Бiз Мағжанды ұзақ күттiк.
Бiз Мағжанды зарығып, сарғайып күттiк.
Бiз ендi онымен кездесуден үмiт те үзе бастағандай едiк...
Бiз ендi өмiрдiң халқымыздың қасиетi мен қастерiне тамыр салған, халқымыздың қасiретiнен қара жамылып, соған қабырғасы қақырап сөгiлген, өз ұлтының тұмандай қалың мұңына тұмшаланып, балқыған қорғасындай әрi ыстық, әрi ауыр көз жасына шомылған, мынау тайқы маңдай қу тағдырдың запыранын iшiп, уын ұрттаған Мағжан деп аталатын жұмбақ әлемнiң есiгiн ашып, табалдырығын аттамай өтетiн шығармыз деп ойлағанбыз.
Бiрақ Мағжанға запыранын iшкiзiп, уын ұрттатқан бұл қу тағдырдың да кей-кейде ықыласы ауып, ниетi түсiп кететiн тұсы болса керек...
Құлдықтан теңдiкке, езгiден еңсе көтеруге ұмтылған құбылыстардан туындаған саяси сапырылыс кезеңдер мен әлеуметтiк аласапыран тұстар бiздi Мағжанмен қайта қауыштырды.
Азаттыққа қарай алысып-жұлысып ұмтылған, тәубадан гөрi тәуекелге көбiрек сүйенген сол бiр кезең қозғалысы бiр кезде азаттық жолына басын тiккен Мағжандарды жетi қат жердiң астындағы жетi шойын есiктiң арғы жағынан суырып алды. Дәлiрек айтсақ, халықтың қаһарлы жойқын қозғалысы ұлттың ұранын ұрлап, рухын тығып ұстаған сол бiр жетi қат жердiң астындағы жетi шойын есiктi тас-талқан еттi. Ол шойын есiктердiң арғы жағы қанды сорып, сананы кемiрiп жатқан жегiлер мен жебiрлер мекенi болатын. Мағжандар рухы ұзақ жылдар бойы сол жегiлер мен жебiрлер талауында жатты...
Мағжан жыр, Мағжан сөздiң темiр тор, тар қапастан босап шыққанына қаншама жыл болса да, ол туралы бiр ауыз сөз жаза алмағаным сол процестiң ұзаққа созылғанынан болса керек. Оның үстiне, талант қашанда тосын. Ал тосын әлеммен, тағы да Мағжан сияқты тосын әлеммен бiлiсiп-ұғысу, оның ұңғыл-шұңғылына үңiлу, қалыңына ену, тереңiне сүңгу, бiр сөзбен айтқанда, ол әлемнiң табиғатын жан-жүрегiңмен сезiну оңай шаруа болмаса керек. Ол да уақытты қажет етедi. Әрине, Мағжан сияқты алып тұлғаның бүкiл ұңғыл-шұңғылына үңiлiп, оның тереңiне түгел бойлау мүмкiн емес. Мен бұл жерде ол әлемге өз болмысыңмен, өз шама-шарқыңмен үңiлу мен бойлауды айтып отырмын...
Көп ақын әдетте, әдебиет есiгiн тек таза ақын ретiнде ашады. Яғни олардың өлеңдерiнiң тұла бойынан құдай берген талант табиғаты қоспасыз балауса қалпында ғана көрiнедi. Сондықтан да олардың өлеңдерi алғашқыда негiзiнен табиғат көрiнiстерi мен сезiм құбылыстары жайында болып келедi. Бұл керек десеңiз, табиғи заңдылық. Өйткенi талант та бiр, балауса тал шыбық та бiр. Ол шыбық қуаттану үшiн өмiр мен тiршiлiктiң терең қатпарларында жатқан құбылыстардан, көз майын тауысар құнарлы iлiм-бiлiмнен, құйқалы дәстүр топырағынан тамыр тартуы, ол шыбық қайраттануы үшiн заман мен уақыт желiнiң өтiнде тұрып, буын қатайту керек. Сондай тезден өткеннен кейiн барып, оның азаматтық биiк тұлғаға көтерiлуi мүмкiн.
Ал Мағжан осы бiр балауса, балғын кезеңдi бастан кешiрмей әдебиет есiгiн ақындықпен бiрге, азаматтық iрiлiкпен, үлкен тұлғаға тән өрелi мiнезбен аттады. Ол қыршындай жас кезiнде-ақ әрi ақын, әрi азамат бола бiлдi. Яғни ол өзгелердей ақын болып туып, сонан кейiн барып азаматтық тұлғаға көтерiлген жоқ, ол о баста Ақын Азамат болып туды. Бұл — өте сирек кездесетiн талант. Бұл өте — сирек берiлетiн табиғат сыйы. Ұлы табиғат оның ақындығын азаматтығымен қоса дүниеге келтiрген. Сондықтан болса керек, көп-көп ақындардың азаматтық болмыс-бiтiмiн сөз етпей-ақ, олардың таза ақындығына тоқтала беруге болады, ал Мағжанға олай ете алмайсыз. Мағжанның ақындығынан азаматтығын, азаматтығынан ақындығын ажыратып сөйлеу мүмкiн емес. Оның, басқасын былай қойғанда, бүкiл ұйқас, үйлесiм, тыныс белгiлерiне дейiн осы ұғыммен тұтасып кеткен. Мағжанды бөлшектеп қарастырам деу — оның табиғатына қарсы шығу.
Кең жерi күннен күнге құрып жатыр,
Сұр жылан қанын-сөлiн сорып жатыр.
Әуелде жұрт билеген адамдарды
Тәңiрi күннен-күнге ұрып жатыр.
Мiне, әлi жиырмаға да жетпеген Мағжан әдебиеттiң ауыр есiгiн осылай ашып, биiк табалдырығын осылай аттаған. Тағы да Мағжан әдебиеттiң есiгiн ашып, табалдырығын аттаған бойда, алға озудан именiп, бозөкпелiк пен бөстекiлiк танытып, босағада тұрып қалмапты, бiрден төрiне бет алыпты. Мен «төр» дегенде, бұл жерде құрмет пен сый-сияпатты айтып отырған жоқпын. Көтерер жүгiн айтып отырмын. Олай дейтiнiм, әлгi өлең жолдарын сол кезде болсын, онан кейiнгi сор кезеңде болсын, он сегiздегi балаң бозбала түгiлi, күнi көтерiлiп, айы толысқан деген ақыныңыз да дәл осындай қуатпен, дәл осындай кесектiкпен айта алған жоқ. Атан түйенiң терiсiндей алып дала баланың ұлтарағындай болып, күн-күн сайын тарылып бара жатса, ол да сөлiнен айрылып, соры қайнап қалса, ежелден төбесiне бишiк үйiрiп бөгде жұрт билеп келген сорлы қазаққа тәңiрiнiң рахымы құлап, әулие-әмбиелердiң шапағаты түспесе, не iстейсiң?! Ашынасың. Өзегiң өртенiп, зығырың қайнайды. Мiне, осы бiр озбырлықты, зорлық-зомбылықты, әлi қазақ даласын ендеп жайлап ала қоймаған сонау ғасыр басында түгiлi, бүкiл қазақтың босағасын бұтарлап, табалдырығын талқандап, өз жерiнен мүлде ығыстырып тастаған ғасыр аяқталуға жақын бүгiнге дейiн де талайымыз көре алған жоқпыз ғой. Ал оны Мағжан бар болғаны он сегiз жасында көрген!
Мағжан азаматтығы — ерекше, мүлдем тумысы бөлек азаматтық. Ол ешуақытта да елiм деп екiленiп, жерiм деп желпiнiп кетпейдi. Оның қай сөз, қай өлеңi де елiм деп егiлiп, жерiм деп емiнiп тұрады. Оған құр даңғыра, бос дабыл жат. Бейне бiр ол әр сөзiн халық көмейiне тас боп тығылған өксiк, ызадан алатын секiлдi.
Мағжан күйзеледi, күйiнедi, күрсiнедi, уһiлейдi. Ол бейне бiр екi иiнiнен дем алып тұрған қасiрет көрiгiндей...
Бұл дүниеде дәл Мағжан секiлдi халқының қамын ойлай-ойлай толарсақтан қайғының қара суын кешiп, халқының ертеңiне зарыға-зарыға, мұң мен зардың зәрлi уын iшкен қазақ ақыны, болғанның өзiнде де, бiрен-саран шығар?! Ол қайғы суының шегi — қиырсыз болғаны, ол мұң мен зар уының тұла бойды меңдеп алғаны сонша, Мағжан үшiн дүниеде ләззат болмаған секiлдi. Ол, тiптi, «денесiн ысытып, суытып жiберетiн» сайраған бұлбұл әнiне де рақат сезiнiп, ләззат таппайды. Құйқылжыған бұлбұл әнiн тыңдап отырып та еңсесiн басқан мұңды, жанын жеген күйiктi серпiп тастай алмайды. Бұлбұлға мұң шағады:
Бұлбұл құс! Көзiмде жас, кеудемде от
Толып, мен саған келдiм, iшiмде шоқ.
Дертiме сенен ғана дәрмен болар,
Басқадан, анық бiлдiм, еш пайда жоқ.
Сонда, шынында да Мағжан үшiн ләззат мүлде болмағаны ма? Ол бұл сұраққа «Ләззат қайда?» деген өлеңiнде өзi де жауап iздестiредi. Сонымен, бойды билеп, ойды алатын ләззат қайда екен? Жалпы ләззат деген бойды билеп, ойды алатын құбылыс па? Ақынды тыңдайықшы:
Ойында ма бос өткен?
Қайғылы ауыр ойда ма?
Жүйрiк тазы салу мен
Қызойнақ иә тойда ма?
Байқап отырсыз ба, өлеңнiң екiншi жолы «ләззат деген қайғылы ауыр ойда ма» деп тұр ғой. Мағжан ләззатты қайғының тап өзiнен қарастырады. Ол бұл өлеңiн:
Жұрттың қамын көп ойла,
Уайым-қайғы жеп ойла!
Артта қалған сорлы жұрт
Алға бассын деп ойла, —
деп аяқтайды. Ақын елдiң қамын жеуден өткен ләззат жоқ деп бiледi. Мiне ақын болмысы, мiне оның азаматтық тұлғасы!
Менiңше құдiреттi табиғат — ана о баста Мағжан талантын дүниеге келтiрерде оны алдымен халықтың көз жасына илеп алған секiлдi. Ал халықтың көз жасы сiңген сөздер қашанда ызалы, қашанда кектi. Халықтың көз жасы сiңген сөздер ешуақытта да боркемiк, ез болмайды. Өйткенi, қандай бiр халық та боркемiк, ез емес! Халықтың қасiретi көз жасына иленген сөзде қаны қайнаған ыза мен намыс жаныған кек қана болады:
Ойламай отқа түскен неткен жанбыз,
Сөз ұқпас мылқау, меңiреу, жүрген жалғыз.
Көрiнбес көзге түртсе қараңғыда,
Япырым-ай, қалдық па, рас, тiптi таңсыз?!
Тақаулы тамағына өткiр пышақ,
Тек жатыр тұяқ серiппей сонда да аңсыз.
Тыңдамас, сөзге түспес, ырыққа көнбес,
Болды ма қайран қазақ тастай жансыз?
Ақынның жүрегiн шоққа қарып, жанын табаға қуырып жазған бұл өлеңдi сiз, қаншама ауыр болса да, ұнжырғаңыз түсiп, бор борлып езiлiп, су болып егiлiп оқымайсыз. Сiз бұл өлеңдi бүкiл тұла бойыңызбен жұдырық болып түйiлiп, найзағайлы бұлт болып түнерiп оқисыз.
Бiз бәрiмiз де өз жерiмiздiң патриотымыз, өз елiмiздiң перзентiмiз деймiз. Бiз бұл сөздердi кез келген жерде дабыстап шақырып, дауыстап айта аламыз. Құдайға шүкiр, кез келген жерде басшылығымыз да, қосшымыз да оның арын арлауға, намысын жыртуға жарап қалды. Бiз бәрiмiз де, тағы да құдайға шүкiр, ешкiмнiң алдында именбестен жерiмiздi де, елiмiздi де мақтан тұта аламыз. Оларды өлiп-өшiп сүйемiз, қадiрлеп қасиет тұтамыз. Солай екенiне мен өз басым иненiң жасуындай күмән келтiре алмаймын. Бiрақ байқайсыздар ма, бiздiң көбiмiздiң елiмiз бен жерiмiз үшiн мақтанышымыз бен оған деген сүйiспеншiлiгiмiз тым бiржақты сияқты. Бiз айтсақ, алдымен аузымызға оның көкорай шалғыны, айдын көлдерi, аспан арқалап тұрған асқар таулары, шудалары желкiлдеген орман-тоғайлары, сондай-ақ сол ел мен жердiң сермесе — семсерi, қорғанса — қалқаны болған батыр-сарбаздары, аспандағы аққулармен қосылып ән шығарған сал-серiлерi, береке-байлығы тайқазандардан тасып-төгiлген астары мен тойлары, көз бен қөңiлдi қатар арбаған үкiлi салтанаттары мен қоңыраулары көш жерден күмбiрлеп естiлетiн керуен-керуен көштерi түседi. Соларды мақтан тұтамыз, соларды жан-жүрегiмiзбен құлай сүйемiз. Сондықтан да бiздiң бар сұлу саздарымыз соларға төгiлiп, бар асыл сөздерiмiз соларға шашылады. Дұрыс-ақ... Бiрақ жер-қонысыңды, ел-жұртыңды сүйсең, алаламай сүй. Оның шолпылары сыңғырлаған үкiлi аруын қалай сүйсең, көсеу ұстап, құл шығарған қара қемпiрiн солай сүй. Ол ел мен жердiң ұран шақырып айқайласа — айбары, белiн буынып, бес қаруын тағынса — қалқаны болған батырын қалай сүйсең, малақайы жапырайып, қой соңында жүрген қойшысын солай сүй. Ол ел мен жердiң төгiлген күмiстей болып жалтырап жатқан айдынды көлдерiн қалай сүйсең, құм суырып, құйын ұшырып тұрған аңызақты шөлдерiн солай сүй. Олай ете алмадың ба, онда ол жартыкеш сүю. Ал жартыкеш сүюден өткен опасыздық жоқ. Бұл ретте ел мен жерге деген Мағжан сүйiспеншiлiгi — маңдай тигiзiп, тәуеп етерлiктей ұлы сүйiспеншiлiк. Сөзiмiздiң растығына көз жеткiзу үшiн оның «Сүйемiн» деген өлеңiн оқып шығыңызшы. Ал ол өлеңдi түгел оқымау күнә:
Күлдей күңгiрт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенiң — сұп-сұр көр,
Тасбиық санап бүгiлiп,
Жерге қарап үңiлiп,
Көрше ауыр күрсiнер,
Менiң бiр қарт анам бар.
Неге екенiн бiлмеймiн,
Сол анамды сүйемiн!
Көзiнде көк нұры жоқ,
Аузында жұмақ жыры жоқ,
Жалынсыз, усыз құшағы,
Иiрiлмейдi жыландай,
Сөзi де жоқ Құрандай,
Бiлгенi — қазан-ошағы,
Жабайы ғана жарым бар.
Неге екенiн бiлмеймiн,
Сол жарымды сүйемiн!
Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескi заңымен,
Алдындағы малымен
Бiрге жусап, бiрге өрген
Алаш деген елiм бар.
Неге екенiн бiлмеймiн,
Сол елiмдi сүйемiн!
Сағымы сайран құрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қысы — ақ кебiн, жазы — сары,
Орманы жоқ, суы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгi өлiк сахарасы —
Сарыарқа деген жерiм бар.
Неге екенiн бiлмеймiн,
Сол Арқамды сүйемiн!
Мiне, ел мен жерiмiздi дәл осы Мағжандай, бар шындығымызбен, ештеңенi жапсырып, жамамай, ешнәрсенi жылтыратып боямай, сол қалпында алғаусыз сүйе аламыз ба? Сүйе алсақ онда бiз бақыттымыз. Сүйе алсақ, онда бiз нағыз қазақ еркегiнiң кiндiгiнен жаралған азаматпыз, нағыз қазақ әйелiнiң құрсағынан шыққан перзхентпiз.
Ел мен жерге деген шын сүйiспеншiлiкте күпсiп сөйлеу де, көтерiлiп сөйлеу де болмауға тиiс. Қалай дегенмен де, күпсiп, көтерiлiп сөйлеуде жасандылық болады. Ел мен жер де — әкең мен анаң. Әкең мен анаңа деген сүйiспеншiлiкте жасандылық болса, не болғаны?! Менiң бұл жерде қазымырлық көрсетiп, қадалып сөйлеп отырғаным, кейiнгi кезде бүкiл жұрт өздерiнiң арғы тектерiн қалай да батыр-баһадүрлерге, би-болыстарға, әруақты адамдар мен жыршы-жырауларға телiп, соларға апарып тiреп қоюға әуестенiп кеттi. Оларды тыңдап отырсаңыз, арғы заманда қой бағып, көтен жеген қазақ еркегi, тезек терiп, құрт қайнатқан қазақ ұрғашысы болмағандай. Бейне бiр арғы аталарымыз түгелiмен қалқандары қаңғырлап, семсерлерi жарқылдап өткен батыр немесе жiбек шатыр iшiнде, құс төсектiң үстiнде шалқайып жатып төрелiк айтқан би, шешелерiмiз шетiнен толған айдай толықсып, тал шыбықтай бұралып, батыр мен баһадүрлердiң жан жарлары немесе басына қарқарадай кимешек киiп, би мен болыстардың қасында сырбаз сызылып, кербез кергiп отырған бәйбiше болып өткендей.
Әсiлi, күпсiп сөйлеу — көсеге көгертпейдi.
Сiз Мағжан тегiне үңiлiп көрiңiзшi. Ол жетi атасынан берi өрiсi малға айналасы жанға толы бүкiл Ақмола атырабына аты мәлiм Бекен болыстың бұлаңдаған баласы ғой. Шешесi Гүлсiмнiң де көзi ашық, көкiрегi ояу жан болған. Бұл жерде Мағжан өз отбасының емес, халық перзентi, болып сөйлеп отыр. Ал халық перзентi егер ол шын халық перзентi болса, жауырды жаба тоқи алмайды, жоқты бар етiп көрсетпейдi.
Осы жерде бiр ден қоятын мәселе, Мағжан ұғымындағы Сарыарқа бiздiң ұғымымыздағы Сарыарқа емес, одан әлдеқайда кең. Олай дейтiнiмiз, оның «Өткен күн» өлеңi былай басталады:
Едiл, Жайық, Сырдария —
Белгiлi жұртқа ескi су.
Тәттi, дәмдi, тармақты
Ұзын Ертiс, Жетiсу.
Осы бес су арасы
Сарыарқа деген жер едi.
Туып-өскен баласын
«Айбынды ер Алаш» — дер едi.
Бiздiңше, бұл сөзге таласудың жөнi жоқ. Ендi бiз бес судың — Едiл, Жайық, Сырдария, Ұзын Ертiс, Жетiсудың арасын алып жатқан Сарыарқаның ұлы мағынасына қайта оралуымыз керек. Оны қазiргiдей әлдекiмдердiң өзiмшiлiк эгоизмiнен дүниеге келген тар аумақта қарастыруға болмайды.
Ендi бiз қайтадан Мағжанның «Сүйемiн» атты өлеңiнен туындаған тегiмiз бен тамырымыз туралы әңгiмемiзге қайта оралайықшы. Рас, Мағжан да тегiн, тамырын қарастырған. Сол тегi мен тамыры үшiн мақтанып, аспан астына сыймай, тау болып қозғалып, арнасына сыймай, теңiз болып асып-төгiлген. Бiрақ ол өзiнiң жеке басының емес, өз халқының тамырын, өз ұлтының тегiн қарастырған. Сол үшiн де оған ұлтшыл, түрiкшiл деген айдар тағылып, оның бүкiл ғұмыры қуғын-сүргiннiң қыл тұзақты құрығының астында, бәле-жала үшкiрген сумаңдаған сырығының ұшында өткен. Сол қарғыс атқыр құрық ұстап отырған отаршылдық өктемдiк ақырында оны, қанша құтылам деп айла-әрекет жасаса да, құртып тынды. Сол құрық пен сырықты қолына ұстап отырған отаршылдық өктемдiк, империялық өктемдiк оны «ақтап» отырып та сол «қателiгiн» бетiне талай басты емес пе? 1989 жылы шыққан кiтабына енбей қалған атақты «Орал» өлеңiне ден қойсақ, осы жайды анық аңғарамыз.
Мәдениеттi, өнерлi, қарапайым, дос құшақ Ресейдiң емес, өзге жұрттың елiн тонап, жерiн талауға дегенде, сары ала оқасы жалтылдап, жез мұрты едiрейiп шыға келетiн зорлықшы Ресейдiң қанқұйлы саясатына қарсы жазылған осы жыры үшiн ақын әруағы өзi өлгеннен соң да қысастықтың қандай ауыр да азапты түрiн көрмедi?! Ақ патша тұсындағы империялық пиғыл өз жалғасын қызыл кеңестiң тұсында да аямай танытты.
Түсi өзгергенмен, астамшылдығы, құлқыны өзгерген жоқ. Мағжанның жалпы отаршылдыққа айтқан мiрдiң оғындай өткiр сөзiн большевик империясының «жандайшаптары» да өз атына айтылған сөз деп ұқты. Расында да солай едi. Бұл жерде Мағжанның тiптi де қателеспегенiн уақыт өзi дәлелдедi.
Мағжан түрiктiң тегi мен түрiн айтқанда, одан ол жүз бұтақты, тоқсан торапты шежiрелi тiн iздеп жатпайды. Одан ол елi мен жерiнiң қанат-қауырсынын бытырлатып жұлып, омыртқа-қабырғасын күтiрлетiп сындыратын, апат пен опат әкелетiн қанқұйлы отаршылдықтан құтқарар тiрек пен сүйенiш iздейдi. Сол үшiн күреседi, сол үшiн жанталасады. Аласұрады. Жан-жағына қолын созады.
Бiр кезде иең сенiң түрiк едi,
Орын ғып көшiп-қонып жүрiп едi.
Қорықпайтын таудан-тастан батыр түрiк
Қойнына жайыменен кiрiп едi...
Ер түрiк ен далаңа көрiк едi...
Отырса, көшсе, қонса — ерiк едi.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында
Iргесi жел, күн тимей, берiк едi, —
деп халқына арғы тегiнiң кiм екенiн таныстырып алады да, бүгiнде отаршыл езгiде қалған сол түрiктердiң мүшкiл халiн, мiскiн кейпiн айтады:
Қарашы төңiрекке мойын бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрiк.
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлдеқайда iрiп-шiрiп...
Сұмды бiр үрейлi, қорқынышты түстен шошып оянғандай селт етiп басыңды көтерiп аласың. Басыңды көтерiп аласың да, жан-жағыңа қарайсың. Бiр кезде бүкiл Орал, Алтай аймағын «iргесiне жел, күн тимей», тұтасқан мұздай боп жайлап жатқан түрiк елiнiң ендi әр жерде аралшық-аралшық болып қалғанын ұғып, Мағжан көрегендiгiне таң қаласың. Мағжан бұл жерде қолдан келер амал, iстер шара жоқ деп мүлде түңiлiп, баз кешуден ада. Екi өкпенi сығып бара жатқан бұл құрсау қатерден шығар жол iздестiредi. Ол жол бiреу-ақ деп ұғады. Түрiк ұрпағы бас қосуы керек деп бiледi.
Анамыз бiздi өсiрген, қайран Орал,
Мойның бұр, тұңғышыңа бермен орал!
Қосылып батыр түрiк балалары,
Тоқтатпа, жолын кесiп, тiзгiнге орал!
Осыдан кейiн Мағжанды көреген демей көр! Осыдан кейiн Мағжанды тек қазақ емес, бүкiл түрiк қауымының ұлы перзентi демей көр! Шынында да, қазiр бiз Мағжанның осы өсиетiн орындап жатқандаймыз. Осы жолды баяғыда нұсқаған қайран Мағжан түрiкшiл болып түрмеге түсiп, ұлтшыл болып ақыры көзi жойылды-ау...
Халқының бүгiнiн айтқанда жаны түтiгiп, сүйегi үгiтiлiп сөйлейтiн, ертеңiн айтқанда күйрей езiлiп, күйзелiп кететiн Мағжанның өткенiн айтқанда аруақтанып, арқасына қарағайдай қара жал бiтiп шыға келедi:
Түркiстан — екi дүние есiгi ғой,
Түркiстан — ер түрiктiң бесiгi ғой.
Тамаша Түркiстандай жерде туған
Түрiктiң тәңiрi берген несiбi ғой.
Тұранның шетсiз-шексiз шөлi қандай,
Теңiздей кемерi жоқ көлi қандай!
Тұранның дария аталған өзендерi
Тасыса, шөлдi басқан селi қандай!
Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қандай!
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Ерiксiз ер түрiктi ойға аларсың,
Көкке асқан Хантәңiрге қарай-қарай.
Осы жолдарды оқығанда, нағыз бiр намыссыз найсап, барып тұрған құлақкестi құл болмасаң, қаныңда тегiңнiң лебi, жаныңда ұлтыңның демi болса, онда сенiң де көкiрегiң өкiнiш аралас мақтаныштан қақ айырылып бара жатпай ма? Осы жолдарды оқығанда, егер сен нағыз тарихи көрбәдiк болмасаң, томағасы сыпырылған қырандай дүр сiлкiнiп қалмайсың ба?! Менiңше, бүкiл түрiк әлемiнде кеше де, бүгiн де өзiнiң түрiктiк тегiне мақтанған, оны соншалықты ұлы жүрекпен дәл Мағжандай жырлаған ақын жоқ болса керек. Бұл ретте ол — бiрегей. Мағжанды бүкiл түркi жұрты қазақ тiлiнде жырлаған ортақ ақынымыз деуi керек.
Қажет десеңiз, оның бойындағы рух та — сол ертедегi түрiк заманындағы түрiктiк рух. Бұл табиғат құбылысының құдiретiне шек бар ма, сол ертедегi, түрiк заманындағы шаман дәуiрiндегi рух Мағжан бойынан жарқырап көрiнедi. Ол табиғатқа, отқа, күнге табынады. Мұсылманшылыққа, дiнге құлай жығыла қоймайтын, онысы бiрқатар өлеңдерiнде /«Мешiт пен абақты», т.б./ айқын көзге ұрып тұратын Мағжанның көне түрiк дүниесiнiң рухына келгенде құлай жығылып, оларды ауызға алғанда шатырлап, шамырқанып кетуiне таң қалмасқа болмайды.
Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзiм — күнмiн, өзiм — от,
Сөзiм, қысық көзiмде — от,
Өзiме өзiм табынам.
Жерде жалғыз тәңiрi — от,
Оттан басқа тәңiрi жоқ, —
дей келiп:
Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын,
Сескенбес, сiрә, кiм сенен.
Шынында, менiң өзiм де — от,
Қысылған қара көзiм де — от,
Мен оттанмын, от менен.
Жалынмын мен, жанамын,
Оттан туған баламын, — дейдi.
Бiздiң зәузат қорымыз қаншама рет тас талқаны шығып бұзылып, қаншама рет талан-таражға түстi десеңiзшi! Бiрақ ол қасиеттi қор, халық аман болса, қайта жасақталып, ұлт тiрi қалса қайта түзеледi екен. Зәузат қор — ең алдымен халық рухы. Халық барда — халық рухы өлмейдi. Олай болса, Күннен туып, Отқа табынып, көсiлiп жатқан кең сахараны емiн-еркiн жайлаған көкжал түрiк бабалардың қанына қызу, жанына қуат берген рухтардың, ғасырлар өткеннен кейiн, бүкiл түрiк қауымының алтын дiңгегi — ата жұртында дүниеге келген қазақ ақынының бойынан бас көтеруi заңды құбылыс болса керек. Ол ендi Күннен туғанмын деп қана қоймайды. Одан да тереңiрек сөйлей бастайды. Тағы бiр қызығы, ендi ол сөздер нышандық бейнелiк мәннен шынайы-нақты реңке ие бола бастайды:
Кең дала көрсең ғой ана жақтан,
Жiбектей жасыл шөптер бетiн жапқан.
Асқар тау, балдай тәттi сулары бар,
Әне, сол анам едi менi тапқан.
Шынында да, Мағжандай талантты бүкiл табиғат қосылып туа алса керек.
Бiз бұл тұста да Мағжан өлеңдерiндегi «нышандық бейнелеу» мен «шынайы реңк» туралы тектен тек айтып отырған жоқпыз. Өйткенi Мағжан болмысы Тұранға, Түрiк қағанатына тарих арқылы ғана емес, табиғат арқылы да астасып, қосылып жатыр. Қандай бiр халық та белгiлi бiр табиғат аясында өсiп-өркендеп, дамып-жетiлiп, күш алып, қуаттанады ғой. Ол халықтың тарихы сол табиғат аясында түзiледi. Яғни ол халық өзiнiң рухани қуат-күшiн көрсететiн нышандық таңбаларын айналасындағы табиғи құбылыстардан iздестiредi. Ол рухани таңба-белгiлер Мағжан өлеңдерiнде түгел көрiнедi деуге болады. Қараңыз:
Ерте кезде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi
Туа сала жалынменен мен жуғам.
Немесе:
Тұрмап па ед бiздiң үшiн мөлдiр бұлақ
Сылдырлап, сылқ-сылқ күлiп таудан құлап?
Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын,
Тiлесек бiр-бiр тұлпар бейне пырақ.
Тағы да:
Қанатты, қажымайтын тұлпар мiндiк,
Жiбекпен жетпiс қабат белдi будық.
Құрсанып қылыш өтпес мұздай темiр,
Қиядан қыран құсша жауға ұмтылдық.
Немесе:
Қыранымын сары сайран даланың,
Қос қанатым — алтын Алтай, Оралым.
Немесе:
Тұранның теңiз дерлiк көлдерi бар,
Шалқыған шегi-шексiз Теңiз — Арал.
Бiр кезде қасиеттi Ыстық көлдiң
Бауырында дүние көрген түрiк көкжал.
Тағы да:
Тұранда түрiк ойнаған ұқсап отқа,
Түрiктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрiк еншi алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Мiне, осы өлеңдердегi «Отты Гун», «Пырақ», «Қанатты тұлпар», «Қос қанаты Алтай мен Оралға айналған қыран», «Көкжал» /«Көкбөрi түрiк»/, «Қара шаңырақ» бiр кездерi бүкiл түрiк елiнiң өзi өскен табиғат аясынан еншiлеп таңдап алған, сөйтiп, солармен өзiнiң рухтық күш-қуатын таңбалаған төл белгiлерi ғой.
Апырай десеңiзшi, зәузат қорда сақталып қалатын табиғи-тарихи рухқа дауа жоқ. Түптiң түбiнде тесiп шығады екен. Бiз кезде өзiмiздiң төл туымыз ту-талақай болып, төл таңбаларымызды бiлмей жүргенiмiз өтiрiк пе? Соның бәрi күнi кеше ғана болмап па едi? Ендi күнiмiз туып, сәтi келе қалғанда, оның бәрi жұтылып кеткен жоқ па? Ал әлгi айтқан сонау көне заманнан берi келе жатқан «көкжал-көкбөрiден» басқа нышан-таңбалардың бәрi күнi кеше ғана қабылданған Туымыз бен Елтаңбамызда көрiнiс тапты ғой. Қазiр қанатты пырақтар мен шаңырақ көтерген Елтаңбамыз, қыран мен күн көтерген Туымыз Мағжан арманындай жарқырап, Мағжан арманындай желбiреп тұрған жоқ па?!
Мағжан, қайталап айтамыз, өткен тарихын, яғни көне Тұран мен ертедегi Түрiк елiн жырлағанда ғана арқаланып, сонда ғана асқақ мақтаныш сезiмi билеп әруақтанады. Басқа уақыттың бәрiнде де ол — мұңлы, ол — қайғылы, ол — қасiреттi.
Мағжан тiптi өлең арнаған адамдарына да жалынды сөз, жақсы тiлек айта алмайды. Оларға да ол мұңын шағады, жылайды, күңiренедi, күйзеледi, аһ ұрады, күрсiнедi, уһiлейдi, көкiрегi қарс айрылады, зарлайды, сарнайды, зарығады, сарғаяды. Ол тiптi:
Тауда түнде үн берген
Тәңiрi ме, әлде байғыз ба?
Үндi естiп жаным күңiренген.
Тауда түнде үн берген
Тәңiрi болсаң, кел бермен,
Қолымды көкке жайғызба!
Тәңiрi ме әлде байғыз ба?
— деп те көкке қолын жаяды. Егер ол үн берген құбылыс байғыз болмай, Тәңiрi болса, онда оған да мұңын шақпақ, датын айтпақ! Мағжан бұл жерде де Алла, Құдай демей, Тәңiрi дейдi. Айтқанынан қайтпайтын неткен көне түрiктiк көкжал мәрттiк десеңшi!
Мағжан туралы сөз әлi алда. Бiз бұл жерде оның өлеңдерiндегi тек өзiмiз байқаған басты-басты бағыттарды ғана әңгiме еттiк. Ал поэмалары жайлы мүлде әңгiме қозғаған жоқпыз. Мағжан туралы сөз ендi басталады. Ол ендi аяқталмақ емес.
Айта кетейiн менiң Мағжаннан алған ең үлкен ұлағат-тағылымым бар. Ол тағылым: егер сен өз халқыңның перзентi болам десең, онда сен оның қасiретiн, уын iш! Халқыңның сол қасiрет уы бойыңа жайылғанда ғана сен оны шын сүйе аласың!
Халқыңның қасiрет уын бүкiл жанымен, қанымен iшкен Мағжан — ұлы азамат, ұлы ақын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі