Өлең, жыр, ақындар

Әр сөздің тасасында асылы бар

Аспанның бұлттан ауырлап, Алматы үстiн бұлыңғыр мұнар бүркеген қарашаның алғашқы жартысындағы күндердiң бiрiнде Жұмекен Нәжiмеденовтiң үйiне келдiм. Жұмекеңнiң жақында ғана ауруханадан шыққанын Маңғыстауда жүрген кезде-ақ естiгем. Оның алдында инфаркт болып ауруханаға түскен хабары бiзге жеткеннен-ақ хал-жағдайын сұрап, үйiмен, жiгiттермен телефондасып тұрғам-ды.

Ендi, мiне, көңiлiн сұрауға үйiне келiп тұрған бетiм. Жүкең әдеттегiсiндей ақжарқын қарсы алды. Демалып жатқан бөлмесiне өттiк. Терезе алдында кушетка, оның қасына шағын стол қойлыпты. Стол үстi бұрқырап жатқан көп қағаз. Менiң сол жаққа көзiмнiң түсе бергенiн байқап қалды ма: «Дайындап жатқан жинақ қой. Үстiнен қарап, қағып-сiлкiр жұмысы ғана қалып тұр. Әрi-берi отырып, қолыма қалам алам да, жүрек бүлк ете қалса болды, мына кушеткаға қисая кетем», — дедi Жүкең. Бұл сөздердiң бәрiн ол кiрбiңсiз, көңiлдi қалыпта, ойнап-күлiп айтқанмен, жағдайының онша мәз емес екенiн байқап қалдым. Бiрақ, шынын айтсам, соншалықты қауiп-қатер бола қояр деген ой қаперiме де кiрiп-шыққан жоқ. Қатты құлап тұрғандiкi ғой, әлсiздiк болар дегем де қойғам.

Көп ұзамай мәңгiлiк сапарға жүрiп кеткенiн естiдiк. Соңғы сәтке дейiн жұмыс iстегенiн бiлдiк... Артынан бiраз уақыт өткеннен кейiн, ойымызға өзегiңдi от боп қарып түсер ақынның мына өлең жолдары түстi:

Күз күндерi не суық қыс күндерi,
Iстеп жүргенде, әйтеуiр, iс мүдделi,
ажал шiркiн аяңдап жетсе-ау маған,
кетсем-ау мен жұмыстың үстiнде өлiп.
Сыншылардың ұрсуын, тамсануын
алдан күтiп қалса-ау бiр қанша жырым.
Бiр жинағым басылып үлгере алмай,
машинкаға басылмай қалса бiрi.
Не бiр түнде құйылып, қара көрiп,
көп ұйқас отырғанда қамап ерiп,
кетсем өлiп нүктеге жете берiп,
жан таппаған бiр теңеу таба берiп.

Әлденеше жыл бұрын айтқан бұл ауыр тiлеу қалай дәл келдi десеңшi! Шынында да, ол күздiң қысқа ауысар тұсында мүдделi iс атқарып отырған жұмыс үстiнде, онысын машинкаға берiп үлгермей, соңғы нүктесiне жете бере жүрiп кеттi. Осы өлеңнен-ақ ақын мiнезi, ақынның бiтiм-болмысы көрiнiп тұрған жоқ па? Ол не болғанда да өлетiн болғаннан кейiн қалай өлсең де бәрi бiр емес пе дей алмапты. Ақын жүрегi ажал келер күнi де азаматтық жүк арқалап кетудi қалапты. Солай болды да.

* * *

Жұмекен Нәжiмеденов әдебиетке ә дегеннен-ақ ешкiмге ұқсамайтын, елiктеу-солықтаудан мүлде ада, өз даусымен, өз жазу стилi, өз дүниетанымымен келген болатын. Әрине, келген бойда-ақ оның қаламынан туған өлеңнiң бәрi жұрттың көңiлiне судай сiңiп, тастай батты десек, жұрттың бәрi қолдан қолға тигiзбей, қақшып алып кеттi десек, асырып айтқандық болар едi де, ал оның даусыз талант екенiн жұрттың бәрi бiрден мойындады десек, онда бiздiң бұл сөзiмiзге ешкiм де қарсы шыға алмас едi. Дегенмен, бұл жерде айтылуға тиiс бiр шындықты нақтылап кетпесе, тағы болмайды: тiптi, кешегi емес, бүгiнгi күннiң өзiнде Жұмекен талантын мойындай тұра, ешкiмге ұқсамайтынын бiле тұра, оның творчествосын қабылдамайтындар немесе қабылдағысы келе тұра, қабылдағысы келмейтiндер жеткiлiктi. Және бiр байқағанымыз, олардың көбiсi-ақ өз пiкiрiн өзiнде ұстап қалмайды, қайта талғам тайыздығынан туған немесе талғам тәрбиесiнiң бөлектiгiнен туған сол пiкiрiн басқа жұрттың санасына күштеп енгiзгiсi келедi. Бұл қауiптi құбылыс. Тек Жұмекен творчествосын түсiну үшiн ғана емес, әдебиет үшiн де қауiптi құбылыс. Өйткенi қазақ поэзиясында бұрын белгiсiз мүлде бiр жаңа алқап көтерген, сөйтiп, өз әлемiн, жұмекендiк әлемiн ашқан, сонысымен қазақ өлеңiнiң маңыз-мағынасын, кескiн-келбетiн байытуға, қуатын күшейтiп, тынысын кеңейтуге үлкен үлес қосқан ақынға мұндай поэиция ұстану, ең алдымен, әдебиетiмiздiң абыройы мен беделiне сөз айту, тiптi, тiл тигiзу деп бiлген жөн. Егер бiз бұл сөздердi ақынның көзi тiрiсiнде айтуға хақымыз жоқ болған болса, ендi айтуға хақылымыз әрi мiндеттiмiз. Әрине, бiздiң бiреудiң бiреу туралы пiкiрiнде жұмысымыз жоқ, тек ол пiкiр өз ұясында қалмай, басқаларды да улай бастаса, онда бiз оған үзiлдi-кесiлдi жауап беруге тиiстiмiз.

Рас, Жұмекен Нәжiмеденов творсествосы бiрден қабылданып, бiрден ұғыла қоймайды. Өйткенi ол ашынғанын да айқайламай, астармен жеткiзген, қатпар-қатпар қыртыстардан тұратын тым күрделi ақын. Оның дүниетанымы, көркемдiк-эстетикалық концепциясы, образды ойлау жүйесi, лексикалық деңгейi, логикалық құрылысы өлеңмен сұхбаты аз, өнермен таныстығы үстiрт кез келген адамға бiрден ұғыла қоюы қиын. Оның творчествосы өзiнiң оқушысынан қадалып оқуды, тiптi, қайта-қайта оқуды талап етедi. Неге олай? Өйткенi ол осынау күрделi заманамыздың бел баласы, төл ақыны. Заман да күрделi, ондағы адам да күрделi. Сол күрделi заман мен адамды жырлар ақын да күрделi болып жатса, онда оның несi айып. Оның үстiне, талант табиғатын ескермеуге тағы болмайды. Ол ешуақытта да көп ақындарымыздай әдемi бiр тапқыр сөз, табылған теңеу үшiн не жалғыз ғана ой үшiн өлең жазып көрген емес. Оның бiр өлеңiнiң өзiнде нешеме тапқыр сөз, соны теңеулер, қабат-қабат қатпарлы ойлар жатады. Яғни ол әдемi бiр сәт, әдемi бiр фонды қатырып түсiрiп ала қоятын фотоаппаратпен емес, құбылып, түрленiп тұрған, ылғи да қозғалыстағы мына дүниенi сол қалпында түсiретiн кино камерамен жұмыс iстеп өттi. Яғни ол жалт ете қалар бiр сәттiк эффект, жарқ ете қалар бiр сәттiк әдемi әсердi емес, өмiрдiң таласуы мен табысуы, ассонансы мен диссонансы, тартылуы мен шарпылуы қатар қоныс тепкен тұтастықты көрсету үшiн күрестi. Тiптi, оның «баяу алған бiр демiнiң өзi күрсiну мен сүйсiнуден құралған» күрделi болатын.

Көбiне-көп өмiрдiң өтпелi бiр кезеңiн қалт жiбермей ұстап ала қоятын өлеңдi оқып үйренiп қалған баз бiреулердiң қыртыс-қыртыс боп аударылып жатқан Жұмекен творчествосын оқығанда малтығып, тұншығып қала беретiнi де сондықтан. Осыған қарап кейбiреулер оны дүниенiң күңгiрт бiр жықпыл қуысына кiрiп алып, өзiмен өзi болып қалған оқшау ақын деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Бұл мүлде қате пiкiр. Оның жыр шаңырағының өзгелерден оқшау тұрғаны рас, бiрақ ол ешуақта да өмiрден, уақыттан оқшау тұрған емес. Оның жыр шаңырағы дәл төбесiнде қара аспан сатырлап қақ айрылып, қып-қызыл найзағайлар шатырлап тебiсiп жатқан жел өтiндегi жота үстiнде тұр!
Оның өлеңдегi даусының құлағымызға күңгiрт-қоңырқай бояумен, күңгiрлеп алыстан естiлуiнiң сыры оның сырттай бақылаушы, сырттай айқайшы болмауынан, жазылар тақырыптың, яғни игерiлер материя мен заттың iшiне кiрiп сөйлеуiнен. Тереңдiгiнен.

* * *

Ол әдебиетке алғаш аяқ басқаннан-ақ өлеңге контрасты бояулар, драмалық тартыстар алып келдi. Ол кездерде көбiне-көп ақынның iшкi дүниесiндегi қуаныш пен күйiнiш қоршаған ортадан, сыртқы дүниеден, әсiресе табиғат құбылыстарынан көрiнiс табатын-ды:

Сайлардан қаптаған көлеңке
Тауларды қусырып барады.
(«Мен туған күн»)
немесе:
Ақ бұлақ көрпесiн ысырып,
көк тасқа ұйықтады жалаңаш,
(«Мен туған күн »)
немесе:
Ұрды шапақ қара бұлтты қан қылып,
(«Мен туған күн»)
тағы да:
Кестi сәуле жапырақты пышақтап.
(«Мен туған күн»)

Бұлар тек табиғат драмасы, табиғат көрiнiсi ғана емес, бұлар адам жанының да драмасы, адам жанының да көрiнiсi. Өйткенi ақын үлбiреп тұрған табиғаттың үйлесiмi мен үндестiгiн қызықтап, сыртқы сұлулығына сұқтанып тұрған жоқ, оның iшкi драмасына, iшкi арпалысына үңiлiп тұр. Сайлардан қаптап көтерiлiп, тауларды қусырып бара жатқан көлеңкенi көрiп шошынып қаласыз да, көрпесiн ысырып тастап, көк тасқа жалаңаш ұйықтап кеткен ақ бұлақты көрiп аяйсыз; қара бұлтты қан қылып ұрған шапақтан, жапырақты пышақтап жатқан сәуледен де бойыңызды жинап аларыңыз сөзсiз. Драма ма? Драма. Қоршаған ортаның драмасын, сөз жоқ, өзiнiң бойында драмасы бар ақын ғана көре алмақ.

Дегенмен, алғашқыда табиғаттың iшкi әлемiне, оның iшкi құбылысына үңiлiп, содан ғана сыр iздеп, содан ғана сыр тартқан ақын бара-бара өз бойындағы құбылыстарды да сыртқа шығара бастады. Ендi ол драманы көрушi ғана емес, сол драманы бүкiл жан дүниесiмен сезiнушi де. Ақын есейдi, ақын өстi. Яғни ол ендi туған табиғаттың, қоршаған орта мен туған жердiң драмасы мен трагедиясын өз жанының, өз жүрегiнiң драмасы мен трагедиясы деп ұғатын дәрежеге көтерiлдi. Өзiн солармен бiрге қарастырды.

Төбемде бұлттар жарысты,
Төменде оттар жанады.
Онан ұшқан әр ұшқын
Көкiрегiме қонады.
Бұлақ мезгiл сырғыса,
Мен тамырға тараймын.
Сынып түссе бiр бұта,
Қабырғама қараймын.
Уа, туған жер, шүкiрсiң!
Топырағыңа киелi
Бiр есуас түкiрсе,
Ол бетiме тиедi.
(«Мен туған күн»)

Осы бiр үш қана шумақтың өзiнен-ақ ақынның азаматтық болмыс-бiтiмi, әлеуметтiк көзқарасы, қоғамдағы орны, өмiрлiк позициясы тайға таңба басқандай болып бадырайып көрiнiп тұрған жоқ па?!

Дәл осы тұстан бастап оның позициясы қоғам, қазiргi заман проблемаларын бойына сiңiрiп, уақыт рухымен органикалық байланыста, өрбiп бiтеқайнасып кеттi. Бұрын кеудесiндегi «кiшкене бастың үп-үлкен дүниенiң сырына алаң» екенiн ашса, ендi ол адамзаттың «жұдырықтай басымен-ақ жұмыр жердi шырқ үйiрер» құдiреттi күшке ие екендiгiн ұқты. Дәл осы тұста ол қоршаған орта дарамасы мен трагедиясы адам трагедиясы мен драмасына айналатынын ғана бiлiп қойған жоқ, сонымен бiрге, керiсiнше, адам трагедиясы мен драмасы қоршаған ортаның да драмасы мен трагедиясына айналатынын бiлдi.

Сол бiр жас домалап кеп жерге түстi,
Жер дағы сезiмдердi тербетiстi.
(«Мен туған күн»)
Адам қасiретi — жер қасiретi.

Ендi ол айналасындағы құбылыс заңдылықтарын зерттеп тануы үшiн, өзгенi бiлу үшiн, ең алдымен, өзiн тануы керек болды. «Өзiне тартып туған көлеңкесiн» көрдi. «Өзiне өзi құсап жарасқан ойды» сезiп қуанды. Ақырында:

Өзiңдi өзiң ұқпасаң,
Сенi кiм ұғар деп едiң! —

деп үлкен өмiрлiк философия түйедi. Бұл ақынның өсу эволюциясынан, творчествосының диалектикалық дамуы әсерiнен, өмiрлiк тәжiрибесiнен туған философия болатын. Көрдiңiз бе, бәрiмiз шеше алмай жүрген бiр түйiн екi-ақ жолмен шешiмiн тапты да жүре бердi. Шынында да ең алдымен өзiңде өзiң ұқ, сонда ғана сенi жұрт ұғуы мүмкiн. Өзiңдi өзiң зерттеу, өзiңдi өзiң бiлу, ең алдымен, сол үшiн керек екен. Қандай қарапайым, қандай дәл.

Жалпы, Жұмекен Нәжiмеденов творчествосындағы ең басты доминант не десе, онда бәрiмiз бiр ауыздан: ол философиялық ой дер едiк. Және оның философиясы өмiрдiң өзiндей қарапайым, өмiрдiң өзiндей терең.

... Әлi жүрмiн. Түк бiтiрген жоқпын мен.
Iш қазанын жалайды ыза от тiлмен.
Алып-алып көп үмiттi көп күннен,
Деп кетем бе түк бiтiрмей өттiм мен?
Жоқ, өткем жоқ, өтпегенде қалды нем?
Жиырма бестен өттiм елдiң алдымен.
Туған едiм ең соңынан бұл жұрттың,
Ең соңынан соғар ма екем санды мен?
Осы ойлармен атты, әнеки, таң дағы,
Тағы бiр күн келе жатыр жанғалы.
Мен өткем жоқ, өтедi екен жылдар тек,
Бiрақ менде қалады екен салмағы.
(«Мен туған күн»).

Бұлай сөйлеу, жылдар салмағын өз бойынан сезiне бiлу тек үлкен талант қолынан ғана келсе керек. Өлең әп деп басталғаннан-ақ өзiн өзi жаныштап, өзiн өзi сұрақ астына алып, өзiн өзi тергеген ақын, соңғы шумақта сабасына түскенмен, өзiн өзi ақтап алған жоқ. Қайта уақыт алдындағы өз миссиясын бұрынғыдан да ауырлатып тұр. Бiз, әдетте, осындай бiр жақсы өлең оқығанда, бiр дем, бiр леппен жазылған екен деп жатамыз ғой. Онымен бiз өлеңнiң органикалық тұтастығын бiлдiргiмiз келетiн болу керек. Шынында да, өлең басталғаннан оның өн бойынан ширығып естiлетiн дiрiл ең соңғы нүктесiне дейiн үздiгiп уiлдеген қалпында iлесiп отырады. Әр сөзi тiрi. Әр сөзi қозғалыста. Өлең бойындағы көзге көрiнбес, тек интуициямен ғана ұғылар сөздiң микроталшығына дейiн ақын жүрегiнiң лүпiлiмен, ақын жүрегiнiң дiрiлiмен сөйлеп тұр. Мiне, Жұмекен философиясы! Онда құрғақ ақыл, жасанды қондырғы болмайды. Оның әр сөзi, әр ойы өмiрдiң өзiнен көтерiлiп, көктеп шығып жатады.

Әлеуметтiк көзқарасы, азаматтық болмыс-бiтiмi қалыптасып, қоғамдағы орнын белгiлеп алған ақынның Уақыт алдындағы жауапкершiлiгi бұрынғыдан да ауырлап, бұрынғыдан да арта түседi. Ақын — шалт, ақын — мазасыз. Өйткенi оны «жаңа келген күн бұлбұлын өзгеше сайратып ұялтып тастады». Сондықтан ол «дүние ұлтаны сөгiлсе, өзiн шеге қып қағуға дайын», сондықтан ол «таң ата бала боп оянып, күн бата шал болып жатып жүр». Ақын бұдан былай жанына — дамыл, жырына — мiгiр бергiсi жоқ. Ендi ол Алатауды тастап, Қошалақтың құмындағы Әшiм шалмен сәлемдесiп, «Қарулар палатасына» бiр-ақ асады. Бәрiн бiлгiсi, бәрiн көргiсi келедi. Ақынның:

Анда барсам — мына жақты көрмеймiн,
мында келсем — ана жақты көрмеймiн, —
(«Мен туған күн»).

деуi де осы тұс. Мұнда үлгере алмай қапылып жүрген ақынның дүниенiң құшаққа сыймас кең екендiгiн де сезiнуi жатыр. Оның аспанға «сен егер де көзi болсаң адамның» деп сөйлеуi де iрi масштабтылықты аңсаудан туса керек.

Тiршiлiк пен уақыт сахнасында өтiп жатқан сан драманың — күйiнiш пен сүйiнiштiң, қаралық пен ақтықтың, адалдық пен арамдықтың, шындық пен өтiрiктiң бiр-бiрiмен тайталас сайысын бiр сәтте қамтып көрем деу, түптеп келгенде, әр жерден бiр қарпып сөйлеуге немесе сырттай қызықтаушы, сырттай бақылаушы боп қалуға әкеп соғатынын ақын тез ұққан-ды. Сондықтан ол уақыт пен кеңiстiктiң географиялық кескiн-келбетiн емес, уақыт пен кеңiстiктiң тарихи болмыс-бiтiмiне көбiрек үңiлуге бет бұрды. Ендi ол үмiтi мен күдiгi қатар алмасып, таразы тiлiндей қылпылдап тұрған уақыт портретiн қолмен ұстап, көзбен көретiндей бояулар арқылы кескiндеуге кiрiстi:

Ауа жасыл, су да жасыл, қыр жасыл,
Жасыл бояу құрғамасын, құрғасын!
Қызыл бояу қызартады...
ал ендi

Жасыл бояу жасартады әлемдi.
Жер — жап-жасыл, көңiл дағы жап-жасыл,
Күн қалайша қып-қызыл боп жанбасын!
Қызыл күн мен жасыл жердiң ортасын
Өзге бiр түс бұза ма деп қорқасың...
(«Мен туған күн»).

Жұмекен Нәжiмеденовтiң осы кездегi поэтикалық картиналары өзгеше бiр дүние. Жiпке моншақ тiзгендей, ылғи бiр үзiлiп кетердей дiрiлдеп тұрған дыбысқа ылғи бiр жұтынып тұрған сиқыр сөздердi тiзе бiлген ақынның шеберлiк-зергерлiгi қандай десеңiзшi! Оқи бергеннен-ақ сөз бiткеннiң бәрi бiр-бiрiмен кiшкене күмiс қоңыраулардай соқтығысып, айналаңды күмбiрлеген үнге көмiп жiбередi. Бiрақ ақын салған сурет контуры сол күмбiрлеген үн асытнда басылып қалмай, қайта, бұрынғыдан да ажарланып, бұрынғыдан да қырлана түседi. Құлақпен естiгенiңiздi көзбен көресiң де, көзбен көргенiңiздi құлақпен ести аласыз.

Жайдақ құмдар суырылып,
жалын сияқты ағатын.
Жалпылдаған туырлық —
жапалақтың қанаты.
Шегiрткелер тобы ұдай
қып-қызыл боп қанаты,
ақтiкеннiң шоғындай
пышыр-пышыр жанады
(Сонда)

Мiне, шеберлiк! Ендi осыдан кейiн құм суретiн естiген де, көрген де жоқпын деп көрiңiзшi. Дей алмайсыз. Өйткенi құлағыңызда — ысылдаған құм суылы, көз алдыңызда — құбылып тұрған құм суретi.

Жұмекен Нәжiмеденовтiң поэтикалық картиналарын осы өлеңдердi алып отырған жалғыз «Жарық пен жылу» кiтабынан ғана емес, бүкiл творчествосынан молынан кездестiруге болар едi.

Оны бiз сөз бен дыбыс концентрациясынан ғаламат бояулар тапқан бiрегей ақын дей аламыз. Бiрақ оның табиғат пейзаждары тек табиғат пейзажы деңгейiнде қалып қоймайды, көбiне-көп уақыт пейзажына айналып кетедi:

Көкбеттенiп тұрды аспан,
Құмның жүзi қарасұр.
Жел суыпты сұр қашқан, —
Аласұр, қияқ, аласұр.
Ұлылығы не керек —
уiлдеп тоңып дала тұр.
Дiр-дiр етпей, ебелек,
бiр тасаға бара тұр.
(Сонда)

Әрине, бұл — даланың күзгi суретi ғана емес. Алдымен суретке қарап, сонан соң үнге құлақ тосыңыз. Осы бiр жолдардың ар жағынан сонау соғыс жылдарының сұп-суық лебi мен демi жүрегiңiздi мұп-мұздай қып қарып кетпей ме?!

Бiз бұл жерде Жұмекен Нәжiмеденовтiң сөз-суретi мен дыбыс бояуын тектен тек қызықтап қарастырып отырғанымыз жоқ. Оны ақын да қызықтамаған. Оның бәрi уақыт үнi мен уақыт суретiнiң ақын жанына, ақын жүрегiне молынан сiңуiнен. Талант табиғатынан. Мiнезден. Не болғанда да, Жұмекен Нәжiмеденов поэзиядағы график емес, живописшi. Өйткенi ол әрбiр сызық-штирхтан көзге түсiп көрiнiп тұрар ерекшелiктi тапқаннан гөрi, әрбiр жазылған бояудан жымы бiлiнбей үндесiп кетер тұтастықты тапқанды қалайды. Ол өлеңнiң әр сөз, әр буын-бунағын шүпiлдеп тұрған дыбыстың сансыз бояуларына қалауынша шомылдырып ала алады. Сондықтан оның өлеңдерiн оқығанда, ондағы сөздердiң бөлек-бөлек болып көзге түспей немесе үзiлiп, кесiлiп қалмай, бiр-бiрiмен жымдаса тұтасып кететiнi де содан болса керек. Сөз жоқ, ол картиналар ақын шеберлiгiн ғана танытатын картиналар емес, ең алдымен, өмiрдiң өзiн танытатын шығармалар. Яғни өмiрдiң өзiнен көшiрiлген картиналар. Оның шығармаларында, әсiресе соғыс тақырыбын арқау еткен шығармаларында, өмiрдiң өзi сөз алып, өмiрдiң өзi өлеңге айналады.

Сонау жылдар едi бұл...
Күзеттi аспан күңiренген ел үнiн.
Ел күзеттi әкесi жоқ баланы,
Шал күзеттi жесiр қалған келiнiн.
Күзеттi ана нәрестесiз бесiгiн,
Жар күзеттi күйеуiнiң есiмiн.
Түн iшiнде түндей қара шал қақты
кей жесiрдiң кiлттеулi есiгiн.
Ар күзеттi туған жердiң картасын,
көлiн, тауын, жесiрлерiн, жартасын.
Күзеттi iнi ер-тоқымын ағаның,
ай күзеттi кәрi аспанның қабағын.
Жатты солай бiрiн бiрi күзетiп...
(«Темiрқазық»)

Оқыңыз да, құлақ тосыңыз. Құлақ тосыңыз да қайта оқыңыз. Өлең астарында төселген күңiренген үндi қайталап тыңдап көрiңiз. Аңғар—аңғарды қуалап соққан желдей аңырап, ботасы өлген аруанадай боздап тұрған жоқ па?! Етiңiзден өтiп, сүйегiңiзге жеткендей. Соғыс зары мен соғыс қасiретiне суғарылған осы бiр жолдарды қаншама салмақ, қаншама трагедия жатыр десеңiзшi?! Оқи бастағаннан өлең астарынан аңдағайлап бас көтерiп шыға келетiн үнге құлақ қоймай, таза сөздiң өзiне ғана ден салсаңыз, онда бұл жолдар көп бояу, көп әрiн жоғалтып, жалаңаштанып қалары сөзсiз. Кiмге қалай екенiн қайдам, менiң өз басыма осы жолдар қаралы киiм киiп жоқтау айтқан жесiрдей әсер етедi.

Бұл — Жұмекен Нәжiмеденовтiң «Келiн» поэмасының увертюрасы. Осылай тереңнен тұтасып, демiн тереңнен алып басталған поэма ғұмырын тағдыр таразысына салған адам жанының қасiретiне, адам жанының күрсiнiсiне арналған.

Дүниенi келi етiп түйiп, жердi тозаң етiп жiберер соғыс зұлматтың алапат салмағы бiр күннiң iшiнде нәп-нәзiк келiн иығына да келiп түстi. Бiр тағдыр өмiр табалдырығын аттамай жатып, бүкiл қызығынан тоналған жесiр боп, әлi дүниеге келiп үлгермеген күнәсiз сәби әкесiз жетiм боп қалды. Бiрақ келiнi төрт жыл бойы соғыс салған салмақты қасiрет жасын iшiп жүрiп қайыспай көтерiп шыға білдi. Төрт жыл бойы күнгейiне көлеңке, арына дақ түсiрген жоқ. Төрт жыл бойы ол да соғысты. Келiн үшiн соғыс — ар мен ождан үшiн соғыс болатын. Оның бұл соғыста мерейi үстем болып шықты. Сондықтан да келiн ерлiгi — ар ерлiгi, ождан ерлiгi. Сондықтан да келiн — адалдық пен тазалық символы.

Поэмадан ақын атынан айтылар бiр де бiр айқайды, бiр де бiр асқақ дауысты кездестiрмейсiз. Бәрi де сол қалпында, ащы, шындық қалпында сөйлеп тұр. Өйткенi ақын сыртқы дауыс, сыртқы қапылыстан гөрi, түу тереңнен, жүрек түкпiрiнен көтерiлер iшкi үнге, iшкi шарпылысқа қатты ден қойған. Яғни адамның анкеталық өмiрбаянына емес, iшкi өмiрбаянына, жан-жүрегiнiң өмiрбаянына зер салған. Соның арқасында ақын терең драмалық адамгершiлiк позицияларды, биiк моральдық қасиеттердi ашып көрсете бiлдi.

Бұл «Келiн» поэмасы қазақ поэзиясының арғы-бергi тарихында дүниеге келген поэмалардың ең үздiк үлгiлерiнiң, iнжу-маржандарының қатарында тұрары сөзсiз.

Сондай-ақ бұл жерде ақынның осы соғыс тақырыбына жазылған «Қанды сүт», «Соңғы махаббат» поэмалары да тек ақын творчествосының ғана емес, сонымен бiрге әдебиетiмiздiң де биiк деңгейiне бiр толық өлшем бола алатынын айта кету ләзiм.

Ылғи да өзiн өзi үңгiп, өзi арқылы өзгелердiң жанына үңiлудi мақсат тұтқан ақын, ылғи да iзденiс үстiнде жүретiн ақын, сөз жоқ, шыққан биiгiне шуақтап, тапқан табысына тояттап қалмақ емес. Ондай творчестволық мiнезге ие талант аттаған сайын жаңалық ашып жатпағанмен, түптеп келгенде, не өзi, не өзге ашар жаңалықты бiр елi болсын жақындатары сөзсiз. Ондай творчестволық мiнезге ие таланттың кей-кейде олқылау тұсы болғанмен, тоқырау тұсы болмақ емес. Жұмекен Нәжiмеденов дәл осындай творчестволық мiнезге ие талант болатын.

Шынында да, әлгiндей эпикалық ауқымдылығы жағынан болсын, философиялық тереңдiгi жағынан болсын, эмоциялық қуаты жағынан болсын, «Жоқ, ұмытуға болмайды» сияқты қуатты кiтаптың уысынан шапшаң босап шығып, басқа тақырыпқа ауысу үшiн, қаншама творчестволық өжеттiлiк, қаншама творчестволық жiгер керек десеңiзшi! Жұмекенде сол өжеттiлiк пен жiгер табыла бiлдi.

Ақын қолынан бұрынғы шығармаларынан тек тақырып топырағы жағынан ғана емес, туыстық сүйегiнен бастап, интонациялық демiне дейiн мүлде бөлек «Күй кiтабы» дүниеге келдi.

«Күй кiтабы» — белгiлi-белгiлi күйлердiң мазмұнын мақамдап баяндап беретiн өлеңдер жиынтығы немесе олардың сөзбен салынған иллюстрациялары емес, бұл кiтап — күй рухының поэтикалық галереясы. Сондықтан да оқи бастағаннан-ақ әр өлеңнiң өн бойынан тартысқа толы тұтас бiр дәуiр үнi атойлап шыға келедi. Әр өлеңнен сол бiр зар заманның зарлаған үнiн, әлеуметтiк болмыс-бiтiмiн танисыз. Бұл кiтап, сайып келгенде, тарихқа үңiлудiң жаңа бiр тың формасы. Яғни тарихымыздың кескiн-келбетi мен тұтас бiр әлеуметтiк ортаның психологиясын күй арқылы, яғни өнер көзiмен көрiп ашу. Кiтап идеясы, ең алдымен, осынысымен құнды.

Ыстық ұрды маңдайға —
кекiрегiнде бiрте-бiрте ерiдi үн.
Күйшi қашты мазағынан түрменiң
азабына бүкiл байтақ елiнiң.
(«Түрмеден қашқан». «Темiрқазық»).
Қимыл кiрдi бар алапқа,
көз үйрендi әрең бұған.
Көлеңкелер қара қатпа
жүгiредi қараң-құраң.
(«Қызылқайың». «Темiрқазық»).
Кенеттен...
Салды ауызды әлденеге,
бұл шiркiн азу салса әлдене ме!
Найзағай басқандай-ақ,
табанынан
бiр дiрiл тарап жатты бар денеге.
(«Нар идiрген». «Темiрқазық»).

Бiрiншi шумақтан сiз тұтас бiр дәуiрдiң әлеуметтiк теңсiздiгiмен қоса, азапқа көнсе де, мазаққа көне алмайтын күйшiнiң үлкен мiнезiн танып, бағамдайсыз. Ендi екiншi шумаққа көз салыңызшы. Мұнда музыка сарынының iшкi қозғалысы, iшкi жанталасы елес-сурет арқылы берiледi де, сiз сол бiр кезеңнiң үрейлi картинасын дәл жаныңыздан көргендей боласыз. Музыкадағы құлақпен ғана ұғылар абстракциялы көрiнiс қолмен ұстап, көзбен қарауға болардай нақты, материаланған көрiнiске айналып шыға келедi. Үшiншi шумақтағы образ құдiретiне қараңызшы. Күй әсерiнен алпыс екi тамыры иiп бара жатқан нар денесiндегi дiрiл алапаты қандай?! Мұның нар табанының астында шатырлап сiлкiнiп жатқан қып-қызыл найзағайды көз алдына келтiре алатын адам ғана ұға алмақ.

Бұл жерде тағы бiр ескертер жайт — Жұмекен Нәжiмеденов күй аясында ғана қалып, күй рухына ғана қызмет iстеумен шектелмеген. Ол күйлерге өзiнше поэтикалық трактовка жасаумен бiрге, олардың көркемдiк-эстетикалық концепсиясын аша кетудi ұмытпаған. Әрине, мұны Жұмекеңнiң ең басты мақсаты едi деп ұқпаған жөн. Бұл кiтапты жазғандағы оның ең негiзгi мақсаты — әлгiнде айтып өткендей — өткенiмiзге өнер арқылы үңiлу. Яғни күй тұтас бiр қоғам қайшылықтылығын көрсетудегi Жұмекен қолындағы эстетикалық, творчестволық құрал қызметiн атқарады десек, шындықтан көп алшақтамас едiк...

Жұмекен Нәжiмеденовтiң лирикалық кейiпкерi — жан-жақты, сан қырлы, көргенi де, көңiлге түйгенi де көп, жаны бай жан. Бiрақ ол бүкiл ел мен жер қамын ойлай алатын, өткенiмiз бен ертеңiмiзге қатар үңiле алатын азаматтық биiк өреге, қарапайым тiршiлiк топырағынан, яғни «от басы, ошақ қасындағы» дүниенi танып бiлуден барып өсiп шыққанын ешуақта ұмытпайды. Бүкiл уақыт салмағын иығында сезiнiп, бүкiл планетаны көзiмен шолып қарай алатын оның лирикалық кейiпкерi космоста қалқып тұра алмақ емес.

Оның бақылайтын объектiсi де, бақылау пунктi де — Жер. Ол жердегi құбылыстарды жерде тұрып қана қарай алар қасиетке ие. Сондықтан бүкiл жер шарын глобус құшақтағандай құшақтай алатын оның үлкен мiнезге ие лирикалық кейiпкерi адам мен адам арасындағы қатынасқа «тұрмыстық тiршiлiк», «от басы, ошақ қасындағы» әңгiме деп қарай алмайды. Өйткенi ол соншалықты үлкен диапазон, iрi масштабтылық деңгейге өзiм көтерiлдiм, ендi қалғаның не болсаң, о бол деген ойдан аулақ. Дедi-ақ, түу төменге бiр-ақ құлдырап түсетiнiн жақсы бiледi. Өйткенi ол төменде тұрып биiкке қарай алмау қандай рухани тоғышарлық болса, биiкте тұрып төмен қарай алмау да соншалықты рухани тоғышарлық екенiн ерте сезiнген. Өйткенi ол әлем қамын ойлай алатын, өзi шыққан биiкке басқа адамдар да шығу керек екенiн, ал ондай биiкке көтерiлу үшiн, ең алдымен, түу төменде жүрген адамдардың бiр-бiрiмен тiл табысып, ұғысуы қажет екенiн бiлген-дi.

Сондықтан ба Жұмекен Нәжiмеденовтiң лирикалық кейiпкерi кейде бiрқыдыру уақыт өз арамызда, ауыл-үй iшiнде «қыдырыстап» жүрiп алатын-ды. Бiрақ оның лирикалық кейiпкерi, «жерге түстiм ғой» деп, ондай сапарларында әр нәрсенi жiпке тiзiп жүретiн пендешiлiк ұсақтыққа ешуақта барған емес. Ол жұрттың бәрiмен қоян-қолтық, аралас-құралас жүре тұра, өзiнiң азаматтық позициясын, азаматтық миссиясын сол биiк қалпында сезiнiп, сол биiк қалпында сақтап қала бiлдi.

Ақын адам психологиясына, адам жанының қатпар-қатпар астарларына сол азаматтық позициямен қарап өттi. Ол адам жанын улайтын, адам санасы мен ойын әртүрлi моральдық «жұқпалы ауруларды» тарататын микробтардан тазарту үшiн, сөйтiп, оның орнына сұлулық пен адамгершiлiк қасиеттердi егу үшiн күрестi. Адам бойындағы құбылыстар мен қайшылықтарды қадала зерттедi, қопара ақтарды. Және соны сол қалпында ашып көрсете бiлдi.

Мынау ойдың тәттiсi-ай, қанар ма адам,
тым тәттiлiк таңдайды ояр болар.
Үмiт деген әдемi көбелек қой,
қай жерiңе гүл өссе, соған қонар.
Мынау ойдың ащысы-ай,
болар, болар!
Тым ащылық қайтесiң, обал болар.
Күдiк деген — Сауысқан,
ал Сауысқан
Қай жерiңде жара бар, соған қонар.
Жан әсерiн жүрдiң-ау күтiп ықтап,
жараң ашып,
гүл тоңып жыпылықтап —
бiр жағынан көздi арбап Көбелегiң,
Сауысқаның бiр жақтан шықылықтап.
(«Мен туған күн»)

Адам мен адам арасын былай қойғанда, бiр адамның бойында бiрiн бiрi ала алмай, сiлкiнiп жатқан қаншама қайшылық, қаншама конфликт бар десеңiзшi! Асылы, адам жаны бiр-бiрiмен үнсiз ұғысып, бiр-бiрiмен үнсiз табысып, тартылып жататын аттас зарядтардан емес, жай ойнатып, жасын лақтырып жататын керi аттас зарядтардан тұрса керек. Олай болса, адамның өмiрдегi күресi де — өз бойындағы жүрiп жататын күрестiң нақты көрiнiсi. Яғни адам өмiрде, тiршiлiк қарекетiнде өз бойында шайқасып жатқан жақсылық пен жамандықтың қайсысы үстем түссе, соның сойылын соқпақ. Үмiтi бар адамның күдiгi де бар. Бiрақ қайсысы басым түседi? Әңгiме, мiне, осында. Ақын жоғарыдағы өлеңiнде бiр сәттiк құбылысты, Үмiт пен Күдiк шарпылысын ғана алған. Бiрақ бұл жерде ол қазылық айтып, қазымыр ақылгөйсiп те, анау қасиет жақсы, мынау қасиет жаман деп, жалаң пәлсапа соғып та жатпайды. Адам болмысын сол қалпында жалаңаштап көрсетiп берiп тұр. Көзбен көр де, iштен түй! Сайып келгенде, Жұмекен мақсаты — адамның өзiне өзiн таныту. Бiрақ бұдан ақын позициясы көрiнбей, тасада қалады деген ой тумаса керек.

Айтатыным ақыл боп жүр үйткенi,
тыңдаған жан мақұл деп жүр үйткенi:
өз есiгiм қысты талай қолымды,
өз ауламда қапты талай ит менi.

Бұл не? Өкпе ме, наз ба? Жоқ, әлде түңiлу ме? Қайсысы? Ақын позициясы көрiнсе, дәл осы жерде, өз ауласында өз итiне таланып жатқан жерде көрiнуге тиiс. Одан әрi оқып көрейiк:

Қызық-қызық сөйлейдi адам, күйiнбе,
бұзып-бұзып сөйлейдi адам, күйiнбе.
Безе алмадым тiл тидi деп құрбымнан,
ит қапты деп безе алмадым үйiмнен.
(«Мен туған күн»).

Бұл жолдардан кейiн ақын позициясын анықтаймын деп арамтер болудың қажетi шамалы.

Жалпы, Жұмекен Нәжiмеденов өзiнiң творчествосының осы бiр кезеңiнде, мейлi ол «күлкiмен бiрге көз жасы да таусылып қалған» соғыс кезiндегi балалық шағын әңгiмелесiн, мейлi ол доспен арасындағы қарым-қатынасты қарастырсын, мейлi ол маңдайындағы жалғыз ұлымен сұхбат құрып сырлассын, мейлi ол «өзiмен өзi» боп, өзiн өзi парақтап, аударыстырып кетсiн, ең алдымен, адам тануға, адам жанына үңiлуге қатты ден қойды. Оның осы тұстағы үш кiтабы /«Мезгiл әуендерi», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ туралы баллада»/бұл сөзiмiзге толық куә.

Жұмекен Нәжiмеденов өзiнiң әдебиеттегi айтар сөзiн тек өлеңмен ғана емес, бiрқыдыру уақыт бойы прозамен де айтып көрдi. Ол да бiр ақын творчествосындағы сөз кезегiн күтiп жатқан өзгеше кезең. Бұл жолы оған бiз аялдай алмаймыз. Тек айтарымыз: араға жылдар салып өлеңге қайта келген Жұмекеннiң мүлде басқаша болып оралғаны. Бейне бiр ол проза ауылына бiзге үйреншiктi атына мiнiп кетiп, қайтарында бiз көрiп-бiлмеген, жүрiсi де, мiнезi де ерек басқа бiр ат мiнiп қайтқандай.

Шынында да, осы тұстағы оның өлеңдерi өзiнiң эпостық ауқымдылығымен, тiршiлiк прозасы топырағынан көктеп шыққан тақырып қарапайымдылығымен оқырман қауымды бiрде-ақ елең еткiзген-дi. Сондай-ақ оның тақырыпты қопарып-көтеретiн, қорытып-шыңдайтын, жұртқа жеткiзер тәсiл-құралдары да өзiнiң әр тектi, сан алуандылығымен тәнтi етiп едi.

Адам жанына өзi ашқан ылғи сол бiр тұстан, ылғи бiр сол жолмен сапар шеге беру не берсiн. Түптiң түбiне келгенде, өзгенi болмағанымен, өзiңдi қайталап тынатының сөзсiз ғой. Сондықтан Жұмекеннiң адам жанына әр тұстан, әр жолмен барлау жасауын, ол үшiн әртүрлi творчестволық тәсiл-құралдар қолдануын, бiр жағынан, батылдық деп те қараған жөн. Өйткенi өлеңдегi болсын, өнердегi болсын өз жолын анықтап алған адамның басқа бiр тыңнан жол салуы — өте сирек кездесетiн құбылыс.

Оның өлеңдерiндегi сюжет, аллегория, мысқыл, сатира, гиперболаның, миф, аңыз-ертегiлердiң осы тұста молынан кездесуi әйтеуiр қызықтаудан емес, осы ниеттен, яғни адам жанына басқа тұсынан барлау жасау ниетiнен туғанын, және олар өзiн өзi ақтап тұрғанын айта кеткенiмiз ләзiм.

Ақын шеберлiгiнiң қиял кеңiстiгiнiң, тәсiл-құралдарының жетiлiп өскендiгi сонша, ендi ол жылт етер күлкi ғана шақырып, сөнiп қалатын кiшкентай мысалдың өзiн үлкен адамзаттық ойға көтере бiлетiн болды...

Зоология мұғалiмi бiр шәкiртiнен тышқан қанша жасайды деп сұрайды. Қыңыр шәкiрт қыңыр жауап бередi: оны мысықтан сұрау керек дейдi. Бiтiп, аяқталып тұрған мысал ғой. Бiрақ Жұмекен дәл осы бiтiп тұрған жерден өлең табады. Бақсақ, дәл осы бiтiп тұрған жерде «мысық-тәбет», «мысық-тiлек», «мысық көз», «мысық-тiрлiк», «мысық табан саясат» бұғып жатыр екен.

Оны тек Жұмекен ғана көре алыпты:

Жауыздық пен арамзалық бүгiнде
әр есiктiң түбiнде.
Аузын аңдып әр iннiң,
әр елдiң бiр сылдыратып бұтасын,
аш мысық боп дүниенi кезiп жүр.
(«Темiрқазық»)
Ақын бүкiл адамзат баласын сақтандырып тұр.

Кiшкентай нәрседен үлкен ой түю. Жұмекен өлеңiнiң бойындағы бар қасиет болатын. Бiрақ мұндағы тәсiл мүлде бөлек. Осы тәсiл арқылы Жұмекен оқырман жүрегiне бұрынғыдан да бiр табан жақындай түскендей.

Оның бұл тұстағы айналадағы көрiнiс пен құбылыстарды қабылдауы, оларды сөзге көшiруi де әдеттегiден өзге, бөлек болғаны құлаққа тосын естiлгенi рас.

Тасбақалар табысты кiсiнесiп,
(«Темiрқазық»)
немесе,
Саусағымен ауаның
қара бұлтты ақ шыңға байлап қойып сауамын!
(Сонда)
немесе,
Ал табиғат қайрат жұмсап бiз үшiн
әр бұтасын мүйiз етiп сүзiсiп,
газ бен удан тұр қорғап.
(Сонда)
Бөксе артып ем — тарғыл тасы тоқтықтан
тулап үркiп, жығып кете жаздады.
(Сонда)

Сөз жоқ, бұл жолдарды кез келген оқушы, тiптi, оқығаны мен тоқығаны көп деген оқушының өзi бiрден қабылдай қоюы қиын. Бiрақ бұл жерде халық ойына, мүддесiне, халық арманына қызмет еткен iрi ақындардың бәрi дерлiк ешуақта да талғамға қызмет етпегенiн қатты ескертуiмiз керек. Ондай iрi ақындар ешуақта да оқушы талғамының қолына су құяр құлы, оқушы талғамының сулық-майлығына жүгiрер малайы болмаған. Қайта, ондай ақындар көне көрпеге көмiлiп отырған консерватор талғамның зәре-құтын қашырып, орнынан көшiре келетiн. Өйткенi нағыз ақын оқушы талғамын қалыптастыру үшiн, оны жаңа биiкке көтеру үшiн қызмет ететiн-дi. Яғни, әдетте, ол оқушы соңынан салпақтап ерiп отыратын көнбiстiк мiнезге емес, мүйiзi қарағайдай болып көшбастар серкелiк мiнезге ие боп келетiн. Жұмекен Нәжiмеденов дәл осындай ақын-ды.

Бұл жерде жоғарыдағы жолдар не үшiн жазылған, олар не үшiн керек едi деген заңды сұрақ туары сөзсiз. Әрине, Жұмекен сияқты берiк мiнездi ақын ешуақта да жалт етiп көзге түсуi үшiн, әйтеуiр, жұрттан бiр оқшау көрiне қою үшiн жұмыс iстей алмайды. Сондықтан жоғарыда бiз мысалға келтiрген жолдар, ең алдымен, бiздi қоршап тұрған уақыт пен заманның Жұмекен қабылдауындағы күрделi көрiнiсi. Ақын әбден құлаққа сiңiмдi болып кеткен, бiрден жұтылып, бiрден қабылданатын образдар жүйесiмен адам жанының немесе уақыттың бiзге белгiсiз түкпiрiнен жаңалық алып шығу мүмкiн емес екенiн бiлдi. Уақыт пен адам жанының бiзге белгiсiз қатпарларын ашу үшiн тосын мiнез, тосын қарекет керек деп ұқты. Олай болса, бұрын бiзге белгiсiз жаңа образдарды тосын жүйесi дүниеге келмек. Сондықтан жоғарыдағы жолдарды тек осы тұрғыдан ғана қабылдаған жөн.

Жұмекеннiң соңғы жинақтары өзiнiң эпостық ауқымдылығымен, эпосқа тән мiнез-қарекетiмен, бiрден көзге түседi. Әрине, олар шалқып, шарықтап, аспанда қалықтап тұрған жоқ. Олар реализмнiң қара топырағына отырғызылған, соған тамыр сап, содан көктеп өсiп шыққан дүниелер...

... Мiне, ақын Москвадағы Пушкин ескерткiшi түбiнде тұр. Ақын ақынмен сұхбаттаспақ. Ол өзiн, халқын таныстырып өттi. Дала атынан сөз сөйледi. Бiрақ Пушкин үнсiз. Оның «көзiндегi ұлы қайғы қабағын көтертпейдi». Жаңа заман, жаңа тiрлiктiң келгенiмен хабардар еткен ақын ендi Пушкинге жарының жазығы жоқ екендiгiн, оның артынан ерген сөздердiң бәрi өсек пен жала екендiгiн айта келiп:

Өсек-ғайбат өршiткен қай оңбаған?
Музаң сынды
жарың саған болды адал! —

деп ашына шырылдайды. Осы кезде Пушкин ескерткiшi қалай тебiренiп кеттi дейсiз ғой:

Бұйра басын сiлкiп тастап ұлы ақын
жүрегiнен оң қолын ап,
сұрапыл
ырзалықпен созды маған;
бiр оймақ
Қуаныштың шықты бетке нұры ойнап.
Менiң ыстық алақанымды ұстады —
қабыршық боп тастар сынып түстi, әне.
Жазылды да желеңiнiң қат-қаты,
тас тұғырдан түсiп келе жатты ақын.
(«Темiрқазық»)

Жұмекен Нәжiмеденов, мiне, осындай тас ескерткiштiң өзiн тебiрентiп, оны тас тұғырдан түсiре алатын құдiретке ие болған кезiнде, ақындық таланты әбден кемелiне келiп, толысқан шағында көз жұмды.

Ол бiр өлеңiнде «бiр сөздiң тасасында асылым бар» деген екен. Шынында да оның «әр сөздiң тасасында асылым бар» деуге хақысы бар едi. Ол сөздi ендi бiз айтамыз.

* * *

Бұл мақала түйiнделмейдi. Өйткенi Жұмекен туралы айтылар сөз әлi алда. Сондықтан бұл мақаланы оның творчествосына жасалынған барлау, экскурс, штрих, эскиз деп қабылдаған жөн.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз