Мен жоғарыда жазған сөздерiмнiң бiрiнде жас ақындардың өлеңдерi туралы осы уақытқа дейiн пiкiрлер жоқтың қасы, олардың шығармашылығы мүлде дерлiк насихатталмайды дегендей сөз айтқан едiм. Әрине, мен бұл пiкiрдi жастар шығармашылығына деген бұқаралық ақпарат құралдарының қатысынан шығарып айтқан болатынмын. Әрине, осылай екенiне ешқандай күмән болмаса керек. Дейтұрғанмен, олардың шығармалары мүлде ескерiлмей, көңiлден аулақ, көзден таса қалды деуге болмайды. Ара-тұра, ауызекi болсын, олардың шығармашылығы туралы әңгiме бiржола суалып, тартылып қалған емес. Оның үстiне, ол ақындардың жыр жинақтарын ақтарып отырып оларға жазылған бiрқатар алғысөздердi оқыдым. Ол алғысөздердiң бәрi дерлiк шын ниет, жақсы тiлекпен жазылған алғысөздер.
Мәселен, Бақытжан Алдиярдың «Құбыла» атты жанағына өз басым аса қадiр тұтатын үлкен көркемсөз шеберi Мархабат Байғұтов «Қазығұртқұнар қаламгер, Өгемөрiстi өлеңдер» деген тақырыппен салмақты да, салиқалы алғысөз жазған екен. Мархабат өзiнiң Бақытжан iнiсiнiң шығармаларына жан-жақты тоқталып, терең талдау жасапты. Бағыт-бағдарын анықтап, бағасын берiптi. «Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде. Ол күнделiктi күйбең тiрлiкте де, өзiнiң өзгеше өлең-дерiнде де iшкi рухани еркiндiгiне залал келтiргiсi жоқ күйде қинала тiршiлiк кешедi. Халықтың, қазақы ұлттық көркемдiк уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тiл, Алдиярлық дiл — бiз сөз етiп отырған ақынның айрықшалығы» — дейдi Мархабат. Бұл орнықты пiкiрге Бақытжан өлеңдерiн оқыған кiм-кiм де бiр сөзге келмей келiсетiнiне мен кепiлдiк бере алам. Әсiресе, маған осы пiкiрдiң iшiнде «iшкi рухани еркiндiк» деген тiркес қатты ұнайды. Ақынды ақын ететiн ең басты қасиет — осы. Iшкi рухани еркiндiгiң жоқ па, анаған бiр жалтақтап, мынаған екi жалтақтап өзiнiң қара басына өз билiгi жүрмей өмiр сүрдiң бе, онда, әсiлi, қолға қалам алмай-ақ қойған абзал.
Шынында да, Бақытжан өлеңдерiн оқып отырып оның iшкi рухани еркiндiгiне тәнтi болмасқа шараң жоқ. О баста-ақ «Алла менi жаратарда маңдайыма өлең жазған бiр шумақ» деп өзiнiң ия бағы, ия соры екенi белгiсiз парыз-борышты, рухани мiндет-жауапкершiлiктi мойындаған ақын, ештеңеден де тайынбақ емес.
Сөз жоқ, маңдайына өлең жазылған ақынның бұл өмiрден көрер құқайы да, бұл тiршiлiктен көрер тәшпiшi де аз болмаса керек. Тiптi Алла тағала өлеңдi де тек сондай жанның ғана маңдайына жазатын болар.
Иен дала, ерен дүз,
Иесi бiз дегенбiз.
Алаң сүтiн iшкенбiз,
Аю етiн жегенбiз, —
деп желпiнiп жүрген ақынның күндердiң-күнiнде аңшы әкесi қансонардан қайтпай қалады. Сонан кейiн-ақ қоңторғай тiршiлiк қана емес, иiнi түскен жадау, иығы жамау, жүдеу тiршiлiк басталады. Бiр кезде «қабыланмен қағысып, қанын жұттық қасқырдың» деп кеудесiн керiп жүрген бала қабағы күреңiтетiн де тұратын сұрықсыз сұрқай өмiрге тап келедi.
Ендi ол «пiсте сатты шешемiз... пiсiрдi ғой бiздi өмiр» дейтiн болды. Бiрақ ол жабығып жасып, қамығып арып қалмайды. Қайта кетiлген үстiне жетiлiп бара жатады.
Көлге-көзге жас тұнбай,
Кеуденi өзге бастырмай
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай.
Өлтiрем деп өпремдеп келген тағдырдың болат тырнағынан қаймықпастан өршiл өжеттiгiн көрсетедi.
Ондай жанға бұл өмiрден өз орнын, орнын болғанда да, бiреудiң ығында немесе тасасында жүретiн емес, қайта бiреуге пана болатын, жердiң шетiнде, желдiң өтiнде жүретiн орын белгiлеп алу оңай емес. Сонда ғана Мархабат айтқандай «iшкi рухани еркiндiкке» ие бола алмақсың. Ондай жанның тар қауызға, тар қауыз емес-ау, мына жалпақ дүниенiң өзiне сия қоюы қиын. Ондай жанның өмiрден алар еншiсi — сергелдең өмiр, сансыраған сана.
Жарытпастан жыр түлеп
Көзiмдi ашсам кiл түнек.
Әлемiңе сыймадым
Әр пәтерге бiр түнеп.
Ақын өстi. Ақын ержеттi. Ендi ол өз қарақан басының қиындығын ғана емес, уақыт пен заман үстiнен өтiп жатқан ауыртпалық өз басынан өтiп жатқан ауыртпалықтан да ауыр, зiлмауыр екенiн бiлдi. Байқаса, мына қу өмiр зымиян жүрiс, сұрқия әрекетке де, жын-жыбыр, қыл-қыбырға да, құдай-ау, қаптап кеткен екен ғой.
Көнергеннiң есте тұтпас көбiн ел,
Көрем деген көзге бiрақ көрiнер, —
Жер үстiнде — ыбырсыған тiрiлер,
Жер астында — ыңырсыған өлiлер.
Неткен күйiнiш, неткен ашыну десеңiзшi?! Дүниенiң қорқау құлқынын көре-көре жаны түршiгiп шошынып, дүниенiң сұмпайы сұрқын бiле-бiле жаны күйреп безiнген жан ғана осылай сөйлесе керек. Мына күйкi тiршiлiкте өмiр сүрiп жатқан «ыбырсыған тiрiлерге» назалы болған «ыңырсыған өлiлердi» жан-дүниесiмен ұғып отырған ақын бұлай сөйлемей, ендi қалай сөйлемек. Бұл өлең:
Бақ — иесiз, бап киесiз қалмақ па?
Ей, ағайын, әруағыңды ардақта!
... Арқа сүйеп темiр қоршау шарбаққа
Айналарын түсiндi ме әруаққа
Бiр қария жылап тұрды аулақта, —
деп аяқталады.
Кiмге қалай екенiн қайдам, мен үшiн айтар ойын ашып айтқан ақыннан гөрi, айтар ойын тұспалдап, астарлап айтқан ақын әлдеқайда жақын. Өйткенi астарлы ой оқырманның өзiн көбiрек ойландырып, көбiрек толғандырады. Қазақшалап айтқанда, оқырман үшiн шайнап бергеннен гөрi, өзi шайнаған әлдеқайда дәмдi, әлдеқайда құнарлы. Олай болса, темiр шарбаққа сүйенiп жылап тұрған қарияның iшкi иiрiмiне көз салып көрiңiз. Күнi ертең ол қария да әруаққа айналмақ, яғни жер астында, дәлiрек айтқанда, ыбырсыған тiрiлердiң аяғының астында күңiренiп, ыңырсып жатпақ. Ол сол үшiн жылайды. Мiне, ақынның тұспалдап айтып отырған ойы. Ерiксiз, сол қарияға деген, оның әруаққа айналатын фәнилiк тағдырына деген күйiнiштi сезiм сенiң бүкiл алпыс екi тамырыңды құтырта қуалап есеңгiретiп, сансыратып жiбергендей болады. Мына дүниеден осы сияқты мiсәпiр құбылыстарды көп көрген ақын «тамұқтамын күндiз, табыттамын түнде» деуге әбден хақы бар. Бiрақ ол еңсесiн түсiрiп, қысастықтың құрсауына қамалып, күйрей жығылып, орнынан тұра алмастай халге түсiп, опынып тұралап қал-майды. Ақын бәрiбiр әрекетте, бәрiбiр жолда. Өйткенi өмiрдi бұрынғыдан да тани, бұрынғыдан да бiле түсуi керек. Әрине, қатыгез заман мен қатыбас уақытпен келiсу үшiн де емес, кетiсу үшiн де емес. Күресу үшiн! Жалпы, мықты ақын ешуақта да өзi өмiр сүрiп жатқан заманмен келiспек емес. Тек күреспек! Жеңiлсе де күреспек! Сондықтан да ол жолда, сондықтан да ол әрекетте.
Асағандарға қасасып,
Қашағандарға төс ашып,
Көргiсiз көрден қос асып,
Белгiсiз белден бас асып,
Оралмас жерге жол алдым,
Бола алмас жерде боп алдым.
Моламның өттiм жанынан
Оған да бiр күн соғармын.
Ендi оның моласының да жанына аядауға мұршасы жоқ. Бәрiн бiлу керек, бәрiн көру керек. Ендi ол «нән өтiрiк — мiнбеде, нағыз шындық — төменде» екенiн ұғу үшiн де, «ит жетектеп барады әлдебiреу, жетегiнде бiз жүрмiз ит-өмiрдiң» деп апшу үшiн де, «iшқұсалық зарпымен iшкен уы басқа екенiн Абайдың» деп тереңiрек үңiлу үшiн де өмiр сүруi керек.
Бақытжан өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң әрi салалас, әрi құрамдас екенiн бүкiл болмыс-бiтiмiмен, бүкiл тамыр-талшығымен сергек сезiнетiн ақын. Осы сөздерiмiздiң куәсi ретiнде оның бiр өлеңiн сәл ұзақтау болса да тұтас келтiргiм келiп тұр.
Бәз-баяғы келер күн мен өткен күн,
Таныс маған гүлi әнебiр көктемнiң.
Мен осыдан екi жүз жыл бұрын да
Жер бетiнде өмiр сүрiп кеткенмiн.
Мұным, сiрә, боп көрiнер, сiрә, аңыз,
Сенбесеңiз табиғаттан сұраңыз.
Дәл осыдан екi ғасыр бұрын да
Маған өле ғашық болған мына қыз.
Ауық-ауық күрсiнетiн ана аспан,
Анау таулар көк аспанмен таласқан.
Баяғыда-ақ кейiпкер боп жырыма
Содан берi мәңгiлiкке жол ашқан.
Тау мен тасты өлең еткен сол ақын,
Бүгiнде де әйгiлеген жоқ атын.
Баяғыдай жұрт та...
Бiрақ, ол кезде
Ездерiнен ерлерi көп болатын.
Тәңiрiнен тiрiлiгiн тiлеген,
Жұрт сөзiнен таппаған соң тiрек, ем,
Күлтегiндей күллi жаһан бiлсiн деп
Жартасқа ойып жазғам сосын бiр өлең.
Сол өлеңнен әлi күнге жоқ дерек,
Көркем сөздi етпеген соң көп керек.
Жер бетiнде жүрiп-жүрiп бiр күнi
Ғарыш жаққа кетiп қалғам өкпелеп.
Едi, мендегi мұңға ғашық
кәрi өлке,
Таңғалғыштау жүрегiмдi тағы өрте.
Үлгермеген жырларымды жалғасам
Деген едiм, келдiм бiлем сәл ерте.
Жұлдыздардың аржағынан жобалап
Уақытыңнан жаңылысқан жаман-ақ.
Талай жылдан таныс болған қара жер,
Тәнiм саған аманат,
Қайтып келгенше...
Әттең, жадың берiк болса, жаттап-ақ алатын өлең.
Бақытжанның көп өлеңдерi махаббат тақырыбына арналыпты. Ол өлеңдерге бiз бұл жолы аялдай алмадық. Бiрақ ол өлеңдердегi тұнып тұрған сезiмге бiр сүңгiп шықтық. Бақытжанның ол махаббат әлемi бiрде тып-тынық күндегi көлдей мөлдiреп, бiрде құтырған дауылды күнгi құмдай бұрқырап, бiрде сыңарынан айрылған аққудай сұңғағын созып сұңқылдап, бiрде бұлттай көшiп, ендi бiрде арнасынан асып-тасыған өзендей сарқырап... жатқан әлем екен.
Бiз бұл мақалада оның тек өз ыңғайымыз бен өзiмiздiң оңтайлы тұсы-мызға келетiн өлеңдерiне ғана тоқталдық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі