Адам тәрбиелеу — ұлы мiндет. Ұлы мiндет қашаннан ұлы күреспен ғана жүзеге асырылады. Әсiресе, бүгiнгi заманда астыртын әрекет пен жасырын қимылдың небiр айла-шараларын әбден меңгерiп алған қулық пен сұмдықтың түлкi бұлаңынан, көз алдыңда зорлықтың шоқпарынан бауырыңның басы жарылып жатқанда, түк болмағандай безерiп тұрып алатын немқұрайлылықтың жүрек қаритын сұп-суық лебiнен, көң демей, көмiр демей, көмейiне қылғыта беретiн темiр өңеш тоғышарлықтың аранынан Адамды аман-есен алып шығу үшiн бiздiң елiмiзде ұланғайыр жұмыстар атқарылуда. Адам тәрбиелеудiң атамзаманнан берi келе жатқан ең үздiк тәлiм-тәжiрибелерi жинақталып, осы заманның өзi толғатып, кiндiгiн кескен жаңа әдiсi мен тәсiлдерi жасақталынуда. Әрине, Адам аса күрделi. Бiр индивидуумның иығына да iлуiне жарамайды: не тар, не кең. Сонда жан басына жеке әдiс, жан басына жеке тәсiл керек болғаны ма? Ғалымдардың қырық жаққа тартып, қырқай айтысқа түсетiн жерi де осы. Қанша ғалым болса, сонша әдiс, сонша тәсiл. Әрқайсысының алға тартатын аксиомасы, әрқайсысының бетке ұстар формуласы бар. Бәрi де бұлжытпас фактiлермен бекiтiлiп, өмiрдiң өзiнен ойып алынған дәлелдемелермен шегемделiнген. Бiрақ бүгiннiң сол фактiлерi мен сол дәлелдемелерiн ертеңнiң жаңа фактiлерi мен жаңа дәлелдемелерi ығыстырып, ысырып тастамақ. Айтыс жалғаса түспек.
Алайда бiрiн бiрi оққа байлардай, бiрiн-бiрi жоққа шығарып жататын ғалымдар бiр-ақ мәселеде бас изесiп, мақұлдасып, бiр-ақ мәселеде қол алысып, келiсiмге келедi екен. Ол — адамға рухпен әсер ету, яғни адамды рухпен тәрбиелеу. Рух — ұлы күш. Оның адам тәрбиелеудегi коэфицентiн ештеңемен де өлшеп бағамдай алмайсыз. Бiр-ақ мысал. Соғыста қайтыс болған әкелер артында қалған балаларын тәрбиелеуге қатыспады деп кiм айта алады? Ешкiм де! Өйткенi артында қалған ұрпақтың бойына нағыз адамдық қасиеттердi — ерлiк пен сүйiспеншiлiктi еккен сол майданда қайтыс болған әкелер рухы болатын. Ол рух бүгiн де тiрi. Ол рух ертең де тiрi болмақ. Ол рух болашақ ұрпақтарды да тәрбиелеуге қатыса бермек. Рух ұлы күш.
Бiз әңгiмемiздi өзiмiздiң негiзгi объектiмiзден сәл ауытқыңқырап бастағанымыздың себебi, мәселенi неғұрлым айқынырақ көрсету едi. Адам тәрбиелеу мәселесi — тек педагогика ғылымының ғана емес, әдебиет пен өнердiң де, соның iшiнде өлеңнiң де ең басты мiндетi. Рухсыз өлең — өлi өлең. Рухсыз адам — рухани өмiрден баяғыда-ақ өткен, бар болғаны биологиялық тiршiлiк иесi ғана. Рухсыз жерден рухани қайшылық басталады. Оны тоғышарлықтың құс төсегiне орап аман алып қала алмайсыз. Сондықтан рух — ұлы күш. Уақыт рухын бойына сiңiрiп, уақыт рухының төсiне тапталып, суғарылған өлең ғана өлең болмақ.
Рух — от, рух — жан, рух — нерв! Ол — адам жанының ең қалтарыс түкпiрiнде сәуле түсiретiн нұрлы шапақ, адам жанының ең бiр нәзiк қыл iшектерiн қозғалысқа келтiретiн ұлы ырғақ. Ол ырғақ найзағай бұтақтарындай шалт, найзағай бұтақтарындай иiр!
Сондықтан бiз өлеңдi әңгiме еткенде, ең алдымен, оның рухын әңгiме етуiмiз керек. Егер бiз оқыған өлеңде уақыт рухы жоқ болса, оның образы, ойы, теңеуi, метафорасы, эпитетi, ұйқасы... т.б. компоненттерi сөнiп қалған шамдар ғана. Жылытпайды, сәулелендiрмейдi, толқытпайды. Рухты өлеңде оның бәрi ыстық, бәрi де сәулелi. Образ, ой, теңеу, метафораңыз рухсыз өмiр сүре алмайды, ал рух, керек кезiнде, оларсыз өмiр сүре алады! Махамбеттiң «Жалғыздық» атты өлеңiн оқып көрейiкшi:
Бұл дүниенiң жүзiнде
Айдан көркем нәрсе жоқ —
Түнде бар да, күндiз жоқ.
Күннен көркем нәрсе жоқ —
Күндiз бар да, түнде жоқ?
Тiлде бар да, дiнде жоқ.
Көшпелi дәулет кiмде жоқ?
Бiрде бар да, бiрде жоқ.
Азамат ерлер кiмде жоқ?
Ерiскен күнi қолда жоқ.
Заманым менiң тар болды —
Тура әдiлдiк биде жоқ.
Бәрiн айт та, бiрiн айт —
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да, менде жоқ.
Амалы құрып, тiстенген шарасыздық. Ыза. Кек. Намыс. Ендi сiз осы өлеңнен көзге түсiп тұрған бiр образ, бiр тапқыр теңеу, ең болмағанда, тың эпитет көрдiңiз бе? Жоқ. Сезiмi сөнген, көңiлi соқыр адам үшiн бұл өлең тiптi белгiлi нәрселердi тiзiп / айдың түнде бар, күндiз жоқ екендiгiн; күннiң күндiз бар, түнде жоқ екендiгiн, т.б./, өзiнiң жалғыз екендiгiн айтуға құрылған хабарлы сөйлемдер ғана.
Бiрақ сiз өлеңдi олай оқи алмайсыз. Iшкi ырғақты рух олай оқуға мүмкiндiк те бермейдi. Өлеңдi оқып отырғанда, түу тереңнен естiлетiн — айналып соғып, дiрiлдеп тұрып алатын гуiлге құлақ түрiңiзшi. Ол — өзiмiз айта беретiн әуен де, әуез де емес. Ол — ақын жүрегiнiң қыжылы мен қызуын өзiнi сiңiрiп алған Уақыт үнi, яғни рухы! Сол рух қарапайым ғана сөздерге жан бiтiрiп, тереңдiк пен темперамент берiп тұр.
Бiз қазақ жырының дәстүр жалғасын әңгiме еткенде де көбiне- көп сыртқы атрибуттарына /ұйқасы мен буын санына/ ғана көңiл бөлемiз де, iшкi тынысы мен демiне, рухына мән бермеймiз. Шынтуайтына келетiн болсақ, қазiргi поэзиядағы дәстүр жалғастығын ұйқас пен буын санынан /қандай тайыздық/, тiптi, образ, ойынан да емес, оның рухынан iздеуiмiз керек! Шатастырмаса, сол ғана шатастырмайды! Бiздiң дәстүршiлдiк пен жаңашылдықтың арасына «ұлы қытай қорғанын» салып, әлекке түсiп жататынымыз да сыртқы құрылыс материадарын ғана есептеп, iшкi тыныс рухын естен шығарып алатындығымыздан.
Дәл сондай сөздi аударма жөнiнде айтуға болады. Бiз Абай мен Махамбеттiң басқа тiлге аударуға көне бермейтiн күрделiлiгiн, негiзiнен, олардың таза ұлттық ойлау жүйесiнен, таза ұлттық бояуының молдығынан көремiз. Бұл пiкiрлердiң белгiлi бiр мөлшерде дұрыстығын мақұлдай отырып, бiз олардың аударылмауының басты себебi ешқандай сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес, тек сезiммен, жүрекпен ғана сезiлер iшкi тыныстың ескерiлмеуiнен, ұмыт қала беруiнен дер едiк.
Бiздiң ойымызша, әрбiр өлеңнiң текстi мен iшкi рухы болады. Iшкi рух — текстiң әр жолын, әр сөзiн, әрбiр үтiр-нүктесiн үрлеп тұтатып, сәулелендiрiп жан кiргiзер сиқырлы күш. Ол уақыт тынысы мен талант шарпылысынан пайда болар найзағайлы сәт! Олай болса, Махамбеттiң жоғарыда бiз келтiрген өлеңiнiң тексi аударылмайды дегенге кiм сене қояр екен? Аударылады. Аударылмаса, iшкi рух аударылмас! Ал рухсыз өлеңнiң сұрықсыз сөздер жиынтығы ғана болып қалатынын бәрiмiз жақсы бiлемiз.
Уақыт желiнiң ызғарлы өтiнде тұрған ақын жүрегiнен ылғи да рухты өлеңдер туған. Рухты өлеңдер қатарына бiз көбiне биiк пафосты, өршiл дауысты, соның iшiнде адресi ел мен жерге ғана арналған, айқын ашық ұранмен күреске шақырған, яғни азаматтық өлеңдердi қосамыз да, басқа характерлердегi өлеңдердi табиғат, махаббат, көңiл-күй лирикалары, т.б. деп бөлiп-бөлiп жiберемiз. Оларға рухты өлеңдер деген сөздi қолдану күнә да, күлкiлi де сияқты. Шынында, осымыз дұрыс па? Бiз әдебиеттi, соның iшiнде өлеңдi адам жанының терең қатпарларын, яғни iшкi дүниесiн зерттейдi деп жатамыз. Бiрақ iшкi дүние дегенiмiз аузы мықты тығындалып бекiтiлiп тасталынған ыдыс емес қой. Ол — өзiн қоршаған ортаның атмосфералық климатынан, әлеуметтiк фактор әсерiнен қаншама процестерге түсiп, қаншама өзгерiстерге ұшырап жататын құбылыстар әлемi. Олай болатын болса, адамның жеке басының қуаныш-күйiнiшi де, сөз жоқ, өз уақыты мен өз заманының лебi мен демiне жуынып, шарпылады. Сондықтан, мейлi табиғат, мейлi көңiл-күй лирикалары болсын, олардан белгiлi бiр заманның, белгiлi бiр уақыттың тынысы, рухы сезiлiп жатуы заңды. Сонда ғана ол өлең өмiршең бола алмақ. Ендеше, қандай өлең де, ең алдымен, уақыт үнiмен, уақыт рухымен сөйлесуi тиiс.
Халық көңiлiнен шыққан, халық қалаулыры болып кеткен өлеңдерден Уақыттың мен мұндалап тұрған даусы естiлiп жатпайтын бе едi. Қасымның «Өзге емес, өзiм айтам өз жайымда», «Дариға», Асқардың «Түрксiб», Әбудiң «Ақша бұлт», Тайырдың «Миллион толқын», Сырбайдың «Ақ түн», тағы басқа да атақты өлеңдердiң қай-қайсысының да кiндiгiн Уақыттың өзi кескен. Айдарынан жел есiп тұрған бұл өлеңдердiң маңдайынан Уақыттың өзi сипаған. Тағы да, бұл өлеңдердiң әрқайсысы әртүрлi характердегi өлеңдер. Осы бiр даңқты өлеңдердiң жұлдызды шоғырына Әбдiлданың мына өлеңi де қосылады:
Сенен ұлы болған емес бiр ақын,
Жырың қандай, жырың қандай сұрапыл!
Арасында бұрқыраған дүлейдiң
Түн жамыла жылап тұрып тiлеймiн:
Жүрегiңнiң бөлшегiн бер,
Өлеңiңнiң өлшемiн бер.
Ол аз десең, өзiмдi де ал,
Толқыныңа аямай сал.
Я күйрейiн, күл болайын,
Я теңiзге айналайын!
Бұл — бiртума талант қана дүниеге ап келер бiртуар өлең. Дәл осы өлеңге толғатқанда, Әбдiлда ақын Афродитаның белбеуiн қолға түсiрген-ақ шығар. Тағы бiр дауыстап оқыңызшы. Жердiң жетi қат тереңiнен бiр бұла фонтан алапат қысыммен шапшып шықты да, кеңiстiктiң қиыр бiр мүйiсiнде бiр жұлдыз жарқ еткiзiп көзiн ашып алды. Шынында да олай болған жоқ. Олай болуы мүмкiн де емес. Бұл қиял құбылысы ғана. Бiрақ стихиялық сұрапылдан туған мұндай өлең рухы эмоциялық әсерленуiңiзден пайда болған сiздiң қиял әлемiңiзде осы тектес бiр құбылыстарды дүниеге ап келерi сөзсiз. Бiз кейде «Түсiнiктi өлең екен», «Өлеңiңе түсiнбедiм, «ол өлеңге түсiнедi» деп күнәға белшеден батып жататынымыз бар. Шынайы түсiну мүмкiн бе? Жоқ! Мүмкiн емес. Өлеңдi жан — жүрегiңмен, тұла бойыңмен сезiнуiң ғана мүмкiн. Нағыз өлеңде бiр сөздер екiншi бiр сөздердiң мағынасына жұтылып кетiп, тағы бiр ұғымын ұлғайтатын жаңа клеткаларға ие болып жатады. Сезiмге суғарылып шыққан сөз бен сөздiң соқтығысынан отты қимыл-қозғалыс, құбылмалы бояу, лептi әуен пайда болады да, өлең тұтас тiрi организмге айналады. Ондай өлеңдi сен қалай түсiнбексiң?! Сезiнесiң! Тек қана сезiнесiң! Түсiну — нақты ұғым жайлы дерек. Ал Әбдiлданың бiз оқыған өлеңiнде нақты ұғым бар ма? Қалай түсiндiрiп бермексiң? Мұны Әбдiлда ақынның өзi де түсiндiре алмас едi. Тек өз сезгенiңдi ғана айтып беруiң мүмкiн. Мәселен, маған осы өлең буырқанған дүние алдындағы ақын антындай естiледi. Не болғанда да Уақыт рухы ұя салған өлең бұл.
Ығысыңдар,
Ей, таулар,
Ығысыңдар!
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар.
Ата болып не маған ұрысыңдар,
Адам болып немесе ұғысыңдар,
Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар!
Ей, таулар, қойындарыңды ашып кiрем,
Бар сырыңды айрандай шашып бiлем.
... Жартастардың беттерi сора-сора,
Жылапты, қарсыласпас жасық бiлем.
Бұл — Мұқағали iрiлiгi. Iрiлiк болғанда, таулардың арасынан орын сайлап, шың болып көзге түсе қалайыншы деген құр кеуде iрiлiк емес. Ақынның тауларда «жұмысы бар», олардың «қойындарына кiрiп», «сырын бiлмек». Ақын қайсар жартастан да жасықтық көрiп тұр: жас ағызған беттерi «сора-сора». Дәл осы өлеңнен, Мұқағалидың көзi тiрiсiнде төрге шықпаса да, төменшiктеп көрмеген тарпаң мiнезiмен бiрге күркiреген Уақыт үнiн де естiгендей боламыз. ХХ ғасыр, ғылыми-техникалық революция, барлық ғылымдар саласындағы дерлiк ашылып жатқан ғаламат жаңалықтар Уақыттың шағын ғана кезең-қиындасында адамның дүниетанымын, оның жалпы ұғымын шексiздiкке дейiн кеңейтiп жiбердi. Бұрын-соңды адамзат баласы өзiнiң ұлылығын, өзiнiң нағыз құдiрет иесi екендiгiн дәл осы ғасырдағыдай сезiнген емес. Оның қолында қазiр бүкiл Жер шарының тағдыры тұр. Бұрын бiз космосқа қарайтын болсақ, ендi космостан Жерге де қарай алатын мүмкiндiкке ие болдық. Ендi бiз көлеңке мен нұрға, үмiт пен күдiкке қатар шомылып, кеңiстiк iшiнде дөңгелеп бара жатқан жетiм планетамызды көңiл көзiмiзбен күнде көре алатын жағдайға жеттiк. Олай болатын болса, Мұқағалидың «Ығысыңдар, ей таулар, ығысыңдар» деген тәкаппар даусынан уақыт үнiн де естуiмiз заңды. Оған осындай iрi сөздi айтқызып тұрған Уақыттың өзi. Уақыттың «әлеуметтiк заказын» орындау миссиясына ие болған ақыннан бақытты ақын бар ма екен, сiрә!
Бiз бұл сөздердi «қалай да уақытқа үн қосып тастайыншы» деп маңғазситын, ғылыми-техникалық немесе саяси тақырыпқа бiрдi-екiлi өлең арнап, сонымен өзiнiң уақыт пен қоғам алдындағы борышын өтеп тастағандай сезiнетiн, уақытты бiр бөлек, өлеңдi бiр бөлек қарастыратын, уақытты өткiншi кезең ғана деп қабылдайтын тар ұғым тұрғысынан айтып отырған жоқпыз. Бiз бұл сөздердi Уақыттың ұлы мағынасында айтып отырмыз. Бүгiнгi заманда, егер дүниетанымың тар болса, мейлi қаншама талант иесi бол, сенiң де барар жерiң «ана қырдың аржағы болып қалары» сөзсiз. Бiз бұл жерде дүниетаным деген сөздi де дұрыс түсiнiп алғанымыз жөн. Дүниетаным деген сөздi бiреулер сансыз мол информациялардың басында жинақталуын айтып жүр. Олардың көбiсiнiң кез келген сұраққа құдды бiр ЭВМ машинасындай сартылдатып жауап беретiнi рас. Бiрақ ол информацияла рсанасына жетпей, сезiмiн толқытпай, салқын ақылмен ғана қабылданған болса онда ол — өлi капитал. Ондай интелект-бiлгiштiң өзiн қоршаған ортаға тигiзетiн пайдасынан гөрi, зияны әлдеқайда көп болады.
Адам өзiнiң iрiлiгi мен ұлылығын неғұрлым кеңiрек ұғынған сайын, өзiнiң табиғатпен жақындығын соғұрлым тереңiрек сезiне түстi. Табиғатқа қол көтеру — өзiне қол көтеру екенiн ұқты. Өмiрдiң басқа формаларымен генетикалық байланыста екенiн бiлдi. Ғылымда ағаштың, адамның, бактерияның генетикалық код құрылысы бiрдей екендiгiнiң ашылуы адамның табиғатпен құрсақтас, бауыр, тамырлас туыстығын тағы бiр дәлелдеп бердi. Адам ендi өз тағдырын олардың тағдырымен бiрге қарастырып, өзiнiң көңiл күйiнiң құбылысын табиғат құбылыстарымен бұрынғыдан да берiгiрек бiрге өретiн болады.
Жер үстiнде жоқ iздеген көп шығар,
Жанға дауа ем iздеген көп шығар.
Күрсiнгенде кеудесiнен от шығар,
Жер үстiнде жоқ iздеген көп шығар.
Мен де сондай iздеушiнiң бiрiмiн,
Көп естимiн жапырақтың дiрiлiн.
Көп естимiн тоғайлардың гуiлiн,
Мен де сондай iздеушiнiң бiрiмiн.
Қарайды аспан жұлдыздарын жоғалтқан, —
Ертелi-кеш көк жүзiнен көп аққан.
Қарайды көл аспан жаққа алаңдап,
Қарайды өзен толқындарын тонатқан.
Сұрайды олар, сұраймын мен олардан
Қымбатымды, қимасымды жоғалған.
Баяу ғана шайқалады бұлттар да,
Әлсiз ғана теңселедi көк орман.
Осы бiр желсiз күнгi көлдей тұп-тұнық, мұңлы көңiл-күй жыры демiмен темiр иiтiп, тастан тамыр шығарар зергер лиригiмiз Сағи қолынан туыпты. Тұп-тұнық мұң. Бiрақ сырт көзге ғана солай. Су асты ағысы сияқты өлең астарынан соғатын леп тамыр тамырыңызды шымырлап қуалап, өн бойыңызды кернеп бара жатады. Бұл өлең де түсiнуiңе, түсiндiруiңе көне бермейтiн, тек сезiмiңнен ғана сезiнер өлеңдер қатарына жатады.
Мұнда адаммен бiрге бүкiл табиғат ойға батып, тебiренiп, толқып тұр. Бұл кешегi емес, бүгiнгi күн, ХХ ғасыр табиғаты. Сөз жоқ, онда уақыт үрейiнiң табы бар. Бұл өлең — жоғалғаныңды ғана iздеу емес, ең алдымен, мүлдем жоғалып кетпеуiңдi ескеретiн өлең. Мiне, көрдiңiз бе, таза көңiл-күй лирикаңызда да уақыт рухы жатыр! Жалпы, Сағи Жинебаев — уақыт пен табиғаттың мұңы мен қасiретiн адамдарға жан-жүрегiмен жеткiзiп жүрген нағыз азамат ақын. Оған жалған дидактика, ақылсынған тақпақ риторика мүлде жат. Оның, жарық көргенiне бiрқатар уақыт болса да, неге екенi белгiсiз, әдеби баспасөзде жөндi әңгiме бола қоймаған, көп жылғы еңбегiнiң қортындысы — «Iңкәр дүние» атты жинағы осы сөзiмiзге толық дәлел бола алатын поэтикалық документ.
Ей, Күн-ана, аспа бесiк Жердi осы
Ақырындап, ақырындап тербешi:
Ғашықтардың бұзылмасын бiр кешi,
Сәбилердi оятып ап жүрмешi.
Тастар шошып, оянбасын жел үркiп,
Мұхиттарды ала көрме елiртiп.
Көк бүртiктер бұта бойлап өрлесiн,
Шық көздерi ағып түсе көрмесiн...
Тұла бойыңды селт еткiзер сурет-тiлек. Жұмекен Нәжiмеденов Уақыт символы Күн-анаға айтар өтiнiшi мен тiлегiн осылай жеткiзiптi. «Тастардың шошуы», «желдердiң үркуi», «шық көздерiнiң ағып түсуi» — тек жиырмасыншы ғасыр ақыны ғана жазуға, тек жиырмасыншы ғасырдың ақыны ғана салуға тиiс орбразды тың суреттер.
Хиросима қасiретiн кiм бiлмейдi. Атом бомбасыының жарылысынан кейiн ол жердiң қап-қатты қара тасы да ұстасаң бордай үгiтiлiп кететiн жұп-жұмсақ басқа денеге айналған. Қара тас та қасиетiнен айрылған. Дәл осы өлең жазарда Жұмекен ойында осы факт болды ма, жоқ па, оны бiз бiлмеймiз. Бiздiң бiлетiнiмiз, сөз жоқ, оның бүкiл тұла бой, сана-сезiмi ғасыр қасiретiне, Уақыт құдiретi мен рухына тартылып, суғарылғаны. Сол ғасыр қасiретi мен Уақыт рухы сiңген жүректе туған өлеңдер осындай образдар алып шықпай, қандай образдар алып шықпақ?! Әрине, мұнда талант, көргенiн көрсете бiлу сияқты ақынның индивидуальдық ерекшелiктерiнiң атқаратын рөлiн ұмытуға болмайды. Дегенмен, ол ерекшелiктердiң тамыр салар топырағы — Уақыт екенiн де естен шығармағанымыз жөн. Олай болатын болса, «тастардың шошуы», «желдiң үркуi», «шық көздерiнiң ағып түсуi» сияқты ескерту суреттер өзiнен өзi туа қалған жоқ, оларды ақын бойындағы табиғи талант осы заман демiне шарпылып барып дүниеге келтiрген.
Бiз бұл мақаламызда уақыт жайлы сөз қозғағанымызда, тек бар дүниелерiмiзге ғана тоқталып өттiк. Бар дүниелерiмiз бiз тоқталған ақын-жазушылар творчестволарымен шектелiп қалмайды, әрине! Олар жеткiлiктi! Бiрақ бәрiне тоқталу мүмкiн де емес. Бiздiң ниетiмiз өз деңгейiнде сөз болмай жүрген Уақыт рухын, үнi мен тынысын кейбiр аспектiде қарастыру едi. Ойымыз қаншалықты орындалды? Ол — оқырмандар билiгiнде! Барымызға тоқталдық, ал жоғымыз қайда деген заңды сұрақ та тууы мүмкiн. Бiрақ жоқ нәрсеге не iстемексiң? Жоқ нәрсе жоқ. Олар да өзiнiң дүниеге келер кезегiн күтiп жатқан шығар. Кемшiлiк пе? О, ол жетедi. Уақыт пен заманның демi мен тынысы, яғни рухы сезiлмейтiн, қан-сөлi жоқ, кептiрiлiп қақталған, қай заманда жазылғаны белгiсiз, мойнын iшiне тығып, бет-аузын тұмшалап алған өлеңдер барған сайын көбейiп барады. Оларды тең-тең қалпында көтерiп алып кеп, сiздердiң алдыңызда-ақ түкке алғысыз етiп тастауға болар едi. Бiрақ сынның мiндетi — сынау ғана емес қой. Оның мiндетiне көзге түспей, тасада қалып келе жатқан мәселенi қолыңнан келгенше қозғалысқа түсiрiп көру, сөйтiп, өлең жөнiндегi оқырман қауымның ұғымы мен эстетикалық талғамына әсер ету де жатса керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі