Жарас Сәрсек — кiсiлiгi де, кiшiлiгi де бiр басына молынан жететiн, жұртты да сыйлай алатын, өзiн де сыйлата алатын жайсаң азамат. Аспайды да саспайды. Биязы сөйлейдi, бипаз жүредi. Тiптi үлкенге сәлем берер кезiнде де алдымен жаға, омырауын жөндеп, шашын тарап алып барып сәлем бередi. Жүрiсi де ерек. Денесi қаршығадай шағын бола тұра, қашан көрсең де, салмағы тонна тартатындай асықпай баппен басып бара жатқаны. Ол осынысымен, өлеңiнен де, өзiнен де, сөзiнен де Жетiсудың бүкiл өсiмдiгiнiң иiсi бұрқырап тұратын құрдас замандасым, марқұм Жұматай Жақыпбаевты еске түсiредi. Ол да осы Жарас сияқты жартас көтерiп келе жатқандай асықпай баппен басатын.
Жүрiс-тұрыстары ұқсас болғанмен, екеуi бiр-бiрiне мүлдем ұқсамайтын бөлек ақындар. Арналары да бөлек, өрiстерi де бөлек.
Жарас та алтынкөпiрлiктердiң iшiнде алғаш көрiнген, жұрт аузына ертерек iлiнген, көзге бiрден түскен ақындардың бiрi.
Халқы еркелеу,
Сүмбе дейтiн ауылдан
Алматыға өзiмдi iздеп келiп ем, —
дейдi ол алғашқы өлеңдерiнiң бiрiнде. Басқа жұрт Алматыға iлiм-бiлiм, орта iздеп келушi едi, ал бiздiң Жарас Алматыға өзiн iздеп келген. Ә дегенде тосаңдау естiлгенмен, аңлап қараған жан бұл жолдардың астарынан үлкен мән мен мағына көрген болар едi. Шындығында да, қай-қайсымыз Алматыға өзiмiздi тану үшiн, яғни өзiмiздi табу үшiн келдiк қой. Өзiңдi тани алмасаң өзiңдi таба алмайсың. Яғни өзiңдi таба алмасаң, өзiңдi тани алмайсың. Жұрт та сенi тани алмайды. Бұл — бесенеден белгiлi жайт. Жарас осыны дәл тапқан.
Өзiмдi iздеп таба алдым ба бұл маңнан
Ол жайында жар салғам жоқ ертерек.
Мойнын қысып мұңданады бiр арман,
Қойнын ашып бiр үмiт жүр еркелеп.
Әрине, мен өзiмдi-өзiм таныдым, өзiмдi-өзiм таптым деп ешкiм де айта алмайды. Тiптi, өзiн-өзi тапқанына көзi жеткен адам да. Айтса, ол адам даңғой, немесе өзiн-өзi әлi таппаған адам. Сенiң өзiңдi-өзiң тапқаныңды былайғы жұрт айтуы керек.
Бiздiң сырт көз ретiнде бiрден айтарымыз, Жарас Сәрсек өзiн өзi тапқан ақын. Оның қазiр әдебиетте өз орны, өз дауысы бар.
Ол, тауда өссе де, тау өзендерiндей бұрқан-талқан боп, тасып-төгiлiп, астан-кестенi шығып, аптығып, асығып сөйлейтiн ақындардың сойынан емес. Өзiнiң жүрiс-тұрысы сияқты баппан сөйлейтiн, баппен сөйлеп отырып, қатпарлы қыртысқа, астарлы астарға үңiлетiн ақын. Сондықтан да ол жұрттың бәрi көре алатын жайттарды емес, «тiгiстердiң қыртысын қалқан еткен биттердi, асаяқтың ернеуiн талқан еткен иттердi» көргендi жақсы көредi. Сондықтан да ол:
Топырағын тамырдың жерiнбейтiндiгiне,
таңқаламын
Содан соң көрiнбейтiндiгiне, —
дейдi.
Атам қазақта «айтпасаң, сөздiң атасы өледi» деген аса қадiрлi, аса қасиеттi сөз бар. Бұл сөз, ең алдымен, алдына ақ қағазды ақ жайнамаздай жайып, қолына тектi құстың қауырсынындай қалам ұстаған ақынды үлкен мүдделерге мiндеттеп тұрған сөз. Егер сен табиғат берген талантыңды сол мiндеттiң үдесiнен шығаруға жұмсай алмай, анадан бiр үркiп, мынадан бiр шошып, анаған бiр жалтақтап, мынаған бiр жалбақтап, өзiңдi-өзiң рәсуа етiп айта алмадың ба, онда сен сөздi ғана емес, өзiңдi де өлтiрiп тынғаның. Сөз, қашанда киелi. Сөз өлсе де, оның киесi өлмейдi. Оның киесi дүниенi кезiп жүретiн болса керек.
Ертеде-ерте, тұншығып өлген сөздер мың,
Түрегеп келiп түсiмде менi қарғады.
Тәңiрiм,
Маған көрсiн деп тағы көз бердiң,
Көрсоқыр екем,
Ақталар амал қалмады.
Сөзiм мен көзiм кебiнсiз өлiк секiлдi —
Жалаңаштанды,
Барады бастан күз өтiп.
Халқыма қайтып көрсетем қансыз бетiмдi.
Өлiктерiмдi отырар болсам күзетiп.
Сiз ендi, бiр пәске, сөздердiң өлiктерiн күзетiп отырған ақынды көз алдыңызға елестетiңiзшi. Тұла бойыңыз дiр ете түсерi сөзсiз! Сонан кейiн ақын:
Келiстi ұл деуге кейпiмде кескiн кем менiң
Бесiктен босап,
Есiкке жетпей көнергем, —
деп жабығып, күйзеледi. Жабығып, күйзелмей қайтсiн «ермiн деп елге семсердi сүйiп серт етсе де» «қара орман ойды қашқақтап жүрiп мерт етiп, оның да бейiтiн кеудесiне салып» көтерiп жүрсе.
Бұл өлең, сөз жоқ, өзiн елдiң перзентiмiн, халықтың азаматымын деп жүрген кiм-кiмдi де қатты ойға қалдыратын, осы мен өзi не iстеп жүрмiн, не сiтеуiм керек едi деген мәңгiлiк сұрақтар астына байлап қоятын өлең. Шынында, бiз неге осыншама күйгелек, неге осыншама жалтақпыз?
Апыр-ау, бiз мына өмiрге «ұрпақ үнiн ұран етсем деп едiм, мұң-зарыңды бiр ән етсем деп едiм» деп келмеп пе едiк?! Сол анттай уәденiң үдесiнен, көзiн алмай қадалып қарап отырған қалың қауымның сенiмiнен неге шыға алмаймыз?! Жанды жаралайтын, ой-сананы сарсылтатын сұрақ көп. Сұрақ, сұрақ, сұрақ! Жарас та сол сұрақтарға жауап iздейдi. Әрине, оның әлеңкедей жалаңдап тұрған бұл сұрақтарға нақты жауабы жоқ. Бұл сұрақтарға ешкiм де нақты жауап бере алмақ емес. Оның тек нақ бiлерi, сол елiң мен жерiң үшiн әрекет ет, қолыңдағыны үлестiр, аузыңдағыны жырып бер. Сондай әрекетке дайын екенiне ол ғашық жанның алдында тұрып серт бергендей болады.
Сезiм дейтiн жанымды өртеп жасынды от,
Сен шөл болсаң жаумақ болғам жауын боп.
Асқақ басын табанында таптаған
Әттең менiң бабам-сынды жауым жоқ!
Сенiң ғана үстем болып жарлығың,
Менiң тiптен шықпай сөнiп қалды үнiм.
Мен денемдi төртке бөлiп жоқ болам
Үлестiрiп кемтарларға барлығын.
Көңiлiмнен көрiп соңғы жолымды,
Көзсiз тауып барам сонсоң қорымды.
Әлi ешкiмнiң жағасынан алмаған
Сыйға тартам қолсыздарға қолымды.
Шатастырған жасық пенен жасынды
Қаншаңызды бассыз иық басынды.
Сыйға тартқан қолымменен кесiп ал
Азығы көп, жазығы жоқ басымды.
Ендi ақын өзiнiң қолымен өзiнiң басын кесiп алсын мейлi, бәрiбiр ол, не нәрсеге де бейiл.
Иығына үлкен жүк арқалатып, алдына iрi мақсат қойған ондай ақын мына дүниенiң жалт-жұлт еткен қызығы мен дуылдаған той-думанына қарамақ емес.
«Көңiлдi жыр жазуға келмей қойды ыңғай бiр» деп ондай жалтылдақ, жыртақай өмiрден өзiн сырт ұстап қана қоймай, құлқының да, ниетiнiң де мүлде жоқ екенiн бiлдiредi. Ал ондай ақын сонда не iстемек, ненi бақпақ?
Өзiме-өзiм ақын болдым, ләйлiдiм,
Жырға қосып Мәжнүнiн Ләйлiнiң.
Қара түнде бiлте шамның түбiнен
Ауылын шолып отырамын қайғының.
Ендi ақынның мұңдасы да, сырласы да елiнiң қайғысы. Мұндай сәтте оның көзiне «қардың өзi аппақ қайғы» боп көрiнедi. Дегенмен, егер ақын тек халқының қайғысын бақылап-шолушы деңгейiнде қалса, онда ондай ақыннан не үмiт, не қайыр. Онда ол өзiн ғана емес, оқырманын күйретуге, оның сағын сындыруға қызмет етсе керек. Шын ақын, әдетте, халқының қайғысын көре отырып, оған қанжылап ортақтаса отырып, одан рухани қайрат алуға тиiс. Ия, ия, қайғының өзiнен рухани қайрат алуы тиiс. Осыны жақсы түсiне бiлген Жарас Сәрсек ауылына хат жазған бiр сәтiнде «дайын бол, таңданбастан, мен бiр күнi наладан найзағайға айналғанда» деп өзiнiң басты мақсатын жайып салады. Халқының бүкiл мұң-зары мен уайым-қайғысын жан-жүрегiне құйып алған ақын, қалайда наладан найзағайға айналуға мiндеттi. Онсыз бәрi бекер, бәрi бос сөз. Әрине, қайғыға ортақтаса бiлу де үлкен азаматтық болмыс. Бiрақ ол ақын үшiн аздық етедi. Өйткенi ақын парызы қайғыға ортақтаса отырып, сол қайғыны сейiлтуге ұмтылса керек. Осындай мақсат-тiлекке бiлегiн сыбанып, белiн буып шыққан ақын «аттап өтiп өзiнiң қабiрiнен» жолға шығады. Тосын мiнез. Тосын әрекет. Басқа-басқа өз қабiрiн аттап өтiп жолға шығу, тiптi «қайда барарын» анық бiлмей тұрса да, осындай тосын мiнездi қажет етсе керек.
Сөз жоқ, ол жолдың кедiр-бұдыры, ирелең-бұралаңы көп. Ол ендi талай-талай қиямет-қайым қиындыққа, талай-талай сарсаңға түсiрiп сабылтып қоятын кедергiлерге кездесерi хақ. Өмiр деген де қызық қой. Жүрген сайын, оны көрген сайын, оған үңiлген сайын дал боласың, тiптi бәрiнен көңiлiң суып, айдалада қалғандай бүкiл iшкi дүниең аңылжып, не iстерiңдi бiлмей дел-сал боп, дағдарысқа түсерiң хақ. Ондайда ақынның:
Қыр басынан төменге сенбей қарар,
Қайыңдар-ай, бұл күнде жайым басқа.
Шариғат пен табиғат ұқсас деушi ем
Адам басқа екен ғой, қайың басқа... —
деп мұң шағатын тұстары аз болмайды, әрине.
Бiрақ, бәрiбiр, дүниенiң әр бiр үнi мен дыбысына құлағы түрiк, оның әр бiр қимыл-қарекетiне көзi ашық, бәрiн былай қойғанда «Тәңiрiнiң керуетiнiң сықырлағанына» — дейiн естiп, бiлiп отырған Жарас Сәрсектiң «ақын болу азап қандай, Тәңiрiм» деп айтуының өзi-ақ оның зор мiндет, үлкен мақсат жолына түскенiн көрсетсе керек. Бiздiң Жарастың сол азапты жолда арымасына сенiмiмiз мол.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі