Өлең, жыр, ақындар

Готикалық прозаның басы

Мадина Омарованың шығармаларын қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы десем қателеспес едім. Сол себепті оның әр кезде жазылған, әр тақырыпты қамтыған шығармаларының ішінен осы готикалық сарындағы екі әңгімесін таңдап алып отырмын.

Жас қаламгердің бір әңгімесі «Жұмбақ» деп аталады. Оқиғаның ұзынырғасы: түнгі сағат он екінің шамасында өз үйінде телевизор көріп отырған әлдебір адамға сырттан достары телефон шалып, өздерінің жол апатына ұшырағандарын айтады. Достарын құтқармақ болған кейіпкер жедел жәрдемді шақыртып, апат болған жерге өзі де таксимен жетеді. Жеткенде көргені — достары, таңертең, яғни жарты күн бұрын қайтыс болып кеткен екен. Кейіпкерге телефон шалған тірі адам емес, досының аруағы екеніне көзіңіз жеткеннен кейін әңгіменің басына түсіп қайтадан оқисыз. Оқисыз да түршігесіз. Әрине, бәрі де адамның қабылдауына байланысты. Мысалы, бүгінгі оқырман немесе көрермен триллерді көргенде психологиялық депрессияға ұшырауы мүмкін, себебі қазіргі психология триллердің сананы езгіге салатынын дәлелдеп отыр. Алайда, триллер аспаннан түскен жоқ қой. Әлем халықтарының демонологиясы — триллер. Бүгінгі үрейлі фильмдер, романдар сол демонологияның жетілген түрі ғана. Дәстүрлі мәдениеттерде триллер катарсистік жанрға жатқан. Яғни, триллерді көрген, мистерияға қатысқан адам, сол көргендеріне көзі үйренеді, рухани сауығып шығады. Басқаны қайдам, маған осы әңгіменің түйіні Э.Хэмингуэйдің «Вайоминг шарабы» («Вино «Вайоминга») әңгімесінің концепциясын есіме салды.

М.Омарованың екінші әңгімесі «Жол үстінде» деп аталады. Әңгімені бірінші жақтан баяндап отырған кейіпкер түнде, әлдебір адаммен жол жүріп серіктес болады. Ол жолаушы кейіпкермен бір ауылдан, ит асырап аты шыққан Алмабек деген кісінің баласы болып шығады. Ауылдағы үйіне жетіп, апасымен әңгімелескен қыз өзінің он жыл бұрын өлген адаммен жолсерік болғанына көзі жетеді. Әңгіме «Уақытында келіп жетпіс жыл кешіккен ажал туралы» деп аталатын, заманында қазақ ішіне кең тараған аңыз-әңгіменің оқиғасын елестеді. Мадинаның жазу мәнерінде мынандай белгілер бар: ол өмір шындығына матасу. Әрине, аталмыш әңгімелердегі жайттар жазушының өз басынан өтті деуден аулақпын. Бәрі де ойдан шығарылған, көркемдік заңдлықтарға сәйкес, өмірде болғандай етіп қиыстырылған. Алайда, әңгімедегі сөйлемдердің арасы ауыр қиысады. Осыған қарап отырып, жазушының өзі ойлап шығарған сюжеттің әсерінен, магиясынан арыла алмайтынын сезесіз. Мадинаның осы әңгімелерін оқығанда Жак Казот, Шарль Нодье, Петрус Борель сияқты готикалық жанрда жазған жазушылардың шығармалары елестейді. Бүгінде көршілес Ресейде бұл жанрда Лариса Петрушевская қалам тартып жүргені белгілі.

Революция, бұлғақ, соғыс кезінде халықтық «төмен» демонология етек алды. Мысалы, Отан соғысы кезінде Кеңес империясының әр жерінде адамдарға әйел бейнесінде жолығып, соғыстың жеңіспен аяқталатынын айтып кеткен аруақтар жайлы әңгімелер өрістеді. Жанр, жаңа форма жазушының интуициясынан, санадан тыс пайда болады. Ойымша, Мадина өзінің аталмыш әңгімелерінде егемендіктің алғашқы қиын жылдарын бейнелеуге тырысқан.

Таласбек Әсемқұлов

Жазушы, сыншы, мәдениеттанушы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз