Ақынның тұтас бiр әлемге айналуы кез келген таланттың, тiптi, кейде тегеурiндi таланттың да маңдайына бiте бермейтiн құбылыс. Әрине, ақын тұтас бiр творчестволық әлемге бағы жанып, жолы болып кеткендiктен немесе әлдеқандай желеп-жебеушiлердiң қолынан тартып, қолтығынан демегендiгiнен айналмайды. Өйткенi ақын ол творчестволық әлемдi өзiнiң талант, зейiн, зерде, iлiм-бiлiм, маңдай тер қуатымен дүниеге келтiредi. Шынында ол творчестволық әлемнiң тұтас бiр табиғатын, ауа райын, көлi мен шөлiн, қысы мен жазын, қысымы мен қызуын түзiп,жаратылысқа айналдыру оңай шаруа емес. Ондай жанды жаратылысты ғұмыр бойы толастамайтын қуатты творчестволық толғақ қана дүниеге келтiре алмақ.
Арғы-бергi қазақ өлеңiндегi ат төбелiндей жұлдызды шоғырдың iшiнде Фариза Оңғарсынова атты тұтас бiр творчестволық әлемнiң де бар екенi айдай ақиқат. Ол әлем, әрине, жылыға орап, жұмсағын алдына тартып, сенi бойкүйез, бей-жай күйге түсiретiн, бiр сәтке болсын өткенiңдi ұмыттырып, ертеңiңдi естен шығаратын көгiлжiң аспан астында көз бен көңiлдi қатар арбап көсiлiп жатқан көкорай шалғынды әлем емес. Ол әлем — дауыл тұрғызып, дабыл қақтырып тұрған әлем. Ол әлем — шарпылыстар мен тартылыстардан, қақтығыстар мен соқтығыстардан, бұлқыныстар мен сiлкiнiстерден тұратын әлем. Яғни ол творчестволық әлемнiң климаты — төбеңнен себезгiлеп сәуле төгiп, әлсiн-әлсiн аспаннан жаңбыр бүркiп, табаныңа шүйгiн шалғынның ұлпа мамығын төсеп, жаныңды жадыратып, рахатқа бөлер субтропикалық жiбектей жұмсақ климат емес, ол творчестволық әлемнiң климаты — аңқаңды кептiрер аптап пен аңызақтан, құтыңды қашырар құбылған боран мен сақылдаған сары аяздан тұратын субконтинентальдi қатал климат. Сондықтан да оның поэзиясы — өз оқырманының көңiлiн аулап, кiшкентай кiрбiң-ренiшiн жуып-шаям деп сылап-сипап, бәйек бола қалатын елгезек поэзия емес, қайта қалғып кеткен оқырман көңiлiн алай-дүлей етiп, астан-кестеңiн шығаратын, кiрбiң-ренiшiн күл етiп ұшырып, оның жан жүрегiндегi жараны қандауырмен қанын сорғалатып тұрып сылып тастайтын адуынды поэзия.
Ажалмен айқасқан сәтте
Қыршын жас көз iлгенiн көрiп,
өткiншi сезiмдердi көрiп,
кешегi доспын дегеннiң
минутта жерiнгенiн көрiп,
кiмнен өш аларымды бiлмей,
кiмдерге кiнә тағарымды бiлмей,
алдыңа лапылдап келем,
жарылуға жақындап келем.
Ақын жаны құйындай үйiрiлген құбылыстарға толы. Ол қасқағым сәтте қыршын жастың көз жұмғанына қайғырып, өткiншi сезiмнiң өртiне шарпылып, опасыздыққа опынып үлгердi. Ендi ол өлең боп құйылмақ...
Бiз бұл мақаламызда сол Фариза Оңғарсынова атты өлең — әлемнiң бойында жүрiп жатқан жанды құбылыстардың кейбiр сәттерiне көз жiбермекпiз.
Фариза Оңғарсынова да жұрттың бәрi секiлдi әдебиет табалдырығын ел мен жер, әке мен ана, табиғат пен тiршiлiк, ерлiк пен еңбек, өмiр мен тағдыр, достық пен махаббат сияқты ақындар қанша жырласа да тозып тот баспайтын, көнерiп, көмескi тартпайтын атамзаманнан берi келе жатқан ежелгi тақырыптарды жырлап аттады. Тағы да, ол тақырыптар дәстүрлi канонда — серт пен сенiм, аңсау мен сағыныш, мақтаныш пен сүйсiну негiзiнде жырланды.Бiрақ осы таптаурын нұсқаудың тар көйлегiн киiп алған сол алғашқы өлеңдердiң өзiнде бiр бұлқынған күш, арнасынан асып төгiлгелi тұрған ағыс, қажырлы қайрат, адуын мiнез сезiлетiн. Ақынның талант табиғатынан сес берiп қалатын осы бiр қасиеттер әсiресе махаббат тақырыбына арналған өлеңдерiнде ерекше көзге түстi.
Шынын айту керек, Фариза Оңғарсыноваға дейiн қыз-келiншектерiмiздiң де махаббат тақырыбына арналған өлеңдерi, негiзiнен, бiр қалыптан шыққандай бiр-бiрiнен аумай жататын. сондықтан да ол өлеңдер адам жанының табиғи сезiмiне емес, заводтың өнiмiне көбiрек ұқсаушы едi. Жасандылық. Штамп. Ол кездердегi өлеңдерде екi жас қалай да толысқан ай астында қол ұстасып, жымыңдаған жұлдыздардың сәулесi түскен көл үстiнде қайықпен қыдырып, құйып тұрған жаңбыр астында құшақтасып, сылдыраған бұлақ басында кездесiп, сыбдырлаған жапырақ астында сүйiсiп тұратын. Өзгерiс болған жағдайда да, тек олардың орны ауысатын да, сөзi мен iсi сол қалпында қалушы едi. Сонымен бiрге, қыздарымыз ол өлеңдерде тым именшек, тым бұйығы боп келетiн. тағы да ол именшектiк пен ол бұйығылықты ибалық пен iзетке телiп әспеттеп бағушы ек. Содан барып махаббат тақырыбына арнаған өлеңдерiмiзде лакке малып алғандай жылтыр сөз, майлап қойғандай күлiмдеген көз қаптап кеттi. Осы бiрiнiң аузынан бiрi түскендей «джентельмендер» мен «бикештер» образдары бiз үшiн үйреншiктi образдарға айнала бастаған-ды. Тiптi, ол өлеңдердегi махаббат драмалары да (айрылысу, режiсу) бiрер жаттанды арзан сценалармен басталып, аяқталып жататын. Осы сiреу-сiреу қардай сiресiп жатқан штампты алғаш бұзғандардың саны екеу болса, бiреуi — Фариза, бiреу болса — өзi.
Фариза Оңғарсынова алғашқы өлеңдерiнiң бiрiнде-ақ «сыйласудан тағдырдай шын махаббат тумайтынын» кесiп айтты. Өйткенi махаббатқа ай астында серуендеп қайту емес, тағдыр деп қарады. Сондықтан да ол:
Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,
Сен маған жалынбашы,
Табынбашы.
Ер мiнездi жiгiттi ұнатады
Осы бiр қарындасың, —
деп әбден мезi қып бара жатқан әлiгiндей шарттылыққа қарсылық көрсеттi. Бұл «сiз», «бiз» деп сызылып, қылымсып тұрған жасанды сөз, жаттанды сөз,жаттанды қылыққа қарсылық болатын. Ақынның махаббат тақырыбы өлеңдерiндегi лирикалық кейiпкер оқырман көңiлiне асау мiнез, шалт қимылдың адамы болып ендi. Оның әдемi сөздерге жаны қас, оның «сүйерi — ащы шындық». Сондықтан да оның жаны «жүректiң жалынымен сүйгiзе алатын жiгiттi» қалайды. Мiне, ол лирикалық кейiпкер де өмiрдiң сан тарау тармағынан, тар жол, тайғақ кешулерiнен өттi. Есейдi. Ол махаббаттың қызығынан гөрi, азабын көбiрек тартты. Бiрақ мойып, жасыған жоқ. Дей тұрғанмен...
Қуанышты мендегi
сенiң қайғың улайды.
Ешбiр адам жердегi
бiлмейдi бұл мұң жайлы.
Сүйсе, бақыт емес пе —
мен бiреуге тәттiмiн.
Түсесiң де сен еске,
сап болады шаттығым.
Аяз шарпып дененi
сүйген болам бекер кеп.
Сенi iздегiм келедi,
қай жерде отыр екен деп.
Сен жайлы ойды жасқадым,
қалмасын деп ол бiлiп.
құшағында басқаның
сенi ойлаймын. Сорлылық.
Өмiрде ең болмаса «икс пен игректi» қосатын алгебрамен де емес, екi мен екiнi қосатын арифметикамен өлшеп үйренiп қалған бейшара педант пен адам жанының иiрiм-қалтарыстарындағы сезiм құйылыстары мен құбылыстарынан бейхабар, тоңазытқыштан шыққандай қара мұздай сұп-суық, сезiм атаулыдан жұрдай моралист үшiн бұл өлеңдегi лирикалық кейiпкердiң мiнезi — қауiптi мiнез. Бiрақ ол қайдағы бiр бейшара педанттар мен қайдағы бiр темiр-ми, темiр-жүрек моралистерден қорқып, жан-сырын жасырып, бүкiл болмысын бүгiп қала алмақ емес. Оның жан-сырын жасырып, болмысын бүгiп қап, өлең алдына күнаға батар жайы жоқ. Өйткенi ол үшiн өлең — ар мен ождан сөзi. Ал ар мен ождан алдында сырын жасырып, болмысын бүгiп қалса, онда оның кiм болғаны?! Онда оның ақиқат, шындық алдында қиянат жасағаны да. Ал ақиқат пен шындық ылғи да көзбен көрiп, қолмен ұстайтындай қасаң фактiден тұрмайды. Кейде ол осындай көзбен көрiп, қолмен ұстауға болмайтын iшкi алай-дүлей арпалысқан сезiм фактiлерiнен де тұрады.
Бiрақ бұл өлеңге қарап Фаризаның лирикалық кейiпкерi екiұдай сезiмiнiң ортасында өртенiп жүрген жан екен деп ойлап қалуға болмайды. Ол сол бiр қиын, құбылмалы сәттен тез арылған. Ендi ол бұрынғысынан да батыл, бұрынғысынан да жiгерлi:
Керек емес мекерлiк, айла маған:
Сүйем сенi сескенбей айналадан.
Менсiз сезбей, ұға алмай қаласың сен —
қайда жүрсiң, тұрғаның қандай алаң.
Бiреулер бар сескенiп аяқ басса,
бiреу көрiп тұр ма деп тайғанаған.
Жалтақтама солардың барлығына,
Тiрлiгiңдi бiр өзiм жайлап алам.
Ақ сезiмдi алдыңа селдетемiн,
Тек сен шыдар ма екенсiң.... қайдам, оған...
Лирикалық кейiпкер өз сезiмiн айтқанда неге соншалықты батыл, ал жiгiт сезiмiне келгенде неге үргелек? Бұл да өмiр. Бұл да тағдыр...
Жалпы, Фариза Оңғарсынова махаббатты бәз бiреулердей татқан сайын тата бергiсi келетiн қызықты тәттi дәурен, жүрген сайын жүре бергiсi келетiн сауық-сайран кезеңi деп қарастырмайды. Тiптi ол оны белгiлi бiр кезең мен дәуренге бөлмейдi де. Өйткенi ол махаббатты бүкiл адам өмiрiнiң ғұмырлық жан серiгi деп ұғады. Бұл жерде әңгiме сенiң сүйгенiңе қосылған, қосылмағаныңда емес. Бұл жерде әңгiме сенiң махаббатсыз өмiр сүре алмауыңда. Яғни ақын сен сүйгенiңе қосылсаң, махаббат бар да, ал тағдыр-талайыңның қалауымен сүйгенiңе қосыла алмасаң, сенiң бойыңнан да махаббат құриды деген тоғышар, эгоистiк пiкiрге бар болмыс-бiтiмiмен қарсы.
Фариза Оңғарсынованың творчествосында айтпай кетуге болмайтын тағы бiр кезеңдi сала бар. Ол — тарихи тұлғалар мен өз көкiрегiнде қорытқан тағдырлар арқылы дүниеге келтiрген қазақ әйелдерiнiң рухани портреттерi. Ол портреттер бақ пен сордың, мұң мен қуаныштың, үмiт пен күдiктiң, нала мен шаттықтың, у мен балдың, көз жасы мен күлкiнiң, ашу мен сабырдың, көлеңке мен күншуақтың, кек пен кешiрiмнiң контрасты бояуларымен салынған.
Бiз бұл жерде Ақбөбек, Майра, Саралардың рухани портреттерiн аз-кем жинақтап қарастырып көрейiкшi. Ол тарихи тұлғалардың қай-қайсысы да өз басынан өткен ауыр хал, тартқан тауқыметтерiн саусағын бүгiп санап, оларды саған белгiлi қашықтықта тұрып баяндап жатпайды. Олар сенiмен аралықтағы қашықтық — дистанцияны тас-талқан етiп, сол әлеуметтiк теңсiздiктер мен алысып-арпалысқан, налып-күйiнген, бұлқынып-бұрқанған қалпында сенiң iшкi дүниеңе енiп кетедi. Өлеңдi одан әрi оқи берсең, өзiң де Ақбөбек, Сара, Майра боп сөйлеп кеткенiңдi әрi-берiден кейiн аңдамай қаласың. Сен ендi бiрте-бiрте өмiрге, заманға сол Ақбөбек, Сара, Майралардың көзiмен қарай бастайсың. Бұдан да дәлiрек айтсақ, олар сен арқылы сөйлеп, сен олар арқылы өлең оқып тұрғандайсың.
Ақбөбек:
Құса боп өтсе, қыздары елдiң сәнi ме,
Халқым-ау, қалай төзгенiң!
Алдамшы екен ғой мынау жалғанда бәрi де,
Махаббатымнан өзгенiң.
Сара:
Әдiлет кетсе хандардан,
халқына шаттық аз шығар,
жазықсыз көзден жас шығар,
бiрлiгi тайып басынан,
iрмектi сүттей ашыған
абыройы елдiң шашылар,
жаулары таптап басынар.
Майра:
Болғанмен жырым — жақұт, әнiм — асқақ,
алмастай өмiрiмнiң әрi қашпақ, —
шырқайтын сандуғаш үн сайрай алмай,
жыр көшiн бара жатса жабы бастап!....
Өкiнiштiң өртi, ыза мен наланың үнi, уақыт пен заманның рухы сiңген бұл жолдарда сенiң де торығып, жабыққан жан-жүрегiңнiң назы, бұлқынып аққан қан тамырларыңның сазы бар екенi сөзсiз. Асылы, нағыз ақынның кеудесiнде ел мен жердiң рухы ұя салатын болса керек. Ақын жүрегiн жарып шыққан жырдан сен өз жүрегiңнiң лүпiлi мен өз қан тамырларыңның ағысты сарынын естисiң, бәлкiм, сондықтан.
Фариза Оңғарсынова да — дәл сондай кеудесiнде ел мен жердiң жүрегi соғып, жанына ел мен жердiң рухы ұя салған ақын.
Ақын әлгiндей тарихи тұлғаларға айналып кеткен Ақбөбек, Сара, Майралардың рухани портреттерiн салып қоймайды, сонымен бiрге солардың көзiмен сол бiр заман мен уақыттың кескiн-келбетiн, дәлiрек айтсақ, образын да сомдайды.
Фариза, сондай-ақ, есiмдерi «қос iшектен шығатын» бiр үнге айналып кеткен, «алау көңiлдерi бозбаланың демiне емес, соғыстың жалынына шарпылған» аяулы Әлия мен Мәншүктер жайында «табысына анасындай қуанып» отыратын Мәриям Хакiмжанова мен «әлемдi әнмен арбап тастай алатын» құдiретке ие Бибiгүл Төлегеновалар туралы, даласының «тағдырын, тауқыметiн көтерiп бара жатқан» Кәмшат пен анасымен сырласып отырған ақын әйел хақында жазған өлеңдерiнде осы бiр кредоны Темiрқазық етiп ұстанады.
Бұл жерде тағы бiр айта кететiн нәрсе, Фариза Оңғарсынова қазақ өлеңiнiң түр-үлгiлерiн барынша кең қолданған ақын. Жалпы, Фариза жырларының о баста кiндiк қаны дәстүр топырағына тамып, сол дәстүр топырағының қызуы мен құнарын бойына молынан сiңiрiп ержеткенiне бүгiнде көз жеткiзу қиын емес. Қасиеттi жерiмiздiң қара топырағында армансыз аунап-қунап өскен тұла бойы қазақы қажыр мен қайраттан тұратын ол күнсiндi қызу өлеңдер бүгiнде өзiнiң ел алдында әлеуметтiк, мәдени, рухани мiндеттерiн атқаруда.
Қазiр де Фариза Оңғарсынова — дәстүрлi поэзиямызды одан әрi жалғастырушы iргелi ақындарымыздың бiрi. Бұл жерде орайы келiп тұрғанда бiр мәселенiң басын ашып алғанымыз дұрыс. Бiреулер дәстүр жалғастырушы деген сөздi тым ұшқары түсiнедi. Олардың түсiнiгiнше дәстүр жалғастырушы ақын — өлеңдi белгiлi бiр дәстүрлерде, ұлттық колоритпен жазатын ақын деп бiледi. Бұл — тым саяз түсiнiк.
Бiздiң түсiнiгiмiзде дәстүрлi ақын — дәстүрдi жаңа мазмұнмен, тың образ, терең философиямен, тосын теңеу, жаңа саз оралымдарымен байытушы ақын. Олай болмады ма, онда ол — дайын асқа тiк қасық! Онда ол — дәстүр топырағының бар құнарын бойына құныға сорып, обып жатқан, бiрақ өзiнiң берерi жоқ, барып тұрған асыранды жатыпiшер. Ал мұндайлар, сақ болмаса, құнарлы дәстүр топырағын аздырып-тоздырып, тұяқкештi етiп, ақшаңдаққа айналдырып жiберерi сөзсiз. шынын айту керек, қазiр қазақ поэзиясында жұртты елең еткiзерлiктей алып келген бiр образ, бiр теңеуi жоқ, бiрақ дәстүрдiң ең құнарлы шүйгiн жерлерiне қосын тiгiп ап шалқақтаған асыранды жатыпiшерлер көбейiп кеттi. Жә, мұны тағы бiрде кең көсiлiп отырып сөз етермiз. Бiз негiзгi әңгiмемiзге оралайық...
Жетпiсiншi жылдардың соңы мен сексенiншi жылдардың басында Фариза Оңғарсынова творчествосы жаңа бiр кезеңге көтерiлдi дей аламыз. Ал шын ақын көтерiлген жаңа кезең — қай уақта да, қай жағдайда да — әдебиеттiң де айтулы сәтi боп саналыр хақ. Олай болса, ол кезеңдi айналып өту, көре тұра көрмегенсу тек ақын алдында ғана емес, әдебиет алдында да күнә болар едi. Дәл осы кезеңде ақын да өзiнiң бойындағы сол дүлей қуатты, тың күштi сезiп, өмiрге, тiршiлiкке басқаша қарай бастады.
Ендi үңiлсем:
жер басқа, аспан да ерек,
Күштер де өзге жүретiн жасқап, жебеп.
тегi, маған азабын, ақiретiн —
бәрiн, бәрiн қайтадан бастау керек.
Осы тұстағы Фариза Оңғарсынованың өлеңдерi жарқ етiп тұтанып кетуге, лап етiп өртенуге, бұрқ етiп қопарылуға дайын тұрған қасиеттерге ие. Бейнебiр ақын сөздердi iшкi дүниесiне салып қорытқанда, оларға тез тұтанғыш, тез қопарылғыш бiр элементтердi қосып жiберетiндей. Содан ба екен, Фариза Оңғарсынованың әрбiр өлең жолы қопарылыстар мен жарылыстар тудыратын бикфорт шнурларын еске түсiредi. Бұл жерде заңды сұрақ тууы мүмкiн. Ақын сонда күйретушi, қиратушы күшке ие болғаны ма? Дәл солай. Бiрақ оның қирату, күйрету күшi адам жанының түпкiр- түпкiрiне, жықпыл-қуыстарына ендеп кiрiп, оны рухани жағынан iрiтiп-шiрiте бастаған әлеуметтiк дерттерге — менмендiкке, опасыздыққа, немқұрайдылыққа, немкеттiлiкке, әзәзiлдiкке, жағымпаздыққа, жарамсақтыққа қарсы бағытталған, дәлiрек айтсақ, ақын сөзi — әлгiндей әлеуметтiк дерттердiң адам жанының жықпыл-қуыстарындағы ұялар мен күркелерiн өртеп. қопарардай құдiреттi қуатқа ие. Тағы да, ақын ол өрт пен қопырылысты өзгеден емес, өзiнен бастайды.
О бастан бергi шетiн iстерiм,
елемей көздiң етi де iскенiн,
тойғаным тасып...
солардан бүгiн
бойыма сiңбей отыр iшкенiм.
Кеудеңдi қысқан менмендiктердiң
талқандап құрсау-бекiнiстерiн,
өртеңдер менi, өкiнiштерiм!
Мiне, ақын өз бойындағы құрсау-бекiнiстерiн талқандап. оларды өртке берiп отыр.
Бiз кейiнгi кезде азаматтық деген сөздiң де құнын түсiрiп, қуатын әлсiретiп алып жүргендеймiз. Бiз қөбiне-көп азаматтық деген сөздi мiнбеге шығып алып жұрттың бәрiн жақсы болуға үгiттеп, дұрыс жүрiп-тұруға шақырып, жапырып жұмыс iстеуге үндейтiндерге қолданамыз. Сөйтiп, бiз азаматтық деген ұғымға тым жеңiл мiндет жүктеп қойғандаймыз. Қазiр бiздiң әлеуметтiк өмiрiмiзде «әркiм өзiнен бастау керек» деген сөз жиi атылады. Үлкен мағынаға ие сөз. Бiрақ өзiнен бастап жүрген адамды көрiп жүрмiз бе? Олар көп пе, аз ба? «Өзiнен бастау» деген сөз тек жұмыс iстеу ғана ма? Мүмкiн, солайда шығар. Бiрақ мен өз басым «әркiм өзiнен бастау керек» деген сөздi, ең алдымен, әрбiр адам өзiнiң бойындағы кемшiлiктермен, өзiнiң бойындағы әлеуметтiк дерттермен аяусыз күресе бiлу деп бiлем. Ал бiз өз бойымыздағы кемшiлiктермен, келеңсiз құбылыстармен күресiп жүрмiз бе? Өз бойымыздағы сол кемшiлiктер мен келеңсiз құбылыстардың атын атап, түсiн түстеп, айдай әлемге жария етуге бiздiң батылымыз жете ме? Жетсе, сен нағыз азаматсың! Өйткенi бiреудiң бойындағы кемшiлiктi, тiптi, заман мен қоғам бойындағы келеңсiз құбылыстарды айту бүгiнгi таңда соншалықты қиын емес. мықты болсаң, сен өз бойыңдағы кемшiлiктi айтып көр. Сонда ғана сен нағыз батылсың, сонда ғана сен нағыз азаматсың.
Фариз Оңғарыснова дәл осындай батыл да, азаммат ақын.
Өлең жазам өзiмше данышпансып,
Жандай менен басқаға намыс таңсық.
Жарамаймын сөйтсем де құлап жатқан
Саз балшықтан алуға танысты аршып.
Жүрсем деймiн жұрт жетпес бағаны алып,
қарсы келмес өмiрде маған анық, —
бiреулердi жиып ап айналама,
көсем болып отырам дараланып.
Көре тұра жандарды еңбегi шын,
кердеңдеймiн еректей елден iсiм.
Қалу үшiн адам боп, өз кеудемнiң
менмендiгiн баса алсам — сол жеңiсiм!
Шынын айту керек, өзiн өзi жұрт алдына шығарып дәл осылай айытпау кезiнде көбiмiздiң қолымыздан келген жоқ, әлi де келе қоюы екiталай. Өйткенi бiз ұзақ жылдар бойы табиғи мiнез құбылыстарын емес, әлеуметтiк дерттi құбылыстарды ақтау үшiн қолданылып келген «кемшiлiк кiмде жоқ дейсiң» деген тоғышар принциптiң тасасына тығылып, соны паналап үйренiп алғанбыз... Яғни осы бiр шiрiк принцип арқылы өзiмiздiң бойымыздағы кемшiлiкпен келiсiмге келiп, ол кемшiлiктi сырт көзден бүркеп жасырып, тiптi, керек кезiнде оны қызметке жегiп қоятын дәрежеге жеттiк. Ал өз бойындағы кемшiлiк, келеңсiз құбылыстармен келiсiмге келген, оларды тұмшалап, жасырып баққан жан басқа адам мен заман бойындағы кемшiлiктерге де келеңсiз құбылыстарға да көз жұмып қарайды. Мiне ақынның алмастай өткiр ақиқатты айтқан өлеңiнен алар тәлiм бiз үшiн осы.
Өзiн көпшiлiктiң алдына шығарып, шындықтиың аптабына күйдiрiп, аязына тоңдырып шыңдап, шынықтырып алған ақын ендi адам мен заманның тұла бойын жайлап бара жатқан әлеуметтiк келеңсiздiктермен анық күреске шықты:
Қызықтырмай өзгенiң атақ, әнi
жүргенiмнен көп уды татам әлi.
Досын сатқан жандардан жиренемiн,
Отанын да ондайлар сата алады, —
деп кесiп тастайды да:
Кей адамда қылық жоқ аяр аса,
бойы биiк бақандай, ойы аласы.
Болмысымен тұру жоқ, жүре алмайды
беттерiн де, мәнiн де боямаса.
Бiрақ олар кеңейтiп жиi өрiсiн,
тауып ала қояды сүйенiшiн.
Олар солай. Оларға қол соғатын
жандар үшiн өртенiп күйедi iшiм, —
деп күйзеледi.
Әдiлiне жүгiнсек, әр сөзден сезiктенiп, әр үтiрден күдiктенiп, әр бiр әрiптi ежiктеп оқыған тосқауылы көп кешегi тоқырау заманында Фариза Оңғарсынова сынды ақиқатты айқайлап, шындықты шырылдап айтқан ақын кемде-кем. Бұл ретте ол таймас табандылық көрсеттi. Бұл жолдан ол:
Жылап жатам, төсектен тұрам жылап,
жеңiлдiк жоқ жаныма мұнан бiрақ, —
деп күйiнсе де қайтқан жоқ. Қайта, бұрынғыдан да ширығып, бұрынғыдан да өжеттене түстi. Солай бола тұра, ақынның аузын ашқызбаған үнсiздiк кезеңге деген, бұрын айтылмай келген ойларына деген өкiнiшi қандай демеңiзшi! Ақын қасiретiне қабырғаң қайысады:
Перiштесiп, адалсып жүргенiммен,
созған болам қолымды күлген болып.
ой-баламның талайын тұншықтырып,
бүрiсемiн тышқандай iнге кiрген.
Туғызуға ойымның жалқыларын
ұятсындым, қорықтым, қалтырадым.
Сәбилерiн жерлеген ана сынды
Жер бетiнен жай таппай шарқ ұрамын.
Қанша ойы мен сөзiн жерге берiп, «жер бетiнен жай таппай шарқ ұрған» ананы, рухани ананы көз алдыңызға елестетiңiзшi. Сөзi мен ойын сәбиiндей көретiн ақынды рухани ана демей, не дерсiң! Олай болса, оның қасiретiн бар жан-тәнiңмен егiлiп, езiлiп сезiнбеу мүмкiн бе?
Жалпы Фариза Оңғарсынова жырларында қайғы-қасiреттiң суық лебi сезiлiп тұрады. Айдың күннiң аманында ақынды алып бара жатқан ол не қасiрет дейсiз ғой. Ол — манадан берi айтып отырған адам мен заман бойынан мерез боп жабысқан әлеуметтiк дерттер. Әзiр ол дерттер бар боп тұрғанда ақын өзiн қайғысызбен, қасiретсiзбен деп айта алмақ емес. тiптi, ол өзiнiң бақытына да осындай қайғы-қасiрет арқалап жүрiп қол жеткiзген. Ендi ол өз бақытын қайғы-қасiреттен бөлiп ала алмас халде.
Менiң бақыттылығым сол жалғанда — қасiреттен тұрады бақытым да!
Халықтың, адамның, заманның рухани тазалығы үшiн бiтiспес күреске шыққан нағыз азамат ақын ғана осылай сөйлей алса керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі