Екей бытырағанда, көбірек барған жері Іле бойындағы Жалайыр, Үйсін елінің іші болады. Ол жөнінде Екей ішіндегі Бұйдалы деген атаның тұқымы тұтасымен Іле бойында болғаны оған дәлел. Сол Бұйдалы руын көшіріп әкелуге Сарыбай қолына қағаз әперіп, өзінің інісі Саржанды жібереді. Саржан барып Бұйдалы руынан барлық Іле бойындағы елді көшіріп алып қайтады. Осы жөнінде Бұйдалы руынан шыққан Мәмбетбай деген ақынның айтқан өлеңі бар:
«Сарыбайымнан хат келді,
Сарыжаным aп келді.
Ер молдамыз көш деді,
Еліне бас қос деді.
Көшіп шықтық
Шеңгелдінің жолымен,
Мал түспеген сонымен,
Жотада қойды қоздаттық,
Үш Шоқы мен Қопада.
Ащыбұлақ жанында,
Қали биге қосылдық», —
деп жырлаған. Бұл — Екейдің азып-тозып бытырап кеткен елін Сарыбайдың үлкен еңбекпен басын қайта қосқанына бір дәлел (Мұны бізге айтқан Бейсенбай Сейітұлы, «Қызыләскер» колхозы, Жамбыл ауданы. Жасы алпыстан асқан қарт. 1944 жылы әңгімелестік).
Айналасы 7-8 жылдың ішінде Екейдің шетте жүрген ауылдары көшіп келіп қосыла береді. Жаз жайлау, қысқы қыстау, күзеу ел құралған сайын тарыла береді. Осы кезде қырғыздың атақты манабы Жантай батырдың (бұл Шабданның әкесі) ауылына Сарыбай барады. Оның бару себебі: Сарыбай қырғыз бен Шапырашты жерінің арасын межелі етіп бөліп алғанда, Тоқпақтың бер жағы мен Көкайрақ, Көбін өзендерін өзіне қаратып алғанын жоғарыда айттық. Біраз жылдан кейін қырғыздар Шудан өте қонып, Көкайрақ өзенін өрлей жайлайтын болады. Өзіне қаратып алған жеріне қырғыздың тілдеспей қонып алғанына наразы болып, Сарыбай осы жөнінде сөйлесуге барады. Бұл жолында Сарыбаймен Сүйінбай да бірге барады. Орыс қолын Тәшкенге дейін бастап апарған Сарыбайдың атағы қырғыз еліне де мәлім. Бұл жөнінде Жантай Сарыбайдың бұл келуін іштей қауіппен қарсы алады. Қырғыздың әдеті бойынша, босағадан қонақасыға әкелген қойдың басын Жантай өзі көтеріп ұстап тұрып бата сұрайды. Әбден күтіп қонақ болып, енді аттанарда Жантай Сарыбайдың қай жөнмен келгенін, қандай шаруасы барын сұрайды. Сарыбай өзінің келген жұмысы орыс Ұлықтарының рұқсатымен қырғыз, қазақ арасына жүргізген бөліктен асып жайлап, қазақ жеріне еніп отырған қырғыз елінің озбырлығын айтып, Жантайдан жайлауды босатуды сұрайды. Жантай Сарыбайдың бұл сөзіне дұрыс жауап береді: «Біздің қазақ жеріне дауымыз жоқ, орыс ұлығының кесіп бергені рас, бірақ бізге бұл жерді Шапыраштының болысы Андас мал алып сатты. Өтірік десе, Андасты ертіп келіп малымды қайтарт, жеріңнен көшемін. Болмайды екен, бізбен сөйлеспе, жерді бізге сатқан Андаспен сөйлес», — дейді.
Андас атты деген сөзден асып Сарыбай дау айтпайды да, атына мініп елге келеді. Андасқа кісі салады. «Қырғызға Шапыраштының жайлауын жалғыз неге сатасың? Қырғыздың малын қайтар, жерді босаттыр», — дейді. Оған Андас Есқожаның көптігіне, байлығына сенеді де жауап бермейді. Оған Сарыбай өкпелейді де, Ұзынағаштағы орыс Ұлықтарына келіп жолығып, Есқожадан бөлініп бөлек болыс болуға рұқсат алады. Екей, Айқым елі атаның баласы болып бірігіп, Есқожадан бөлінеді де, Қарғалы болысы атанып Бөлек болыс болады.
Екі болысқа бөлініп жазу-сызулары ашылғаннан кейін, Есқожа мен Екей арасының қоныс шегіне бөлік жүреді. Осы бөлікте Сарыбай Есқожадан жерді ойдағыдай артық кестіріп алады. Әсіресе, Қарақия, Қара қыстақ, Үлкен саз, Құлан саз, Бота саз, Майтөбе сияқты Ұлтанды жайлауды, таңдаулы қыстауларды алып қояды. Сарыбайдың Есқожамен осы үлкен айтыс-тартысының ішінде өзіне серік болған Екейдің адамдары Сүйінбай ақын, Жапа, Райымбек, тағы сол сияқты жігіттер болады.
Екей мен Есқожаның Шапырашты мен Дулат арасының жер бөліктері, олардың жер таласындағы уақиғалары туралы әңгіме, өлең толып жатыр. Оларды бұл жерге келтірудің қажеті де жоқ. Орыс патшасының қол астына қарап, әрбір атаның Ұлы әкімшілік аумаққа бөлініп өздеріне жайлау, күзеу, қыстау, көктеу жерлерін меншіктегенде талай үлкен жанжал, барымта, ұрыс, таластар болады. Соның бірі — ел ортасында күні осы күнге дейін аңыз болып қалған бір оқиға. Дегерес совхозы мен Ұзынағаш поселкесінің екі аралығында Самсы деген жер бар. Қазір ол жерде Самсы колхозы қоныстанған. Жердің аты қалай Самсы аталды деп сұрастырғанда, сол колхоздың 75 жастағы ақсақал мүшесі Досмағамбет Әлімбек ұлының айтуына қарағанда, осы Самсы жөнінде мынадай әңгімелер естідік. Самсы колхозындағы отырған еңбекшілер — бұрынғы Дулат елінің Тілеуғабыл деген руынан тараған елдер.
Осы Самсы өлкесіне бірнеше бұлақтың суын бұрып әкеп, Тілеуғабыл елі тоған байлап, егін салмақ болады. Сол күндегі Есқожаның жуан ауылы, Мырзабек тұқымынан шыққан Андас датқа Тілеуқабыл руын Самсыдан көшіріп, тоғанды өзі алмақ болады. Екі жақ қолжиып, үлкен төбелес болады. Сол ұрыста Тілеуқабыл жағынан Самсы деген мықты жігіті Есқожаның қолына жалғыз кіріп кетіп, төбелесіп, бірнеше кісісін соққыға жығып, бірақ өзі де көп таяқ жеп соққыға жығылады. Самсының Есқожа қолына жалғыз кіріп қатты қайрат істеуі Тілеуқабыл жағының адамдарына күш бергендей, аянбай қимылдап, Есқожаның кісілерін тоғанның Пасынан түріп айдап шығады. Содан тоғанға Тілеуғабыл ие болып қалады да, сол тоғанның атын басында Самсы жығылған деп жүреді де, артынан Самсы атанып кетеді. Бұл - бір ғана жер таласының жайында болған әңгіменің түрі.
Шапыраштының, оның ішінде Есқожаның Сұраншы батыры орыс қолына қызмет етіп прапорщик шенін алуы, Сарыбайдың орыс Ұлықтарына беделді болуы, Дулаттың бұл тұстағы елдеріне бірсыпыра үстемдік еткен сияқты. «Октябрь» колхозының мүшесі Молдабек Етібай баласы — қазірде 60 жасқа келген, әңгімешіл ақсақалдың бірі. Ол: «Осы күнгі Екей, Есқожаның отырған жерінде бұрын Дулат рулары болған екен. Мырзабек, Кешке, Сұраншы, Саурық, Андас, Сарыбайлардың тұсында ғана Дулаттан Шапырашты өздеріне қаратып алған екен», — дейді. Бұл жөнінде Дулат пен Шапыраштының жер арасы жіктеліп, Суықтөбе, Саржазық, Қарақияны Шапырашты алып, Дулаттар кеткенде, Дулаттың Қоралас деген руынан шыққан кісісі жермен қоштасып:
«Сарымсақты, Саржазықай жер табылмас,
Жанашыр ата рудан ел табылмас,
Кірін жуып, кіндік кескен, Суықтөбем
Көшкен соң сені тастап кім сағынбас.
Қалдың ба, Суықтөбе, кербетеге,
Қонысын рас тастап ел кете ме.
Кескінді ұл, қияпатты келін түспей,
Көсеген қонысына ел жете ме?», —
деп, жырлаған екен. «Қайран, қойдың құлағы шығып тұрған, Қопа - ай!» — деп, Мәтібұлаққа тиіп тұрып жылаған екен дейді.
Мінеки, Жамбыл ауылдары Хан, Жамбыл тауларынан қайта серпіліп көшіп келіп, өз еліне орныққанда, Екей, Есқожаның, Шапырашты, Дулаттың қоныс жайы үлкен күрес-тартыста болған кезі болады. Жер таласында Жамбылдың өз әкесі Жапа да, оның інісі Жадыра да талай ұрыс-жанжалдық ішінде болып қайрат істейді. Жоғарыда айтылған Самсы төбелесінде Самсыны ұрып аттан түсірген осы Екей жігіттері, оның ішінде Жапа да бар деген сөзді айтады. Бірақ Самсы өліп кетсе, қанды қол болудан қорқып, олар ешкімге айтпаған екен. Ал соғыстың ішінде болуы рас дейді. Жер арасын жіктеуде болыс-болысқа бөлінудің үлкен орны болған. Мысалы, Сарыбай бастаған Екей елі Есқожадан бөлінгенде, жерге ие болып шекарасын белгілеп алу үшін бөлінген сияқты. Өйткені Шапырашты алғашқыда «Дөңгелек болыс» болып тұрғанда, Есқожа тұқымының жуандары өздері болыс болып жайлауды, күздеудің, қыстаудың жақсы жерін бауырына басып, көп зорлық істеген. Екейдің бөлінуі де осы зорлықтан құтылудың бір әдісі болған. Есқожадан Қарғалы болысы бөлініп, Екей, Айқым бірсыпыра уақытқа дейін бірге болыстас болып жүр екен. Бұл жөнде Сарыбайдың мынандай өлеңі бар:
«Барлық Екей сегіз жүз сексен бес үй,
Қойдалының баласы Күртібай би.
Тоғыз жылдай Бекетте шошқа баққан,
Аманбайда болыпты Әйтеке би.
Қалқаман, Қарасаздан кеттің - ау,
Қар жауғанда жатушы ең бие сауып,
Ғаріп пенен қасерге жақсы-ақ еді,
Обалың қалды ғой, Әтен, Саурық».
Әтен, Саурық деген Қалқаман руының атқа мінер кісілері екен. Айқым Екейден бөлініп екі болысқа шығарда Қалқаман руы: «Екейден бөлінбейміз, осында қаламыз», — дегенде, болмай елді бастап көшкен осы екеуі екен. Қарасаз деген жер бұрын Қалқаманның қонысы болса керек. Екей мен Айқым бөлінгенде, Қарасаз Екейге қарап қалады. Содан барып Қалқаман Қарасазды тастап, Айқым болысына кеткендіктен айтылған сөз.
Есқожа — Суықтөбе, Ақтасты, Қарақия, Қарақыстақ өзендерінің бойын жайлап, Екей, Желдісай, Майтөбе, Құлансаз, Үлкенсаз, Саржазықты жайлап, Көктөбе, Ботасаз, Ұяқарман, Қарғалы, Алаяқ бойларын Айқым, Қалқаман жайлап, жаз болғанда қанаттаса отырып алып, жайлау таласып та талай рет соғысып арпалысқан әңгімелері бар көрінеді.
Екей мен Есқожа арасы жер таласынан көп шиеленіседі. Жоғарыда айтқан жер шекараларына таласып, әлденеше рет қол жинап та соғысып көрген. Орыс Ұлықтарына шабысу, арыздасу, жала жабу, бірін бірі көрсету деген қаптап кетеді. Бірақ одан Есқожа мәз еш нәрсе шығарып өндіре қоймайды. Көбінесе қара бақан сойылға сүйеніп қол күш істей береді.
Сөйтіп жүргенде, Есқожамен арасында үлкен төбелес болады. Осы төбелесте Есқожа адамдары Екейге пәле салып, жерден кетіру үшін, Көтей деген өлмелі шалды өздері ұрып өлтіреді де, Екей өлтірді деп қалаға кісі шаптырады. Бұл соғыста Есқожамен төбелескен Екейдің Әлти, Қосай деген ауылдарының жігіттері болады. Олар Есқожаның жала жаппақ болған қулығын айтып Сарыбайға келеді. Сонда отырып Сарыбай:
«Ауылымның ақсақалы Ашықбайды,
Есқожа тастап көшті Сасықбайды,
Көтей өлсе, шүйгісін көрден көрге,
Екі сүйем Екей бір асықпайды», —
дейді.
Мырзабек тұқымдары (Есқожа руы) өлмелі шалды өздері өлтіріп, жаласын Екейге жауып пәле салып отырғанын, жерді басып қалмақ болғанын анықтап біліп отырған Сарыбай осы сезді айтуы Екейдің адамдарына үлкен қайрат болады. Осының арты ұлан-асыр дау болады. Қаладан дәрігер шығып Көтейді сояды. Бар куәлар мен болған оқиғаның жайымен тергеліп келгенде, Көтейді өлтіргеннен Екей руы аман болады да, Есқожа кісілері өздері жауапты болып қалады. Осының өзі Есқожа адамдарының Екейден бетін қайтарады.
Әр жерге бытыраған Екей руы қайта құралғанда, өмір сүру, шаруашылық жағынан басқа елдерден үлгі де ала қайтады. Екейдің Қосан деген атасының баласы алғашқы бытырап кеткенде, Албан ішіне, Текес өзенінің бойына көшіп барады. Текеске жақын Жаркент қаласы, Қапалдағы орыс поселкелері еңбекшілерінің егін салу, үй салып мекендеу сияқты өнерлерін үйреніп, қайтадан өз елдеріне көшіп келгенде, аздап тұқым ала қайтады. Мысалы, Қосай руының Нұрымбет деген кісісі Текестен қайта көшкенде, Жаркенттегі егінші ойғырлардан бір тақия тары алып қайтады. Сонан Қарақыстақтың бас жағындағы Қызылауыз деген бұлақтан тоған байлап, сол тарыны салады. Содан алғашқы жылы екі қап алады. Бұл тарыны еккен жылдары 1860 жылдардың шамасы сияқты. Өйткені Нұрымбеттің баласы Сары: «Сол егінді салғанда он төрт жасар едім, әкем жалғыз ағаш соқаны өзі ұстап, қосты мен айдап едім», — дейді екен. Ал Сары Жамбылмен түйдей құрдас екен. Осы есептен қарағанда, бұл бұдан 85-86 жылдар шамасы бұрын болған.
Екей руының, тіпті, осы Алатау алабындағы Шапырашты Дулаттың көшкен елдерінің ішінде ең алғаш жер тырнап, егін салған, бұлақтың суын бөгеп, егін суарған — осы Нұрымбет баласы Сары. Кейінгі шал болған кезінде әңгіме етіп айтып отырады екен: «Осы елдің осы күнгі егіп жүрген тарысы — сол біздің Текестен әкелген бір тақия тарымыздың тұқымы. Біз алғашқы әкелгенде бас бармақтай үлкен болушы еді. Қазір кеп егіліп, пүшектеніп кішірейіп кетті», — дейді екен. Алғашқы егінді салғанда Сарының әкесі тораңғының түбірін тіс қылып, екі түйеге мойынағашпен байлап, сонымен жыртқан екен. Бұл Алатау бауырындағы көшпелі елдің ең алғаш егін кәсібін бастау кезіндегі егіншісінің бірі осы болыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі