Мәдинаның «Жас толқын» сериясымен «Жалын баспасы» ЖШС-нан шыққан «Ана ғұмыр» атты кітабына бір романы, қырық шақты әңгіме, екі актілі драма кіріпті. Белгілі сыншы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанованың алғысөзінде кітапқа кірген шығармалар хақында профессионалды пікір айтып, жазушының негізгі шығармашылық белгілерін атап өткен.
Автор әйел адам, кітап пен кітапқа кірген романның аты «Ана ғұмыр» болғандықтан қалыптасып қалған «предрассудок» бойынша әйелдік табиғаттан туатын көркемдік сипат күткеніміз рас. Олай болмай шықты. Жазушыларға «жас» деген анықтауыш қосатын жаста болғанмен, Мәдина жас жазушыға келетін деңгейден асыпты. Осы себепті шығармаларына көркемдік баға бергенде, жастығына қарап «скидка» жасаудың қажеті жоқ сияқты.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында болу керек, «Батыста қалың-қалың романдар оқылмайды, енді жол-жөнекей вокзал, аэропортта, ұшақ, поезда оқып тастауға болатын микроромандардың дәуірі туды» деген сөздерді әдеби газет, журналдарда кездестіріп жүрдік. Кейінірек Кеңес Одағының Балтық жағалауы елдерінде, Ресейде әдеби айналымға түсе бастаған сияқты еді. Мәдинаның «Ана ғұмыр» романы 25 бет екен, мөлтек роман деп беріпті. Жасыратын, жабатыны жоқ, бұған дейін мөлтек романды да, осы тақырыпта жазылған талдауларды да оқып көрмегендіктен, 25 бетте романдық мазмұнды қалай береді екен деген қызығушылықпен оқып кеттік. Романның: «Төңірек мүлгіген тыныштыққа кенет оранды», — деген бірінші сөйлеміндегі «кенет» сөзінің орнына алғаш келісе алмай барып, келесі сөйлемдерді, алғашқы абзацты оқығаннан кейін барып дұрыс көрдік. Аз көлемде көп айту үшін осындай қолданыс қажет екен. Осыдан ары қарай мөлтек роман мәтініне сақ қарап, үңіле түсіп оқу керек деген ой келді. Прологта айтылатын оқиғалар әлі әдеби оқиғаға, көркем фабулаға айналмаған. Баяндау 1-жақ пен 3-жақтың синтезі. 3-жақтан баяндаудағы «ол», «оны» дегендер автор-баяндаушының өзі болып сезіледі. Баяндаушы бірде жас бала, бірде авторлық суреттеу деңгейінде. Өткен шақты суреттей отырып, осы шаққа ауыса салады. «Тағы да әжесі есіне түсті», — деген сияқты құралдарды пайдаланып қайтадан өткен шаққа, тым әріге кете береді. Баяндаушының жасы, түр-түсі, аты-жөні әлі белгісіз, ал көркемдік уақыт бірде 9 айлық балаға барса, одан оқушы балаға келіп, еске алушы — баяндаушыдан тым әрідегі ашаршылық, соғыс жылдарына кетеді. Бұл уақыт аясындағы мол ауысулар көркемдік тұрғыда кібіртіксіз, табиғи жылжиды.
Ал нақ осы шақтағы суреттеу бір-ақ жерде: «Ол тоңа бастағанын сезді. Бірақ кері қайтқысы келмеді. Қазір жаңбыр құйып, дүние астаң-кестең болса да кері қайта алмайтындай». Прологтағы әрбір шегініс — мағыналық бөліктегі оқиғалар «толық емес» — қадау-қадау штрихтар, кейіпкерге, мекенге қатысты ешбір атаулар, табиғат суреті, адам портреті жоқтың қасы, көркем фабула шығаратын, образ ашатын көркемдік элементтер аз. Осы себепті бұл жердің көркемдігіне, суреттілігіне баға беретін мүмкіндіктер де аз. Алғаш тым жұтаң бояулы болып көрінгенмен, көп ұзамай-ақ өте аз көлемде ауқымды мазмұн көтерген жан-жақты проза болып көрінді. Қатал реалистік баяндау да бар: «Есіне тағы әжесі түсті. Қырық төртінде дүниеден озған кенжесінің қазасын көтере алмады. Әжесі он үш бала тапқан кемпір еді. Соғыс алыпты, жұт алыпты, ауру-сырқау алыпты. Үшеуі осы күнге жетті. Солардың кенжесі бұның әкесі еді. Әжесі — ол үшін әке де, шеше де, сондықтан болар, есі кіріп қалса да әке өлімі оған онша әсер ете қоймаған. Өзінен кейін буыны бекімеген төрт бала бар, шешесі жесір қалды. Улап-шулап жылда шілдехана өткізетін шаңырақ бүк түсті. Азаматынан айырылды. Бұл жағдай оның қаперіне кіріп-шықпапты. Тіпті, ол күндерді құрбы балаларымен ойнап, көңілді өткізгені есінде».
Прологта баяндаушының өткен өміріндегі негізгі межелер көрсетілген. Реалистік сипатта баяндалған. Прологтың соңғы көлемді абзацындағы шығармашылық тұлға, Леонардо да Винчи, Мона Лиза жайлы пәлсапалары бар оқымысты баяндаулар алдыңғы жағынан анық төмен. Әрі қарай роман тоғыз бөлім-әңгімеден тұрады. Әңгімелер кейде бір желінің бөлігі болса, кейде дара шығарма түрінде. Автор-баяндаушы бір бөлім-әңгімесінің соңында: «Сол бір кездер жөнінде шағын этюд жазған едім», — деп келесі әңгімесіне көшеді. Алғашқы «Балалық шақ» әңгімесінде таза 1-жақтан баяндауға ауысып, прологта штрих түрінде ғана айтып өткен өлең жазатын бала қыз тақырыбын қалыңдата, дамыта түседі. Әлі де диалог жоқ, суреттеу жоқтың қасы. Бірақ образ шығып келе жатыр. Баяндауда авторлық самоирония айқын көрінеді. «Қара қыз» деп аталған келесі бөлімінде енді баяндау айқын үшінші жаққа ауысып, «Балалық шақта» «өзі жайында» әңгіме айтқан қызды сырт көзбен, авторлық баяндаумен суреттейді. Алдыңғы бөлімде «өзін-өзі сынаған» қызды енді автор басқа тұрғыдан келіп «сынайды». Осыдан образ тереңдей ашылып келе жатыр. Осы бөлімнің екінші жартысында баяндау қайтадан бірінші жаққа ауысады: «Қара қыз деп отырғаным, өздеріңіз сезген боларсыздар — мен», — деп әңгіме ауанын етене күйге қайта ауыстырады. Әке-шешесінен ерте айырылған, әжесіне қарап қалған, одан айырылып, ағайын босағасында, интернатта өсіп келе жатқан қызды «аямай» суреттеп, әжептәуір танымды образ деңгейіне жеткізген. «Қаңғуды он-он бір жасында бастаған, шешесі сабайтын, қан-жоса етіп дүрелейтін, таяқ жегенді суқаны сүймейтін, өзі інілерін сабайтын, темекіні де, арақты да ертерек татқан, сондай болғанына өкінбейтін, «Тимур және оның командасындағыдай» балаларды суқаны сүймейтін, оғаш қылықтарымен өз сүйкімін өзі кетіретін, осы қылықтары өмірде көп кедергі келтірген, ерте өлең жаза бастаған» қыздың образы әбден ашылған. Суреттеуі аз, көбі баяндау арқылы. Автор өзінің қаталдау реализмін артықтау қолданған сияқты. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояғандай». Баяндаушы екі түрлі. 3-жақтан келгенде ұстамдылау, ақылдылау авторлық баяндау, 1-жақтан келгенде баяндаушы — кейіпкердің жас шамасына қарай өзіндік ерекшелігін сақтауға тырысқан. Прологта айтылып қана өткен кейіпкерін келесі екі бөлімде алға жылжытып, тереңдете түсіп ашады. Мөлтек романның келесі, әңгіме, этюд пе, новелла ма, бөлімдері кейіпкер өмірі ағымының жүйелі барысын сақтауға тырыспай, жеке, дара шығармаға жақын формада берілген. Романның басындағы (прологтағы) кейіпкермен (әлі аты белгісіз) келесі бөлім-әңгімелердегі кейіпкерлермен байланысы барын білдіруді автор қажет деп тұрмағандай. Нақты байланысын білдіретін ілік, көркемдік құрал жоқ. Бірақ сол кейіпкер екені авторлық интонациядан, шығарма табиғатынан сезіледі. «Махаббат» деп аталған бөлімде бұрынғыдан мүлдем бөлек поэтикаға, диалогты мәтінге, суреттеуге ауысқан. Негізінде 3-жақтан баяндалатын бөлімде: «Мен махаббатқа сенбеймін. Және маған бұл сезімге ешкім сенбейтіндей көрінеді. Ойын. Барлық ережелері бекітілген, қалыптасқан, әдемі ойын», — дейтін бір ғана 1-жақтан баяндалатын абзац бар. Бөлімнің өне бойындағы диалогтар кейіпкерлердің мінезіне, образына сай келіп отырғанмен, кейде өмірде айтылатын сөздерден ауытқитындай жерлері бар. Бөлім махаббат жайлы реалды, жақсы әңгіме. Автор махаббат жайын айту үшін өмірдің бір эпизодын қалқып қана алған, «бәрін айтпаған». Бұл арада аздап жазушылық пенделік те көрінеді. Өмірлік-ақ дейтін суреттеулердің, диалогтардың ішінде әдебиленген, оқымыстыланған бірер белгілер кездесіп қалады. Осы жерді қатал, заманауи реализм дейміз бе, әлде біраз шығармашылық «кокетствосы» бар анықтама хабар дейміз бе? Әлде автор «өзін-өзі сынауды» қызықтап кеткен бе? Бұл бөлімдегі диалогтан басқа мәтін бөліктерін қысқартып қырнай түссе, Хэмингуейдің шағын шығармалары поэтикасын еске түсіретін сияқты. Осы бөлім соңында жеке-жеке әңгіме ретінде де жүре беретін әңгімелерді бір шығармаға біріктіру үшін бе: «...Ал, менің тұрмысқа шыққандағы хикаяларым мынандай шағын новеллаларға айналды», — деп алға сілтеп жібереді. «Қолдан жасалған шарап» бөлімінде диалогты суреттеуі қоюлана түсіп, дәстүрлі прозаға ауыса бастаған. Өмірдің бір сұмдық, сорақы көрінісі — ішкіш, адами ұстанымдардан айырылған ене, ішсе тоқтай алмайтын күйеу. Біз көбіне Ресей телеарналарынан көретін жағдай. Бұл тарауда кейіпкер аттары (Гүлдар, Жәңгір) берілген, аздаған табиғат суреті бар. Енесі екіқабат Гүлдарды арақ іш деп қинауда. Көп болмаса да, қазақтар арасында да кездесе бастаған көрініс. Ашты реалистік сипатта суреттелген. Автор әр адам (образ), әр ситуацияға әр түрлі адамдардың әр түрлі баға беретінін нәзік талдаумен көрсеткен. Бөлімнің соңындағы: «— Ішпеймін. Бала емізіп жүрмін. Ішпеймін. — Мен Жәңгірге екіқабат кезімде шампанға жерік болдым. Күніне біреуін, кейде екеуін ішетінмін. Бір сау жүрген күнім жоқ шығар. Ештеме жоқ. Қол-аяғын балғадай етіп тудым. Бай қылып отырсың ғой. — Ішпеймін. Болды. Жүрегім айнып кетті. — Онда, балам, мә, сен іше сал. Мен оның бетіне қарадым. Ол да басын шайқады. — Әй, балам-ай, қатыныңнан қорқасың-ау!». Кейіген кейіппен стакандағыларды бөтелкеге қайта құя бастады. Саусақтары дір-дір етеді. Шашылып-төгіліп жатыр шарабы. Ашуланып тұрғаны, не маскүнемдіктен қалтырап тұрғаны белгісіз. Бірақ мен бұл кісінің қолы қалтырайтындай деңгейде маскүнем емес екенін білемін. Ішеді. Жақсы ішеді. Бірақ маскүнем емес. Әзірше маскүнем емес. Демек, ашу, ыза. Маған жынданып тұр. Іштей масайрап, әкемнің құны түгел қайтпаса да, қайта бастағандай, әлдебір рахат күйге ендім», — деген мәтіннің көлемі шағын болса да кейіпкердің (Гүлдардың) жан дүниесінің күрделі қабаттарын ашып тұр. Әжептәуір кешірімді, адам да таниды, біраз кекшілдігі, пенделігі де бар. «Көктем балаусалығы кеткенде...» әңгіме-бөлімі бөлек әңгіме де сияқты. Бірақ романнан тыс жеке алғанда көркемдік құны төмендеп кетері анық. Әңгіменің алғашқы жартысы түгелдей ер адамның ішкі монологы. Аты берілмеген. Монолог иесінің оқушылық кезеңнен отыздарға келген, үйленген, балалы болған кезіне дейінгі өмірі бір жарым бетте баяндалған. Бөлімнің ортасында: «Әйелін қашан шындап жек көре бастады? Есінде жоқ», — деп бастап, авторлық баяндауға көшеді. Енді оның өте пысық әйелі Гүлзираш суреттеледі. Екі кейіпкер де дараланған, танымды, түсінікті образдар. Романның өн бойында келе жатқан қыз осы бөлімдегі «ойшылдың» мектепте оқып жүргенде сүйген қызы болу керек. Осы бөлімдегі Гүлзираш емес. Осы жерге келгенде айтарымыз — автор-баяндаушы кейіпкерді, оқиғаны әр түрлі тұрғыдан көріп, әр қырын аша түсуге тырысады. Образ, оқиға бүтіндігін қатаң сақтауды мақсат етпейді. Жалпы өмірді беруге тырысады. Бөлімнің екінші жартысында баяндау 1-жақтан, жаңағы Гүлзираштың атынан жүреді. Күйеуіне берілген мінездеме алдыңғы жартысындағы қалпын сақтаса, мұнда алдыңғы жартысындағы қатал, суық, пысық Гүлзираштың жүрегінің түкпірлерінде мейірімділік нышандары да бар екені көрсетіліп, образ ретінде тереңдей түскен. Романның «Айым да сен...» және «Ғалия» бөлім-әңгімелерін бөлмесе де болар еді. Гүлзираштың күйеуі (осы бөлімдерде Жәдігер деп аталады) оқушы кезінде сүйген қызын іздеп Алматыдан 2500 шақырымдағы Қайыңдыға аттанады. Ғалия жалғыз, жұпыны тұрады, тұрмысқа шықпаған. Кейінірек есі ауысқаны білінеді. Бір бесіктегі баланы ұрлап әкеліп, Жәдігерге көрсетеді. « — Мында қара. Төрде бесік тұр. Ғалия қолымен ымдап шақырды. Бала жатыр. Тірі бала, пысылдап ұйықтап жатыр. Мен Ғалияға қарадым. Ол жымың-жымың етеді. — Екеуіміздің қызымыз. — Қа-лайша? — Сен мені тастап кеткенде ішімде қалып еді бұл қыз. Екеуіміздің қызымыз. — Мүмкін немереміз шығар. Мен оның есуас екенін кенет, бір мезетте түсіндім. Жалғыз, ешкіммен араласпайды, біреудің баласын ұрлап әкеліп, айтып тұрғаны мынау. Суық терім бұрқ ете түсті. — Жоқ. Ғалия басындағы орамалын сыпырып, бетін басты. — Қызымыз деп тұрмын ғой, қызымыз. — Ғалия, Ғалияш, қайдан алдың баланы, айт, маған айтшы, қорықпа. — Есіңде ме, сен маған үйленбеймін дедің ғой. Үйленбеймін дедің. Сонда мен бала көтеріп қалған едім сенен. Бірақ айтпадым. Бала үшін, амалсыз қалдырғым келмеді қасымда. Мынау сол бала. Сенсең де, сенбесең де осы. Мен біліп тұрмын ғой. Бұл сол бала қайта келіп тұр, көрдің бе, бесігімен. Біздің қосылғанымызды біліп, қайта келіп тұр». Жәдігер есі шығып, «Кетемін» деген сөзді айта алмай тұрғанда «Сен бізді қайта тастамақсың ба?», — деген сұрақты естіп, тұра қашпақ болғанда: «Бар, кете бер, түсінбеген екенсің» деген сөзді естіп үйден шыға жөнеледі. Бұл бөлім «Ана ғұмыр» романының ең көркем бөлігі. Жоғары деңгейдегі эпикалық проза. Реалистік сипат та, психология да бар. Осы стилінен танбаса, Мәдинаның жақсы прозаик болмағы анық. Романның соңғы бөлімі «Қарғыс» деп аталыпты. Романның басындағы басты кейіпкердің баяғы ішкіш енесі. Сондағы Жәңгір мұнда Жәдігер деп те аталады. Романның аяғына қарай Гүлзираш деп аталған кейіпкер мұнда «келін» деп қана жүр. Енесі Жәңгір — Жәдігердің жоғалуына сен кінәлісің деп, Ғалия оқиғасын да айтып береді. Онда Ғалияны баласы «тастап кетіп» содан суға батып өлген дейді. Басты кейіпкерімізді «Бізді бақпасаң қарғаймын» деп қорқытады. Роман соңында эпилог берілген. Шағын эпилогты ойлы, салмақты сөйлемдермен бастап, әрі қарай көтеріңкі романтикалық стильде бірер сөйлем құрап, ақырында әйелдік, аналық табиғаттан туатын ойлармен аяқталған. Көлемі шағын повестей ғана романды күдікпен оқи бастап едік. Аяғында көзіміз жеткені — роман екені. Романдық мазмұн, өмір анық бар. Мәдинаның «Ана ғұмыр» жинағына кірген әңгімелері қырық шақты, жинақтың негізгі бөлігі. Жинақтағы алғашқы әңгіме «Емші апа» 1-жақтан дәл, үнемді стильмен баяндалған, диалогтар арасында қысқа суреттеулері бар, өткір сюжетсіз, шымыр тартыссыз лирикалық жобадағы әңгіме. Шұғыл динамика, қызықты оқиға болмаса да автор адам ойына, жан дүниесіне әсерлі әңгіме шығарған. Әңгіме поэтикасы — дәл, жылы, кісілікті сипатта. «Бәрін» (пейзаж, портрет, қимыл, мимика) ала бермей, көркемдік мақсатына керегін ғана алған. Әңгіме рухани функциясын толық атқарып тұр. «Жақсы көру» әңгімесі негізінен диалогтардан тұрады. Өмір тек диалогтардан тұрмайды. Әңгімеде әдеби мақсат үшін диалогтарды ұтымды пайдаланған, жасанды болып көрінбейді. Оқып отырғанда 4-5 жасар баланың ерке, тентек мінезбен анасын жақсы көруі нәзік байқағыштықпен берілген. Өте реалды. Әңгіме финалында анасын жақсы көруі шектен шығып, мазасыздыққа айналған баланы 4-5 жасар деп отырғанымызда «Ол бар болғаны тоғызда еді» деуі көңілімізге қона қоймады. «Құдайы тамақ» әңгімесінде ауылдағы бір типті көріністі берген. Әңгімелік сюжет, оқиға жоқ десе де болады. Жылы, байқағыш көңілден шыққан сурет қана. Автор кішкентайды көре алған және бере алған. «Қыста» әңгімесінде де әдеби фабула, сюжет жоқ дерлік. Бірақ үлкен өмір бар, сурет бар, аяушылық сезім бар. Кәрі адам, кәрі үй, кәрі өмір. Жарты бет әңгіме — толыққанды әңгіме. Мәдинаның романында тентек қыз образы басым жүрсе, мұндағы қыз басқаша — ересек, байыпты, терең. Әлде романдағы қыз тентек болып көрінгісі келді ме екен. Әңгіменің соңғы сөйлемі өте мықты: «Сол жолы аялдамаға келе жатып, жақында көктем шығады деп өзімді қанша сендіргім келсе де илана алмадым». Мәдина мықты пейзажист емес. «Жаңбыр» әңгімесінің басында аздаған табиғат суреті бар. Табиғатты тек шығарманың көңіл-күйін аша түсу үшін ғана алатындай. «Менің ауылым» әңгімесі қазақ әдебиетіндегі ең бір типті тақырыптардың біріне жазылған. Бес баласы болса да үйде жалғыз қалып жол баққан кәрі ана: «Аман болсын әйтеуір...» деумен отыр. Бәріміздің ауылымызда кездесетін көрініс. Көп жазылған тақырып. Мәдина ең қысқа жолды таңдап алған. «Махаббат туралы» әңгімесі триптих. «Азамат», «Гүлім», «Әсел» деп үшке жіктеген. Өте реалды ой-әрекеттер суреттелген. Автор асырып, не төмендетіп жібермейді. Шындықтан да қашпай, өзін де аямай, құрғақ, қысқа баяндаудың бір жақсы үлгісін жасаған. Осы көлемнен ауытқымайды, кейде мол, кейде шөл емес, тұп-тура. Тілі дәл, нақты. Махаббатты әсірелемеген. Осынысына таңқаласың. Дәл физиологиялық махаббат. Автор-баяндаушы өзін де «әдемілемейді». Осынысымен аздап «бравада» жасай ма деп қаласың. Жалпы, Мәдинада қысқа миниатюра, этюдтер түріндегі де, толыққанды эпикалық сипатта жазылған көлемді әңгімелер де бар. Қатал реализм мен жылы лирика, гуманистік сарын кірігіп жүретін де, әрқайсы жеке тұрып әңгіменің негізгі қырына айналатын да жерлері бар. Анық әңгімеші. Романы да жеке әңгімелерден құралып өрбіген. Суреттеп отырғанына қадап баға беріп, тікелей пікірін көрсетпейді. Композиция, сюжет, тартыс, т.б. көркемдік элементтерді арнайы қадағаламайды. Мәдинада, әрине, жөні келмейтін де әңгімелер бар. «Күзгі бір кеште» әңгімесінде 5-6 жастағы қыз баланың аномалды махаббаты суреттелсе, «Жартас басында» әңгімесінде не айтпақ ойы бар екенін түсіне алмадық. Мәдинаның өзі түсіне ме екен? Басқа да бірнеше әңгімесін жинаққа кіргізбесе де болар еді деп ойладық. Жинаққа кірген «Коньяк қосылған кофе» атты екі актылы драмасына «хичкокшалағанда» деп анықтама беріпті. Мұның не екенін білмедік. Арғы аталары батыр, би, шешен болған, өз әке-шешесі қызмет істеген, ауқатты отбасында туып-өскен Батыр мен әкесінің кім екенін білмейтін, балалар үйінде өскен, былапыт өмір кешкен шешесі бар, шешесінің кезекті көңілдесі 12-13 жасында балиғатынан айырған Шәменнің үйленуінен драма оқиғасы өрбиді. Кейін Шәмен туған қызыңа көз салдың деген айыппен күйеуі Батырды у беріп өлтіреді. Драма мәтініне зер салғанда Батырдың ата-анасына тоғышар дегендей айып тағылса, Шәменнің шешесі адам қалпынан кеткен әйел. Қызы анау. Бұл драмада автор бейтарап дегенмен де, кез келген шығармада авторлық тенденция болады. Осы тұрғыда әдебиетте әйгілі мысал бар. Гончаровтың «Обломов» романында жаны таза, бірақ мейлінше енжар, жалқау Илья атты бас кейіпкер бар. Өмірі негізінде диван үстінде өтеді. Аталған роман жайлы жазған «Что такое обломовшина» атты мақаласында Николай Добролюбов революциялық тенденция табады. Бұған роман авторы қатты тулап қарсы болған. Мәдинаның драмасын оқығанда да авторлық тенденцияны байқағандай болдық. Батырдың тоғышар отбасынан Шәменнің былапыт шешесін, Шәменді жоғары қоятындай. Осы арада Мәдина «хичкокшылап» кеткен сияқты көрінді. «Ана ғұмыр» кітабына жазған алғысөзінде сыншы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова М.Омарова шығармашылығы жайында: «...дәстүр мен постмодерннің арасындағы қарама-қайшылықты жоятын постреалистік жазудың машықтары», — депті. Постреализмнің дәл не екенін біле қоймағандықтан Мәдина прозасының жақсы үлгілерінен біраз заманауиланған Бейімбет Майлин мәнерін көргендей болдық. Шағын этюд, миниатюра түріндегі әңгімелерінің ең жақсыларынан Шерхан Мұртазаның мөлтек әңгімелеріндегі поэтиканы, лирикалық лепті байқадық. Қазіргі жастардың әлемдік әдебиет ағымынан құлағдарлығын, біз атын естімеген авторларды оқитындығын, орыс, шет тілдеріндегі қалың журналдарды ақтаратындығын естиміз. Сондықтан біздің автор стилі жайлы пікірлеріміз өз ауылымыздың аясынан шығып отыр.
Рафат Әбдіғұлов, ҚӘ №5 /3325/ 20013 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі