Несiпбек Айтұлы — бүгiнде қазақ поэзиясындағы ең талантты өкiлдерiнiң ортасынан ойып тұрып орын алған ақын. Басқаны қайдам, мен өзiм, дәл осылай ойлаймын. Өйткенi оның, шын мәнiндегi, ешкiмге ұқсамайтын, өзгеше, тiптi тосын жырлары, осы сөздердi ерiксiз айтқызады. Әрине, Несiпбек туралы сөз аз жазылған жоқ, бiрақ көп те жазылған емес. Бiрақ ешуақта да мен туралы аз жазылды деп апшыған да, жасыған да емес. Ондай-ондай пендешiлiкке алаңдамастан, қайта өз iшiне өзi үңiлiп, өз өрiсiн өзi кеңiтiп, қатпарлы, күрделi тақырыптарды игеретiн, оларды қорытып-сомдайтын құрал-саймандарын жылдар бойы жетiлдiрумен болды. Бұған менiң жақында ғана шыққан оның «Рухымның падишасы» атты кiтабын оқығанда анық көзiм жеттi.
Бұл кiтап — өрелi, салмағы ауыр, көтерер жүгi мол, салиқалы, бiр сөзбен айтқанда, нағыз хас таланттың қаламынан туған кiтап. Осы кiтапты оқып отырып, мен мынадай ойға баттым. Егер осы кiтапқа кiрген өлеңдер Алла тағаланың қалауымен өсiмдiк дүниесiне айналып кетер болса, онда олар тамырын тереңнен тартқан, тұтас бiр алқапты жайлап алған, кермек дәмдi жусанға айналып кеткен болар едi. Егер суға айналса, айналаны күркiреген сарынға толтырып тұратын сарқырама болар едi. Ал жел боп соқса дүниенiң бәрiн қозғалысқа түсiрiп, аспан астын мазасыз гуiлге толтырар едi. Өйткенi, ол жырлар ешкiмдi де бей-жай қалдырмайтын, қалғығанды қайтадан оятып, немкеттi мен немқұрайлыны селт еткiзiп жан-жағына қарататын қайратты да, қуатты жырлар.
Жалпы, Несiпбек Айтұлының бүкiл материалы да, тақырыбы да өзiнiң бойында. Өйткенi ол тағдырлы талант. Бармақтай бала кезiнен көңiлiне де, көкiрегiне де көп-көп құбылыстарды құйып алған ақын.
Оған оның:
Кең аспанның астында пана таппай
Ары көшкен қазақтар берi көшкен, —
деген жолдары куә. Осы жолдардың астарында тұтас бiр ғұмыр, толайым-тағдыр, аласапыран заман, алмағайып кезең, еңiреген ел, шырқыраған бала, жол таба алмай сандалып сарсылған ана мен әке, қаншама зорлық пен зомбылық, қаншама қасiрет пен қайғы жатыр. Бiздiң Несiпбектiң материалы да, тақырыбы да өзiнiң бойында дейтiнiмiз сондықтан.
Өмiрдi көп көрiп, тағдыр қиындығын көп кешкен шын ақын қашанда дүниедегi бар келеңсiздiкпен, зорлық пен зомбылықпен, мейiрiмсiздiк пен қайырымсыздықпен, қаталдық пен қайырымсыздықпен жағаласып, арпалысып өтпек. Ол өз бойындағы сәулесiн дүниенi жылытуға, өз жанындағы шырағын адасқанның алдына жағып қоюға, өз жүрегiндегi қуатын қалжырап, шаршап-талғанның қолтығынан демеуге жұмсамақ. Яғни, ондай ақын өмiрдегi бар оспадарлық пен өктемдiктiң, бар сорақылық пен зымияндықтың, бар қорлық пен сұмдықтың, бар аярлық пен кiсәпiрлiктiң бет пердесiн сыпырып алып жұртқа көрсетпек. Несiпбек Айтұлы дәл сондай ақын.
Еш нәрсе жоқ кең ғаламның
тар құрсағы қуырмас,
Тәубәсiне түскен жанның
шиiн пенде суырмас.
Қара суды қайта-қайта
қайнатқанмен май шықпас,
Сарқылдаған қазаныңның
бұрқылдаған буын баc!
Дүниеде ештеңе бiтiрмесе де өз-өзiнен күпсiп, өз-өзiнен бұтқа толып, өз көкiрегiн өзi керiп, аспандап қарап, асқақтап шалқып жүретiн өркөкiрек, өзiмшiл жандар аз ба?! Ондай жандар тек өзiмен өзi болып, өзiн өзi көкке көтерумен тына қалса екен-ау, онда да ештеңе демес ек. Жоқ, олар олай ете алмайды. Ондай жандар барыңды жоқ етуге, биiгiңдi аласартуға, асылыңды жасытуға, адалыңды былғауға, бiрлiгiңдi бүлдiрiп, тiрлiгiңдi бұзуға дайын тұрмақ. Дайын тұрып қана қоймайды, солай етуге бiлек сыбанып, бел шешiп кiрiсiп кетедi. Өйткенi ондай жандар тек өздерiн ғана әспеттейдi. Өздерi болса болды, өзгелер ол болмаса, бұл болсын. Өзiмшiлдiк пен өркөкiректiктiң ит принципi осы.
Ендi ақын дүниеге басқа бар ракурстан қарап отыр. Қым-қуыт әлем. Тұнып-тұрған қарама-қайшылық. Шешiлмей жатқан түйiн. Бытысып, шатысып кеткен тiршiлiк.
Сөз тәттiсi ақынның тiлi ұшында,
Май тәттiсi қарынның құрышында.
Жарқанаттың ұясы жарқабақта,
Ұлар құстың мекенi ұлы шыңда.
Мiсе тұтқан өз орнын тiрi жан жоқ,
Әлiмсақтан алысып, жұлысуда.
Ендi бұл өлең — адамдардың қанағатсыздығы мен тойымсыздығы туралы өлең. Бар бәленiң басы осы қанағатсыздық пен тойымсыздықта. Кедей бай, бай құдай болам деп жатыр. Шенсiзi шен тағам деп, шендiсi өзiнен мықтымен тең болам деп арпалысуда. Жаппай жанталас, алыс пен жұлыс. Ал ондай кезде көп-көп адамның көңiлiн шаң, көзiн шел басып, ойы мен санасын қомағай құлқын мен тойымсыз обырлық жаулап алмақ. Бiрiнен бiрi озам деп, бiрiнен бiрi биiк тұрам деп, ар мен ұятын мүлде жинастырып тастап, бiрiн бiрi жаншып, бiрiн бiрi тұқыртып, бiрiн бiрi таптап бақпақ. Осындай берекесiз бетпақ бәсекелiктен береке бүлiнiп, ынтымаққа iрiткi түспек. Яғни, ел азып, жер тозбақ. Ақын осыған күйiнедi, жүрегi қарс айрылады.
Әрине, өмiр деген кiл бiр келеңсiздiктен, кiл бiр көлеңке тұстардан тұрмақ емес. Оның да шуақты сәттерi, сәулелi тұстары құдайға шүкiр, баршылық. Ал ондай кездерде ақын жүрегi соншалықты бәйек, соншалықты сергек.
Сүйiншiге қиып қылдай жанымды
Домбыраның пернесiне тағайын.
Бұл да, ойланып қараған жанға, астарлы жолдар. Дүниенiң қуанышы мен қайғысына, шаттығы мен мұңына, тiрлiктiң ең бiр нәзiк ызыңы мен ең бiр сыршыл әуендi ыңына көңiлi ояу, көкiрегi ашық ақынның жанынан қылдай етiп қиып алған пернеден өткен сезiмтал, одан өткен ойшыл, одан өткен тебiренiстi, одан өткен толқынысқа толы перне бола ма?!
Сондай-ақ бұл кiтапта мынау жұмыр жердiң үстiнде болып жатқан жұмыр басты пенденiң басы жетпейтiн аса күрмеулi күрделi тұстарына да үңiледi. Әрине, ақын ол күрмеулi тұстарды шешiп тастамайды. Шешем деп жанталаспайды да. Сен де ойлан деп, алдыңа тартады. Тағы да ол шешуi қиын күрмеулi тұстарды қарапайым өмiрдiң қарапайым ғана тұстарынан алады.
Ақын қаңғыбас бiр бұралқы итке қайырым көрсеткiсi келдi. Үйiне әкелiп жуынды бердi. Күттi. Бақты. Бiрақ бұралқы ит, ол қамқорлықты, ол күтiмдi сезiнбейдi. Мойнына түскен жiптi тiсiмен қыршып, босанғысы келедi. Ақын:
Сұмдықтай көрiндi оған мұндай шара,
Босаттым, көнбес тiптi жүндей саба.
Өз басын өзi сұрап алғандай боп
Бүлкiлдеп бара жатты бiр бейшара.
Мұны ендi не дейсiз? Өзiнiң бұралқы бостандығын аңсау ма, әлде қайырым мен мейiрiмдi сезiнуден қалған топас мiскiндiгi ме? Таба алмайсыз. Бiрақ сөзсiз ойланасыз. Өйткенi ол — тағдыр.
Несiпбек жинағында мұндай өлеңдер көп. Оның бәрiне түгел тоқталу мүмкiн де емес.
Қорыта айтқанда Н.Айтұлы тағдырлы ақын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі