Өлең, жыр, ақындар

Шәкәрім шығармаларындағы метафоралық қолданыстар

Аметова Малика, Нұрқабылова Нұрайым

«Тіл білімі сөздігінде»: «Метафора — (грек. metaphora — ауыстыру) троптың бір түрі, ұқсастық, сəйкестік негізінде сөздер мен сөз орамдарының ауыспалы мағынада қолданылуы» [1, 220] деп беріледі, ал метафоралану «... ауыспалы мағынаның пайда болуы мен оның экспрессивті қасиеттерінің күшеюі нəтижесінде сөздің мағыналық аумағының кеңеюі» деп түсіндіріледі [1. 220]

Жалпы-метафоралық құбылыстың теориялық парадигмасы Аристотельден бастау алады. «Поэтика» және «Риторика» атты трактаттарында метафораны, ең алдымен, стилистикалық тәсіл ретінде қарастырады:

  1. Метафора балама (ұқсату) яки салыстыруға құрылады;

  2. Метафора түсініктілік пен жұмбақтылықты байланыстыруы тиіс;

  3. Метафора белгілі дүние туралы білім негізінде белгісіз дүниені тануға мүмкіндік және оған атау береді;

  4. Метафора түсінікті қалыптастыруда жеке акт болып саналады [2, 414]. 

Метафора қазақ халқының ұлттық танымы мен жыраулық интуиция тудырған дүниенің концептуалдық бейнесін көркем тілмен, күрделі қисынмен шебер үйлестіріп берген тілдегі ассоциациялану мен окказиолдану тәрізді семантикалық тәсілдердің ерекше үлгісі екені анық.

Р. Барлыбаев өзінің “Қазақ тіліндегі сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы” атты кандидаттық диссертациясында метафораны қолдану сипатына қарай екі түрге бөледі:

а) тілдік (сөздік) метафора;

ә) поэтикалық (сөйлеу кезінде туындайтын контекстік) метафора

Тілдік (сөздік) метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның семантикалық

шеңберін кеңейтіп, әрдайым үздіксіз дамытып отырады. Тілдік метафораны

жалпыхалықтық сипатына қарап дәстүрлі метафора деп де атайды. Тілдік метафоралар – туынды сөздерде метафоралық қасиеттер күңгірттеніп, соның нәтижесінде жаңа лексемалардың пайда болуы. Метафора аталым тұрғысынан бейнелілік қасиетінен өтіп, тек ұғымға атау беру қызметіне көшеді.

Поэтикалық метафора – саналы түрде белгілі мақсат үшін көркемдік

құрал ретінде көркем әдебиет пен көсемсөз стилінде қолданылады Кейде поэтикалық метафораны индивидуалды-авторлық (оккозионалдық - жеке қолданыстағы) метафоралар деп атайды.”

Окказионалды метафоралар жеке автордың шығармашылығында пайда болып, əр ақын немесе жазушының өзіндік жазу мəнерін көрсететін қолданыстар екендігі мəлім. Оның мынандай өзіндік ерекшеліктері бар: 

  • дайын тілдік бірлік ретінде қолданылмайды; 

  • құрамындағы сөздердің бастапқы лексикалық мағынасы мүлдем жойылып кетпейді; 

  • жеке автордың таным-түсінігімен пайда болады; 

  • мəтін ішінде ғана байланысқа түсіп, өзіндік мағынаға ие болып қолданылады. 

Демек, окказионалды метафоралар сөздің контекстік мағынасына негізделеді. 

Шәкәрім шығармаларынан осы-сынды түрлі ерекше метафоралық қолданыстарды анықтауға болады.

Р/с

Концепт

Мысалдар:

Жасалу жолы:

Прагматикалық сипаты:

Салыстыру:

1

Ар-ұят, ақыл

“Таза арақ - таза ақыл” [3, 24]; “Дәлелім - ұждан”  [3, 58]; “Құдай - бар, ұждан - дұрыс, қиямет - шын” [3, 70];  “Ақылға билетпеген пенде - айуан” [3, 97]; “Рух деген - дінсіз таза ақыл” [3, 116];

“Бар ғылымның түп атасы - таза ақылмен ойлану” [3, 165]; “Құбылған әлем жарысы - ақылды жанның табысы” [3, 181]; “Ақылды жанның мүлкі - әлем” [3, 182].

Назарға алып  отырған  екі нысанның  тікелей  сәйкестігі  негізінде  жасалып, олардың арасындағы  сәйкестік  анық байқалып, дені коннотаттық мағына жүктеу арқылы жасалған.

Ар-ұят тақырыбы Шәкәрім шығармашылығында ерекше орын алады. Оның философиясы бойынша, ар-ұят - адамның рух қабатынан шығатын құндылықтардың бірі. Ар-ұят - ірі құндылық, Алланың бар екендігінің дәлелі. 

Мәшһүр Жүсіп: “Рауан – ай мен күннің сәулесіндей, 

Рух – жан: қабылдап алған барша тәнді. 

Рауан – денедегі секілді қол [10, 232 б.]. 

 

2

Адам

“Адам - залым, әлемге жау” [3, 12]; “Ойласаң, барша адамзат - туған бауыр” [3, 84];

“Барша адам - суға аққан дөңбек” [3, 299].

Метафоралар суреттеліп отырған нысанға басқа нысанның, заттың атауы беріліп (метафора-жұмбақ), коннотаттық мағына үстелу арқылы жасалған.

Шәкәрім шығармаларынан түсінгеніміз, ғылымсыз, ізденіссіз адам - әлемге жау, адам деп атауға келмейді. Себебі, адамға Алла ақыл мен рух берген. Ақыл оны танудың, өзін танудың басты алғышарты. 

 

3

Жан

“Жан - өзің, дене - киім” [3, 54]; “Жан мен дене - қосылған ерлі-қатын” [3, 95], “Қозғаған қуат - жан” [3, 114]; “Оның жаны - баяғы ескі жаны” [3, 118]; “Бас көзімен қарасаң, нәпсі - жалған” [3, 157]; “Тіршілік - жоғалатын жан сипаты” [3, 210]; “Жан - қожа, тән дегенің - жанның құлы.

Тән - терезе, қарайтын жан - иесі”  [3, 212]; “Мен деген – жан, ақыл – айнам” [3, 217]; “Естi сол жан – Тәңiрi әсерi” [3, 220]

Мағынаға келесі нысанның мағынасы телініп, конотаттық мағына үстелген.

Шәкәрім шығармашылығында екі түрлі жан ұғымы кездеседі. Біріншісі - аңда да, адамда да бар жан. Екіншісі - тек адамға тән таза ақылмен нұрланған жан. Шәкәрім оны рух не таза ақыл деп те қолданады. Жануар мен адамға тән жан - нәпсі ұғымымен алмастырылады. Себебі, оған ақыл тән емес. 

Абай Құнанбаев: “Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі, "Мені" мен "менікінің" мағынасы — екі”

4

Ой

“”Мастық деп айтса - терең ой” [3, 34]; “Тән-терезе, ой-қожасы” [3, 164];

“Ақылдың шолғыншысы - ойқұмарлық” [3, 219]

Метафораға коннотаттық мағына үстеліп, алғашқы нысан мен келесі нысанның тікелей сәйкестігі негізінде жасалған.

Ой - адамға берілген ірі құндылықтарды, ақыл мен ар-ұятты іске қосатын танымдық әрекет. Шәкәрім танымында, ақылдың шолғыншысы (барлаушысы, бақылаушысы) - ойқұмарлық. Ойдың маңыздылығын Шәкәрімнің өз өлеңінен байқай аламыз: 

Шала дiн де, пән де таппас,

Дiн тазасын ой табар.

Еркiн ақыл тiптi адаспас,

Кезсе кiрсiз жарқырап.

(Тура жолда қайғы жоқ)

***

 

5

Тән 

“Анық қара, жан-өзің, дене-киім” [3, 54]; “Тән - терезе, ой - қожасы” [3, 164]; “Жан - қожа, тән дегенің - жанның құлы.

Тән - терезе, қарайтын жан - иесі” [3, 212].

Образды метафора арқылы жасалып,

сигнификативті мағынаны үстейді.

Метафораны балау арқылы индивидтік тіркес шығады.

Шәкәрім танымында адамның үшінші қабаты-тән. Тән жанды қаптап тұратын қалып. Ақыл мен жанның қоғамға шығатын формасы. Адам тәнінің таза болуы жан мен ақылға байланыстарған.

«Адам баласы екі нәрсемен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуі орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсіби, оны білмек керек» (43 қара сөз)

6

Жар 

“Ей, Жарымыз,

ай нұры - сіздің нұрдан шыққан бу,

Сұлулардың бет суы - Иегіңнен тамған су” 

[3, 99]; “Әлің келсе, меннен қаш, Иең - мінсіз” [3, 214];

“Жарымның ерін дымдары - жан беретін пайдам” [3, 248]

 “Шошыма достым сөзімнен,  Сөз - Құдайдан шыққан бу” [3, 287].

Концептілік метафора арқылы тіркесіп, сигнификаттық мағынаны құрайды.

Мағынаның солғын тартуы да байқалады. 

Шәкәрім өмір сүрген заман-

шындықтан ауылы алыс әрі Құдай түсінігінен алыс болды.

Жар -Құдай. Шындыққа құрылған сөз-

Құдайдан келген сөзге балаған .

Сол себепті де шындықты-

Жаратқанға теңеген.

М. Жүсіп: Исламның бес парызы – біреуі – иман,

 

Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.

 

Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,

 

Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған  

7

Шатақ иман 

“Иманым - басшы жолдасым” [3, 194]; “Шатақ иман - дін қиянат” [3, 24]


 

Оккозионалды метафора мағынаның солғын болуынан деннотатты мағынаға ие.

«Тәпсiршi» деген атақ бар,

Қарсы айтсаң, молда қақақтар,

Анығын таппай айтылған

Тәпсiрде талай шатақ бар,

Oй жотамен адасқан.

 

XIX-ғасырда қазақ халқы Ресей империясының құрамына кіріп, таза дін жолы, шариғаттан алыстап қалды. Шәкірімнің шатақ иманы - осы кезеңде көбейген сауатсыз молдалардың тәпсірі жайында. 

Шал ақын: “Иман - қой, ақыл - қойшы, нәпсі - бөрі” 

 

М. Көпейұлы: Бәрекелді, ісіне молдалардың,

"Мирасқоры - ден жүрген - пайғамбардың".

Сарт-сауаиды молда деп, басың шұлғып,

Пәлеге, қазақ сорлы, сүйтіп қалдың!

Арақ - ақыл, мастық - ой, жар - хақиқат

Жан - нәпсі, шатақ иман - дін қиянат. [3, 24]

Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына әбден ден қойған шағы 1908 - 1917 жылдар аралығы. Осы жылдар аралығында ақын елден жырақтап, саят қорада отырып, ілім-білімін қағазға түсіріп, әлем жаңалықтарына үн қосады. Өлеңнің жазылған уақыты шамамен ХХ ғасырдың басы деп алсақ, бұл уақытта арақ ұғымы бізге таңсық емес. Арақ ХІХ ғасырдың соңында Кеңес үкіметінің отарлаушылық саясаты кезінде енген қазақ халқының жатырқаған мүлкінің бірі болды. Бұны Ш. Қанайұлының “Зар заман” өлеңіндегі:

“Шошқаның етін қақтаған, 

Құбылаға бақпаған, 

Атасының малындай 

Арақты ас қып сақтаған — 

Кәлимасыз кәпірге 

Кіріптар қылдың, Құдіреттім!” деген қатардан байқасақ болады. Шәкәрім метафорасындағы ұлттық танымдағы жағымсыз лексеманың жағымды ұғыммен теңестірілуін ақынның кезекті шеберлігінің көрінісі деп білеміз. Себебі, окказионалды метафора көркемдік, бейнелілік, әсерлік үшін жасалады. Әсіресе, өзіндік ерекшеліктерінің бірі - экспрессивтік реңк тудыру, сол арқылы метафораның мағынасын ашуға деген ұмтылысты ояту. 

Осы тұста Шәкәрім осыған дейін сопылық ілімнің өкілі ретінде қарастырылып келгендіктен, арақ - шарап ұғымымен алмастырылмады ма екен деген заңды сұрақ туындайды. Шынында да, Шәкәрім шығармашылығында көп қолданыстар сопылық іліммен астасады. Себебі, сопылық ілімде шарап, ақиқат, Алланың дидары ұғымдары көптеп ұшырасады. Бірақ Шәкәрімнің толық шығармашылығымен таныс адам оның нейтрал ұстанымда болғандығын және көзі ашық, көкірегі ояу, жүрек көзі ашық адам ретінде көп сенімге сыни көзқарас танытқанын да анық біледі. Сөзімізге дәлел ретінде, Шәкәрімнің сопылық ілімге қатысты шумақтарын ұсынамыз:

Философ сөзін оқыдым,

Талайын ойға тоқыдым.

Кітабын да көргенмін,

Әулие мен сопының. [3, 307]

***

Сопыларға біздің Жар бір қараса,

Жарық нұрмен жүрегін араласа,

Жанын жан, ескі иманын иман демей,

Байқұстар қалар еді-ау таң-тамаша  [3, 17]

Шәкәрімнің арақ ұғымын батыл қолдануының өзі ақыл таразысына сиятын ұғымдарды насихаттау барысында өзін белгілі бір шекке салмайтынын аңғартады.

Адам арақты ішу арқылы мастық күйге өтетіні сияқты, ақылын іске қосқан адам ойға батады. 

Окказионалды метафораны мағынасын анықтай түсу үшін Шәкәрімнің өзге шығармаларын да қарастырды.  “Анадан алғаш туғанымда” өлеңінде:

Таза ақылды айтар таза арақ деп,

Мастық деп айтса - терең ой.

Осы тұста арақ пен таза арақтың айырмасы, ақыл мен таза ақылдың айырмасы қандай деген заңды сұрақ туындайды.

Арақ - тазаланған этил спиртінің (40—50%) сумен араласқан және активтендірілген көмірмен өңделген қоспасы. Ал адамға ішуге жарамды таза арақ құрамы 70 % этиль спиртінен тұрады. Бірақ оны екінің бірі іше алмайды. 

Қарапайым арақты ішкен адам да мас болады, бірақ терең емес. Жай арақ ішкен адамның таза арақ ішкен адамға қарағанда азырақ мас болатыны сияқты, ақылды Алла барша адамға нәсіп еткенімен, хақты танып, ақылын іске асырып жүрген адамдар қатары аз.

Мастық күйіне тез, оңай өте алатын құрамында 70 пайыз спирт бар арақ. Шәкәрім метафорасындағы мас болу -  ақиқатты табуға деген ұмтылыс, терең ойға түсу.  Яғни ар-ұятпен қапталған таза ақыл хақтың жолын іздеуге жай ойландыра алатын ақылға қарағанда құмар болады. 

Арақты ішкен адамның мастық күйіне өтетіні сияқты, Жаратқанның ғажайып сырларын аңғарған адам терең ойға бойлайтын болады, жаратылыс туралы сұрақтарына жауап іздеп, ойлы шешімдер қабылдап, ойлы іс-әрекетке барады. “Қайдан келдім?”, “Қайда барамын?”, “Қайтсем пайдалы боламын?” деп өзін ойландыру арқылы ақиқатқа жетіп, тіршіліктегі іс-әрекетін бағамдап жүреді.

Қорыта келе, Шәкәрім шығармаларындағы метафоралық қолданыстарға прагматикалық талдау жасау арқылы мақсатты аудиториясын анықтап, қазіргі күнде де маңызын жоғалтпаған мәселелердің көтерлігендігін байқай аламыз. Сонымен қатар, жалпы қоғамға, оқырман қауымға Шәкәрім шығармашылығына нықтап дендей алу үшін әлі де шығармаларына семантикалық, прагматикалық тұрғыдан зерттеу жұмыстары жүргізілу керектігі сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сүлейменова Д. Э. Тіл білімі сөздігі. — Алматы: Ғылым, 1988. — 544 б.

2. Теория метафоры: Сборник. — Москва: Прогресс, 1990. — 512 с 

3. Құдайбердіұлы Ш. Иманым. — Алматы: Арыс, 2000. —  321 б.

4. Б.Қалиев. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — Алматы, 2014. — 728 б.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз