Жақында мен қызық бiр ғылыми мақала оқыдым. Ол ғылыми мақаланың айтуынша, көптеген өсiмдiктер алдын ала ертеңгi күннiң, тiптi, одан кейiнгi күндердiң де ауа райын тап басып, дөп бiле алады екен. Яғни бұл — есiгiңiздiң алдында, көше бойында, жапан түзде мың-миллион құйтақандай «метерологиялық тiрi станциялар» жұмыс iстеп тұр деген сөз. Сен үшiн емес, әрине. Өзi үшiн. Ертеңгi күннiң ауа райына бүгiннен бастап бейiмделу үшiн, соған дайын болу үшiн. Ол өсiмдiктер оны қалай бiледi, қажеттi информацияларды қалай жинайды дейсiз ғой? Олар оны бүгiннен, бүгiнгi ауа райынан — жаңбыр тамшыларынан, күн нұрынан, жел лебiнен, топырақ қызуынан, т.б. толып жатқан өзiн қоршаған ортаның табиғи құбылыстарынан жинайды екен. Олар өздерiнiң сезiмтал талшықтары арқылы әлiгiндей жүздеген, мыңдаған табиғат құбылыстарынан түсiп жатқан информацияларды әп-сәтте қабылдап, оларды сол сәтiнде iрiктеп-қорытып, нәтижесiн шығара қоятын, сөйтiп, бүгiнгi күннiң жаймашуағынан ертеңгi күннiң аптабын, бүгiнгi күннiң аптабынан, ертеңгi күннiң тұманы мен ызғарын «көре» алатын қасиетке ие көрiнедi. Яғни өсiмдiк екеш өсiмдiк те ертеңгi ауа райын бiлу үшiн бүгiнгi күннiң ауа райы мен бүгiнгi күннiң табиғат құбылыстарын үздiксiз «зерттеуден» өткiзiп отырады. Түсiнiп отырсыз ба? Ертеңдi болжау үшiн бүгiндi зерттеуден өткiзедi.
Ақындар да осы өсiмдiктер сияқты. Олар да өзiн қоршаған ортада, уақыт пен заман лебiнен, қоғамдық ойлар мен әлеуметтiк құбылыстардан, адамдар қарым-қатынасы мен қимыл-қарекеттерiнен, олардың характерi мен психологиясынан, дүниетанымы мен болмыс-бiтiмiнен толассыз түсiп жататын информацияларды сол сәтiнде қабылдап, оларды творчестволықпен көркем iрiктеп, қорытудан өткiзiп отырады, тек олардың бiр ерекшелiгi — бүгiнгi күн құбылыстарынан, ара-тұра болмаса, ертеңгi күннiң қоғамдық-әлеуметтiк жағдайын, оның психологиясы мен моралын болжап берiп жатпайды. Оның есесiне, олар бүгiнгi күн тәжiрибелерi арқылы ертеңгi күндi ескерте алар қасиетке ие. Сондықтан да олар, ең алдымен, бүгiннiң өзегiнен бүгiндi iздейдi. Яғни ол бүгiнгi күн информацияларынан бүгiнгi күннiң рухани бейнесiн жасақтауға атсалысады.
Ендi бiз сол бүгiнгi күннiң рухани бейнесiн жасақтауға атсалысып жүрген, әдебиетiмiзге соңғы жылдары келiп қосылып, қазiр өздерiнiң творчестволық ұста-дүкендерiнде өнiмдi жұмыс iстеп жатқан үш ақын поэзиясына тоқталып көрейiн.
Ұлықбек Есдәулетов — өз тұстарынан әдебиетке әлдеқайда ерте келiп, жұрт көзiне ерте iлiнген жiгiт. Ол шәкiрттiк мектептен шұғыл түрде өттi де, өлеңдегi өз жолын, өз үнiн бiрден-ақ белгiлеп алды. Үнемi iзденiс үстiнде жүретiн бұл ақын өлеңдерi бүгiнде бұрынғыдан да ауқымын кеңейтiп, бұрынғыдан да тереңдей түстi. Оның өлеңдерi ендi қазiргi қазақ поэзиясының принциптi сәттiлiктерiмен перспективтi тенденцияларына арналған еңбектерде сөз бола алатындай деңгейге көтерiлдi дей аламыз. Оның образды ойлау жүйесi бүгiнде кең ауқымдағы, кейде бүкiладамзаттық, кейде тұрмыстық характерлердегi ассоциаларды қамти алатын қабiлетке ие. Бұл сөз жоқ, ақын масштабының кеңдiгiн, оның толысып өскендiгiн көрсетсе керек.
Уақыт пен адам жанының психологиясы мен моралiн қарастыруға құмар ақын бiр детальдан бiрегей ой айтуға, фактының өзiн айтқаннан гөрi, оның қозғаушы күшiн iздестiруге бейiм. Сондықтан да ол бiр детальдан екiншi детальды, бiр фактiден екiншi фактiнi таба алады. Тағы да, олар белгiлi бiр оқиғаның протоколдық фактiлерi емес, психологиялық, моральдық фактiлерi.
Ақынның «Әзәзiл» атты өлеңiн қарастырып көрейiк:
Көшбикеннiң тiзеден шалғыны бар,
Көше қалса, шалынып, шал жығылар.
Қалың шөптi таптаған тобыр топтың
Елеуреген жүздерi сан құбылар.
— Ыбырайда ызам бар сан талайғы,
Қысас болмай, қыжылым тарқамайды.
— Ал қаптаңдар!
Абайды сабаймыз! — деп,
Сәмен сұмның көздерi қанталайды,
— деп басталатын өлең бiздiң бәрiмiзге белгiлi оқиғаны — Абайды соққыға жығу оқиғасын арқау еткен. Факт. Бәрiмiз бiлетiн әлеуметтiк-тарихи факт. Ширығып басталған өлең тек осы фактымен шектелiп қалмаған. Оқиық:
Жылпос бiреу
Сәмендi жанасалап,
Дырау қамшы ұстатты оңашалап:
— Бәрекелдi!..
Абайды аямай ұр!
Ала алмасын ешкiмде арашалап.
Қанды қамшы ақынға жауып кеттi...
Әлгi жылпос тұрды да бағып көптi:
— Ойбай, Абай ағамды сабады! — деп,
Хабарлауға оязға шауып кеттi...
Көрдiңiз бе, мына соңғы екi шумақ арқылы бәрiмiз жақсы бiлетiн әлеуметтiк-тарихи факт астарынан психологиялық-моральдық факт сопаң етiп шыға келдi. Көзге көрiнбей кеп: «Абайды саба», — деп Сәменнiң қолына қамшы ұстата салған, артынша-ақ «Ойбай, Абай ағамды сабады», — деп оязға шауып бара жатқан ол адамның өлеңде аты аталмаған, «жылпос бiреу». Ар-ұяттан жұрдай ондай жанның атының аталуы мiндеттi емес. Әңгiме оның атында емес, қимыл-қарекетiнде, екi жүздi моральдық бейнесiнде. Ақын соны екi шумақтағы екi әрекет арқылы тап басып, дөп көрсете бiлген. Сонымен бiрге, тарихи оқиғаны арқау еткен бұл өлең, сөз жоқ, бүгiнгi күнге де тiкелей қызмет етiп тұр. Қазiр де бiреудi бiреуге өз қолымен айдап салып, артынша-ақ оның әрекетiн, жаны күйiнген болып, биiк моральдық категориялармен айыптап отыратын, адам мен адам арасына бүлiк салып, өзi сүттен ақ, судан таза болып шыға келетiн, адалдық пен әдiлдiкке тасада тұрып тас лақтырып, ол әрекетiн бiреуге жаба қоятын адамдар аз ба? Ақын бүгiнгi күн өзегiндегi әлеуметтiк проблема арқылы кешегi тарихи оқиғаны тiрiлтiп отыр.
Асылы, Ұ.Есдәулетов адам жанының қалтарыс-түпкiрлерiн, оның моральдық сапасын анықтауға, сол арқылы адамды ойлантуға, оның ар-ожданының айналадағы құбылыстарға үнемi сергек болуына күш салып, сол үшiн беймаза күй кешедi. Осы беймазалық оны мына алыс пен жұлысқа, тартыс пен таласқа толы нөпiр өмiрдiң сырттай бақылаушысы, сырттай баға берушiсiне емес, соның ыстығына күйiп, суығына тоңа бiлетiн бел баласына айналдырған. «Бұлттар мен жылқылар» өлеңiнде ақынның сол рухани портретi анық байқалады.
Көшеге шыға келген сәби аңтарылып, аспандағы бұлттарға қарап қалған. Күн шапағынан өртенiп жатқан сол бұлттарды тамашалап тұрған бала көзi кенет көше бойымен шауып келе жатқан қаптаған қалың жылқыға түседi. Бала ойында қауiп те, қатер де жоқ. Әбден елiрiп, құтырып қалған жылқылар көше ортасында қалақтай болып селтиiп тұрған баланы не қылсын.
Тасыр-тұсыр...
Таусылмайды мол дүбiр,
Жылқы жапты аспанымды, сөндi нұр.
Тас — тұяқтар эу-зу етiп төбемнен...
Құлағыма ащы дауыс келдi бiр...
Жалт қарасам —
Қолын созып тұр анам,
Жанары — жас...
(Неменеге жылаған)
Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар,
Көп тұяқтың астында мен дiн аман!..
Ақын ендi осы бiр оқиғадан өмiр табады. Оқиға ендi өмiрлiк сабақ, өмiрлiк тәжiрибеге айналады. Яғни бiр оқиға драматизмi өмiрлiк драматизмге ұласады.
Жылдар деген жылқылардан аумайды
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
қорқып кейде, қап-қара тер саулайды...
«Үшке шыққан кезiң, — дейдi,
сонда», — анам,
Бүгiн, мiне, отыздамын!..
Толғанам...
Анам кеше тағы кiрдi түсiме,
Қолын созып, жете алмай тұр Ол маған...
Баласына қолын созып, жете алмай тұрған Ана әрекетiнен бiз ылғи бiр жел өтiнде тұрған, қиындық пен қатер астында жүрген өлең кейiпкерiнiң болмыс-бiтiмiн танып бiлемiз.
Ұлықбек Есдәулетов, не болғанда да, жалпыдан жалқы мән тапқаннан гөрi, жалқыдан жалпы мән тапқанды қалайды. Яғни ол талшықтан тамыр тiршiлiгiн, тамшыдан теңiз дәмiн iздестiредi. Өйткенi ол өмiрдегi сыртқы тұтастық iшкi үндестiк пен сабақтастықтың нәтижесi деп бiледi. Сондықтан да ол бөлшектен бүтiндi танығысы, бөлшектен бүтiндi қарастырғанды қалайды. Ол ойын ақын құрғақ тақпақтап айта салмай, тағы да сол оқиға, деталь тәжiрибесiне, өмiрлiк дәлелдемелерге сүйенiп айтады.
Термометр сынды да,
сынаптары
ұстатпады, быт-шыт боп бiрақ тағы.
бытырадай пышырап,
тоз-тоз болып,
қолдан қашып, қуысқа тұрақтады.
Бет-бетiмен сызатқа кiрiп, тегi,
уысыма бiрi де iлiкпедi.
Әр-әр жерден жылан көз жылтырайды,
мазақ еткен секiлдi күлiп менi.
Бiрақ ақын үшiн термометрдiң сынығы себеп қана. Өйткенi ол термометрдiң сынығына емес, әлi де болса байқалып қалатын «бiр бүлiнсе, бiрлiк пен iсi тiрлiктiң тұрлаусыздығына» күйiнедi. Бiрақ ақын сенiмi күйгелектiктен ада. Сондықтан да ол:
Мен бiлетiн дүние — сынап болмас,
мен бiлетiн дүние жиналады, —
дей алады. Ақын сенiмiне, ақынның азаматтық поэзиясына ақаусыз сенесiң.
Ұлықбек — iзденiстiң ақыны. Бiздiң бұл сөзiмiздi ақынның «Ақ өлеңдер» циклi тағы бiр дәлелдей алады. Топырағымызда тамыры, қанымызда ағыны бар дәстүрдi ол өзiнше игере бiлiптi. Тек бiздiң бiр байқаған кемшiлiгiмiз — ақынның осы дәстүрдi игеруге тартыншақтап, сақтықпен келгендiгi. Үлкен бiр кiтап немесе бiр көлемдi бөлiмге айналуға тиiс дүниенi бар-жоғы сегiз-тоғыз өлеңмен шектеп қалған. Ақынның өз мүмкiндiгiн өзi мұншама тұсаулап, мұншама «сақтықтық» көрсеткенiне түсiнбедiк. дегенмен, бiз әлi де өзiнiң творчестволық структурасын кең ауқымда игеру үшiн таңдап алған бұл әдiс-тәсiлдi жетiлдiре, дамыта түседi ғой деген ойдамыз.
Әдетте, ақын — өмiрдiң шаппа-шап келiп жататын қайшылықтарына, бiздiң заманымызға жат, кесiрлi, кесапатты құбылыстарға тағы да басқа толып жатқан толғақты проблемаларға абыздық көрсетiп, ақи-тақи жауап берiп тастаушы емес, сол құбылыстар мен проблемалардан туындайтын сауал-сұрақтарды көркем қорытудан өткiзiп, адам мен адамзат алдына мәселе етiп қоюшы. А.Вознесенскийдiң айтуынша, ақын дегенiмiз — сұрақ. Өйткенi құрғақ ақыл, құрғақ болжамнан тұратын жауаптан гөрi, шын жүректен шыққан сұрақтың әсер күшi әлдеқайда пәрмендi.
Ақынның осы бiр миссиясын жақсы түсiне бiлген Байбота Серiкбаевтың «Не деп айтам сәбиге» атты өлеңiне құлақ салып қарайықшы. Ақын кiшкентай iнiсiмен әңгiмелесiп отыр. Бала бәрiн бiлгiсi, бәрiн ұққысы келедi. Сұрақ соңынан — сұрақ. Бәрiне мүдiрмей жауап берiп отырған ақын бiр сұраққа, «оқты адамдар неге қолданады?» деген сұраққа тосылып қалады. Неге демек?
Өтiрiктi айтып болмас балаға,
Ұзақ қарап тұрып қалдым далаға.
— Аға, аға, айтшы, — дейдi кiшi iнiм,
Үнсiздiгiм тұр еңсесiн түсiрiп.
— Iнiшегiм, балалармен бар, ойна,
Мен тынығып алайыншы, жарай ма?
Әпкең сенiң әзiрлесiн шай-пайын,
Шай үстiндже барлығын да айтайын.
Санын сабап, айтқанымды ұғынып,
Iнiм кенет шықты аулаға жүгiрiп.
Қазiр қайтып келедi ол тағы үйге,
Не деп айтам сонда, Адамдар, сәбиге?!
Мiне, ақын жанын қинаған сұрақ. Құлдыраңдап қазiр қайтып келетiн балаға не деп жауап беру керек? Бұл ақынға ғана емес, бүкiл адамзат баласына қойылған Ертеңнiң, Болашақтың сұрағы. Шын жүректен шыққан сұрақ қашанда ойландырады, толғандырады. Сұрақ пәрмендiлiгi, мiне, осында.
Бүгiнгi күнде өмiр сүрiп отырған ақын бүгiнгi күн проблемаларынан тыс өмiр сүре алмайды. Шын ақын өлеңi сол проблемалармен бiте қайнасып, сол проблемалармен бiрге өрiлсе керек. Оның көлеңкелi тұстарға көз жұмып қарап, әлеуметтiк келеңсiздiктердi көлегейлеуге, бiзде бәрi тамаша деп, өңешi жыртылғанша айқайлап, алақаны қызарғанша қол соғуға моральдық правосы жоқ. Ақын бойында өз-өзiнен күпсiп отыратын арсы-гүрсi «урапатриотизмнiң» жұқанасы да болмауға тиiс.
Қазақ поэзиясында ауыл тақырыбын жырламаған ақын жоқтың қасы. Жоқтың қасы емес-ау, жоқ. Ол бiз үшiн ұлы тақырып, арналы өзек. Амал не, осындай ұлы тақырыпты көбiмiз-ақ ұсақтатып барамыз. Қазiр қаладан қарс адым жерден басталатын немесе бiрер сағатта-ақ салып-ұрып жетiп бара алатын ауылды аңсап «еңiрегенде етегi толатын» жылауық өлеңдердiң, бара қалған жағдайда, ана төбесiн бiр жырлап, мына сайын бiр жырлап, ақырында бар болғаны жергiлiктi ғана мәнi бар географиялық атаулардың туристiк анықтамалық кiтапшасын еске түсiретiн топтама жинақтардың, ел аузында айтылып жүрген асыл қазыналарымыз — аңыз-әңгiмелердi ешқандай қорытусыз ұйқасқа көшiре салатын, дайындық жауапкершiлiктен жұрдай тақпақ тарихшылдықтың шамадын тыс көбейiп бара жатқанын жасыра алмаймыз.
Жүрсiн Ерманов әдебиетте сонау жетпiсiншi жылдары бiр көрiнiп, ұзақ жылдар бойы хабар-ошарсыз кеттi де, тек сексенiншi жылдардың басында ғана өлеңдерiн баспасөз беттерiнде қайта жариялай бастады. Ол өлеңдер поэзияға құлағы түрiк жүрген оқырмандармен, ретсiз ибалық, ретсiз именшектiк көрсетпей, бiрден-ақ тiлге келiп, ашық-жарқын сұхбатқа көштi. Өйткенi Жүрсiнң өлеңдерiнде, ең бастысы, өмiрдiң өзi бар. Бiз мұндайда, әдетте, ақын өмiрдi көре бiледi деп жататынымыз бар. Әңгiме өмiрдi көре бiлуде ме екен?! Көре бiлгенiн көркем көрсете алмаса, ондай ақыннан не үмiт не қайыр?! Сондықтан, бiздiң ойымызша, ақынның ақындығы өмiрдi көре бiлуiнде емес, өмiрдi көрсете бiлуiнде. Өйткенi ақын өлеңдi өзi үшiн жазбайды, жұрт үшiн жазады.
Ж.Ерманов та, өз әрiптестерi секiлдi, негiзiнен, өмiр мен тiршiлiк, бейбiтшiлiк пен еңбек, адамгершiлiк пен парасат туралы толғанып, махаббат пен сұлулық туралы сыр шертедi. Оның бәрi, негiзiнен, өмiрлiк тәжiрибелерге сүйенген өзiндiк үнмен жырланады.
... Жеңiспен оралған Зәбида деген жауынгер майдан екi метр барқыт ала келедi. Бүкiл сыйлығын бөлiп берген жауынгер сол барқытын ешкiмге қимады. Көздiң жауын алар көк барқытқа кiм қызықпасын. Бiрақ...
Жұмысы жоқ — өкпелi ме ел, ырза ма,
Бiр сараңдық кiрдi сахи мырзаға:
Талай тәуiр жеңгелерi жалынып,
Сол барқыттан ала алмады бiр жаға.
Көк камзолмен көрiне алмай көпке артық,
Әйелi де жүрдi оған өкпе артып.
Бар ауылдың болып алды көз құрты
Жаудан келген екi метр көк барқыт.
Талай жеңгелерi мен тiптi жан-жарына қимаған сол көк барқытты Зәбида не iстемек? Бере салса, несi кетедi? Әлде ол екi метр барқытты да дүние, мүлiк көрекр қу құлқынның құлы ма? Жоқ!
Пан барқытты ұстай алмай мүлкi етiп,
Келiншегi көз жасын да iркетiн.
Ал Зәбида,
уәкiске малып ап
Көк барқытпен керзi етiгiн сүртетiн.
Мына қызықты қараңыз! Зәбида екi метр барқытпен етiгiн сүртедi. Тапғы да ол хром етiк болса бiр сәр-ау, керзi етiк. Мұнысы несi? Әумесерлiк пе, жоқ қырсықтық па? Тағы да олай емес.
Қанды кешкен не бiр сұмдық жайды ұққан,
Қырғыныңнан жүрегi әбден шайлыққан.
Зәбең болса байлықта деп бар iндет,
Бар бәленi көрушi едi байлықтан.
Осы бiр шағын сюжеттi новелла-өлең көп нәрсенi аңғартады. Ақын кеше ғана қан кешiп, қатер iшiнен келген Зәбиданың өмiрлiк сабағынан өмiрлiк мән шығарады. Бұл — Зәбида жауынгердiң басынан өткен оқиғаны сол қалпында баяндап беру емес, бүгiннiң ауласынан асылып ертеңге қарай алмайтын, кигенiмен iшiп-жегенiне мәз, ел қамы мен жер қамын ойлауға өресi жетпейтiн, өңешiнен басқа жақыны жоқ Тоғышарлыққа қарсы күрес. Ол ойын ақын кеше ғана өмiр мен өлiмнiң ортасынан келген, өмiр мен өлiмнiң не екенiн бiлетiн Зәбида жауынгердiң әрекетi арқылы көрсетедi. Сондықтан да ерiксiз сенiп, еркiсiз иланасың. Өмiрлiк сабақтың өмiрлiк мәнге ие болу деген осы.
Жүрсiн Ермановта жақсы өлеңдер қатары жетерлiк. Оның өлеңдерiндегi оймен бiрге өрiлген ырғақ әуездiлiгi, сөздерiнiң қысылып-қымтырылмай, еркiн орналасуы, логикалық жүйелiгi мен композициялық тұтастығы нағыз қалыптасқан ақындықты танытып тұр. Дегенмен, Жүрсiн Ерманов творчествосындағы бiр осал тұс — оның өз сезiмiн өзi қызықтап кете беретiндегi.
Бiз ендi Жүрсiн Ермановтан жаңа белес, жаңа асулар күтуге хақылымыз. Оның бойындағы талант мүмкiндiгi солай мiндет қойғызып тұр.
* * *
Жұртқа танымал болып қалған екі ақын творчествосына қысқаша шолу жасап шықтық. Әртүрлi творчестволық ендiктерде жұмыс iстеп жүрген бұл ақындардың бәрiне ортақ ең басты тақырыбы — бүгiнгi өмiр. Олар бүгiннiң өзегiнен Бүгiндi iздеп келедi. Ең қуаныштысы да осы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі