Күн құлан иектен атып, шуағы жер-әлемді аймалай құйын қуған қаңбақша әрбір гүлді қытықтай оятып, сәулесін бәріне таратты. Ауылдағы әрбір тіршілік атауы ұйқысынан оянып, фәнидегі өз қызметін сезгендей бейберекет жыбыр іске кірісер. Күннің сәулесі ай секілді емес, Айнажанға келгенде қытымыр-қырсық. Бар болғыр ай сәулесіндей әлдилеп бесікте қалай тербетсін бұны. Анасы пердесін түріп ашып қойған кішкене төрт жақтаулы терезеден бетіне жарқ етіп, тәтті елес түсті бұзғанымен қоймай, дәл алдына кеп қақиып тұрып алды. Басты көтермеске ендігі не шара. Айнажан аулаға шығып, таңғы ауаны қомағайлана жұтып, ауылды барлап шыққанға тойған емес. Бүкіл ауыл танитын, жұрттың құлқын қашырып, қытығына тиген, әр қоршауды жыртқышса талқандаған, тарғыл мен сары сиырын ертіп тауға беттейтін. Айнажанның көзі ең алдымен басын қырау шалып, сақалды әулие шалдай тұнжыраған қарт Хантәңіріне түсуші еді. Тау орнында ма деп емес әрине. Таң шапағы жылулық сыйлай алмаса да шуағына бөлеген Хантәңірінің шыңы мен Тянь-Шань таулары бар қойнындағы алмас-гауһарларын көкке көтеріп, сәулеге шағылыстырып, жалтырап тұрғандай көздің жауын алатын. Бұл көрініске жаһандағы бар алтынды жиып кеп, алдыңа тосса да айырбастау мүмкін болмас, сірә! Күйбең тірлікпен ерте іске кірісіп кеткен ауыл тұрғындарының құмырсқаша қимылына, хан ордасына бергісіз кірпіш үйлері мен сұрғылт шатырына қарап, асау ағынды Белтоғанға қалай жеткенін байқамайды Айнажан. Белтоғанның бұлақты бастауына келіп, мөлдір таза суы мен оразасын ашып, тау басына көтеріледі. Қырқадағы ірі-қара мен тұяқтылар алыстан мүсін кейіпте көрінгенімен жанына жеткенде баяу балғын шөпті ашқарақтана күйсеп тұрады. Өрісте жайылған төрт түліктер таудың бауырында еркелеп ойнағандай көрінеді. Жасыл-желекке оранған тау осы бауырындағы әрбір перзентіне мейіріммен қараған анадай. Айнажан бұны сезеді білем, ана құшағына тығыла түсіп, көк майса шөпті сипай жайғаса кетті. Тау басынан ауыл алақанға сыйып кететін секілді. Базар сияқты аралап тауыса алмайтын бұл өңір енді көз ұшындағы сағым. Екінші жақтауданкөрінген Қытай ауылдары мен жота-жота тауы бір иелікке таласқан екі илеу құмырысқа қырғын тағдырдай, тізілген сарбазша күй береді. Айнажан келген ізімен аптықпай кері қайтты. Бір дастарқан басында бауырларымен шүйіркелесіп, үлкендердің әңгімесін тыңдағанды жаны сүйеді.
Міне, тағы бір жаңа күннің жаңа парағы ашылд. Бұл жолы Айнажанды күн сәулесі емес, шашынан сипап, маңдайын иіскеп әжесі оятты. Қыртыс-қыртыс Сахараның құм басқан сайын жолындай бейнеттің бейнесі болған, шалғау тартқан әжімді жүзіне қарап Айнажан әжесінің кезінде айтып жеткісіз көрікті, отты төңкеріп қарайтын бота көзді, қою қанық ұзын қара бұрымды ару болғанын білетін, суретін де көргені бар. Сол тоқсанның белінен асқан әжесінің көзіне қарасаң құралайын қыймайтын еліктей әлден сағыныш кейіп байқалады. Ауыл мен қала арасында қатынайтын шопыр аға да есік алдына келіп жетті. Жүруге оқтайланғанда әжесінің аузынан әр келгенде шығатын сөзін айна қатесіз тағы да естіді. «Қайда жүрсеңде аман жүр, әкем, кешке сыртқа шықпа. Енді келгеніңді көрер ме екем, бармын ба, жоқпын ба, әйтеу аман жүрсең болғаны». Кішкене баладай шөгіп, құшағына еркін сыйған әжесіне қарап «Ой, әже, қайда асығасыз, жазда келемін, күтіп алыңыз» деп күлімдеп қоштасты. Ана жүрек қайдан білсін әр жыл жазда баласын осылай шығарып саларын. Күн де күңгірт тартып, ақ бұлт пен қара бұлт тете өскен қозыдай төбелесе ойнап тұрған секілді. Көлік терезесінен ауылға қарағаны сол еді құдды бір мұңайып, қимастықпен әжесімен қоса жылап тұрған кейіпте. Көлік жалғыз соқпақ жолмен аяңдады...
Еңлік Нұрболқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі