Өлең, жыр, ақындар

Көш және керуен

Көш және керуен түсініктері ертеден қазақ халқының мәдениетіне терең сіңген терминдер. Қазақ халқының болмысын көші-қонсыз, Ұлы Жібек жолындағы саудасыз елестету мүмкін емес. Бірақ осы терминдердің мән-мағынасын шатастырып алмас үшін, негізгі аспектілеріне тоқталып өтсек.

Көш - көшпелі ортада адамдар тобының этникалық ұжымның белгілі бір мақсатқа байланысты жолға шығу үрдісі.

Көшбасшы - көші-қон үрдісін басқару үшін арнайы сайланған жауапты адам. Әдеттік құқығы мен қалыптасқан қатынас нормалары мен шаруашылықты ұйымдастыру технологиясын жақсы білетін ел ішінде беделді адам сайланады.  Кейде көшбасшылықты өте жауапты кезеңде рубасы ақсақалының өзі де атқарады.

Көшті аластау - қыс мезгілі көшпелі қауым үшін түнек, пәле-жалаға толы қолайсыз кезең болып саналады. Қыстаудан көшерде қыс бойығы барлық әсер, жағымсыз күштердің ықпалынан құтылудың бірден-бір жолы - отпен аластау.

Ертеде көші-қон қашықтығына қатысты қозы көш жер, өгіз көш жер, түйе көш сияқты өлшемдер қолданылған. Көш жер- таң ата өрген ұсақ малдың жайыла отырып, қас қарайғанға дейін жүріп өткен қашықтығы. Ол шамамен 25-30 шақырым. Көштің ең қысқасы қозыкөш шамамен 5-6 шақырым, кейбір деректере 10 шақырым деп айтылады. Өгіз көш - жүк артылған өгіздің аяңымен жүріп өтетін қашықтығын білдіреді. Ол әдетте 15-20 шақырымға тең. Ал түйе көш шамамен 50 шақырым. Бірақ таулы аймақтарда 40 шақырым.

Керуен – сауда жасау немесе өзге де көлік малына( түйе, жылқы, есек, қашыр ) жүк артып шыққан адамдар тобы. Керуен жолының ежелгі дәуір мен орта ғасырлардағы белгілі желісі Ұлы Жібек Жолы деп аталады. Керуенмен жүру Еуразия құрлығының шөлейтті және далалық аймақтарына тән. Керуеннің жүруі ел мен елдің арасында сауда жасауды жолға қойып, екі елдің мәдениеті мен өркениетінің дамуына оң әсер етті.

Керуенбасы - сауда керуенін басқарып, белгіленген жерге жеткізуші адам. Керуен баратын қалаларға бірнеше рет барған, жол мен құдықтарды, су көздерін жақсы білетін, күндіз бен түнде адаспай жол табатын адам. Керуенмен жүру әр кезде өте қауіпті болған, табиғаттың қаталдығын айтпағанда, оңай олжаға кенелу үшін қарақшылар да көп болған. Осыған орай кей кездері керуенді арнайды қорғауға алынған күзетішілер де болған. 19 ғасырдың бас кезінде Ресейден Орта Азияға қарай шығатын керуен құрамында саудагерлер есебінен атты әскерден құралған күзетшілер жүрген, дегенмен бұл жағдай сауда жасаушылар үшін тиімсіз болғандықтан 1814ж бастап бұл үрдіс жойылған. Күзетшілік қызметті кейінгі кезеңде керуен көліктерін жол бойы күтіп-баптаушылар алмастырған.

Керуен жол бойы өзен, көл, бұлақ, құдық т.б. су көздері бойымен жүрген. Керуен жолы бойындағы тұрғызылған керуен сарайлардың ара қашықтығы орташа есеппен 30 шақырым болды. Орта есеппен күніне 25-30 шақырым жүріп отырған.

Көріп отырғанымздай, екі түсінік бір-біріне түпкілікті мақсатымен ерекшеленеді. Көшті цикылдық құбылыс деп қарастыратын болсақ, керуеннің басты мақсаты жүкті бір нүктеден екінші нүктеге жеткізу болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақтың этнографилық катергориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі. Энципклопедия. – Алматы ТОО «Алем Даму Интерграция», 2017 ІІІ- том;

2.Қартаева, Тәттігүл Ерсайынқызы Сыр өңірінің дәстүрлі этнографиясы: монография / Т. Е. Қартаева; Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы, "Арыс" қоры. - Алматы : Арыс, 2015. - 446 б

Ниязов Амангазы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз