Ой орманы
Ия, балалар әдебиетінде біршама уақыт өнімді де өрісті жұмыс істеп, үлкен поэзия есігін именбей ашқан кешегі Қадыр Мырзалиевтің, бүгінгі Қадыр Мырза Әлидің алғашқы жыр кітабы дәл осылай аталады: “Ой орманы”. Осы алғашқы жыр кітабының жалқы атауы — бара-бара , жылдар өте келе оның бүкіл щығармашылығын қамтитын жалпы атауға айналатынын жас ақын ол кезде білді ме, білмеді ме, бізге ол жағы беймәлім. Бізге мәлімі, ел арасында аса беделді, өте қадірлі, Қазақстанның ұшы-қиыры жоқ кең даласы аудиториясына айналып кеткен ақынның кез-келген оқырманынан Қадыр Мырза Әлидің ең басты ерекшелігі неде? деп сұрасаңыз , сөз жоқ, олар ешқандай кідіріп-күмілжіместен Ой дер еді.Ой! Ой! Ой! Түбі терең, ауқымы кең, дүмі мықты ұғым. Ия, Қадыр Мырза Әли — ой орманы. Бүгінде бұл атау оның бүкіл шығармашылық әлемінің — төлқұжаты.
Әрине, ол ой орманы — өз-өзіне тұншығып, тұнжырап, өз уайымы мен мұңын ғана бойына жинап, тылсым мінезбен мүлгіп тұратын ой орманы емес. Ол ой орманы — бірде самал жүгіріп өтсе тұла бойына жан кіріп жапырақ-алақандарымен қол соғып тұратын, бірде аспан астын желкендей керіп, жер үстін астаң-кестең етіп соғатын сұрапыл дауылдай гуілдеп, уілдеп, шулап-улап алағай да бұлағай боп жататын, бірде ми қайнатар аптаптан еңсесі түсіп, енді бірде төбесінен алау-далау боп күркіреп жөңкілген қара бұлттар лақтырған жасыннан қып-қызыл өрт құшағында қалатын, драмасы да, трагедиясы да көп, қойны толы құпия, түбі көрінбес тылсым Ой Орманы.
Менің, дәл қазір, тағы да тыңнан түрен салған, бізге бұрын-соңды белгісіз боп келген жаңа өрістерді — ендіктер мен бойлықтарды ашқан, әдебиетке тосын мән мен мазмұнды алып келген атыңнан айналайын Алпысыншы Жылдар ойыма оралып тұр. Сол жылдары республикамыздың түкпір-түкпірінен келген, Үркердей ұйысқан бір шоғыр талант қалыпты жолмен жүре-жүре әбден ығыры шығып, мүлде қалғып-мүлгіп кеткен рухани әлемімізді дүр сілкіндіріп жіберіп еді-ау. Солардың тепсе темір үзетін қуатты тегеурінінен ойымыз бен бойымызды құрсаудай қысып жатқан қасаң схемалар қарс-қарс айырылып , әбден тұяқкешті боп ақжем, ақшаңдақ таптаурынға айналған стреотиптер күн жеген тозған шүберектей дар-дар етіп жыртылып жатты. Әдебиетіміздің маңдайына бір-бір жұлдыз боп қадалған сол тегеурінді таланттардың қақ ортасында, сөз жоқ, Қадыр Мырза Әли тұрды.
Оның “Ой орманы” баспасөз беттерінде топ-топ болып жариялана бастағанда біз әлі елде болатынбыз. Несін жасырамыз, ол өлеңдер шыққан бойда-ақ, өлі тыныштықта оқыс дауыс естілгендей жұрттың бәрін өзіне жалт қаратты. Елде жүрген өзім куәмін, жұрттың бәрі де, жасы да, жасамысы да, көптен хабар-ошарсыз кеткен ең бір ет жақын туысын, сүйектес ағайынын көргендей жапа-тармағай бас салды... Сол тұста халық бойында поэзияға деген құштарлықтың оянғанын айта кеткен ләзім.
Түйіп, түйіндеп сөйлер болсақ, ол жылдар оқырман қауымның жалпы әдебиетке, соның ішінде өлеңге деген ынта-ықыласының бетбұрыс жылдары болды. Ал сол үрдіске Қадыр Мырза Әлидің үлкен құрметке лайық үлес қосқанын ешкім де, тіпті қашан көрсең де ішін қызғаныштың қызыл иті талап жататын қызғаншақ та жоққа шығара алмас еді...
Сол жылдарды аса бір ылтипатпен есіне алған Қадекеңнің мынандай бір әңгімесі құлағымда қалыпты. “Мен, өзің білесің, әдебиеттегі жолымды балалар поэзиясынан бастадым ғой. Мен онда таза, адал жұмыс істедім деп білем. Мұны біреу біледі, біреу білмейді, сол кезде-ақ мен үлкендерге бағыштаған өлеңдер жазып жүргем-ді. Бірақ неге екенін білмеймін , ұзақ уақыт бойы еш жер баспай қойды. Сонда да жазуды бір пәске де тоқтатқам жоқ. Жұмыс істей бердім. Жұмекеннің бір жинағы жарық көріп қойған. Оларды қатты қызығып, құмарта оқығам-ды... Күндердің күнінде менің де өлеңдерімнің күні туып, жолы болды. Баспасөздерде жаппай жариялана бастады... Сонда сен мені не ойлады дейсің ғой. Жарияланып жатқан бұл өлеңдерге Жұмекен қалай қарар екен деп ойладым. Құдайлық шыным!” Қадыр ақынның бұл сөздерінен кейіннен қазақтың ұлы ақыны деңгейіне көтерілген әрі замандасы, әрі досы Жұмекен Нәжімеденовке деген құрметпен бірге , оның бойында үміт пен күдіктің де арпалысып жатқанын көреміз. Ақыры күдік қалды, үміт озды.
Көп ұзамай “Ой орманы” жеке кітап боп шықты. Ол кітап шыққан бойда-ақ қазақ әдебиетіндегі ерек құбылыс болып қабылданды.
Өмір өзі қуарған
Ой дегенің ну орман.
Жолау қауіп оған да
Жоқ емесі жоқ онда.
Құмыр бұлбұл сайраған,
Қасқыры тіс қайраған,
Қарсақтары зорыққан,
Қояндары қорыққан,
Жолбарысы шабынған,
Жыландары жабылған,
Аюлары із кескен,
Арыстан да кездескен...
Ой деген де ну орман,
Талай бастар қуарған.
Ақын “ә” деп үлкен әдебиеттің биік табалдырығын аттағаннан-ақ осындай қатерлі де қауіпті өмірдің ой орманына енген-ді. Алдында қандай қатер мен қауіптің күтіп тұрғанын, ол әлем ешуқытта да бойкүйездікті де, салғырттықты да ешқашан кешірмейтінін әбден біліп, бойына бар қайрат күшін, қажыр-қуатын жинап, бүкіл тағдыры мен ғұмырын кепілдікке қойған-дай, соған басын тіккендей боп қадам басты... Бір сөзбен айтқанда ақын Өлең әлеміне білек сыбанып, бел буып, тас түйін боп кірді. Боласың немесе бордай тозасың... Біздің бұл сөздерімізге оның одан кейінгі бүкіл ғұмыры куә бола алады.
Несін айтасың, оның ол кезде белдегі бес қаруы да сақадай-сай еді. Қайралған. Піскен. Жетілген. Үлкен дайындық мектебінен, мектебінен емес-ау университетінен өткен. Төл әдебиеті мен әлем әдебиетінің қайнар көздерінен мейірі қанғанша сусындап, отқа бір қақталып, суға бір түсіп, төс пен балғаға тапталып суғарылған-ды. Содан да ол бірден-ақ әлде біреулердің үстінен түскен жамау-жамау жадағай, әлде кімдердің қабағының астында қырық иіліп, қырық бүгіліп тұратын жалбақай сөздердің бәрін сыпырып, сілкіп тастап, қынаптан суырылған қылыштай жалт-жұлт еткен немесе адырнаны аңыратып ұшатын қозыжауырын жебедей шымыр да ұшқыр сөздермен жұмыс істеді. Тосын метафоралар мен метонимия, астарлы аллегориялар мен асқақ гиперболалар, өзгеше образдар мен теңеулер дүниеге келді.
Ең алдымен ақын өзінің туған жерінің, туған даласының мерейін көтеріп, мәртебесін биіктетті.
Уа, дала! Сен болмасаң гүл шығар ма ед?
Ат мініп, көкпар тартып құлшынар ма ек!
Құдайда храм болса , ойлаймын мен
Ол — мына шетсіз-шексіз сен шығар деп.
Жаз болса сағым атты ағыс басып,
Жатады көл-көсір боп табыс тасып.
Ол дағы сенің арқаң, жақындасса,
Көкжиек көкжиекпен туыстасып.
Уа , далам! Кеңдігіңе тамсандым көп,
Айта алман бәрін жазып тауса алдым деп.
Сен — алып пластинка дөңгеленген
Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп.
Еріксіз “па, шіркін” дейсің! Тіпті қаншама жылдардан кейін қайта оқысаң да!
Жаңа сөз, жаңа сурет дегеніңіз осы ғой. Ал жаңа сөз, жаңа сурет ешуақытта көнермейді. Ақын алып далаға өз заманының, өз уақытының көзімен қарай білген. Құлазып жатқан, меңіреу мылқау далаға бірер жолмен-ақ жан кіргізіп жіберген. Осы өлеңді оқып біткен бойда-ақ, сенің де пластинка секілді дөңгеленген алып дала төсінде ине құсап ән салып кеткің келеді. Мұндай сөз-суретті тек дала стихиясын бар болмыс-бітімімен, бүкіл табиғатымен барынша терең сезіне білген адам ғана сала алса керек. Бұл жерде айта кетер бір нәрсе, егер сенің сөзбен салған суретің бостектілеу, шикілеу, бір қайнауы ішінде болса, онда ол суретті күні ертең-ақ біреуі бір тартып, екіншісі екі тартып жұлма-жұлмасын, түте-түтесін шығарар еді. Ал мына сияқты пісуі әбден қанған, бояуы сіңген суретті ешкім де әрі тарт та бері тарт ете алмайды, оның өңін жүз рет аударса да басқаша бере алмайды. Өйткені ақын бұл суретті жұла да, түте де алмайтындай етіп тасқа қашап сіңіріп жіберген. Сондықтан да ол тек Қадыр Мырза Әли ғана салған даланың кескін-келбеті боп қалады.!
Ақын сол бір кезеңдегі өлеңдерінде туған жер, өскен өлкенің келісті көркем бейнесін көз алдыңа келтіретін тұтас бір галереяны дүниеге келтірді. “Төрт түліктің нанындай төрт бұрыш маялар”, “Теңге күн алып ыстық табадағы Тоң майдай жылжып еріп бара жатқан”, “Ақ сағым ағаштарды көтеріп ап Аяғын жерге екі елі тигізбейді’, “Әр тұста жол күзеткен теректердің Шаң басқан жолаушыдай иықтарын”, “Жағалай жатқан бұлт түте-түте Жатқандай киіз басып байтақ аспан”... Тізсең, тізіле береді, тізіле береді. Кейде, қыза-қыза келгенде, кей өлеңдерін, үзіп-жұлмай, тұтастай көшіргің кеп кетеді. Өйткені пейзаждық көрмеге келгендей тұнып тұрған сурет, бірінен бірі асып түсетін, көз жауын алатын тең-тең теңеулер, тәтті сорғандай таңдайыңды тақылдатып тамсандырар метафоралар мен образдар...
Сөйтсек, оқыған жұрттың бәрін таңғалдырып тәнті еткен ол суреттер мен теңеулер, ол метафоралар мен образдардың өзі алда жазылар үлкен істің увертюрасы, алғышарттары ғана болып шықты. Біздің соншалықты құлай жығылып, қол соғып ризашылық білдірген бұл өлеңдеріміз ұлт бойына қуатты да қайратты биік рух құйып жіберген өлмес-өшпес ұлы шығарма — “Дала дидарына” дайындық қана екен. Ия, сол жылдары ақынның Далаға деген ұлы махаббатынан туған “Дала дидары” кітабы қалың қазақтың шетсіз-шексіз сүйіспеншілігіне ие болып еді. Ең бастысы, қазақ рухының атойлап оянуына өлшеусіз олжа салып еді! Көп-көп қазақ сол кітап арқылы өзінің кім екенін біліп, өзін енді танып еді. Ол кітаптағы небір астарлы ойлар мен адуынды ағысты иірімдер қаншама уақыт бойы бұғып, бүгежектеп келген халықты, орман үстінен дауыл өткендей дүр сілкіндіріп, жан дүниесін астаң-кестең еткендей болып еді.
Қыл бұғаудың жылқыны
Қинайтыны рас-ау,
Бұғалықта бұлқынып
Бебеу қағып тұр асау, —
деп басталатын “Асау” өлеңін қараңызшы. Одан әрі:
Жәудіреген нұр көзде
Жалтылдайды жас шығып,
Қарғып мінді бір кезде
Қайратына жас жігіт.
Асау арда қызынған
Ай, шап келіп,
Шап келіп!
Екі езуі қызыл қан
Тұла бойы ақ көбік.
Келді басып ақырын,
Шықпаған тек жаны бар.
Еркіндіктің қадірін
Ұққан шығар жануар.
Құдай-ау, бұл өлең сонау бір замандарда ұшы-қиыры жоқ алып кеңістікті емін-еркін жайлаған, енді бүгін азат асаулығынан да, жал-құйрығы желмен желбіреген тарпаңдығынан да айрылып қалған қайран қазақтың тағдыры ғой. Бұл өлеңнен санасында иненің жасуындай сәулесі бар қазақ алдымен өзін көреді ғой. Көреді де, сол сәтте мұқалып қалған намысы сол сәтте қайтадан қайралып, қайтадан жасындай жарқылдап, құм басып қалған жігері құйындай түтеп шыға келмей ме?! Өлең астарын аударып-төңкеріп оқи алатын жанның бәрі сондай күйге түсері сөзсіз. Қадыр Мырза Әли Көне заман көріністері арқылы мойнына отарлық қамытын киген кешегі кеңес тұсындағы қазақтың рухын осындай астарлы әдіс-тәсілдермен оятуға күш салып еді. Оның, тіпті “Бесік жырының” өзінде қаншама зіл-батпан мұңмен бірге, айласы таусылған амалсыздық пен шарасы таусылған шарасыздық жатыр десеңізші!
Бөлетіндей пәршелеп.
Біз құдайға не қылдық?
Жетіспейтін нәрсе көп,
Соның бірі — әділдік.
Әлди, бөпем, әлди-ай!
Ханыңда ес жоқ дейді,
Халық қайтіп сенеді?
Шындық болса өтпейді
Қымбат қой ол себебі.
Әлди, бөпем, әлди-ай.
Бұл жолдарда көне заманның ғана емес, кешегі күннің де, бүгінгі күннің де сай-сүйекті сырқыратар қасіреті жатыр ғой. Өйткені бұл қазақ қай уақытта әділдіктің билік құрып, шындықтың үстемдік еткенін көріп еді? Қай уақытта? Қашан көрсең де кілең бір жат жұрттықтар, кілең бір көлденең көк аттылар қолындағысын қағып ап, аузындағысын жырып ап, онысымен қоймай, “көке”, “жәке” деп тұрсаң да ағаш атқа теріс мінгізіп, қит етсе болды қылтадан қиып жіберіп, отырса опақ, тұрса сопақ етіп келе жатқан жоқ па?! Тағы да ол жауыздықтың бәрін қазаққа қазақтың қолымен жасайды. Сөйтіп қиянат соңынан қиянат, қысастық соңынан қысастық кіреді. Сондықтан да мына өмір “біреулерге — кең дала, біреулерге — түрмедей”.
Ұлттық рух дегеніңіз “мен, мен” деп кеудені дүңкілдетіп соға бергеннен гөрі ең бір жанды жеріңе, ең бір осал тұсыңа тиген кезде қурап, кеуіп қалған кеудеге от тигендей бұрқ ете түсетіні сөзсіз.
Төрт түлік төліңді
Түгелдей жалмаған.
Жұтың да
Елімді
Оята алмаған.
Көңілді қалаңды
Күйедей жалмаған
Жауың да
Даламды
Оята алмаған.
Қаперсіз, салғырт халқың үшін қаның қайнайды, жаның күйзеледі. Мойнын ішіне тыққан, сен тимесең, мен тимен бадырақ көз деген неткен марғаулық бұл. Бірде іштей егіліп, енді бірде шарт сынардай боп кіжініп, қынжыласың. Сол бір заманда (қазір де!) eлің мен далаңның
қаншама зорлық пен зомбылықты, қаншама қорлық пен зобалаңды басынан өткізе тұра, қалың ұйқыдан оянбайтынына, қайрат көрсетпейтініне бір суып, бір ысисың. Солай бола тұра, осындай жан арпалысынан кейін, бәрі бір сенің тұла бойыңнан намысты рух оянып келе жатады. Ал жан күйзелісі мен жан арпалысына тамыр сап өскен рух, мақтан мен мадақтан өсіп шыққан рухтан гөрі әлдеқайда баянды, әлдеқайда қуатты.
Әрине, ақын әлгі өлеңін
Қалғыған қалыпты
Қимай ел жатты ғой.
Ұйқысы алыптың
Қашан да қатты ғой, —
деп аяқтап, өзін де, жұртты да жұбатпақ болады. Енді қайтсін?! Бұдан басқа амалы бар ма?! Сөйте тұра ақын
Төгілген қан мен теріміз,
Туыстың біз де еріміз.
Білгіңіз келсе қазақты
Тегіне тиіп көріңіз, —
деген кезінде сіздің күңгірт жаныңыз от жаққандай жарқырап қоя береді. Шатырлап сөгіліп кетердей шамырқанып тұрған намысыңыз бұрынғыдан да қайраттанып, бұрынғыдан да айбаттанып шыға келеді. “Ия, біз осындаймыз” деп салбыраған басың көтеріліп, басылған кеудең керіліп бара жатады...
Шын ақын қай заманды жазса да, ең алдымен ол бүгінді жазады. Өткен күн арқылы бүгінді көрсетеді. Ал бүгіннің ақыны бола білген ақын, сөз жоқ, ертеңнің де ақыны.
Қадыр Мырза Әлидің кеудесіне ұлттық рух о бастан-ақ ұя салған. Қаны да, жаны да ұлт деп сөйлеп тұратын нағыз ұлтшыл ақын. Оның қай кітабын ашып қалсаңыз да сол ұлттық рух, сол ұлттық болмыс тайға таңба басқандай боп алдыңыздан андыздап шыға келеді. Тағы да ол ұлттық болмысты жадағай, жалаң қарастырмайды. Топырағын танып, тамырын тауып сөйлейді. Бір кереметі, ол оны кез келген жерде кездестіре қояды.
Ойы — ұшқыр, көзі — көреген.
Ерлік иісі шығады ер-тоқымнан,
Тарих иісі шығады шаңырақтан.
Әдемі-ақ! Осылай екеніне ешқандай күмәніңіз қалмайды. Бұл сөздерден кейін-ақ сіз қандай бір болмасын көне заттарға өзгеше көзбен қарай бастайсыз. Олай етпеске тіпті де әддің жоқ.
Қарап отырсам, Қадыр Мырза Әли өзі өскен, барынша өнімді жұмыс істеген, қазаққа кесірі мен кесапатын көп тигізген кеңес заманына деген ашынған ашу-ызасын, оның зұлым да сұрқия бейнесін тарихи тақырыптар арқылы қотара қопарып көрсетіпті. Қайтсін, басқа амалы жоқ қой. Дәл солай етуді мақсат етуді мақсат еткендіктен де сен сол өлеңдерден қиян алыста қалған өткен заманды, кешегі кеңес кезеңін ғана емес, бүгіннің кескін-келбетін де жазбай танисыз.
Куә-тарих мұны анық білдіреді.
Қалған өмір олардан тұлдыр еді.
Адам болсам дегендер емес
Бәрін
Құдай болсам дегендер бүлдіреді.
Бұл көне заман бейнесі ме, кешегі кеңес заманының бейнесі ме, жоқ әлде, бүгінгі заман бейнесі ме? Турасын айтсақ, бәрінің де бейнесі. Жинақталған образ. Біреу кеп түсіндірмей-ақ оны өзің танып, біліп, көріп тұрасың.
Дәл осы жерде, бір айта кетер мәселе, бүкіл шығармашылық ғұмыры кеңес заманында өтсе де Қадыр Мырза Әли еш уақта да кеңес заманының, яғни Қазақ Совет әдебиетінің ақыны болған емес. Ол үлкен әріптермен ойып жазылатын Қазақ Ақыны болды.
Қайталап айтамыз, ол қазақ ұлтының рухын оятып, оны көтеруге өлшеусіз үлес қосты. Ал рух табиғатын, оның болмыс-бітімін тұтастай танып-білу мүмкін емес. Ол керек десеңіз стихиялық құбылыс.
... Осы жерде менің ойыма жақында ғана телевидениеде болып өткен бір пікір талас түсіп отыр.Тақырыбы — қазақ ұлтының рухы оянды ма? Ондай пікір таласта, әдетте әркім өзінің шама-шарқы жеткенше, өзінің ой-өрісі деңгейінде, әңгіме айтады ғой. Біреу олай айтады, біреу былай айтады. Әрине, біреуін қабылдайсың, біреуін қабылдай алмайсың. Бірақ сайып келгенде бәрінің ниеті дұрыс. Әйтеуір болсын деген әңгіме айтады. Дей тұрғанмен мен бір жігіттің сөзіне қатты шамданып қалдым. Ол жігіт рухты ғылыми жүйеге түсіріп, сол арқылы танып-білуіміз керек деген сияқты қисынсыз сөз айтты.
Апыр-ау, рухты қалай ғылыми жүйеге түсірмексіз. Елі мен жерін қорғап атқа қонған Қабанбай мен Бөгенбайлардың, Райымбек пен Наурызбайлардың, Кенесары мен Сырымдардың, Исатай мен Махамбеттердің ерлік рухтарын қалай түсіндіріп бермексің. Тарихын, ерлікке толы баяндарын айтып беруге болар. Ал рухын қандай анықтамаға сиғызбақсың. Рух — рух! Ол сенің бойыңа туған жердің топырағының қызуынан, аптабы мен аязынан, туған еліңнің мейірімі мен қайырымынан, тіпті қатал мінезінен, ана сүтінен, бесік жырынан, дәстүрі мен салтынан, тәрбиесі мен тәлімінен, тағы да басқа, бәрін қамту мүмкін емес, толып жатқан компоненттерден құралады. Мына жерде рух бар, мына женде рух жоқ деп қалай түсіндіріп бере алмақсың. Рухқа ешқандай дипломның да, ғылыми атақтың да қажеті жоқ.
Нақтылы түсіндіріп беруі қиын абстракталы ұғым бола тұра, ол, сөз жоқ, ең алдымен, халық тағдырынан өсіп шығады. Халық тағдырының ащысын да,тұщысын да, қайғысын да, қуанышын да, қасиетін де, қасіретін де, ашу-ызасын да, мейірім-қайырымын да... бойына жинаған рух — әруақта асқақ, әруақта биік. Қадыр Мырза Әли туған халқының бойындағы осындай асыл қасиеттерді болмыс-бітіміне барынша молынан жинаған ақын. Ол қандай бір тақырыпты жазса да , сенің жаныңды күнде жеп, миыңды күнде шағатын, бірақ сен айта алмай жүрген сөзді тап басып, дәл төбеңнен түсіріп айтады.Айтқанда да, — айызыңды қандырып, — шегедей қағып, қазықтай қадап айтады. Мәселен, ақынның Мұхтар Әуезов қазасына арналған өлеңінен үзінді оқып көрейікші.
Құпия қару асынған
Ауруға мұндай көп өкпең.
Өрілді оның басында
Халықтың өзі венок боп.
Кеудесін жаншып тас батқан
Көшелер жатты шаңытпай.
Тұп-тура тартқан асфальт та
Түнерген қара табыттай.
Көр болғыр көзге жас алмай,
Жас алмай қалар қай кісі?!
Үлкен бе елдің қашаннан,
Кішкене жұрттың қайғысы.
М. Әуезовты ақырғы сапарға шығарып салып тұрған ақын күйзелісімен бірге, бұл өлеңнің айтар ойының ауқымы өте кең, аса терең. Шынында байқап, бажайлап, өткен-кеткен мен айнала дүниеге ой жүгіртіп қарасаңыз кішкене жұрттың қайғысы қашанда үлкен ғой. Тіпті айнала дүниені былай қойып, зерде танымыңызбен, сана түйсігіңізбен, сана сәулесімен, ой көзіңізбен қатпар-қатпар боп жатқан өз тарихыңыздың ғана қыртыс-қыртысын ақтарып, арғы астарын аударып көріңізші. Халқыңның бұлтты түндей ауыр қайғысы мен қасіреті , сай-сүйегіңді сырқыратар тағдыры тізіліп тұра қалады. Ақын Мұхтар Әуезов қайғысы арқылы — қазақ басынан өткен сұрапыл кезеңдерді мегзеп отыр. Соны бүкіл тамыр-талшығыңмен, бүкіл болмыс-бітіміңмен сезінесің де, сен де түндей қабарып, бордай үгілесің...
Қадыр Мырза Әли шеберлігінің дұрыс мағанасындағы әдіс-айласы да, амалы да көп қырлы, сан түрлі. Бірде басқа бір ой айтатындай боп келе жатып, кенет жалт етіп бұрылып кетіп, сен күтпеген мүлде басқа тұстан шыға келсе, енді бірде (тағы да күтпеген жерден) жарқ етіп алдыңнан шыға келеді. Осы бір жерде айтарын қадап тұрып, шегелеп-ақ айтыпты ғой, енді бұл тақырапқа қайта оралмайтын шығар десең, жоқ, дәл сол тақырыпты сен ойламаған тосын тұсынан өзгеше бір соқталы ой табады. Мұхтар Әуезов қазасына арналған өлеңде кішкене, аз халықтардың қайғысын айтса, ал Расул Ғамзатовқа арнаған өлеңінде сол халықтың перзенті қалай болуы керек деген? сұраққа тіліп түскендей етіп кесімді жауап береді.
Осал болса
Жырыңа
Ел көңілі толмайды.
Аз халықтың ұлына
Ұлы болмай болмайды!
Бұл сөздер ат төбеліндей ғана авар ұлтының өкілі Расул Ғамзатовқа ғана арналған өлең емес, сонымен бірге бізге де, әрбір қазаққа да арналған сөз. Ойланасың. Толғанасың. Өзіңді бұрынғыдан да әрі берік, әрі биік ұстағың келеді. Бейне бір мына тірлікте сен көтерер жауапкершілік жүгі бұдан былай әлдеқайда көбейіп кеткендей. Өз-өзінен тұлғаң зорайып, ойың ұлғайып бара жатады.
Қадыр ақын бір өлеңіндегі ұтқыр ойды екінші, үшінші өлеңдерінде одан әрі ұштап, одан әрі дамытып, одан әрі таратып сөйлеуге қандай ұста! Масақ қалдырмайды-ау, масақ қалдырмайды. Мәселен, сен, М. Әуезов қазасы мен Р. Ғамзатовқа арнаған өлеңдерінен кейін әлгі кіші, аз халықтар тақырыбы осымен ақи-тақи бітті деп ойлайсың ғой. Жоқ, бітпепті. Ақын ол тақырыпты одан сайын індете түсіпті. Сенбесеңіз, тағы да өлең оқиық:
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Бұлтын оның бұлт демей түбіт дер.
Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға
Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер!
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Тұма-бұлақ дариядан үміткер.
Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге
Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер!
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Теңіз кешіп,
шың басына шығыпты ер.
Көре тұра мына ұлы даланы
Қалай кіші боламыз, ей, жігіттер!
Бұл жолдарды оқығаннан кейін енді сенің жауапкершілігің бұрынғыдан да артып, міндетің бұрынғыдан да ауқымдалып кетті.
Өз ұлтының қадір-қасиетін, болмыс-табиғатын танып білуде, қайғысы мен қасіретін тереңінен қопарып қазып көрсетуде, оның мерейі мен мәртебесін асқақтатуда Қадыр Мырза Әлимен шендесетін ақын, бар болса да, сирек. Әрине, мен бұл жерде, Абай, Махамбет, Мағжан секілді алыптарды айтып отырған жоқпын.
Ешқандай бұлтақтатпай да, жалтақтатпай да шынын айту керек, өзіміз куә болған кездегі кеңес заманында да , бүгінгі таңда да жұрттың аузына ең көп ілінетін ақындар кімдер деген сұрағыңызға үш-төрт ақын аталса, солардың алдымен аталатыны да — Қадыр Мырза Әли. Бүгінде уақытымыз, мүмкіндігіміз жеткенше, шағын отырыстарда да, той-томалақтарда да, ас-садақаларда да, тіпті талас-тартысты жиындарда да , құдайға шүкір, бір кісідей қатысып жүреміз. Соның көбінде дерлік, сөйлеген адамдар Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерінен үзінді оқып, мысал келтіріп жатады. Дәлірек айтсақ, ол көзінің тірісінде-ақ, аңызға, фальклорға айналған ақын. Өлеңдерін былай қойғанда, дастарқан басында, сапарларда, алқалы бас қосуларда, кафе-барларда оның айтқан мірдің оғындай өткір сөздері бүкіл Қазақстанды лезде-ақ кезіп кетеді. Көп жұрт оның ақ дегенін алғыстай, қара дегенін қарғыстай көреді. Тіпті оның сөздерін би өкіміндей қабылдайтындар да бар. Мен бұл сөздерді, мақтаудың жөні осы екен деп, қызыл сөздің жетегінде кетіп айтып отырғам жоқ. Шындығын айтып отырмын. Бұл сөзіме дәлел ретінде өз басымнан өткен мынадай бір оқиғаны айта кетейін.
Маңғыстауда жүрген кезім. Қазақстан Жазушылар одағының сондағы кеңесшісімін. Әдебиеттегі атым да әп-әжептәуір шығып қалған кез. Баспасөз беттерінде біздің толқын туралы әңгіме айтылып, тізім тізіле қалса, әйтеуір сол тізімнің ішінен табылам. Алматыдан алыста жүрген адам үшін, ол да әжептәуір демеу... Бір күні “Қазақ әдебиеті” газетінің бетінде Қадыр ағамыздың “Көздің сәулесі мен сөздің әуресі” деп аталатын мен туралы жазылған сын мақаласы жарқ ете түсті. Қол жеткізген жетістігіме аз-кем тоқталыпты. Тіпті талантты, дарынды ақын депті... Ал кемшілік жағыма келгенде терімді іремей сыпырып сойып салыпты. Мені мұқият оқығандығы сонша, кітаптарымдағы терминдердің бірін қалдырмай теріп, тізіп шығыпты. Шынын айту керек, абайсызда қылмыс жасап алғандай, өзімді қоярға жер таппай кеттім. Менің хал-күйімді қойшы... ең қызығына енді келеміз.
Көп ұзамай мені облыстық газеттің партия ұйымының хатшысы, журналистік жұмыстың нағыз еңбекторысы, өзім қатты сыйлайтын (қазір де сыйлаймын), ақжарқын жан Мұқтасын Суханбердиев шақырып жатыр деген хабар келді. Мен сол партия ұйымында есепте тұрам. Ол кезде хатшы шақырып жатыр дегенді елеусіз қалдыруға болмайды. Лезде-ақ жетіп бардым. Байқаймын, ағамның қабағы түнеріңкі. Бір кезде маған көзінің астымен сұстана қарап алды да “Сен осы, Темірхан, не істеп жүрсің?”деді. “Не істеуші ем, тиісті жұмысымды істеп жүрмін”. “Мен сенің ол жұмысыңды айтып отырғам жоқ. “Қазақ әдебиетінде” жарияланған Қадырдың сен туралы жазған мақаласын оқыдың ба?” “Оқыдым”. “Оқысаң, — деді Мұқтасын ағам одан сайын сұстана түсіп, — келесі партия жиналысында өзінің жұмысын жөндеп атқара алмай жүрген сенің мәселеңді қараймыз”. Мен не дерімді білмей отырдым да қалдым. Бірдеңе деп күмілжіген болып ем, мені бір тықсырып атына мініп алған Мұқаң, “жоқ, солай істейміз” деп кесіп тастады. Құдай оңдап, дәл сол кезде бөлмеге “Социалистік Қазақстан” газетінің Маңғыстаудағы тілшісі Саламат Хайдаров ағамыздың кіріп келмесі бар ма. Ол кісіге де Мұқаң келесі партия ұйымының жиналысында қандай мәселе қаралатынынын тәптіштеп айтып берді. Ал, бар болғыр Сәкең Мұқаңа шатынап бір қарады да шарт кетті. “Әй, Мұқтасын, сенің есің дұрыс пa? Не айтып отырғаныңды білемісің?! Әдебиетте айтыс-тартыс деген, сынау-мінеу деген бола береді. Атам заманнан бар үрдіс. Қадыр айтса, інісі туралы өз пікірін айтты. Ол Темірханды халық жауы деген жоқ қой. Егер ертең бәрімізді бүкіл республикаға күлкі етейін демесең, мұныңды доғар” деді. Енді Мұқтасын ағам көзі жыпылықтап, аңырайып отырып қалды. Ол кезде “Социалистік Қазақстанның” тілшісінен бәрі де аяғын тартады. Сөйтіп Қадыр ағамның сынынан әбден салым суға кетіп жүрген мен, жығылған үстіне жұдырық дегендей, сол мақаланың “арқасында” партиялық жаза да ала жаздағам.
Мен бұл арқылы Қадыр Мырза Әли сөзінің халық арасында қаншалықты қадірлі, қаншалықты беделді екенін, оның ықпалы аса зор екенін көрсету үшін айтып отырмын.
Әрине, Қадыр ағам айтқан сын — ескертпелердің кей тұстарын мақұлдай қоймаған мен, сол “Қазақ әдебиетінің” өзіне қарсы мақала жаздым. Сол кездерде газеттің сын бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Сайлаубек Жұмабектің кейіннен маған айтқанындай, газет редакторы Шерхан Мұртаза ағам мақаламды оқып шығыпты да өзі шақар екен деп сөзге келмей қол қойып жіберіпті. Оған дейін мен бұрын сын мақала жазып көрмеп ем. Мақала жазам деген ойым да жоқ еді. Содан кейін-ақ мақала соңынан мақала жазыла бастады... Ақырында осы үш-төрт жылдың көлемінде “Сегіз қырлы, сексен сырлы әлем бұл” деген сын кітабым да шықты. Бір күні Қадыр ағама “сіздің сын мақалаңыздың арқасында мен сын жанрына қатысып, кітап шығардым” деп ем, Қадекеңнен сөз қалған ба, “намысты ақынды мақтағаннан гөрі даттаған дұрыс болады” дегені. Осымен өткен оқиға хикаясы тәмәм болған-ды.
Қадыр Мырза Әли өзінің шығармашылық ұзақ жолында жиырмадан астам жыр кітабын дүниеге келтіріпті. Шынын айту керек олардың әр бірі жарық көрген сайын! — елеулі оқиғаға айналып отырды. Сондықтан да оның бірде-бір жинағы кітап сөресінде жатып қалған емес. Жұрт біткен, ол кітаптар дүкенге түскен бойда, көптен бері көзге түспей жүрген таңсық бір дүниесін кездестіргендей, сыпырып алып кетеді. Осыдан кейін-ақ оны шын мәніндегі халықтық, ұлттық ақын демеске ләжің жоқ.
Өйткені оның өлеңдері , нені арқау етсе де, халық көкейіндегі мұң мен шерді, арман мен үмітті, тілек пен ниетті, бар мен жоқты айтады. Дәл табады, дөп басады. Тіпті ол бұл позициясынан қазақ топырағынан басқа тақырыптарды қаузаса да, қайтпайды. Қайта қазымырлана, өршелене түседі. Мәселен, оның сонау 1232 жылы Оpта Азияда болған халық көтерілісінің қаһарманы, тәжік перзенті “Махмуд Тарабидің елді ерлікке шақыруы” туралы өлеңінен үзінді оқып көрейік:
О, халайық,
Құзғындар
Қаптап ұшқан ұяны ат!
Қай жерде де азғындар,
Қай жерде де қиянат.
Жаны жабы адамға
Жеткізбейді қиял-ат.
Ез көбейген кезінде
Көбейеді қиянат.
Ердің басы жер болса,
Жармаспадық кездікке.
Елің өстіп қор болса
Соның бәрі ездіктен.
Жабыла атқа қонбаса,
Ерің ер боп оңбайды.
Елде ерлік болмаса
Әділдік те болмайды.
Әлімсақтан белгілі жайт, рухсыз ел — құлықсыз ел. Ақын ең алдымен соны айтып отыр. Қалай дегенмен де, не нәрсе де, халықтың өз қолында. Халық қаншалықты қажырлы, қайратты болса, қоғам да соншалықты қажырлы болмақ. Бұл — балталасаң бұзылмайтын аксиома. Айтар сөзін қасқайып айта алатын қажырлы, қайратты қоғам қандай бір болмасын жүгенсіздік пен арсыздыққа, алаяқтық пен кісәпірлікке, зорлық пен зомбылыққа,аярлық пен көзбояушылыққа, өтірік пен жалғандыққа жол бермейді. Ондай қоғамнан, кім болса да, кеудесіне нан піскен қандай бір астамыңыз да, аяғын тартып басып, аузын бағып сөйлейді. Өйткені ол қажыр мен қайрат — шамына тисе — бір сәтте-ақ шарт кетіп, кешірім бермейтін қаһарлы күшке айналып шыға келмек.
Ездік, ынжықтық, можантопайлық ендеп алған елде мұның біреуі де болмайды. Қорлықтан көз ашпайды. Жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетеді. Өтірікпен өмір сүреді. Табанға тапталады. Көкпар боп тақымға түседі. Біреу кеп борбайын айырып, біреу кеп мойнын қайырып жатса да, мынауың не деп ыңқ демейді. Көрінгенге жем болады.Зорлықтың жуан дойырының, зомбылықтың темір тағалы тепкісінің астында өмір сүреді.Ондай елдің сөзін ешкім де сөз деп білмейді, мұңын мұң, қайғысын қайғы деп қабылдамайды. Қысқа күнде қырық иіліп, қырық бүгіліп имеңдеп тіршілік етіп, итшілеп өмір сүреді.
Ынжықтық пен ездікті төзімділікпен тіпті де шатастырып алуға болмайды. Олар мүлде бір бірімен басы қосылмайтын басқа-басқа категориялар. Ездік пен ынжықтық әбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен елде, әлгі өлеңде айтылғандай әділдік болмайды. Ал әділдігінен айырылып қалған ел мен қоғамда небір зымиян сұрқиялықлықтар , небір жексұрын сұмдықтар орын алады. Ақырында ол ел — бар байлығы мен бар құндылығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен байғүс, міскін елге айналады. Өз байлығына өзі ие бола алмаған ел, тапа-тал түсте талан-таражға түсіп тоналып қалған ел, ол ел — түптің-түбінде ел болып жарытпайды.
Міне, бұл өлең бізді қилы-қилы қалтарыстары көп осындай-осындай ойларға жетелейді. Сондықтан біз күрессек — әлдекім, әлдебіреулермен емес, алдымен өзіміздің бойымыздағы ездік-ынжықтылықпен, салғырттық-немкеттілікпен күресуіміз керек. Ол үшін халықтың қажыр-қайраты қарсы келгенді опырып та жібере алатындай, жапырып та жібере алатындай қуатты болуы керек. Не нәрсені де тайсалмай , тайсақтамай қасқайып тұрып айта білу керек. Әрине, осынымнан опық жеймін-ау , біреулерге жақпай қалам-ау деген ішкі есеппен өмір сүрсең , онда ол өзіңе-өзің жасаған опасыздық болып шықпақ. Қадыр ақын “Садриддин Айни, немесе жетпіс бес дүре туралы хикая” өлеңінде бұл туралы да айтып кетіпті. Кезінде Айниге дүре соғылған ғой.
Көзбен көріп бұл сұмдықтың барлығын
Қара бұлтқа кірді ұялып арлы күн.
Түте-түте болған Айни арқасы
Күпісіндей ит талаған жарлының!
Ақындарға ұстап жүрген қолға алау
Мүмкін емес заман жайлы толғамау.
Елдің қамын жеген адам
Ел үшін
Таяқты да жеуге тиіс болған-ау!
Қолда бұғау,
Кісен кескен аяқты,
Қараңғы елді өмір қашан аяпты?!
Жеті жүз жыл таяқ жеген Бұхара
Көтермеді сол жетпіс бес таяқты.
Жендеттердің талған кезде білегі,
Ақын жігер асыл ой боп түледі:
Қандай шындық айтқаныңды
Келешек
Қандай таяқ жегеніңнен біледі.
Құдай-ау, қай заманда да шындықты айтқан адам үлде мен бүлдеге оранып, алтын астаудан ас ішіп, керіліп жатып, кердең-кердең басыпты?! Шындықты айтқан адамның көзі жастан кеппеген, жон арқасынан шыпыртқы кетпеген. Шындықты айту — ауыр. Ең алдымен шындықты айтқан адамға — ауыр. Ол адам бәрінен шеттетіледі, жағары жаққа көз түрткі болады. Күнделікті сыбағасынан қағылады. Ең болмағанда нәпақасынан айрылып, жұмысынан қуылады..
Ал көлбеңдеп, көлгірсіп, жарамсақтанып өмір сүргендердің, қай уақытта көрсең де қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, қарны тоқ, көйлегі көк. Шайқап төгіп, сапырып ішеді. Ондайлардың кірмейтін емен есігі, шықпайтын жұмсақ төрі жоқ. Әрине, олар да халықтың қамын айтқансып, ұлттың ертеңіне алаң болғансып, шешенсіп, көсемсіп бағады. Бірақ оның бәрі де әншейін бір ет пен терінің арасындағы алдамшы қызыл жел екенін көзі қарақты, құлағы түрік қалың қауым біліп, көріп отырады. Бірақ онымен олардың ісі жоқ. Білмейді деп ойлайды. Тағы бір айламды асырдым деп ойлайды. Өйткені ондай-ондай жандарға халық қамынан гөрі өзінің қарақан басының қамы әлдеқайда жақын. Айта берсең, көкірегіңе шемен боп қатқан , өзегіңді өртейтін ызалы сөздер де, ызбарлы сөздер де көп қой...
Өздеріңіз байқап отырған шығарсыздар, мен көбіне көп Қадыр ақынның М. Әуезов, Р. Ғамзатов, М. Тараби, С. Айни туралы жазған жырларына көбірек жүгініп отырмын. Оның басты себебі — бұл тұлғалардың қай-қайсысы да өздерінің ойлары мен бойларына өз ұлтының рухын барынша молынан жинақтаған тұлғалар. Есімдерінің өзі-ақ рухыңа рух қосып жібереді. Содан болса керек, Қадыр ақын да оларды жазғанда қынаптан суырылған қылыштай боп жарқылдап кетеді. Мұндай кезде ақынның “Құрманғазы” өлеңін қалай оқымассың.
Болғаннан соң, Құреке, өзің кекті
Боран толы домбыраң безілдепті.
Жағадан ап сілкетін күйлеріңді,
Тартқан бойда, ұйқылы ел көз ілмепті.
Атылғандай алқызыл ыршып қаның,
Адуын күй — күйінген, қырсыққаның,
Аузын ашып тұрған құл босағада
Аңғармапты төрден кеп бір шыққанын.
Күйлеріңдей күйлердің бар ма асқағы?
Ұмытады ел көңілді зар басқанын.
Сені тыңдап отырған жасық жігіт
Аңғармапты найзаға жармасқанын.
Көңілденіп үстінде құрақ шыттың
Күй сапырып, осылай жыр ағыттың.
Көбік шашқан сезімге қойып кетіп
Келешектен бардың да бірақ шықтың.
Қайда жүрсе тілеген ел саулығын,
Қайран елге салушы еді тұсауды кім?!
Заманына жалынан сипатпаған —
Ұлылығың — осынау асаулығың! —
Міне, рух күші! Бірде құтыра құбылып, бірде қапыда қалып аһ ұрып, бірде дауылды күнгі теңіздей сапырылып, енді бірде ақтарыла тасып төгіліп жатқан алапат күй құдіретінен құлақ кесті құлдың өзін төрге ұмтылдырып, жаман-жәутік жасықтың өзін найзаға жармастырып жіберген жоқ па?!
Ірі тұлғалардың болмыс-бітімі де, текті табиғи жаратылысы да, қайрат-қуаты да, қимыл-қарекеті де бір ғой. Олардың бәрі дерлік бұл жалған өмірде қоқан-лоққыны да, құқайда да аз көрмеген. Қуғын-сүргінде күн кешіп, айдауда жүрген. Атылған. Асылған. Біздің тарихымыздың беттерінің барлығы дерлік солардың қанымен жазылған. Қасіретті беттер...
Қадыр Мырза Әли ондай қасіретті беттерді “Қызыл кітап” арқылы да қарастырады. Сирек кездесетін аңдардың неге азайып бара жатқанын олардың ірілігінен іздестіреді. “Құлжа” өлеңін оқиықшы.
Екі қанат сияқты оған екі өкпе,
Желдің өзі жарамайды жетекке.
Қайта-қайта қарайды ол бірақ та
Бір ғажабы —
Биікке емес —
Етекке!
Апыр-ай, неге? Сөйтсек:
Қалқан қылып сақтық деген сауытты,
Қызығын ол тау басынан тауыпты.
Биік үшін жаратылған жануар
Тек төменнен күтеді екен қауіпті!
Өлең бітті. Бірақ жаныңды кеміріп жейтін, миыңның ұңғыл-шұңғылына дейін кіретін ой арқалатып барып бітті.Елім деп еңіреп, халқым деп қамығып өткен арыстардың қай-қайсысы да, — қорлықты да, зорлықты да — өзінен әлдеқайда төмен жүргендерден көрген. Іріліктің алдына қақпан құратындар да, ор қазатындар да, солар — төмендегілер...
Сондай-ақ ақынның кәрі қыран өлімі туралы жазған өлеңінің тәлімі мен тағлымы қандай десеңізші?! Қыран қартайды. Ол енді тышқан мен тасбақа құсап өле алмайды. Қыранша өлу керек. Шырқау биікке көтеріліп ап өзін-өзі көк тасқа соғуы керек!
Сабақ алып шежіре көне күннен
Бәрін көздің өткізіп елегінен
Қыранша өмір сүргенің —
Қандай бақыт!
Қандай бақыт —
Қыранша өле білген.
Неткен ірілік! Неткен тектілік! Неткен асқақтық! Неткен ұлылық! Неткен рух! Төмендемей, төменшіктемей ірі өле білу де — бақыт. Бұл өлеңді оқыған адамның бәрі де бір серпіліп, бір сілкініп қалары сөзсіз. Ал ол серпілу мен сілкіну үлкен, табанды ірі істердің де басы болуы мүмкін ғой.
Бірақ мына өмір деген бірде былай аударылып, бірде былай төңкеріліп тұрады емес пе?! Аумалы-төкпелі заман! Сол заманға сай аумалы-төкпелі тағдыр. Кейде іріліктің маңдайына да ірі өле білу жазыла бермейді. Бұған көз жеткізу үшін ақынның “Aрыстан” өлеңіне зер салайықшы:
Болмайды онда қарсылас та,
Жақтас та.
Болмайды онда бәсекелес,
Бақтас та!
Болат қамшы сияқты анау құйрықпен
Бір қойғанда
Бұрқ етеді көк тас та!
Осындай алапат қайрат иесінің одан арғы тағдырына көз салыңыз.
Бұл өмірде бірақ жұмбақ арқау бар.
Бірте-бірте шөгеді екен нар таулар.
Күші қайтса,
Арыстанды түтіп жер
Күші барда жалбақтаған қорқаулар!
Тағдыр-ай десеңізші! Менің тап қазір осы өлеңді шіреніп сөйлеп, шәниіп отырған біреулерге арнайы апарып оқытқым келеді-ау, оқытқым келеді...
Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай мен бұл мақалада тек Қадыр Мырза Әлидің ұлттық бітім-болмысы туралы, ел мен жер туралы, жалпы азаматтық табиғаты туралы сөз етпек болдым. Бірақ, амал не, мен оны түгел қамтыдым деп айта алмаймын. Түгел қамту тіпті де мүмкін емес. Жеке бір кітап жазсаң да, оны ақи-тақи игере алмайсың. Таусылмайды. Алып қазына!
Менің ұққаным, Қадыр Мырза Әли — өлеңдегі ой орманы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі