Осы топтама мақалаларымның бас жағында Әмiрхан Балқыбек туралы жазған пiкiрiмде мен оның тым сараң жазатынын ескерткендей сөз айтып, бiрақ сараң жазудың тiптi де айып емес екенiн, солай бола тұра, қолына қаламды жиiрек қолға алғанын қалайтынымды бiлдiргендей болып ем. Бұл толқынды оқи келе, сараң жазу «ауруы» олардың бәрiне де тән екенiн ұқтым. Алды қырыққа кеп қалған, баяғы бiздер секiлдi қыспақ пен құрсауда, яғни қатып-семiп қалған, сықиған стандартта емес, аласапыраны да, алыс-жұлысы да көп қым-қуат, алақұйын дүниенiң iшiнде жүрсе де неге соншалықты сараң жазатындарына түсiнбей-ақ қойдым. Құдай-ау, өлең дейтiн бiрде жамыраса табысып, бiрде жағаласа тебiсiп жатқан мына қатал да қазымыр уақытпен шаппа-шұп ұстасып, қоян-қолтық тартысқа түсетiн соншалықты ұшқыр жанр емес пе?! Әрине, не болса соны жаза бермеу керек, не болса соның жетегiнде кете бермеу керек, не болса соны ешқандай електен өткiзбей, iшкi қуат-қарымыңда қорытып алмай, дүмбiлез қалпында өлең ете бермеу керек. Мұның бәрi түсiнiктi. Дей тұрғанмен... Дей тұрғанмен...
Бiрақ, солай бола тұра, бұл толқынға сүйсiнгенiм, олардың әр қайсысының өз жолы, өз дауысы бар. Бiр-бiрiне мүлде ұқсамайды. Шығармашылық ара-жiктерi бiр-бiрiнен алшақ-алшақ жатыр. Бiрi мен бiрiн тiптi де шатастырып алмайсың.
Осы «сараңдардың» қатарындағы Нұржан Қуантайұлы да өлең деген күре тамырдай даңғыл жолға өз соқпағымен келiп қосылыпты. Бұл жерде бiз жол мен соқпақ метафорасын тектен-тек айтып отырған жоқпыз. Өйткенi оның «Күмбiр» кiтабының алғашқы бетiндегi өлең «Жолда» деп аталыпты. Бұл өлең — ақынның өзiн қанағаттандырған, көңiлiнен шыққан алғашқы өлеңдерiнiң бiрi болса керек. Өлеңдегi «сүреңсiз күннiң сүт қосқан шайға бiр қанған Анама ұқсап ашылып қапты қабағы», «қоға мен қамыс үңiлiп тұрды жапырлап, етектi кесiп есiле аққан өзенге» деген жолдар, сөз жоқ, жас ақынның әрi сергек, әрi байқағыштығын көрсетсе керек.
Нұржан қиядағыны қапы жiбермейтiн байқағыш қана емес, сол көргенiн қаршығадай қағып түсетiн алғыр. Тағы да ол көргендерiнiң бәрi қазақ жанына жақын. Ұлттық колоритке бай.
Сары шалдың тарамдалған
сақалындай
Ошақта от көлбеңдейдi жел лебiмен.
Кiм-кiмдi де қызықтыратын жанды сурет.
Жалпы, Нұржан сөзбен сурет салуға шебер-ақ. Тағы да ол суреттердiң бәрi сондай нақты, бояуы сондай қанық. Сонымен бiрге, ол суреттердiң бәрi де уақыт табымен көмескi тартып көнермейтiндей. Бейне бiр олардың бәрi жаңа ғана, сенiң көз алдыңда салынғандай. Тiптi ұстасаң қолыңа бояуы жұғып қалардай немесе нақты бiр заттың табы алақаныңа сезiлетiндей. Оқып көрейiк.
Аңдаусызда аспанға нұрын шашып
Нәлiсiндей етiктiң... Ай қағылды.
Немесе:
Бұлақтың суы бүйiрi қызып биледi
Қақпақыл қылып қайраңда малта тастарды.
Немесе:
Жаңа сытылған терiсi құсап соғымның
Көкжиек сонау көлбең де көлбең бу болып.
Немесе:
Ақша бұлттар түтiнiндей мүштiктiң.
Немесе:
Жайып қойған өреге ақ малтадай
Ауыл үйi көрiнген ағараңдап.
Немесе:
Салы суға кеткен көктiң
Еңсесi
Ескi тонның етегiндей салбырап.
Мiне, осылай жалғаса бередi, жалғаса бередi. Әрине, бұл суреттердiң бәрi дерлiк ғылыми-техникалық төңкерiс заманының шынжыр табаны жерiн таптамаған, сорайып-сорайып тұрған тұрба өңештерi көгiне көкала түтiн құспаған туған жердiң тұнып тұрған келiстi келбеттерi. Бiрақ сол айшықты суреттер мен әдемi көрiнiстердi көтерiп тұрған ол сұлу аймақтың да сұңғыла тарихы болмас па? Әрине, көрген көздi сұқтандырып, айтқан ауызды тамсандырып жiберетiн сол ғажап көрiнiстерге толы бұл аймақ ғасырлар бойы осындай тамылжыған қалпында тұрмаған екен, ол жер де талай-талай қанды оқиғалардың куәсi болып, басынан талай-талай тартысты оқиғаларды өткерген екен...
Ендi ақын да өзiнiң қылқаламын көз бен көңiлдi қатар арбайтын сары ала, жасыл бояулардан арылтып, қара ала, қанқызыл бояуларға малып алады.
Торғайы ұшқан сор далам,
Толғамалы найза толғатар ердей қомданам.
Тұтам емшектей ту бие үшiн нар бабам,
Тұттай баланың тұрмысы үшiн нар бабам
Басы қайда қалмаған?
Салқар тарихты сайына тығып сар далам:
«Қараша жұрттың қай сөздерiн қарманам»,
Қадiрi қашқан, қаһары асқан заманда
Қазағым қайда аумаған.
Ендi ақын бойында не нәрсеге де, қандай құбылысқа да тарихи көзқарас қалыптаса бастады. Ақын бойындағы тарихи көзқарас деген категорияны нақты бiр тарихи аяда ғана қарастыруға болмайды. Бұл жерде ол ұғымды қай тақырыптың да арғы астарына үңiлiп, тамырына бойлап, қыртысын аршып, тегiн тануға ұмтылу деп қараған жөн. Яғни Нұржанның көру аясы ауқымдалып, дүние танымы мен көңiл көкжиегi кеңи түстi деген сөз. Яғни, ендi ол қылт етiп көрiнгендi кәнiгi фотографтай сырт еткiзiп түсiре қоятын немесе көздi арбап тұрған көрiнiстi шұғыл түрде көшiре қоятын пейзажистен гөрi, тақырыпқа айналған материалдың арғы жағына, iшкi әлемiне зер сала бастады. Сол әрекет, сол жолға түскеннен-ақ мына жарық дүниенiң шетi де, шегi де жоқ екенiне көзi жетiп, оның драмасы мен трагедиясы андыздап шыға келдi. Ақын ендi қияметтен де қиын сол дүниенiң iшiне кiрдi.
Көкжиектiң кемерi,
Көзiмдi менiң алдама.
Шегi бар жердiң деп едi,
Шексiз екен-ау жалған, ә?
Көкжиектiң кемерi
Көзiме қарар сұғына.
Жалықпай-ақ ел сенедi
Жалғанның жалғандығына.
Көкжал тағы қайда бар?
Көзiме айтшы, сыр бүкпе.
Диiрмен құсап айналар
Дүниесi де, тiрлiк те.
Дүние шыркөбелек айналуда. Тағы да диiрмен құсап. Алапат айналыс. Дәндей басыңды ұндай үгiтiп тартып жiбермек. Көкжиектi, көкжиектiң кемерiн ол бұрын да көрген болатын. Ол кезде көкжиектiң кемерiнде бұлың-бұлың етiп жататын «сағымды малтып барсам ба» деп әдемi бiр ойнақы қылық көрсетiп, туған жерге деген аңсар сезiмiн ғана бiлдiрiп қойған-ды. Сөйтсе, табиғат көкжиегiнiң кемерiнен гөрi, өмiр көкжиегiнiң кемерi әлдеқайда ауыр да қиын болып шықты.
Нұржан ақын ендi көмейiне түскеннiң бәрiн ұн етiп тартып жiберетiн диiрмендей айналып тұрған дүние мен тiршiлiк түгiлi, күнi кеше ғана моп-момақан боп монтиып, жұп-жұмсақ боп жұтынып, өзiнiң бүкiл сұлулығы мен сымбатын сыртына шығарып жататын табиғаттың өзiнен де драма, табиғаттың өзiнен де тартыс көретiн болды. Өзiнiң көңiл-күйi мен көзқарасын сол табиғат құбылыстарымен астастыра қарастырып, өлеңiн сол құбылыстармен үйлестiре, үндестiре өретiн болды.
Сiре, сiре, сiре қар,
Сiре қарда кiм оңар.
Сiрi қалған мына бiз,
Сiз табыңыз бiр амал.
Қара түннiң қаймағын
Айқай бұзбас, ой бұзар.
Орманды сөздiң аймағын
Омбылаған ой бұзар.
Айтылар ойдың, iшкi психологиялық арпалыстың балқыған қорғасындай боп құйыла қалғанын былай қойғанда, орындалуының өзi қандай әдемi. Құлағын келтiрiп, бұрауын қалай дәл түсiрген. Сыңғыр-сыңғыр, сыңғыр-сыңғыр. Бейне бiр әр буын, әр бiр сөзге көзге көрiнбейтiн құйтақандай-құйтақандай күмiс қоңыраулар iлiп қойғандай.
Ақын мына тiршiлiкке бұрынғыдан да жiтi, бұрынғыдан да сергек қарайтын болды. Көру де, сонымен қоса көзқарас та өзгердi. Бiр кезде қағылған нәл сияқты көрiнетiн Айыңыз, ендi «бұлтқа сiңген қауғаның шелегiндей суға батып бара жататын» болды.
Алдынан «ошаққа ұқсап жұртында қалған моладай суық қыстақтар» шығып, соларды көрген өзiнiң де көңiлi «қабырғасы құлаған ескi жұрттай қақырап» қалатын болды. Махамбет ақынның: «Ежелгi дұшпан ел болмас, етектен кесiп жең болмас» деп қылыштай тiлiп сөйлегенiн оқып, оны көңiлiне мықтап тоқып өскен ақын, ендi мына аяр заманның сол бiр серттей берiк сөзден сырт айналып кеткенiн көрiп «ежелгi дұшпан ел болды, етектен кесiп жең болды, тең-тең болды, тең болды, тең-тең жүгiң жем болды» деп қамықты.
Нұржан Қуантайұлының тағы бiр менi сүйсiнткенi өзiнiң бiр шыққан биiгiнде қалып қоймай, өзiне де, өзгеге де тосын, өзiне де, өзгеге де белгiсiз тың өрiстерге шығуға құмарлығы. Бұл ретте ол оқыған көзге де, естiген құлаққа да оқшау көрiнiп, тiптi оғаштау естiлетiн образдар мен сөз тiркестерiнен де қашпайды. Абай айтқандай «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей Нұржан да қиыннан қиыстырады. Қиыстырады деген сөзден (тiптi Абайдың өзi солай деп тұрса да) бiреулер шошып кетуi кәдiк. Өйткенi көп жұрт үшiн өлең деген құйыла салу керек. Олар өлең дегенiң де өмiр екенiне мән бере бермейдi. Олай болса, өмiр сияқты өлең де кейде мозайика сияқты құрастырылады. Тек сол құрастыруда үндестiк болсын, сендiре алатын қуат болсын деңiз. Мәселен ол: «Менiң жырым — сонау ерте көктемде қасат қарды теуiп шыққан бәйшешек» дейдi. «Қасат қарды теуiп шыққан бәйшешектi сiздiң, әрине, қабылдамауға толық хақыңыз бар. Ал мен осы образды қабылдадым. Көрiнбейтiн процесс болса да, көрiп тұрғандаймын. Тағы да Нұржан «Алматының бетiне ала плакат жабысып» тұрғанын көрiптi. Мұны ендi қабылдамасаңыз да қабылдайсыз!
Нұржан шығармашылығы туралы пiкiр жазған Бекжан Әшiрбаев: «Жаңа, тың теңеулер, үйреншiктi емес лексикаға ұмтылу, оқыс метафоралар жасау, шарттылықтан жалт бұрылып кету Нұржан поэзиясында аз кездеспейдi» дептi. Мен бұл пiкiрге әбден қосылам.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі