— Жұрттың сендей баласы әуедегіні арбап, жердегіні жалмап жұлынып тұрады. Мынаның жатысын қара, ей! Манаптың баласы ма едің, ей, түске дейін ұйқысын аша алмай манаурайтын?
Айша әлгінде-ақ, сиыр сауарға шыққанда-ақ:
— Тұр, киін, базаршылар кетіп қалатын болды, — деп ескертіп кеткен. Қорадағы қызыл сиырдың сүтін қақтап сауып қайтып кіргенде, мен әлі ұйқымды аша алмай мең-зең болып отыр едім, енді шайдай ашылды. Айшаның ашуы өзі даладан бірге ала кірген аяз буынан да ызғарлы.
Күн жексенбі еді. Жексенбі келсе Мыңбұлақтың тірі жаны Борандының базарына қарай ағылады. Айша мені сол базарға жұмсайды ғой.
— Міне, мынау үш қадақ май, — деді ол дорбаға салған көк кастрөлді қолыма ұстатып. — Осы үйде тумай жатып әкесін жалмаған үш жалмауыз барсың. Үшеуіңнің аузыңнан жырып алып жинаған үш қадақ май. Үсті-басымыз кірден шіріп кетті. Үш кесек кір сабынға айырбастайсың. Түсіндің бе-ей, Барсхан?
Ақшаға сат демейді. Сабынға айырбаста дейді. Соғыстың ақшасының құны жоқ. Ақшаға сабын тұрмақ, сабақты ине сатып алуда қиын.
Мен шықсам да, күн әлі шыға қоймапты. Бірақ, басқа базаршылар әлдеқашан кетіп қалса керек, түнде жауған қыламық қардың беті іздеп шұбарланып, Борандыға қарай жол сайрап жатыр. Қар бетіндегі іздерге қарағанда, жолаушылардың ат мінгені аз, есек мінгені көп, жаяулары одан да көп. Бір сиыр ізі, он шақты қой-ешкі іздері байқалады. Жолдың шетін ала бір иттің ізі де жосылып жатыр. Сірә, Хадиша жеңешемнің Майлыаяғы болар. Майлыаяқ Хадиша қайда бармасын, соңынан қалмайды ғой. Мақсұттың көзі ғой, жүрсе — жүре берсінші деп, Хадиша да оны еркіне жіберген. Басқалар сияқты шынжырлап байлап тастамайды. Хадиша бір жолы жегжаттарына бармақ болып, Борандыдан пойызға отырады ғой. Майлыаяқты есігінің алдына байлап, Айшаға аманаттап:
— Айша-ау, мен келгенше Майлыаяққа жуынды беріп тұр. Ит те болса, обал ғой. Көзін әлі ашпаған күшік күнінде мұны үйге Мақсұт әкеліп еді. Содан ба білмеймін, осы байғұс маған тілсіз адам сияқты көрінеді, — деді.
Майлыаяққа Айша ие бола алмады. Хадиша кеткен соң, қыңсылап-қыңсылап, ақыр аяғы ұлып бәле болды. Иесіз үйде ит ұлыған қандай жаман. Ақыры қарғы бауын үзіп, қашып кетіпті. Бет алды кетіс емес, Хадишаның ізімен жортып отырып, вокзал басына барған да, аңырып тұрған да қалған. Хадиша Түлкібастан қайтқанша үш күн бойы сол вокзал басынан шықпай қойған ғой. Хадиша пойыздан түсіп келе жатса, мойнына біреу асыла кетеді. Қараса — Майлыаяқ!
Содан бері Хадиша Майлыаяққа бола алысқа ұзап шықпайды.
— Ит те болса, кейбір адамнан артық. Менсіз күні жоқ. Жалғыз жар деген Мақсұттың өзі соғыста хабар-ошарсыз кетті. Мына байғұстың менен шығарда жаны басқа. Кейде маған мұңайып қарағаны сонша, осы өзі Мақсұттың аруағы емес пе деп қаламын, — дейді Хадиша.
Соны айтқанда кәдімгідей қорқамыз. Бір үйде жападан-жалғыз адамның ойына не кіріп-шықпайды.
* * *
Борандының базары ығы-жығы. Биік дуалмен қоршалған базарға кірер есік біреу-ақ. Онда жеңіне қызыл мата байлаған жуан әйел тұрады. Сатуға зат алып келгендерден бір сомнан ақы алып, қағаз жыртып береді. Мен өзімше қулық жасап, білдірмей өтіп кетейін деп едім:
— Постой! Постой, киргизенок! Ишь ты! — деп қолымдағы кастрөлді ашып көріп, масқарамды шығарды. Амал жоқ, бір сом төледім.
Енді кастрөлдің қақпағын ашып қойып:
— Маслә, маслә! Надо милә, милә! — деймін. Оным: майды сабынға айырбастаймын дегенім ғой.
Әуелі «миләсі» бар адам кездесе қоймады. Ал будақ-будақ ақша ұсынғандар көп-ақ. Оларға көнбей қойдым. Үсті-басы шырыштай болып, көк түлкі жағалы, қара пальто киіп, мойнына ақ жібек орамал салған әйел қасымнан әрі-бері айналшықтап шықпай қойды. Киімінен біртүрлі бейтаныс иіс мүңкиді. Сөйтсем, нафталин екен ғой. Әлгі шырыштай әйел бір кезде таяп келіп:
— Бала, кітапқа айырбастайсың ба? — деді сыбырлап.
Кітап дегеніне елең ете қалдым. Оны әйел де сезді.
— Қандай кітап?
— Мә, көр, — деп қойнынан жұқалығы дәптердей кітапша шығарды. Оқып қарасам:
«Кітаптан соң кітап. И. С.Тургенев. «Муму»деп жазылыпты. Қазақша. Әлгі жазулардың астында еңгезердей бір адам күшіктің желкесінен ұстап көтеріп тұрған суреті бар. Алғым келеді, бірақ Айшаның ашуы есіме түсіп, лезде бас шайқаймын.
— Надо милә, милә, — деймін.
— Сабын бір күндік, мынау саған өмір бақи азық, — дейді шырыштай әйел, орысшасын шала-пұла ұғынықты етіп сөйлеуге тырысып.
— Мама маклаш даст, — деймін. Оным Айша ұрады дегенім.
Сөйтіп тұрғанда бет-аузы күлдіреңкіреген, сақал-мұрты қырылмаған, күйелештеу бір дәу кісі гүр-гүр етіп:
— Балақай! Екі қадақ май — екі сабын! — деп қағазға ораулы екі кесек бірдеңені сырма фуфайканың қойнына тығып-тығып жіберді де, кастрөлден екі бөлек тоңазыған сап-сары майды күйелештеу қолымен іліп-іліп алып, газетке орап, басымды умаждап-умаждап, ақ қозының елтірісінен Айша тігіп берген малақайымды көзіме сырғыта түсірді де, кете барды.
— Aу, тағы біреуі қалды ғой, — дегенімше болмай, көзден тасаланды. Қойнымдағы кесектерді алып, қағазын ашып қарасам, кәдімгі кір сабын. Тіпті мөрлеп тастаған жазуы да бар. Жап-жаңа. «Е, осы екеуі де жетер, құр қол қайтқаннан гөрі бұ да дұрыс» дедім.
Енді бір қадақ май қалды. «Қадақ» дегенді біреу түсініп, біреу түсінбес. Менің түсінігімде: «фунт» дегенге келеді, яғни төрт жүз грамдай болар. Оны таразыға тартып жатқан Айша жоқ, бір пиала майды — бір қадақ деп өзі өлшем қойып алған. Бүкіл ауылда жалғыз сеператор бар. Омар бастықтың үйінде. Таңертең Айша қызыл сиырды сауып бола салысымен, мектепке барардың алдында мен бетін үлдірекпен байлаған шелекті алып Омардың үйіне жүгіремін. Омар бастықтың етжеңді сары қарын қатыны сеператордың ақысы деп аптасына бір рет қаймақты өзі алып қалады. Қалған алты күннің қаймағынан Айша май түсіріп, түскен майды пиалаға сылама етіп салып, одан соң алақанымен шапаттап-шапаттап, сары шелек сияқтандырады да, суыққа тоңазытып қояды. «Тумай жатып әкесін жалмаған үш жалмауыздың» алақандарына анда-санда қарғаның саңғырығындай бір-бір түйір май салады. Ол кез біз үшін мереке. Алақандағы сары май емес, сары алтын сияқты болып көрінеді. Саусақпен болар-болмас жалап, осы бір ләззат сәтін соза түскіміз келеді. Сөйтіп Айша аптасына үш қадақ май жинайды. Борандының базары үш қадақ майға кейде сабын, кейде бөз көйлек, кейде түз, ши шақпақ, кейде жермай (керосин) айырбастап тұрады. Көбінесе бұл байлық болмай да қалады. Шақалақ қызыл сары финагент келіп, май салық қағазын тапсырып кеткен соң — бәрі бітті. Базарға апаратын май да болмайды; алақанға салатын тобықтай «сары алтын» да жоқ. Ондайда Айша отыра қалып, бетін басып солқылдап жылайды. «Тумай жатып әкесін жалмаған үш жалмауыз» состиып, үн-түнсіз қаламыз...
Сонымен көк кастрөлде бір қадақ май қалды. Ары-бері:
— Милә, милә, — деп көріп едім, сабын табылмады.
Бір кезде мойнына көк түлкі салған шырыштай әйел ілбіп тағы келді. Өңі бит сорғандай боп-боз. Бұрын Боранды базардан бұлай киінген әйел кездесе бермейтін. Сірә, соғыс болып жатқан аудандардан болар.
— Балақай, берсеңші майыңды. Мә, кітап, менің тура сендей қызым ауырып жатыр. Соған бола. Бере ғой. Бұл жақсы кітап. Өкінбейсің. Кейін түсінесің.
— Айша ұрсады.
— Ақылы болса, ұрыспайды. Бұл өте жақсы кітап. Оқып болған соң риза болып әлі мені еске аласың.
Базар тарқап барады. Борандыдан ауылға жаяу жеткенше талай жер. Қарным да ашты. «Е, мейлі, не де болса — көрейін» деп кітапты ала салып, ауылға қайттым.
Жолда Евгеньевканың бұзық балалары ұстап алып ұрар деп, ентіге жүгіріп келемін. Жаныңда серік болмағаны жаман-ақ. Құдай ондап, Евгеньевкаға кіре берісте Хадиша жеңешемді қуып жеттім. Жанындағы Майлыаяқ мені танып, құйрығын бұлғаңдатып, сырмақсары фуфайкамның етегін иіскеп-иіскеп қойды.
— Е, шырақ, Боранды базарды көшіріп келе Жатқандай ентігесің ғой, тегі, — деп күлді Хадиша жеңешем қалжыңдап. Ауылдың салты бойынша, ол менің атымды атамайды. Кішкентай да болсам, қайнысымын. Шырақ дейді. Қандай жақсы. Шырақ дегені шырағдан деп естілгендей болады. Шырағдан — не жетілік, не ондық шишасы бар шам ғой. Мені жарық сәулеге теңегеніне іші-бауырым елжіреп-ақ тұрады.
— Не алдың?
— Е, сабын ғой...
— Қанша сабын алдың?
— Екеу.
— Шешең үш қадақ май деп еді ғой. Алданып қалған жоқсың ба?
Сол екеуі-ақ табылды.
— Екеуіне екі қадақ бердің бе? Біреуін не қылдың?
— Кітап... — деп күмілжідім.
— Қандай кітап?
— Міне, — деп қойнымнан суырып алып, қолына бердім. Хадиша көлемін көріп тыржиыңқырап қалды.
— Мына біреу күшік пе?
— Күшік қой.
— О, не қылған күшік?
— Білмеймін, әлі оқыған жоқпын ғой.
— Өзі пышақтың қырындай жіңішке ғой. Немене, сөзі жетпей қалған ба? Оқышы өзің. Шаршап та кеттім, қараң қалғыр-ай? Отыр-ей, шырақ. Кішкене жан шақырайық!
Евгеньевканың арғы шетіне шыққан соң, алыстан, тау бөктерінен бұлдырап біздің Мыңбұлақтың тал-дарағы қарайып көрінеді. Сайдың қабағындағы тасқа Хадиша бос қапшықты төсеп, соған екеуміз катар отырдық.
Қабақтағы қасат кар сәл-пәл жіпсіп, еріп жатыр. Күн жылы.
— Оқы, — деді Хадиша.
Мен оқи бастадым. Бұл өзі Герасим дейтін тіл-аузы жоқ, құлағы керең дәу кісі мен оның титтей күшігі Муму туралы екен. Бір-екі бет оқыған соң, Хадишаға қарап едім:
— Оқы! — деді.
Карсы алдымызға етпеттеп Майлыаяқ жатыр. О да ұйып тыңдайтын сияқты. Көзін ашып-жұмып, ашып-жұмып қояды.
Жіңішке кітапшаның соңғы бетін жауып болып, Хадиша неге үндемей қалды деп, бетіне қарасам: бетінен тарам-тарам болып жас ағып, жыла-а-ап отыр.
— Бір қадақ майға бір қадақ алтын айырбастап алғаныңды білдің бе, шырақ? — деді Хадиша ақ жаулықтың ұшымен бетін сүртіп. Сөйтіп ақ қозының терісінен Айша тігіп берген малақайымды алып, басымнан сипап көпке дейін үндемеді, тек оқта-текте өксігін баса, әдемі мұрнын тартып-тартып қояды. Майлыаяқ көзі мөлиіп, құйрығын бұлғаңдатады. Муму туысқанының қайғылы тағдырын о да түсінді ме — білмеймін.
Енді ойлаймын ғой: шіркін «Мумуды» дүние жүзінің барлық тілдеріне аударып, жер бетінде қанша бала бар, тіпті ересегіне де, бәріне-бәріне оқытса... Сонда жер үстінде озбырлық, оспадар қодарлық, қатыгез қара жүректілік, жауыздық атаулы жойылып, адамдар ақылдырақ, мейірімдірек, қайырымдырақ болар ма еді...
Ал сонау мың да тоғыз жүз қырық үшінші жылдың қысында «Мумуды» оқып болған соң, Хадиша жеңешем, Майлыаяқ үшеуміз кеш бата ауылға жеттік.
Біздің үйдің алдында Айша, оның жанында кішкентай қарындасым мен інім үшеуі ербиіп жол жаққа қарап тұр екен.
— Немене, тегі, Қоқанның базарына барғандай жүріп алдыңдар. Басқалар баяғыда қайтты. Әбден зәреміз кетті, — деді Айша айқайлап сөйлейтін әдетіне басып.
— Айқайлама, ей, Айша! Балаң олжалы, — деп Хадиша жайбарақат жауап қатып. Бәріміз топырлап үйге кірдік.
Хадиша бізбен көрші ғой. Үйіне асыққан жоқ. Неменесіне асығады. Айша айтқандай, «шымылдығы желбіреп тұрған жоқ», бала жылап жатқан жоқ, бірер тұяқ малын Хадиша жолаушы кеткенде Айша-ақ жайғастыра салады. Енді Хадиша жалғыз үйге барып, жападан-жалғыз отырғанынан қашып, біздің үйге бұрылды ғой. Онысы қандай оңды болған десеңші.
Біздің үйдің іші жып-жылы. Пеш қызып, пештің үстіндегі плитада шайнек сақыр-сұқыр қайнап тұр екен. Айша дереу дастарқан жайып жіберді.
— Сендер қаталап жолдан келдіңдер ғой, шай іше беріңдер. Meн Барсханның көйлегін шайып тастайын. Таңертең мектепке барады ғой. Көйлегіңді шеш, ей, Барсхан.
Үстімдегі жалғыз жейдені шешіп беріп, жалаңаш етіме фуфайка жамылып отырдым.
— Сабының екеу-ақ қой-ей, Барсхан?
Осы сұрақты көптен күтіп, қорқып отырғанмын. Қорыққаннан үндей алмай қалдым, терши бастадым.
Менің орныма Хадиша саспастан, шайын сораптай отырып жауап берді. — Біреуін кітапқа айырбастадық, — деді.
— О, кітапта басың қалғыр! — деп Айша маған көзін оқтай қадады.
— Жә, жә! Оқышы, ол кітапқа бір қадақ май емес, бір сиыр берсе де татиды. Жайыңа отыр, жұмысыңды істей бер, — деп Хадиша жеңешем Айшаның бетін тойтарып тастады.
Хадиша болмаған менің күнім не боларын бір құдайдың өзі біледі.
Айша босаға жақта ыстық суға суық су араластырып, томыртқылап жылытып, қаңылтыр кірленге менің көйлегімді атып ұрып, үстіне томыртқылаған суды құйып, мен базардан әкелген сабынның біреуін «бісміллә» деп жібіген көйлекке сүйкеп кеп қалды. Бізге арқасын беріп ары қарап отыр еді, адырайып бері қарады. Дорбадағы сабынның қалған біреуін алып, тағы сүйкеп қалды. Сөйтті де білектерінен су тамшылап, екі қолына сабынды алып, орнынан зілдене түрегелді.
— Мынау не?! — деді әлгі екеуін менің мұрныма тақап.
— Не болды, байғұс-ау? — деп терлеп отырған Хадиша да үңілді. Хадиша шайын қоя салып орнынан тұрды. Мен де түрегелдім, Хадишаның арқасына тығыла бердім. Айшаның екі қолында жуан-жуан шегелер қағылған кәдімгі екі кеспек ағаш. Салмақтырақ болсын деп шеге қағып, сыртына болар-болмас сабын жағып, лекерлеп, мөрлеп қойған екен.
Хадишаның арқасына тығыла түстім...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі