(Эссе)
Всякий образованный руский должен иметь у себя всего Пушкина: иначе он и не образованный и не русский.
В.Г.Белинский,
Полн. собр. соч., т. II. М. 1958 г. стр. 384.
Менiң Абайым! Әрине, бұл менiң сөзiм емес. Дәлiрек айтсақ, сөз тiркесi менiкi емес. Бұл сөздiң төсегi, түп-төркiнi сонау бiр кезде М.Цветаеваның дуалы аузынан шыққан «Менiң Пушкинiмде» жатыр. Ол сөз — қазiр қанатты сөз. Ал қанатты сөз — бәрiмiзге ортақ.
Менiң Абайым! Бұл сөз бәрiмiздiң жүрегiмiзде жүрген, бәрiмiз айтуға тиiстi сөз. Бұл сөздiң мәнi мен мағынасы менiң бау-бақшам, менiң машинам деп жалқы адамның атынан айтылар аса тар аядағы материалдық меншiктеп сөйлеумен ешуақта да қосылмақ емес. Бұл сөздiң мәнi мен мағынасы менiң жерiм, менiң елiм деп жалпы халықтың атынан айтылар аса кең аядағы рухани меншiктеп сөйлеумен сабақтас, салалас жатпақ. Сөз жоқ, менiң жерiм, менiң елiм, менiң халқым дегендi рухани махаббат, рухани сүйiспеншiлiк қана тудыра алмақ. Адам — жерiмен, елiмен, халқымен ғана адам. Өйткенi адамды адам ететiн — сол жерi, елi мен халқы. Олай болса, бiздiң рухани қалыптасуымызға, рухани түлеп, жаңғыруымызға, рухани баюымызға өлшеусiз әсер еткен, сарқылып, таусылу дегендi бiлмейтiн рухани ресурстарымызды да менiкi деп меншiктеуге хақымыз бар. Сол рухани ресурстарымыздың бiрi және бiрегейi, бiз үшiн, Абай шығармалары. Сондықтан да қазiр менiң Елiм, менiң Жерiм, менiң Халқым сияқты қастерлi сөздердiң қатарында менiң Абайым деген сөздiң де орын ап, орнығуы заңды. Сондықтан да хат бiлiп, қара танитын адам Абайды оқымай, Абайды танып бiлмей өз халқының кешегi, бүгiнгi рухани бет-ажарын танып бiлуі мүмкiн емес.
Бiздiң байқауымызша, Абайды оқу мен оны танып бiлу кезең-кезең, белес-белестерден тұрады. Яғни өмiрiңнiң әр кезең бөлiгiнде кездескен сайын Абай — бұрынғыдан өзге, бұрынғыдан жаңа, бұрынғыдан биiк, бұрынғыдан терең.
Абайды оқу және оны өзiңше бiлу — қиын жол, ұзақ процесс. Бұл жерде танып бiлудi тек шартты түрде ғана айтып отырмыз. Әйтпесе, Абайды тұтастай танып бiлу ешкiмнiң пешенесiне жазылған емес. Ол — жұмбақ. Бiрақ әр адам Абайды өзiнше ашып, өзiнше танып бiлуге мiндеттi. Сонымен бiрге бiз бұл жерде «өзiнше» деген сөздiң астын тектен тек сызып отырған жоқпыз. Абайды тек хрестоматиялық қасаң аяда немесе ғылыми-зерттеулер аясында ғана түсiну — ол әлi «менiң Абайым» бола алмайды.
Бiр өкiнiштi жайт, көп адам Абайды танып-бiлу, оны оқып үйрену — оның шығармаларын қайта-қайта оқи беру деп ұғады. Әрине, оны қайта-қайта оқу керек. Бiрақ Абайды оқып үйренудiң жалғыз тәсiлi осы десек, қатты қателескенiмiз. Өйткенi мұндай жағдай бiрсыдырғы оқумен Абайдың сиқыр әлемiне ешуақта да терең бойлай алмайсыз. Ондай тәсiлге Абай алдыра бермейдi.
Абай әлемi — төл әдебиетiмiз бен бүкiл әлемдiк әдебиеттiң үздiк үлгiлерiнiң алтын буымен дем алып тұрған, өзгеден өзге шаңырақ көтерiп тұрған әлем. Абай философиясы, Абай дүниетанымы сол кездегi әлем әдебиетiнiң iрi тұлғаларымен иық тiрестiрiп қатар тұр. Олай болса, ол тұңғиық әлемдi түсiнуге үлкен дайындық керек. Яғни Абай бүгiнгi оқырман қауымнан үлкен iшкi мәдениеттi, бiр кезде өзi тәлiм алған бүкiл әлемдiк әдебиеттiң мектебiнен өтудi талап етедi. Сондықтан да Абайды әрбiр оқырман өз бетiмен бүкiләлемдiк әдебиеттiң контексiнде танып бiлуi, оқып үйренуi керек. Өйткенi Абай сөздерiн құр жадағай жадыңа сақтап, жаттап алумен оны танып-бiлу мүмкiн емес. Абай сөздерiн ең әуелi, жадыңда емес, жаныңа, қаныңа сiңiруiң керек! Сонда ғана оны бiз «Менiң Абайым» деп айтуға хақылымыз.
Абай ұлылығын, Абай сөздерiн түсiндiрiп-талдайтын бағдарлап-бағамдайтын талай-талай кесек-кесек дүниелер жазылды. Әлi де жазыла бермек. Өйткенi Абай әлемi табиғаттың өзiндей тылсым. Ол сәт сайын жаңғырып, түлеп, сәт сайын қозғалысқа түсiп, сәт сайын жан-жағына сәуле жамыратып тұрған әлем. Сол құпия тылсым дүниенiң стихиялы қозғалысына үңiлу, оны бақылау — Абайды ғана емес, өзiңдi де өзiңше ашу болып табылады.
Ұлылықтың ұлылығын анықтап беретiн әлi алгебралық формула туған жоқ. Тумақ та емес. Солай бола тұра, ұлылық тудырған дүниеге өз қатынасыңды, ол туралы өз таным бiлiгiңдi айту, ортаға салу — азаматтық борышың.
Бiз үшiн Абай ұлылығы — өзi өмiр сүрген ортаның ой мен сана деңгейiн, әлеуметтiк терең қайшылықтарын, психологиялық атмосферасын, шынжыр балақ, шұбар төс озбырлығы мен өктемдiгiн, көзiне жас, жүрегiне шер ұялаған қалың қазақ халқының мұңы мен зарын тереңге сүңгiп көруiнде немесе соның бәрiн тереңнен алып кеп саған көрсетуiнде ғана емес, сол тереңге өзiмен бiрге сенi де сүңгiтiп көрсетуiнде! Яғни Абай өз шығармалары арқылы өзi өмiр сүрген қоғамның қайшылыққа толы тiршiлiк қарекетiн тереңнен сүзiп, өзi ғана сұңғыла зерттеуден өткiзiп қоймайды, сол қоғамның қайшылыққа толы тiршiлiк қарекетiн өзiмен бiрге саған да зерттеткiзедi. Абай талантының ең басты тегеурiнi осында жатса керек!
Сонымен бiрге, Абай өлеңдерiнiң қай-қайсысы да бiзге сол заманның белгiлi бiр тарихи фактсын емес, ең бастысы, сол заманның тарихи факторын ашып көрсетедi. Сөйтiп, ол бiздiң белгiлi бiр кезеңдегi реалистiк тарихымызды дүниеге келтiрдi. Рас, Абайға дейiнгi әдебиетiмiзде белгiлi бiр қоғамның белгiлi бiр тарихи фактысын көрсететiн дүниелер бар болатын. Бiрақ олардың қай-қайсысы да ол қоғамның тарихи қозғаушы күшiн, яғни тарихи факторын көрсетiп бере алған емес. Ол тек Абайдың қолынан келдi.
Тұтас бiр халықтың белгiлi бiр кезеңдегi рухани тарихын дүниеге келтiру үшiн орасан зор талант, жiтi көз, зерек зердемен бiрге, шалқар бiлiм керек. Өйткенi тұтас бiр халық басынан кешiрiп отырған қоғамның терең әлеуметтiк қайшылықтары мен оны тудырып отырған қозғаушы күштi тек бiр халықтың тарихи даму аясында ашып көрсету мүмкiн емес. Ол тек адамзат тарихының рухани тәжiрибелерi негiзiнде зерттелiп, қарастырылғанда ғана мүмкiн бола алады.
Ойдан ой туады. Абайдың аса зор бiлiмдарлығын сөз еткенде, көбiне-көп оны бiз өзiмiздiң төл әдебиетiмiзден, Шығыс, әсiресе Батыс әдебиетiнен молынан үйренген деп жатамыз. Үйренуiн үйренген. Дегенмен, үйренген деген сөз Абай бiлiмдарлығына өлшем бола алмайды. Абай бiлiмдарлығының қуаттылығы сонда, оның өз ұлттық әдебиетi мен Шығыс және Батыс әдебиетiнiң бай мұраларын бойына әбден сiңiрiп, оларды өз жүрегiнде қайта қорытып, игерiп, меңгергенiнде.
Бүкiл әдебиеттiң алып тұлғалары сияқты, Абайдың да соны қасиеттерiнiң бiрi — қазақ даласының сонау қалтарыс түкпiрiнде Шыңстау баурайында тұрып-ақ, бiздiң бүгiнгi әдебиетiмiздiң қадау-қадау проблемаларына — бейнебiр өзiң аш та, өзiң ұғын дегендей — сырын тереңге жасырып-жауап берiп кеткендiгiнде.
Бүгiнгi таңда өсемiн, өркендеймiн деген жер бетiндегi әдебиет атаулының бәрi-бәрi үшiн мәңгiлiк проблемалардың бiрi, сөз жоқ, аударма екенiн жақсы бiлемiз. Осы бiр таусылып, тамамдалмайтын проблеманың түйiнiн шешуге атсалыссақ болды, алдымен Абай есiмiн ауызға аламыз. Бұл мәселеде де әлгiнде айтып өткенiмiздей, Абайдың сырын тереңге жасырған жауабы әзiр. Әрине, ол сыр мен мұндалап айқайлап тұрған жоқ. Олай болса, сырын тереңге жасырған сол жауаптан бiз де сыр тартып көрейiкшi.
Бұл тұрғыда, ең алдымен, бiздi қатты ойландыратын мәселе — аударма саласындағы Абайдың тәжiрибесiн анықтап беру ниетiнен туған тұжырым-пiкiрлердiң әбден басы ашық, атамзаманнан белгiлi аксиомадан бетер бiреуден екiншiге, екiншiден үшiншiге... ешқандай кедергi-тосқауылсыз, сынаптай көшiп отыратындығы.
Мәселен, Абай аудармасын сөз еткенде, көбiне бiз, Абайдың құдiреттiлiгi сонда — ол Пушкин мен Лермонтовты қазақ тiлiнде Пушкинше, Лермонтовша сөйлеттi деп, не айтып, не жазып жататынымыз бар. Мiне, осы қате пiкiр, қате тұжырым. Өйткенi ешуақта да Пушкин мен Лермонтов қазақ тiлiнде Пушкинше, Лермонтовша сөйлеген жоқ, сөйлемек те емес. Абай да оларды қазақ тiлiнде Пушкинше, Лермонтовша сөйлетудi мақсат тұтпаған. Абай Пушкин мен Лермонтовты қазақ тiлiнде тек Абайша сөйлеттi. Абайша!
Ал әлгiндей қате пiкiр, қате тұжырым, қате түсiнiк тонды терiс қаратып киiп алғанмен бiрдей әсер қалдырады. Өйткенi әрбiр творчестволық тұлға — жеке бiтiм, жеке болмыс. Оның айналадағы құбылысты көрiп, қабылдауы да, оны қорытып қағазға түсiруi де жұмбақ процесс. Оны сол творчестволық тұлғаның өзi де бүге шiгесiне дейiн түсiндiрiп айтып бере алмайды.
Творчестволық тұлғаның осындай жұмбақ қасиетiнен бейхабар немесе өзiнiң не айтып отырғанына мән бере бермейтiн адам тағы да Абайдың Пушкин мен Лермонтовты сәттi аударғанының себебiн, өлеңге арқау болған белгiлi құбылысты немесе материалды сол Пушкин мен Лермонтов көзiмен көре алмайды. Оған таланттың табиғи ерекшелiгi мүмкiндiк бермейдi. Ол тек өзiнiң көзiмен ғана көре алады.
Өйткенi ол Пушкин мен Лермонтов өлеңдерiндегi бүкiл поэтикалық әлемдi Пушкин мен Лермонтовша емес, өзiнше түсiнiп қабылдаған. Ондай iрi тұлғаларды былай қойғанда, қарапайым оқырманның өзiнiң әр өлеңге қатысты пiкiрi әрқилы болып келмейтiн бе едi?
Егер мұндай қате тұжырым, асығыс қорытындылардың iске тигiзер зияны болмаса, ауызға да алмай-ақ қояр ек. Амал не, зияны шаш етектен. Өйткенi осындай қате тұжырыммен мұп-мұздай болып қаруланып алған аудармашы Абайды орыс тiлiнде Абайша немесе Пушкин мен Лермонтовты қазақ тiлiнде Пушкин мен Лермонтовша сөйлетiп беремiн деп, алаөкпе болып, әлекке түсiп, тыраштанып бағады. Ондайлар, Егер Пушкин мен Лермонтов тiрiлiп келiп, Абайдың бiр өлеңiн қатар отыра қап аударса, Пушкиннiң аудармасы Пушкинше, Лермонтовтың аудармасы Лермонтовша болып шығатынына мән бере бермейдi. Содан барып, қате тұжырым, қате түсiнiктiң салдарынан, кейбiреулер аударылған шығармадан аудармашының қолтаңбасын емес, түпнұсқа авторының қолтаңбасын талап етiп, өзiн де, өзгенi де әуреге салып, дабыл қағып, айқай көтерiп жатады.
Аудармашы да — творчестволық дербес тұлға! Әңгiме бұл жерде тек талантты аудармашы жайында ғана болып отыр. Оның да өзiндiк творчестволық бет-бағдары, өзiндiк дүниетанымы бар. Ол айналадағы құбылысты тек өзiнше ғана қабылдар қасиетке ие! Олай болса, аудармашы қолтаңбасын жоққа шығарам деу бос әңгiме, бос даурығу!
Талант тегеурiнi мықты аудармашының қолтаңбасы неғұрлым ажарлы, айқын болса, аударылған дүние де соғұрлым ажарлы, соғұрлым айқын болып шықпақ. Мәселен, Шекспирдi орыс тiлiне аударған Б.Пастернак, М.Лозинскийлердi алыңыз. Болмаса, сол Шекспирдi орыс тiлi арқылы қазақ тiлiне аударған М.Әуезов, Х.Ерғалиев, Ә.Кекiлбаевтарды қараңыз. Әрқайсысы жеке-дара қолтаңбаға ие ғой. Пастернак Пастернакша, Лозинский Лозинскийше, Әуезов Әуезовше, Ерғалиев Ерғалиевше, Кекiлбаев Кекiлбаевша аударған. Бiрiмен екiншiсiн шатыстырмайсыз.
Сондықтан бiз аударылған дүниеден түпнұсқа авторының қолтаңбасын iздеп жатпай, түпнұсқа авторының айтар ойын, идеясын, көтерген мәселесiн, рухын аудармашы қалай түсiнген, оны қандай деңгейде игерген деп сөз бастағанымыз абзал. Ал деңгей дегенiңiз әртүрлi болады. Сондықтан талантты дүниелердi тек қана таланттылар аударулары керек. Ондайда талант табиғаты бiр-бiрiмен жақын болып жатса, нұр үстiне нұр. Шығарманың сөзiн ғана аударып, оның iшкi әсер қуатын, рухын көтере алмай, түпнұсқаның өзiнде қалдырып кететiн аудармашылардан сонда ғана құтыламыз. Нағыз шығарманың ойы, идеясы, рухы, ұлттық колоритi сыртқы сөзiнде емес, iшкi өмiрiнде, тынысында ғой. Сөз тек соларға қызметшi ғана. Ал шығарманың ойын, идеясын, рухын, ұлттық колоритiн тек талант қана көтерiп алып шыға алады. Ондай жерде жұрт ойлап тапқан толып жатқан кiтаби әдiс-тәсiлдерiңiздiң бәрi әлсiз. Өйткенi әдiс-тәсiл кiтаби емес, табиғи болуы тиiс. Әрбiр творчестволық тұлғаның өз әдiс-тәсiлi бар. Аудармада арифметика да, алгебра да жоқ. Оны тек творчестволық интуиция, творчестволық дербестiк қана шеше алады.
Мәселен, Абайдың жұрттың бәрi жатқа бiлетiн Гете — Лермонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңiн алыңызшы. Бұл аударманы қандай әдiс-тәсiлмен таңбалап бересiз? Сөзбе-сөз аударма дейсiз бе, аналитикалық аударма дейсiз бе, жоқ еркiн аударма дейсiз бе? Осы бiр сегiз-ақ жол өлеңде әлгi тәсiлдердiң бәрiнiң бедер-белгiсi бар. Қараңыз:
Лермонтовта:
Горные вершины
спят во тьме ночной.
Абайда:
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап
Мұны қай тәсiлге апарып «телiген жөн»? Әрине, еркiн аударма деуге де, сөзбе сөз аударма деуге де келмейдi. Бұл, сөз жоқ, дәл түпнұсқадағыдай емес, бiрақ соған жақын келетiн, адекватты аналитикалық аударма. Ал одан әрi ше?
Лермонтовта:
Тихие долины
Полны свежей мглой;
Абайда:
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Бұл ше? Мұнда сөзбе-сөз аударманы тiптi ауызға алудың қажетi жоқ. Әлiгi аналитикалық аударманың да ауылы алыстап кеттi. Сөз жоқ, еркiн аударма! Тағы да оқиық:
Лермонтовта:
Не пылит дорога,
Не дрожат листы...
Подажди немного,
Отдахнешь и ты.
Абайда:
Шаң шығармас жол дағы,
Сiлкiне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.
Ал бұл жолдарда әлiгi үш тәсiлдiң үшеуi де қабат қатысып тұр. Бiрақ бiреу тұрып, сөзбе-сөз аударма мен аналитикалық тәсiлдерi бар болса, бар шығар, ал бiрақ бұл жолдарда еркiн аударма тәсiлiн көрiп тұрғаным жоқ деуi мүмкiн. Рас, бiр қарағанда Абай сөздерi Лермонтов сөздерiнен алшақ кетiп тұрған соңғы екi жолында Лермонтов ойын еркiн игерiп, еркiн тереңдетiп жiберiп отырған жоқ па?
Сонымен, бiздiң айтпағымыз — қандай бiр аударма болмасын, ол ешқандай кiтаби әдiс-тәсiлдермен шешiмiн таппайтындығы. Ол тек дербес таланттың дербес әдiс-тәсiлдерiмен ғана жүзеге аспақ. Өйткенi аударма — сiздiң ешқандай теорияңызға, сiздiң қолдан жасалынған әдiс-тәсiлдерiңiзге бағынбайтын, қандай бiр болмасын анықтамаларыңыздың құрсау құшағына сыймайтын творчество. Сондықтан да ол керек кезiнде сөзбе-сөз аударма, аналитикалық аударма, еркiн аударма тәсiлдерiнiң қай-қайсысын да жеке-жеке жұмыс iстеткiзiп, керек кезiнде үшеуiнiң басын бiр жолдың айналасына тоқайластырып қоя алады. Абайдың аударма мектебi бiзге осыны үйретедi.
Аударма жөнiнде осындай ұлы дәрiс берген Абайдың өзiнiң орыс тiлiне әлi күнгн дейiн жөндi аударылмауы бiз үшiн ұлттық өкiнiш! Ал ол өкiнiштен оның шығармаларын творчестволық қолтаңбасы айқын, ажарлы, iрi ақындарға аудартсақ қана құтылуымыз мүмкiн.
Соңғы жылдары әсiресе тiл жөнiнде кең көлемде келелi-келелi әңгiмелердiң өткенi белгiлi. Оның соңы Жазушылар одағы ұйымдастырған үлкен конференцияға келiп ұласты. Дәл осы тұста тiл мәселесi — ел iшiнде жүрген өзiмiз куә болғанымыздай — барлық жерде әңгiме болып жатты. Яғни ол аясынан асып, жалпыхалықтық мәнге ие болды. Осыны дер кезiнде терең сезiне бiлген «Қазақ әдебиетi» газетi, «конференция өттi, ендi бiттi» деп, тiл жөнiндегi әңгiмеге есiгiн тарс жауып тастамауы құрмет тұтып, құптарлық iс. Өйткенi тiл жөнiндегi әңгiме ешуақта толастамақ емес. Өйткенi тiлдiң тарихи дамуының делбесiн мен ұстап отырмын деп ешкiм де айта алмайды. Сондықтан ол туралы әдебиетiмiздiң арғы-бергi тәжiрибесiне сүйене отырып, өз түсiнiгiнше әңгiме қозғауға кiм-кiмнiң болсын еркi бар деп ойлаймыз. Бұл жөнiнде де ден қойып тыңдай алатын естi құлақ болса, Абай дәрiсi мен тәлiмi жетерлiк.
Абай қоғамдық ойды жеткiзуде де, адам жанының терең қалтарыс түкпiрлерiн ашуда да қазақ тiлiнiң тегеурiндi қуат пен шексiз мүмкiндiгiн дәлелдеп бердi. Өйткенi Абай мауыты шапан, құндыз бөрiк киген ақсүйек сөз де, қора-қопсы, қазан-ошақ басында қалып қойған құл-құтан сөз де жоқ деп бiлдi. Ол бәрiне бiрдей қарап, бәрiн тең праволы санады. Ол тек халық тiлi бар деп бiлдi. Ол тек халық тiлiн ғана қастерлеп, халық тiлiн ғана қасиет тұтты. Сонымен бiрге, ол өз творчествосы арқылы халық тiлi өзiнiң сонау көне топырағынан қоректене отырып, жаңалық болып жапырақ ашып, жаңғырып тұратынын да көрсетiп бердi.
Солай бола тұра, Абайдың осы ұлы тағылымын үстiрт ұғынушылық, атүстi қабылдаушылық әлi күнге дейiн шаң берiп қалады. Бiр мысал. Егер тiл тазалығы әңгiме бола қалса, көбiмiз-ақ Абайдыңы мына сөзiн алға тартып, көлденеңдетiп шыға келетiнiмiз бар:
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның бiлiмсiз бейшарасы.
Осындағы «бөтен сөздi» көп жұрт бiртектi тар аяда түсiнедi. Содан барып олар қора-қопсы, қазан-ошақ басындағы ұсақ тұрмыстық сөздердiң де, өзге тiлден ауысып көшiп келген жаңа сөздердiң де өлең есiгiн ашуға құқысы жоқ деп бiледi. Олар өлең сөзiн әсем киiнген әдемi сөздер деп ұғады. Сондықтан олар өлең iшiнен тезек, көң сияқты сөздердi кездестiре қалса, мұрнын тыржитып, терiс қарап жиiркенiп, «трактор», «двигатель» деген жаңа сөздерден темiр шыңылы мен темiр шуылын естiп, құлағын басып, үркектеп бағады. Сол мiнезiмен қаншама азапты жолдан өтiп, жұрттың бәрiне бiрдей қызмет ету правосына ие болған тiл демократиясына тiл тигiзiп, қол көтерiп отырғанымен олардың жұмысы да болмайды.
Шындығында Абайдың «бөтен сөз» деп отырғаны әлгiнде тұрмыстық та, өзге тiлден кiрген де сөздер емес, ол бұл жерде басы артық, орнын таппаған сөздi айтып отыр. Әйтпесе, Абайдың керек кезiнде тұрмыстық сөзден де, орыс сөзiнен кiрген сөзден де қашпағанына оның бүкiл творчествосы куә.
Кәрi қой ептеп сойған байдың үйi,
Қай жерiнде кедейдiң тұрсын күйi?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Осындағы «қи» деген сөздi кiм «бөтен сөз» дей алар екен? Сол бiр сөздiң өзi-ақ сол заманның бүкiл әлеуметтiк қайшылығын көрсетiп беруге қызмет етiп тұрған жоқ па?! Ал Абайдың орыс, араб, парсы сөздерiн кеңiнен қолданғанына бұл жерде мысал келтiрiп жату артық. Ол жұрттың бәрiне белгiлi. Бiрақ осындай белгiлi, басы ашық нәрсенiң өзiн бiлсе де бiлмегенсiгендер, көрсе де көрмегенсiгендер баршылық. Ондайлар өлең гүл сияқты құлпырып, шыны құсап сыңғырлап тұру керек деп ойлайды. Бiз, әрине, өлеңнiң гүл сияқты құлпырып, шыны сияқты сыңғырлап тұрғанына қарсы емеспiз. Ондай өлеңдер болған, қазiр де бар, бола бередi де! Бiрақ өлеңнiң ең басты миссиясы ақиқатты айту екенiн естен шығармауымыз жөн. Ал ақиқатты алтынмен аптап, күмiспен күптеймiн деп ақ тер, көк терге түсудiң қажетi жоқ. Ақиқаттың аты-ақиқат. Ол ең бiр»төмен етек» «төмен сортқа» жататын сөздермен-ақ жарқырап көрiнiп тұра алады. Ондай жерде әдемi сөз — әлемiш бояу.
Мұндай өлең тiлiнiң тазалығына өзiнше күйiп-пiсеiп оның жалғыз жанашыры боп қорғап жүретiн «эстеттер« барлық кезде де, барлық әдебиетте де болған. Олар Пушкиннiң тұсында өлеңге «құлақ«, «мұрын« деген сөздердiң кiрiп кеткенiн жабайылық деп, ал Некрасовтың тұсында өлеңге «шалбар», «портфель» деген сөздердiң енуiн сорақылық деп бағалаған.
Ондай «жанашырлар« бiздiң тұсымызда әсiресе неологизмдерге жаны қас. Өлеңге неологизм пайдаланатын ақындар тiл тазалығын сақтамаушылар, тiлдi былғап, бүлдiрушiлер болып жатады. Осы дұрыс па?
Рас, бүгiнгi кезеңде тiл тазалығы мәселесi бiрiнiшi кезекте тұр. Оған ешкiмнiң де дауы жоқ. Табиғат экологиясы сияқты тiл экологиясы кезек күттiрмейдi. Оған бәрiмiз де қатысуымыз керек. Бiрақ орнымен. Өйткенi өлең өзi өмiр сүрiп отырған қоғамнан ешуақта да оқшау өмiр сүре алмайды. Өйткенi өлең қай уақта да өзi өмiр сүрiп отырған ортамен қандас, кiндiктес. Сондықтан ол бүгiнгi ғылыми-тхникалық революция заманыда сол заман тiлiмен сөйлеуге хақылы. Ал оған қарсы шығу-өлең табиғатына қарыс шығу. Егер ғылыми-техникалық революция алып келген ұғым-түсiнiктердi таңбалайтын жаңа сөздерден «өлеңдi« «тазалауға« кiрiссек, онда ол бүкiл табиғи құрамынан айырылған, iшуге болмайтын, дәм-тұзы жоқ, дистиляцияланған суға айналады. Мұны ескермеу-өрескел қателiк.
Осы тұста да Абай өзiнiң бүкiл творчествосымен үлгi, өнеге.
Бұл жерде сөз ретi келiп тұрғанда тағы бiр тоқтала кететiн мәселе бар. Тiл тазалығы әңгiме болғанда, көп жұрттың, әсiресе тiлшiлердiң қатты шүйiлiп, қатты тиiсетiн тағы бiр «измi« бар. Ол — өз сөздерiнде көбiне көп диалект сөздердiң бiр-ақ түрiне, кәсiптiк сөздерге ғана кеңшiлiк жасайды. Рас, шығарма кейiпкерлерiнiң диалогтарында диалект сөздердi пайдалануға да қарсы емес. Ал авторлық баяндаулардан диалектi сөздердi кездестiрдi ме, онда өре түрегелдi. Неге олай? Мұны да бiз творчествоның табиғатын жете түсiнбеуден деп бiлемiз. Өйткенi шығарма авторы өз шығармасының iшiнде жүрiп жатқан оқиғаға, психологиялық талас-тартысқа, кейiпкерлерiнiң жүрiс-тұрысына сырттай бақылаушы, сырттай баға берушi емес. Соған тiкелей белсендi араласушы. Олай болса, ол өз тiлiмен сөйлеспей тұра алмайды. Сөйлеспедi ме, онда сырт көзге көрiне бермейтiн автор мен кейiпкерлер арасындағы iшкi тiн, iшкi байланыс үзiлiп кетуi кәдiк. Ал оның соңы жасандылыққа әкелiп соғуы сөзсiз.
Оның үстiне, әдеби тiл жаңғырып, жаңарып, жаңа реңк-бояулармен байып тұруы керек дейтiн болсақ, онда оны жаңғыртып, жаңартатын, жаңа реңк-бояулармен байытатын үлкен резервтердiң бiрi, сөз жоқ, диалектологизм. Ал ол резерв көздерiн көмiп тастаймын деу — тiлдiң тынысын тарылтып, тұншықтырам деумен бiрдей.
Кезiнде Абай қолданған «бастау» сөзi /бұлақ/ белгiлi бiр аймақ қолданатын диалект сөз болатын. Ал ендi қазiр бастауды бiлмейтiн қазақ бар ма?! Сондықтан оңтүстiк қазақтары қолданатын ирониялық ренiшпен айтылар нәйетi, батыс қазақтары қолданатын кең мiнезге ие арқайын, шығыс қазақтары қолданатын аллегориялық астарға ие “ләуқи” сияқты сөздерден қашуға болмайды деп ойлаймыз. Рас, бұл сөздердiң орнын ауыстыра алатын бiзде синоним сөздер бар. Бiрақ олардың ешқайсысы да бұл сөздердiң өздерiне ғана тән реңк бояуын бере алмайды. Бұл сияқты сөздерге тiлшiлердiң қояр кiнәсi: оларды басқа аймақтың қазақтары түсiнбейдi-мiс. Түсiнедi! Контекст арқылы түсiнедi. Ал шынында түсiнбей бара жатса, түсiндiрiп беру тiлшiлердiң тiкелей мiндетi емес пе?!
Түсiндiрсiн!
Не болғанда да, диалектi сөздерден қашуға, оларды ана сөйлем iшiнен де, мына сөйлем iшiнен де ұстап алып, сенiң орның бұл жер емес деп орынсыз «қуғын-сүргiнге» ұшыратуға болмайды. Олай етпес бұрын, алдымен ойланып алған жөн. Ондай сәтте әлемдiк әдебиеттiң арғы-бергi тәжiрибелерiне көз салып қарап алу да артық етпейдi. Мәселен, бүкiл адамзат баласының алып рухани ескерткiштерiнiң бiрiнен саналатын Дантенiң «Тәңiрiнiң тәлкегi» жергiлiктi бiр диалектiде — тек Флоренция диалектiсiнде жазылған ғой. Ол кезде итальян диалектiлерiнiң бiр-бiрiнен айырмашылығы аса зор болған. Бұл жерде бiреулер ол кезде Флоренция әдебиетi мен мәдениетiнiң дамуы Италияның өзге жерлерiмен салыстырғанда биiк деңгейде болған, ал әдебиетi мен мәдениетi жоғары дамыған белгiлi бiр аймақтың өзге жерлерге әсерi мен ықпалы тимей тұрмайды деуi мүмкiн. Ол кезде Флоренция Италияның басқа жерлерiнен жазуды ең соңынан қабылдаған, мәдениетi кешең қалған қала көрiнедi. Флоренция мәдениетiнiң гүлдену кезеңi одан кейiнiрек басталған.
Сонау тарих қиырында ғана емес, осы қазiр де мұндай фактiлер жетерлiк. Испанияның бiрқатар ақындары әлi де өз шығармаларын жергiлiктi диалектiмен жазатынын «Иностранная литература» журналынан оқып жүрген жоқпыз ба?! Тiптi, осы қазiрдiң өзiнде iргемiздегi Грузияда тек өз аймағының диалектiсiнде жазылған жеке өлең кiтаптары пайда бола бастады. Бұл құбылыстар ерiккендiктен немесе ол елдердiң ақын-жазушыларының өзiнiң әдеби тiлiн бiлмегендiктен туып жатқан құбылыстар емес шығар. Ал француздардың ақын-жазушылары өз елiнiң алыс бiр қиыр мекенiнен бiр диалект сөз тауып алса, алтын тауып алғандай қуанатын көрiнедi.
Ал бiз болсақ, сөйлем iшiне анда-санда кiрiп кеткен диалект сөздерiмiзбен алысып әуремiз. Олардың ең болмаса мүйiзi сонадайдан сорайып көрiнiп, тұтас тiл тазалығына көлеңкесiн түсiрiп тұрса екен. Бiздiң тiлiмiздегi диалектiлер өзге көптеген тiлдермен салыстырғанда көп емес екенiн тiлшiлерiмiздiң өздерi де мойындайды. Мойындай тұра, күреседi.
Парадокс.
Қайта, бiздер диалект сөздердiң әдеби тiлiмiзге жүйелi түрде енуiне, олардың орнығып, қалыптасуына шын мәнiндегi қамқоры, жанашыры болуымыз керек емес пе?!
Жалпы, бұл жерде бiздiң айтарымыз: ақын-жазушылардан тұрмыстық сөздердi, неологизм сөздердi, диалектi сөздердi, жалпы тiлдi Абай сияқты творчестволықпен пайдалана бiлудi талап еткенiмiз дұрыс. Егер ол сөздер контексте белгiлi бiр қызмет атқарып, жүк көтерiп тұрса, онда бұрап сындырып, жұлып алып тастаймын деудiң, бiздiңше, қажетi жоқ. Сондықтан ол сөздерге ешқандай дәлел-дәйексiз, әйтеуiр әдеби тiл нормалары заңдылықтары атынан сөйлеген болып, «крест жорығын« ашуға болмайды. Бiз тiлдi жаңғырып, жасарып тұратын жанды процесс десек, онда тiл нормаларының заңдылықтары да жетiлiп, өсiп-өркендеп, жаңа өрiске шығып отыруы тиiс емес пе?! Ал осыны ескермей, тiл нормалары заңдылықтарының заңды дамуына тұсау салып, оларды «жасанды тоңазытқышта« қатырып ұстаймын деудiң ретi жоқ Сондықтан қайталап айтамыз: ақын-жазушылардан тiлдi Абай сияқты творчестволықпен пайдалана бiлудi талап етейiк. Ал творчествоның ең басты қасиетi--батылдық. Сонда ғана ол творчество.
* * *
Ұлы Абай сабағы бiздi кең өрiс, жаңа белестерге бастайды.
Оның шығармаларын қайталап оқыған сайын өзiң рухани толыса түсумен бiрге, туған әдебиетiңнiң де бүгiнгi тынысына тереңiрек үңiлiп, оның келешек көкжиегiнiң алыс қиырына қадала көз саласың. Өйткенi Абайдың мың тәлiмi бар. Бүгiн бiз бұл мақаламызда Абайдың сол мың қырлы мың тәлiмiнiң бiрер тәлiмiн ғана өзiмiзше түсiнiп, әңгiме еттiк.
ӘР ӨЛЕҢI — БIР ӘЛЕМ
Абайдың жалғыз-ақ өлеңi. Және, ол қандай!.. Тағы да, ол — көбiрек ауызға алынатын «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» емес, одан сәл ертерек жазылған «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек».
Бiр өлең — бiр әлем. Абайдың бар өлеңiне де осы сөздi айтуға болады. Тағы да, олар тек Абай сүрген кезең келбетiн ғана емес, жұмыр басты пенденiң бәрi өмiр сүрген, өмiр сүрiп жатқан, өмiр сүре беретiн бар кезеңнiң келбетiн көрсете алады. Бейне бiр Абай Алланың қалауымен адамзат өмiр сүрген, сүрiп жатқан, болашақта өмiр сүретiн барлық кезеңде де тiршiлiк етiп, ғұмыр кешiп келе жатқандай.
Ол өз өлеңi арқылы сенiң iшiңде көмiлiп жатқан қасiреттi ашады, шерiңдi тарқатады. Сол өлең арқылы өзiң өмiр сүрiп жатқан заман мен уақытқа үңiлесiң. Таң қаларлығы сол, сонау федолизм дәуiрiнде өмiр сүрген Абай сөздерi арқылы осы заман мен уақытты танисыз. Мұны қалай құдiрет демессiң?!
Бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз Абайдың жалғыз-ақ өлеңi арқылы өзiмiзге, бүгiнгi өмiрге үңiлу болатын. Ол ойымыз қаншалықты орындалды, оған сарапшы — оқырманның өзi...
I
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың — ашыған у, ойың — кермек.
Мұңдасарға кiсi жоқ сөздi ұғарлық,
Кiм көңiлдi көтерiп, болады ермек?
Мiне, өзiмен де, өзгемен де алыса-алыса қу пенденiң өзегi толып, өзенi тартылды. Шау тартты. Тәнi үзiлмегенмен, Тiрлiгi сола бастады. Оның жан дүниесiн пәнидiң алдамшы демiнен гөрi, бақидың сабырлы лебi көбiрек шарпитын болды. Күнi кеше ғана өзi де қақ ортасында жүрген, қысқа күнде қырық құбылып тұрған мына өмiрден ол, одан өмiр сырт тартты.
Тоң болып суыды. Бiр кезде жолбарыс болып жағаласып, арыстан болып арпалысқан бұл өмiрдi ендi ол пайымдап бақылаушы, қамығып қадағалаушы болып қана қалды.
Сөйтсе, өзi ортасында жүргенде өмiрдiң де, өзiнiң де соншалықты парықсыз, соншалықты дәйексiз екенiн байқамапты. Ол өкiнiш те жанының бiр пұшпағын жегi құрт боп жеп жатыр...
Жұртымды түзеймiн, оны ел қатарына қосамын деп басын тауға да, тасқа да ұрды. Соның жолында санасын сарқып, қажыр-қайратын сарп еттi. Бiрақ содан не шықты? Ел қатарына қосылды ма? Осыны ойласа-ақ, омыртқасы омырылып, қабырғасы қақырап сөгiлiп бара жатады. Қайғырып, ашуға бойын алдырады. Ол ашу — ет пен терiнiң арасындағы қызыл жел ашу емес, ол ашу күйзелiс пен күйiктiң көз жасы тамған ашу. Ол ашу — уға айналған ашу. У болғанда да — көктемгi жыланның тiлiндегiдей ашыған у. Ол у, мiне, өзiнiң қанына құйылып, жанына жайылып барады. Ендi ол өлсе, сол ашынған ашудан, ашыған удан өледi.
Елi үшiн еңiрей-еңiрей, жұрты үшiн жылай-жылай күйiк пен күйзелiске түсiп, сол күйiк пен күйзелiстiң көз жасы ашытқан удан дерттi болған жанның ойы кермек болмай, қандай болушы едi?!
Әрине, ондай жан мұңдасарға кiсiсi жоқ мұңлыққа айналары сөзсiз. Теңiздей толқып аласұрған, бұлттай көшiп жөңкiлiп бара жатқан мына өмiрден ат құйрығын кесiскен ол жан, ендi бақсының моласындай жалғыз...
II
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмiр қайтып келмек.
Басқан iз, көрген қызық артта қалмақ,
Бiр құдайдан басқаның бәрi өзгермек.
Сөз ұғарлық жан мен мұңдасарға кiсi таба алмай тiрлiктен шерлi болған ол ендi пәни мен бақи туралы ұзақ-ұзақ ойға шоматын болды. Сөйтсе, мына өмiрдiң бәрi көшпелi, бәрi өткiншi екен ғой. Мәңгiлiк ештеңе жоқ екен ғой. Қайратымен қара тасты қақ айырып, жалынымен жер дүниенi шарпып жiберердей болып жүрген бiр кездегi жастық шақтың да күнi өтiп, көзi сығырайып, белi бүгiлiп қалыпты. Оның орнын шашағы желкiлдеп, жапырағы жайылған мүлде жаңа ұрпақ басыпты.
Жоқ туады, туған өледi! Дүниенiң бүкiл болмыс-бiтiмi, жаратылыс-құрылымы осы ұғымның құдiрет күшiне бағынышты.
Мәңгiлiк ештеңе жоқ! Бiр кезде қарасаң, от басы, ошақ қасының ғана қамын ойлап, бүгежектеген бейшара, ендi бiр кезде қарасаң, бұл өмiр ашсам — алақанымда, жұмсам — жұдырығымда деп, көкiрегiне нан пiскен пенде түгiлi, аспан астын астан-кестен етiп долданып жатқан ұшы-қиырсыз көк теңiзiңiз де, көкжиектi түгел көмкерiп, мұнартып жатқан алып тауларыңыз да — бәрi-бәрi, егер олардың туғаны жаратылғаны рас болатын болса, өледi. Иә, иә, диалектиканың заңы солай: туған — өледi, жоқ — туады.
Өткен қайтып оралмақ емес, өшiп, күлге айналған — қайта жанбақ емес, өлген қайта тiрiлмек емес. Бiрақ солай бола тұра, басқан iзiң, сөйлеген сөзiң, iстеген iсiң соңыңда қалады деп жататыны қалай? Оған илануға, көңiл тоғайтуға бола ма? Әбден мүмкiн. Тек ол үшiн, басқан iзiң ертең жұрт жүретiн соқпаққа, сөйлеген сөзiң ертең жұрттың жүрегiнде жанып тұратын шыраққа, iстеген iсiң ертең жұрттың жанын жадыратар қуанышқа ие болуы тиiс...
III
Ер iсi ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсiздiң қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Ерiншек өздiгiнен көпке көнбек.
Бұл төрткүл дүние о бастағы жаратылысы кереғар әрекеттер мен қиғаш пiкiрлерден тұратыны рас болатын болса, онда ол кереғар әрекеттер мен қиғаш пiкiрлер, қалай да, ауық-ауық аласапыран құбылыстардың алдаспаны болып, күндердiң күнiнде елiң мен жерiңнiң үстiне қатер төндiретiн алмағайып заманның кiндiгiн кесерi хақ.
Ондай кезде лап ете қалған сезiмнiң жетегiнде кетпей, қайта, өртке ұмтылған сол сезiмнiң шалғайынан тартып, қолынан ұстап қалатын сабырлы ақылға ер! Өйткенi ердiң сойы ғана ақыл соңынан ермек, елiн шын сүйген ер ғана бойын ақылға жеңдiрмек. Бойды сезiмге жеңдiру, түптiң түбiнде, ұшқарлыққа ұрындырып, көз шығарып, бас жардыратын ұр да жыққа ұластырып жiберуi қандай кәдiк болса, бойды ақылға жеңдiру елдi қатердiң қара шоқпарынан, қауiптiң қанды қақпанынан аман алып шығуы сондай мүмкiн. Ел басқару да ерлiк iс. Ол да өнер. Ел басқарудың да өзiнiң ою-өрнегi, үйлесiм, жарасымы болады. Кереғар әрекеттердiң қыбын, қиғаш пiкiрлердiң ебiн таба бiлуiң керек. Тек, құдайым, ел тiзгiнi содыр-шодырлардың, өнерсiздердiң қолына түсiп кетпесiн деңiз. Егер солай болды ма, онда ел iшiнен сойқан, ел төбесiнен сойыл кетпейдi. Әрине, ел боламын деген ел, таңертеңнен кешке дейiн аузын ашып, көзiн жұмып, ел басқаратын ердiң ғана сөзiне ұйып отыра бермей, өзi де заманмен пәтуаға келiп, уақытпен тiл табысып, солармен әрекетке түсуi ләзiм.
«Көппен көрген ұлы той» деген жақсы. Бiрақ оның да өз орны бар. Елмен бiрге қауiптi көтерiп ал, бiрақ қалған өмiрде өзiңше ойлай бiл. Өзiңше әрекет ет. Олай етпедiң бе, онда сен көп тобырдың бiрiсiң. Өзгеден өзгеше шыға ойлау ғана, шығандап әрекет ету ғана, өзiңнiң ғана емес, елiңнiң де еңсесiн көтермек. Өз ойың, өз әрекетiң жоқ па, онда сен мойнын iшiне тыққан именшек сорлысың, табанда иленiп қалған езсiң!..
IV
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бiр күнi сынар шөлмек.
Өзiңнiң де, елiңнiң де көсегесiн көгертiп, мерейiн асырам десең, еңбек ет! Қуатыңды сарқы, терiңдi төк! Бұл — ежелден айтылып келе жатқан аксиома. Мұны жұрттың бәрi бiледi. Бiрақ тырбанып, тырмаланғанның бәрi еңбек, оның бәрi адал ма? Ол еткен еңбегiң бүгiнгi елiңнiң алдында ұялтып, ертеңгi ұрпағыңның алдында қызартпай ма?! Көк айдын көлiңдi шалшыққа, көкорай жерiңдi тулаққа айналдырып жiберетiн еңбек те еңбек болып атала ма?
Аталғанда да, ол адал еңбек бола ма? Не болғанда да, елiн алдап, жерiн жалдаған еңбек — еңбек бола алмас. Еткен еңбек отбасыңның ғана емес, ел дастарқанының берекесi, ел қазанының құты. Оны арамдап алма! Арам тiрлiктен отбасының ғана емес, ел дастарханының да берекесi кетiп, ел қазанының да құты қашады.
Ұрлықтың түбi — қорлық, қулықтың құйрығы — бiр тұтам, дүние жиып, дәулет баққың келдi ме, онда сен, түптiң түбiнде, оның зауалын, тартпақсың. Өзiң тартпасаң, ұрпағың тартады. Соны ұмытпа! Әруақтардың үрейiн сыйла, ұрпақтардың наласынан қаймық, құдайдың қаһарынан қорық!
V
Адамзат тiрiлiктi дәулет бiлмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуiнiң бiрi жоқ, ауыл кезiп,
Не қорлық құр қылжаңмен күн өткiзбек?!
Бiз күнi кешеге дейiн өмiрдiң қарапайым ғана пәлсапасынан қаншалықты алшақ өмiр сүрiп келгенбiз. Жер басып жүрген жұмыр басты пенденiң бәрi, яғни бүкiл адамзат баласы тiрлiк етудi дәулет деп бiлiп жатқанда, бiз дәулеттi тұрғанды мүйiздеп, дәулет iздегендi сұқ саусағымызды шошайтып кiнәлап келген жоқпыз ба? Сол шошайған сұқ саусағымыз қаншама көздi шығарып, қаншама көкiректi тестi?! Қаншама жан дәулетiмiзбен бiрге мал дәулетiмiз сол қарғыс атқыр сұқ саусақтың ұшында кеттi.
Қандай бiр ғұлама адамыңыз да өмiрдiң бүкiл сұрағына жауап бере алмайды. Ол қаншама Алланың аузынан, пайғамбардың белiнен түскен жан болса да, өмiрдiң қалтарыс түкпiр-түкпiрiнде болып жатқан құбылыстардың бәрiне ақылы жете бермейдi. Ол жан қаншама ақылды болса да, елден ақылды емес. Сондықтан шын ақылды ғана елдi көбiрек тыңдайды. Ақымақ елдi емес, өзiн тыңдайды. Ақымақ қана елге менiң ақылыммен жүр деп күш көрсетедi. Ал шын ақылды елден ақыл жинайды. Сол жинаған ақылды санасы мен жан-жүрегiнде қорытып, елдiң өзiне қайтарып бередi.
Амал не, тауып жатқан не ақылы, не малы жоқ, кеше ауыл кезген, бүгiн көше тоздырған, не iстеп жатқан iсi, не iстеп жатқан қарекетi жоқ, елтең-селтең жандар қаншама?! Кеше олардың аңдығаны садақа беретiн ауыл мен түтiнi қою шығатын үй болса, ендi бүгiн олардың аңдитыны — арақ пен шарап сататын дүкен. Олар кеше бiр ауылдың әңгiмесiн екiншi ауылға тасып, бiр ауылды екiншi ауылмен атыстырып-шабыстырып қойса, олар бүгiн арақ пен шарапқа бойын алдырып, былғаныш сөз бен былғаныш әңгiменiң батпағына белшесiнен батып жатыр. Қандай жиiркенiштi, қандай қорлық!
VI
Наданға арам — ақылды құлаққа iлмек,
Бұл сөзден ертегiнi тез үйренбек.
Рас сөздiң кiм бiлер қасиетiн,
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.
Әсiлi, елдiң басын қоспайтын, оның iргесiн сөгетiн, тiптi, керек десеңiз, жұлынына құрт боп түсiп, ғұмырын қылқадан қиятын, сөйтiп, түбiне жететiн бiр бәле болса, ол — надандық. Қара надандық. Надандық қана дұрысты бұрыс дейдi. Надандық қана асылды тани алмайды. Асылды тану үшiн ақыл болу керек. Надандық бар жерде сөгiлген тiгiлмейдi, жыртылған жамалмайды. Қайта, ол елеусiз ғана сетiнеген жердi одан сайын қақыратып, елеусiз ғана тесiктi одан сайын үңiрейтiп тастайды. Өз қолымен өз абыройын ашады. Надандық бар жерде ұйыған iрiп, көгерген көктей солады. Ал бiр надандық басқа надандықтармен тiзе қосса, онда ол қара дүлей, жабайы күшке айналады. Онда ол жолындағысын жапырып, қолындағысын опырып жiбередi.
Надандықтың бойына мәуелi ақылдың ұрығын егу өте қиын шаруа. Ол ұзақ уақытты керек етедi. Ал оның бойына арам ақылды егу оп-оңпй. Ол азған жерге алабұта егумен бiрдей. Бiр жылдың iшiнде-ақ кiсi жүргiзбейтiндей ну болып өсiп шығады.
Сондықтан да надандық, қай уақытта көрсең де, арам ой, жат пиғылдың не қолшоқпары, не қолжаулығы болып жүредi. Оның көбiне-көп, басқаны былай қойғанда, өз ұлтының жағасына жармасып, өз ұлтына қол көтерiп жататыны содан.
Сонымен бiрге, надандықтың бiр тамыры аңғалдықта жатыр. Ал аңғалдық дегенiмiз — пiспеген балаң сана, жетiлмеген балаң әрекет. Әдетте, балаң сана таңдайды қуырып жiберетiн кермек дәмдi рас сөзден гөрi, таңдайды үйiрiп жiберетiн ертегi сөзге тез ұйыйды.
Әттеген-ай, ертегi сөзге есiмiз кеткенше елiге-елiге қаншама жан қаншама жылдар бойы адасып келдi, қаншасы әлi адасып жүр!
Ал қаншамыз шынға сенбей, жоққа сенiп, иектегеннiң иегiнде, қақпалағанның қапталында жүрмiз десеңiзшi!..
VII
Қызыл арай, ақ күмiс, алтын бергек,
Қызықты ертегiге көтерiлмек.
Ақсақалдың, әкенiң, бiлiмдiнiң
Сөзiнен сырдаң тартып, тез жиренбек.
Қызылды-жасылды әлемiш сөздiң сыңғырына есi кеткенше елiгiп, оның тiл үйiретiн дәмiне бойын тез алдыратын балаң сана үшiн көптi көрген көне қарияның да, дүниенiң ұңғыл-шұңғылынан iлiм жинаған бiлiмдiнiң де сөзi тым ауыр. Өйткенi көне көз қарияның сөзi өмiрдiң ошағында қорытылып, бiлiмдiнiң сөзi ғасырлар қазанында қайнаған. Ол қорғасындай салмақты сөздер. Ол сөздердi көтерiп кету үшiн ыстық ықылас, жанкештi ынта, салауатты түйсiк, табанды төзiм керек. Оларсыз ол қорғасындай ауыр сөздердi көтерiп кету мүмкiн емес. Ал қорғасындай ауыр сөздердi көтерем деп, жанын кiм қинап жатсын? Кiм басын ауыртып, кiм балтырын сыздатсын?
Одан да, басын да ауыртпайтын, балтырын да сыздатпайтын, тәттiсiмен таңдайды тамсандырып, сылдырмағымен құлақты алған не арам, не ертегi сөздiң жетегiнде кету әлдеқайда жеңiл. Тағы да ондай құтсыз, қысыр сөздерге қай кезең, қай заман да қысыр болмаған. Ондай сөздерге қай заман, қай кезең де құрсағы шермиiп, желiнi жер сызып, буаз боп келген.
Ертегi сөзге ойын, арам сөзге бойын алдырған да бiр — апиын iшкен де бiр. Ал апиын iшкен жанда ақыл-ес болушы ма едi?! Апиын iшкен адам — құдайдың емес, жануарлық ындынның құлы. Ал жануарлық ындын иесi, әдетте, қорқау аранын ғана тойдыруды ойлайды...
VIII
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзiндей баға бермек.
Таразы да, қазы өз бойында,
Наданның сүйгенi көп пен дүрмек.
Зорлық-зомбылықтың зобалаңы мен қиянат-кiсәпiрлiктiң ойранынан түте-түтесi шығып, ту-талақай болып жатқан дүниенiң оңы мен солын бағдарлап, ағы мен қарасын безбендеу үшiн қаншама пайым, қаншама ғұлама парасат керек?! Егер зорлық пен зомбылықтың, қиянат пен кiсәпiрлiктiң тiнiн қалдырмай санап, түгiн қалдырмай салмақтап, бар қимыл, бар әрекеттi ойдың елегiнен, сананың саңлауынан өткiзiп сараптайтын, қара қылды қақ жарып сөйлей алатын сарабдал ақыл сөз алып, болып жатқан құбылыстардың нарқы мен парқын айтпаса, оларға баға бермесе, онда бұл өмiрдiң баяғыда-ақ құны түсiп, құты қашып, құрыған болар едi. Қандай болмасын қаскөйлiктен, қандай болмасын қатыгездiктен қаймықпай, қамшысын алдына тастап айта алатын әдiлдiк бар кезде ғана өмiр-өмiр, адам адам болып қала алмақ. Онсыз өмiр мәнiнен, адам әрiнен айрылады. Онсыз өмiр күлталқан болып күйрейдi!
Ақылдының сүйенерi әдiлдiк болса, наданның сүйенерi — тобыр мен дүрмек.
Әдiлдiк жалғыз, тобыр мен дүрмек көп. Әдiлдiктiң көбiне-көп тобыр мен дүрмектiң аяғының астында жаншылып қала беретiнi содан...
IХ
Алашқа iшi жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тiрiде аңдып, өлсе өкiрмек.
Бiр-екi жолы болған кiсi көрсе,
Құдай сүйiп жаратқан осы демек.
Күнi кеше ғана қасiреттен ел күрсiнiп, қатыгездiктен жер түршiгiп жатқан заман келгенде ат үстiнен ел тiзгiнiн ұстаған көп-көп азаматтарымыздың табанының бүрi жоқ тайғақ, сөздерiнiң тiрегi жоқ жалтақ екенiн ағып түскiр қу көзiмiз көре қалды. Әншейiнде, ел алдына шыққанда, оқтау жұтқандай болып оқшырайып қарайтын немелер, сол бiр аласапыран тұстарда соншалықты бейшара күйге түсiп, соншалықты аласарып, құр сұлбаға айналып кеттi. Көш бастайтын көсем деп жүргенiмiз өз елiне күл шашатын көсеу, жұртты соңына ертетiн серке деп жүргенiмiз дұшпанның аяғын жалайтын сүмелек болып шықты. Ең сұмдығы, олар қарақан басының қамы үшiн өз халқының үстiне май құйып, отқа тастауға да даяр екен. Өкiнiшке орай, ондаған жылдар бойы, көп ретте, елдi жалаулары емес, елдi әлдекiмдердiң қолжаулықтары басқарып келiптi. Ел басына күн туғанда, ұзақ жылдар бойы әркiмнiң тершiген мойынын, былғанған қолын сүрткен ол қолжаулықтардың қолқа қабатын исiнiң мүңкiп кеткенi рас.
Сөйтсек, ол оқшырайған немелер кезiнде биiк-биiк лауазымды орындарға елдiң қамын жеп, елдiң сөзiн сөйлеймiн деп емес, елдi айтқаныма көндiрем, айдауыма жүргiзем деп келген екен. Олардың көбi-ақ ел басқару дегендi шайқап төгiп, сапырып iшу деп ойлапты. Лауазымды орындарға олар алысты жақын етер кiсiлiкпен емес, жақыннан жат санар кiсәпiрлiкпен ие болған екен.
Х
Ел бұзылса, табады шайтан ермек,
Перiште төменшiктеп, қайғы жемек.
Өзiмнiң иттiгiмнен болды демей,
Жеңдi ғой деп, шайтанға болар көмек.
Өзiң ортасында жүрген, астан-кестен болып жатқан мына заманның арсы-күрсi демiнен ымы қай тұста, жымы қай жақта екенi белгiсiз небiр түлкi бұлаң саясаттар мен түрi бөлек, түсi жат небiр құйтырқы құбылыстар пайда бола бастады. Қазiр сол әзәзiлдiк жасап жүрген түлкi бұлаң саясаттар мен құйтырқы құбылыстардың құйынын кiргiзiп алған елдерде қан төгiлiп, қасiрет болып жатыр.
Дәл қазiр қазақ үшiн де, елдiң елдiгi сыналатын кезең келiп тұр. Әлдеқайда топ пен тобырларға ерiп, солардың сойылын соғамыз деп жүрiп, өз шаңырағымызды өзiмiз ортаға түсiрiп аламыз ба деген қауып те жоқ емес. Қандай қадiрлi топ болса да, топтың аты — топ. Ол топтың қайсысы болмасын, сөз жоқ, күндердiң күнiнде, байқамай болса да, шайтандық құйтырқылыққа ерiп, өзiнiң бәсекелес тобына тас лақтырары хақ.
Ал ол лақтырылған тас, ең алдымен, ынтымақтың iргесiне, бiрлiктiң уығына тиедi! Ол тас, ең алдымен пәтуаның терезесiн сындырады! Содан кейiн-ақ келiскен кетiседi, бiтiскен бүлiнедi. Қазақ үшiн топ пен тобырға бөлiну аса қатерлi.
Бiреулер өркениеттi әртүрлi саяси ағымдар бар ғой, олардың несi кетiп жатыр деуi мүмкiн! Олар өркениеттi елдер ғой. Бiздiң санамыз ондай деңгейге көтерiлген жоқ. Олар ешуақта да саяси ағымдарды ұлтының мүддесiнен жоғары қоймайды. Ал бiз күнi кешеге дейiн белгiлi бiр идеология мүддесiн ұлт мүддесiнен жоғары қойып келдiк қой. Ол психологиядан арылу үшiн бiздерге жылдар керек.
ХI
Сырттансынбақ, қусынбақ, өршiлденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
Өзiмен өзi бiр күн болмай ма әлек?
Ең сұмдығы, менiң байқағаным, ол топ пен тобыр басында жүрген азаматтардың көбiне-көп екi жүздi болып келетiндiгi. Бiр қарағанда, олардың халқым деп күрсiнгенде көкiректерi қарс айрылып, ұлтым деп уһiлегенде өзегi өртенiп жатқандай көрiнедi. Әп дегенде сенiп қаласың. Ендi бiр қарағанда, олардың сумаңдаған сыпсың сөз, сыбыр мен күбiрдiң арасында жүргенiн байқайсың. Оның халқым деп күрсiнгенi де, ұлтым деп уһiлегенi де бар болғаны өзiнiң түкке алғысыз болмысын бүркемелеген перде екенiн бағамдайсың. Оның бар мақсаты — жұмсақ кресло, жылы кабинет екенiн сезiнесiң. Бар мүддесi билiкке ие боп, ел үстiне бишiк үйiру екенiн ұғасың. Соның бәрiн көрiп отырып, оларға деген адал сезiмiңнiң аяқ асты болғанына қамығып, налисың. Бәрiнен бұрын, сондай екiжүздi адамдардың елдi елiктiрiп, соңынан ертiп жүргендерiн көргенде, iшiң қан жылайды.
ХII
Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек?
Адалдық, адамдықты кiм теңгермек?!
Мақтан үшiн қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп өзiне сөз келтiрмек.
Менiң ол жандардың өздерiне өздерi, жұртты соңыма ертуге қуатым, iлiмiм мен бiлiмiм, парасат пен пайымым, әдiлдiгiм мен әлiм жете ме деп сұрақ қояды дегенге күмәнiм бар. Өйткенi олардың көбi лауазымды орындарға жету үшiн соншалықты жанын салады. Сол жолда әдеп пен iзеттiлiктiң ақ жолын, адалдық пен адамдықтық ала жiбiн аттап кетедi. Ал лауазымның атына мiну үшiн адалдық пен адамдықтың ала жiбiн аттап барған адам күнi ертең жәбiр көрген адалдыққа қамқор, аяқ асты болған адамдыққа пана бола ала ма?! Ондай адам тiзгiн ұстап, атқа қонса, ел тағы да әдiлетсiздiктен қан қақсап, қайғы жұтпай ма, қасiрет шекпей ме?
Өзiнiң ұлықтыққа құмар ындынының құлқынын тояттауды ғана ойлаған ондай жан iс басына келе көрмесiн деңiз, ол келе қалса, онымен бiрге ел iшiн де бүлiк пен ойран қатар келедi.
Рухани қуат, iлiмi мен бiлiмi, парасат пен пайымы жоқ, қайратсыз жандардың күпсiген мақсат үшiн ел басына келуi, оның өзiн ғана ит қорлықта қалдырмай, елдiң де жанын қорлап, жәбiрлеп кетпек. Елдiң еңсесiн түсiрмек. Оның соңы бүлiк пен ойран. Оған мысал iздеп бас қатырып жатудың қажетi жоқ. Iргелес елдердi ойша бiр шарлап өтсек, жетiп жатыр.
Құдайым, қазағымды осындай пәледен сақтай гөр!
ҚАЗАҚ ҚАСIРЕТI — АБАЙ ҚАСІРЕТI
Менiң есiме дәл қазiр бұдан он-он бес жыл бұрын «халқым» деп сөйлесе қабырғасы қақырап сөгiлiп кететiн қадiрлi бiр азаматпен арамызда болған әңгiме түсiп тұр. Әдебиет айналасынан өрбiген ол әңгiме ұлғая-ұлғая барып, Абайға барып тiрелген едi. Екеумiздi әңгiменiң әбден елiктiрiп алып кеткенi сонша, сол отырыста бiр-бiрiмiзге ойымызға қордаланып жиналған пiкiрдi армансыз шешiп, жанымызға шемен боп қатқан шердi алғаусыз ағытқан едiк. Ондай кезде, әрине, бiр сөздi бiр сөз сүйрелеп, бiр шердi бiр шер қозғап, жаныңның қыртыс-қыртысындағы қырындыға дейiн қалдырмай, сыртқа алып шығары сөзсiз. Сондай бiр тұста әлгi қадiрлi азамат: «Абай, әрине, ұлы ақын, қайталанбас құбылыс. Оған ешкiмнiң де дауы жоқ. Бiрақ мен ұлы ақындықты күрескерлiк деп бiлемiн. Әлбетте, Абайда күрескерлiк жоқ қой дей алмаймын. Ол да ұлы күрескер. Дегенмен, күрескерлiктiң де күрескерлiгi бар. Мен, ақын үшiн ең ұлы күрес — елiнiң азаттығы мен бостандығы үшiн күрес деп ұғам. Ал Абай, ең алдымен, ұлы ағартушы, реформатор. Оның өлеңдерiнде Ақтамбердi, Бұқар, Махамбет өлеңдерiндегiдей «азаттық» деп айқасып, «бостандық» деп шайқасып жатқан күрескерлiк жоқ. Қанша қайталап оқысаңыз да, сiз Абайдан «жауға аттанам», «азаттық үшiн күресем», «бостандық үшiн жан берем », «отаршылдық — кiсен, бодандық бұғау«? деген сияқты сөздердi таба алмайсыз. Ал Абайдың өмiр сүрген тұсы Ақтамбердi, Бұқар, Махамбет өмiр сүрген кезеңдерге қарағанда мамыражай ма едi?
Қайта, Абай өмiр сүрген тұс — отаршылдықтың әбден меңдеп, кiрiп алған тұсы емес пе едi? Әрине, мен бұл сөздердi айтқанда, Абайды тiптi де кемiтiп отыр деп ойламаңыз. Абай — Абай! Қайталап айтам, ол — ұлы тұлға, қайталанбас құбылыс! Бiрақ менiң сөзiме де ден қою керек деп бiлем. Оған көз жеткiзу үшiн Абайды тағы бiр оқып шығыңызшы«, — дегенi.
Мен сол әңгiмеден кейiн Абайды бiр емес, әлденеше рет оқып шықтым. Әрине, әлгi қадiрлi азаматтың айтқан пiкiрiне көз жеткiзу үшiн емес. Өйткенi мен Абайда Ақтамбердi, Бұқар, Махамбет өлеңдерi сияқты аттандап тұрған өлеңдердiң жоқ екенiн ол әңгiмеге дейiн де жақсы бiлетiнмiн. Тiптi, мен, сол тұста-ақ, азаттықты аңсап, отаршылдыққа жаны күйiнiп, опынып сөйлейтiн өлеңдердiң Абайдан кейiнгi ақындарда да
— Мұрат, Мағжандарда да жеткiлiктi екенiнен азын-аулақ хабардар едiм.
Дегенмен мен, ешуақыта да, ұлы Абайдың халқымыздың өзiне дейiнгi сан ғасырлар бойы ой-қазыналарын бойына қорытып алған, мүлде жаңа рухани дүние, мүлде жаңа әдеби әлем әкелген Алып екенiне күмән келтiрген емеспiн. Солай бола тұра, әлгi қадiрлi азаматтың «Абай, әрине, ұлы тұлға, қайталанбас құбылыс деп, алып, «оның өлеңдерiнде Ақтамбердi, Бұқар, Махамбет өлеңдерiндей «азаттық» деп айқасып, «бостандық» деп шайқасып жатқан күрескерлiк жоқ» деуi ұзақ жылдар бойы құлағымның түбiнен ызыңдап кетпей қойғаны рас. Ол сөздер құлақ түбiнен кетер де едi, егер сол қадiрлi достың, ашық болмаса да, әлдененi тұспалдап айтқан сөздерi басқа жандардың пiкiрлерiнен де әр жер-әр жерден қылаң берiп қала бермесе. Әрине, «азаттық», «бостандық» сияқты аса қастерлi, қасиеттi сөздер айтылып жатқан ол тұспалды пiкiрлер талайды-ақ елiктiрерi сөзсiз. Өйткенi «азаттық», «бостандық» деген сөздер кiм-кiмге де, жер басып жүрген жұмыр басты ұлылардың қай-қайсысына да үлкен сөздер ғой. Қарап тұрсаңыз, бәрi дұрыс.
Жырауларды оқып көрiңiзшi:
Жиембет жырау:
Қол-аяғым бұғауда,
Тарылды байтақ кең жерiм!
Арманда болып барамын,
Қоштасуға аял жоқ,
Қалқаман, Шолан ерлерiм!
Ақтамбердi жырау:
Дұшпаннан көрген қорлығым.
Сары су болды жүректе.
Он жетiде құрсанып,
Қылыш iлдiм бiлекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткiз деп, құдай, тiлекке.
Бұқар жырау:
Егер шүршiт келмесiн,
Егер шүршiт қаптаса,
Алып бiр жейдi ақтарып
Көмулi көрден денеңдi.
Махамбет:
Қатын-бала, мал бағып,
Үйде отырман өлем деп.
Қорлықта жүрген халқыма
Бостандық алып берем деп...
Мiне, бұл жолдардың қай-қайсысы да «елiм», «жерiм» деп, «азаттық», «бостандық» деп қылыштары жарқылдап, қалқандары қаңғырлап тұрған нағыз сардар, сарбаз жолдар емес пе?! Бұл жолдардың қай-қайсысы да «өлсем, өлем, бiрақ берiлмен» деп тұрған жоқ па? Ал дәл осы жерде әлгi қадiрлi доспен, яғни онымен пiкiрлестер: «Мiне, көрдiңiз бе, ұлы жыраулар жаумен алысқан, ал Абай өз қағазымен алысқан», — деп шыға келуi мүмкiн. Ондай сөз бола қалған жағдайда, ойы тайыз, бiлiмi таңқылау жандар мен буыны бекiп, бұғанасы қатпаған жасөспiрiмдердiң селт етiп, елiге қалуы ғажап емес. Өйткенi қалай болғанда да, «азаттық», «бостандық» деген ұғымдар Абай деген ұлы тұлғадан үлкен. Оған кiм-кiмнiң де көзi жетсе керек. Мiне, осының өзi-ақ сыбырға тiлi жүйрiк, сыпсыңға құлағы түрiктердiң қызба желдерiн қыздырмалап кетер сөзсiз.
Әрине, ақырын байқап, аңлап сөйлемесе, кез келген салыстыру қауiптi. Ондай кезде екi шоқып, бiр қарамасаң, салыстыру салыстыру болып шықпайды, салыстыру бiрiне бiрiн қарсы қою, бiр-бiрiмен салғыластыру болып шығады. Олай болса, Бұқар, Махамбет, Абайларды бiр-бiрiмен салыстырулар арқылы емес, салғастырулар мен жалғастырулар арқылы қарастырған жөн. Әрине, мұны айтқанда, әр таудың өз биiгi, әр мұхиттың өз тереңi бар екенiн ұмытпау керек. Абай — Абай! Ол мүлде ерекше ұлы дүние! Онымен кiм-кiмдi де қатар қою барып тұрған күпiрлiк болып шығады. Дегенмен, Абай тақыр жерге өздiгiнен пайда бола қойған жоқ едi. Абай деген алып бәйтеректiң ұлы тұлғалар жатқан құнарлы топырақтан тамыр тартқанын ешкiм де жоққа шығара алмайды.
Солай бола тұра, Абайдың «азаттық», «бостандық» туралы отаршылдыққа қарсы бiр ауыз сөз айтпауы, айтса да, алыстан орағытып айтуы қалай? Елi үшiн жандасып, жерi үшiн қандасқан, ұлт азаттығы үшiн күрескен, артық туған ерлердiң, ең болмаса бiреуiнiң есiмiн атамауы несi?! Бұл сұрақтарды мойнын iшiне тыққан жандардың, ашық болмаса да, әр жер-әр жерде қойып жүргенi рас. Әрине, бұл сұрақтар — iшкi астарсыз, қауқарсыз, жалаң сұрақтар. Өйткенi Абай даналығына, Абай құдiретiне, тереңiрек үңiлсеңiз, мүлде басқаша ойға қаласыз.
Менiңше, Абай азаттық пен бостандықтың қадiрiн өз тұсындағы жандардың қай-қайсысынан да асып бiлген. Ақтамбердi, Бұқар тұстарында қазақ жерiне отаршылдық әлi кiре қоймаған, тiптi, Махамбет заманында да отаршылдық Абай кезеңiндегiдей әбден тырнағын батырып, ендеп кетпеген едi. Ақтамбердi, Бұқар кезеңдерiнде де, кейiнiрек Махамбет тұсында да қазақ халқы азаттықтың мәнiн, бостандықтың дәмiн көп-көп кезеңдерден жақсы бiлетiн. Сондықтан да олар азаттық үшiн шабысты. Ал Абай тұсында ше? Ол тұста отаршылдықтың әбден күшiне енiп, қанды балақ, шұбар төске айналған кезi ғой. Ал отаршылдықтың халыққа қарсы қолданатын ең үлкен қаруы — қараңғылық пен сол қараңғылық кiндiгiн кескен надандық. Көзiн қараңғылық пен надандық байлап алған кезде халықтың азаттық пен бостандықты қорек ете қоюы қиын. Абай қазақ халқын дәл солай қараңғылықтың қалың тұманы тұмшалап алғанда өмiр сүрдi.
Абай халықты азаттық пен бостандыққа қарай алып шығу үшiн алдымен оны қараңғылықтың отарынан, надандықтың боданынан құтқару керек деп ұқты. Қараңғылықтың бұғауы мен надандықтың кiсенiнен азат болмаған ел ешуақта да азаттық алмайды деп бiлдi. Сондықтан да ол «азаттық» деп айқайлаған жоқ, «бостандық» деп бұлқынған жоқ.
Қараңғылық — бар бәленiң бастауы. Қараңғылық тұсында ел iшi зымиян iс, сұрқия жүрiске толып кетедi. Қара шоқпар, ақ сойылды зорлық-зомбылық, жұлын үзiп, омыртқа опырған озбырлық, малымен қосып арын сатқан билiк құмарлық, не иманы, не ұяты жоқ екiжүздi сатқындық, әзәзiл күлкiлi, әзiрейiл сықпытты жексұрындық, ел түгiлi, екi адамның басын қоспайтын алауыздық пен алакөздiк, елдiң берекесiн кетiрiп, ырысын қуған бұзықтық пен бүлiкшiлдiк — бәрi-бәрi сол қараңғылықтың құрсағынан шығып, надандықтың жөргегiнде өсiп-өнген аса қауiптi, қатерлi құбылыстар. Мiне, Абай қазақ халқының көзiн тұмшалап, бойын еңдеп жайлап алған осы аса қатерлi құбылыстармен күрестi. Ол қатерлi құбылыстармен күресу, ол құбылыстарды халық бойы мен ойынан қуып шығу — жауға аттандап шапқаннан қиын болмаса, оңай болмаса керек. Керек десеңiз, Абайдың қараңғылықпен күресi әлi де жалғасуда!
Абай бүкiл iлiм-бiлiмiн, бүкiл жан жылуы мен қызуын, бүкiл күш-қуатын өз халқын сол қараңғылық құрсауынан азат ету жорығына жұмсады. Ол жорықта оның сарбазы да, сардары да болған жоқ. Ол жалғыз жүрiп мыңмен алысты. Ол мыңдар «ала жылан, аш бақа күпiлдектер» едi. Ал қаптаған күпiлдектердi сөзге ден қойғызып, уәжге тоқтату мүмкiн бе? Ол қаптаған күпiлдектердiң бәрiне емес, бiреуiне ғана көз салып қараңызшы:
Барып келсе Ертiстiң суын татып,
Берiп келсе бiр арыз бұтып-шатып —
Елдi алып, Едiлдi алып есiредi,
Iсiп-кеуiп, қабарып келе жатып.
Бұтып-шатып бiр арыз бергенiнен масаттанғаны сондай, «Ел менен Едiлдi қатар алып кеткендей iсiнген» көрмәдiк, өркөкiрек, шексiз даңғойлық дұрыс сөзге, сiрә да, құлақ қояр ма? Өйткенi онда сана, санаға түсер сәуле жоқ қой. Тас қараңғы ғой. Тасқараңғы адамның құлағы да таскерең. Мықты болсаң, тасқараңғы, тас керең адаммен алысып көр!
Қараңғылық пен надандықтың табиғатын арғы-бергi заманда ешкiм де Абайдай терең зерттеп, Абайдай жете бiлмеген. Ол қараңғылықтың бiр қатпар, бiр қуысын да қалдырмай, түгелiмен айқара ашып көрсетiп бередi. Мәселен, надан адамның «сұм, сұрқия, қу« атанбаққа құмар болатынын бүкiл әлемдiк әдебиетте алғаш рет кiм айтты? Тек Абай айтты. Тағы да қайта-қайта айтты. Надандықтың сол портретiн ол мына жолдармен тағы да нақтылап бередi:
Сабырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ.
Өтiрiк, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су,
Ат, шапаннан кем көрмес,
Бiреу атын қойса «қу»
«Сұм-сұрқия», «қу» деген сөздер — кiм-кiмдi де, егер ол өзiн сыйлай алатын адам болса, намыстан шарт сындыратын сөздер. Ал сондай қорлау сөздерге әлiгiндей күпiлдектердiң мақтау естiгендей марқайып, құс жастыққа сүйенгендей шалқайып қалатыны нелiктен? Әрине, қараңғылығынан, надандығынан. Бұл қолдан жасалынған, қиылдан алынған портрет емес. Өмiрден алынған портрет. Ол қараңғы надандықтың сарқыншағы, несiн жасырамыз, әлi де бар. Олай дейтiнiмiз, көбiмiз-ақ, «о қу-ай« десе, жалпайып күлiп жайраңдап, «о, сұм-ай« десе, шалқайып күлiп марқайып қалатынымыз өтiрiк пе? Апыр-ай, надандық деген, ұлттық намыс түгiлi, адамдық намыстың өзiн жеп қоятын жебiр екен ғой.
Абай надандықты қолына ұстап отырған заттай аударыстырып, төңкерiстiрiп, бар мүйiс-бұрышынан, бар бүйiр, бар тұсынан қарастырып қана қоймайды, оны қақ жарып, қанын сорғалатып тұрып, өзегiне дейiн ашып бередi. Тiптi, ондайда надандықтан тура даңғойлықтың өзi әлденеше трге енедi. «Сұм-сұрқия, қу атанбаққа құмар« даңғоймен бiрге:
Ит көрген ешкi көзденiп,
Елерме жынды сөзденiп
кететiн даңғоймен де кездесемiз. Абай, сонымен бiрге өзiнiң жиырма алтыншы сөзiнде: «... надан қуанбас нәрсеге қуанады және, қуанғанда да, не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзi бiлмей, есi шығып, бiртүрлi мастыққа кез болып кетедi. Және ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды«, — дейдi. Бұл — адам болмысының бейшара күйге түсуi, адам жанының қараңғылықтың ең қапас түбiне дейiн құлдырауы ғой. Мұндай қара талақ надандық сенiң азаттығыңды, бостандығыңды неғылсын. Мұндайда, ең алдымен, адамды қараңғылықтың қапасынан құтқарып алу керек.
Қараңғы надан — тек сөз ұқпайтын таскерең ғана емес, сонымен бiрге ол ештеңенi көре алмайтын, жақсыны жақсы деп, жаманды жаман деп айырып бiлмейтiн көрмәдiк те! Ондай көрмәдiк жан:
Самородный сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезiне.
Асылды, алтында тани алмайды. Жез бен алтынды айырып бiлмейтiн неткен көрсоқырлық десеңiзшi! Ондай жан кiмнiң қадiрiн бiлiп, кiмнiң ұшпағына шықпақ. Кiмдi құрметтеп, кiмдi төрге оздырмақ? Оған алтын да бiр, қамқа да бiр, бөз де бiр. Не адамның басын, не атаның жасын құрметтей алмайтын, асыл мен алтынның қадiрiне жетпейтiн ондай адамнан не үмiт, не қайыр? Ондай көрмәдiк жан кiмнiң намысын жыртып, кiмнiң сөзiн сөйлей алмақ? Ұлттың ба? Ұрпақтың ба? Ондай жан кiмге қорған, кiмге пана болмақ? Көз алдында асылын алып, ардағын жағып бара жатсаң да оған бәрi бiр. Оған өзi аман болса, өзiнiң өзегi талмаса болды. Ол жан — рухани өлексе жан.
Тағы да, Абай надандық жайлап алған адамды қайырым дегендi бiлмейтiн, қаны қатып қалған қатыгез, мейiрiм дегендi сезбейтiн тасжүрек деп бiледi.
Қазақтың өзге жұрттан сөзi ұзын,
Бiрiнiң бiрi шапшаң ұқпас сөзiн.
Көздiң жасы, жүректiң қаныменен
Ерiтуге болмайды iште мұзын.
Неткен қатыгездiк! Неткен тасжүректiк! Көзiңнiң жасы көл болып төгiлiп, жүрегiңнiң қаны сорғалап тұрғанда да селт етпейтiн, мiз бақпайтын ол жанға ешкiмнiң күнiн салмасын. Бұл екi жалғанда ондай жанның алдыңда басыңды ауыртып, балтырыңды сыздатып бардың ба, ол бәрiбiр қайрылмайды. Қайта, қаһарына мiнiп, суға батырып, отқа лақтырып жiбередi. Өйткенi ол көздiң жасына да, жүректiң қанына да iштегi мұзы ерiмейтiн тасжүрек, қатыгез. Ең бастысы, ондай жанның қолына ел мен жердiң тағдыры түсе көрмесiн деңiз!
Абай тек хат танымаған адамды ғана надан демеген. Егер иманы болмаса, құдайдан қорықпаса, онда ол бәрiбiр надан болып қалады деп бiлген.
Балам закон бiлдi деп,
Қуанар ата-анасы.
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Мұндағы шариғатқа шалалық деген сөз — иманшартқа шалалық деген сөз, құдай алдындағы парызға дүмшелiк деген сөз. Ондай жандардың:
Ойында жоқ бiрiнде
Салтыков пен Толстой.
Я тiлмаш, я адвокат.
Болсам деген бәрiнде ой.
Шен мен шекпен қуған бiлiмдi бола ала ма? Ондай жан өзiнен басқа өзгенiң де қамын жей ала ма? Өзгеге нұры түспейтiн, шапағаты тимейтiн бiлiмнiң керегi бар ма? Абай ондай шен-шекпен үшiн алынған бiлiмдi халықтың өзiне қарсы жұмсалатын қатерлi қару деп бiледi. Тағы да, Абай Жиырма бесiншi сөзiнде: «... осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы да қазақты аңдысам екен дейдi», — деуi сондықтан. Бiз кеше ғана емес, бүгiн де иман шарттарынсыз, ұлттық дәстүрсiз орысша бiлiм ап, орысша iлiм жинаған, өз халқына қарсы қарау әрекеттерге дейiн баратын кейбiр рухани опасыздарды, бiлiмдi надан мәңгүрттердi, әрине, аз көрiп жүрген жоқпыз. Бұл да бiздiң ұлттық, қасiретiмiз! Ол қасiреттi дана Абай, ұлы Абай сонау заманда-ақ байқаған.
Бұл жерде Абай тек адамдық мiнездi ғана емес, ұлттық, халықтық мiнездi де айтып отырса керек. Өйткенi жеке адамның мiнез берiктiгi ұлттық, халықтық мiнез берiктiгiмен ұштаспаса, онда ол түптiң түбiнде қарақан басының ғана қамын күйттеп кетерi сөзсiз. Ұлттық, халықтық мiнезге ие бiлiм ғана ұлт пен халық мүддесiн қорғай алмақ. Сонда ғана ол бiлiм «қазақты аңдып» отыратын бiлiм емес, қазақтың қамын жейтiн бiлiм болады.
Абайдың тағы бiр өзегiн өртеп, жанын жаралы ететiн, «аузынан жалын бұрқ еткiзiп, көзiнен жас шығаратын iштегi қалың дертi» — елдiң бойын жайлап алған қызғаншақтық, күншiлдiк, бақастық, билiкқұмарлық, парықсыздық:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың, —
дейдi ол. Досын жау көргiзiп, өзiн өзi қор еткiзген сол талас-тартыс түбi неде? Соған көз салыңызшы:
Қыран бүркiт не алмайды салса баптап,
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға, жiбередi
Олар да екi құсын екi жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстiнен шықылықтап.
Өзi алмайды, қыранға алдырмайды,
Күнi бойы шабады бос далақтап.
Мiне, бiздi халық етiп қалыпқа түсiрмей, ұлт етiп ұжымаққа шығармай жүрген тағы бiр қасiрет! Қыранның қыран екенiн бiле тұра, топ-тобыр, жалған намыстың құлы болып, оған қабаттастырып қарға мен күйкентайымызды қосамыз. Алды-артын бiрдей орап, құр далақтап шауып жүрiп, түу аспаннан сорғалап түсетiн «қыранымызға» алдырмаймыз. Бұл кеше ғана болған, бүгiн де бар. Бүгiнгi әрекетiмiз кешегiден әлдеқайда қауiптi. Кеше қыранымызға алдырмасақ, бүгiн қыранымыздың тұғырын талқандап, топшысын қиып жiберуге әзiрмiз. Ол тұғырға қарға мен күйкентайды ғана емес, елдiң көзiн ойып, елдiң желкесiн шоқитын құзғын мен сауысқанды да отырғызбақ болып жанталасамыз.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркiм бiр ит сақтап жүр ырылдатып.
Бұл да сол қара күншiлдiк пен қызғанышқа қор болған кешегi де, бүгiнгi де болмысымыз. Бүкiл ұлттық бой мен ойымызды осындай болмыс жайлап алған тұста, одан әлi арылмай тұрған кезде ел партия-партияға бөлiнсе, не болар екен? Онда Абай айтқандай:
Болды да партия
Ел iшi жарылды, —
болып шығады екен.
Өйткенi бiздiң санамыз үлкен ұлттық деңгейге толық көтерiле қойған жоқ. Мүшелерiнiң санасы ұлттық деңгейге көтерiле қоймаған партия ұлттың емес, топ-тобырдың туын көтередi. Жиырма төртiншi сөзiнде: «Бiрiмiздi бiрiмiз аңдып, жаулап, ұрлап, кiрпiк қақтырмай отырғанымыз. Жүз қараға екi жүз кiсi сұғын қадап жүр ғой, бiрiн бiрi құртпай, құрымай, тыныш таба ма?» — деп күйiнгендей, әлi күнге бiз сол күйкентай мүдде мен қарға мақсатты баптап жүрген жоқпыз ба? Ал ондай қарқылдаған мақсат пен шықылықтаған мүдде бүкiл елдi күйiкке ұшыратып, күйзелтiп кетпей ме?! Ел iшiне бүлiк кiрмей ме?
Ұлттық сана толық жетiлмесе, ол әлi шикiлi-пiсiлi кезеңде тұрса, онда демократия дегенiңiз кез келген партияның қолшоқпарына айналады. Ал ол шоқпар, ең алдымен, сол ұлттың басын жарып, маңдайын қақ айырады.
Қанша бөлiнбе, қанша сөгiлме десе де, бөрлiккен қойдай жарылып бара жатқан елдi көрiп:
Барымта мен партия —
Бәрi мастық жұрт құмар.
Сыпыра елiрме, сұрқия,
Көп пияншiк ненi ұғар, —
деп амалы бiтiп, айласы таусылып, «құйрығы шаян, бетi адамдардан» түңiлiп қапаланады. Ұлы Абайдың қапаланып, қабаржуы тек осы ғана ма? Айтып-айтып өз сөзiн өз халқының етiнен өткiзiп, сүйегiне жеткiзе алмаған ол:
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
— деп бүк түссiп, белi үзiлiп, омыртқасы опырылғандай күдерiн үзедi.
Қырық бiрiншi сөзiнде Абай: «Қазақты я қорқытпай, я қараламай, ақылменен не жерлеп, не сырлап айтқанменен, еш нәрсеге көндiру мүмкiн де емес. Етiнен өткен, сүйегiне жеткен, атадан мирас етiп алған, ананың сүтiменен емген надандық әлдеқашан адамшылдықтан кетiрген. Өздерiнiң ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуiлдегi бар ма, дүрiлдегi бар ма — сонысынан дүниеде ешбiр қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да, көңiлi не көзi алаңдап тұрады. «Ендi не қылдық, не болдық?» — деп тұйыққа тiрелiп қалың қасiретке батады...
Абай әлi қасiреттi.
Ендi бiз, бүгiнгi ұрпақ, Абай қасiретiн жеңiлдете алар ма екенбiз? Абай қасiретiн жеңiлдету — қазақ қасiретiн жеңiлдету ғой
АБАЙ ӘЛЕМI
(Алғысөз орнына)
Қоғам өзгерiп, заман жаңғырған кезде бұрынғы қалыптасқан пiкiрлер мен орныққан көзқарастар қайта қаралып, оларға басқаша баға берiлетiнi табиғи заңды құбылыс. Өйткенi өзiмiз өмiр сүрген кешегi қоғамда жездi алтын, алтынды жез деген тұстар аз болмаған. Бiрақ солай екен деп, бүгiн ендi, керiсiнше, шын мәнiндегi iнжу-маржандарымыздың құнын түсiруге кiрiссек, онда жаңа азат қоғамымыздың жүзiне де кiреуке түсiрiп алатынымыз сөзсiз. Осыны бiле тұра, өкiнiшке орай, сөзге деген мына заманның кеңдiгiн көтере алмай, пiкiр айтарда тарпаң болам деп тапырақтап, ой айтарда батыл болам деп тасыраңдап кететiндер көбейiп барады. Әсiресе күйкi қарекет, күңкiл сөздердiң Абай айналасында бiрде ишарамен, бiрде тұспалмен, бiрде жанамалап бой көрсете беруi кiм-кiмдi болсын қатты алаңдатса керек.
Бiрiншiден, ондай пiкiрлердiң авторлары, адамдар бойында қалыптаса бастаған империяға қарсы психологияны дөрекi пайдаланып, Абайды орыстан яғни бiзге озбырлық жасаған елден үйрен деп айтты деп кiнәға тартқысы келедi. Олар бұл пiкiрдi айтқанда, сол кезеңде қазақ баласы орыс iлiмiнсiз бүкiл адамзат баласының рухани қазыналарынан тыс қалатынын ескергiсi де келмейдi.
Екiншi бiр пiкiр айтушылар: бiз азаттық алдық, сондықтан ендi бiзге арғы-бергi замандағы рухани көшбасшыларымыз «азаттық» деп ұран көтерген ақын-жыраулар болу керек дейдi. Әлбетте, мүның арғы жағында, атап айтпаса да, Абайды екiншi сатыға түсiру керек деген жымысқы ой жатыр. Iлiм-бiлiмсiз азаттық — көзсiз көрсоқыр азаттық. Ал көзсiз көрсоқыр азаттық түптiң түбiнде не апанға түсiп, не жардан құлап, құрдымға кететiнiмен олардың iсi де жоқ. Әрине, азаттық алу — үлкен iс. Ал азаттықты ұстап қалу — одан да үлкен iс! Осыны көп адам бiле бермейдi. Азаттықты ұстап қалу үшiн үлкен iлiм-бiлiм керек. Бұл ретте қараңғылықпен күресiп, iлiм-бiлiм шырағын жаққан Абай өсиетi бүгiн де дара!
Еңдi әлгiндей жаңсақ, үстiрт пiкiрлермен ойын да, бойын да бүлдiрiп алған үшiншi бiреулер шыға бастады. Олар ендi, тiптi, қазақ поэзиясының болашағын Абайсыз-ақ көзге елестете алады екен. Абайды аузына алмай-ақ, қазақ елiнiң келешегi туралы келелi сөз айтқысы келедi. Қандай тасыраң таңқылық десеңшi!
Абай әлемiн күйкi қарекет, күңкiл сөздермен бұлдыратам деушiлер қатты қателеседi. Абай әлемi — аспан әлемi. Ол әлем — күнi көтерiлiп, ол көкжиекке қайта батып, тұнжыраған түн басып, айы жылжып, жұлдызы жарқырап, ызғар лебi ұрып, күркiреген бұлты көшiп, көзге түртсе көргiсiз тұман басып, күрсiнген жел уiлдеп жатқан әлем. Ол — сан қилы, сапырылысқан құбылыстан тұрады.
Менiң бұл шағын мақалалар топтамам өзiм ғана байқаған сол құбылыстардың жеке бiр сәттерi ғана!
1. «ӨЛIМ БАРДА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ»
Саналы тiршiлiк иесiнiң табиғи аяқталуы болып саналатын адам өлiмiн дiн мен iлiм жан-жақты қарастырып келген.
Мәселен, ертедегi египеттiктер адамның пәнилiк ғұмырын бар болғаны бақилық ғұмырға барар алдындағы дайындық қана деп ұққан. Олардың өлiп қалған перғауындарға көбiрек құлшылық етiп, оларға арнап алып пирамидалар салып, денелерi бұзылмайтындай етiп бальзамдап күтулерi сондықтан. Ал ертедегi жапондықтар адам өлгеннен кейiн оның жаны ұрпақтарының жанына кiрiп, әрi қарай өмiр сүре бередi деп сенген.
Сондай-ақ буддизм, зороастризм, иудаизм және басқа дiни iлiмдер де өлiм табиғатын өздерiнше түсiндiрiп бағады. Бiрақ бұл дiни iлiмдердiң бәрi де бiр мәселеде-өлiмдi қорқыньшты жат құбылыс етiп көрсетуде — бiр-бiрiмен үндес болып келедi. Ал өлiмдi заңды құбылыс деп айтқан Сократ, Платон, Аристотель iлiмi болғаны аян. Бұл iлiм бойынша, өлiм деген — тәннен жанның бөлiнiп шығуы. Яғни тән ғана өледi, ал жан мәңгiлiк. Сократтың, Платон мен Аристотельдiң өлiмiнiң аса зор қайғылы ауыр қасiретiн жеңiлдететiн осы iлiмiн данышпан Абай қатты сезiнiп, терең ұғынған. Сондықтан ол:
Ақыл мен жан-мен өзiм, тән — менiкi,
«Менi» мен «менiкiнiң» мағынасы екi,
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менiкi« өлсе, өлсiн, оған бекi.
Мiнеки, бұл өлеңнiң бүкiл тұла бойы «ақыл мен жан-мен өзiм» өлмейдi, «тән менiкi» ғана өледi деп тұр ғой. Абайдың осы төрт қана өлең жолы Сократ, Платон, Аристотель iлiмдерiнiң алтын арқауымен жалғасып жатқан жоқ па?!
Абай ұғымынша, адам баласы өлiмнен үрейi ұшып қорықпауы керек, өлiм деген де өмiр сияқты заңды құбылыс.
Адамзат — бүгiн адам, ертең топырақ,
Бүгiнгi өмiр жарқылдап алдар бiрақ.
Ертең өзiң қандайсың, бiлемiсiң,
Өлмек үшiн туғансың, ойла, шырақ.
Сондықтан да Абай «тұла бойы ұят пен ар», «жасқа жас, ойға кәрi» сүйiктi ұлы Әбдiрахман өлген кезде жазған бiрнеше өлең-жоқтауын, «сабырлық қылсақ керек-тi» деп, туған-туысқандары мен өзiне басу айтып аяқтайды.
Сондықтан да Абай өзiнiң ең жақсы көретiн iнiсi Оспан өлгенде: «Жан бiткенге жалынбай, жақсы өлiпсiң апырмай» дейдi. Егер Абай өлiм табиғатын соншалықты терең түсiнбесе, жас кеткен өзiнiң ең жақсы көретiн iнiсiне «жақсы өлiпсiң, апырмай» деп айтар ма едi?!
Тiптi, керек десеңiз, Абай өлiмдi зорлық пен зомбылықтан, зәбiр мен қорлықтан құтқарушы деп ұғады.
Мен — мактанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ.
Антұрған көп пұл емес,
Өлiм барда қорлық жоқ.
Өлiм барда қорлық жоқ! Бұл — Сократ, Платон, Аристотель философиясының Абай арқылы одан әрi терендеуi. Жаңа мән, тосын мағынаға ие болуы.
2. ЕР ҚОРҒАНЫ НЕ?
Егер бiр-бiрiмiзге осы сұрақты қояр болсақ, онда бiз: «Бұл сұрақ соншалыкты бас ауыртар сұрақ емес қой. Ер корғаны батылдық, намысқойлық, қайраттылық, адалдық, еңбекке талап етушiлiк емес пе?» — деп жауап берер ек. Шынында да солай ғой. Ал Абай осы қасиеттердiң ешқайсысына аял етпей, «Бұл дәурен кемдi күнге...» деп басталатын өлеңiнде:
Уайым — ер қорғаны — дейдi.
Ер қорғаны — уайым! Мүлде тосын ұғым, тосын түсiнiк. Ә дегенде ми да, жүрек те қабылдай қоймайтын формула! Ал бiрақ осы тiркестiң iшкi мәнiне тоқталып, мағынасына ой жүгiртсеңiз, онда бұл сөздiң мәнi әлдеқайда маңызды, мағынасы әлдеқайда кең екенiне көзiңiз жетедi. Ұлы Абай ердiң шын қорғаны болар қасиеттi бiздiң ойымыз жете бермейтiн, бiздiң сөзiмiз iле бермейтiн терендiктен iздестiрген екен. Сөйтсек, ердiң бойыңдағы батылдық пен намысқойлықты да, қайраттылық пен еңбекке талап етушiлiктi де тудырар құбылыс уайым екен ғой. Бажайлап қарасаң, шынында да, уайымы бар адам ғана намыстанып, еңбекке талап етпес пе?! Тағы да, Абай бұл сөздердi ретi келген кезiнде, поэтикалық шарықтау сәтiнде айта салмаған. Бұл сөздердi ол уайым жеп отырып айтқан. Өйткенi ол тағы бiр өлеңiнде:
Iшкенi мас, жеген тоқ
Уайым айтар бiреу жок, —
деп күйiнедi, қапаланады, уайымға батады. Абайдың «уайым аз, үмiт көп» деп қорқатыны сондықтан. Содан болса керек, Абай уайымсыз үмiттi — қажырсыз үмiт деп ұққан. Басқа түгiлi, қиялдың тұлпарын ерттеп мiне алатын үмiттiң уайымның аддына түсiп кететiнiне сенбеген.
Үмiттiң аты елерiп,
Қос тiзгiндi созбайды.
Қос тепкiнi салсаң да,
Уайымнан озбайды.
Әрине, Абай адам баласының ылғи да уайымның тұманына тұмшаланып, уайымның қараңғылығына батып отыру мүмкiн емес екенiн ұққан. Ол өзiнiң Төртiншi сөзiнде бұл туралы: «Үнемi қайғыға жан шыдар ма екен? Жоқ, мен үнемi уайым-қайғымен бол демеймiн. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды қарекет табу керек... Әрбiр орынды қарекет өзi де уайым-қайғыны азайтады», — дейдi.
Дей тұрғанмен, Абай уайымды адам жанын үгiтер дерттi қасиет деп емес, қайта, уайымсыздықты дерттi қасиет деп ұғады. Сондықтан да ол Отыз бiрiншi сөзiнде, ой кеселдерiн атағанда, уайымсыздықты бiрiншi қояды. Не болғанда да Абай уайымсыздықты адам баласына берiлген қатерлi қасиет деп ұққан. Оның «адам баласы жылап туады, кейiн өледi» деуi де содан болса керек. Өйткенi оның өзi Ұлы Уайым иесi ғой. Яғни ұлы қасиетке ие адам ғой.
3. АБАЙДЫҢ ШАБЫТТЫ ШАҒЫ
Абай қай кезде де, ой бойламас терең ғана емес, сонымен бiрге ол қай кезде де ой жетпейтiн Биiк, Бөлек, Тосын. Алла тағаланың өзi ерекше етiп жаратқан ерекше құбылыс. Оның, тiптi, шабытты кезi де ешкiмге ұқсамайды. Әрине, ақынның қуатты серпiлiс, бұла күшке ие ол шабытты шағы алғашқыда үйреншiктi естiледi, ақын бойындағы «Адамның кейбiр кездерi Көңiлде алаң басылса; Тәңiрiнiң берген өнерi Көк бұлттан ашылса; Сылдырлап өңкей келiсiм Тас бұлақтың суындай» төгiлiп қоя беретiнiне күмән келтiрмейсiң. Одан кейiнгi ақын бойындағы құбылыс та бiзге жат емес:
Тәңiрiнiң күнi жарқырап,
Ұйқыдан көңiл ашар кез.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленiп шығар сөз.
Абай тосындағы дәл осыдан шығады. «Еркеленiп шығар сөзден» қуаныш, шаттық, нұрлы шақ, сәулелi сәт күтетiнiнiңiз заңды. Бiрақ Абай «Төңiрiнiң күнi жарқырап, сөздiң өзi еркеленiп» тұрған осы бiр шапағатты кезiнде де «Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алады». Яғни Абай шабыттың ең бiр шуақты шағында да мұң-зармен қалады. Одан әрi ақын:
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тiл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсендер өзiң бiл, — дейдi.
Сөз еркеленiп, тәңiрiнiң күнi жарқырап тұрған шабытты сәтiнде де жүрегi ызаға толып, сиясы уға айналатын дүниеде тағы бiр ақын бар ма екен?! Бiлсеңiздер, айтыңыздаршы! Мен бiлмедiм.
4. АДАМШЫЛЫҚ ӨЛШЕМI
Абай адамшылық туралы өзiнiң ең соңғы Қырық бесiншi сөзiнде: «Адамшылықтың алды махаббат, ғаделет сезiм. Бұлардың керек емес жерi жоқ, кiрiспейтiн де жерi жоқ», — дейдi. Әрине, Абай бұл жерде махаббат пен сезiмдi ұлы мағынасында, яғни өзi ниет еткен iске құлай жығылуды, құштарлықпен ұмтылуды айтып отырғаны оның «...махаббат сезiмi кiмде көбiрек болса, сол кiсi — ғалым, сол — ғақил» деген сөздерiнен белгiлi. Бiрақ Абай бұл сөзiнде ғаделет туралы, яғни әдiлдiк туралы ештеңе айтпайды. Әдiлдiк қалай болу керек деген сұраққа тоқталмайды. Өйткенi ол бұл сұраққа «Жастықтың оты жалыңдап» деп басталатын өлеңiнде:
Дұшпаныңа әдiл бол —
деген бiрақ жолмен берген. Абай адамдықтың ең ұлы өлшем таразысы — дұшпанға әдiл болу деп ұққан. Ол дұшпанына да қиянат жасай алмайтын, дұшпанына айтылар сөзiнде де әдiлдiктiң ала жiбiн аттамай, қара қылды қақ жарып сөйлей алатын адамды ғана нағыз адам деп бiлген. Тағы да, ол бұл сөздердi
Туысқаның, достарың бәрi екi ұшты,
Сол себептi досыңнан дұшпан күштi
екенiн, яғни дұшпаныңның қапысын тапса, қан қаксатып жiберетiн саған деген өштiгiнен айнымайтын, қайтпайтын мерез табиғатын бiле тұрып айтқан. Шынында да, ретi келсе, сенi талғамай жалмап, көзiндi жойып жiберуге құмбыл, қанқұйлы қаскөй дұшпанға әдiл болу адамның iшiнде адамның ғана қолынан келсе керек.
Ал жақтырмайтын адамымыздың бар iсiн, тiптi, жақсы iсiн де күстаналап, оның бүкiл әрекетiн жерден алып жерге салып отыратын бiздер Абай белгiлеген адамдықтың осындай биiк өлшемiне қалай қарар екенбiз?!
5. АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖҮРЕК
Абай нағыз шынайы адам болмысы осы үш қасиеттен — ақыл, қайрат, жүректен тұрады деп бiледi. Тағы да, ол осы ойға қайта-қайта қайырылып соғып, онысын қайта-қайта нақтылап, бекiтiп отырады. Он жетiншi сөзiнде Абай қолға ұстап, көзге көруге болмайтын бұл дерексiз ұғымдарды аллегроиялық тұлғаға енгiзiп, оларды бiр-бiрiмен, кiмнiң өнерi күштi деген сұрақ төңiрегiнде айтыстырып қояды. Үшеуi келiп Ғылымға жүгiнедi. Ғылым олардың әрқайсысына түйiнi берiк, тұжырымы нақты мiнездеме бередi. Қайраттың «кейде жамандықты берiк ұстап кететiндiгiн» айтады. Ал ақылға: «Жақсының, жаманның — екеуiнiң де сүйенгенi сен, екеуiнiң iздегенiн тауып берiп жүресiң соның жаман», — дейдi. Ең соңында: «Осы үшеуiң басынды қос, оның iшiнде жүрекке билет» деп аяқтайды. Құдайшылық жүректе екенiн ұқтырады.
Сондай-ақ, Абай «әуелде бiр суык мұз — ақыл зерек» деп басталатын өлеңiнде:
Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке бiреуi жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместi жақсы демек, —
дейдi. Үшеуi бiр жерден табылмай, шынайы адам болмысы түзiлiп шықпайтынын айта отырып, «тұла бойды ыстық жүрек» жылытпаса, «ақылдың суық мүз» екенiне тағы да тоқталып өтедi. Ақыл мен Қайраттың жамандыққа қызмет етiп кете беретiнiнен қатты сескенген Абай құдайшылығы бар, әдiлдiгiнен жаңылмайтын жүрекке жүгiнедi. Бiрақ жүрек те ақыл, қайратсыз әрекет ете алмақ емес. Сондықтан да Абай бұл тақырыпқа «Малға достың мүңы жоқ малдан басқа» өлеңiнде:
Үш-ақ нәрсе адамның қасиетi:
Ыстық кайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, —
деп қайталап соғады. Ақырында Абай шынайы адам қасиетi әйтеуiр қайрат, ақыл, жүректен құрала салмау керек, ол қайрат — ыстық, ол ақыл — нұрлы, ол жүрек — жылы болу керек деген тоқтамға келедi. Өйткенi Абай «ыстық қайрат» жамандықты емес, тек «жақсылықты берiк ұстайды», ал «нұрлы ақыл» жамаңдыққа емес, тек жақсылыққа ғана қызмет етедi деп ұғады. Ал жылы жүректiң аты жылы жүрек қой. Оған дәлел iздеп жатудың қажетi жоқ. Яғни Абай «суық мұз ақыл» мен «қатты қайратқа», «нұрлы ақыл» мен «ыстық қайратты» қарсы қояды. Ол тек «нұрлы ақыл» мен «ыстық қайрат» қана адамды адамшылық деңгейге көтере алады деп бiледi. Нұрлы ақыл, ыстық қайратсыз мейiрiм мен қайырым бола қояды дегенге сенбейдi.
6. ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ
Абай не нәрсенi де ажарын арттырайын деп бояп, әрiн келтiрейiн деп әрлеп жатпайды. Сондай-ақ ол ауырды жеңiлдетем, қаттыны жұмсартам деп те әлекке түспейдi. Яғни ол, өзi айтқандай, «өңкей жалғанмен Шынның бетiн боямайды». Ол өмiрдiң өзiн бар болмыс-тiршiлiгiмен, бар қимыл-қаракетiмен, бар ауырлық-салмағымен көтерiп алып сенiң иығыңа салады. Оның сөздерiнiң омыртқа қайыстырып, бел майыстыратындай ауыр болатыны сондықтан. Мәселен:
Жақсылық ұзақ тұрмайды,
Жамандық әркез тозбайды, —
дейдi Абай. Неткен ауыр сөз! Қайғысыз, қамсыздың өзiн жылатып, тiршiлiктiң тiрегiн құлататыңдай сөздер ғой бұл! Бұл сөздерден кейiн өмiрдiң мәнi жойылып, адамның үмiтi үзiлмей ме?! Олай демей, не дерсiң?! Жақсылық дегенiң «ұзақ тұрмайтын» болса, ал оның есесiне жамандық дегенiң «әркез тозбайтын» болса, онда бұл өмiрдiң мәнiнен не пайда, адамның үмiтiнен не қайыр?! Бұл ойын ол ертерек жазылған
«Қажымас дос халықта жоқ» деген өлеңiнде-ақ:
Жақсылығың күнде ұмыт,
Бiр жаңылсаң, болды кек, —
деп, бiр шалыс бассаң-ақ жақсылығыңның ұмыт болатынын бiздiң ұғымымыз қабылдайтындай етiп айтқанмен, ол тұста жамандықтың тозбайтынын айтқан жоқ-ты. Кiм-кiмдi болсын, егер ол нағыз бiр қара жүрек, кара талақ, тасбауыр болмаса, қатты сескентiп, қатты шошытар сөз — осы сөз: «Жамандық әркез тозбайды». Өйткенi бұл жерде жақсылық өткiншi, жамаңдық мәңгiлiк болып тұр. Қорқынышты-ақ! Ол сөздiң аса тегеурiндi әсер-қуатының күштiлiгi сонда — ол сөздiң басқаны былай қойғанда — жаны жамаңдыққа бейiм адамның өзiн тоқтатып, ойландыратындығында! Өйткенi жамандық жамандық қана тудырады. Жамандыққа жамандықпен ғана жауап берiледi. Жамандық жасаған адам түптiң түбiнде, жамандықтың құрбаны болады. Жақсылық ұмытылады, тозады, бiрақ жамандық ұмытылмайды, тозбайды. Жамандыққа құрбан болмаймын десең, ең алдымен өзiң жамандық жасама! Яғни жақсылық жасамасаң да (бәрiбiр ұзақ тұрмайды), жамаңдық жасама! Бұл сөздiң түбiне одан әрiрек үңiлсең, жамандық жасамағаннан үлкен Жақсылық жоқ!
Бiр қарағанда, жақсылықты бiр сәттiк өткiншi етiп, ал жамандықты өлмейтiн мәңгiлiк етiп көрсетiп, күн мен түннен, суық пен жылудан, қайғы мен қуаныштан жаралған бүтiн дүниенiң тепе-теңдiгiн бұзардай бұл өлең жолдарының тағылымы, бiздiң ұғымымызда, осындай қуатқа ие!
7. СӨЗ ХАҚЫНДА
Абайдың өлендi, сөздi аспанға көтерiп, аса биiк бағалағаны, құлай жығылып, құрмет тұтқаны баршамызға аян. Оның «Өлең — сөздiң патшасы, сөз сарасы» деген жолдары кiм-кiмге де ақын демiнiң алтын буымен жазылғандай әсер қалдыратыны сөзсiз. Ақынның бұл өлең жолын Абайдың атын естiген адамның бәрi бiледi. Ал одан әрi ше? Абай өз сөзiн одан әрi қалай бағалаған? Бұл сұраққа ә дегенде көбiмiз тосылып қаламыз. Содан кейiн Абай өлеңiндегi еңсенi езiп, жанынды жаншып жiберердей ауыр бiр күңгiрт, бейуақ құбылыстардың жатататынынан шығар деп ойлайтынымыз рас. Бiздiң сол ойымызды ақынның «Күңгiрт көңiлiм сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа» деген жолдары бекiте түседi.
Әуелесiн, калқысын,
От-жалын боп шалқысын, —
деп тiлек айтады. Сонан кейiн:
Куатты оттай бұрқырап,
Уәзiнге өлшеп тiзiлген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап,
Көк бұлттан үзiлген
Кайран тiл, кайран сөз
Наданға қадiрсiз, —
дейдi. «Қуатты оттай бұрқырап» деген тiркестiң тосындағы мен әсер күшiн айтпағанның өзiнде, «Көк бұлттан үзiлген Жаңбырлы жайдай сырқырап» түсетiн найзағай сөздiң құдiретiн қайда қоярсыз. Әп-сәтте-ақ, ақын жаны жай ойнатып, жасын атқылатып жатқан тәңiрлi көк әлемiне айналып кеткен жоқ па?! Тағы да Абай:
Куаты күштi нұрлы сөз,
Қуатын бiлген абайлар,
деп сөзiн нұрға малып алады да:
Жалын мен оттан жаралған
Сөздi ұғатын кайсың бар? —
деп әрi күдiкпен, әрi үмiтпен жан-жағына қарайды.
Абай неге өз сөздерiн нұрдан, оттан, жай мен жасыннан өндiрiп алады? Күңгiрт, қараңғы, тұманды, бейуақ Абай әлемiне нұрлы отты, жай мен жасынды сөздер не үшiн керек болған? Жауап жалғыз-ақ! Өзi өмiр сүрген қараңғы, күңгiрт, бейуақ, тұманды заманды нұрмен, отпен, жаймен, жасынмен сiлкiп тастау үшiн! Яғни Абай халықты қараңғылықтан тек нұрлы, отты, жай мен жасынды сiлкiнiстер ғана құтқарып шыға алады деп бiлген.
Сондықтан да ол қан жұтып, қайғы iшiп жүрсе де, өз сөздерiн нұрдан, оттан, жай мен жасыннан алған. Абай өз қасiретiн, қайғысын нұрлы отты, жай мен жасынды сөздердiң iшiнде сақтаған. Мұны құдiрет демей көр!
8. «ӨЗIҢЕ СЕН...»
Абай өзiнен бұрын өткен арғы-бергi аса ұлы ойшылардың, әсiресе Сократ, Платон, Аристотельдердiң iлiмдерiн терең бiлгенiн жұрттың бәрi жақсы бiледi. Тағы да, Абай адамзат баласының бiтiм-болмысын тануда да, оны қалыптастыруда да орасан зор ықпал еткен. Ол рухани iнжу-маржан қазыналарын тек қана бiлiп қоймай, оларды Сарыарқадай салқам кеудесiнен өткiзiп, өзiнше қорытып, өзiнше жаңғыртқан. Сондықтан да Абайдың сан ғасырлар түбiнен алып шыққан iлiмi — альбом парақтарына ыждаhатпен жапсырылып, сыртқы сұлбасы мұқият сақталған гербарий iлiм емес, оның iлiмi — дала төсiне тамырын жiберiп, желмен алысып, жерден құнар тартып, күн нұрын сiмiрiп, жаңбырларға шомылып, иiсi бүрқырап, гүл шашып, жемiс төгiп түрған iлiм.
Әрине, қайталап айтамыз, Абай iлiмiнiң мүндай қасиетiн жүрттың бәрi жақсы бiледi. Бiрақ сол жұрттың жақсы бiлетiн қасиетiнiң өзiн мысалдармен нақтылап отырсақ, артық болмас деп ойлаймыз. Абайда:
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етедi iшiне қулық сақтап.
Өзiңе сен, өзiңдi алып шығар
Еңбегiң мен ақылың екi жақтап, —
деген жолдар бар. Күштiге, қүдыретке құлшылық етiп, соларға ғана табынып, соларға ғана сенетiн, адам баласын құл мен құтан деп қана ойлайтын заманда өмiр сүрген Абайдың Адамнан, «өзгеге сенбе, өзiңе сен» деп, iрi мiнез, кесек қарекет талап етуi — сол тұстағы кесектiктiң кесектiгi, iрiлiктiң iрiлiгi болатын. Ол замаңда мұңдай сөз айту үшiн Абайдың үлкен iшкi рухани тiрегi болғаны сөзсiз. Ол рухани тiрек — философия iлiмiндегi «өзiңдi өзiң таны» деген үғым. Бұл сөз алғашқыда — Дельфадағы Аполлон храмының кiреберiсiне жазылған сөз болатын. Аңыз бойынша, ол сөз Аполлонның «Адамның ең жақсы қасиетi не?» деген сұраққа берген жауабы көрiнедi. Алғашқыда бұл сөз «өзiндi бiл», «өзiңе өзiң ие бол» деген мағыналарда ғана қабылданып келдi. Кейiннен бұл ұғымды Сократ одан әрi тереңдетiп, оған үстеме күш пен реңк бердi. Сөйтiп, оны философиялық категорияға айналдырды. Яғни Сократ бұл ұғымға адам баласы iштей интелектуалдық имандылык жағынан қуаттанганда ғана өзiне сене алады, сонда ғана бақытқа жетпек деген мән мен мағына қосты.
Абай да адамға «өзiңе сен» деп қана коймайды. Тек солай деп қойса, онда ол бар болғаны құрғақ ақыл болып шыгар едi. Абай адам баласы өзiнiң «жүрегiне сүңгiп», оның «түбiн көздеп», одан «шын асыл» алып шығу үшiн, сол адамның қуатты iшкi тiрегi болу керек деп ұғады. Өйткенi адамның өзiн өзi тануы оңай шаруа емес. Адам болмысы да орасан қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшiн үлкен рухани күш пен қуат керек. Ал ол рухани күш пен қуат iлiм мен бiлiмнен кұралады. Соңдыктан да ол «Жапырағы куарған ескi үмiтпен» деген өлеңiнде:
Қарашы өз бойыңа, түгел ме екен
ЬIстық жүрек, өң-шырай, куат пен күш? —
дейдi. Одан әрi:
Төңкерiлiп құбылған жұрт — бiр сағым,
Шынға шыңдап қоса алмас ынтымағын.
Көптiң аузын күзетсiң, күн көрмейсiң,
Өзiндi өзiң күзет, кел, шырағым!
Адамның өз бойында «қуат пен күш» болмаса, ол адам кез келгеннiң жетегiнде кететiн тайғақ, кез келгеннiң қолына су құйып кететiн бейшара екенiн меңзей отырып, яғни ондай адам бойында өзiне деген сенiмi болу мүмкiн емес екенiн қатаң ескертедi. Өйткенi өзiне сенiмi жоқ адам өзiн тани алмайды. Ал өзiн тани алмайтын адам — дүниенi де танып жарытпақ емес...
9. «ОЙ КIРГЕЛI ТИМЕДI ЕРIК ӨЗIМЕ»
Бiз әсiресе соңғы жыддары Заман мен Уақыт ауа райының шұғыл өзгерiстерге ұшырап, саяси дүмпулердiң, әлеуметтiк аласапырандардың, санадағы жаңғырулардың тегеурiндi ықпалды әсерлерiнiң салдарынан сөз бостандығы, пiкiр тәуелсiздiгi, ой еркiндiгi деген ұғымдарды жиi айтатын болдық. Әрине, бiз ол ұғымдарды демократия әлiппесiнiң алғы шарттары, адам құқығын қорғайтын ең басты заң талаптары деп бiлемiз. Оған ешкiмнiң күмәнi жоқ. Бiрақ, несiн жасырамыз, демократия басталған алғашқы жылдары, жүзiнен иман төгiлiп тұруға тиiс бұл асыл ұғымдардың ажарын әлем-тапырақ тұрпайыландырып, жүрiсiнен иба мен iзет қатар өрiлiп тұруға тиiс бұл қасиеттi ұғымдардың тұла бойын өрескел дөрекiлендiрiп алғанымыз рас. Сөйтiп, сөз бостандығы, ой еркiндiгi дегендi аузына не келсе соны айту, ойына не түссе, соны iстеу деп қателестiк. Содан барып құдай алдында қаншама күнәға баттық. Ибасы мен иманы, тәубесi мен тәрбиесi жоқ, жаны мен қанына үят пен ар ұяламаған одыраң мiнездi демократия — нағыз жиiркенiштi демократия екенiне көз жеттi. Мұның бәрiн түсiну үшiн белгiлi бiр уақыттың өтуi ғана емес, ең алдымен, адам оның бәрiн зердеге салуы, ойда қорытуы керек екен. Яғни санаңа ой кiруi керек. «Ойдан жырақ, албырт өскен» жан «айла мен ашуға» қарай кетiп қалуы әбден мүмкiн екен.
Ал тұла бойына ой кiрген адам, қандай бiр демократиялық елде өмiр сүрсе де, сөзiн шексiз бетiмен жiберiп, пiкiрiн жүген-ноқтасыз еркiне қоя бере ме?! Қайта, бойына ой кiрген адам әр сөзiне қарауыл қойып, әр пiкiрiн салмақтап, әр әңгiмесiн саралап отырмас па?! Бұл бiр.
Екiншiден, бойына ой кiргенiн сезген адам — үлкен ой иесi адам. Ол адам — кәкiр-шүкiр тiрлiктiң айналасыңда күңкiл-сүңкiл пiкiр айту мен үсақ-түйек мәселенiң төңiрегiнде пыш-пыш әңгiме соғатын адам емес. Өйткенi күңкiл-сүңкiл мен пыш-пыштың айналасындағы адам өзiнiң бойына ой кiргенiн сезе алмайды. Ондай адамға ой да кiрмейдi. Бойына ой кiрген адам — қандай бiр ерiктi қоғамда өмiр сүрсе де — азатпын деп арсыздыкқа барып, тәуелсiзбiн деп тасыраңдап кетпейдi. Бойына ой кiрген адам — ел-мен жер туралы, халық пен қасиет туралы ой толғайтын адам. Ал ондай адамның сөзi де, пiкiрi де, ойы да сол Ел мен Жерге тәуелдi. Ондай ойлы адам ешуақта да еркiм өзiмде деп айта алмайды. Өйткенi ондай ойлы адамның еркi Елi мен Жерiңде. Абайдың:
Ой кiргелi тимедi ерiк өзiме, —
деуi сондықтан.
10. «МЕН БIР ЖҰМБАҚ АДАММЫН»
Бұл жолдарды Абай есiмiн естiген жұрттың бәрi жақсы бiледi, жатқа бiледi. Шыныңда да, Абай — аса күрделi, аса қиын, құпия, жұмбақ тұлға. Оны түгел шешу мүмкiн емес, ал түгел шешем деу — нағыз барып түрған күпiрлiк. Өйткенi оның жұмбақтығы — дүниенiң тылсым қуатынан, Алла тағаланың құдiрет-күшiнен жаратылған жұмбақтық. Содан болса керек, оның жұмбақтығының өзiн кез келген адам — оның сөзiнiң соншалықты табиғи қазақы болғанына қарамастан — түсiне қоюы қиын. Дәлiрек айтатын болсақ, жұмбақ Абайды түсiнуiң өзi — жұмбақ құбылыс...
Мен бұл жерде Абайдың жұмбақтығын дәлелдеу үшiн қолыма қалам алып отырғам жоқ. Жұрттың бәрi жатқа бiлетiн бұл сөзге тоқтап отырған себебiм, көп жұрт бұл сөздi бiржақты кабылдайды. Олар үшiн, Абай бұл жерде «мен бiр жұмбақ адаммын», соңдықтан «сеңдер менiң шешуiмдi табыңдар» деп отырған сияқты, әрине, Абайдың, ең алдымен, дәл осылай деп отырғаныңда дау жоқ. Сонымен бiрге, бұл сөздiң бажайлап караған жанға екiншi астарлы жағы да бар. Ол астарлы жағы — Абайдың жұртқа ғана емес, өзiне өзi құпия болып көрiнуi, өзiн-өзi жұмбақ сезiнуi. Абай, ең алдымен дүниенiң тылсым қуатынан, Алла тағаланың кұдiрет күшiнен жаратылған өзiнiң бойындағы құпияны ашуға, өзiнiң болмысыңдағы жүмбақты шешуге ұмтылған. Ол өз бойыңдағы жұмбақты шешу — дүниенiң тылсым құпиясын ашу деп бiлген. Өзiн өзi шешуге, өзiн өзi ашуа ұм-тылмаған жан ешуақта да, ештеңенi де шешуге ұмтылмақ емес. Өзiн өзi игеруге, өзiн өзi ашуға ұмтылмаған жан өмiр иiрiмдерi мен өмiр қабаттарын қалай игерiп, қалай түсiнбек?! Оның үстiне, адамның өзiн өзi игеруi, өзiн өзi түсiнуi деген өз бойындағы өзi мен өзгеге түсiңдiрiп беретiн жаңа тетiктердi iске қосу ғой. Ал ол тетiктер iске қосылмай тұрып, дүниенi өзiң қалай түсiнбексiң, оны жұртқа қалай түсiндiрмексiң?!
Бiр сөзбен айтқаңда, өзiнiң жұмбақ екенiн бiлген адам ғана дүниенiң жұмбағын шешуге ұмтылмақ. Яғни адам өз бойындағы жұмбақты шеше отырып, дүние жұмбағын шешпек...
11. АБАЙДЫҢ КҮЛКIСI
Абайдың күлкiге үлкен мән бергенi, оған адам табиғаты мен жаратылысыңдағы қадiрлi қасиеттiң бiрi ретiңде қарағаны белгiлi. Абай күлкiнi, әрине, шын күлкiнi, ыржаң мен ыржақайлық деп, жалпы жеңiл мiнез, арзан қалжыңнан шығатын құбылыс деп бағаламаған. Абайдың:
Жiгiттер, ойын арзан, күлкi қымбат, —
деуi сондықтан. Ол күлгенде жұртты мәз-мейрам етейiн, оларды күлкiге қарқ қылып тастайын деп күлмейдi. Ет-бауыры егiле отырып, сүйегi үгiтiле отырып, аса қиналыспен күледi. Ол суреттеген «майға бөккеңдей кiсiмсiнген», «қас маңғаз» замаңдасының келбетiне қараңызшы:
Жаздыгүнi ақ бөркi бүктелмейдi-ақ,
Қолында бiр сабау бар — ол да аппақ.
Керегеге сабауды шаншып қойып,
Бөркiн iлiп, қарайды жалтақ-жалтақ.
Тiрi жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,
Калжындамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.
Әрине, «бет-аузын жүз құбылтқан», «қас керiп», «қоразданған» даңғой, тыраш бейшараның тырақы болмысын көз алдыңызға елестетiп, ерiксiз күлетiнiңiз рас. Бiрақ Абай оның портретiн жасағанда, оны келеке ету үшiн, мазақ қылу үшiн жасамаған. Қайта, оның портретiн «осыңдай сидаң жiгiттiң елде мол-ақ» екенiнен жаны күйiнiп, жүрегi өртенiп отырып жасаған. Бұл жердегi күлкi — күйзелiс күлкiсi. Оның Көжекбайға, Күлiмбайға арнаған өлеңдерiндегi ащы мысқыл, қуатты сарказмдардан да осындай күйiнiш пен күйзелiс сезiледi. Ол «пайданы қуып алқынып» жүрген ондай жандардың күйкi болмысын — қатты қапаланып, қатты налып отырып — мынадай жолдармен ашады.
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
«Қу», «пысық» деген ат қайда?
Арсыз болмай, атақ жоқ,
Алдамшы болмай, бақ қайда?
Мiне, ондай жандардың бейшара моралi. Мiне, ондай жандардың мiскiн бiтiм-болмысы. Ондай жандар қай уақта да, қай кезенде де «арсыз болмай, атақ жоқ, алдамшы болмай, бақ жоқ» деп ойлаған. Сондай жандардың өмiрдi түсiнуiн көрсету түрғысынан жазылған бүл жолдарда қаншама уытты ыза, қаншама ащы күйзелiс жатыр десеңiзшi! Бейнебiр Абай күлсе де — көкiрегi қарс айрылып жылап күлетiндей. Оның күлкiсi өрттен ыстық күрсiнiстен тұратындай.
Сондықтан да ол өзiнiң Төртiншi сөзiнде: «Әрбiр жаман кiсiнiң қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғандығыңнан күл, ызалы күлкi — өзi де қайғы», — дейдi. Күлкi де — қайғы. Мүндай сөздi Абай сияқты ұлы тұлға ғана айта алады.
12. ЫНТЫМАҚ, БIРЛIК ХАҚЫНДА
Абай қазақты қазақ қылмай келе жатқан қасiреттердiң бiрi ел iшiндегi ынтымақтың iруi, бiрлiктiң бүлiнуi деп бiлген. Ынтымағы кеткен елдiң iргесi сөгiлiп, ырысы кетедi деп ұққан, бiр-бiрiне алакөз боп, бiрiн бiрi андып отырған елдiң түптiң түбiнде азатынын, алтыбақан алауыз боп, бiр-бiрiмен қырқысып жатқан елдiң түптiң түбiңде тозатынын сан қайталап айтқан. Ол ынтымақ пен бiрлiктiң iргесi, ең алдымен, ел адамдарының сыйластығы мен құрметiнен қаланады деп өсиет еткен.
Бiр жерде бiрге жүрсең басың қосып,
Бiрiңнiң бiрiң сөйле сөзiн тосып.
Бiрiңдi бiрiң ғиззат, құрмет етiс,
Түрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Мiнеки, адамдар арасындағы татулық қаңдай болуы керек!
— Бұл әлi ешкiм айтпаған, тек Абай ғана дүниеге келтiрген татулықтың Ұлы Формуласы! Бүкiл өлендерiнде Алла мен Ар, Ұяттан қорқуды өсиет еткен ол, Татулық пен Ынтымақты да сол деңгейге көтередi. Өйткенi ол елдiң бар бақыты, бар берекесi ынтымақта деп бiледi. Ол жоқ жерде елдiң ел болуы мүмкiн емес. Оның:
Бiрiңдi, қазақ, бiрiң дос
Көрмесең, iстiң бәрi бос
— деуi сондықтан.
Бәрiмiз жақсы бiлемiз, қазақ ынтымағының iргесi, әдетте, билiкке талас тұсында қатты сөгiлiп отырған ғой. Оған дәлел iздеп, дәйектеме iздеп жатудың қажетi жоқ. Несiн жасырамыз, әлi де солай болып кете ме деген қауiп те жоқ емес...
Абай билiк бiр адамда болмай, бiрлiк болмайды деген ғой. Оның:
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бiр кемел, —
деуi де,
Единнца-жақсысы,
Единица кеткеңде
Не болады өңкей нөл, —
деуi де бiздiң әлгi сезiмiзге дәлел.
Ол өзiнiң Отыз тоғызыншы сөзiн: «Рас, бұрынғы бiздiң ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан бiлiмi, күтiмi, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бiрақ бұл замандағылардан артық екi мiнезi бар екен... Сол екi мiнез жоқ болған соң, әлгi үйренген өнерiмiздiң бәрi де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетiп бара жатқанымыздың бiр себебi сол көрiнедi», — деп бастайды да, екi мiнездi атайды.
Бiрiншi мiнез — ол заманда бүкiл жұрт ел басының қолына айтыс-тартыссыз, «елдiң екi тiзгiн, бiр шылбырын ұстатады екен де, соның айтқанына көнедi екен.
Екiншi мiнез — ол кездегi ел намысқор болған. «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен», — деп жазады да, Абай алқалы топ айнала жұрттан «Қанеки, осы екi мiнез қайда?» — деп сұрайды. Абай бұл сұрақты өзi өмiр сүрген заманнан ғана емес, бүгiннен, яғни бiзден де сұрап тұрғандай.
13. ӨЗIНЕ ДЕ КӨҢIЛI ТОЛМАҒАН
Несiн жасырамыз, көп жұрттың Абайға деген iштей «ренiшi» мен «өкпесi» де жоқ емес. Абай өз халқы туралы соншалықты күйiнiшпен, соншалықты күйзелiспен, жан-жүрегi күйреп отырып сөз айтқан ғой. Ол күйiнiш пен күйзелiстiң кейде, тiптi, түңiлумен ұласып кететiнi бар. Абайдың сондай тұстарына дарақы топ, тыраш намысқойлар қатты «үялады». Олар, Абайдың өзi айтқаңдай, «ұялмас нәрседен үялатындар, ұяларлық нәрседен ұялматйындар». Әйтпесе, қазаққа Абайдай жаны ашитын қазақ жоқ. Өйткенi шын жаны ашитын адам ғана шындықты айтады. Әрине, ондай ұлы шындықты Абай сияқты ұлы деңгейге, шырқау биiкке шығып барып айту керек. Рас, топ-тобырдың iшiнен төбесi түгiл, төбел шашы да көрiнбейтiн, iрi сөзi де, iргелi пiкiрi де жоқ, өз ұлтының тағдыры мен табиғатын жете бiлмейтiн, бiлсе де, кiтап арқылы ғана таныс әлдекiмдердiң Абай боламын деп, еддiң атына катты сөз айтып, оған қатал кесiм шығаратындар да бар. Әрине, ондай iшi бос, кеуек көкiректерден шыққан дүңкiлдек сөздер елдi қайрамайды, қайратқа мiнгiзбейдi, қайта, елдiң еңсесiн езiп, ұнжырғасын түсiредi.
Бiздiң ойымызша, Алла тағаланың қүдiретiмен Ұлт-әкенiң ұрығынан жаратылып, Халық-ананың құрсағынан шыққан Абай ғана осылай күйзеле тұрып сөз айтуға құқылы. Оның үстiне, Абай өзiн де аямаған. Оның өзiне көңiлi толмаған. Мен бұл жерде Абайдың «Сап-сап, көңiлiм» деп өзiне тоқтау айтқанын да, «Жасымда ғылым бар деп ескермедiм» деген өкiнiшiн де тiлге тиек етiп отырғам жок. Ол:
Қайырылып карап байқасам,
Ат шаба алмас мiнiмнен
— дейдi. Мiне, Абайдың тағы бiр кесектiгi. Менiң «ат шаба алмайтындай мiнiп көп» деп, қане, қай қазақтың ақыны айтыпты?! Өкiнiштiсi сол, айтқызса — үлкенiмiз де, кiшiмiз де — бәрiмiз де мiнсiзбiз ғой. Көбiмiз-ақ Алла тағаланың кiндiгiнен домалап түскендей керемет, перiште аймалап өсiргендей таза болып көрiнемiз ғой. Пендешiлiктi белуардан кешiп жүрiп — пайғамбар, күйкi тiршiлiктiң күйбеңiне малтығып жүрiпқұдiрет болып өлең жазатынымыз өтiрiк пе?! Бұл ретте де Абайдың бiзге айтар тағылымы аз емес. Ол ол ма, Абай, тiптi, одан да өткiзiп, өзiн өзi жерден алып, жерге салады:
Осынша акымақ болғаным,
Көрiнгенге қызықтым.
Ғаделеттi жүректiң
Әдiлетiн бұзыппын.
Ақыл менен бiлiмнен
Әбден үмiт үзiппiн
Бiз, адам түгiлi, Алла тағаланың алдында тұрып, өз күнәмiздi осылай ашық мойындай аламыз ба?! Күмәнiм бар! Ғаделеттi жүректiң әдiлетiн бұзып жүрсек те, «Ғаделеттi жүректiң әдiлетiн бұзыппын» деп айтуға көбiмiздiң-ақ батылдығымыз жетпейдi. Айта алмаймыз. Жалпақ жүрттың алдына шығып, өзiнiң күнәсi мен кемшiлiгiн айту тек өзiне деген ұлы сенiмi бар адамның ғана, жан-жүрегiнде иманы бар адамның ғана қолынан келсе керек.
14. ПАЙҒАМБАРМЕН ҮНДЕС
Абайды пайғамбар деп атап жүргенiмiз тектен тек болмаса керек. Пағамбар деңгейiнде сөз сөйлеп, пайғамбар биiгiнде өсиет қалдырып, пайғамбар ауқымында ой толғаған адамды басқаша қалай атамақсың?! Оның ең басты пайғамбарлығы сонда — ислам дiнiнiң қазақ даласына терең тамыр жайып кетпегенiне қарамастан сол тұста қазақ жерiнiң сан идеология аласапырандарының бел ортасында тұрғанына қарамастан — Алла тағаланы алғаусыз сүйiп, оған бас иiп, құлшылық етiп, Мұххаммет пайғамбарды хақ деп мойындауында. Тағы да ол құлшылық пен мойындау әлдеқандай бiр дүмшiлiктен тумаған, оның бүкiл жан-жүрек, болмыс-бiтiмiнен, үлкен iлiм-бiлiмнен, терең парасат-пайымынан шыққан. Ол тек:
Алланың, пайғамбардың жолыңдамыз,
Ынтамызды бүзбастык, иманымыз,
— деген сөздермен Алла мен пайғамбар жолын насихаттап қана қоймайды, сонымен бiрге ол пайғамбар өсиетiмен үндесер сөздер де айтады. Тағы да, ол өсиетпен үндесер сөздер бiр-бiрiмен қаңдай ұқсас және бiр-бiрiн қалай толықтырып тұр десеңiзшi?!
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бiр кiрпiш дүниеге,
Кетiгiн тап та, бар, қалан!
Бәрiмiз жатқа бiлетiн Абай өлеңiнiң бiр шумағы. Ендi Мұхаммет пайғамбардың мына сөзiн оқыңыз: «Мен және маған дейiн дүниеден өткен пайғамбарлар үй салған құрылысшылар сияқтымыз. Бiрақ сол үйдiң қабырғасында бiр кiрпiш жетпейдi. Мен сол кiрпiшпiн... », — дейдi.
Қараңызшы, бiр пайғамбардың сөзi бiр пайғамбардың сөзiмен бiтеқайнасып, бiр пайғамбар бiр пайғамбарды толықтырып тұрған жоқ па?!
15. «МАХАББАТПЕН ЖАРАТҚАН АДАМЗАТТЫ...»
Махаббатпен жаратқан адамзатты! Адамзаттың махаббатпен жаратылғаны рас болатын болса, онда оның белгiлi бiр атаулы ұғымдарға сүйiспеншiлiгi де болуға тиiс қой. Олар кiмдер немесе нелер? Абай ол атаулы ұғымдар үшеу деп бiледi. Абай айтқан ол атаулы ұғымдардың бiреуiн бiз өте жақсы бiлемiз. Жиi қайталаймыз. Ол сөз — «адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп» деген сөз. Ал қалған екеуi ше? Оларды бiз көп айта бермеймiз. Оны айтқызбауға кезiндегi кесiрлi идеологияның ызғарлы әсерi де тисе керек. Ендi бiз сол атаулы үш ұғым сыйып тұрған «Алланың өзi де рас, сөзi де рас» өлеңiңдегi бiр шумақты мысалға келтiрейiк:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi.
Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әдiлеттi...
Сонымен, махаббатпен жаралған адам бойында үш сүйiспеншiлiк болу керек екен. Бiрiншi, Алланы сүюiң керек. Оны, тағы да, жаныңнан тәттi сүюiң керек. Екiншi, бауырым деп Адамзатты, үшiншi, құдай жолы деп әдiлеттi сүйген жөн.
Яғни,
Осы үш сүю болады иманы гүл...
Тағы да қайталап айтамыз, ұзақ жылдар бойы Абайдың «сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi» деген сөзi әлгi аталмыш идеологияға карама-қайшы соғып, ауызға алынбай келген-дi. Ал шындығына келсек, Абай осы үш сүйiспеншiлiктiң iшiнде әсiресе алланы Алдымен сүюге ден қояды:
Алла мiнсiз, әуелден, пайғамбар хақ.
Абайдың Алланы қайта-қайта пысықтап айта беру себебi, Алланы сүйе алмаған адам адамзатты да, әдiлеттi де сүйе алмақ емес деп ойласа керек.
Не айтса да жерiне жеткiзiп айтуды қалайтын Абай осы ұлы сүйiспеншiлiктi бұзатын үш iс бар деп бiледi:
Пайда, мақтан, әуесқой-онан шошы.
Оны тағы да бiр-ақ айтып қоймайды, қайталап айтады:
Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан iсi,
Қанi бiздiң нәпсiнi тыйғанымыз?
Абай ұғымынша, не нәрседен де пайда көздеп, не нәрсенi жасаса да мақтан үшiн жасап, не нәрсеге де елiге әуестенiп кететiндер, яғни құлқыңдық та, моральдық та, нәпсiсiн тыя алмайтыңдар да Алланы да, адамзатта да, әдiлеттi де сүйе алмақ емес.
Бұл жұмыр жердiң үстiнде жүрген жұмыр басты пеңденiң бәрiне, яғни адамзатқа айтылған мәңгiлiк өсиет болса керек.
16. ӨЛЕҢНIҢ ҰЛЫ ПАРЫЗЫ
Бiз Абайдың өлеңнiң тұрар тұғырын белгiлеп, шығар биiгiн анықтап бергенiн жақсы бiлемiз. Шынын айтсақ, Абайға дейiн де, Абайдан кейiн де өлендi Абайдай құрмет тұтып, Абайдай өлеңнiң қадiрiне жетпеген. Оның:
Өлең — сөздiң патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан киыстырар ер данасы, —
деген сөзiнiң өзi неге тұрады?! Өлеңдi сөздiң патшасы деп Абайға дейiн, қане, кiм айтыпты?! Тағы да бұл ойды сөзге құлшылық етiп, оған табынып отырған адам емес, қайта, сөздi қамырша илеп, қорғасындай балқытып, жүндей иiрiп, жiбектей есiп жiберетiн, бiр сөзбен айтқанда, сөз дегенiңiздi айтқанына көндiрiп, айдауына жүргiзiп қоятын Құдiрет иесi айтып отыр. Сондай-ақ оның:
Туғанда дүние есiгiн ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кiрер денең
— деген сөзiн де жақсы бiлемiз. Ол бұл жолдар арқылы өлеңнiң мәңгiлiк екенiн айтса керек. Оның бүл сөздердi өлең қадiрiн одан да биiктетiп, оның қасиетiн одан да арттыра түсу мақсатында айтқаны кәмiл. Өйткенi өлеңнiң «мақсаты — тiл ұстартып, өнер шапшақ». Ал өнер шашу дегенiмiз — адам жанына рухани дән шашу, рух егу.
Әрине, бұл сөздердiң бәрi — өлеңнiң қадiр-қасиетiн ұққан жанның сөзi. Ал өлеңнiң көтерер жүгiнiң ауыртпалығын, оның атқарар мiндетiн, оның ел алдындағы парызын Абай қалай белгiлеген дейсiз ғой? Өлеңнiң атқарар мiндетiн, оның арқалар жүгiн, ел алдындағы парызын Абай:
Бiреудiң кiсiсi өлсе, қаралы ол,
Қаза көрген жүрегi жаралы ол,
— деп белгiлейдi. Сiз көз алдыңызға кiсiсi өлген бiреуге қаралы болған өлеңдi, оның қазасына жаралы болған өлеңдi елестетiп көрiңiзшi.
Елестете алсаңыз, онда сiз өлеңнiң ұлы мiндетi мен парызын түсiнгенiңiз.
Оның үстiне, Абай өлеңдi жаны бар, жүрегi бар құбылыс етiп көрсетiп тұр ғой. Бұл да өзiне дейiн болмаған тың сөз болса керек.
17. IЛIМ МЕН БIЛIМ ТАБИҒАТЫ
Абайды қайта-қайта оқып жүрiп түсiнгенiм (қателессем, кешiрiм өтiнем), ол iлiм мен бiлiм деген ұғымдарды бiз сияқты мағыналас синонимдiк сөздер деп емес, мағыналары әр тектi сөздер деп қарастырады. Ол iлiм деген сөзге адамның өз елi мен жерiнiң касиетi мен қадiрiн, ойы мен пiкiрiн, тағылымы мен дәстүрiн, мiнезi мен болмысын көңiлiне түйген деген мағына артады да, «бiлiм» деген ұғымға кiтаптан оқып жинақтаған рухани қазына деген мағына бередi.
Сонымен бiрге, Абай «iлiм» деген ұғымда ел мен жердiң қадiрi мен қасиетi ғана емес, қасiретi мен қайғысы да болу керек, ал «бiлiм» деген ұғымда рухани қуат қана емес, күйiнiп, ашынып тұрған ыза да болу керек деп бiлген. Абайдың:
Қайғы шығар iлiмнен,
Ыза шығар бiлiмнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тiлiмнен, —
деуi соңдықтан.
18. МАХАББАТПЕН ДЕ МАЙДАНДАСҚАН
Абайдың күпi мен шекпен киген қарапайым қара өлеңi аспанмен таласқан асқақ шындары жоқ, бiрақ қойын-қонышы қазына байлыққа тұнып түрған Қаратау секiлдi. Әрине, ол байлықтарды iздеп табу да, оларды жарыққа шығару да оңай шаруа емес. Оларды iздеп табуға да, жарыққа шығаруға да орасан күш-қуат керек. Әрине, бiз ондай орасан күш-қуатқа иемiз деп айта алмаймыз. Дегенмен, өз мүмкiндiк, өз әл-қадiрiмiз жетедi-ау деген тұстарда қарап қалуға болмас деп бiлемiз. Әрине, үлкен жаңалық ашып тастау тiптi де мiңдеттi емес. Бiрақ инедей болсын, көргенiңдi жұртқа көрсету мiңдет. Бiр тарыдан мың тары өседi, дария да тамшыдан құралады. Мәселен Абайдың:
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан
Қайран менiң жүрегiм мұз болмай ма? —
деген атақты жолдары бар. Осы жолдарға тереңiрек үңiлiп қарайықшы. Әрине, ғадауатпен /дұшпандықпен/ майдандасқан жүректi әбден-ақ түсiнуге болады. Ал сiз махаббатпен майдаңдасқан жүректi ұғып көрiңiзшi, бiрден ұғу қиын. Өйткенi жүректiң бүкiл ықыласы, бүкiл аңсары, бүкiл ынтызары Махаббат емес пе? Әдетте, жүрек махаббаттан /бiздiң үғымымызша/ рахат, ләззат күтпейтiн бе едi?! Ендеше, жүректiң махаббатпен майданасқаны қалай?... Дегенмен, асығыс шешiмге келмей, өлең астарына үңiлiп көрейiкшi.
Әрине, Абайдың бұл жерде махаббат деген ұғымды аса ұлы мағынасында қолданып отырғаны сөзсiз. Бұл жердегi махаббат — елге, жерге, ата мен анаға, жар мен балаға деген барлық махаббатардың қортындысы. Ұлы сүйiспеншiлiк. Ал осы ұлы сүйiспеншiлiктi бiз күнi кешеге дейiн сап алдындағы салтанатты сөз беру ғана деп ұқтық қой. Сүйем деп айттық, сонымен бiттi дедiк! Ал шынтуайтына келсек, ел мен жердi, Отанды сүю деген рухани азапты сыннан өту ғой. Яғни ондай алып ұғымдарды сүю деген — ел мен жерiңнiң, Отаныңның бүкiл қайғы-қасiретiн, мұңы мен уайымын, ауыртпалығы мен салмағын жүрегiңнен өткiзу. Яғни ол да Ұлы майдан. Абай жүрегiнiң ғадауатпен бiрге махаббатпен де майдандасқанын бiз осы тұрғыдан түсiндiк.
19. АЛЛАНЫҢ СҮЙГЕН ҚҰЛЫ
Онсыз да «жаяуы қауып, аттысы шауып» жатқан заманда арпалыспен өмiр сүрген Абайдың салғырттық пен немқұрайыдылықты, ерiншектiк пен әзәзiлдiктi көргенде сең соққандай сенделiп, басы қаңғып, санасы сарсаң болып, iстер айласы таусылғаңдай күйзелiп кететiнi белгiлi. Абай елдi ел, адамды адам ететiн тек еңбек деп бiледi. Еңбек ете алмаған елдiң бүгiнi бүтiн, ертеңi берiк емес деп үйретедi. Абай еңбектен кашып, жұмысты жек көрген адамның өмiрi бiр-бiрiн аңдумен, бiр-бiрiн тонаумен өтедi деп бiлген.
Ұрлық қылар, тентiреп тамақ асырар,
Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық,
— деген ғой.
Еңбек пен өнер, ықылас пен ұмтылыс, талап пен ынта, жiгер мен қайрат жоқ елде өсек пен өтiрiктiң өртi лаулап, жалған мен жаланың жалыны лапылдап, ұрыс пен жанжалдың қара шоқпары мен ақ сойылы үйiрiлiп, дау мен дамайдың дауылы тұрып кететiнi сөзсiз. Жұмысы жоқ елдiң бойын сұмдық пен сұрқиялылық, қулық пен зымияңдык, алдау мен арбау, алаяқтық пен алауыздық еңдеп алады. Ондай елде өскен адам қандай болмақ деген сұраққа Абай:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын,
— деп жауап бередi.
Бiрақ Абай еңбек еткенде, қалай да пайда табу үшiн еңбек етпе, еңбектiң де еңбегi бар, адамдық болмысыңа кiр түсiрме, арың мен ұятыңа кiршiк қондырма дейдi. Ол «саудасы — ар мен иманы» болған адамдардан қатты сескенген, қатты шошынған. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» дейтiнi соңдықтан. Ол ар, ұятын белiне түйiп жүре беретiн адамдарға қарап:
Арын сатып, ант ұрып iздегенi
Бiр семiз ат аяғы бiр табақ ас,
— деп жиiркенген.
Абай арыңды сатып, иманыңды саудаға салып мал тапқаннан гөрi, табан ақы, мандай терiңмен, тiптi:
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
— дейдi. Абайдың ар мен иманын сатып мал табатын адамдардан безiнетiнi соншама, ол ендi «жалға жүрген, жат жерге кеткеннен де» өткiзiп:
Есек көтiн жусаң да, мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кемiте алмас, —
деген ғой. Яғни Абай ары мен иманын сатып мал тапқан адамды есек артын жуған адамнан әлдеқайда төмен көрiп, мүлде кiсiлiк санатқа қоспайды.
Әрине, Абай арынды сатпай, иманыңды саудаға салмай, еңбек етсең болды, басқаға басынды қатырма, өзге нәрсеге мойныңды бұрма деп айтпайды. Олай десе, Абай исi қазақтың, одан қала бердi бүкiл адамзаттың Абайы болар ма едi?! Абай егер еңбегiң елдiң нанына, жердiң қамына жұмсалмаса, ол еңбек те түптiң түбiнде шын еңбек болмақ емес деп бiлген. Ол сондықтан да: «Өзiң үшiн еңбек қылсаң, өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бiрi боласың», — дейдi. Оның осы мәселеде: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», — деп ескертетiнi де тектен тек емес.
20. ЖЕР ШАРЫНДАЙ ЖҮРЕГI БАР АДАМ
Бiз Абайдың адамды, адамзатты құлай жығылып, кұдiреттей табынып сүйгенiн жақсы бiлемiз. Солай бола тұра, оның:
Адам — бiр боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы
— деген — санаңды тiлгiлеп, ойыңның ойран-ботқасын шығарып жiберетiн жолдарын әп дегенде қатты дағдарыс, аса қиналыспен оқитының рас. Бiрақ осы жолдардың қатпар-қатпар астарына сезiм-түйсiктiң отын жағып, ақыл-ойдын жiтi көзiмен үңiлiп карайықшы.
Байқайсыз ба, Абай «Боқтан сасық боласың өлсең тағы» деген сөздi жалпы адамға емес, жалқы бiр адамға, сол адам болмысындағы мiнез-құлыққа арнап айтып тұр ғой. Олай болса, «Адам — бiр боқ көтерген боқтың қабы» деген алғашқы жол да жалпы адам баласына емес, сол нақты мiнез-құлыққа ие жалқы адамға арналған болып шықпай ма?! Ол қаңдай адам, ол қандай мiнез-құлық? Әрi қарай оқиық:
Менi мен сен тең бе деп мақтанасың,
Бiлiмсiздiк белгiсi ол баяғы.
Тағы да оқып шығыңызшы. Боқ көтерген боқтың қабы болған адам, өлгеннен кейiн боқтан да сасық болып қалатын адам — «менi мен сен тең бе деп мақтанатын», кеудесiне нан пiсiрiп, көкiрегiн көтеретiн, яғни өркөкiрек, менмен, эгоист, өзiмшiл, астам, өзiн өзгеден артық санайтын адам екен ғой. Астамшыл, өркөкiрек адам өзгенi калай сүймек?! Егер сенiң шын мәнiнде арың таза, жаның пәк болса, бiлiмiң зор, тағлымың зор болса, өзiндi өзгеден артық қояр ма едiң?! Өзiн өзгеден артық санамаған адам ғана шын адам! Соңдай Адамга ғана Абай:
Адамды сүй, Алланың хикметiн сез,
Не қызық бар өмрде онан басқа?!
— дейдi.
Абай өзiн өзгеден артық санайтын адамнан бойын тартып, тiксiнiп қана қоймай, оны адам қатарына қоспаған. Оңдай жаңды боқтың қабы немесе хайуан деп бiлген. Өйткенi оңдай жанның өзi өзгенi адам деп бiлмеген ғой. Абайдың «Өзi шошқа, өзгенi ит деп ойлар» деген бiр ауыз сөзi де осыдан шықса керек. Адам мен адам бiр-бiрiн тек тең тұтқаңда, тегiн сыйлағаңда ғана сүюi мүмкiн. Адам баласын осылай сүйе алған Абай: «Адамның баласы — бауырың», «Адам баласына адам баласының бәрi — дос», «Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп», деген ғой. Аса зор сүйiспеншiлiкпен айтылатын, Алла тағала мен пайғамбардың ғана аузынан шығатын мұндай ауқымды, құдiреттi сөздi тек кеудесiнде Жер шарындай алып жүрегi бар Абай сынды адам ғана айта алса керек.
21. АБАЙ МЕКТЕБIНIҢ ҚУАТ-КҮШI
Абай мектебi — қашанда, қай уақта да — ұлы тағылым мектебi. Қазақ өлеңiнiң ең ұлы деген хас таланттарының қай-қайсысы да Абай мектебiнен дәрiс алмай, оның тереңiнен сусындамай, оның қалың ойына бойлап сүңгiмей өткен емес. Мағжан, Сұлтанмахмұт өлеңдерiнен Абайдың қасiреттi демiнiң лебi, қайғылы жан күрсiнiсi, дерттi жүрек бұлқынысы сезiлiп тұрады ғой. Тiптi, Абайдың «күңгiрт», «сұрғылт», «бейуақ» әлемiнен өзгеше шаңырақ көтерген, дүбiрлеткен тарпаң екпiндi, сөздердi тастай қағыстырып, жайдай ойнатып, жасындай сiлкiнтiп жiберетiн Iлиястың өзi де Абай мектебiнiң шәкiртi. Тағы да, ол ақын ретiнде әбден толысқан шағында да Абайдан үйренумен, үлгi, тәлiм алумен кеткен. Мәселен, сiз Абайдың жүйрiк атқа ұлы еткерткiш болып саналатын «Шоқпардай кекiлi бар, қамыс құлақ» пен Iлиястың қазақ поэзиясынын алтын дiңгектерiнiң бiрi «Құлагер» дастанындағы сыншы Күреңбайдың Құлагерге берген сипатын қатар оқып көрсеңiз, әлгi бiздiң айтқанымызға көзiңiз жете түседi. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн бұл өлеңдердi, мүмкiндiгiнше, түгелге жуық оқып көрейiк: Абай:
Шоқпардай кекiлi бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен кабақ.
Артқы омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке үңiрейген болса сағақ.
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсоғарлы, сiңiрлi, аяғы тiк,
Жауырыны етсiз, жалпақ тақтайдай-ақ.
Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бiрге келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбi әлдi келiп,
Көтендiгi шығыңқы аламайлы.
Шiдерлiгi жуандау, бота тiрсек,
Бейне жел, тынышты, екпiндi мiнiп жүрсек.
Екi көзiн төңкерiп, қабырғалап,
Белдеуге тыныш тұрса, байлап көрсек.
Тығылмай әм сүрiнбей жүрдек көсем,
Иек қағып, елiрiп жүрсе әсем.
Шапса — жүйрiк, мiнсе берiк, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мiнбесем.
Бұл өлеңдi оқығаннан-ақ Сiз бiрiнен бiрi өткен, тың, тосын, жаратылысы бөлек, танымы ерек, бiрақ — соншалықты табиғи, соншалықты қазақы теңеулер мен эпитеттердiң, бейнелi сөздер мен метафоралардың ну қалыңына кiресiз де кетесiз. Ендi Iлиястың сыншы Күреңбай аузына салған Құлагер суретiн оқыңызшы:
Тәует бас, камыс құлақ, қуарған жақ,
Құлан жал, бұлаң мойын, қой жұтқыншақ.
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы калқыңқырақ.
Сiңiрлi, жер соғарлы аяғы тiк,
Түлкi төс, тазы тiзе, ит жiлiншiк.
Шашақиы, шақпақ еттi, аласа ұршық,
Құндыздық қалай бiткен құйрыққа дүп?
Қоқанның жiбегiндей жеңiл құйрык;,
Не қою, не болмаса емес ұйық!
Бұтының арасынан ел көшкендей,
Жамбастың басы делдек, куыс қолтық.
Шүйделi, шоқтығы ерек, шiдерлiгi,
Серке сан, желмаядай тiлерсегi.
Тау желiн тартса жұтқан талыс танау,
Тынысты кеңде жатыр кеңiрдегi.
Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,
Кез жарым кесер баста кесiм ет жоқ.
Қалбаң бел, қалбағайлы, үңгiр сағақ,
Шапса — жел, мiнсе — жайсаң, тұрса-селсоқ.
Маңғұлдың мес аты емес тұғырынған,
Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.
Жануар шапса — жүйрiк, мiнсе — берiк
Озбайды жүгiргенге жылқы мұнан?
Мұнда да тұнып тұрған теңеу, қаптап тұрған эпитет, қалың метафора! Байқайсыз ба, Iлияс Құлагердi бейнебiр, Абай өлеңi арқылы көз алдына елестеткендей. Қараңыз, Абайда:
Шоқпардай кекiлi бар, қамыс кұлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Iлияста:
Тәует бас, камыс құлақ, куарған жақ,
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ.
Екеуiңде де қолданылған «қамыс құлақ» метафорасын былай қойғанда, бiрде эпитет, бiрде теңеу, ендi бiрде заттық мағынасында пайдаланылған «қой», «жақ», «мойын» сөздерi де бар-жоғы екi жолда, екi реттен қолданылып тұр ғой. Тағы үңiлейiк. Абайда:
Жерсоғарлы, сiңiрлi, аяғы тiк,
Iлияста:
Сiңiрлi, жерсоғарлы, аяғы тiк.
Сонымен бiрге, Абайда «күлте құйрық», Iлияста «жеңiл құйрық», Абайда «бота тiрсек» Iлияста «желмаядай тiрсегi», деген бейнелi сөздердiң бiр-бiрiмен туыстас мағынада қайталануы да Iлиястың Құлагер мүсiнiн сомдауда Абайдан кеп үйренгенiн көрсетсе керек. Тiптi, екi өлендегi аттардың мiнезi де бiр-бiрiне өте ұқсас.
Абайда:
Бейне жел тынышты, екпiндi, мiнiп жүрсек
Iлияста:
Шапса — жел, мiнсе — жайсаң, тұрса — селсоқ,
Абайда:
Шапса — жүйрiк, мiнсе — берiк, жуан, жуас
Iлияста:
Жануар шапса — жүйрiк, мiнсе — берiк.
Мiне, Абай мектебiнiң қуат-күшi. Мәңгi өлместей етiп Iлияс соққан Құлагер тұлғасында да құдыреттi Абай сөзiнiң өшпейтiн рухы мен таңбасы жатқан жоқ па?! Бейнебiр Iлияс Құлагер мүсiнiн соққанда Абайды көмекке шақырғандай...
Бiз бұл жерде толассыз жұмыс iстеп тұрған, мәңгiлiк жұмыс iстей беретiн Абай мектебi берген мың дәрiстiң бiр дәрiсiн ғана сөз еттiк.
22. ТАМЫРҒА ЕНIП, ҚАНҒА ҚҰЙЫЛҒАН СӨЗ
Абайдың ғұмыр бойы сөздi ұғатын «естi құлақты», «көкiрегi көздi» жан iздегенi белгiлi. Абай сөздiң құнын бiлген адам — өмiр мен дүниенiң де құнын бiледi деп үққан. Ол сөз ұқпайтындарды «көңiлсiз қүлақ — ойға олақ» деп бағалаған. Дүниенiң сыры мен қыры тек сөз арқылы ұғылатынына қатты ден қойған. Абай, сол дүниенiң кiлтiн ашар «көкiрегi сезiмдi», «көңiлiнiң көзi ашық» жан iздеп шарқ ұрған. Абай сөз ұққан адам — бәрiн де ұға алады деп ойлаған. Ол үшiн мiнез болу керек деген. Бiлiм мен сөздiң сауыты — мiнез деп бiлген. Сондықтан да ол «сыпыра жылмаң желбуаз» адам сөз ұға алмайды, сөздi ұғу үшiн «бойда қайрат», «ойда көз» болуы керек деп түсiнген. Абай, тiптi, сөздi ақылмен де емес, жүрекпен сезiну керек деген ғой. Мүмкiн, ол мұны айтқанда, сөздi жүрекпен сезiнбей, жан толқынысы, ой тебiренiсi болмайды деп ойласа керек.
Ақылмен ойлап бiлген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Байқап отырсыз ба, Абай құдiретiмен сөз дегенiңiз жүрек арқылы тамырыңызға енiп, қаныңызға құйылып, сiздiң тiрлiгiңiздiң, болмысыңыздың қажеттi бiр құрамына айналып кеткен жоқ па?!
23. ОТАРШЫЛДЫҚ ОЙРАНЫ
Бiз бұрынырақ жазған «Қазақ қасiретi — Абай қасiретi» мақаламызда: «Абай халықты азаттық пен бостандыққа қарай алып шығу үшiн алдымен оны қараңғылықтың отарынан, надандықтың боданынан қүтқару керек деп ұқты», — деген болатынбыз. Солай екенiн бүгiн де қайталап айта отыра, бiз, әрине, Ресей империясы тарапынан болып жатқан отаршылдық озбырлықтарына Абай көз жұмып қараған деген пiкiрден мүлде аулақпыз. Абайдың әсiресе елдiң ынтымағын қақыратып, берекесiн туталақай етiп жiберген отаршылдықтың билiк жүйесiне қатты наразы болғаны белгiлi. Ол жүйенi Абай қазақ даласына лаң әкелген отаршылдық салған ойран ретiнде қабылдайды. Ол өзiнiң үшiншi сөзiнде: «... Малдан айырылғандар кебейсе, қыстауы босар едi деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол менi кедей болса екен деп, әуелде iшiмiзбен қас санадық. Әрбiрден сон сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластык,. Осындай қастарға сөзiм өтiмдi болсын және де ептеп мал жиюға күшiм жетiмдi болсын деп, қызметке, болыстық билiкке таластық... Ол болыс болғандар өзi қулық, арамдықпен болыстыққа жеткен соң, момынды қадiрлемейдi, — өзiндей арам қуларды қадiрлейдi» деген ғой. Осы сөздерден-ақ Абайдың отаршылдықтың қазақ даласына орнатқан билiк жүйесiне деген жиiркенiштi көзқарасы көрiнiп тұрған жоқ па?! Елдiң ынтымағын бұзып, бiрлiгiн бүлдiрiп, ырысын шашып, құтын қашырып кететiн бұл билiк жүйесiнiң қалың жұрты қараңғылық қапасында жатқан қазақ халқы үшiн аса қатерлi, аса қауiптi екенiн бүкiл жан-тәнiмен, бар болмыс-бiтiмiмен сезiнген Абай: «Үш жылға болыс сайлаңды. Әуелгi жылы, «Сенi бiз сайламадық па?!» деп елдiң бұлданғандығымен күнi өтедi. Екiншi жылы кандидатпен алысып күнi өтедi. Үшiншi жылы, сайлауға жақыңдап қалып, тағы болыс боп қалуға болар ма екен деп, күнi өтедi. Ендi несi қалды?» — деп күйiнедi. Шынында да, қарақан басының камын ойлап кеткен жан елдiң жайын не қылсын. Елдiң бiрлiгiнiң тоз-тозын шығарып, татулығының туырлығын кесiп, ынтымағының ырысын төгiп, ауызбiрлiгiнiң шаңырағын ортасынынан түсiрiп кететiн болыстық сайлау сияқты құбыжық кұбылыстан қатты түршiгiп, шошынған Абай билiк басына келетiн адамның одан да «уездный начальник военный губернатордың назначениесiмен» болғанын қалайды. Амалсыздықтан қалайды. Өйткенi ол мұны сол тұста, елдi болыстыққа екiдай етiп таластырмай, бөлiнуден, бүлiнуден аман алып калар бiрден-бiр амал деп ойлаған. Өйткенi Абай сайланып болыс болғандардың да бар билiк, бар тiзгiнi жоғарыда отырған ұлыстардың қолында екенiн бiлген. Абай, егер «назначениемен» болыс болу тәртiбi енгiзiлсе, ең болмаса, ел екiдай болып таласпай, бөлiнбей, бүлiнбей қала ма деп үмiттенген ғой. Өйткенi ол сайланып болыс болғандар, бәрiбiр, орыс отаршылдарының айтқаңдарына көнiп, айдауына жүретiн, кез келген жез мұрт, жез түймелi қолын созса жеңiне, аяғын созса — балағына айналатынын ұққан. Оларды Абай:
Ұрысса орыс,
Елге болыс
Үйден үрген ит құсап,
— деп суреттейдi. Бұл — бiр адамның ғана емес, сол кездегi отаршылдық саясаттың дала сахнасына шығарған билiк жүйесiндегi барлық жанның қолжаулық бейшара бейнесi! Ал оңдай қолжаулық жанның, әдетте, «Пәле салып, андығаны өз елi болады». Сондай-ақ, өзiмiз мектептен бiлетiн:
Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қакқанға,
Шелтiрейтiп орысың,
Шендi шекпен жапқанға,
— деген жолдардагы ұзақ уақыт бойы қанымызға сiңiп, бойымызға дарып кеткен мүсәпiр психологиядан, керек десеңiз, қазiр де арыла қойған жоқпыз. Еңдi мына көрiнiске қараңызшы:
Бiр кептiрмей терiмдi,
Күн батқанша далпылдап,
Етек кеткен жайылып,
Ат көтiне жалпылдап.
Оязға жетсiн деген боп,
Боқтап жүрмiн барқылдап.
Кейбiреуге таяғым
Тиiп те кеттi бартылдап.
Әрине, күнi кешеге дейiн бұл жолдарға бiз тап түрғысынан қарап келдiк. Ал шын мәнiне келсек, бұл жолдар — отаршылдық тұсында, күнi кешеге дейiн, билiк басында жүрген көп-көп азаматтарымыздың бейнесiн бар болмыс астарымен ашып көрсетiп берген жолдар ғой.
Қорыта айтар болсақ, қазақ даласын қан қақсатқан отаршылдық саясаттың ең қатерлi, аса қауiптi, өте зардапты билiк жүйесiн, яғни отаршылдықтың бет-бейнесiн Абай осылай көрген. Оның отаршылдықтың билiк, яғни ол жүйенiң ел арасына iрiткi салатын аса қатерлi екендiгiн көрсетiп берген сөздерi, тәуелсiздiк алған бүгiнгi күнде де, өз құнын жоймағанын үмытпағанымыз абзал. Өйткенi бiздiң кейбiр азаматтарымыз билiкке ие болу үшiн ұлт мүддесiнен гөрi жеке басының мүддесiн жоғары қоятын психологиядан арыла койған жоқ.
24. ТАБИҒАТ ПЕН АДАМ
Адам бойындағы мiнез-құлық, әрекет, болмыс-бiтiм және басқа да толып жатқан құбылыстар салдарын Абай көбiне-көп тәрбие мен тәлiмнен, заман мен уақыттан, қоғам мен әлеуметтiк ортадан iздестiрiп келгенi хақ. Ол адам болмысы тәлiм-тәрбиесiз, заман мен уақытсыз, қоғам мен әлеуметтiк ортасыз түзелiп шығады дегенге сенбеген. Ол бұл ойынан, тiптi, адамды осы құбылыстардың бәрiнен бөлiп алып, табиғатпен бетпе-бет жеке қалдырғанда да, ең болмаса, бiр сәтке болсын, бас тарта алмайды. Яғни табиғат бойыңдағы құбылыс пен адам бойындағы құбылысты салғастырып отырып та, адам болмысынан қоғамның, заманның, әлеуметтiк ортаның әсер-күшiн алып тастамайды. Бiздiң бұл сөзiмiзге, басқа өлендерiн былай койғанда, атақты мына екi-ақ шумағы куә:
Көкала бұлт сөгiлiп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егiлiп,
Жас ағады аулақта,
— дейдi Абай. Нағыз классикалық паралелизм. Табиғат пен адам үйлесiмдiлiгi. Табиғат пен адам бiрiнiң «бұлты сөгiлiп», бiрiнiң «өне бойы егiлiп» жылап тұр. Ал одан әрi ше? Одан әрi екеуi екi айырылады. Әлiгi үйлесiмiн тауып, бiрiн бiрi толықтырып тұрған (мейлi ол мұңды болса да) жарасымдылық кақ бөлiнедi. Оқиық:
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгерiп, күш алар.
Мiне, жауып тұрған күн, яғни табиғат, жердi жаңғыртып, оған күш беретiн жасампаздық қуатқа ие болып шықты. «Көкала бұлты сөгiлген» табиғаттан мұң мен уайым көрмейсiз. Ал «өне бойы егiлген» адамнан ше?
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, iш жанар.
Ашық айтылып тұрмаса да, бұл жолдардың iшкi астарынан уақыт илеп, қоғам жаншып тастаған, әбден күйзелiс пен күйiнiшке ұшыраған адам болмысы көрiнiп тұрған жоқ па?!
25. АБАЙДЫҢ ЖҮРЕГI
Ақылдың Алатауы болып ойға шомып көк тiреген, қайғы мен қасiретке Қаратау болып қайрат көрсеткен дана Абай, бәрiбiр, ақылға да, қайратқа да сенбей, әдiлдiктiң бұйдасын кеудеде тыпыршып соққан беймаза жүрекке ұстатқаны белгiлi.
Абай өлеңдерiн оқып отырып, Абай жүрегiнiң дүние құбылыстарына селт ете түсер сергектiгiне, озбырлық пен қиянат көрсе, қып-қызыл шоққа қарылғандай безiлдеп қоя беретiн бәйектiгiне таң қалмасқа болмайды. Ол о бастан-ақ:
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек,
— деген ғой.
Абай тұла бойды жылытар «ыстық жүрек» дүниенi де жылытады деп бiлген.
Бiр байқағаным, Абай өлеңдерiн оқып отырып, Абай жүрегiнiң өмiрбаянын, дәлiрек айтсақ, Абай жүрегiнiң қайрат-қүшiн, оттылығы мен тектiлiгiн, толқынысы мен сiлкiнiсiн, асаулығы мен тегеурiндiлiгiн, өршiлдiгi мен тәкаппарлығын, бұрқанысы мен бұлалығын, наздылығы мен налалығын — бәрiн-бәрiн оқуға болады. Бiр сөзбен айтқаңда, Абай жүрегiнiң рухани кардиограммасы Абай өлеңдерiнiң iшiнде жатыр. Ол кардиограммамен, яғни Абай өлеңдерiмен танысқан кез келген адам Абай дертiнiң не екенiн бiрден-ақ айтып бере алады. Ол дерттiң аты — Қасiрет. Ол қасiрет ауруы Абайдың жүрегiнде. Ал Абай жүрегi — халық жүрегi. Ол өлмейтiн қуатпен соғып түр. Абай өлендерiн оқығанда, көп-көп қазақтың жүрегiнiң сыздап қоя беретiнi содан.
Абай жүрегi — өзiнiң қызығына емес, елдiң азабы мен бейнетiне жаратылған жүрек. Оны, ең алдымен, Абайдың өзi жақсы бiлген. Соңдықтан:
Iшем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар, —
дейдi ол өз жүрегi туралы. Апыр-ау, асау жүрек, әдетте, ойын-думан, ләззат пен рахат немесе өрлiк пен ерлiк, батылдық пен бұлалық iздеп, соларды аңсамаушы ма едi? Ал Абайдын «асау жүрегi» «бейнет сусынын» iшуге асығады. Яғни Абай жүрегi азапты әрекет тiлеп тұр. Әрине, ол азапты әрекет — ол мен жердiң жолындағы азапты әрекет болса керек. Жүректi ар мен ұяттың мекенi деп бiлген Абай «жүректiң көзi ашылса, бүкiл әдiлдiк пен ақиқаттың көзi ашылады» деп ойлаған.
Дүниедегi бүкiл опасыздық пен сатқындықты, әзәзiлдiк пен аярлықты, қиянат пен қылмысты, өтiрiк пен өсектi, жалған мен жаланы, мұз бен шоқты, аяз пен аптапты Абай жалаңаш жүрегi арқылы өткiзген ғой. Тар кеудеде аласұрған жүрек осыншалықты қарама-қайшылық пен ауыртпалықты көтере алар ма?!
Жүрегiм, ойбай, соқпа ендi! —
деп оның дауысы шырқырап, содан кейiн:
Сорлы жүрек мұнша ауыр
Неге қатты соқтығар? —
деп үгiтiлiп сөйлеуi содан болса керек. Оның осы сәтте айтқан:
Сенiсерге жан таба алмай,
Сенделедi ит жүрек, —
деген сөзiнiң өзiнен қапа мен уайымға батып отырған ақынның дәрменсiз, корғансыз халi көрiнбей ме?! Дәрменсiздiк пен қорғансыздықтан касiрет ауруына шалдыққан жүрек — қандай жүрек болмақ? Оқып көрейiк:
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертiн тығып iшке, бiлдiре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бiр сәт тыншығар үн шығармай.
Өмiр мен өлiм арасындағы хал ғой бұл. Осындай халде тұрып та Абай айналасынан қуат, дәрмен күтедi. Ол:
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын, —
дейдi. Солай етедi де. Өмiрдiң соққыларынан, тағдырдың тепкiлерiнен, қаскөйлiк пен қастандықтың оқтары мен шоқтарынан шұрқ тесiк, тiлiм-тiлiм болған қайран жүрегiн ұлы Абай жамап алып, қайтадан күреске салады. Оның:
Жүрегiм менiң қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден, —
деуi сондықтан.
Қиянатшыл дүниеден қырық жамау болған Абай жүрегi Абай өлеңдерiнде әлi де соғып тұр. Ол жүрек көзге көрiнбейтiн талшықтар арқылы бiздiң бойымыз бен ойымызға, қанымыз бен жанымызға, санамыз бен пайым-түсiнiгiмiзге елдiң қасiретi мен қайғысын, құяды. Ал халықтың арманы мен үмiтiн бойы мен ойына, қаны мен жанына, санасы мен пайым-түсiнiгiне құйып алған адам шын адам ғой. Шын қазақ қой.
26. КӨЖЕКБАЙ МӘҢГIЛIК ТАҚЫРЫП ПА, МӘҢГIЛIК ТАҚЫРЫП ЕМЕС ПЕ?
Бiздiң бұл сұрақты қойып отырғанымыз тектен тек емес. Қазiр сыншысы бар, сыншы емесi бар, реттi-ретсiз, мәңгiлiк тақырып және мәңгiлiк тақырып емес деген ұғымдарға тым үйiрсек болып алды. Олардың түсiнiгiнде, мәңгiлiк тақырыптар дегенiмiз — аспан, ауа, жер, су, адамгершiлiк, имандылық, махаббат, замана, уақыт, т.б. Ал мәңгiлiк емес тақырыптар дегенiмiз — өмiрдегi жеке бiр құбылыстар, майда қарекеттер, үсақ адамдар, күйкi тiршiлiк пен кiшкентай мәселелер. Яғни олар бүгiн бар да, ертең жоқ, науқаңдық немесе бiр сәттiк қана деп үғылады. Осылай ұғылып қойса да ештеңе емес, олардың қабылдауынша, мәңгiлiк тақырыпты жазған ақындар — шын ақындар, ал тарихи салмағы, заманалық орны жоқ құбылыстар мен адамдарды жазғандар — әншейiн қара көбейтушiлер ғана. Сонда қалай, Абай жазған Көжекбай мәңгiлiк тақырыпқа жатпай ма? Ол бар болғаны, Абайдың сөзiнiң нәрi жоқ, дәйексiз замандасы ғана болғаны ма? Яғни ұсақ адам, ұсақ тақырып болғаны ғой. Ал олай болса, ол өлең неге осы уақытқа дейiн оқылады? Неге? Онымен тағы да жақынырақ танысып көрейiкшi:
Көптен тату кимасың,
Басыңа жұмыс түскен күн,
Татулықты бұрынғы
Не қылып ол ойласын:
Ашып берер жауыңа
Өзi көрген қоймасын.
Осындай опасыздыққа барған «көптен тату қимасың» өзiнiң бұрынғы «ескi досын көргенде» не дейдi екен:
Есебi жоқ ант iшiп,
Аруақ, кұдай айтысып,
Сыр алғалы айттым деп,
Жауыңды алдап кайттым деп,
Құдайдан қорықпай, антұрған,
Иман жүзiн тоздырар.
Бiз бұл жолдар арқылы Абай заманындағы сатқын, әзәзiл, Көжекбаймен ғана емес, осы қазiр қасымызда жүрген, ал ертең балаңмен, немерелерiңмен замандас болатын көжекбай-лармен танысып отырмыз ғой. Мұндай атаңа нәлет алаяқтар бүгiн мүсәпiр болса, ертең кiсәпiр. Сондықтан да олар:
Жау көп болса басыңда,
Бiрi қалмас касыңда.
Ал «оңалып егер алсаңыз»:
Пәленшенi ұрам деп,
Түгеншенi кырам деп,
Таршылықта қайраңдап,
Кеңшiлiкте ойрандап,
Көп батырға калдыңыз.
Бiр сезбен айтқанда оңдай жан:
Күн жауганда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда.
Бейнебiр Абай өзiнiң қасында ғана емес, бәрiмiздiн қасымызда жүрген Көжекбайды жазған секiлдi. Сонда опасыз, күйкi, ұсақ жан Көжекбай мәңгiлiк тақырыпқа жата ма, жатпай ма? Оған еңдi жауапты өзiңiз берiңiз.
27. ҚАЙҒЫЛЫДАН ДӘРМЕН КҮТКЕН
Қайғының қара бұлтын жамылып, қасiреттiң қара тасын арқалап, мұң мен наланың мұнарына малтыққан Абайдың жүрегiне шемен болып қатқан шерiн айтатын серiктесi, қуат жинап, күш алар тiрегi не дейсiз ғой? Оған жауап бiреу-ақ. Өз халқының қасiретi мен қайғысынан жаратылған Абайдың шер тарқатар серiктесi де, күш алар тiрегi де басқа емес, сол — Қайғы, Қасiрет, Мұң, Нала, Азап. Бұл ұғымдарсыз Абай өмiр сүре алмайды. Дәлiрек айтсақ, Абай үшiн адам болмысына қатерлi (бiздiң түсiнiгiмiздегi) бұл ұғымдар — ауа, су сияқты аса қажеттi тiршiлiк көздерi. Ол:
Тiрiлтiп өткен күңдi, тағы шөлдеп,
Осы күндi күн демес карғап, мiңдеп —
Кейде тiлеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да iздеп, —
дейдi. Көрдiңiз бе, бақ пенен тыныштықты қалай iздесе, қайғы менен азапты да солай iздейдi.
Мен өз басым бұл дүниеде бақ пенен тыныштықты iздегендей қайғы менен азапты да дәл сондай, рухани қажеттiлiк ретiнде iздейтiн бiр де бiр ақынды бiлмеймiн. Бұл ретте ол ұлы философтар Шопенгауэрмен, Ницшемен көбiрек үндес. Мәселен, Шопэнгауер қайғыны адамдық қасиеттiң негiзi, яғни «имандылықтың серiппесi» деген. Тек қайғысы бар адам ғана басқа адамның жан дүниесiне түсiнедi деп ұққан. Ал Ницше қайғыны адам болмысының ұлы қасиетi деп бiлген. Олай болса, «адамды сүй» деп өсиет еткен Абайдың қайғы мен азапты iздеуi, шын мәнiңде, рухани қажеттiлiктен туған табиғи занды құбылыс болса керек. Әрине, бұл ойын ол әлiгi ұлы философтардың шығармаларын оқып барып айтты дей алмаймын. Бұл жерде, сөздiң ретi келiп тұрғаңда айта кететiн нерсе, кейiнгi кезде Абайдың дүние танымының кендiгiн, оқу-бiлiмiнiң молдығын дәледдеу үшiн оның сөздерiнiң бәрiн, реттi-ретсiз, өзiнен бұрын өткен ғұламалардың сөздерiмен салыстыра қарастыру кебейiп барады. Бұл, егер науқанға айналып кетсе, катерлi құбылыс. Оның үстiне, бiздiң қолымызда әлiгi философтардың шығармаларын Абай оқыған деген дәйектемелер жоқ. Бiздiң пайымдауымызша, бұл кесек ой оның ұлы тұлғасының өзiнен өсiп шықкан ой болса керек. Бұны Абайдың өзi ашқан ұлы жаңалығы, өзi ашқан ұлы батылдығы деп ұққан жөн. Тағы да ол:
Көзiме жас бер, жылайын, —
дейдi. Сiз өмiрiңiзде «жылап отырмын», «жылап жүрмiн», «жылап келемiн», «жылаумен өтемiн» деп өлең жазған ақындардың талай-талайын оқығаныңыз сөзсiз. Олардан амалсыздық, дәрменсiздiк сезiлетiн. Ал Абайдың «көзiме жас бер» деген сөзiнен рухани қажеттiлiк сезiлiп тұрған жоқ па?! Бiздiң бұл сөзiмiзге иланғыңыз келмесе, келесi өлеңге көз жүгiртейiк. Қайғысыз жанға ғұмыры сенiп көрмеген Абай:
Қайғысыздың бәрi — асау,
Бiзге онан пайда жоқ, —
дейдi.
Содан болса керек, ол:
Канжүректi кайғылы-ау,
Қайрыла кет сен маған, —
дейдi.
Абай қайғылыдан ғана серiктес, қайғылыдан ғана тiрек тауып, дәрмен iздеген.
28. ӨМIР ХАҚЫНДА
Абай өмiр туралы өкiнiшпен сөйлейдi. Бүкiл ғұмыры қаратүнек надаңдықпен, алтыбақан алауыздықпен, күл шашқан өтiрiкпен, күйесiн жаққан жаламен, дарақы даңғоймен, алақұйын әзәзiлмен, қан ұрттаған қиянатпен, жанын жалдаған арсызбен, табансыз, тұрлаусызбен — бәрi-бәрiмен арпалысып өткен Абайдың өмiр туралы өкiнiшпен сөйлеуi занды болса керек.
Сағаттың өзi ұры шықылдаған,
Өмiрдi бiлдiрмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келдi-кетгi,
Қайта айланбас, бұрылмас бұлдыр заман.
Байқайсыз ба, Абайдың өкiнiшi аса зор-ау. Әне жерден бiр алып, мына жерден бiр жұлып, бiрiн бiрi талап, бiрiн бiрi қанап, бiрiн бiр тонап жаткан тiршiлiк иелерi ғана емес, шықылдаған сағаттың өзi де, яғни уақыттың өзi де ұры...
Абай өткен күндi қалай қарастырса, келер күндi де солай қарастырады.
Көк тұман — алдыңдағы келер заман,
Үмiттi сәуле етiп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күндi айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзiм талған, —
дей келiп:
Ол күндер — өткен күнмен бәрi бiр бәс,
Келер, кетер, артына түк қалдырмас, —
дейдi. Оның «iшiм толы у мен өрт» дейтiнi де осы тұс. Iшi у мен өртке толы адам өкiнбей, өксiмей тұра алар ма? Бiрақ Абай өмiрден қанша көңiлi қалып, қанша жүрегi шайлықса да, одан мүлде түңiлiп, баз кешiп кете алмайды. Ол қайта-қайта өмiр, уақыт туралы тұнжырап тұрған тылсымға шомып, тұнғиық ойға батады:
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса,
Күндi уакыт қызартып,
Көкжиектен асырса;
Күңгiрт көңiлiм сырласар
Сұрғылт тартқан бейуақка.
Төмен қарап мұндасар,
Ой жiберiп әр жаққа.
Өмiр, уақыт туралы сөзбен салынған неткен ұлы ғажап полотна! Алысты көзден жасырып, басы ұзарып бара жатқан Көлеңке мен көктегi Күннiң өзiн қызартып, көкжиектен асырып тастаған Уақытты көз алдыңызға елестетiңiзшi. Бейнебiр ұлы кеңiстiк үстiнде төрт ұлы құбылыс қана қалған сияқты. Оның үшеуi — Көлеңке, Күн, Уақыт — бiр-бiрiмен әрекетке түсiп жатқандай да, ал төртiншi құбылыс — Абай соларды бақылап тұрғандай. Бiрақ ол ұлы кеңiстiкте өтiп жатқан ұлы әрекеттердi сырттай емес, iштей бақылаушы. Өйткенi көкжиектен асып кеткен Күнмен бiрге оның көңiлi де күңгiрт тартты. Күңгiрт көңiл сұрғылт тартқан бейуақпен сырласып өткен өмiр өкiнiшi! Ол өкiнiш «өңкей уды жиып ап, жүрекке себедi»...
Мен өз басым, осы өлендi оқыған сайын, күңгiрт тартқан ұлы кеңiстiк iшiнде иық тiрестiрiп, Уақытпен сырласып, Өмiрмен мұңдасып отырған Абайдың алып тұлғасын көргендей болам
АСТАРЫ ҚАТПАР-ҚАТПАР «СЕГІЗ АЯҚ»
Кейiнгi кезде, Абай туралы сөз болса-ақ, көп адамның аузынан «бiз Абайды танып-бiлiп жатқан жоқпыз» деген сөз жиi шығатын болып жүр. Кiм-кiмдi де бет қаратпай мошқап тастайтын, кiм-кiмдi де жерге тыққандай тұқыртып жiберетiн бұл сөзге қарсы бас көтерiп сөйлеуге, неге екнiн бiлмеймiн, жұрттың бәрi дерлiк дәрменсiз. Алғашқы кезде қайта-қайта айтылатын бұл пiкiрге «әйтеуiр айтыла салған сөз шығар, арғы жағында Абайды танып, бiле түсейiк деген ақ ниет, жақсы тiлек жатыр ғой» деп, мән бермей жүрдiк. Кейiннен бұл пiкiр, көзi қарақты, көңiлі ояу адамдардың емес, iлiмi күмәндi, бiлiмi күдiктi әлдеқандай кездейсоқ бiреулердiң аузынан айтыла берген соң жүйкеге тиетiн болды. Бара-бар бұл пiкiр, жұрттың санасына әбден сiңгенi сондай, қоғамдық пiкiрге айналып кеттi. Ендi мен, өз басым, осы пiкiрдi естiген сайын, соңғы жылдары үлкен үрдiске ие болған, Абайды танып-бiлу қозғалысынан туған танымдық-тағылымдық, ғылыми-сараптамалық, ғылыми зерттеу еңбектерiн былай қойғанда, арғысы алып Мұхтар Әуезовтiң, бергiсi классик Тәкен Әлiмқұловтың әруақтарынан ұялатын болдым. Апыр-ау, деймiн, «Абайды танып-бiлiп жатқан жоқпыз» деп қылышпен шапқандай үзiлдi-кесiлдi пiкiр айтуға, басқаны елеп-ескермесе де, сол кiсiлердiң әруақтарынан именсе қайтедi. Егер Абайды Мұхтар Әуезов танып-бiлмесе, оның қатпар-қатпар қазынасын ашып, зерттеп-зерделемесе, әдебиетiмiздiң, тек әдебиетiмiздiң ғана емес, бүкiл рухани кеңiстiгiмiздiң алтын дiңгегi, айдын шалқары болып саналатын оның теңдессiз ұлы эпопеясы тек бiздi ғана емес, дүниенiң төртбұрышын түгел тамсандырмас едi ғой. Егер Абайды Тәкен Әлiмқұлов көз майын тауысып, әр сөзiне шұқшиып, ой елегiнен өткiзiп танып-бiлмесе көңiлiнiң көзi бар қазақтың бәрiн тәнтi еткен «Жұмбақ адамы» дүниеге келмес едi ғой.
Сондықтан, құдайға мың мәрте шүкiр дейiк, Абайды шамамыз келгенше, күш-қайратымыз жеткенше танып-бiлiп жатырмыз. Бiрақ Абай таныған сайын түбiне жеткiзбейтiн терең, бiлген сайын басын шалдырмайтын биiк қой! Абайдың Абайлығы дәл осында: оның таныған сайын тереңдей беретiндiгiнде, бiлген сайын биiктей түсетiндiгiнде!
Егер бiз Абайды танып-бiлу жағын сөз етер болсақ, онда оның дәл осы көзқарас тұрғысынан қарап сөз еткен жөн. Өйткенi Абай әлемi — мына дүниенiң өзiндей тылсым, мына дүниенiң өзiндей жұмбақ ерек әлем. Ол әлем қайта-қайта қадалып оқыған сайын жаңғырып-жаңарып, оның сөздерiн көңiлiңе тоқыған сайын молайып, байи беретiн әлем. Бiздiң жер асты қазына байлықтарымыздың көздерi, яғни табиғи ресурстарымыз, оның қоры қаншама мол, қаншама көп болса да, түптiң түбiнде сарқылып таусылмақ, ал халық жасаған ұшан-теңiз мұра мен Абай бастаған рухани тұлғаларымыз дүниеге келтiрген рухани ресурстарымыз ешуақта сарқылып таусылмақ емес. Әрине, мен бұл жерде ол қазынаның тек көлемiн ғана айтып отырған жоқпын, оның орасан зор рухани қуаты мен қайратын айтып отырмын.
Әрине, егер бiз Абайдың ұланғайыр әлемiн, сол ұланғайыр әлемнiң ауа райын, қас-қабағын, болмыс-бiтiмiн, лебi мен демiн танып-бiлiп жатқандарымызды ойымызға құйып, бойымызға сiңiре алмай жатырмыз десек, онда сөз басқа. Абай әлi де өкiнiшке орай, өзiнiң толық мағынасындағы ұлттық идеямызға тiптi ұлттық идеологиямызға айнала қойған жоқ. Әлбетте, ұмтылыс бар, ниет бар. Бiрақ жүйелi әрекет жоқ.
Сөз ретi келгенде айта кетейiк, бiз көбiне көп санамызға таяныш етер ұлттық идеямыз жоқ, ойымызды байлар ұлттық идеологиямыз жоқ деп жатамыз. Дұрыс-ақ. Солай бола тұра, егер бiз ұлттық идея, ұлттық идеология деген аса қастерлi, аса қасиеттi ұғымдарды әлдеқандай бiр кiсiлердiң бас қосып бiрiгiп жасаған, қатып-семiп қалған ресми тiлмен кiрпiш құсатып қалап шыққан стандартты тұжырымдама деп ұқсақ, онды бiз қатты қателесемiз. Өйткенi бiздiң бүгiнгi де, ертеңгi де ұлттық идеямыз, ұлттық идеологиямыз — өзiмiздiң рухани кеңiстiгiмiздегi аса қасиеттi, аса қастерлi рухани қазына байлықтарымыз болу керек. Шүкiр, бүгiнде, құдай оңдап осы бағытқа бет бұра бастағандаймыз. Дүниеге «Мәдени мұра» бағдарламасы келдi. Ендi бұл бағдарламаның, қары ерiген кезде ғана таситын шолақ сайдай шолтаң ете түспей, барынша кең, барынша қуатты, барынша арналы ағысқа ие болғанын қалар ек.
Әлбетте, бұл тұста да Абайға қайта-қайта үңiлу, оны бүгiнгi күнмен ұштастыра қайта-қайта зерделеу, онымен сұхбаттасып сырласу, iшiңе шемен боп қатқан шерiңдi ағытып мұңдасу, жаныңды жегiдей жеген қасiретiңдi айтып шағыну, одан санаңды сарсаңға түсiрiп, ойыңның ойранын шығарып жатқан сүңгiдей суық, қанжардай қатерлi сұрақтарға жауап iздеу, сол арқылы қашан қарасаң да қабағынан қар жауып, кiрпiгiне мұз қатып тұратын мына қатыгез қатал заманның табиғатын түсiну, онсыз да ширығып тұрған жүйке талшықтарыңды бiр-бiрлеп бытырлатып үзiп, онсыз да қанжылап тұрған жүрегiңдi одан сайын қанжылатып шабақтап жатқан сұрқия тiлектi, зымиян ниеттi әрекеттердiң түп-тамырын қарастыру процесi бiр сәт те толастамақ емес.
Көп адам секiлдi мен де, мына ақ құйын аласапыран дүние өзiнiң тосын сұрағымен тосылдырып, тiптi тоқыратып тастағандай болса, немесе бұйдасыз бейдауа тiршiлiктiң, бiрде алдын, бiрде артын берiп, қысқа күнде қырық рет құбылып шыға келетiн берекетсiздiгiнен безiнгендей болғанда алдымен Абайды қолға алам. Алдымен оқитыным «Сегiз аяқ».
* * *
«Сегiз аяқ», оқыған сайын, бiрде шоқ басып алғандай шошындырып, от жалап алғандай күйдiрiп, ендi бiрде мың-мың су жыландай сумаңдаған суық жел қойын-қоншыңды түгел аралағандай тұла бойыңды түршiктiрiп бара жатады. Етiңдi иленген терiдей езiп, сүйегiңдi балғамен ұрғандай шатынатып шағады. Iшiңдi жалап, терiңе сыймай бара жатқан ашу-ыза күйiгiн басу үшiн қара мұзды тiсiң сынғанша қашырлатып шайнап, ақ қарды ұртың толғанша қарпып асағың келедi. Миың тозаңға, санаң шаңға толып кеткендей меңiреу дағдарысқа түсiп мең-зең хал кешесiң. Абайдың өзi айтқандай «басың сандалады». Бiрде өрт жанында тұрғандай ысисың, бiрде жел өтiнде тұрғандай тоңасың. Қалай болғанда да салғырт оқи алмайсың. Абайдың ең бiр ұлы қасиеттерiнiң бiр осында! Өзiн оқыған адамды салғырттық құрсауынан суырып алатындығында!
Ол өлең «Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған» деп соншама бипаз байыппен, соншама сабырлы байсалмен бастала тұра, сәлден кейiн сенi қазақ халқының қасiретi мен қайғысының, опынысы мен өкiнiшiнiң, мұңы мен зарының қалың ну жынысына кiргiзiп жiбередi.
Ең бастысы, тоғыз қабатты, тоқсан иiрiмдi бұл рухани толғау Абай өмiр сүрген заман лебi, уақыт демi жайлы ғана емес, сен өмiр сүрiп отырған дәл бүгiнгi тiршiлiк жайлы алғаусыз сұхбаттасып, оны армансыз таразы-талқыға салып, сенiмен ең жақын тамырлас-тектес жақыныңдай, ең құрсақтас-қандас туысыңдай сырласып, мұңдасады.
Ол өлең сенiң iшiңнiң түпкi бiр қалтарысында күл астына көмiлiп қалғандай көмескi тартып бара жатқан шоғыңды жел боп үрлеп қайта тұтатып, жаныңды жегi құрттай жеп, қаныңды жебiр-бәледей iшiп жатқан шер мен шеменiңдi шығарып алады.
Абайдың ең ұлы күрестерiнiң бiрi, кезiнде арнайы тоқталғанымыздай, тұтас бiр халықты тар қапаста қамап, айы ауып, жұлдызы сөнiп қалған, яғни бағдарсыз түттей түнекпен тұмшаланған қараңғылықпен, надандықпен күресi. Қызық үшiн де емес, келемеж үшiн де емес, әрине. Халқын алқымынан алып, мойнын қылғындырып буып тұрған надандықтың бұғауынан, аяғын аттатпай қысып, сүйегiне дейiн қиып тұрған надандықтың кiсенiнен, көзiн көлегейлеп тұрған надандықтың пердесiнен құтқару үшiн. Халықтың көзi ашылмай, көкiрегi оянбай қандай да бiр жаңа өрiс, қандай да бiр көкжиек ашылмайтынын бiлгендiктен.
«Сегiз аяқта» да Абай «Өткiрдiң жүзi, кестенiң бiзi, өрнегiн сендей сала алмас», деп «толғауы тоқсан кызыл тiлдiң» құдiрет-күшiн айтқан бойда-ақ, алдымен сол өзiнiң халқының ежелгi қас жауы, қаскөй дұшпаны надандықпен, «не сен, не мен» дегендей бетпе-бет, қоян-қолтық кеп артқа қаратпайтын ашық шайқасқа түседi. Тұла бойын бұрқ етiп көтерiлген ыза буып, жан-жүрегiн лақ етiп ақтарылған ашу қысып жiбергендей жерiне жеткiзiп, өңменiнен өткiзiп тұрып «басында ми жоқ, өзiнде ой жоқ күлкiшiл кердең наданның» дейдi Абай.
Бiз көбiне көп надан адамды қой аузынан шөп алмайтын момын, бетегеден биiк, жусаннан аласа жуас, қазыққа байламай-ақ қалай жүндесең де, ағашқа кермей-ақ қалай илесең де көне беретiн сорлы, жiгер дегеннен жұрдай, қажыр дегеннен мүлде ада бейшара көремiз. Абайдың айтып отырғаны ондай сорлы,ондай бейшара надандық емес. Өйткенi ондай сорлы, ондай бейшара надан ешуақта да «күлкiшiл кердең» бола алмайды. Ондай надандықпен Абай күреспес те едi. Яғни, Абайдың айтып отырғаны әлдеқайда қауiптi, тiптi қатерлi надандық.
Басында баянды ой жоқ, дүниеге одыраң-одыраң қарап, кекiрелеп сөйлеп, кеудесiмен қағып кетердей кердең-кердең басатын надандық қай-қай заманда да болған, олар бүгiн де бар. Абай бұл жерде қаншама одыраңдап, қаншама кердеңдесе де қарақан басынан аса алмайтын, халқының қамын күйттеуге қауқары жетпейтiн миғұланы, жерiнiң тағдырына жаны күйiп көрмеген малғұнды айтып отыр. Ондай жан елi мен жерiнiң қамы үшiн қамығып налып, елi мен жерiнiң тағдыры үшiн қабырғасы қақырап сөгiлмек түгiлi, қайта әлдекiмдердiң қолындағы елi мен жерiне қарсы лақтырылатын тасқа, елi мен жерiне қарсы атылатын оққа айналып шыға келуi мүмкiн. Ондай жан әлдекiмдердiң қалай сiлтесе солай шабылатын айбалтасы, қалай ұрса солай қадалатын сүңгiсi. Яғни ондай жан өз елiнiң емен-дiңгегiн айбалта боп кесуден, өз елiнiң жүрегiне сүңгi боп қадалудан тайынбайды. Өйткенi «басында ми жоқ, өзiнде ой жоқ» ондай жан «көп айса көндi,жұрт айтса болды» принципiмен ғана тiрлiк етедi. Не нәрсенi де өзiнiң қауашағына салып ой елегiнен өткiзуге қабiлетсiз, өз ақылына салып таразылауға қауқарсыз, тобырлық психологиямен ғана өмiр сүретiн ондай жан — қатерлi жан.
Ондай жанның қатерлiгi сонда, ол, ең алдымен, өз ұлтына күш көрсетiп, өз ұлтын көзге iлмей, оған менсiнбей қарауында.
Бiз, сонау бала кезiмiзде-ақ, ауылымызға астанадан келген кейбiр апайлар мен әжейлердiң өзге тiлде шүлдiрлеп жүрген балалары мен немерелерiн көрсетiп, «бiздiң бала қазақша бiлмейдi» деп аса зор мақтанышпен, аса зор тоқмейiлсумен сөйлеп, айнала жұртқа танауларын шүйiрiп қарағандарын талай-талай көргенбiз. Иә, көкiрек көзi көрсоқыр болған соң-ақ қиын ғой.
Кейiнде қуғын-сүргiнге түсiп, елiнен, жерiнен көшiрiлiп, бiздiң жерiмiзге эшалон-эшалон болып төгiлген түрiктер мен шешендердiң балалары өз мектептерi, жөндi ортасы болмаса да,/ бiразы бiзбен бiрге оқыды/ өз тiлдерiнен бас тартқан жоқ. Не деген дiлдерi берiк халықтар!Үзiлiс кездерiнде бiр-бiрiмен тек өз тiлдерiнде сөйлесiп жататын. Ендi бүгiн сол бiзбен қатар оқыған түрiктер мен шешендердiң балалары мен немерелерi де, өздерiнiң ұлттық мектептерiн көрмей-ақ, өз тiлдерiнде еркiн сөйлеседi.
Ал бiздiң бiразымыздың иiмiз жетiм қозының терiсiндей жұмсақ болып шықты. Өз жерiнде, өз елiнде отырып-ақ кiсәпiр идеологияға шұғыл көнiп жүре бердi. Ал иi жұмсақтың «бойда қайраты, ойда көзi» бола бермейдi.
Қанша тәуелсiздiк алдық, ендi дербес елмiз деп көкiрегiмiздi кергенмен көп-көп қандастарымыз сол идеологияға есi кеткенше иланып, әлi күнге iшiне жүн-жұрқа тығылған сол идеологияның тұлыбына қарап мекiренедi.
Кейде баз бiр адамдар, мiнайы бiр себептермен, өзiнiң итiнен құтылу үшiн оны алыс қиырға апарып тастамайтын ба едi. Бiрақ иттiң қожасына берiлгендiгi сондай, ол бәрi бiр сол алыс қиырдан иесiн iздеп келiп жатады ғой. Бiздiң де бойы мен ойын надандық жайлап алған қандастарымыздың сол бiр идеологияға деген сенiмi — дәл сондай иттiк сенiм. Яғни, қожайынсыз өмiр сүре алмайды. Көз алдын тұтып тұрған иттiк сенiм пердесi дар еткiзiп жыртып тастауға ондай жанның қайраты жетпейдi.
Бәле-жаласы өзiмен кеткiр Кеңес өкiметi кезеңiн былай қойғанда, азат елмiз деп отырған бүгiннiң өзiнде жаңа туған нәрестелерiнiң есiмiн «Клинтон», «Буш» деп қойып жатқандар да солармен кiндiктестер.
Мен өзiмнiң бiр аулада тұратын орыс тiлдi замандасыма осы бiр жайсыз құбылысты айта отырып, Америкаға барып орын теуiп жатқан қытайлықтар өздерiнiң аты-жөндерiн ешуақта өзгертпейдi екен дедiм. басқа ұлт өкiлдерi өзгертедi, ал олар өзгертпейдi. «Какая глупость» дедi әлгi замандасым мырс етiп. Мен алдында ол қай құбылысты «надандыққа» балап отыр деп бетiне сынай қарап ем, сөйтсем ол қытайлықтардың аты-жөндерiн өзгертпейтiнiн меңзеп отыр екен. Апырай, десейшi, ұлт үшiн тiл мен дәстүрге тас керең, көр соқыр надандықтан өткен қатер жоқ екен-ау!
Бiр тал шашқа iлiнiп, қыпылдаған қылыш жүзiнде тұрған ұлтының тағдырын ойламайтын жерде көп дүрмек пен тобыр елеусiз нәрсе үшiн елiре екiленiп, түкке арзымайтын нәрсе үшiн егесе текетiресiп, яғни «таласып босқа» өмiр сүрмек.
Сондай-сондай екiленулер мен текетiрестердi көргенде, менiң есiме ертеректегi бiр оқиға түседi. Тезек терiп жүрген екi әйел айдалада жатқан бiр жапаға таласып қалған ғой. «Бұл менiң сиырымның жапасы» дейдi бiрiншiсi. «Жоқ, бұл менiң сиырымның жапасы» дейдi екiншiсi. Не керек екеуi сол жерде ұстасып, сонан кейiн шаштасып, ақырында бет тырнасып қызыл ала қан болады. Бүкiл бiр ауыл дүрлiгедi. Әңгiме сотқа дейiн барады. Сондағысы, айдалада жатқан, қоңыз екеш қоңыз да қараудан қалған, кеуiп қалған жапа үшiн!
Жұртының бүгiнiн, елiнiң ертеңiн, жерiнiң арғы күнiн ойлап басын да қатырмайтын, балтырын да сыздатпайтын, екi көзi тесiрейiп, есiнен адасқандай ындыны құрып, бар көргенi де, бар бiлгенi де дүние-боқ боп, тiптi сол үшiн бiр-бiрiн отқа да байлап берiп, жан берiсiп,жан алысып жатқан адамдарады көрген сайын әлiгi «жапа» оқиғасы ойыма сап ете түседi.
Осындай осындай талай сорақы құбылыстарды көзiмен көрiп, басынан өткiзген Абай күйiнiп-күйзелiп тұрып «қор болып, құрып барасың» деген ғой.
Әрине бұл жерде «нағашым менi құрметтеп, есек мiнгiздi» деп қос санын қоса шапаттап, бөркiн аспанға атып, есi кеткенше елiрiп қуанатын, тұрқы бiр тұтам, кiсiлiк тұрпаты мiскiн, тексiз надандықты әңгiме етiп, ауыз ауыртып жатудың қажетi жоқ. Абай өзiнiң қара сөзiнде «қазақтың жауы — қазақ» дей тұра, «сегiз аяқта» «бiрiңдi қазақ, бiрiң дос көрмесең iстiң бәрi бос» деп, сенiң кеудеңе сұқ саусағын қадап тұрып, қабағынан қар жаудырып тұрып қатал үкiм айтады. Тағы да оны кешегi өзiнiң заманына ғана емес, бүгiнге, яғни сiз бен бiз өмiр сүрiп отырған заманға да қаратып айтып тұрғандай.
Олай демей, не дерсiң! Кеше ғана емес, бүгiнде қазақ пен қазақтың арасын бiрiкпестей етiп ажыратып, бiр-бiрiне кiрiкпестей етiп бөлгiсi келетiндер барған сайын, бейне бiр өшi кеткендей өршеленiп бара жатса! Олар сiз бен бiздi, яғни қазақты патшалық Ресей тұсында болыстық сайлау арқылы ру мен ру арасына жiк салу арқылы алауыз етiп құртқысы, Кеңес өкiметi тұсында интернационализм идеясымен улап, дiл мен тiлдi жою арқылы жоқ еткiзгiсi келсе, ендi бүгiн планетаарлық, яғни жаһандану процесi арқылы ту-талақай етiп жiбергiсi келедi.
Жақында ғана бiздi бөлiп, екi жар етiп айтыстырып-тартыстырып қоюға құштар пиғылдағы газеттердiң бiрi «МК»-дан/«Московский комсомолецтен»/ «Бiз Мәмбет деп кiмдердi атаймыз?» деген iрiткi мақала оқыдым. Бәрiн мысалға келтiрмей-ақ қояйын, тек бiр үзiндiсiмен ғана таныстырайын. Газет тiлшiсi Әлия Мәмбетова дегеннiң сұрағына /фамилиясы әдейi адастыру үшiн қойылған жалған болу керек/ Әнуар деген бизнесмен /оның да есiмi жалған болуы әбден мүмкiн/ былай дейдi:
— Қазақ қоғамында мәмбетизм деген проблеманың неге туғанын бiлесiң бе? Өйткенi қазақтар — сирек кездесетiн сирек ұлт. Бiр ұрпақ кезеңiнде үш формацияны бастан кешiрдiк: феодалдық-рулық құрылым, коммунизм, капитализм. Қарт ұрпаққа жататындар бүгiнге дейiн өз ата-бабаларымен қалай көшiп-қонып жүргендерiн жақсы бiледi, ал олардың балалары қазiр зауыт, газет, параходтардың қожайындары...
... Прогрессивтi қазақтар патрихалды қазақтарды мәмбеттер, ал патриархалды қазақтар прогрессивтi қазақтарды мәңгүрттер дейдi. Мәмбет, мамба, мамбик — қараңғылар. Ал мәңгүрт — өздерiнiң шыққан тегiн бiлгiсi келмейтiндер. Бұл Шыңғыс Айтматовтың айтуы бойынша. Ол өзiнiң романында адамды тiрi өлiкке, яғни құлға айналдырған оларды мәңгүрттер деп атаған.
— Сен өзiңдi мәмбеттерге жатқызасың ба, әлде мәңгүрттерге жатқызасың ба?
— Өкiнiшке орай, мен — мәңгүртпiн.
— Мәмбет болмағаныңа өкiнесiң бе?
— Өзiң не айтып тұрсың? /күлiп, үстелдi тоқылдатты/...
Осылай жалғаса бередi. Не болғанда да Әнуар бизнесменiмiз ата-бабасының шыққан тегiн бiлетiн «мәмбет» болғысы келмейдi, анасын өлтiретiн мәңгүрт болуды қалайды. Тағы да тiлшi анасын өлтiретiн мәңгүрттi прогессивтi қазақтар /!/ тобына жатқызады. Жан-жүрегiңнiң сорасын ағызатын неткен сорақылық десеңiзшi! Өздерiңiз ойлап қараңыздаршы, қазақтардың арасына жiк салудың мұнан өткен сұмпайы түрi бола ма?!
Оның үстiне Мәмбет есiмi Мұхаммед пайғамбар есiмiнiң /Магомед, Махамбет, Мүхамбет т.б./ қазақша икемделiп айтылып кеткен бiр нұсқасы ғой. Олар ең болмаса, Мұхаммед пайғамбарды келемеж құралына айналдырып алғанын бiлер ме екен?! Бiрақ олар тiптi бiле қойғанда да тайына қоймас!
Рас, қазiр қазақтардың бiр тобы орыс, екiншiсi қазақ тiлiнде сөйлеп барады. Бұл — бiздiң ең осал тұсымызға — Ахиллес өкшесiне айналды.
«Iнжiлде» айтылатын Вавилон мұнарасының салыну хикаясын бiлетiн шығарсыз. Ол мұнараны бiр тiлде сөйлейтiн адамдар шырқау биікке дейін көтеріп, одан әрі де биіктетіп сала берген ғой. Мына мұндарлар мұнараны мен отырған жерге дейін жеткізбек пе деп ашуланған Жаратқан ие, сол құрлыста жүрген жандардың бәрін әр тілде сөйлетіп жібереді. Әр түрлі тілде сөйлесіп кеткен адамдар бір-бірімен түсінісуден қалады да, мұнара әрі қарай салынбайды...
Кейде осындайда, біздің, қазақтардың Жаратқан ие отырған мекеннен дәметкендей күпірлікке барған ештеңесі жоқ еді, екі жаққа қарап, екі тілде сөйлеп кетуге қандай ниетімізден жаздық екен деп те қапаланасың. Мұны өткен заманның кесірлі идеалогиясынан қанша көргенмен, несін жасырамыз, өзімізден де бар ғой. Кезінде қуғын-сүргінге түсіп Қазақстанға келіп орныққан қаншама ұлттар, аса ауыр тауқыметтерді бастан өткізіп жүріп өз тілдерін жоғалтқан жоқ қой. Ал біздің көбіміз, өз жерімізде тұрып-ақ өз тілімізге ие бола алмай қалдық.
Қалай дегенде де, бүгінгі таңда бір бөлігі әрі, бір бөлігі бері қарап тұр. Мұндайда екі жүзді Янус еске түседі. Әдетте, Янус бейнесі — опасыздықтың, яғни екіжүзділіктің символы ретінде қабылданады. Шындығында, оның әу бастағы мағынасы мүлде басқа. Көне Рим мифологиясында Янус — уақыт құдайы. Оның бір қыры бір жаққа, екінші қыры екінші жаққа қарап тұруында терең мән бар. Ол уақыт құдайы болғандықтан, оның бір жүзі күннің шығуына, екінші жүзі күннің батуына қарап тұр. Біз үшін, яғни қазақтар үшін қазір бұл мүлде басқа символдық мағынаға ие дер едік. Яғни, ол, қазақтардың бүгінде бір бөлігі Батысқа, батыс дүниесіне, екінші бөлігі Шығысқа, щығыс әлеміне беттерін бұрып алғанын көрсетеді. Бір-бірлеріне арқаларын беріп теріс қарап тұр. Ал бізге екеуі екі жаққа қарап тұрған қос профильді портрет емес, бір бағытқа қарап тұратын анфастық портрет керек. Оған бізді тек тіл тұтастығы ғана жеткізе алады. Бұл мәселеге осы бастан айрықша ден қойып, оған осы бастан ие болмасақ ертең жер қауып қалуымыз әбден мүмкін.
Бүгінгі таңда көкейімізді қанжар боп кесіп тұрған, кеудемізді сүңгі боп тесіп тұрған ең басты шаруа осы. Әйтпесе, Абай айтқандай, “біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос” болып шығады. Өйткені ұлтты ең алдымен, тіл ғана мүдделес етеді. Олай дейтініміз өзіміз күнде көріп жүргеніміздей, екі бөлек тілдер бір-бірімен тіл қатысқандарымен, олардың көп мәселелерді түсінулері басқа-басқа емес пе?! Бұлай кете берсе, аражік ашыла береді. Оның ар жағы неге апарып соғарын бір Алла ғана біледі.
Не дегенде де, бұл мәселе бейжайлықты көтермейді. Бейжайлық дегеннен шығады. Ертеде бір іргелі ауыл жайлауда отырады ғой. Сол ауылдың бас көтерерлері бір ақбоз үйге жиналып шай ішудің қамына кіріседі. Дастархан жайылып, буы бұрқырап семіз қойдың қызыл қуырдағы келеді. Сол кезде сырттан бір әйел ебіл-дебілі шығып “жау шапты, ойбай! Малдарды қыр асырып айдап барады” деп кіріп келмей ме. Сонда жұртты аузына қаратып жүрген бір кісі “түу, жау дегенің де нағыз саппас қырт екен ғой. Дәл қуырдақ келіп жатқанда шабуын қарашы! Жарайды, алдымен қуырдақ жеп алайық арғысын содан кейін көріп жатармыз” деген екен. Егер біз тезірек шешімді бір әрекетке бармасақ, малын айдап бара жатса да былқ етпейтін мұндай жайбарақаттық, мұндай бейжайлық, мұндай қомағай тоғышарлық енді бізді мүлде опындырып, мүлде жер соқтырып орны толмас өкінішке ұрындыруы кәдік. Әрі қарап бара жатқан қазағымызды өзімізге бет бұрғызуымыз қажет.”Ертең, ертең” дей берсек, еріміз мойынға кетіп, айдалада сыпырылып түсіп қаламыз.
Қазақты бір-біріне алагөз қып қойғысы, бүтін іргесіне бүлік кіргізгісі келетін тағы бір ілік, ол — рушылдық. Бұл біздің қоғамымызда ойды да, бойды да білдірмей алып бара жатқан дертті құбылыс. Бүгінде ру десек, өзгені былай қойғанда әлгі “прогрессивті қазақтар — мәңгүрттердің” өздері ішкен асын жерге қояды. Белін буып, білегін түрініп шыға келеді. Әрине, олар оны білу үшін білмейді, өздерінің пасық мүдделеріне пайдалану үшін біледі.
Бізде рушылдық жоқ деген сөздің бәрі жалған. Оған көз жұмып қарауға болмайды. Жауырды жаба тоқудың да қажеті жоқ. Олай етсек, онда ол күні ертең-ақ бас бермей кететін асау бәлеге, емдеуге әл бермей кететін алапес індетке айналып шыға келуі мүмкін.
Мен бұрын көп адамдар секілді, рушылдықты таланттан жұрдай, қабілеттен мақұрым адамдар ғана қоздырады, ал талантты, қабілетті адамдар ондай кесапат, кеселді бәледен бойларын аулақ ұстайды деп ойлайтынмын. Аңлап қарасам, мүлде олай емес екен, қайта оның ашытқысы да, негізінен, үлкен-үлкен орындарда отыратын лауазым иелері, талалантты тұлғалар мен қабілеттілер екен. Ойыңызға салып қараңызшы, талантсыздар мен қабілетсіздерді, сондай-ақ лауазымы жоқтарды кім тыңдайды. Жоғарыда отырғандар оларға “тәйт” десе, бәрі де індеріне кіріп кеткендей жым болмай ма? Олар тек әлгі лауазым иелерімен талантты қабылеттілердің қолшоқпарлары мен сойыл соғарлары. Олардың алдымен көзге түсіп қалатындары содан. Әйтпесе бар бәле ар жағында жатыр. Не болғанда да, бұл қауіпті құбылыс бүгінгі таңда күл астындағы су сияқты байқатпай жайылып барады. Күндердің күнінде оны былш еткізіп басып қап, талай-талай адамның белуардан былғанары сөзсіз. Қазірдің өзінде олардың кім екенін жұрт біліп отыр. Ал ол былғану ұлтымызға қаншама зардап әкелетінін,іргелі ісіміздің Абай айтқандай “бәрі бос” боп шығатынын осы бастан пайымдай білгеніміз абзал.
Енді тағы бірде Абай “Малыңды жауға, басыңды дауға қор қылма,қорға, татулас. Өтірік, ұрлық, Үкімет зорлық, құрысын көзің ашылмас. Ұятың, арың оянсын, бұл сөзімді ойлансын” деп қайырады.
Өзіңіз бағамдап қараңызшы, бүгінде “малымыз жауға, басымыз дауға” түсіп тұрған тұстар аз ба?! Қаншама байлықтарымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой. Бұл ретте, әрине, тіземіз дірілдеп діңкелеп тұрғанда амалсыздықтан көнген кездеріміз де болды, сондай-ақ көзімізді бақырайтып қойып амалын келтіріп, айласын асырып кеткендер де болды. Тағы да олардың дені күманді келімсектер екені бүгінде ешкімге жасырын емес. Қазақтың қазаны да, шөміші де солардың қолында. Қолымызға қалайы тостағанымызды ұстап соларға көзімізді сатып, әлдене дәметіп телмеңдеп жүргендер бізбіз. Ол алпауыттардың қазіргі астам әрекеттерін өз жер, өз елінде қазақтың басын идіріп, бәсін түсіріп, көкірегінен итеріп, тіпті келемеж етіп жатқандарын көргенде, ойпыр-ай, “басымыз дауға” түсіп кетер ме екен деп қорқасың.
Абайдың іле-шала айтылған “Өтірік, ұрлық, Үкімет, зорлық, құрысын көзің ашылмас” деген жолдары жан арызындай, жүрек шағымындай естілмей ме?! Абайға бұл сөздерді кезіндегі отарлау саясатының өтірікпен үптеп, ұрлықпен түптеп, жерді тонап, елді қанаған не бір сұмпайы әрекеттері айтқызып тұр ғой. Ол түгел бір халықтың болмаса да , едәуір бір аймақтың тұтастығына тұтқа болар сұлтандық билік жүйесінің жойылып енді рушылдықты қоздырып, ынтымақты ыдыратып, бірлікті бүлдіріп кететін болыстық сайлауды көріп бір күйзеліп, қазақтарды құнарлы шүйгінді мекендерінен шөл-шөлейтті жерлерге қуып тастағанын көріп екі күйзелмеді дейсіз бе?! Оның үкімет жасар зорлықтан “көзің ашылмас” деп күйінгені сондықтан.
Бұл сөздер кеше ғана Абайдың өз көзімен көрген зорлық-зомбылықтың сұмпайы да кеспірсіз бет-бейнесін көрсетіп тұрған жоқ, сонымен бірге бүгінгі зорлық-зомбылықтың да елге көрсеткен құқайы мен алатай әлегін меңзеп тұр.
Абайды тыңдасақ, өтірік ұрлықтан да, үкімет жасар зорлықтан да, дау мен жаудан да құтылам десең онда “ұятың, арың оянсын”. Ұятың, арың оянбай жүрегіңе сәуле түспейді, көзің ашылмайды. Түс пен өңнің арасында мүлгіген қалпыңда қала бересің.
Біздің әлі күнге көп-көп нәрсеге көзімізді жұмып қарайтынымыз да, тіпті көрсек те көрмегенситініміз де, айтар сөзді айта алмай, сөздің атасын күнде өлтіретініміз де, не нәрсеге де именшіктеп, төменшіктей беретініміз де, сол ұят пен арымыздың оянбай жатқандығында. Қараңызшы, осылар оянды-ау дегендеріңіздің өздері көздерін ашып жұмып, айналаға есінеп қарап шала ұйқы болып жүрген жоқ па?!
Мысық табан жымысқы саясаттар мен түлкі бұлаң зымиян әрекеттерді көре-көре көкірегі найзағайлармен тілінген қара бұлттардай қарс айырылып басын тауға да, тасқа да соққандай, шарасыздықтан өз ойына өзі маталған Абай “Ауырмай тәнім, ауырады жаным, қаңғыртты, қысты басымды. Тарылды көкірек, қысылды жүрек, ағызды сығып жасымды” деп дүниеден безгендей, бәріне сырт беріп, теріс қарап кетеді. Олай етпей қайтсін, егер “сабыр боп сөзі, мәз болып өзі, ойланар елдің сиқы жоқ” болса!
Біз бұл мақаламызда қуаты қабат-қабат қатпарлы, сағасы сала-сала сексен тарау “Сегіз аяқтың” тек кейбір тұстарына ғана тоқталдық. Ол өлеңдегі, басқа да өлеңдеріндей, бүкіл бір ұлттың басына төнген қайғы мен қасіретті, өкініш пен наланы, зар мен ызаны қалай айтып тауысарсың?!
Абай — қазақ халқының қайғысы мен қасіретінің алып Қаратауы ғой. Қаратауды қалай көтерерсің.
Абай бүгінде, өзі айтқандай айдалада қалған “бақсының моласындай жалғыз” емес, салмағынан қара жер қайысқандай Қаратаудай жалғыз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі