Мен қазақ поэзиясындағы Төлеген Айбергеновтен кейiн көл-көсiр мол сағынышқа Әлiбек Шегебай өлеңдерi арқылы кездестiм. Әрине, екеуiнiң сағыныш тамыры бiр болғанымен орындалуы, адам жанына әсер етуi екi түрлi. Төлеген сағынышы тұлпар тұяқтың тастақ жерге түскенiндей дүбiрлi, дүрмектi, қуатты сағыныш болса, Әлiбек сағынышы егiлiп тұрып, есiлiп айтылатын мұңлы сағыныш. Бiрақ мұңлы сағыныш дегенде, оны түнекке түскендей түнерiп, қалың қорысқа кiргендей тұнжырап қалатын сағыныш деп қабылдауға болмайды. Оның сағынышы туған жердiң сары ала белдерi мен ақ адырларын, баталарын берiп жататын аталарын аңсайтын, тiлеулес бауырлары мен қарлығаш қарындастарын iздейтiн, сөйтiп сенiң жаныңда да өз ауылыңа деген үлбiреп тұрған аңсар сезiмдi оятып, жүрегiнiң дәл басынан өсiп шыққан шидей жiп-жiңiшке үмiт сабағына шырақ iлiп кететiн нәзiк сағыныш.
Сабырым қанша дем бердi
Әлi де талай шыдармын.
Сағыну үшiн сендердi
Алыстап кеткен шығармын, —
дейдi. Бұл, әрине, ауылдан алыстап кеткенi үшiн ақталу емес. Бұл, ең алдымен, өзiнiң де, өзгелердiң де көңiлiн аулап, жұбату.
Әсiлi, сағыныш деген де дерт. Ол дерт сенiң ойың мен бойыңды, жаның мен санаңды әбден меңдеп алған кезде ес-түстен айрылғандай боп мәңгiрiп қалар сәттерiң аз болмаса керек. Ондай халдi Әлiбек мына төменгi жолдармен әдемi жеткiзе бiлген.
Соққылап жүректегi тасқын ағын,
Көлдеттi көңiлiмнiң жас құрағын,
Менде бiр түрi жаман ауру бар
Осылай анда-санда асқынатын.
Әрине, Әлiбек өлеңдерiндегi туған жерге, туған ауылға деген сағынышты тек аңсаудан, аңсар сезiмнен ғана туған сағыныш десек, қатты қателесемiз. Оның өлеңдерiндегi мұң — ақ дәкедей жұп-жұқа шарбы бұлт астынан, немесе ауада жеп-жеңiл буалдыр iшiнен сүзiлiп түсiп, нұрын себезгiлеп құятын күн сәулесiндей жұп-жұмсақ марғау мұң да емес. Тағдыр-талайымы бар мұң. Өйткенi күнi кеше ғана мына заманның қабағынан қар жауып, дүниенi алағай да бұлағай етiп әуре-сарсаңға түсiрген қатал кезеңде тәлкекке түскен туған ауылының тағдырына, мүшкiл халiне бейтарап қарай алмайды.
Ағаштар тұр тыр жалаңаш тоналған,
Өткен күздi ендi қалай сөгерсiң.
Қырман қаш-а-а-н бұл ауылдан жоғалған
Итаяққа көз тiгедi көгершiн.
Ақ ниеттiң символындай көрiнетiн көгершiннiң өзi итаяққа телмеңдеп көз тiккен соң-ақ бұл ақынның ауыр халiн бүкiл болмыс-бiтiмiңiзбен ұғарыңыз хақ. Туған ауылының жыртық шекпен кигендей жадау, жағы суалып, бiлегi талып қалған жүдеу кескiнiн көрген ақын жаны жабығып, ойы онға, санасы санға кетiп, сергелдеңге түсерi сөзсiз.
Қайран күндер, қайтейiн, көп сенделген,
Көп сенделдiм көңiлге көп сенгеннен.
Жалғыздықты көзiме шұқығандай
Топ шымшықтар ұшады топ шеңгелден.
Топ шымшықтар ұшады
жазбай жұбын,
Майшамдағы бiлтедей маздайды күн.
Азаптады-ау бұлар да жан-жарамды
Азапталған аяусыз аздай мұңым.
Жетегiнде қиялдың жүрек самғап,
Арманыма жетуге жүрем сан қап.
Алсам деп ем аунап бiр төскейiне
Бұл даланың шөбi де кiлең жантақ.
Жыр жұтатып жүректiң шоғыменен
Шыққан ақын бұл жерден соңы мен ем.
Топ боп ұшқан шымшықтар,
Топ шеңгелден
Топ жыңғылға қонады тобыменен.
Ақын болып не таптым соныменен?!
«Топ боп ұшқан шымшықтардың топ шеңгелден топ жыңғылға қона-тыны» ана жерден де, мына жерден де не барақат, не байыз таппай сансырап сандалған ақын жанының бейнелi көрiнiстерi ғой.
Тұралап жатқан ауылының бүгiнгi халiн көрiп көңiлi құлазыған қалалық ақынның күнi күн емес. Заманның екi өкпесi қысылып, жан-жағының қуырылып, қысылып бара жатқаны мынау. Уақыт салмағы да екi иiнiнен басып, жаншып барады. Ақын жаны да ауыл сияқты әрi жадау, әрi жүдеу. Ауыл да, қала да әбден дiңкелеп, қалжырап қалған. Ашқұрсақ. Ашқұрсақ жан — ашкөз. Сондай халдi Әлiбек тайға таңба басқандай етiп көрсете бiлiптi.
Кей кездерi дөңбекшумен түнiмдi әр
Ұйықтай алмай өткiземiн ұғыңдар.
Қайыршының алдындағы жиналған
Ақшаға да көздi тiккен күнiм бар.
Бұл — күнi кеше ғана тек ақын басынан ғана өткен жай-жағдай емес, бұл — сол кездегi заман кескiнi, уақыт портретi. Көз алдында жүндей түтiлiп, бордай үгiтiлiп тозып бара жатқан мына заманның кейпiн көре-көре, жан-тәнiмен сезе-сезе «өмiрi сары уайымға айналған» ақынның
Бәрi бар, таңым да бар, көлiм де бар,
Бұлт сүзген шыңым да бар, шөлiм де бар.
Өң мен түстiң арасын өмiр дейдi,
Өң мен түстiң арасы өлiм болар, —
дегенiне ерiксiз иланасыз. Ондай кезде ақынның «өл-е-е-ең деп ем айқайлап, мең-зең дала қайталады өл-е-е-ем деп жаңғырығып» дегенiне де сенесiз.
Әрине, Әлiбек, ең алдымен жас. Тiптi жастық шағы, жастық дәуренi әлгiндей әуре мен сарсаңға, сананы сандалтып, сезiмiн сергелдеңге түсiрген уақытқа тап келсе де, Абайша айтқанда: «Махаббат қызық мол жылдарын» талақ етуi мүмкiн емес. Жаны қанша жабырқау тартып, жүрегi қанша езiлiп тұрса да оны селт еткiзiп, айналаға басқаша көзбен қарайтын құдiреттi күшке ерiксiз мойынсынбауға оның әддi жоқ.
Күндерiм сырғып әттеңмен,
Көңiлдi мұңмен көктеппiн, —
дей тұра, сол бiр қызды көрген кезде ол:
Өзiңдi көрген сәттен мен
Өмiрге ғашық боп кеттiм, —
деп салады. Бейне бiр жабыққан ақын жанында төңкерiс болғандай. Әбден жабығып тарыққан ақын сол бiр аяулы жанды көргеннен-ақ басқаша қам-қарекетке кiрiп, басқа кейiпке енедi. Әлiбектiң осы кезеңдерде жазған өлеңдерiн оқып отырып, «әлемдi сұлулық құтқарады» деген даналық сөзге ерiксiз ден қоясыз.
Қасың қандай қиғаш едi,
Көрген көз де қимас едi.
Аллам өзi жiбергендей
Жер бетiне сыйға сенi.
Кiрпiк қандай қайырылған
Бiр талына қайың құрбан.
Жiгiттi ендi түсiндiм мен
Жүрегiнен айырылған.
Шашың қандай тарқатылған,
Шолпан ба едiң таңда туған.
Талай жандар жүр-ау жерде
Өзiңдi ойлап таңды атырған.
Бiтiм қандай, күтiм қандай
Көз де сенен ұтылғандай.
Шаршап тұрған шалдың өзi
Шарасыздан жұтынғандай.
Алқым қандай, алтындалған,
Алтыныңмен жарқылдар маң.
Сендей қызды туа бiлген
Жоқ та шығар халқымда арман.
Мiне, бұл сұлулыққа ода. Әрине, арудың қасы мен көзiн, кiрпiгi мен шашын Әлiбекке дейiн де талай-талай ақындар таң-тамаша болып тамылжытып жырлаған. Ол өлеңдерден бұл өлеңдi бөлек етiп көрсетiп тұрған соңғы екi жол: «Сендей қызды туа бiлген жоқ та шығар халқымда арман!» Халық тудырған сұлулыққа қандай сұлулық тең келмек. Ал ондай сұлулыққа ғашық жанның хал-күйi қандай болмақ. Әрине, беймаза күй кешпек.
Намыссыз деп санама,
Момынға да балама.
Аймен бiрге тентiреп
Күтiп жүрмiн далада, —
дейдi. Ондай сұлулыққа ғашық жан, тентiресе де Аймен бiрге тентiрейдi. Бұл — махаббат iрiлiгi!
Қалай болғанда да, адам жаны қатпар-қатпар, сан салалы, сан жықпылды, тарау-тарау тұтас бiр әлем ғой. Бүгiн опырылып, опынып қалсаң, ертең жадырап қайта сiлкiнесiң. Бүгiн қуанышқа кенелiп құлпырып тұрсаң, күнi ертең итсiлiкпең шығып шаршап-шалдығып, бейшара халге түсесiң. Сондай бiр сәтте ақын:
Өлiмдi келедi екен өмiр айтып,
Жалған-ай! Бiлмегенбiз соны қайтiп.
Жоқтау айтып жылаған сезiмiме
Келiп тұр қайғы мен мұң көңiл айтып.
Құдай-ау, басқа емес, қайғы мен мұңның өзi көңiл айтып келетiн ол неткен ұлы қасiрет. Ондай қасiреттiң аумағы теңiздей көлемдi, ондай қасiреттiң салмағы таудай ауыр болу керек қой! Мұндай сөздi тек «жаны тәнiн жылатып, тәнi жанын жұбататын» ақындар ғана айта алса керек. Айнала қараса, өзiн қойшы, бәрiнен бұрын, жанына бататыны, әлдекiмдер елi мен жерiне бәлесiн үйiп-төгiп, жаланың қара күйесiн жағып, ту-талақай етiп тоздырғысы кеп, бүлiк кiргiзiп бұзғысы кеп жатыр. Бұдан өткен қасiрет болар ма?! Әсiлi, адам баласы, мына өмiрдiң қысастығын көрiп опынып,мына өмiрдiң кiсәпiрлiгiн көрiп өкiнiп «әттең-ай» деп бармақ шайнаумен өтсе керек.
Әттең-ай, әттең, әттеңiм,
Әттеңiм неткен көп менiң.
Күлiп келгенмен көктемiм,
Жылап барады өткенiм.
Түк көрмеген боп тұр күнiм.
Жасатып жерге құлдығын.
Тәп-тәттi едi-ау тiрлiгiм,
У қосып кеттi кiм бүгiн?
Жанымды жейдi кей-кейде
Күткенiң тура келмей де.
Тiрлiкте мынау байқасаң
Адамның бәрi шынында
Гөй-гөйлеп жүрiп өлмей ме?!
Әттең-ай, әттең, әттең-ай!
Дәл солай деп бiз де бұл өлеңнiң соңына жамыраса қол қоямыз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі