Қолымда — мына жарық дүниеден жоқ іздеген жандай асығыс аттанып кеткен талантты бауырым Нұрлан Мәукенұлының “Жоғалды жыл. Жоғалды ай. Жоғалды күн.” деп аталатын жыр кітабы. Кітапты ашып қалғанда, оның алғашқы бетінің маңдайшасында қазақ халқының асыл да батыл перзенттерінің бірі, өтірік пен жалғандық белең алып бара жатқан мына өмірде ешкімнен қаймықпастан әділдік пен ақиқаттың ақ туын көтерген қайсар азамат, сол үшін де қатыгез қаскөйлікпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының “Нұрлан! Соңыңнан қалған шығармаларыңды жарыққа шығаруды парызым деп санадым” деген бір ауыз сөзі жазылыпты. Қайран Алтынбек, өзінің малта құртты бөліп жескен курстасы, тілектес, ниеттес досы Нұрланның артында қалған жыр мұрасына қамқор болып, оны жарыққа шығаруды өзінің парызы санапты. Дос алдындағы борышым деп біліпті. Көп ұзамай Алтынбектің өзі де қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып мәңгілік сапарға кетіп еді-ау...
Осы кітапқа шағын ғана алғысөз жазған тағы бір талантты інім Ғалым Жайлыбай “Сен өмірді сонша сүйюші едің. Жанарыңнан нұр шашып жымиып бір тұратын бейкүнә көңілдің иесі едің. Сайқалдық пен сатқындықты көрсең найзағайдың отындай жарқылдап кететінсің” — деп аһ ұрыпты.
Кезінде мен бұл кітаптың тұсаукесеріне де қатысқан ем. М. Әуезов атындағы Академиялық театрында өткен ол тұсаукесерге де жатқан жері жарық, ауыр топырағы жеңіл болғыр Алтынбектің өзі бас-көз болған-ды. Онда Нұрланның замандас ағалары, құрбы-құрдастары мен інілері жан толқытып, жүрек тебірентетін қиналыс пен қимастыққа толы сөздерін айтқан-ды.
Нұрлан Мәукенұлы әдебиетке үзеңгі қағыстырып қатар келген өз тұстастарының ішінде ерте көзге түсіп, ерте танылған ақындардың бірі болатын. Келгенде де , еліктеу-солықтаудан мүлде ада, өз бедері, өз ою-өрнегімен, образдар жүйесімен, ешкімге ұқсамайтын ырғақ-мәнерімен, әр-бояуымен келген еді. Содан да қай кезде де тосын үн, тың үрдіске сергектік танытатын жыр сүйер қауым бірден-ақ қабылдап, бірден-ақ ұққан болатын. Әсіресе өз өлеңдерінде абстракты ұғымдардың өзін иірімді үйірімдерге түсіріп, қарама-қайшы түсініктердің өзінен үйлесім мен жарасымдылық таба қоятыны оқыған жанды тәнті етуші еді.
Нұрлан әдебиетке келген кезде мен Маңғыстауда болатынмын. Өлеңдерін білгенмен өзін көрмеген едім. Алғаш рет оны қазақ әдебиетіндегі шоқтықты көркемсөз шеберлерінің бірі Оралхан Бөкеевті ақырғы сапарға аттандырған азалы жиында кездестіріп ем. Шашы тікірейген ашаң келген қара торы келісті жігіт екен. Ағасының қазасына қатты қиналған оның қоңырқай жүзі қуарып, көзінің аласы молайып, айналасына абдырай қарап, қабағы ауырлап күйзеліп жүргені әлі көз алдымда.
Мен Маңғыстаудан Алматыға қызмет ауыстырып келгеннен кейін маған ол жиі болмаса да, ауық-ауық ат ізін салып тұрды. Әрине, ол алғашқы жүздесулер, шынын айту керек, амандық-саулық пен хал-күй сұраудан әрі аса алған жоқ. Бірақ өмірінің соңғы жылдарында ол менің кабинетіме жиі-жиі бас сұғатын болды. Бұрынғыдай емес, әңгімеміздің тақырыбы да, аясы да кеңи түсті. Бір қараған сырт көзге біртоға, тұйықтау көрінетін Нұрлан сөйлесе келе ақкөңіл, ақжарқын жігіт боп шықты. Бара-бара екеуміз көшеге шығып сусындап та қайтатын болдық. Ондайда әңгіме көрігі бұрынғыдан да қыза түсетіні белгілі ғой. Бір-бірімізді тереңірек түсініп, бір-бірімізді жақын тұта түстік. Бір-бірімізге деген ықылас-пейіліміз, сый-құрметіміз арта түсті...
... Бір күні Нұрланым салы суға кеткендей қабағына кірбің қонып тұнжырап келді. Себебін сұрап ем, бауырының басына түскен бір жәйт қабырғасына қатты батып, соған алаң боп жүргенін айтты. “Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді”, ертең-ақ бәрі орнына келеді деп көңілін көтермек болдым... Бірақ Нұрланның қабағына қонған сол бір кірбің, жүрегіне түскен сол бір ауыртпалық ұзақ уақыт кетпей қойды. “Бір айналдырғанды шыр айналдырады” дегендей бір келеңсіз оқиғадан кейін екінші бір келеңсіз оқиғаға тап болып, төбесінде шырқ айналды да жүрді. Жан-жүрегін ауыртып, бүкіл ішкі дүниесін әңкі-тәңкі етіп әбігер мен әлекке түсірген сол бір кезеңнен өту оған оңайға соққан жоқ. Қатты қиналды. Қатты жүдеді. Бүгінде мен оның сезімтал, нәзік жүрегін сол бір батпандай түскен жайттар үзіп жіберді ме деп те ойлаймын...
Енді, міне, Нұрлан бауырымның жыр жинағын қолыма алып қарап отырмын. Әр өлеңін оқыған оның айналасында болып жатқан аласапыранды қарбалас тіршілікке бей-жай қарай алмағандығы, сол тіршілікпен біте қайнасып, суығына тоңып, ыстығына күйгеніне, күнделікті болып жататын сан текті , әр қилы құбылыстармен бірге өріліп, бірге өскен шын мәніндегі нағыз ақын екндігіне көзім жете түседі. Өмір бойы, мен үшін аксиомаға айналған бір шындық, нағыз ақын қоғам мен заманнан өзін тыс қоя алмайды. Қоғам мен заман бойында жүріп жататын дүбіліс пен дүрбелең де , жаңғыру мен жаңарулар да, серпілістер мен сілкіністер де, қақтығыстар мен шарпылыстар да нағыз ақын жүрегінде тартылыстар мен соқтығыстар тудырмауы мүмкін емес. Сол заман мен қоғамның бірде өрттей ыстық, бірде аяздай суық лебі мен демінен ақын жаны бірде ашынады, бірде күйінеді,бірде толқиды, енді бірде тебіренеді... қым-қуыт құбылыстар, сан-сапат сапырылыстар тудырады. Сондықтан да оның
Қоғам кедей,
Қайда барам мен асып...
Шидем шекпен шилі ауылға жарасып,
Үлкендерім үйде отырып бал ашып, —
Қоғамымнан қайда барам мен асып, —
деген сөзіне қалтқысыз сенесің. Өйткені қандай бір қоғамның да алдыра қоюы да, шалдыра қоюы да қиын. Алам десең алып ұруы, шалам десең шалқаңнан түсіруі әбден мүмкін. Бірақ солай екен деп бұта-бұтаны паналап бас бағып бұғып қалуға да, аяқ асты боп құм-топырақта тапталып қалуға да болмайды. Оның бойын барған сайын күш алып жайлап бара жатқан түкті құбыжықтардай аранды бәлекеттермен, жыландай сумаңдап ысылдаған зымияндықтармен сен алыспасаң, кім алыспақ. Олармен сен ұстаспасаң, кім ұстаспақ. Әрине, олармен жел диірменмен соғысқан Дон Кихот құсап жалғыз алыса алмайсың. Жалғыздың үні шықпас,жаяудың шаңы шықпас. Олай еттің бе, онда ол сені алмастай өткір тістерімен шайнап-шайнап бірақ түкіруі немесе қанды шеңбелімен бірақ бүруі мүмкін. Онымен тек ел болып, жұрт болып қана күресу керек.
Табаным жерге тиген күн
Тәй-тәй басуды үйрендім.
Маңдайым тасқа тиген күн
Байқай басуды үйрендім.
Қабырғада қаяу жоқ —
Қалың жұртқа сүйендім.
Омыртқада буын жоқ —
Ояу жұртқа сүйендім.
Бірақ ояу жұрт дегенің көп пе, аз ба? Арқа тірер сүйенішім, қорғанар қалқаным, сілтенер семсерім деп жүрген ояу жұртыңыз ат төбеліндей аз боп шықса қайтпексің? Сол бір ат төбеліндей ғана ояу жұртпен қай бір аранды бәлекеттің бетін қайтарып, қай бір сумаңдаған зымиян жыланның тісін опырып, улы тілін жұлып алмақсың. Бірақ бәрі бір ояу жұрт аз екен деп бармақ шайнап, бас шайқап отыра беруге болмайды ғой. Бел шешіп, білек сыбанып күресу керек. Күрес қана күрестің көкжиегін кеңейтеді. Бүгін ат төбеліндей ғана аз қозғалса, күні ертең селдей боп көп қозғалады. Таудың төбесінен бір тас домалатсаң, туу төменге жеткенше соқтығыстар мен қақтығыстарды тудыратын қаншама тастарды домалатады. Үлкен бір сатыр-сұтырлы жөңкіліс тудырады. Солайы, солай ғой. Бірақ оның бұл жолда қанаты қайырылып , қайраты майырылып, сағы сынғандай боп опынып қалған тұстары аз болмапты. Содан да оның
Жапырағымнан жаз ұшты,
Қанатымнан қаз ұшты.
Ирек те ирек су беті
Сұлулық сырын жазысты.
Көкірегімнен күн ұшты,
Көздерімнен түн ұшты.
Мен тата алмаған тұманың
Балдайын талғап кім ішті.
Бақыр басымнан бақ ұшты,
Тапталып қалды тақ үсті.
Уыты қайтқан уақыт
Кеудемнің отын жағысты.
Жылысып өткен жазым-ай,
Қаңқылдап ұшқан қазым-ай.
Қолымның қысқалығын-ай,
Қайрылмас күннің азын-ай, —
деп сөйлегенінде талай сыр, талай гәп бар. Көлденең жатқан көк тасты қамырдай илеп жібере алатындай арындаған тұлпар болмысының тұяғы кетіліп, сарқыраған тасқынды ағысының құрдымға жұтылып, жүрер жолының алдын амалсыздық бір, шарасыздық екі орап жатса, осылай өкінбей, қалай өкінбексің?!
Нұрлан Мәукенұлы өз өлеңдерімен мына өмірдің қыры мен сырына, қыбы мен жымына, оның ақар-шақарлы қатпарлары мен шырқау шыңыраулы ұңғыл-шұңғылдарына терең үңілген ақын. Оның бойында толассыз жүріп жатқан қарама-қайшылықтарды да, көмейінен от шашып шаптыққан шарпылыстарды да, көзімен ата қарайтын алакөздік пен жүгенсіз кеткен алауыздықты да, аяқ асты ететін аярлық пен құрық пен сырық бойламайтын қулық пен сұмдықты да, қара суықтай қаталдық пен ішіне қан қатқан қатыгездікті де, қайырылу дегенді білмейтін қаскөйлік пен қолына түссең маңдайыңды қақ айырып жіберетін қаскүнемдікті де молынан зерттеп, зерделепті. Табиғатын таныпты, болмысын пайымдапты. Содан да оның зеределегені зілдей ауыр ойға, пайымдағаны батпандаған мұңға ұласып кетеді. Тағы да олардың өзегінде көктемгі жыланның уындай өткір ащы шындық жатады.
Тірінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін бірі жер.
Тірлікте қашқан қадірің
Өлгенде ғана білінер.
Өлінің қамын тірі жер,
Жоқтауын салып жүгінер.
Жоғалтып алған асылы
Айрылғанда білінер.
Атан ғана көтере алар сөз ғой бұл. Әсілі, мұндай сөзді тұрлаусыз мына тірліктің қойын-қолатын, шым-шытырық шырғалаң жолдарын, ойпаң мен өрін, ащысы мен тұщысын молынан көрген адам ғана айта алса керек. Тірілері бірін бірі жеп жатқан мына өмірде тіршілік ету қандай ауыр, қандай қиын. Қандай қатал, қандай қатыгез өмір! Бұл өмірді жайдары , жақсы-ақ өмір еткің келеді, бірақ амал не, әлдекімдердің пәрмені мен дәргейі сені қылшаңнан қиып, алқымыңнан үзіп жібереді...
Нұрлан Мәукенұлы өз ғұмырында, осы кітаптағы жырлар куә боп отырғандай , үзбей ізденіп өткен ақын. Әрине, ізденістің де, ізденісі бар. Дүниені танып-біліп, арғы-бергі әлем әдебиетінің ең үздік інжу-маржандарымен өзіңді үздіксіз байыту, оның бастау қайнарларынан мейірің қанғанша сусындау қоғам мен заманға ауқымдырақ қарауға , уақыт пен өмірге тереңірек үңілуге молынан мүмкіндік берері сөзсіз. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды.
Өз ұлтының топырағынан жүлге-жүлге , тарам-тарам тамыр талшықтарымен мейірі қанғанша нәр сорып, кепкен кенезесі мелдектегенше тоғайуы керек. Сонда ғана ол ақырып теңдік сұрайтын арқалы ақынға айналмақ. Олай болмады ма, онда ол ақын, ешуқта да ұлттық ақын деңгейіне көтеріле алмайды. Өз ұлтының топырағының сөлі мен нәрінен, шері мен шеменінен кеңірдегінен келгенше мол қоректене алмаған ақын, әлем әдебиетінің қайнар бұлақтарынан қанша үйреніп, олардан қанша сусындаса да, бәрі бір, өз халқының қасиеті мен қасіретін, асылы мен қастерін, мұңы мен зарын, қуанышы мен шаттығын, назы мен наласын, болмыс-бітімі мен тіршілік қарекетін барынша ашып, барынша жарқыратып көрсету мүмкін емес. Қайталап айтамыз, әлем әдебиетінің түртіп қалсаң сүт саулап қоя беретін дертіп тұрған желінін қақтап сау, оның үлгі-өнегелерінен өле-өлгенше үйрен, бірақ сенің күре тамырың дәстүр топырағынан нәр тартып, қуат алып қоректенсін. Тіпті әлем әдебиетінің, атпен шауып жүріп сырық қадағандай қадау-қадау ірі тұлғаларынан алатын ең бірінші тәлім мен дәріс те осы болу керек. Өйткені әлемдік деңгейге көтерілген қандай бір ақының да, ең алдымен, өзінің ұлттық дәстүр топырағынан өніп, сол топырақтан өсіп шыққандар. Бір сүйсінерлігі, Нұрлан да осыны қатты ұстаныпты. Бұл сөзіміздің дәлелі мен дәйегі ретінде оның мына бір өлеңін тұтастай оқып көрейік.
— Терезеден Ай көрдім, апа,
Шоқша сақал шал көрдім, апа,
Қараң-құраң мал көрдім, апа,
Түнеріңкі тал көрдім, апа.
Қадалып қарадым, апа,
Шошынып барамын, апа,
Тіл-жақсыз қаламын, апа.
— Ай көрсең аман көр, қозым,
Тұсыңа таман көр, қозым.
“Ескі айда есірке” дегін,
“Жаңа айда жарылқа” дегін.
Таңдайың басайын, қозым,
Тылсымнан қашайын, қозым.
Түймеңді ағытшы, қозым,
Жерұшық жасайын өзім.
— Ай жүзін жасырды, апа,
Ұйқымды қашырды, апа.
— Періштең қолдайды, қозым,
Ұйқтамай болмайды, қозым,
“Бисмилланы” айта ғой, қозым,
Жоламас сайтан ғой, қозым.
— Бисмилла, бисмилла...
Қазақы болмыс-бітімімізге, тіршілік-қарекетімізге, жан-жүрегімізге қандай жақын өлең. Оқыған сайын апа, апалап, қозым, қозымдап еміне еміренген сөздер ет-сүйегің мен өкпе бауырыңды елжіретіп бара жатады. Бұл өлеңді оқығанда дүние тылсымы мен табиғат бойында жүріп жатқан құпиялы құбылыстарды көрген сайын тұла бойын үрей билеп, шошына үн қатып жатқан титімдей ғана бала жанындағы тербелістер мен толқыныстар, сенің де сонау бір қиырда қалған балалық шақтарыңның қызығы да, шыжығы да мол кезеңдерімен қайта табыстырғандай болары сөзсіз. Әдетте, бала деген мына дүниені кіл сүйсініп, кіл рахаттанып қана танымайды. Оны ол үрке үрейленіп, шошына қарап та таниды. Сонымен бірге бұл өлеңнің арғы астарында, өзіңіз де түйсігіңізбен сезініп, байқап-біліп отырғаныңыздай өн бойыңызды түршіктіріп, тоңазытып жіберер қатал заман мен уақыттың да қорқынышы мен үрейі жатыр. Солай бола тұра бұл өлеңнің біздің құлағымызға соншалықты жағымды, жанымызға етене жақын болып естілетіні, сөз жоқ, оның сонау бесік жырларынан бастау алатын сарын-әуенмен орындалғандығында. Егер сен дәстүр жалғастығының жолы осы екен деп көне сарын мен ескі әуеннің тек сыртқы сұлба-түрін ғана көшіріп, оны жаңа мазмұн , жаңа мәнмен байытпасаң, онда ол әлеміш бояулы, іші қуыс сылдырмақ ойыншық қана болып қалады. Осыны жақсы ұғып, терең түсіне білген Нұрлан қызуы көтеріліп табиғат құбылыстарынан әлдеқандай бір елестер көріп жатқан баланың үрейі мен қорқынышының арғы астарына уақыт пен заманның да үрейлі уілін қосып жібере алыпты. Дәстүрді игеру осылай болса керек!
Жалпы, Нұрлан Мәукенұлы өмірінің соңғы жылдарында, дәл қазір оқып-біліп отырғанымыздай, өзінің өлең-тамырын дәстүрлі құндылықтарымыздың құнарлы топырағына тереңнен салып алған екен. Оның көп-көп өлеңдерінен сол үрдісті тап басып, дәл табу қиын емес. Бұл сөзімізді одан сайын бекіте түсу үшін оның тағы бір өлеңін оқып көрейікші.
Бір аяғы — сегіз,
Бір аяғы — тоғыз.
Бір атасы — сақ,
Бір атасы — оғыз.
Күмбірлесе — домбыра,
Күңіренсе — қобыз,
Созылғанда — сағыз,
Сазарғанда — нағыз,
Қызарғанда — қымыз,
Сыздағанда — нығыз,
Долданғанда — дойыр,
Сілтенгенде — сойыл.
Ақын бұл өлеңінде алуан түрлі реңк бояуға түсіп, райы да, шырайы да сан қилы, сан түсті, тамыры да, табиғаты да тарам-тарам, тіпті қарама-қайшылықтардан тұратын, бірде көл, бірде шөл, бірде жел, бірде шер,сәтте ашылып, сәтте қабынып шыға келетін қазақтың мінез-құлқын сипаттаған. Тағы бұл өлеңнен сен ерте-ертеден құлағымызға жақын, бала күнімізден жаттап өскен “бір дегенім — білеу, екі дегенім — егеу” деп басталатын кәдімгі санамақтың сарынын бірден танисың ғой.Тек ақын ойын үшін айтылатын ойнақы тақпақтың кәнігі түріне жаңаша мән мен жаңаша мазмұн арқалатқан. Бұл да шеберлік!
Нұрлан Мәукенұлы жырларында бүкіл ішкі дүниеңді аласапран етіп, бірде аумалы-төкпелі, бірде алағай да бұлағай күйге түсіретін қамығып торыққан, налып қамыққан күйзелісті өлеңдер көп кездеседі. Ол сол өлеңдерде көрініс табатын өзінің жеке басының жан күйзелісін көбіне-көп қоғам мен уақыт бойында жүріп жатқан күйзелістермен салаластырып, сабақтастырып жібереді.Ақын тіпті өзінің жан күйзелісін де қоғам мен уақыттан тыс қоя алмапты.
Жылау да жылау,
Зар жылау...
Қотандай болып қалдым-ау —
Жылаудан басым қаңғырды,
Зарлаудан шашым ағарды,
Көре де көзім ағарды,
Сөйлей де сөзім жоғалды.
Таба алмай қалдым қоғамды.
Бұл жерде ақын тек өз басынан өткен ауыртпалықты ғана айтып, өз жанын жеген шер мен шеменді қотарып, сол үшін зар илеп отырған жоқ, әрине. Оның мынау айнала тіршіліктен көргені көбінесе зымияндық пен сұрқиялылық, қулық пен сұмдық, алдау мен арбау ғана болса , соларды нысанаға оқ қадағандай етіп атап-атап көрсеткен сөйлеген сөзің беталды желге ұшып, құрдымға жұтылып кетіп жатса, жыламағанда қайтпексің?! Ондайда амал жоқ “күңнен бетер күңренесің, желден бетер жынданасың!”
Ол бірақ ішіне шемен боп қатқан шері мен мұңын, беріш боп түйілген наласы мен зарын ақтару үшін жылап күңіренбейді.
Жанымды қояр жер таппай
Жеті түнде желдеп кетіп барамын.
Жасымды құяр көл таппай
Жеті белден селдеп кетіп барамын.
Будақ-будақ бұлттай
Боз аспанда боздап кетіп барамын.
Боздағымды ұмытпай
Баста мұңын қозғап кетіп барамын.
Яғни, ол жыласа, өзгелердің де “мұңын қозғап” жылайды. Нағыз ақын миссиясы, атқарар міндеті осында жатса керек: өзгелерді де бей-жай, бейтарап қалдырмау!
Не болғанда да ол өзін мына өмір мен тіршіліктен, қоғам мен уақыттан бөлек қойып сөйлей алмапты. Олай болуы мүмкін де емес.Өйткені оның бүкіл болмыс-бітімі, тіршілік-қарекеті, тамыр мен талшығы сол қоғам мен уақытпен салаласа бірігіп, тұтасып кірігіп, жамыраса жалғасып кеткен. Ол кешенің де келбетін көрген, енді бүгіннің де бейнесін көріп отыр...
Бақалы көлге түскенмін,
Балдырлы суын ішкенмін.
Бойлаулығын жұлғанмын,
Балығына ау құрғанмын.
Тарғыл бір тауға шыққанмын,
Тасының сырын ұққанмын.
Қынасын жиып жүргенмін,
Жаңғырық болып күлгенмін.
Сары даланы кезгенмін,
Белең боп белде безгенмін.
Ерменнің дәмін алғанмын,
Елжіреп жүрек қалғанмын.
Бұл Нұрланның туған жерінің кешегі көрінісі. Көркі көңілді де, көзді де қатар арбап, жұмақтай боп жұтынып тұрған, қайран туған жер, енді бүгін қандай?
Бағыма көлім бар-тұғын, —
Балдырлы суы бал-тұғын,
Көлім де бүгін таусылды.
Жасынның алған жарқылын
Тарғыл да тасым бар-тұғын
Тасым да бүгін таусылды.
Алмайтын бейне нар тыным,
Сайын бір далам бар-тұғын
Далам да бүгін таусылды.
Құлағың шалсын даусымды!
Сонымен “балдырлы көлі де”, “тарғыл тасты” тауы да, “ерменнің иісі бұрқыраған сардаласы” да тойымды да білмейтін, қойымды да білмейтін ашкөз, ашқарақ құлқынды айдаһар арандарға жұтылып кетті. Бұған ақын жаны қалай күйзеліп, қалай зар илемесін.
Қазір, өкінішке орай, “бізде бәрі жақсы”, “бәрі керемет” дейтін, кіл бір жүрек лоблытар мақтау мен мадақтан, жарамсақтық пен жалбақайлықтан тұратын, күпсіп сөйлегенде күптей боп ісініп, күмпілдеп сөйлегенде құлағыңның жарғағын жарып жіберетін өңеші шланга, кеңірдегі керней өлеңдер аз емес. Ондай өлеңдерді жазатын жазғыштар бейне бір “менің жағдайым жақсы, төрт құбылам түгел, яғни елдің де, жердің де жағдайы жақсы, төрт құбыласы түгел” деп ойлайтын болса керек. Олар елінің де, жерінің де ту-талақай боп тоналып, талан-таражға түсіп жатқанын көрмейтіндей. Тағы да оларды өздері сияқты тайыз, таңқы әлдебіреулер “ұлы ақын” деп,”керемет ақын” деп аяқтарын жерге тигізбей әспеттейтіндерін қайтерсің?! Ондай-ондай әупілдеп әңкілдеген әлдебіреулер сол қылығымен біреуі шерленіп, біреуі кәрленіп өткен Абай мен Махамбеттің де әруақтарын аяқ асты етіп жатқандарын білер ме екен? Әй, қайдам...
Жалпы, өз елі мен жерінің мұңын мұңламаған, жоғын жоқтамаған, тағдыр-талайына алаң болмаған, сол үшін нала-мұңға батып күйзеліп, күйінбеген ақын ақын боп жарыта ма?! Ондайларға Нұрлан Мәукенұлының жауабы даяр.
Көк су көлге айналды: не шара?
Көп шу селге айналды: не шара?
Ақ бу желге айналды: не шара?
“Гәкку” шерге ацналды: не шара?
Айналмаған сен ғанасың, бейшара!
Ойланбаған сен ғанасың, бейшара!
Басқа не десін? Бейшараның аты бейшара.
Нұрлан да, пенде деп аталатын, Құдайдың құлақ кесті құлдары біз секілді, бірде алысып, бірде шабысып, бірде келісіп, бірде кетісіп, бірде шарпысып, бірде шабысып жатқан алақұйынды аласапыранды мына дүниені көрудей-ақ көрсе керек. Ол да біреулермен құшақ аша келісіп, енді біреулермен ат құйрығын кесісіп кетіскен шығар. Өмір ғой! Біреулерге құлай жығылып, біреулерден көрместей боп безінуі әбден мүмкін... қалай дегенде де, бұл өмір қандай тайғақ, қандай тұрлаусыз. Қандай опасыз!
Ойдым-ойдым ойпаттың
Ой жағына бір қондым.
Қожыр-қожыр таулардың
Қыр жағына бір қондым.
Былдыр-былдыр бұлақтың
Бас жағына бір қондым.
Сылдыр-сылдыр құрақтың
Мас жағына бір қондым.
Сонымен күндердің күнінде не болды дейсіз ғой. Бәрімен үйлесім мен жарасым тапқан тіршілік күндердің күнінде безбүйректік танытып шыға келді.
Ойдым-ойдым ойпатым
Ой қаратты бір күні.
Қожыр-қожыр тауларым
Қой қаратты бір күні.
Былдыр-былдыр бұлағым
Бастықтырды бір күні.
Сылдыр-сылдыр құрағым
Қастық қылды бір күні!..
Көбіміздің-ақ басымыздан өткен жағдай ғой бұл. Бүгін ғана құшақтасып қауышып тұрғаның, күні ертең-ақ көкірегіңнен итеріп итжемеге қалдырып кетпеуші ме еді. Сондай-сондай жағдайды Нұрлан бейнелі сөздермен астарлап айту арқылы философиялық деңгейге көтере біліпті.
Нұрлан Мәукенұлы бұл өмірдің отына түсіп жанып, суына түсіп тұншығып, “балын да ішіп, уын да ішіп”, “аялдамастан айы, кідірместен күні қашатынын” біліпті. Пәни өмірден бақилыққа ерте жиналыпты. “Басынан күннің озғанын” көріпті.
Жанымды жеген мына күн
Құлдилай ұшқан құладын.
Қанатын қақты қайрылмай
Баса алмай қалдым бір адым.
Қолымнан түсті құрағым,
Ұстатпай кетті ұры күн.
Тірінің істеп тірлігін
Өте де шығар ғұмырым.
Жүрегім тозар, жүйкем де,
Тіршілік, мені икемде.
Өле алмай жүрген, ей, өлең,
Өлетін жанға сүйкенбе, —
деп өмірден де, өлеңнен де сырт бергендей болыпты. Бірақ оның өлеңдері, қазақтың қабырғалы ақындарының деңгейіне көтерілген Нұрлан Мәукен ұлының өмірін жалғастыра бермек. Оған біз кәміл сенімдіміз!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі