Құдайға шүкiр, қазақтың бар-бар жерi өнерге де, өлеңге де бай. Оны тек тыңдай бiлетiн естi құлақ, көре бiлетiн жiтi көз болса бiздiң қай жерiмiз де көкiрегiне шемен боп қатқан шерiн, жанын жегiдей жеген мұңын алғаусыз айтып, ақтара сыр шертерi сөзсiз. Бiрақ амал не, кiлең солай бола бермейдi. Мәселен, Маңғыстаудың өлең-жырына, өнерiне дегенде, неге екенi белгiсiз, Республикалық теледидар мен радиосының түңлiктей-түңлiктей локатор құлақтары да тосаң тартып, елiмiздiң қай түкпiрiне қараса да жанарының қуаты жететiн жарқыраған камера көздерi шелденiп қалады. Бiрақ бiз түптiң түбiнде Маңғыстау дегенде ол локатор құлақтардың ашылып, ол камера-көздерiнiң жарқырап кететiнiне сенемiз. Маңғыстау өнерiнiң қуаты мен тегеурiнi солай еткiздi де!
Әрине, қандай бiр болмасын өнерлi өлкенiң сан қырлы, сан түрлi талантты тұлғалары болатыны хақ. Бiрақ солардың iшiнен атан жiлiктi, арқар мүйiздi басты-басты тұлғалары оқшау көрiнерi сөзсiз. Мәселен, Маңғыстаудың ең Басты Рухы — Бекет болса, ең Басты Сөзi — Қашаған.
Бiздiң бүгiнгi сөзiмiз, өзi айтқандай, «ағыны тасты аударған» ерен қуаттың иесi Қашаған туралы болмақ.
Асылы, шын талант өзi өскен жердiң топырағынан жаралатын болса керек. Олай болса, оның бойында сол жерге тән табиғи мiнез сiңерi сөзсiз. Қашаған да солай. Оның жырларын оқығанда, Маңғыстаудың маң даласын, сол маң даланы толтырып соққан қуатты қара дауылының уiлiн, аптап-аңызағының ыстығын, ызғырығы мың-миллион ине боп тұла бойыңды шабақтап кететiн борасын үнiн жан-жүрегiңмен сезiнiп отырасың. Бейне бiр оның сөздерi сол қатаң табиғи құбылыстардың құндағында жатып, омырауын емiп алғандай. Сондықтан да оның сөздерi сол қайратты қара дауыл, аптапты аңызақ, борасын сияқты табиғи. Оның өлеңдерiнiң әп деп басталғаннан-ақ ешқандай кедергi-мүдiрудi бiлмей, жөңкiлiп ала жөнелетiндiгi де, қайыру бермей ала қашатыны да, айтарын бүгiп, iрiкпей, ешкiмнiң алдында ықпастан ақтара салатыны да сол табиғилығынан.
Қашаған қалқан қағыстырып, қылыш сермесiп, найза сiлтеспесе де, бүкiл ғұмыры күреспен өткен ақын. Ол көргенсiз әдепсiздiкпен, қаскөй қиянатпен, дарақы даңғойлықпен, қараңғы надандықпен, таңқы дүмшелiкпен, қомағай тоғышарлықпен, алакөз алауыздықпен, бетiмен кеткен жүгенсiздiкпен күрескен. Олармен жан берердей жағаласып, жан алардай шайқасқа түскен. Ол әлгiндей адам жанын бүлдiрiп, тоздыратын жат пиғылдарды жойып, оның орнына iзгiлiк, инабаттылық, ауызбiршiлiк сияқты қасиеттердi орнықтыру үшiн жан салған. Қашағанның Домбыраға тiлi тиген Есқали сұпыға айтқанының өзi не тұрады?! Осы өлеңнен солқылдап тұрған бiр сөз таба алмайсыз. Әр жол, әр сөзi шатырлап сынып, шарт кетiп жатыр. Неткен ашу?! Керек десеңiз неткен долылық?! Бiрақ сонымен бiрге неткен бiлiмдiлiк, неткен парасат жатыр десеңiзшi!
Қолымдағы қу ағаш,
Сайрап отыр бұл ағаш.
Асылы емен, қарағай,
Шыққан жерi су ағаш.
Әруақты ерлердiң
Қолындағы ту ағаш.
Жаның сая табатын
Орман болған бұл ағаш.
Қорыққанда жалғызға
Қорған болған бұл ағаш.
Бұтақтары бүгiлiп,
Көктен төмен үңiлiп,
Қарның ашып келгенде
Жүрегiңдi жалғауға
Несiп болған бұл ағаш.
Пайғамбарлар туғанда
Бесiк болған бұл ағаш.
Мұнаралы әр жерде
Мешiт болған бұл ағаш.
Шеберлердiң қолында
Кәсiп болған бұл ағаш.
Өзiңдi халық сұпы дейдi,
Боқтағаның қай ағаш?!
Сiз де ендi, мiне, тұлпарлардың тұяғынан ұшқан топырақтай түйдек-түйдек сөздердiң iшiне ендiңiз. Ағаштың қадiрiн асырып, қасиетiн көрсететiн шумақтар бiрiнен соң бiрi құйылып келiп: «Өзiңдi халық сұпы дейдi, боқтағаның қай ағаш?», деп қайырып, қайта-қайта сiлкiп кететiн тұстары сiздi де бiрге ала жөнеледi. Қашағанмен қосылып Сiзде айтып жатқандай қаныңыз қызып, делебеңiз қозады. Сiзге сол домбыраның намысын жыртып, сол үшiн шайқасқа кiресiз.
Бұл өлең — мәңгiлiк өлмейтiн өлең. Әттең, насихиат жоқ, қолдаушысы кем боп, шетқақпай қалып жүр. Әйтпесе, бiздiң домбыраны шын құрметтеп, шын құдiрет тұтатынымыз рас болатын болса, домбыраны ғайбат тiлден қорғаған осындай қуатты сөздi алдымен үкiлеп, алдымен сахнаға шығармас па ек?! Ал қазақтың қара домбырасы ғайбат сөздерден қаншама қабаржып, қаншама жапа шеккенiн бәрiмiз жақсы бiлемiз. Бұл өлең — жалғыз бiр сұпыға емес, арғы-бергi барлық дипломы жоқ, дипломы бар түрлiше сұпыларға берiлген соққы ғой. Сол арғы-бергiде айтылған ғайбат сөздерден домбыраны дәл осы Қашағандай кiм қорғап, кiм көтерiп сөйлей алыпты?! Бiрақ амал не, осындай қайратты, осындай парасатты өлеңдi бүкiл қазақ жұртында бiреу бiлiп, бiреу бiлмейдi. Басқаны былай қойғанда, бұл өлеңдi домбыра ұстайтын, жыр айтатын қазақтың бәрi бiлу керек қой. Оған да күмәнiм бар.
Оның үстiне, бұл өлең тек домбыраны ғана қорғайтын өлең емес қой. Ол әншейiнде ақ жүрiп, адал тұрғандай боп, жеме-жемге келгенде өзiңе қырын қарап, сырт беретiн сұмпайылыққа қарсы айтылған өлең.
Қашаған халықтың ғасырлар қойнауынан азбай-тозбай келе жатқан асыл мұраларын, салтын, ғұрпын, әдетiн бар қуат, бар даусымен қорғаған. Өйткенi ол салт, ғұрып, әдеттен айрылу, олардан қол үзу — халықтық қасиеттен айрылу, ұлттық болмыстан қол үзу деп бiлген. Бабалардың батасынан көктеген ол рухани мұраларды мансұқтаған халық болып қатарға қосылмайтынын, ұлт болып өркен жаймайтынын сезген. Сол үшiн де ол шамырқанып шайқасқа түскен.
«Қашағанның Сақыпқа айтқаны» да сондай өредегi өлең. Бұл өлең — үлкен бiр тойды Қашағанның сақалын сыйламай бастап кеткен Сақып деген жiгiтке айтылған өлең. Сақыптың ол қылығын Қашаған әдепсiздiк, үлкендi ханым, кiшiнi жаным деп сыйлап құрметтейтiн халық салтына түскен таңба көрген. Ал ондай кезде Қашаған шарт сынады. Әдепсiздiктi қайтып көтерiле алмайтын етiп бетiн мүлде қайтарып, қайтып көктемейтiндей етiп тамырын бiржола отап тастайтын кiлең бiр азу тiс, ақберен сөздердi құйып кеп жiбередi. Соның Сақыпты соншалықты қайтып тұрмастай етiп жерлеп,жер жастандыруын сол әдепсiздiктi жер жастандыруы деп түсiнген жөн. Өйткенi Қашаған әдепсiздiктi арамшөп сияқты, оны мүлде отап тастамаса, өлмейдi деп ұғады.
Е, шырағым, Сақыпжан,
Сөз басталмайтын ба едi ағадан,
Жауапқа кәмiл данадан?!
Ағасын iнi қор тұтқан,
Өз көңiлiн зор тұтқан
Шығып па ед тәртiп жаңадан? —
деп басталып, неше бiр шендестiрулер мен салғастырулардан тұратын бұл өлең өз жолын, өз әлiн бiлмеу түптiң түбiнде опық жегiзетiнiн айта келiп:
Мен — сендей жабының
Талайынан озған тұлпармын.
Сендей жапалақтардың
Талайын алған сұңқармын.
Сен — ауылда үрген көпек ит,
Мен — азулы арлан бөрi едiм.
Ашулансам, шырағым,
Жас та болсаң желкеңнен
Жалғыз-ақ тiстеп жұлқармын.
Мiне, Қашаған әдепсiздiкпен осылай айқасады.
Бұл бәрiмiзге, сондай-ақ бүгiнiмiзге де, ертеңiмiзге де дәрiс, тағлым. Өйткенi ол салт бұзылып, ғұрып қирап, әдеп бүлiнiп жатқан жерде қадiр де, қасиет те болмайды деп бiледi. Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа салғырт қарап, оған мән бермеу — ертеңiңнен қол үзу деп ұғады. Қашағанның ондай тұстарда ширығып, шамырқанып кететiнi сондықтан.
Қашаған — қаратты айбаттың ақыны. Әсiресе, оның намысына шоқ түскенде, оның қайраты бұрынғыдан да жоталанып, оның абыройы бұрынғыдан да айбарланып кетедi.Әсiресе, оның бұл мiнезi Iзбас деген жас ақынның бiр тойда Қашаған атын меңзеп, оған:
Қашаған болсаң, таяма
Барың болса, аяма.
Оңтайлы жiгiт, жүйрiк ат
Қашқанмен сенi қоя ма?! —
деп ұрынғанына қарсы айтқан сөзiнде бар ойын, бар болмысын көрсете түседi.
Мiне, осы өлеңде Қашаған сөздердi бiрiнен бiрiн оздырып, бiрiнен бiрiн тұтатып, ұшқынды отқа, отты өртке айналдырып, өлеңдi ұлы дүбiлiс, ұлы құбылыс етiп жiбередi. Оның алапат ағыны тағы да сол әдепсiздiк пен көргенсiздiктiң дөңкиген дiңгегiн түбiрiмен қопарып, ағызып алып бара жатады.
Не деп айттың бұл сөздi,
Алды-артыңды ойламай.
Мен — бiр жатқан мұхитпын
Кетерсiң, байғұс, бойламай.
Өзiңе малың бұйырмай,
Тасыдың байға отынды.
Түкiрiгiм сөндiрер
Сенiң жаққан отыңды.
Асылы, Қашаған көргенсiздiк пен жүгенсiздiкке, жалпы қандай бiр болмасын қасиетсiз әдеттерге кiшкентай бiр салғырттық танытып, олардың алдында жалғыз-ақ рет төменшiктеп, бұғып қалуды кешiрмес күнә деп ұқса керек. Оларға шамалы салғырттық таныту — әдепсiздiк пен көргенсiздiктiң өркен жайып, өрiсiн кеңейтуiне жол беру деп бiледi. Ендеше, оның ондай тұстарда бұршақша жауған сөздермен төпеп жiберетiнi сондықтан.
Қашаған — бiр теңеуiнен бiр теңеуiн оздырып, бiр образынан бiр образын күшейтiп сөйлейтiн ақын. Сондықтан да оның сөздерi қар көшкiнiндегiдей немесе дауыл мен теңiздiң арпалысындай сұрапыл күшке айналып кетедi.
Ол — жалпы теңеуiн немесе образын қайталай бермейтiн ақын. Ал қайталаған кезiнде ол теңеу, образды мүлде жаңартып, қуаттандырып жiбередi. Яғни бұл оның бойында қайралу, жетiлу, даму сияқты творчестволық процестiң үздiксiз жүретiнiн көрсетедi. Мәселен, әлгi өлеңде ауыз әдебиетi өкiлдерiнiң шығармаларының ешқайсысында кездеспейтiн, қазақ топырағында мүлде тосын, мүлде жаңа мынадай жолдар бар:
Сен — өзекте жүрген бөлдiрке,
Мен — теңiздегi кемемiн.
Басармын да кетермiн,
Батарсың да кетерсiң, —
дейдi. Осы қалпында-ақ оқыған адамның көз алдында өлместей, өшпестей сурет болып қалатын жанды образ сәлден кейiн ақын аузынан басқаша құбылып, басқаша түрленiп, бұрынғысынан да дамып, бұрынғысынан да жетiлiп кетедi. Еңсесiн көтертпей езiп, қайта тұрмастай етiп тұралатып сөйлейдi:
Мен — жоғарыда жүрген кемемiн,
Сен — өзектегi жыртық қайықсың.
Белiңнен бассам — батарсың,
Түбiне барып жатарсың...
Не деген сурет! Не деген тарпаң, дүлей күш! Көз алдыңызға кеме мен жыртық қайықты елестетiңiзшi. Тағы да, олар қимылды нақты қарекетке түсiрiп тұр ғой. Алып кеме қайықты белiнен басып таптап кеткен. Қашағанның мұндай қуатты екпiнмен қай заманның да көргенсiз iзбасының бетi қайтып қалмақ.
Сонымен, бiрге Қашаған — улы мысқыл, ащы кекесiннiң де ақыны. Халық жанына жара боп жабысқан әлгiндей iндеттi сорақылықтардың аузын кейде ол сол уытты тiлiмен жарып жiбередi.
Дүниеге құнығып, мал десе, жанын беруге бар, айналамен iсi жоқ, сөйтiп, өзi де малға айналып бара жатқан жан туралы айтқаны қандай? Ол жанның анықтамасын қалай дәл тапқан десеңiзшi Ол жан
Үлкен қойды анам деп,
Кiшi қойды балам деп —
өмiр сүрген жан. Осыдан кейiн сен ол жаннан жиренбей көр! Осыдан кейiн сен тоғышарлықтан бойыңды тартып, тiксiнбей қара! Шын ақын саған, әдетте, ақыл айтпайды. Шын ақын сенiң бойыңда жайлап бара жатқан қоқыстардың лап еткенiнiң тамырын қиып тастайды не iзгiлiк ұрығын себедi. Екiнiң бiрi: әлгi екi жолды ғана оқыған адам, егер оның есi дұрыс, еңсесi тiк адам болса, дүние қызығы тек мал емес екенiн, олай ойласа, өзi де мал боп кететiнiн сезiнбей ме?! Селк етiп шошынбай ма? Егер сол сөздерден ең болмаса бiр адам дәрiс алып, тағлым алса, онда ақын мiндетiнiң ақталғаны.
Мұндай өлеңдерiнiң санына «Қара шұбар, ала ешкi», «Мұстахқа», «Қуңдаған қу Бисен», «Оразалыға» деген өлеңдерiн қосар едiм. Соның бәрiнде де ол айлакерлiктi, көзбояушылықты, қулық-сұмдықты адымын аштырмай бүрiп, жықпылға жеткiзбей iлiп түседi. Екi-ақ шумақтан тұратын «Қутыңдаған қу Бисендi» оқып көрiңiзшi:
Қутыңдаған қу Бисен,
Өтiрiкшi су Бисен.
Маған сатты бiр атты
Шәртiк қарын сұр атты,
Қазанаттай қампитып,
Түрiменен тоқ қылды.
Он бес күннiң iшiнде
Үш қамшымды жоқ қылды.
Менiңше, бұл жолдарды түсiндiрiп, талдап жатудың қажетi жоқ.
Қашаған тек әлгiндей қасиетсiздiктермен ғана күресiп өтпеген, сонымен бiрге ол — жылағанды жұбатқан, жақсылыққа тiлек айтқан, елiне бата берген үлкен жүрек иесi. Оның өзiнiң замандасы Аралбайға айтқан жұбатуын тебiренбей оқу мүмкiн емес:
Замандасым Аралбай,
Тұяғы бүтiн сұңқар жоқ,
Қанаты бүтiн сұңқар жоқ.
Кең пендеде iнi жоқ,
Iнiсiз жанның күнi жоқ.
Кейбiреуде аға жоқ,
Ағасыз жанда жаға жоқ.
Кейбiреуде бала жоқ,
Болмаса перзент шара жоқ.
Бұл жалғызынан айрылып, зар жылап отырған Аралбайды ғана емес, бiр баласын жерге берiп, тұяқсыз өтiп бара жатқан оның өзiне де айтқан жұбатуы. Аралбай қасiретi — Қашағанның өз басының да қасiретi.
Ал «Тойбастары» — келер ұрпаққа жақсы тiлек, бата. Бiрақ неге екенi белгiсiз, Қашағанның осы жақсы тiлек, ақ батасы тойларда көп орындала бермейдi. Мұны үркердей боп көрiнiп келе жатқан жас жыршылар ескергенi жөн.
Қашағанның менiң өз басымды керемет таңқалдыратын тағы бiр қыры — оның өлеңдерiнiң терең философиялылығы. «Бұл дүниеде не жетiм» деген өлеңiнiң тек бас жағындағы төрт жолын ғана оқып көрiңiзшi:
— Бұл дүниеде не жетiм?
— Кiм қажетсiз болса сол жетiм.
Хакiмi әдiл болмаса,
Бұқара байтақ ел жетiм.
Осы жолдарды зер салып, ой тоқтатып тағы бiр оқып шығыңызшы. Бұл сөздер дүние жүзi ой алыптарының сөздерiмен иық тiрестiрiп тұра алатын сөздер емес пе! Түк те асырып айтып отырғам жоқ. Тағы да оқыңыз. Не жешiм деген сұраққа: «Кiм қажетсiз болса сол жетiм», — деп тұр ғой. Шынында да, одан өткен жетiмдiк бар ма? Әкесi жоқ та, шешесi жоқ та жетiм екен. Неткен аянышты. Осы бiр жолды ғана оқығаннан кейiн, сөз жоқ жан-жағыңа қарайсың, қарайсың да не қоғамда, не өмiрде iсi жоқ, қарақан басын ғана күйттеп, тойғанына күптi, кигенiне мәз жандарды көрiп, аяйсың. Онан кейiнгi: «Хакiмi әдiл болмаса, бұқара байтақ ел жетiм», — деген жолдары ше? Басқа басқа, талай-талай хакiмдердердiң әдiлетсiздiгiнен сүйегiмiз қан қақсап, жанымыз қан жылаған бiз бұл сөздердiң парқын жақсы сезiнемiз. Оның парқын ғұмыр бойы сол әдiлетсiздiктердiң зардабын тартып, соның соққысына жетiм құсап жасып, жетiм құсап жаутаңдап келе жатқан бiз бiлмегенде, кiм бiледi?!
Қашаған ақынның тағы бiр «Және бiр жайды айтайын» деп аталатын өлеңi өзiнiң сонылығымен, тосындылығымен ерекшеленедi. Жалпы, Қашаған тосын сөз, тосын ойдың ақыны. Ол ешкiмдi де қайталамайды, сонан кейiн өзiн ешкiмге қайталатқызбайды. Жаратылысы өзге, бiтiмi бөлек ақын. Оны тек талмай зерттеу керек. Әлгi өлеңге қайта оралайық. бiр торғай ағаштың бойынан құтырған құрт тауып жейдi. Құтырған құрт жеген торғай да, әрине, құтырады. Құтырған торғай ненi тыңдасын. Ол ендi бүркiтке шабады. Бүркiт оны бiр-ақ қылғытады. Бiрақ ол құтырған торғай ғой. Ендi бүркiт құтырады. Бүркiт нән балыққа түседi. Балық та әп-сәтте құтырып шыға келедi. Құтырған балық суға сыйсын ба?! Ол мөңкiп, тулап жүрiп, сыртқа шығып қалады. Сыртқа шыққан олжаны бүкiл ел боп жейдi. Ендi бүкiл ел құтырады. Бiрiн бiрi тонап, бiрiн бiрi талап, бiрiн бiрi жеп, бүкiл ел құрып кетедi.
Балықты жедi елi алып,
Жеген елдер құтырды.
Бiреулердi бiреу жеп,
Азайған сөйтiп қай халық?
Бұл — кiм-кiмдi де үлкен ойға қалдыратын өлең. Бәле сәл нәрседен басталатынынан хабар беретiн өлең. Шынында да солай емес пе?! Қазiр кiшкентай ғана құтырған құрт-сөзден ел бүлiнiп жатқан жоқ па? Бұл өлең сәл нәрсеге де сергек болуға, сәл нәрсеге де жiтi қарауға үйретедi.
Қашаған ақынның мерейлi тойын, биыл арысы Республика, берiсi өз жерi болып, ұлан-асыр той қылып өткiзуге дайындалып жатыр. Оның жатқан жерiне көздiң жауын алатындай қазiргi салынып жатқан ескерткiштердiң iшiндегi маңдай алдысы боп саналып, күмбездi кесене көтерiлдi.
Маңғыстаудың қай түкпiрiнен де Қашаған есiмi жиi-жиi ауызға түсiп, Қашаған сөздерi жиi-жиi естiле бастады. Бұл — Қашаған әлi де тiрi, оның рухани ғұмыры сала-сала боп жалғасып, өркештенiп, жоталанып келе жатыр деген сөз. Яғни бұл — қатептi қара нардай қайратты Қашаған ақын, Маңғыстаудың ең Басты Сөзiн қомына теңдеп, ертеңiне қарай маң-маң басып кетiп бара жатыр деген сөз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі