(Жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы туралы сөз)
Ол әдебиетке Өлең арқылы келді. Ол оқырман қауымға, ең алдымен өлең арқылы танылды. Оның баспадан шыққан “Алтын шуақ” деп аталатын тұңғыш кітабы да — Өлең кітабы болатын. Яғни, ол әдебиет есігін Ақын боп ашты.
...Менің Әбіш Кекілбайұлы өлеңдерімен таныстығым, Алматыға келмей тұрғанымда, “Жұлдыз” журналында жарияланған “Қара талқан” , “Оппенгеймер” және де басқа жырларынан бастау алған еді. Таным- түсінігім әлі балаң,танып-білгенім әлі шектеулі бола тұра , бәрібір, ол өлеңдердегі тақырып сонылығы, қарымының кеңдігі, ауқымының молдығы бірден баурап алған-ды. Ол тұс, мүмкіндігімізше, республикалық баспасөздерде жарияланып жататын өлеңдердің бір де біреуін қалт жібермей қадағалап оқитын кезіміз ғой. Оның үстіне алпысыншы жылдар, — ең алдымен, Өлең дүниесінің көкжиегін кеңейтіп, көсегесін көгерткен, оны жаңа биік, жаңа өреге көтерген жылдар болатын.
Шығармашылық бәсекелестіктің бас бермей әбден ширығып, қызып тұрған кезі еді. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын ондай бәсекелестік ішінен тізгін үзді жүйріктердің бірі болып көзге түсе қою оңай емес- ті. Солай бола тұра Әбіш Кекілбайұлы өлеңдері бірден-ақ ауызға ілікті. Іліккенде де... — өткенді аңсайды деп сыналып ілікті. Бірақ белгілі идеялогияның сойылын соғатын ондай ұр да жық солақай сынға шын өлеңнің қадірі мен қасиетін біліп қалған қауым ылыға қоймады, қайта Әбіш Кекілбайұлы поэзиясына деген ынтазарлық пен ықыласты күшейте түсті...
Көп ұзамай қойын қалтаға салып жүретіндей ғана шап- шағын “Алтын шуақ” жинағы қолымызға тиді. Күлшедей шап- шағын бола тұра сөзі салмақты, құшағы кең, шынында да шуағы мол кітап екен. Не нәрсеге де алдымен елең ете түсетін, не нәрсеге де сергектік танытатын студенттер қауымы ол кітапты бірімізден біріміз қақшып алып таласа- тармаса оқығанымыз әлі есімде. Бізге, әсіресе, балалық шағы соғыс жылдарында өткен, түсіне көкесі мен күрең қызыл бауырсақ қоса қабат енетін ақынның, сол бір ашқұрсақ ауыр кезеңге арналған өлеңдері қатты әсер еткен- ді. Мәселен, мен өз басым, қарапайым ғана жазыла тұра адам жанын алағай да бұлағай етіп жіберердей “Қарындасым Нұрайша” атты өлеңін күні бүгінге дейін, сол заман туралы жазылған шоқтықты өлеңдердің бірі деп білемін.
Жылдарға ерді Нұрайша.
Жылдар алға зулайды.
Көз көргендер шын айтса
Көкесінен аумайды.
Аумайды ма менен деп
Мазалап жүр талайды.
Көкешімді көрем деп
Айнаға көп қарайды.
Жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан қыз баланың, өзін емес, көкешімді көрем деп айнаға қарауы кім- кімнің де тамағына тас кептелтіп толқытпауы, кім- кімнің де көзіне жас үйрілтіп тебірентпеуі мүмкін емес. Осы жолдарда қаншама сағыныш, қаншама аңсар жатыр. Бұл өлең әкесіз өскен тұтас бір ұрпақтың трагедиялық портреті!
Алайда, Әбіш сол жылдары өзінің арнасына симай тасып-төгілген арынды шығармашылық қуат-күшін тек поэзияға жұмсаған жоқ. Сын жанрында да білек сыбанып, белсене жұмыс істеді. Ол мақалалар әдебиетіміздің ең өзекті , ең көкейкесті мәселелерін қозғауымен, жан- жақты сараптамалық қарымдылығымен, көтерілген тақырыпқа мүлде тың, мүлде тосын көзқараспен қарауымен көзі қарақты жұртшылықты өзіне бірден аударып алып еді. Несін жасырамыз, сол мақалалардан сусындаған көбіміздің қасаң түсінігіміз басқаша байып, дүниетанымымыз кеңейіп, дәлірек айтқанда, әдебиетке деген көзқарасымыз өзгеше қалыптаса бастады. Одақтық әдебиеттің шын мәніндегі үздік үлгігеріне үңіліп, әлемдік әдебиеттің қиырларына көз сала бастадық. Бұл — шындық. Өйткені Әбіш Кекілбайұлы сол кезеңде , жап- жас бола тұра, өзінің төсегі де бөлек, өрісі де өзге, тосын мақалаларымен күн астында қалған терідей әбден қаудырлап, қатып- семіп қасаң тартып кеткен схемалар мен әбден суалып- семіп қалған стреотиптердің быт-шытын шығарған реформатор-сыншы деңгейіне көтерілді. Оның “Дәстүр мен дәуір”, “Гамлеттің монологы”, “Өлі жандарды” Пушкин неге жазбаған”, “Романдағы адам” және тағы да басқа интелектуалды мақалалары әлі күнге дейін өзінің құндылығы мен бәсін жойған жоқ десек тіпті де асырып айтқандық емес. Мәселен, “Дәстүр мен дәуір” мақаласындағы “Өнер тарихына, қоғам тарихына үңіліп алмай тұрып өнердегі соны құбылысты дәл танып, дәл бағалау еш мүмкін емес. Әйтпесе, құт мейманның өзін жүзтаныс еместігін желеу етіп, бекерден- бекер жауға жоруымыз мүмкін. Нені бағаласақ та , өнердің, әдебиеттің даму тенденциясынан келіп бағалайық. Өйтпесек, әдеби ойды, оқушыны, тіпті әдеби тіршілігімізді текке алжастырып, қиянат етуіміз де кәдік”. Бұл жолдар әдебиеттің де , қоғамның да даму тенденцияларынан бейхабар, ілім- білімі тайыз, дүниетанымы тар, арғы- бергіні салыстыра да, сабақтастыра да алмайтын, сәл нәрсеге қомпиып, сәл нәрсеге қампиып шыға келетін, өз бұтына өзі толып, дүниенің тірегіндей сезінетін желбуаз дүмшелерге айтылған сөз ғой бұл. Ал ондай желкенсіз желбуаздар бүгін де жетіп артылады. Сондықтан да Әбіштің, сол тұстың өзінде- ақ, мұндай астамшыл мінез-құлыққа, кеудесіне нан пісіп ісіп-кепкен эгоизмге “Романдағы адам” мақаласындағы “Әдебиеттегі жаңалық өзінен бұрынғыны біржолата мансұқтау, біржолата құрту жолымен емес, адамзаттың суреткер өнерін реальді болмыстың барша әрі мен нәрін жеткізе алатын соны түр, соны әдістермен байыту жолымен өрістейді” деген сөздері әдейі арнап айтылған ғой.
Ал оның кезінде “Жұлдыз” журналында жарияланған “Өлең көкжиегі” деп аталатын, қазақ поэзиясының арғы-бергі өткелектері мен өріс- кеңістіктерін жан- жақты қамтып, олардың ажар- келбеттерін аша отырып, алпысыншы жылдар поэзиясының ең үздік, ең тегеурінді, ең жаңашыл ақындары, бүгінде классиктеріміз деп аталатын Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов шығармаларын биік бағалаған, олардың қыры мен сырына үңіліп, дәнін аршып, мәйегін ашып көрсете білген көлемді мақаласы кезінде біз сияқты жастардың таным көкжиегін әлдеқайда кеңейтіп жіберген- ді. Ол мақала сол тұста өлеңнің ғана мәртебе- мерейін емес, сынның да мәртебе- мерейін асқақтатып еді.
Ия, ол жылдар Әбіш Кекілбайұлының әдебиетке ет пен терінің арасындағы қызба қызыл желдің желігімен келіп, лап етіп жанып, жалп етіп сөне қалатын біреулер сияқты емес, болмысы бөлек, кең арналы, терең ағысты, тылсым құпиялы, тосын өрісті, шұрайлы алқапты, құнарлы топырақты, ең бастысы, әдебиетке үлкен дайындықпен келгенін, күні ертең-ақ оның қаламынан сүбелі- сүбелі шығармалар, сом- сом ойлар, кесек- кесек бейнелер дүниеге келетінін дәлелдеп берген жылдар еді. Оны жұрттың бәрі дерлік айрықша дарын, ерекше талант, әдеби құбылыс деп қабылдағанын айту ләзім. Сол тұстарда жиі- жиі болып тұратын әдеби айтыс- тартыстарда да ол оқщау көзге түсетін. Мол ілім- біліммен мұздай боп жарақтанып алған ол, шешіліп сөйлесе шешен, көсіліп сөйлесе көсем бола білді.
Ол өзін ғұмыр бойы қоғам өмірінен тыс қойып көрген емес. Сол тұстарда алдымен “Қазақ әдебиетінде”, соңынан “Лениншіл жас” газетінде қызмет істеп жүрген кездерінде әдебиеттің мерейін, өнердің мәртебесін көтерер қыруар шараларды атқара жүріп, иненің жасуындай болып жылтырап көрінген қаншама бұлақ көздерін ашты. Сондай- ақ Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті жанынан әдеби клуб ашып, қаншама таланттардың шығармаларын талқылауға мұрындық болды. Олардың шығармаларын Шерхан Мұртаза басқарып отырған “Лениншіл жаста” бет- бет етіп жариялатты. Әдебиетіміздің өсуіне, қанатын кеңге жайып өркендеуіне, жастардың пісіп- жетілуіне ұланасыр тер төкті. Біздің бұл сөзімізді сол бір әдеби жылдарға куә болған бірде- бір адам, анық бір пиғылы басқа біреу болмаса, жоққа шығара алмайды. Әттең, адам жадындағы сөз бен сурет сол сәтінде қара тақтаға жазылған бордай боп айқайлап тұрады да, көп ұзамай сүртіліп кететіні бар. Сол өкінішті. Олай дейтініміз, бүгінде Әбіш Кекілбайұлының сол кездің өзінде-ақ қыруар шаруаның басы-қасында болғанын біреулер айтады да, біреулер біле тұра айтпайды. Не болғанда да, ол өзінің білгір- білімдарлығымен, қай мәселенің де түп-тамырын қопара сөйлеуімен, әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін жан- жақты меңгеріп игеруімен қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал еткенін қадап айтқымыз келеді. Осы орайда сол жылдары Әбіш Кекілбайұлын бізден жақынырақ білетін, не нәрсеге де бұлтақтатпай, әділ баға, дәл жауап бере алатын Герольд Бельгердің “Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып жатса, бұл ерекше байсалды мінезбен бұрын біз естіп білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукес- білгіштеріміз де бәсеңсіп қалатын” деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік.
Енді Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық өміріндегі ең басты кезең, жазушылық кезеңі басталды.
Мен өз басым Әбіштің прозасымен алғаш рет 1964 жылы “Жұлдыз” журналында жарияланған “Ажар” триптихы арқылы танысқан ем. Әдебиеттегі өзінің орнын әрі ақын, әрі сыншы ретінде белгілеп алған ағамыздың аяқ астынан жазушылыққа ауысып кеткенін көрген біз, алғашында абдырап қалғанымыз рас. Әсіресе, бұл өлең жазатын, жазғандарын сиясы кебер-кеппестен, екі күннің бірінде, алдына апарып қаратып жүрген мен сияқты бозөкпеге тіпті де тосын оқиға еді. Алғашқыда жақын ағам, ақын ағам деп жүрген адамым ойда жоқ жерден ірге көтеріп басқа жаққа көшіп кеткендей халде болғаным рас. Ол кезде мен Әбіш Кекілбайұлының өзінің ең құнарлы топырағына тамыр салғанын қайдан білейін.
Шағын-шағын үш әңгімеден құралған “Ажарды” бас алмай оқып шықтым. Әрине, авторлық кіріспедегі “Бәрінің де басты каһарманы — Ажар, тіршілік ажары — әйел.
Бомбадан бастап, бейбастақ қалжыңға дейін адамның адамға істейтін қиянатының қай-қайсысына да тәнімен, жанымен, бүкіл болмысымен күйзелетін тек әйел ғана” деген сөздерді шолып шықтық. Үш әңгімені оқып бітіргенде кіріспедегі осы бір шағын пікірдің растығына одан сайын көзің жете түседі. Әсіресе, маған триптихтағы алғашқы әңгіме “Көз жасы” қатты әсер етті. “Таң әлдеқашан атқан. Тор-тор керегенің көзінен ескен тау бойының шық-шыламды салқын лебі жылы көрпеден тұра берген Нұртайдың денесін дір еткізді,” — деп басталатын ол әңгімеден әп дегеннен әлде бір ызғар лебін сезініп, әрі қызыға, әрі құныға оқып шыққаным есімде.
Бұл әңгіме — соғыс салған лаңның құрбаны болған әйел тағдыры, ана тағдыры туралы, сондай- ақ қаперсіз өсіп келе жатқан балауса балғынның сүйегіне ғұмыр бойы таңба боп түсер қасіреті жайлы әңгіме. Әңгіме кейіпкері Ажар Құдай қосқан қосағынан өлідей бір айрылып, аз күн болса да, жанына медеу болған жаннан тірідей екі айрылып, солардың күйініші мен өкінішінің орнын толтырғандай боп қылтиып өсіп келе жатқан көз қуанышы құйтақандай ұлының әлдеқандай оспадар біреудің сұрқия, сұмпайы сөзінен жәбір- жапа шеккенін көріп мүлде жасып, орнынан тұра алмастай болып омалып отырып қалады. Үміті қырқылып, жарығы сөнгендей болады.
Ал бала тағдыры одан да ауыр. Жанқожаның баласымын деп жүрсе, тіпті де олай емес екен. Жанқожа опат болғаннан кейін туыпты. Оны ожар Сәбиттен есітті. Мына бір үзіндіге көз тоқтата кетейік. «Үн қата алмай сазарып қалған анасының Сәбиттен өшін қайтармайтынын Нартай түсінді.
Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді.
Класқа кіре бергенде мұғалім:
— Неге кешіктің? — деп сұрады. Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды.
— Жарайды, атың кім?
— Нұртай.
— Фамилияң?
Нұртай үнсіз.
— Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады.
Бала жалт бұрылып есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң- таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дәптерінің бетінде екі тамшы жас мөлдірейді”. Көз жасы! Бұл көз жасы, енді оның ғүмыр бойы жанын жегідей жеп, тамағына кептеліп өтетін құса жасына айналмақ. Қандай аянышты тағдыр!
Әбіш Кекілбайұлы прозадағы өзінің тұңғыш туындылары осы “Ажар”триптихы мен Құрманғазының түрмеден құтылып еліне жол тартып келе жатқан көңіл- күйін суреттеген “Аш бөрі” арқылы- ақ қазақ әдебиетіне жаңа леп, соны серпін әкелген- ді. Көп ұзамай жаңа әңгімелер мен жаңа хикаяттар дүниеге келді. Ол шығармаларында сексен сеңгір, қырық қатпардан тұратын адам жанының ұңғыл-шұңғылына үңіліп, оны бүкіл болмыс-бітімімен әрі бояулы, әрі ажарлы көркемдікпен көрсете білген жас жазушыға деген ылтипат бұрынғыдан да арта түсті. Әсіресе, оның қыртысына түрен түспеген тың жердің құйқасы аударылған қара топырақтай құнарлы тілі кім- кімді де тәнті еткені сөзсіз.
... Дәл осы жерде шамалы аял етіп, аз ғана шегініс жасағанды жөн көріп отырмын. Өйткені жазушы деген өзінің шығармаларында тек заман мен уақыт бейнесін жасайтын, сол заман мен уақыт тынысын бойына сіңірген кейіпкерлер сомдайтын ұста ғана емес, сонымен бірге оның өзі де маңдайына жазылған мына тіршіліктің тауқыметін арқалап, қиындығын белшесінен кешіп, оның небір құйтырқы әрекеттері мен амалы көп айла- шарғыларын басынан өткізетін, талай-талай тар жол, тайғақ кешулерін, сан-сапат аласапыраңды кезеңдерін көретін Өмір деп аталатын ұлы шығарманың кейіпкері ғой. Яғни, Әбіш Кекілбайұлы онсыз да сіңір создырып, жұлын тоздыратын шығармашылықтың азапты бейнетінен басқа, Алла тағаланың пендесі, қоғамның азаматы ретінде мына өмірдің тәлкегін де, тәшпісін де аз көрген жоқ...
Бір күні “Әбішті армияға алатын болыпты” деген сөз қара күзде теріскейден соққан суық желдей қала ішін сумаңдап аралап кетті. Аң- таңбыз. Бұл қалай болғаны? Жасы болса отызды иектеп қалды. Салт басты, сабау қамшылы адам емес, үйінде балапандай боп аузын ашып отырған шиеттей бала-шағасы, құдай қосқан қосағы, сонау жер түбі Маңғыстаудан ел- жұрттан айырғандай боп алып келген қарт анасы бар. Әп- әжептәір белді қызметте. Оның үстіне денсаулығы да анау айтқандай керемет емес. Жүрегінде кінарат бар. Содан да кейінгі кезде денесі толысып кеткен. Оның қара жұмысқа қолапайсыз, дене еңбегіне мүлде жоқ екенін, мылтық түгілі кетпен мен күpекті қалай ұстауды жөнді меңгермеген адам екенін жұрттың бәрі біледі. Әйтеуір қай жағынан алып қарасаң да, ертеден кешке дейін темір тағаның өзін тоздыратын сартылдаған жүріс пен тарсылдаған атысқа жарайтын жан емес. Ондай кісіге күні түсетіндей Кеңес Одағының басына не күн туды екен?! Тепсе темір үзетін, құрыштай берік, қылыштай өткір жігіттер жетерлік емес пе?! Біз бұл жерде таусылғандай болып сөйлемес те едік, егер жұрттың бәрін жаппай алып жатса... Бірақ олай емес қой.
Сол жылдары Кеңес Одағы мен Қытай арасы әлденеден шиеленісіп, бір- біріне оқ атып, бір- біріне бомба лақтырып жатқан-ды. Ең сұмдығы , Әбішті сол қып- қызыл өрттің, яғни Жоңғар Алатауындағы Жалаңаш көлде болып жатқан қып- қызыл соғыстың ішіне алып кетпек. Енді ғана кемеліне келіп, пісіп- толысып келе жатқан, бергенінен берері мол, ел боп, жұрт боп ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған , барған сайын жоталанып, тұлғаланып келе жатқан жасты көзапара өлімге айдағанмен бірдей ғой бұл. Сол бір күндері іші қан жылап тұрса да сыртына шығара бермейтін ділі қатты Жұмекен ағамның “Бұл — Әбіштің өскенін көре алмайтын іші тар біреулердің әдейі жасап отырған қысастығы. Әйтпесе , Әбіштен қандай солдат шығады. Көрмей, білмей отырған жоқ. Отқа, оққа әдейі айдап отыр” — деп, көзі жасаурап кіжініп, тістеніп сөйлегені әлі көз алдымда. Мұндай күдік-күмән бәріміздің де көкейімізде болған еді. Әсілі, не болғанда да, өзгелерден оқшау көрініп келе жатқан, кеудесі көмбе, талант-дарыны таудай азаматты не жасытып, не мерт етіп жіберудің амалы емес пе екен деген ой біздің ойымыздан әлі де сейіле қойған жоқ...
Құдай жарылқап, Әбіш ағамыз оқ астынан аман-есен оралды. Қайраттанып, жалданып оралды. Келе сала бірден жұмысқа араласып кетті. Киностудияға бас редактор болып орналасты. Ол істе де абыройсыз болған жоқ...
Бірақ ол, неге екенін білмейміз, әскерге неге алғаны туралы да , әскерде болған жылдары жайлы да ақтарылып көп айта бермейтін. Біз де сұрап, шұқшиған емеспіз. Бейне бір, ол әскерде өткерген екі жылында қолына қалам алмағандай, ештеңе жазбағандай болып көрінетін. Сөйтсек, тіпті олай емес екен. Оны біз тек 1999 жылы “Дүниеғапыл” деп аталатын өлеңдер жинағын оқығанда бірақ білдік. Оқығаннан — ақ ұққанымыз, сонау бір жылдары біздің көкейімізді жегідей жеп, құрттай кемірген күдік- күмән Әбіштің өзінде де болыпты.
Шығандап шыға шауып әп дегеннен
Барады дәурен өтіп әттегенмен,
Әуелден әуселеңді білгенімде
Жүрмес пе ем өзгелердей әктеп өлең.
Өйтпедім, айтқыш деген атаққа аздым,
Атақты қияды ма шатақты азғын.
Ақиқат іздегіш ең, көріп кел , — деп
Жөнелтті жер түбіне, окоп қаздым, —
деп күйіне отырып, оны әскерге алудың арғы астарында бір қара ниетті бәлеліктің, сұр жыландай сумаңдаған сұрқиялықтың жатқанынан хабар бергендей болады да, тағы бір өлеңінде
Бұл заман бұл шаңыраққа неге өш болды,
Ындыны тоймайтын бір өңеш болды.
Отыз жыл ойрандалып келген ордам
Оңалып кете алмайтын елес болды.
Обыр жыл аударыпты атамды аттан,
Қан қасап қақ кеудеден әкемді атқан,
Қытайдың қылғып салар бір шабағын
Жасамақ жауыз сұмдар мен ақымақтан.
Желбеңдеп жел өтінде нем бар еді,
Өжеңдеп өсиетіме кім зар еді?
Қырқылып қылтасынан келген тұқым
Жер басып жүргеніме ділгар еді.
Зар илеп ел шетінде шешем қалды,
Еңіреп екі бірдей бөпем қалды.
Қажаған қағаз, қалам қай саппастың
Мен талап алдым екен мүкәммалын!
Қиқулап қисыны жоқ мақтан қуған,
Есердің мен қайсысын тақтан қуғам ?
Аузымнан жаздым ба әлде, айтпай кетіп
Шатпағын бір дөкейдің шатқан- буған?
Білмедім бұл жаланың түбі қайдан, —
Қуалап шықпақ жері қызыл ойран.
Жер қазып, ой сапырып жете алмадым,
Тоқтайтын медет сұрап бір құдайдан, —
деп налиды. Аттың жалы, түйенің қомында жүргенде жазылғандықтан да орындалу жағы олпы-солпылау бұл өлеңді оқыған жан Әбіштің сол кезеңдегі шер- мұңын, зар күйін бүкіл тұла бой, жан- жүрегімен зерделеп сезінері сөзсіз. Оның қаншама аласұрып аласапранды күй кешкенін, қаншама азапты ауыртпалық арқалағанын бүгінгі қауым, әсіресе, жас ұрпақ, біле жүрсін деп бұл өлеңді тұтастай келтіріп отырмыз. Әрине, Әбіш кіл осылай, тіпті “Жыра мен жықпылы көп Жоңғар таудың, шұрқ-шұрқ тесік қып омырауын, жаппай қазып шығамыз түн атаулы, ал күн бойы төпейді қоңыр жауын” десе де мүлде сағы сынып, түңіле мұңайып, дүниеден баз кешкендей бір жола қаусап-қажып қалмайды. Ішін алай-дүлей етіп кернеген ашу- ызадан, намыс пен жігерден қайрат пен қуат алып
Ирек ойлар күйреткен күйзеліспен
Жан- жағыма жақ ашпай күйгем іштен.
Ел шетінде өлсем де биік түсем
Тұзақ құрған ізіме сол нәйістен.
деп дүр сілкінгендей болады да,
Бұлғаңдауды қоямын бұла жастай,
Арзымсызға аузымды тұрам ашпай.
Зымырандай зырқырап шығам көкке
Ракетамен атпаса құламастай, —
деп өзіне-өзі анттай берік сөз береді. Әрине, ол Отан басына күн туып, оған жұрттың бәрі бір кісідей болып аттанып жатса бұлай тістеніп, бұлай апшып, ашынып сөйлемес еді. Әңгіме, қаламнан басқа қару ұстап көрмеген адамды біреулердің қасақана қысастықтың қысталаң жолына салып жібергенінде болып тұр ғой...
Әлгінде айтып өткендей, ол әскерден қайраттанып, жоталанып келді. Біреулерден кек қайтарам, өшімді алам, кеткен есемнің орнын толтырам деп емес, әрине. Өзі айтқандай, “арзымсыздарға” сөзін қор қылмай, түкке алғысыздарға уақытын босқа сарп етпей, жылмаңдаған жылпостарға ойын да, бойын да алдырмай, бар күш-қуатын ел мен жер алдындағы парызы мен борышын өтеуге, шығармашылыққа сарқып жұмсау үшін. Белін буып, білегін сыбанып, бесті айғырдың қылынан ескен шылбырдай ширатыла ширығып келген ол көп ұзамай-ақ жаңа дүниелерін бере бастады. Сол шығармаларымен ол қазақ әдебиетінің жаңа ендік-бойлықтарын, бұрын- соңды түрен түспеген тың өрістерін, бізге белгісіз тосын параметрлерін ашты. Яғни, атақты “Дала балладалары” дүниеге келді.
Біздің пайымдауымызша, Әбіш Кекілбайұлының прозасы, шартты түрде тақырыптап жіктесек, кесек-кесек үш кезеңнен тұрады. Олар: аңыз- әңгімелер, бүгінгі заман және нақты тарихи тақырыптар.
Сөз жоқ, Әбіш Кекілбайұлын қазақ әдебиетіндегі бітім- болмысы ерек, тамыр салған топырағы өзгелерден бөлек жазушы етіп танытқан да, алдымен Кеңес Одағы оқырмандарының назарына, одан әрі әлемдік аренаға алып шыққан да аңыз-әңгімелер негізінде туындаған осы “Дала балладалары” дер едік. Қандай бір аңыздың болмасын өзегінде тіндей созылып лүпілдеп соғып тұрған шындық жататыны сөзсіз. Бір кездегі белгілі бір шын оқиғаның ауыздан ауызға, елден елге көшіп , ғасырдан ғасыр қуалап, сол ұзақ сапарда жол-жөнекей қырық құбылып, сексен сыланып тұрған талай қиял әлемінің алқасын тағынып, жасауына малынып шыға келгенде, оның туған жері көмескіленіп, шыққан тегі бұлдыр тартып кететіні, бара- бара аңызға айналатыны рас. Әбіш Кекілбайұлы, міне, осы аңыз-әңгімелердің өзегіндегі қан тамырдай лүпілдеп соғып тұрған тіндей шындықты ұстайды да, оны тұмшалап, тұмандандырып тұрған артық элементтерден ажыратып, аршып алады. Яғни, қиял әлемінің алқасын тағынып, жасауына малынып тұрған шындықты шешіндіріп, оның басына реализмнің тер сіңген, күн жеген малма тұмағын, иығына реализмнің шекпенін жабады. Яғни, оның өзегіндегі тіндей созылған шындықты қиялдың қанатты атынан түсіріп, өзінің тортөбеліне қайта отырғызады. Енді оның Әбіш қаламының құдіретімен қалыпты, қарапайым, бірақ көркем өмірі басталады. Мұның бәрі, әрине, айтуға ғана жеңіл болғанымен, үлкен талант қуаты мен табандылықты, мол зерде мен білімпаздықты талап ететін шығармашылық процесс.
Әрине, Әбіш Кекілбайұлының жазушылық ерекшелігі қиял қанатына мініп аспандап кеткен шындықты қалыпты өмірге қайта түсіруінде ғана емес, оның жазушылық сипатының басты ерекшелігін, ең алдымен, өткен заманның әдет-ғұрпын, тіршілік-қарекетін, философиясын, психолгиясын, ой- санасын, болмыс-бітімін бүгінгі осы заманның ортақ моралі мен этикасы негізінде қарастырып бүкіл адамзат баласын толғандырып отырған ортақ мәселелер көтеруінен іздеген дұрыс. Оның шығармаларының өн бойындағы тайталас- тартысқа түсіп жатқан жамандық пен жақсылық, сүйіспеншілік пен зұлымдық ғасырлар қойнауындағы тарих сахнасында емес, бүгінгі күн сахнасында жүріп жатқандай әсер қалдырады.
Әбіш Кекілбайұлының бұл кезеңдегі жұрттың бәрін өзіне жалт қаратқан туындысы алғаш рет “Жұлдыз” журналында жарияланған “Күй” хикаясы болды. Ол хикаяға қанаттас, қандас екі ел арасындағы өліспей беріспейтін өшпенділік арқау болған. Ол өшпенділіктің неден тұтанып, неден басталғанын ешкім де дәл атап, ешкім де дәл түстеп бере алмайды. Улы тамыры тереңге жайылып кеткен қатал да қаныпезер ондай өшпенділік құрсағынан кегім бар , есем кетті деп, шеңбелімен қан уыстап жауыздық қана тумақ. Сол өшпенділік уытын қанына сіңірген , өз елін қорғауды, ең алдымен, өзге елді қорлау деп ұғатын Жөнейт, Дүйімқаралар дүниедегі не нәрсені болсын қылыштың жүзі, найзаның ұшымен сөйлесетін Жауыздық қана шеше алады деп ойлайды. Олар өз елін ықтырып, өзгені бұқтырып тұратын күш тек Озбырлық пен Өктемдік деп біледі.
Сөйтсе, жауыздық тек өзге елді қырып, тек өзге елдің шаңырағын ортасына түсіріп қоймайды екен. Ол сонымен бірге өз елін де обып, өз елін де жалмап, өз елінің де шаңырағын ортасына түсіретін аранды аждаһа екен. Мұны Жөнейт көрер көзге қораш қаршығадай ғана домбырашының бітім мен бірлікке шақырған күйін тыңдағанда барып сезінгендей болады.
Сол тартылған күй көкірегін өшпенділік пен кек жайлаған Жөнейттің бүкіл ішкі әлемін астаң- кестең етті. Бірақ ол күй әсерінен пайда болған өз бойындағы ол құбылысты бірден елеп, екшей алмады. Кесім айтылды, үкім орындалды. Күйшіні айдалаға апарып басын ғана қылтитып тірідей көміп тастады.Бірақ Жөнейт күйшіден құтылғанмен күй рухынан құтыла алмады. Енді күй рухы Жөнейтпен жекпе- жек қалды. Ақыры сол күй рухы Жөнейтті опат етті де, оның ұрпағы Құрбанға қару емес, дутар ұстатты.
Жалаңдаған Жауыздық пен өршіген Өшпенділік адам айтқысыз, жантүршігерлік қатыгездікті ғана тудырады. Дүйімқараның Көкбөріні опырылып құлаған көне көрге аяқ-қолын байлап тірідей лақтырып жіберуі, Жөнейттің күйшіні айдалаға басын ғана қылтитып көміп тастауы... Сондай- ақ қолға түскен тұтқындарды мәңгүртке айналдыру процесі кім-кімнің болсын төбе құйқасын шымырлатар, етін езіп, сүйегін сырқыратар ауыр эпизод. Енді ол мәңгүрттер шыққан тегін де, түп-тамырын да, туған жер,туған елін де білмейді. Естен, санадан, ақылынан айырылып мәңгіп қалған құр сұлбалар.
Жалпы, бүгінгі таңда бүкіл әлемдік рухани айналысқа түсіп кеткен мәңгүртизмді ең алғаш дүниеге келтірген, сөз жоқ, Әбіш Кекілбайұлы. Оған ешкімнің де дауы болмаса керек.
Кезінде “Күй” хикаясы қазақ әдебиетінде құбылыс ретінде танылды да, іле-шала әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Қадірлі деген әдеби орталарда үлкен резонанс тудырды. Мәселен, көрнекті сыншы Л. Теракопян былай деп жазды: “Өткен өмірдің көне беттерін аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да , Әбіш Кекілбаевтың бұл повесі бүгінгі күннің көкейтесті мәселелеріне жауап береді. Бұл шығарма адам бойындағы творчестволық бастау көзін, өзінше ойлау құқын әспеттейді” . десе, белгілі неміс сыншысы Герберт Кремпиен “Адайлар мен түркмендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауздықтан хабардар ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады деген қауесетті жоққа шығарады, мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген еді... Сонымен қатар, Орта Азия даласында өткен кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы үлкен қоғамдық мәні бар, гуманистік мәні бар хикая жазуға болатынын дәлелдейді. Қазақ жазушысы ертедегі ұлттық тарихқа үңілсе де, бүгінгі заманда, мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мәні бар өте көкейтесті мәселелерді қозғайды”.
Екі сыншы да осы сөздерімен-ақ “Күйді” әлемдік, адамзаттық деңгейдегі мәселелерді қозғаған қарымды шығарма екенін көрсетіп беріп отырған жоқ па?!
Сондай- ақ көлемі жағынан шап- шағын, ал көтерер мәселесі қара нарды қайыстырардай “Шыңырау” хикаясындағы астарлы, ауқымды ой қандай! Жалпы, Ә. Кекілбайұлы шығармаларының қуаты мен күші астарында жатады. Сондықтан Әбіш туындыларындағы айтылар ой мен көтерілер мәселені астарынан іздеген дұрыс. Амал не, көбіміз-ақ Әбіш шығармаларының сыртқы мәтінін оқимыз да, оның астары мен тереңін оқи бермейміз. Содан барып өз тайыздығымызды көрмей “ауыр жазады” деп авторды орынсыз күстаналап жататынымыз бар. Ал, шынында, Әбіш шығармаларын оқу үшін, оны қорыту үшін біраз дайындық керек. Сонымен бірге оның шығармалары өз оқушыларынан үстірт қызығып оқуды емес, зерттеп үңіліп, таратып- танып оқуды талап етеді. Сонымен “Шыңыраудағы” бейнетқор құдықшы Еңсеп ес біліп, етек жиғалы бері жапан дала, шөлді аймақты мекен еткен елде жер қазып, су шығарып еңбек етті.Талғап жұтар бір тамшы суға зар болып, таңдайы кеуіп отырған елдің мейірін қандыратын талай- талай күмпілдеген шыңыраулар қазып берді. Сол аймақтағы теңдессіз құдықшы атанды. Бірақ оның азап пен бейнетке толы өмірі ескеріліп, еленіп, бағаланды ма? Жоқ. Қайта мазақ пен келекеге айналды. Аяққа басылды. Бірақ сонда да ол өз өмірін құрбан етіп, аса бір жанқияр жанкештілікпен сол өңірде жоқ, ғұмыры сарқылу дегенді білмейтін ең терең шыңырау қазып өз Өнерін асқақ етіп кетті.Сол үшін де аяй отырып, оны мақтан тұтасың! Өйткені оның өзі өлсе де, өнері өлген жоқ. Өнері ертеңге таусылмас қазына , мәңгілік мұра боп қалды.
Ол көтерген бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері сол біз айтып отырған астарлы ой мен сол астарлы қуаттан танылып, таралады. “Бәсеке” хикаясында асылын аяқ асты етіп тынған қызғаныш қарастырылса, “Ханша дария хикаясында” өзінің елі мен жерінің кеткен кегі үшін, намысы үшін қанқұйлы қаныпезердің алдында да иілуді білмейтін адам жанының асқақтығы жырланады...
“Дала балладаларының” заңды жалғасы болып табылатын “Аңыздың ақыры” романы да өзінің тұтас кесектігімен, масштабтылығымен, әрі терең, әрі биіктігімен айрықша орын алады. Бұл роман аса күрделі, қатпар- қатпарлардан тұратын философиялық, психологиялық шығарма. Ол тартысты ішкі монологтармен,сана ағымы әдісімен жазылған. Адам жанының түкпір-түкпірінде болып жататын небір құпия құбылыстарын, ағысты иірімдерін жан- жақты ашып көрсетуге тиімді бұл тәсілді Әбіш өте сәтті пайдалана білген.
Роман кейіпкері ұлы Әмірші де күні кеше ғана қатардағы қарапайым жан болған. Ол да мына өмірдегі жұмыр басты пенденің бәрі сияқты талай- талай кезең, талай- талай асулардан өткен. Қиналған, құқай көрген, қуғын- сүргінге түскен. Бірақ ол аса айлалы, аса ақылды еді. Содан да ол өзгелерден ақылын да, айласын да асыра білді. Аңдысқандардың бәрін торға да түсіре білді, орға да құлата білді. Бәрін жеңді. Ақыры жарты әлемді алдына жығып, аузына қаратқан Әміршіге айналды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын, аузын айға білеген шексіз биліктің делбесін қолына ұстады. Асты, тасыды. Бара-бара ол қол астындағы бүкіл елді өзінің құлақ кесті құлындай көретін болды. Қорқыныштың құшағында, үрейдің құрсауында ұстады. Әділдік деген менің жарлығым, менің үкімім деп білді. Жорықтан жорыққа барып, жеңістен-жеңіске жеткен сайын ол бұрынғыдан да айбарлана, бұрынғыдан да қаһарлана түсті. Қанағат дегенді де, шүкіршілік дегенді де мүлде естен шығарды. Араны барған сайын ашылып, құлқыны тойымсыз құрдымға айналды. Көкірегін менмендік пен такаппар астамшылық жайлады.
Әрине, Әбіш өз кейіпкерін тек қана қанқұйлы қаныпезер етіп, оған қара бояуды баттастырып жаға бермейді. Оның да ет пен сүйектен жаралған жан екенін, оның да опық жеп опынып қалатын сәттері болып тұратынын, әрі нақты, әрі нанымды детальдармен сәтті көрсетіп отырады.
Оның жаны аса күрделі. Оның кезекті қаһарлы қатыгездігі тағы да қандай азап пен сор әкелетінін білмей бір дал болсаңыз, оның зұлымдығы мен қулығының да сондай түпсіз тұңғиық екеніне, оған құрық та, сырық та бойламайтынын көріп тағы да таң қаласыз. Бұл дүниенің ұңғыл- шұңғылына әбден қанық, оның түкпір- түкпірін пайымымен адақтап шыққан ол, ненің не екенін біле тұра, мейірімді жан қалауын емес, өктем де қатал билік қалауын жасайды. «Кісіге ісің түскеннен артық қорлық бар ма? Өзі де сол дүниеде кіріптарлықтан асқан қорлық жоғын біліп, қаршадайынан билікке таласпап па еді? Сол үшін талай рет ажалдың алдына барып қайтпап па еді. Оның ешқайсысын осы кезге дейін ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін сол есіне түскенде шор боп біткен әлдебір ескі жарасы сыздап, сүйек-сүйегінің бәрі сырқырап қоя береді. Бірақ кіріптарлықтан, құлдық ұрғаннан өз басы аза бойы қаза бола тұра, алдына келген қайсы монтаны бастың мүддесін түсініп көрген еді, қайсысына шындап көңілі құлап еді”. Оның шын болмыс- бітімі осы жолдардан анық көрініп тұрған жоқ па?! Өзі кіріптарлық пен құлдық табиғатын терең түсіне тұрып, оның қорлық екенін ұға отырып, бірақ басқаларды құл- құтан, кіріптар етіп ұстауды жаны қалайды. Өйткені оның өзі өктем биліктің құлы. Енді Әміршінің шексіз билік құлдығынан құтылуға дәрмені де, пәрмені де жетпейді. Бұл — тағымнан айрылсам бағымнан да, барымнан да айрылым деп ойлайтын бүкіл билікқұмарлардың трагедиясы!
Әмірші алыс жорыққа аттанған кезде жас ханым оның қайтар кезіне дейін көңіл мен көзді қатар арбайтын, аңсар сағыныштың куәсіндей, зеңгір көкке қол созып тұрған ғажайып сұлу мұнара салдырмақ болады да, іске кірісіп кетеді. Күндердің күнінде көк мұнараны қалап жатқан жас шебердің жас ханымға көзі түсіп, оған өлердей ғашық боп қалады. Мұның бұл сезімі аса қауіпті, қатерлі екенін, түптің түбінде басын жалмап, жұтып қоюы кәдік екенін біле тұра, ол өз сезімінен бас тарта алмайды. Қайта, күн өткен сайын желді күнгі өрттей өршіп, ерік- жігерін алып , бұрынғыдан да күшейе түседі. Жас ханым оны бұл оспадар қылығынан арылтпақ болып оған ең сұлу, ең ажарлы күңін сыйға тартпақ болады. Бірақ одан да ештеңе өнбейді. Енді оның қалап жатқан мұнарасы алыстан қол созып шақырып тұрған сағыныш мұнарасы емес, хас шебердің жас ханымға деген аңсар сезімінен өрілген Махаббат мұнарасына айналып бара жатады. Ақыры көгілжім аспанға тік өрлеп көтеріліп бара жатқан мұнара өруді тоқтатып, өзінің жүрек қалауын табандап талап етіп тұрып алған ұлы махаббат тегеурініне шыдай алмаған жас ханымның көкірегіне де құрт түседі. Ол құрт ақыр соңында Үлкен ханымның Әміршіге ишаралап көрсеткен алма ішіндегі, сонан кейін Әміршінің бүкіл ақыл-ойын, есі мен санасын күні-түні кемірген құртқа айналады.
Жарты әлемді жатқызып- өргізіп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған қаһарлы Әмірші ұстасаң үгітіліп кетердей үлбіреген гүлдей әлсіз, тисең үзіліп кетердей дірілдеген тіндей нәзік жас ханымның жүрегіне билігін жүргізе алмай, бір оң жақтан, бір сол жақтан ұйтқып соғатын желдей алағай да бұлағай күй кешеді. Енді ол үшін мына дүние “құлыпсыз түрме”, ал өзі сол дүниенің “кісенсіз тұтқыны”. Одан құтылар, одан шығар жол бар ма?.. Әмірші қаншама айлалы, қаншама ақылды , қаншама сұңғыла болғанымен жанын жегідей жеп, жебірдей кемірген дәл осы сұрақтарға жауап таба алмай ойы он саққа, санасы сан саққа жүгіріп сансыраған хал кешеді. Әр қимыл, әр сөзін бағып отырған анталаған көз бен сәл қияс басса қураған қауға тигендей лау еткелі тұрған сөздің алдын алу үшін бас сәулетшіні өзі салған зынданға (одан басқа оның өнер туындысы жоқ) тастап , жас шебердің көзін ойып, тілін қырқады. Санасын сарсылтып, жанын обырдай обып жатқан ойлардан құтылам деп ойлағандықтан осылай істейді. Бірақ құтыла алмайды. Өрмекшінің торындай шым-шытырық өз ойына өзі бұрынғыдан бетер шырматыла түседі.
Әмірші өзінің күн өткен сайын іргесі қақырап, басынан бағы тайып бара жатқанын сезе тұра, махаббатқа ешқандай әмір жүрмейтінін, өнерді қандай бір қатыгездік те жеңе алмайтынын ұға алмады. Махаббат пен Өнерге қол көтерген жан түптің түбінде сол Махаббат пен Өнердің зауалын тартып, киесіне ұшырайтынын сезбеді. Өйткені Махаббат пен Өнерде халық рухы ұя салған. Ал халық рухын қандай бір қаһарлы, қандай бір қанқұйлы күш те құлатып, күйрете алмақ емес. Оларды күйретіп құрдымға жіберем дегендердің бәрі де, өздері күйреп, өздері құрдымға кетпек. Бұл жазылмаған заңдылық. Осы заңдылық тағы да үстемдік етті. Яғни, төрткүл дүниені табанының астына басқан Әміршінің қаһарынан Махаббат пен Өнердің рухты киесі , қаншама қорлықтың қанды шеңгеліне түсіп, зорлықтың табанына тапталса да, әлдеқайда зор, әлдеқайда қуатты болып шықты. Махаббат пен Өнерге , яғни халықтың рухына жасалынған ол қорлық пен зорлық, ақырында оны есінен шатастырып, ақылынан айырды... Бірде көзін ашып жан- жағына қараса “күллі дүниені “Барар жерің бәрібір жердің асты” деген шимай жазу қаптап кетіпті...
Ол тағы көзін ашты. Төбесінен қарақоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ Әмірші бұл жолы өзінің үйреншікті алтын, атлас шатырында жатқанын, әлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жатқанын анық ажырата алмады”. Қаһарлы өктем деспот пен қатыгез диктатордың өмірі осылай аяқталмақ. Қанқұйлы ісінің зауалын тартып, халық рухының киесіне ұшырамақ.
Әбіш Кекілбайұлы өзінің айтар ой, көтерер мәселесіне материал етіп аңыз- әңгімелерді неге таңдап алды деген сұрау тууы әбден мүмкін. Біздің пайымдауымызша, автор аңыз-әпсаналарды есіліп те, көсіліп те жазуыңа көне беретін, бір жерін алып, екінші жеріне қосып сөйлесең де ешкім келіп барын барлап , жоғын жоқтап жатпайтын қызықты хикаялар деп емес, керісінше, ол аңыз- әпсаналарда халықтың арман-ойы, үміті тілегі ұялаған, халықтың тарихи тәжірибелері жинақталған, ең бастысы, оның өн бойында сол белгілі халықтың ғасырлар бойы қадірлеп, қастерлеп келген Рухы жатыр деп біледі. Сол “көне” Рух лебімен бүгінгі оқырман жанына мәңгі өлмес намыс пен жігер, парасат пен пайым шоғын үрлеп тұтандырғысы келеді. Сол арқылы уақыт байланысы мен ұрпақ сабақтастығын орнықтыруды қалайды. Әбіш Кекілбайұлының аңыз-әңгімелерге барудағы көп мақсатының бір мақсаты осында жатыр деп білеміз.
Ешқандай асырып та, жасырып та сөйлемей шындығын айтар болсақ, Әбіш Кекілбайұлының тарихи тақырыпқа жазылған бұл шығармалары тек қазақ әдебиетінде ғана емес, кезіндегі Одақ көлемінде де, шетел әдебиеті деңгейінде де елеулі оқиға болды деп айта аламыз. Бұл ретте заманымыздың ұлы суреткері Шыңғыс Айтматовтың “Талантты қазақ прозаигі Әбіш Kекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгіннің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап ойшылдықтың жоғары сатысынан қарағанда да, аңыз- әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күн тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен” деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. Ал классик жазушымыз Әбдіжәміл Нүрпейісов осы “Дала балладалары” туралы ойын былай түйеді: “Ол өзінің шығармаларында атақты тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол халқының өткен тұрмысын әспеттеу, әйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің әлеуметтік сыр- сипаттарын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен”.
Осы дүниелерден кейін Ә. Кекілбайұлы арқауы бүгінгі күн тақырыптарынан өрілген, мүсінді де келісті бірқатар, негізінен, жеке адамдардың жан- дүниесіне бойлап, жан-жақты үңіле отырып, қоғамдық мән мен әлеуметтік сипатқа ие мәселелерді қозғауды мұрат еткен туындылар жазды. Ол шығармаларында Әбіш, ең алдымен, адам бойындағы игі жақсылық пен келеңсіз, кесірлі құбылыстардың тегін қарастырып, оны тудыратын қозғаушы кұбылыстардың түп-тамырын танып-табуға күш салған. Адамның қоғам, ел алдындағы, өзінің отбасы алдындағы, ары мен ожданы алдындағы жауапкершілігін барынша терең сезіну керектігін дәйекті көркем сүзгіден өткізген. Кім де кім өзінің жер үстіндегі адамдық миссиясын адал атқарса, әмәнда сол адамның мерейі үстем, мәртебесі биік, кім де кім өзінің қарапайым ғана қағидаларға құрылған адамдық миссиясын естен шығарып, адамдықтың адал жібін аттап кетті ме, онда ол ел, жер алдында, бүкіл тіршілік атаулының алдында кінәлі. Жазушының бұл топтама шығармалары да көп мәнді ашып, көп гәпті тарқатады.
Ол топтаманы айтқанда, сөз жоқ, алдымен ауызға ілігері бірінен соң бірі дүниеге келген “Көлденең көк атты”, “Тасбақаның шөбі”, “Керек адам”, “Міне керемет”, “Ақырғы аялдама” әңгімелері мен “Бір шөкім бұлт”, “Бәйгеторы”, “Құс қанаты”, “Шеткері үй”, “Бір шоқ жиде” хикаялары дер едік.
Бұл әңгіме-хикаялардағы кейіпкерлердің дені дерлік қарапайым, өзіміз өмірде күнде көріп жүрген қатардағы жандар. Әрине, олардың өскен әлеуметтік орталары да, мінез-құлықтары да, болмыс- бітімдері де, қоғаммен және адаммен қарым- қатынастары да әр қилы, әр түрлі. Міне, жазушы осындай сан қилы, сан түрлі тағдырлардың ішкі жан-дүниесіне зер сала үңіліп, оларды харекет үстінде, ісі мен күнделікті тіршілігінде болып жататын процесс арқылы адамдық бітімін, кісілік болмысын ашады.
Мәселен “Тасбақаның шөбі” деп аталатын әңгімесін алайықшы. Әңгімедегі Қарабала мен Оңбай екеуі бір жерде кіндік қандары тамған, бір ауылда тай-құлындай тебісіп өскен, құрдас десең құрдас, ағайын десең ағайын. Бірақ, солай бола тұра, екеуі екі басқа. Мақсат-мұраттары да, өмірге деген көзқарастары да екі бөлек. Соғысқа барып бір аяғын беріп қайтқан, туғаннан екі иінін жұлып жеп, айқасқанмен айқасып, шайқасқанмен шайқасып, ел ісіне ерте араласып, соның арқасында билікке де тезірек қол жеткізіп, біршама уақыт тіпті абырой-беделге де ие боп, ал одан шеттеп қалғанда бәрінің апшысын қуырып, дүниеге өзі де симай, жұртты да сиғызбай, анамен бір тартысып, мынамен екі тартысып, тек өзі ғана аппақ, қалғанының бәрін қара көретін шәлкес мінезді жан. Оның бұл өңірде ұстаспаған, шатаспаған адамы жоқ. Оңбайдың, әсіресе, бастықтармен жаны қас. Өйткені ол өзінің жолының болмай қалғанын да, шегеріліп шеттеп қалғанын да солардан көреді.
Ал Қарабала болса, кезінде сабақты да мандытып оқымаған, ғұмыр бойы Оңбайдың көлеңкесіндей болып қасына еріп, оны арқа тұтатын, оның айтқанының бәрі жөн, істегенінің бәрін дұрыс деп білетін, басқа жұртпен жұмысы жоқ, біреуге жақсылық жасаса да жақсылық жасадым-ау деп ойламайтын, еткен еңбегін ешуақытта бұлдап көрмеген, аудан орталығына да бір- ақ рет барған, жарамсыз боп соғысқа алынбаған, бар өмірі қара төс пен қара балғаның солқылы мен шыңылы астында өткен қарапайым жан.
Күндердің күнінде Оңбайдың соғыстан алған ескі жарасы қозып төсек тартып жатып қалады да, Қарабалаға құрдастығын бір, ағайындығын екі салып жоғарыдағы бастықтарға барып, соғыс мүгедегі ретінде маған машина сұра деп қолқа салады. Әрине, ол машинаны өзі де талай- талай сұраған, бірақ ала алмаған. Ол жұмысқа Қарабаланы жегіп отырғаны, жоғарыда қандай кісәпір адамдардың жүргеніне оның да көзін жеткізіп масаттану, екіншіден, алдын ала біліп отырғанындай, жұмыс тындыра алмай келетін Қарабаланы кекетіп, мұқатып масайрау. Бірақ Оңбайдың жымысқы екі мақсаты да орындалмады. Қарабала өзінің бір кездегі ел адындағы бейнетқорлығы мен адамдарға жасаған қайырымдылығының арқасында бар шаруаны оп-оңай шешіп қайтты. Ол тіпті бұл шаруаның шаршатып- шалдықтырмай оп-оңай оңтайына келе қалғанын өзінің бір кездегі жасаған жақсылықтарының арқасы деп ойламайды да. Жолының болғанын ауданға бара жатқанда шалқасынан үйелеп жатқан тасбақаны аударып сап, аузындағы шөпті ырым етіп алғанынан көреді. Қайран, ырымшыл қазақы қарапайымдылық-ай! Бұл әңгімеде автор жасаған жақсылығы үшін титімдей де не алғыс, не қолпаш тілемейтін адам жанының жомарттығын паш етеді.
“Көлденің көк атты” әңгімесі Самат деген жауынгердің өзінің командирі Ахаттың майданда қалай опат болғанын үйіне естірту үшін алыс жолға аттанғанынан басталады.
Оның қандай тапсырманы да тапжылтпай орындайтын қатаң тәртіптің адамы екенін “Көлік күтіп бір күн жатыпты — кезiкпепті, екі күн жатыпты — кезікпепті, үш күн жатыпты — кезікпепті. Төртінші күн — жаяулатып тартып кетіпті” деген сөздерден- ак байқауға болады.
Командирінің қазасын естіртуге барған Самат сол үйде қалып қояды. Тұла бойы тәртіп пен тазалықтан тұратын ол бел шешіп, білек сыбанып жүріп жұмыс істейді. Бірақ кеше ғана қан майданда қайтпас қайсарлық көрсете білген, мейірімі мен қайырымы мол, кеше ғана жауды жеңіп қайтқан жан, енді бүгін ғұмырын ауырдың асты, жеңілдің үстімен өткізген Жаныс зымиянның айласы мен амалынан жеңіліс табады.
Әбіш Кекілбайұлы келесі әңгімелерінің бір парасында қоғам мен адам бойын жайлап бара жатқан мерезді құбылыстар мен кеселді дерттерді арқау еткен. Ол әңгімелер, негізінен, әлеуметтік- психологиялық әңгімелер болып табылады. Мәселен, “Міне кереметті” қараңыз.
Екі жақтан бір-біріне қарсы шыққан ұшқыр пойыз бір үлкен тораптық станцияға келіп түйіседі де, екі орынды жұмсақ вагонда келе жатқан екі азамат перронға шығады. Қасына ерткен жұбайлары. бала- шағаларымен қауын қарап келе жатып бір- бірімен ойда жоқта кездесе қалады да “Міне, керемет!,” — деп қуана құшақтарын ашып мәре-сәре болады. Шынында да, сырт қараған жанға бір-біріне деген ынта-ықыласы керемет- ақ. Солай болуға тиісті де! Өйткені жастық шағын, студент кездерін бірге өткізген, бірге тұрған. Содан да бір- біріне өліп- өшкен пейіл- ниеттерінде титімдей де кінарат жоқ. Жарасымды-ақ. Бірақ... Екеуі бала-шағаларымен өз вагондарына қайта жайғасып, бір- бірі туралы ойлағаннан- ақ әлгі ақ пейіл, ақ ниеттен жұрнақ та қалмайды. “Өзі олай боп еткен екен, бұлай боп кеткен екен, қалай өсіп кеткен, шамасы жоғарыда бір тірегі болды- ау деп, дүние- мүлік те жинап үлгеріпті, анаусы бар екен, мынаусы бар екен, аузының салымы бар екен, әйелді де соққан екен деп” бір- бірін іштей күстаналай бастайды. Екеуінің қызметтері екі бөлек, бір- бірімен ешқандай қарым- қатынастары да жоқ, солай бола тұра бір-бірін күндеп, қызғаныштың қызыл итіне таланып бара жатады. Сол баяғы бақастық, сол баяғы іштарлық, сол баяғы көре алмаушылық, сол баяғы бақталастық! Автор осы бір сұрқия, зымиян мінез-құлықтарды шағын ішкі монологтар арқылы шебер бере білген.
Сондай-ақ “Керек адамда” ә дегенде аңқылдаған жайдары, жарқылдаған жайсаң жан болып көрінетін Ержановтың жағымпаздық пен жарамсақтықтың небір айла-тәсілдерін меңгерген, әрі құбылмалы, әрі жытқыр бола тұра “керек адамның” көңілін табам деп жүріп рухани құлдырап, өзінің адал төсегін де арамдатып, кісілік келбет пен адамдық болмыстан жұрдай болған жанның болмыс- бітімін ашып көрсетсе, “Ақырғы аялдамада” алған ілім- білімі де, қабілет- қарымы да, мүмкіндігі де көп адамнан ілгірі бола тұра , бірақ ол ілім- білімін, қабілет-қарымы мен мүмкіндігін ойына алған мақсат жолына пайдалана алмайтын, белді бекем буып нар тәуекел ете алмайтын жалтақ, үргелек, содан барып иненің көзінен өтіп кететін жылпос біреулерге жем боп, ғұмырын өзінен әлдеқайда төмен адамдарға қызмет көрсетумен өткізіп келе жатқан, тіпті махаббат үшін күресуге қажыр-қайраты жоқ дәрменсіз адам туралы сыр шертеді. Осы екі әңгімені оқып отырып бір-біріне қарама- қайшы, керағар, екі дай аяушылық сезімде қалатының анық. Біреуін мүсіркеп, екіншісін есіркеп аяйсың.
Осы және басқа да әңгімелерін парақтап қарап отырып Әбіш Кекілбайұлының әрі қысқалықты, әрі нұсқалықты талап ететін әңгіме жанрының хас шебері екенін байқап, бағалауға әбден болады.
Оның “Құс қанаты”, “Бір щоқ жиде”, “Шеткері үй” хикаялары да адам болмысының терең қатпарларына үңілуімен, олардың тағдыр- талайымының соншалықты күрделі, соншалықты күрмеулі екенін көрсете білуімен жұртшылық көңілін жаулап алған шығармалар деп білеміз. Бұл үш шығарманың үшеуінің кейіпкерлері де соғыстың өртіне шарпылып, ызғарына тоңған кейіпкерлер. Бұл жағынан ұқсас. Бірақ ол кейіпкерлердің тағдырлары бір- біріне мүлде ұқсамайтын үш тарапқа тартылған жолмен дамиды.
“Шеткері үйдегі” ажарлы, көрікті қыз Зуһра ғұмыр бойы есеп-қисаппен өмір сүрген саудагердің үйінде дүниеге келген. Содан да олар тал шыбықтай таралып желкілдеп өсіп келе жатқан қызының да тағдырын есеп- қисаппен шешеміз деп ойлайды. Ешқандай, не құлқы, не ынтасы болмаса да олардың Зуһраны комсомол жиналыстарына қайта- қайта жіберулері, сол құрғыр құр есептен туған. Олар бірде келісіп,бірде керілдесіп қызылкеңірдек боп жататын бүгінгі комсомол жетекшілерінен күні ертең-ақ жұртты аузына қаратқар, жалғанды жалпағынан басар ортаң қолдай бір- бір лауазым иелері болып шыға келетінін жақсы біледі. Шынында да, бұл тұрғыдан келгенде, тіпті де жаңылысып тұрған жоқ: ертең- ақ мен деген дыңдай бір жігіттің етегінен ұстайды. Бірақ бұл қу тағдыр сенің сартылдатып салған есеп- шотыңа көнсін бе?! Оның өз есебі, өз жолы бар... Көп ұзамай енді ғана көзге түсіп, ауызға іліге бастаған күйеуі бауырына бір бала құшақтатып соғысқа кетеді. Ол бала әке- шешесінің қолында қалады да, ал өзі олардан бөлек, шеткері бір үйде сыбай-салтаң өмір сүреді. Бара- бара ол көзі түскен жанның көзін қарықтырар сыланып- таранған тоты құстай келіншекке айналады. Енді (тағы да!) шешесінің есеп-қисапқа толы ақылымен бағы озық еркек іздеп, аяғына оралғы болмас үшін жалғыз баласын қиыр алыстағы әскери оқуға жібереді. Сол- сол- ақ екен енді ол тағат та таппайды, тоят та таппайды. Бір қызықтан соң бір қызық, бір еркектен соң бір еркек. Мұны еркек ермек қылса, бұл еркекті ермек етеді. Енді бұған алыста жүрген жар дегенде жалғыз баласынан гөрі үй күзететін ит жақын. Ол тек өзінің көркі мен ажарын ғана қызықтайды. Көрік-ажарыммен кез келген еркекті ерттеп мініп, құрдай жорғалатып қоям деп ойлайды. Көбіне, солай болады да! Мақсатсыз, мәнсіз, мағанасыз өмір! Бірақ ол, ең өкініштісі, ғұмырының соңына дейін өзінің мақсатсыз, мәнсіз, мағанасыз өмір сүріп жүргенін білмей өтеді... Сонымен мына жер үстіне жел қуалаған бір ебелек келді де, бір ебелек кетті... Адамның өзін-өзі осыншалықты тәлкек етіп,өзін- өзі осыншалықты ойыншыққа айналдырып, өзін-өзі осыншалықты талан-таражға салғанына әрі күйінесің, әрі налисың.
Ал “Құс қанатындағы”, бүгінде үлкен кейуанаға айналған қара кемпірдің бүкіл өмір жолы, бүкіл болмыс- бітімі Зуһраға мүлде қарама- қайшы. Ол да күйеуін соғысқа аттандырған. Ол да еркек кіндіктен жалғыз тұяқ — ұлмен қалған. Бірақ ол сол ұлды қашан жеткізем деп,қайтсем қалқитып адам қатарына қосам деп отқа да түседі, суға да түседі. Қаншама қиындықтың қиямет көпірінен, қанашама азаптың тозақты жолынан өтеді. Бірақ ол бірде бір рет арына да , жанына да дақ та, тозаң да түсірмейді. Мұқалмас жігер, қайтппас қайсарлық танытады. Арпалысады. Күреседі. Ақыры баласы оқу бітіріп, ел сыйлар азамат боп, анасын астанаға ап келеді. Әрине, есігіне құлып түгіл, жіп байлап көрмеген ауылдан келіп, қай уақта да есік- терезелерін тастай ғып жауып, мұнтаздай болып қымтанып отыратын қалаға үйрене қою оңай емес. Тіпті бір кезде абсын- ажындары айтқан, “асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай” ақ пәтерде отырса да! Жалғыз бала үшін не көрмеген қара кемпір бұл! Бұған да көнеді, бұған да көндігеді. Сол баланың жолында жадау тұрмыс, жүдеу тіршілік кешсе де, ғұмыры мақсатты, мәнді, мағаналы . Тамырын тереңнен тартқан бәйтерек ғұмыр. Мақсатына жету үшін оның күреспен өткен ғұмырына қарап отырып әрі тәнті боласың, әрі қайраттанасың! Өмірдің мәні мен мағынасына бұрыннан да тереңдеп бойлай түсесің!
Сондай- ақ бұл шығарма — Әбіштің өз анасы Айсәуле бейнесін сомдап соққан ескерткіш-шығарма.
“Бір шоқ жиде” хикаясында құла түздегі ата-баба қонысын тастамай, жападан- жалғыз отырған Тілеу қарт пен Зейнеп кемпірдің тағдыры баян етіледі. Олар да соғыс зұлматтың зорлығын көріп, зомбылығын тартқан жандар. Жаратқаннан жалбарынып сұрап алған жалғыз перзентінен айрылып қалған мұңлық пен зарлықтар. О бастан-ақ бұл әулет құрама әулет еді. Баласының бәрінен айрылып тұл боп қалған кесірлі, кесапатты кезеңдерде, жақын бір ағайынның немесе жекжат- жұрағаттың нәрестелерін бауырларына басып, соларды алданыш етіп, әйтеуір Өтеу әулетінің отын сөндірмей, шаңырағын құлатпай тіктеліп кететін. Бұл бір арғы аталары Өтеудің өзінен басталған қайырсыз үрдіс. Бірақ ол үрдістен де өткен үрдіс бар: қара шаңырақ қалай да құламау керек! Бірақ оған тап қазір не амал, не қайрат бар?! Екеуінің отырысы мынау... Енді олар осылай қу тізелерін құшақтап, Өтеу атасынан қалған “Бебеу күйді” ғана мирас етіп қалатындай күй кешіп отыр. Бірақ жалғыздарынан айрылып жер жастанып қалған екеуінің де құдайы бар екен. Күндердің күнінде алыс бір қиян шеттегі Зейнептің жеңгесі Жаңыл кебежеге қырқынан әлі шықпыған баласын салып, салдыртып жетіп келеді. Бұл Құдайдың көктен сұрағанын, жерден бергенін қарашы... “Отыз күн омырауымды сорғызып ем, ол бұған да, сендерге де салық емес” — деп тырсиған қос емшегінің сүтін ошақтарына сауып, баласын екеулерінің бауырларына салады. Керегесі қақырап, уығы саудырап, шаңырағы шайқалып тұрған үйдің іргесі сол бір құйтақандай шаранадан қайтадан қатайып кеткендей болады. Құрдымға кеттік пе деп баз кешкендей боп отырған олар, сол бір бала үшін дүр сілкініп, қайта түлеп шыға келеді. Оны белінен үзіліп, құрсағынан шыққан баладан кем етпей аялап өсіріп, жұрт қатарына қосады. Енді олардың төрт құбыласы түгел: о дүниелік боп өмірден озғанда бастарына кеп аят оқитын, ең бастысы, әулеттің қара щаңырағын ұстап қалатын тұяқтары бар. Адам баласының бұл тірлікте бұдан өткен мақсат- мүраты бар ма екен, сірә?!
“Автомобиль” хикаясында алыс бір түкпірге жаңа өркениеттің келгенін, оны ауыл адамдарының қалай қабылдағанын түрлі жағдаят, түрлі оқиғалар арқылы сипатталады. Заман да өзгерді, заманмен бірге ауыл да өзгерді. Ауыл өзгерген соң адам психологиясы да өзгерді. Адам мен адам арасындағы қарым-қатынастар да өзгерді. Сол өзгерістердің бәрін автор нақты да, көркем суреттермен сәтті көрсете білген.
Әбіш Кекілбайұлының аударма саласындағы еңбегінің өзі жеке бір үлкен әңгімеге жүк боларлық. Оның қаламынан қыруар аудармалар дүниеге келді. Ол сонау студент кезінде-ақ Г, Мопассанның “Өмір”, “Пъер мен Жан” романдарын, сонан кейін іле- шала Л. Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” романының тарауларын аударуға қатысты. Әсіресе, оның аудармадағы нағыз шеберлігі У. Шекспирдің “Ромео мен Джульетта”, “Kориолан”, “Король Лир”, К. Гоццидің “Туранбике ханшайым”, А. Чеховтың “Ваня ағай”, В. Буероның “Бүгін мейрам, бүгін той”, Г. Ибсеннің “Үрей”, Л. Дарионың “Сүйіктім менің Электра”, М. Фриштің “Ғылым қуған Дон Жуан” пьесаларын тәржімалаған кезде жарқырап көрінді. Ә. Кекілбайұлы қаламының қуаты арқасында шұрайлы да құнарлы қазақ тілі әлемді мойындатқан бұл қаламгерлердің шығармаларын ешқандай тосырқамай, кібіртіктеп-қыбыжықтамай, бейне бір өз жері, өз өрісінде жүргендей еркін құйылып, еркін көсіледі.
Бұл жерде біз көріктен шыққан көркем дүниедей жазылған, таным мен тағылымнан , үлгі мен өнегеден тұратын қаншама сапарнамаларына тоқтала кетуге ешқандай мүмкіндік таппай отырмыз.
Ә. Кекілбайұлы “Дала балладаларын” тәмәмдап, бүгінгі күн тақырыбын бірқатар жылдар бойы зерттеп- зерделегеннен кейін, масштабтылығы жағынан да, көтерер жүгі мен айтар ойы жағынан да аса ауқымды нақты тарихи тақырыпқа жазылған романдарға ауысты.
Біз қазақ халқы тарихының, жалпы қазақ халқының ауыр да азапты, тартыс пен таласқа толы, тар жол,тайғақ кешулі ерек те айрықша кезеңдерінің бірін арқау еткен “Үркер” мен “Елең- алаң” романдарындағы тарихи фактінің игерілуі мен оның көркем көрініс табуы оқырман тарапынан болсын, сыншылар тарапынан болсын бірқыдыру лайықты бағасын алды деп ойлаймыз. Ол романдар, сөз жоқ, тұтас бір халықтың тарихи, саяси, әлеуметтік кескін келбетін, сол факторлардан туындайтын психологиясы мен моралін жан-жақты қарастырып, көркем мүсіндеп бере білген үлкен панорамалы шығармалар. Оған сол шығармалар өзегінде жатқан қорғасындай ауыр бүгінгі күннің ең көкейкесті проблемаларын қосыңыз. Онда ол шығармалар салмағы бұрынғыдан да ауырлап, ол проблемалар шоқтығы бұрынғыдан да айдарлана түсетіні сөзсіз.
Әлем әдебиетінің ең гуманистік, ең текті үлгілерінен үйрене отырып, халқымыздың аса бай рухани қазыналарын шығарма қанына барынша сіңіріп, тарихи фактіні көркем қорыта білген жазушының олжалы табысы шынында орасан зор.
Бұл романдардағы бір мәтіннен үш мәтін (кеше, бүгін, ертең) қатар оқылатынын кезінде айтқан болатынбыз. Соны бүгін де қайталап айтамыз. Оған біздің қосарымыз, жазушының тағы бір ерекшелігі — тарихи факт арқылы белгілі бір кезеңнің әлеуметтік болмыс-бітімін, саяси жағдайын, психологиясы мен моралін, трагедиясы мен драмасын жан-жақты көрсетумен бірге, сол белгілі фактінің философиясын ашатындығы, біздің ойымызша, бұл ілуде біреудің ғана қолынан келетін іс. Сондықтан да бұл шығармаларға пайдаланылған тарихи материалдар — мұрағаттық, кеңселік іс қағаздары, басқа да әртүрлі құжаттар Әбіш қаламы арқылы қанымызға сіңіп, рухани құжаттарымызға айналып кетеді.
Шынын айту керек, бір қуаныштысы қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа бару, оны жан-жақты игеру қанатын кең жайып келеді. Бірақ белгілі бір тарихи тұлғаны немесе бір тарихи кезеңді көркем шығармаға айналдыруда жұрттың бәрі діттеген жеріне жетіп, жұрттың бәрі біз күткен деңгейден көрініп жүр деп айта алмаймыз. Әрине, олардың ішінде талантты авторлар да жоқ емес. Сонымен бірге, авторлардың өз тақырыбын зерттеуіне де күман келтіре алмайсың. Ол шығармалар авторлары, бәрі болмаса да , сол белгілі тарихи кезең материалдарын, мүмкіндігінше, дұрыс меңгерген болып шығады. Олардың, тіпті, кейбіреулерінің көркем орындалуы да тап- тұйнақтай, шып-ширақ. Бірақ ол шығармаларды — талантты деген шығармалардың өзін де — белгілі кезеңге ғана қамалып, тынысың тарылып, тұншығып оқисың. Салқарлық, кеңістік жетіспейді. Мұны,ең алдымен, автор дүниетанымының шектеулігінен, яғни тарихтың бір қуыс мекенін ғана игеріп, оның басқа дәуір, басқа кезеңдерін жете білмеуінен, біле қалған жағдайда да, ол кезеңдер мен дәуірлердің тәжірибе мен дәрістерін сол өзі зерттеген кезеңмен жанды түрде сабақтастыра , салаластыра алмауынан деп білген жөн.
Жалпы, біздің ойымызша, белгілі бір халықтың, белгілі бір кезеңнің, тіпті оның бір шағын алқабын жазу үшін де бүкіл адамзат тарихынан хабардар болу шарт. Яғни сол тарихи алқапты бүкіл адамзат тарихының фонында қарастыра білген жөн. Және сол бүкіл адамзат тарихын , мәдениетін, эстетикасын, философиясын, олардың даму, құлдырау, шарықтау кезеңдерін терең түсіне білетін интелектуалдық қуатқа ие болу қажет. Сонда ғана автор өзі зерттеген сол тарихи кезеңнің саяси- әлеуметтік ахуалына, моралі мен психологиясына дәл баға беріп, оларды көркем де терең сараптамалық талдаулардан өткізбек. Сонда ғана ол шығарма бүгін мен ертеңге рухани қызмет көрсету хұқына ие бола алмақ. Бұл тұрғыдан алғанда Әбіш Кекілбайұлының “Үркер”, “Елең- алаң” шығармаларынан пішімі мол талант, үлкен жауапкершілікпен бірге, өрелі интеллектуалдық қуаттың тайға таңба басқандай болып көрініп тұратынын баса айтуымыз керек. Сондықтан да шығарма тынысы өте кең, қарымы өте ауқымды. Романдарда қазақ халқының белгілі бір тарихи кезеңі көршілес отырған басқа халықтардың тарихымен бірге өріліп, жанды байланыста қарастырылады. Және ол белгілі бір тарихи кезең қабатында ғана емес арғы- бергі кезең қабаттарымен де салаласып, сабақтасып жатыр...
Біздің пайымдауымызша, көркем әдебиеттегі Тарих деген ұғымның өзі екі мәнге ие. Біріншісі — факт-тарих, екіншісі — рух-тарих. Факт-тарих — құрғақ деректер мен нақты құжаттар. Онда жан мен қан, леп пен дем бола бермейді. Ал рух — сол факт-тарихтан тамыр ала тұра, адам жанын жаңғыртып, жаңарта алар, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік рухын егіп, адам жанының түкпір- түкпірінде сілкіністер мен соқтығыстар тудыра алатын аса зор қуатқа ие. Шынын айту керек, көптеген жазушылар тек факт-тарихпен жұмыс істеп жүр. Олар тек фактының сыртын ғана бояп, оған әртүрлі қызылды- жасылды әлеміш өрнектер салып, оқырман қауымды алдарқатпақ болады. Ал рух- тарих, әдетте, факт-тарихтың ішінде, өзегінде жатады. Оны өндіріп алу оңай шаруа емес. Өйткені факт-тарих орасан зор қарсылыққа ие. Оны қақыратып, қақ жарып өндіріп алу үшін автор таланты шығармашылық қарулармен мұздай қаруланған, халықтың рухани күш-қуатын бойына молынан сіңіріп алған болуы керек. Әбіш Кекілбайұлының романдары, сөз жоқ, сол факт-тарихтың өзегінен өндіріліп алынған рух-тарих тілімен сөйлейтін шығармалар.
Бұл романдардағы тағы бір байқалар ерекшелік — ондағы қандай бір кейіпкерді алсаңыз да, белгілі бір дәрежеде қоғамдық ой, белгілі бір дәрежеде әлеуметтік жүк арқалап тұр. Әйтеуір қызық үшін, әйтеуір таңсық үшін жасалынған бірде-бір бейне жоқ. Кейіпкерлерінің бәрі дерлік өз заманының омырауын еміп, өз уақытының топырағына тамыр сап өскендер. Олардың қимыл-қарекеті, моралі мен психологисы, ең алдымен, сол заманның қимыл мен қарекеті, сол заманның моралі мен психологиясы. Мәселен, Әбілқайыр бойындағы қайшылықтар — уақыт пен заман бойындағы қайшылықтар ғой. Ол халық қамын ойлаған тұста қайраткер деңгейіне көтеріледі де, өзінің жеке басының қамын күйттеп кеткен тұстарда жәй пенде болып қалады. Батыр, Барақ секілді сұлтандар бейнелерінде сол кездегі қазақ көш басшыларының әрі тартқанды бері тартып отырған — тек тарихи ғана емес! — типтік бейнелері де, ал Тевкелев, Кириллов бейнелерінде патшалық самодержавияның ашқарақ, тойымсыз көзқарасы мен қорқау, обыр психологиясы қатар өрілген емес пе?! Сондықтан болса керек, жазушы кейіпкер болмысында жүріп жатқан сана ағымын замана ағымымен өзектес етіп, біртұтас өріп жіберген.
Бұл романдарды талдап- талқылап, оның композициялық құрылымы мен архитектоникалық түзілімін, образдар галереясын, фактілерді тірілтуін, олардан алар тағылым мен тәлімді жіктеп, саралап, терең сараптамалық зерттеулерден өткізу үшін арнайы көлемді мақала, мақала емес- ау, тұтас бір еңбек жазуға тура келеді. Сондықтан біз бұл жерде оның рухты тұстарын ғана тезистеп беруге ұмтылдық.
Бұл жерде тағы да қадала, қадап айтарымыз, бұл романдар, біреулер айтып жүргендей, тек Әбілқайыр туралы ғана романдар емес. Бұл романдар, ең алдымен, аса күрмеулі, күрделі кезеңдегі халық тағдыры туралы романдар. Дей тұрғанмен, сөз жоқ, басты кейіпкер — Әбілқайыр хан. Ал Әбілқайыр — тарихи тұлға. Ол туралы айтылып жүрген дәйексіз сөздердің бәрі, ең алдымен, тарихқа қиянат.
Агрессияның ең үлкені — тарихқа жасалынатын агрессия. Өйткені тарихың құрыса — болашағың да құриды. Бой көтеріп келе жатқандарды отап, омыртқа түзеп келе жатқандарды омырып жіберетін отаршыл жүйенің қанқұйлы машинасы осы мақсатта жұмыс істеген.
Енді, міне, өз алдымызға елміз. Бойымыз тіктеле бастады. Осы кезде біздің қай жағымызға болсын, әсіресе, тарихымызға сабыр-салиқалықпен үңіліп, сарабдалдық танытуымыз керек- ақ еді.
Кеңес өкіметі тұсындағы бойымызға сіңген науқаншылдық пен бір жақтан екінші жаққа құлай жығылушылыққа өзіміздің өңеші ұзын шамшылдығымыз қосылып тағы да тарихқа тас лақтыра бастадық. Оның кей тұстарын қорс қып қопарып, кей жерлерін көмуге кірістік.
Біздің бұл пікіріміз Әбіш Кекілбайұлының бас кейіпкері Әбілқайыр ханға да тікелей қатынасты болғандықтан әдейі тоқталып отырмыз. Біреулер оны тарихтан мүлде шығарып тастағысы кеп жанталасып жүр. Олай демеске амалың жоқ. Өйткені ол қатысқан қазақ халқы үшін теңдесі жоқ тарихи оқиғаларда оның аты бірде аталса, бірде аталмайтын болды. Аталса да жағымсыз ретте. Бейне бір біреулер тарих доңғалағын кері айналдырып, сол тарихи оқиғаларды өзінің қалауымен мүлдем қайта жасап, қайта тудырғандай.
Біз 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Итжеместе қазақтардың жоңғарларды ту-талақай етіп жеңгенін жақсы білеміз. Аңрақай деген атқа ие болған бұл жеңіс — қазақ халқы үшін — тарихи жеңіс! Ол жеңісті қандай бір тарихшыңыз да айналып өте алмайды. Сол жеңіске қол жеткізген қазақ сарбаздарының Бас сардары, басқа емес, Әбілқайыр ғой. Оны Бас сардар етіп әйтеуір пәленше-түгеншелер емес, сол кездегі ағаш шаңырақты, киіз туырлықты қазақтың игі- жақсылары тағайындаған жоқ па?! Қазақ халқының басына түскен ең қысталаң, ең қатерлі шақта оқшау жота Ордабасыда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек би бастап (Әйтеке би ол кезде дүние салған) басқаны емес Әбілқайырды Бас сардар етіп еді ғой. Өйткені сол кезде ол өзінің алымдылығымен де, алғырлылығымен де ерекше көзге түскен болатын.
Бұл фактіні тарихтың шойындай ауыр есігін айқара ашып кіре алатындарды былай қойғанда, оның саңлауынан сығалап қарай алатындарға дейін жақсы біледі.
Мейлі, сіз қалаңыз, мейлі, сіз қаламаңыз, Қаракерей Қабанбай да, Қанжығалы Бөгенбай да, қазақтың басқа қалқандары мен семсерлері де сол Бас сардар Әбілқайырдың қол астында соғысты. Сол соғыстың бүкіл тізгіні Әбілқайырдың қолында болды. Бұл — тарихи факт!
Ал, біз біле тұра, осы бір ақиқатты неге айналып кете береміз?! Сөйтсек, Әбілқайыр хан Ресейге бодан боламыз деп ант берген, содан да оған деген таудай ренішіміз бар боп шықты. Бұл, әрине, тарихи балаңдық!
Біріншіден, бодан болам деген сөз, мен саған бүкіл еркімді бердім, енді сен кел де мені отарлай бер деген сөз емес. Отарлау саясаты көп жылдан кейін басталды.
Екіншіден, сол кез үшін қазақ елінің Ресейге бодан болам деуі соншалықты күнә ма еді? Ол кез — күні кеше Жоңғар шапқыншылығынан босып кеткен ақтабан қазақтың ойылып қалған өкшесінің жарасы әлі бітпеген, маңдайынан сорғалаған сордың әлі кеппеген кезі емес пе еді?! Бір жағында қылышын жалаңдатып Жоңғар, бір жағында дар ағашын даярлап Хиуа мен Қоқан, тағы бір жағында зеңбірегін гүрсілдетіп орыс,тағы да басқа анталаған қалың жау тұрған жоқ па еді?! Ол кез — Ұлы Даланың бойынан дәрмен , қанынан қуаты кетіп қансырап жатқан кезі еді ғой.
Осы жағдайды біле тұра, Ресейге қосылмасақ, бізге ешкім де тимейтін еді, өз бетімізше-ақ іргелі ел болып кете алатын ек деп, қане, кім кепілдік бере алар екен?!
Ресейге бодандыққа, ең алдымен, сол кездегі қазақ даласындағы аумалы- төкпелі, қым-қуыт заманның өзі толғатып туған тарихи процесс итермеледі.
Сондықтан пісіп-жетіліп тұрған тарихи процесті есепке алмауға болмайды. Оны есептен алып тастаймын деу, барып тұрған тайыздық болады. Тағы бір айта кететін тарихи факті, Ресейге бодан болу процесі Әбілқайыр кезеңінен бұрын, сонау он алтыншы ғасырда Тәуекел ханның тұсында- ақ басталған.
Тәуекел хан Ресеймен тіл табысу үшін үлкен әрекеттерге барған жоқ па?! Соның нәтижесінде 1594 жылдың қаңтарында патша өкіметі Тәуекелге әскери көмек көрсеткен еді ғой. Тәуекел, өз кезегінде, Мәскеуге өзінің ұлы Хұсайынды аманатқа беруге келіскені қайда? Патша өкіметі осының қарымтасы ретінде Тәуекелдің немере інісі Ораз Мұхаммедті қайтармақшы болғанын қайда қоямыз?
Ресейге бодан болам деген саяси әрекет Әбілқайырдан кейін де тоқтап қалған жоқ.
Ұлы Абылай хан екі рет 1740 және 1771 жылдары патшаға бодан боламыз деп ант берген. Өйткені Абылай да Әбілқайыр сияқты сол кездегі тарихи жағдайды жіті пайымдап, зерек сезіне білді.
Сондай- ақ тек Ұлы жүзді ғана емес, бар қазақты аузына қаратып отырған Төле би 1734 жылы Ресей патшасы Анна Ивановнаға, ал 1749 жылы Орынбор губернаторы И. Неплюевке жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп бодандықты қабылдауға ризашылдығын танытып еді ғой.
Әрине, Әбілқайыр Абылай деңгейіне көтеріле алмады. (Өкінішке орай Абылайға да “шабуыл” жасаушылар бір толастар емес). Абылай үш жүздің басын қосты. Ал Әбілқайыр өмірінің соңғы жылдарында тышқаншылап кетті. Сол бір күрмеуі қатты күрделі заманды тарихи фактілерден қыл елі ауытқымай барынша көркем шындықпен көрсете білген Әбіш Кекілбайұлы “Қазақ әдебиеті” газетінде берген сұхбатында Әбілқайыр ханды “трагедиялық тұлға’’ деді. Ал үлкен тарихшы , академик Манаш Қозыбаев “Халық кеңесі” газетінде жарияланған “Сырым батыр және Хан Кене” мақаласында былай дейді.”Кейбір ғалымдар Әбілқайыр хан Ресейге өз бетімен бодан болды дегенді бетке басады. Шын мәнінде бұл іс қанды Жармақ (Ермак) жорығынан бастап бағдарланды. Ерте ме, кеш пе, — қазақ елі Ресейге қосылуы ақиқат болатын”. Осы сөз — сөз ғой!
Біз бұл мәселеге, сөз реті келіп тұрған соң арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік. Тарихты әркім өз қалауымен қақпақыл етуге болмайтынын тағы бір еске салғымыз келді...
... Жалпы алғанда, Әбіш Кекілбайұлы дегенде біздің көз алдымызға етек- жеңі мол пішілген сахаралық кеңдік, арғы мен бергіні, өткен мен бүгінді қатар қамтып жатқан парасаттылық, ең бір түпсіз шыңырау- шүңеттерден сөйлеп тұратын тереңдік, күрделі өмірдің күрмеулі тұстарына көрегендік жасай алатын пайымдылық, далалық дарқан болмыс, ірі философиялық бітім, әлемдік деңгейдегі үлкен білімпаз- білгірлік, тарихи сарабдал саналылық пен құлашты ойлылық, кең дүниетаным, келісті кісілік пен көрнекті қайраткерлік келіп тұра қалатыны сөзсіз.
Мен бұл жерде әйтеуір айтып қалу үшін марапатшыл әсіреқызылдыққа, қолпашшыл асыра сілтеушілікке салынып отырғам жоқ. Бұл сөздерді Әбіш Кекілбайұлының қадірін білетін, қасиетін ұғатын, оның тұлғасын көз алдына елестете алатын эамандастарымыздың бірқатары айтып қана қоймай, оны біздің тілімізге ілінбеген, аузымызға түспеген басқа қырларымен де толықтыра түсетініне, мен өз басым титтей де кұмәнданбаймын.
Талай- талай белестерден өткен Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық пен қоғамдық өмірдегі тыныс-тіршілігін бөліп , әрқайсысын жеке-жеке қарастыру мүмкін емес. Ол тұтас жаратылыс, тұтас болмыс. Сондықтан Ә. Кекілбайұлының шығармашылық жолын айтқанда оның рухани бастау көздеріне, ал қайраткерлігін айтқанда оның қозғаушы қуатына тоқталмау мүмкін емес.
Рухани өміріміздің табалдырығын әп деп аттағаннан-ақ Әбіш Кекілбайұлы қоғам мен адам арасындағы қарама-қайшылықты, қоғамның адам санасы мен психологиясына әсер-ықпалын, адамның қоғамда алатын орнын, болмысы мен табиғатын, драмасы мен трагедиясын барынша қазып көрсетіп, қазымырлана сөйлеп келді. Оның ішкі ағымдары мен қат-қат боп жатқан терең қабаттарына үңілді.
Әбіш Кекілбайұлы — шығармашылық ісінде болсын, қоғамдық- қайраткерлік жұмыстарында болсын халықтық мән-маңызы бар үлкен қағидалар мен мұраттарға қызмет етіп келе жатқан ұлы тұлға. Ол қандай үлкен қағидалар, ол қандай үлкен мұраттар?
Ол халық халық боп қатарға қосылу үшін, ұлт ұлт болып рухтану үшін, ең алдымен, оның тарихи жадын оятып, тарихи санасын жаңғырту керек деп ұқты. Халық үшін де, ұлт үшін де тарихи жад пен тарихи санаға жасалынған қастандықтан өткен жауыздық жоқ деп білді. Өйткені тарихи жад өшіріліп, тарихи сана жойылған тұста шыққан тек оталып, тартылған тамыр қырқылмақ. Өткен — құрдымға кетіп, ал ертең — беймәлім болып қалмақ. Ондай кезде ұлт ұлт болудан қалып, жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетпек.
Міне, осыны бар жан-жүрегімен, бар болмыс-бітімімен терең сезіне білген Әбіш Кекілбайұлы, тағы да қайталап айтамыз, әлемдік әдебиеттің контексінде тұңғыш рет — түйенің жас терісін басына қаптап, адамдарды естерінен адастырып, туған жері мен шыққан тегін ұмыттырып жіберген — мәңгүрттік метафорасын дүниеге алып келді. Яғни сол бір жазған- сызғанына бір шоқытып екі қаратып қойған Кеңес өкіметі тұсындағы қиын да қысталаң тұста- ақ ұлт пен ұлыстың тарихи жады мен тарихи санасына жасалынып жатқан жауыздықтарға қарсы осы мәңгүрттік метафорасы арқылы күрес ашты. Бұл метафора бүгінде, несін жасырамыз, бұрынғыдан да тағылымды, бұрынғыдан да көкейкесті. Өйткені бүгінгі таңда біздің рухани тұтастығымызға аса қатерлі қауіп төнуде. Киіз туырлықты, ағаш уықты шаңырақ астынан өрген бір қазақтың баласы — бірі шығысқа, бірі батысқа қарап тұр. Бірі өз тілінде, бірі бөгде тілде сөйлеп барады. Біздің кешегі кесапат идеологиядан есін жия алмай тұрған әлі де жас тарихи жадымыз бен балаң санамызға қазір шприц-телемүнаралар бұзақы идеологияның уын егіп , алақанат сауысқан сияқты сұқақтаған газет-журналдар жанымыздың жарасын шоқып қан- жоса етуде. ..
Мұндай әрекеттер тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тіпті бел алып, қазіргі таңда сәл бәсеңсігенімен бүтіндей толастай қойған жоқ. Міне, осындай тұста Әбіш Кекілбайұлы тәуелсіздік хакында, оның алдындағы мемелекеттің, қоғамның, әр адамның міндеттері мен жауапкершілігі хакында байламы берік, қайрауы жетік көптеген мақалалар жариялады.
Сөз жоқ, бүгінгі таңда тіл мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі боп тұрғаны белгілі. Бұл ретте, осыдан бірер жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде жарияланған “Тіл және Tәуелсіздік” деп аталатын терең зерттеулерден туып, үлкен тебіреніспен жазылған сараптамалық мақаласын айрықша атауға болады. Өз тілдерінен айрылып қалған Латын Америкасы мен Африка елдерінің басынан өткен ауыр халді алға тарта отырып, тілін жоғалтқан елдің бәрін де жоғалатынын нақты дәлелдер мен дәйектемелер арқылы ескерту жасайды. Кейде сол мақаланы, шіркін, қоғамның әр мүшесі, басшысы да, қосшысы да тағы бір зерделеп оқып, парасат- пайымынан өткізіп алса ғой деп ойлаймын.
Әбіш Кекілбайұлының Махамбет, Абай, Құрманғазы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев секілді және тағы да басқа халқымыздың алып тұлғалары туралы толқыған теңіздей толғаныстары мен желді күнгі шалқыған сар даладай тебіреністері, сондай- ақ, өз замандастары, өзінен кейінгі буындар жайында жазылған мақалалары мен пікірлері қаншама! Тағы да ол сол еңбектерінің бәрінде де сөз болып отырған объектінің тамырын тап басып, мәні мен мәйегін ашып айтады, көсіліп айтады, шешіліп айтады, бағасы мен бәсін дәл қойып, жеріне жеткізіп айтады. Бірде бір жылтыр сөз, бірде бір сылдыр сөз көрмейсің. Ол эсселер мен мақалалардан автордың қанының қызуын, жанының жылуын бүкіл тұла бой болмысыңмен сезініп отырасың. Соларды парақтап қарап отырып оның өз әдебиеті мен өнерінің көсегесінің көгеруі үшін, өрісінің кеңеюі үшін ешкімнен де ақ ниет, ақ тілеуін аямайтын жүрегінің кеңдігіне, жанының жомарттығына таң қаласың. Мұндай рухани атымтай жомарттық қазақ әдебиеті мен өнерінде бұрын- соңды болды ма екен, сірә!
Сөз орайы кеп тұрғанда айта кетер мәселе, Әбіш Кекілбайұлының қызметке қандай өкпесі болмаса, қызметтің де Әбіш Кекілбайұлына сондай өкпесі жоқ. Бәрін тізбей-ақ , оның Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік хатшы болғанын айтсақ та жеткілікті.
Әбіш Кекілбайұлы зорлық тек зорлық, жауыздық тек жауыздық, өшпенділік тек өшпенділік тудыратынын терең біледі. Яғни, кімде кім жауыздық жасаса, жауыздықтың қолынан опат болмақ. Егер ол дер кезінде жазасын алмаса, бәрібір түптің-түбінде зауалын тартпақ. Өзі тартпаса ұрпақтары тартады. Бұл — қолға ұстауға келмейтін, көзге көрінбейтін, Құдіреттің өзі жұмыр басты пендесін жаратқаннан бері үйретіп келе жатқан дәрісі. Құдайлық заңдылық. Оның шығармаларынан тарайтын тағылымдар да, қайраткерлік тірлігіндегі өсиет- пікірлер де осыған саяды. Бұл ретте ол бүкіл адамзат баласы басынан өткізген тарихи тауқыметтерді, тарихи азап пен сорды алға тартады.
Әбіш Кекілбайұлы егер ел ішінде алауыздықтың ала құйыны, ашкөздік пен дүниеқоңыздықтың ақ түтегі кірсе, онда ол үлкен қауіп пен қатердің астында қалатынын барынша қазып, барынша қадап айтумен келеді. Іргені тек ынтымақ бекітіп, шаңырақты тек бірлік үстап қалады деп ұғады. Сондықтан да ол адам мен адам арасында жарасым, ұлт пен ұлт арасында үйлесім, мемлекет пен мемлекет арасында ықпалдастық орнатуға бар күш- жігерін, ілім- білімін, парасат-пайымын арнап жүр деп айтсақ артық емес.
Әрине, Ә. Кекілбайұлы ол жарасым мен үйлесім, ол бірлік пен ынтымақ күні кеше зорлық пен зомбылықты, жәбір мен жапаны көп көрген белгілі бір ұлттың, яғии, қазақтардың есебінен жасалынуына жан-тәнімен қарсы. Сондықтан Әбіш ол үйлесім мен жарасымға, ол ынтымақ пен бірлікке жұрттың бәрі тең тұрғыда, заңдық аяда мүдделі болуға тиіс деп біледі. Ол бұл мәселеге әр адамның аса сақ, аса сергек, аса ыждаһатты болуын қалайды.
Ол қазір де енді ғана қабырғасы қатып, енді ғана буыны бекіп келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің өміріндегі бүкіл дерлік саяси, әлеуметтік шаруаларының басы- қасында жүр.
Жалпы, қорыта айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Ол — феномен. Ол — тұтас әлем. Ол тұтас әлемді қамтып сөйлеуге бір мақала түгілі, үлкен бір кітаптың қауқары жетпейді. Ол әлем айтқан сайын биіктеп, қадалған сайын тереңдей түсетін әлем. Ол әлемнен әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз.
Қазірдің өзінде-ақ оның туындылары мен қайраткерлік ой-толғамдары ұлттық құндылықтарға айналды.
Ол — рухани ұлы тұлға.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі