Дәстүр жайында айтыла беретiн әңгiме, оның айналасында өлiспей берiспейтiндей өтiп жататын талас-тартыс, бiрде бәтуалы, бiрде бәтуасыз пiкiр алысу, сiрә, мәңгi толастамас. Өйткенi дәстүр дегенiмiз — түп тамыры түу ғасырлар қойнауында жатса да — ылғи бiр түлеп, жаңғырып көрiнетiн, әдебиеттiң әр кезеңi сайын бұрын жұртқа белгiсiз жаңа астарынан ашылып жататын жанды процесс. Оның тоқтап, тоқырауы мүмкiн емес. Тоқтап, тоқырады-ақ, онда қандай бiр әдебиет болмасын не меңiреу, не мешел күйге түсерi хақ. Сондықтан да бүгiнгi заманымыздың бұрын-соңды болып көрмеген ұлы өзгерiстерiмен, ғылыми-техникалық революциясымен ағайын-жұрағаттай қауышып, қоян-қолтық араласып кеткен, өскен, өрелi қазiргi поэзиямыздың өн бойында ғасырлар қойнауында жатқан сол рухты баба дәстүрдiң көзге көрiнбес тiрi клеткалары мен талшықтарына дейiн бар екенiн дәлелдеп жату артық.
Бұл жерде мақаламыз басталар-басталмастан-ақ ғасырлар қатпарында, ғасырлар қойнауында деген сөздердi қайталап жатқанымыз тектен тек емес. Шынында, бiз анда-санда болмаса, көбiне-көп дәстүрдiң тереңдегi тамырын емес, белеңдегi сағымын, әрiсiн емес, берiсiн сөз етiп келемiз. Сонау Асанқайғы, Шалкиiз, Ақтамбердi, Бұқарларды оқып-үйренiп жатқанымызбен, оларды қазақ өлеңiнiң дәстүр-бастаулары ретiнде танып-зерделеп жатқанымыз шамалы. Оған ең басты дәлел: олардан қалған көл-көсiр мұралардың осы қазiргi поэзиямен генетикалық бiрлiгiнiң әлi күнге қарастырылмай жүргенi. Әлi де болса терең игерiлiп, терең зерттелмей жатқандығы. Содан ба екен, бiздiң өткен, бұрынғы поэзиямыз жайлы өзге жұртшылық көп айта бермейдi, айтқанның өзiнде, Шығыс поэзиясы деген жалпы ұғымға қосақтап, қосып жiбередi. Оның өзiнде де тым саяз, тым бұлдыр. Оған, әрине, өкпе жоқ. Өйткенi өз шеңберiмiздi өзiмiз аядай қып шектеп отырсақ, өзге жұрт оны қайдан алып кеңейте қоймақ? Шынтуайтына келсек, Шығыс поэзиясы деген хрестоматиялық ұғымға географиялық белдеу арқылы қосылсақ, қосылармыз, ал бiрақ көркемдiк-эстетикалық белдеу жағынан бiз еш уақытта қосыла алмаймыз.
Бұл жерде жаңалық ашып отырған ештеңемiз жоқ. Мұны бәрiмiз де жақсы сезiнiп, жақсы бiлемiз. Өйткенi Шығыс поэзиясына тән компонент-қасиеттер — көздiң жауын алардай мың бұралып сылаңдаған ару мен үлбiреген гүл, жемiсi таңдай үйiрер бейiштi бау-бақша мен құлақ құрышын қандырар сайраған бұлбұл, ұрттасаң, демiмен жүрек шарпитын шарап пен шөптiң әтiрi себiлген мөлдiр хауыз, небiр астан-кестен оқиғалардың өзiн асықпай, ақырын жеткiзетiн сазды ырғақ пен фәни туралы бапты мақаммен айтылар даналық сол тұстағы қазақ поэзиясында жоқ, болса да, не орындалуы, не ракурсының қойылуы мүлде бөлек.
Сол тұстағы қазақ жырауларының өлеңдерiн оқып отырсаңыз, сөз жоқ., сiздiң құлағыңызға шетсiз-шексiз даланы тiрiлтiп, дүрлiктiрiп бара жатқан тұяқ дүбiрi, мың сан қолдың қиқуы мен айқайы, қынаптан суырылған қылыштардың сатұр-сұтыр соқтығысы, қысқада кегi, ұзында өшi кеткен жандардың бiр-бiрiмен ұстаса кеткендегi тұншыға шыққан арсы-гүрсi қыжылды демi, қару тиген қалқан шыңылы мен аңыратып тартқан адырналардан ұшқан қауырсынды жебелердiң суылы — бәрi-бәрi естiлiп жатары сөзсiз. Жортуылды ержүрек поэзия! Оған мамыражай экзотика мүлде жат!
Сондықтан да бiздiң сол бiр кезеңдегi поэзиямызды Көшпелiлер немесе Далалықтар поэзиясы десе, әлдеқайда тиiмдi, әлдеқайда орынды сияқты. Әрине, бұл әлi де болса әдебиетшiлер көп қадалып, көп зерттейтiн мәселе. Бұл жерде тек бiз оған сөз ретi кеп қалған соң ғана аялдап, тоқталып жатырмыз. Әйтпесе, ол мәселенiң шолақ қайырылған бiрер сөйлеммен бiте қалмасын бiз де жақсы бiлемiз.
Асанқайғы, Шалкиiз, Ақтамбердi, Бұқар сияқты алыптарды ауызға алып отырған тағы бiр себебiмiз — бүгiнгi әңгiмемiзге тiкелей қатыстылығынан. Ол, жоғарыда жанамалап айтып өткенiмiздей, бүгiнгi поэзиямыздың дәстүр жалғастығын сол алыптардың шығармаларынан iздестiрсек деген пiкiр.
Сондықтан, ең алдымен, дәстүр жалғастығы дегенiмiз не? Дәстүр қалай жалғасын табады? Оның лайықты iзбасар мұрагерi кiм бола алады? Осы сұрақтар төңiрегiнде сөз сабақтап, пiкiр тарқатып көрейiк. Сөз жоқ, бiз осы уақытқа дейiн көбiне-көп дәстүр жалғастығы деген ұғымды тым ұшқары, тым үстiрт, бiр жақты қарастырып келемiз. Бұл ұғым, тiптi, кейiнгi кезде өзiнiң табиғи жаратылысынан айрылған, не ұшып, не жүзiп жарытпайтын асыранды қазға айналып бара жатқандай. Ал мұндай үлкен ұғымды табиғи жаратылыс бiтiмiнен айырып қарау түптiң түбiнде ауладан асылып ары қарай алмауға, қара құлыпты қақпа iшiне қамалған томаға-тұйықтыққа әкелiп соғатынын бәрiмiз ескере бермеймiз.
Бiз дәстүр жалғастығы деген ұғымды көбiне-көп белгiлi бiр шығармалардың сыртқы пiшiн-құрылысынан, буын-бунақ өлшемдерiнен, дыбыстық аллетрациялардан, сөздердiң сыртқы қозғалыс-қимылдарынан iздестiремiз де, оның iшкi тынысы мен демiне, әлеуметтiк көтерер жүгiне, көркемдiк-идеялық қуатына үңiле бермеймiз. Рас, бұл мәселенi қозғағанда, қандай бiр шығарманың болмасын, сыртқы пiшiн-құрылысын, буын-бунақ өлшемдерiн, дыбыстық аллетрацияларын, сөздердiң сыртқы қозғалыс-қимылдарын, т.б. толып жатқан атрибуттарды айналып өтуге болмайды. Өйткенi олар жыр туар сәттегi ақын жүрегiндегi құпия құбылыстың сұрапыл сiлкiнiсiнен пайда болған жанды мүшелер.
Оларды айырып, алып тастай алмайсыз. Бiрақ солай бола тұра, бiз, ең алдымен, ақын жүрегiндегi құдiреттi құбылыс тудырған сол кездегi уақыттың ауа райын, әлеуметтiк атмосфераны байыптап, бағдарлап алғанымыз дұрыс. Өйткенi қандай бiр стихиялы бұрқаныстан туған шығарма болмасын, бәрiбiр өзiн қоршаған әлеуметтiк ортаның, белгiлi бiр уақыттың көркем көшiрмесi. Ақын жүрегiнен қорытылып шыққан сол заман көрiнiсi. Сондықтан да бiз қайта-қайта тәпiштеп айтып отырған дәстүр жалғастығын дәл осы жерден iздестiргенiмiз мақұл. Асанқайғы, Шалкиiз, Ақтамбердi, Бұқарлардың кез келген өлеңiн оқып көрiңiзшi: әрқайсысы қадау-қадау алып дiңгектер секiлдi үлкен әлеуметтiк жүк арқалап тұрған жоқ па?! Сондықтан да олар ғұмырлы, сондықтан да олар мәңгiлiк! Олардың әрқайсысы тұтас бiр дәуiр, тұтас бiр тарихи кезеңнiң бел баласы. Сондықтан да олар тек үлкен әдеби тұлғалар ғана емес, үлкен тарихи тұлғалар да! Сондықтан да олардың жыр, толғаулары тарихтың талай-талай аласапыран оқиғаларының арасында адасып, жоғалып кетпей, бiзге келiп жеттi. Әйтпесе, сол кезде қора-қопсы, көршi-қолаң, қыз-қырқынды жырлайтын жыраулар болмады деп отырсыз ба? Болғанда қандай! Ьiрақ олар бiзге қарай сапар шеге алмаған, яғни халық жүрегiнде сақталмаған, сол қора-қопсы, көршi-қолаң айналасында қалып қойған.
Сондықтан бiз бүгiнгi ақын шығармаларынан ежелден келе жатқан дәстүр жалғастығын iздестiретiн болсақ, онда, ең алдымен, оның көтерер әлеуметтiк жүгiне, азаматтық үнiне зер салып, назар тiктеуiмiз керек. Жекелей атрибуттарын /ұйқасын, ырғағын, буын-бунағын, т.б./ әңгiме етсек, сонан кейiн әңгiме етейiк!..
Дегенмен, бұл пiкiр де бiздiң ойымыздың орнықты формуласы бола алмайды. Оған тағы әрiрек көз салып, тереңiрек үңiлген жөн. Өйткенi сол бiр кезеңдер де, сөз жоқ, әлгiндей алыптардың мақамы мен сарынын, тақырыпты игерудегi методы мен метологиясын, бас ауыртып, балтыр сыздатпай-ақ, өзiне шапшаң икемдей қоятын әзiр асқа тiк қасық дайын ауыздар болған. Бiрақ олар да бiзге жетпеген. Асанқайғы, Шалкиiз, Ақтамбердi, Бұқар шығармаларының бiзге жеткен себебi, олардың әрқайсысы жырланар тақырыптың әлеуметтiк маңызын өзiнше ашып, өзiнше көтерiп, бұрын белгiсiз жаңа образдар жүйесiн, сөздердiң синтаксистiк жаңа түзiлiсiн, олардың семантикалық жаңа мәнiн дүниеге келтiрген. Яғни әрқайсысы бiрiн бiрi қайталамайтын жеке-дара жаңалық әкелген. Шынында да Асанқайғының терең философиясын, Шалкиiздiң еменнiң иiр бұтағындай айқасып жатқан жолдары мен Ақтамбердiнiң жортуыл ұранды даусын, Бұқардың бiрлiкке шақырған қайсар ақылды наркескен сөздерiмен шатастыра алмайсыз. Әрқайсысы ерек үн, бөлек бiтiмге ие.
Сонымен, бiздiң айтпағымыз: терең әлеуметтiк мәнi бар өз даусы, өз үнiмен келген жаңалық қана дәстүрдi жалғастыра алады, тек сол ғана дәстүр жалғастығын құрай алады. Яғни дәстүрдi өзiнше жетiлдiрiп, оны өзiнше жаңғыртқан, жаңалық әкелген тұлға ғана баба дәстүрдiң мұрагерi болып табылады.
Ал белгiлi сарын, таптаурын жолмен жүргендер, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген бейшара моральдың қолына су құюшылар ешуақта да дәстүр жалғастырушылар бола алмайды. Олар — дәстүрдi жалғастырушылар емес, дәстүрдi былғаушылар, дәстүрдi бүлдiрушiлер. Тасада тұрып талантқа тас лақтырушылар да, көлеңкеде отырып көсемсiп сөйлейтiндер де солардың iшiнен шығады. Сөздi тоздырып, ойды аздыратын да солар. Ұйқасты бұзды, буынды сындырды деп, үнiн емес, түрiн сөз етiп, жаңалықтың жағасына жармасып жататын да солар. Өйткенi жаңалық олардың сай-саланы ықтап қонған қамыс күркесiн тегеурiндi бiр демiмен-ақ ысырып тастай салуы мүмкiн. Сондықтан да олар жылы орын, ықта-мекенiн қолпаштап, қорғаштап бағады. Сондықтан да олар дәстүрдiң сыртқы киiмiн ғана сөз етiп, iшкi иiрiмiне көзiн тарс жұмып қарайды. Содан ұйқас пен тармақтарды, буын мен бунақтарды шотқа салып отыратын бухгалтерлер пайда болады...
Бiздiң дәстүр жалғастығынан үлгi көрсетiп, дәрiс беретiн ұлы-ұлы мектептерiмiз бар. Бұл ретте Махамбет пен Абай өлеңдерiн атасақ та жеткiлiктi. Оның екеуiне бiрдей емес, тек бiреуiне, Абай мектебiне аз-кем тоқталып өтейiкшi.
Абай, сөз жоқ, арғы-бергi әдеби тарихымызда бұрын-соңды болмаған ұлы мектеп, қайталанбас ғажап құбылыс. Оның бүкiл творчествосын былай қойғанда, әр өлеңiнiң өзi iргелi дүние, iрi оқиға. Әр сөз, әр жолы жаңалық! Бiрақ осыған қарап, оны өзiне дейiнгi бұрынғы ақын-жыраулардың бай тәжiрибелерiнсiз, тағылым-тәлiмдерiнсiз тақыр жерге тамыр салып өстi десек, онда бiз қатты қателескен болар ек. Ол, керiсiнше, өзiне дейiн жасалынған халқымыздың бойындағы рухани байлықпен мейiрi қанғанша сусындап, оны жетiлдiрiп, қайта қорытып барып, жаңа әдеби әлемдi өмiрге әкелдi. Ол, ең алдымен, өзiне дейiнгi ақын-жыраулардан халыққа қызмет ету, халықтың үнi болу, қоғамның әлеуметтiк мәнiн ашып көрсету, күрескерлiк сияқты басты-басты мәселелердi мирас еттi. Сөйтiп, ол өлеңнiң қастерлi қасиетiн, ең басты қасиетiн ұстанып қалды. Дәстүр жалғастығы дегенiмiз, мiне, осы! Әрине, ол әрбiр материал қарсылығын немесе тақырып қарсылығын, өзiнше жеңдi, өзiнше балқытты. Содан барып, бұрын болып көрмеген iшкi мазмұны тұнба байлығынан бастап, сыртқы тұлға бiтiмiне дейiн ерек өлеңдер дүниеге келдi. Дегенмен, сол мүлде жаңа, мүлде ерек кесек дүниелердi пайыммен парақтап, байыппен бағдарласаңыз, олардың iшiнен сiздiң құлағыңызға сонау-сонау ғасыр қиырында қалған ақын-жыраулардың үнi мен сазы, мақамы мен сарыны талып болсын естiлiп жататыны сөзсiз. Тыңдап көрейiкшi:
Бұқар жырау:
Екiншi тiлек тiлеңiз —
Ең шұғыл пасық залымның
Тiлiне ерiп азбасқа...
Алтыншы тiлек тiлеңiз —
Алпыс басты ақ орда
Ардақтағын аяулың
Күнiнде бiр күн бiреуге
Тегiннен тегiн олжа болмасқа.
Жетiншi тiлек тiлеңiз —
Желкiлдеген ту келiп,
Жер қайысқан қол келiп,
Сонан бiр сасып тұрмасқа.
Ендi Абайдың атақты мына өлеңiн оқып көрейiк.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңiз,
Тiлеуiң, өмiрiң алдында,
Оған қайғы жесеңiз.
Өсек, өтiрiк, мақтаншақ,
Ерiншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның бiлсеңiз.
Талап, еңбек терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой —
Бес асыл iс, көнсеңiз.
Екi өлеңде де қозғалар мәселе — адамға айтылар ақыл, тiлек, өсиет. Бұқар жырау оны рет-ретiмен санамалап айтса, Абай оны қосып, жинақтап айтқан. Сонымен бiрге, өлеңдердiң мазмұны жағынан да туыстық бар. Екеуi де бiр-бiрiмен алыстан орағытып, қашықтан қайырып жатпай, дәл қарсы алдында, дәл жанында отырып, ең бiр сүйектес жақыныңдай ақыл айтып, нақыл үйретуiмен үндес. Әрине, Абай өлеңi үлгi, түр жағынан да, мазмұн байлығы жағынан да, көркемдiк-эстетикалық орындалуы жағынан да Бұқардiкiнен өзге екенi рас. Бiрақ осы екi өлеңнiң етi бөлек болғанмен, сүйегi мен қаны бiр, жақын екенiн зерделi зерек оқырман бiрден-ақ бiлерi сөзсiз. Сондай-ақ бiз Абайдың:
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай, —
деп басталатын Оспан өлiмiне бағышталған жоқтауы мен басқа да бiрқатар өлеңдерi таза жыраулық үлгiде жазылғанын жақсы бiлемiз.
Сонымен бiрге, ұлы Абай дәстүр жетiлдiрудi, яғни дәстүр жалғастығын мүлде жаңа арнаға салып, мүлде жаңа сатыға көтердi. Ол алғашқы болып, тек өз халқының рухани байлығын меңгерiп, тек соны ғана игерумен халықтың тарихи санасын жаңа биiк деңгейге көтеру мүмкiн емес екенiн ұқты. Есiк пен терезенi тас бекiтiп, тұмшаланып алу ой мен сананың тұншығуына әкелiп соғатынын бiлдi. Ауа қозғалысынсыз тiршiлiк атаулының күлталқаны шығып, күйреуге ұшырайтынындай, өзге халық, өзге жұртпен рухани байланыссыз ой, сананың опат болатынын сездi. Сондықтан да ол орыс әдебиетiнiң, сол әдебиет арқылы Европа әдебиетiнiң ең үздiк үлгiлерiн мүмкiндiгiнше бойына молынан сiңiрiп, молынан сусындады. Мiне, бұл да Абай бiзге өсиет етiп қалдырған дәстүр.
Бұл құбылыс — дүние жүзiндегi барлық озық әдебиеттерге тән құбылыс. Мәселен, Пушкин. Ол өзiне дейiнгi жасалынған орыс әдебиетiнiң барлық қадыр-қасиетiн бойына жинақтап, оның ең бiр елеусiз, қаға берiс қалтарыстарында қалып қойған дүниелерiне дейiн үңiлiп, адақтап аралап шыққан. Сүзгiден өткiзген. Бәрiн де профессиональдық дәрежеде меңгерген. Ол сонымен бiрге тарихы мың жылдап саналатын бүкiл дүниежүзiлiк әдебиеттiң арғы-бергi үздiк үлгiлерiн аңқасы кепкен шөлдей сiңiрiп алған. Өйткенi ол халықтың рухани байлығын әдебиеттiң озық дәстүрлерiнсiз тек бiр әдебиеттiң дәстүр мүмкiндiгiмен ғана жасап шығам деу ғұмыр бойы тау басына тас тасумен өтетiн сизифтiк бос әурешiлiк деп бiлген. Егер Пушкин әлем әдебиетiнiң озық дәстүрлерiнен өзiн оқшау қойып, тек орыс әдебиетiнiң поэтикалық кафедрасында ғана жұмыс iстесе, онда ол, сөз жоқ, ешуақта да ұлт мақтанышы, ғаламат ұлт ақыны деңгейiне көтерiле алмас едi.
Тютчев те солай. Тiптi Брюсовтың айтуынша, немiс поэзиясы болмаса, Тютчев болмас едi дейдi. Орыс тiлiн, орыс әдебиетiн аса жетiк бiлетiн оның дүниетанымы, эстетикалық көзқарасы — сол кездегi бағдарлауша — немiсше болып шыққан. Ал қазiр ешкiм де Тютчев творчествосынан «немiсше» эстетикалық көзқарасты iздеп жатпайды. Қазiр жұрттың бәрi Тютчевтi таза орыс ақыны ретiнде қабылдайды. Бүгiнде орыс поэзиясында Тютчев дәстүрi, Тютчев мектебi бар. Дәстүр кейде осылай да дүниеге келiп жатады.
Мұндай-мұндай мысалдар дүниедегi iрi тұлғалардың бәрiне дерлiк тән.
Сондықтан да дәстүр жалғастығы деген ұғымды таза ұлттық аяда қарастыруға болмайды. Ол — аса кең, аса терең ұғым. Бұл жерде тағы бiр ашық айта кететiн нәрсе — Абай дәстүрi, Пушкин дәстүрi, Тютчев дәстүрi деген ұғымдар туылған бойда дәстүр болып қабылданған жоқ. Алдымен олар Жаңалық болып, тұма көзiн ашты да, сонан кейiн барып үлкен арналы Дәстүр — өзенге айналды. Сондықтан дәстүр жалғастығын сөз еткенде, таразы басын тең ұстап қарастыруымыз керек. Cәл ауытқу үлкен адастыруға ұрындыруы мүмкiн. Ең алдымен, жаңалықсыз әдебиет өспейтiнiн, дәстүр жалғаспайтынын қатты ескерген жөн.
Бiз, сонымен бiрге, жаңалық дегеннiң не екенiн табиғат — ананың өзiнен үйренуiмiз керек. Табиғатта еш нәрсе де бiрiн бiрi қайталамайды. Бәрi жаңа, бәрi тұңғыш! Әрқайсысы жеке дүние, жеке болмыс! Яғни дүниеде қаншама жапырақ болса, соншама өзгешелiк бар. Бiр жапырақ екiншi жапырақты қайталамайды. Мейлi көлемi жағынан болсын, мейлi күн нұрын сүзiп, нәр жинау жағынан болсын, мейлi симметриялық түзiлiсi жағынан болсын, әйтеуiр, олардың әрқайсысы бiрiнен бiрi бөлек, ерек дүние! Бұл әлдеқашан ғылым дәлелдеп берген табиғи құбылыс!
Ал бiз табиғаттың ұлы мiнезiнен тәлiм ала бермеймiз. Содан барып бiзде сыртқы құбылысынан бастап, iшкi болмысына дейiн бiр-бiрiнен аумай қалған өлеңдер тасқынды конвейрмен дүниеге келiп жатады. Содан барып не жандырып, не тоңдырмайтын, не толқытып, не тебiрентпейтiн, қызуы мен жылуы бiрқалыпты кабинеттiк температураны көрсететiн сұрқай өлеңдер пайда болады. Содан барып баз бiреулер өнер дегенiмiз балқып тұрған темiрдi тас үстiне салып өзiңше илеп, өзiңше соғып шығару екенiн бiле бермейдi.
Мiне, осындай табиғи, осындай қарапайым аксиоманы ескермегендiктен, кейбiреулер өлеңнiң алдымыен тегi арқылы техникасын сөз етудiң орнына, техникасы арқылы тегiн тапқысы келедi. Ең болмаса, олар контекст арқылы қаралып жатса ғой. Өкiнiшке орай, ол да жоқ! Ондай сыншылар ұйқасты, буын-бунақты, тарам-тармақты өлең денесiнен бұтарлап, бұрап сындырып алады да, мына ұйқас шолақ, мына жолдың бiр буыны кем деп, ақылгөйсiп, анализ жасауға кiрiседi. Сөйтiп, олар өзi шатасып қоймайды, оқырман қауымды қатар шатастырады. Тағы да ондайлар цитатшыл келедi. Екi сөзiнiң бiрi — цитата. Пәленше деген классик пәлен деген, төленше деген классик былай деген деп, екi аяғыңды бiр етiкке тығатынын қайтерсiң. Олар, ең сорақысы сол, ол цитаталарды өмiрмен, уақытпен байланыстырып қарастырмайды, таза кiтаби қалпында қарастырады. Сонымен сол атышулы классиктерге қиянат жасап отырғанымен жұмысы да болмайды. Олардың көбiсi-ақ цитатаны тәлiм-тәрбие беретiн дәрiс ретiнде емес, таланты болғанмен, дайындығы аздау, тегеурiнi әлсiз кейбiр бос мойын тайғақтарды қорқытып-үркiтетiн шоқпар ретiнде қолданды. Яғни олар үшiн цитата — творчестволық күш-қуат беретiн дәру емес, бiреудiң бетiн қайтарып тастау үшiн керек белiне қыстырып жүретiн қару!
Бiз мұны бостан-бос айтып отырған жоқпыз. Бiз мұны бүгiнгi қозғап отырған әңгiмемiзге тiкелей қатысты болғандықтан айтып отырмыз. Өйткенi дәстүр жалғастығы деген кең ұғымды барынша тарылтып, барынша сығып қарайтындар да әлгiндегiдей әпербақандар. Тағы да мұны айтып отырған бiр себебiмiз, бiздiң сөзiмiздiң даусы, аз болса да олардың жетесiне жетiп, сүйегiне сiңер ме екен деген ниеттен туған едi. Бұндай цитаташыл сыншыларға француздардың: «Платон айтты — бiттi» дегеннен өткен күйкiлiк, одан өткен бейшаралық жоқ», — деген сөзiн ескерте кеткенiмiз мақұл.
Ендi қозғап отырған мәселемiздiң негiзгi желiсiн әрi қарай қысқаша жалғастырып көрейiк. Әрине, өз творчествосын ғасыр қойнауларында жатқан өз халқының рухани мұраларымен, Европаның ең үздiк тектi үлгiлерiмен қатар байытқан Абай салған сол дәстүр көп ұзамай-ақ жарасты жалғастығын тауып кеткенiн жақсы бiлемiз. Яғни Абай салған сол бiр алтын көпiр бара-бара әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен рухани байлық әкелiп, әлемнiң түкпiр-түкпiрiне рухани байлық апарып жатқан алып көпiрге айналды.
Қазақ поэзиясына нақақ көздiң жасын iздеген нала көңiл Сұлтанмахмұт, Құлагер шабыстыы Iлиястар келдi. Олар да ақын-жыраулар мен Абай дәстүрлерiн — өз заманының, өз уақытының үнi бола бiлудi, бесенеден белгiлi жолмен жүрмей, өз жолыңды белгiлеп алуды, өзiң өмiр сүрiп отырған қоғам мен ортаның әлеумиеттiк мәнiн ашып көрсету сияқты қадау-қадау қасиеттi дәстүрлерiн өздерiне мирас еттi. Олардың әрқайсысы қазақ поэзиясының топырағына жаңа тақырыптармен бiрге жаңа сөз, жаңа образды оралымдар әкелдi. Өлең мазмұн жағынан да, соның әсерiнен дүниеге келген ырғақ, түр жағынан да байи түстi. Iлиястың «Бүгiнгi дала» өлеңiн оқып көрейiкшi:
Ертеде, ерте, ерте едi,
Ел шапқанның еркi едi.
Хан қаһарлы едi,
Қара матаулы едi.
Би беделдi едi,
Бейкүнә не көрмедi?
Батыр балпаң едi,
Байғұс жалтаң едi.
Төре сұлтан едi,
Төленгiт ұлтан едi.
Бай мығым едi,
Кедей шiлдiпiрiм едi.
Күн күңгiрт едi,
Дала жым-жырт едi.
Ендi осы өлеңнiң бойында ғасырлар астарында жатқан ақын-жыраулар толғауының сазы мен мақамы, солар қолданған тәсiл-құралдар жоқ деп кiм айта алар екен? Ешкiм де. Сонымен бiрге Iлиястың сол бiр белгiлi саз, белгiлi мақамды жаңа тыныс, жаңа деммен, бұрын болып көрмеген поэтикалық бояулармен байытқанын да ешкiм жоққа шығара алмас едi. Рухани байлықты игеру, оны жетiлдiрiп, жаңғырту осылай болса керек. Ендi осы өлеңнiң соңына зер салайық:
Қоныс қойнын еңбекке ашып,
Жаңа елiне шашу шашып,
Қыр кiлемдi сiлкiп салды.
Кимешектер кiтап оқып,
Малма тұмақ мылтық алды.
Жалба шекпен жауға аттанды,
Жер түрленiп, ел шаттанды.
Бүгiн, бүгiн, бүгiн дала,
Мұндай ма едi бұрын дала?
Қандай қазақы, қандай табиғи өлең! Сонымен бiрге сол тұстағы Европа поэзиясының ең үздiк үлгiлерiмен иық тiрестiре аларлық қандай жаңа! Сөз жоқ, кимешектердiң ктап оқуы, малма тұмақтың мылтық алуы, жалба шекпеннiң жауға аттануы жаңа заманның поэтикалық картиналары ғана емес, бұрын-соңды қазақ поэзиясының топырағында болып көрмеген жаңа образдар жүйесi де! Сондай-ақ Iлияс бiр өлеңнiң iшiнде екi заман, екi кезең кескiнiн — өткен күн мен жаңа дәуiрдi — екi түрлi екпiнмен, екi түрлi нақышпен қағазға түсiрген. Бiрiншiсiндегi «күн күңгiрт едi, дала жым-жырт едi» деп көкiрегi қарс айрылып, күрсiнiп естiлетiн дауыс, екiншiсiндегi «бүгiн, бүгiн, бүгiн дала, мұндай ма едi бұрын дала» деп күмбiрлеп қоя беретiн үн, ең алдымен, белгiлi дәуiр мен кезең үнi, белгiлi кезең мен дәуiр даусы. Соны ақын қалай дәл тауып, қалай дәл көшiрген десеңiзшi. Осы жерде Әбiш Кекiлбаевтың Iлияс туралы «Социалистiк Қазақстан» газетiнде (3 июнь, 1987 ж.) салиқалы мақаласында «Iргелi суреткер әуелi таңғалтады, сосын толғантады» деген сөзi ерiксiз еске түседi.
Мұндай әуелi таңғалтып келiп, сосын ғұмыр бойы толғантып өтетiн таланттар, шүкiр, бiздiң поэзиямызда баршылық. Дариға жүрек Қасым Аманжоловты, iшкi рухты монологтардың құдiретi Әбдiлда Тәжiбаевты, миллион толқынды Тайыр Жароковты, поэзиядағы түркiсiбiмiз Асқар Тоқмағамбетовты, ақша бұлттай сұлулық әкелген Әбу Сәрсенбаевты, бұрқанып тасып төгiлiп жатқан Хамит Ерғалиевтi, өткен мен бүгiнге қатар қоныс тепкен Қалижан Бекхожинды, «Мен — қазақпын» деп қиянға даусын жеткiзген Жұбан Молдағалиевтi, адам сезiмiнiң сыршыл сырнайы Сырбай Мәуленовты, туған жерге кiндiгiнен байланып қалған Ғафу Қайырбековты, әр сөзi шеге боп қағылып жататын Тоқаш Бердияровты бүгiнде бәрiмiз де мақтан тұта аламыз. Олардың қай-қайсысы да әдебиетке өз үн, өз даусымен келген, дәстүр жалғастырушы деген құрметтi ұғымға лайық сутеркерлер
Бұл жерде алпысыншы жылдары әдебиетiмiзге жаңа Гольффстрим ағысын алып келген буынды атамай өту күнә болар едi. Шынында да, бүгiнгi бiздiң поэзиямыз Мұқағалидың кеңiстiгiнсiз, Жұмекеннiң тереңдiгiнсiз, Төлегеннiң еркiндiгiнсiз, Сағидың iңкәр құштарлығынсыз, Қадырдың дәлдiгi мен ойлылығынсыз, Тұманбайдың сыршылдығынсыз, Өтежанның шыншылдығынсыз соншалықты опырайып, соншалықты жүдеу көрiнерi ләзiм. Осы бiр түйiлген жұдырықтай болып келген тегеурiндi жетiлiктiң соңын ала әртүрлi эстетикалық радиустерде жұмыс iстеп жүрген Фариза, Мұхтар, Дүйсенбек, Аяндар шықты. Сондай-ақ бiздiң тұстарымыз — Күләштiң нәзiк сезiмшiлдiгi, Жарасқанның поэтикалық нақтылығы, Иранбектiң иiрiмдi ағысы, Нұрланның драмалық тебiренiсi, Жұматайдың ұлпа кербездiгi, Кеңшiлiктiң әуездi саздылығы, Исрайлдың сезiм мөлдiрлiгi, Ұлықбектiң психологиялық пейзаждары қандай бiр мiнбеден болсын сөз алуға лайық.
Бұл ақындардың бәрiн құр тiзбелеп, құр марапат үшiн айтып отырған жоқпыз. Жұрт мойындаған осы ақындардың, үлкендi-кiшiлi осы таланттардың творчествосын қарап отысаңыз, олардан сiз, сөз жоқ, сонау Асанқайғы, Шалкиiз, Ақтамбердi, Бұқар, Шал, Махамбет, Абай дәстүрлерiнiң заңды жалғасын, әлемдiк әдебиеттiң үздiк үлгiлерiнiң элементтерiн кездестiресiз. Бұл сөзiмiздi дәлелдеу үшiн олардың әрқайсысына жеке тоқталу керек болар едi де, онда мақала монографиялық көлемнен де асып түсер едi. Әрине, олай етудiң ешкiмге де қажетi жоқ. Өйткенi зерек оқырман бiздiң айтпағымызды онсыз да сезiп, онсыз да қапысыз танып отыр ғой деп бiлемiз.
Сонымен, баба дәстүрдiң мұрагерi кмi? Тағы бiр қорытып қайталайықшы. Баба дәстүрдiң мұрагерi — өз халқының рухани байлығы мен әлем әдебиетiнiң үздiк үлгiлерiн бойына жинақтап, оларды өзiнше игерiп, өзiнше қорытқан, өз уақытының үнi бола бiлген, өз заманының әлеуметтiк мәнiн ашып көрсете аларлық қуатқа ие, немере Жаңалық! Тек сол ғана мұрагер бола алмақ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі