Өлең, жыр, ақындар

Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысын ұйымдастырудың маңызы

Ушбаева Гаухар Байбулатовна
«Мектепке дейінгі және бастауышқа дайындау» кафедрасының студенті
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы
ғылыми жетекшісі: п.ғ.м., аға оқытушы Сейдуалиева А.Н.

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ  МАҢЫЗЫ
ЗНАЧЕНИЕ ОРГАНИЗАЦИИ САМОСТОЯТЕЛЬНОЙ РАБОТЫ МЛАДШИХ ШКОЛЬНИКОВ
THE IMPORTANCE OF ORGANIZING INDEPENDENT WORK OF PRIMARY SCHOOL STUDENTS

Аннотация: Мақалада бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысын ұйымдастырудың  маңызы туралы айтылады. Автор, өзіндік жұмыстар арқылы өз бетімен дами алатын, қиындықтарға төзе білетін, белсенді, білімді, танымдық құзіреттіліктері қалыптасқан бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиеленеді деп қорытынды жасаған.

Тірек сөздер: бастауыш сынып, оқушы, ата-ана, өзіндік жұмыс, оқыту үдерісі.

Аннотация: В статье раскрыта важность организации самостоятельной работы младших школьников. Автором сделан вывод, о том, что через самостоятельную работу воспитывается конкурентоспособная личность, способная самостоятельно развиваться, переносить трудности, активная, образованная, сформированы познавательные компетенции.

Ключевые слова: начальный класс, ученик, родитель, самостоятельная работа, процесс обучения.

Abstract: The article reveals the importance of organizing the independent work of younger schoolchildren. The author concludes that through independent work, a competitive personality is brought up, able to develop independently, endure difficulties, active, educated, cognitive competencies are formed.

Keywords: primary class, student, parent, independent work, learning process.

Өзгеріске, жаңалыққа толы бүгінгі заман: мұғалімге XXI ғасыр бәсекесіне сай, жан-жақты білімді, дарынды, әлемдік білім кеңістігіне ұмтылатын жеке тұлғаны дайындауды міндеттейді. Мемлекеттің күшейіп гүлденуі жеке тұлғаға, яғни болашақ дарындыларға тәуелді екені сөзсіз.

Осы орайда егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұлғада өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілуде. Олай болса, оқушының білім алу үдерісіндегі өзіндік пікірі мен ой-жүйесінің негізі бастауыш сатыда қаланатыны белгілі. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларының өзіндік білімін кеңейтуге деген алғашқы қадамы өз іс-әрекетіне басшылық жасай білуінен байқалады. Оған мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, оқушы ретінде өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыруға жағдай жасау арқылы қол жеткізуге болады.

Өзіндік жұмыс дегеніміз – сабақ үстінде алған білімді мұғалімнің көмегімен және бақылауымен, бірақ оның қатысынсыз орындайтын жоспарлы жұмыс.

Қазақтың көптеген педагог – ғалымдары А.Байтұрсынов, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Көбеев оқушыларды өздігінен дамыту туралы құнды пікірлер айтты.

М.Жұмабаев оқыту үдерісінде қарапайымнан күрделіге көше отырып, өзбетінше білім алуға үйрету қажеттігін көрсетеді. Ол: бала заттарды, көріністерді ұқсаса сындары бойынша тап-тапқа бөліп үйренсін. Жеңілден ауырға көшіді естен шығармауға, керек көріністерді, ойлардың араларындағы байламды hәм олардың қайсысына себеп екенін тауып үйренсін. Бұл балаға мысалдардан ереже – заң шығарқызып үйрету сықылды істермен болады, -деп жазды. [1]

Профессор Т.С.Сабыров өзіндік жұмысты ұйымдастырудың негізгі жолдары мен шарттарын анықтай отырып былай деп көрсеткен: «Оқушылардың өздігінен білім алуға деген қажеттері мен дағдылары өзінен-өзі пайда болмайды: мұндай қасиеттер мектепте мұғалім мен оқушылардың сабақ пен сабақтан тыс жұмыстарда бірлесе отырып,оқу-таным әрекетін ұйымдастыру үрдісінде қалыптасады». [2]
Оқушылардың әр түрлі деңгейдегі өзіндік жұмыстарды орындауы олардың өзіндік танымдық қабілеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді: танып білу қабілеттерінің дамуына, өзіндік ойлауға талпынуға, жаңа жағдайда дұрыс бағыт-бағдар жасай алуға, өз ойын еркін, дәлелді жеткізуге, ақпаратты сыни бағалауға, жаңа дерек көздерін дәйектілікпен талдауға, танымдық құзіреттіліктерде басшылыққа ала білуін қамтамасыз етуге, өз Отанының саналы азаматы болып өсуіне көмектеседі. Оқушының өзіндік танымдық құзіреттілігі көбінесе оқушының жасына, шамасына, білімді қабылдай алу деңгейіне, дайындығына, ынтасына, қызығушылығына, түрлі деңгейдегі тапсырмаларға, мұғалім мен оқушы арасындағы дұрыс түсінушілікке, қарым-қатынасқа, мұғалімнің басшылығына байланысты. Мұндағы ең бастысы оқушы орындап отырған өзіндік жұмысының мазмұны мен сипаты онда танымдық құзіреттіліктерін қалыптастыруға, тапсырмаларды орындауға деген талпынысты тудыру болып табылады.

Жүйелі түрде тиянақты тапсырмалар беру арқылы оқушы зейінін шоғырландырып, назарын нақтылы тақырыпқа аудару оларды ғылыми негізде ойлауға, өмірді танып-білуге, өзін-өзі дамытуға үйретеді. Мұғалім тарапынан берілген мазмұнды тапсырмаларды орындап, тиянақты  білім алуға ұмтылады.

Оқушылардың өзіндік жұмысына мұғалімнің тапсырмасы бойынша, өздері жоспар жасап, істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап орындайтын жұмыстармен қатар, олардың өз еркімен жаңа амал – тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жаттығулары жатады.
Үйге берілетін өзіндік жұмыс оқушылардың өз бетімен білімді игеруіне және ата – ана мен мұғалімге оқушының жетістігін біліп отыруына, сондай – ақ баланың бос уақытын тиімді пайдалануына көмектеседі. Оқушылардың пәнге деген ынтасын арттыру мақсатында сабақ барысында әр түрлі дидактикалық ойындар мен қызықты шығармашылық  жаттығулар енгізіліп оқыту барысындағы тапсырма әдеттегіден өзгеше берілсе, оқушылар зор ынтамен орындап отырады.

Бастауыш сынып оқушылары екі түрлі қабілетпен әрекеттеніп дамып отырады. Атап айтсақ, біріншісі  берілген оқу әрекеті арқылы дамып, білік, білім және дағдыны қабылдайды. Ал  екіншісі – шығармашылық, бұл жағдайда оқушы тапсырмаларды орындау, мәселені шешу барысында өз бетімен әрекет жасайды. Сабақтар неғұрлым қызықты, тартымды болса, соғұрлым оқушының пәнге деген қызығушылығы мен ынтасы зор болып, оқу белсенділігі арта береді. Оқытудың маңызды әдістерінің бірі – өзіндік жұмыс түрлерін жасау.

Бастауыш сыныптарда өзіндік жұмыстарды ұйымдастырудың маңызы  зор. Себебі, өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру нәтижесінде оқушылардың іс-әрекеттерінің дербестігі артып, танымдық қызығушылықтары қалыптаса түседі.Өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың негізгі шарттары мыналар:

– мұғалімнің нақты тапсырмалар беруі;
– жұмысты өз еркімен жасауы;

Өзіндік жұмыстардың маңызын түсіну үшін өзіндік жұмыстардың негізгі міндеттерін атауға болады:
– жеке тұлғаның дербестік қасиетін мейлінше арттыру;
– оқушылардың таным, ақыл-ой қабілетін дамыту;
– жеке тұлғаның дербестік қасиетін мейлінше арттыру; [3]

Өзіндік жұмыстар әртүрлі әдістер арқылы іске асырылады, мысалы, жаттығу, кітаппен жұмыс істеу, бақылау, есеп шығару, әксперимент жүргізу. Өзіндік жұмыстарды сыныпта орындалатын өзіндік жұмыстар және отбасында орындалатын өзіндік жұмыстар деп қарастыруға болады. Сыныпта орындалатын өзіндік жұмыстардың негізгі қызметін бақылау, тексеру болса, үйге берілетін өзіндік жұмыстар қызметі бекіту, жалпылай қорыту, нақтылап дәлелдеу болып табылады. Дұрыс ұйымдастырылған өзіндік жұмыстар жеке тұлғаның еркін дамуын, ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар танымдық құзіреттіліктерін қалыптастырады, мінез-құлқындағы өзіндік менін қарастырады. [4]

Өздігінен істейтін жұмыстарда жеке тұлғаның іскерлік қабілеті, білім көлемі, білім молдылығынан туатын толық дербестігі айқын көрінеді. Өздік жұмыстар оқушының дүниетанымына, ізденімдік қабілетінің дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, өздігінен ой қорытып, шешім шығаруға, дұрыс сөйлеп, сауатты жазуға, тіл байлығын арттыруға жәрдемдеседі.

Олай болса, қызықты сабақтар – мұғалімнің ашқан жаңалығы, өзіндік қолтаңбасы, әдістемелік ізденісі, мақсат – мұраты және көтерілген белесі. Пәнді оқыту барысында тиімді әдіс – тәсілдерді қолдану арқылы төмендегідей нәтижелерге қол жеткізуге болады:
– оқушылардың жаңа материалды оқып-үйренуге және оны игеруге деген  қызығушылығын тудыру;
– оқушылардың оқу-танымдық қызметін (жоспарлау, жоспар бойынша әр түрлі іс-әрекеттер жасау, оның ішінде ойлау қызметін (талдау, зерттеу, жалпылау, модельдеу және т.б.), өзін-өзі бақылау және бағалауды жүргізу біліктігін қалыптастыру;
– оқуға деген ынтасын, пәнгедеген оң көзқарасы мен танымдық қызығушылығын, өздігінен жұмыс атқару дағдысын жетілдіру;
– оқушы өзін жеңімпаз ретінде сезіне алатындай тапсырмаларды әртүрлі күрделі дәрежеде орындату арқылы оқушылардың білімін саралауды ұйымдастыру;
– білімді дайын күйінде бермей, оқушының өзі  ой еңбегін қажет ететін тапсырмаларды орындауы арқылы жетуін ұйымдастыру;
– оқушылардың шығармашылық  қабілеттерін жан-жақты дамытатын әр түрлі белсенді оқыту әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану;
– оқушылардың білім алу нәтижелерін талдап, бағалап, қорытындылау.

Оқыту үдерісінде осындай түрлі іс-әрекеттердің арқасында шығармашылық қабілеті жоғары, өз ойын ашық айта алатын, қоғамға, өндіріске белсене араласатын, жаңалыққа жаны құмар азамат қалыптасады.

Нәтижесінде, әр оқушы өздігінен жұмыс істеуге тырысып, оқушының жеке қабілеттілігі айқындалады; іштей бір-бірінен қалмауға ұмтылады, әр бала шамасына қарай бағаланады да, кез  келген қиыншылыққа төзуге, жеңуге икемденеді.

Қорыта айтсақ, жүйелі жүргізілген өзіндік жұмыстар арқылы өз бетімен дами алатын, қиындықтарға төзе білетін, белсенді, білімді, танымдық құзіреттіліктері қалыптасқан бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиеленеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. М.Жұмабаев Педагогика Алматы, 1992 ж., 93б.
2. Т.Сабыров  Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары Алматы, 1988ж., 105б.
3. Ахметова А. Бастауыш сыныптардағы өзіндік жұмыстардың маңызы // Бастауыш мектеп, 2008, №3, 4б.
4. Г.Сәдуақасқызы. Өзіндік жұмыстарға арналған тапсырмалар.// Химия мектепте ғылыми педагогикалық журналы №3, 2019 жыл 13 б.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз