түріктер өз меймандарын Босфор бұғазы арқылы Мәрмәр теңізіне алып шықты. Мінгеніміз — шағын ақ кеме. Меймандар — түрікше айтқанда «мүсәпірлер» — он сегіз елден келген жазушылар, журналистер.

Бұл жиынды біреулер Жазушылар мен журналистердің конгресі деді, біреулер Жазушылар съезі деді. Не десе о десін, «әйтеуір Азия мен Еуропа елдерінің көп өкілдері қатысқан үлкен жиын.

Ұйымдастырған Түркі әлемі жазушылары мен журналистерінің қоры (фонд). Тақырыбы: Баспасөз, Ақпарат құралдарының бостандығы, тәуелсіздігі.

Шығып сөйлеген шешендердің айтуына қарағанда, барлық елдерде дерлік цензура деген бәле жоқ екен. Яғни, демократия.

Олай болса, не мәселе? Жер түбінен, тіпті сонау Моңғолиядан жетіп, жиналыс өткізу не қажет?

Мәселе — көп нәрсе сөзде бар, істе жоқ. Қанша жерден бостандық деп айқайласаң да, бәрінін қожайыны — ақша.

Мемлекет ақша төлесе — өкіметтің сөзін сөйлейсің.

Партия ақша төлесе — партияның сөзін сөйлейсің. Жеке байлар қаржыландырса — соның сойылын соғасың. Ал өз алдына күн көріп, қара қылды қақ жарып отырғандар некен-саяқ.

Шыншыл, адал журналистер, жазушылар бар. Ондайлар көбінесе оққа ұшады. Атып кетеді.

Ал ақшаға сатылған арамзалары да бар. Әлдекімдердің жалдауымен қалам сиясынан жалақорлықтың, бәлеқорлықтың улы зәрі тамшылап тұрады.

Әлем қалай ала-құла болса, баспасөз де, журналистер де сондай.

Сонда әділет қалай салтанат құрады? Шындық қайтсе жеңеді?

Осының төңірегінде талай-талай марқасқалар тілдерін безеп-ақ бақты.

Кәдімгі Құдай берген қызыл тілден, сөзден құдіретті ешнәрсе жоқ. Бірақ сол сөз, сол сөзді ақ қағазға түсіретін қалам кімнің қолында? Періштенің қолында ма, Әзәзілдің қолында ма? Міне, мәселенің ең шоңы.

Әзірбайжан жазушысы Анардың айтуынша, Армения мен Әзірбайжан арасындағы қанды қырқыс бір ауыз сөзден басталды. Алдымен оқ атылған жоқ, зеңбірек зіркілдеген жоқ, бомба жарылған жоқ. Сөз жазылды.

Онысы рас. Менің әлі есімде, КСРО Жазушылар одағының соңғы съездерінің бірінде Әзірбайжанның карт жазушысы Мырза Ибрагимов мінбеде қолы-басы дірілдеп, қалтылдап тұрып: «Әдебиет газетінде армян журналисі Қарабақ туралы бәлелі сөз айтты. Осының соңы сойқанға айналып кетпесе екен», — деп қатты қауіптенді.

Ақыры, көп ұзамай соғыс басталды да кетті. Мыңдаған адам құрбан болды. Мыңдаған адам азап шекті.

Қазір мына Анар соны айтып тұр.

Демек қолына қалам ұстағанның қаламына, радиодан, теледидардан сөйлегеннің аузына адам емес, цензура емес, ар-ұят, ұлы парасат қарауыл болсын. Қазақ айтады: «Бір елі аузыңа екі елі қақпақ қой» дейді. Көпшілікке айтылатын сөзді ақыл-ойдың, ар-ожданның елегінен өткізіп, жүрегіңнің адал сүзгісінен өткізіп барып айтпасаң, дүние, аз ба, көп пе, әйтеуір аласапыранға айналады.

Толық үш күнге созылған толып жатқан топан сөздің тобықтай түйіні:

Қазіргі заманда, технология өркендеп тұрған кезде, журналистика пәрменді күшке айналды.

Дүние жүзінде хабар-ошар қажеттігі арта түсті.

Осыған байланысты журналистің жауапкершілігі өте-мөте артып тұр.

— Журналистің адалдығы зәру. Журналистің этикасы туралы Кодекс керек. Жазықсызға жала жабу, біреудің ар-ожданын қорлау, жалған ақпар, хабар тарату журналистке жат, имансыз қылық.

— Демократияны, адам құқығын қорғау — журналистің басты міндеті.

— Баспасөз туралы мемлекеттер Заңы әділ болсын. Және мүлтіксіз, қитұрқысыз орындалар болсын...

Бәрі де алтындай жалтыраған жақсы сөз. Жақсы сөз жарым ырыс. Бірақ орындалуын айт.

Көркем әдебиет туралы да біршама әңгіме қозғалды. Қарап тұрсаң: бәрінде де бір қайғы. Украинада кезінде атағы біршама шыққан Михайло Стельмах деген жазушы бар еді. Оның «Адам қаны су емес» деген романы қазақша да басылып шықты. Соның баласы Слава Стельмах та жазушы, драматург болыпты. Стамбулдың мінбесінде тұрып алып, қазіргі Украина әдебиетінің мүшкіл халін айтқанда көзінің жасы қол болғандай.

Ал бізде, Қазақстанда қандай дегенде, Қазақстан Жазушылар одағының торағасы Нұрлан Оразалиннің айтуынша, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбай мырза жазушыларды, жалпы мәдениет саласын жарылқайтын көрінеді. Бұл мақсатта Қор құрылыпты. Сол ортақ қазанға жазушы да, журналист те, киношы да, суретші де, әртістер де, композиторлар да өз қасықтарын батыратын көрінеді. Ол қасыққа не ілінеді — болашақ көрсетеді.

Мұны есіткен басқа елдердің жазушылары елеңдесіп:

«О! О!» — десті. Енді бұл хабар жер-жерге жететіні ақиқат. Кейін олар: «Қалай болып жатыр?» — деп сұрағанда, желкемізді қасып, күмілжімей, қасқайып тұрсақ кәнеки!

Ақ кеме Босфор бұғазымен жүзіп келеді. Азия мен Еуропаның шекарасы.

Екі құрлықты жалғастырып тұрған биік көпірдің астынан өтіп барамыз.

Стамбулдың өзі де екіге бөлініп жатыр. Бір жағы Азияда, бір жағы Еуропада. Мұнда Азиядан Еуропаға, Еуропадан Азияға күнде қатынап, жұмыс істейтіндер көп.

Босфор — Туркияның алтын қақпасы. Алтын болатын себебі: осы бұғаз арқылы Түркияның қазына қазанына алтын тамшылап турады. Өйткені Қаратеңіз бен Мәрмәр, Әгей, одан ары Ақ теңізді (Жерорта) жалғайтын жалғыз жол осы Босфор. Ал күн сайын, түн сайын бұл жолмен ондаған шетел кемелері өтеді. Өткені үшін ақы төлейді. Аз табыс емес.

Түркия — туризм елі. Орта есеппен жылына жеті миллион турист келеді. Одан түсетін табыс жылына екі миллиард долларды құрайды. Ал Түркияда қызыға көретін жәдігерлер аз емес. Тек Стамбулдағы Ай-София, Султан Ахмет жәмилерін, султандар мұражайын — Топ-қапыны көргісі келетін жолаушылар, туристер легі бір толастамайды. Бұл мұражайда әлемді дірілдетіп, дүрілдеткен сұлтандардың бұйымдары ғана емес, Мұхаммед пайғамбарымыздың қылышы, табанының ізі, сақалы сақталған.

Пайғамбардың ең жақын серіктері Әбубәкірдің, Оспанның, Омардың, Әзірет Әлінің заттары тур.

Стамбулға барып тұрып, мұның бәрін көрмей кету — біртүрлі күнә сияқты.

Ақ кеме жүзіп келеді.

Қасымда Енес Жансевер (Жансүйер) бар. Бұл түрік жігіті. Жеті жылдан бері Алматыда тұрады. «Zaman — Қазақстан» газетінде істейді. Осы уақыт ішінде қазақшаны судай меңгерді. Ақ көңіл, аңқылдақ, мейлінше бауырмал, әзілқой, қалжың құмар азамат. Түріктің қалжың әңгімелерін жол бойы айтып келеді. Түркияда лаз дейтін тайпа бар.

— Бір лаз, — дейді Енес, — сигарет шегіп тұрып, тұқылын шалшық суға тастай салып, артынша суды кешіп барып, тұқылды туфлиінің табанымен таптап жатқаны...

Мәз болып күлеміз. Тұтанулы тұқыл суға түскеннен кейін онсыз да өшіп қалмай ма... Мүмкін лаздың әнтек көрінетін әрекетінде басқа мағына бар шығар. Құдай сақтансаң сақтаймын деген.

Мынау Мәрмәр теңізі, — дейді Енес бей, — енді осылай жүре берсек, Эгей теңізіне өтеміз. Арғы беті Грекия. Жүздеген ірілі-уақты аралдар бар. Соның бірі — Салоникте Ататүрік туған.

Ататүрік алақандай аралда туған. Сірә, аралда туғандар осал болмас, — деймін ішімнен, — Наполеон да аралда туған. Корсика аралында. Осылай тоқтамай Жерорта теңізіне шықсаң, Корсикамы да көруге болады.

Ататүрік аралда туған.

Түркияның өзі де аралда тұрғандай. Бір жағы — Қара теңіз. Ар жағы — Мәрмәр, Эгей теңіздері. Оңтүстік-шығыс жағы — Ақ теңіз. Біз оны Жерорта теңізі деп жүрміз.

Күн, сірә, желтең болар, теңіз бетінде толқынды толқын қуалап, қатпар-қатпар сансыз белдер пайда болды.

Дәуірлер сияқты. Дәуір соңынан дәуір келеді. Ұрпақ соңынан ұрпақ келеді. Түркиядағы түріктердің дәуірі Ер-Тұғырылдан басталады. Қазіргі түріктер өздері: біздің бабаларымыз оныншы — он бірінші ғасырларда Казак даласынан келген дейді. Кейбірі: Орталық Азиядан келгенбіз дейді. Үшіншілері: біздің Ата жұртымыз Түркістан дейді.

Қай жағынан қарасаң да туыс. Туысқанды түріктер «қардаш» дейді. Қарындас, құрсақтас дегені ғой. Ер-Тұғырылдан — Осман. Империя сол Османнан басталады. Келесі ұрпақтар тарихында да Осман империясы аталып қала береді.

Осман империясын дәуірлеткен сұлтандардың тізімі едәуір. Мехмет сұлтан, Сәлім сұлтан, Сүлеймен сұлтан, Мұрат сұлтан...

Маған бәрінен де аяныштысы Баязит сұлтан. Оны алғырлығы, батырлығы, жеңімпаздығына лайықтап Найзағай Баязит деп атаған. Неге аянышты? Тағдыры қайғылы. Өзі жаулап жатқан еуропалықтардың қолынан өлсе бір сәрі. Құдай қырсық қылғанда, өз қандасына тұтқын қылған тағдырды айтсаңшы. Баязиттің түбіне өзіміздің Ақсақ Темір жетті. Екеуі де сайыпқыран қолбасшы. Екеуі де дәуірлеп тұр. Бірін-бірі шауып не жетпеді екен? Бірі Еуропаны түгел алмақшы еді. Бірі бүкіл Шығысты еңсеріп қалып еді. Қайта күш біріктірсе қайтеді? Әлде бақталастық... Қанша ұлы десе де пенде ғой. Темір Баязитті пілдің күшімен жеңді. Түркия жері ол кезде қалың орман көрінеді. Сол орманға Ақсақ Темір Үндістаннан алып келген пілдерді жасырып қойып, тұтқиылдан шабуылдап, құбыжық көрінген алып андардың күшімен түріктерді таптап кеткен ғой.

Ақсақ онымен коймай, Ресейді тежеп, ауыздықтап тұрған Тоқтамысты күйретті.. Алтын Орданы құлатты...

Ақ кемемен Мәрмәр теңізін кешіп келе жатып, осындай-осындай ойлар кешесің. Ақсақ Темір, Баязит, Тоқтамыстардың бас біріктіре алмаған қатесін түркілер тарихы кейін де талай қайталады.

Бабалар қатесін қайталамайық, бір болайық деп жиырмасыншы ғасырдың бас шамасында бір топ қайраткерлер бас көтерді. Солардың арасында тірі қалған Ахмет-Зәки Валиди Түркияны паналап, Түркиядағы ұлы істердің куәсі болды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс салдары Түрік әлемінің сахнасына Мұстафа Кемал Ататүрікті шығарды.

Ол кездегі Осман империясы тісі түгел түсіп, әбден қалжырап қартайған дәрменсіз арыстан сияқты еді. Осман империясынан кезінде көресіні көрген Еуропа сол алты жүз жылға созылған бодандықтың карымын қайтарғысы келді ме, кім білсін, Осман империясын, яғни казіргі Түркияны ту талақай талап, бөліп-бөліп алмақшы болды. Ағылшындар, француздар қолдаған гректер, тағы басқалар өздерін Антанта деп атап, жан-жақтан жабылып кеп берді.

Міне, осы кезде Ата түрік еңсесі түсіп езілген елді тура келген ажалдан алып қалды. Шашылғанды жинады. Ұлтты ұйымдастырып, бір уыста ұстап, ер түріктің ұрпақтары екенін естеріне салып, сан жағынан да, қару-жарақ жағынан да әлденеше артық жауды жарға жығып, теңізге батырды.

Мына Мәрмәр теңізі сонда төгілген қаннан көпке дейін қызыл кебік құсып жатқан болар-ау.

Дәл осы тұста Бакуде Шығыс халықтарының бірінші съезі ашылды. Сол съезде Тұрар Рысқұлов Мұстафа Кемал Ататүрікті мейлінше қолдау керек деп көпшілікке үндеу тастады. Ленин Ататүрікке астыртын қару-жарақ берді.

Мен кеше Ісмет Бозтағ есімді карт ғалым кісімен таныстым. Бозтағ дегені Көктау дегені ғой. Түріктер көкті боз дейді екен. Мысалы, Көк Бөрі — Бозқұрт. Құрт — бөрі. Қобыланды батырдың құртқасы — Ана бөрі (волчица).

Ісмет Бозтағ Ататүрік өмірі мен қайраткерлігін көп зерттеп, көп еңбек жазған кісі. Мен одан:

Мұстафа Кемал Ататүрік неге Түркия астанасын Стамбулдин Анкараға көшірді? — деп сұрадым.

Карт оқымысты маған күлімсіреп қарап отырды да, қарсы сұрақ қойды:

— Нұрсұлтан Назарбай Қазақстан бас қаласын неге Алматыдан Астанаға кешірді?

Мен өйтіп-бүйтіп түсіндіріп бақтым.

— Қазақстанның Солтүстігінде ызғар бар. Әрине, ауа райының салқындығы ғана емес...

— Ә, — деді Ісмет бей саусағын шошайтып, — дәл сондай қауіп бізде де болған. Қара теңіздің арғы бетінде жатқан Қырым жер жаннаты. Бірақ сол Қырым жақтан бізге де ылғи ызғар соғып тұратын, Қырымнан Стамбулға әп-сәтте жетіп келу тук емес. Оның үстіне Стамбул сұлтандардың астанасы. Әсіресе соңғы сұлтандар ұсақтады. Бақа-шаян, құрт-құмырсқа сияқты майдаланды. Баяғы арыстан сұлтандардың соны іріп-шіріді. Сол қапырық қапастан да құтылу керек болды.

Ататүрік бас қаланы мемлекеттің орта тұсына жақындатты. Ал бірақ Стамбулды жүдеткен жоқ. Қанша уақыт өтті, бірақ дүние жүзі әлі Түркия десе ен алдымен Стамбулды ауызға алады. Стамбул — түрік символы сияқты. Он екі жарым миллион халық мекендеген бұл шаһар әлемдегі ен ірі қалалардың бірі.

Жазушы Явыз Булентпен әнгімелестім.

— Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында да, соғыстан кейінгі жылдардада Түркия халқы қатты ашаршылыққа ұшырады, — деді Булент. — Сіздерде қазір қиыншылық бар дейді, бірақ сонау жылдардағы Түркияның көргенінің қасында ол бұйым емес. Аш түріктер астындағы атын сойып, соның қарнындағы арпаны алып жеген.

— Қарнындағы арпаны жегенше, сол аттың етін неге жемейді?

— Е, бұл енді тыйым мәселесі. Түріктердің күллі өмірі ат үстінде, соғыс майданында өткен десе де болады. Кезінде сұлтандар жылқы баласы құрып кетпеу үшін жылқы етін жеуге тыйым салған. Дін оны «харам» деген. Яғни, рұқсат жоқ! Сол наным мұсылман түрік жүрегіне, миына қанжармен қашалып жазылған сияқты.

Булент мырза Қазақстан туралы кітап жазып жүрсе де, қазақтың аштық «эпопеясын» білмейтін болғаны ма... Осы ғасырдың өзінде ғана Ұлы Жылан ашаршылығын, Голощекин Жылан ашаршылығын, 1941-1945 ж.ж. ұлы соғыс ашаршылығын естімеген-ау, сірә.

— Әне, сол сансыраған түрік милләтін Ататүрік ысырат көпірінен алып шықты. Қазіргі түрік иншалла, аттың қарнын жарып, арпасын жемейді.

Сонда қалай алып шықты? Тозған елді қалай топтандырды? Аш-жалаңаш тобырды қалай біріктірді? Қалайша аламан күшке айналдырды? Не сиқыры бар Ататүріктің? Тіпті діндар түріктер Ататүрікті Мәди деп атады. Мәди (Мағди) мұсылман ұғымында христиандардың Иисус Христосы сияқты. Күллі христиан әлемі осы уақытқа дейін: «Иса пайғамбар аспаннан түсіп, Жер бетінде Ұлы сот жүргізіп, азып-тозған адамзатты жөнге салады», — деп үміттеніп келеді.

Мұсылман әлемі де Мәдиді зарыға күтулі. Ол жерден шығатын көрінеді. Ал түріктер болса Ататүрікті сол Мәдиге балады.

Ататүрік Мәди болып, күллі әлемді құлдықтан құтқармағанымен, Түркияны құтқарды.

Өзін «түрікпін» деп атауға қорланып жүрген баласына Ататүрік:

«Түрік ұланы!

Түріктің ұлттық мінезі асқақ. Түрік халқы еңбекқор, Түрік халқы — зерек халық... «Мен түрікпін!» деген қандай бақытты. Түрік болып туғаныңа мақтан!» — деп ұран тастады.

Бұл үндеу жүні жығылып, жігері жасыған түрік адамын дүр сілкіндірді.

Рух тірілді. Рух құлшынды. Рух алаулады. Сөйтіп, аш-жалаңаш, жөнді қару-жарағы да жоқ түрік баласы мұздай құрсанған, жағалаған жауды жайратып жіберді.

Сонда Ататүрік жамағатқа тағы жар салды:

«Түрік ұланы!

Әлем бізді құрметтесін десек өз ұлтымызды, өз ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сөзімізбен, ақыл-ойымызбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын ұмытпаңыздар!»

Шовинистік пиғылы басымдар Ататүріктің бұл үндеуін «ұлтшылдық» деп байбалам да салды.

Сонда қалай? Өзге күштілердің, өзімшіл озбырлардың езгісінен ұлттық намысы, ұлттық рухы сөніп бара жатқан халықты тірілтуге болады? Ата түріктің бұл әрекетін басқалардан, артықтау өз ұлтын басқалардан артық санап, асқақтау емес,өз халқын өзгелермен теңестіру әрекеті деп түсіну керек қой.

Ал байыбына барсақ, Ататүрік өз халқын рухтандырып, әлденіп алғаннан кейін асау мінез көрсеткен жоқ. Біреудің елін жаулап, жерін тартып алайын деген жоқ. Бар мақсаты, бар арманы: өз жерін өзгелерге жем қылмай, өзге елдер қатарлы бейбіт өмір сүру еді. Ол мүддеге жетті.

Астананы Анкараға аударып, Ататүрік бұрынғыдай султанат емес, Түрік Республикасын жариялады. Сондағы айтқаны:

«Түрік ұланы

Бірінші міндетің: түрік тәуелсіздігін, Түрік Республикасын мәңгі сақтау және қорғау болып табылады!»

Дәл қазіргі Қазақстан алдында да дәл осындай міндет тұрған жоқ па?!

Дәл қазіргі қазақ ұланы өз міндетін дәл Ататүрік айтқандай түсініп жүр ме? Атқа мінгендердің көбі қазір Республиканы, Тәуелсіздікті сақтау мүддесінен гөрі, халық қазынасына шеңгелді қалай молырақ салып, қалай молырақ алып қалсам екен деп өзеуреген жоқ па?!

Осы айтқанымыз жала болса, Президент жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлықпен күрес жөнінде Жарлық шығаруға неге мәжбүр болды?

О, Жемқорлық! Парақорлық! Ұрлық-қарлық! Бай Қазақстанның қалтасын қағып, қазынасын тақырлаған осы азғындар емес пе? Мұны біз әу баста-ақ айқайлап айтпап па едік?! «Егемен Қазақстан» газеті сол айқайды айдындай етіп жарияламап па еді?

Ештен кеш жақсы. Кеш те болса, Жарлық. шықты. Заң шықты. Күрес басталған сыңайлы. Әзірше акулалар ұстатпай жүр. Кейбір шортандар, шабақ сымақтар ғана бірен-саран түсіп тұр торға.

Жемқор, парақор, ұрылардың кешегі және бүгінгі сұғанақтығы апатқа ұшыраған үйлерді тонайтын тонаушылардың, қорқаулардың тойымсыз қараулығына ұқсайды. Олар бәрібір арам жолмен тапқан малдан опа таппайды. Көк Тәңірі бәрін көріп тұр. Жазаланады.

Республика жарияланысымен елдің жағдайын біраз жеукемдеумен қатар, Ататүрік рухани салаға зор салмақ салды. Сонда ол ен алдымен былай деді:

«Түрік ұланы!

Түркия Республикасын құрған — түрік халқы. Түрік ұлты. Түрік ұлты деген сөз — Түрік тілі деген сөз. Түрік тілі — түрік ұлтының қасиетті қазынасы. Өйткені түрік ұлты өткендегі шексіз бақытсыздықтардың ішінде өзінің адамгершілігінің, дәстүрінің, естеліктерінің, мудделерінің, қысқасы бүгін әзін ұлт ретінде қалыптастырған барлық қасиетті Тілінің арқасында сақталғанын көріп отыр. Түрік тілі — түрік халқының жүрегі, ақыл-ойы».

Бұдан артық қалай айтуға болады.

Сол заманда Кеңестік Коммунистік империя қазақ, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт сияқты ұлттардың ежелден келе жатқан араб әрпін латынға көшіруге әмір етті. Бұл жөнінде ел аузында жүрген мынандай бір әңгіме бар. Әлгі латыншаға көшірерде Сталин кейбір ұлт өкілдерін «кеңеске» шақырса керек. Сонда Тұрар Рысқұлов: «Арабшадан латыншаға, одан кириллицаға көшіп әуре-сарсаң болғанша неге бірден грузиншеге кеше салмаймыз?!» — депті дейді. Рас па, жоқ па, бірақ осында халықтың зығырданы жатыр.

Бұл дегеніңіз — замандар бойына арабшамен жазылған тарихтан, әдебиеттен, санадан айыру, туысқан халықтардың бір-бірінен алыстауы деген сөз еді. Соны сезген Ататүрік Ата-жұрттағы түркі тілдес туыстардан мүлдем оқшау қалмас үшін Түркиядағы түрік тілін де латын жазуына көшірді. Мұнысы көрегендік еді.

Бірақ Сталин зымияндығына сырыққа құрық жалғаса да бойлаған емес, он жылға жетер-жетпес, әлгі ұлттар алфавитін енді латыншадан кириллицаға, яғни орысшаға көшірді де жіберді.

Тарихты, мәдениетті, әдебиетті, рухты ұмыттырып, халықтарды мәңгүрттендіріп жіберіп, байтақ империяны бір кнопкамен басқарып, жат десе жатқызып, тур десе тұрғызып отырдың ұтымды тәсілдерінің бір парасы осындай.

Тіл туралы айтыс көкпары Қазақстанда әлі толастамай тур. Әуелі баста Мемлекеттік тіл — қос тіл болсын! — деген уран тасталды. Мұндай сөз кейбір орыс өкілдерін былай қойғанда, өз қазақтарымыздан шықты. Өмір бойы қазақ тілі ғылымының арқасында нан жеп, академик атанған кейбір ағаларымыз да: «қазақ және орыс тілі!» — деп қасарысты. Қос тіл — мемлекеттік болғанда, қазақ тілі өмір бойы еңсесін көтере алмайтыны бесенеден белгілі. Қазақ тілі — түкке алғысыз, мардымсыз тіл деп масановтар шықты. Олар әлі де көп. Іс басында көп отыр. Тіл туралы Заңға тырмыса тұсау салып отырғандар да солар.

Кезінде осындай кер тартпаларға Ататүрік: «Түрік тілі — бай да ауқымды тіл, әр ауқымды беруге қабілеті бар. Тек оның бар игіліктерін іздестіру, табу, жинастыру, олармен жұмыс істеу керек. Түрік және түрік тілін өркениет тарихынан және мәдениетінен тыс деп қараудың қандай жаман қате екенін бүкіл әлемге көрсетеміз!» — деді. Біз неге осылай деп пәрменді үн қата алмаймыз? Тіл туралы Заңдар неге іштен өлі туады? Заң шығарушылар, басқарушылар неге өзі тудырған перзентті мәпелемей, тастанды қылады? Заң шығарушылар осы Заңды қабылдай отырып, неге басқа тілде сайрайды? Үлгі қайда?

Қазақ тілінде Президент, Парламент, Үкімет таза сөйлемейінше, Ана тілінің алға баспағаны баспаған. Министрлер, әкімдер, бүкіл қауым солардың аузына қарайды. Солар не көрсетсе, соны істейді.

Президент кешегі Үндеуінде: «Қазақстанда ұлттық экстремизмге орын болмайды», — деді. Өте дұрыс. Ал кейбір бейбақтар біздің осы айтып отырғанымыздан «ұлттық экстремизм» іздейді. Анамызды, қасиетті Ана тілімізді өлтіріп алмайық десең де экстремизм бе?! Тіл — Ататүрік айтқандай, халықтың жүрегі, ақыл-ойы. Бұл да экстремизм бе? Тағы да Ататүрік айтты:

« Ұлттық мәдениеттің барлық, бағытқа жол аша отырып биіктеуін Түрік Республикасының негізгі тілегі етеміз... Ұлттық мәдениетімізді заманауи өркениеттің асқарына шығарамыз, өнері мен өнер қайраткерлері жоқ ұлт толыққанды өмірге ие бола алмайды. Мұндай ұлт бір аяғы ақсақ, бір қолы шолақ мүгедек және ауру адам сияқты». Ал, бұған қандай дау айтасыз.

Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбай мырза таяуда ғана халыққа Үндеу тастады. Елді демократияландыруға байланысты, экономикаға байланысты; жалақы, зейнетақыға; әлеуметтік мәселелерге байланысты; ұлттық мерез — жемқорлыққа, парақорлыққа, ұрлыққа байланысты айтқандары жанға жағымды, жүрекке жылы тиеді. Тек осы сөздердің пәрменділігін, орындалуын тілеңіз.

Ал «әттегенайын» айтуға бола ма? Неге болмайды. Демократия канат жайсын деп Президент өзі айтып отыр ғой.

Елді елең еткізіп, үміт отын үрлеген осы иманды Үндеуде не жоқ? Тағы да Мәдениет, Әдебиет, өнер жоқ. Бұл егей міскіндер «2030» бағдарламасында да жоқ болатын. Осындай тағдыр шеш мәселелерде Президент және оның ақылмандары Ататүріктің жоғарыдағы сөздерін еске алып қойса артық болмайды.

Тағы да Ататүрік айтты: «Менің күшім және қуатым халықтың маған көрсеткен сенімімен құралады».

Халық сеніміне ие болған Өкімет пен Үкімет қана ешқандай бәле-жаладан да, дау-дамайдан да, сайлаудан да қорықпайды.

Жаратқан Құдіреттен сол сенімді тілеңіз, әрі әрекет етіңіз.

***

Қазір зор ақылар интервенциясы бар ма?

Бар.

Бар болса, қандай құралы бар?

Құралы: атом бомбасы емес, автомат та емес. Баспасөз. Радио. Теледидар. Интернет.

Осы індет арқылы әлемді, әлемдегі адамдардың ақыл-ой, санасын бір оқ шығармай жаулап алады.

Стамбулда өткен жиында осы жағдай баса айтылды. Адам баласын имансыздандырып, қатыгездендіріп, қаныпезер қан төккіш етіп, айуандандырып жіберетін дулей күш осы ақпарат құралдарында.

Ақпарат құралдары кімнің қолында? Адалдардың қолында болса — ізгілік. Арамдардың қолында болса — зұлымдық. Бұл құралды көбінесе ақша билеп тұр. Ақылды көбінесе ақша жеңіп тұр.

Шетел кинолары, теледидары наша қорлықпен күрескен болып, сол нашаны, апиынды қалай таратудың әрқилы айла-тәсілін үйретіп жатыр.

Апиын — ақша. Арақ — ақша.

Бізде, Қазақстанда апиынмен күрес барсымақ. Ал араққа — азаттық!

Арақ тұқымынды тұздай қылатынымен ешкімнің ісі жоқ.

Ақылды дихан егінге қаптаған арамшөпті ғана құртып қоймайды. К,ара шегірткені де қырады. Ал бізде арамшөппен алысып жатқансымақ. Қара шегіртке андыздап тұр. Сонда егін қалай аман қалмақ?!

Ай, Мәрмәр теңіз, Мәрмәр теңіз! Сенің майда бұйра толқындарыңа сұқтана қарап отыра берсең қиялдар қайда і егелемейді. Ойыңа нелер келіп, нелер кетпейді.

Көк Тәңірі сенің дидарыңды тағы да көруге жазсын.

Алматы — Стамбул — Алматы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар