Өлең, жыр, ақындар

Әдебиеттік оқу үдерісінде балалар шығармаларының құрылымдық талдауға үйрету әдістемесі

АННОТАЦИЯ

Велимжанова Захиинур Азатовна
Сарсенбаева Әсем Әбдіханқызы

Тақырыбы: Әдебиеттік оқу үдерісінде балалар шығармаларының құрылымдық талдауға үйрету әдістемесі.
Оқу орны: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті.
Жұмыс көлемі: 3 бет.
Пайдаланылған әдебиеттер саны: 3.

Дипломдық жұмыстың өзектілігі: Балаларға арналған арнайы шығармаларды балаларға оқыту барысында балалар белгілі бір шығарманы оқи отырып, шығармадағы әрбір кейіпкердің іс-әрекетіне, мінез-құлқына, қасиеттеріне, даралық және даналық ерекшеліктеріне, адами қасиеттеріне өзіндік талдау жасай отырып, әрбір кейіпкердің жан-дүниесін түсінуді және оған өз қөзқарастарын білдіруді үйренеді. Балалар шығармаларында көбінесе қолданылатын көркем әдебиет болып саналады. Балалар көркем шығармаларды оқу арқылы әрбір шығарма мәтінінің жанрын, стилін, құрылымын, тақырыбын, баяндау ерекшеліктерін, мәтіннің ішіндегі әрбір құбылыстарды, шығармадағы болып жатқан әрбір оқиғаның жақсы және жаман жерлерін ажырата біледі және әрбір шығарманың өзіндік ерекшеліктерін сол мәтіннің ішінен табу арқылы әрбір терминді жетік меңгере алады. Балалар шығармашылығындағы көркем әдебиет шығармалары осындай қасиеттері арқылы балаларды қызықтыра алады және әрбір баланы оқуға ынталандырып, шығарма барысындағы кейіпкерлер баланы оқуға тартып тұрады.
Дипломдық жұмыстың мақсаты: Балаларды шығармалардың қыр-сырын үйреніп, шығармаларды талдау арқылы сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, оқулықтарға деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы болып саналатын балалар шығармаларын игертіп, сол арқылы балаларды, имандылыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу.

Міндеттері:
1. Балалар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектермен таныстыру;
2. Балалар шығармаларын оқыту кезінде талдау жұмыстарын жүргізу;
3. Балалар әдебиетінің негізгі және өзекті мәселелерін анық көрсете білу.

Зерттеу әдістері: Дипломдық жұмыстың алғашқы теориялық бөлімі ғылыми еңбектерге шолу жасау, балалар әдебиетіне арналған оқу құралдарын қолдану, мерзімді баспасөз беттерінен орын алған шығармаларға талдау жасау, жүйелік талдау арқылы жасалды.
Екінші эксперименттік бөлім мектептегі балаларды оқыту негізгі оқу материалдары қамтылған дәрістер мен практикалық сабақтар негізінде жүргізілді. Балаларға жүргізілген практикалық сабақтар барысында оқу-жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлау кезеңдері қолданылып, сұрақ-жауап, шығарманы баяндап беру, талқылау, талдау әдістері қолданылды.

Зерттеу кезеңдері:

І кезең-теориялық кезең: Жалпы балалар әдебиетінің шығармаларын талдау барысында оқытудың сапасын жақсарту үшін оқушының сауаттылығын, тіл байлығын жетілдіру қажеттігі туындайды. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің тұжырымдамалары әдебиеттік оқу үдерісінде көркем шығармалардың, оқушының тілін дамытуда, идеялық көзқарастарын дамытуда, таным теориясындағы балалар әдебиеті туралы философиялық тұжырымдар, әдеби заңдылықтар, көзқарастар біздің зерттеу жұмысымыздың әдіснамалық негізі болып табылады.

Оқушылардың сана-сезімін оятуда балалар әдебиетін пайдаланудың рөлін анықтауға педагогикалық, әдебиеттік, этнопедагогикалық еңбектерге және ежелден келе жатқан халық ауыз әдебиеттеріне арналған талдаулар негіз болды. Мектеп оқушыларының ақыл-парасаттылығын, оқуға деген қызығушылықтарын арттыру үшін сабақта әдеби мұраларды пайдалану жағдайына жасалған талдаулар, заман талабынан туындап отырған қажеттілікті өңдеу үшін бүгінде әдеби бағдарламаларды жетілдіру қажеттігі көрсетілді.

Әдебиеттану ғылымы әдеби талдауда ең басты мына мәселелерге көңіл аудартады (ғылыми талдаудың негізгі принциптері мынадай):
а) Көркем шығармадағы авторлық көзқарас;
ә) Көркем шығармадағы мазмұн мен форманың бірлігі;
б) Суреткердің көркем тәсілі, дүниетанымы, көзқарасы, олардың арасындағы байланысты ашу.

Балалар шығармасын талдау кезінде осы принциптерді басшылыққа алу оқытылып жатқан көркем шығарма туралы, оның авторы туралы үстірт пікірлер мен жалған бағалардан сақтандырады. Талдаудың қай дәрежеде болуы мұғалімнің талдау әдіс-тәсілдерін қалай меңгергеніне де байланысты болады. Әрине, сөз жоқ, мұғалімнің терең әдеби білімі, кең ой-өрісі, көркем шығарманы объективті түрде бар бітім-болмысымен қабылдай білуі де талдауға әсер етеді. Талдау кезінде композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем шығарма негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады. [1, 23 б.]

Мұғалім әдеби талдау арқылы оқушылардың әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, бүкіл жан дүниесін оятады. Осы мәселелерде, әсіресе, мәнерлеп оқу, көркемдеп оқудың маңызы ерекше. Мәнерлеп оқу көркем шығарманы қабылдай білу, түсіне білу, әрі талдай білуге жетелейтін маңызды бір тәсіл десек, артық айтпаймыз. Кейде, әсіресе, лирикалық өлеңдерді екі түрлі мәнерлеп оқып, қайсысы лирика негізіндегі идея, проблеманы ашуға жақын екендігін оқушыны қатыстыра отырып, анықтауға да болады. Мәнерлеп оқу, ең алдымен, оқушыларды көркем шығарманы барлық бітім-болмысымен толық түсіне білуге алып келеді. Ал көркем шығарманы толық түсіне білу, сөз жоқ, әдеби талдауды жеңілдетеді. Көркем шығарма бойына «қан жүгіртіп, жан бітіретін» мәнерлеп оқу болып табылады. Әдеби талдау барысында мұғалім үнемі мәнерлеп оқуға көңіл бөліп отыру керек. Әсіресе, кейіпкерлерге мінездеме бергенде, жазушы стилі, көркем тіл айналасында сөз болғанда, қорыта айтқанда, бір мәселеге ерекше көңіл бөле алмағанда, оны мәнерлеп оқусыз жүзеге асыру өз дәрежесінде болмайды.

ІІ кезең-практикалық яғни, тәжірибелік кезең: Жүргізілген тәжірибелік жұмыстар барысында әдебиет сабағында көркем шығармаларды қажеттігіне қарай пайдалану, өзіндік қорытынды жасау шығармалық қабілетін дамытуда, рөлдерді сахналауға, т.б.мүмкіндік туғызады.
Жүргізілген тәжірибе жұмыстарының нәтижесінде әдебиет сабағында өткізілетін материалдарды балаларға жеңіл түсінуге, көркем шығармаларды оқуға және жеңіл жаттауға мүмкіндік туады.

Тәжірибе барысында біз балаларға еркіндік бердік. Шығарма кейіпкерлерін суретпен салу, шығарма кейіпкерлеріне еліктеу, шығарманы рөлдерге бөлу,  шығармадағы кейіпкерді балалардың өзіне сомдату тәрізді көріністерді балалар өзі бейнеледі.

Қорытынды: Бұдан шығатын қорытынды әлі де болса елімізде балаларға арналған шығармалардың саны көп деп айта алмаймыз. Балаларға арналған шығармалар қорын толықтыру үшін арнайы жасалған тақырыптық бағдарламалар саны көп болу қажет және оны жүзеге асыру үшін педагогтарға нұсқау беріп отыратын ғылыми әдістемелік нұсқаулықтар көбірек әзірленуі қажет.

Балалар әдебиетінің шығармалары туралы зерттеу еңбектер болғанымен, нақты балалар әдебиетін талдау арқылы пайдалану туралы әдістеме осы кезге дейін нақты болған емес. Сондықтан да балалар шығармалары деп көбінесе ежелгі кезден бастап қазіргі дейін көбінесе халық ауыз әдебиеттері қолданылып келе жатыр.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Бітібаева Қ. «Әдебиетті оқыту әдістемесі»,  -Алматы: «Рауан», 1997 ж. -283 б.  ISBN 5-625-030-58-8
2. Жұмақаева Б.Д. «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі»: Оқулық, -Алматы, «Қыздар университеті» баспасы, 2015.  -242 б.
3. Қалшабек А. «Әдебиеттану ғылымына кіріспе», Оқулық. –Астана: Фолиант, 2016.  -208 б.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер