Ақын Ғалым Жайлыбай шығармашылығы хақында
Өзiмiз күнделiктi ортасында жүрген, аптабымен күйдiрiп, аязымен тоңдыратын, бiрде табасына салып шыжғырып, бiрде арқаңнан қағып марқайтатын, қызығы да, қыжылы да көп қым-қуыт мына дүние әуен мен әуезге, сарын мен сазға тұнып тұр.
Табиғатқа құлақ түрiңiзшi. Тереңiнен толқын көтерiп, астаң-кестең болып жатқан көк долы теңiздiң арсы-гүрсi демi; бiр жотаның омырауын иненiң көзiндей тесiп, жылт-жылт етiп ағып жатқан бұлақтың сылқ-сылқ күлген сылқым сылдыры; жер-дүниенi түгел қозғалысқа түсiрiп, аспан астын шу мен дуға толтырып жiберетiн жел гуiлi; жүрегiң мен жаныңды қатар қытықтап жататын гүл мен шөп сыбдыры; iшiңдегi шер мен шемендi қозғап қамықтырып кететiн қаз қаңқылы; сұңғағын созып сай-сүйегiңдi сырқырататын аққу сұңқылы; сұңқар шаңқылы; боз торғай шырылы... қанша айтсаң да, мына жұмыр жердiң сиқырлы жұмбақ сазы мен сарынын айтып тауысу мүмкiн емес. Оған заман мен уақыттың дүбiр мен дiрiлге толы үнiн, сол заман мен уақыттың, бiрде балғасы мен төсiнiң арасында иленiп, ендi бiрде жай оғындай жарқылдап жүрген адамның күйiнiш пен сүйiнiшке толы жан-жүрегiнiң қысқа күнде қырық құбылып тұратын сыры мен гәбiн қосыңыз.
Дүниенiң тұнып тұрған сарыны мен сазы, әуенi мен әуезi бiр-бiрiне қанша ұқсамаса, сол сарын мен сазды, әуен мен әуездi тұла бойынан сүзiп өткiзетiн, қандай дыбыс, қандай үнге де құлағы түрiк, көңiлi ояу, сергек те елгезек жiлiктi ақындарымыздың сазы мен сарыны да бiр-бiрiмен соншалықты ұқсамайды, әрқайсысының өз үнi, өз дауысы бар, әрқайсысының дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен тың-тыңдап, тылсымнан үн тартатын сан алуан әуе толқындары бар. Тағы да ол әуе толқындары телеграф сымдарынан да ұшқыр, радио эфирлерiнен де алғыр. Мен өз басым бүгiнгi қазақ поэзиясындағы, дүние сырына алаң, «әр дыбыстан дүбiр iздеп тұратын» Ғалым Жайлыбайды да өз үнi, өз дауысы бар әрi сергек, әрi ерек ақындарымыздың бiрi деп бiлем. Байқасақ, оның ұйтқып-бұрқамай да, тасып-төгiлмей де бiр ырғақпен асығып-аптықпай сөйлейтiн арналы ақындығы мен «жырларының жұлдызын жағып қойып» сұхбаттасатын көшелi мiнезi өлең сүйер қауымның талайын тәнтi еткенiне бiраз уақыт болған екен.
Мен Ғалым жырларының табиғатын көкiрегiнде қордаланып қалған шер мен шемендi қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шемендi сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңеген болар едiм.
Шынында да Ғалым Жайлыбай шығармалары - бүгiнгi қазақ өлеңiндегi шертпе күй! Егiлiп отырып ет-жүрегiңдi елжiретiп, шым-шымдап сыр төгiп отырып сүйегiңдi үгетiн оның жырларындағы баппен қағылып, байыппен шертiлетiн әуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың қалмайды.
Шөлейттеу жердiң шөбi едiм
Шөлiркеп әлi келемiн,
Ақ жаңбыр мiнез өлеңiм,
Кезертпей ерiндерiмдi
Құйып бiр өтсе деп едiм.
Сүмбiле соңы — сары тамыз,
Сары тамыз, тiлден бал тамыз.
Сарғайған шығар алқаңыз,
Сарғайтып менi сәуiрде
Сағым боп кеткен қалқа қыз.
Ботадай жырым боздап жүр,
Боталы зарын қозғап жүр.
Мазала менi, Мағжан жыр,
Айнамкөз армандарымдай
Арқаға жауған ақ жаңбыр...
Сүмбiле соңы —
Түнгi ызғар.
Айқабақ барда — кiм мұздар.
Сарғая көрме, гүл-қыздар,
Алқара көктi қақ тiлiп
Iз тастап ақты жұлдыздар...
Мұндай өлеңдi «шөлейттеу жердiң шөбi» болып өскен ақын ғана жаза алса керек. Ақын жаны тұншыққандай боп құмығып шығатын күмбiрге, ерiнiн тақаса-ақ жүрегiңдi елжiретiп қоя беретiн құпияға толы күбiр мен сыбырға, үзiлiп кетердей боп үздiгiп сыр айтатын дiрiлге неткен бай едi?! Бұл жыр мынау өткiншi өмiрдiң өзегiнде жатқан өкiнiшiңдi оятып, сарша тамыздың шұғыла жiптерiмен дәл жүрегiңнiң үстiне келiстiрiп кесте төгiп, ботадай боздап тұрған сазымен көңiлiңнiң түбiнде көмiлiп қалған қай-қайдағыны қоламтадай қозғап, алақандай-алақандай боп баяу төгiлiп жататын сағынышының сарала жапырақтарын бiр сәтте үйiрiп ұйтқытып, сазыңды наздай, назыңды саздай иiрiмге түсiрiп қырық құбылтып, қырық құйқылжытып кетерi сөзсiз. Өйткенi адам, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында, көбiне-көп тапқанын жоғалтумен өтедi. Жалаңаяқ, жалаңбас құм кешiп шапқылап жүрiп - күндердiң күнiнде! - балалығын жоғалтып алады, маңдайына түскен кекiлiн шалқасынан қайырып үлгермей алғашқы махаббатынан, «қалқа қыздан» көз жазып қалады, тiккен қосынан көшуге, тапқан досынан кетiсуге тура келедi. Жоғалту, жоғалту... Ал жоғалтқан қызық дәурендерiңнен өткен асыл, одан өткен қымбат не бар. Ал оларды аңсарың ауып iздей бастасаң-ақ iшкi дүниеңнiң жықпыл-жықпылына кiрiп тығылып жатқан жүз сырлы саз бен мың қырлы әуен көл үстiндегi құстардай дүр көтерiлiп осындай өлең боп ұшып шықпай ма?!
«Бақыттың соңы... өкiндiредi» дейдi Ғалым ақын. Жоқ, олай емес дей алмайсың. Өйткенi төбесiнен алтын құйылып, табанының астына күмiс төгiлiп жатқан адамның да жан-жүрегiн сыздатып мұң емiп, қабырғасын қақыратып қайғы қаусатып кететiн сәттер аз болмайды. Өкiнiшсiз ғұмыр жоқ.
Адам өмiрiнде татқан дәмiнiң татусыз, тапқан бағының тұрлаусыз болатын тұстары жетерлiк.
Әрине, жұмыр басты пенде өкiнем деп өмiр сүрмейдi. Бiрақ бұл дүние қай бiр, сенiң айтқаныңа көнiп, айдауыңа жүрiп тұр. Бұл дүние қай бiр, шөңге мен тiкен кiрмесiн деп табаныңның астына түбiт төсеп, күн өтпесiн деп төбеңе ақша бұлт iлiп қойыпты. Бұл қатыбас, кiсәпiр дүниенiң түбiрiне омақаса сүрiнбеуiң, арқанына башпайыңнан iлiнбеуiң мүмкiн емес қой.
Ғалымның көп-көп өлеңдерiнiң өзегi өкiнiшке толы. Бiрақ ақынды ол үшiн сөге алмайсың. Өйткенi адам өзiнiң өкiнiшiмен өсiп, өзiнiң өкiнiшiмен жетiледi. Өкiнген адам ғана өткеннен дәрiс алады, бойын мейiрiмге, ойын қайырымға толтырады. Өкiнiшi жоқ адам, қашан да қауiптi. Өкiнiшi жоқ адамның өзегiне өңмеңдеген өркөкiректiк пен көңiлiнiң көзi жоқ көркөкiректiктiң жегi құрты түседi. Өкiнiшi жоқ адам өткен өмiрiмнiң бәрi дұрыс деп ойлайды. Ондай адам бiр кезде бiреулердiң жанын жабырқатқанын, өңменiнен итерiп жасытқанын, аяғынан шалып етпетiнен түсiргенiн есiне де алмайды. Есiне алса да, ондай күнәлi тұстарын үлкен мақтанышпен, зор мархабатпен есiне алуы мүмкiн. Ондай адамның жаны тарының қауызындай тар боп келедi. Ондай адамның көңiлiне өзiнен басқа ешкiм симайды.
Өкпе артар жай жоқ ғаламға мына,
Жаутаң да жаутаң жанары.
Жаныңның Балқаш, Аралдары да
Тартылып неге барады?..
Ойнаса ғажап санаңда жасын,
Жасынға жастан құштармыз.
Апатқа бастар Адам баласын
Көңiл көлiнен ұшқан тұз...
Адам жаны тазармай, дүние тазармайды. Адам жаны неғұрлым ластанған сайын, бiздi қоршап тұрған орта да, табиғат та, пиғыл мен ниет те соғұрлым ластана түспек. Осындайда Лев Толстойдың бiр әпсанасы еске түседi. Күндердiң күнiнде бiр помещиктiң көкорай шабындығында арамшөптер көбейiп бара жатады. Әрине, помещик арамшөптердiң шыққанын шыққанынша түбiнен орғызып отырады. Бiрақ арамшөптер орған сайын бұрынғысынан да көбейе бередi. Бiр күнi дана бiр шал келiп, арамшөптердi ормаңдар, оларды тамырымен суырып тастаңдар дейдi.
Бiрақ, данагөй шалдың сөзiне ешкiм де құлақ аспайды. Арамшөптi оруларын тоқтатпайды. Ал арамшөп орған сайын қаптап көбейiп, қаулап өсе бередi. Өйткенi оның тамыры жер астымен жайыла түседi ғой. Ақырында көкорай жасыл шабындықты арамшөп мүлде басып, құртып жiбередi.
Бiз де қазiр сол қоғамдық, рухани әлемiмiздi қаулап басып бара жатқан арамшөптердi орған болудамыз. Ал оның тамыр-талшықтары көзге көрiнбейтiн шапшаңдықпен бiздiң рухани топырағымыздың құнарын астынан кеулеп, сорып, бүлдiрiп бара жатқан жоқ па?! Бәрiмiз де «от ауызды, орақ тiлдiмiз». Тiлiмiзбен оруына орып-ақ жатырмыз. Амал не, нақты әрекет шамалы. Арамшөптiң тамырын жұлып алуға дәтiмiз де, дәрменiмiз де жетпей тұр. Бұл жерде бiз Ғалым Жайлыбай меңзеп отырған рухани қуатты айтып отырмыз.
Лев Толстойды ауызға алғаннан кейiн, бiр әңгiмеден екiншi әңгiмеге көшуге тура келедi. Жақында «Литературная газетадан» орыс әдебиетi институтының директоры, белгiлi әдебиетшi Николай Скатовтың мақаласын оқыдым. Ол кейбiр орыс баспасөзi өз ұлтының рухани «шабындықтарын» арамшөптерден тазарту үшiн бар ғұмырын сарп еткен Лев Толстой сияқты әлемдiк алып тұлғаны «халтурщик» деп бiр келекелеп, ол (Лев Толстой) «Наташа Ростованың, ең болмаса бiр рет, қалай дәрет сындырғанын жазбаған» ( он не описал, хоть раз, как Наташа Ростова писает) деп екi келемеж еткенiн ашына жазады. Көрдiңiз бе, қолына қасиеттi қалам ұстап, алдына қастерлi ақ қағаз жайып отырған әлдеқандай қаламгерлердiң Лев Толстой секiлдi әулие жазушыға тiл тигiзiп, қандай рухани азғындық пен қандай рухани қаскөйлiкке дейiн барғанын. Өкiнiшке орай, мұндай рухани аярлықтар мен арсыздықтар бiзде де аз бой көрсеткен жоқ...
Мiне, Ғалым ақынның екi-ақ шумақ өлеңi адам жанында осындай тебiренiс пен толқыныс тудырады. әсiлi, өлең қуаты ой айтуында емес, ойландыра бiлуiнде жатса керек.
Мен, жалықтым, жалықтым...
Кешiр менi меңiреу түн, жарық күн!
Артын бағып отырам деп әлiптiң —
Арты ашылып қалған бүгiн ғарiппiн.
Ақынсынып жоқты барға теңеймiз,
Абайыма,
Ағайын, ә,
Не деймiз:
Бiз қазақпыз — Байқоңырмыз, Аралмыз,
Аруақтарға ат ойнатқан Семеймiз,
Ән орнына өксiк толған көмеймiз.
Мiне, сенiң де көмейiңе бiр түйiн кептелдi де қалды. Бүкiл мұңың мен зарыңды, қайғы мен қасiретiңдi ашына айттың.
Бiрақ оны есiтiп жатқан жан бар ма? Бейне бiр мына дүние екi көзiн тарс жұмып соқыр, екi құлағын қос қолымен басып керең боп қалғандай. Амалың таусылып, айлаң сарқылғандай хал кешесiң. Содан да Ғалым:
...Елден ерек атқан жоқ жеке таңым,
Жалғасымын жетiлер жетi атаның.
Кешiр баба!
Жырыма нүкте қойдым
Сынығының үстiне ракетаның!..
Ендi қайтсiн! Ыза мен өксiкке толы өлеңiңдi ешкiм естiмесе, ешкiм құлақ аспаса не iстемексiң?! Ракета сынығының үстiне апарып жырына нүкте қойғаннан басқа не амалың бар. Бұл — қарсылық. Ақынның рухани жiгерсiз ынжықтыққа, құлқынынан басқа ойлайтыны жоқ әлеуметтiк құлықсыздыққа, санасын сор басқан немкеттi мешеулiкке, тұла бойын төсек емiп жатқан бойкүйез салғырттыққа деген азаматтық қарсылығы.
Ақын қолында дүниенi бүлдiрiп, бұзып жатқан әпербақан келеңсiздiктерге де, әулекi кесапаттыққа да тосқауыл қоятын тұтқа бұрын да болмаған, қазiр де жоқ. Болмайды да.
Бiрақ ол, шын ақын болса, әлеуметтiң үнi, ұлттың дiлi болуы керек. Басты борышы да, парызы да сол. Оның бас бұғып, айнала дүниеге бұта-бұтаның арасынан бой тасалап сығалауға да, «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деп, тойғанына мәз, толғанына риза боп тоғышарлық күй кешуге де хақысы жоқ. Сондықтан да ол бойындағы бүкiл қуатын жүрегiнен қан ағызып, тiлiнен керек болса, у сорғалатып айтады. Тiптi, оның дауысы жаңғырыққа айналып кетсе де айтуға тиiс. Жаңғырық демекшi, жаңғырықты Абай да, Мағжан да жазған. Екi ұлы ақынның бұл тақырыптағы өлеңдерi, екi түрлi орындалғанмен, қанша айқайлап айтса да селт етпейтiн меңiреулiкке бағышталған ғой. Әрине, бiрiн-бiрi толықтырып, бiрiн-бiрi тереңдетiп тұрған бұл өлеңдердi таратып сөйлесең тарам-тарам жолдарға түсiп кететiнiң хақ.
Бiрақ сол тарам-тарам жолдардың түйiсетiн түйiнi бәрiбiр сол әлгiнде бiз айтқан әлеуметтiк тосаңдық пен рухани меңiреулiк боп шығады.
Бiрақ бұл жерде бiздiң айтпағымыз, уақыт өте келе, заман өзгере келе жаңғырық екеш жаңғырықтың да табиғаты өзгередi екен! Ендi жаңғырық жұрт меңiреулiгiн көрсететiн образ ғана емес, сол жұртты мүлде құртып жiберетiн аса қатерлi, аса қанқұйлы зұлмат күшке айналыпты.
Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сiзден соң өмiр-өлеңге
Бiз қайдан келдiк қаңғырып?
Адасқан күшiк секiлдi
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетiлдi
Алашқа тiлеп Арлылық.
Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым
Зар қылып,
Қазақтың қайран даласы -
Жаңғырықтардан мәңгiрiп
Есiмнен кеттi тандырып.
Аймалап өстiк Күн, Айды
Көкейде көктеп, көп өлең.
Жаңғырық шықса жылайды,
Абыралы, Мыржық, Дегелең...
Қатерлi жаңғырық. Ет пен сүйектен жаралған тiрi пенде түгiлi, қара жердiң өзiн кеудесiне өксiк толтырып, зар илетiп жылатып қойған жаңғырық! Әрине, бұл жаңғырық өзiнен өзi қауiп пен қатерге айналған жоқ. Тасыңды үгiп топырақ, топырағыңды түтiп тозаң етiп жiберетiн, жер астынан құбыжықтай қопарылып көтерiлетiн дию мiнездi бұл жаңғырықтың да тегi - сол Абай мен Мағжан айтқан рухани меңiреулiкте жатыр.
Олай болса, елiн еңiретiп, жерiн егiлтiп кеткен жаңғырықтар iшiнде өскен ұрпақтың төл ақыны қалай ызаланбай, қалай күйiнбей, қалай өкiнбей сөйлей алмақ?!
Сол жаңғырықтардың алапат дүмпуiмен аспанға өсiп шыққан алып саңырауқұлақтардың шаң-тозаңы ұзақ уақыт бойы қанымызды ғана бұзып қоймай, санамызды да мүлде басып қалған екен. Ендi, мiне, санамызды да, рухымызды да, қаншама жыл болды, қағып-сiлкiп, жонып-қырып тазарта алмай жатырмыз. Көп-көп қандастарымыздың санасы сұрқия идеологияның бетонымен бекiтiлiп, темiрiмен құрсалып қалыпты. Қағып-сiлiккенге де, жонып-қырғанға да көнбей тұр. Бiрақ, сондай бiр абдырап, шарасыз қалар сәттерде де ақын, сiрә да, үнсiз қалмақ емес. Байыз таппақ емес.
Ей, енесi өлген құлын күн,
Құлыны өлген байтал күн —
Балауыз шамдай ғұмырдың
Сәулесi болып шайқалдым.
Бiрiне түспей көп iздiң
Қабағын бақтым тағдырдың.
Дауыл тұрғанда теңiздiң
Толқыны болып жарды ұрдым...
Ақын мәңгiлiк күресте. Аспан алақандай, жер тебiнгiдей болар шақ туып, дүние iшi алағай да бұлағай болып кетсе де; семсердiң жүзiндей қылпылдап тұрған алмағайып заман туып, «құлын күннiң енесi, байтал күннiң құлыны өлiп» жатса да Ақын сөз борышын ақтау үшiн «балауыз шамдай сәулесiн» төгiп, «теңiздiң толқыны боп жарды ұрып» жатпақ.
Елiнiң етiн талап, жерiнiң сүйегiн кемiрiп жатқан зымиян жыртқыштық пен сұрқия қорқаулықтың Сөзбенен кеңiрдегiн қырқып, өңешiн жырта алмағанына опынған ақын, амалсыз, «көкжал-көңiл көкке қарап ұлиды, ит-тiршiлiк тышқан аулап жерде жүр» деп налып қана қоймайды, «көк толқынды көлдей екен күндерiм, белес-белес белдей екен бұл жалған» деп, бұл ен тiрлiктiң шегiне шыға алмайтынына опынғандай бәрiнен сырт айналып түңiлгендей, томырық мiнез танытып өз iшiне өзi кiрiп алады. Олай етпей қайтсiн, «есiркеуге ебi жоқтай ескi Айдың, жарылқауға жайы жоқтай жаңа Айдың»...
Елi мен жерiнiң, уақыт пен заманының қамын, ұлтының санасы мен сапасын ойлап, бұрынғыдан да лапылдап жансын деп, өртенiп жатқан өзегiн желдiң өтiне шығарып, бұрынғыдан да ширыға түссiн деп, алпыс екi тамырын қыл шылбырдай ширатып сөйлейтiн ақын қатыгез кезеңнiң бар қаталдығын көрiп қана қоймай, соған шарасыз көнiп келе жатқан ұрпақ тағдырына да бей-жай қарай алмақ емес.
Қалтырап гүл...
Қалады ма қырмызы,
Жарқырап бiр жанады ма жұлдызы.
Қап арқалап бара жатыр көшеде
Арыс туар алашымның бiр қызы.
Ажары да ашық екен ақ таңдай,
Базарына жетсе деймiн қақталмай.
Аузын буған қытай қаптың iшiнде
Тағдырының бар салмағы жатқандай.
Мұқым қайғы,
Таяз бақыт.
Күз.
Қала
Сықырлайды аяз уақыт сыздана.
Жын-ғасырдың жүгiн жеңiлдетем деп
Қап арқалап бара жатыр қыз бала.
Қазiр, сөз жоқ, елдiң иығына, көтерiлiп келе жатырмыз десек те, зiл батпан ауыртпалық түсiп тұр. Ол ауыртпалық күнi кеше бiздi шырмап буып тұрған алып империяның ауыр қара шынжырлары шiрiген жiптей боп бырт-бырт үзiлiп түскеннен кейiн елiмiздiң арсы-гүрсi боп тулап бұрқырап жатқан әлемдiк мұхит iшiнде, ә дегенде, бағыт-бағдарын таба алмай абдырап қалғанынан, зорлана да бiр-бiрiне жан берiп тұрған тамыр-талшықтардың қысыр сиырдың желiнiндей семiп, суалып кеткендiгiнен, тәжiрибемiз жоқтықтан өз күйiмiздi өзiмiз шұғыл күйттей алмай әр жаққа бiр жалтақтап күйбеңдеп жүрiп алғандығымыздан, бәзбiреулердiң бостандық пен азаттықты өздерiнiң тойымсыз арандарының құлқынына пайдаланып, өз жерiнiң асты-үстiн қомағайлана қопарып, халқына қысастық пен қиянат жасағанынан туған-ды. Әрине, ол зiл батпан ауыртпалықтың салмағы алдымен адамдарға түседi. Ол жүктiң әйелдерiмiздiң, соның iшiнде алақанымызға сап аялап отыратын, қияға ұшырып қызығын көруге тиiс қыздарымыз бен отбасымыздың ошағын өшiрмей отыруға мiндеттi келiндерiмiздiң арқасына қап пен қанар боп мiнiп алғаны қандай өкiнiштi! Құрсағында арыстай бала көтеретiн келiншек таңалакеуiмнен қызылiңiрге дейiн алақапшық көтерiп жүр...
Ғалым Жайлыбай осы бiр өлеңiмен сенiң де жаныңды зiл батпан боп езiп жатқан бiраз нәрсенi қозғап, көңiлiңдегi «гөй-гөйiңдi» бұрынғыдан да көбейтiп кетедi.
Бiрақ ақын туым жығылды деп қамықпайды да, тауым құлады деп қамырықпайды да, күнi ертең елiнiң жалы қайта көтерiлiп, шерiнiң түгi қайта құлпырып шыға келгенде, «ақ-қараның арасы ашыларда - бiр қарармын, дүние, дидарына» деп ертеңгi күннен төрелiк күтiп, iштен тынғандай қатал байлам жасайды.
Өз оқырмандарымен - көзiмен көргендерiмен де, көңiлге түйгендерiмен де айқара ашылып, алғаусыз сырласатын Ғалым Жайлыбай ендi бiрде:
Басына Балқаш көлдiң бақ қонақтар,
Ақ айдын,
Ақ өлеңде,
Ақпан,
Ақ қар.
Ақ әлем, ақыныңда ақ қанат бар.
Ағатай, қалсын бiздер жаққан оттар.
Ақ айдын,
Ақ өлеңде
Ақпан...
Ақ қар, —
деп толғанады. Дүние мүлде басқа реңкке, түр мен түске енiп шыға келдi. Бейне бiр айналаңның бәрiне аппақ шамдар мен аппақ шырақтарды жамыратып жағып қойғандай.
Манадан берi бiздiң көңiлiмiздi жаулап алған мұңнан да, өкiнiштен де түк қалмағандай...
Бүгiнгi поэзиямыздағы сирек-сирек кездесетiн қуатты ақындарымыздың бiрi Ғалым Жайлыбайға бiз ендi алғаусыз сөйлеп тұрған ақ жүрегiңнен, бұдан былай да, елiңнiң ерiнiн тұщытып, көңiлiнiң мейiрiн қандыратын ақ тұма жырлар ақтара бер демекпiз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі