Жарасқан, жел үп етсе кебiрi мен сорын кебектей суырып шыға келетiн, аптабы мен аңызағы қандай ыстық болса, аязы мен бораны сондай ызғарлы Сырдарияның Аралға құятын көп саласының бiр сағасында туыпты. Қандай бiр ұлы өзен болса да, өзi құятын теңiздiң орасан қарсылығына ұшырайды. Ағып келген ағысымен теңiзге кiре алмайды. Дәл кiрер тұста тарқатылған арқанның ұшындай, немесе, бәйтеректiң тамырындай болып тарам-тарам, атырау-атырауға бөлiнiп, жан-жақтан сыналап сұғынып кiредi. Сөйтiп қана теңiз қарсылығын жеңедi. Сол өзен мен теңiздiң ұстасып тұтасатын саласы әдетте, буырқанып, бұрқырап жататын, ең бiр қауiптi, ең бiр қатерлi тұсы. Ол жер тек өзен мен теңiздiң ғана арпалысып-арбасып жатқан тұсы емес. Тұщы мен Ащының да, яғни тұщы Сырдария мен ащы Аралдың да арпалысып, арбасар жерi. Құмы бiр суырып, күнi бiр қыздырып, борасыны бетiңдi темiрдей қарып, аязы сүйегiңдi шағып жiберетiн, Ащы мен Тұщы арпалысып жатқан сол өңiрдiң мiнезi қандай болса, Жарасқанның мiнезi де дәл сондай едi.
Сондықтан да ол, өмiрде де, өлеңде де қалқып сөйлемей, қарпып сөйледi.
Тiптi ол сiлтенген қылыштай кесiп те сөйлеген жоқ, өңменге тiке қадалатын кездiктей тесiп сөйледi.
Ол көп жебенiң бiрi болған жоқ, көбе сөгер жебе болды.
Ол ешкiмнен тайсалған жоқ, одан — шынашақтай болса да — жұрт тайсалды.
Мен осы жерде кезiнде көп адамның құлағына жетпей, көп адамның көзiне iлiнбей қалған Жарасқанға арнаған өлеңiмдi келтiре кеткендi жөн көрiп тұрмын.
Жарасқаным, дара тұлғам,
Сенде сезiм, ой шыныққан.
Бiлем сенiң
Жаратылған
Тұла бойың қайшылықтан.
Шарт кететiн шешiм күтпей,
Сөзге бiрақ тұрақтысың.
Нәзiксiң сен өсiмдiктей,
Бәйтеректей қуаттысың.
Ақтарылып бұлақ құсап,
Кейде кенет iркiлесiң.
Тұрасың сен шырақ құсап,
Найзағайдай сiлкiнесiң.
Жайлау болып көсiлесiң,
Сонсоң қайта қайраласың.
Түбiттей боп есiлесiң,
Тiкенекке айналасың.
Кейде үйдi ұмытасың,
Кейде үйге қамаласың.
От сияқты жылытасың,
Оқ сияқты қадаласың.
Өзiңдi мен мүлде бiлдiм,
Қайшылықты құбылыссың.
Өз еркiңмен — бұл өмiрдiң! —
Балын iшпей уын iштiң.
Жайып келе жатырсың сен,
Жүрегiңдi дастарқан қып,
Жарып келе жатырсың сен
Өзiңдi өзiң тас-талқан қып.
Мен бiлетiн Жарасқанның мiнезi осындай едi.
Ол бұл алдамшы қу өмiрдiң өзiне суық қарап, қайрылмастай сыртын берiп бара жатқанын бiле тұра тағы бiр мiнез iрiлiгiн көрсеттi. «Құлыптас» кiтабын жазды. Ендiгi әңгiме сол кiтап жайында болмақ...
* * *
Бұл кiтаптың тұтас аты «Құлыптас немесе екi дүние: фәниден бақиға дейiн» деп аталады. Ол кiтаптың алғашқы бетi «Қабiрстан қақпасындағы жазу немесе кiтапқа кiлт» деген өлеңмен ашылыпты. Байқадыңыз ба, Жарасқан «Қабiрстан» дейдi. Кез-келген пенденiң құлағына сұп-суық боп естiлiп, тұла бойын аяз қарығандай түршiктiретiн «қорым» мен «зиратты» «Қабiрстан» деп, яғни кешегi өткен ата-бабаларымыз бен бүгiнде өтiп жатқан замандастарымыздың көшiп барып, қоныс теуiп жатқан жерi мен елi деп қарайтындай. Ақын оларды тұрмыс пен түндiктiң астынан кетсе де тiршiлiктен түпкiлiктi кеткен жоқ деп тұрған жоқ па? Шынында да бұл өмiрден өткен-кеткендердiң күнделiктi тәнiн көрмесек те, жанын сезiнбесек, сәт-сайын ырығымен жүрмесек те, рухымен өмiр сүрмесек ұлттық тiрлiгiмiздiң тамыр-талшығы баяғыда семiп, көңiлiмiздiң iшiндегi жанып тұрған шырақ әлдеқашан сөнiп қалған болар едi. Оны Жарасқанның өзi де айтыпты:
Үнсiз-түнсiз тас қой! — деме.
«Құллытас!»
Үлкен-кiшi құлыптастар астында:
Тiрлiк жатыр!
Тағдыр жатыр!
Тарих жатыр бiртұтас!
Ақын бұл жолдарды өмiрiнiң соңғы кезеңiнде өмiр ызғары мен ажал тырнағын бүкiл болмыс-бiтiмiмен, тұла бой, жан-жүрегiмен әбден сезiнген, көп ұзамай ақ кебiн киiп ақыретке аттанар кезiн бiлген кезде, өзiн өзi алдарқату немесе иландырып жұбату үшiн ғана жазып отырған жоқ, сенiң ертеңгi өлiмiң бүгiнгi өмiрiңнiң жалғасы болатынын ұқтыру үшiн жазып отыр. Абайдың өзi де бiреуi шалғайыңнан тартып, бiреуi өкшеңдi басып, бiреуi жағаңнан жармасып, ендi бiреуi алқымыңнан алып мүлде жер үстiнде жүргiзбеуге айналғанда «өлiм барда қорлық жоқ» деп өлiмдi байыз табатын панасы тұтып, тағы бiр өлеңiнде
Адамзат — бүгiн адам, ертең топырақ,
Бүгiнгi өмiр жарқылдап алдар бiрақ.
Ертең өзiң қандайсың, бiлемiсiң,
Өлген үшiн туғансың, ойла шырақ, —
демейтiн бе едi. Жарасқан ойы да осы ойлармен кiндiктес.
Олар жер астында тек жатқан жоқ, бiздiң бүгiнгi де, ертеңгi де тiршiлiгiмiздiң, тағдырымыздың, тарихымыздың тамыры сол әруақтар жатқан топырақтан құнар тартып, қуат алып жатыр. Бiздiң жiгерiмiздi жанып, намысымызды қайрап, рухани қайрат берiп тұр. Олай болса, бүкiл қазақ даласын бiзбен бiрге жайлап жатқан қабiрстан деп аталатын қара ормандай қалың елдiң тiрлiк, тағдырын бүгiнгi күнмен қатар қойып, неге жырламасқа?
Сондықтан Жарасқан осы кiтабы арқылы күнi кеше елiнiң тағдыры қыл үстiнде тұрған аумалы-төкпелi заманда арыстандай арпалысып, жолбарыстай жағаласқан арыстарымыз — Ә.Бөкейханов, М.Шоқайұлы, М.Тынышпаев, Т.Рысқұлов, Ш.Құдайбердiұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, тағы басқалармен бiрге дүниеден өткен өз замандастарының сондай-ақ өзiнiң бойына бiткен сол баяғы, не тарпып, не қарпып алатын мiнезiмен iштар мен жағымпаздың, өсекшi мен күншiлдiң құлыптастарына жазу жазып қана қоймайды, олардың болмыс-бiтiмi мен кескiн келбетiне, кешегi және бүгiнгi рухани тiршiлiктерi мен тағдыр-тауанындарына үңiлiп, философиялық тұжырым жасайды.
Жарасқан алдымен «Арыстар аманатын» жазып, олардың аузына мынадай сөздер салады:
Кiм едiк?
Кiм болдық бiз?
Халық таныр!
Әйтеуiр ұмтылғанбыз жарыққа бiр!
Марқұмбыз — бәрiмiз де болашаққа
Жер деген — Адамзатқа Алып қабiр!
Ақын алдыңғы ойын бұрынғыдан да қазып тереңдетiп, бұрынғыдан да салмақтандырып ауырлата түскен. Мойынға түскен қыл бұғаудан, аяққа салынған темiр кiсеннен арылу үшiн бiздiң ата-бабаларымыздың қай жерге қаны төгiлмей, қай жерде басы қалмаған.
Сондықтан сен басып жүрген жердiң әр пұшпағы солардың көз жасымен, қанымен суғарылып, сен басып жүрген жердiң әр шаршысында солардың сүйегi жатыр. Ата-бабаларыңның сүйегi! Сондай-ақ күнi ертең өзiң де топыраққа айналасың. Мәңгiлiк ештеңе жоқ. Қаншама зерлеп мазар тұрғызсаң да, ол да күндердiң күнi өткенде жермен жексен болады. Ұрпақ соңынан ұрпақ келедi. Жер-анамыздың омырауына кiрiп, тоған мен топыраққа айналып кеткен сенiң сүйегiң жатқан жерде де шалғындар жайқалып, бау-бақша өсiп, егiндер көктеп, ормандар шулап тұрады. Кеше де солай болған, ертең де солай болады. Өйткенi тау да шөгедi, көл де тартылады, сел де төгiлiп, сең де көшедi. Олай болса, әр бiр қылтиып өскен өсiмдiкте, әр бiр бұтақтан үзiп алған жемiсiңде, сен тастар әр бiр дән мен сен отқа жағып жылынар әр бiр ағаштың өзегiнде солардың көз жасының кермегi мен қанының қызуы болуы әбден мүмкiн. Содықтан да аяғыңды аңдап бас, өйткенi сен Алып қабiр үстiнде жүрсiң! Жұмыр басты пенденiң бәрiне Арыстар атынан айтылған аманат бұл!
Жарасқан арыстарымызға арнаған жырларында сәттi түр тапқан. Мен, әрине, бұл жерде буын санын айтып отырған жоқпын. Тәсiлдi айтып отырмын. Әр арыстың құлпытасына қашап жазылатын (автор ойынша) сөздер екi-үш шумақтан аспайды. Ол шумақтар қара әрiптермен терiлген. Олар әрi қарай ақын тебiренiсiмен табиғи түрде жалғасып кетедi.
Ақын бұл тебiренiстерiнде «асыл арыстарымыз-ай», «қабырғалы тұлғаларым-ай», деп басталып «сұмдар мен зымияндар сендердiң көздерiңдi қартты-ау» деген сияқты жұрттың бәрi бiлетiн, бәрi айта алатын, шындығы болғанмен, дуалы ауыздардан дуасыз ауыздарға көшiп кететiндiктен шынайылығын жоғалтып бара жатқан жаттанды сөздерге бармайды. Қайта олардың жан дүниесiне тереңiрек үңiлiп, өмiр, тiршiлiк туралы, елi мен жерi хақындағы iшкi толғаныстарын алып шығуға ден қояды. Мәселен, Әлихан Бөкейхановқа арналған өлеңiнде
Сұмдардың есерлiгi — өлтiрмейдi,
Мыңдардың өлтiредi — Мешелдiгi.
Шынында да солай емес пе? Бiздiң түбiмiзге жетiп келе жатқан өзегiмiзге кiрiп үгiп, тамырымызға түсiп қиып келе жатқан жегi құрт — осы Мешелдiк қой. Рухани Мешелдiк. Бұл сөздер бүгiнде актуальдi. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген жылы-жұмсақ принциптiң iшiне кiрiп ап, есiк-терезенi тарс жауып, дүние төңкерiлiп жатса да көздi жұмып, құлақты басып, «Сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деп мойнын iшiне тығып отыратындарымыз аз ба? Мен, әрине, бұл жерде айқай-сүрең, дау-дамай, даурықпа даңғазалықты айтып отырғам жоқ. Естi адам өз үйiнде айқай-сүрең салмайды. Бiрақ, сол естi адам босағасынан сұрқия көз қадалып, табалдырығынан зымиян сөз аттап бара жатса қарап отыра алмаса керек. Қарап отырып қалдық па, онда бiткенiмiз. Бойын тiктеп, басын көтере алмайтын рухани мешелдiк пен рухани сүмелектiктi кез келген кесапатты сұм, екi кештiң арасында көшетiн жын-перiлер сияқты иектеп, есiнен шатастырып омалдырып отырғызып кетедi. Омалып қалғанның орнынан тұруы қиын. Сондықтан да бiздiң ең қатерлi жауымыз өзiмiздiң бойымыздағы рухани мешелдiк. Бұл рухани дерт. Ол дерттен айықпай, ел боп кетуiмiз қиын. Өз бойындағы осы бiр қатерлi дерттi халқымыз ертеден бiлсе керек. Өйткенi бұл аурудың аты да көп. Қараңызшы: бойкүйездiк, немқұрайлық, салғырттық, селсоқтық, немкеттiлiк, салбөкселiк, енжарлық, бейтараптық, ынжықтық, көнбiстiк... iздесең әлi де табыла беруi мүмкiн. Сұмдардың есерлiгi әр уақты да болады, бiздердiң сорымыз мыңдардың мешелдiгi.
Жарасқан арыстарымыздың iшкi толғаныстарын ашумен бiрге, олардың сөздермен сомдалған образдарын жасауға күш салыпты.
Түпкi ойы,
түпкi мақсат,
түпкi арманы —
Тұтасып түркi елiнiң жұрт болмағы,
Дуалап — дауасыз бiр дерт секiлдi,
Қуалап — қайда барса — құтқармады.
Бұл Мұстафа Шоқайұлының рухани кескiн-келбетi.
Демеймiн:
«Пайғамбарсың!»
«Тәңiрiсiң!»
Ел өзiн танығанда —
таныры шын!..
Қазақтың тектi қаны тулап тұрған
тарихтың сен бiр — күре тамырысың.
Бұл Мұхаметжан Тынышбаевтың тарихи болмыс-бiтiмi.
Азабын сезiнсең де жолдың жырақ,
Көздеген арманыңды көрдiң мұрат!..
Емессiң «халық жауы» қаны тамған,
Кеңестiң анық жауы болдың бiрақ.
Бұл Мағжан Жұмабаевтың қайсар бейнесi.
Әрине, бұл жерде Жарасқан сомдаған бүкiл арыстарымыз бен өз замандастарының образдарын түгел тiзiп шығу мүмкiн емес. Тiптi мiндет те емес.
Кiтаптың екiншi бөлiмi «Уақытқа уәж» деп аталыныпты. Ол бөлiмiнде ақын ежелгi тарихи ескерткiштер мен тарихи тұлғаларды өлеңiне өзек етiп бастапты. Ол жырларында да ақын ел мен жердiң қасиетiмен қоса қасiретiн, мұңы мен зарын, бағы мен сорын жырға қосады. Бұл жырлар кезiнде баспасөз бетiнде жарияланып, оқырман қауымның ықылдас-iлтипатына бөленгенiн бiлгендiктен, оларға тоқталып жатпаймын.
Менiң бұл жерде аздап болса да сөз еткiм кеп тұрғаны Жарасқанның бұрын еш жерде жарияланбаған көлемi шағын ғана «Сортопырақ» трагедиялық поэмасы.
Түсiн балам. Менi де түсiн балам.
Сыртым шуақ болғанмен,
iшiм — боран...
Көптен берi түс көрмей өтiп едiм
кеше түнде көрген бiр түсiм жаман!
Сонымен ақын не түс көрген дейсiз ғой. Ақын түсiнде бұл дүниелiктен о дүниелiк болып кеткен. Ә дегенде ол балалықтың базарына кiргендей болады. Анасымен кездеседi. Бiрақ қол созым жерде тұрып бiр-бiрiне жете алмайды. Анасы қанша мейiрленiп тұрса да «реңiнде ренiш» бар екенiн көредi. Бала жүрегiне мұң түседi. Сол кезде
Сескенбей де, саспай да, сақтанбай да
секiрмей де, күлмей де, шаттанбай да,
Қарсы алдыма бiр сәби жетiп келдi
Жалғыз көзi жарқырап қақ маңдайда!
Келе сап түйдек-түйдегiмен сұрақ қойған сол сәби ақын жүрегiн алай-дүлей етедi. «Туған жоқпын... демек мен өлген жоқпын» дейдi ол. Поэмадағы бүкiл трагедияның кiлтi осы сөздерде. Кепкен тулақтай боп тартыла-тартыла сортопыраққа айналып бара жатқан Арал өңiрiнiң апатты трагедиясы. Сол сортопыраққа құрсағында тұншығып қаншама ұрпақтарымыз жарық дүниенi көрмей о дүниелiк боп кетiп жатыр. Құрсақтан шықпай. Яғни, ол туған жоқ, сондықтан өлген де жоқ. Бiрақ ол о дүниеде өңменiңнен өтетiндей жарқыраған жалғыз көзiмен қадалған тергеушi боп алдыңнан шығады екен.
«Фәни» деген не нәрсе — бiлмеймiн мен,
«Сәби» деген не нәрсе — бiлмеймiн мен, —
дейдi. Дүниеге келмеген сол сәби. Ет-сүйектен жаралғаның рас болса, денең түршiгедi, төбе-құйқаң шымырлайды. Осы бiр тұла бой тiршiлiгiн астан-кестең етiп, ой-санасын ойран еткен осы бiр көрiнiстен «Көке» деген сөз құтқарғандай болады. Бiрақ ақын тағы да азапқа түседi. Сөйтсе, оған қарай «беймезгiлде мерт болған құлыншағы» құлдырап ұшып келедi екен. Ақын жаны тағы да тас-талқан. Бiрақ талқы мұнымен таусылмапты. Ендi ақын алдынан «бақилық ақсақалдар» шыға келдi. Бәрiнiң де айтатыны Арал қасiретi. Ақынды жан-жағынан қаумалап сұрақтардың астына алады. Ақын жанын қоярға жер таппай қиналады...
Сонымен ақын айтары не? Оның айтары: ақын тек осы дүниеде ғана емес, о дүниеде де қасiреттi екен. Өйткенi ол фәни дүниеде пенделердiң алдында, о дүниеде әруақтардың алдында да жауап беруге тиiстi екен. Ақын осылай ой түйедi.
Сөйтiп ақын миссиясын бұрынғыдан да ауырлата түседi.
... Мен үшiн Жарасқан қасiреттi де азапты миссиясын атқаруға о дүниеге асығыс аттанып кеткен сияқты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі