Роман
БІРІНШІ БӨЛІМ
1
Жылқы кісінейді. Қара дауылда дүрліге шапқан қалың жылқының шошынып шыңғыра кісінеген даусы келеді құлағыма. Алды апан ба, ор ма, өн бойын үрей билеп алған жануарлар опыр-топыр орғып, шыңғырып кісінеп барады. Менің бойымды да қалтыратқан жаман үрей бар. Қалың тұяқтың дүрсілінен жер селкілдейді. Жылқыларды анық көре алмаймын, жүн қаптап қойғандай қою күңгірт, қара қожалақ аспанның реңкінде едірейген құлақтары мен төгіліп толқып бара жатқан жал құйрықтарының бедерін ғана аңғарамын. Таудан құлаған тасқын сияқты ұмар-жұмар толқын болып ағып барады. Ағыза шапқан айғырлардың алқына шыңғырып кісінеген айқайы шабыстарынан озып, ұзап алысқа кетіп жоғалады. Құлағымда тек тұяқ дүрсілі қалады. Мен де алқынып, шайқалып жылқы толқынының арқасында келемін. Өн бойымда үрей бар. Еміс-еміс есіме келеді, осы үрей қазір ғана лап еткен жоқ. Мына жөңкіле шапқан қалың жылқының зәреңді ұшырған тұяқ дүрсілінен бұрын тұла бойымды жайлап алған. Бірден ол үрейдің қайдан, неден келгенін ұмытып қалыппын. Қазіргісі тек ажалдан үркіп, әңгіріп жөңкіп бара жатқан көп жылқымен қоса бір жерде омақата құлаймын ба деген қорқыныш. Бірде шабыс бәсеңдеп тұяқ дүрсілі әлсірегендей болды. Бураның шудасындай бұйраланып, жердің еңсесін басып тастаған қою қара аспанды жыртып шыңғырған дауыс естіледі. Дауыс өзгеріп, анықталып келеді. Шұбалта созып, шыңғыра айқайлаған паровоз екен. Қалың жылқы көз алдымнан ғайып болды. Паровоздың айқайлағаны, жылқының шыңғыра кісінегеніне ұқсайды екен-ау. Төменгі жақтан көрінбейтін доңғалақтар дүрс-дүрс етіп вагон теңселіп келеді. Басымды желкеме қайырып тартқандай мойыным қарысып ауырып қалыпты. Сірә бірінің астында қалса керек Біреудің бөксесі бүйірімнен сығып, ішімді ауыртып жіберген. Бұрымымды босатып алып жөнделіп жаттым. Бүйірім де кішкене солқылдап ауырып барып, шым-шымдап басылып балбырап, ұйқылы-ояу тәнім балбырап тынышталып келеді. Тәніммен бірге, барлық, қорқыныш пен үрей, дүрлігіс-дүрбелең артта қалғанын, үлкен қатерден құтылғанын сезген көңілім де жайбарақат тыныштыққа беріліп, ұйқылы-ояу манаураған күйі, арадағы үрейді аттап өтіп, алдыңғы күнгі тәтті елесті көз алдыма әкеле жатыр.
* * *
Онда қуанып оянып едім. Әлі до арылып болмаған тәтті түсіме алдағы келе жатқан жайдары, жақсы қуанышты, үзбей жалғастырғым келіп, бұйығып біраз жаттым. Адамның көңілі тоқ, төрт құбыласы түгел болса — ұйқы мен оянудың арасында сондай бір тәтті сәттері болады, оны бірден сілкіп тастап, ұшып тұруға дәтің бармайды. Тек мені елегізіткен бір нәрсе... оң жағым ойсырап бос жатыр. Ойбай-ау, Қасымбек менен бұрын тұрып кетіпті. Күйеуінің өзінен бұрын тұрғаны жас келіншекке жараспайтын-ақ нәрсе. Егер елде, ауылда болсам, жас келіннің әр қадамын баққан, сумаңдаған әйелдердің сүйір тіліне ілінер едім. Мұндай жағдайда мен үшін бір тәуірі біз елден алыста — Батыс Белоруссияда жүрміз. Күйеуім Қасымбек әскери адам, аға лейтенант. Ал әскер дегеннің заңы өзіне басқа болады екен, күн демейді, түн демейді, кез келген уақытта жөнеле береді. Әрине енді, жай уақытта мен бұрынырақ оянушы едім, бірақ, соңғы кезде Қасымбек менен бұрын тұратын әдет тауып алды. Мен оянып кетіп түрегелейін десем де: «Жоқ, сен жата тұр, саған қазір күтіну керек», — деп тұрғызбайды.
Бұрын дәл сондай бір әйел жанды мінезі жоқ, кәдімгідей байсалды-ақ жігіт болатын. Көрінеу көзге ерсі — елпілдеп әйелінің асты-үстіне түсіп, иіліп-созылып киіміңді әперіп жатпайтын. Орыстың еркектері сияқты су тасып, отын жарып та ұятқа қалдырмайтын. Енді қазір тіпті өзгеріп кетті. Басқасын айтпағанда — таңертең тұрып алып шай қоятынды шығарды. «Қой құрысын, ұяттағы», — десем, «Бұл жер ел іші емес, бізді ұялтатын адам жоқ», — деп дес бермейді. Айтатыны: «саған ауыр көтеруге болмайды».
Ондай ауыртпалықты әзір өз басым сезе қоймасам да, күйеуімнің айтқанына көне салған боп, оған әйелдің жұмысын істетіп қоятын бір жаман әдет тауыппын. Ондай сәттерде, үш айдан бері өлердей сағынып жүрген ел-жұртымның алыста болғанына шүкірлік етем. Денемнің толысыңқырап келе жатқаны да рас, қынама көйлектерім құрсағымды қысатынды шығарды. Ертеңгі демалыста қалаға бара қалсақ, кеңірек көйлек іздеп көрмек ойым бар.
Сырттан Қасымбек кірді. Майкішең, иығында сүлгі, жуынып келіпті. Жуынар алдында самаурынға су құйып, от тамызып жібергенін де айтпай-ақ біліп жатырмын. Кереуеттің шетіне келіп отырып салқын қолымен маңдайымнан, шашымнан сипайды. Денесінен ертеңгі салқын, таза ауаның исі келеді. Маған бір жақсылық айтқысы келе ме, әлде жай көңілі жадырап жақсы оянды ма, қалың ерні дүрдиген атжақты, құба жүзінде, быттиыңқырап тұратын кішілеу дөңгелек көзінде болашақ қуаныштың табы бар. Өзім де сергіп жақсы оянып едім, Қасымбектің көзіндегі ұшқын кеудемді жылытып рахаттанып көзімді жұмдым. Салалы ірі қолы маңдайымнан, жағымнан сипайды. Көзім жұмулы болса да, оның еміреніп, телміре қарап отырғанын білемін. Бірақ осындайда адамды бір қатты қысып, құшырланып сүйіп алуға... именшек пе, болмаса сезімге сараң ба?.. Алақаны қарынымды сипап аузымның үстіне келіп қалды. Саусағынан сүйіп алдым. Қолын бетімнен алмастан Қасымбек ақырын еңкейді де ернінің ұшымен самайымнан сүйді. Мені бір уатылып кететін шөлмек дей ме екен?
Соңғы кезде Қасым тіпті сыпайы боп барады. Мен қазір оған полк командирінің үйіндегі хрустальден жасаған қымбат ваза сияқтымын, командирдің әйелі Елизавета Сергеевна онысына қол тигізбей, жібекпен ғана сүртетін, Қасым да маған қаттырақ тиіп кетуге қорқады. Енді өзі ғана емес сөзі де сыпайыланып, бұрынғы қазақылық мінезінен қалып, менің қасым мен қабағымды қапысыз танитын болып алды.
Оның сезбейтіні бір-ақ нәрсе. Мен әлі де күшімдемін. О жер, бұ жерім ауырып, денем ауырлаған жоқ, жар құшағына құштарлығым да кеміген жоқ. Кеміген жоқ деймін-ау, сол құрғыр, мені масқара қылғанда, артыңқырап кетсе де өзі білсін. Қасымбекке онымды сездіруге... қысылам. Әлі күнге дейін екеуміздің бетіміз ашылмаған ба... Бір-бірімізді қанша жақсы көрсек те, арамызда аттап өте алмайтын нәрселер бар.
Ал маған Қасымбектің осы именшек қалпы да ұнайды. Бір түрлі қызық... Өзі жұмыр денелі әжептәуір ірі жігіт болғанмен ұялшақ бала сияқты. Анау, кішкене пісте мұрнын одан бетер кішірейтіп тұрған, дүрдиген қалың ерні... Алғашқыда маған ұнамағаны да сол еді. Екі қалың ерін бір-біріне жуыспай ашық тұратын. Ашық ауыз... адам кейде көріп тұрып соқыр болады екен-ау, қазір қарасам содан сүйкімді ерін жоқ. Жиырма бестен асқан дырау жігітке құдды жас бала сияқты аңқау кескін беріп сүп-сүйкімді етіп тұрған сол ерін. Күлгенде тым жақсы жұқарып, үлкен күрек тістерін жалаңаштап, екі езуіне жаңа туған ай сияқты екі нәзік сызық түседі. Көзім жұмулы болса да біліп жатырмын, Қасымбек маған дәл солай жымия қарайды, көзімді ашып алсам езуіндегі нәзік сызықтарды көрем. Төрт құбылам түгел, жақсы халде жатырмын, осы рахат сәтімді өзгертпей тәтті қиялға елігіп жата бергім келеді. Көзімді ашып алғанда Қасымбектің шар сияқты дөңес маңдайын көріп, «шашы қаша бастаған жоқ па екен?» деп ойлап қалдым. «Болашақта күйеуім қасқа бас болады-ау» деп уайымдауға — көкірегім рахат тыныштыққа толы еді, тек Қасымбекті жақсы көрдім де қойдым.
— Жаңа майор Масловты көрдім, — деді Қасымбек. — Ертең семьяларымызбен Брестке барып келуге бір машина беретін болды.
Meн үндемей ғана басымды изедім: қайда барсақ та маған бәрібір, әйтеуір алдымызда жайма-шуақ жақсы күн бар, жадыраңқы көңіл бар.
— Жүк машинасына орындық қойғызатын болды. Отыруға жайлы болады. — Қасымбек мені қуантқысы келген адамша сөйлеп отыр. — Жетпіс-сексен шақырым жер. Ерте шығып кетсек тіпті рахат. Күні бойы қалада болып, қонаға қайтып келеміз. Сонда өзіңе керек-жарағыңды да қарарсың.
— Бұрын көрмеген қалам еді, жақсы болды, — дедім Қасымбекті риза қылғым келіп.
— Я, десейші, жап-жақын жерде тұрып, қанша уақыттан бері бip бapa алмап едік, — деп Қасымбек менің сөзімді іліп әкетті. Енді міне, сәті де келді.
Қанша ерке келіншек болсаң да ұятты білу керек, орнымнан тұрайын деп басымды көтеріп алып едім, Қасымбек самаурынды қарағысы келді ме, сыртқа шығып кетті. Байқаймын, құрсақты болғаннан бері менің тәнімді көруге қаймығады.
Шай үстінде Қасымбек маған бірдеңе айтқысы келгендей бір-екі рет қарап қойды. Ондайда бір нәрсеге екі ойлы боп қалғанын сезем де, енді қипақтап қинала бермесін деп сәл қабағымды қозғаймын. Оны өзі түсінеді.
— Қалаға бapyғa мұрындық боп жүрген біздің Николай көршіміз. «Ертең 22 июньде аттай жиырма беске шығам. Ондай мерекемді атап өтпесем масқара — тағы», — дейді. Жеті-сегіз жолдасын қалада ресторанға апармақ. Өзі де шашылатын түрі бар. Бір айлығымды түгел жұмсаймын дейді. Әрине, өзінің тікелей бастығын ұмыта ма, бізді де шақырып отыр.
Қасымбек іркіліп қалды, көмейін түсіндім.
— Онда біз қандай тарту апарсақ екен? — дедім.
Оның әйелімен ақылдасқысы келгені, менен күткен сұрағы да осы еді, соны айтқызып алған соң, өп-өтірік:
— Ойбай-ау, мен оны ойламаппын-ау. Бәсе не апарсақ екен? — деді.
— Жиған-терген тиынымызды ала барамыз ғой. Қаладан іздерміз, — дедім мен. — Бұл жерден не табамыз.
Шайын ішіп болып киініп жатып Қасымбек «кі — һе» деп мырс етті. Ойына қызық, бір нәрсе түсіп кеткенде сөйтіп мұрнынан күліп алатын әдеті бар.
— Николай маған шақыратын жолдастарының тізімін көрсетті. Қарап тұрсам кілең келіншегі барлар. Бойдақтан, амалы жоқ, біздің ротадағы екі жолдасын ғана шақырыпты. Светасын тіпті сорақы қызғанады.
Николай Топорков Қасымбектің ротасында взвод командирі, шынашақтай ғана жігіт, кішкене гимнастеркасының жағасында қызыл эмаль жалатқан төрт бұрышты жалғыз кубигі бар — кіші лейтенант. Кішкентай адамдардың көбісі-ақ шелтеңдеген пысық болады ғой — бұ да сондай. Шекесі жұмырықтай, сопақ бет, аласа шот маңдай, су ішуге мойнын созған аттың басы сияқты иегі ілгері ұмсынып біткен. Өзінің кескіні-ақ қызық — қит етсе төбелесе кетейін деп тұрған тентек бала сияқты. Бір-екі рет саптың алдына шыққанын көргенім бар. Кішкентай кеудесін жырта керіп, екі шынтағын ширатып кейін шығарып, қаздаңдап билей басады. Тұсынан өтіп баратқан бәйгеге делбесі қозып, шыдай алмай, жер тарпып ауыздығымен алысып тұрған тай-құнан сияқты. Бірақ әйтеуір өзі бір нағыз адал жігіт, ар жағында бүкпесі жоқ, не де болса дыз етіп сыртына шыға келеді. Қасымбек оны сонысы үшін ұнататын.
Оның келіншегі Света, орысша айтқанда, менің подругам Екеуміздің қаншалықты жақын дос екенімізді өзім де әлі мықтап ажыратқаным жоқ. Осыңда келгенде алғашқы араласқан адамым сол. Бөлмелеріміз көрші, оның үстіне Қасымбек пен Николайдың қызметі бір. Әрине мінезің жараспай, жұлдызың қарсы болса бұл екеуінің бірі де кісіні жақындастыра алмайды. Света екеуміздің мінезіміз жарасты ғой деймін, — жақсымыз.
Света аппақ, ақсары келіншек. Шашы ақселеуден гөрі сәл сарғыштау. Атжақты, ұш жағы өткірленіңкіреп келген жұқа танау қыр мұрынды. Қабағы жұқалаң кішілеу көзі ашық көк пе, әлде жасыл ма, ажырата алмаймын. Қызғылт шалған шикіл өңі — ар жағынан күн көрінгендей нәзік бүкіл талдырмаш тұлғасында, балапанның түгіндей ақсары шашында, биязы ширақ қимылында тал жібектей есілген нәзіктік бар. Еркек тұрсын әйелдерді тартатыны да осы нәзіктігі болар. Ұрғашы болып, өмірінде түтігіп ашуланып, шаптығып біреудің бетінен алып көрмеген шығар деп ойлаймын.
Өзім әзірге Светаның сабасынан шыққанын көргенім жоқ. Ренжісетін де еш нәрсеміз болған жоқ, бірақ енді, ұрысқақ әйелге сылтау жоқ жерден-ақ табылады ғой. («Есіктің алдын күнде қоқытасың, ылғи мен сыпырам ба?»,«Жолға суды кім төккен?», «Самаурынның шоғын төгіпсің, үйімізді өртемексің бе?») Светаның бір рахаты, әйел болып ондай ұсақ-түйекке бір күңк етпейді. Мақтанғаным емес, мен де ұрысқақ емеспін. Орысша ұрысуға тілім де шорқақ. Елден, қазақтың даласынан келген адам, кілең орыс әйелдерінің ішінде бөлексініп, қаймығып жүрем. Бұ жағынан Светамен екеуміз, жолымыз болып, жақсы қосылдық.
Мен қазақшаға да сөзшең емес едім, орысшаға ауысқалы тіпті үндемейтін болып алдым. Света да сөзге сараң, бірақ кісі жатырқайтын тұйық емес, ажары ашық, адамға ылғи жылы шыраймен қарайды. «Жүзі игіден түңілме» деген, менің бүйрегім де Светаға қарай бұра береді. Көп сөйлеспесек те, екеуміз үйір болып алдық. Қолымыз бос болса, бірге отырамыз, баратын шаруаға бірге барамыз.
Оның қасында жүргенде жайма-шуақ көктемде далада оңаша келе жатқандай, жаның да жайлы, құлағың да тыныш.
Света күйеуін жақсы көреді. Әрине енді, біреудің ішіне кіріп шығу қиын, бірақ қасында жүрген менің білуімше солай сияқты. Ал Николай болса... оның Светаны жақсы көретіні соқыр адамға да көрініп тұрады. Ол әйелін сүйгенде жай емес, кәдімгідей күйіп-пісіп сүйеді. Кейде өзін қорсынып, бұртаңдап жоқ нәрсеге өкпелеп таусылып қалса, кейде әйелін мақтаныш етіп танауы шелектей болады. Сұңғақ бойлы сұлу келіншегін қолтықтап ап, шынашақтай боп шіреніп баратқан түрін көрсең... тура «іштерің күйсе тұз жалаңдар» деген кескіннің өзі.
Осында келгелі Николаймен жиі араласып, жақындасып кеттік. Байғұс жаман жігіт емес, бірақ күнәқар болсам да, шынымды айтайын: өз басын Светаға Николайды теңсінбеймін. Светаның еркек-ұрғашыны бірдей тартатын ерекше бір лебі бар. Еркектер оны көргенде өңдері жылып, көздері мұнарланып, іштей күрсініп қояды. Нағыз бір ересек, ұстамдылары тамағын кенеп, көзін тайдырып әкетіп, бірақ кімге, қайда қарарын білмей, қипақтап қалады да, аржағында сайтаны барларының, май ұрлаған мысықтай, көздері жылтырап шыға келеді. Жұрт назарын Света сезбейтін сияқты, жайма-шуақ, ақжарқын қалпынан аумайды. Әрине сезбейтін болар, егер сезе қалса... онда жайбарақат қалпын жоғалтып, мінезі өзгеріп, не іштей тіксініп, бойыма дарытпаймын деп, тәкаппарсып кетер еді, не оңай сықырмен еліктіріп, жігіттердің ындынын кептіре түсер еді ғой. Дегенмен, тереңінде жатқан, тіпті өзі де білмейтін, бір сиқыры бар шығар. Болмаса, асқан сұлу емес... әлде нәзіктігі ме?..
Бірақ осының бәрін Николай сезеді. Командирлер бас қосқан жерде ұстараның жүзінде отырады. Кейде, сыр алдырғысы келмей, қанша ақжарқын болғысы кеп бақса да, орайын тіпті келтіре алмайды. Әзіл-қалжыңы да орынсыз шығып, даусы дабырлап, өзін-өзі зорлап күлдіріп, оқыс тұйықталып қала береді. Содан сөзге араласпай, қабағының астынан жұрттың ажарын жіті бағып, әйеліне түсіп кеткен көздерді аңдып отырады. Қара торы жүзінің, шешек дағы ма, безеу ме, мен ажырата алмаған қожыры бар, әрі-беріден соң түтігіп, беті тіпті қарайып кетеді. Түрін тышқан аңдыған мысыққа ұқсатып, кішкене көзі ғана ызалы жылтырайды.
Қасымбек жаңа: «Светасын тіпті сорақы қызғанады», — дегенде, Николайдың дәл осы кескіні көз алдыма келіп тура қалды. Қайтсын енді, еріккен бойдақ командирлерді шақырса, өзінің ертеңгі қуанышты тойын азапқа айналдырмай ма?
2
Біз үлкен селоның шетінен оқшау салынған особнякта тұрамыз. Бұл өзі заманында бір мықты байдың үйі болу керек — еңсесі биік, екі қанатын кең жайған келісті үй. Ауласының шет-шетінде шағын ғана екі-үш бөлмеден кішкентай үйлер бар — оны флигель дейді екен. Бұларда осы мықтының күтуші, қызметшілері тұрса керек. Біздің полктың семьясы бар командирлері осы особнякқа түгел сыйып кетті. Мықтырақтары ана үлкен үйдің өзінде тұрады да, біз сияқтылары бір бөлме алып флигельде тұрамыз. Ауланың іші аллеялары бар, кәдімгі парк, әр жерде скамейкалар, беседкалар. Жалпы тұрысымыз жаман болған жоқ.
Осы бір рахат жерге келіп орналасқанымызға айдан асып кетті. Әйелдер: «Нағыз курорт», — деп, қуанып жүр. Тек бір ыңғайсызы күйеулеріміз таңертең қызметке кетеді, содан қара кеште бір-ақ оралады. Жаздың ұзақ күнінде өңшең әйел қаламыз. Әйел деген халық, айналып кетейін, жақсы ғой, тек өздері бірыңғай қалған жерде шаң-шұңы да көп болады екен.
Бірақ біз жабайы әйелдер емес, қызыл армия командирлерінің әйелдеріміз. Біздің де өзімізге лайық бастығымыз, тәртібіміз бар. Полктың әйелдер советі — деген ұйымымыз бар. Оның бастығы полк командирінің әйелі Елизавета Сергеевна дәрежесі үлкен болғанмен, өзі кішкентай адам. Аузы, мұрны, қол-аяғы бәрі де шағын ғана келген, ып-ықшам. Кішілеу ғана шүйке бас, сопақ бет, қоңырқай жүзді кісі, ұшы шошайыңқырап көтерілгені болмаса, мұрны да пістедей. Сөйлегенде, жұқалаң ерні тісіне жабысып, аузын шымшып сөйлейді.
Бұл әйел сырт адамға, бір қарағанда, қораш көрінер, бірақ біз үшін аруағы асқар таудай. Кішкентай кеудесі шошайып, аяғын нығыз басып, ол келе жатқанда, өзіміз қаймығып, етек-жеңімізді жия бастаймыз. Кісіге кейігенде, тәкаппар жүзінен ызғар тепсініп тұрады.
— Сіз неге бүгін саяси сабаққа келмедіңіз?
Даусын көтермесе де, әр сөзін шегелеп, нығарлап айтады. Кішілеу тарғыл көзінде сұс пен қабат ащы мысқылдың ұсқыны суық жылтырап, өзі де, шегелеп тастағандай, нығыз тұрады.
— Meн бір үйдің ішінің кір-қоңын жуам деп...
— Саяси сабақтан қалуға ешқандай дәлел қабылданбайды. Ал кір жуу деген тіпті де дәлел емес. Мәселеңді әйелдер советінде қараймыз.
Көбіміз-ақ Елизавета Сергеевнадан мықтап қаймығамыз, шүйкедей болғанымен, алды қатты кісі. Біздің арамызда да әскери қатал тәртіп орнатпақ ойы бар.
— Біздер командир әйелдеріміз. Әскер бөлімінің жанында тұрамыз. Сондықтан бізге де әскери тәртіп керек. Салдыр-салақтықты жою керек. Тәртіпке бағынбаған әйел жолдастарға қатал шара қолданамыз, — деп талай сөйлеген.
Күйеулеріміз ертеңгі асын ішіп қызметке кетіп, үй-ішін жиыстырып болған соң, сәске түсте Елизавета Сергеевна бәрімізді жинап алады. Көбіне үлкен беседкаға жиыламыз, небәрі жиырмаға тарта әйел дөңгелек кең беседкаға түгел сыямыз. Бүгін де айтқызбай жиналдық, Елизавета Сергеевнаның төрде председательдік орны бар, ол соған барып отырды. Оған жалғас оның орынбасары, полктың штаб бастығының әйелі Алевтина Павловна келіп отырды. Алевтина Павловна ақсары, сұлу келіншек, оның аты қандай құлаққа майда жұмсақ болса, кісінің көзіне өзі де сондай әсер етеді. Денесі аршыған жұмыртқадай жұп-жұмыр, сәл ғана ұрты білініп, бұғағы үлбіреген дөңгелек жүзді, үш жағы қайқайған кішілеу ғана «ерке мұрын». Мұның да шертіп тұрған әсем кеудесі мен жас баланың білегіндей тамағын, әсіресе сүйіске құштар үлбіреген ернін көргенде, талай еркек тамсанар еді, бірақ бұл маңда оған өресі жететіндер жоқ. Ол штаб бастығының, майор Масловтың әйелі.
Алевтина Павловна өз бағасын жақсы білетін кербез келіншек, бәрімізге де жоғарыдан төмен сәл мүсіркей қарайды. Бірақ, сонысын өзімсінген еркелігі басып кетеді де, сенің намысыңды шабақтамайды. Басына қонған бақыты мен құдай берген ажар, көркі бірдей болса, қай келіншек бұлғақтамайды. Алевтина Павловна тек Елизавета Сергеевнаға ғана кішілік көрсетеді, оның алдына шығып сөйлемейді. Елизавета Сергеевнаны сөйлетіп қойып: «Қайтесің, айта берсін», — дегендей, сол ғана езу тартып жымиып, өзі зерігіп үнсіз отырады.
Елизавета Сергеевнаның сол жағына әйелдер советінің хатшысы инеліктей қатқан арық, сұңғақ бойлы Маруш Аршаковна келіп отырды. Мұның тұлғасы мен келбеті Алевтина Павловнаға қарама-қарсы жаратылған, бірі күн болса, бірі түн сияқты. Маруштың шашы көмірдей қара, жылтыратып ортасынан қақ айырған, биік қабақты, үлкен дөңес мұрынды қатқан қара торы келіншек. Әйелге сонша үлкен мұрынның жарасқанын алғаш рет осы Маруштан көрдім. Егер мұрны осыдан кішілеу болды бар ғой, анау биік қабағына, тостағандай қара көзіне, мына жақ бітіміне жараспас еді. Арық болғанмен, арсиып тұрған жоқ, денесі де жинақы, сымбатты, тек бір ғана айыбы қушықтау иығына ірі жүзді бас қондырысы үлкендеу. Орыс тілін басқа бір нақышқа салып, әсем бүлдіріп сөйлейді. Оған Алевтина Павловна «Шығыс Мадоннасы» деп ат қойған.
— Мен қайдан Мадонна болам. Мадонналар сен сияқты толық болады. Нағыз славян Мадоннасы өзіңсің, — деп күледі оған Маруш.
Маруштың жас шамасын айыру қиын, Елизавета Сергеевна сияқты отыздан әжептәуір асып кетсе де өзі білсін.
Елизавета Сергеевна столды тықылдатып тәртіпке шақырды да, сөзін бастады.
— Жолдас командир әйелдері, мәжілісімізді бастаймыз. Өздерің білесіңдер, ертең күн демалыс. Бірсыпыра жолдастар Брестке барады. Қалғандары өз қалауынша дем алады. Ал, біздің көптен бері қанша талқылап, шеше алмай...
Осы кезде Наташа деген келіншектің емшектегі баласы шырылдап жылап қоя берді. Өзім де неғып жыламады деп отыр едім, бұ баланың күндегі әдеті осы — Елизавета Сергеевна сөз бастарда, шырқын бұзады. Шешесі Наташа сидиған бойы болмаса, бір шайнам еті жоқ, адырақ көз, арық келіншек. Жас та болса кеудесіне жабысып, солып қалған емшектен не сүт шықсын, содан болар, баласы зар жылауық. Өкшесі қанап көрмеген Елизавета Сергеевна қоңыз жұтып қойғандай тыжырынды.
— Наташа, Наташа, жұбатсаңызшы. Ылғи өстіп жиналыстың шырқын бұзасыз.
Наташа еш уақытта кісінің бетіне келмейтін келіншек: «І — і — і» деп бебеу қағып, баласын әлдилейді. Бала ерегіскендей, одан сайын бақырады.
— Бері әкелші маған, — деді осы кезде бір әйел.
Бұл — Валя. Кеспелтек, балғадай келіншек, мұның да емшекте баласы бар. Баласының екі шекесі торсықтай.
— Бері әкел. Мен емізіп берейін, — деді Валя.
Елизавета Сергеевна тағы бір қоңызды жұтып қойды.
— Валя, қалай ғана ұялмайсыз. Осындай жиналыстың үстінде емізіп отырмақсыз ба? — деді Елизавета Сергеевна, жұқа танауын тыжырып.
— Е, емізсе несі бар, басқа ешкім жоқ, кілең қатындар емес пе, — деп, шап ете қалды шүйкедей арық әйел. Бұл кәдімгі аты шулы ұрысқақ Муся.
— Муся... э... Мария Максимовна, осы дөрекіліктің керегі не? Қатындар деп... Сіз совет командирінің әйелісіз.
— Е, немене, қатын демей, «әйел» деп сызылғанда, қайтадан қыз болармын деп не ең? Сені мен біздің қыз дәуреніміз енді айналын келмейді. Қатынның аты қатын, — деп, ұрысқақ Муся бастықтың өзін тойтарып тастады. — Одан да емізсін ана Валя. Екі емшегі екі сиырдың желініндей. Жетеді. Наташа деген, жас та болса, мен сияқты кеуіп қалған қу шандыр емес пе?
Бұл фәниде Елизавета Сергеевнаның жалғыз қорқатын адамы — осы ұрысқақ Муся. «Пәледен машайық қашқан» деген емес пе, өзін «полктың анасы» санайтын, бізге әмірін мықтап жүргізетін Елизавета Сергеевна осы ұрысқақ Мусяға келгенде, тайқып шыға келеді. Бастығымыз үнсіз қалды — онысы Мусяның айтқанына амалсыз көнгендігінің белгісі.
Валя өз баласын Наташаға ұстатты да, оның жылауық баласын баурына салды. Ұрысқақ Муся бекерге шабалаңдамаған екен, заржақ бала Валяның кеудесіне жете бере жым болды, тіпті құлқыны кеуіп қалған екен, сораптап емгеніне дейін естіліп тұр. Бір сәт бәріміздің көзіміз ашқарақ балаға шүйілген екен, Елизавета Сергеевна есін жиып, үзіліп қалған баяндамасын қайта жалғады.
— Жолдас командир әйелдері, үлкен қаладан шет тұрғандықтан, сіздердің ешқайсыларыңыз қызмет істемейсіздер. Уақыттарыңыз босқа кетіп жатыр. Әйелдер советі сіздердің сол бос уақыттарыңызды пайдалы нәрсеге жұмсау жайлы мәселе қарады. Ақылдасып келгенде, өте маңызды екі шешім қабылдадық. Біріншісі — неміс тілін үйренетін үйірме ашамыз. Күніне екі сағат сабақ өткізіледі. Светлана Андреевна, — деп Елизавета Сергеевна Светаға бұрылды, — Сабақ беруге сізді тағайындамақ болып ұйғардық.
— Бізге Света сабақ бере ме? — деп шықылықтап кеп күлді ұзын бойлы, иығы еңкіштеу, қызыл бет келіншек.
— Э — э, Муся, сіз несіне күлесіз? — деп кейіді Елизавета Сергеевна.
— Жоға әншейін, — деп Муся одан бетер сықылықтады, — Мен жәй... һ — е — һе — һе.
Екі Мусяны шатастырып алмас үшін, жұрт бұл келіншектің атын «Күлегеш Муся» қойған — ды. Оның ерекше бір қасиеті көбіне күлетін жерде күлмейді де, нағыз бір күлмейтін жерде күледі. Бір күлсе, көпке дейін тоқтай алмайды.
— Елизавета Сергеевна, менің өзім неміс тілін мардымды білмеймін. Кімге ұстаз бола алам? — деді Света қызара бөртіп.
— Шырағым Света, біз әуелі сенің білгеніңді біліп алайық, — деді Маруш болар-болмас қана езу тартып. — Содан кейін ар жағына басқа мұғалім іздерміз.
— Қоғамдық тапсырмадан бас тартуға болмайды, — деді Елизавета Сергеевна аузын шымшып сөйлеп, — Светлана Андреевна, сіз де, біз де әйелдер советінің шешіміне қалтқысыз бағынамыз. Сонымен бірінші мәселені қабылданды деп есептейміз ғой, әйел жолдастар? Кәне, дауысқа қоям. Құптағандарыңыз қол көтеріңіздер.
Света қызарып төмен қарап отырып қалды, өзгелеріміз қол көтеріп құптап шықтық. Әйел бастығымыздың екінші мәселесі тігін үйірмесін ұйымдастыру екен. Бұл да жақсы-ақ нәрсе — екі қолың алдыңа сыймай, бос отырғанша, өнерге үйренесің, балаңның көйлек — көншегін қайысаң да, не зияны бар. Маруш Аршаковна шебер екен — сабақ жүргізеді. Әйелдер бұл ұсынысты жамырасып, жабыла қостап еді, артындағы бір кілтипанына келгенде, екпіндері қайтып қалды. Ол — тігін машинасын сатып алу, сол үшін кісі басы ақша жинау, және сөзбұйдаға салмай, ертең Брестке барғанда ала келу керек. Қинаған жері осы ара. Тіпті бар болса да, қапелімде қалтадан ақша суырып беру... Ойламаған, күні бұрын есепке кірмеген шығын. Есепсіз ақша кімде бар... Елизавета Сергеевна шырылдап қанша үгіттегенмен, бола қоймады. Артық ақша жоқ... Ойлану керек. Әрине ақша жинау керек қой, бірақ қапелімде... Кешке күйеуіміз келсін... Қанша айтқанмен, ақша табатын солар ғой... Ақылдасайық... Ертеңнен басқа да жексенбі бар ғой. Брест те қашық емес... Келесі жұмада барса да...
Бұл мәселе осылай жіңішкеріп барып сиырқұйымшақтанып бітіп еді...
3
Елде менің Қамқа деген әжем бар. Жақсылық пен жамандықты күні ілгері сезетін «көріпкелі» бар адам. Оң көзі тартса, қуанады; сол көзі тартса, ренжиді, болашақ көп нәрсені түсінде көреді де, соларын айнытпай жориды. Үйге ақша түсе қалса: «Е, бәсе, кеше уысым қышып еді», — деп; алыстан сағынған адамы келсе: «Алдыңғы күні түсімде бір табақтан ас ішіп отыр едім-ау», — деп, бәрінің үстінен түсетін. Жасым он тоғызға қараған дырдай келіншек болсам да, Қамқа әжемнің сол «көріпкелі» маған қонбапты. Қырық бірінші жылдың жиырма бірінші июнь күні маған жамандық емес, жақсылық әкеле жатқандай көрініп, жағам жайлау, жайбарақат жайсаң күн болды да, бар оқиғасы бадырайып көз алдымда тұрып қалды.
Сол күннің өзі де толысып піскен жемістей толықсып тұрған-ды. Шаңқай түске қарай көтерілген күн, ыстық аптабымен күйдірмей, қалың ағашқа, жайқалған көк шалғынға, құйқалы топыраққа мол қызуын сіңіріп балқытып келеді. Шуақ қою ауа жұмсақ жылуын бүкіл тәніңе дарытып, өн бойыңды ұяң тартқызып, көңіліңді тыныштыққа, бейбіт рахатқа бөлейді. Жасыл көк шөптің, қызып келе жатқан дымқыл жердің исі аздап мас қылғандай басыңды айналдырады. Кенет мұрныма еміс қана саумалдың исі келгендей болды — ол қай шөптің исі екенін ажырата алмадым.
Адам ертеңгі күнінің не боларын білмейді. Бірақ ақыл-ойдың болжамы жетпеген нәрсені кейде тәнің сезетін сияқты. Бірнеше жылға созылмыш азап пен мехнат алдында дүниенің бар жылуы мен тыныштығын, аз ғана рақатын әр клеткасына сіңіріп алғысы келгендей, бар денем балбырап, болашақ қауіп пен қатер, жан ұшырған үрей алдында — тынығып алғысы келгендей, көңілім де жай тауып, жадырап келеді. Аллеядағы скамейкада Света екеуміз отырмыз. Үндемейміз. Светаның барлық төмен етектіден артықшылығы да осы. Құлағың тыныш. Қасыңда бір жақсы адам барын біліп, бүйірің жылып отыра бересің.
Света бір кезде маған қарай қисайды да, белімнен құшақтап алды.
— Надя, — деді содан соң. Мұндағы орыс әйелдері менің Нәзира атымды «Надяға» айналдырып алған... — Meн әйелдерден естіп сенбей жүрсем. Рас екен ғой.
Ол жұмсақ алақанымен менің құрсағымды майда сыпырып өтті.
— Рас, — дедім мен.
— Мен де аңқаумын. Сенің қасыңда жүріп, жұрттың ең соңынан біліппін. — Света кішкене қабағын шытып отырды да. — Япыр-ай, бекер болған екен мұның, — деді.
— Неге?
— Сен немене, еш нәрсені сезбейсің бе? — деп Света қабағын көтеріп таңырқай қарады.
— Шекарада тұрмыз. Ертең не боп кетерін қайдан білесің?
О жағын мен ойламаппын. Рас, шет жерде, бір қиырда жүргенде аяғым ауырлағанына көңілім күпті болатын. Әйтсе де, жалғыз емеспін. Арқа сүйер азаматым бар.
— Не қылар дейсің. Күнім жақындағанда елге қайтам ғой, — дедім.
— Әйтсе де, сақтануың керек еді, — деді Света.
— Ay, қалай сақтанам? — деп таңырқадым. Шынында да осы күнге дейін біздің халықта баладан сақтанды дегенді естіген жоқ едім.
— Өзің сақ боласың да, — деді Света мойнымнан құшақтап... — Еркек шыдамсыз болады ғой, — Света менің мойнымды босатып, туфлиінің тұмсығымен дымқыл жерді түрткіледі. — Біздің Николай да бала сүйгісі келеді. Бірақ мына жағдайда... Білмеймін, Өзім секемшілмін бе, әйтеуір қобалжи берем.
Мен де қобалжи берем, бірақ менің қобалжуым басқа. Әуелі әйел болып бір үйдің тұтқасын ұстағаныма сене алмай бір түрлі боп жүрдім, және үй дейтін қайбір үйің бар, айналдырған екеусің. Оның үстіне адам сияқты елде — ағайын-туғанның арасында түтін түтетіп отырған жоқсың. Жел айдаған қаңбақтай, қос чемоданыңды қолыңа алып... Әскердегі жігіттің қанжығасында... Өз жағдайымды өзім онша түсіне бермеуші едім. Енді аяғым ауырлап мынадай халге ұшырадым. Осы мен шынымен ана болып, бала сүйем бе? Амандық болса, солай болуға тиіс қой. Бірақ... тағы да бір түрлі... қобалжи берем. Әлде Светаның айтқаны дұрыс па? Ол бұдан бұрын да бір жолы сақтанып жүргенін айтып еді, онда мен елеген жоқпын-ды, қазір ойлап қарасам... қашан орнығып, бір ыңғайланып алғанша... оның сөзінің жаны бар сияқты.
Қайтеміз енді, әркім бұйырғанын көреді де.
Әнекей бір топ бала ойнап жүр. Олар да осы командир балалары. Төрт жасар, сары шашты бала:
— Стой! Смилно! — деп айқай салады.
Ол штаб бастығы, майор Масловтың баласы. Түр келбеті шешесі Алевтина Павловнаға тартқан — бөртіп піскен нандай топ-томпақ, ойнап жүрген балалардың ішіндегі ең кішкенесі сол болса да, өзгелеріне өктемдік жасап команда беріп жүр. Балалардың ойынында ылғи командирі сол болады. Сондықтан ба, әйтеуір оны үлкен-кішісі бірдей «Вовка командир» атап кетті. Баласының осы лауазымы ата-анасына да ұнайтын болу керек, өйткені «Вовка командир» деген атты балалардан гөрі үлкендер көбірек айтады, әсіресе майор Маслов пен Алевтина Павловнаның құлағына жетеді-ау деген жерде:
— Вовка командир, сенің әскерің қайда? Кәне, сапқа тұрғызшы.
— Өзі аумаған майор Маслов. Түбі мықты командир болады. Нағыз жаугер.
— Болатын бала қаршадайынан-ақ көрініп тұрады. Өзінде нағыз командирдің тегеуріні бар, — деп қошеметтей еркелетіп жатады.
Алевтина Павловна жақынырақ жерде болса:
— Көп мақтай бермеңіздер. Бала дандайсып кетеді, — дейді назданып.
Бұл Алевтина Павловнаның бер жағы, ар жағында баласының жұртты тамсандырған қасиетіне деген мақтаныш жатыр, даусының назды шығатыны да содан. Жалпы Алевтина Павловна көбірек назданады. Басқа біреу сөйтсе ерсі көрінер еді, ал толықсыған сұлу келіншекке бәрі жарасады.
Бала атаулы соғыс ойнағанда командир балалары қайтіп қалсын, бұлар да әскер болып ойнайды, үлкендерден көргенін істейді. Вовка командир сынық сүйем бойымен шіреніп тұра қалып, бір қолын шолтаң еткізіп, созып:
— Стлойся! Становись! — деп айқайлайды.
Балалар соны қызық көріп, жапа-тармағай жүгіріп келіп сапқа тұрып жатыр. Баланың аты бала емес пе, шарт та шұрт ұрысып, таласып қалады.
— Мен алға тұрам.
— Жоқ мен алға тұрам. Менің бойым ұзын.
— Жоқ, жоқ, қарашы. Міне менің бойым ұзын. Төбем артық тұрған жоқ па?
— Мә, сен аяғыңды ұшынан баспа. Кәне, қарсы тұрып мұрнымызды тақастырайықшы.
Бұлардың ішінде бізбен бір флигельде тұратын көршіміз Ираида Ивановнаның алты жасар Шуригі мен бес жасар Борисі да жүр. Ол екеуі басқа балалардай ілгері тұруға таласпайды да, көп шуламайды, аналарына тартқан салмақты, момақан ғана. Вовка командирдің айтқанын істеп, көрсеткен жеріне тұра береді. Тек «мен Борядан ұзынмын, мен мұнда тұрам», деп араларына басқа бала кіріп кетсе, оған көнбейді. Екеуі егіз қозыдай, жұбы жазылмайды. Бірақ бұлар ата-анадан екеу ғана емес, Ираида Ивановнаның төрт баласы бар, Ең үлкені Ваня жетіден сегізге қараған, кішісі емшекте. Ванясы ертерек есейген, ойыннан гөрі шаруаға үйір — көбіне кішкентай інісін бағады, су әкеледі, үй шаруасында шешесінің нағыз қолқанаты. Ағалары шешесінің қасында болған соң, Шурик пен Боря жұбын жазбай бір жүреді де, бірге ойнайды. Ираида Ивановнаның балалары алтын асықтай. Орта бойлыдан төмен, толықша келген шешелері мінезге бай, жайсаң адам болғанға ма, балалары да орнықты, шыр еткен даусын естімейсің.
Еркек балалармен бірге ұрысқақ Мусяның қызы Люся да соғыс ойнап жүр. Ол жеті жаста. Сорайып балалардың ең алдына тұрып алған, шешесіндей емес, бойшаң болатын түрі бар.
— Вова, Вовочка, мен саған орынбасар болайын. Қазір мен команда беріп, саған баяндайын, — деп жалынады Люся.
Кіп-кішкентай боп шіреніп тұрған Вовка — командир оны менсінетін емес.
— Қыздар командир болмайды, — дейді ол.
— Мен орынбасар болам.
— Жоқ, мен болам, — деп балалар тағы да жамырай шулап кетеді.
Мен балалардың ойынын қызықтан отырғанмын. Света үндемей отыра беруге іші пысты ма:
— Июнь айы да бітіп қалыпты-ау, апырай-ә? — деді есінеп.
— Иә, бүгін жиырма бірі. Ертең Брестке барамыз. Қалаға барған соң, сендерге қонақ боламыз ба?
— Николай туған күнімді мейрамдаймын дейді, — деді Света сол бұйығы қалпынан серпілмей. — Мейлі. Қарсы болғаным жоқ. Кісі жиырма беске күнде келмейді. — Ол жұп — жұмсақ білегін менің мойныма артты. — Сен ғой, әлі жиырмаға келген жоқсың, Надя. Қандай жассың. Туған күнің қашан?
Туған күніңді білмеген шынында да ұят екен, жауап бере алмай қысылып қалдым. Менің білетінім доңыз жылы туыппын, ол жиырма үшінші жыл, дәлірек айтқанда көктемге қарсы — наурыздың іші болса керек, — оның бәрін Светаға қалай түсіндірем. Көп сөзден үндемей құтылатын әдетім бар еді, оның үстіне Светаның бір рахаты жауап бермесең қазбалап сұрамайды. Жаңа ғана берген сауалын әп-сәтте ұмытып кеткен адамдай, қысылмайсың.
— Meн күзде жиырма екіге шығам, — деді Света. — Сөйтіп жыл дегенің өте береді. Өте береді. Бір күні қартайғаныңды да білмей қаласың.
Светаның ойына кәріліктің қайдан келгенін білмеймін, өз басым осы аз жасымда кәрілікті ойлап көрген емеспін, ол әзірге менің қолым жетпейтін алыс дүние. Тезірек үлкендер санатына қосылу, ұл болсын, қыз болсын, бар баланың асыға күтетін арманы емес пе, мен қайта ер жетуге асығушы едім.
Кішілеу кезіңде кейбір үлкендер сені баласынып, кішірейте сөйлесе — дүниеде қор қылатын нәрсе сол болушы еді. Бірақ қазекеңнің бір жақсы жері қыз баланы онша кішірейте бермейді, қайта ертерек есейтеді. Он төрт, он бестен былай қарап-ақ, болашағыңды ойлатады. Өйткені он сегізден асса-ақ өтпей отырған кәрі қыз деген жаман атақ бар. Ондай атақтан қыздың өзі ғана емес, ата-анасы, аға-жеңгесі, төңірегі түгел қорқады.
— Қасымбекке қалай ғашық болғаныңды айтшы, — деді Света кенет менің иығымда жатқан жұмсақ білегімен мойнымнан құшақтап, дауысында әлденені аңсаған арман бар. Дауысында ғана емес, бүкіл өн бойында бір аңсау бар сияқты.
Мен үндей қоймақ едім.
— Айтсайшы, нең кетеді, — деп жармасты. Кісіге ондай қадалмаушы еді.
— Білмеймін, — дедім мен.
— Білмегені қалай?
— Әйтеуір ұнатқан болуым керек. Ал былай өліп — талып... Қойшы, одан да Николайға ғашық болғаныңды айт өзің, — деп мен де жармаса кеттім.
Света кішкене үндемей ойланып қалды да, күліп жіберді.
— Мен де білмеймін. Ақ көңіл елпілдеген жақсы жігіт екен. Бір көргеннен есі кетіп бәйек болды да қалды. Тіпті жанын беруге бар. Менің бетімді бері қаратқан сол ықыласы болу керек. Әйел қанша асқақтағанмен еркектің ықыласына түсіп қалады ғой.
— Сонда қалай?.. Әйелдер ғашық бола білмей ме? Тек еркектердің дегеніне көне бере ме? — дедім.
— Әрине, — деп күлді Света. Алдымен көзі түсіп айналдыратын еркектер емес пе. Ендеше біз солардың жетегінде кетеміз де, ғашық болдық деп өзімізді алдарқатамыз.
Ойланып қарасам мына сөзінің жаны бар сияқты. Әрине енді, көңілі қаламаса кісі қырындаған еркекке көнбейді ғой, бірақ... Менің түсініп те, түсіне алмай, көзім жыпылықтап қиналып отырғанымды байқады ма, Света бетіме қарап жымиып қойды. Содан, маған ықыласы түсіп кетті ме, әлде ішкі қатпарын ақтарып тазарып алғысы келді ме, кейде адамда ондай да болады, иығымнан қаусыра құшақтап:
— Менің қалай ғашық болғанымды білгің келіп бара ма? — деп күле сұрады.
— Иә, білгім келеді.
— Шынында мен де ғашық болғанмын. Тіпті есім кеткен кездері болды.
— Николайға ма? — деппін мен де қарап отырмай.
Света ыңғайсызданды ма, сәл іркіліп барып:
— Жоқ, — деді. — Сен оған таңырқамай-ақ қой. Жұрттың бәрі алғашқы сүйген адамына тие бермейді. Оның үстіне, о кезде, мен әлі ақыл тоқтатпаған жас едім. Әкем Ленинградта үлкен қызметкер еді, бір үйдің ерке өскен жалғыз қызы. Тіл де үйретті, музыканы да үйретті. Он жетіге келмей жатқанымда-ақ қырындаған жігіттер де көп болды. — Света мырс етіп күліп қойды. — Мен өтімді қыз болдым, Надя. Бірақ менің көңілім бір балаға ғана ауды. Саша, аты Александр болатын, менен бірер жас үлкендігі бар. Жалғыз шешесі ғана бар, өздері тым жұпыны тұратын. Бірақ өз талабымен оқуға түскен студент еді. Өзі сымбатты, сұлу жігіт болатын. Көрдің бе, Надя, менің сұлу жігіттерім де болған, — деп Света иығымнан қағып қойды.
Бәсе Николайды бұған өзгелер ғана емес, өзі де қомсынады екен ғой. Өйтпегенде қайтсын, көрініп тұрған нәрсе емес пе.
— Жас адамның алғашқы махаббаты деген қатты болады ғой. Мен де қатты құладым. Бір күн көрмесем, дүниеде мен үшін ондай азап болмайтын. Адам деген қызық-ау, біреуді жақсы көрсең, оның өзі ғана емес, бүкіл төңірегі, киген киімі, ұстаған мүлкіне дейін ыстық болады екен. Айттым ғой, жұпыны тұратын адамдар еді, маған солардың кішкентай бөлмесі, үй ішіндегі тозығы жеткен мүлік жабдықтары түгел ұнайтын. Сол жігіттің шешесі де маған қатты ұнаған. Жасы елуге жақындағанмен бір ерінбейтін іскер адам еді, жоқты бар қылып, үй ішін де тап-тұйнақтай таза ұстайтын. Саша шешесін жақсы көретін де, бір сөзін екі етпейтін. Содан ба, оның шешесін мен де жақсы көріп кеттім. Бірақ Раиса Семеновнаның өзі де жақсы көрмесіңе қоймайтын адам болатын. Білмеймін, өзге жұртқа ер мінезділеу, қаталдау да көрінетін, шығар, бірақ маған деген ықылас, ниеті өзгеше еді. Үйіне мен кіріп келсем, көптен көрмей қатты сағынып қалған адамдай жадырап қоя беретін. Шайын ба, кофесін бе, несін берерге білмей, асты-үстіме түсіп бәйек боп қалатын. Кейде Саша жоқ болса, екеуміз отырып алып қатар — құрбыша әңгіме соғатынбыз. Кәдімгі сырлас қатындарша еш нәрсемізді бүкпей барымызды ақтарып салатынбыз. Әлі түк көрмеген кішкентай қыз балаға көп білетін, көпті көрген кексе әйелмен сырлас болудың өзі мәртебе екен. Өзің де көпті көрген, көп нәрсенің сырын білетін адамдай марқайып қаласың. Раиса Семеновна өте ескерімпаз да кісі болатын, Саша үйде болса, көп айналсоқтамай, бір сенімді сылтауы табылып, бізді оңаша қалдырып кететін. Саша былай сымбатты, мықты жігіт болғанмен, мені шын жақсы көргендіктен бе, білмеймін, әдептен асып көрген емес. Жалпы өзінің мінезі сыпайы, сынық болатын. Сондай ер жүзді, қауқарлы жігіттің өктем, дөкірлігі жоқ, мінезінің биязылығы да маған қатты ұнаушы еді. Ғашықтық деген де ішпей-жемей есіңді алатын мастықтың бір түрі ғой деймін, маған өзім өскен ұям, кең сарайдай төрт бөлмелі, жиһазды пәтерімнен, аналардың кішкентай тар бөлмесі ыстық болып бара жатты. Кино, театр, кештерге бармағанда көбіне сол үйде кездесеміз, өйткені біздің үйге келгенде Саша өзінен өзі қысылып ебедейсізденіп қалады. Тіпті үй оңаша болса да, еркінсіп кете алмай аяғын еппен басады. Біздің үй жалпы кең болғанмен маған да тарлық ете бастады. Сашаны ата-анама таныстырғанмын, бірақ Раиса Семеновнаның маған берген пейілін, олар Сашаға бере қойған жоқ. Сынай қарап, сыпайы ғана сөйлеседі. Содан, қанша ерке өссем де, қысылатынды шығардым. Оның үстіне Раиса Семеновна да маған шешемнен бетер сырлас болып алды, кейбір мамама айтпайтын сырымды да со кісіге айтатын әдет таптым ғой. Қалай айтпассың, Раиса Семеновнаның бар арманы Саша екеуміздің бақытты болуымыз, екеуміздің қызығымызды көру. Менің бір байқағаным, Надя, кісі ғашық болғанда көкірегіндегі бар қуанышын сүйгеніне айтып тауыса алмай, тағы да бір соны бөлісетін жақын адам іздейді екен. Менің сондай адамым Раиса Семеновна болды.
«Жаңа жылды біздің үйде қарсы алайық» — деді Саша. Мен өзім кішкентайымнан онша сауықшыл қыз емес едім, Көбіне үйде пианино ойнап, кітап оқып отыра беретінмін, ал ғашық болғасын, өзге топқа қосылмай оңашада Сашаның бетіне қарап отыра бергенді көп қызықтан артық көретінді шығарғанмын, содан да Сашаның бұл сөзіне қуана көндім. «Мен жаңа жылды құрбы қыздарыммен бір компанияда қарсы алатын болдым», деп өмірімде бірінші peт ата-анамды алдап кеттім.
Раиса Семеновна да дастарханды келістіріп жасаған екен. Былай ағыл-тегіл болғанмен азғантай адамға керек — жарақтың бәрі бар. Тіпті стол үстіне бір шоқ гүл де қойыпты. Қыстың көзі қырауда, және жаңа жыл алдында Ленинградтан гүл табу да оңай емес. Мен де мамамнан алған азғана ақшаға бір шампан мен бір коробка конфет әкелгенмін. Солай оңаша, мәз-мәйрам болып жаңа жылды қарсы алуға отырдық. Жасым он сегізге келсе де бұрын шарап ішіп көрген жоқ едім, шампан аузыма тиген соң бір түрлі көңілім көтеріліп, бұрыннан да мол қуанышым кеудеме сыймай керемет болдым. Раиса Семеновна азғана отырып, сосын бізге «жаңа жылда жаңа үлкен бақыт» тілеп, тост көтеріп, жаңа жылды бірге қарсы алуға өзін күтіп отырған құрбысы бар екен, кешірім сұрап соған кетіп қалды.
Шараптың әсері ме, мен сол күні айтусыз көңілді болдым. Қуанышым қойныма сыймай сықылықтап күле бердім. Неге күлетінімді, неге қуанатынымды өзім де білмеймін. Әйтеуір мәзбін. Сашаның бетіне қараймын — ол бұрынғысынан да сұлу, ажарлы, сондай жақсы... Мен оны одан бетер жақсы көріп кетем. Саша да мені әдеттегісінен .әлдеқайда артық жақсы көретін сияқты. Әншейіндегісіндей именшек те емес құшырланып қатты-қатты сүйіп, бойымды балқытып барады. Сол кеш менің өмірімдегі ең бақытты кешім болған сияқты еді. Бірақ ертеңгісін оянғанда көңіл-күйім өзгеріп кетті. Бір нәрсені бүлдіріп алғандай, я бір ұятты іс істеп қойғандай, көкірегімді тырнап жатқан бір нәрсе бар. Сашаның бетіне қарауға да қаймығам. Өмірі жатып көрмеген жат төсектен де... Сол түні мен тұңғыш рет еркек көргенмін. Сүйгеніңмен қосылу бақыт дейді ғой, бірақ сол алғашқы түн таң ата мені бейберекет мазасыздыққа ұшыратқан. Тезірек киініп кетейін деп жатқанымда, Саша да түндегі батылдығынан айрылып, мені тоқтата алмай міңгірлей берген-ді, Раиса Семеновна қайтып оралды. Өңі жайдары, сондай көңілді, «оу, ерте тұрыпсыңдар ғой» деп келе жатып, менің кетуге оңтайланып тұрғанымды байқап: «қой, таң атпай қайда барасың, қазір завтрак ішеміз, отыр» деп құшақтап алып екі бетімнен кезек сүйді. «Менің жарығым, жалғызым, ішімнен шыққан жақыным» деп көзіне жас алып сүйгенде мен де еріп кеттім. Өзім де үйге баруға бетімнен басып тұр едім, столға отырып, шампан ішіп, іштегі қыжылым тарап қайтадан мәре-сәре болдық. Әсіресе Раиса Семеновнаның күндей жайнаған жүзі, асып төгілген ықыласы іштегі бар кикілжіңімді ұмыттырып, ерітіп әкетті.
— Я- а, ол кісі о жағынан мықты еді, — деп тоқтады Света.
Дауысында демімен қоса шыққан күрсініс бар ма, көңілді әңгімесінің соңында бір көңілсіздік барын ішім сезіп, мен де іркіліп қалдым. Бірақ затым әйел емес пе, шыдай алмай ар жағын сұрадым.
— Ар жағында қиын оқиғалар болды ғой — деді Света әңгімесін бұрынғыдай емес, жадау жалғастырып. — Үш күннен кейін менің папамды ұстап әкетті. Төбемізден жай түскендей болды. Мамам, мендей былжырақ емес, қайратты адам еді, жылағанын маған көрсетпей, бір жағынан мені жұбатып, бір жағынан тиісті жерлерге жүгірді. «Адал адам нақақтан күймейді., ақталады, қайтсе де ақталады» деп маған жұбаныш айтады. Бірақ онысынан әзір еш нәрсе шыға қоймады, тіпті, папама жолыға да алмапты. Содан үшінші күні, «баласымын ғой, мүмкін мені жолықтырар» деп передача түйіп алып, жатқан жеріне мен бардым. Мені де жібермеді. Бар айтқандары: «Кейін белгілі болады, кейін келерсіз», — деді. Ол «кейіннің» қашан екенін және айтпады. Содан қайтып келе жатып Сашаның үйіне соққым келді. Екі-үш күннен бері есімнен танып жүріп, оны да ұмытып кетіппін, телефон соға қоятын үйінде телефон жоқ. Мамамнан кейінгі ендігі қалған тірегім Саша мен Раиса Семеновна еді. Енді соларға соғып ішімдегі бар қасіретімді шығарып, шерімді тарқатқым келді. Есікті Раиса Семеновнаның өзі ашты. Оны көрісімен «Раиса Семеновна!» деп дауыстап жіберіп, кеудесіне құлап еңкілдеп жылай бердім. Не айтып, не қойғанымды да білмеймін, әйтеуір жылағаным есімде. Қанша жылағанымды да білмеймін, бір кезде барып «Саша үйде ме» деп сұрадым. Раиса Семеновна мені кеудесінен бөліп тікейтіп қойды да, «Саша үйде жоқ» деді. Даусы құлағым үйренген әуенінен бөлек шықты ма, осы сөзден селт етіп, бетіне қарасам Раиса Семеновнаның жүзі де сап-салқын екен. Coдан бір түрлі суынып қалдым да: «Саша... Саша қашан келеді?» деп сұрадым. Осы кезде кухня жақтан бір орындық сықыр-сықыр ете қалды. Бұлардың ас пісіретін титтей ғана бөлмесі болатын, онда бір тозығы жеткен сықырлауық орындық бар — тын. «Саша бүгін үйге келе алмаймын деген, институт оларды бір жаққа жіберетін көрінеді» деп Раиса Семеновна орындықтың сықырымен жарыса жауап берді маған. «Ана жақта біреу бар ғой? Ол Саша емес пе? Саша...» деп дауыстап жібердім. Раиса Семеновна бір түрлі сасып қалғандай болды, тіпті кухня жақ есікке көлденеңдей тұра қалып: «жоқ, жоқ, ол менің подругам. Мен саған қашан өтірік айтып едім. Саша жоқ дедім ғой. Неге сенбейсің» деп өзіме тұңғыш рет кейіп тастады. Осы кезде «подругасы» орындықты тағы бір сықыр еткізді. Кейи алмайтын адамыңа бір кейіп бастап алсаң ар жағын айту оңай болады ғой, Раиса Семеновна да бастырмалатып маған ұрса бастады: «неге айтқанға сенбейсің, Сашаны тауып бер деп есімді тандырғаны несі. Жап-жас болып жігіттің артынан жүгіріп... Сашаға жармасып...» не айтып жатқанын шала түсініп, рас па, өтірік пе деп таңырқап Раиса Семеновнаның бетіне қарасам...
Света қатты шіміркеніп, оқыс іркіліп қалды да:
Ондай нәрсені құдай саған көрсетпесін, Надя, — деп ауыр күрсінді.
Мен де үнсіз отырмын. Ашылмаған адамның өзі кісіге жұмбақ болады екен-ау, баяғыдан бері бірге жүріп басында осынша қасірет барын білсемші. Света бір бастап кеткен соң сырын түгел айтып түгескісі келді ғой деймін, сөзін қайта жалғады.
— Сол жолы мен қатты түңілдім. Адамнан да, өмірден де түңілдім. Мамама да еш нәрсе айтпадым. Оның өзі жанын қоярға жер таппай жүргенде папамның қайғысының үстіне қайғы жамап... Бірақ ана жүрегінің сезбейтіні болмайды екен. Мені папамның қайғысынан жүдеп кетті деп ойлауына болар еді ғой, бірақ ішімде сыры бөлек, өзгеше бір қасірет жатқанын сезіпті. Сұрады. Бәрін айтып бердім. Менің мамам мендей емес, ақылды адам. Дүниеден түңіліп кеткен жерімнен мені қайта тірілтіп алған да сол. «Әкең екеуіміз «жұмыс-жұмыс» деп жүгіріп жүріп, сенен көз жазып қалған екенбіз ғой, балам» деді. «Өміріңнің басында бір сүрінген екенсің,. өмір болған соң әлі де сүрінетін жерлерің болар. Бірақ әйтеуір өзіңді жоғалтпа. Адамшылығыңнан айрылма. Қатенің үлкені сен Сашамен қосылып өмір сүргеніңде болар еді. Олардың бетінің ертерек ашылып қалғанына да шүкір. Сен әлі кісі танымайсың, жассың ғой, қате менен болған. Сашамен де, оның шешесімен де күн ілгері жақсылап танысуым керек еді. Сенің Раиса Семеновнаңның сырын оп-оңай түсінуге болатын еді ғой маған. Ондай әйелдерді көріп те жүрмін. Күйеуінен ерте ажырасып кетеді, қайтып күйеуге шыға алмайды, алаң болып беріліп істейтін қызмет қарекеті де жоқ, кісіні мезі қылатын ұсақ-түйек қызмет атқарып күн көрісін жасайды. Содан кейін қолындағы бары да, орындалмаған арманының орнын толтырары да жалғыз баласы болады. Ол баласын өзгеден бөлтірігін қорғаған бөріден бетер қорғайды. Кейде, қызым, аналық өзімшілдік қараулықтың да шегі болмайды. Ондайлар баламның қамын ойладым деп, және сол ойына имандай сеніп жүріп, өз қамын ойлайды, өз дегенін істетеді. Meн енді байқап отырмын, қызым, баласының «болашағын ойлап» Сашаны сенің соңыңа салып қойған да Раиса Семеновнаның өзі. Егер қосыла қалған күнде де ол Сашаны сенімен бөліспейтін еді. Жоқ, ондай әйелдер қолындағы барынан өлсе айрылмайды. Өзге тұрмақ баласының өзін өзіне бермейді. Ах, залым, сенің басыңды мықтап байлап алу үшін жаңа жыл кешін де өзі әдейі ұйымдастырған екен ғой. Өз баласына жеңгетай болған — сводница!..»
— Мамамның аузынан тұңғыш шыққан, мен естіген қатты сөз осы болды. Мен сол кезде мамамның осы сөзіне шалалау сеніп, біріне иланып, біріне иланбай отырғанмын. Қанша көңілім қалғанмен Раиса Семеновнаның атынан жарылып мені жақсы көрген көп күндері көз алдыма елестеп, «соның жалған болуы мүмкін емес қой, Жалған болса сезер едім ғой» деп таласып едім, мамам маған оны да оп-оңай түсіндіріп берді. «Неге жақсы көрмесін, әуел баста Раиса Семеновна сені шынымен-ақ жақсы көрді. Өйткені сен Сашаны шешесінің мегзеген биігіне алып шығатын күш болатынсың. Енді келіп күтпеген жерден оның аяғына байланатын қара тас болып қалдың. Сосын ол сені шынымен жек көріп қалды. Эти люди по своему очень даже искренни11. Мен «Сашаға не болған. Саша мені шын жақсы көруші еді ғой» деп шырылдап едім, шешем қайырып тастады. «Сашаң сырт көзге дүрдей болғанмен нағыз тряпка! Өмір бойы шешесінің қолындағы сулы шүберек болып өтеді».
— Солай, Надя. Сөйтіп мен өмірдің алғашқы мектебін өткенмін. Түсіндің бе? — деп Света иығыма қолын салды.
— Мен өзі түсініп те, кей жерін түсіне де алмай отырмын, — деп шынымды айттым.
— Мен де кейбір шындықтарды кейінірек түсінгенмін, — деді Света. Содан аз іркіліп, бетіме қарап мырс етті. — Әйелдің аты әйел емес пе, кейде бір іште жатқан шеріңді сыртқа шығарып алғың келеді. Білесің ғой, біздің әйелдерге айтсаң неше саққа жүгіртіп ала жөнеледі. Сен тұйықсың. Байқаймын, ішіңде жатқан бір сыр сандығың бар. Естігеніңді шашау шығармай, сонда жинай бересің, — деп Света көңілсіз әңгімесін күлкімен бітірді.
Света серпілгесін мен де сергіп қалдым, тек сондайда бір орынсыз сөзді қойып қалатыным бар.
— Осыны Николай біле ме? — деппін.
Құдай оңдап Света бұл сұрағыма қысылған жоқ.
— Е, неге білмесін, біледі, — деді. — Көңілсіз әңгіме айтып сені біраз шаршатып тастадым ба, қалай?
— Ендеше көңілдісін айт, — деп тағы да қойып қалғаным.
— Қанша мақтағаныммен сен де әйелсің ғой, бәрін білгің келеді, ә, — деп күліп алды, — Ойыңды түсіндім. Николай ғой? — Күлкісі тез өшіп, қайтадан байсалды, жадау қалпына түсті. — Шешемнің сол көзімді ашқаны да маған оңай тиген жоқ. Мамам «түңілме» десе де көп нәрседен, әсіресе, адамдардан түңіліп кеттім. Жұрттың бәрінің сыры маған мәлім сияқты. Енді менің жағдайыма қызықпайды ғой, бірақ еркектердің қызығатыны жалғыз ол ғана ма. Жігіттер қырындаса-ақ ар жағында бір арамдығы тұрғанын сезе қоятын секемшіл болып алдым. Арада екі-үш жыл өткен соң осы Николай кездесті. Мұның бір жақсы жері ар жақ бер жағының бәрі ап-анық көрініп тұрады екен. Оның мені сатпайтынына, сатпақ түгіл, қандай от болса да мен үшін қойып кететініне күмәнім болмады. Оның үстіне ықыласы жеңіп кетті де... айттым ғой еркектің ықыласы құласа әйелді жеңбей қоймайды деп...
— Ал, Надя, менің бар сырымды біліп алдың. Енді мен сенің уысыңдамын, — деп Света өз хикаясын күлкімен тәмамдады.
4
Мен өзі, сірә, зерек емеспін-ау деймін, бір әңгіме естісем, соны бірден түбіне жетіп түсіне қоймай, ойыммен оқтын-оқтын қайтып оралып, күйіс қайырған түйедей талмап барып жұтатын әдетім бар. Светаның бұл әңгімесінің де бар мәні маған кейінірек жетті. Саша туралы сараң сөйлегені... соншалық көңілін қалдырған адам туралы кісі ыстық сөз айта ала ма, бірақ кезінде тым ыстық болған сияқты. Жұрт біткеннен түңіліп кетуі де тегін емес қой. Үлкен бір сезімге беріліп, содан күйреп, ауыр күйзеліске ұшыраған түрі бар. Менен жасы мен білімі ғана артық десем өмірдің де біраз сырын ұғып қалған болды-ау бұл әйел. Қатты ауырып, өлім аузынан қайтқан, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан адам сияқты көрінді ол маған.
Орыс деген халықпен араласқаныма үш-ақ ай, бұрын сыртынан естуім болмаса сырын білмеуші едім. Олардың қыздары, әсіресе қала қыздары еркін болады деуші еді, рас екен-ау. Қысылып-қымтырылмай жүріп көңілі кеткен жігіттерін таңдайды, сырын біліп сынайды. Біздің қазақта да бұрынғыдай атастыру қалды ғой, қыздар көбіне көңілі кеткен жігіттеріне барады, бірақ әйел жолы әлі де жіңішке жатыр-ау. Әке-шешең қатал болмаған күннің өзінде сынай қараған сырт көздер-ақ аяғына тұсау салып қояды. Аудандағы ең жоғарғы тоғызыншы класқа дейін оқып, білімді саналған, көзге түскен кердең қыздың бірі мен едім. Өзгеше түрімен кішкентай аудан орталығын елең еткізіп алыстан келген қызыл командирге күйеуге шықтым. Бүкіл бойжеткендердің ішінде жалғыз жүлдені өзім алғандай болдым.
Света ғашықтық жайынан сөз қозғады. Осы мен Қасымбекке шын ғашық болдым ба? Әр жағдаймен алаң болып, көңілім алып-ұшып жүріп сол арасын ойламағанмын ба қалай?
«Ғашықтық» деген сөз бала кезімде ертегі, жырларда құлағыма шалынды. Бірақ ертегі, жырлардағы өмір де, адамдар да бізден бөлек, биік көрінетін де, олардың бойындағы алапат от сезімдер де біздің кішкентай бойымызға сыймайтын, қысқасы, қол жетпейтін нәрсе болатын. Бүгінгі жабайы адамдар жырды тыңдап қанша тамсанғанмен «өз басымнан ондай сезім кешемін» деп ойлай қоймайтын. Ертегі, жырдан ауысып азғана қазақ жазушыларының аз ғана кітабын оқығаннан кейін де «ғашықтық» деген сөз мен үшін аспаннан жерге түспей-ақ қойды. Мұнда да қыз бен жігіттер өліп-талып, күйіп-жанып жатады. Және біздей жабайы емес, кілең бір «асыл жандар». (Қайта осы орыстың «любовь» деген сөзі оңайлау ма дедім. Ол өзі көп айтылады, және әркімнің-ақ көңілінде бола беретін нәрсе тәрізді). Осы бір әсерден болар, анандай ғашық болуды мен өзімнен дәметкенім жоқ. Бірақ көңілімде көмескі, бұлдыр арманым болғаны рас. Ол кейде тәтті қиялға айналып, әжептәуір жерге алып та кететін. Ондайда керемет сұлу, көрікті ер жігіт...
Басқа халықты білмеймін, қазақта қыз баласының сезімін оятатын тек жыр мен кітап қана емес, көбіне жеңгелері.Олар жай адамның қолы жетпейтін алыстағы ғашықтықты айтып әуре қылмайды, жас денедегі оянып келе жатқан сезімге жақын, ұрымтал тұстан дәл басып, нағыз қызықты жерден түртеді. «Күйеу деген жақсы болады. Қу тізеңді құшақтап, дөңбекшігеннен, беу, ойбай-ау, жас жігіттің ыстық құшағына не жетсін», — деп бастап — түк білмейтін шығарсың әбден-ақ. Бой жетіп қалдың, ішің бәрін біледі ғой», — деп онсыз да мазаңды алып, денеңді қыздыра бастаған табиғаттың отына май құяды. Одан әрі тұрмысқа шығудың, бір үйдің қазан-ошағына ие болудың артықшылығын құлағыңа құйып, «о бастан пешенеңе жазылған» болашақ тірлігіңе баулиды. Ай, айналайын қазақтың жеңгелері-ай, табиғат оята бастаған нәпсіні қатал ана қанша тұншықтырып тастаса да, сендер оп-оңай тірілтіп аласыңдар-ау. Кейде қыздың ардақтысын бір көйлекке сатып та жіберетін кездерің болады, бірақ әйтеуір не де болса өмірге бастайсыңдар, өздерің татқан ләззатты аяғы тұсаулы, жолы тар қыз балаға татырғанша, тағат етпеуші едіңдер-ау...
Менің Дариға деген жеңгем бар. Күйеуі бізге үш атадан қосылатын , бірақ әкем атадан жалғыз болған соң, олардың үй іші бізге жақын араласып кеткен. Денесі тығыршықтай, бойы сұңғақ болса да жұдырықтай шүйке бас, бет-бітімі де қуыршақтай кішкене ғана бір қарағанда әжептәуір әйел денесіне кішкентай ғана қыз баланың басын қондырып қойған сияқты. Аузы оймақтай, кішкене ғана пісте мұрын, сызылған қысық көзі моншақтай жылтырайды. Күйеуге шыққанына бес-алты жыл болса да көзі күлімдей жылтырап тұратын томпақ бетінен балалық табы кетпей-ақ қойды. Балалық кезіндегі мінезі де өзгермеді. Содан болар, оның менен алты-жеті жас үлкендігіне қарамастан,екеуміз қатар өскен құрбыдай — сырымыз ашық болды.
Дариға қазақтың салты бойынша менің атымды атамайды, бірақ меншіктеп ен салып, ат та қоймайды, жәй қыз-ау» дейді. Ішіне сыймай баратқан жаңалығы, не өсегі болса, қасыма жүгіріп келіп, шымыр білегімен мойнымнан құшақтап алып: «қыз-ау, сен естідің бе?» деп ыстық лебімен құлағымды шарпып сыбырлай жөнеледі. Оның демінен құлағым буланып, дымқыл тартып қалады. Кісі отырсын, мейлі оңаша болсын, маған айтатын әңгімесін сыбырлап бастайтын Дариғаның әдеті, бірақ сәлден кейін күбірге ауысып, одан қыза келе бөгде кісі отырса да елемей, дауыстап кетеді. Мен бүйірінен шымшып алғанда бейкүнә кескінмен бетіме үрпие қарап, таңырқап қалады да содан кейін өз қылығы есіне түсіп, сыртқа сүйрей жөнеледі.
Дариға қанша бала мінезді, аңқау көрінгенмен, біраз жыл оң жақта болған әйел емес пе, әжептәуір кекселігі де бар. Әсіресе жігіт-желеңді жақсы таниды. Менімен қатар жүрген оқушы балаларды ол адам санатына қоспайды. Ал, сырттан қырындап көз тастаған ересек жастардың ешқайсысын қапы жібермейді. «Қыз-ау, ана cap жалақтың ойы да тегін емес. Жоқты сылтауратып осы үйге екі-үш келді. Көзі жыпылықтап саған қарай береді. О, түсіп қалғыр, МТС-тың шатөботы болғанға өзін әжептәуір әкім болдым деп шелтеңдеп жүр ғой. Дәмесін қарай гөр шіріктің». «Бүгін дүкенге бара қалсам, әлгі үрпек бас кішкентай қара бар ғой, Бекберген деген, сол алдымнан шыға келгені. Өзің бері қарашы, қыз-ау, қайрылмасам да қалар емес, дүкеннен ере шықты. «Жеңге-ей» деп мияулап сызылады келіп. «Е, немене» дедім. «Жібектің түйіні бір, жас-жастың тілегі бір» деген, сізден бір қолқам бар еді» деп суыртпақтап келе жатыр. Оның да көкейіндегісі сен екенсің. О, түсіп қалғыр, ол талайдың соңынан жүгірген, енді саған қарап әукесінің салбырауын қарашы. Ойбай-ау, бетім-ау, ол Қадырбай шалдың сарықарын боп қалған тоқалына да қол салыпты дейді. Құрсын, аулақ жүр дедім». Дариғаның мұндай әңгімелері көп болатын. Оның сөзіне сенсем дүниеде қыз құрып қалғандай маған көз салмайтын жігіт жоқ. Дариға солардың біреуін де маған тең көрмей, сыртымнан қызғыштай қорып жүреді. Әлде, «ит қорыған жерге өш» деп, жас жеңгем қорғаштаған сайын олар да маған ынтыға түсе ме екен? Ал, жігіттерді қайдам, бірақ Дариға жеңгем мені жігіттерден қорып, сақтандырып жүріп-ақ сызаттап жаңа тепсініп келе жатқан сезімімді қоздырып, табиғатымды ертерек оятты. Әрине, қыз балаға «ана жігіт, мына жігіт» деп құлағының құрышын жей берсе... түнде төңбекшисің.
Мен өзім сырт көзге тұйық, сабырлы бала саналғанмен ішімде талай пәле жатты. Он алтыға қарағасын-ақ қабағымның астынан жігіттерді сынап отыратын әдет шығардым. Дариға айтып жүрген жігіттерге де өз көзқарасым болды. Олардың пейілін көзі жіті жеңгемнен бұрын-ақ аңғарып қалатынмын. Бірақ сыртыма шығарып сыр білдірмесем де іштей әрқайсысын өзіме өлшеп көрем. Қайсы біреуіне«кет әрі» де емес сияқтымын, әйтсе де әзірге көңілім жыға құлаған біреу жоқ. Басқа, өзге біреуді күтем. Кімді күтетінімді анықтап білмесем де, әйтеуір бір аңсайтын адамым бар.
Менің күткен адамым тап бір күтпеген жағымнан кездесті. Жалпақ, былғары белбеу буынған әскери қоңыр көйлегінің жағасында қызыл сырлы төрт бұрышты екі кубигі бар командир жігітті көріп жүргенмін. Шыққан негізі осы өзіміздің ауданның Ақкиізі, елге демалысқа келіп жүр дегенді естігем. Келсе қайтейін. Өзі орта бойлыдан жоғары, былай тұлғасы сымбатты. Сопақшалау келген бет-бітімі де тым жақсы, быттиыңқырап тұрғаны болмаса дөңгелек қой көзі де сүйкімді, бірақ кішілеу пісте мұрнының астындағы дүрдиген ерні...күлгенде күрек тістері көрінеді. Өзге қандай қасиеті барын кім білсін, бірақ қалай мақтасаң да сұлу жігіт деп айта алмайсың. Менің онымен ісім де болған жоқ еді. Былай енді тосын кісі болған соң... көз астымен сынап қарағаным бар. Сөйткенше бір үйде жүзбе-жүз кездесіп қалдық. Зәуреш деген өзіммен бірге оқитын құрбымның үйіне барғанмын. Әлгі командир сол үйдің жақын жиендері екен, сәлем беруге келіпті. Бәзбен жылы амандасып, Зәурешті біледі ғой, менің жөнімді сұрады. Пәлендей еш нәрсесі жоқ, мен де қысылмай еркін сөйлестім. Сонымен тарап кетіп едік... кешке кинода тағы кездестік. Енді тіпті ескі танысша еркін келіп қасымызға отырды.
Әуелде менің ойым алаңсыз болатын. Бар пәлені бастаған Дариға жеңгем болды. Ол әдетінше айтам деген жаңалығы кеудесіне сыймай, мойнымнан құшақтап алып:
— Қыз-ау әлгі демалысқа келген кәмәндірді көрдің бе? — деді.
— Көрдім.
— Көрсең жаным-ау не бітіріп жүрсің? Жұрт деген тағы гу-гу етеді. Өзі әлі үйленбепті. Тұқымы да Ақкиіздің ішіндегі дырауы көрінеді. Осы жолы құр кетпейді деседі. Я-я жай келіс емес, қалыңдық іздеп келіпті дейді.
— Іздесе қайтейін?
Дариға жеңгем: «денің сау ма»? дегендей бетіме үрпие қарады.
— Қыз-ау, не дейсің сен? Бүкіл аудан аузын ашып отырған жалғыз жігітті...
— Қойшы, Дариға-ай, ерні көнтиген, көзі быттиған біреуді соншама...
— Қыз-ау, есің дұрыс па? Қазақ айтқан емес пе «ат ерінді, ер мұрынды келсін» деп.
— Мұның мұрны кішкентай, ерні үлкен ғой.
— Е, болса ше? — деп өз екпінімен кете берді де, кенет сөз мағынасын түсініп, өз ағаттығына күліп жіберді. — Түһ, сен де... Оның ернін қайтесің. Құдай беріп қолыңа түссе, әлі-ақ ерттеп мініп аласың ғой.
Осыдан-ақ Дариға жеңгемнің тағаты таусылды. Ауданға демалысқа келген командир туралы күніне бір емес екі-үш хабар әкеледі. Және бір нәрсе естіп келген сайын жерден жеті қоян тапқандай қуанып, маған айтқанша шыдай алмай жарылып кете жаздайды. Сөйтіп Дариға жеңгем оның туған-туысқанын, нағашы-жекжатын түгендеп берді. Содан соң қай күні қайда болғаны, не айтқаны, кімдердің оған қай қызды лайықтап жүргені — оны да түгел анықтап берді. Және сөз аяғында ылғи: «өзін жеңіл жүріске қимаймын, сабырлы көрінеді. Уақытың келді, бағың жанса сенің теңің сол ғой» деп күрсініп, арман қылып алдымнан көлденең тартып қояды.
Байқаймын, жалғыз Дариға емес, ауданға тосыннан келген жас командирге көп-ақ жұрт қызыға қарайды. Көз үйренген көптің бірі емес, дырдай командир, алыстан, тіпті қиырдан келген. Басқа қасиетін қойғанда осынысының өзі-ақ талай әңгімеге азық. Бойдақтығы және бар. Онысы да көп ықыласын қоздыра түседі. Сондай адаммен қатар жүрудің өзі кісіге әжептәуір мәртебе. Содан болар Қасымбекпен ойламаған жерден кездесе бергенімді, оның қасында жиірек болғанымды ерсі көргенім жоқ. Және өзінің мінезі де жайлы екен — кісіні ұялтатын қытықты сөздерге бармайды, кейбір жігіттер сияқты «қарындас» деп сызылып бастап, «жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деп суыртпақтамайды, мен көрмеген алыс жердің, тілі, әдеті басқа елдердің әңгімесін шертеді. Көргені көп, кісіні жалықтырмайды.
Адам алғашқыда кісінің көп жақсылығын байқамайды екен. Бір қарағанда кей кісінің сырт кескіні сонша оғаш көрінетіні бар, бірақ жақын араласып үйренісе келе байқасаң пәлендей түгі де жоқ. Қайта... Қасымбек те алғашқыда дүрдиген ерні бір-біріне жуыспайтын аңқиған ашық ауыз сияқты көрініп еді, сөйтсем тіпті де олай емес, түріліңкіреп тұрған қалың ерні сақа жігітке аңқау баланың әлпетін беріп, сондай бір сүйкімді көрсетеді, кішілеу дөңгелек көзі быттиыңқырап тұрғанмен нұры жұмсақ, кісіге мейрімді. Алғашқыда түсі суық әскер киімінің өзі-ақ жатырқатып тұрған осы жігітке аз күнде қалай бойым үйреніп, жақын тартып кеткенімді білмей қалдым. Дариға жеңгем айтқандай «бүкіл аудан аузын ашып отырған жалғыз жігіт» менің қасымда көбірек жүргеніне мақтандым.
Сөйтіп алаңсыз, әлденеге мәз болып жүргенімде бас-аяғы он күннің ішінде ауданның өсегі гу ете қалды. Алақандай ауданның орталығында жүрген-тұрғанның бәрі алақанда. Бір жігітпен екі рет сөйлесіп тұрғаныңды көрсе (обалына не керек біріншісіне онша мән бермейді) сөзге ілігіп жүре бересің. Ал мен болсам Қасымбекпен талай кездестім. Қасымбек және орыс арасында көп болған жігіт, именуді білмейді, мен де тартыншақтауды ұмытып кетіп, тапа-тал түсте көшеде талай сөйлесіп тұрдық. Өткен — кеткеннің көрмегені жоқ. Осыны көрмесін нағыз бір өсек айтпайтын әйел болса да шыдай ма. «Құдай-ау, (ойбай-ау), әлгі Қамқа кемпірдің немересі Нәзира бар ғой...» Ар жағын қалай жалғап әкетуін әр әйелдің қиялының ұшқырлығы біледі.
Сөйткенше Қасымбек қызметіне қайтып кетті. Кетерде маған еш нәрсе айтқан жоқ, тек хат салып тұруға рұқсат сұрады. Мен не дейін... «мейліңіз» дедім.
Осылай қалың өсектің ортасында қалдым да қойдым. Және менің жаныма ауыр тиетінін ескермей, сол өсектің көбін сырттан Дариға жеңгем әкеледі. Өсек негізінен екі ұдай, екеуі де жорамал. Бірі «Қасымбек Нәзираны алатын бопты, екеуі сөз байласыпты» саяды, екіншісі... екіншісі құрсын, оның айтары жоқ. Қасымбек кеткен соң көшеге шығуымның өзі қиындап кетті. Жұрттың сұқ көзі ылғи маған қадалатын сияқты, кейбір әйелдердің соңымнан сыбырласып қалып жатқандарын көріп, кірерге тесік таппай, жүрісімнен жаңылам. Бұрын сызылып тұратын жігіттер де енді еркінсіп, ащы мысқылмен сөйлейтінді шығарыпты. «Кіммен қара болсаң сонымен ақ бол» деп Дариға жеңгем де дегбірімді алып барады. «Ақ болғанда» қайтейін? Енді амалым жоқ, Қасымбектің хатын жеңгеміз екеуміз асыға күтетін болдық.
Асыға күткен алғашқы хаттан амандық, саулықтан артық ешнәрсе табылмады. Дариға менің қолымнан алып,күбірлеп екінші қайыра оқып шықты.
— Апыр-ай, тым болмаса «сағындым» деп те айтпаған екен, — деп күңк етті де, іле есін жиып мені жұбата сөйледі. — Сабырлы жігіт қой. Бірден «күйдім, жандым» дей ме. Әп дегеннен әукесі салбырағандар тұрлаусыз болады. Айтатынын кейінге сақтаған ғой. Келесі хатында жазады ғой. Бұл хатына жауап бермей тұра тұр.
Келесі хатында да бірінші хатынан көп ілгерілемеді. Қараптан-қарап менің жағдайым ғажап болды. Қасымбекке ақтарыла құлап, ғашық болған еш нәрсем жоқ сияқты еді, былай жақсы таныстық, бөтен көрмедім, ол кетерден бұрын сөз салғанда ойланатын да едім, енді біреу айдағандай... оның сөз салғанын сарғая тосқаныма қайранмын. Егер Қасымбек олай істемесе масқара болып... бірақ арамызда масқара қыларлықтай еш нәрсе болған емес, тіпті құшақтан сүйген де жоқ. Әйтеуір не де болса мазасыз халге түстім. Қасымбекті шын сүйем бе? Жоқ па? Анық білмеймін. Бірақ соның сөзін күтем.
Мен күткен хабар почтадан емес, басқа жақтап келді. Зылиқа деген орта жастағы әйелді бұрыннан танушы едім. Араласымыз жоқ, жәй, былай... Ол жайлы кейінірек білгенім — Қасымбектің апасы боп шықты. Туған апасы ма, әлде немере ме, анығын Дариға біледі, сол Зылиқа бір күні көшеде кездесіп қалып, әншейінде бас изеп, өте беретін адам, үйіріліп тұрып сөйлесті. Үй-ішінің амандығын егжей-тегжейлеп, «құдай қаласа енді бір айда оқуың да бітеді ғой» деп үйіріп алып барады. Содан «Бүгін бір үй оңаша еді. Жалғыз адам сопайып отырып шай іше алмайды екен» деп үйіне ертіп апарды. Шай үстінде Қасымбекті аузына алды. Оның бала кезіндегі қылықтары есіне түсті, інісінің оқып жүрген кезін де ұмытпапты. Содан біртіндеп ағытыла берді де, менің бөлмей, төмен қарап тыңдап отырғанымды көріп, сөзінің артын жырға айналдырып жіберді. Арасында ұмытпай мені де мақтап қояды.
Зылиқаның бұл мінезінен түк түсінбедім, десем шылғи өтірік болар еді, бой жетіп қалған қыз залым болады, бастапқы үйіріле кеткенінен-ақ, тегін емес екенін сезгенмін, бірақ бұл жолы Зылиқа жақсылықтың нышанын білдіріп, баурына тартты да, дәйекті еш нәрсе айтпай жіберді. Әйтсе де қоштасарда:
— Именбей келін тұр, айналайын. Бөтен адам емеспіз ғой. Кейде бір адамның іші пысады, — деді.
Әрине, ол үйге мен өз бетіммен именбей барып тұра алмадым, бірақ оның есесіне Зылиқаның өзі менімен жиі кездесіп қала береді. Кездескен сайын, ең жақын адамындай мені айналып-толғанып, өзіне жақындатып, іш тартып барады. Сөзінің дені-ақ сол баяғы Қасымбек жайлы. Енді қазір Қасымбек екеумізге бірдей жақын ортақ адамымыз болып алды.
— Қасымбек хатында ылғи сені сұрайды. Сірә сағынады-ау деймін өзіңді — деп Зылиқа сыр тартып күлімсірей қарап қояды. — Өзің хат жазып па едің. Болмаса сен үшін мен жауап берумен келем. Өзіңнен несін жасырайын, «орнықты, көргенді бала» деп сыртыңнан біраз мақтап жібердім.
Үйде Дариға, түзде Зылиқа маған Қасымбекті ұмыттырмады. Өзімен аз ғана күн кездесіп жүргенде көңілім құлап, жақсы көріп үлгермеген жігітке енді сырттай ынтығатын халге ұшырадым. Байқаймын, күн асқан сайын Қасымбекті жақсы көріп барам, ішімнен сол жігіттің жары болуға дайындалам. Егер де осы бір тұста арамыз үзіліп кетсе — некелі жарынан ажырасқан әйелдей күйреп қалатын түрім бар. Сол күдік қамшылап, дегбірім қашып, Қасымбектің әр хатын тағатым таусылып, ынтыға күтетін болдым. Ойын-күлкіден тыйылып,төңіректегі тіршілікті ұмытып, жүрегім алып-ұшып қияли өмір кештім. Ақыры, алты айдан кейін мені әкетуге Қасымбек қайтып оралғанда мен оны әлдеқашан берілген, көп жыл сарылып күткен некелі жарындай қарсы алдым.
Санап тұрсам Қасымбекпен кинодағысы бар, көшедегісі бар, тоғыз рет кездесіппін, егер менің шешемнің заманы болса, бұл тоғыз қызға күйеуге шығуға жететін кездесу, ал менің бағыма бұл аздау болды. Той үстінде ойлап қарасам, Қасымбектің өзінен гөрі қиялымда жасап алған бейнесін жақсырақ біледі екем. Қиялымда Қасымбек бұдан көріктірек те, әсіресе, бір тәуірі маған жақынырақ еді.
Той тарқап, көңіл қызуы басылған соң қиялымдағы ғашығым ғайып болды да, қасымда шала таныс жігіт қалды. Оған әлі бойым да үйренбеген, кәдімгідей жатырқаймын. Үйренген ортамнан, жылы ұямнан суырылып шығып, сол шала таныс жігіттің етегінен ұстап бейтаныс, қиян шетке аттандым. Поезд вокзалдан ұзай бергенде-ақ бойымды азынатып әкеткен жалғыздық сезімін болашақ жұбайымнан жасыра алмай қалдым. Көзімнен жасым ыршып кетті.
5
Осында келгелі бері құлағыма шалынып жүр «жамандықтың да бір жақсылығы болады» деген орыстың мәтелі бар екен. осы мәтел айнымай менің алдыма келді. Дүниедегі ең жаман нәрсе жалғыздық қой, ал мен болсам тура жападан-жалғыз... ауыл-аймағым, өскен ұям, оқыған мектебім... Қамқа әжем, әкем, Дариға жеңгем, Зәуреш, барша жақын, туған, қатар-құрбым... бәрі кейін қалды. Кіндік кескен, туып өскен жерім... о да кейін қалды. Бұрын ауылдан аттап шықпаған қыз бала сыр мінез болып, етің үйренбеген жігітпен көз көрмеген қиырға аттансаң... Менің осы хәлімді үзіліп түскен жапыраққа теңейсің бе, әлде көшкен елдің жұртында адасып қалған соқыр күшікке теңейсің бе, әйтеуір кісі қызығатын хал емес.
Кеше осылай келе жатқан сапарда менің бұл күйімді Қасымбек мықтап сезді ғой деймін. Мен өзімді бір бүйірден көргенім жоқ, айнаға да қарағаным жоқ, бірақ кескінімнің қандай болғаны көз алдыма ап-анық елестейді: сірә қара жауынның астында қалған панасыз балапандай болсам керек. Өйткені күйеуімнің көзінен ылғи үрей мен аяныш көрдім. Осы панасыздық пен жалғыздық сезімі мені Қасымбектің бауырына өзі-ақ апарып тықты.
Менің бірден үңірейіп қалған өмірімді Қасымбек жалғыз өзі толтыра алды ма, ол арасын ойлаған да жоқпын, бірақ әйтеуір ол қойнымдағы жарым ғана емес, көп, көп адамның орнын басты. Менің ендігі ата-анам да, ағайын-туған, қатар-құрбы да сол болып, мол төңірегім тарылып келіп бір Қасымбекке тірелді. Содан шығар менің бар ықыласым Қасымбектің үстінде — одан ауытқып көңілім басқа жаққа бөлінсе-ақ сағыныш пен елегізу деген пәле басталады. Мен бейне бір терең суда малтығып жүрген адам сияқтымын — жағалаудан алыс кетіп, жерге табаным тимеген соң, жармасқан жалғыз талымнан, қолым қарысқанша қысып алып, айрылмаймын.
Біздің осы бір тосын жағдайымыз жаңа басталған жұбайлық өмірімізді ерекше арнаға салды. Жаңа қосылған жастардың арасындағы ыстық құштарлықтан гөрі Қасымбекте ағалық қамқорлық сезімі басым болды да, менде өзімнен үлкенге деген құрмет, ізет көбірек болды. Әлі бетіміз ашылып болмаған сияқты, төсекте де бір-бірімізге еркін емеспіз. Менің қатар шешінуге қаймығатынымды сезеді-ау деймін, Қасымбек жатар алдында сыртқа шығып кетеді де ішке мен көрпе жамылып жатып қалған соң барып кіреді. Гимнастеркасын басынан сыпыра бере шамды сөндіреді де қараңғыда шешінеді. Қасыма жатқан соң да бірден құшақтауға именіп, иығымнан, шашымнан сипайды. Соңғы үш-төрт күннен бері жайлап қана құрсағымнан сипайтынды шығарды, тіпті сипамайды да, бейне қолымен тың тыңдағысы келгендей алақанын бүйіріме басады.осы сәтте екеуміз де демімізді ішке тартып, тына қаламыз. Бүгін кешке қарай тұла бойым ауырлап, бүйіріме бір нәрсе батқандай болып жүр еді, Қасымбек дәл бүйірімнің сол ауырған жерін басты. ІІІаншу ма, әлде... бүйірім аздап солқылдағандай болды.
— Қимылдайды — деді Қасымбек бір түрлі қуана күбірлеп. — Қимылдап жатыр.
Бүйірімді солқылдатқан шаншу емес, СОЛ екенін енді менде білдім. Көңілім қобалжып, әлденеге елегізи бастадым. Тұла бойымда басқа бір өмірдің өсіп келе жатқанына түсіне алмадым да, бір түрлі өзімді өзім жатырқадым. Әрине, әйелдің екіқабат болуы өмір заңы екенін бала жасыңнан білсең де, өз басыңа түскенде ойың он саққа жүгіреді екен. Қасымбек төсектен басын көтеріп алып бір шынтағына сүйеніп сәл тұрды да, қайта қисайды. Ақырын ғана менің иығымнан сипады. Қуанышына қобалжу араласып, не қыларын білмей, қипақтай берді, менікі мен-ау оның сасқанына жол болсын. Менің жауап бермей жатқаныма ыңғайсызданып, тағы да қозғалақтап:
— Сезесің бе? А? — Қимылдайды кәдімгідей, — деді маған жалынғандай болып.
— Иә, сезіп жатырмын.
Осыдан кейін Қасымбектің қолтық астына кіріңкіреп, біраз уақыт үнсіз жаттым. Кейде адам бір — біріне жақындығын сезіну үшін де осындай үнсіз жатқанының өзі жақсы. Қасымбекте енді үндемей, шашымнан иіскеп, бауырына қыса түседі: менің жақындығымды сүйсіне сезеді, бірақ көңілін алаң қылған басқа бір ойы бар.
— Біраз ойланып көріп едім. Сірә, сенің елге қайтқаның дұрыс болар, — деді Қасымбек.
— Неге?
— Аяғың ауыр. Күнің жақындағанда жалғыз өзіңе қиын болады ғой. Оның үстіне...
— Қайда әлі. Күнім жақындағанда көре жатармыз, — дедім мен қашыртқылатып. Қасымбекті тастан кеткім келмейді, бірақ елді де мықтап сағынып жүрмін.
— Қазір білмеймін... Жағдайдың өзі де... — Қасымбек бір нәрсені күмілжітіп келеді.
— Жағдайдың несі бар?
Арғы бетте немістер әскер топтан жатыр деген сыбыс бар. Не боп кетерін кім біледі. Сені елге апарып тастасам ба деп ойлап ем. Биылғы демалысты да алып қойдық.
Осы сыбыс бұрын да менің құлағыма шалынып еді, бірақ жастық бейқамдықпен елей қоймап едім, қазір де онша мән бермедім. Елді сағынсам да, ажырасқан әйелдей шошаң етіп қайтып баруым... я, бір түрлі елден-жұрттан ыңғайсыз.
— Қойшы, әншейін сыбыс шығар, — дедім Қасымбекке. — Кішкене сабыр етіп күте тұрайық. Ұзатылмай жатып қайтып келсем Қамқа әжем не дейді?
Қасымбек мырс етіп күліп жіберді.
— О — ой, ол кісі қатал кісі, — деп маған қарай аударылып түсті. — Сен оның жүрердегі маған айтқан сөзін білесің бе? «Әй, солдат күйеу, бері кел» деп мені оңаша шақырып алды. Сосын біраз уақыт үндемей сұстана қарап тұла бойымды бастан-аяқ шолып өтті. Өзінің өңі қандай қатал. Шынымды айтсам тура генералдың алдында тұрғаннан бетер қысылдым, — деп Қасымбек кішкене күліп алды. — «Сенің өзің шайма жігіт емес пе едің?» дегені, бетіме тіке қарап. Не дерімді білмей сасып қалдым. Дәл ондай сәтте кімнің болса бір тері шығады. «Шынымды айтайын, ата-бабаңмен араласып, өзім таңдап құрық салған күйеу емессің. Бұрын қалыңдық пен күйеуді ата-аналары қалаушы еді. Көпті көрген көнелер балаларын құтты жеріне қондырарда барар ұясының бапты болу жағын ойлайтын. Бүгінде билік жастардың өзіне тиді ғой. Оның атын не деуші едіңдер, сүйіспендік дейсіңдер ме? Бұрын ата — анасы ақылы толыспаған жастың алды-артын түгел ойлайтын. Жастықтың буына мас болып, көңіліне желік кірген жас нені ойлайды? Сүйіспендік дейсіңдер ғой. Сонда қашанғы жаласып сүйісе бересіңдер? Сиыр да бұзауын бір маусым ғана жалайды. Соның ар жағында отбасының өмірі мен тірлігі бар. Соны ойладыңдар ма?» деп тура алқымнан алды. Мен үндей алмай қалдым. Кемпір де, ойлансын деген болар, төмен қарап біраз үнсіз отырды. Біз осы «ғашықтық, махаббат» дейміз-ау, бақсам жас адам сезімге мас болып жүріп көп нәрсені ойламайды екен. Қамқа әженің сөзі маған көп ой салды. Бұрын «бір-бірімізді жақсы көрдік қой, одан артық не керек», деп жүре беруші едім. Осы жайлы кейін де біраз толғандым. Енді қарап тұрсам өмір деген оңай нәрсе емес сияқты. — Қамқа әжемнің сол сөзі бүгін де көңілін тебіренткендей Қасымбек аз уақыт үнсіз жатты.
Бұрын өзі мұндай әңгіме айтпаушы еді. Әжемнің сөзін көптен бері бүгіп келіп, енді айтқаны... Содан ойлана жүріп ой түйді ме екен, әлде бүгінгі менің мына жағдайым... екеуімізге ортақ, жан біткен нәресте түрткі болды ма екен, не де болса жәй ұйқы ашар әңгіме емес, күйеуімнің ар жағын ашып келеді.
— Байқаймын, Қамқа әжең анау-мынау кемпір емес. Салмақты сөзі артында екен. «Қызымды құлақ естімеген қиырға алып бара жатырсың. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Көзімнің тірісінде қызымды қайтып әкеп көрсетесің бе, әлде осы бастан күдерімді үзіп бақұлдасып қалайын ба?» деп бұлтартпай тура түп етектен алғаны. Сасқанымнан «уайымдамаңыз демалыс алған сайын келіп тұрамыз, сізді сағындырып, сарғайтпаспыз»
деп жалпылдай бастап едім, жекіп тастады: «жә, ондай ықыласың болса кезінде көрерміз. Асатпай жатып құлдық деп, әзір жалпылдатпа. Әскерде жүрген адамның бас билігі өзінде болмайтын көрінеді ғой, рұқсат бермей қойса қайтесің?» деп бір тұқыртып алды да, содан кейін барып әрең жібіді. «Қиын жерде жүрген көрінесің, шырағым, жаман айтпай жақсы жоқ. Ер басына іс түсетін де кез болады. Шетте жүрген жалғыздың жұбайынан басқа серігі бар ма, қызым мені жерге қаратпайды, серігіңе жарайды, шырағым. Қарның ашса, қуырып же, шөлдесең қайнатып іш, бәріне шыдайды. Тек қорлық көрсетуші болма» деді.
Адам деген қызық-ау сондай өр мінезді өктем кемпір соңғы сөзін мұңайып қалып айтты.Кici нашар адамның осалдығын көргенде онша елей қоймайды, ал мықты адамның босағанын көргенде өзің де бір түрлі боп кетесің. Қамқа әжеңнің сол кескіні көз алдымнан кетпей қойды. Сенің қабағыңды кішкене кірбің шалса әжеңнің сол бір мұңайған түрі көз алдыма келе қояды.
... Қамқа әжем. Мен өз анамнан жеті жасымда жетім қалдым да, есімді білгелі Қамқа әжемнің қолында өстім. Қамқа әжем тура туған анамдай болды, шешемді жоқтатқан жоқ деп айтсам, мүмкін рас та болар. Бірақ ...туған шешенің қандай болатынын көрмеген адам оның орнын басқан адамды кіммен теңейді? Қамқа әжем елпілдеп көрген жоқ, ең ықыласы түсіп кеткенде басымнан сипап, бауырына қысады да, кейде маңдайымнан иіскеп «бара ғой қалқам», деп қоя беретін. Сонда да оның мені жақсы көретінін кішкентайымнан-ақ білуші едім. Бала деген сезімтал ғой, кейде үлкенді алдап кететін жерден баланы алдай алмайсың. Қамқа әжемнің сырты қанша салқын болғанмен оның ішінде термосқа құйған астай суымайтын бір ыстығы барын сәби кезімнен сезсем керек. Әйтеуір осы кемпірді өгейсінген кезім болған жоқ, бірақ әжеме еркінсіп, еркелік жасаған кезім де, әй, болмаған шығар. Қанша жақсы көрсем де өзінен кәдімгідей қаймығатынмын.
Жалғыз мен емес, Қамқа әжемнен біздің үйдің іші түгел қаймығатын. Үйдің іші деймін-ау, бүкіл ауылда ол кісінің бетіне келген адам жоқ. Әжем кең сүйекті, бет бітімі де кесек, ажарлы кісі. Менің бір байқағаным біздің қазақта неше түрлі, бір-біріне ұқсамайтын ұлттардың бет бедері бар. Дариға жеңешем бітік көз, нағыз корей тәрізді болса, биік қабақты, құс мұрын, ақсары Қамқа әжем Европа елінің әйелдеріне ұқсас. Ірі жүзді өңінің жылитын кезі сирек, әманда қатқыл. Анау-мынау адамды ықтырып тастайтын тәкаппарлығы да бар. Кейде біреудің орынсыз айтылған сөзіне, немесе оғаш мінезіне тіл қатып сөзін шығын қылмай-ақ тәкаппар кескініне мысқыл жүгіріп бір қарағанда әлгі бүлдіріп алған адам кішірейіп шөгіп қалатын да, ал өзгелері бойын жинап ала қоятын. Әдетте ауылдың үлкен-кішісі болсын, әйел-еркегі болсын «алды қатты кісі» деп қаймығып, Қамқа әжемнің алдында мұнтаздай болатын.
Мен аттанар кезде Қамқа әжемнің осы мінезі күрт өзгергені сонша тіпті өзім танымай қалғандай болдым. Оңаша бөлмеде ол — пұл затымды жиыстырып жатыр едім, үстіме әжем кіріп келді. Ол кіргеннен-ақ көңілім әлденені секем алғандай болып еді; бұрынғы байсалды паң қимылы жоқ, келісінде бойына бітпеген бір асығыстық бар. Қасыма тақап келді де, кенет неге келгенін ұмытып қалғандай, қипақтап сәл бөгелді. Дәл осы сәтте тұңғыш рет әжемнің бетінен бір дәрменсіздік нышанын көріп, жүрегім дыз ете түсті. Содан мені оқыс құшақтап алды да, сүйекті ірі кеудесіне қатты қысып, самайымнан жабысып сүйіп, кенет өксіп-өксіп жылап қоя берді. Даусын шығармай, тістеніп алып солқ-солқ етеді. Мұндайда мен қалай шыдайын, егіліп жүре бердім. Қамқа әжем көңілінің босағаны қандай төтен болса, бойын да сондай оқыс тежеп, кимешегінің шетімен көзін сүртіп алды. Содан кейін мені бір қадам аулақтатып бетіме тіке қарады. Осы бір қарасы менің де жасымды тыйып тастады. «Біздің көзіміз көріп, құлағымыз естімеген жат жұрттың арасына кетіп барасың. Қайтейін, өзің ғой, қалап алған. Пешенеңе жазылғаны сол шығар. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп болады, алдыңда не барын қайдан білесің. Тек, қиын-қыстау күн туса осалдық көрсетіп азаматыңның сағын сындырма. Оған да тапсыратын сөзімді айттым» — деді де шығып кетіп еді. Айналайын, ақ әже, сондағы айтқан сөзің осы екен ғой.
Сампылдап сөйлеген дауыстар, асыға басқан аяқ дүрсілі. Қасымбек ояу жатыр екен, менің шошып оянғанымды көріп, елегізіп басын көтеріп алды.
— Шошып оянған жоқсың ба, Нәзираш? — деп сұрады үрпиіп.
«Үрпиіп» дейтінім, қараңғы болса да, оның даусынан үрпие қарағанын сездім.
Біреу асыға басып келіп есік қақты.
— Жолдас лейтенант, жолдас лейтенант, тревога! — Николай даусы...
Қасымбек орнынан ұшып тұрып киімін іздей бастады. Мен шам жағайын деп едім, қараңғыда шырпы таба алмай састым. Қасымбектің кейбір түндерде осындай тревогамен асығыс кетіп қала беретіні болушы еді, оған да үйренетін кезім болған, бүгін не жамандыққа көрінгенін , тұла бойым қалтырап, буыным кетіп қалды. Шырпы таба алмай столдың үстін сипалай берем. Мен сөйтіп қараңғыда босқа қарманып тұрғанымда Қасымбек киініп те алды.
— Сен... сен жата бер, Нәзираш... әншейін жаттығу тревогасы шығар, — деді Қасымбек.
Бірақ мұның дауысында қобалжу бар, әдеттегісіндей сенімді айта алмады. Осы бір үрейдің қайдан тарағанын білмеймін. жаңағы есік қаққан Николай даусы... көңіліме үрей салып кеткен соның дауысындағы діріл ме? Дүрсілдеген қадам тықыры ұлғайып барады. Әр тұстан асығыс дауыстар естіледі. Нe де болса, шырт ұйқыға кетіп баратқан жұрттың басын төсектен жұлып алған бір қарбалас бар. Қасымбек үйден асығыс шығып кетті.
Қараңғы бөлмеде жалғыз өзім селтиіп тұрып қалыппын. Сәлден кейін есімді жиып, столдың үстінен шырпы тауып алып шам жақтым. Кетер Қасымбек кетіп қалды, енді неге шам жаққанымды білмеймін, шамасы, жалғыз өзім оңаша бөлмеде қараңғылықтан сескенген болармын. Бірақ шам жаққанмен де жаңағы бір көңіліме кірген жиренішті үрей тарамай қойды. Қасымбек есік ашқанда селк ете қалдым.
— Сен не ғып жатпай отырсың? — деді Қасымбек.
— Жәй... ұйқым ашылып кетті. Иә, жайша ма екен?
— І — і... пәлендей еш нәрсе жоқ. Командирлер орнында болсын, әскер дайын тұрсын депті, Мүмкін жоғарғы жақтан тексеру келетін шығар.
Байқаймын, Қасымбек өзі де анығын білмей қатты қобалжып тұр. Ар жағында үлкен бір күдігі бар сияқты, соны айтуға бата алмай, айтпауға және шыдамай тұрған жайы бар.
— Шыныңды айтшы, жаманат хабар жоқ па?
— Білмеймін, Нәзираш. Әскерге оқ-дәрі жеткізуге әмір беріпті. Мүмкін сақтық шығар. Әзір ешкім анығын білмейді. Сен қобалжи берме. Бүгін ештеңе бола қоймас. Жатып ұйықта, — деп Қасымбек иығыма қолын салды.
Жүрегім бір сұмдықты сезді ме, білмеймін, әйтеуір тұлда бойым тітіркеніп, Қасымбекті жабысып құшақтай алдым. Содан солқылдап жылап тұрғанымды бір-ақ білдім. Қасымбек те мені бауырына қысып, бетімнен, көзімнен сүйеді. Ерні босап кеткендей «қой, Нәзираш, оның не?», «Қой, ештеңе болмас... Күн демалыс қой...» «Саған жылауға болмайды...» деп жұбатпақ болады. Даусы жалынышты, бүкіл тұлғасында үлкен күйзеліс бар, мен жылағанға менен бетер қиналады. Осы сәтте: «Қиын-қыстау күн туса осалдық көрсетіп азаматтың сағын сындырма» деген Қамқа әжемнің қатқыл кескіні көз алдыма келді де, көз жасым оқыс тыйылды. Қасымбектің құшағынан өзім босанып:
— Бара ғой. Жолдастарың күтіп қалар, — дедім.
Қасымбек менің тез жұбанғаныма қуанып, иығымды кеудесіне қаттырақ қысты да шығып кетті, бірақ менің көңілім орнына түспеді. Командирлер кетіп қалды. Аяқ тықыры саябырсығанмен әйелдердің бір-бірімен алыстан тілдескен дауыстары естіледі.
Қараңғыдан қорқатын сияқтымын. Өзімді қанша тежедім десем де елегізген көңіл басылатын емес. Үйде керосин аз болса да шам жарығымен ұйықтап кетпек болып төсегіме қайта жаттым.
Үркіп кеткен ұйқы тез арада қайтып оралмады. Үйдің іші қара көлеңке, терезе алдында жетілік шамның бармақтай жалыны жылтырайды. Өз жүрегімнің дүрсілін естігендей болам. Бүйірім солқылдайды. Жәй ғана солқылдамай бір түрлі суырып ауырғандай болады, жаңағы алас-қапаста есімнен шығып та кетіпті-ау, қимылдайды. СОЛ. Өз тіршілігінен хабар беріп жатқан ішімдегі жан иесінің қазір аты жоқ. «Бала... нәресте... бұл атаулар оған әзірге қонбайтын сияқты, бар тапқаным «СОЛ» деймін. Қасымбек кеткенмен мына қара көлеңке бөлмеде «екеуміз» қалыппыз. Мен енді «оны» анығырақ сездім. Менің бойымда екінші бір өмір өсіп келе жатыр. Ғажап...
Осы тұста бұрын басымнан кешпеген тосын хәліме үйрене алмай дөңбекши бердім. Ұйықтайын деп көзімді жұмам, бірақ көзім ілінбейді. Кірпігім айқасқанда қараңғылық қиялынан, шамның бармақтай жарығы бұлдырап алыстап кетеді. Мен айсыз түнде далада келе жатқан сияқтымын. Қарауытқан сауыры кең қырат пен жұлдызы сирек қара күңгірт аспанның арасы жалғасып кеткен, бар дүние қарауыта толқып теңселіп тұрғандай. Тек алыста бармақтай шырақ, әлсіз шырақ жылтырайды. Жеті жасар қыз бала сол титімдей сәулеге үрейлене, үрпие қарайды. Кішкентай қыз моладан қорқады, артына үрпие қарайтыны содан. Ал, қарамайын десе... Ол арада әлі топырағы суымаған анасы жатыр.Моладан қанша қорықса да, сол жаққа барғысы келіп тұрады.
Сол күні кешке Қамқа әжем мені шақырып алды. Біз ондайда «неге шақырдың»деп сұрамайтынбыз, үнсіз ғана үлкеннің әмірін тосамыз. Әжем ескі шүберектен пілте өріп алды да, оны тостағандағы қойдың тоң майына батырды. Содан кейін жайнамазын бүктеп қолтығына қысып, тостағанды маған ұстатты да:
— Жүре ғой, балақайым, апаңның басына барып келейік, — деді.
Күн батып баратқанда екеуміз ауылдың сыртындағы зиратқа келдік. Шымнан қалаған, мүжіліп шөгіп қалған ескі молалардың бергі шетінде топырағы басылмаған жас қабір. Сол жас топырақтың астында менің апам жатыр. Дәл осы араға жерлегенін өз көзіммен көргенмін. Содан бері: «мүмкін апам тіріліп кетіп, топырақтың астында тұншығып, қиналып жатқан жоқ па екен?» деген ой тұла бойымды түршіктірумен болған.
Қазір де топырақ астынан тың тыңдап құлағымды тосам. Қамқа әжем шарт жүгініп құран оқып отыр. Мен оның бір сөзін түсінбеймін, оның үстіне Қамқа әжем, молдалардай әуенге салып созбай, көбіне іштей күбірлеп, ақырын оқиды.
Қамқа әжем құранды ұзақ оқыды. Қанша айтқанмен бала емеспін бе, мен алаң болып кетіп едім, бір кезде үнсіз етегімнен тартып қалды. Сөйтсем қолын жайып бата қылып жатыр екен, мен де қолымды жайдым. Бата қасиетті нәрсе. Батада айтылған тілекті құдай береді. Мен де іштей күбірлеп құдайдан апама бар жақсы тілек тілеп жатырмын. Қамқа әжем бетін сипап, қатты бір күрсініп қойды.
— Апаңа жақсы тілек тіледің бе, қалқам? Сен періштесің ғой. Сенің тілегің қабыл болады, — деді менің маңдайымнан сипап.
Содан соң майға батырған пілтені тұтатып қабірдің басына қойды да:
— Артыңда қалған шырағың сөнбесін, жарқыным, — деді.
Қамқа әжем ұсақ-түйек күйбеңді білмейтін адам, көбіне ірі сөйлейді, мына сөзі де маған аруақты естіліп, төбе құйқам шымырлап кетті. Қараңғы түнде ауылға қайтып келе жатып артыма қайрылып қарай бергенім де сол. Қамқа әжеме қанша сенсем де көңілімде бір күдігім бар: әжем «шырағың сөнбесін» деп еді, біз тұтатып кеткен ана шырақ, майы таусылып, қазір-ақ сөніп қалмай ма? Ақыры шыдай алмай осы күдігімді сұрадым.
— Әй, балам-ай, әлі баласың ғой, — деп әжем басын шайқады. — Сенсің ғой оның шырағы. Сенің тілеуіңді тілеп кеткен жоқ па, бейшара.
Қамқа әжемнің осы сөзі менің сәби көңіліме өшпестей әсер етті. Сонау қараңғыда жылтыраған кішкентай шырақ... Сол шырақ тура менің сәби көкірегімде жылтырап жанып тұрғанын ап-анық көзіммен көргендей болдым...
Тағы да бүйірім солқылдайды. Қимылдап жатыр. Жаңа ғана тұла бойымды тітіренткен үрейден кейін... өн бойыма жайлы, рахат жылу тарап келеді. Мына қараңғы түнде, қара көлеңке бөлмеде тағы да бір әлсіз шырақ тұтанып, жылтырап жанып келеді.
6
Қанша ұйықтағанымды білмеймін. Тағы да шошып ояндым. Көзімді ашып алсам құлан иектеніп таң атқан екен, біреу дүрсілдетіп есік қағады.
— Надя! Надя! Не ғып жатырсың? Түр тезірек!
Светаның даусы. Бір жаманат болып қалған сияқты...даусы ышқынып шығады. Буыным қалтырап төсектен әзер көтеріліп, тәлтіректеп барып есік аштым.
— Бол, Надя, тез жинал.
— Не боп қалды?
— Соғыс! Немістер соғыс бастапты. Бізді вокзалға жөнелтейін деп жатыр. Бол тезірек!
Қапелімде ешнәрсенің байыбына жете алғаным жоқ. Қайдағы соғыс? Не соғыс? Әйтеуір бір жамандықтың болғанын сезіп, бойыма діріл еніп келеді.
— Ау, болсайшы енді. Тез киін.
Қасымбек... Николай... олар қайда?
Света осы кезде буыны босағандай орындыққа отыра кетті.
— Мен қайдан білейін. Олар әскер емес пе. Соғысқа кеткен шығар, — деді бір түрлі даусы солғын тартып, өзі де солып қалғандай кішірейіп кетті.
Менің миыма бip оқиға енді ғана жетті. Соғыс басталып кетті... Мен оны енді қайтып көремін бе, жоқ па? Түнде адам сияқты қоштаса да алмай қалдым-ау.
— Асықтырып жатыр ғой, — деді Света жайымен. Жаңағы кірген кездегі аптығы басылып, орнынан ақырып көтеріліп, қолыңа ілінген затыңды ал да тезірек шықсайшы.
Адам баласының жаратылысы қызық-ау: өз өміріңдегі нәрсенің үлкені қайсы, елеусіз ұсағы қайсы, көбіне соны ажырата алмай шатасасың. «Жолға жинал» деген соң, тас төбемнен жай боп түскен соғысты да бір сәтке ұмытып, дүние-мүлкімді жиыстырып әуре боп жатырмын. Қазақ «кедеймін десең көшіп көр» деуші еді, сыбай-сылтаң жүрген екі жас қанша дүниеміз жоқ десе де, ол — пұл жиналып қалыпты. Төсек-орын ,ыдыс-аяқ, көр-жер... әрқайсысына бір жармасам. Бәрі керек сияқты.
Мен сыртқа шыққанда, таң сарғайып атқан екен, қораның ішінде сапырылысқан әйелдер — бір кіріп, бір шығып, аз ғана дүниелерін сыртқа тасып әлек. Ираида Ивановнаның күйеуі сидиған арық, ұзын тұра лейтенант, еркектерден әзірге көзіме көрінгені сол ғана бір қолында ыдыс-аяқ салған шелек, бір қолында түйіншегі бар, алақтап бала көтерген әйеліне қарай береді.
— Апырай-ай, Раечка, сен қайтер екенсің? Саған қиын болады-ау, Раечка, — дейді жалтақтап.
Қиын болса қайтер дейсің. Жолыңнан қалма енді, — деді Ираида Ивановна. — Көппен бірге амалдармыз. Бар енді, бастығың кейіп қалар.
Ираида Ивановна балаларын ертіп, түйіншектерін есік алдына жинап жатыр. Әдеттегідей сабырлы, асып — сасуды білмейді. Күйеуі әлі де қипалақтап қасынан кетер емес.
— Апыр-ай, қап ә... Таң атпай соғыс бастағанын қарашы құрғырлардың. Мен сені машинаға мінгізіп салайын, — дейді.
— Қол-аяғым бүтін. Өзім де мінем ғой. Сені іздеп жатқан шығар, Ваня. Бастықтар кейіп қалар.
Аға лейтенанттың дөңгеленіп кеткен көзі жаутаңдап балаларына қарайды.
— Ваня, Ваня қайда? Шурик. Боренька, бері кел, — деп балаларын шақырып алып, шетінен сүйіп жатыр. Балаларын сүйіп болып әйеліне жармасты. — Ал, сау бол, Раечка. Балаларыңа сақ бол.
— Ваня, өзіңе сақ бол. Сақтанып жүр, — дегенде Ираида Ивановнаның даусы да тарғылданып кетті, қанша сабырлы әйел болғанмен қоштасар жерде қалай шыдасын.
Meн Қасымбекпен адам сияқты қоштаса да алмай қалдым.
Біздің бәрімізге бір-ақ машина беріпті, әйелдер топырлап соған заттарын тиеп жатыр, көбісі кузовқа тиеліп отырып алған, содырақ келген Света екеуміздің тұмсығымыз батар емес.
Елизавета Сергеевнаның заттарын күйеуінің ординареці тиеп жүр. Өзі хрусталь вазасын шүберекке орап, кеудесіне қысып алған, қай жерге қоярға білмей сасып тұр.
— Миша, Миша, мына вазаны сынбайтын жерге қойшы, — дейді ординарецке.
— Елизавета Сергеевна, бұл машинадан сынбайтын жер табу қиын ғой. Өзіңіз кабинаға мініп, қолыңызға алып отырыңыз, — дейді ординарец.
Ираида Ивановна балаларын машинаға мінгізе алмай әлек. Үш бала жаутаңдап шешесіне қарайды. Үлкен Ванясы жөргектегісін көтерген, Шурик пен Боря шешесіне жәрдемдесіп ұсақ-түйек түйіншектерін арқалап алған. Дабырлаған қалың әйелдерден береке қашып бара жатыр еді, бізге арнайы бөлінген, мен шала танитын лейтенант, әйелдердің шаңқылдаған шуылын басып, айқайлай сөйлеп тәртіп берді.
Ол алдымен машинадағы әйелдерді түсіріп, жұрттың жүгін түгел тиетті де, сосын балалы әйелдерді ғана мінгізді.
— Қалғандарың бес шақырым станцияға жаяу барасыңдар. Тек тезірек жетіңдер. Эшелон күтпейді, — деп әмір берді.
Біз затымызды тиеп жиналғанша таң да әбден ағарып атып, шығыстан қызыл жалқын сәулесін шашып күннің құлағы көрінді. Біз шұбатылып усадьбадан шыққанда жаңағы әлем сасқан әбігер де толастап, енді ентелей басып, үнсіз келеміз. Орманы мен көк шалғынды далаңқайы аралас алқап сарғыш мөлдір сәулемен реңі жұмсарып, әлі ұйқысы ашылмағандай маужырап тыныш жатыр. Құс ұйқысынан оянып бірен-саран сергек торғайлар ғана шырылдайды. Ертеңгі салқын тұла бойымды құрыстырып, тітіркеніп келем. Мына маужыраған бейбіт шақта осы дүрлігу... маған бір түрлі жат көрінеді. Жылы төсектен үркітіп тұрғызған жылы ұямды бұзған сұмдықтың бар салмағы әзір менің миыма жетіп болған жоқ. Сол алғашқы күні,одан келесі күндері де мен басыма төнген қауіп — қатерді дұрыстап сезгенім жоқ. Алдымда не барын білсем... бірақ адамның алдында тұрған зауалды білмейтіні де бақыты шығар.
Төбемізге келіп қалған жаудың самолетін де білгенім жоқ. Біз екі-үш шақырымдай жер жүріп, станцияға жақындап қалғанбыз, төбесі шошайып станцияның су тартатын мұнарасы да көрінген. «Қашан жетеміз» деп, менің екі көзім сол жақта еді, кенет құлағыма алыстан талып шыққан бір гүріл естілді. Әуелгіде оны елеген де жоқ едім, шыққан сол булыққан гүріл бірте-бірте үдей берді. Осы бір бұрын естілмеген тосын дауыстан көңілім елегізіп, жан — жағыма қарап едім, көзіме еш нәрсе көрінген жоқ.
Сөйткенше:
— Воздух! Неміс самолеттері! — деген ащы айқай құлақ шекеме қылқандай қадалды.
Әйелдердің көбісі не қыларын білмей аңырып тұрғанда әлгі гүріл тіпті үдеп кетті. Жақындап қалған жау самолетінің гүрілі бүкіл ауаны қалтыратып, адамның буынын алып барады. Бұғып баратқан басымды зорға көтеріп, аспанға қарап, қайтқан қаздай тізіліп келе жатқан қарасұр самолеттерді көрдім; жаңа шыққан күнге шағылып бауырлары жарқ-жұрқ етеді — алмастың жүзіндей қара жарқыл тура ажалдың өз сәулесі сияқты.
Зәре — құтым ұшып, Светаның шынтағынан ұстап алып, жолдың шетіне қарай жүгіре беріппін. Оның да тұла бойы дір-дір етеді. Екеуміз есімізден танып, өкпемізді қолға алып зытып бара жатыр едік:
— Жат! Жатыңдар! — деген айқай шықты.
Света екеуміз қатар құладық. Иін тіресіп бір-бірімізге тығыла түсеміз. Әуеден төніп келе жатқан ажалдан сескеніп, саз топырақты жасыл жерге батып кеткіміз келіп, төбеден түсетін бомбаны тосып бар денеміз бір уыс болып жиырылып қалған.
— Өтіп кетті.
— Иә, өтіп кетті.
— Тұрыңдар, қатындар. Станцияға жетейік.
Бұл сөздердің мағынасы бізге дұрыстап жеткен де жоқ. «Бізге» дейтінім Света екеуміз жүрегіміз дүрсілдеп бірге coғып, жанымыз бірге ышқынып, осы үрейлі сәтте екеуміз бір денедегі екі қол сияқты болып кеттік. Светаны білмеймін, менің өз басым дәл солай сезіндім. Есін ертерек жиған әйелдер етектерін қағып, ұзап баратқан самолеттерге қарап тұр; олардың әлі де бір нәрсені көруге, сөйлесуге шамалары келгені ғажап.
— Станцияны бомбаламайды. Әрі кетті.
— Қайтып оралып соғып жүрмесін.
— Біздің зенитчиктер қайда? Истребительдер қайда кетті?
Бұл сөздер менің құлағымды жанап, миыма соқпай кетіп жатыр. Іштен тітіренткен жиіркенішті дірілді баса алатын емеспін. Аспанда ажал ұшып өтті. Енді мына тыныш төңіректі түгел соның салқыны шалып, ажалдың суық лебі ауаға таралып, кісінің тұла бойын жайлап барады. Светаның қаны қашын кеткен, өңі шүберектей аппақ. Оның қуарған өңінде ажалдың салқыны бар. Мен соны ап-анық сездім. Енді байқасам анау сөйлесіп тұрған, шашылған заттарын жиыстырып жүрген әйелдер де сондай. Бұлардың бәрін де ажалдың демі шалып етті. Бәрі де қазір өлі дене болып сұлап жатуы мүмкін еді. Осы жүргендердің ендігі өмірлері бұрынғыдай баянды, бекем емес, неғайбіл, ешкім де енді өз тірлігіне сене алмайды. Анау, біздің зенитчиктер мен летчиктерге кейіп тұрған ұрысқақ Муся да жаңағы самолеттер енді бір айналып соқса жағы қарысып жер құшып жатуы мүмкін.
Осы бір ауыр әсер жаншып тастады ма, сүлесоқ қалпымнан ұзақ уақыт арыла алмай, әйтеуір көппен бірге жүре бердім...
Біз станцияға екі өкпемізді қолымызға алып асығып жеткенімізбен, бізді жөнелтуге асыққан адам көрінбеді. Бізді алып келген лейтенант пен бір-екі жауынгер өз бөлімін қуып жетуге кетіп қалды. Басқа бөлімдердегі командир әйелдері де ағып-тамып келіп жатты. Бәріміз жабылып станцияның бастығын іздедік.
О, ғажап, осы аласапыранның арасында балалар ойнап жүр. Кәдімгі балалар, ұрысқақ Мусяның қызы Люся Шурикке:
— Енді сен жасырын. Боря екеуміз іздейміз, — дейді.
Боря екеуі көздерін басып теріс айналып тұрғанда Шурик жүгіріп барып біреудің үлкен бір бума жүгінің тасасына жасырынды да «ізде» деп дауыстады. Люся мен Боря қалың жүктің арасынан Шурикті іздеп таба алмай жүр еді, осы кезде құдды қуыршақ сияқты көзі дөп-дөңгелек, беті томпиған төрт жасар қыз:
— Ол мұнда! Мұнда! Мен көрдім, — деп айқай салды.
Шурик жүктің тасасынан оған жұдырығын түйіп еді, кішкентай қыз қағу көрмеген ерке болса керек, оған тынған жоқ.
— Meн көрдім. Бәрібір айтам, — деп, қолын шапаттап секіреді келіп.
Кішкентай, тәмпіш «тентек» мұрын, жүзі күлімдеп тұратын керемет сүйкімді қыз екен. Ана балалар кейіген сайын мәз болады.
Балалардың ойыны үдеп барады. Бес-алты жастағы сыған тәріздес бұйра шаш, бадырақ көз қара бала пальтосын сыпырып, бір жеңін қарына іліп алып, өзі шамалас сары баланы қуып жүр; жете беріп пальтомен ұрмақ болады, анау дарытпайды. Әлгі «қуыршақ» қыз оған да мәз.
— Ұр! Ұр! — деп екі қолын шапаттап айқай салады.
Кейбір әйелдер балаларын жоғалтып, айқайлап жүгіріп жүр. Бірақ балалар уайым-қайғыны ұмытқан: күліп, айқайлап, жұрт сапырылысқан перронда асыр салады, буып — түйіп қойған жүктің үстіне шығып, төмен қарай секіреді, жұрттың осы дүрліге көшуінің өзі оларға қызық думан сияқты. Томпаң-томпаң етіп, қызықтары басылар емес.
Қазақ баланы «періште» дейді, баланың аузынан жақсы сөз шықса, оны аузына «құдай салды» деп қуанады, сәбидің тілегі қабыл болатынына ешкім шек келтірмейді. Менің өзім орта білім алсам да қазақша тәрбиелендім, құдайға сенбесем де, қазақтың көп ырымына сенемін, әсіресе бала туралы айтылғандарына күмәнім жоқ.
7
Біз станциядан аттанар кезде ызы — қиқы шу болғанмен поезд жүрісін түзеп шығысқа қарай бет алған соң жұрт тез тынышталды. Вагон ішінің әлгінде ғана алқынған аптығы басылып, жұлынған түйме, жыртылған өңірге кінәлі белгісіз жандарға арналған қарғыстар айтылып, сонымен бірге буыншақ-түйіншектер де тәртіпке келтіріліп жатты. Әйел затының аузы мен қолы қатар қимылдайтын әдеті емес пе.
Жұрт орын теуіп жайғаса бастаған соң әңгіменің беті де өзгерді.
— Қап, қайтейін, керемет әшекейлі фарфор табағым бар еді, қалып қойды, Бүгінде ондай фарфор жоқ, кәдімгі ескі шыны еді...
— Қайдағы жоқ фарфорды айтасың. Менің үш жүз елу сомға алған радиоприемнигім қалып қойды ғой. Ваня тревогамен кетті. Жалғыз өзім қайсысына жармасарымды білмей...
— Мен сасқалақтап жүріп сандықтың түбінде жатқан ішігімді ұмытып кетіппін.
Барлық қауіп-қатерден құтылып болдық па, білмеймін, жаңа ғана жай қайғысымен аласұрып поезға жармасқан әйелдерге мал қайғысы қайтып оралған. Жаңағы аласапыран әп-сәтте ұмыт болып, жұрт көңілінің тез ғана байыз тапқанына қарағанда, соғысты өз көзіммен көрген жоқпын, мүмкін осының бәрі бос дүрліккен жалған үрей болып жүрмесін деген де ой келе бастады.
Света екеуміз ебін тауып қызыл вагонның ірге жағына өтіп алғанбыз. Басында чемодан үстінде шоқиып отырып едік, поезд шайқай келе — жер кеңіп, түйіншегімізді жастанып, аяқ созып қисаятын халге жеттік.
...Биыл көктемде Қасымбек екеуміз елден бері қарай аттанарда вагон іші тығыз болып еді. Бұрын ауылдан ұзап шығып көрмеген мен мақрұмға үлкен станция басындағы сапырылысқан ала-құла тобыр бір түрлі қызық, бірақ соншалықты жат көрінген. Осы күнге дейін мен көрмеген киімдер мен кескіндер, танымайтын адамға бадырайып қарауға қанша ұялсам да, көзімді еріксіз тарта берген. Өзімнің үйреншікті ортамнан, орнықты, сабырлы тіршілігімнен шығып, аумалы-төкпелі, белгісіз беймаза дүниенің ішіне кіріп баратқанымды сезіп, бойымды үрей биледі. Ендігі дүниеде сасқанда қарманатын талым, жалғыз арқа сүйерім Қасымбек қана екенін тұңғыш сонда сезгенмін.
Бірақ поезд қозғалған кезде төңірегімнен бөлініп шыға келгендей болдым. Вагон ішіндегі гуілдеген дауысты, құжынаған жұртты, тіпті қасымда терезеден бірге қарап келе тұрған Қасымбекті де ұмытып кетіппін.
Мүмкін балапанда ұясынан суырып алғанда, бойын осындай суық сезім билейтін шығар. Қары кетіп болмаған ерте көктемдегі сұрғылт аспанның астында көрініп жатқан алашабыр адырлы даланы қимадым ба, әлде Қамқа әжемді, момын әкемді, Дариға жеңгемді — бүкіл ағайын — туған, ауыл-аймағымды қимадым ба білмеймін. Не де болса менің осы күнге дейінгі бар өмірім артта үзіліп қалып баратқандай...
Көшпелі елдің баласы қыстауының ғана маңы емес, жыл сайын көшіп қонатын жерінің әрбір жырасы мен қыратын, тобылғы өскен төбесі мен қараған өскен ойпатына дейін бұлжытпай таниды. Ауыл жаңа қонысқа қонып жатқанда, жүгіріп былтырғы жазғы өмірдің ізін қуалап кетесің. Өткен жылғы кімнің үйінің қай жерге тігілгені, жер ошақтың бітеліп қалған шұқыры, балалар асық ойнайтын ауыл сыртындағы тақыр, түнде ақсүйек алып қашатын қыраттың баурайы — бәрі сайрап тұр. Бәрі көзіңе оттай басылады.
Көші-қон үлкендерге әбігер болғанмен, балаларға мейрам. Жүк түсіргені, үй тіккені, жер ошақ қазып қазан астына от жаққаны — бәрі қызық. Малды ауыл отырған қоныс тез тозады — бір айдың ішінде-ақ ауыл аумағының жусаны мен бозы қырқып алғандай тұқылданып, шаңы бұрқылдап шыға келеді. Қойдың құмалағы мен жылқының тезегінің ащы исі, құжынаған қара шыбын... Жоқ, жаңа қоныс балаларға ғана емес үлкендерге де мейрам. Жаңа қонысқа қонып жатқанда мен өзімді де бір түрлі тазарып шыққандай сезінетінмін. Мұнда жылқының кісінегені, қойдың маңырағаны, ошақтан будақтаған кешкі түтін — бәрі жаңа, бәрі таза. Мен жаңару, тазару мейрамын сеземін.
Көші-қонның да небір қызық, күлкілі оқиғалары болып жатады. Соның бірі әлі есімде. Біздің ауылда Сәлімбек деген кішкентай ғана кісі бар еді, жұрт оны сыртынан«қыртпыш» деп атайтын. Бойының ұзындығы он бір-он екі жасар баламен деңгейлес, бірақ сол түріне қарамастан, шырт етпе, ұрыншақ. Әйелі Ақкүміс бойы күйеуінен екі есе биік те, көлденеңі екі есе кең, ірі кісі. Сәлімбекті үй — ішінде мазасыз, қазан-ошаққа араласады деген өсек бар. Оның есесіне Ақкүміс жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы. Бір жылы, Жосалы көлінің танабындағы шалғынға қонып жатыр едік, жағалай тігіліп жатқан үйлерді қызықтап жүріп Сәлімбек үйінің қасына келіп қаппын. Ақкүміс жалғыз өзі керегелерін құрып жүр. Сәкең оған бұрқан — талқан ашулы.
— Көшір дедім ғой сен қатынға. Тікпейсің үйді бұл жерге, — деп ақырды ол әйеліне.
Ақкүміс оның сөзін елең қылмастан керегені бір-біріне шанди берді.
— Ай, сен керең боп қалдың ба? Көшір үйді бұл жерден. Көрмейсің бе мына қияқты? Аяқты пышақтай тіледі. Кісіні жалаңаяқ жүргізбейді. Керегені анау жерге тасы.
Ақкүмісте үн жоқ, өз шаруасымен бола берді.
Өзі шыдамсыз Сәкең әбден ызаланды.
— Қап, сен қатынды ма... — деп кіжініп тұрды да, кенет асығыс шешіне бастады.
Мен оның бұл әрекетіне түсінбей қайран қалдым. Сәкең жүн шекпенін, көйлегін шешті, аяғындағы етігін асығыс,жұлып лақтырып шалбарын да шешіп тастады. Суға түсейін деп жатыр десем, көл біраз жер, жағасына барып шешінбей ме. Тек дамбалшаң ғана қалған Сәлімбек енді балағын түре бастады. Балағын балтырына дейін түріп алғасын, жерде жатқан қамшысын алып тұра жүгірді. Дызылдап жүгіріп бара жатып үй тігіп жатқан Ақкүмісті қамшымен бір тартып өтті, Ақкүміс оған мыңқ етпей, өз жұмысын істей берді. Сәкең оның бұл мінезіне әбден ыза болды білем, біраз балағаттап алып, қайта жүгірді. Тағы да әйелін иығынан тартып өтті. Қамшы батып кеткен болар, Ақкүміс иығын қиқаң еткізіп қатты тыжырынып қалды. Үшінші рет жүгіріп келе жатқанда, күйеуін ұстап алмақ болып шап беріп еді, ананың жалаңаш иығы жып етіп қолынан шығып кетті. Сәкеңнің қулығын сонда түсіндім: үстінде қолға ілігер тұлдыр қалмаған екен.
Ақыры амалы болмаған Ақкүміс:
— Жын соқты ма, сені? Қойсайшы енді — деп жекіріп еді. Сәкең одан бетер өршігіп кетті.
— Ә — ә, жаныңа батты ма, бәлем. Көрсетейін мен саған. Байыңның тілін алмайтын немесің ғой, ә?
Алпамсадай әйеліне әлі жеткен соң, көңіліне жел кіріп масаттанып кеткен Сәкең осы жолы әйеліне тым жақын келіп қалды ма, білмеймін, қайтадан керегесін шанди берген Ақкүміс, ірі денесіне оғаш оқыс қимылмен жалт бұрылып, шап беріп Сәлімбектің дамбалынан ұстай алды. Сәкең байғұс торға түскен шыбындай дызылдады да қалды.
— Ойбай-ай, ойбай-ай, Сейілхан-ай, жетсейші. Жынды қатын өлтіреді ғой, Сейілхан-ай, жетсейші, — деп шыр — шыр етеді.
Бұларға көрші — қырық-елу қадамдай жерде өз үйін тігіп жатқан Сейілхан ағам да осының бәрін көріп тұр екен, мәз болып қарқылдап күліп келе жатыр. Ақкүміске қамшы қатты батып кетті білем, бет-аузы түтігіп долданып күйеуін жерге көтеріп ұрды.
Ақкүміс Сәкеңді үнсіз жаныштай берген кезде, күлкісін тыя алмаған күйі жүгіре басып Сейілхан ағам да жетті.
— Жеңешетай, бір ашуыңды маған бер, — деп, Сейілхан Ақкүмісті сыртынан қапсыра құшақтай алды.
Сәкең үн-түнсіз, орнынан тұрып, қайта киіне бастады. Тек етігін киіп жатып:
— Әтеңелеттің қатыны бұрын шалып жығатын еді, енді алып жығатын болыпты ғой, — деп күңк ете қалды.
Қазекең қарнын тойдырғысы келсе жоқтан сылтау табады, «ерлі-зайыптыны татуластырам» деп Сейілхан ағам үй тігіліп болмай жатып-ақ Ақкүміске қазан көтертті. Еріккен жұрт түтін шыққан жерге шыбындай үймелейтін әдеті емес пе, бұл оқиғаны көзі шалған біраз көршілер де осы үйге жиналды. Бәрі Сейілхан ағамның аузына қарап:
— Апырай, туғалы бірге жасасып келе жатсақ та білмейтініміз көп екен ғой. Сәкеңнің ашуының осыншама қатты екенін кім білген, — деп ол әңгімені керісінше айтып отыр. — Ашуы қатты деймін-ау, бұл кісінің қолы одан да қатты екен. Жеңгеміз бір ажалдан қалды, құдай сақтап. Тіпті бұл Сәкеңнің кісіге араша бермейтінін қайтерсің. Араға түсем деп өзім де таяққа сілейіп шықтым.
Сейілхан ағам қатты ыңқылдап, «ауырып қалған» жотасын қинала сипап қояды. Кейбіреулер Сәлімбекке сездірмей айнала беріп мырс-мырс күледі, ал, жүзі жанбайтын қулар да толып жатыр; олар сыр білдірмей, Сейілханның әңгімесіне «қалтқысыз» сеніп, қостап бастарын шайқап, таңдайларын қағады.
— Е, Сәкеңнің мінезін білеміз ғой. Бұл кісі жер қозғалса қозғалмайды, ал бір ашуланса ма... Құдайым о кезде тек бетін аулақ қылсын.
— Ойпырмай, Сәке, бүкіл ауыл болып қиылып отырмыз ғой. Бір ашуыңызды бізге беріп, жеңгемізге кешірім етіңіз. Жеңешеміздің асын жарқырап отырып ішейік.
Манадан бері жұдырықтай болып түксиіп отырған Сәлімбек жиналған жұртты аяды ма, ақыры жібіді.
— Ай, қоймадыңдар-ау, шырақтарым-ай. Жарайды енді, осы жолы ашуымды қидым, бірақ енді қайтып жыныма тиюші болмасын тек.
Сәкеңнің райынан қайтқанына жұрт мәре-сәре боп даурыға қуанысып жатыр, әсіресе манадан бері күлкіге булығып өле жаздап отырған байғұстар ішін ақтарып мәз болып қалды.
Ал Ақкүміс жеңешем болса — әңгімеге ешбір қатысы жоқ адам сияқты. Жұрттың сөзіне құлақ та аспай, астың қамында жүр. Қымыз толы кішілеу қара месін қапсыра көтеріп, ішке кіргізді де, былқ еткізіп босағаға сүйей салды. Местің мойнын керегенің көзіне байлап, пұшпағын шешіп кетік тостағандарға қымыз құйып жағалата бастады.
Сейілхан ағамды жұрт ер мінезді деп мақтайды. Ішімнен сезем, ер мінезіне қоса ожарлығы да баршылық. Оның кеуделі, кең иықты келген сом тұлғасына да көз тойғандай, бет бітімі де кесек — дөң қабақты, үлкен қыр мұрынды, бет сүйегі кең болғанмен өңі өткір. Сейілхан ағамның өз маңайындағылардан артықшылығын көріп іштей мақтаныш ететінмін. Оның үстіне менің бұл нағашым қолы ашық, жомарт. Әрине, сығымдан дүние құрап, там-тұмдап мал жинамайтын адамның өзге жұртқа берері де көп болмайды, бірақ әйтеуір қолында бір нәрсесі болса Сейілхан ағам онысын жұрттан аяп көрген емес.
Мал дегенде бұл кісіде жалғыз сиыр болса болады, болмаса ешкі сауын отыра береді. Бүкіл тұяқтыдан айнымайтын бір ғана малы болатын, ол — Шағыр аты... Шағыр тұрқы ұзын ірі жылқы еді. «Шыға шабатын ұшқырлығы жоқ, ал бірақ ұзақ шабысқа келгенде нағыз болдыруды білмейтін хайуан, мықтылықта бұған жылқы баласы жетпейді», деп үлкендердің мақтап отырғанын талай естігенмін. Шағыр аттың өзі де нағыз Сейілхан ағама арнап жаратылған жылқы сияқты еді; ол ана тұлғасымен басқа атқа мінсе — есекке мінгендей болатын шығар.
Шағыр атпен Сейілхан ағам қыс бойы қасқыр мен түлкіні қырып алатын. Ауылдың адамдары аңнан қайтып келе жатқанда ылғи алдарынан жүгіріп шығатынбыз. Кішілеу кезімде ат үстінен еңкейіп, алдына көтеріп алып дәл үйдің есігінің алдына әкеліп түсіретін де, қолыма бір түлкінің терісін ұстатып жіберетін. Жаңа сойған түлкінің әлі де жылуы кетіп болмаған, былқылдақ жұмсақ терісін құшақтап, қойныма қуанышым сыймай табалдырықтан сүріне — қабына кіретінмін.
Соншама түлкі, қасқыр соғын жүргенде Сейілхан ағамның ішік былай тұрсын, түлкі құлақшыны да болмайтын. Соққан аңын үйге әкеліп көрген емес, өзгелердің қанжығасына байлап жіберетін.
— Өз еңбегің, өз олжаң емес пе, төбеңді жылтыратып бір тымақ кимейсің де, тым болмаса, — дегендерге:
— Даланың аңы таусылар дейсің бе, Шағыр ат аман болсын, — деп жауап беретін.
Ал, Шағыр атын ерекше жақсы көретін. Шаруаға онша қыры жоқ Сейілхан ағам бұл атын бөлекше баптайтын, уақытында суарып, жем бермеген кезі, сірә, жоқ шығар.
Байқаймын, Сейілхан ағам майлық пен сулыққа бірдей. Қазақша аңшы, серілігі, ешкімді басынан асырмайтын өр көңілі де бар, ал қара жұмысқа келгенде қайсы біреулердей кірпиязданып, шікірейіп тұрмайды, білегін сыбанып кірісіп кетеді. Тіпті кісі жұмысын істеуге де арланбайды және істесе жапырып істейді. Ауылдағы көп жұрттың үйін қалап, пешін салып беретін де сол. Онысына, ол әрине, ешқандай ақы — пұл алмайды. Сейілханның мінезін білген жұрт ақысына бір нәрсе ұсынуға да қорқады. Нағыз бір түлен түрткен біреу болмаса ешкім оның шамына тимейтін.
Бірақ оның есесіне ағайын да Сейілханнан еш нәрсесін аямайтын. Ол Қарақалпақтан, не Өзбектен төсегін арқалап, әйелі мен баласын жетелеп келгенде, алдынан кіретін үй де, сауатын сиыр да табыла қояды.
Сейілхан ағам ақ жарқын, әзіл-қалжыңға да бай. Оның әсіресе көп ойнайтыны өзінің құрдасы Әлмұқан. Әлмұқан да Сейілхан сияқты ірі денелі кісі, бірақ бір-біріне ұқсамайтын екі адам болса осы екеуіндей-ақ болар. Сейілханның денесі тарамыс, иығы кең, мықын жағы қысыңқы келсе, Әлмұқанның денесі болбыр, толық, иығы қушық та, қарны мен бөксе жағы жуан. Сейілханның жүзі қара торы, сүйегі кең бет бедері қоладан құйғандай шымыр да, Әлмұқан ақсары, екі беті семіз малдың қоң етінен кесіп алып жапсыра салғандай бедерсіз, салпы ұрт. Сейілханның үні ашық, даусы кейде шаңқылдап шығады, ал Әлмұқанның үні күңгірт, май басып кеткен ұртынан мес ішінде шайқалған қойыртпақтай болпылдап шыққан сөзіне әрең түсінесің.
Қазақ жігіттерінің өз құрдастарымен аяусыз қатты ойнайтын әдеті емес пе, Сейілхан ағам да Әлмұқанның өз басын ғана емес, есімін де қақпақылдай қағып ойнатып бар нәрсеге атау қылып қойып алған: «Бұ да бір Әлмұқан ғой», «ой, мынау Әлмұқанның ісі ғой», «мынау нағыз Әлмұқан боп шықты ғой» деп ылғи сөз орайына қыстырып отырады.
Біреу алыс қалаға барып келсе ауыл адамдарының топырлап сол үйге жиналатын әдеті, бір рет Әлмұқан мен Сейілхан ағам қаладан келген. Сондағы жұртты күлдіріп, Сейілхан ағамның айтқан әңгімесі айнымай есімде қалыпты.
Облыстық қаладан біздің ауылға дейін екі жүз елу шақырым. Жол алыс, адырлы дала, нағыз шілде-тамыздың уақыты — ат-арбамен шыққан екі жолаушы шөлдеп арып-ашып келе жатады. Жолда ертеректе келген поселен украин хуторлары болатын, ол кездегі қазақтар орыс пен украиннің арасын ажыратарлықтай тереңдікке бара алмайды, орыс дей салады. Даланың жазда іркіліп қалатын жылғаларына хуторлықтар қауын-қарбыз егіп, бақша салатын. Күнге күйіп, қаңсып келе жатқан Сейілхан мен Әлмұқан осындай бір бақшаның үстінен түседі. Мынадай ыстықта теңкиіп жатқан қарбызды көріп қалай ғана қайырылмай кете алады адам. Екеуі арбадан түсіп бір қарбызды жерге атып жіберіп жеп алады. Аздап шөлі қанғасын жүрмек болады, бірақ «Ертеңгісін ойламаған ерден без» деген, алда әлі екі жүз шақырым жол бар, талай шөл бар, ертеңгісін ойлап бұлар он шақты қарбызды арбаға ытқытып та жібереді.
Осы кезде сайдан еңгезердей бір орыс шыға келіп, бұларға тұра ұмтылады. Нағыз бір өз күшіне сенген ұрдажық, ожар неме екен, балағаттап, келе Сейілханды құлақ шекеден қойып жібереді. Ондайға төзетін Сейілхан ба, шарт та шұрт төбелес басталып кетеді. Анау да бір күшті нәрсе екен, екеуі ұзақ төбелеседі — мұрын да қанайды, жаға да жыртылады.
Ақыры жеңісе алмай, екеуі шаршап ажырасады .
Сейілхан арбасын айдап кете бергенде, Әлмұқан арбаның астынан шығып, «ау болдыңдар ма?» деп, арбаға мініп жатыр дейді.
Бұларды шолан жақтағы балшығы түсіп, азыңқырап кеткен бөлмеге жайғастырады. Қарайып жарылып кеткен тақтайдан жасаған сәкіге жыртық киіз төсеген, кенеп дастарханының үстіне қатып қалған нан сынықтарын тастайды, шекер деген атымен жоқ. Тіленшінің сүйген асын кім берсін, аққұмандағы бөгіп қалған ескі шамба ақ судың түсін күреңітуге де жарамайды. Сөйтін бұлар көңілсіз күңгірт үйде татып кеткен шайды ақырын сораптан отырады. Мұндайда әңгіме де жараспайды.
— Ии, Ырғыз жақтан келген екенсіздер ғой. Ол бик жырақ бид, жырақ, — деп қояды Хайбри қыстың көзі қырауда мына қазақтарды не түлен түртіп жүргеніне түсіне алмай.
— Ырғыз жақтан келдім дейсіздер ме, — деп шай құйып отырған Хайбридің әйелі елең ете қалады.
— Иә.
— Со жаққа біздің бір қызымыз кетіп еді. Хабарымыз да жоқ. Бик матур қыз еді. Қазаққа тиіп кетті. Ии, пақыр бала, қарап болды инді.
— Қызыңыздың есімі кім еді? Кімнің қызы еді? — деп осы кезде Сейілхан ағам елең ете қалады.
— Иісімі Минникамал, Сұнғат абыйымның қызы еді. Әке-шешесі үлділәр. Фақыр житім қыз. Қазаққа тиділәр шул, — деп Хайбридің әйелі қасіретін білдіріп қояды. — Хабарласа да алмадық. Ненди халдә. Күйеуім кім-дүр аның...
Осы кезде шынтақтап жатқан Сейілхан ағам басын көтеріп алады.
— Минникамал?.. Сұңғаттың қызы дедіңіз бе? Сұңғат сіздің кіміңіз болушы еді?
— Сұңғат минім абыйым. Әниім блән бір туған.
— Мәссаған... Қазақ сұраса келе қарын бөле шығары деген осы екен-ау... Менің ең жақын қайын бикем болдыңыз ғой.
— Нишік дисіз?
— Егер айтып отырғаныңыз Сұңғаттың қызы Минникамал болса ол менің әйелім. Ал енді қалай қашып құтыласыз?
Хайбри әйелімен екеуі Сейілхан ағама қарап аузын ашып, есінен танып қалады. Нәукең де аң-таң, Сейілханның Балсұлудан басқа әйелі жоғын біледі, айтайын десе Сейілханды масқара қылады және онымен бірге өзі де масқара болады, айтпайын десе Сейілхан ағам тіпті тереңге кетіп барады. «Әй, қатты қиналдым-ау», — дейтін Нәукең.
Алдымен Хайбридің әйелі есін жияды.
— Ии, мин неғып отырам иш, — деді екі қолымен екі жағын сарт еткізіп орнынан ұшып тұрады... — Хазір, хазір, — деп төргі бөлмеге қарай жүгіреді. О жақтан қайта оралып күйеуіне кейиді. Ии, әтисі, утырасың шул. Қонақларды үйге шақырмисың да... Син дүкәнгә бар әлі тизірек. Күйау атына жем саларға ұмытма.
Осы жағдайдан бастап қонақтардың хал-жағдайы мүлдем өзгереді. Көңірсіген исі аш адамның қолқасын атып шыжылдап пәрамаш пісіріледі, бүлкілдеп қазан қайнайды. О кезде қазақтардың да ауыздана бастаған кезі, дүкеннен бір-екі жарты да келіп қалады.
Кішкене сіміріп алғасын Сейілхан әлгі біз көрмеген Минникамалды құдды өзінің Балсұлуындай қылып сылқитып суреттеп бермесі бар емес пе. Анау екеуі тек «пи, алла» деп аузын ашып,тамсанады да отырады.
Осыдан кейін Сейілхан ағам қалаға барса сол Хайбридің үйіне түсетін болады. «Мына, ноғай сияқты күйеу сыйлағыш халықты көрсемші» деп ылғи риза болып келетін.
Бірақ жақсы нәрсе ешқашан ұзаққа созылмайтын әдеті ғой, Сейілхан ағам қалаға барған сайын Хайбридің үй-іші «қызымызды неге әкелмедің? Келер жолы қалдырма» деп мазасын ала береді. Қазақтың сылтауы таусылған ба, Сейілхан ағам әр түрлі сылтау айтып жүре береді. Ақыры қазақ күйеуден күдер үзген болу керек, бір рет барғанында «ақыры сен қызымызды әкеліп көрсетпейтін болдың, өзіміз барамыз» деп Хайбри мен әйелі жолға қамданады.
Сейілхан ағам бұ жолы қатты сасады. Қысылғанынан дүкенге барып бір жарты арақ алып, қайтып келіп Хайбридің әйеліне тамақ салғызады. Содан ас үстінде Хайбриге қайғылы хабарды естіртеді.
— Келгелі айта алмай қиналып жүр едім. Минникамал қыздарыңыз осыдан жеті-сегіз ай бұрын дүние салған. Артында жалғыз ұлы қалды.
Бұл хабарға ағыл-тегіл еңіреп жыламаса да, әйелімен Хайбри әжептәуір қайғырады.
— Ни, фақыр, — дейді Хайбри.
— Минникамал... Минникамал бағрым... Куре дә алмай қалдым шул сині, — деп әйелі мұрнын тартып көзіне жас алады.
— Ер адамға бала бағу қиын екен. Балаға көз болсын деп, қазақтың заңымен жесір отырған бір жеңгемді ала салдым. Кең балақ қазақылау адам, бірақ әйтеуір балаға пейілі түзу, — дейді Сейілхан ағам.
Сонда жылап отырған Хайбридің әйелі:
— Ни, харап булған икәнсіз, Сейілхан. Өзібіздің татарда бигірәк әйбат хатынлар бар иш, — деп шап ете қалады.
Ауылда осы әңгімелерді айтып жұрт күліп жүретін. Бірақ Сейілхан ағамның Хайбримен туыстығы осымен тынған жоқ. Ол бір жыл барып қаланы қыстап, осы Хайбридің үйінде тұрған. Балсұлу жеңешем жер қозғалса қозғалмайтын салмақты да, сырт адамға тұйық, ол сыр білдірмейді. «Балалы үйде ұрлық жатпас» деген, Сейілхан ағамның барған кезде қорыққаны баласы Шәкмарал екен, біз оны «Шәкім» дейміз, ал, бір ғажабы ол кезде он-он бірлер шамасындағы Шәкім қыс бойы тіпті ши шығармапты.
Шәкім Сейілхан ағама тартқан, бірақ Балсұлудан да құр алақан қалмаған. Бойы ағамнан төмен болатын түрі бар. Балсұлу анамның әкесі Жүніс тәрізді құнжықтау, мінезі де тұйықтау. Сейілхан ағам сияқты ақтарыла қоймайды, көбін ішіне сақтайды, кішкене болса да ісіктеу қабағының ар жағынан қуақы күлкінің ұшқыны тепсініп тұрады: «ішімде бір пәле бар, бірақ айтпаймын» деп тұрғандай.
Шәкім сөйтіп «ішінде жатқан пәлесін» Хайбридің үйіне де ашпаған. Өйткені Хайбриге жиен болғаны Шәкімге қып-қызыл пайда болыпты. Баласыз Хайбри, әйелімен екеуі «жетім» жиенін қатты мүсіркеп жылы — жұмсағын аузына тосады. Кейде Балсұлу ашуланып баласын сабап алса — аналар Шәкімді өз бөлмелеріне кіргізіп алып, «өгей ана өгейлігін істемей қоя ма?» деп, тәтті тамағын аузына тосып бәйек болады екен.
Мен ұзатылып, ұзақ сапарға аттанарда осы қаладан поезға міндік. Сейілхан ағам Шәкімді қасына алып, бізді шығарып салуға ере келді. Алыс ауданнан бізді аямай солқылдатып, ит сілікпемізді шығарып жеткізген жүк машинасы шөгіңкіреп кеткен қоңыр-қызыл қақпалы кішілеу үйдің алдына келіп тоқтады. Біз машинадан жапырлап түсіп жатқанда үйден шүңкиген татар шалы шықты.
— Ашағыз, қызым, ашағыз. Сіз тіптен де ашамадығыз, — деп, содан кейін менімен бірге қайғырып қойды, — Хатын-қызға бигрәк та жырақ шул Белоруссия диген. Анда, мұсылманлар да иоқтыр.
Ойлап-ойлап, түсіне алмай дал болам: Сейілхан ағамның соншама алдағанына бұлар ренжімеді ме екен, әлде ренжісе де... Туыстық қана емес, адамдарды жақындастыратын басқа да нәрсе бар шығар. Солай аралары жақындасып кеткесін Сейілхан ағамның сайқымазақ қуақылықтан басталып ұлғайып кеткен қиянатын кеше салды ма екен, әйтеуір жалғасып кеткен осы жандардың арасы үзілмепті. Үзілмепті деймін-ау, тіпті суымаған да сияқты.
Хайбри әйелімен екеуі бізді поезға мінгізіп салды. «Енді үйді көрдің, танисың, қайтқанда біздің үйге түс» деп әйелі маған қайта-қайта тапсырады.
Енді мінекей, қайтып келем. Осыдан елге аман-есен жетсем. Алғаш ашатын таныс есігім сол Хайбри абзидың есігі болмақ. Ар жағы ел-жұрт, кең дүние.
8
Мінер алдында бізді көп азапқа салып, бірақ мінгізіп алғасын жап-жақсы зырғып кеткен поезд бір-екі станциядан өтпей жатып-ақ жүрісінен жаңылды. Әуелі бір полустанокте екі сағаттан астам кідірдік. Мұндайдағы бір жаман нәрсе поездің қанша тұратынын білмейсің де, вагоннан аттап шыға алмайсың. Әлсін-әлсін есіктен сығалап «қашан жүреді екен?» деп көрші вагондағылардан сұрайсың, олар сенен сұрайды. Осындайда оны-мұны тұспал, жорамал айтушылар да көбейеді.
— Қарсы келе жатқан әскери эшелонды күтіп тұрмыз. Майданға күш керек. Алдыңғы кезек майданға баратқандардікі ғой.
— Алдымыздағы станцияны бомбалап кетіпті. Жолды түзей алмай жатқан көрінеді.
— Жауды тойтарыпты дейді ғой. Сосын несіне асықсын.
Елден шыққаныма төрт айдан асты. Содан бері үйірінен адасып қалған құлындай жалқымын. Рас, қасымда Қасымбек болды, сүйенішім, қармаған жалғыз талым сол, бірақ ол жан-жағымды түгелдей қоршай алмады.
Жолың болғырлар «айт, айт» деп қинамайды. Шын қинаса, менен де айтатын бір нәрселер табылар еді, бірақ оған тілім жетпейді. Қысылып, аз сөйлегенімнен болар, менің орысшам сол мектептегіден онша артылып кете қойған жоқ. Еркін сөйлеу былай тұрсын, әлі тілімді сындыра алмай келем — орыстың сөзін әр әрпін баттитып, сірестіріп айтам.
Біз тоқтағалы екі сағаттан асып кетті. Басында әйелдер «әне жүреді, міне жүреді» деп, елеңдеп, есіктен мойындарын созса да жерге түсуге именді. Поезд ойда жоқта жүріп кетсе қарғып мінуің оңай емес, есігінде басқыш сатысы да жоқ, тек аспалы үзеңгісі ғана бар қызыл вагон. Бірақ уақыт ұзаған сайын мойын созушылар көбейді де, ақыры алдыңғы тұрғандары қарғып жерге түсе бастады. Бірте-бірте вагон босап қалды. Құдай оңдағанда тұрған жеріміз жалғыз үйлі полустанок екен, біздің орнымызды басып алатын бөгде адамдар көзге түспеді.
Қалың орман арасындағы далаңқайға орналасқан төрт-бес үйлі полустанок тып-тыныш, өзге дүниеден, басталған соғыстан аулақ, оңаша. Мұндай жерде соғыстың басталғанын ұмытып та кетесің. Адам баласы қызық қой, әуелгі сәттерде ұзап шығып түзге отыруға қорқып, жақын арадан бұта іздеген жұрт бірте-бірте составтан алыстай берді де, әрі — беріден соң тіпті еркін қыдыратынды шығарды. Сөйтіп біздің әйелдер ұзаңқырап кеткен кезде паровоз оқыс гудок берді. Бәріміз жапа-тармағай вагонға қарай жүгірдік. Құдай оңдап мен алыстап кете қоймағанмын, алдымен келіп міндім. Қалғандары мініп болар-болмастан доңғалақтың тормоздары пышылдап, состав орнынан қозғала берді. Мұндайда әйелдер қандай берекесіз: шыңғырып, бақырып азан-қазан боп жатыр.
Таңсәріде соғыс басталған суық хабарды естіп, содан сәске түске дейін қасқыр тиген қойдай дүрліккен қатын-қалаш поездің жүрісі түзеле келе сабаларына түсейін деген. Үрей мен әбігер де бірден пышақ кескендей тыйылмай, толқыған судай ақырындап барып басылды. Әйелдердің ес жиғаннан кейінгі бірінші еске алғаны — қарбаласта ұмыт қалған, іліп алып кетуге келмеген дүние-мүліктері болды. Екінші ауызға алғандары күйеулері. Әрине, ол, дүние-мүлікті күйеулерінен артық көргендіктерінен емес, әйелдіктерінен — ұрғашы туғанның о бастан жаратылысы солай. Менің басында әдемі болыскей самаурыным
Бар еді, қара шәйнектің шәйін мейірім қанып іше алмаған соң, Қасымбек сатып әперген.
Алас-қапас жанталаста онымен ісім де болмапты, енді қазір кәдімгідей ішім удай ашып келеді. Жұрт сияқты түйіншегімді арқама таңып алғанда — оны да бір қолыммен іле кетеді екем. Елге жеткенде Қамқа әжем рахаттанып бір шайға қанар еді.
Командирлер семьясы үлкен бір ауыл боп тұрғанда — белгілі бір қалыбымыз, әрқайсымыздың өзімізге лайық, өзіміз деймін-ау, күйеулеріміздің қызмет сатысына лайық орын дәрежеміз бар-тын. Мұны әскер тілінде, «субординация» дейді, субординациямыз манағы жан ұшырған сасқалаң кезде тас-талқан боп бұзылып еді, енді тынышталған соң өзінен-өзі қалыбына келе жатыр.
Балалар да ермек тапқан. Өрмелеп, буған-түйген жүктің үстіне шығып, еденде бос орын болмағандықтан шешелерінің үстіне қарғиды. Баяғыдай өзінен үлкен-кіші балаларға бірдей бас болып жүрген «Вовка командир» — штаб бастығының баласы.
— Я командил, я командил, слушай, — деп айқай салады ол.
Оның жіңішке сәби даусы вагон дүрсілінен әзер естіледі, бірақ сонда да балалардың да, аналардың да құлағына тегіс жеткен сияқты. Әр жерден бір бала жүк арасынан қыбырлап, домалап құлап тұрып жатыр. Олардың шешелері де балаларымен бірге ойынға еліккендей.
— Саша, командирің шақырады.
— Андрюша, командиріңнің бұйрығын орында, — деп бәйек болады.
Ал, балалары жоқ кейбір келіншектер:
— Өзі тегін емес, түбі генерал болады.
— Е, майор Масловтың өзі ғой.
— Вовка командир, қаттырақ команда бер, — деп қолпаштап жатыр.
Алевтина Павловна баласына «қой, Вова» деп ұрысқан болады, бірақ ұрысы зәрсіз, тек әншейін көз қылу. Әйтпесе, баласының өзге балалардан сынық сүйем болса да артықшылығына, басқа келіншектердің қошаметіне деген іштей мақтанышын жүзі айтып тұр.
Қошемет деген құрғыр, қаршадай бала тұрсын үлкеннің өзін есіртіп жібермей ме, Вова да жұрт қолпаштаған сайын, әдетінше еліре түседі.
— Стлойся! Шагом алш! Смилно! Шагом алш! — ден айқайлайды.
Екі түйіншектің арасынан қозғаларға жер таппай тұрған екі-үш жасар бір баланы жұдырығымен түйіп қалды.
— Неге тұрсың? Шагом алш!
Ана бала көзі жыпылықтап екі жағына кезек қарады да, жылап қоя берді.
— Қой, Вова, — деп Алевтина Павловна баласына кейіген болады.
— Командир өз жауынгерін ұрмайды. Сен командирсің ғой, Вова.
— Қызыләскерді ұруға болмайды, Вовочка, — деп өзге әйелдер де ақыл айтып жатыр.
Олардың жалынышты шыққан дауыстарына қарағанда Вова емес, өздері бір нәрсені бүлдіріп алған тәрізді.
Түнде бір разъезде таң атқанша тұрдық; одан сәске түске дейін және қозғалмадық. Арт жақтағы майданнан, алдыңғы жақтағы елден еш хабарымыз жоқ, қобалжумен болдық. Бар естігеніміз түс мезгілінде Молотов сөз сөйлепті, Германиямен соғыс шындап басталса керек.
Біз дүрлігіп көтерілгелі тәуліктен асып кетті. Жұрттың алып шыққан азық-түлігі шамалы екен, барлығын кеше түсте-ақ тауысып алған. Үлкендер төзеді ғой, алдымен балалар жағы қинай бастады. Біз тоқтаған полустанокте дүкен, буфет деген жоқ екен. Жарты шақырымдай жерде шағын село тұр, қатындар сол селоға жаутаңдап қарай-қарай көздері талды. Барайын десе поездан қалып қоям деп қорқады, ал поезд болса жүрмей тұрып алды, таң атқалы он барып келуге болатын еді. Ақыры шыдай алмай үш әйел «тәуекел» деп селоға кетті, соның бірі Ираида Ивановна. Кенжесін көтеріп, үлкен ұлын ертті де, ортаншы баласын «қозғалмаңдар» деп вагон ішіне отырғызып кетті.
Қырсыққа бастағанда солай болады ғой, түн ортасынан сиыр сәскеге дейін қозғалмай тұрған поезд, қатындар селоға кіріп кетісімен-ақ гудок беріп, тормоздары пышылдап қозғала берді. Бәріміз жапа-тармағай ұмтылып вагонға мініп алдық. Ең соңғы әйелді қолынан тартып мінгізіп, жайғаса бастаған кезімізде барып, селоға кеткен әйелдер есімізге түсті.
— Қатындар-ау, селоға кеткен үшеуі қалып қойды ғой, — деп дауыстады бір келіншек.
— Мама! Мамам қалып қойды! — деп Ираида Ивановнаның бес жасар баласы Боря айқайлап жылап жіберді.
— Қатындар-ау, енді қайттік?
— Стоп-кранды жұлыңдар, тормоз беріңдер,
— Стоп-кран қайда?
— Қызыл вагонда стоп-кран болушы ма еді?
— Бұл неғылған оңбағандық. Тым болмаса жарты сағат бұрын ескертпей ме?
— Станция бастығын жауапқа тартқызу керек.
Әйелдер азан-қазан, поездің дүрсілін басып, вагон ішін басына көтереді, осы даңғазаға бебеу қағып шырылдап жылаған екі баланың даусы ұласты.
— Мамам қалып қойды! Мамам!
— Мама! Мамочка!
Боряға қосылып Шурик те айқайлап жылай бастады. Света барып екі баланы жұбатып жатыр.
— Жылама, балақайым, жылама. Мамаң келесі поезбен қуып жетеді, — деп алдарқатады сәбилерді.
Кешеден бері қаңтарылын тұрған поезд бауырын жазып, жүрісін түзеп алды, бірақ елге қарай асығып келе жатқан әйелдердің ішінде оған қуанғаны болмады. Вагон ішіндегі даңғаза оқыс тыйылып, жұрт енді үнсіз қалды. Әлденеге айыпты боп қалған адамдай біраз уақыт бір-бірінің бетіне тікелеп қарамады. Бір ғажабы Ираида Ивановнаның екі баласы да, көппен бірге тынышталып, үнсіз отыр. Бастарына түскен төтенше қасіретті сезді ме, әлде шыңғырып жылай-жылай шаршады ма, білмеймін, екеуінің кішкентай денесі шөгіп, сүлесоқ боп томсырайып қалған, тек оқта-текте көздері жаутаңдап бірінің бетіне бірі қарайды да, ұядағы балапандай бір-біріне тығыла түседі.
Осы бір төтен оқиға шырқын бұзып кеткен Елизавета Сергеевна біраз дағдарыстан кейін біздің тізгінімізді қайтадан қолына алды. Ол енді апасынан адасып қалған екі баланың тағдырын таразыға тарта бастады. Бірақ алдымен «тәртіп бұзудың зардабының осындай пәлеге әкеп соғатыны» жайлы біздерге біраз ақыл айтып алды.
— Ираида Ивановнаның қуып жетуіне менің үлкен күмәнім бар, — деді Елизавета Сергеевна. — Өздеріңе мәлім қазір жағдай қиындап тұр. Еліміз соғыс жағдайына көшті. — Елизавета Сергеевна тағы да әдетінше күйеуіне еліктеп әскери тілмен сөйлеп тұр. — Сондықтан да біз мына екі баланың тағдыры жөнінде дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Кімнің қандай ұсынысы бар?
Өз тағдырларын шешуді Елизавета Сергеевнаның қолына беріп қойып, Шурик пен Боря сол томсырайған күйі үнсіз отыр. Әйелдер де мынадай қиын жағдайда не айтарын білмей дағдарған түрлері бар. Бірақ заты әйел емес пе, көп үнсіздікке шыдамады, біреуі бастап еді, бәрі бірдей жамырап қоя берді.
— Келесі станциядан қалдырып кетейік, анасын тосып алсын.
— Денің сау ма? Титтей бала не біледі? Адасып өлмей ме?
— Далаға таста деппін бе? Станцияның бастығына тапсырып кетеміз де.
Мынау алас-қапаста станцияның бастығы бала баға ма? Айтады екен-ау...
Жә қойыңдар, — деп, жамырап баратқан қатындарды Алевтина Павловна тоқтатты. Москваға дейін өзімізбен бірге апарамыз. Ар жағын сосын көрерміз.
Әйелдер осы сөзге тоқырап су сепкендей басылды да Елизавета Сергеевна басшылықты қайта қолына алды.
— Алевтина Павловнаның айтқаны дұрыс, әйел жолдастар. Бәріміз осыған қосыламыз ғой? — Бір ғажабы ернін шымшып сөйлейтін Елизавета Сергеевнаның әлсіздеу ащы даусы вагон дүрсілінің арасынан жұртқа тегіс естіліп тұр.
— Қосыламыз.
— Басқа не айтатыны бар.
— Қаршадай сәбилерді далаға тастаймыз ба? — деп қостап жатыр әйелдер.
— Ендеше біз бұ балаларға қамқоршы тағайындауымыз керек, — деді Елизавета Сергеевна.
— Қамқоршысы несі тағы. Бәріміз ортамызға алып бармаймыз ба?
— Иә ортамызда болсын.
— Жоқ, әйел жолдастар, олай болмайды. У семи нянек дите без глазу. Персонально жауап беретін адам керек, — деді Елизавета Сергеевна. — Күтпеген жағдайлар болып қалуы мүмкін. Бізде басы бос әйелдер аз емес. Света, Шурикті сен қолыңа аласың. Лида, Боряны сен бағасың.
Әйелдер басшысының бұл тәртібіне үнсіз келісім бергендей.
— Боря, балақай, Лида апайыңа бара ғой. Сен енді Лида апайыңмен бірге боласың. Оның айтқанын тыңда, — деп Елизавета Сергеевна Боряны иығынан сипап тұрғызбақ болды.
— Бармаймын. Бармаймын. Шуриктен кетпеймін, — деп Боря еңіреп жылап қоя берді.
Әйелдердің алдап-сулап жұбатқанына да болмайды, ағасының қолтығынан тастай қылын жармасып алған.
— Бармаймын, Шуриктің қасында болам, — деп шыр-шыр етеді.
Света шыдай алмады білем:
— Сәбиге тимеңдерші енді. Ағасымен бірге болсын. Нәзира екеуміз бірігіп бағармыз, — деді.
Боря біраздан кейін барып өксігін басты да, кішкентай ағасының бүйіріне басын қойып ұйықтап қалды.
Біреудің қайғысы жаныңа батқанмен, өз қайғыңдай ұзаққа бармайды. Анасынан адасып қалған екі сәбидің қасіретіне «аһылап, оһылаған» әйелдер көп ұзамай-ақ өз тіршіліктеріне кірісті. Тіршілік дегенде сірескен тар вагонның ішінде не тіршілік болсын, түйіншектерін шешіп қайтадан буып түйеді, бірақ о да ұзаққа бармайды, содан кейін ауыздары жалпылдап әңгіме соғады, мұнысы енді таусылмайды.
Шурик пен Боря дәл менің алдымда. Алты жасар Шурик інісін оятып алам ба деп қорқып, қыбыр етпейді. Аузынан су ағып, пысылдап ұйықтап жатқан Боряға ауық-ауық көзінің қиығымен қарап қояды. Бір дөңбекшігенде інісінің басындағы пилоткасы жерге түсіп кетіп еді, бөксесін қозғамай жайымен ғана қолын созып алды да, басына қайта кигізуге оятып алам деп қорқып, тізесінің үстіне қойды. Алты жасар баланың әп-сәтте қамқоршы боп есейіп шыға келгеніне қайран болдым.
Осы екі бала енді қайтып анасына қосыла ма, жоқ па? Бала қасіреті тез ұмыт болады дейді. Әнекей, Боря ұйықтап кетті. Баланың аты бала ғой, қайғыны тез ұмытатыны да рас. Бірақ сәби жүрекке түскен қасірет.
...Жеті жасар кезімде бес жасар інім Жұмашпен дәл осылай бір-бірімізге тығылып отырып ұйықтап қалғанбыз. Ертеңгісін алдымен мен ояндым. Киіз үйдің ірге жағында, текеметтің үстінде жатыр екенбіз, бір қамқор қол басымызға жастық салып, үстімізге көрпе жауыпты. Мен Жұмашты керегеге қысып тастаппын. Мен оянған кезде ойымда еш нәрсе жоқ басым қақырап бос тұр. Көзімді ашып үйдің уығына, одан шаңыраққа қараймын. Ашулы түндіктен көкпеңбек мөлдір аспанды көріп, кеудеме белгісіз бір қуаныш лықсығандай болды. Киіз үйде ұйықтағанда таңертеңгілік шаңырақтан саф таза көк аспанды көріп қуанып оянатын әдетім еді, бүгін де сол қуаныш лықсып келе жатты да кенет...
Кенет әлдененің ойсырап қалғанын сездім. Күндегі әдетімше көңіліме лып еткен қуаныштың арты құлазыған далада жалғыз қалғандай үрейге айналды. Бойымды мұздатып, адам шошығандай жаман бір нәрсе келе жатты. «Апа... Апам жоқ,.. Апатайым...» Осы сезім жүрегімді тіліп өтті де, еңкілдеп жылап қоя бердім. Білмеймін, ащы даусым шықты ма, әлде солқылдап үнсіз жыладым ба, әйтеуір бір кезде Қамқа әжемнің құшағында отыр екем.
— Айналайын, мауқыңды бас. Қайтейін деп едің... Анаң ғой. Қанша, «әжемнің баласымын» десең де, шыққан жері құрғыр қиын ғой, — деп Қамқа әжем шашымнан, жотамнан сипайды.
Қамқа әжемнің қолы да, сөзі де жұмсақ — жаныма жағып барады, тағы да ұялмай, қысылмай жылағым келді. Біраз жылап алғасын бір түрлі тазарып шыққандай бойым жеңілдеді. Жұмаш әлі ұйықтап жатыр, еш нәрсені сезер емес.
— Жұмашжан әлі кішкентай ғой. Еш нәрсені түсінбейді. Өсе келе біледі ғой бәрін, — деді Қамқа әжем. — Аналарыңды жоқтатпаймын дегенмен... бір бүйіріңде жатады ғой құрғыр. Қанша елпектегенмен туған шешедей қайдан болсын.
Қамда әжемнің осы сөздері құлағымда қалды, бірақ мен ол кезде бұл сөздердің мән-мағынасын ұққан жоқ едім, оның түсінігі есейе келе, кейінірек барып жетті маған.
9
Басында составымыз шағындау еді, жүре келе ұзарып барады. Шамасы келген станция осы поездің құйрығына бір нәрсесін іліп жібереді. Алғаш аттанғанда вагонымыз соңына таман еді, енді ұзын поездің орта тұсына келіп қалыппыз. Арт жақта да ала-құла, ашық — жабық вагондар, екі-үш жерде қарайып цистерналар да көрінеді. Вагон іші де тарылып барады. Қатындар қанша бажылдағанмен үстімізге біраз адам мінді. «Көңіл сыйса...» дегендей әйтеуір сыйып жатырмыз.
Бізді қинағаны вагонның тарлығы мен поездің сыртқы жүрісі: және бір қиыны бізді үлкен станцияға кідіртпейді, қайдағы бір жалғыз үйлі разъезге әкеліп қаңтарып тастайды. Кейінірек білдік, үлкен станцияларда поезд көп үйіріліп қалса жау самолеттері бомбалап кетуі кәдік екен. Әрине бәрі біздің қамымыз ғой, бірақ бас аман болғанмен хәліміз онша емес, азық жағы қинап келеді. Ал оның кесірінен екі-үш әйеліміз қалып та қойды. Өзіміз шыдармыз-ау, Света екеумізге салмағын артқан Ираида Ивановнаның екі баласы қиын боп келеді. Бір жақсы жері байғұстар мазасыз емес, монтиып отырады да қояды. Әйтсе де жаутаңдаған көздерінен танимын — қарындары ашып-ақ келеді. Бір полустанокте Света жұрттан бұрын қарғып түсіп, айналдырған екі-үш үйге жүгіріп барып екі тілім нан алып келді. Аналар да бермейін демейді-ау, бірақ поезд үлкен, Светамен жарыса жиырма шақты әйел жүгірді, олардың қайсысына жеткізсін; қолда бар екі-үш таба нанын жұқалап пышақ үстінен үлестіріп берген.
Света бір тілім нанды екі балаға бөліп берді де, бір тілімін қиқымын түсірмей алақанына салып ұстаған күйі маған қарады. Қара нанның қышқылтым исі танауымды жыбырлатып жүрегім сазып қоя берді, тіпті солқылдатып қолқам суырып барады. Осы кезде «Вовка командирге» еріксіз көзім түсіп кетіп еді, шолжың ерке бала, бір түрлі жуасып бізге телміре қарап тұр екен, Светаға көзіммен соны нұсқадым. Света жұқа өңі қызарып, ыңғайсызданып езу тартты да нанын Вовкаға ұсынды. Вовка нанды қарбытып бір асап алғаннан кейін барып, аузы балпылдап:
— Спасибо, тетя Света, — деді.
Әуелгі кездері поездің жүрісіне, дұрысырақ айтқанда тұрысына, әйелдер қатты ызаланды. Темір жол біткеннің үлкенді-кішілі барша бастықтарын түгел саралап, бәрінің сазайын сөзбен беріп шықты. «Осындай қым-қуыт кезде, соғыс жағдайында осынша салақтық жасаған... Бұл жай тәртіпсіздік емес тура зиянкестік... қылмыс... Ендігі Москваға екі баратын уақыт болды... біз әлі екі жүз километр ұзап шыға алмадық... Тәртіп... тәртіп жоқ». Осы сияқты мірдің оғындай дәл тиетін дәлелді сөздер аямай-ақ айтылды. Бұған қоса Қасымбекке еріп осы жаққа келгелі менің құлағыма шалынған: «Расхлябанность», «разгильдяйство», «размазня» деген сияқты командирлердің өздерінен төмендерге кейігенде айтатын әдемі сөздері де кетіп жатыр. (Басында «расхлябанность», «разгильдяйство» деген сөздер маған сондай әдемі көрінуші еді, кейін мағынасын сұрастырып білсем онша жақсы сөз болмай шықты).
Бірақ ашу — ыза да саябырсып барып басылды. Әйелдер енді «басқа түссе баспақшы» деп бұл жағдайға да мойын сұнған түрлері бар. Мойынсұнбағанда қайтеді, біздің көзімізге көрініп, қолымызға түспейтін темір жол бастықтарына қашанғы шабалаңдай береді.
Біз екінші тәулікке қарағанда не бары төрт-бес үлкен станциядан, екі-үш кішігірім қаладан өттік. Менің бір байқағаным үлкен станцияларда абыр-сабыр, аласапыран: артынып-тартынып, чемодан, түйіншегін арқаланып жүрген халық. Арлы-берлі жүгірген темір жол қызметкерлері, көбінің даусы қарлығып біткен. Соңынан жүгіріп, жан алқымға алған жұртқа жауап беруге де мұршалары жоқ, қолдарын бір-ақ сілтейді. Ашық платформаларға, қызыл вагондарға жүк әкеп тиеп жатқан жүк машиналары гүжілдейді. Кейде әскери эшелондар да кездесіп қалады. Мынау аласапыранда лоблыған көңілді орнықтыратын солардың сабырлы кескіні.
Ал, кішкентай разъездер мен полустаноктерге тоқтағанда түсінде азан-қазан, аласұрған тобырдың ішінде жан ұшырып келе жатқанда оянып кеткендей — көңілің орнығып, жаның жай тауып қалады. Қыраттың баурайында шыққан көк шалғында қаннен-қаперсіз жайылып жүрген сиыр мен ешкілерді көріп, аузын ағашпен өрген құдықтан аспалы қауғамен су тартып жатқан әйелдерді көріп — кешегі бейбіт өміріне қайтып оралғандай боласың. Осы дүрлігістің бәрі түсіңде көрген оқиғаға ұқсап кетеді.
Балалардың бұрын мен аңғармаған мінездері көп-ау деймін, кішкене нан жеп, сусын ішіп алған соң Шурик інісі Боря бұрынғысынан өзгерейін деді. Өңдеріне нұр жүгіріп, көздері жылтырап бір-біріне күлімсірей қарайды.
— Шурик, Шурик, екеуміз жасырынбақ ойнайық, — деп жалынды Боря.
Шурик те жасырынбақ ойнағысы келіп орнынан тұрып, көзі жыпылықтап жан-жағына қарап еді аяқ аттар жер жоқ.
— Жасырынбақ ойнайтын жер жоқ қой, — деді Шурик күрсініп.
— Менің жасырынбақ ойнағым келеді, — деп қыңқылдады Боря.
— Көрмейсің бе, айналатын жер жоқ, — деп кейіді Шурик үлкенсіп.
Содан кейін інісінің жыпылықтаған көзін көріп аяп кетті ме, не қыларын білмей, кішкентай қабағын шытып ойланып тұрды да:
— Боря, Боря, таптым. «Сүзеген ешкіні» ойнайық. Кәне, сен баста, — деді.
— Ой, жақсы болды, жақсы болды, — деп Боря қуанып қолын шапаттады. Содан соң екі саусағын шошайтып, мүйізше кезеп:
— Идет коза рогатая... — деп бастап ала жөнелді.
Екеуі мәз болып, шықылықтап күліп, бір-бірін кезек қытықтап, әрі-беріден соң алыса бастады.
Осы кезде арт жақтан жеткен бір поезд жанап өте берді. Әуелі мен де оны елемеп едім:
— Ой бабоньки, мына поезд арттан қуып жетті ғой, мұнда Ираида Ивановна болуы мүмкін ғой, — деп есік алдында тұрған бір әйел дауыстап жіберді.
Шешесінің атын естіп екі бала «мама, мама» деп айқайлап есікке қарай ұмтылды. Света екеуміз до есіктің жақтауына жармастық. Қызыл вагон тіркеген ұзын состав өтіп барады. Жүк тиеген поезд болғанымен ашық платформаға, қызыл вагондарға сығылысып мінген адам да аз емес. Екі үлкен вагонға сиыр тиеген, оған жалғас үш-төрт жолаушы вагоны кетіп барады. Вагон ішіндегілердің кейбіреулері терезеден қарап тұр. Бірте-бірте поездің жүрісі үдей берді. Бір терезенің ар жағынан бала көтерген әйелдің бет-жүзі көрініп қалды, Ираида Ивановнаға ұқсай ма...
— Анау Ираида Ивановна емес пе? — деп дауыстап қалды бір әйел.
Таныды ма, әлде әйелдің сөзіне елікті ме, екі бала:
— Мама, мама... — деп шырылдады.
Бірақ ол вагон жалт етіп өте шықты да сәлден кейін составтың құйрығы да бұлаң етіп алдымыз ашылып қалды. Алдамшы үміт жер соқтырып кеткендей, жаңа ғана топырлап айқай салған әйелдер, су сепкендей басылып сұлық тұр. Осы төбеге ұрғандай тыныштықта тек Боряның ғана «мама... мамам қайда?» деп жыламсырай қыңқылдаған даусы естіледі.
— Қыңқылдама! Тыныш отыр, — деп Шурик ағалық істеп, інісіне кәдімгідей жекіріп тастады.
Боря ағасына жаутаңдап қарады да, қоя қойды.
Осы екі сәби аналарынан ажырасқалы тәулікке жуықтады. Аналарына қайтып қосыла ма, жоқ па, ол арасы маған неғайбыл. Сағат сайын жағдай қиындап бара жатқан сияқты, жол бойғы дүрлігіс те күшейіп барады. Немістер біздің майданды жарып өтіпті деген қауесет расқа айналған түрі бар. Үлкендер сезген қауіпті балалар сезе қоймайды ғой, көңілдері келгенде өзге дүниені ұмытып, мәз-мәйрам болып ойнап та кетеді, әйтсе де көптің тұнжыраңқы көңіл күйі бұларға да шалығын тигізетін сияқты. Екі бала да ауық-ауық шешелері есіне түсіп, әсіресе естияры Шурик үндемей, телміріп отырып қалады.
— Шурик, неғып отырсың? Бері кел, ертек айтайын мен сендерге, — деп Света шақырған кезде, бір сәт еш нәрсе түсінбегендей бажырая қарайды да, содан селт етіп:
— Ертек пе? Қандай ертек айтасың, Света апай? — ден, басындағы ойын сілкіп тастап, тез сейіледі.
Ал, Боряның бір жас кішілігі тіпті айқын көрініп тұр — оның ішке бүгетін еш нәрсесі жоқ. Шешесі есіне түскенде «мама... мамам қайдан келеді?.. Мамама барғым келеді...» деп қыңқылдай бастайды, бірақ бір нәрсеге алаң қылып, алдарқатып жіберсең уайымын тез ұмытады.
Біз қанша қамқорсынғанмен бұл балалар Света екеумізге бауыр басып кете қойған жоқ, айтқаныңды істеп, тіліңді алмай артыққа жақындамайды. Ұйықтар алдында аяп кетіп Боряны бауырыма басып жатып едім, пысылдап жылап жатты да, ағасының бүйіріне барып тығылды.
Бip үйдегі балалар тай-құлындай тебісіп, асыр салып ойнап жүрген қуанышты шағында бір-бірінің қадірін білмейді, төбелесіп те, татуласып та жатады. Қадірін білмейді емес-ау, әншейін алаңсыз көңіл еш нәрсені ойлатпайды. Қайғы үлкендерден гөрі, сәби балаларды қаттырақ табыстырып жіберетінін мен өз басымнан кештім.
Анам қайтыс болғаннан кейін біздің үйдің іші үңірейіп қалғандай болды. Үйдің іші деймін-ау, бүкіл ауыл құлазып тұрды. Үйге кірем, сыртқа шығам, өзімді қоярға жер таппаймын, ауыл сыртына да шығып кетем. Әйтеуір қайда барсам да бір нәрсе жетпейді. Не жетпейтінін де білмеймін. Кейін есейіңкірей келе күшігінен айрылған итті көргенім бар. (Ауылда ит көбейіп кеткен соң, ауыл адамдары жаңа туған күшіктерін қапқа салып, аузын байлап суға тастаған). Сол ит өзін қоярға жер таппады. Күшіктерінің жатқан орнын иіскелейді, бір ауық өзен жаққа барады, бір ауық қырға шығып ішегін бұралтып ұлиды кеп, сосын қайтып келіп ескі жұртын тіміскілеп қыңсылайды. Менің сол кездегі хәлім дәл осыған айнымай ұқсайтын. Менің де ішімде ит ұлып жатты.
Қамқа әжем шақырып алып бетімнен сүйеді, баурына басып, маңдайымнан сипап біраз отырады. Менің хәлімді біраз түсінгені ғой, әйтпесе ол кісі баланы көп еркелетпейтін.
Аз уақыт алдарқатқанмен Қамқа әжемнің ықыласы да көңілімдегі ойсырап тұрған қуысты толтыра алмайды. Әрине, кішкене бала өне бойы қайғыра бермейді, мәз болып ойнап та кетесің. Алғашқы кезде бала қасіретінің мақтанатыны да болады екен. Ауыл адамдарының, әсіресе әйелдердің саған деген ықылас-пейілі өзгеріп кетеді. Әншейінде сені баласынып көзге ілмейтін әйелдер, енді сен келе жатқанда сыпсыңдап соғып отырған не бір қызық әңгімесінен пышақ кескендей тыйылып, жаңа ғана жылтырап тұрған жүздерін қасірет реңі шалып: «е, Нәзира айналайын, келе ғой, кел», — деп ерекше елпілдеп, бұрын сен байқамаған жақын пейілін танытып, — кебеже түбіне тығып жүрген тәттісі мен дәмдісін аузыңа тосады.
Қайғылы бала қатарынан бөлініп, бұрын көптің бірі болса, енді көптің көз тіккен, қабағын баққан қарасына айналады екен. Оның қасіретінің лебі төңірегін шарпып жүреді — ол келе жатқанда балалардың айқай-шуы, күлкісі тыйыла қалады. Осылай ащының арасында аузыда бір тиіп қалған тәттідей сәбидің қайғылы көңіліне мақтаныш енеді.
Бірақ күні бойы өзіңді қайғыңмен бірге қампитып жүрген бұл мақтаныш баянды емес, кешке қарай, жатар орынға келгенде, тағы да құлазып қаласың. Қамқа әжемнің құшағы да үңірейіп тұрған сияқты, азынаған бойыңды жылытпайды. Сол кездегі менің ішім жылып, ең жақын тартқан адамым — інім Жұмаш. О да, осы Боря сияқты, бес жаста болатын, еш нәрсенің байыбына бара алмайды, бірақ сәби жүрегі басына түскен бақытсыздықты сезеді. Ағасын жоқтайды. Сонда өзге адамнан гөрі маған келіп тығыла беретін.
Бір үйде тетелес өскен бала — жиі-жиі төбелесіп те қаласың. Ол менің ызама тиетін, ойыншығымды бүлдіретін, шүберек қиындысынан безендіріп киіндіріп қойған қуыршағымды бұзып тастайтын, тиіп кетсең бақырып, апама барып арыз айтатын, мен де есемді жібермей оңаша жерде жақсылап шымшып, кейде сабап алатынмын, апам қайтыс болған күннен бастап екеуміз төбелеспейтін болдық. Татулықты кімнің бастағанын білмеймін, әйтеуір Жұмаш бұрынғыдай менің ызама тимейтін болды. Енді оған ойыншықты өзім бергім келіп тұрады. Қолыма іліккен асық, топайды, әдемі таяқ, шыбықты Жұмашқа әкеліп бергенді жақсы көрем. Жұмаш та менің қуыршақтарымды тарпа бас салып алып қашатын мінезінен тыйылып, алғысы келсе жаутаңдап бетіме қарап өзімнен сұрайтын болды.
Жұмаш өзі қатарлы ер балалармен ойнауын сиретіп, маған үйірсектеп, асық атудың орнына қуыршақ ойнайтынды шығарды. Мен де Жұмаштың қасымда болғанын жақсы көрем. Ер бала мен қыз баланың ойыны жарасып бірге ойнауы қиын ғой, әр бала өзінің табиғатына тартады. Ал, біз ағайынды екеуміз тіптен жұп жазбайтын болып алдық — біріміз жоқ болсақ біріміз елегізіп іздеумен боламыз. Әрине, бірге туғанның аты бірге туған ғой, бірақ қаршадай екі баланы осынша жақындастырып кеткен, сәби басына ерте түскен қасірет болар, сірә.
10
Ақыры біз де үлкен станцияға келіп тоқтадық. Аумағына қарағанда қала болуы да мүмкін, аты-жөнін біле алмадым. Кейінірек тіркелген біздің вагон маңдайында аты жазулы вокзалға едәуір-ақ жетпей тоқтады. Әйелдер есіктен мойындарын созып:
— Бұл қай станция?
— Бұл қандай қала?
— Қай жерге келдік екен? — деп бір-бірінен сұрайды.
Менің білуге құштарлығым да шамалы, атын айтқанға бұл жақтың қай қаласын біліп жатырмын, әйтеуір елге жақындай берсек болды-дағы. Станция шынында да үлкен екен, тарам-тарам темір жолдың саны жеті-сегізге барады-ау деймін. Бірнеше составтар тұр, көбі қызыл вагондар, араларында кілең көк вагон тіркеген бір жолаушы поезы көзіме оттай басылды. Екі-үш вагонды тұмсығымен итеріп маневр жасайтын паровоз кетіп барады. Түтіні будақтап пыс-пыс етіп біздің жанымыздан өте беріп, құлақ — шекемізді жарып айқайлап кеп жіберді.
Осындайда бәріміздің вагонның есігіне топырлайтын жаман әдетіміз бар, жұртпен бірге мен де ұмтылам. Қапелімде, өз жағдайымды ұмытып кетіп, опық жейтін әдетім, қазір де қатындар жан-жағымнан сығымдап, бүйірімді қысып барады. Тершіген жұмсақ ыстық денелердің арасынан ұмтылып шыққым келіп кейін шегіне бердім. Біреуінің қолтығының қолаңсасы қолқамды атып барады, жүрегім айнып басым айналып кетті. Дүниеде осы иісшілдігім-ақ жаман.
Сығылысқан әйелдердің ортасынан сытылып шығып «уһ» деп қара күңгірт вагонның бұрышына отыра кеттім.
— Босқа топырламай жерге түссеңдерші, түге. Жарық дүниені көрейік, — деді бір әйел.
— Бәсе, неғып тұрмыз қатындар-ау, түссеңдерші, — деп қостады біреуі.
Әйелдер жапырлап жерге түсе бастады. Қарғып балалар да түсе бастады. Вагонның босағасында Елизавета Сергеевна шырылдайды:
— Тәртіп сақтаңдар, әйел жолдастар, тәртіп сақтаңдар.
— Қайдағы тәртіп?
— Тәртіп деп қапырық вагонның ішінде тұншығып өлеміз бе?
— Біздің поездің қанша тұратынын білмейміз, — деді Елизавета Сергеевна бұрын мен естімеген бір жалынышты үнмен. — Ираида Ивановна сияқты қалып қойып жүрсеңіздер кім жауап береді?
— Ендеше барып білу керек.
— Иә, дұрыс айтылған сөз. Жүріңдер барып білейік.
Бірнеше әйел Елизавета Сергеевнаның жарлығын күтпестен вокзалға қарай аяңдады, өзгелері де алақтап, кеткісі келіп кете алмай тұр.
— Жолдастар-ау, сендер ауылдың қатыны емес, командир әйелдерісіңдер ғой. Неге беталды кетесіңдер. Бұлай етуге бола ма? — деп шырылдайды Елизавета Сергеевна.
Бұл жолы оның дауысында баяғы әмірлі еркелік жоқ, дәрменсіздік қана бар. Содан болар, анау әйелдер кетіп қалды, қалғандары да онша құлақ асып тұрған сияқты емес.
Енді мен де жерге түстім. Света екеуміз жоғалып кетпесін деп екі баланы қолынан ұстап тұрмыз. Төрт жасар «Вовка командирін» көтеріп, жұрттың соңын ала Алевтина Павловна да сыртқа шықты. Бес-алты әйел вокзалға қарай кетіп қалды. Қалғанымыз не қыларға білмей іркіліп тұрмыз, тегі біз де ыдырап кететін сияқтымыз.
— Соғыстан бұрын аштан өлетін болдық қой, — деді Алевтина Павловна күйінішті дауыспен. — Баласы жоқ әйелдер барып дүкеннен тамақтан өтетін бір нәрсе алып келсін. Кәне кім барады?
Әйелдер Алевтина Павловнаны қостап «мен барам», «мен барам» деп шуылдасып жатыр.
— Ендеше қазір сендерге ақша жинап береміз, — деді Алевтина Павловна сумкасын ақтарып жатып.
Елизавета Сергеевна байғұс жұрт жаппай қолпаштап жүргенде ғана әруақты екен, қазір ешкім елемеген соң, шүңкиіп бір шетте қалды. Алевтина Павловна бес-алты әйелді сақадай сайлап бөліп алып жұмсап жіберді.
— Осыдан құр қол келіп көзге көрінуші болмаңдар, — деп әмір етті.
Алевтина Павловнаның тырсиып шертіп тұратын шымыр денесі босаңқырап қалғандай көрінді маған. Әдемі жүзінің нұры қашып, көз айналасына көлеңке түсіпті. Вовка — командир шешесінің етегіне тығылып үнсіз тұр, баяғы есірген еркелігі бір жақта қалған. Кешеден бері осы бала асыр салып еркелеу тұрсын, ойыннан да қалды — тіпті назары төмен.
Станция басының абыр-сабыры бізді таңдандырған жоқ. Жол бойы мұндай аласапыран, алас-қапасқа көзіміз үйренетіндей болды. Қара май басқан шпалдар мен рельстерге сүрініп, вагондардың буферлерінен қарғып, босып жүрген неше түрлі халық. Қызмет атқарып, тәртіп беріп, ic тындырып жүргендерінен бас сауғалап, қайтсе де кету үшін жан ұшырып жүргендері анағұрлым көп. Осыны көріп, жаманат хабар расқа шықты-ау» деп тұла бойың мұздап қоя береді. Мұнда топ-топ болып ұйымдасып келгендерден гөрі не де болса өз талайынан көрмек боп жапа-тармағай жүрген «жекелер» көп тәрізді. Сол «жекелердің» біразы біздің вагонға келіп еді, бажылдап кіргізбедік. Олар саяқ жүрген жалғыз-жарым болғандықтан күшке сала алмады, ал жалынып-жалпайғанға біз жібімейтін болып алғанбыз.
Он бес қаралы адам үйірін бұзбай біздің составты жағалап келеді. Әр вагонның алдында бір тоқтап — ашық болса, ішіне мойындарын сұғып көріп, кейде вагон есігінің алдында кежілдесіп тұрып алады. Сол топ енді бізге жақындады. Бастап келе жатқан бір-екі адам киім киісі мен келбетіне қарағанда әжептәуір бастық болар, сол екеудің жанында не әскердікі, не милицияныкі екенін ажырату қиын қоқырайған қызыл фуражка киген біреу келе жатыр. Бұтында галифе шалбар, бірақ аяғында етік емес ботинка, үстінде жеңі қысқа, иығы тыртиған тар бешпент. Жай адамға да, әскер мен милицияға да ұқсамайды, кім екенін құдай білсін. Бәрінің қолдарында чемодан, бума-бума заттар, арқаларына да түйіншектерін артып алған. Бұл топтың жартысынан көбі әйел екен. Кейбіреулері, шамасы, буып-түйген заттарының ішіне сыйғыза алмаған болу керек, қыс пальтоларын үстіне киіп алып, ағыл-тегіл терлеп келеді.
Meн осылардың түр-түсін қызықтап қалыппын да еш нәрсе ойламаппын, қауіпті алдымен сезген Елизавета Сергеевна болды.
— Қыздар-ау, — деп баж ете қалды ол. Сасқанынан «жолдас командир әйелдері» деуді де ұмытып кетті.
— Қыздар-ау, тез орындарыңа сақ болыңдар, келіп қалды, — деді Елизавета Сергеевна сасып.
Әйелдер топырлап вагонға мініп болмай жатып әлгі топ біздің қасымызға келді. Қызыл фуражка кигені әккі неме екен, мініп жатқан әйелдермен араласа вагонға бас сұғып көрді де:
— О, мұнда орын жетеді екен, — деді.
— Онда сіздермен көрші болсақ қайтеді? — деді іштерінде жас ортасынан асқан инабатты кісі сыпайы ғана.
Біздің әйелдер баж-баж ете қалды.
— Өзіміз сыймай келе жатырмыз.
— Ине шаншарға жер жоқ.
— Дегенмен, жолдастар, ойланайық. Жағдай қиын ғой. Қысылып-қымтырылып.
Біздің әйелдер бұрынғыдан бетер шырылдап ала жөнелді.
— Станислав Янович, бұлай шаруа бітпейді. Айтқан сөзге түсіне ме бұлар. Кәне басып кіреміз, — деп қызыл фуражка вагонның есігіне қарай ұмтылды.
Жаңағы шулаған шулаған ба, біздің әйелдер енді бүкіл станцияны басына көтере шарылдап, азан-қазан болды. Вагон ішіндегілер қызыл фуражканы жиырма шақты жұдырықпен түйгіштеп, жердегілер етегінен тартып, ақыры айдап шықты, қызыл фуражка домалап жерге түсті. Жеңіс біздікі болды.
— Бұл ерекше вагон.
— Адамдарымыздың жартысынан көбі вокзалда жүр. Қазір келеді.
— Бұл командирлер семьясына берілген арнаулы вагон, — деп әйелдер тұс-тұстан жамырай сөйлеп жатыр.
Бұл сөздер бір жағынан ет қызуымен айтылып жатса, екінші жағынан мына келгендердің бетін қайтарып, жаңағы жеңісті шегелей түсудің қамы еді.
Бірақ біздің мұнымыз алғашқы жеңіс қана боп шықты, тіпті жеңіс екені де неғайбыл. Аналардың ішінде таудай бір ірі әйел теңкиіп бірден көзге түскен — шашын келте қырыққан, жалаң бас, желкесіне тарақ түйреген, етшең ірі жүзді, май мұрындау келген қайқы тұмсық, үлкен иегінің оң жағында бір буда қыл өскен бармақтай қара сүйелі бар. Шілде мезгілі болса да қалың пальто киген, — арқасына тағын алған үлкен бір бума түйіншегі бар, қолында тақтайдан шегелеген үлкен чемодан, — ағыл-тегіл терлеп үнсіз тұр еді, — қызыл фуражка домалап кеткен соң, енді сол қозғалды.
— Арнаулы вагон... ерекше вагон... көрдіңдер ме? Сондай-ақ сендер кімнің шікіресі едіңдер, — деп гүж ете қалды таудай әйел. Өзінің денесіне сай даусы да жойқын екен.
— Біз, командирлердің әйелдеріміз... — деді біздің ішімізден біреу. Кім екенін байқай алмадым, әйтеуір кім де болса даусы мықты шықпады.
— Һi, командир әйелдері... — деп кекетті таудай әйел. — Командир әйелі... Сөздерін қарашы түге... Сонда біз немене, кім көрінгеннің астында аунап жатқан біреуміз бе? Қарашы-ай, бұларды. Кәне, қатындар, мініңдер вагонға. Көрейін әуселесін.
Таудай әйел саңқылдаған зор даусымен өзгелеріне әмір етті де тура вагонға қарай ұмтылды. Біздің әйелдер тіпті сасқанынан үндей алмай қалды. Есіктің алдында тұрған Елизавета Сергеевна шырылдап бір нәрсе айтқысы келіп еді, алқынып даусы шықпай аузын аша береді. Сасқалақтап жан-жағына қарады, көзі бір шеттегі, манадан құдай сабыр беріп үндемей тұрған ұрысқақ Мусяға түсті.
— Муся, қалқатай, жарығым, сен... сен бір нәрсе деші мынаған, — деп жалынды.
Вагон есігіне қарай төніп келе жатқан таудай әйелге қарсы, арық шібіштей қатып қалған, бір шөкім Муся шабалаңдап шыға келді.
— Сен, қатын, кімді басынасың-ай. Таудай болған ет пен майыңнан қорқады деп пе едің, мына жұрт? Әукеңді созба, тарт әрі. Командир қатыны деп кекетеді ғой. Көрсетейін мен саған кекеткенді. — Муся шабалаңдап кетіп жатыр, оның жіңішке ащы даусы құлаққа істіктей қадалады.
Бірақ ана дәу оған тынатын емес.
— Прыс... Мына бір шәукілдегі қайдан шықты. Кет былай есіктен, болмаса лақтырып жіберем. Бүрісіп қалған көк тулақ.
— Кәне, лақтыршы! Көрейін күшіңді! Борсып кеткен ет пен май! Екі көзіңді ойып алайын. Терлеп-тепшіп, қарашы өзін. Сенің қолаңсаңды иіскейміз бе?
Біз Света екеуміз вагонға міне алмай қалып, екі баланы ұстап шеттеу тұрмыз. Есік аузында екі әйел шарт та шұрт ұрсысып жатыр. Дүрегей төбет пен қанден иттің айқасқаны сияқты. Бip шөкім Мусяң болатын емес, тіпті ана дәудің беті қайтып барады.
Кісі деген қызық қой, кейде қияметте де қалжың айтатын шығар, арт жақтан біреу айқайлайды.
— Дәу апаңды мінгізіңдер! Осынша ет пен майды қалай қиып тастап кетесіңдер немістерге!
Біз өз қызығымыз өзімізге жетіп жатқасын еш нәрсені байқамай қалыппыз. Айқай-шу, бақырған дауыстар жамыраса қалың жұрт үріккен жылқыдай дүрлігіп жүр. Поездағылар вагонға кіруге емес, шығуға таласып жатыр. Шығып үлгергендері тым-тырақай станцияның далалық жағына қарай қашып барады. Паровоздар гудогын безілдетіп, соның арасында «Воздух! Воздух!» деген айдай естіледі.
— Жау самолеті! Жау самолеті! — деп айқайлады жүгіріп баратқан біреуі.
— Қашыңдар, қатындар! Жау самолеті келіп қалды! Бомбалайды! — деп айқайлады қызыл фуражка.
Ұрысқа қызып кеткен қатындар сол кезде барып әзер тыйылды. Алдымен дәу әйел тоқтады да, жан-ағына алақтап зытып баратқан жұрттың соңынан қорбаң-қорбаң жүгіре жөнелді. Ұрысқақ Муся, самолетпен ісі жоқ, ана дәудің желкесінен әлі де сыбап жатыр еді, вагон ішінен дүрліге шыққан әйелдер оны итеріп түсірді.
Қауіп-қатердің мән-мағынасы менің миыма жетті ме, білмеймін, жұртқа қарап аузымды ашып тұрып қалыппын. Света қолымнан жұлқып «неғып тұрсың, жүгір тезірек» дегенде барып, Боряны қолынан жетелеген күйім жүгіре жөнеліппін.
Жау самолеті станцияны қанша уақыт бомбалады — он минут пе, бір сағат па, — ол арасын мен айта алмаймын. Әуеден бір киіздей тұтасқан қалың ал?ал төбеме құлап келе жатқан сияқты — одан құтылам, аман қалам деген ойым болған жоқ. Миым айналып, басым зеңгіп, көз алдымды бір тұман басқандай. Бір ғажабы осы тұман жиі-жиі жыртылып кетеді де — шымылдық ашылғандай ар жағындағы дүние ап-айқын көрінеді. Боря екеуміз бір составтың астынан еңбектеп өттік. Мен бір рельске сүрініп құладым, тізем қақсап барады. Бірақ оған қарамастан, тұра жүгіріп зырқырап баратқан Боряны қуып жетіп қолынан ұстап алдым. Гүрілдеп келіп қалған самолеттің даусы тұла бойымды қалтыратып, іші-бауырымды бүрістіріп жіберді.
— Жат! Жатыңдар! — деген біреудің даусы ажалдың хабарындай естіледі.
Осы дауысқа еріксіз бағынып құлай кеттім. Осы кезде аспан да үстіме құлап келе жатқандай еді. Тек жерге сіңіп баратқанымды білем. Бір кезде көзімді ашсам — қасымда Боря жатыр. Беті-аузы лас, көзі жыпылықтап маған қарайды. Жұрт орындарынан тұра сала қайта жүгіріп барады. Мен бұл жүгірістің мән-мағынасын ұққаным да жоқ, бойымды бір үрей кеулеп, жұртпен бірге жүгіре бердім. Әйтеуір Борядан айрылмаймын, бірақ оны да біліп істеп келе жатқаным жоқ.
Бір сәт станция жаққа көзім түсіп кетіп еді — будақ-будақ көтерілген түтін мен шаңды көрдім. Бір жерде қара түтін астынан жалақтаған қызыл-күрең жалынды көзім шалды. Аспандағы самолеттерді әлі көргенім жоқ. Жоғары қарауға мұрсатым жоқ, және дәтім де шыдамай ма, білмеймін, Бір кезде Светаны көзім шалып қалды, о да Шурикті тас қылып ұстап алыпты. Оларды тарс ұмытып кетіппін-ау.
Тағы да:
— Жат! Жатыңдар! — деген бірнеше үрейлі дауыс жамырай шықты.
Тағы да аспан опырылып құлап келе жатты. Көзімді ашқанда бір байқағаным бомбалар кәдімгідей шыңғырады екен. Төбе құйқамызды шымырлатып, аспаннан шыңғырып құлап келеді.
Топырақ исі келеді мұрныма, оған енді түтіннің отқа қарыған ыстық темірдің исі араласты. Көзімді аштым. Жасыл даланың шетін көмкерген орман түсті көзіме, одан әрі көкпеңбек тұнық аспан. Сәл кейінірек байқадым — «орманның бергі іргесінде шағындау деревня бар екен, үйлерінің төбелерін, моржаларын көріп жатырмын. Жасаған-ау, ана бір моржадан кәдімгідей түтін шығады. Сұйқылтым бейбіт түтін аспанға қарай баяу көтеріліп барады. Біздің манадан бергі дүрліккеніміз түс болғаны ма?
Еш нәрсені жөндеп түсіне алмай, түсінгім де келмей аз уақыт жаттым. Сол жақ қолтығымның астынан бір нәрсе қыбырлайды, шошыңқырап жалт бұрылсам Боря екен, екеуміздің жерге сіңіп баратқанымыз, бомбаның шыңғырғанымыз есіме түсті. Әр жерге сұлай-сұлай кеткен жұрт біртіндеп орындарынан тұрып жатыр.
— Қайтып кетті. Енді келмес, — деді оң жақтан бір еркек даусы.
— Кім біледі, құрғырлар тағы да оралып жүрер.
Алдымен Боря түрегелді.
Тұрсаңызшы, апай, — деді маған.
Кішкентай ботинкасының тұмсығы мүжіліп ақжем боп кетіпті, ақ жолағы бар сұр шолақ шалбары лас, бір-екі жерінде қара майдың теңбілі бар, шамасы, мана поездің астынан еңбектеп өткенде жұқты-ау. Өзі де кәдімгі қара сирақ боп алыпты — беті де қара ала сатпақ, жылтырап көзі ғана көрінеді, Өңі жүдеңкіреп тұр.
— Апай, тұрсаңызшы, — деп ол екінші қайыра айтқанда орнымнан түрегелдім. Белім шойырылып қалыпты.
Енді барып аспанға қарадым. Есімді жинап манадан бері зәре-құтымызды алып төбемізден төнген тажалды көргім келіп еді, көзіме еш нәрсе ілікпеді. Түс қайтып қалған-шөкімдей бұлт жоқ, көк аспан сол тұп-тұнық қалпы, түк көрмегендей мөлдіреп тұр.
Болған оқиғаны айтып тұрған жер ғана. Станция жақ қап-қара тұтасып тұрған қара бұйра шаң ба, түтін бе, ажыратып болар емес. Сол қара толқынның астынан әр жерден қызыл қошқыл жалынның үшкір тілі сүйреңдейді. Біз қаға беріс қалыппыз, аспаннан келген бар жалын сол маңға төгілген сияқты.
— Шурик... Шурикке барғым келеді. Шурик қайда? — деп Боря қыңқылдай бастады.
Станцияның сыртқы далалық бетіне қарай қашқан көп адамның біразы үстін қағып жаңа тұрып жатыр, тіпті әлі де тұрмай жатқандары бар. Бәрі де өртеніп жатқан станцияға қарайды, біреулері солай қарай кетіп барады. Көбісі-ақ не қыларын білмей дағдарып тұр. Мен жан-жағыма алақтап Светаны іздеп едім, көзіме түсе қоймады. Арлы-берлі жүгіріп іздеп те көрдім. Үшті-күйлі жоқ. Қайда кетіп қалғанын құдай білсін. Енді Боря ғана емес, менің өзім де жетімсіреп қалғандай мазам кете бастады.
Жұрт мидай араласып кетіпті, тіпті біздің әйелдердің бірі көзіме түссеші. Боряны жетектеп, дедектеп жүріп ұрысқақ Мусяға ұшыраса кеттім. Соған да кәдімгідей қуанып қалдым. Бірақ ол да Светаны, тіпті біздің әйелдерден ешкімді көрмеген боп шықты.
Алты-жеті жасар бала ерткен бір сары шашты әйелді көзім алыстап шалды; үстіндегі киімі де Светаға үк,сайды. Не де болса анықтайын деп Боряны жетелеп солай қарай аяңдадым. Осы кезде тағы да:
Воздух! Воздух! — деген үрейлі айқайлар гүрілдеген самолет даусымен қатар естілді.
Самолет даусы шыққан арт жағыма жалт қарасам, сонау алыс орманның үстінен бауырын аз-ақ көтеріп бізге қарай алты-жеті самолет келе жатыр. Қонғысы келгендей тура жерге қарай шүйіліп келеді. Есім шығып, жаңағы Светаға қарай Боряны жетелей жүгірдім. Осы кезде патырлап оқ жауа бастады. Қайдан, кімнің атқанын да байқай алмадым. Қазан қайнағандай топырақ бұрқ-бұрқ етеді.
— Жат! Жатыңдар! — деген айқай еміс құлағыма келіп, сол дауысқа еріксіз бағынып құлай кеттім.
Осы кезде «Шура! Шурик!» — деп айқайлап Боря тура жүгірді. Қолымнан қалай шығып кеткенін білмеймін. Үстіңнен арба айдап өткендей сатырлатып, гүрілімен кісіні жерге жаншып бір самолет өте шықты. Оның артынан патырлатын оқ боратып тағы біреуі төніп келді. Meн есімді жиғанша Боря он бес-жиырма қадамдай жүгіріп барып, екпінімен ұшып түсті. Оқ тигенін, не сүрініп кеткенін біле алмадым. Бірақ құлағын түріп ұнатпадым да соңынан қуа жүгірдім.
Көтеріліп жүгіре бергенде көзім түсіп кетті: жаңа ғана арт жақтан оқ боратып жайпап өткен самолеттер, енді қайтып оралып алдыңғы жақтан келеді. Сүйір тұмсықтарынан бұрқ-бұрқ түтін шығады. Тағы да батырлатып оқ жаудырып келеді. Есімнен адастым ба, білмеймін, мен енді әлгіндегідей шошымай. жүгіріп келе жатып самолеттердің сұсты жүзіне тіке қарап, тұмсықтарынан бұрқылдаған түтінін, біреуінің тіпті қара свастикасын анық көрдім. Өкпемді қолыма алып Боряның қасына жетіп құладым.
Жақындай беріп-ақ баланың сұлық жатысын ұнатпап едім, енді басымды көтеріп бетіне қарап жүрегім зу ете қалды. Боряның аузы қан. Өңі сұп-сұр. Кірпігі аздан қимылдағандай болды ма, көзінде нұр жоқ. Баланың басын көтере беріп, кеудесінің астында жерде ұйып қалған қанын көріп зәрем ұшып кетті. Шамасы «Света! Света!» деп шыңғырып айқайлап жібердім-ау деймін. Бір кезде «Боря! Боря!» деп айқайлап, жүгіріп келіп інісінің үстіне құлай берген Шурикті көрдім. Жүгіріп келген күйі ентігін баса алмай Света да жүрелеп отыра кетті.
— Боря! Боренька! Вставай, Боренька!.. Я пришел, вставай. Боренька! — деп алты жасар Шурик бәйек болып бір ауық інісінің қолынан ұстайды, бір ауық иығынан сипалайды.
Жанарында үрей бар, бірақ сонда да еш нәрсеге сенгісі келмей безек қағады.
— Боренька, тебе больно? Очень больно, да? Боренька?..
Сәби жүрегі бір жаманатты сезгендей, көзі шарасынан шығып барады. Інісінің өмірі біздің қолымызда тұрғандай, Света екеумізге керемет бір жалынышпен жаутаңдап кезек — кезек қарайды.
— Тетеньки, почему он молчит? Ему пуля попала, да? — деп үрейлене жыпылықтап біздің бетімізге қарады да, шыңғырып жылап жіберді, — Его убили... Мама! Мама! Бореньку убили!.. Боренька!..
11
Сөйтіп соғыстың дәмін біз де таттық. Бұрын қай жағымыздан келіп қалары белгісіз, алыстан жасқап, айбарымен қорқытып келе жатыр еді, енді келіп тас төбемізден түсті. Алғашқы әсер тіпті жаман болды. Бүкіл дала қасапханадай қан сасып, дымқыл тартып бусанып тұрғандай.
Ауаның өзіне ажалдың салқыны кіргендей шыңылтырланып бара ма, қалай.
Еңкілдеп, ышқынып жылаған дауыстар естіледі. Далада сұлап жатқан адамдар көп, біреулер күйбеңдеп жаралыларға көмек беріп жатыр, станция жаққа қарай кетіп баратқандар да бар.
Мен еш нәрсені түсінуден қалып барам. Осы күнге дейінгі, дәл осы станцияға келгенге дейінгі өмірің үзіліп артта қалған сияқты. Алдымда не бар? Қазір қандай халдемін? Оны дұрыстап ажырата алмаймын. Көмескі сезетінім — өмір артта қалды, алдымда ажал бар. Мен сол аралықта тұрмын. Светаның бетінде де нұр жоқ, бір түрлі қан-сөлсіз сұрғылт тартып кетіпті, жанарында да сәуле өшіп, бір салқын, қуқыл жарқыл қалған. Ап-анық көріп, денеммен сезгендей болдым — оның бойын да ажалдың салқыны шалған.
Алып бара жатқан үрей жоқ, өн бойыңа тараған бір суық бар, барша дүние бояуы мен жылуынан айрылып құлазыған көңіліңді одан бетер жүдете түседі. Мынау июнь айында маужыраған жасыл далаға, алыстап қарауытқан көгілдір орманға қаңтардың ызғары тарап барады.
Төңірегіме, сиқы қашқан сұрдай дүниеге қарағым да келмейді, оны көзім көргенмен көкірегім ұғып тұрған жоқ. Бәрі мәнсіз. Мынау көгерген дала да, анау алыс қарауытқан орман да... О, жасаған, манағы мұржадан бейбіт селдір түтін, жылы түтін көк аспанға баяу көтеріліп барады. Кәдімгі от басының, ошақтың түтіні.
Осы түтінді көргесін бойыма бір жылу кіргендей болды: дүниеде әлі де тіршілік бар екен ғой, түтін түтетіп отырған кәдімгідей бейбіт ошақтың басы бар екен ғой. Аз-аздап есімді ашып, зеңгіп қалған басымды көтердім. Төңіректегі болып жатқан дүниені түсінетіндей халге жеттім.
Жау самолеті тағы оралып соға ма, оны анық білген адам жоқ, тіпті ондай қауіпті ойлап жатқан жан да жоқ сияқты. Станция басының абыр-сабыр, аласапыраны қайта басталған. Бірақ темір жолға жақындағаннан-ақ зәрең ұшады. Бұл ара астан-кестен. Манағы сіресіп тұрған бес-алты составтың быт-шыты шыққан. Алғаш қарағаныңда белгісіз бір бұзады дәу келіп, асыр салып, бүкіл поездарды баланың ойыншығындай қиратып, бүлдіріп шашып кеткен сияқты. Кейбір составтар кәдімгідей опырылып-опырылып қалған, қайсыбір вагондар құлап жатыр. Кей жерлерде темір жол танабын отау үйдің орнындай ойып-ойып, қопарып кеткен де, рельстерді үзіп, сым темірдей бұралтып майыстырып тастаған.
Станцияға жақындағаннан-ақ көңірсіген өрттің исі мен шаң-тозаң кеңсірігіңді ашытып, көзіңді қариды. Кейбір вагондар лапылдап жанып жатыр. Ар жақта да, склад па, білмеймін бір өртенген үлкен үйдің қызыл-қошқыл жалыны жұлқынып көкке шапшиды. Осы жалын мен түтіннің арасында арлы-берлі аласұрған халық. Еркек, ұрғашы, бала-шаға мидай араласып, не қыларын, қайда барарын өздері де білмей қасқыр тиген қойдай дүрлігіп жүр. Қайдан тап болғаны белгісіз бір әскерлер арғы бетте өрт сөндіріп жатыр. Мына аласапыран мәнсіз дүрлігісте жөн-жосығын біліп сабырмен қимылдап жатқан солар ғана. Иә, дүркіреп жүрген тобырдың арасында өрт сөндірген адамның өзі әлдеқайда сабырлы көрінеді екен.
Света екеуміз ары жүгіріп, бері жүгіріп өз вагонымызды іздеп таба алмадық. Бір-біріне ұқсас вагондар көп, кейбірі қираған, қайсыбірі жанып жатыр. Мен сасқанымнан:
— Вокзалдың бастығынан барып сұрайық, — деппін.
Света үндеген жоқ, бетіме бажырайып қарады да қойды.
Жалғыз біз емес, өкпесін қолына алып жүгіріп, өз вагондарын іздеп жүрген адамдар кілең. Бір сәтте манағы бізбен ұрсысатын дәу әйелге көзім түсті, тірі екен. Арқасында түйіншегі, қолында тақтай чемоданы, бірін жоғалтпапты. Мына бейтаныс қалың нөпірдің ішінен көзіме жылы ұшырап қоя бергені... Светаны түртіп қалып едім о да мырс етті, бірақ анау әйел бізді таныған жоқ. Ол ұрсысқанда біз қаға беріс тұрғанбыз, сол сәтте бізді байқайтындай болған жоқ-ты.
— Света, Света! — деген айқайға жалт қарасақ, Елизавета Сергеевна жүгіріп келеді.
Панасыз, дәрменсіз адам иесіз қалған иттей елегізгіш болады-ау деймін, оны көргенде, Светаны білмеймін, өзім қуанып қалдым. Бірақ түріне қарасам Елизавета Сергеевнаның хәлі бізден де төмен сияқты, бұрынғысынан да кішірейіп, шүңкиіп кеткен, өңі тіпті жүдеу, жаутаңдап бір түрлі жалынышты қарайды.
— Ой, сендерді ұшыратқаным қандай жақсы болды, Біздің әйелдер қайда?
— Біз де таба алмай жүрміз.
— А?.. Олар қайда кетті екен? Жүріңдер, вагонға барайық. Олар вагонның қасында шығар.
Біз манадан вагонды іздеп таба алмай жүргенімізді айттық, сөйтсек Елизавета Сергеевнаның өзі де, вагон тұрсын оң мен солын ұмытып қалыпты. Ақыры қаңғалақтап жүріп жанып жатқан вагонның қасында үйіріліп тұрған өзіміздің бес-алты әйелдің үстінен шықтық. Іштерінде Алевтина Павловна, ұрысқақ Муся бар, керілдесіп бір нәрсеге таласып тұр. Мусяның бажылдаған даусы анадайдан естіледі.
— Бекер болса осы арада арам қатайын. Осы тура біздің вагон. Танын тұрмын, өтірік айтсам көзім шықсын.
— Сен қайдан білесің? Кілең қызыл вагон, бір-бірінен аумайды, — деп шәк келтірді Алевтина Павловна.
Әйелдер тұс-тұстан ұрысқақ Мусяға дау айтып жатыр.
— Қой, біздің вагон емес бұл.
— Біздің состав басқа жолда болатын.
— Иә, бұл басқа вагон шығар.
Вагон ішінде әйелдердің қолға іліккен азғана дүниесі мен бір киер киім-кешегі бар, ақығына жетпесе де «біздің вагон бұл болмағай» деп тілейді, ішімнен мен де соны тілеп тұрмын. Бірақ шабынып алған Муся «көзім шықсын, арам қатайын» деп өзеуреп бой беретін емес.
Жаманат деген құрғырдың өтірік болып шығатын кезі сирек қой. Өрт сөндіріп жүрген әскерлер енді осы тұсқа жетіп, ұзын шлангамен су сеуіп сөндіре бастады. Біреулері сом темірмен вагонның жалын жалап жұқартқан қабырғасын ойып түсіріп, біреулері имек көсеу темірмен іштегі жанып жатқан түйіншектер мен чемодандарды іліп алып сыртқа лақтырады. Әйелдер лапылдап, бықсып жанып жатқан заттарын танып баж-баж етіп тап береді. Бір лейтенант, өрт сөндіріп жүрген солдаттардың командирі болар, от пен екі араға түсіп әйелдерді кейін шегерді.
— Өртеніп өлесіңдер ме, тоқтаңдар! — деп ақырды.
Содан кейін өртеніп жатқан заттардың үстіне су бүркітіп, шала бықсытып сөндіріп берді. Заттарына жапа-тармағай бассалған әйелдер әп-сәттің ішінде үсті-бастары, бет-аузы күлді-күйелеш боп шыға келді. Кейбіреулері бықсып жанған дүние-мүліктеріне қолдарын күйдіріп алып шар-шар етіп айқайлап та жібереді.
Темір жол аралықтары бұрыннан да шаң-тозаңына қара май төгіліп теңбілденіп тұтасып тұрған лас еді, енді өртенген вагондардың күл-қоқысы түсіп, оның үстіне өрт сөндірген су құйылып нағыз қап-қара, қара шылқымай болған. Сол шылқымайдың үстінде біздің өртенген заттарымыз жатыр. Әркім өз дүниесін іздеп, аударып-төңкеріп әбден былғап біткен. Заттарымды таба алмай біраз әлек болдым. Бір кезде жұрттың аяғының астынан бір шеті күйген тақтай чемоданымды тауып алдым. Пальтом мен үй-ішінің ол — пұлын салып алған түйіншегім табылмады, вагонның бір түкпірінде өртеніп кеткен болар. Жоғалтқан жалғыз мен емес, өрт сөндіріп аласұрып жатқан солдаттарға:
— Жолдас жауынгер, вагонның ірге жағын көсеуіңмен тағы бір сүзші. Менің чемоданым жоқ.
— Айналып кетейін, вагонды тағы бір тінткілеші, — деп жалынып жатқан әйел дауыстарын естимін.
Чемоданымның табылғанына да шүкірлік еттім, ішінде көйлек-көншегім, етігім бар. Сонша жерден ауылға жалаңаш, қайтқаным... чемоданымның бір бұрышы бықсып жанып жатыр. От тиген қалың тақтайдың ішіне өте қоймаған екен. Аузын ашайын деп едім, қапелімде сасқанымнан кілтімді таба алмадым. Аузына салған кішкене құлыпты жұлып алайын десем, Сейілхан ағам қаққан шеге болсын ба, әлім жетпеді. От тиген тақтайдың қызыл шоғы үдей ішіне кеулеп барады. Не қыларымды білмей, қатты сасып тұр едім, арт жағымнан бір солдат:
— Я патушу. Держи, вода, вода налью, — деді де, мен қайрылып үлгермей шлангадан суды ытқытып жібереді.
Байқаймын, солдаттың орысша сөйлегені өзіме тартқан, содан ба, даусы құлағыма бip түрлі құлағыма жылы тиді. Алғысымды айтайын деп артыма бұрылып едім, солдат та маған бажырая қарады.
— Мә — а. Қазақ емесіз бе, қарындас?..
— Қазақпын. Өзіңізде қазақсыз ба? — деппін сасқанымнан, оның қазақша сөйлеп тұрғанын да ескермей.
— Әрине, бұл жақта неғып жүрсіз, ойбай-ау?
— Жолдасым командир еді. Соған еріп келіп ем. Мұндай болатынын кім білген. Еділбаев Қасымбек деген лейтенант. Естіген жоқсыз ба?
Солдат «естімедім» деп тіке жауап беруге ыңғайсызданды білем.
— Е — е, апыр-ай, сіздерге қиын болды-ау, — ден қипақтады. Өзі ұзын бойлы, сырықтай жігіт екен. Қара сұр жүзді, ат жақты, екі танауы быттиған кішкене пісте мұрын, шықшыты шығыңқы, астыңғы иегі ұзындау болғанға ма, иегін ілгері ұмсыныңқырап жүреді. Аласа маңдайына дөңес біткен қабағының астынан өткір көзі жылтырайды. Өзі де өткір, пысық жігіт сияқты. Көптен ел қарасын сағынып, жалғызсырап, құса болған, одан мынадай халге түскен мен бейбақ қазақ баласын көргенде қуанып кетіп, ауылдың төбесін көріп қалғандай болып едім, ол қуанышым ұзаққа бармады. Айтпай-ақ түсініп тұрмын, бұл солдаттан маған дәрмен шамалы. Екеуміздің жолымыз екі басқа.
Бұл жігіт те елді сағынып жүр-ау деймін, менің төңірегімде айналсоқтай береді.
— Қарындас десем жеңгей болып шықтыңыз-ау. Бірақ жас жағынан қарындас боларсыз. Есіміңіз кім?.. Е... менің аты — жөнім Бұқашев Абан. Апыр-ай, өтіп кете алмадыңыздар-ау, а... — деп қиналды Абан.
— Бізді енді қайтер екен?
— Ол арасын біле алмадым. — Ол су сеуіп жүрген шлангісін бір жолдасына ұстата салды да, менің қасыма қайтып оралды. — Апыр-ай сіздерге қиын болды-ау. Мына көрмейсіз бе, жол жабық. Көпірді тас-талқан қып бомбалап кетіпті. — Абанның маған жаны ашып қиналып-ақ тұр, қабағын шытып дағдарып қалды. — Апырай сізге не десем екен? Тоқтай тұрыңызшы кішкене, мен командирімнен ақыл сұрап келейін.
Ол сораңдап составтың соңғы жағына қарай жүгіріп барады. Біздің вагонымыздың өрті сөнуге таяды. Екі қабырғасы үңірейіп ойылып шыққан, төбесінде де сау жері шамалы. Солдаттар вагонның түкпір-түкпірінде қалған түйіншектер мен чемодандарды имек темірлерімен тартып шығарып еді — жанып кеткен екен, күл болып үгітіліп түсіп жатыр. Әйелдердің көбісі-ақ шұқылап аударып-төңкеріп жүріп өз заттарын тауып алған. Кейбіреулері өрт шалған дүниелерін қағып-сілкіп «аһылап, оһылап» жатыр. Күйіп қалған асыл бұйымдарының күйігі шыдатпай ащы дауыстары шар-шар етеді, жаңа ғана бастарына төнген тажалды ұмытып кеткен.
«Бастан құлақ садақа» дейді қазекең, мен өзі құдайға сенбесем де, өзіме жетерлік ырымшылдығым бар. Соңынан шыққан, өртеніп кеткен түйіншектің біреуі менікі екен, таныдым, ішінде ұзатыларда арнайы сатып алған қимас пальтом болса да онша күйінбедім. Бас садақасы. Елге аман-есен жетсем...
Шала өртенген дүниелерін жұрт танып алып тауысуға айналған. Төрт-бес қаңылтыр шәйнек, сынған тарелка шашылып жатыр. Манадан бері әркім бір аунатып былшыған қара күйе қылған бір түйіншекті танып ұрысқақ Муся айқай салды.
— Мынау Ираида Ивановнаның заты ғой. Иә, иә... Сыртындағы мына көрпесінің жолағынан танып тұрмын. Егер бекер болса осы арадан тапжылмай қатып қалайын...
— Оны қайттік? Өзі жоқ қой.
— Өзі жоғы несі? Балалары бар емес пе? Шурик, Боря? Қайда?
— Шурик мында, — деді Света.
— Затында ендеше сендер алыңдар, — деді Муся, — Шешесі жоқ болса дүние баласына тиісті емес пе? Балаларының керегіне жаратасыңдар. Тағы бір баласы бар емес пе? Боря қайда?
— Шынында да Боря қайда осы?
Асып-сасып, есінен танып жүрген әйелдер Боряның жоқ екенін енді ғана аңғарып, Света екеумізге кезек-кезек қарады.
— Боряны өлтіріп тастады. Оқ тиді, — деді Шурик томсырайып.
Өрттен шыққан дүние-мүліктің әбігері біткен соң, әйелдер не істерін білмей дағдарып тұр. Жол басшымыз Елизавета Сергеевна есінен айырылып қалған, жөн сілтеудің орнына жаутаңдап жұртқа қарайды.
— Не істейміз, а? Не істейміз? — дейді дәрменсіз кескінмен.
Бұрын аузын шымшып сөйлейтін жұқа шымыр ерні де босаңсып, дауыс әдеттегісіндей тық-тық етпей, жұмсарып бәсеңсіп кеткен.
Мен біраз жағдайды біліп келдім. Енді біраз уақыт бұл жерден поезд жүрмейді. Қирап қалған көпірді оңдау оңай ма, Ал, оның үстіне немістер де жақындап қалса керек. Сонымен сізге не ақыл айтарымды білмей тұрғаным...
Абан желкесін қасып кәдімгідей қиналып тұр.
— Қайтейін, енді, жолдастарыммен бірге болам да.
— Апырай-ай, ә, — деді Абан қинала қипақтап. — Қолдан келер көмегім болмай тұр-ау сізге. Командирдің айтқан ақылы — бұ жерге енді аялдамасын деді. Мына жағдайда бұл жерден сіздерге ешкім көлік тауып бере алмайды. Жаяу — жалпылап кете беріңіздер. Жолшыбай бұйырғанын көрерсіздер.
— Жарайды, рахмет.
Сабаудай жігіт қолынан келер қайраны болмағанға қатты қиналған түрі бар, аласа маңдайының астындағы дөң қабағын жиырып алып, желкесін сипалай береді. Ақыры, қоштасудан басқа амалы қалмады.
— Ал, жолыңыз болсын, жеңгей. Алдыңыздан жарылқасын. Аман-есен барсаңыз ел-жұртқа сәлем айтыңыз.
Абан тез бұрылып, алшаң адымдап кете берді де, оқыс қайрылып.
— Ағайдың аты-жөні Қасымбек Еділбаев дедіңіз бе? I — і — деді.
12
Төңірегім сұп-сұр. Бір жылтыраған ашық сәуле болсайшы. Бірақ көрінбейтін қараңғы да емес. Үлкен бөлменің іші, қабырғасы, кішілеу терезесі, қарауытқан белгісіз дүние мүліктер. Оны ажыратып жатқаным жоқ, ажыратуға құлқым да шамалы. Қасымбек столға еңкейіп, бір нәрсе жазып отыр. Маған бұрылып қарамайды, күңгірт жарықтан жүзін анық көре алмаймын. Осындай ала кеуім шақта оның қағазға үңілгені несі? Мейлі жаза берсін. Тек тұла бойым құрыстап, денем тоңазып барады. Пальто жамылу керек еді, бірақ соны іздеуге зауқым жоқ. Оның үстіне үйдің іші тіпті қараңғыланып барады. Жаңағы отырған жерінде Қасымбек жоқ. Терезенің орнында болар-болмас күңгірт саңылау қалған.
Шала көрген түсімнен айығып көзімді аштым. Шынында да төңірегім қараңғы, тек аяқ жағымнан аздаған саңылау көрінеді. Астымда қарағайдың қылқанды бұтақтары, кәдімгідей тоңып қалыппын. Тұла бойым қалтырап барады. Орнымнан тұрмай бүрісе түсем, жамылатын еш нәрсе жоқ. Ақыры басқа амалым қалмаған соң, тым болмаса қозғалып жылынайын деп еңбектеп сыртқа шықтым.
Бозарып таң атып келеді. Түнде қалың тұтасып, қап-қараңғы боп көңіліме үрей салған қалың орман, енді арасына саңылау кіріп, селдіреп, айқындала түсіпті. Шалаштан бойымды қарып, бұрынғыдан бетер қалтырап, тісімді сақылдатып жіберді. Күйбеңдей жүгіріп, жер тепкілеп жын соққан адамдай өзімді өзім сабалаймын. Аздап бойым жылынайын деді, бірақ толарсағыма дейін су болып енді аяғым тоңа бастады.
Ойым он саққа жүгіреді. Ұрланып жаман ой да келеді. Әлде мені тастап өз жөнін тапты ма екен? — Менің оған тиер пайдам шамалы ғой, тек әйтеуір қара демесе... Мені қимастай оған нем өтіп кетіпті? Күйеулеріміз бірге істеді, Коля Қасымбектің қарауында болды. Ал одан басқа? Біраз уақыт көрші тұрып, орысша айтқанда подруга болғанымыз бар. Бірақ терезесі тең құрбы болуға оның тәрбиесі де, білім-білігі де менікінен әлдеқайда артық және оған орысша тілімнің мүкістігін қосса тіпті төмендеп қалам. Мені аз да болса оған теңестірген бір жағдай Николай Қасымбектің қарауында қызмет істейтін, яғни бастықтың әйелімін. Мұнда бір байқағаным әйелдер де өздерін күйеулерінің шен — дәрежесіне қарай ұстайды екен. Әрине мен Светаның алдына түсіп көргенім жоқ, оның мені елеп, ықылас білдіргеніне де риза — тынмын. Қазір енді, бізді шендестіріп, теңелместі теңеп тұрған күйеулеріміз жоқ. Құдай білсін...
Үмітіме талшық ететінім, «жүзі игіден түңілме» деп атам қазақ айтпақшы, Светаның жүзінде иманы бар, сырына қанбай жатып бір көргеннен-ақ іш тартып кеткенім содан болар. Қайдан білейін, әйтеуір, әзірге жұбымыз жазылған жоқ еді: екшеле келгенде соншама әйелдің ішінен екеуміз тізе қосып бір кеткенбіз.
Поезымыз қирап қалғанмен басында ұйтқымыз бұзылған жоқ-ты. Бәріміз ұбап-шұбап станцияның бастығына бардық. Бастыққа кірмек болып топырлаған қыруар жұрттан тіпті есікке маңайлай алмадық. Біреуді біреу тыңдап, біреуге біреу жол беріп жатқан жоқ. Әйелдікке басып шарылдайын десең сенен басқа да әйелдер толып жатыр. «Біз командир әйелдеріміз, бізді алдымен жөнелт» дейтін өктем сөзің өтпей далада қалды. Бұл арада ең мықтымсынған әйелдердің қолынан келгені:
— Қатындар, бір-біріңнен көз жазып қалмаңдар. Бірге болыңдар. Шашау шықпаңдар, — деген өзара ақылдан аспады.
Шынында да мынау аткөпірдің ішінде көз жазып қалсаң-ақ енді қайтып үйіріңді таба алмайсың. Ұясы бұзылған арадай гуілдеген жұрттың ішінен біздің дауысымыз бастықтардың құлағына жететін емес. Сөйтіп тұрғанда түп жағындағы кеңседен бір бастық шығып:
— Жолдастар, жолдастар, тынышталыңдар! — деп айқай салды.
Ызы-қызы шу саябыр тартып, есек — дәме жұрт аузына үңілгенде әлгі бастық көпірдің бомбаланып қалғанын, енді бұл станциядан бір состав кейін қарай жүре алмайтынын айтты.
Шығысқа қарай кетіп баратқан адам көп: үйеме жүк тиеген, оның үстіне бала-шаға, еркек-әйелі жыпырлап мінген екі-үш машина етті, оқта-текте салдырлаған арбалар кездесіп қалады, ал қалғанының бәрі жаяу-жалпы. Түйіншектерін арқалап, чемодандарын көтеріп шұбырып баратқан жаяу босқын. Бұлардың ұзақ жолға, жаяу көшке жаттықпағаны бадырайып көрініп тұр. Арқаларына артқан жүктері одырайған ебедейсіз, көбінің қолдарында чемодан, шелек, шәйнек ұстағандары да бар. Әне бір топтың бергі шетінде бара жатқан әйел арқасына көрпеге буған үлкен түйіншек артып алған, бір қолында үлкен корзинка, бір қолында кәдімгі жарқыраған сары жез самаурын. О, дүниесі құрғыр десейші.
Вокзалдан жамырай шыққан көп жұрт топ — топқа бөлінсе де бір-бірін нысанаға алып, қарайлап келе жатыр еді, енді ұзаған сайын бір-бірінен қараларын үзіп, әртүрлі жол тарамына түсіп ыдырай берді. Белоруссия жерінің орманы да көп, орман арасында құмы да көп екен, туфлиімізге құйылып жүргізбейді. Оның үстіне биік тақа туфли жаяу жүріске жаратылмаған ғой, әрі — беріден соң әйелдер туфлилерін шешіп алып, жалаң аяқ кетті. Сусылдаған құм жалаң аяққа жайсыз емес-ау, бірақ үйренбеген табанға бататын нәрселер көп, байқаусызда аяқтарына тікен кіріп кетіп, әйел байғұстар баж-баж етеді, менің елден алып келген етігім абырой болды.
Біз өртенген станциядан көппен бірге лықсып шықтық та, сол екпінімізбен тарта бердік. Жөн сілтеп жол көрсетер басшымыз да, белгілеп алған бағыт-бағдарымыз да жоқ, әйтеуір көппен бірге маңдайымызды шығысқа беріп, кілең әйел ағып-тамып, шұбатылып кетіп барамыз. Үш-төрт шақырым жүргеннен кейін-ақ, алғымыздан бұрын, чемодан көтеріп, зат ұстаған қарымыз талып, болдырып тоқтадық.
Ойда жоқта мынадай оқиға оңай болсын ба, әшейіндегі сөзшең әйелдердің екпіні су сепкендей басылып, бәрінің де қабағы салыңқы үнсіз отыр. Қазақ «тас төбесінен жай түскендей» деуші еді, ал біздің тура тас төбемізден жай түсіп, осындай халге душар етті. Күн шаңқай түске көтеріліп қалғанмен біздің даладағыдай ыстық жоқ. Біз жол жиегінде қайыңның көлеңкесінде отырмыз. Көбі төмен қарап жер шұқиды, біразы қисайып жатыр.
— Қыздар-ау, осы біздің бастығымыз қайда?
Біліп жатырмын:Маруштың даусы, менікі сияқты оның даусы да орыс үнінен бөлекше естіледі.
— Қайдағы бастық?
— Елизавета Сергеевна бар емес пе. Әйелдер советінің председателі сол ғой.
— Оны қайтейін деп едің?
— Қайткені несі? Бастық бастықтығын істесін бізге. Басқарусыз бола ма екен, — бұл енді ұрысқақ Мусяның даусы. — Жөн сілтеп, тәртіп берсін. Біз үшін жауап бермей ме сол?
— Елизавета Сергеевна, — деді ұрысқақ Муся. — Баласы жоқ бедеу келіншектер кердеңдеп бос келе жатыр. Ана жас баласы бар әйелдерге жәрдем етсін. Бала көтеріссін. Соған бұйрық етіңіз, Елизавета Сергеевна. Бір мезгіл бала көтеріссе қолы сынып қалмас. Сылаңдап еркек қарататын заман емес.
— Тауып айттың, бәрекелде.
— Иә, бір-бірімізге қол ұшын бермесек бола ма? — деп Мусяның бұл сөзін балалы әйелдер қостап жатыр.
— Мұндайға бұйрық берудің керегі жоқ. Баламды көтер деп кісіні зорлауға болмайды, — деді Алевтина Павловна. — Өздері біліп істеген адамдар болса, мейлі.
— Неге бұйрық берудің керегі жоқ? — деп шап ете қалды ұрысқақ Муся. — Өзі білсін дейді ғой. Ал, өзі білмейтіндерді қайтесің? Бір әйел баласын көтере алмай қан сорпасы шығып келе жатса, бедеу келіншек құйрығы қайқаңдап кердең-кердең басып жүре бермек пе? Жо-жоқ тәртіп керек. Біз өзіміз әскер болмасақ та әскердің қатынымыз. Бәрін де тәртіппен істеуіміз керек. Солай емес пе, Елизавета Сергеевна?
— Менің ойымша Муся... Э — э... Мария Максимовнаның айтқан ұсынысы өте дұрыс. Әйел жолдастар, мынадай жағдай қиындап тұрған кезде шынында да тәртіп керек, — деді Елизавета Сергеевна, — Біз де әскери тәртіпке көнбесек болмайды. Балалы әйелдерге көптеп көмектесейік дегені де дұрыс сөз.
Елизавета Сергеевна кәдімгідей тіріліп келеді, даусы қатайып, өзінің баяғы үйреншікті әскери сөздері тіліне қайтып оралып, кәдімгідей құс түріне келіп қалыпты. Шаршап келіп, қалай болса солай құлай кеткен әйелдер етегін жинап, бастарын көтеріп, бастықтың сөзіне құлақ асайын деді.
— Ал, әйел жолдастар, — деді Елизавета Сергеевна, даусы шымырланып, үні де өктем шығады. — Ендігі жocпарымыз не болмақ? Соны ақылдасайық.
— Оның ақылдасатын несі бар. Тезірек үлкен бір станцияға жетіп поезға мінудің қамын қылу керек, — деді Алевтина Павловна.
— Ол станцияда поезд болмаса қайтеміз? — деді күлегеш Муся қабағын түйіп.
— Келесі станцияға барамыз.
— Сонда немене, солай жаяу жүре береміз бе?
— Жүрмегенде не істейсің? Немісті тосып алайын дем пе едің? — деп шап ете түсті ұрысқақ Муся...
— Қайдағыны айтады екен-ау, — деп күлегеш Муся сықылықтап күлді.
13
Жүрісіміз өнбей келе жатса да, жолға көндіге алмай болдырып қалған әйелдер бұдан әрі аттап басқысы келмей, кешке таман шағындау бір деревняға тоқтадық. Көбісі шаршағанын мойындағылары келмей, «алдымыз түн, адасын кетерміз-ді» сылтау қылды. Бәріміз бір жерге сыймайтын болған соң екі-үш адамнан үйді-үйге тарап қонбақ болдық.
— Әй, қатындар, сендер тал түске дейін шалжиып жатып алмаңдар, — деді ұрысқақ Муся шоғырланып, ошарылып тұрған әйелдерге. — Ертең сендерді үй бас сайын сұрау салып іздеп жүретін жағдайымыз жоқ. Солай емес пе, Елизавета Сергеевна?
— Дұрыс айтасыз, Мария Максимовна, — деп қостап қойды Елизавета Сергеевна.
— Ертең қай уақытта жиналсақ екен? — деп ұрысқақ Муся Елизавета Сергеевнадан сұрады.
— Енді... жалпы ертерек жиналайық.
— Ендеше әтеш бірінші шақырған кезде дәл осы араға жиналасыңдар. Бұл Елизавета Сергеевнаның бұйрығы. Ұқтыңдар ма? Ал ұйықтап қалғандарың болса обалдарың өздеріңе. Іздемейміз. Солай емес пе, Елизавета Сергеевна?
— Ә-ә... Иә, иә. Ерте жиналайық, жолдастар, тек кешігіп қалмаңдар. Э-э, Мария Максимовна, біз екеуміз бір үйге түнерміз.
Елизавета Сергеевна бір кезде өзі ат-тонын ала қашатын ұрысқақ Мусядан енді айрылғысы келмейді; бір нәрсе істегісі, не айтқысы келсе алақтап соған қарайды.
Қонатын үй іздеп әйелдер деревняны жағалап кетті. Біз Света екеуміз, ортамызда Шурик бар, төбесін басқалардай шаломмен емес, тақтаймен жапқан, өзгелерден еңсесі биік үлкендеу бір үйдің алдына келіп тоқтадық. Қақпаның алдына келіп қипақтап тұрғанымызды көрді білем, ауладан орта жастағы арықтау келген ақсары әйел шықты. Шаруа жайлап жүрсе керек, алдына алжапқыш байлап, кенеп көйлегінің жеңін түріп алған, шүңіректеу біткен өткір көк көзін шүйіре қарады. Біз мән-жайымызды айтып қонуға рұқсат сұрап едік, әйелдің әжім шалған қатқыл жүзі жылымады, бірақ қарсылық та білдірмеді.
— Жарайды, бір түнеп шығыңдар, — деді салқын ғана.
Біз аулаға кіріп қайда барарымызды білмей іркіліп қалып едік, алты-жеті жасар сары бала бізді көріп, аузын ашып аңырып, әуелі «түрі жат, бұл неғылған адам» дегендей маған қарап тұрды да, одан көзі Шурикке түсті. Тосын баланы қызық көріп, бірақ бейтаныс баланың қасына келуге бата алмай қипақтап тұр. Үй иесі әйел рұқсатын берді де, енді бізбен ісі болмай сиырын сауып жатыр, біз не қыларға білмей аз тұрдық та, үй іргесіндегі тақтай скамейкаға отыра кетіп, арқамызды жүктен босаттық.
Күн батып кеткен, бірақ теріскей жақтың ымырты тез үйіріле қоймайды, кеугім тартып ұзақ тұрады. Әйел сиырын сауып болмай-ақ үйеме арба шөп тиеген осы үйдің еркегі келді; биік қабақ, қырпусыз мол мұрты аузын көмген қапсағай денелі кісі екен. Он екілер шамасындағы бала ат айдап келеді; аты арқасына екі адам қатар жатып ұйықтағандай ірі де семіз, ондай атты орысша «битюг» дейді екен. үй иесі шетен қақпаны ашып, арбасын айдап қораның түпкі бұрышына өте берді. Қазір сірә, босқындар таңсық болмаса керек, бізді көре тұрса да назар салып елемеді. Кішкене бала бізді тастай беріп, шөп түсіріп жатқан әкесі мен ағасына барды.
Біз мөлиіп үнсіз отырмыз. Өлердей шаршадық, жата қалғымыз-ақ келеді, бірақ кісі үйіне қалай қожалық жасайсың. Бүгінгі біздің бір күнгі бастан кешкенімізді өмір бойы көрмегендер толып жатыр. Манағы сәске кезіндегі станция басындағы ойран-ботқасы шыққан дүние, қаза тапқан халық. Мынау алты жасар Шурик бала тұңғыш рет ажалды көрді. Ажал мұның ең жанды жерінен соқты, жанындай жақсы көретін тетелес інісін алып кетті. Шурикті Боряның қасынан әкете алмай әлек болғанбыз. «Боря, Боренька» деп жылап, одан мамалап шыңғырып азан — қазан болғанда... соған қалай шыдағанымды өзімде білмеймін. Света қайратты екен, інісіне қарай ұмтылып, әл бермеген Шурикті қапсыра құшақтап, әйтеуір сол арадан алып шықты. Ышқына жылаған бала аз ғана жүргесін, пышақ кескендей тыйылып, Светаның қолынан түсті.
Қазір сол Шурик мүлгіп үнсіз отыр. Мүлгіп отыр ма, әлде бір нәрсе ойлап отыр ма? Кенет:
— Апатайлар, біз Бореньканы жерлемедік қой, — деді кәдімгі үлкен адамдай мұңайып.
Сиыр мөңірейді. Деревня көшесінің шаңын бұрқ — бұрқ еткізіп қайтқан сиырлар кетіп барады, мал қайырған әйелдер мен балалардың даусы естіледі. Біздің хозяйкамыз күрпілдетіп екінші сиырын сауып жатыр, күйеуі қарулы кісі екен, айырымен бір шөмеле шөпті бір-ақ түйреп лақтырады, арба ортайып қалыпты.
Астағыпыр — алла-ау, баяғы қаймағы бұзылмаған ауыл тірлігі. Басталған соғыс та, бүгін станцияның ойран-ботқасын шығарған жау самолеттері де, Боряның қазасы да, біздің осы дүрлігісіміз де — мына маң басқан, байыпты тіршілікке жанаспайтын бөлек нәрсе сияқты. Бір түрлі ерсі, жат көрінсе де, осы баяу, бейбіт тірлік біздің көңілімізге аз да болса тыныштық әкелгендей болды.
Хозяйка сиырын сауып болып, сарқып емсін деп екі бұзауын ағытып жіберді де сүтін үлкен горшокке құйып, оны погребке түсірді. Қазан астына от жақты. Үйге кіріп шығып, арлы-берлі өткенде бізге назар салып қарамайды да. Үй иесі де шөбін түсіріп болып, арбасып доғарды. Үлкен баласы:
— Батя, атты тұсап жіберем бе? — деп сұрап еді.
— Қазір босқын көп, біреу қағып кетер. Қораға байлап, алдына шөп сал, — деді.
Енді үйге қарай келе жатыр. Жақындай беріп бізге бас изегендей сол ишарат жасады. Бізді жаратпай жүр ме, әлде өздері жаратылысынан пейілге сараң жандар ма, ол арасын айыра алмадық, бірақ қайсысы болса да бізге жайлы тиіп отырған жоқ.
Қас қарайған кезде барып бізді үйге шақырды. Ондық шамның жарығымен тамақ іштік. Хозяйка, алдымызға бір-бір тілім нан қойды да, шөгеннен май шыжғырып қатық еткен капуста көже-щи құйды. Әйелі оттан шыққан шөгенді столдың үстіне қойып жатқанда барып, үй иесі бізге адам сияқты зер сала қарап алып:
— Иә, қай жақтан жүрсіздер? — деп сұрады.
Біз жөнімізді айттық. Шуриктің жағдайын естіп, мүсіркеп маңдайынан сипап қойды.
— Иә, иә... Кішкентай балаға обал болған екен. Станцияны бомбалағанын осы арадан біз де көрдік.
— Батя, мен де көрдім. Самолетті көрдім, — деп кіші баласы сөзге араласты. — Ой, тіпті қызық болды. Гүрс-гүрс ете қалғанда...
Әкесі ұнатпай бір қарап қойып еді, кішкенесі жым болды.
Үй иесі биік қабақты, үлкен үшкір мұрынды, ірі жүзді кісі. Суалыңқы жағы мен шықшыты шығыңқы кең иегіне бір жеті ұстара тимеген болар, сақалы өсіңкіреп кетіпті, бірақ сары сақалдың өскені бадырайып біліне қоймайды екен. қолы да күректей, қолындағы сорпа ішіп отырған қасығы шай қасықтай көрінді маған.
— Кішкентай балаға обал болған екен, — деп басын шайқап қойды үй иесі. — Әкең... әкең айыпты ғой бәріне. Үйі-ішін мұнда әкеліп несі бар еді?
— Соғыс болатынын қайдан білген, — деді Света сөзге қаймыға араласып.
— Неге білмейді. Офицер болғасын бәрін білу керек, — деді үй иесі мұртын сипап.
— Менің папам офицер емес, командир, — деді Шурик ұнатпай. Қызыл армияда офицер болмайды, — деп түсіндірді үй иесінің бетіне қарап.
Үй иесінің «офицер» деген сөзі біздің де құлағымызға түрпідей тиген еді.
— А — а, солай ма? Біз ондайын әлі біле алмай жатырмыз, — деді үй иесі езу тартып. — Сірә, түбі, большевиктердің көп нәрсесін біле алмай қалатын шығармыз. Сіздің әскерлер қашып келе жатқан көрінеді ғой.
Сөзінде кекесін бар, бізді әйел деп басынғаны болар, кекесінін жасырмақ түгіл, айызы қанып, ащы мысқылмен бізге бір қарап қойды.
— Жасаған құдайға мың да бір рахмет, — деді әйелі қолын бүріп маңдайына тигізіп шоқынып жатып. — Өзіміздің жиған-тергеніміз өзімізге бұйыратын болды ғой. Әлгі бір колхоз деген пәлесіне жеткізбей-ақ, жасаған құдайдың рахымы түсті ғой. Арғы жақтан келгендер буынып — түйініп кетіп жатқан көрінеді.
Света екеуміз бір-бірімізге қарадық... Тұла бойымыз мұздап қоя берді. Келімсек, кіріптар қонақтың баққаны үй иесінің қабағы емес пе, жаңа үйге кіргеннен-ақ үй иесінің ажарын баққанмын. Қанша түксиіп, қабағын түйгенмен шүңірек көзінің бір тереңінде шыдамсыз жарқыл бартын, не де болса бір жақсылық хабарды асыға күткен адамның кескіні. Сол күткені кім екенін енді білдім.
— Арғы беттен келгендер кім? — деп сұрады Света түсінбей.
— Е, советтен келгендер ше. Осында сельсовет дей ме,парт ячейка дей ме, әйтеуір көбейіп кетіп еді. Келіп алып жалаң аяқ, жақыбайларды құтырта бастаған, — деді хозяйка. — Олар да енді сендер сияқты зытып барады.
Тентіреп жүрген мазасыз қонақты үй иелері сұқ көзімен атса да, біз оған дайын едік, бірақ дәл мынадай үйге түсеміз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ-ты. Содан есеңгіреп қалдық па, Света екеуміз тілімізді тістеп алғандай үндемедік. Үндегенде не айтамыз, біздің сөзіміз райынан қайтаратын жандар емес бұлар, мына сөздері де жай бір ашу үстінде, немесе кездейсоқ қиянат көріп ренішпен айтылып жатқан нәрсе емес, әріден, түбінен шыққан сөздер.
Иә, біздің жан сақтаушыларымыз да бүгін-ертең келіп қалар осы араға. Ал, қонақтар, сендер ертерек кетіңдер. Қолға түсіп қаларсыңдар. Онда бізге де сөз келіп жүреді. Басына күн туған адамға қол ұшын бермеген де жаман. Бірақ...
— Иә, ерте жатыңдар да, ерте тұрып кетіңдер, — деді әйелі. — Немістер сендерді онша жақсы көрмейтін болар.
Бала ойы сөз мағынасына жете алмай, бірақ іші бір жаманатты сезгендей Шурик көзі жыпылықтап үй иелеріне кезек қарап отырған-ды.
— А, олар сіздерді жақсы көре ме? — деп сұрады ол, кенет таңырқап.
— Оларың кім?
— Немістерді айтам. Фашистерді. Сіздер соларға жақсыздар ма? Сіздер бізге жақ емессіздер ме? — Шурик бұрынғыдан бетер таңырқап, үй иелеріне, қасындағы өзі шамалас сары баланың бетіне үрпие қарады.
— Біз бе? Біз... — деп сары бала не айтарын білмей қипалақтап, сосын әкесінің қабағын көріп, қоя қойды.
— Жә, сендердің ақылдарыңа сыятын нәрсе емес ол, — деп үй иесі екі баланы тойтарып тастады. Содан кейін әйеліне әмір етті, — Шоланға қонақтарға төсек сал.
Исі аңқыған жас шөптің үстінде жатырмыз, ортамызда Шурик пыс-пыс етеді, Света да ұйықтай қоймаған тәрізді, бірақ екеуміз бір — бірімізге тіл қатпаймыз, ішім сезеді, оның хәлі де менің хәлімдей болар. Көкіректе бір зіл бар. Содан соң... Содан соң... жирену ме, жек көру ме?.. Әйтеуір тереңнен туындап келе жатқан жанға жайсыз бір сезім бар. Бір-бірімізге айта алмай... айтқымыз келмей жатқанымыз да сол болар.
Арғы беттен соғыс келеді. Біз сияқты қатын-қалаш, бала-шағасын елге қайтарып, қолына қару ұстаған, әскер қатарындағы ер азамат соғысқа кетті. Жолшыбай көргеніміз де сол — соғысқа аттанып бара жатқандар, жау қолына түсіп қалмайық деп кейін шегінуге қам қылғандар — өзгеден бұрын өзі мініп кеткісі келіп вагонға таласып, қанша керілдесіп, қырқысып жатса да олар бір жақтың адамдары, арғы беттен жау келсе иін тіресін бірге қарсы тұратынына өз басым шәк келтірмеймін. Мен үшін, жалғыз мен үшін ғана емес шығар, дүние қазір қақ айрылып екіге бөлініп, ана жақтан келе жатқан қатыгез, қаныпезер дұшпандар, мына жақта біз...
Қазір мынау қараңғы шоланның ішінде қапсағай ірі денелі, үлкен үшкір мұрынды, шүңірек көз шаруа елестейді көз алдыма. Көктен күткені жерден табылған қуанышын жасыра алмай, биік қабағының астынан бояуы сұйық көкшіл көзі табалай, мысқылдай жылтырайды. «Арғы бет», «бергі бет» деп жүргенімде, арғы беттен күткен жауымның бірі осы болғаны ма? «Бергі бетте де» жау болғаны ма? Бала кезімнен аңқаулау едім, біраз нәрсенің бақайшағын шағып, байыбына бармаппын да, біраз нәрсені аңғармаппын-ау.
Қас пен досты мен таңдап алғаным жоқ. Менің дұшпаным арғы беттен өзі келді, дұрысырақ айтқанда келе жатыр. Менің ғана дұшпаным ба? Бәріміздің дұшпанымыз ғой енді. Қасымбек солармен соғысып жатса, мен солардан қашып баратсам, менің де дұшпаным болмай қайтеді.
Ал, мына үй иесі? Елін шауып келе жатқан дұшпанды азат етушідей асыға күтіп отыр, оның дұшпан көріп отырғаны біздің жақтың адамдары. Демек, дос пен қасты бұл өзі таңдап алған. Қора жайлы, шаруасы бүтін, Совет өкіметінің қолы батқан адамға ұқсамайды. Әлде қолдағы малының баянсыздығын сезіп, «ертең алады-ау» деген күдігі ме екен, мұны арғы бетке бір-ақ ырғытқан. Бай-кулактарды кәмпескелеп аластағанда мен тым жастау болдым да, еш нәрсенің байыбына бара алмағанмын, және біздің ауылда үлкен бай болмады да, ондай істі көзіммен де көрген жоқпын. Кейін мектепте тап тартысы жайлы сабақ өткенде де, мұғалім түсіндірген, кітапта жазылған қағиданы сартылдатып айтып беріп емтихан тапсырғанмен, соның ар жағында тұрған дәйекті өмір, арпалысып тартысқан тірі адамдар көз алдыма елестей қоймайтын. Иә, иә, мына кісіні өзінің туған елінен бөліп тастаған нәрсе... не де болса күйгелек ыза, азға ренжіген шырт етпе ашудан әріде, тіпті өзінің табиғатында жатқан астары қалың өшпенділік сияқты. Ана көзқарасы ма? — Ол бітісетін адамның көзқарасы емес.
Тағы да көз алдыма үй иесі елестеді. Стол басында тарамыс ірі денесін кішірейткісі келгендей құнысып отыр; екен тағы мылтық ататын солдаттардың дәл солай бүкжиіңкіреп алатынын көріп едім. Қырпуы алынбаған мол мұрты астыңғы ернін көміп, биік қабағының астында нысанаға дәл қадалғандай мысқылды суық жарқыл бар. Неге екенін қайдам, тұла бойым мұздап кетті.
Үй иесінің осы бір кескіні ауық-ауық көз алдыма келе береді, көзімді тарс жұмып алған сайын анық елестейді. Арқа жағымды мұздатқан бір жаман сезім тұла бойыма шым-шымдап жайылып, демімді ішіме тартып, төргі бөлме жақтан естілген әр тысырға құлақ түрем. Шоланнан сыртқа шығатын есікте қылаңытқан кішкене ғана саңылау бар, ал оң жақтағы төргі бөлмеге апаратын есік көрінбейді; о жақ түпсіз қараңғы. Осы қара тұңғиық арамызды қақ бөліп тұр. Денем тітіркеніп демімді ішіме тартып тағы да тың тыңдадым. Тысыр еткен дыбыс жоқ, тым-тырыс. Света да іштен тынып жатыр-ау деймін, пысылдап-ұйықтағаны естілмейді, тек Шурик қана ақырын пыш-пыш етеді, бірақ ұйықтаған баланың түрі емес. Қыбыр етпей жатыр еді, кенет аударылып түсті де, ақырын ғана сыбырлап сұрады:
— Ол біздің жақтікі емес пе? Он не за нас?
14
От маздап жанып кетті. Бөгде жұрттың назарын аударатын бықсыған түтін жоқ. Көңілімді орнықтырған сол ма, әлде маужырап бойыма тарап келе жатқан рахат жылу ма, әйтеуір қайғы-қатерді ойламай балқып отыра бергім келді. Таңның да реңі кіріп, қызыл шырайланып, ағаш аралары селдіреп орман іші кеңіп қалған. Алаңсыз көңілмен мына ертеңгі саф таза рахатты бойыңа сіңіріп отыра берсең, шіркін қандай жақсы, тек қолтық астым солқылдап мазамды алып барады. Жүрегімнің сазғанын сәлден кейін барып түсіндім.
Орнымнан тұрып, алдымен орман ішін айнала шолып шықтым, әзірге қыбыр еткен қара көрінбейді. Света кеткен жаққа ұзағырақ үңілемін, бұта-бұтаның түбін, ағаш-ағаштың арасын көзім талғанша тінтемін. Апыр-ай, қонып қалса да ертерек тұрып келмей ме екен. Әлде сол жаққа таман өзім барып қайтсам ба екем? Бағыты осы мына теріскей жақ болатын. Осыдан екі жүз қадамдай жүрсең орманның шеті көрінеді. Одан әрегірек барсаң... Бірер шақырымдай жердегі деревняға сайды қуалап тіке баруға да, немесе орман ішімен орағытып баруға да болады. Бұ жақтың бір рахаты әйтеуір тасасы көп...
Сол алғашқы жолда түнеп шыққан күннің ертеңіне кешке қарай үлкен станцияға жетіп жығылғанбыз. Тіпті станцияның қарасын көргенде поездан қалып қоятындай өкпемізді қолымызға ала ұмтылдық. Алдымыз озып кетіп, артымыз шұбатылып қалып қоя береді. Ұрысқақ Муся бажылдап айқайлап арттағыларды қуалайды, қалып қойғандарға жәрдем етуге ілгергілерді бөгейді. Алевтина Павловна қан сорпасы шығып келе жатыр екен, шыдай алмай менде бір пәс Вовка командирді арқаластым. Өзі тым сыпайы адам ғой, беруін беріп қалса да, іле-шала:
— Сіздің аяғыңыз ауыр ғой. Сізге ауыр көтеруге болмайды екен ғой. Ғафу етіңіз. Өзім көтерейін, — деп бәйек болды.
Осылай шаршап-шалдығып бір станцияға жетіп едік... бейбіт кездегідей мұрты шағылмай бүп-бүтін тұрған станцияны және жолда тұрған бір-екі составты көріп, есек — дәме көңіл тағы да алып-ұшып, аптығып жетіп едік... ол көңілімізде су сепкендей басылды. Алдыңғы жақта тағы бір көпірді бұзып кетіпті.
Ең бір сөзуар әйелдердің де тілі байланып, салымыз суға кетіп, жарты сағаттай отырдық та, жаяу-жалпылап әрі қарай жүре бердік. Алғашқы да ет қызуымен байқамаппыз, келесі күні ертеңгілік оянғанда қол-аяғымыз салдырап, қозғалтпай қалған екен, орнымыздан әзер көтерілдік. «жазған құлда шаршау бар ма», арқамызға батпандап жүк артқандай ауыр денелерімізді сүйретіп ілгері қарай жүре бердік.
Мүмкін өзің, жеке басың болсаң, әй дүние құрып кетсінші, деп бір күн жатып дем алар ма ең, бірақ көппен бірге болған соң... Көптің жеке адамға деген бір киесі бар қайдам, жұрт кетіп бара жатқан соң сен жаның шықса да қалмауға тырысасың. Әуелі маған осылардың бәрінің күші менен артық, іштеріндегі жалғыз осалы мен сияқты көрініп, «жұрттың шырқын бұзбайын, жалғыз қалмайын» деген бір ой еріксіз жетелей беріп еді, ал кейінірек байқасам, бұлардың көбінің-ақ хәлі менен артық емес тәрізді. Ішіміздегі соқтауылдай, ірі шымыр денелі күлегеш Мусяның өзі қиралаңдап аяғын әзер басады. Алевтина Павловнаның айтары жоқ, ақсары жүзі тотығып күреңітіп, көз төңірегі ойылып түскендей шүңірейіп, жұмсақ ұлпа ерні солып, кезеріп кеткен, бастығымыз Елизавета Сергеевна да шүңкейіп әрең келеді, біреуден жәрдем сұрағандай жалынышты кескінмен жан-жағына қарап қояды. Бір шаршамаса, шаршамайтын ұрысқақ Мусяны да көріп келем, ай мәз емес, бұрынғы қайқайып тұратын ұрысқақ ерні жуасып тісіне жабысып қалыпты. Енді бақсам мен сияқты бұларды да еріксіз жетелеп келе жатқан көпшілік екен. Сонда, бәрімізге бірдей үнсіз әмірін жүргізіп келе жатқан көпшілік кім? Бақсам, ол біздің өзіміз. Ал, әрқайсымыздың өзімізге салса, дәл осылай титықтап, көзіміз қарауытқанша жүре алмас едік, тым құрыса жиірек аялдап, көбірек дем алар едік. Сонда бәріміздің басымыз қосылғанда үстімізге аруақ көтеріле ме? Осы жәйтті әрі-бері ойлап, менің шаршаған ойым түбіне жете алмады, тек әйтеуір осы көппен бірге болғым келеді — сонда ойым да орнықтырақ, көңілім де тоғырақ болатынын білем.
Біздің арба сатып аламыз деген талабымыз оп-оңай орындала қоймады. Білмеймін, кілең әйел болғанға ма, шаруалар бізбен үлкен саудаға барғысы келмей тайқақтай береді; сөйтсек ақшаға да сенімсіз қарайды екен. Содан қолда бар дүниесымағымызды жинап көріп едік, ол ат арбаның құнына маңайламады.
Қиналғанда ақыл тапқан Алевтина Павловна болды. Ол құлағындағы алтын сырғасы мен қолындағы алтын сақинасын шешіп алып, содан кейін түйіншегін шешіп көк жібек көйлегін шығарды. Әйелдер оған үнсіз қарап тұр. Алевтина Павловна көйлегін бүктеді де үстіне сырғасы мен жүзігін қойды. Содан соң көз айналасы тереңдеп, жағы суалыңқыраған әсем жүзін көтеріп бізге қарады.
— Менде бары осы, — деді ол ақырын ғана. — Ал, ортамызда мәстек болса бір көлік болмаса біз ешқайда жете алмаймыз. Өздерің біліңдер, әйел қарманса әйтеуір бір нәрсе табады.
Әйелдер аз уақыт не істерге білмей үнсіз қалды. Ұзатыларда қолыма Қамқа әжем салған алтын балдағым бар еді, оны кішкентай кезімде апамның қолынан көретінмін, екі бірдей анамның көзіндей көріп жүрген дүнием еді, қайтейін, қия алмай қанша қиналсам да дәтім шыдамады, шешіп алып Алевтина Павловнаның сақинасының қасына қойдым. Ол жанарын көтеріп менің бетіме қарады, үндеген жоқ. Бірақ адамның тұла бойын жылытып жіберетін бір көзқарас болады ғой...
Осыдан кейін басқа әйелдер де сақина, сырғаларын шығара бастады. Бұлардың қай-қайсы да үлде мен бүлдеге оранып жүрген әйелдер емес, көбісі-ақ командирге тиіп иығы енді бүтінделген, өмірінде бір жылтырағы, қия алмай, қинала-қинала шығарады. Жұрттың соңын ала күлегеш Муся да бүткіл полк әйелдерінің көзінің жауып алған алтын жалатқан күміс білезігін шешті. Қолы қалтырап ортаға қойды да, теріс айналып кетті. Қорс-қорс етіп мұрнын тартты да, ақыры шыдай алмай жылап жіберді. Бірақ еш әйел, тіпті ұрысқақ Муся да, оған кейіген де, күлген де жоқ.
Кілең әйел болсақ та саудадан онша ұтылған жоқпыз. Жылқы баласын мен де аздап танушы едім, ұрысқақ Муся тіпті жетік боп шықты, аттың аузын ашып тісіне дейін қарады. Қамыт, ызбройын түгендеп, арбаның да о жер бұ жерін қарап тексеріп, оң аяғы арбаның доңғалақ күншігін майлайтын майына дейін таптырып алды.
— Немене, жаман арбаң мен жауыр мәстегіңе әкеңнің құнын алдың. Байғұс қатындарға тұла бойындағы жалғыз жылтырағын жұлып беру оңай деп пе едің. Сасық қайысың мен қара майыңды аяйсың ба? Әкел! — деп апшысын қуырды.
Арба тауып алған соң адам болып қалып едік. Арқалаған ол — пұл затымызды арбаға тиеп, бала-шағамызды да арбаға мінгізіп, кейде шаршаған кезде екі-үштен мініп, әйелдер де аяқ суытып алатын болған. Мені аяғы ауыр деп арбаға көбірек мінгізеді. Енді кәдімгідей жүрісті де өндіріп, күніне жиырма шақты шақырым жолдың басын қайырып тастайтын халге жеттік. Тек Белорус ормандарының ішінде құмы түскір жиі кездесіп қалады, сол ғана көлікті қинап кетеді, Ондайда арбаны өзіміз итереміз. Әйелдер де алғашқыдай емес, жүріске үйреніп алды.
«Сұрай-сұрай Меке барады», орыстар «тіл Киевке апарады» дейді екен, біз де сол алдымыздағы үлкен қалаларды бағдарға алып сұрау салып келеміз. Біз сияқты қаша көшіп баратқандар да жиі ұшырасып қалады, ондайда қара болып бір жүреміз. Үлкен жолдар тиышсыз, жау самолеттері жиі-жиі шабуыл жасайтын көрінеді, кейде дұшпанның танкілері мен мотоцикл мінген әскерлері де өтіп кетеді дегенді айтады. Біз сол көбіне орман арасымен өтетін жіңішке жолмен келеміз.
Бәріміздің күніміз қараған жалғыз атымызды баладан бетер әлпештеп бағамыз. Орыстың келіншектері оған «Вася» деп ат қойып алды. Тоқтаған жерде сол «Васяның» алқымына бастарын сүйеп, мойнынан сипап еркелетіп тұрғаны. Көк шөпті жұлып әкеп:
— Мә, Вася, же, жей ғой, — деп аузына тосады.
— Ой, ты хороший мой. Какой ты красивый, — деп атты сипалап, асты-үстіне түсіп жатқан әйелдерге ұрысқақ Муся кейіп тастайды.
— Хайуанның мазасын алмаңдар. Соншама мекіреніп немене.
— Қайдағыны айтады екен-ау. Мекіренгені несі, — деп күлегеш Муся сылқ-сылқ күледі.
Шынында да сылап-сипағаннан хайуан тоқ болмайды — атты түнде кезек-кезек күзетіп, арқандап жаямыз. Жолдағы бір колхоздың басқармасынан бір қапшық сұлы сұрап алып едік, мойнына ілетін дорбамыз болмаған соң әйелдер шөпті қос уыстап көсіп алып аттың аузына кезек-кезек тосады.
Бірақ әйелдің уысы не жарытсын, күлегеш Муся ақыл тауып басынан қызылды-жасылды гүл өрнегі бар бәтес орамалын шешіп алып сұлыны соған салып аттың аузына тосты. «Вася» ерні жыбырлап сұлыны жегіш-ақ екен, сұлы таусыла бергенде орамалды қоса асап жіберді. Муся орамалын аттың аузынан әзер суырып алды, бірақ не пайда, орамалдың ортасы ырым-жырым. Күлегеш Муся байғұс тағы да солқылдап жылап отыр.
Бұ да бір заман екен. Онша арып-ашып жүдемей, көп әйел әзіл-қалжыңы, ептеген ұрыс-қағысы аралас тым жақсы келе жатыр едік. Жаяу жүріске де аяғымыз үйреніп жаттығып қалғанбыз, ойымыз тезірек барып, тыныштау бір қаладан поезға мініп кету. Неміс те қашанғы шабуыл жасай берер дейсің, біздің әскер де оны тоқтатып кейін қарай қуатын кезі жақындап қалған шығар, деп ойлаймыз. Әр нәрсе басында қиын ғой, қазір енді кәдімгідей көшіміз түзеліп, жол азабына көндігіп алғанбыз. Аман-есен елге жетсек, мұның бәрі әншейін...
Иә... О да бір заман екен.
Жаңылмасам, арба сатып алғаннан кейінгі үшінші күн болар.
Орман ішіндегі бір кішілеу хуторға түнеп ерте аттанып кеттік. Ерте жатып, жақсы дем алып, құр атқа мінгендей тынығып қалған екенбіз. Күн жаңа шығып келеді. Бұ жақтың шөбі қандай, сарғаю дегенді білмейді ғой, орман арасындағы алаңдарда көкпеңбек болып жайқалып тұрғаны. Әлі кеуіп болмаған түнгі шық осы көк кілемнің үстіне шашып жіберген сансыз моншақтай жылтырайды. Әйелдер де тыңайып сергек оянған, көңілді келе жатыр.
— Осы «Васяға» сұлы берілді ме, бүгін? — деп сұрайды Маруш.
Жай сұрақ емес, бір астары бар сияқты.
— Жоқ, берілген жоқ. Күлегеш Муся жем беруші еді ғой, — дейді Валя дейтін келіншек іліп алып.
— Жолдастар, осы біреуге бұралқы ат тағуды қойсаңдаршы, — дейді Елизавета Сергеевна өзінің ағалығын танытып. — Жәй Муся деңдер. Болмаса Мария Петровна деңдер.
— Ах, Мария Петровна, — дейді арбаның үстінде баласын емізіп келе жатқан Наташа. — Мен арбаны тоқтатайын, Васяға жем беріп аласың ба, қайтесің?
— Несімен жем береді? Орамалын жегізіп қойды ғой, — дейді Маруш.
Орамал қайғысы ұмыт болса керек, күлегеш Муся сылқ — сылқ күледі.
— Етегі бүтін емес пе, енді етегімен берсін. Кәне тоқтатайын — болмайды Наташа.
Жұртпен бірге күлегеш Муся да сықылықтап күледі келіп.
— Әй, қатындар-ау, жаяу жүріп келе жатып күле бермеңдер, тез болдырып қаласыңдар, — дейді Маруш езу тартып.
Алғашқы бір екі күнде біз тоқ шауып қызыл май қылып алқындырып алған ат сияқты шаршап-шалдығып, тез болдырып қалғанда сыр бермеген осы Маруш болды. Қаншырдай қатып алған бір сылым артық еті жоқ сұңғақ денесі, қара торы қағілез жүзі сол ширақ, сергек қалпынан ауған емес. Біз шаршап-шалдығып талып жеткен жерге құр атқа мінгендей тың келеді. Мінезі де сол орнықты қалпынан ауған емес, әсіресе, бір нәрсе айтар алдында сәл ғана тепсініп, шығатын мысқылмен езу тартатын кескіні бар-ау титтей өзгерген жоқ — баяғы сол «Шығыс Мадоннасы».
— Ішіміздегі жалғыз болдырмайтын сенсің ғой, — дейді Алевтина Павловна Марушқа күле қарап. — Бір сылым артық майың жоқ. Бірақ оған бола кердеңдей берме, бізде сенімен теңеліп келеміз. Артығымыздың бәрін сылып бердік.
— Иә, майдан арылып келеміз.
— Енді күйеулеріміз кездессе ғой, қу сүйегімізді құшақтайды.
— Еркек деген қу сүйекті кеміретін ит емес. Енді бізге қарамас та.
Әйелдер осылай қалжың айтып қарқылдасып күліп келе жатқанда, бетін арбаның артына беріп баласын ұйықтатып отырған Наташа:
Қыздар-ау, ана келе жатқандар кім? Кілең мотоцикл мінген біреулер ғой, — деді.
Бәріміз ошарылып кейінгі жаққа қарадық. Сонау үш-төрт шақырым жердегі орман көмкерген қыраттан бері қарай жеті-сегіз мотоцикл ызғытып келеді екен. Түрлері әскери адамдар сияқты болғанмен біздің көзімізге тосын, жат көрініп, бәріміздің көкірегімізге үрей жүгірді; өз көзіміз мотоцикл мінген қызыл әскерді көрген жоқпыз-ды.
— Біздің әскерлер ме екен? — деді Валя қобалжыған сенімсіз дауыспен.
— Жоқ, мынау біздің әскер емес. Тезірек орманға тығылайық. Арбаны айдаңдар! — деді Алевтина Павловна.
— Орманға тезірек жетейік!
— Не де болса сақтық керек.
Құдай оңдап жол да орманға тақап қалған екен, жүз қадамдай-ақ жер қалыпты, атты тұс-тұстан сабалап орманға қарай жүгірдік. Енді сол жүз қадам жер жеткізсейші, артымызға қарай-қарай жүгіреміз. Мотоцикл деген жел аяқ қойсын ба, басқа жолға бұрылмастан, тура желкемізден төте салып жақындап келеді. Өліп-талып орман ішіне де іліктік. Бірақ...
— Жолдан бұрылып қашыңдар! Бұта-бұтаны паналаңдар! — ден айқай салады Алевтина Павловна.
— Ay, арбаны қайтеміз? Балаларды қайтеміз? — деді ұрысқақ Муся.
Осы кезде мына дүрлігістен зәре-құты қашқан балалар жылай бастады.
— Бәрібір арба құтыла алмайды. Балаларға тимес. Сендер қашыңдар! Қашыңдар! — деп айқай салды Алевтина Павловна.
Өкпелерін қолына алып жүгірісіп келе жатқан әйелдер тым-тырақай орманның ішіне қойып кетті. Етегім далақтап мен де жүгіріп келем, жүгірмегенде қайтейін.
— Алевтина Павловна, сақ бол! Балаларға көз қара бол, — деп айқайлайды біреуі қалың ағаштың ішіне кіріп баратып, кім екенін айыра да алмай қалдым.
Қайда, қалай қарай қашып баратқанымды да біле алмай тұла бойымды жаман бір жымысқы үрей билеп, ес-түсімді білмей ышқына-ышқына жүгірем. Тер жуып, удай ашып баратқан көзім де еш нәрсені анықтап көрмейді, тек әйтеуір бетімді бір нәрсе осып-осып кетеді, соны ғана сезем. Бір кезде біреу аяғыма тұзақ салып, қатты тартып қалғандай құлап баратқанымды білдім.
Дымқыл жердің жасыл көк шөптің исі келеді мұрныма. Ішім ауырады. Көзім ашиды. Жеңіммен көзімді сүртіп, бауырымды көтеріп еңбектеп тұра беріп едім, арт жақтан шаңқылдаған дауыстар естілді. Еркек дауысы. Ентіккен жүрегім лүпілдеп алқымыма келіп тірелгендей еңбектеп көтеріле берген күйі буын-буыным қалтырап бір жамбасыма құлай кеттім. Енді шаңқылдаған еркек даусына шырылдаған әйел дауыстары араласты. Алевтина Павловнаның дауысын танып қалдым, оның даусының мұндай ащы екенін бұрын білмеппін-ау. Мына біреу шырылдаған Наташаның даусы.
Қалтыраған буынымды әзер билеп, тізерлеп бойымды көтеріп, бұтаның саңылауынан дауыс шыққан жаққа көз тастадым. Сонша өлім-өшкендегі жүгіргенім жетпіс-сексен қадамдай-ақ жер екен, бәрін анық көріп тұрмын, жасыл форма киген жеті-сегіз неміс солдаты арбаны қоршап алыпты. Наташа арбаның үстінде, бір солдат оған жерге түс дей ме, әйтеуір бір нәрсе деп шынтағынан тартады, енді біреуі қолындағы баласына жармасады. Наташа баласын бауырына тас қылып қысып алған, құлындағы даусы құраққа жетіп шыр-шыр етеді, арбаға жабысып қалғандай түсетін түрі жоқ. Енді бір солдат әйелдермен ісі жоқ, бір нәрсе іздегендей арбаны ақтарып жатыр. Алевтина Павловна да Вовкасын көтеріп, бауырына қысып алған екен, оған да келіп бір солдат жармасты. Бауырындағы баласын жұлып алмақ боп алысып жатыр.
— Вовка, жаным, қорықпа! Ешкімге бермеймін, — деп, даусы тарғылданып Алевтина Павловна жан ұшыра айқайлайды.
Екі солдат Валяның бір жасар ұлын шыңғыртып қолынан тартып алды, біреуі бақырып жылаған баланы көтеріп, қолымен тербеп, «бай, бай» деп жұбатпақ болады, екіншісі қос тағандап жер тіреп, ышқына тартынған Валяны әрегірек әкеткісі келіп ырс-ырс етеді. Осы азан-қазан айқастан оқшауырақ бір солдат ауыз гармонын ойнап тамашалап тұрған, ол Валяның баласын жұбата алмай әлек болып тұрған солдатты көріп мазақтағаны болар, қарқылдап күліп, бір нәрсе деп сөйледі. Содан кейін Валяны алып кете алмай ырсылдаған солдатқа да бір нәрсе айтып күлді де, қос тағандап сіресіп тұрған Валяны арт жағынан теуіп жіберді.
Арбаның тасасынан Алевтина Павловнаның төбесін көріп қалдым, байғұс шырылдап әлі алысып жүр, әзір Вовасы қолында шығар деймін. Наташаны ақыры арбадан сүйреп түсірді.
Осы кезде қырық-елу қадамдай жақынырақ жатқан бір әйел орнынан тұра арбаға қарай жүгірді, Шабалаңдап сөйлеп барады. Ұрысқақ Муся.
— Бұл не масқара! Қаран қалғыр кілең, адамсыңдар ма, хайуансыңдар ма? Баладан, жас баладан неге ұялмайсыңдар? Өңшең ұятсыз! Көргенсіздер!
Жаңағы Валяны теуіп жіберетін неміс қайтадан ауыз гармонын ойнай бастап еді, ұрысқақ Мусяны көріп неге мәз болғанын құдай білсін, гармонын аузынан жұлып алып, қарқылдап тұрып күлді де, бауырындағы автоматын сыңар қолымен көтеріп, Мусяға қарай дыр еткізіп бір дүркін атып жіберді. Муся біреу кеудесінен қойып жібергендей, шалқалақтап барып, кенет алға ұмтылғандай ілгері қарай етпетінен құлады; бір-екі рет дөңбекшіп, аударылып түскендей болды. Ана солдат қарқылдап күле түсті де, кенет қадалып қалғандай оқыс тыйылып, теріс айналып кетті. «Мамалап» жүгіріп бара жатқан Люсяны көріп қалдым.
Менің көзім қарауытып кеткендей болды. Басқа солдаттар да қарқылдап күледі. Біздің әйелдердің шарылдаған даусына мотоциклдің тырылдаған қатқыл гүрілі жалғасты. Енді бір байқап қалғаным арт жақтан тағы бір топ мотоциклшілер ағызып кеп, ошарыла тоқтады. Соңғы топ жеткенде мына солдаттар аяқ астынан сасқалақтап, біздің әйелдерді қоя беріп асығыс бойларын түзей бастады. Соңғы келгендердің ішінен біреуі, шамасы командир болар, бұрынғыларға ақыра өктем сөйлеп бір нәрсе айтып жатыр. Алдыңғылары айыпты кескінмен мотоциклдеріне ырғып мініп тез жүріп кетті. Ол топ ұзай бергенде соңғылары да қозғалды.
Арбаның қасындағы әйелдер құтылғанын не құтылмағанын білмей, әрқайсы тұрған-тұрған жерлерінде сілейіп қимылсыз қалған. Бұта-бұтаның тасасынан шыққан әйелдер арбаға қарай жүгіріп барады. Мен де солай қарай барайын деп түрегеліп бұтаның тасасынан шығып едім, бір-екі қадам аттағаннан кейін буынымнан әл кетіп арбаның қасына әрең жеттім. Жүгіріп бұрын жеткен әйелдер арбада қалған байғұстарды құшақтап, манадан бері тас қылып қысып тастаған үрей құрсауы үзіліп кеткендей еңіреп жылап жатыр. Естерінен тандырған қорқыныштан, көрген қорлық пен азаптан жылайды. Ірі тұлғалы Валяның бүкіл жардай денесі селкілдеп, өксігін баса алмай кеңкілдеп солқ-солқ етеді.
Екі-үш әйел ұрысқақ Мусяның басына үймелеген, біреуі мамалап бақырған Люсяны әзер ұстап отыр. Енді өзге әйелдер де есін жиып осылай қарай жапа-тармағай жүгіріп келеді.
Мусяның денесін тығыз қоршап алды да, кейінірек жеткен маған еш нәрсе көрсетпеді, Тек «маму убили, маму убили» деп ышқына жылаған Люсяның даусын естимін.
Жыламай тұрған жалғыз Алевтина Павловна ғана, бір түрлі өңі түтігіп, қарауытып кеткен бе қалай, бізді көрмей әлдеқайда алысқа қарап, етегіне жабысқан Вовасының басынан ақырын ғана сипалай береді.
Аз ғана жылап-сықтап мауқын басып алған соң әйелдер қайта дабырласты:
— Қыздар-ау, енді не істейміз?
— Не істегені несі? Жүрмейміз бе?
— Біз жаудың тылында қалып қойыппыз ғой.
— Апыр-ау, біздің әскер қай жағымыздан өтіп кеткен?
— Біз орман сағалап, бұғып келе жатқанда өтіп кеткен.
— Қой, біздің әскер келетін шығар әлі.
Мен білсем бұл барлаушылар ғана. Алға жіберген шолғыншы отряды.
— Енді қайттік, құдай-ау?
Әйелдер бірін-бірі і тыңдамай, бірін-бірі бастырмалатып жамырай сөйлеп кетті. Басалқы айтып, билік жүргізетін адам жоқ. Елизавета Сергеевна болса мәңгіріп қалған, көзі жаутаңдап әркімнің аузына бір қарайды. Бірақ қанша шуылдасқанмен іштерінен пәтуалы сөз айтып тиянаққа тірейтін адам табылмаған соң, бастапқы «енді не істейміз» деген сұраққа қайта оралып, тоқырап қалды.
Әйелдердің дабырасы басылған соң Алевтина Павловна:
— Ал енді жүрелік, — деді.
— Жүргенде... Мария Mаксимовнаны қайтеміз? Жерлемейміз бе? — деді Елизавета Сергеевна алақтап.
— Қабірді қалай қазасың. Күрек жоқ қой.
— Қалай бетін жасырмай тастап кетеміз?
— Мария Максимовнаның денесін арбаға салыңдар.Жолшыбай күрек табылған жерде жерлерміз, — деді Алевтина Павловна. Өлікті көтеруге жүрексініп, әйелдер қипақтап тұр. Бір-біріне:
— Ал, ал, ұстасаңдаршы, дейді де шегіншектей береді.
Ақыры болмаған соң Валя мен күлегеш Мусяны шақырып алып, Алевтина Павловна өлікті арбаға көтерісіп салып, ыңғайлап жатқызып, бетін жапты да, өзі арбаға мініп Вовкасын алдына алып атты делбемен қамшылап жүріп кетті. Қалған әйелдер де еңселерін көтере алмай, үнсіз шұбатылып, арба соңынан ерді.
— Мына жолмен біз қайда барамыз? Артымыздан тағы да немістер келсе қайтеміз? — деді күлегеш Муся.
— Иә, басқа бір, оқшау жолға түсейік.
Алевтина Павловна үндеген жоқ. Атты анда-санда шыбықпен бір ұрып қойып, арбаны айдап келе жатыр. Тек аздан кейін барып тіл қатты.
— Сендер өңшең әйелдер топырламай, ана орманның ішімен жүріңдер. Жолдан жүз қадамдай қашық ұстасаңдар болады ғой. Тек арбадан көз жазып қалмаңдар.
— Ay сонда...
— Егер сендерге бір нәрсе болып қалса...
— Арттан тағы да жау әскері келіп жүрсе...
— Одан да арбаны орман ішіне бұрсайшы.
Заты әйел болған соң, әйтеуір сөзге араласпай қала ма, әйтпесе шешіп айтып, жөн сілтейтін біреуі жоқ.
— Орман ішінде жолсызбен арба жүре ала ма? Басқа бір жолдың реті келсе көрерміз. Ал, барыңдар енді топырламай, — деді Алевтина Павловна жеки сөйлеп.
Біз жолдан шығып орманға кіріп баратқанда:
— Арбадан көз жазып қалмаңдар. Бірақ Мусяға ұқсап көмекке келем деп ақымақ болмаңдар, — деп дауыстады.
15
Бала кезімнен естіген «уды у қайтарады» деген сөздің мағынасының көп екенін маған соғыс үйретті. Осы бетіммен аман-есен елге жетсем, бұл жағдай жау солдаттары мен алғаш рет кездескен, зәремді зәр түбіне жіберген ең бір қорқынышты оқиға болып, мүмкін көз алдымнан кетпей қояр ма еді, бірақ тағдырдың маған келешекте тарттырған тауқыметтерінен кейін бұл жәйт өткінші елес, тіпті ойыншық сияқты көріне бастады; кейінірек ойлап қарасам, бізді осыншама есімізден тандырып, зәре-құтымызды қалдырмай қалтыратқан сұмдық оқиға — ана неміс солдаттары үшін ойда жоқта тап болған бір ермек болса керек. Мотоциклмен ызғытып келе жатқан көңілді солдат тар бір топ жас келіншектердің үстінен шыға келсе, мұндай сәті келген шаруаны қапы жіберсе солдат бола ма; ертең жолдастарына несімен мақтанады? Жол-жөнекей қолға түскен олжаны оңай малданып, апыл-ғұпыл мауықтарын басып, бой суытып болып жолдарынан қалмай тезірек жүріп кеткілері келген шығар. Бірақ осы бір оп-оңай олжаның шырқын бұзғаны, құрғырлардың кішкене балалары бар екен, және балаларын бауырына қысып алып айырылмайтындарын қайтерсің. Бұған біреулері ашуланады, әрі қызық көріп күледі.
Төтеннен келген үрейден, қанша зәреңді алғанмен, кісі тез-ақ айығып кетер еді-ау, бірақ мына оқиғаның аяғы тұтасқан қалың жамандыққа, арылмас қорқынышқа ауысып мынау әшейінде ақжарқын, сөзуар әйелдердің тілін байлап, еңсесін басып келе жатыр. Біз жаудың қақ ортасында қалдық... Ол тұрмақ бір рет қолына да түсіп шықтық... Ендігі хәліміздің бар сұмдығы бойымызға зіл боп тарап, басқан сайын аяғымызды ауырлатып, еңсемізді төмен тартады... әйелдер біреу-міреу адасып қалмасын деп жұбымызды жазбай, орман ішіндегі ойлы — шұңқырлы, бұталы-томарлы жолсызбен келеміз. Кейде бір жалғыз аяқ соқпақ кездесіп жүрісіміз түзеле бастаса-ақ, ол түскір қиғаш алып кетеді де; анда-санда қылаң етіп көрініп келе жатқан арбамыздан көз жазып қалмау үшін, қайтадан төтелейміз. Бір мезгілде үлкен жолдан бұрылып, қиғаштау көрінсе де бір жіңішке жолға түсіп, сағат жарым жүргеннен кейін орманның шетіне таман отырған орманшының ескіріп жапырайып қалған ағаш үйіне жеттік. Орманшының өзі дүкеннен керек-жарағын алуға, әрі мынадай неғайбіл кезде хал-жағдайды білуге, осы арадан он шақты шақырым жердегі үлкен селоға кетіпті. Үйінде екі кішкене баласы мен әйелі қалған екен, әйелі отыздың шамасындағы қараторы ажарлы кісі, менің бір байқағаным бұ жақтың жергілікті халқында қара торы адам аса сирек кездеседі, байғұс біздің хал-жайымызды білген соң жаны ашып, асты-үстімізге түсті.
Оның күйеуінің қашан келері белгісіз болған соң, әйелдер өзіміз күрек алып Мусяға қабір қаздық. Бұрын бір кішкентай істі бастар алдында «өйтсек қайтеді», «жоқ бүйтсек қайтеді» деп әрқайсымыз әр жаққа тартып, талқыға салатын әдетіміз бар еді, бұ жолы Алевтина Павловнаның бір ауыз сөзіне даусыз жығылып, жұмыла кірісін кеттік. Орманды жердің топырағының бет жағы дымқыл болғанмен ар жағы қатқылдау екен, кеудеге дейін қазып едік, әйелдер: «тереңірек болсын», «бетін жаба саламыз ба, дұрыс болсын» деп бірін-бірі қамшылап, ақыры кісі бойына жеткіздік. Жеті жасар Люся қабір қазғандармен араласып, топырақ лақтырған күрекке жаутаң-жаутаң қарап, алаң болып ана қазасын ұмытып кеткен сияқты еді, бірақ шешесін қабірге түсірер кезде «мамалап» ышқына жылап шешесінің денесіне жармасты. Ықылық атып, қылқынып қалған баланы әзер ажыратып, Мусяны қабірге түсірдік.
Орманшы жағына пышақ жанығандай, үлкен қыр мұрынды, сопақ беті дөңес шот маңдайынан иегіне қарай сүйірлене түскен ақсары кісі екен, жирен мұрты бар, ол біз тамақ ішіп болған соң қайтып оралды. Кілең әйелді көріп биік қабағының астына терең жасырынған шүңірек көзі жыпылықтап таңырқап қалды. Астыңғы ернін қымқырып, аузын сылп еткізіп сөйлегенмен даусы жұмсақ, түрі именшек, сірә, момындау адам сияқты.
Оның алып келген хабары жақсылық емес: жау әскерінің екпіні қатты, толқын-толқынымен қаптап өтіп жатқан көрінеді, тіпті біраз ілгерілеп кетсе де керек.
Сонымен шығар тесігіміз бітеліп, немістердің қақ ортасында, жаудың тылында қалып қойғанымызға көзіміз әбден жетті. «Бүгінгі бізге кездескен жаудың байқаусызда өтіп кеткен ұсақ тобы шығар, алдымызда біздің әскер тұрған шығар» деп көңілге талшық еткен үміт сәулесі өшіп, ендігі жағдайға тіпті көңілімен де көндіге алмай, әйелдер сөзден қалды.
Байқаймын, жол-тұспалын білмейтін көрбала жалғыз мен емес, осы отырған әйелдердің көбісі үшін-ақ болашағын ойлаудың өзі қорқынышты сияқты. Әншейінде үндемейтін Света осы жолы өзгеден бұрын есін жиып, ақылға келді. Ол орманшыдан:
— Біздің алдымыз қалай? Орманы көп пе? — деп сұрады.
Орманшы астыңғы ернін қымқырып, алдыңғы жақты шолып өткендей көзін шүйіріп, кішкене іркіліп, ойланып барып жауап берді.
— Алдарың біраз жерге дейін жалаңаштау болады. Бір-бірімен жалғаспаған ұсақ шоғыр тоғайлар болмаса, тұтас орман көп жерге дейін кездесе қоймайды.
— Ал енді, жаудың тылында, қоршауда қалғанымызға көзіміз жеткен жоқ па? Ендігі тірлігіміз не болмақ, қандай қам қыламыз, соны ақылдасып алуымыз керек емес пе? — деді Света.
Даусы да ширақ, осы топтың ішіндегі ең еті тірісі өзі сияқты, осынша уақыт бірге жүргенде Светаның мұндай пысық екенін білсемші. Бұрын біреу сөз бастаса әр қайсы өз ақылын өткізгісі келіп жамырай жөнелетін әйелдер, бұ жолы сөзге араласуға асығатын емес, «сен не дейсің», дегендей қабақтарымен бір-біріне қарап, ақылды өзгеден тосады. Қипақтаған көптің назары, ақыры Елизавета Сергеевнаға қарай ауысып еді, бірақ ол байғұс ұрысқақ Муся қаза болғаннан кейін желі шыққан доптай солып қалыпты; бастық екенін ұмытып, көптің тасасында шүңкиіп үнсіз отыр. Ішіміздегі жалғыз еркек орманшы, бізге жаны ашып жаутаңдай қарап, астыңғы ернін қымқырып, оқта-текте аузын бір сылп еткізгені болмаса, ақыл қоса алмады.
— Сіздің ойыңыз қалай, Алевтина Павловна? Қайткенде де бір шешімге келуіміз керек қой, — деді Света, шамасы өзге жұрттан жөн-жосық сілтейтін пәтуалы сөз күтпеген сияқты.
Алевтина Павловна, баяғы бұлаңдаған сұлу келіншектің паңдығы мен назды еркелігінің ізі де қалмаған, кәдімгі қарапайым көп әйелдің бірі болып, Вовкасын бауырына қысып, бір шетте отырған; ол Светаға іркіліп барын жауап берді.
— Сен дұрыс айтасың, Света, — деді Алевтина Павловна, баласын алдынан түсіріп жіберіп, өзі көтеріліңкіреп отырды. — Иә — а, бір шешімге келмей болмайды. Жаудың қоршауында қалғанымызға енді көзіміз әбден жетті ғой, көңіл алдарқататын еш нәрсе жоқ, осы кезге дейінгі күніміз бір бөлек еді, ендігі күніміз бір бөлек, құрбылар. Соны ойлаңдар. Бүгінгі көргенімізді құдай енді қайтып көрсетпесін. Әсіресе баланың... Сәбидің көзінше жармасқаны.. Білмеймін, егер бір нәрсе болса тірі қалар ма едім?.. Әлде... Өлімнен де жаман нәрсе болады екен.
— Бұл бүртігі ғана, желегі әлі алдында емес пе? — деді Валя.
— Иә, о да мүмкін, — деді Алевтина Павловна... — Жаман айтпай жақсы жоқ. Енді тек жамандықты ғана күтуіміз керек. Басқа не істейтінімізге көзім жетіп отырған жоқ, ал, менің бір анық білгенім, — біз енді мына тұтас тобымызбен жүре алмаймыз.
— Сонда қалай?.. Сонда... — Елизавета Сергеевна сөзін жұтып тұтығып Алевтина Павловнаның бетіне панасыз кескінмен үрпие қарады.
— Менің ойымша да Алевтина Павловнаның айтып отырғаны дұрыс, — деді Маруш өзінің байыпты қалпын өзгертпей.
— Сонда қалай, тарап кетеміз бе?
— Әрқайсымыз бет-бетімізге кетеміз бе?
— Жоқ, ол болмайды ғой. Қолға түсіп қалсақ қайтеміз?
— Басымыздың ауған жағына кете берсек. Мен жол да білмеймін.
Әйелдердің шулап басылғанын сабырмен тосып, Maруш сол орыс әйелдерінен мақамы бөлек байсалды даусымен қайта сөйледі.
— Ий, ыдырап бөлек-бөлек кеткеніміз жөн. Қолға түссек те біртіндеп түсеміз. Немістерді бірден қарық қылмаймыз.
Біреулер ащы күлкімен мырс-мырс езу тартты, күлегеш Муся сықылықтап күліп жіберді. Топырағың торқа болғыр Мария Максимовна тірі болғанда осы арада бір тыйып тастар еді, қалған әйелдер оған еш нәрсе деген жоқ.
— Маруштікі запыраны аралас қалжың ғой. Бірақ оның да жаны бар, — деді Алевтина Павловна. — Біз мына тобымызбен ешқайда сыймаймыз, қолға да тезірек түсеміз. Екі-үш адамнан бөлінуіміз керек. Содан әркім өз шамасы келгенше қам жасайды. Ал, біз сияқты баласы бар әйелдер ұзаққа бара алмаймыз. Орман тасасындағы хуторларды сағалап, біздің әскер қайтып келгенше жан бағамыз. Ал, бастыларың өздеріңше қаракет етіңдер.
Алевтина Павловнаның бұл сөзі командирдің шешіміндей болып шыққанға ма, әлде өзге орайының жоқтығынан ба, әйтеуір ешкім дау айта алмай ақыры осы сөзге тоқырадық. Екі-үш адамнан топқа бөлінгенде де ши шығарарлықтай еш нәрсе болмады, әркім өздері бұрыннан-ақ орайлас екен, сол ыңғаймен жұптаса кетті. Менің ыңғайласым басынан-ақ Света ғой, бірақ мынадай жағдайда қалай көрер екен деп бетіне қарап едім, жайымен езу тартып басын изеді. Тек бастығымыз Елизавета Сергеевна ғана серік таппай жетімсіреп әркімнің бетіне қарай беріп еді, соны сезген Алевтина Павловна:
— Елизавета Сергеевна егер баласы бар, қиын болады демесеңіз, екеуміз бірге болайық, — деді, — Басқа түскенді бірге көрерміз.
Елизавета Сергеевна қуанып кетті.
Өз баласы болса амал жоқ қой, бірақ мынандай жағдайда кім бала жетелеп жүре алады, Люся мен Шурикті әйелдер орманшының үйінде қалдыруға ұйғарып еді, олар онша ықыласты бола қоймаса да, көнді. Люся, жаңа ғана жерленген шешесінің қасіретімен өзге сөзге алаңдар жайы жоқ, ал Шурик қалғысы келмей көбірек қипақтады. Өз анасы болмаған соң батып та айта алмай, көзі жәутеңдеп, аз да болса үйреніп қалған Света екеумізге қарай береді.
— Апатайлар, мені ала кетсеңдерші.,. Meн өзім жүре алам ғой, — деп жалынды бір кезде.
Meн не қыларымды білмей босап кетіп едім, Света әйтеуір сөз тауып, алдарқатып жұбатып жатыр:
— Жоқ, біз алысқа барамыз. Сен шаршайсың. Люся екеуің осында қалғандарың жақсы. Кейін сені елге поезбен апарады. Оған дейін мамаң да келіп қалар...
Екі-үш адамнан қос болып оңай бөлінсек те ажырасып кетуіміз онша оңай болған жоқ. Сонша күн жұбымызды жазбай бірге жүріп, үйірсек боп қалғанбыз ба, дәл кетер жерге келгенде әйтеуір сылтау тауып айналсоқтай береміз; оның үстіне бұрын әжептәуір қара болған соң көңілге де тоқтау көрінетін, енді екі-ақ адам болғанға елегізиміз бе, қалай. Люся шешесінің қабірінің қасында қалуды жек көрмесе де ажырасар кезде бізді қия алмай жылап қоя берді. Шешесінің қазасы, үйреніп қалған таныс адамдардан ажырап жат жерде қалуы — жеті жасар балаға бір күннің ішінде осал жүк болсын ба.
Шыдай алмай Люсяны бауырыма қысып, содан кейін шашынан, маңдайынан сипап ойымдағы бар жақсы, жұбаныш сөздерімді айтып жатырмын. «Сен мұнда жалғыз қалмайсың ғой, қамқор болатын адам бар. Кішкене шыдай тұр, қарағым, бұ жердегілер де жаман кісілер емес, әлі-ақ бауыр басын өз баласындай болып кетерсің, аман болса, папаң да сені іздеп тауып алмай қоймас. Мамаңның артында қалған жалғыз шырағы сенсің ғой, сол шырағын сөндірме, айналайын, сен аман бол». Мен сөйлей бастағаннан-ақ Люся тез жұбанып, жылағанын қоя қойып еді, енді байқасам бір түрлі көзі адырайып түк түсінбегендей маған таңырқай қарап қалыпты. Сөйтсем мен қазақша сөйлеп тұр екем ғой, бала не айтқанымды түсінбей дағдарып қалыпты. Бірақ сөзімнен болмаса да көзімнен бір нәрсені ұқты-ау деймін, қоштасарда менің мойнымнан құшақтай алды.
16
Көтеріліп келе жатқан күн сәулесі алдымен ағаш бастарын шалып, қайыңның жапырақтары мен қарағайдың қылқанды бұтақтарын алтын жалатқандай нәзік сарғыш нұрға малып, бусандырып келеді. Сәлден кейін мол шұғыла орман ішіне ойып кіріп, ағаш басынан жерге дейін қиялай тіреп кілең бір бозаңытқан күміс арқауларын қаптата тартып тастады. Төңірегім кеңіп, айналам жадырап ашылып келеді.
Шіркін біздің даланың таңы да ғажап болушы еді — жусан мен боз, көде бір түрлі сергіп, тазарып оянатын, шығыстан күннің құлағы көрінгенде — бүкіл даланың жалпақ бетіне сәл ғана қан тепсінгендей сұйқылтым қызғылт нұр шалатын; қыраттардың баурайында, сай мен жылғаларда жиегін пышақпен кесіп алғандай тұп-тұнық қою қара көлеңке жатады. Сонау, көз ұшындағы көкжиекке дейін жердің беті — ондағы қарайған дүние, қыбырлаған
Мал ап-анық мөлдіреп тұрады. Аздан кейін о да осындай рахатқа балқып, ақырын бусанып келе жатады. Орманның тамашасы күндізгі ыстықтағы саясы, кешкіліктің рахаты дала ғой, алысың айқындалып, дүниең кеңіп жүре береді.
Қайран туған жер! Сені де көретін күн болар ма екен? Арамыз бөлініп қалды. Ортамызда өткел бермес дариядай жау бар, дария деймін-ау, маған енді туып өскен ел-жұртым теңіздің ар жағындай елестейді. Кішкентай болса да үміт жетелеп, әйтеуір жақындай берейікші деп шығысқа қарай жетелеп келеміз. Менің үмітім де теңізге салған жел қайық сияқты, жөнді ескек, желкені жоқ, қалт-құлт етіп шексіз теңізден алып шыға ала ма? Ай, қайдам... Тек үмітсіз сайтан демесе.
Осындай жалғыз қарақан басың болса да бірсәрі ғой. Бірақ осы мен шынымен-ақ екеумін бе? Екеумін дейін десем... көзіммен көріп, қолыммен ұстаған еш нәрсем жоқ, құрсағымда жатқан дүниені өз тәнімнен бөліп алып, тірі жан бейнесінде көз алдыма елестете алмаймын. Кейде жас нәрестені көз алдыма елестеткім келсе де түр-түсі, мүсіні ұстатпайды, түсте көргендей бұлдырап кете береді.
Ал жалғызбын дейін десем... жоқ, жалғыз емеспін. Оны анық білем. Бүйірімді жылытып, бір жан иесі жатыр, қыбырлап тіршілігінен хабар беріп қояды. Қазір ішім білініп келеді. Кейде менің бір өзім ағаштың айыр бұтағы сияқты екіге бөлініп келе жатқандай боп та сезінем. Бұрын басымда болып көрмеген әрі қызық, әрі жат сезім. Ішімде жатқан осы кішкентай өмір өсе келе бөлініп шыққанда тұла бойымдағы біраз нәрсемді өзімен бірге ала кететін сияқты — сонда мен де екіге бөлінем. Қызық-ау, көп бала тапқан аналар қайтеді екен, қайта-қайта бойындағысын бөліп бере ме екен?
Аналық сезім деген сөзді көп естуші едім, шынымды айтсам, сол сезім қазір менде бар ма, жоқ па, ол арасын анық білмеймін. Бар дейін десем баланы қолға ұстағандай, құшырланып, иісін сезгендей исініп тұрған еш нәрсем жоқ. Бірақ сезімнен құр алақан да емеспін — бүйірімде қыбырлап қойып, ұйықтап жатқан осы бір жан иесіне деген көкірегімде жылу бар. Мүмкін көктем кезінде жеміс ағашы бүртік жарғанда осындай халде болатын шығар деп те ойлаймын. Со кезде қабығы жұмсарып, баяу тыныс алғандай бусанып тұрады ғой...
Қазақ екіқабат әйелді «аяғы ауыр» деп бекер айтпаған екен, аяғының ауыр, жеңілін әсіресе жүрген адам біледі, күн асқан сайын аяғым шынында да ауырлап келеді. Кешегіден бүгін көбірек шаршаймын, ертең бүгінгіден де көбірек аритынымды біліп, меселім құриды. Осындайда өз денемді өзім ауырлаймын. Оның үстіне іштегі жатқан, бар денемді ауырлатқан... Арық атқа қамшы ауыр. Иә, оған кейде ыза болам. Сәтсіз сағатта пайда болған балам емес, сорым сияқты, қырсыққа біткен баласың ғой, деп қарғап та аламын, бірақ ұзамай райымнан қайтам. Қанша арып талсаң да, денеңнің қай мүшесі артық, оны қалай кесіп тастарсың?
Света екеуміз әйелдерден бөлініп кеткелі екі жұмаға жуық уақыт өтіпті. Содан бері бір жерде тұрақтап аялдаған жоқпыз, әйтеуір шығысқа қарай жылжып келеміз, күніне он-он бес шақырым болса да ілгерілей береміз; жолды да анық біле бермейміз. «Сұрай-сұрай Мекеге барады», ал, алда-жалда сұрайтын адам кездеспей қалғанда мықтап ұстап алған бір нысанамыз бар — ол күннің шығысы.
Адамды бір-біріне жол танытады дейді ғой, сол рас-ау деймін, осы полктың әйелдерін мен бұрын біраз-ақ білетін сияқты едім; қанша айтқанмен әжептәуір уақыт бірге тұрдық қой. Сөйтсем олар жайлы білгенімнен білмейтінім көп екен. Көрші тұрып күндегі көретінің кітаптың мұқабасы сияқты, адамның сырты ғана, жақын дос, сырлас болмаған соң, ішін ақтарып, тереңдеп кіре алмайсың. Әрқайсының үйреншікті тіршілік — дағдысы, белгілі мінезі болатын, содан жазбайтын. Мысалы Мария Максимовна жайлы білгенім — «ұрысқақ Муся» ғана. Осы айдар қылып тағып қойған бір сөзге бүкіл Мария Максимовна түгел сыйып кететін, басқаларды білмеймін, әйтеуір мен үшін солай еді. Менің білетінім қашан да бажылдап ұрсысып жатқан Муся, бетіне тірі пенде келе алмайды, одан артыққа оны сынап көрген адам жоқ. Енді бақсам одан да басқа қасиеттері бар екен Мария Максимовна марқұмның.
Алевтина Павловна да бұлғақтаған ерке келіншек қана емес пе еді? Өзінің ажарының, күйеуінің дәрежесінің артықтығын көңілге мықтап түйіп, жұрттың бәрінің алақанында болғысы келмейтін бе еді? Тек күйеуінің қызмет дәрежесі үлкен Елизавета Сергеевнаға ғана кішілік көрсетін. Бірақ өз басының одан анағұрлым артықшылығын біліп, ізет, ілтипатының ар жағында астыртын ащы мысқыл жататын. Енді байқасам бұл мінезі заманының түзу кезіндегі еріккен келіншектің сәндікке киген киімі сияқты екен, қиын-қыстау кезеңде ішіміздегі ең төзімдіміз де, ең ақыл табар тиянақтымыз да сол болып шықты.
Елизавета Сергеевнаны басынан ұнатпап едім: әкім болғысы келіп сонша тыштаңдаған, әйелдің ішінен шыққан бюрократ, өр көкірек, тыраш нәрсе болатын. Әсіресе жұртты менсінбей тепсініп тұратыны-ақ... Қасына баруға қаймығушы ем. Мұның да сыртқы жылтырағын соғыс сыпырып алғанда ар жағынан қорғансыз, керек десең мүсәпір әйел шыға келді. Еркектер осалдықты жек көреді, бірақ әйел халқы олай емес. Ал, мен болсам Елизавета Сергеевнаның мүшкіл халін көргенде жаным ашып, аяп, бұрынғыдай емес, тіпті жақын тартып кеттім. Абзалы адам өзінің алла тағала жаратқан табиғи кейпіне түскенде бір-біріне жақынырақ көрінеді-ау деймін.
Мен өзім бала кезімнен кісі жатырқағыш едім, Қасымбекке еріп осы жаққа келгенде де айдалаға келгендей болғанмын. Біраз уақыт ешкімге жұғыса алмай, төңірегімді түгел дерлік жатырқап жүрген жайым бар еді, енді сол бітеу төңірегім бірте-бірте ашылып, біраз қатар — құрбы әйелдермен танысып, біраз сіңісіп кетпесем де кәдімгідей үйірге қосылған құнан — тайдай үйренісе бастап едім. Кешегі қиын күндерде де... «көппен көрген ұлы той»... бәріміз бірге келе жатқанда көңілі құрғыр да орнықтырақ еді, мінекей бытырап кеттік. Өзге әйелдер қайда жүр екен, байғұстар қандай халде екен?
Менің ендігі жалғыз сүйенішім Света... Апыр-ау, кешікті-ау, күн сәскеге көтеріліп барады, аман болса игі еді. Соншама зарығып күткен Светамның келгенін байқамай қалыппын, тек қырық-отыз қадамдай жақындап келгенде ғана көзім шалды. Қуанған да, қорыққан да бірдей ғой, селк ете қалдым. Иә, өзі... әдетінше аяғын жұмсақ басып келе жатыр, ақсары шашын ағаш арасынан күн шалып қалғанда жарқырап көрінеді.
Мен базардан шешесі қайтқан баладай орнымнан тұрып қарсы жүгірдім, сол жүгіріп келген екпініммен құшақтай алдым.
— Апырай, аман-есен келдің бе? Түу, кісіні осыншама қорқыттың ғой, өзің бұ дүниеде бар екенсің, — деп аймалай берем.
Бірақ Света үндемейді, денесі де бір түрлі бос, менің құшағыма тірілмей, былқ-сылқ етеді. Сәлден кейін менің құшағымнан сытылып шықты да, шалаштың қасына келді.
Света маған көзі кіреукелене қарайды, кішкене қызып қалған сияқты. Сыпайы қалпынан аумайтын, ұяң келіншектің мұндай мінезін бұрын көрген жоқ едім, шынымен-ақ қорқайын дедім.
— Жылағым келіп отыр, — деді Света маған көзін қадай шүйіле қарап.
— Жылағың келсе мауқыңды басып жылап ала ғой, — деп жауырынынан сипадым.
— Жоқ жылай алмаймын, — деді ол. (Көріп отырмын, мына көз жылайтын көз емес). — Ал, жылағым келеді, жылағым. Бірақ жылай алмаймын. Ақтарылып бір жылаған адамда арман бар ма екен?
— Осы саған не болған, айтшы, — дедім Светаға бір жағы кейіп, бір жағы жалынып.
— Маған ба? Болары болды, — деді ол езу тартып.
Осы бір езу тартқаны-ақ жаман — езуінде күлкі, көзінде ызғар. Және әлденеге ашынып, ерегіскендей кісінің көзіне қадала қарайды, бұрын өйтіп бедіреюді білмейтін ұяң-ақ келіншек еді. Мына деревнясы түскірден оны басқа біреуге айырбастап жіберген сияқты. Аз уақыт мені жаңа көргендей қарап отырды да.
— Мен саған айтайын. Сен тек... не ойласаң да ішіңде болсын. Жарай ма?
Мен үндемедім.
— Жарайды енді. Тыңдай бер, — деді содан кейін.
Светаның бір пәлеге ұшырағанын біліп отырмын. Coнысын маған айтпай-ақ қойғанын тілеймін ішімнен, бірақ неге екенін білмеймін, «қой» деп және айта алмадым. «Менен гөрі оған қиын ғой, ендеше өзінің еркі білсін» деп ойладым.
— Кеше мен немістердің қолына түсіп қалдым, — деді Света.
— Иә, қалайша? — дедім шошып кетіп.
Света маған жауап қайырған жоқ, қабағын шытынып, аз уақыт үнсіз отырды да, маған емес, басқа біреуге айтып отырғандай сөзін бастап кетті.
— Кеше деревняға жақындап барып, бой тасалап бақылап көріп едім. Көзіме еш нәрсе түсе қойған жоқ. Ұзағырақ бақылауға шыдамым жетпеді, шынымды айтсам, сол немістер бар болса да, көрінбесе екен деп тіледім. Құр қол қайтқым келген жоқ, тіпті немістер болса да амалдап сытылып шығып кетермін деп ойладым.
Әйтсе де бой тасалап, ең шеткі үйге жетіп есігін қағып ем ар жағынан бір неміс солдаты шыта келді. Сасқанымнан шалқамнан құлай жаздадым. Ол да мені көріп мені көріп таңырқап қалды. Көзін адырайтып қарады да, «о-о, зер гут фрау» деп дауыстап жіберді. Содан көзінде бір жымысқы күлкі ойнап, алды-артына, жан-жағына қарап сасып қалды. Сөйткенше мен де есімді жия бастадым. Енді қалай құтылудың амалын ойлап, дал боп тұрмын. Ал, ол оңаша орын іздеп әлек. Адам, мұндайда тіпті әккі, зерек боп кетеді екен, оның кірпігінің қимылына дейін қапысыз бағып, бәрін түсініп тұрмын. Кенет ол жоғы табылғандай, әлденеге қуанып, рахаттана жымиып қойды. Байқап қалдым, көзі қораның түкпіріндегі үйген пішенге түсті. Содан кейін білегімнен шап беріп ұстай алды да, мені солай қарай сүйрей жөнелді.
Құтылатын болсам, ендігі құтылатын жағым тасада емес, көшеде екенін сезіп мен көшеге қарай тартынам. Ол орысша түсінбесе де мен әдейі сампылдап орысша сөйлеп басын қатырып, қолымнан келгенше алаң қылмақпын. Біреу-міреу көрер, жәрдем етер дедім де.
«Мен бұл деревнянікі емеспін. Бір құрбыма соға кетпек едім. Өзім асығыспын. Жолың болсын, жіберші», деп ол түк түсінбесе де сөзді төпей бердім.
Әйелдің сөзі кімнің болса да миын ашытып жібереді ғой, әлгі солдат мені босатып жібермесе де, тартыншақтап, шегінген маған ілесіп көшеге шығып кеткенін байқамай қалды. Солдатпен алысып келе жатып, бір жеңіл машинаның қасыма келіп тоқтай қалғанын да байқамай қалдым. Солдат мені қоя беріп, бойын түзеп, тартылып тұра қалып:
«Хайль Гитлер» деп машинаға сәлем берді.
Машинаның ішінде үш-төрт әскери адам отыр. Іштерінде сұңғақ бойлы, биік қыр мұрынды, бас бітімі сұлу біреу бар екен, шамасы бастығы болу керек. Мен неміс офицерлерінің шенін ажырата алмаймын ғой, бірақ бастық адам көрініп тұрады ғой. Мынау тым тәкаппар екен, өзгелерінен шені ғана емес, қай жағынан да жоғарымын дегенді кескіні айтып тұр. Сол офицер мені бастан-аяқ бір шолып өтті, жоқ, шолып өтті деген әшейін сөз, тура көзімен мені шешіндіріп шықты, тіпті сасқанымнан екі қолыммен кеудемді қымтап баса қалыппын. Бірақ көзін тез тайдырып әкетті, қасындағылары тіпті байқамай да қалды ғой деймін, қайтадан өзінің тәкаппар кескінін киіп алып, қасындағысына керенау ғана бір нәрсені күңк етті. Онысы солдатқа «әйелді алып жүр» деп әмір берді. Ашық қара машина ақырындап ілгері қарай жылжи берді.
Осы кездегі солдаттың сықпытын көрсең. (Света ащы бір мырс етті де, сөзін қайта жалғады). Әуелі төбесінен жай түскендей көзі жыпылықтап, мелшиіп тұрып қалды. Содан есі кіріп, қабағын тарс түйіп, маған ашулы ызамен қарады да, «жүр тезірек! Бас аяғыңды!» деп ақырды. Мен қасақана жай жүрдім, қайда асығам. Солдат автоматын кезеп ұстап алған, қабағы ашылмайды, біреуге кіжініп сөйлеп келеді. Meн болсам, бір оттан құтылып, өртке тап болдым ғой деймін, алдымда қандай пәле тұрғанын құдай білсін.
Шамасы кеңсе болу керек, солдат мені бір үлкен үйге айдап әкелді. Жаңағы қара машина да сонда тоқтаған екен, және бір-екі мотоцикл бар. Калиткадан кіргенімізде, үш-төрт адамның қоршауында жаңағы немістің начальнигі есіктің алдында тұр екен. Маған көзі түсіп кетіп, әуелгі сәтте бір таныс адамын көріп тілдескісі келгендей ишарат танытып, іркіліп қалды; бірақ жүзін бұрып әкетпей бетіме жылы шыраймен тіке қарап аз тұрды да, содан кейін көзін төмен қарай сырғытып басымнан бақайыма дейін бір шолып өтті. Жаңағы көзқарасы, тек бұл жолы тиянақтылау, жұмсақтау қарады. Иегімен нұсқап мені есікке қарай өткізіп жіберді, ішке кіріп баратып та сол көзқарасты жауырыныммен сездім.
Мені коридорға кірер ауыздағы кішкентай бөлмеге кіргізіп, есігін жауып қойды. Бөлменің ішінде сия төгіліп, сызылып айғыздалып біткен бір шағын стол мен сықырлаған екі орындықтан басқа жиһаз жоқ. Жалғыз терезе қора жаққа шығады екен, терезенің әйнегі мен жақтауы да кір. Бұрышқа таман, дені арғы бөлмеге кеткен голланд пешінің бір бүйірі қараяды, от жағып, күл шығаратын аузы осы бөлмеде. Басыма төнген қатер мен жаман ой меңдетіп жібермесін деп, бөлменің бұрыш-бұрышын тінтіп отырмын: еден жуатын шүберек, шелек, сыпырғыш тұр бір бұрышта шүберек әлі кеппеген, су, шамасы, үйді осыларға даярлап жақында ғана жудырып шықса керек.
Терезе қораға қарайды екен. оң жақта көшеден кіретін қақпа. Қорада автоматын арқалап, сақшы жүр, есебін тауып қашып кетудің жолы жоқ сияқты. Амалым құрып сықырлауық орындыққа отыра кеттім де, әлгі кірлі столға шынтағымды артып дем алдым. Кіріп-шығып жатқан адамдардың аяқ тырсылын естіп, алғашқыда елеңдеумен болып едім, бірақ мені ұмытып кеткендей, ешкім есігімді ашпады. Столдың үстіндегі шынтағыма басымды қойып, көзімді жұмып, тынығып отыр едім, ұйқы арсыз емес пе, көзім ілініп кетіпті.
Есіктің сықырынан шошып оянсам бөлменің іші кеугім тартып қалған екен, қаpa көлеңкеде автомат асынған бір солдат кіріп келеді, жақындап келгенде байқадым, баяғы сол солдат. «Жүр» деп мені алып шықты. Қораға, одан көшеге шықтық. Қайда баратқанымызды да білмеймін, қақпайлап өзі әкеле жатыр. Ауыл адамдары үйді-үйіне ертерек тығылып алған-ау деймін, көшеде бірен — саран солдаттар болмаса, басқа жан жоқ. Солдаттың қабағы әлі ашылатын емес, түнеріп алған, мені айдап әкеліп бір кішкентай моншаға кіргізіп жіберді де өзі ауызда күзетіп қалды.
Кішкентай моншаның ішінде керосин шам жанып тұр, қара көлеңке. Қарсы алдымнан егде тартқан, аласа бойлы әйел түрегелді.
— Сен кімсің? — деді ол бетіме қарап, — орыспысың?»
Мен не дерімді білмедім. Содан кейін әйел күйбеңдеп теріс айнала беріп:
«Мына моншаны саған жақтырған екен ғой», — деді. Оның дауысында кекесін бе, жиреніш пе, әйтеуір не де болса менің жүрегіме инедей қадалған бір нәрсе бар. «Иттердің көрмейсің бе, арам ісінің өзін қолын жуып алып істегісі келеді. Жуып бермесең, орыстың қатынын менсінбейтін болған-ау, бұл хайуандар».
Өзім де басыма түскен қорлық пен дәрменсіздіктен ызаға булығып келіп едім, мынау әйелдің жиіркеніші шарамнан асырып жіберді.
«Қайт дейсің маған? Еркіммен келіппін бе?» деп еңіреп жылап та жібердім. Тіпті өксігімді баса алмадым. «Не дейсің маған? Нe істей алам?»
Әйел де байғұс көңілшек екен, маған қосылып ағыл-тегіл жылады. Екеуміз ұзақ жыладық, бірақ істейтін шара таба алмадық.
Солдат мені қайтадан айдап әкеліп, манағы қамаған босағадағы бөлмеге қайрылдырмай, әрідегі бір есікке кіргізді. Өзі тұңғыш рет қабағы ашылып, маған қарап жымысқы күлімсіреді де, есікті жауып шығып кетті.
Бөлменің ішінде жан жоқ, екі шырақ қатар жанып тұр. Бұрын кеңсе болған бөлмеге аз да болса үйдің жылуын бергісі келгендей, ескі диванның үстіне шүберек жауыпты. Ортадағы столдың үстінде не барын білмеймін, шамасы графин, бутылкалар бар-ау деймін, оның үстін де қобырайтып ақ шүберекпен бүркеп тастапты. Мен не қыларымды білмей дағдарып тұр едім — төр жақтағы есік ашылып, жеңіл халат киген, жалаң бас, сымбатты біреу шыға келді, мұның манағы машина үстіндегі офицер екенін таныдым. Қара қоңыр шашын бір жағына қисайта, жылтыратып тарап қойған, денесі қағылез, бойы әжептәуір ұзын екен. Манағы тәкаппар кескінімен маған қысқа ғана көз тастап өтті де, тез ғана өңін жылытып ала қойды.
— Қайырлы кеш, фрейлен, — деп басып сәл иіп езу тартты.
Күні бойғы қорқыныш пен қорлықтан титықтап қалсам керек, бір ауыз жылы сөзге еріп кетіп:
— Қайырлы кеш, офицер мырза, — деп немісше жауап қайырғанымды білмей де қаппын.
— О, фрейлен немісше біледі екен ғой, — деді ол жүзі жадырап маған қабағын көтере қарап.
— Жоқ. Тіпті аз білем, — дедім сасып.
— Қайтеміз ендеше Сіздің білген жеріңізге дейін ғана сөйлесерміз.
Дұшпаныңның не де болса мылтығын кезеп, ашық келгені жақсы екен, манадан бері талай дүниені ойлағанмын, жасыратыны жоқ, бұлардың аман жібермейтінін де білдім. Әйел залымның сезбейтіні бар ма, манағы машина үстіндегі алғашқы көзқарасынан-ақ бұл офицердің пиғылын танып қалғанмын. Шарасыздан қандай қорлыққа да мойынсұнып, не де болса жиіркенішпен қарсы алуға іштей қамданып-ақ едім, алдымда алысар жау емес, әйел затына қызмет етіп, тал жібектей майысып сызылған кавалер тұр.
Мені алып келіп диванға отырғызды да:
«Егер флейлен рұқсат етсе, кешкі астың уақыты болды, ас алсақ қайтеді», — деп сыпайы қимылмен столдағы жапқышты сыпырып алды.
Екі күннен бері нәр татпаған, байғұс басым, ішке кіргеннен-ақ, астың исі мұрныма келіп, жүрегім сазып тұр еді, столдың үстінде сіресіп тұрған тағамды көргенде көзім жайнап, тамсанып қойғанымды да білмей қалыппын. Ана жырынды офицер менің хәлімді сезсе де, сезбегенсіп:
«Сізге қандай шарап құяйын» деп сұрады да, мен үндемей қалған соң, «Сізге француз коньягін құяйын. Парижден алып шыққанмын» деді.
Өзің білесің ғой, коньяк дегенді атын естігенім болмаса, мен ішіп көрмегенмін. Шарап сияқты қызыл болғанға ішіп жіберсем, бірден аш өзегіме түсіп кетті ғой деймін, үйдің іші дөңгеленіп, айналып жүре берді.
... Света тоқтап қалды. Манадан бері әлденеге ашынғандай, бар әңгімесін түгін қалдырмай ежіктеп айтып келді де, осы арада іркіліп қалды. Жанарын төмен салып, бұйығып қана үнсіз отыр.
Ар жағының не болғанын ішім сезеді. Светаның бойына еркектер көз салса-ақ көздері кілегейленіп шыға келетін бір пәле бар. Оның басқа жұртқа назар салып, сиқырлық жасағанын көрген емеспін, бірақ жаратылыстан нәзіктігінен бе, әлде әйел жанының бусанып тұрған бір лебі ме, әйтеуір еркекті өзіне еріксіз тартып алады. Сонысы сор болып ана неміс те тап бола кеткенін қарасайшы. Өзін қинап ар жағын айтпай-ақ қойса деп тіледім.
— Үлкен пәлеге ұшырадым ғой — деді Света басын көтерместен.
— Немене, зорлады ма сені? — деп қалдым. Сұрамайтын-ақ нәрсем еді. Аузымнан шығып кетті.
Света салбырап отырған басын көтерместен қиғаш бұрылып маған қарады. Көзқарасы бір түрлі: «Ал түкір бетіме» деп тұрған сияқты.
— Менің өзім қаншық болып шықтым, — деді ақырын ғана.
— Не дейсің? — деп қалдым таңырқап. Тағы да өкіндім, қиналған жерін қазбалай беріп нем бар еді.
Света басын көтерместен қайта сөйлеп кетті. Сірә, ішіндегісін түгел ақтарып, өзін-өзі шабақтап алмай тоқтайтын түрі жоқ.
— Сол офицері құрғыр еркектік шыдамсыздық жасап, маған қаттырақ қол салса... онда қарсыласар едім, айқайлап алысар едім... адам бір ашынып, өшігіп алса неге болса да төзеді ғой. Мына құрғыр титтей де дөрекілік жасамады. Орынсыз жерге қол да жүгіртпеді. Менің ойымды қағаздан оқып отырғандай — бір қия баспады. Тіпті сыпайы. Сыпайы болғанда орынсыз ебелектеп, не ыбылжып тұрған жоқ, кәдімгі табиғи қалпы. Өзі баттитып көрсетпесе де, осы адамның өзіңнен өресі көп жоғары екенін біліп, ығында кеткеніңді білмей қаласың. Ал, жымиғаны бар-ау, сенімен әлдеқашан сырласып, бәрін ұғып қойған адамның езу тартысы.
Сен айтушы едің ғой, «қалауын тапса қар жанады» деп, бұ да сол қалауын тапты ма, білмеймін, онша қыстамай-ақ біраз ішкізіп жіберді. Шырақтың қара көлеңкесі қалтылдаған көмескі сәулесі кісіге бүгінгі халін ұмыттырып, өң мен түстің арасындағыдай бір күйге түсіреді екен. Қара көлеңкеде қарулы еркектің білегі мойныма жұмсақ оралып, ақырындап өзіне тартып үлкен кеудесіне сіңіріп бара жатты...
Света екі шекесін қос қолдап қысып, төмен қарады. Менің көз алдыма ұрысқақ Мусяны атып тастайтын солдат елестеді: о да осы, Света айтқан офицер сияқты, ұзын бойлы, сымбатты болатын, өзге солдаттар әйелдерге әукесін салып, сасып-пысып жатқанда, ол қарқылдап күліп алып, ауыз гармонын ойнап тұра берген. Светаға «тоқташы енді» дегенімше оның өзі де іркіліп қалды. Қос тізесін қапсыра құшақтап алып, иегін тізесіне тіреп көзі мұнарланып бұйығып отыр. Айтылмаған әңгімесі алқымына тіреліп, көз алдынан тізіліп өтіп жатыр. Мұнарланған анау көгілдір көздері, сөніп қалған отты, я қарсы алдындағы мені көріп отырған жоқ, «кешегіні» көріп отыр. Бет әлпетінен танып қалдым, қазір тағы сөйлейді, маған айта ма, я мына қалың орманға айта ма, бұл енді ақтарылып болмай тоқтамайды. Бірақ ақтарылғанмен арыла ала ма?
— Білмеймін, сол өзі адам ба, әлде адам бейнесіндегі сиқыршы сайтан ба. Бұрын өмірімде көрмеген бір халге түстім.
Света кенет қабағын түйіп, сәл бөгелді де содан кейін менің бетіме қарады. Жаңағы: «ал, топырақ шаш, түкір бетіме» деген қарасы.
— Meн «дүниенің бәрін ұмытып кеттім» дедім ғой. Coған сеніп отырсың ба? Жоқ, адам еш нәрсені мүлдем ұмытып кете алмайды екен. Николай да ауық-ауық көзіме елестеп кетеді, орман ішіндегі сені де есіме алып қоям, қойынымда жатқан адамның кім екенін де білем. Тәтті тағамға ащы тамызғандай, осылардың есіме түскенін ұнатпадым. Көкірегімде бас көтерген әлсіз ұятты бойымды жайлап алған ыстық құмарлық тұншықтыра берді. «Жарайды, кейін, ертең... бір орайы болар...» құшырланып жатып осы сөздерді дауыстап та айттым ғой деймін. Осыдан кейін мені қаншық емессің деп айтып көрші.
Мастығым ертеңгісін тарады... Тұла бойым жеңілдеп, тазарып ояндым, көзімді ашып алсам — таң атқан екен. Сонда да бұйығып жата тұрғым келіп еді, бірақ анау, бойына дарытпай, әскери адам ширақ қой, тез тұрып киіне бастады. Ауызғы бөлмеге шығып күзетші солдатты шақырып алды.
Бұйрығыңызға әзірмін, полковник мырза» деді солдат.
«Столға екі адамға шай даярла».
Шені полковник екен. Әскери формасын киіп алған соң көзіме соншалықты жат болып көрінді. Қарсы алдымда соғыс басталғалы үрейімізді алған жасыл мундир отыр. Түннің сиқыры будай тарап кетті, арамызда ешқандай жақындық болмаған сияқты, енді қайтадан көкірегіме үрей кіре бастады. Полковник те түк көрмегендей, бойын аулақ салып, жай ғана сыпайы отыр, тек сәлден кейін менің көзімдегі үрейді көріп, жылы шыраймен жымиып, езу тартты, бірақ күлкісі пышақ кескендей тыйылып, ойы өзге жаққа бұрылып кетті. Алдындағы суып баратқан кофесін бір -екі ұрттап қойды. Тағдырдың келемежін қарасайшы, кешегі маған жармасатын солдат, ас-су әкеліп күтуші болып жүр. Есіктен кіріп келе жатып, полковниктің желкесінен маған қылмыңдай қарап, көзін қысып қояды, онысы «бәрін білемін» дегені. Рұқсат сұрап жас офицер кірді, полковникке тіл қатар алдында, о да маған жалт етіп бір қарап қояды, көзінде бір жымысқы ұшқын жылт ете қалды, — «бұ да түнде не істегеніңді білем» деп тұр. Осындайда өзіңе өзің нағыз жезөкше болып көрінеді екенсің.
Жас офицер бөгде адам болғанға іркіліп қалып еді, полковник:
«Баяндай бер. Түндегі ұрыстың жайы немене?» деді.
«Партизандардың шағын тобы екен. Жаралы біреуін қолға түсірдік» деді офицер.
— «Кім екенін анықтадыңдар ма?»
— «Бұрын осы деревняда сельсоветтің председатель болған. Ал өзі тіл қатпайды».
— «Бip адамның тілін шығара алмағандарың... жалқаулықтарың ұстады-ау, ә» деп полковник ащы мырс етті.
— «Қандай тәртіп болады, полковник мырза?»
Полковник тәртіп беруге оқтала берді де, менің үрпиген түріме көзі түсіп:
— «Э — э... кейін тәртіп берермін» дей салды.
Ертеңгі астан кейін менімен жылы қоштасты, тіпті кәдімгідей қимастық білдірді.
«Мынадай тамаша кеш үшін сізге көп рахмет, фрейлен. Әттең тек қызмет бабы қинап тұр. Ілгері жүруіміз керек. Амал қанша. Қош болыңыз».
Содан солдатты шақырып алып, «фрейленге, азық-түлік бер» деп әмір етті де, басын иіп шығып кетті.
«Тамаша кеш» үшін қанша рахмет айтса да, түндегі менің қойнымдағы адам бұл емес. Бұл емес екенін тәніммен сездім. Түндегінің бәрі сорақы рахат түс сияқты, таң ата оянып кеттім.
Бірақ көресім әлі алдымда екен. Үйден шыға бергенде қораның ішінде скамейкада отырған адамға көзім түсті. Түрінен жан шошығандай — бір аяғы ағаштай сіресіп жер тіреген, балағын қақ айырып, балтырын таңған марлеге қызыл-қошқыл қою қан ұйыпты. Бет аузы көнектей боп ісіп кеткен, езуінде, мұрын астында да қан ұйып қатып қалыпты. Жаралы аяғына салмақ салмайын деп тұтқын ұзын скамейканың үстінде бір жамбастап қисайып отыр. Алғаш қарағанында сау мүшесін, бет бедерін қалдырмай мылжалап тастаған тірі өлік сияқты еді, кенет ине шаншып алғандай селк ете қалдым: тұтқынның ісіп кеткен қабағының астынан титтей боп сығырайып жалғыз көзі маған қадалып тұр екен. Бір сәт орнымнан қозғала алмай қалдым. Түндегі мылтық даусын ұйқылы-ояу жатып мен де естідім. Не атыс екенін түсінбей, бірақ секем алып оянып бара жатыр едім, полковник ояу екен, менің елегізгенімді біліп, «еріккен солдаттардың ісі ғой, еш нәрсе емес», деп бауырына қыса түскен. Атыс ұзап естілмей кетті. де... менің тәтті ұйқым онша бұзылған жоқ еді...
Сыртқа шықсам, қақпаның аузындағы сақшыдан өте алмай он бес-жиырма адам көшеде шоғырланып тұр: көбі қатын-қалаш, бала-шаға да бар, шамасы сельсовет председателінің тағдырын білуге келгендер болса керек. Бала көтерген бір әйел еңкілдеп келіп жылайды, бес-алты жасар баласы шешесінің етегіне жармасқан, көзі шарасынан шығып кетіпті, байғұс балада зәре жоқ.
Сол адамдардың алдынан қалай өткенімді... Арсыз адам, жерге кіріп кетпейді екен. Өттім. Буыным қалтыраса да өттім әйтеуір.
«Ұяттан бір нәрсе қалған екен. Қып-қызыл болып кеткенін қарашы» — деді бір әйел.
Онысына да рахмет, аяғаны болар.
Света ащы мырс етіп, езу тартты, бірақ езуінен күлкі емес мүсәпірліктің табын көрем. Ол тағы да үнсіз отыр. Әңгімесін айтып болды ма, болса, бұл ақтарылғаны байғұсқа жеңілдік әкелген жоқ. Өңінде, өңінде ғана емес-ау, бүкіл тереңінде арылмас бір күйзеліс тепсінеді. Сол күйзелістің ар жағынан не қыларын білмей дағдарған, сасқан адамның дәрменсіз ажары көрініп келеді. Бір қолын таянып, бір қолымен жер шұқып біраз отырды, ішін жегідей жеген мазасыз ойы барын сезем.
— Мен үлкен бақытсыздыққа ұшырадым. Екі қабат болып қалдым, — деді Света бір түрлі қарлыққан дауыспен, басын көтерместен.
— Қой, қайдан білесің, бекер шығар, — дедім. Сасқаным ба, жұбатқаным ба, білмеймін.
— Әй, бекер болмас. Білмеймін, бірақ солай сияқты. Әйел екенімді, бойымда құштарлық бар екенін, масқара болғанда бүгін түнде ғана білдім ғой. Естуім бар еді, сірә солай сияқты. Ерекше болатын көрінеді ғой, өзің сезген жоқ па едің?
Мен «оны» кейінірек барып түсіндім — содан бері қайталанып көрмеген ерекше ләззат есімде қалыпты. Сірә, Света да... сол сәтті кешкен екен ғой. «Иә, солай», деп қоштағаным оған қуаныш болмас, «жоқ олай емес, бекер» деп алдарқатқанымнан да жеңілдік шамалы. Ал, кейюге... мен сірә, Светаға ұрсып көргенім жоқ, ұрыса да алмайтын шығармын, бірақ туған шешесі болса да қазір кейігеннен не пайда? Істеген іс болса, оның жазасы күні бұрын артығымен кесілген. Жұбаныш айтайын десең, — сөзің жалған боп шығады, жалған сөз жарасын одан бетер ушықтырады. Мен үндегенім жоқ. Кейде үндемеген де жақсылық.
Светаның не ойлап отырғанын білмеймін, оның хәлі мені қинап барады. Ләззаты мен қасіреті араласқан осы бip масқара түн уақыт оза келе ұмыт болар еді, шыбын жаны құрғыр шықпаған соң, тән жарасы сияқты, жан жарасы да түбі бір жазылады ғой. Бірақ ішіндегісін қайтеді? Не де болса қалап тиген жары Николайдан сонша сақтанып келгенде... Тұла бойы тұңғышы мұның қиын-қыстауда әйелдік осалдық жасап алған ең масқара сағатын өмір бойы есіне салатын болса?.. Білмеймін. Ар жағына менің ақылым жетпеді. Мүмкін, өмірдің өзі бір қисынын табатын шығар. Адам баласын өмір бойы арылмайтын азапқа салу, нағыз үлкен қиянат сол емес пе?
— Ал, Нәзира, — деді Света басып көтеріп менің бетіме тіке қарап. — Біраз уақыт жолдас болып, бір-бірімізге үйренісіп қалып едік. Сөге — жамандама. Енді екеумізге ажырасуға тура келіп тұр. Қош бол.
Meн сасқанымнан аузымды ашып, бақырайып Светаның бетіне қадалып қаппын.
— Қош болғаны қалай? Сонда?.. Екеуміз...
— Мен өз жөнімді табуым керек. Сенің де жолың болсын.
Төбемнен жай түскендей тіл қата алмай қалдым. Менің осы хәлімді Света сезді ғой деймін, жүдеу тартқан қатқыл өңі жұмсарып:
— Саған жалғыз қиын болатынын білем, үйренбеген, білмеген жерің ғой, бұл жақ, — деді. — Бірақ менің хәлімді түсінсеңші сен. Жаңағының бәрін ақтарғаннан кейін, мен сенімен бірге жүре алмаймын.
— Соны маған несін айттың, ішіңде жата бермей...
Бақытсыздық адамды тез есейтеді екен, Света маған кәдімгі көпті көрген кексе адамдай мүсіркей қарады: мұңлы көзі «сен әлі біраз нәрсені түсінбейсің ғой» деп тұр.
— Айтпасам одан да жаман болар еді. Жә, мен саған басшы болып жарытпаспын. Мир не без добрых людей. Бір орайы болар саған да. Сен, түсін, Нәзира. Мен енді сенімен бірге жүре алмаймын. Қош бол.
Света түйіншегін тез буып алды да жүріп кетті. Соңынан ұзақ қарап тұрдым. Жаңағы келгендегісіндей емес, жүрісі ширақ, орманға тереңдеп алыстап барады. Ағаш арасынан түскен күн сәулесінен ақсары шашы жарқ етін қалады. Артына қайрылып қарай ма деп елең етем, бірақ артына қайрылып қарамады.
Meн жалғыз қалдым.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
1
Сарайдың ішінде үйген пішеннің ішінде жатырмын. Үрей мен аяз бірдей қарып, тұла бойым тітіркеніп, тісім тісіме тимей дірдек қағам. Бұл сарайдың ішінде мен жатқан үйдің иесі Дуня апайдың «Зойка» деп аталатын мына көнек қызыл қасқа сиырымен екеуміз ғана. Біз Дуня апай екеуміз есіктен қапыл-құпыл кіріп келгенде жамбастап жатқан Зойка тыпыршып орнынан атып тұрын, бас жібін жұлқи бізге оқтала бір қарады да, менің артымда келе жатқан иесін танып, тыныштала қойды. Бұл жануардың барлық қорқынышы сонымен тынды, қазір қаннен-қаперсіз салқын шөпті күрт-күрт күйсеп тұр. Мен болсам жүрегімнің дірілін ұзақ уақытқа дейін баса алмай, ауық-ауық жиіркенішті суық діріл тәнімді мұздатып өн бойымды қарып өтумен болды. Ол сырттағы аязбен ішіне кіріп келгенде бетім мен қолыма қылқандай қадалған мұп-мұздай шөптен бе, әлде деревняға ойда жоқта келіп қалған неміс әскерінен бе, әйтеуір үрей мен ызғар аралас безгек діріл біразға дейін жанымды жай тапқызбады. Бірақ пішеннің іші жақсы ғой, қысты күні де денеңді қыз-қыз қайнатып жібереді, ұзамай-ақ тұла бойыма жылу тарап, сірескен буын-буыным босаңсып, жайбарақаттана бастадым. Тек әттең мына бір тосын жағдай болмаса, соңғы екі айдан бері бойым үйреніп қалған кемпірдің жылы пешінің үстіндегідей балбырап жата беретін түрім бар.
Тәнім жылығанмен көңіліме жылу кіретін түрі жоқ. Алғашқы соқыр үрей мен дірілден айыққан сайын көкірегіме орнықты үлкен уайым ұялап келеді. Соғыс басталып, жау тылында мен тентірегелі жарты жылға иек артыпты, содан бері жақсылықты да, жамандықты да, қауіп пен қатерді де көріп-ақ келем, неге болса да етім өліп, үйреншікті болып кететін кезім болған сияқты еді, бірақ ажалдың қатеріне адам үйрене алмайды екен. Білмеймін, әлде мен солаймын ба.
Мен жатқан деревняға неміс әскерлері келіп орналасты. Бұл өзі үлкен орманның шетіне жақын, әзірге жау аяқ баспаған мекен болатын. Осы арада бір жайлы үйге орнығын екі ай жаттым. Күнін анық білмесем де, шамасына қарағанда босанатын уақытым да таяп қалды. Енді сол бұрын басымнан кешпеген ауыр сағатты қорқынышпен күтіп жүргенде мынадай халге душар болдым. Дұшпанның айбаты жылы орнымнан қуып шығып, кемпірдің қызыл қасқа сиыры Зойканың сарайына әкеліп тықты. Ендігі күнім не болмақ? Олар бірер күн тұрып кететін болса, аяқ астынан толғағы түскірім келіп қалмаса, шыдармын-ау. Егер ұзақ тұрып қалса... Өз аяғыммен басқа жаққа қашып кете алмаймын. Ылғи бұға беретінім «түрің бөлек» деп түбімді тексере ме деп қорқамын. Түрімнің бөлектігі, немістерді білмеймін, тіпті орыстардың өзінің арасында күдік туғызатын, енді оның үстіне тығылып жатқан жерімнен табылсам, жығылғанға жұдырық деп, күдіктің үстіне күдік жамап алмаймын ба. Немістер келіп қалғанда Дуня апай да, мен де зәреміз кетіп сарайға қарай жүгірдік. Қазір ойлап қарасам, бәлкім, осы ісіміз асығыс, ағаттық болды ма екен? Мүмкін, немістер мән беріп, елей қоймас иа еді? Шамасы, өзіне сенімсіз нашар адамның далбасасы болса керек, бір істі істеп алып, артынан «апыр-ай, басқаша істесем жақсы болар еді ғой» деп опық жейтін айнымалы мінез тауыппын. Егер жасырынбай, сол үйде тұра бергенде, Дуня апайдың қай нағашысы едім демекпін?
Қайтейін, ойы құрғыр он саққа жүгіреді. Қайсысын қармасам да көңілге жұбаныш әкелер бірі жоқ. Оның үстіне сырттағы немістердің шаңқылдап сөйлеген дауыстары, қадамдарының тықыры да, тура мені іздеп жүргендей үрейімді шабақтап, зәремді алады. Немістер бұл дүниеде менің бар-жоғымды білмейтініне, үстірт болса да бір қарап кеткен сарайын енді қайтып келіп тінтпейтініне қанша сенейін десем де, көңілі құрғыр қобалжи береді. Бір-екі ай тыныш жерде бұғып жатып, қауіп-қатерді жатырқап қалғанмын ба... Әйтпесе бұдан да қорқынышты сағаттарым болып еді ғой.
Оңым мен солымды танымайтын, енесінің емшегінен адасқан соқыр күшік сияқты қараңғыны қармап қалған, дәрменсіз сағаттарым қайда? Оған қарағанда қазіргі хәлім қанша қатерлі болса да шүкірлік емес пе? Сонау орманның ішінде жападан-жалғыз қалған сағаттарым... Әрине қазір де жалғызбын, бірақ ондағы жалғыздықтың жөні басқа болатын. Айға жуық полктың көп әйелдерімен бірге қашып келе жатқанда жағдай қанша ауыр болса да жалғыздықты сезінбеп едім. Көптің бірі болдым да, қазақ айтпақшы, «көппен көрген ұлы той» деп жүре бердім. Не де болса көппен көргеннің жеңілдігі болады екен. Одан Светамен тағы да айға жуық бірге жүрдім. Қасымда серігім болды, серік емес-ау, басшым болды. Жетекке ерген тайыншадай соңынан еріп, тағдырымды соның мойнына артып жетелеген жағына жүре бердім. Енді аяқ астынан Светадан айрылып, қалың орманның ішінде жалғыз қалғанда...
Сондағы бір ғажабы — алдымен өзімнің мүшкіл хәлімді ойламаппын. Светаның айтқан хикаясы, ақыл ойымды билеп, оның аяқ астынан душар болған қасіреті тұла бойымды жайлап алды да, содан арыла алмай әлек болып отыра беріппін. Біреудің қасіретін ішіме түсіріп алып, жарыса ойлап, жарыса қиналып арамтер болатын жаман мінезім бар екен — бейне бір Света қасіретін маған тастап, «мә, мынаны талғажау ете тұр» деп, өзі кетіп қалған сияқты. Мен сонымен алаң болып отырып, етегінен ұстаған жалғыз жолбасшымның кетіп қалғаны, ендігі мүшкіл хәлімді біраз уақытқа дейін тіпті ойламаппын да. Өзімше, оның халін әбден-ақ түсінген сияқтымын. Ол өзінің бар масқарасы мен іш құсасын, түгін қалдырмай, алдыма ақтара салды.
Бірақ түсінгенмен оны не ақтауға, не даттауға керек пе, ол арасына ақылым жетпейді. «Бақытсыздық» деген нәрсе жамандық пен жақсылыққа бөлінбейтін, адамға төтеннен келген алапат па екен, әлде заты әйелдің осалдығы ма, білмеймін, әйтеуір менің өз басым Светаны айыптай алмадым, бар тапқаным тек қинала бердім. Сол деревняда түнеген үйінің жанында, жақын адамының, азаматының ажалын тосып, түнеріп тұрған топтың көз алдынан жеpгe кірердей боп қызарып өтіп бара жатқан Светаның кескіні көзіме елестеп, жүрегімді шабақтап... Және Светаның жұқа өңінің қызарғаны қандай, қып-қызыл қап ғой. Бейне қалың топтың, ызғарлы сұқ көздерінің алдынан лас тәніңді жалаңаштап айдап баратқандай...
Құрсын... Осы елес көз алдыма келгенде — сол өтіп баратқан Света емес, менің өзім сияқты қиналам. Жиіркене айыптай қараған әрбір сұқ көзді көргендей болам да, қарап отырып жердің астына кіріп кеткім келеді.
«Мен жалғыз қалдым ғой. Meн жападан-жалғыз қалдым». Бала кезімдегідей еңкілдеп жылағым келді, бірақ көзімнен жас шықпады. Мүмкін, іштей егіліп, көз жасым сыртқа шықпай ағыл-тегіл кеудеме құйылып жатты ма, әйтеуір, осындай жібім тарқап босаңсыған халде біраз отырыппын. Қорыққанда қарекет қылудың орнына, көзінің жасына сыйынатын кәдімгі жас баланың халінде болдым. «Тіпті енді қайттым, не тіршілік жасаймын?» дегенді ойлауға да шамам жетпеді. Тек бір көкірегімді кеулеп, қампиып өсіп келе жатқан үрей, қорқыныш бар. Мынау жасыл орман, жайнаған төңірек те емес, ну мекиен шөлде, керуенімнен адасып, жалғыз қалғандай жайым бар. Қайда барарымды, қалай қарай жүрерімді білмеймін. Жалғыз қармаған талым Света уысымнан шығып кетті, енді «ойбай» салып, қанша талпынсам да оған қолым жетпейді, Орманнан шықсам мені тарпа бас салып ұстап алатындай... оқыс үрей ауық-ауық кеудемді осып өтеді... Орманнан шығуды айтам-ау, әрі-беріден соң осы орманның іші де маған нанасыз, үрейлі болып бара жатты.
Бүйірімді тепкілеп жатқан СОЛ. Жан иесі...
Кешеден бері бар-жоғын ұмыттырып, тыныш жатырм, оянып кетті. Ол өзімен бірге менің меңіреу болып қалған көңілімді де оятып жіберді. Жападан-жалғыз қалдым десем екеу екенбіз. Қасымда серігім бардай көңіліме бір тәтті сезім кіріп еді, бірақ тәттіге у тамызғандай ілесе уайымы құрғыры да келе жатыр. Мұның маған қандай серіктігі болмақ? Көз қара дейін десем көре де алмаймын, аяғыңды ауырлатқан азабынан басқа...
Бір ғажабы менің халімдегі адамға уайымның өзі ем, манадан бергі мәңгіртіп жіберген үмітсіз жалғыздық төзімі серпіліп, көкірегімде тыпыршыған талпыныс оянып, бір жағынан шым-шымдап ішім де жылып келеді. Сонау бала кезімдегі бір елес. Одан бері он жылдан асты... Әлсіз шырақ сөніп, анам қараңғы түнекте қалардай қорыққанымда, «оның шырағы сенсің ғой» деген Қамқа әжемнің даусы... Менің құрсағымда да бір шырақ жылтырап жанып келеді. Оны өшіріп алсам... Көкірегімді үрей биледі, бірақ бұл үрей басқа, ол маған қайрат, жігер әкеле жатыр. Ойым әбден сараланып болмаса да алды-артымды болжауға жағдайым келіп қалды. Құрсағымда титімдей жан иесі барда мелшиіп қарап отыра алмаймын, қайткенде де қарекет жасап, бір қараға жетуім керек.
...Бір қараға жетуім керек. Бірақ сол қара қайда? Светаның кеткен бағыты анау, ол бір нәрсені білетін шығар, сол бағытпен мен де қаңғалақтап кете берем де. Сол бір қараға жеткізер. Екі айға жуық тентірегенде менің ұстаған құбылам шығыс. Оны күндіз күнге қарап, түнде аспандағы жұлдызға қарап та ажыратуды үйрендім. Қанша бұлталақтап, ирек-ирек жол салсақ та бағдарымыз осы шығыс болатын. О жақта жау барын, және жаудың бар күші де, қырғын соғыс та сол жақта екенін білсек те, ұрық шашарда ешбір бөгетке қарамай, өзеннің өріне жүзетін балықтар сияқты біз де солай қарай жылжып келе жатқанбыз. Менің ендігі ойым да алдым от болса да солай қарай жылжи беру.
«Сенің түрің бөлек, бірден көзге түсесің» деп Света мені ылғи тасаға жасырып, деревняға өзі кететін, содан үркек болып жаман үйреніп қалыппын. Орнымнан тұруға қанша оқталсам да сескене берем, жау көзіне түсіп қалам ба деп қорқам. Ал, шынымды айтсам өзім араласып кәнігі болмаған ел-жұрттан да сескенетін түрім бар. Қайран қалың қазағымның арасы болса... Бұрын тіпті құлақ естіп, аяқ баспаған жеріңе барсаң да, әйелдерге мұңыңды шағып жағдайыңды айтсаң «беу, алда байғұс-ай», деп еріндерін сылп еткізіп, көңілшектері көзіне жас алып...
Ал, мына халықпен әлі сыр мінез болып көрген емеспін. Кеше айға жуық ауыр сапарда полктың әйелдерімен бірге болғанда аз да болса оларды түсініп, кішкене жақындасып қалғандай едім, біразының тіпті кәдімгі қазақ әйелдеріне ұқсас мінездері болатын. Бірақ енді олар өзім сияқты командир әйелдері, және «айлас қатын мұңдас» дегендей жолымыз да, азабымыз да ортақ еді, ал, жалпы халықпен менің жөнді араласым болған жоқ. Және сол білдім деген әйелдерімнің өздерінің ар жағында несі барын... әсіресе іш тартқаным, тіпті жақсы көрген адамым Света емес пе еді?
Олжадан түскен атқа тақымың үйренгенде ойда жоқта оқыс мөңкіп аударып тастайтыны болатын, бұ да аяқ астынан әзірге менің миым жетпеген тосын мінез көрсетті. Енді ойланып қарасам Светаның мінезі маған шынында да тосын көріне бастады. «Қара ешкіге жан қайғы» болып тұрғанда ол сол жан қайғысын ұмытып, аяқ астынан ар қайғысын арқалап, жеке кетті. Бір азапты екеу етіп алды. Мен оны түсінетін де, түсінбейтін де сияқтымын. Менің түсінетінім жұрттың бәріне түсінікті, ондай халге ұшыраған ұяты бар әйелдің жан азабы оңай болмайды, әрине қиналады. Бірақ... «ораза, намаз тоқтықта» деп қазақ айтушы еді. Мынадай алапат ішінде, шырқыраған шыбын жаныңды қоярға жер таппай жүргенде... Білмеймін. Өз басына түсіп көрмеген соң.
Неге екенін білмеймін, о кісіні өзімше, іштей «кемпір» дей саламын да, ал көзінше инабат қылып Дуня апай деймін. Жасы алпыстан асқан, менің Қамқа әжемнің өкшесін басып жүрген адам. Орыстар үлкендерге өз атына әкесінің атын қосақтап екеу қылып айтатын әдеттері емес пе, бұл кісінің есімі Евдокия Герасимовна екен. Менің жаттықпаған жалпақ тілім сол екі есімнің, тым болмаса, біреуінің нәшін келтіріп айта алмады. Бір-екі рет шатастырғаннан кейін кемпір «сен менің әкемнің атын қарасин қылып жібереді екенсің, одан да «Дуня апай» деп атай бер» деген.
Бұл кісіні алғаш" көргенде «әй сірә, тұзымыз жарасып кете қоймас» деген ойға келгенмін. Қаңғып келген түрі бөлек әйелді ұнатпай қалды, жүзі суық, көк көзі шатынаңқырап тұр. Ұзынша сопақ беті төрт бұрышты, терең әжім тіліп өткен бет бедерінің де қыры сынбаған, толыспаған тарамыс тұлғасы да қатаң — қысқасы, бір қарағанда түрі кісіге түрпідей тиетін адам екен. Әсіресе екі езуінен төмен қарай қиғаштай тартылған екі терең сызығының астынан ащы мысқылы мен ашуы тепсініп тұрғандай, соған орай ащы даусы омырылып шығады. Алғашқыда қатты тіксініп қалдым. Бұрынырақта болса бұрылып жүре беретін едім, бірақ Светадан ажырасқаннан кейін, екі айға жуық жалғыз тентіреп, мен де оңды-солымды танып біраз нәрсеге ысылып қалғанмын. Талай жақсы да, жаман да адамды көріп, бір қабағын қарс жауып алған хозяйкаларға бір түнеп кететін бетсіз болып алғанмын, бұрынғы бұйығылығымнан арылып, осындайда іштей ерегесе кететін мінез тапқанмын. Сондықтан да үй иесінің қыртысы жазылмаған қатқыл ажарынан қаймыға қойғаным жоқ, алдымен бір түнеп кетуге сұрандым.
Кемпірдің қабағына қарап «кет» дейді ғой десем, ол салқын даусымен ықылассыз ғана «жарайды» деді. Күн кешкіріп қалған мезгіл еді, кішкене үйдің бір бұрышында сүмірейіп мен отырмын, құдай оңдап, кемпір сыртта шаруасын істеп жүр, болмаса, келмей жатып ұрысқан адамдай екі әйелдің тыртысып отырғаны қандай жаман. Үйге бір-екі рет кіріп шықты. Тіл қатыспасақ та уақыт өткен сайын бойым үйреніп келе жатқан сияқты. Шамасы өмір бойы шаруа қуалап шандыры шыққан байғұс болар, қанша шау тартса да, қимылы пысық, сол сергек қимылымен асын қамдады. Картоп аршығанда жәрдем етейін деп едім:
— Өзім-ақ аршимын. Бүгін қонақсың ғой, — деді.
«Бүгін қонақсың ғой дегеніне қарағанда, ертең де маған кет дей қоймас» деген бір үміт жылт ете қалып еді, кемпір одан әрі тіл қатқан жоқ, Әйтсе де өңі жұмсағырақ болды. Оның қатқыл өңін керосин шамның жарығы жұмсартты ма, әлде менің титтей де болса жылу іздеген көңілім жұмсартты ма... Мен де күдікшілмін, құдайдың берген кескіні мен мінезіне кім кінәлы, үндемей-ақ қойсын.
Тек сүр майға қуырған ыстық картоп алдымызға келген де ғана:
— Сен қай қиырдан, қай құдай айдап келіп жүр біздің жаққа? — деді.
Meн тілім жеткенше жөн-жосығымды айтып түсіндіріп болдым. Кемпірдің іші — бауыры елжірей қоймаса да, әйтеуір ден қойып, ықыласпен тыңдады. «Тіпті алыстан келген екенсің ғой, байғұс», ден аяныш білдіргендей болды, одан ар жағын қазбаламай «шаршаған шығарсың» деп төсек салып берді.
Таң қараңғысынан ішкен ертеңгі астан кейін, мен қипақтай бастадым. «Енді қайда барам?» Майдан шебінен елге жететін дәрменнің менде жоғы былай тұрсын, денем ауырлап күннен-күнге жүруім де қиындап барады, оның үстіне қылышын сүйретіп қыс та таяп келеді. Ендігі бар мақсатым — қол-аяғым жеңілдегенше ұзағырақ паналайтын жер іздеу. Ондай үйді тауып беретін таныс қайда, сондықтан да «осы паналатпас па екен?» деп
Бас сұққан үйімнің иесіне жаутаңдап қарай беретін жарамсақ әдет тауып алдым. Мына кемпір түріне қарағанда жалғызбасты адам болар, орайы келіп-ақ тұр, бірақ қанша жаутаңдасам да өңі жылымай-ақ қойды тіпті, менің қампиып қалған қарынымды көрмеген де сияқты, әйтпесе бір аяныш білдірер еді ғой. Қайтейін бір бұйырғаны болар да, ертеңгі астан кейін кемпірге рахметімді айтып жүрмек болдым.
— Қайда бармақсың? — деп кемпір зекіп тастады.
Шынымды айтсам анадан туғалы зекіген дауыстың құлағыма майдай жаққаны осы болар, көзім жаутаңдап кемпірге қарай беріппін, сірә жанарым дымқылданып кетсе керек.
— Ана қарыныңды сүйретіп қайда бармақсың. Қардың үстінде босанайын деп пе едің? — Кемпірдің зекігені құлағыма жағып барады. — Мені бір мойнына крес салмаған дінсіз деп пе едің. Жарайды, қал осында. Біздің деревнямыз үлкен жолдан аулақта. Әзір неміс келген жоқ, кім біледі, құдай сақтап келмес те.
Мен кемпірге тағы да алғысымды жаудыра бастап едім, ол тыйып тастады.
— Сенің осында қалғаныңа мені бір қуанып тұр ғой дейсің бе, жарайды, бұйырғанын көрерміз.
Сонымен осы кемпірдің үйінде қалып қойдым. Өзі бір әйел затында сөзге сараң кісі екен, бұрын сумаңдаған сөзшең әйелдерден басымды ала қашқандай болушы едім, енді мынаның үндемегені қинады. Бір үйде екеуден-екеу, ұрысқан адамдай. Құдай оңдап әйтеуір кемпір сиырымен, тауығымен, шошқасымен әлек, олар да бір бабын таптырмайтын жәндіктер екен. Оның үстіне ылғи бір жаққа кетіп қалады. Жасы келіп қалған адам неге жалғыз тұрады? Туған-туыс, бала-шағалары қайда? Әлде бәрінен айрылып қу бас болып қалған байғұс па?
Өзі айтпаған соң жөн-жосығын сұрауға бата алмаймын, паналатқанына риза болып, тып-тыныш жата бермей нем бар. Тек сырттай топшылағаным кім де болса, жақын біреуі бар сияқты. Ол — пұл тағамдарын қамдап шүберекке түйіп алып екі-үш күнде бір жаққа кетіп қалатын әдеті бар. Неше түрлі тәтті нан, жұмыртқа пісіріп, сары майы мен бар дәмдісін салуына қарағанда базарға сатуға апармайтыны көрініп-ақ тұр.
Мен орыс пешінің үстінде жоғарыдағы қуыста жатам, кешке от жаққанда тіпті ысып кетеді, аунақшып-дөңбекшіп біраз уақытқа дейін ұйықтай алмаймын. Бірақ әйтеуір осында келгелі ұйқыға кенде емеспін. Басымды қатырған көп уайымға, алдымдағы белгісіз болашағыма бұрынғыдай қайғырып, күні бұрын бекер күйзелмеуге тырысамын. Алдым қараңғы. Қайтейін. Тағдырдың салғанын кезінде көрерміз. Бұрынғы өміріммен де арам мүлде үзіліп қалды. Ауыл, ел-жұрт, Қамқа әжем... бар жас өмірім... бәрі көз жетпес алыста, енді ол өмір келмеске кеткен сияқты. Бірақ кейде бір ауыл өмірі қайта тіріліп, жамырап келіп көз алдымда тұра қалатыны бар, және қас қылғандай құрт қайнатып, ет пісіріп жатқан, ие дастархан басында жайғасып отырған нағыз алаңсыз бейқам тірліктері елестеп зығырданымды қайнатады. Менің мына хәліммен олардың шаруасы жоқ. Тіпті алаңсыз...
Қасымбек... Енді о да алыста. Түн ішінде апыл-құпыл шала қоштасып, соғысқа кетті. Жөндеп сөйлесе де алмадық. Енді ойлап қарасам — екеуміздің бірге тұрған өміріміз де шала сияқты. Оңаша отау тігіп отасқан уақытымыз да азғантай, шолақ екен. Ерлі-зайыпты етене адамдардай бір-бірімізге үйренісіп те болмаған тәріздіміз, кейде тіпті қыз дәуренімнен айырылып, әйел болғанымды ұмытып та кетем. Құрсақты болсам да күйеуіме үйрене алмағанмын ба, қалай. Басына күн туғанда өзгенің бәрін ұмытып кете ме екен? Шынымды айтсам қазір Қасымбек емес, қара басымның қамын көбірек ойлаймын. Тек бір рет қана жаным ышқынып...
Орыстың қалың орманының ішінде қаңғалақтап жүріп қырылған әскерді көрдім. Бір селоның адамдары жay кеткен соң, қаза тапқан біздің солдаттарды көміп жатты. Неге екенін білмеймін, жүрегім алып ұшып соған мен де бардым. Жұрт жиналып үлкен апан қазыпты. Сол апанның ернеуіне ағаш арасында, далаңқайда сұлап жатқан әскерді әкеліп жатыр. Біреулер қанар қапшықтан носилка жасап соған салып әкелсе, біреулері екі аяғы, екі қолтығынан екеулеп ұстап жайша көтеріп келеді. Бір кеспелтек сары жігіт өліктің екі аяғын қапсыра құшақтап екі бүктеп, иығына артып әкеледі де сылқ еткізіп тастай берді. Бір әйел, дәті шыдамады ғой деймін, «байқасайшы деп еді, «енді олардың еш жері ауырмайды» деп, жаңасын әкелуге бұрылып жүре берді. Біреулер апанның ішіне түсіп, өліктерді қатарынан тізіп қоя бастады.
Осы бір сұмдық көріністен басым айналып, кейде тіпті көзім қарауытса да, байланып қалғандай кете алмай тұрмын, қарауға қорықсам да қарамай кетпей тұра алмаймын. Шошына тұрып зәрем ұшып әр өліктің бетіне қараймын. Ұрыс екі-үш күн бұрын болыпты; өліктер ескіріп, иістене бастаған, беттері де қарайып кеткен — түрлерін ажырату қиын. Сонда да жүрегім аузыма тығылып, көргенде жан түршіктіретін бедері кетіп ісініп талақ боп кеткен өлі беттерге, қарай берем. Әрбір талақ беттен Қасымбектің бет-бедерін іздеймін. Кішкентай ұқсастық нышанын тапсам, о жолға хәлімді айту қиын.
Өлікті көмудің ешбір ерсілігі жоқ, қайта парыз ғой, бірақ осы бір ауыр оқиға маған сұмдық жаман әсер етті де, көп уақытқа дейін көз алдымнан кетпей қойды. Және бір жаманы, осы елес қайтып оралған сайын Қасымбектің де өлі бейнесі көз алдыма елестейтінді шығарды. Бедерінен айрылып, көнектей боп ісіп кеткен талақ бет көз алдыма келіп тұра қалады да, тұла бойым тітіркеніп, жүрегім шаншып өтеді.
«Уды у қайтарады». Басыма түскен тауқыметім ақыры, бұл елесті де ұмыттырды. Қарадан қара басыңа пана таппай шыбын жаның шырқырап жүргенде өзгені ойлауға мұрсатың болмайды екен, енді Қасымбек те, «онымен кездесем-ау» деген ой да менен алыстай бастады. Қасымбекпен қосылуым ата-баба салған жолмен алаңсыз келе жатқан бейбіт өміріме көлденең килігіп, шырқын бұзып кеткен төтенше оқиға болып та көрінеді кейде маған. Елде тудым, елде өстім, сол елдің ішінде балалы-шағалы болып, не де болса елмен бірге көретін орайым бар емес пе еді? Ал, Қасымбектің етегінен ұстаған мына тірлігім, бүйірден шыққан бұтақ сияқты сол өмірімнің негізгі арнасынан бөлек тұрған жоқ па? Енді өмірімнің сол бөлшегі де менен бөлінін артта қалды.
Сөйтіп анадан туғалы он тоғызға толмаған аз өмірім омырылып үшке бөлінді. Үшіншісі қазіргі неғайбіл хәлім. Алдыңғы екеуін дүлей соғыс қылышпен шапқандай кілт үзіп тастады да, өзімді қаңбақтай домалатып белгісіз жаққа алып кетті.
Бара-бара ойым шабандап алдымда тұрған қараңғы болашағыма көз жүгіртуді де қойдым, бір күнім өтсе соған ризамын. Осылай тіпті мәңгіріп кетер ме едім, қайтер едім. Тек... көңіліме уайым салып, талпыныс беретін ішімдегім. Енді ұйықтап кетсем де ұмыттырмайтын болды, ауыр түс көріп, бүйірім сыздап оянып кетем.
Әуелгі кезде құрсағымды кеулеп өсіп келе жатқан бөлек денені, терінің астынан ісініп шыққан бітеу жарадай, жатсынып, жатырқайтын кездерім болушы еді, қазір оған тәнім үйреніп алды. Денем ауырласа да іште жатқан осы жан иесінің өзіме етене жақындығын сезінем. Кенет, ойда жоқта құрсағым босап қалса оның орны үңірейіп, тәнімнің бір мүшесінен айрылып қалғандай елегізитін түрім бар. Бұл екі адамның бірігіп біреу болғаны ма, әлде бір адамның қақ бөлініп екеу болғаны ма, ол арасын ажырата алмаймын, әйтеуір не де болса бүйірімнен шыққан бір бұтақ, сияқты, мен оны өзімнен бөліп тастай алмайтынымды білем.
Іштегі нәрестем қимылдап, бүйірім мен кеудемді қоса жылытып келе жатқанда салқын ақыл килігіп тұла бойымды тоңазытын өтеді. Ол қазіргі мүшкіл хәлімді алдыма көлденең тосып, еріксіз ертеңгі күнімді — болашағымды ойлатады. Содан барып кемпірдің кішкене үйінде, жылы пештің үстіндегі ұйып тұрған бұйығы рахатым іркіттей іріп жүре береді. Бұрын басымнан кешпеген босанар ауыр сағатым — ол өз алдына бір қорқыныш. Ол сағатым сәтті болған күннің өзінде... Құрсақты күйімде төзсе де жас баламен масыл қылып мына кемпір мені қашанғы ұстамақ, алда-жалда ол ұстағанмен дұшпаның тыныштық бере ме? Осы ойлар мені мазалай берді, бірақ қиын ойлар қанша қылқандай қадалса да, менде қарекет жасар дәрмен жоқ.
Осының бәрі өзімнің, осалдығым екенін сеземін, бірақ құрғырды сезгеннен келер жеңілдік жоқ екен, ақыры деп — сал болып, басым қаңғырып тоқтаймын. Мүмкін осының бәрі жазмыш шығар. Әр нәрсенің себебі болады деуші еді. Ойда жоқта кездескен бір себеп адамның тағдырын түгел төңкеріп жіберетініне де көзім жетті енді. Қасымбек со жолы демалысқа келмесе... Мен оған ұшыраспасам...
Кейде ойым алай-дүлей ұйытқып, кейде бойым да, ойым да жалқау тартып, меңіреу халге түсіп осы үйде тұра бердім. Кемпірім де мені сөзге алдарқатып, алаң қылып жарым көңілімді жұбатарлық жылы сөзді онша айта қоймайды, мойнына байлап алған қара тасты амалсыз көтеріп жүрген адам сияқты. Бап таңдайтын, ықылас іздейтін хал менде жоқ, қашан қуып шыққанша төзе бермекпін. Бірақ кемпір қуып шықпады, екеуміз томсырайып жүріп-ақ бір-бірімізге үйрене бастадық.
Көзім үйрене келе байқасам Дуня апайдың өңі қатқыл болғанмен пәлендей тікірейіп тұрған еш нәрсесі жоқ сияқты, әлде сүйкеле келе қыры жұмсарды ма, бастапқыдай бет әлпеті, көзқарасы маған түрпідей тимейді, дегенмен ер бітімді кесек жүзінде, сүйегі арсиған ірі тұлғасында жұмсақтық та шамалы. Кішкентайымнан кісінің жүзіне тіке қарамайтын әдетім бар еді, күнім түскен, танымайтын жат әйелдің алдында тіпті именшекпін, маған сөз айтуға оқталғанда маңдайымнан тарс еткізетіндей тіксініп, жасқана күтем, бірақ әйтеуір ондай қатты сөз айтқан емес. Затың әйел, оның үстіне халың мүшкіл, біреуге кіріптар болcaң қам көңіл болмағанда қайтесің, кемпірдің бетіне ұрлана қарап мейірім іздеймін. Егер бұл кісінің мейірімі болса ол тас қобдидің ішінде жатқан болар, сыртына тепсініп шыққанын аңғармадым. Тіпті кісіге жаны ашып айтқан сөзінің өзін кейіңкіреп, зекіп айтады. Мен кейде жөндеп тамақ ішпесем:
— Немене, төренің әйелінше тіксініп отырғаның... Қазір саған тамақты екі есе ішу керек. Ішіңдегің де сорып жатқан жоқ па? Оған да тамақ керек. Қарашы мұның астан жеркенуін, — деп кейіп тастайды.
Менің пештің үстінде бұйығып жатып алғаным да кемпірге жақпай қалды.
— Қарашы пештің үстінде шалжиып жатып алғанын. Өзің бір балпиып жата беретін жалқау нәрсе боларсың. Сыртқа шықпасаң да үйдің ішінде қыбырлап жүр. Қимылдасаң қол-аяғың жеңіл болады. Жеңіл босанасың. Жатпа шалжиып, — деп кейіді.
Менің өрісім үйдің іші ғана, сыртқа шығуға кемпірдің өзі рұқсат етпеген. Күндіз бір жаққа кетсе де сыртымнан құлыптап, «қысылсаң, шоланда шелек тұр» деп ескертіп кетеді. Содан күйбеңдеп, үйдің ішінде, шоланда жүретін болдым. Бірте-біте үйдің ұсақ-түйек шаруасына араластым. Ас пісіру, ыдыс жуу, от жағу... шаруаға араласқан соң кәдімгідей сергиін дедім. Алдамшы әсер болса да, әйтеуір, осы үйдің шаруасына ортақ бір адам сияқты жиіркенішті масылдық сезімі бұрынғыдай қинамайтын болды.
Әне, селоның орта тұсынан бері қарай бір еркек келе жатыр. Ел болғасын... жәй бара жатқан біреу шығар. Неге екенін қайдам, тіксініп қалдым. Мүмкін жолдағы бір үйге бұрылар, не өтіп кетер, деп едім, бірақ қарышты қадамына қарағанда жолшыбай бір жерге қайрылатын түpi жоқ. Деревня тұрғындарынан түрі бөлек пе, қалай... Жеңіне байлаған жалпақ шүберегі бар, «не де болса сірә немістердің қызметіндегі адам болар» деген секемшіл ой келіп, терезеден екі қадам шегініп кеттім. Ол біздің үйге қарай бұрылды.
3
Үсті жалпақ орыс пешінің қуысындағы түкпірге тығылып жатырмын. Жамбасым ұйып қалды, аунап түсейін десем... аунамақ түгіл қыбыр етуге болмайды маған. Көрпе-жастықтың тасасында, қараңғы қуыста лебімді ішіме тартып құлағыммен ғана емес, бүкіл денеммен қыбыр еткен дыбысты бағам.
Манағы сыртта көрген кісі есіктегі құмандай қара құлыпты көріп бірден кетіп қалмады, жас қарды күрт-күрт басып терезеге келе жатты. Мен шегіншектеп барып шоланға шығып кеттім, әдейі жабық үйдің терезесінің алдына келгесін үңіліп ішке көз тастайтыны анық қой. Жас қарды басқан қадамның жұмсақ тықыры жөнді естілмей, терезе алдындағы кісінің кеткен-кетпегенін анық біле алмай шоланда ұзақ тұрып денем тоңазып қалды.
Кеште қайтып оралғасын осы оқиғаны кемпірге айтып едім, ол ойланын қалды. Бұл үйге келе қоятын бейсауат адамның орайы жоқ екен, Дуня апай әжептәуір күдік алды. Сірә, сонша тіміскілеуіне қарағанда ол тағы бір айналып соғатын болар, сақтықта қорлық жоқ деген ойға келіп кемпір мені пештің қуысына тығып тастады.
Айтқанындай-ақ кешікпей біреу дүңкілдетіп есік қақты. Дуня апай асықпай мен жатқан қуысты жақсылап қымтады да шоланға шығып есік ашты. Өзі сығырайған керосин шамнан қара көлеңке болып тұрған бөлме еді, менің қуысым тіпті қараңғы болып қалды.
Біреу есіктен даңғырлап сөйлеп кіріп келе жатыр, шамасы Дуня апайды жақсы танитын адам болса керек:
— Евдокия Герасимовна, қонақты қабылдаңыз, — ден еркінси сөйлейді.
— Бұл неғылған түнделеткен қонақ, — деді менің кемпірім ұнатпай, өзінің шатынаған ащы даусымен.
— Қазір күндіз, түн дейтін уақыт па. Оның үстіне өзің күндіз үйде тұрмайсың ғой, — деп дүңк етті жуан дауыс.
Байқаймын, манағы күндіз келген осы болар, сыртынан көргенімде ірі денелі кісі еді, мынаның даусы да тура үйдің төбесінің астынан, биіктен естіледі.
— Ал жоғары шығыңыз, шақырылмаған қонақ, — деді Дуня апай кекесінді дауыспен. Бұрын шақырылмаған қонақты татардан да жаман деуші еді, енді немістен де жаман дейтін шығармыз.
— Сіз не дедіңіз? — деп жуан дауыс гүж ете түсті.
Дуня апай әңгімені өзі ушықтырып алып, үндемеді.
Екі езуінен қиғаш түскен терең сызықтан ашуы мен ащы мысқылы, шатынаған көк көзін ананың өңменіне істіктей қадап сазарып тұр ма, әлде қорқып қалды ма, мен іштей тынып, құлақ тосам. Қауіпті тыныштық үзілетін жіптей созылып келе жатыр еді, кенет қарқылдаған жуан күлкі тарқатып жіберді.
— Сіз, сірә, большевиктердің әлдеқашан зытқанын білмей қалғансыз-ау, Евдокия Герасимовна. Ха-ха-ха. Жарайды өзіміз ғой. Өйтсе де мұндай сөзге сақ болыңыз. Мүмкін менен басқа біреу болса...
Анау бітімге шақырғанмен менің шатақ кемпірім шатынап қоя берді.
— Ендеше, өзің неге зытпадың? Бір кезде нағыз қып-қызыл большевик болған сен емес пе едің?
Аяқ астынан тап бергенде анау тіпті сасып қалды.
— Оныңыз не... оныңыз не, Евдокия Герасимовна. Жұрттың бірі біледі. Мен партияда жоқ болатынмын. Рас бір кезде... ертеректе тілектестер тобында болдым. Бірақ партияға өткенім жоқ. Оны... оны ешкімнен жасырмаймын.
— Сіз де қайдағыны айтасыз, Евдокия Герасимовна. Ол қашанғы оқиға.
— Ал, одан кейін жеке меншік жойылсын, бәрі ортақ болады» деп жұрттың тауығына дейін сыпырып алған сен емес не едің?
Кемпірім жарады, дүңкілдеп келген дәу неменің әуселесін бірден қайтарып тастады. Ананың кескінін көре алмадым, көз алдыма шапылдаған қаншықтан үркіп құйрығын жымып алған дүрегей төбет елестейді.
— Жарайды, жарайды, Герасимовна. Өткенді қаза беріп қайтесіз.
— Қазбағанда ше. Енді мінекей антихрист Гитлерге қызмет істеп жүрсің.
— Байқап сөйлеңіз, Герасимовна. — Енді есін жиып анау тірілейін деді. — Фюрерге тіл тигізген адам қазір... Сақ болыңыз... Сонан соң... мені қорқытпаңыз. Мен тексеруден өткем. Маған полицайлық қызметті сеніп тапсырып отыр. Рас. Басында белсенді болғаным рас. Бірақ менің еңбегімді бағалады ма большевиктер. Ақыр аяғында арбакеш боп кеттім.
— Немістер бағалады ма?
— Оһо, бағаламаса осындай мықты қызмет бере ме. Жоқ, Герасимовна, біздің күніміз енді туады. — Полицай көңілденіп келеді. — Біздің бұрынғы аудан орталығында қазір немістердің комендатурасы орнаған. Енді елдің бәрін сол басқарады. Барлық жерге бастықтар тағайындап жатыр. Сол комендант мырзаның өзімен сөйлестім мен.
— Сен немене, немісше білуші ме едің? — деп бір қағытып қойды Дуня апай.
Кекесінді сезетін полицай жоқ, өзі де көрген — білгені ішіне сыймай жарылайын деп тұрса керек.
— Жоға. Тілмашы бар. Бір жирен келіншек. Бұрын біздің жақта көрмеген адамым. Комендант мырза: жарайды, бұрынғы қателескенді біз кешіреміз, — деді. Кетерде, тіпті арқамнан қағып: «сен, Усачев, бізге керек адамсың», — деді. Қалай, ә? Әрине Усачев керек болады. — Көңілінде күпсініп баратқан қуанышы мен мақтанышын тыңдайтын құлақ табылғанына мәз. Усачев күмпілдеп, ылдиға қарай зырғығап арба сияқты тоқтай алмай кетіп барады. Түр-түсін көрмесем де маған осы адам таныс сияқты, қайдан көрдім, қай жерде даусын естідім, ол арасын анық білмеймін, әйтеуір осының бойында мен көрген, маған таныс, тіпті үйреншікті бір нәрсе бар.
— Комендант мырза: біз саған сенеміз, Усачев. Сен біздің көзіміз бен құлағымызсың деді. Қалай, ә? Төңірегіне сенімді адамдарды топта. Бізге жат элементтерге қарсы не істесең де толық билік береміз деді. «Қолыңды қақпаймыз, толық билік береміз», — дейді, а?
— Ертең Совет өкіметі қайтып келсе қайтесің? — деді Дуня апай қызып келе жатқан Усачевқа лақ еткізіп салқын суды құя салғандай.
— А? Не дейсің, — деп Усачев сәл сасқалақтап қалды да, есін тез жиып: — Одан қорықпадыз, Герасимовна, — деді.
— Мен қорқып тұрғаным жоқ қой, сен қорықпасаң.
— Менің қазір қолымдағы билік үлкен, Евдокия Герасимовна. Егер анау-мынау керегің болса айтып қой. Мен өзім деген адамға еш нәрсені аямаймын.
— Менің қу басыма не керек дейсің. Егер жақсылығың тасын баратса ана азаматтары әскерге кеткен әйелдерге жәрдем ет, — деп кемпір мырс етіп күліп жіберді.
— Оһ — һо — о, — деп дүңкілдеп күліп алды Усачев. — Сіз де айтасыз, ә. Сонда қызыл әскердің семьясына жәрдем етуім керек пе? Жо-оқ, олар әзір тыныш отырғанына рахмет айтсын. Олар туралы әзір нұсқау болған жоқ. Кейін кім біледі.
Үй иесі әңгімеге мұрындық болмай, қашқақтап қанша жалтарса да, полицай оны қыбына да қыстырмай дүңкілдеп әлі сөйлеп отыр. Ақыры тауыса алмаған сөзін есіктен шыққанда да арқандай шұбатып ала кетті.
Дүңгірлетіп үйді толтырып тұрған әлгі Усачев дегеннің жалғыз өзі екен, ол кеткесін кішкене бөлме босап, менің де арқа-басым кеңіп қалды. Дуня апай маған:
— Тыныш ұйықтай бер, — деп, төсек салып өзі де жатып қалды.
Менің ұйқым келетін емес. Жаңа қорқынышпен қабаттасып, «осыны қайдан көрдім?» деген жеңсік ой енді оңаша оралып, бойымды билеп алды. Арғы-бергімді ақтарып, ой қалтарысымды қанша тінткілесем де... Тоқта, тоқта... Осындай өрекпи сөйлейтін өктем дауыс... Өңмендеп, өкіректей кіретін дүлей қара...
Апыр-ау, Тұрсынғали... Мені қинап, ұқсап кетіп ұқсамай, ұстатпай кетіп жүрген сол екен ғой. Оның даусы шаңқылдақ, мынаның даусынан ащы болатын. Біздің ауылда кішкентай балаларды «Тұрсынғали келе жатыр» деп қорқытатын. О кезде жасым жеті-сегізде кәдімгідей естияр боп қалсам да, «Тұрсынғали келе жатыр» дегенде мен де шошып кететінмін, балалар ғана емес, одан үлкендеріңнің өздері қорқатын. Ол ауылға адам сияқты аяңмен кіруді білмейді, баса-көктеп аттап кіреді.
Менің кішкентай кезімде біздің ауыл беті ашылмаған, қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы аулы еді. Тірі орыс көрген жоқпыз-ды. Ауылда орысша білетін жан жоқ, өзгені білмеймін, менің өзіме Тұрсынғалидің орысшасы әжептәуір болып көрінетін.
— Мен ана жылдары тар үңгірге барып шойын жолдың қарын күрегенде орысша үйренбегенде қой бағып жүр деп пе едің? — деп масаттана жауап береді Тұрсекең.
— Біздің ауылдан да қар күрегендер бар еді. Бірақ солардың біреуіне жұқпап еді, бұл орысша. Оның да қонатын кісісі болады екен-ау.
— Е, әкімшілік шіркін орысшаны үйретпей қоя ма, — десіп жатады жұрт.
Тұрсынғали ұзын бойлы, жіңішке, кеуде жағы сұрақ белгісі сияқты ілгері қарай иіліңкіреп біткен имек қара. Оның есесіне емініп, иегін көтеріп ұстайды. Екі шекесі едірейген қалақ шеке, кішкене тайды маңдайынан салбырап түскен ұзын қоңқақ мұрны бір түрлі ерсі, құдды ешкінің текешігі сияқты, өзі де текеше бақылдайды.
— Мынау неге керек? Бәрі осы жерде жатыр ғой, — деп құйқасы тыртысқан тыртық қалақ шекесін саусағымен шертіп қояды.
Тұрсынғали жұрттан салық жинайды. Қырсыққан адамына салықты үсті-үстіне салады. Сонда оның не бір жазған қағазы, не тізімі болмайды. «Сен пәлен сом төлейсің, сен түген сом төлейсің» деп ауызша айтады.
— Ойбай-ау, мен өткен жолы төледім ғой, иманың бар ма?! — дегендерге.
— Білемін, өткен жолы отыз сом төлегенсің. Қазір қырық сом төлейсің. Бәрі мінекей, мына жерде жатыр оның, пынымаешь, — ден қалақ шекесін сұқ қолымен тық-тық еткізетін.
Сондай кішкентай нәрсенің ішіне сонша дүниенің сыйып тұрғанына бәріміз қайран қалатынбыз.
Оған себеп болған Қамқа әжемнің шыққан тегінің шикілігі. О кісі жақайым Жетес бидің қызынан туған. Бұрын оны біз де, өзгелер де мақтаныш ететінбіз. Ел аузында «Жетес би айтыпты» деген не бір өткір сөздер бар. Менің есімде Жетес бидің әсіресе бір сөзі қалып қойып еді. Ертерек кезде ақ патшаға қарсы шыққан атақты Бекет батыр ұсталғаннан кейін шектінің екі биі Жетес пен Нияз би, бірі Жақайымның, бірі Тілеуқабақтың сөзін ұстап бір дауда кездесіп қалыпты. Жетес пен Нияз бір-біріне сырттай қанық болғанмен бұрын жүздесіп көріспеген екен. Ертең дауға түседі деген күні бір-бірін бағдарлап, сынау үшін бір үйде бас қосып, жүз көрісіпті. Нияз ірі, толық денелі, қызыл шырайлы нардай кісі болса керек, ал Жетес кішкене ғана, қатып қалған арық қара кісі екен. Жасы үлкен Нияз Жетесті ықтырып алу үшін бір шымшып байқапты.
— Жетес қарағым, дауылпаз деген құс болады деуші еді, дауысы жер жарады деуші еді. Қасына келсең құрысып қалған көн болады деуші еді-ау, — депті.
Сонда Жетес би іліп алып:
— Иә, Нияз аға, оныңыз дұрыс. Кешегі Ерназар Бекет ұстағалы арлы шекті арық болды да, арсыз шекті семіз болды ғой, — депті.
Осы әңгімені айта келіп Қамқа әжем: «біздің Тілеуқабақтың ішінен де сұмырайлар табылған ғой. Өз бауыры Бекет батырды ұстап беруге солар да араласты деген сөз бар. Жарықтық Нияз атамыз жерге кірмегенде қайтсын. Содан сөзден тоқталып: «Мен жеңілдім, ертеңгі даудың бар төрелігін Жетес бидің өзі айтсын» деген екен. Бүгінде ондай аталы сөзге тоқтайтын адам қалды ма. Ұсақтап барады ғой бұ жұрт» деп күрсініп қоятын.
Жұрт Қамқа әжемді мақтағанда: «әр сөзі мен Жетес бидің жиенімін»... деп тұрған жоқ па», «тегінде бар ғой, қалай болсын» деп қолпаштайтын; енді мақтаныш еткен тегі әжеме пәле боп жабысты.
Бір күні Тұрсынғали әкемнің мініп жүрген жалғыз аты Күреңқасқасына жармасты. Ауылға шауып кіріп, ауылдан шыға шабатын Тұрсекеңе ат шақ келмейтін, аз күнде арқасын алдырып, қызыл май қылып зорықтырып тастайтын. Анау өңкеңдеп қоймай баратқан соң жуас әкем не қыларын білмей сасып қалғанда сөзге әжем араласқан...
— Әй, сен кемпір, араласпа. Сен өзің кім екеніңді білесің бе? — деді Тұрсынғали басы кекшеңдеп.
— Е, мен кім болыппын сондай-ақ, — деді Қамқа әжем таңырқап:
— Сен тап жауының тұқымысың. Жетес бидің жиені екенің рас қой?
— Иә, рас. Оның несін жасырамын. Құдай сендей ұрының баласы қылып жаратпағанына шүкір.
Менің әкем ұры... Менің әкем ұры болғанда... — деп Тұрсынғали басы кекшеңдеп кішкене тұтығып, қайтадан өрекпіді. Менің әкем ұры болғанда ол тап жауларымен күрескен. Байлардың малын шапқан.
— Мықтының малын шабатын Дәуіт сорлыда жүрек бар ма екен ойбай-ау.
Баланың зәресін алды-ау мына пәтшағар. Қой, бұған дауа болмас, — деп әжем мені басымнан сипап жұбатып үйге қарай бұрылып кетті.
Келер жылы колхоздастыру басталды. Біздің ауыл қазақы, надандау болатын, жұрт көп нәрсеге түсінбейді, кейін трактор келіп кенеліп, ит басына іркіт төгіліп жататынын олар қайдан білсін. Менің жасым сегізге шыққан, әжептәуір ес біліп қалған кезім сияқты еді, бірақ мен де еш нәрсені түсіне алмадым. Түсіндіретін Тұрсынғали қайда. «Колхозға кірсең де кіресің, кірмесең де кіресің» деп зіркілдеп қырып бара жатты. «Колхозға кірмесең бай-кулакқа жатқызам, тұжырымдаймын» деп жұрттың зәресін алады. Қараңғы шаруа тірнектеп жиған қолындағысынан айрылғысы келе ме, қатты састы. Біреуі малын сойды, біреуі сатты. Басқа тіршілік кәсібі жоқ қазаққа малсыз қалу деген... Менің әкем де «бала-шаға бар, тігерге тұяқсыз қалғанымыз қалай болады» деп бір-екі қарасын жасырмақ болып еді, Қамқа әжем: «ана Тұрсынғали ұрының баласы емес пе, тіміскі неме тыққаныңды таппай қоймас. Басың пәлеге қалар, шырағым, Көппен көрген ұлы той, не де болса көппен көрерміз, — деп тыйып тастады. Тұрсынғали болса «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп айқай салып, жұрттың тышқақ лағын қалдырмай ортаға салып жүр. Ақыры аша тұяқ қалмаған кезде барып Тұрсынғалидің да айқайы басылған болатын.
....Усачев дегеннің даусын естігенім болмаса, түр-түсін көре де алмай қалдым. Неге екенін қайдам, қай-қайдағымды оятып, ұмыт болған Тұрсынғалиді есіме салды. «Жеке меншік жойылсын деп жұрттың тауығына дейін сыпырып алған жоқ па едің» дейді Дуня апай. Біздің қазақта тауық, үйрек-қаз деген ұсақ жәндіктер болмайтын, Тұрсынғали ешкі, лаққа дейін сыпырды. Өз басым Тұрсынғалиді біздің ауылда ғана болған шығар десем, мынау біздің елден қиян шеттегі орыстың аулынан да бір Тұрсынғали табылғаны-ау. Тұрсынғалидің жайын Дуня апайға бастан-аяқ айтқым келіп кетті, бірақ тілім жетіп келістіріп айта алмаймын ғой. Оның үстіне Дуня апай да, әйел болып сырласуға жоқ, тұйық адам.
«Менің еңбегімді бағалады ма, ақыр аяғында арбакеш боп кеттім» дейді әлгі Усачев. Тұрсынғали да кейін ауыл да барлы-жоқты қызметті сағалап, ақыры сауаты болмаған соң соңғы жылдары колхоздың қойын бағатын болған. Мен төртінші класс бітіргесін, әкем «баламды оқытам» деп аудан орталығына көшкен. Аудан орталығына жолы түскенде Тұрсынғали біздің үйге соқпай кетпейді. Менің бір аңғарғаным, қазақ өкпешіл халық, тіпті «бір атым насыбайдан көңілі қалады» демекші, кішкентай нәрсеге де өкпелеп қалады.
4
Бүгін түсімде інім Жұмашты көрдім. Тым алыстап күдер үзіп кеттім бе, қайдам, соңғы кездері ел-жұрт түсіме кірмейтін болып бара жатыр еді. Абзалы түсімнен де береке қашқан. Басы жоқ, аяғы жоқ, бірімен бірі шатасып жатқан қиыр-шиыр бірдеңелер енеді түсіме, бұдыр бедерсіз түстердің көбін-ақ ояна келе ұмытып қалам. Кейде бойым жеңілденіп, босанған болып жүрем. Қалай босандым, ұл таптым ба, қыз таптым ба ол арасы есімде жоқ, «осы мен босанып едім ғой, балам қайда?» деп іздеп жүрем. Ондай кезде Қама әжеммен, Дариға жеңешеммен де кездесіп қалатыным бар, бірақ лезде оларды да жоғалтып алып әрі-сәрі болам. Әйтеуір кілең бір қырқылжың түстер.
Бүгінгі түсім де берекесіздеу еді, тек Жұмашты сондай анық көрдім, сол баяғы жеті жасар қалпы; бір түрлі өңі жүдеу, үсті де жұпыны. Төмен қарап үндемейді. Жүрегім алқынып аузыма тығылып көзімнен жас ыршып кетті. «Жұмаш! Жұмашжан! Апырау, сен бар екенсің ғой». Алқынып айқайлаймын. Бірақ даусым алқымыма кептеліп қалған ба, естілмейді. «Жұмашжан, сағындым ғой сені! Жұмашжан!» осы жолы көмейім ашылып, даусым да шықты. Бірақ Жұмаш жауап қатпайды, төмен қарап тұнжыраған сүлесоқ қалпында тұра береді. Ұнжырғасы түсіп кеткен, өн бойында арылмас қасіреттің суық салқыны бар. Менен бөлек. Тіпті бөлек. Аймалағым келеді. Қолымды соза алмаймын ба, әлде қолым жетпей ме, әйтеуір жақындай алмадым.
«Жұмашжан-ау, сен кіп-кішкентай баяғы қалпыңдасың ғой, неғып өспей қалғансың? — деймін. «Өлген бала өспейді», — дейді Жұмаш қайғылы кескінмен.
Со кезде барып еміс-еміс есіме түседі: айтпақшы, Жұмаш қайтыс болып еді ғой. Апырау, кісі о дүниедегі адаммен де кездеседі екен-ау. Мінекей Жұмашжанды көріп тұрмын, тек құшақтап бауырыма қыса алмаймын. Арамызда керемет бір жат, бөлектік бар. «О дүниедегі адаммен осылай — көрінбейтін темір тордың ба, әлде әйнектің бе, ар жағында тұрғандай, қолың жетпей ғана көрісуге болады екен-ау» деген күңгірт ой келеді басыма.
Мектепте білім алып, құдайға сенбейтін болсам да, Қамқа әжемнің көп ырымдары бойыма сіңіп қалған. Жұмашжанның аруағының маған ренжіп жүргені рас болар. Жыл асқан сайын Жұмаштың көңілімнен аулақтап кеткені рас. Ол қайтыс болғалы, ойпыр-ау, он жылға жуық уақыт өтіпті-ау. Басында жас баланың ойын алаңы, одан сылаңдап бой жетіп келе жатқан қыздың көңіл желігі нені болса да ұмыттырмай қоя ма. Жұмаш та менен алыстап, ойыма сирек оралатын болған, мына шырғалаңға түскелі оны тіпті есіме де алған емеспін, өлі түгіл тірілерді ойлауға пұрсатым болып па.
Қазір енді ұйқым да, бітеліп қалған көңілім де ашылып, алыста қалған, ұмыт болған дүние, туған жер қайта тіріліп келеді.
Сол көктемде өкпек желдің өтіне шығып, суға салған қанттай солып қалған қарды күтірлете басып, асыр салып жылдағыдай ойнай алмадық. Көбіне бүрсиіп үйде отырамыз. Жұмаш та жүдеу. Қазақтың сықсима соқыр терезелі аласа қыстау үйінің іші қандай күңгірт. Сол күңгірт үйде күйбеңдеп ойнаған боламыз, бірақ ойынымыз да көңілсіз.
Қазақы жалпақ пештің от жағарына ошақ құрып, оған қара қазан орнатылған. Бірақ сол қара қазан баяғы көңірсіген исінен айрылып, көбіне қаңырап бос тұрады — қанша қарасаң да не жылы буы, не тәтті исі жоқ қара тастай сап-салқын. Қара қазанның тірілетіні тек кешке қарай. Қамқа әжем біз білмейтін тереңге, жүктің астына тығып тастаған жерінен шүберекке ораған құйрық майды суырып алып, шетінен бір-екі шекімдейін ғана жаңқалап сипады. Соны қазанға салып шыжғырып жібергенде көңірсіген майдың исін қолқамызға жеткенше сіміреміз. Бірақ танауыңды жыбырлатқан тәтті иіс араныңды ашып, ішіңде бұйығып жатқан аштығыңды қоздыра түседі. Жұмаш екеуміз мойынымызды созып қазанға үңілеміз. Қамқа әжем де қатал боп кеткен, біздің мөлиген көзқарасымызды тіпті байқамайтын сияқты. Бізге, рахаттанып кірт-кірт шайнайтын бір-екі шыжықты әперудің орнына, қара қазанға баж еткізіп орта шелек суды құя салады да сонан соң тағы бір жерден дорбасын әкеп қазанға қос уыс талдан тастайды. Дорбаның аузын қайтадан нығыздап байлайды да, оны біз көрмейтін тағы бір қуысқа тығады.
Суға қайнатқан осы талқанды кей жерде атала дейді екен, біздің ауыл оны быламық дейтін, құдай оңдап быламық тез піседі, бүлк етіп бір қайнаса болды. Қасығымызға үрлеп өңешімізді күйдіріп ыссылай қауып ішіп аламыз. Тіске тиер түйірі жоқ сұйық тамақ, тойдырудың орнына қарныңды қоңқылдатып, араныңды аша түссе де, Қамқа әжем айтқандай «ар жағы да ел қондырып», біраздан кейін қарыныңның ашқанын басады.
Бара-бара быламықтың бетіндегі жылтылдап жүретін «жылан қарағы» азайып, өзі де сұйыла бастады. Мал басы кеткесін, Қамқа әжемнің, қайтыс болған шешемнің сақина, білезік, сырға, шашбау, шолпылары сияқты күміс бұйымдарды өткізіп, соған берген азын-аулақ азықты дерек етіп келіп едік, енді о да таусылды.
Шіркін, жылда осындай күн шұғыласы молайған кезде, адам тұрсын жан-жануарлардың өзі құр сілкініп, бусанған даламен бірге тынысы кеңіп бір жасап қалатын. Алғашқы көкке отыққан қозы-лақтар да тіріліп, қарны тойғасын бойларына желік кіріп ауық-ауық опыр-топыр жүгіріп асыр салып мәз болатын. Көктем лебіне мас болып, қозыларды қуалап, әрі-беріден соң бет алды жүгіріп біз де есепсіз рахатқа кенелетінбіз.
Биыл елде құжынаған мал жоқ, бірен-саран арық-тұрақ. Қыстан көтерем боп шыққан азғана мал, тұғыжыңдап басын жерден алмайды. Біз ауылдан ұзап шыққан далада да ұзап жайылған мал қарасы көрінбейді. Әйтеуір көктем жарықтықтың аты көктем ғой, жылдағыдай ойнап асыр салмасақ та, Жұмаш екеуміздің де еңсеміз көтерілді. Қақпан құрып тышқан аулау да ермек. Бұ да қызық. Жатаған іннің аузын күрекпен ойып алып, сол жерге қақпан құрамыз. Іннен шыққан саршұнақтың басқа жолы жоқ, қақпанның тілін басады да, тура қолтығынан қаптырады. Біраз індер суырып алған қазықтың тесігіндей тіке болады. Тік індердің аузын қазбаймыз, қақпанды құрып алып, аузына төңкеріп тастай саламыз. Онда жоғары қарай өрмелеп келе жатқан саршұнақ қақпанның тілін тұмсығымен соғып қыл мойнынан қаптырады. Біз ауылда інге су құйып та аулайтынбыз. Бір інге орта шелек те жарайды, бірақ кейбір терең інге екі шелектен артық су керек. Су шөпілдеп, іннің аузынан шыққан кезде жүні собалақтанып, суға қақалып, алқымы бүлкілдеген саршұнақтың да басы көрінеді. Со кезде мойнынан қылғындырып ұстай аласың. Саршұнақ деген шақар, сақ болмасаң саусағыңды шым еткізіп тістеп алады.
Қақпан құруды жақсылап үйреніп алдым. Жұмаш та қақпан құрам деп таласады, бірақ қолына шаптырып алады деп қорқып әкем оған қақпан құрғызбайды. Жұмаш түгіл, дардай, жасым он бірге қараған менің де қателігім болады. Бір рет қырдың астында қақпан құрын жүріп, байқамай қолыма шаптырып алдым. Қақпанның екі жақтауы сарт ете қалғанда жаным шығып кете жаздады, бақырып жылап жібердім. Саусақтарым сырқырап сынып барады, мен шыңғырып жылай бердім, жылай бердім. Бір кезде барып маңымда менің жылағаныма жүгіріп келетін адам жоғы есіме түсті, бірақ сонда да осындай кезде солардың маңымда болмағанына ыза болып тағы да кішкене жылай түстім де ақыры ешкімнің келмесіне көзім жетіп, есімді жиып, қақпанның серіппе-сабын аяғыммен басын, қолымды шығарып алдым. Саусақтарым сынбаған екен, бірақ бірнеше күн ауырып жүрді.
Саршұнақты әкем сояды. Жұмаш екеуміз қамыстан істік жасап терісін кереміз. Үш-төрт күнде біраз тері жиналып қалады, әкем терілерді кергіштерінен босатын қаудырлатып қапшыққа салып алады да ауылға апарып өткізіп келеді. О күні кешке дейін Жұмаш екеуміз оңаша қаламыз. Жапан далада болсақ та қорықпаушы едік, бір күні біздің қостан жүз қадамдай жерде тұрған итті көрдік. Алдымен оны Жұмаш байқап:
— Наз апа, ана итті қарашы. Бізді қауып алмай ма? — деді.
Арлан төбеттей үлкен сүр ит алдындағы бір нәрсеге үңіліп қатып қалыпты. Қозғалмайды. Айдалада неғып жүрген ит екен деп мен де таңырқап қарап тұрмын. Жүрегім зу ете қалды: мынау иттің құлағы тікірейіп тік тұр, біздің елде құлағы тік ит болмайтын, және ондай болады дегенді естіген де жоқпыз. Қасқырдың құлағы тік болады деуші еді.
— Жұмаш, мынау қасқыр ғой, — дедім шошып.
— Ойбай, рас па? — деп Жұмаш маған тығылды.
Екеуміз бір — бірімізге тығылып тұрмыз.
— Қой, мынау иттен аумайды ғой, — деді Жұмаш үміті мен үрейі араласып.
Бұрын қасқыр көрмесем де қасқырдың ит сияқты болатынын талай естігем, мынау да ит сияқты, бірақ денесі сидам-тарамыстау, сұрғылт қылшығы да үй маңында аунап жүрген иттердің сабалақ жүніне ұқсамайды, тықыр ірілеу, бір түрлі сұсты көрінеді. Meн енді мұның қасқыр екенін анық білдім. Қазір бізге тап берсе...
— Жұмаш, сен қақпандарды алып салдырат. Мен күректі алайын. Сосын екеуміз айқайлайық. Үркітейік.
Жұмаш қақпандарды жинап алып салдырлатып, мен күректі бұлғап екеуміз жарыса шыңғырып айқайлаймыз келіп, жерді тепкілеп айбат қылып бір-екі қадам ілгері ұмтылып барамыз да кейін шегінеміз. Бірақ біздің айқай, қасқырдың қыбына кіріп тұрған жоқ, алдындағы біз көрмеген бір нәрсеге қарап қалған, қыбыр етпейді.
— Қорықпа, Жұмаш. Келсе күрекпен тұмсықтан соғам, — деймін өзім қорқып тұрып.
— Meн қақпанмен ұрам, — дейді Жұмаш.
Айқайлай-айқалай дауысымыз қарлығып, өз дауысымызға шашалып шаршап тұрып қалдық. Қасқыр ақырын орнынан қозғалды да, екі-үш қадамнан кейін ит бүлкілге көшіп алдындағы қыратты бетке алып тарта берді; сол қаннен-қаперсіз бүлкілімен қырдан асып кетті. Бізді тіпті адам екен-ау, тірі жан екен-ау деп елеген де, тым болмаса мойын бұрып бір қараған да жоқ.
Наз апа, кетіп қалды. Қашып кетті, — дейді Жұмаш қуанып.
О құрғыр қашпақ түгіл бізден айылын да жиған жоқ, әншейін өз шаруасымен кетті. Аман қалғанымызға қуанудың орнына, бізді сонша қорлаған қасқырдың мына қырсық мінезіне ызам келе бастады.
Кешке келгесін Жұмаш екеуміз жарыса сөйлеп осы оқиғаны әкеме айтып бердік. Алғашқыда әкем байғұстың тіпті зәресі ұшып кетті, «апырай... апыр-ай...» дегеннен басқа аузына сөз түспеді. Тірі қалғанымызға сенбегендей екеумізге кезек қарап: «апыр-ай.., апыр-ай» дейді.
— Мен тіпті қорыққаным жоқ. Қақпанмен бастан перетін едім, — дейді Жұмаш мақтанып.
— Мен күрекпен тұмсықтан соғайын деп...
Мана қанша сасқанмен арқа сүйеушіміз келген соң біз тіпті батыр боп барамыз, содан кейін әкеміз де есін жиып, ақылы қайтып оралды.
— Иә, енді... қазір қасқыр тоқ қой. Тышқан тірілсін... Енді соған тойынып... Бұл кезде ол... адам түгіл малға да шаба бермейді. Бірақ енді... Құдай сақтаған екен.
Әкем, кішілеу сопақ беті қушиып, шоқша сақалын шымшып тартып, қалбалақтай береді, байқасам өзі бізден бетер қорыққан, есін әзер жиды. Осыдан кейін ол бізді жеке қалдырмай, терілерді өткізерде ерте кететін болды.
Бірақ әкеміздің бір жаман да мінезін байқадым. Биыл қысқа қарай Қамқа әжем қытымыр сараң болып кетіп еді, осы қырға шыққалы әкем одан да сараң боп барады. Жүктің арасына тығып арқалап келген кенеп дорбасы бар, біздің бар қорегіміз сонда. Ол тарыны ақтау тұрсын, тіпті кебегін алмай қаралай тартқан талқан, соны екі мезгіл қайнатып быламық жасап ішеміз. Тіске басар басқа нәрсе болмаған соң, оған көктемгі салқында күндіз түні далада жүрген баланың қарны тоймағаны былай тұрсын, қайта аранымыз ашыла береді. Оның үстіне тойып ішетін қою быламық болса екен-ау, әкем шәугімге сол талқанның өзін қолы қалтырап шымшып салады. Осы дорбаның аузы шешілгенде үш пар сұқ көз соған бірдей қадалады. Ағайынды екі бала, әкесі үшеуінің арасынан бір елі жылан жорғалап өтіп, үшеуін ала көз қылып атыстырып кетеді. Әкем қолындағы қазынасын біреу тартып алардай тіксініп, көзінде салқын ұшқын жылт етіп сөніп, содан кейіп ұрлығын жасырғандай қысылып, дорбаның аузын шанди береді; бізге бір уыс талқан да асатпайды. Бір жолы Жұмаш:
— Әке, маған бір уыс талқан берші, — деп жалынды.
Сол сәтте Жұмашқа беріп мен құр қалатындай:
— Әке, маған да берші, — дедім жалма — жан.
Әкем екеумізге ала көзімен қарап:
— Сонда ертең не ішесіңдер? — деп бізге кейіп тастады да, содан соң жайымен ғана: — Шыдай тұрыңдар. Қазір быламық піседі ғой, — деп теріс айналып кетті.
Аштық бала тұрсын үлкен кісінің де есін алады, білемін, біздің кішкене дорбадағы талқаннан өзге қорегіміз жоқ. Саршұнақтың еті ақ май аралас семіз, қоянның еті, сияқты, тәбетім тартып барып, жиреніп шошынып қалам. Ол арам. Өзі таза шөп жесе де, інінде теріс қарап жататын көрінеді, аштан өліп бара жатсақ да оны жеуге болмайды, саршұнақты ұстағаннан кейін жиіркеніп ылғи қолымызды жуамыз.
Әуелгі ұрлығымның бойыма сіңгеніне шүкірлік етіп, мен бірден тыйыла алмадым, бір күн шыдап-ақ бағып едім, келесі күні дәндеп алған құлқыным тіпті маза бермеді. Және әкем «есі бар» деп менен онша күдік алмайды, оның үстіне қазақта қыз балаға әкесі ұрыспайды, ұрысатын шеше болса менде жоқ. Кемпірлер «ер бала аңқау, қыз бала залым болады» деуші еді, сол залымдығым ба, әлде аштықтың адамды не бір пәлеге үйрететін сұмдығы бар ма, әйтеуір өзімді ақтап алатын дәлелдер басыма қаптап келе береді. Жұмаш әлі кішкене, есі кірмеген бала деп әкем оған қатты ұрса бермес, әншейін кейиді де қояды ғой, тек өзім тұтылып қалмай, пәлесін Жұмашқа жапсам, еш нәрсе етпейді.
Залымдығымды қара: пәле жабудың айласын да айнытпай тауып алдым. Таңертеңнен әкемнің соңынан еріп қасынан қалмай жүрдім де, тек аз уақыт қана отын қамдап қосқа апарып қайттым. Қосқа жетісімен отынды тастай беріп, төсек арасындағы дорбаны суырып алып, талқанның үш уысын асап жеп алдым. Бет-аузыма жұққан талқанды тәптіштеп сүртіп әкемнің қасына тез қайтып келдім де, тезірек Жұмашты қосқа қайтардым. Сөйтіп былай қарағанда күні бойы мен әкемнің қасында, Жұмаш қостың басында болды.
Сол кезде көңіліме бір жаман пиғыл ұялап алған-ды. Мен оның бар сұмдығын кейінірек ұқтым да, соным есіме түссе, осы күнге дейін тұла бойым тітіркеніп қоя береді. Анамыз қайтыс болғалы жылдан асқан, содан бері екі жетім бір-бірімізге сүйеніп, бұрынғыдан да жақын боп кетіп едік. Менің жасым үлкен, оның үстіне қыз бала ертерек есейеді ғой, әлі кішкене болсам да көңіліме кекселік кіріп, ес білмеген Жұмашқа әбден қамқор болып алғанмын, оған анамның орным жоқтатпауға тырысатынмын.
Кешке қарай әкем дорбаға тағы да сұғанақ қолдың кіргенін аузын шешпей-ақ сезді. Көзім түсіп кетіп еді, дорбаның түбі тіпті шөмиіп қалған екен. Жуас кісінің ашуының жаман болатынын осы жолы көрдім.
Дорбаның аузын шеше беріп, қолы қалтылдап оқыс шатынады. Қара торы өңі қаны қашып сұп-сұр болып, шоқша сақалы тікірейіп кетті. Жұмашқа ала көзімен ата қарап:
— Тағы да талқан ұрлапсың ғой! — деп ақырды.
— Жоқ мен емес. Мен талқан ұрлағаным жоқ, — деді Жұмаш.
Байғұс бала әкемнің ашуын сезбей қалған, жайбарақат тұр еді, келесі сәтте екен, тіпті бойына бітпеген ашумен дорбаны тастай беріп төмен қарап тұрған Жұмашты өкпе тұсынан салын жіберді, Жұмаш бақыра құлады, «мен емес, мен емес» деп айқайлап жылайды. Оған қарайтын әкем жоқ, көзінде бір тура қас жауын қолға түсіргендей дүлей өшпенділік бар, Жұмашты жұдырықтың астына алып жатыр.
Жұмашқа жаным ашыса да талқанды мен ұрладым деп айта алар емеспін. Әкемнің жұдырығынан бұрын жаңағы жаман көзінен-ақ.., тіпті жаман, жақ сүйегіңнен өтіп кететіндей. Шырқырап жатқан Жұмашты аяймын, бірақ осы жазаның менен ауытқып кеткеніне деген бір жымысқы ризалық залым көңілдің түкпірінде жатыр. Оны да сеземін.
— Әке, тимеші... тимеші...
Мен Жұмашқа ара түсемін. Бар айтарым «тимеші» дей беремін, «талқанды ұрлап жеген менмін» деп айта алатын ойым жоқ.
— Әке, тимеші... Ол кішкентай ғой...
«Кішкентай ғой» деген сөздің әкемнің ашуын басатын ең аянышты сөз екеніне түсініп, сол сөздің аузыма түсе қойғанына қуанып кеттім; бұл сөз пәледен Жұмашты ғана емес, мені де құтқаратынын сеземін.
Жұмашты өршелене басқа-көзге төмпештеп жатқан әкем кенет шошып кеткендей, состиып тоқтай қалды да, отырған жерінен ұшып тұрып, теріс айналып жүре берді. Төмен қарай аяңдай барды да, жыраның қабағына шөгіп отыра кетті.
Жер бауырлап қорсылдап Жұмаш жатыр, безгек болғандай, бүкіл денесі қалшылдап, өксігін тыя алмай, мұрнын қорс-қорс тартады. Ауық-ауық:
— Мен... Мен емеспін... мен... талқанға... тигенім жоқ, — дейді көз жасын демімен бірге жұтып.
Мен үшін таяқ жеген Жұмашты аяп кетіп, қасына келіп, басын көтеріп едім, аузы — мұрны даладай қан екен. Шошып кетіп:
— Әке, қан!.. Қан!.. — деп шыңғырып айқайлап жібердім.
...Пештің үстінде тағы бір аударылып түстім. Ендігі дөңбекшігенімді кемпір байқаған жоқ, ұйықтап қалған болар. Менің ұйықтайтын түрім жоқ. Бұрынғы деревнядан деревня, үйден үй адақтап қарақан басыма пана іздеп сасып жүрген кезім... қайта жақсы екен. Онда бүгінгіден бұрынғысын да, кейінгі келешегін де ойламаушы ем, кемпірдің үйіне келіп тыныш жатқалы қай-қайдағым қоздай береді. «Бітеу жара» деген қазақтың сөзін талай естігенмін, енді байқасам сол құрғыр аузы ғана бітеліп, тереңінде қаны ұйып тұрған бір пәле болу керек. Аузын тырнап алсаң...
Жаңағы оқиғадан екі-үш күн өтпей жатып, Жұмаш қалпақтай ұшып ауырды. Білмеймін... әкемнің таяғынан... Жоқшылық ашындырып, қапелімде дүлей ыза билеп, ақылынан адасып қалған әкемнің қолы қатты тиіп кетіп еді. Аямай ұрды ғой. Содан келген пәле ме? Жоқ, әлде тосыннан келген сырқат па?.. Әкем аямай ұрды ғой. Ойым он саққа жүгіреді. Сол кезде ойыма не келіп, не кеткенін өзім де біле бермеймін, тек Жұмаш ықылық атып, ышқынып жылағанда, мен де жанымды қоярға жер таппадым. Неғылған қауырт келген індет екенін!.. Түске қарай Жұмаштың науқасы тіпті меңдетіп әкетті. Әуелі өңі қашып, сұп-сұр болып еді, енді көгеріп барады, қол-аяғы сіресіп ышқына береді.
Әкеме көзім түсіп кетіп еді, өңі қашып кеткен, шошынған үрейлі көзінен жасы сорғалап:
— Я, құдай... Я, құдай!.. — дей береді даусы қалтырап.
«Жұмаш өледі» деген сұмдық ой жүрегімді тіліп өтті.
Әке! — ден шыңғырып жібердім, — Талқанды ұрлаған менмін. Жұмаш емес менмін...
Дауысымнан шошып кеткендей, әкем шұғыл бір қарады да, қайтадан емпеңдей жөнелді. Аузындағы сөзі тек «Я, құдай...» Осы сәтте Жұмаштың жаны ширатылған жіптей созылып үзіліп кетейін деп тұрғанын сездім. Пәле менен болды. Менен.
— Талқанды ұрлап жеген менмін. Менмін. Жұмаш емес менмін...
Ауыл жаққа жақындағанда, әкем еңіреп, жүресінен отыра кетті.
...Қозғала бергенімде жастығым бетіме сап-салқын боп тиді, суға шылқып қалыпты. Алты ай тартқан азабымда көзімнен бір тамшы жас шыққан жоқ еді, енді сол құрғырдың жиналып келіп бір-ақ төгілгені ме... Аштық бала тұрмақ үлкенді де есінен адастырады. Бірақ қаршадай жалғыз інім Жұмашқа жасаған сол қиянатым... Аруағы ренжіп жүр ме екен маған? Жаңа түсімде де жүзі жабырқау еді ғой. Сол баяғы жеті жасар сәби қалпы, бірақ өңінде үлкен адамның қасіреті бар, «Өлген бала өспейді», — дейді...
5
Бір шыбын жаным үшін арпалысып, төрт айдан астам орман сағалап, аласұрған азабымнан кейін менің, өмірім тыныш арнаға түскендей болып еді. Дүрілдеген долы тасқын домалатып келе жатқанда, ойламаған жерден тын-тыныш иірімге кез болып, Дуня апайдың оңаша үйінде қимылсыз өмір сүргеніме айдан асқан кез болатын. Бір үйде айналдырған екеуміз ғана. Көбіне тіпті жалғыз қалам. Мекенім пештің үсті. Жалпиып жата беруге жалықтым, жалыққаннан бұрын қысылып кемпірге қолқабысымды тигізгім келіп, қыбырлап оны-мұны істеген болам. Бірақ жарытып істейтін жұмыс та шамалы. Күйбеңдеп үй сыпырып, еден жуған болам, шоланға шығып тауыққа жем беріп, отын жарам. Қамаудағы адам сияқты бой жазып, кең дүниеге шыға алмаймын, бар өрісім кішкене бөлме мен шоланның іші.
Жұпыны үйдің азғана жиһаз мүлкі маған атам заманнан тұтынып келе жатқан дүниелігім тәрізді әбден үйреншікті болып кетті. Тозығы жеткен ағаш үйдің қабырғасына қаланған он бір қатар бөрененің әр бұтағы мен жарылған сызығына дейін жаттап алдым. Кемпірдің жиһазының көз тартар көріктісі іргеде жарқырап тұрған кереуеті. Екі басын домалақ шарлармен әшекейлеген осы көрікті бұйым қабырға бөренесі қарайып кеткен мына жұпыны ескі үйге, басқа бір кең сарайдан адасып кіріп кеткен сияқты. Осы кереуетке Дуня апайдың жұпыны төсек орны тұлпарға салған мәстектің ер тұрманындай жараспай тұр. Қабырғада ілулі тақтай раманың ішінде үш-төрт сурет бар. Раманың иығын көмкеріп, шетіне кесте тіккен, шашақты сүлгі ілген. Ол суреттерден менің танитын бір-ақ адамым отыздың ішіндегі ұзын бойлы, беті сопақтау келген кесек жүзді әйел — Дуня апай, бетінде әжім, езуінен қиғаштай түскен ащы сызық жоқ, бірақ өңі өткір, ажары ашық.
Мінекей, өнді сол қосымның жабығы тесіліп, жел кіре бастады. Анадағы полицай тағы да екі рет соқты. Құдай оңдағанда ол менің тығылып жатқанымды әзір білмеген сияқты, біле қалса, «қызыл командирдің әйелі» деп, немістерге ұстап бермесіне кім кепіл: бұл сірә ондайдан тайынатын адамның сықпытына ұқсамайды.
Бір жақсысы, Дуня апай онымен алғашқыдай кежіктеспейтін болды, бірақ оң қабағын да бере қоймайды. Полицайдың іші пыса ма, әлде шүйіркелесіп сөйлесетін адам таппай ма, әйтеуір, түртіп қалса, төгіліп кетейін деп-ақ тұрады, бірақ Дуня апай одан шұқылап еш нәрсе сұрамайды, қайта сөзін тежеп тастайды.
— Қалай, Герасимовна, деревняда, күдікті бейсауат адам көзіңе түскен жоқ па?
— Жоқ.
— Кешегі активтердің бәрі бірдей кетіп қалған жоқ. Тығылып жүргендері де бар.
— Онысын білмедім.
— Құдай біледі, осы Носовец кеткен жоқ. Әйтеуір Қызыл әскер шегініп кеткенде, ол осында болатын. Кейін көрінбей кетті. Сол тапсырмамен қалған болу керек. Большевиктер партия қызметкерлерінің біразын астыртын тапсырмамен қалдыртты. Солар қазір жасырын жұмыс жүргізіп жүрген көрінеді. Мұндайда қырағы болмаса...
— Олар кімді қалдыратынын менімен ақылдасқан жоқ.
— Қисық сөйлейсіз-ау, Герасимовна. Жә, қайтеміз. Былай... үй арасының, қатын-қалаштың сөзінен құлағына шалынған сыбыс бар ма?
— Мен ешқайда шықпаймын.
— Жә, шықпайтын-ақ шығарсың. Ауыл-үй отырып, тірі жанмен араласпаймын дегенге кім сенеді. Қатын деген халық өзара шүңкілдескенде, қанша сақ болам десе де, бір сыбыс шықпай қалмайды. Маған Носовец керек.
— Тәртіпті бұзатындар белгілі ғой. Носовецтің бір-екі жерден ізі білініп қалды. Ол осы маңнан ұзап кеткен жоқ. Жақында Хомяково деревнясында...
Есік сарт етіп жабылды. Кішкене бөлмені гүжілдеткен жуан дауыс үзілді. Әншейінде, бар-жоғым білінбей, сағаттап жата беретін адам, осы құрғыр келгенде, қол-аяғым ұйып, қозғалғам келіп тамағыма қақырық тіреліп, әбден мазам кетеді.
Қараңғы түсе, терезені саңлау қалдырмай қымтап алып, керосин шамды сығырайтып қойып, екеуден-екеу отыратынбыз. Қатырлаған аяқ тықыры естілгендей болды... біреу ақырын ғана есік қақты. Мен өзімнің үйреншікті пешіме өрмеледім, кемпір әдетінше мені төсекпен бекітіп тастады. Әккі болып қалған адам өзгенің әккілігін де сезгіш болады екен, сірә бұ да мен сияқты бас сауғалап жүргендердің бірі болар деп топшыладым. Есіктен жай басып кіріп, төрге таман келіп түрегеліп тұр, Суықтан кірген адамның шуылдап шыққан дем алысын естіп жатырмын, жаймен қақырып, түшкіріп те алды.
— Шақырылмаған қонақты қабылдауға қалайсыз, Евдокия Герасимовна?
Даусының шыққан тұсына қарағанда, бойы онша биік емес, үні ширақ, сірә денесі де шымыр кісі болар деп топшылаймын.
— Келіп қалған екенсіз, отырыңыз, Степан Петрович, — деді Дуня апай.
Даусы қатқыл, ұнатқан-ұнатпағанын ажырата алмадым. Анау ағаш табуретканы сықырлатып отырып жатыр, сырт киімін шешкенін естігенім жоқ, сірә, ұзақ отырмас.
— Иә, түн жамылып неғып жүрсіз?
— Уақыт солай, Евдокия Герасимовна. Қазір бізге күндізден гөрі түніңіз жайлырақ болып тұр.
— Солай де, Мұндай кезде ат шанамен ағызып жүруші едің. Қағып кетер деп, омбылап жолдың шетіне шығатынбыз, — деп Дуня апай қағытып өтті.
— Менің түн жамылып бекер келмегенімді түсінетін шығарсыз, Евдокия Герасимовна, — деді қонақ, кемпірдің кекесінін елең қылмай, — сізде үлкен шаруам бар.
— Ал, сізде Усачевтің шаруасы бар көрінеді, менен бүгін де сұрады. «Носовец ұзап кеткен жоқ, осы маңда тығылып жүр», — дейді.
«Носовец»... Осы бір тастай қатты фамилия мана менің жадымда сақталып қалған. Полицайдың іздегі жүрген Носовеці осы болды ғой.
— Усачев мені сұраған екен ғой. Білем. Қазір полицай болып дұшпанға қызмет істеп жүр.
— Бір кездегі нағыз белсенділеріңнің бірі емес пе еді?
Менің кемпірімнің бір қырсығы бар; полицайды да оңдырмаушы еді, енді өзіміздің адамның да апшысын қуырып барады. Түптеп келгенде, өзінің кімді жақтайтынын ажырату қиын, баласының да бір үлкен шатағы бар. Бірақ әйтеуір өзі маған жайсыз емес. Ар жағын қайдам.
— Иә, Усачевты біз тани алмай қалыппыз. Нағыз сатқын болып шықты. Залым екен.
— Бастық дейді-ау сендерді де, соны танымай жүрген. Усачев залым емес, ақымақ. Бір кезде соқаның соңында жүрген топас мұжық еді, оны құтыртып апарып әкім қойдыңдар. Қолына киттей билік тиіп еді, жұрттың төбесін ойып жібере жаздады. Сосын сауаты жоқ деп, алып тастадыңдар. Биліктің дәмін бір татып алған адам... ол анау маскүнем ішкіштен де жаман, құлқыны тілеп аңсап тұрады. Маскүнем бір жұтым арақ үшін несін аяйды, бұл да билік үшін неміске ме, әзәзіл жын-шайтанға ма, кімге болса да, қызмет қылуға дайын. «Залым» дейді ғой оны әлдеқандай қылып... ол ақымақ барып тұрған.
— Айтасыз-ау, Герасимовна. Бірақ сіздің сөзіңіздің де жаны бар. Солай болуы да мүмкін. — Ол сәл ойланып түйіле сөйлейді. — Бірақ ол қауіпті. Ақымақ болса да қауіпті.
— Әрине қауіпті, — деді кемпір жұлып алғандай. — Қауіпті болғанда қандай! Ақымақ адам артын ойламайды. Бір сүйем жоғарылау үшін ол жанын береді. Жаңа қожайындарына ар иманымен қызмет етеді.
— Иә, Евдокия Герасимовна, Усачевты қоя тұралық. Оның бір жөні болар. Meн сізге басқа шаруамен келіп тұрмын.
Келген кісі бұғып жүрсе де, сөзі мығым. Көп жыл ел басқарып тізгін ұстап қалған машығы ма, әлде өзгеден қашан да бір демі артық, пысы басым жаратылған өктем жан ба, түр-түсін көрмесем де, маған ол шақпақ тастай шымыр, шақар адам боп елестейді. Маңызды шаруасын айтар алдында жауап тосып қалған сияқты, шамасы кемпірге қадала сынай қарап та отырған шығар. Бірақ Дуня да үндемеді.
— Менің кім екенімді ұмытып қалғансыз ба?
— Heгe ұмытам. Сіз...
— Мен халық жауының шешесімін. Мен, не деуші еді ... жат элементпін!
Кемпір ызамен шегелеп айтты. Ана кісіні білмеймін, мен өзім шошып қалдым. Сонда менің жатқан үйім кімнің үйі болғаны? Баласы Павел... Полицайдың: «Ұзамай қайтып оралар», — деуінде бір мән бар еді. «Басқасын қайдам, бірақ осы кемпір маған жамандық қылмас» деген жұбаныш сезімі қобалжып кеткен көңілімді аздап орнықтырғандай болды.
— Мені бір аспаннан түсті деп пе едіңіз, Евдокия Герасимовна? Мен еш нәрсені ұмытқаным жоқ, — деді Носовец жаймен нығыздап сөйлеп. — Бірақ біз сізге үлкен сенім білдіріп отырмыз.
Осы күнге дейін, маған ешкім сенім білдірген жоқ еді. Немістер келгесін, мен неғып сенімді болып қалдым, — деді Дуня апай ащы кекесінмен. — Сенім!.. Сол сенімдерің ең алдымен менің Пашама керек болған. Бір тамшы сенімге зәру болған сол емес пе еді?! — Дуня апайдың алқымына жас тірелді-ау деймін, алқынып булығып қалғандай болды, даусы да жыртылып шықты. — Мен баламнан безгенім жоқ. Безгенім жоқ, білдің бе?!
Үйдің ішік тұнжыраған ауыр тыныштық басты; келген кісі де, қанша шақар болса да, зіл тыныштықтың салмағын сілкіп тастай алмай, үнсіз қалды.
— Сіздің қасіретіңізді түсінемін, Евдокия Герасимовна, — деді бір кезде жайымен тіл қатып. — Ағаш кескенде, жаңқасы ысырап болмай тұрмайды.
— Павел жаңқа ма еді, сыпырып тастай салатын. Совет өкіметін қолымен құрысқанның бірі емес пе еді! Адам өзіне-өзі қалай жау болады? Бандыға қарсы екеуің бірге соғысқан жоқ па едіңдер? Неге Пашаға ара түсе алмадың?
— Ара түсе алмадым. Шынымды айтсам, біздің әскер қайтып келсе, қазір де ара түсе алмаймын.
— Ендеше маған несіне келіп отырсың?
— Мінекей енді осыған келейік. Бұл сөздің жөні басқа. Кішкене қайғыны үлкен қайғы ұмыттырып жібереді. Сіздің қайғыңыздың сіз үшін кішкентай емес екенін де білем. Бірақ қазіргі ел басына түскен қатер бәрінен үлкен. Пашадан да, менен де, сізден де... Сіздің де қазіргі ең қансыраған қасіретіңізді... қасіретті өкпеңізді қоятын кезіңіз. Біз бір нәрсені бүлдіріп алсақ, ол үшін Отан кінәлі емес. Пашаның қасіреті... ол — менің де қасіретім. Шемен боп қатқан шерім ол. Жарайды, қазір ескі жараның аузын қаситын кез емес. Уақыт көтермейді. Сіз де елмен бірге боласын, Евдокия Герасимовна. Білемін, Сіз атқаратын үлкен бір міндет бар. Мен сол үшін келіп отырмын.
— Ой, горо мое горюшко. Что я, супротив народа что ли. Қайтейін енді, — деп менің адуын кемпірім босап қалды. — Сіздің хәліңіз оңай емес қой. Степан Петрович, қалың жаудың ішінде түнде жортып жүргеніңіз мынау. Тоңған шығарсыз. Шай ысытып, ас қамдап жіберейін.
— Оған қарсы емеспін, Евдокия Герасимовна. Түн ұзақ, уақытым бар, — деді қонақ. — Сіз маған шешіп деп те айтқан жоқсыз.
— Шешініңіз, Степан Петрович, Баяғыда Паша екеуіңнің ойда жоқта үйге cay етіп келіп қалатындарың болушы еді. Паша кеткесін оны да қойып алдың.
— Жарайды, жарайды. Беліңді шешіп, жайғасып отыр, — деді Дуня апай, қонағын одан әрі қинамай, өзі ас қамдауға шоланға шығып кетті.
Жау деген сұмдық айлакер болады екен, адам аяғы жетпейтін, адам тіліне түсінбейтін қиыр шеттегі Жапонмен қалай ауыз жаласқан. «Жауды әшкерелеу үшін, қырағы болу керек», — деп, бізге күнде айтатын. Шынында да анадай жауларды әшкерелеу үшін, ең кемі бір көш жердегіні көретін қырағы болу керек, деп ойлайтынмын, ал менің көзім ондай қырағы емес. Басқа балалар да... тек Жарасбай мен Сейсембай болмаса. Шынында да біздің... басқасын білмеймін, менің қырағы емес екенім рас болды. Ұзамай-ақ жаулар өзіміздің ауданнан да табыла бастады. Күнде көріп жүрген адамдарымыздың қойнына қара тас тығып жүрген жау, шпион екенін тіпті білмей қалыппыз. Сол білмей қалғандарды «ашық ауыз» дейді екен.
Нағыз «ашық ауыз» мен болып шықтым. Аудан басшыларына болып жатқан соттың хабарын газеттен оқысам, олар демалысты сылтауратып, өзен жағасына барып Қазақстанды Жапонға қосудың жоспарын талқылайды екен...
Масқара болғанда, солардың бір мәжілісінде менің де болғаным бар. Сол оқиғадан бір жыл бұрын, жазды күні, «көмегің тиер» деп, әкем мені ертіп кеткен. Жазда үзіліп қалатын Ырғыз өзенінің көп қара суының бірінің жағасына келдік. Кішілеу бір тоқтыны әкем алып ұрып, сойып тастады. Мен құманмен су құйын, ішек-қарын аршысуға көмектестім.
Әкеме еріп келгеніме өзім қуанып та жүрмін, ана жылғы жұтаңшылықтан кейін, мал басы құлдырап кетті де, тышқан мұрнын қанаттырмайтын, қара көжеден мезі болған басым, қазан басында жүргесін жас сорпаға мықтап бір тоятыным анық.
Жиналғандар өзен жағалап барып суға түсті, содан кейін ет жеді, аздап арақ ішті. Мен ас даярласып, сорпа әперіп көбіне солардың маңында жүрдім. Басшылар әзіл-қалжың айтысып, дуылдап күлісіп қояды, кейде мал жайын, пішен, егін жағдайын сөйлесіп кетеді. Ал, Жапон туралы әңгімесін мен естігенім жоқ, мүмкін әлде суға түсіп жатқанда сөйлесті ме екен?
Дұшпан айлакер, залым болады дегенді көп айтады, сірә, сол рас болар, өйткені Тасболатов біздің мектепке келіп мұғалімдермен, балалармен сөйлесіп тұратын. Интернаттағы оқушылардың жатақханасына барып, олардың хал-жағдайын біліп, кейде тіпті асханадағы ішкен тамақтарын да тексеріп жүретін. Тамақ нашар болса, директордан бастап аспазшыға дейін тышқыртып алады деп еститінбіз. Осылай қамқорсынып ішіңе кіріп кеткен жауды әшкерелеу оңай болсын ба. Шынында да Тасболатовты үлкендер түгіл балалардың өзі жақсы көріп қалған. Сөйтсек ол...
Мен өзім білмейтін, не шала білетін үлкендердің жаулығына шек келтірген жоқпын, әлі де солаймын. Тек...
Біздің жақта ораза айтынан кейін, Қадір түн күзетеді. Егер құдай тағала қаласа-қараңғы түн қақ жарылып, бір сәтке жарқ ете қалады екен. Осы жарқ еткен кезде, не айтып үлгерсең, сол тілегің айнымай қабыл болады дейді. Әйелдердің көбі құдайдан бала тілейді. Кішкене кезімде әйелдермен бірге Қадір түнді мен де талай күзеткем. Бірақ аспан бір жарылмай-ақ қойған. Ал жаңағы Төлегеннің әкесі Шандыбай түнде орыстың шошқасын күзетіп жүргенде, Қадір түн жарқ ете қалыпты. Со кезде Шәкең: «Я құдай, мал мен бас» деп айтып үлгерген екен, содан со кісі байып, бала-шағасы да көп болды десетін.
Бірақ Төлегенге өмірі мал құтаймаған адам. «Мал баққанға бітеді» дейді қазақ, Төкең жарықтық мал бағатын адамның түрі емес еді. О кісінің жалғыз аты болады, бір тазысы болады, қосауыз мылтығы болады. Атына мініп, мылтығын асынып, тазысын ертіп көл жағалап кеткен Төкең содан ел жағалап үйіне алты айдан кейін бір-ақ оралады екен. Кейінірек, кішкене алданар ма екен, үйге қарайлар ма екен деп әйелі Бәтима тоқал әперген екен, бірақ о да Төкеңнің аяғына тұсау бола алмапты. Жұрт: «Әйтсе де Бәтиманың осынысы ақыл болды, шошайып жалғыз отырғанша екі әйел бір-біріне көз қара, бір дос» десетін.
Төкең біздің ауылға да жиі келетін, Сейілхан ағамның әйелі Балсұлу — со кісінің қарындасы. Келгенде, қарап жатпайды, ылғи аңға шығады, кейде мені түйеге мінгізіп, қырға ертіп кетеді, дуадақ қайыртады.
Жаулығына нағыз сенбегенім осы Қуантайдың әкесі Төкең болды. Жаңсақтық болмай тұра ма. Ал басқа балалардың әкесі... Оларды мен жөндеп танымайтынмын. Кім біледі, жаңсақ басқан... я қараңғы бір нәрсесі болды ма. Бірақ әкесі кеткен балаларды жек көргенім жоқ, іштей аяйтынмын. Бұрын жарқылдап жүрген балалардың көңілдері су сепкендей басылып, кейбір өктем, өткірлерінің де ұнжырғасы түсіп, тіпті пәс болып қалды. Олар балалардың алыс-жұлыс ойындарына да араласпайды, сабақ бітісімен үйлеріне кетеді. Менің оларды жек көрмейтінім, саяси жағымның шикілігі емес, «әкесі үшін баласы күймейді» дегенді көсеміміздің өзі айтқан.
Бір қызығы жарысқа түсіп, жауларды аямай әшкерелеп жүрген екеуі де, интернатта жататын қу жетім Жарасбай мен Сейсембайдың өздері, жау болып кете жаздады. Өзара ұрысып қалған ба, бірін-бірі әшкереледі. Жиналыста алдымен Жарасбай сөйледі. Оның сөзінен түсінгенім: «Сейсембайдың Бейсембай дейтін немере ағасы сұрастыра келе ауатком председателі Асқаровпен жекжат екенін анықтапты. Ертеде Бейсембайдың анасы Асқаровтың бір нағашысына ұзатылыпты, соны біліп алған Бейсембай жақсымен жанасқысы келіп, Асқаровтың әйелі ұл туғанда, бір тайыншасын сойып, құтты болсын айтуға келіпті. Жарасбайдың айтуынша: Сейсембай ағасына ақыл айтып, оған тайынша сойғызып, оны жаумен байланыстырған, екеуінің арасына делдал болған, Сейсембайдың өзі де соның құйыршығы», Жарасбай сөйлеп жатқанда Сейсембай бір уыс, көкпеңбек боп отырған. Мұның да қарап қалмайтынын, қазір ширығып атылатынын ішім сезген. Тура солай болды. Жарасбайдың сөзі бітісімен атып тұрып, шаңқылдап сөйлеп кетті.
— Жоғары шығыңыз. Шешініп бой жылытыңыз, — деді Дуня апай.
— Рахмет.
— Кішкене тамақ ысытып жіберейін, — деді, ешкімге рай бере қоймайтын кемпірім даусы жылып.
— Ұзақ отыруға уақытым жоқ. Кішкене бой жылытып алайын.
Құдай-ау, мынау Света ғой. Иә, аумаған соның даусы. Шыдай алмай, бар сақтығымнан айрылып, алдымды қымтап тұрған төсек — орынды ысырып, саңлау жасадым. Байқаусыз сыбдырымды сездіріп алдым-ау деймін, үстіне сырмақ телогрейка киіп, басына қалың қара орамал тартқан әйел мен жаққа жалт бұрылды; бетін тұмшалап алса да, танып қалдым, құдай біледі — Света.
— Үйіңізде басқа бір адам бар ма? — деді Света сезіктеніп.
Енді оның Света екенін анық таныдым.
— Жоқ, — деп кемпір жалтара түсті де: — Қорықпаңыз, өз адамымыз, — деді.
Мен енді шыдай алмадым, алдымдағы көрпе — жастықты ысырып тастап, қорбаңдап пештің үстінен түсіп жатырмын. Құдды бір ана дүниеден келген адамды көргендей, Света маған үрпие қарап қалыпты.
— Света! Света — жан! — деп айқайлап жіберіп, қорбалаңдап барып құшақтай алдым.
Іші-бауырым елжіреп кетті. Ел-жұрттан, ағайын-туғаннан қолымды ғана емес, күдерімді де үзгелі не заман. Қасымбектен де үшті-күйлі айрылып, қиян шетте, қалың жаудың ішінде қалғанда, арқа сүйеген жалғыз серігім осы Света еді ғой. Бұдан да айрылып едім. Жалғыздық әбден жұқартып тастаған ба, білмеймін, Қамқа әжемді көргенде де, дәл осындай босамаспын.
— Ой, Дуня апай, Света менің подругам ғой, — дедім.
— Сенің подругаң екені де жақсы болды, әйтпесе, бұл қыздың шын атын да білмей, өмірден Смуглянка деп өтетін едім. Түріне қарасам, смуглянка емес нағыз шикіл сарының өзі, — деп күлді Дуня апай.
— Кешіріңіз, Евдокия Герасимовна, — деді Света, сәл ыңғайсызданып, — Сізге сенбегендік емес. Ешкімге шын атыңды айтпа, конспирацияның заңы солай деген.
— Кәне... Мынау адамның тілі келмейтін сөзің не пәле? — деді Дуня апай.
— Астыртын... Құпия сақтау деген сөз ғой. Көрмейсіз бе, Надя кездесіп, менің бар құпиямды ашып жібергенін.
— Солай де. Мен мұны тірі жанға көрсетпей, ең аяғы Степан Петровичтен де жасырып жүрсем. Қатындар жүрген жерде құпия сақтау, әй, сірә, болмайтын шаруа шығар, — деп, Дуня апай жымиып басын шайқады. — Жарайды енді. Бір-біріңді аңсап қалған екенсіңдер, асықпай сырласыңдар.
Дуня апай астың қамына кірісіп, Светаны маған оңаша берді.
— Света, айтшы біздің әйелдерден кездестіргенің бар ма? — деп сұраймын.
— Қызықсың-ау, Надя. Осы аласапыранда біреуді біреу кездестіру деген... Бір шөмеле шөптің ішінен инені іздегенмен бірдей ғой.
— Неге? Мінекей екеуміз кездескен жоқпыз ба?
— Но это счастливая случайность. Бірақ мен сені біржола жоғалтып алғаным жоқ. Екі-үш рет ізіңді кескенім бар.
— Қалайша?
— Қалайша дейсің бе? — Света мырс етіп күліп алды. — Сен біз сияқты көптің бірі емессің. Ерекше адамсың.
— Мен бе?
— Мен деп не едің, әрине сен. Жау тылында тентіреп жүрген шығыс әйелдері көп емес. Мұндағы жұрт бізді елемейді, ал сені көрген адам ұмытпайды. Так что примечательная личность ты. «Осында түрі бөлек бір әйел келді» деген сөзді екі-үш жерден естідім. Оның үстіне: «Екі қабат», — десе, сен болмай, кім болады.
— Ендеше маған неге бір жолықпадың?
— Сен де бала сияқтысың-ау, — деп езу тартты Света.
— Света, содан бергі оқиғаңды айтшы, — деп жалындым.
— Ондай оқиғаны өзіңде басыңнан кешіп келе жатқан жоқсың ба? Біздікі бас бағып, жан сақтаудың қамы емес пе.
— Байқаймын, сенікі тек жан сақтау емес. Айтшы Hосовецпен қайдан танысып жүрсің?
— Носовец? — деді Света таңырқап. — Ол кім Носовец деген?
— Мәссаған, соны білмейсің бе? Аты Степан Петрович... — Света еш нәрсе түсінбей маған таңырқай қарайды. Мен де қайранмын. — Сені осы үйге келеді деген сол ғой. «Смуглянка» келеді деді.
Света сәл ойланып:
— Мүмкін, айтса айтқан шығар, бірақ мен ол кісіні білмеймін. Оны білудің маған қажеті де жоқ. Менің жағдайымда адамды неғұрлым аз білгенім жақсы, — ден тоқтады да менің бетіме бағдарлай қарады, өңінде бір мұңлы мысқыл жүгіріп өтті. — Байқаймын сен тым көп біледі екенсің. Сенің жағдайыңда көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз.
— Түсінемін. Тек көзім көрген нәрсе болғасын сенен жасырмай жатқаным ғой, — дедім қысылып.
— Қазір жағдай солай, кей нәрсені менен ғана емес, өзіңнен де жасыр.
— Менен қорықпай-ақ қой, — дедім мен ренжіңкіреп. — Қазақ деген аңқау халық. Бірақ кейде оның аңқаулығы өзгенің қулығынан асып түсетін де кезі болады. Ерегістірсең мен орысша түк білмейтін боп шығам. Сосын маған тілмаш тауып көрсін бұл арадан.
Света күліп жіберіп мойнымнан құшақтады.
— Ой, Надя, шынында да сен мен ойлағандай аңқау емес екенсің.
— Мені састырғаның сонша, енді қай жерде, не істеп жүргеніңді сұрауға да қорқып отырмын.
— Қай жерде істеп жүргенімді айтуға болады, оның құпиясы жоқ, — деп Света бетіме қарап кішкене іркілді. — Немістің комендатурасында тілмаш боп істеп жүрмін.
— Рас на? — деппін сасқанымнан.
Полицайдың айтқан тілмаш әйелі осы болды ғой. Саспай қайтейін, өз басым немістің қарасын көруге қорқып жүрсем, бұл солардың қақ ортасында... және қызметін атқарып...
— Шошып кеттің бе? — деді Света жымиып.
— Полицайдың айтқан тілмаш әйелі сен екенсің ғой.
— Полицайдың?
— Иә, осында бір Усачев деген полицай бар.
— Сен тығылып жатып пәленің бәрін біледі екенсің, — деді Света күліп. — Ол полицай сені көрді ме?
— Жоқ, көрген жоқ.
— Ендеше оған көрінбеуге тырыс, Байқаймын, келіскен адам емес, қызметіне адал неме сияқты, — деді.
— Ал, сенің жағдайыңды хозяйканың өзімен сөйлесейік, — деді Света.
Meн бір көр баламын, қолыма іліккенінен айрылғым келмейді, мына кемпірдің үйінен де кеткім жоқ. Өзіне үйреніп те қалдым... Енді қайда барып... Бірақ, кеще емеспін түсінем ғой, бұл үй жасырын жұмыстың түйісетін жеріне айналып барады.
— Мен оны қайда қумақпын? — деді кемпір Светаның сауалына. — Осы күнге дейін тұрып келді ғой. Тұра берсін. Қардың үстінде босана ма?
— Оныңызға рахмет, — деді Света. — Сіз қайырымды адам екенсіз, Евдокия Герасимовна. Тек...
— Неменесі тек?
— Жуырда осы араға неміс солдаттары келеді.
— Келсе қайтейін, — десе де Евдокия Герасимовна кішкене ойланып қалды. Содан кейін: — Олар ұзақ бола ма? — деп сұрады.
— Онша ұзақ болмас. бір-екі күн...
— Ондай болса жасыратын жер табам ғой.
— Тек немістер біліп қала ма, деп қорыққаным ғой.
— Алдын ала болжау қиын ғой. Көрсетпеуге тырысармын.
— Жаман айтпай жақсы жоқ.
— Егер біліп қалса қайтейін. Олар да анадан туған шығар.
Кемпірдің жеңіл асынан кейін Света кідірген жоқ, тез киініп, бізбен қоштасты да шығып кетті. Менің одан тез айрылғым келмеп-ақ еді, бірақ қайтейін, тым болмаса соңынан еріп деревняның шетіне дейін шығарып та сала алмаймын, бар бітіргенім қос қолдап алақанын қыса беремін, жаутаңдап бетіне қараймын. Шамасы ұзағырақ ұстап қалсам керек, Света қолын қос уысымнан қаттырақ нұқып суырып алды. Бетіме қатқылдау көз тастап:
— Ал, сау бол. Амандық болса кездесерміз, — деді де тез шығып кетті.
Несіне өкпелеймін? Иә, өкпелейтін орайым жоқ, бірақ адамның сезімі, оның ішінде әйелдің сезімі ақылға бағынған ба. Үлкен бір реніш, өкпе ме, шер ме, қабаттасып кеудемді кернеп келеді. Дүниенің бәріне ренжимін. Қасымбекке де ренжимін. Командир басымен соғыс боларын білмей мені қиян шетке, қауіпті шекараға әкеліп... енді мына қаңғыртып жібергені. Өзіме де ренжимін. Елден адам таппағандай... Ауылда жүрген жігіт-желең аз ба еді, қатар-құрбымнан асамын деп көкірегіме желік кіріп, қиырдағы жігіттің етегіне жармасып. Қазір енді кімге керекпін мен? Мына кемпір де аяушылық жасап азғана күн паналатқанмен... ертең... тіпті тағдырымыз тамырласып, бар пәлені бірге көріскен Светаның өзі... осындай кездескенде бір жібімей...
Әркім өз басымен әлек болған мына аласапыран дүниеде мен кімге керекпін. Үзіліп түскен жалғыз жапырақ... Қай жерде барып тынысым бітерін бір құдайдың өзі білсін. Жападан-жалғыз... дәрменсіз, панасыз...
Кемпір төсегінде бір-екі аударылып түскенде барып, ағыл-тегіл жылап жатқанымды білдім, шамасы еңкілдеп оятып жіберсем керек. Жаңағы Светаға желіндеген көз жасым, енді ерік бермей ағыл-тегіл кетіп жатыр. Қазір кемпір «неге жылап жатырсың, не болды?» деп мазамды алса арс етіп бетінен алар ма едім, құдай оңдап ол үндемеді, ауыр бір күрсінді де қойды.
Астапыр-аллау, осы күрсініс жанымды жай тапқызды; қасіретті қасірет жуады екен ғой.
7
— Баушка, Баушка Дуня, — дейді сыңғырлаған жіңішке бала дауыс.
— Сенбісің, Парашка? — деген Дуня апайдың даусын есіттім.
— Менмін, баушка Дуня, — дейді кішкентай қыз даусы.
Жарықтық бала дегенге бәрі қызық-ау.
— Берем десе берер. Үйге жүр, мен саған дәмді бір нәрсе берейін, — деп есікті сықырлата ашып Дуня апай Парашканы ішке алып кетті.
Бұл деревняда Дуня апайдан кейінгі жақсы танитыным осы Парашка. Белгісіз болашағымды сарғайып, сарыла күтіп жатқан сұрқай, мешел өміріме кішкентай болса да жылтыратып, әр кіргізген осы бала. Алғашқы көргенім де қызық, күндіз тамақ ішіп болып, терезеге қарап тұр едім, көшеде домаланып келе жатқан кішкентай бір адамды көрдім. Бойы бір қарыс, әйелдің үлкен шәлі орамалын жағын қаусыра басына тартып, ұзын ұшын беліне екі орап буып тастаған, бір қарағанда домалап келе жатқан түйіншек сияқты. Сол түйіншек біздің үйге қарай бұрылды.
— Біздің үйге бір бала келе жатыр, — дедім.
— Ә — ә, бұл әнші-шымшық Парашка ғой өзіміздің, — деді Дуня апай терезеден қарап жіберіп, сонан соң: — Мен оны кіргізбей тұра алмаймын. Сен пешке шығып тасаланып ал, — деді маған.
— Бала ғой, отыра берсем қайтеді? — деп едім.
— Ақылыңа болайын, баланың аузында сөз тұрушы ма еді, — деп кейіп тастады.
Менікі де аңғалдық-ау, кішкентай бала Дуня әжейдің үйінде түрі бөлек тетя көрдім деп бүкіл деревняға жаймай ма. Тезірек қуысыма кіріп тасаланып, бірақ бас жағымнан саңлау қалдырып сығалап жаттым. Домаланған түйіншек тарсылдатып басып төрге шығып келеді.
— Шешіндір мені, баушка Дуня, — деп шәртиіп тұра қалып әмір береді.
— Қазір, қазір, ой, менің әнші құсым бармақтай, — деп жұртқа тепсініп тұратын тентек кемпірім ебелек қағады.
Сырт киімін шешкенде шынашақтай ғана бес-алты жасар қыз бала екен. Өңі қоңырқай, бұйраланған шашы да қоңыр, дөңгелек көзді, әп — әдемі бала; өзінің тілі де тастай. Жұрт көп еркелетіп тастаған ба, түрінде кесірлік бар сияқты.
— Баушка Дуня, валенкамды шеш, — деп тағы да әмір берді.
— Қой, валенкаңды шешпей-ақ қой, еден салқын, аяғың тоңып қалар, — деп кемпірім жалынып еді, қырсығып көнбей қойды.
— Бәрібір шеш. Шұлығым бар.
— Ай, тіл алмайсың-ау, сен қыңыр, — деп қиналды Дуня апай.
— Валенкамді шешпесең мен саған «валенки» әнін салып бермеймін.
— Сен әннен бұрын, кел тамақ ішіп ал, — дейді Дуня апай.
— Мамкам маған тамақ ішкізіп жіберді. Менің тамақ ішкім келмейді, — деп Парашка жинаусыз тұрған столға қарады. Содан соң таңырқап: — Сен, баушка Дуня, кіммен екеуің тамақ іштің? Наташка келді ме? — деп сұрады.
— Жоқ келген жоқ, өзім ғана.
— Ендеше сен неге екі тарелкадан тамақ ішесің?
Баласы түскір үлкеннің аңғармайтынын байқайды екен ғой.
— Қарным ашқан соң екі тарелкадан іштім. Жарайды ендеше әніңді сал.
— Бір өзің екі тарелкамен тамақ ішесің бе? Бір адам екі тарелкамен тамақ ішпейді. Тоймаса борщты ожаумен тағы да құйып алады. Сен соны білмейсің бе, үлкен болып? — деп күледі Парашка.
— Кәне, ән салам деп едің ғой.
— Мен саған алдымен «Валенкиді» айтайын.
Кішкентай Парашканың даусы керемет екен, шырылдап шырқап қоя берді. Жыртық ескі байпақ туралы да жақсы ән болады екен-ау, мен бұрын оны естіген жоқ едім. Әні әп-әдемі, кәдімгі нәшіне келтіріп тұрып айтады, көтеретін жерінде жіңішке даусы шырылдап, кәдімгідей шырқап кетеді. Шынашақтай адамның үлкен әнді шырқағаны қызық болады екен — кішкентай баланың үлкен қанар қапшықты көтеріп келе жатқаны сияқты, қай жерінде тәлтіректеп құлап кетер екен деп қыпылықтап болам. Бірақ тәлтіректесе де бір жағына аударып алмай, қалт-қалт басып апарар жеріне жеткізеді. Со кезде иығымнан ауыр жүк түскендей менің де бойым жеңілдеп қалады.
— Ал, енді Андриашка мен Парашканы айтшы, — дейді Дуня апай.
— Жоқ, Наташка қайда, а? — деп қырсығады Парашка.
— Наташка мамасында.
— Наташка неге келмейді, а? Менің Наташкамен ойнағым келеді. Неге келмейді, а?
— Кейін келеді.
— Қашан кейін келеді? Көп, көп болды. Наташка келген жоқ.
«Наташка» ана суреттегі ұлпа шашты кішкене сары қыз — Дуня апайдың немересі екен ғой. Кемпірдің жылы-жұмсағы мен бар дәмдісін шүберекке түйіп апарып жүргені де сол болды-ау. «Наташка неге келмейді» деп қыңқылдайды. «Балалы үйде ұрлық жатпас». Мен үшін мына кемпір жалғыз немересін де жолатпай қойғаны-ау сонда... Екеуміз бір үйде тұрып қанша үйренісіп кетсем де, осы бір сырты суық тұйық кемпірді жақын көріп іш тартын кете алмай қойып едім. Ай, адам деген... кейде сыртынан жалпылдаған адамға іші жылып қоя беретіні бар-ау.
Пештің үстінде қараптан-қарап жатқан адамның ойдан басқа ермегі бар ма? Өзімді паналатқан осы кемпірмен арамызды да көбірек ойлаймын, бірақ қалай ойласам да осы кемпірдің маған іші-бауыры елжіреп бара жатқан жоқ. Ондайы болса менің жылу аңсаған жетім көңілім алыстан-ақ сезер еді ғой. Сонда басына жоқ қауіп пен бейнетті тілеп алып мені несіне паналатады? Кейбір көңілшектер, тіпті бұрынғы таныс, аралас адамдарыңның өзі жағдайыңды әбден-ақ түсініп, іші удай ашып тұрса да қатерің мен мехнатыңды көтеруге жүрегі дауамай, сен үшін қинала, күйзеле тұрып-ақ ебін тауып шығарып салмас па еді? Тіпті танымайтын, түрі бөлек болса да, күні жақындаған екі қабат әйелді қыстың көзі қырауда қаңғыртып жіберуге бұл кемпірдің ұяты жетпеді. Адамдық парыздың үлесіне жазылған бір ауыр жүгін мойнына артып алып, онысын өзгелерге де бұлдамай, маған да бұлданбай үн-түнсіз келе жатыр. Тағдыр жазса, ертең аман-есен босанып, елге жетсем, кезекті бір мехнаты мойнынан түсіп, бойы жеңілдеп, бірте-бірте бұл кемпір мені ұмытып кетер ме екен. Кейде бір есіне түскенде «осында бір алыстан келген әйел бұғып жатып, босанып кетіп еді» деп айтып қоятын болар. Болашақты болжау қиын ғой, бірақ менің өзім осы бір мейірімі сыртына шықпайтын бітеу кемпірді ұмытпайтын сияқтымын.
— Егер ертең Наташканы әкелмесең мен саған келмеймін. Вот, баушка Дуня, — деп бұлданады Парашка.
— Жарайды, жарайды. Наташаны ертең әкелем. Кәне, сен «Андрияшканы» айтып берші, — деп жалынды Дуня апай.
— Ой, баушка Дуня, мен басқа бір ән білем. Өзі қызық. Оны саған айтқан жоқпын ғой. «И зачем он моргает» деген ән. Өзі қызық, тыңдашы.
— Жоқ, мен көрдім, біреу бар. Көзі жылтырайды, — деп болмайды Парашка.
— Әншейін мысық шығар, — деп Дуня апай орнынан тұрып келіп, — цыц! — деп мысыққа емес маған зекіп, көрпені қымтаңқырап тастады.
Дегенін істетіп үйренген ерке қыз, енді «мысықты әпер» деп қиғылық салды. Әй, мені де жаман састырды, тыпыр етпестен демімді ішіме тартып жатырмын, тіпті терлеп кеттім.
— Жоқ, үйде мысық жоқ. Ол тышқан екен, жүгіріп еденнің астына кіріп кетті, енді ұстатпайды, — деп саспайтын Дуня апай да шатыстырып — бытыстырып жатыр.
— Жоқ, тышқан емес. Білемін. Тышқан емес.
Осы оқиғадан кейін «концерттен» алатын ләззатымның жартысынан айрылдым. Қараңғыда жатып, Парашканың өзін көрмей әнін ғана тыңдаймын. Енді Парашка келерде, кемпір мені Усачев келердегіден бетер жасырып, алдымды тұмшалап бітеп тастайтын болды.
Сықырлап кемпірдің үйінің есігі ашылды.
— Сен көшеге шығып көп жүгіре берме, ұқтың ба. Үйде отыр. Көшеде немістің солдаттары бар, — деп Дуня апай Парашканы шығарып салып жатыр.
— Мен қорықпаймын, баушка Дуня. Мен немістерден тіпті титтей де қорықпаймын, — дейді ерке қыз.
8
«Мен немістерден тіпті титтей де қорықпаймын». Парашканың осы сөзі құлағымда қалып қойды. Өзін көрмесем де көз алдыма елестетем: үлкен шәлі орамалмен әйелдерше жағын қаусыра орап, екі ұшын беліне екі қайыра орап байлап, түйген түйіншектей болып домаланып кетіп бара жатқан шығар. Жаңағы Парашка мені тағы таңырқатып кетті. Бүкіл село қалтырап, үлкендердің зәресі кетіп жүргенде — ол тіпті қорықпайды. Менің өзім болсам немістердің жасыл шинелін алыстан көрсем де қалтырап қоя берем, сол шинельдің ішіндегі өзім сияқты адам екен деген ұғым да миымнан шығып кетеді. Ал, сәби Парашка болса шинеліне емес, шинельдің ішіндегі адамына, сол адамның бетіне қараған. Сәби көзі адамды көрген. Бетіне жаудырап қарап тұрған күнәсыз сәбидің көзін көргенде қанша қаһарлы солдат болса да жібімей тұра ма. Ауызбен тартатын гармонын ойнап берген, кәмпит берген. Егер үлкендер де бір-бірінің бетіне қарағанда жыртқыш аңды емес адамды көрсе... қалай ғана жүрегі шімірікпей бір-бірін ажалға байлар еді? Әлде үлкендердің көзін қанталатып, алдындағы адамды аң қылып көрсететін, сол арқылы өзін де аң қылып жіберетін үрей ме екен? Әлде өшпенділік пе? Ендеше сонау қиян шетте ен далада жатқан момын елінен адасып келіп, қаңғып жүрген екі қабат қазақ әйелінде немістердің не өші кетті. Егер адамдар көзін қанталатқан «үрей» мен «өшпенділік» деген шелді сыпырып тастап бір-бірінің бетіне Парашканың күнәсіз көзімен қараса?.. Мүмкін осы сұмдықтың бәрі болмас па еді?..
— Эй, матка...
— Чево? — деген Дуня апайдың даусы естілді.
— Үйде кім бар?
— Кім болсын. Мен жалғыз адаммын.
— Партизан... Партизан жоқ па?
Есікті сартылдатып ішке кіріп баратқан сияқты. Қолымда айыр, алқынған демімді ішіме тартып сілейіп тұрмын. «Ойбай-ау, менікі не тұрыс? Қазір келіп сарайды тінтсе не істеймін?» Осы үрейлі оймен қоса есім де кірген сияқты. Сарайдың ірге жағында кішкене саңлау көрінеді, ақырын екі аттап барып содан сығаладым. Есік алдында жасыл шинель киген екі солдат тұр, өзара бір нәрсе деп сөйлеседі. Біреуі сарай жаққа қарап иегімен нұсқады, кемпір көрінбейді, біреулермен үйге кіріп кеткен болу керек. Енді мен тіршілік қамымды жасауым керек: сырттағы дыбысқа құлақ түріп, ақырындап үңгіген қуысымды тереңдеттім. Жақындаған тықыр сезілмеген соң, тереңдеу еткім келіп шөптің арасын үңги бердім. Үңгірге кіріп те алдым. Тағы да демімді ішіме тартып тың тыңдаймын: жоқ, әзір жақындағам тықыр білінбейді. Қуысым тарлау екен, қайтадан шығып, әлі де екі-үш айыр шөп алып тереңдеттім.
Осы кезде үйдегілер де сыртқа шықты ғой деймін, дауыстары қаттырақ естіледі.
— Көрсет, матка. Партизан бар ма? — деген дауысты естідім.
Үңгіріме сүңги бердім де кілт тоқтадым. «Күдікті бір нәрсе қалған жоқ па?» Сарайдың ішін көзіммен бір шарпып өттім. Масқара... шөптің шетінде кемпірдің әкелген көрпесі жатыр, қытырлап басқан қадамдар жақындап келеді, көрпені тез алдым да үңгірге тықтым.
Аз уақыттан кейін қасымда тұрған қауіп-қатердің де уыты қайтты. «Тағы да сарайға кіріп келер ме екен?» деген көңіл лүпілі басылып, ойым өзгеге бөлінді. Света... Света осылардың осында келетінін күн ілгері білген, соны хабарлап кетті. Қалың немістің қақ ортасында жүр-ау, байғұс, анада маған елпілдей қоймады деп қатты ренжіп едім.
Алдымдағы Дуня апайға жетіп, сүріне тоқтадым. Дауыс шыққан жаққа жасқана қарап, екі-үш үйдің ар жағында келе жатқан жасыл шинельді бір-екі солдатты көріп қалдым, ендігі сәтте байқағаным, аппақ кебін сияқты басынан аяғына дейін аппақ ақ халат кигендері де бар екен, көшені бойлап, деревняны сүзіп келеді. Тағы да буынымнан әл кетіп бара жатқанын сезем: қайда қашарымды, қалай қарай жүгірерімді білмей шөгіп отыра кеткім келеді.
— Енді қашып құтыла алмаймыз, — деді Дуня апай.
— Баушка, олар өлтіреді. Meн қорқам! — деп Наташа шырылдап жылап қоя берді.
Кемпір немересін жетелеп, он қадамдай жерде тұрған мыжырайған сарайға жүгірді, менде не ес болсын, емпеңдеп кемпірдің соңынан ере берем. Қараңғы сарайдың есігінен кіре құлағанда құр етіп тыпырлаған көп тұяқ пен қорс-қорс еткен жаман дауыстан зәрем ұшып кетті. «Уһ» деп есіме келдім, шошқа қора екен.
— Дыбыстарыңды шығармаңдар! — деді кемпір ақырын зекіп.
Біз дыбысымызды шығармағанмен үркіп, дүрлігіп кеткен шошқалар тыпыршып, қорсылдап мазаны алып барады. Бір үлкен шошқа келіп тұмсығымен сауырымнан түртіп қалғанда, еріксіз баж ете түстім.
— Заткнись! — деді кемпір ызалы дауыспен сыбырлап.
Сөйткенше сырттағы дабыр-дұбыр да бізге таянып қалды: жақын үйлердің есіктерінің ашылып-жабылған сартылы, үйлерінен қуылып шығып жатқан адамдардың үрейлі дауыстары естіледі, қорқып жылаған балалардың дауыстары да құлаққа жетті.
— Жиналысқа! Тез жиналысқа!
Құлаққа сондай таныс, үйреншікті сөзге елең етіп, бір сәт қорқынышым кейін тепсініп еді, іле немісше жат сөздер араласып, жүрегімді қарып өтті.
— Шнел! Шнел!
Кейбір неміс сөздерін аңғарамын, соғыс алдында, мектепте екі жыл неміс тілін өткенбіз, сабағымыздың онша мәні болмаса да, аз-кем ұстап қалғаным бар-ды. «Шнел» — тез деген сөз, ал оның ар жағына жалғастыра зеки сөйлеген сөздерінен еш нәрсе ұқпадым. Тықыр біздің сарайға да жетті, дабырласып немісше сөйлесіп келеді. Біреуі мылтықтың дүмімен сарайды соғып-соғып жіберді. Шошқалар қорсылдай тыпырлап, дүрлігіп жүр, қаусап тұрған көне тақтайдың қиқымы түсіп көзімді жұмдым.
Көзімді ашқанда сарайдың іші жап-жарық болып кетті. Айқара ашылған есіктен жұмсақ жасыл фуражка киген біреудің басы сұғынып келеді, төсінде мойнына асқан автоматы қарауытады, саусағы шүріппесінде. Аласа сарайдың есігінен басын сұғып, еңкейіп ұмсына берді де дүрлігіп есік алдына қарай лап берген шошқалар аяғына оратылып еді, біреуін теуіп жіберіп, сарайдың есігін жаба салды. Ар жағындағы біреуге айтып жатқан, «швайн» деген сөзін түсініп далдым. Қадамдары алыстап барады. Құдай оңдап, қараңғы бұрышта тығылып отырған бізді аңғармай қалды. Сыртқа шыққысы келіп лап берген шошқалар сирағына соққы да, үйреншікті шаруа дағдысымен соларды қайтара теуіп ішке кіргізем деп әлек болған неміс солдаты сарайдың есігін не үшін ашқанын да бір сәтке ұмытып, есікті жаба қойған болар. Бұ жолы жанымызды сақтап қалған, байғұс шошқалар болды.
Маңдайымнан теуіп жібергенде баж етіп, көзімді аштым: төбемнен төніп тұрған солдат «Пошел! Пошел!»аяғымен тағы бір нұқып қалды. Қолыма үлкен бір жаңқа қадалып, алақанымды дызылдатып күйдіріп барады. Есіктен шыға бергенде жаурынымнан түйіп жіберіп еді, жер таянып құлап барып, әзер көтерілдім. Наташаның шырылдаған даусын естідім.
— Ағатайлар... ағатайлар! Бізді өлтірмеңдер! Өлтірмеңдер!..
— Қорықпа, жаным... Қорықпа... — Бұл Дуня апайдың даусы.
11
Жердің астын үстіне келтірген бомбаның да астына түстім, жамсап жатқан өліктердің де арасында болдым, өмірден күдер үзген шағым да болды, бірақ дәл осындай мылтығын өңменіңе тақап келген ажалды көрген жоқ едім. Аласұрған көңілім әр саққа алып қашады: бірде өңменіме тіреліп тұрған ажалдың ызғары тұла бойымды қалтыратып әкетсе, бірде әлденеден үміт етем. Көрші деревняны түгел қырып салыпты, бізді де түгел қыратын шығар. Мүмкін әлде...
Жалғыз мен ғана емес, жұрттың бәрінің көңілі дәл осылай — екі ұдай. Үміт пен үрей аралас. Деревняның халқын топырлатып айдап әкеліп, бұрынғы басқарманың кеңсесі ме, мектеп пе, білмеймін бір үлкен үйдің қорасына тоғытып жатыр. Емшектегі баладан еңкейген шалға дейін тірі жан қалдырмаған. Еркектер жағы аздау да, көбі қатын-қалаш, бала-шаға. «Мүмкін оларға тимес» деген әлсіз үміт емексітіп өтеді.
— Қатын-қалашты жазаламас...
— Қатын-қалаш пен сәбилердің жазығы не?
— Айыптыларды іздейтін шығар...
Төңірегімдегілердің үздік-үздік сөздерін құлағым шалады. Жақсы жорамалға елең етіп, кеудемде жылт етіп үміт оты тұтанғанмен іші құрғырым бәрін сезеді: бұлардың да біліп тұрған еш нәрсесі жоқ, тек әйтеуір дәтке қуат.
Жұртты үсті-үстіне айдап әкеліп, қораның іші тығыздалып қалды. Қысты күні барын қорбитып үстіне киін алған қатындар, кейбіреулері жас бала көтерген, қайсы біреулері басқа жаққа баруға қамданып, дорбаларын асынып, қолдарына түйіншектерін ұстаған. Бір топтың ішінде бес-алты баласын қаздың балапанындай шұбыртып, екі кішкентайының бірін өзі, бірін он жасар шамасы ұлына көтертіп бір әйел келе жатыр.
Жиналған жұртты шашау шығармай айнала мылтығын кезеніп қарауыл жүр. Тек немістер ғана емес, полицай формасындағы орыстар да бар екен. Еңгезердей біреуінен бір әйел:
— Құдай жарылқасын, Лука Саввич, бізді не істейді, шынын айтшы, — деп жалынып еді, анау зекіп тастады.
— Молчать! Сөйлесуге болмайды.
Құлағым елең ете қалды, бір түрлі таныс дауыс.
— Усачев деген қарғылы төбет емес пе. Ол фашистен де жаман, — деп біреу күңк етті.
«Қара ешкіге жан қайғы», әркім өз басымен әлек, маған назар аудара қойған адам болмап еді, тек көзі түсіп кеткендерінің өңінде «бұ қайдан жүрген адам?» деген таңырқау сұрақ жылт етіп тез сөнетін. Бірақ тозақтың алдынды да әйел байғұстың әйелдігі қалмайтын шығар, көріп тұрып қалай шыдасын, бір қайқы тұмсық көк көзді біреу маған тас кенедей қадалды.
— Сен қайдан келген адамсың?
Мен үндемедім.
— Біздің деревня емес тіпті бұл жақтың адамына ұқсамайсың ғой. Мұнда кім айдап келді сені?
Менің тіл қатуға зауқым жоқ, үндемей безеріп тұра бердім.
Өзі біздің тілді түсінбей ме, білмеймін. Мелшиіп үндемейді екен өзі. — айтсайшы, қайдан келгеніңді, кім екеніңді, — деп Дарья маған тағы да тас кенедей жармасты.
Менің тіл қатуға зауқым жоқ, үндемей безеріп тұра бердім.
— Heгe үндемейсің? Мылқаусың, әлде біздің тілді білмейсің бе? Өзінің қарны да шермиіп тұр, — деді қайқы тұмсық әйел.
Оған бір еркек кейіп тастады.
Олар да бір топ адамды айдап әкелді, мұнда да өзгелеріндей кемпіршал, бала-шаға, қатын-қалаш жағы басым. Біз шегіншектеп қораның шетіндегі тақтай қоршауға тірелдік. Бір жақтан тасырлаған мылтық даусы естіледі. Біреулер мойнын созып, бәрін біліп танып жатыр.
— Ваня Шестаков қашты.
— Оққа ұшты ғой.
— Жоқ, аман.
— Әне құлады. Бітті бишара.
— Жоқ, тірі. Әне қайта жүгірді.
— Сайға жетсе...
Мен еш нәрсені көре алмадым, жұрттың мойнын созған жағына қарайтын шамам да жоқ, тек әйтеуір бір міскіннің жан ұшырып айқайлап қашып баратқанын сезіп тұрмын. Өзімнің қашатын дәрменім де, және басымды оққа байлап тәуекел қылатын құлқым да жоқ, осы қалың топтың арасына тығыла берсем аман қалатын сияқтымын.
— Құлады.
— Мүрдем кетті байғұс. Ақымақтың қашып несі бар еді.
— Ол емес мүмкін біз ақымақ шығармыз. Қойша бауыздауын күтіп тұрған.
— Оныңыз не, Иван Федорович. Жазықсыз адамдарды...
— Слабодканы түгел қырып, өртеп жіберген. Біз олардан кембіз бе?
Ащы мысқылмен салмақтап айтқан сөз қанша қорқынышты болса да зәреңді ұшырмайды екен. Бұл сөздің мағынасы менің миыма сол кейінірек барып жетті де көңілім құлазып, бір нәрсемді жоғалтып алғандай алақтап жан-жағыма қарай бердім, сығылысқан көптің арасында Дуня апайдан көз жазып қалыппын, менің жоғалтқаным сол екен ғой, ақырындап жылжып, осы ішіндегі жалғыз танысым, кемпірімді іздедім.
— Наташка! Наташка! Мен сені таныдым. Таныдым.
Кішкентай қыз баланың даусы құлағыма таныс сияқты. Еш нәрсемен алаңы жоқ, жұрттың аяғының астында бұлтыңдап жүрген кішкентай қыз... сол Парашка, көршінің жұдырықтай әнші қызы. Наташаның етегінен тартқылап айрылмайды.
— Сен қашан келдің, Наташка? — Наташа үндемесе де қояр емес. — Наташка, сен неге әжеңе келмей кеттің? Мен Дуня баушкаға келдім. Көп келдім. Сен келген жоқсың. Кел, екеуміз жасырынбақ ойнайық, — деп Наташаның жеңінен тартқылайды.
Сәби жүзін үлкеннің қасіреті сазартып тастаған Наташаның еш нәрсеге зауқы жоқ.
— Керегі жоқ. Ойнағым келмейді, — деді.
— Кішкентай ойнайықшы. Кәне, Наташка. Мен жасырынайын. Сен ізде. Кәне көзіңді жұмшы. Кәне, — деп Парашка қоятын емес.
Көргенде ішім жылып қоя беретін кішкентай ерке қыздың осы бір аңқау балалық мінезі маған бір түрлі жат, ерсі болып көрінді. Таялып келе жатқан басқа ойы жоқ мына еңсесін зіл басып тұнжырап тұрған жұрттың ішінде... бейне өлік жатқан бөлмеде ойнап жүрген баладай...
О да осыны сезді ғой деймін:
— Тыныш тұрасың ба, жоқ па, — деп шешесі Парашканы салып қалды.
Ерке қыз еңіреп жылап қоя берді, жас әйел әлденеден шошып кеткендей баласын жерден тез көтеріп алып, бауырына қысып жұбатып жатыр. Осы кезде:
— Елу адам ілгері шығыңдар! — деген команда болды.
Жұрт ілгері шығудың орнына кейін шегініп, алдыңғы тұрғандар артқыларды іргеге тықсыра берді. «Тез! Тез!» деген команданы да тыңдайтын ешкім жоқ. Көптің ортасында қысылып, көріп тұрған еш нәрсем жоқ, бірақ шықпаймын, солдаттар мен полицайлар мылтықпен түйгіштеп, жұртты ілгері шығарып жатқан сияқты. Біреуі санап тұр.
— Ақымақтар! Тезірек шығыңдар! Алдымен шыққандарыңды тезірек босатамыз. Кәне, тезірек!
Кейбіреулер енді ілгері қарай ұмтылды. Мен де ілгері ұмтыла беріп едім:
— Дура, не лезь, — деп Дуня апай жеңімнен тартып қалды.
Бөліп алған адамдарды автоматын кезеген он шақты солдат айдап әкетті. Қорада әлі де жүз қаралы адам бар. Енді олар жаңағы айдап әкеткендердің ізін бағып тұр.
— Оларды қайда апаратыр — әй?
— Деревняның сыртына қарай бұрылды.
— Мүмкін бір жұмысқа салатын шығар.
— Емшектегі баланы жұмысқа сала ма?
— Мүмкін тексеруден өткізетін болар.
— Аналарды қисық сайға қарай айдап барады.
Қисық сайдың неге қорқынышты екенін бірден түсінгенім жоқ, бірақ жаман дауыстан шошып кеттім, жұрт та тына қалды.
— Рас, қатындар, қисық сайға айдап барады, — деді бір әйел даусы.
— Точно. Атуға алып бара жатыр.
— Шынымен атар ма екен?
Көңілдеріне үрей кіріп гулеп кеткен жұрт кенет демін ішіне тартып қалды. Пытырадай шашырап, патырлап жұмсақ дауыс келеді құлағыма. Мылтық даусы. Бір жерде мылтық атылып жатыр.
— Оларды атып жатыр! — деген әйелдің ащы даусы құлақ шекемді жарып өтті, бұл әлгі қазымыр сөзшең Дарьяның даусы екенін де танып қалдым.
Қораның ішіне қамалған қалың тобыр қайта гуілдесіп, теңселіп лықсып кетті. Манадан бері неғайбілден дәметкен, алдамшы үмітке алаң болған көңіл тажалдың тура келіп қалғанына енді ғана көзі жетіп аласұрады. Еріксіз шығып кетіп жатқан ащы дауыстар, зарлаған әйелдер, шошып шырқырап жылаған балалар. Осы тобыр маған тұтас бір дене сияқты көрініп кетті. Ыңыранып, шыңғырып, аяқ серпіп тыпыршып қоршаудың ішін теңселтіп барады. Мен де соның кішкентай бір мүшесімін, өз еркім жоқ, не де болса бірігіп, тағдырым бір түйінге байланып қалған осы топпен бірге көрем.
Аз да болса үйреніскен, жалғыз танысым Дуня апай еді. Ол қайда? Мына аласапыранда одан да көз жазып қалыппын. Сеңдей сығылысып, теңселген жұрттың ішінен Дуня апайды іздедім. Мұндайда бір нәрсеге алаң болған да жақсы екен, алқымға тақалған ажалдан аз да болса көңіліңді аударады. Пішенге түсіп кеткен ине сияқты, қалың тобырдың арасынан кемпірім таптыратын емес. Жіңішке тақтайды сирек қаққан қоршаудың артқы жағына келіп қалған екем, сықыр етіп сынған тақтайдың дыбысын естіп жалт бұрылсам, Дуня апай Наташасын тақтайы сынған тесіктен итерін шығарып жатыр.
— Көрмей тұрғанда тезірек жүгір! Огородқа жет! — деп ақырын әмір берді.
Қоршаудан шығысымен Наташа зырқырап жүгіре жөнелді — екі етегі торғайдың қанатындай жалпылдап ұшып барады байғұс бала. Әне бір үйдің қасындағы үйілген шөпке жақындап қалды. Осы кезде қоршауды жағалап келе жатқан солдат көріп қалып автоматын көтеріп алып, оны тырылдатып ата берген кезде, тесіктен қалай шығып кеткенін білмеймін, Дуня апай қарына жармаса кетті. Солдат қолынан қаруы түсіп кете жаздап, бұлқынып қарын әзер босатты да, автоматымен Дуня апайдың өңменінен итере беріп, тырр еткізіп оқпен бір көктеп өтті. Дуня апай дыбыс шығармастан ақырын шөге берді де, денесі жұп-жұмсақ сылқ етіп құлап түсті.
Бір сәтке солдаттың бетіне көзім түсіп кетті. Кісі өлтірген адамның жүзі... ажал сияқты құп-қу. Көзінде де әйнектей жансыз жарқыл. Кісі өлтірген ол долы ызамен ақырып жіберді.
— Цюрих! Назад!
Қоршаудың ана жағынан да біреу қашты ма, білмеймін, о жақтан да мылтық атылып жұрт бері қарай лықсыды. Алдыңғы жақтағыларды тағы да санап шығарып жатыр. Жылаған, қоштасқан дауыстар естіледі. Бұл дүрлігіс те бірте-бірте басылып, қалың топтың бойын ажал алдындағы ауыр сабырлық жайлап келе жатқан сияқты. Енді байқасам, әркім от басына бөлініп, жеке-жеке үйірлене жиналыпты. Көгілдір балапанын қорыған тауықтай балаларын бауырына тартып алған, жақын адамдар бір-біріне тығылып, көңілі босағандарына жұбаныш айтып, аз да болса медет болып жатыр. Әйелдер күйеулерінің қолтығына тығылып, кейбіреулері бірін-бірі құшақтап жылайды. Meн кімнің бауырына тығылам? Жаңа ғана маған біртұтас дене сияқты болып көрінген мына топ бытырап бөлініп, ақтық сағатында әркім өзінің жақынын тауыпты, мен бүйректей бөлініп жалғыз қалдым. Тым болмаса бетіне қарап көзінен жанашырлық іздейтін адамым да жоқ; бөлекпін, жатпын, тірі жанды танымаймын. Ақтық сағатыңда мойнына асылып, еңіреп жылайтын адамыңның жоғы... тіпті жаман екен.
Келесі топпен мені де алып кетті. Басында ең арт жағында тұрған сияқты едім, бір минут болса да ажалын алыстатқысы келген жұрт сығып ілгері шығарып жіберіпті. Енді шегінейін десем тұмсығым бататын емес. Жұрттың қолынан келері бауыздауға апаратқан малдай төрт тағандап шегіншектей береді, мылтықтың дүмімен түйгіштеп тұрып шығарып жатыр. Қатындар шырылдап, балалар жылап, солдаттар дауыстап балағаттап азан-қазан. Менің де сауырымнан мылтықтың дүмі соқты, бірақ тән ауруын сезетін хәлім жоқ, танымайтын тобырдың ішінде қосақталып кетіп барам.
Жаңа қоршаудан шығарда жанталасып, бұлқынған жұрт көшеге шыққасын аптығы басылғандай тәртіпке түсіп, ажалға мойынсұнып, ауыр аяңдап келеді. Жұрт енді сөзден тыйылып, өзара тіл қатысудан қалған, зілдей тыныштық еңсені басып барады. Бұл тыныштықты үзетін ажал ғана. Осы тыныштық мені де тұншықтырып, демім тарылып алқынып барам. Кенет баж ете қалған әйел даусы құлақты жарып кетті.
— Өз ажалымды көре алмаймын! Қарай алмаймын.
«Мынау бір таныс дауыс қой» деген күңгірт ой келеді басыма. Бір әйел топтан шығып тұра қашты. Басын қос қолдап қысып алып:
— Өз ажалымды көре алмаймын. Желкемнен атсын! — деп жүгіріп барады. Әлгі сумаңдаған байғұс, сөзшең әйел Дарья екен.
Мына артқы дауысқа айдап келе жатқан солдаттардың өзі сасып қалғандай болды. Біреуі сәлден кейін:
— Тоқта! Қайт! — деп айқайлады.
Әйел қайрылған да, тоқтаған да жоқ, шыңғырып жүгіріп барады, көшенің шетіндегі үйге жақындап қалды. Айдаушылар тырылдатып атып жатыр. Ар жағын көре алғаным жоқ. Қайтадан сапырылыса берген жұрттың тасасында қалдым. Неге болса да мойынсұнып, құр сүлдері сүйретіліп келе жатқан жұрт қайта тірілгендей тіл бітіп, жамырай сөйлесіп кетті. Бәрі қашқан әйелге қарайды.
— Құлады.
— Иманды болсын, Дарья байғұс.
— Өлген жоқ. Тағы қашты.
— Қойша бауыздалып өлгенше... дұрыс істеді.
— Ау, біз аяқ серіппей-ақ кетеміз бе?!
Жұрттың басылып қалған көңілі қайта лоблыды. Төрт-бес адамнан қатар түзеп келе жатқан топтың сапы бұзылып, сапырылысып кетті. Айдап келе жатқан күзетшілер орысша, немісше екі тілде айқайлап, бір жағынан үрейі ұшқан балалар жылап, азан-қазан болды. Тағы да төбемізден патырлатып мылтық атып, әзер дегенде жөнге салды.
Дүрліккен жұртты қайтадан жөнге түсіріп, деревняның сыртына қарай айдап келеді. Бізден бұрын кеткендердің табанымен тапталып тың қардың бетіне жосылып жол түсіпті. Алдыңғылардың жолымен солардың жолын қууға келе жатырмыз. Осы топтың кішкентай баласына дейін соны біліп келеді. Бір ғажабы атуға әкеле жатқанын анық білген мына жұрт жаңағы әйелше ойбай салып, жанталасып, тым-тырақай қашатын емес. Бір минут болса да кейінірек өлгісі келген соқыр сезім бе, әлде кеудеңнен жаның шығып кеткенше үзілмейтін соқыр үміт пе? Менің де ойбай салып қашатын ойым жоқ, не де болса осылармен бірге көрем.
Жұрт тағы да үйірленіп алыпты, әскерше сапқа тізіп айдаса да әр семья бір шоғыр болып, жұмырланып келеді. Балаларын орталарына алып, өз денелерімен қымтай береді. Бала көтерген әйелдер де сәбилерін кеуделеріне тас қылып қысып алған, бұ байғұстарға менен де қиын екен ғой.
Аттаған сайын қадамдары ауырлап, желкелерін зіл басып, үнсіз келеді. О, ғажап. Үнсіздіктің де өзінің сарыны болады екен. Тұнжыраған тыныштық жайлап тұтасып төбемізді торлап алып еді, енді ширығып, үнсіз сарыны үдеп күшейіп барады, бүкіл денеңді жайлап, булықтыра түседі. Жұртты түгел билеп, бытыратпай алып келе жатқан тегеурінді үнсіз сарын сияқты. Бәрі соның ырғағына бағынып, аяқтарын зіл басып аттаған сайын ажалына жақындап келеді. Мен де ажалыма жақындап келем. Күн кешкіріп қалыпты, айнала аппақ қардың ағы семіп, қуқыл тартқан. Оң жақты көмкеріп орман қарауытады, о жақта қыбыр еткен жан көрінбейді. Дүние, мына бейтаныс төңірек мұп-мұздай боп құлазып, менен бөлініп, бөлектеніп барады. Қазір осы сазара қалған төңірек жоқ болады. Мен де жоқ болам... Жоқ болам... Осы ой тұла бойымды мұздатып барады...
Сайдың шетіне жақындай бере тоқтадық. Он шақты солдат шоғырланып, темекі тартып тұр. Бойлары мұздап қалған болар қолдарымен жамбастарын соғып жер тепкілеп қояды, тіпті кісі ататын адамдарға ұқсамайды. Әрегіректе алдыңғы ашасын таянып қар үстінде ұзын мойын екі пулемет тұр. Олардың қастарында адам жоқ. Топ ішінен ұзын бойлы, арық біреуі бөлініп шықты, сірә командир! болар, бізді айдап келгендердің біреуі соған баяндап жатыр. Ұзын тура ананың сөзін сабырмен тыңдайды, тарамыс арық өңі қатқыл, бірақ жүзі кісі өлтіретін адамға ұқсамайды, қайта шаршап дем алғысы келіп тұрған адам сияқты, көзқарасында бізге тіпті өштігі жоқ. Дауысын көтерместен қарауындағыларға бір нәрсе деп тәртіп беріп еді, бірақ аналары ақырын дауысқа қатты қимылдап тез ширатылып, автоматтарын кеуделеріне көтеріп алды, бір-екеуі пулеметтің қасына барды.
«Айн, цвай, драй, фюнф...» Бұл мектепте құлағым қаныққан немісше цифрлар. Бізді кәдімгідей тәптіштеп, малша санап шығарып жатыр. Өздері асықпайды, тіпті сабырлы, өлтірген адамының есебін анықтап алғысы келетін болар. Санақтан өткендерін шашау шығармай сайдың қабағына тізіп қойып жатыр. Жұрттың бетінде қан жоқ, құп-қу, тірі өлік сияқты айтқан жақтарына жүре береді, әйтеуір қимылдап жүргенім болмаса менің де кеудемде жан жоқ. Мына қарлы дала, қыбырлаған адамдар менен бөлек. Бұлардікі де мағынасыз, жансыз қимыл. Бүкіл дүние жансыз, жат, тылсым.
— Дяденьки... Дяденьки...
Шырылдаған бала даусы. Кәдімгі тірі дауыс.
— Ағатайлар! Ағатайлар, мені өлтірмеңдер! Мен ән салып берем. Мен әнді жақсы айтам!..
Тырнақтай әнші қыз, бес жасар Парашка. Кішкентай қолымен шешесінің мойнынан қысып құшақтап алған, айдап баратқан солдатқа қарап шыр-шыр етіп жалынады.
— Мені өлтірмеңдер! Мамамды өлтірмеңдер! Ағатайлар! Мен ән салып берем. Көп ән салып берем.
«Сначала заплакал Андриашка, потом зпрепела Парашка...»
Парашканың жүзін анық көрдім: көз жасы қызарып кеткен томпақ бетіне бұршақтай тамшылап, солқылдаған өксігін жұтып, шырылдап ән бастап кетті. Байғұс баланың дұшпаннан тұңғыш рет қорыққаны да осы болар. Оны тыңдаған солдат жоқ, сайдың жар қабағына қарай өзгелермен бірге шешесімен екеуін айдап барады. Жұрттың бәрін жалындырып айтатын, жұрттың бәрін мәз қылатын әншінің бұларға әлі келмейді дегенді Парашка ұқпайды, тоқталар емес, көзінен жасы парлап айтып барады. Жар қабақтың басына әкеліп қойғанда да тоқтамай бар даусымен шырылдайды келіп, шырылдайды...
...Алдыңғы қатардағыларды тәптіштеп санап бөліп алып жар басына шығарып жатыр. Олар ажалдың сызығын аттап өтіп арғы бетіне шыққандар, мен әзір бергі бетінде тұрмын. Кеудеңнен қашан жаның шығып кеткенше үміт деген ит үзілмейді екен, алдыңғы қатардағыларды сыпырып шығарып жатқан ажал ұстарасы дәл маған тақалғанда тоқтап қалар ма екен, деген әлсіз бір есек дәме бар кеудемде. Атылатындарын анық біліп келе жатса да, тіпті болмаса Дарья сияқты, бассауғалап қашырмай, не қарусыз болса да асылып, жұлысып өлтірмей, жұрттың тобын бұзбай әкелген де осы бір ақтық демің шыққанша алдарқататын қорқақ есек дәме болар. Сол дәмемді үзіп ажалдың сызығы дәл менің қасыма келді. Осы кезде жаным тәнімнен бөлініп шығып, басқа бір жақтан қимылсыз қалған құр сүлдеріме қарап тұрғандай... О дүниеден естігендей ап-анық естіп тұрмын: «айн... двай... драй...-» әр цифр санап келе жатқан сұқ саусақпен бірге әркімнің кеудесіне оқтай қадалады. Тырс... тырс атылған оқ маған да тақап қалды... Фир... жаным кеудеме қайтып оралып селк ете қалдым.
Мені итеріп шығарғандағы «фир» деген сөз құлағыма қадалып қалды... қазір кеудеме оқ та қадалады. Жүрегім зу етіп кіндігімнің басына түсіп, буынымнан әл кетіп қалды. Аяғым мақта сияқты, қалай қозғалып топқа қосылғанымды білмеймін, ұзын тұра неміс командирінің қасымызға қалай келіп қалғанын да білгенім жоқ. Ол менің бетіме қарап, қасындағыларға бір нәрсе дейді. Біреуі мені қарымнан сүйреп шетке шығарды. Ажалдан құтылдым ба, әлде мені бөліп алып жеке ата ма? Көкірегімде кішкентай үміт ұшқыны жылт етті. Мүмкін мені атпас... Әйтеуір қазір атпас...
Ұзын тұра маған таңырқай қарады да, қасындағы толықша сары неміске бір нәрсе деді. Оның орысшасы менікінен де кемірек болу керек, мені саусағымен нұқып:
— Ты кто есть? Откуда? — деді.
— Не знай... Не знай... далеко...
«Түк білмесең, кеще болсаң пәледен тез құтыласың» деген соқыр сезімнің аузыма салғаны болу керек, болмаса қулық, сұмдық ойлап жатуға қазір менің хәлім де, мұрсатым да жоқ еді. Ұзын тұра тілмаш сарыға күңк етті.
— Ты монгол? Джапан?
— Монгол... Джапан, — деп басымды шұлғи бердім.
Сары тілмаш еңгезердей мұртты полицайға қарап:
— Ты знает, откуда эта? — деп сұрады.
— Бұл біздікі емес, господин начальник. Бұл төңіректің адамы емес. Түрі де бөлек, — деп ол ебелек қақты.
Таныс дауыс. Айтпақшы, кемпірдің үйіне келіп жүретін Усачев осы, мана да алыстан көріп қалып едім, немістердің алдында ірі денесінен ұялып кішірейіп бұға түседі.
Ұзын тұра тағы да бір нәрсе деп күңк етті де, бұрылып солдаттарына команда берді. Тілмаш сары Усачевқа саусағымен мені нұсқап:
— Его с собой возит, — деді.
Солдаттар автоматтарын көтеріп алып, сайдың қабағындағы тізіліп тұрған жұртты нысанаға алды. Параша қарлыққан даусымен шыңғырып әлі ән салып тұр... «Не убивайте, дяденьки...» Жар қабақтың басында тұнжырап үнсіз тұрған жұрт ажалының жеткенін енді ғана білгендей дүр сілкініп гуілдеп кетті: шырылдаған әйел даусы... айқайлаған еркек даусы. Аяқтарының буыны кетіп шөгіп отыра кеткендері, мылтық атылмай-ақ құлап жатқандары да бар. Сөйткенше автоматтар патырлап қоя берді, оған дүрсілдеген пулемет даусы ұласты.
Мен сорлы неғып теріс айналмай, не көзімді жұмбай бақырайып, қатып қалғанымды білмеймін, қапы жібермей бәрін көріп тұрмын. Оқ тиген денелер сылқ етіп сайға құлап түсіп жатыр, кейбіреулері бері қарай құлайды. Бір әйел бұралып барып сайға құлады, құндақтағы баласы қолынан ұшып бері қарай домалап кетті. Бөркі ұшып кеткен ақбас шал жыланша жиырылып денесімен жер сабап өле алмай аласұрады. Патырлаған оқ арасынан қырылдаған, ыңырсып, шыңғырған дауыстар естіліп қалады. Көбі әрі сайға қарай құлады, қыр басында қалғандардың әлі де аяқ серпіп, тыпыршып жатқан тірілері бар. Қардың үсті теңбіл қызыл. Батар күннің сәулесімен қып-қызыл қасап сияқты көзімнің алды қып-қызыл, дүние бұлдырап, тұтасқан қызыл мұнарға айналып барады.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
I
Жасырынған үңгірім әдепкіде көрдей қараңғы еді. Әсіресе кірер есігін бекітіп қымтап тастаған кезде төңірегім тас қараңғы болып, көзім түк көрмей, алғаш істеген еріксіз қимылым қараңғыны қармап екі сәбиді екі бүйіріме қысып алыппын, «Қараңғыда қабан күркірейді» демекші, өзге жұрттан бөлініп жалғыз қалған үрейімді қараңғылық қауқитып есіре түсіп, тұла бойымды бір жаман, салқын діріл қарып өтті. Сол діріл екі сәбиге де дарыды ма, олар да балапандай қалтырап, бауырыма тығыла түседі. Солардың денесінің дірілін сезгенде көңілім орнына түседі. Төбе жақта қылаңытқан саңылау бар екен, сәлден кейін шойындай тұтас қараңғылық сейілейін деді.
Менің бұл тығылған жер кепем, сыртынан қарағанда көзге тіпті байқаусыз; үстіне топырақ шығармай, үстін жаңбырдан қарауытып кеткен елең шөппен бұтаның мұртын жапырмай үлкен шыршаның түбіне қарай үңгіп жасаған қуыс — бұрын партизандардың құпия қоймасы болса керек. Абан мені бұл араға ертіп келіп екі баланы маған ұстатып қойып, өзі сипалап үңгірдің есігін тауып ашқанда барып, мен бұл арада зілмәнке барын білдім. Ол бізді сүйемелдеп ішке кіргізіп, екі баланы жоғарыдан алып, тесіктің аузында ұзын бойы бүктетіліп, еңкейе бұрылып:
— Бұл арадан сені тірі жан таба алмайды. Тек қатты дыбыс шығармасаңдар болды. Маңайдан тықыр естісең...өзің білесің ғой. Тірі болсам ұрыс басылғасын қайтып оралам. Былай... немістердің аяғы басылғасын. Оған дейін ешқайда қозғалма, — деді.
Тесікті бітеуге оңтайлана беріп, жоғарыдан:
— Тірі болсам келемін, — деді тағы да.
Содан кейін үңгірді тас қараңғы бітеп, кетіп қалды. Кісі баланы бауырыма қысып, жалғыздыққа бойымды үйретіп біраз отырдым. Жалғыз демекші, кішкентай да болса қасымда екі сәбиім бар, кішкентай кезімде үйде жалғыз қалғанда мысықты да қара көруші едім, мына екі нәресте бейнеті мен уайымынан басқа пайдасы болмаса да, кісіні әйтеуір жалғызсыратпайды екен.
Бұл екі мүскін де тумай жатып, тірліктің бар тауқыметін тартып, көнбісті болып алған тесік өкпелер, біраз бұйығып отырып, қалғып кетті. Кіргенде байқағам — бұл өзі еңкеймей еркін жүретін, әжептәуір үлкен жер кепе, жоғарғы жақта алақандай саңлау бар, бұтаның түбінен тасалау жерден тессе керек, аржағынан еш нәрсе көрінбейді, тек қылаңытқан күңгірт сәуле ғана. Сыртқа шыға алмайтыным болмаса бұл нағыз бір жайлы қоныс, екі жылға жуық партизандардың ішінде жүргенде мұндай жайлы жеркепе кездессе бір жасап қалатынмын. Абаннан естігенім, біздің әскерлер жақындап қалса керек, содан немістер артын тазартып алмақ болып партизандарды қыруға қыруар әскер шығарыпты, бүкіл үлкен орманды сүзіп өтпек көрінеді. Сөйтіп орман ішіндегі мыңдаған партизандардың басына зауал төнді. Екі баламен мені осы араға тығып, біздің отряд та соғысқа кетті, Олар қолынан келсе ебін тауып жаудың қоршауынан сытылып шығуы керек, қолынан келмесе...
Мен екі баламен тағдырымды тосып осы қараңғы үңгірде қалдым. Біреуі өз балам, қазір жасы екіге жуықтады, кәдімгідей адам болып қалды. Қардың үстінде туып, жөргегінен жылу көрмей өскен бала, ыстық-суыққа бірдей, неге болса да көнбісті, нағыз тесік өкпе. Басыма небір ауыр заман төніп, зәрем ұшып қанша шошысам да тас кепедей жабысып түспей қойып еді, осал болсын ба, партизан өмірінің барлық азабына төзіп келеді. Кәдімгідей тілі де шығып қалды, орысша-қазақшаны араластырып сөйлейді. Немістерге де тықыр таянған сияқты, осыдан аман-есеп елге жетіп, Қамқа әжесінің қолына бір ұстатсам...
Енді өлгім келмейді. Сонша тозақтан өткеннен кейін... енді тіпті өлуге хақым да жоқ сияқты. Ажалды азаптан құтқаратын жеңілдік сияқты күтіп, өлгім келген сағаттарым да болған. Басымнан кешкен азап пен мехнаттың, қауіп пен қатердің, көзім көрген қызыл қырғынның қайсы бірін айта берейін. «Уды у қайтарады» демекші бір азап, бір сұмдықты бір сұмдық ұмыттырып та келе жатыр. Бірақ мен ұмыта алмайтын жаным мен тәніме ыстық темірмен қарығандай күйдіріп басып қойған бір сұмдық бар. Ол сонау өзім паналаған Дуня апайдың деревнясындағы қырғын... жылдан асқанша талай түсіме кіріп, шошып оянып жүрдім. Сол қырғынның мән-мағынасын да, сонша қаталдықтың сырын да түсіне алмадым. «Хайуан, жыртқыш» деп лағнаттайды оларды, ойлап қарасам ол адам баласына қиянат сияқты. Олардың азулысы мен тырнақтысы құдай жазған керегіне ғана шабады, ал, мыналардың ісі... Осыны ойлаған сайын, кішкентай кезімде кісі өлтіру жайлы алғаш естіген, сәби жүрегімді шошытқан бір әңгіме есіме түседі. Бірақ ол әңгіме маған мына қырғынның мағынасын түсіндірудің орнына қайта қиындатып, басымды шырдай қатырады.
Алыстан жер ауып келген екі-үш үйлі жан біздің ауылға қоныс тепкен-ді. Солардың ішінде ұзын бойлы, қапсағай, қара сақалды Оразалы деген азаматы болатын. Қамқа әжем «бастарына пақыршылық түскен пенделер ғой» деп мүсіркеп, оларды үйге шақырып, араласып кеткен. Бір күні сол Оразалының шай ішіп отырып, айтқан бір әңгімесі әлі күнге дейін есімнен кетпей қойған.
«Біз Арғынның ішінде Тобықты деген ел боламыз», — деп бастаған Оразалы әңгімесін. — Тобықтыда да талай мықты адамдар болған заманында. Арғы бабамыз Кеңгірбай би деген кісі өткен, біз оны қастерлеп Қабеке дейміз. Сол Қабекемнің заманында Тобықтының Жуантаяқ деген атасынан шыққан Кебек деген азаматымыз болған.
«Кебек» деген атты алғаш естігенде маған ерсі көрініп:
«Кісінің аты Кебек пе?» деп күліп жібергем.
«Иә, қарағым, Кебек, — деді Оразалы менің күлгенімді ұнатпай. — Аты Кебек болғанмен заты асыл жігіт еді, жас та болса бір елдің аруақты азаматы болған. Сол Кебек Найманның Еңлік дейтін сұлуын көріп, сол қызға ықыласы ауып ғашық болыпты. Бой жетіп қалған қыздың басы бос бола ма, Сыбан дейтін елдің ішінде Еңліктің атастырып қойған адамы бар екен. Бірақ ынтызарлық шыдатпай екі жас-ақ батаны аттап бас қосыпты. Кебек уағдаласып, Еңлікті алып қашып, елдің іш жағындағы Хан тауының сілеміне тығылыпты. Өзіңіз білесіз ғой, бәйбіше, жесір дауы оңай болсын ба, — деп Оразалы Қамқа әжеме қарап қойды. — Бірақ жесірі кеткен Сыбаннан гөрі қызы кеткен Наймандар көбірек бүлініпті. Әсіресе ауыздық бермеген Еспембет деген қатыгез қыңыр биі болған Найманның. «Ел бүлдірген екі бұзықты ұстап бер, болмаса тұрысатын жеріңді айт» деп қисайып қатып қалған.
«Арысымызды ұстап беріп, елге не бетімізбен көрінеміз, өліспей беріспейміз» деп Тобықтының жігіттері дүрліккен екен, Қабекем оларды басып тастапты. «Найман көп, Тобықты аз, соғыса алмаймын» депті.
«Апыр-ай, атаңыздың өзі екі жасты ұстап бергені ме? — деді Қамқа әжем де шыдамай.
«Жоқ, Қабекем өз қолынан ұстап бермеген. Екі тентекті тығып отырған мен емеспін, өзі тауып алса еркі» депті.
«Өз қолымнан бермеймін, өз қолыңмен ала бер», — дегені ғой, — деп Қамқа әжем күлкі аралас күрсініп қойды.
«Әрине енді, бәйбіше... — деп Оразалы ыңғайсызданып қалды. — Қабекеме де оңай болды дейсіз бе, енді әлі келмесе қайтсын. Сіз аржағын тыңдаңыз, Қабекемнің тереңдігін сонда түсінесіз. Тобықтының ішіне жансыз жіберіп, Еспембет Еңлік пен Кебектің алты ай бойы паналап жатқан үңгірінің үстінен шығады. Еңлік пен Кебек, бұл кезде балалы болып қалған, қаша алмай қолға түседі. «Безбүйрек» атанған Еспембет емес пе, екі жасты өлім жазасына бұйырыпты. Жесір иесі Сыбандар «біз кісі өліміне араласпаймыз» деп кетіп қалыпты. Содан екі жастың мойнына қыл шылбыр салып, аттың құйрығына байлапты.
«Астапыраллай» деп Қамқа әжем түршігіп кетті.
Meн де шошып кетіп әжемнің бауырына тығылыппын.
«Қабекем жер қозғалса қозғалмайтын адам ғой, содан шөккен нардай үнсіз отырып қалыпты. Найманға ат ізін салмай, ердің құнын да сұрамай, солай он жыл отырыпты.
«Шыдамды-ақ екен сабазың, — деді Қамқа әжем. — Ал, Наймандар ше?»
«Кісі өлтірген ел емес пе, Наймандарда Тобықтыға қарайтын не бет болсын. Бұрын қыз алысып, қыз берісіп, сүйек шатысып, қойы қоралас дегендей, қоян — қолтық отырған ел, енді ағайынның бетіне қарай алмай іргесін аулақтай беріпті. Жыл сайын жайлауға шыққанда бір көш, жарты көш жер ысырылып, Тобықтыдан аулағырақ барып қонады екен. Қабекем болса, олар аулақтаған сайын, іргесін тақап барып қонып, Найманды әрі қарай ысыра беріпті. Шыңғыстау дейтін қасиетті қонысымыз бар, бәйбіше, сөйтіп жарықтық Қабекем сол Шыңғыс таудың талай жерін Найманнан Тобықтыға ауыстырып алыпты.
«Ердің құнын еппен-ақ қайтарған екен сабазың, — деді Қамқа әжем.
«Жоқ, ердің құны онымен тана қайтқан жоқ, бәйбіше, — деп Оразалы әңгімесін жалғады. — Он жыл өткен соң, Қабекең хабар салып үш жүздің баласынан үш би шақырыпты. «Ал, ағайын, осындай бір іс болды. Мына Найман әлім жеттік қылып арыстай азаматымды өлтірді. Ағайын өкпеге қиса да өлімге қимақ жоқ еді, ертең жүз көрісетін ағайынмен қан төгіске бармадым, әйтпесе ер намысы үшін басын оққа байлайтын ұл Тобықтыдан табылмай қалған жоқ. Үндемей он жыл отырдым. Уа, мына қиянатқа не дейсің, ағайын?» — депті. Үш жүздің үш биі пәтуаласып: «өкпең орынды, Кеңгірбай, мұндай қиянат бел алса ел болмаймыз. Не айтсаң да орынды, осының төрелігін, кесімін өзің айт. Біз соған тоқтаймыз», — депті.
«Кесімін айтсам, — депті Қабекем. — Мен үш адамның құнын сұраймын. Азаматымның құны, келінімнің құны, жас нәресте ұрпағымның құны.
«Найманның өз қызының құнын өзіне төлететін болды-ау, сабазың, — деп Қамқа әжем сөзін бөліп жіберді.
«Оның үстіне, ағайын, мен он жыл төздім, соның үшін құнды он есе қылып төлесін депті», — деп бітірді сөзін Оразалы.
Кейін Еңлік — Кебектің кітабын оқып, ойынын да көрдім, аудандық театрдың артистері боянып алып ойнағанда жыладым да, бірақ алғашқы естіген әңгімем есімнен кетпей қойды. Әсіресе кісі өлтірген ел. Ағайынның бетіне келе алмай атам заманнан жайлап келе жатқан жайлауын тастап, қонысынан сырғи берген. Еңлік пен Кебекті жерлеуге қатысқан аз адам, тіпті түптеп келгенде, кейін «Семізбүйрек» атанып кеткен Еспембет болса да, ұяты тұтас бір рулы елге келген. Солардың ішінде екі жасқа жаны қимаған, Еспембеттің қанды қолын қаға алмай қапы қалғандары да Тобықты баласының бетіне қарай алмай жерге кірердей болып жүргенін ішім сезеді. Тіпті ешкім айыптап, көзіне шұқып бетіне баспаса да жүзі шыдай алмай жүрген адамдарды өз көзіммен көргендей болам. Екі жастың ажалы екі елдің арасын ор қазғандай бөліп кеткен. Қанша жерінен сырғып, үш адамның құнын ел болып он есе төлеп шала шабылып қалғанда барып, сол адамдар ел бетіне қаратпай жүрген ұятынан айығып, аз да болса еңсесін көтеріп, бойлары бір жеңілдеп қалған болар.
Бала қиялы әр нәрсені ұлғайтып алады ғой, содан ба білмеймін, тек осы әңгімені еске алғанда менің көз алдыма кісі өлтірген ұятына шыдай алмай, жерге қарап, тұнжырап үнсіз көшіп баратқан қалың ел елестейтін, көп қайталанып көзіме қанығы болып қалған осы елес, мазақ қылғандай қазір де кейде көз алдыма келеді.
Неміс халқы жайлы тарихтан аздаған хабарым болатын, мектепте өткенбіз, дүниеге небір асқан дана кемеңгерлер мен данышпандарды, небір дүлдүл өнерпаздарды берген ұлы халық деп еститінмін. Олардың ішінен де, ел болғасын, талай Еспембет табылған шығар, бірақ ертең осы халық адам баласының бетіне қалай қарайды? Найманды қысқан ұят, оларды мың есе қысса аз емес пе?
Өзгесін айтпай-ақ, өзім көзіммен көрген үлкен бір ауылдың қызыл шақа баласынан еңкейген кәрісіне дейін түгел қырған қылмысы... Бұл менің миыма сыймайды. Қалың жаудың ортасында, қияметтің ішінде жүргеніме екі жылдан астам уақыт болыпты, тозаққа да үйреніп кететін кезім болып еді, бірақ осы оқиға көз алдыма елестеген сайын жынданып кете жаздаймын.
Шыққыр көзім бәрін көрді. Білмеймін, есімнен адасып қалдым ба, екі қабат әйелге мұндай сұмдыққа қараудың өзі қатер екенін ұмытып, бақырайып тұра беріппін, басыма төнген қатерді де, жан сақтауды да ұмытып кеттім. Тек ауық-ауық көзім қарауытып, дүние бұлдырап кетеді де, қайтадан анықталады. Әрі-беріден соң болып жатқан оқиғаның мән-мағынасын түсінуден қалып, тек жалаң суретін ғана көз алдымнан өткізе бердім. Бауырымен жер соғып, қарды тырналап жанталасқан ақ бас шалдың басынан қан бұрқ етті, қол аяғын соза берді де денесі сылқ етіп, тына қалды, самайынан аққан қан аппақ ұлпа сақалын қызартып жіберді. Бір телогрейка киген жуан әйел етпетінен шөге беріп, жер иіскей құлапты, шешесінің қолынан ұшып кеткен жөргектегі бала домалап келіп бәрінен бері жатыр... сарғыш құндағының өкпе тұсынан тепсініп қан шығыпты. Тірі жәндіктей дірілдеп жұлқынған автоматтарын иықтарына қысып алып солдаттар атып жатыр. Төбенің басында тізіліп тұрған жұртты ұстарамен қырыққандай әп-сәтте жоқ қылды. Енді қырдың басын тазарта бастапты. Сәждеге жығылғандай жүресінен қарды сүзе құлаған әйелді екі солдат сүйретіп апарып сайға қарай домалатып жібереді. Ақбас шалдың денесін біреуі аяғынан сүйреп барады. Кәдімгі бір қора тазалағандай бәрі мұқият қимылдайды, әп-сәтте жарқабақта жан қалдырмай тап-тұйнақтай тазартып шығарды. Берегіректе ұмыт қалып баратқан құндақтаулы баланы біреуі қуыршақтай көтеріп алып, жарқабақтың басына барып сайға қарай атып жіберді. Ұзын тұра тағы да бір нәрседен команда беріп еді, солдаттар қабақтың басына тізіліп тұра қалып, автоматтарының аузын төмен қаратып сайдағы өліктерді қайтадан ата бастады.
Менің де, кеудемде жан жоқ сияқты, ешбір түйсік, түйсіну жоқ, денемнің де бар-жоғын сезбедім. Тек көз ғана бар. Ешнәрсенің мән-мағынасын пайымдамай, түсініп ұқпай алдындағының бірін қаны жібермей көре беретін көз ғана бар. Үрей мен қорқыныш, аяныш пен түршігу деген сезімдер де сеніп қалған, бар денем осы қырғынның бар суретін қапысыз түсіріп алып жатқан жансыз әйнек сияқты. Адамға тән сезім әлі жетпейтін пәлемен айқасуға жарамай бас бағып кеудемнің бір түкпірінде бұғып қалған, селт етпейді, менің жынданып кетпегенім де содан болар.
Осы оқиға менің кеудемде кейін, көп кейін барып тірілді. Меңіреу көңілім айығып, кеще болып қалған ойым оянып, болған іс көз алдымда қайтадан тірілгенде, тұла бойым түршігіп кетеді. Әлі де болса есімнен адасып қала жаздаймын. Көзі құрғыр бірін қаны жібермей көріпті де, дәл сол кезде жанымды қинамай жадымның бір түкпіріне тыға беріпті. Атар алдында әкесінің мойнынан тас құшақтап алып, жеті жасар сары қыздың «папа, не хочу умирать! Папа, спрячь меня!» деп шыңғырғаны. Кішкентай Парашканың «мама, мне больно» деген даусын да оқ арасынан естіп қалдым. Шыңғырған, ыңырсыған, қырылдаған дауыстар лоқсып келіп құлағымды тұндырып, көзімді қарауытып жібереді. Ақбас шалдың денесін сирағынан сүйреп әкеткенде басы қайрылып, иегімен қарды күреп баратқаны да көз алдымда тұр. Солдаттардың аяғымен тапталған қар кәдімгідей қызыл ала, қан соқта болып қалды. Осы көріністер кейде тұтасып келіп, жанымды қинап, кейде қаға берісте ұмыт қалған бір көрініс жеке елестеп жүрегіме біз сұғып алғандай шаншып өтеді.
Сай бойындағы шаруасын тындырып бәрі деревняға қайтты. Күн батып барады, батыс жақ тұтас қып-қызыл қанталап кетіпті, деревня өртеніп жатыр. Батар күннің қызғылт сәулесімен өрттің жалыны тұтасып бүкіл көкжиекті от көмкеріп, бар әлемді өрт жайлап келе жатқандай. Мен бес-алты орыс полицайлардың арасында келем.
— Деревняны түгел өртей ме екен? — дейді жастау біреуі.
— Бұйрық солай.
— Өзі де өртеніпті ғой.
— Жоқ, әлі біраз жұмыс бар. Қысты күні үйлер тез өртене қоймайды.
— Керосин құю керек.
— Айтады-ау, бұ да, цистернамен алып жүрген керосинің бар ма.
Мен ауыр денемді әзер сүйретіп осылардың қадамына ілесіп келемін. Алды-артымды, не болатынымды ойламаймын да, әйтеуір айдаған жағына жүре беретін меңіреу көнбістіліктен өзге түк жоқ менде, қаракетсіз, ойсыз, талпыныссыз құр кеудем сүйретіліп келе жатыр. Полицайлардың сөзін құлағым естігені болмаса мәніне ой жүгіртерлік шамам жоқ, тұла бойым зілденіп төмен тартып барады. Еркектердің қадамына ілесе алмай кейінірек қалып бара жатыр едім, полицайлардың біреуі мылтықтың дүмімен итеріп жіберді, етпетімнен құлап кете жаздап бойымды әзер түзедім.
— А ну, шагай... — деп аяғына бір жаман сөзді қосып қойды.
— Что с ней то чикаться... укокошить и все тут, — деді шикіл сары қайқы тұмсық жас жігіт.
— Нет, это не порядок, — деп оларды Усачев тыйып тастады.
Орыс тіліне әлі де шорқақпын, әңгіме мен туралы екенін білсем де «укокошить» дегеніне түсіне алмап едім. Немістердің бұйрығын екі етпей орындайтын Усачевтің тыйып тастағанына қарағанында, шамасы «атып таста» дегені болар; дәл қазір ата салса да онша жаным қиналатын түрі жоқ. Ажал мен тірліктің арасын ажыратудан да қалдым, өне бойымды ауырлатқан меңіреу салмақты ғана сезем. Мына өртеніп жатқан деревняның шетіндегі тапталған қардың үстіне сулата салса жаным тыншығып жай табатын сияқты.
2
— Тыңдай алмаймын!.. Шыдай алмаймын!.. Құрып кетсін бәрі! — Шыңғырып шыққан дауыс сөніп қалған меңіреу көңілімді тітіркентіп оятып жіберді. Деревняның шетінде, өртенбей қалған кішкене үйдің қасында тұр екенбіз, полицайлардың бір-екеуі үйге кіріп барады. Полицай формасындағы қайқы тұмсық, ақсары кішкене беті қызара бөртіп, долырып кеткен жас жігіт... ышқынып айқай салған сол екен, танып қалдым, манағы мені «укокошить» дейтін осы. Омырауын қос қолымен айырып жіберіп «не могу» деп айқай салады. Омырауы ашық болса да тұншығып, қылқынып, бұғауға түскендей бұлданады. Үлкендеу бір полицай келіп:
— Жетер! Ақымақ болма! — деп қолынан ұстай беріп еді, оны итеріп жіберіп, қолындағы мылтығын жұлып алып бет алды құла дүз парт-парт еткізіп атып жіберді де мылтықты жерге бір-ақ ұрды. Содан кейін аяғының буыны кетіп қалғандай жерге сылқ етіп жүрелей отыра кетті де, кенет қайтадан ышқынып, қос жұдырығымен қос шекесіне қойып жіберіп, көкірегі қарс айрылғандай:
— Ох не могу! — деді тағы да даусы барлығып.
Усачев те осы арада екен, ірі денесімен иіліп, ананы қолтығынан көтеріп тұрғызды.
— Ақымақ болма. Немістер көріп қалса...
— Бұған арақ ішкізу керек. Арақ бар ма? — Мұны айтқан жаңағы қолына жармасатын кекселеу полицай. — Арақсыз бізге де оңай болып тұрған жоқ, — деп күрсініп қойды ол.
— Самогон жетерлік, — деді Усачев, — Іштегі өртті сонымен сөндірмесек. Қанша құйсаң да жетеді.
Осы кезде өтіп баратқан үш-төрт немістің біреуі бұрылып, бұларға тіл қатты:
— Отдыхай, немного отдыхай. Гуляй...
Қайқы тұмсық шикіл сары жігіт әлі де есін жия алмай қалшылдап Усачевтің иығына сүйеніп тұр, бетінің бұлшық еттері солқылдап, жылағысы келген баладай аузы қисайып кеткен, шегірлене шатынап кеткен көк көзінде мағынасыз, мәнсіз үрей бар. Жынданған адамның көзіне ұқсай ма, әлде байқаусызда ойнатып отырған бөпесін өлтіріп алып, зәресі ұшып кеткен баланың көзіне ұқсай ма... әйтеуір жаның түршіге тұрып аяп кетесің.
— Нe үшін? Нe үшін бұларды... Жазығы не? — дейді жас жігіт аузы кемсеңдеп.
— Не үшіні қалай. Немістердің гарнизонын тұтас қырып жіберген жоқ па, — дейді Усачев күмілжіп, — Немістер тәртіпсіздікке жол бермейді.
— Гарнизонды қырған партизандар еді ғой, — дейді егде полицай. Ол да ойының ар жағын айта алмай күмілжіп тоқтады.
— Партизандарға хабар берген... астыртын байланысқан осылар емес пе? — Усачев мына қырғынға кенет дәл ел тауып алғанына қуанып кеткендей айызданып қызына сөйледі. — Осының бәрі Носовецтің ісі. Осында келген ізін байқап қалдым. Бірақ ұстай алмадым. Әрине бұл соның ісі. Осы пәлеге ұрындырған сол.
— Деревняның адамдарын қырған біз емес пе? — деді жас жігіт, барлығып шыққан жылаңқы дауыспен. Ол ағасының мойнына асылған баладай сүлдері құрып, Усачевтің иығына сүйеніп алған, солқылдап жылап жіберетіндей «ох» деп азалы күрсінді.
— Неге біз? — ден шошып кетті егде полицай. — Біз атқан жоқпыз. Атқан немістің солдаттары.
— Шынында солай-ау, ә? — деді жас жігіт кенет ажалдан құтылғандай қуана елегізіп. — Атқан біз емес қой. Біз атқан жоқпыз ғой.
— Иә, атқан біз емес, — деді нағыз дауыс.
Үйдің ішінен орта жастағы, төртпақ мығым полицай шығып келеді, мұны айтқан сол, даусы қырылдақ болса да тастай сөйлейді, жирен қабағының астынан сүзе қараған шегір көзі де өткір.
Біз тек қол-аяғын матап бердік. Атуын немістер атты.
— Әрине біз енді былай... — деп күмілжіді егде полицай.
— Жә, партизандардың алдында ақталарсың, — деп зекіп тастады төртпақ полицай, — Менің алдымда ақталмай-ақ қой. Бәріміздің үңгіріміз бір. Не көрсек те енді бірге көреміз. Самогон әкеліпсіңдер де, закусканы ойламапсыңдар ғой.
— Погреб бар емес пе, погреб. — Бұл гүжілдеп шыққан Усачевтің даусы, осы топтың ішіндегі құлағыма кәнігі болған жалған дауыс. — Погребті ақтарып шығыңдар. Бір нәрсе табылар. Бұл Герасимовнаның хатасы ғой. Ол күтімдар кемпір болатын.
Герасимовна... Осы бір есім мені шырт ұйқыдан оятып жібергендей «Герасимовна...» Құдай-ау, мынау Дуня апайдың үйі ғой. Менің екі ай паналаған мекенім. Мәңгіріп қалған басым өзім тұрған үйге келгенімді де байқамаппын. Шатыры қисая бастаған, тозған ағашы шытынап жарылып, түрі күлгін тартып бояуы оңып кеткен, жалғыз терезелі жұпыны үйге қараймын. Бұл үйді мен танитын да, танымайтын да сияқтымын. Айтпақшы, бұл үйдің іші болмаса сырты маған онша таныс емес-ті, түн баласында ғана әжетім үшін, бұқпантайлап сыртқа шыққаным болмаса, күні бойы үй ішінде ұядағы балапандай бұғып қана жататынмын. Сол жылы ұямнан суық қол суырып алып еді; енді мінекей сол ұяма қайтып оралыппын. Бірақ енді ойраны шыққан ескі ұя маған пана бола алмасы анық, қайта ажалым осы арада болмаса неғылсын.
Құданың құдіреті, сол бір жирен шашты жас полицайдың маған неге сонша өшіккеніне, неше ойлап, осы күнге дейін ақылым жетпей-ақ қойды. Өзін адам аяғандай болып тұрғанда, панасыз, мүсәпір біреуге әкесін өлтірген адамнан бетер шүйліккені...
Осынша сұмдықтан есінен танып, басы қаңғырып жер соқты болып қалған жас полицайды кәдімгідей мүсіркеп, арқасынан қаусыра құшақтап:
— Жүр, Тереха, — ден Усачев үйге қарай сүйрей беpiп еді, оның жын қаққандай алақтаған көзі маған түсті.
Әуел «бұл қайдан келген мақлұқ?» дегендей маған таңырқай қарап тұрды да, кенет көк көзі шатынап қоя берді. Басы дірілдей қалшылдап булығып тұр. Содан қолы қалтырап Усачевтың иығындағы винтовкаға жармасты.
— Қазір... қазір... бір минутке... атып тастаймын.
— Жә, жынданба, — деп Усачев қолын қағып еді, жас жігіт тіпті өзеуреп кетті. Кенет қайта тірілгендей денесі ширығып, қимылы қызуланып барады, Усачевтың иығындағы мылтықты тас қылып ұстап алып, жұлып алмай айырылар емес.
Оның өзеуреген осы бір түрі мені шырт ұйқыдан оятып жібергендей болды, манадан бергі сөніп қалған үрейім қайта тұтанып, қапелімде шошып кетіп, арқамды ағаш үйдің қабырғасына ышқына тірей беріппін. Қабырғаны ойып ішке кіріп кеткім келеді. Көз алдымда, мылтыққа таласып, арпалысқан екі адам. Менің жалғыз үмітім еңгезердей Усачев. Бір минут па, әлде бір жыл ма, білмеймін, маған сол бір жылдай көрінді. Әлуетті Усачев ақыры ана жігітті еңсеріп алған екен, жас полицайдың қынуы кетіп, қайта әлсіреп қалыпты, әкесінің қолынан бұлқынып шыға алмаған жас баладай жыларман дауыспен жалынады келіп:
— Ну, дядя Лука... Дядя Лука, беріңізші мылтығыңызды. Бір минутке... Бір минутке ғана беріңізші. Біздің адамдардың бәрін... бәрін қырып тастады ғой. Ну, бір минутке... Мен тез... Тез бітірем саудасын.
— Мұның оған қатынасы жоқ қой. Бұл немка емес қой, — деді төртпақ полицай.
Бұл сөз төртпақ полицайдың көмейінен күмілжіп шықса да, әйтеуір менің пайдама айтылған сөз екенін аңғарып жүрегім шым ете қалды.
— Какая разница. Бәрібір біздің адам емес. Түрі бөлек. Көрмейсіңдер ме? Біздің адамдарды қырып салған жоқ па, а? Қырып салды ғой. Мұның несі артық? Өз адамдарымызды аямағанда... Неге? Неге? Мылтықтарыңды аяйсыңдар, сараң иттер.
— Жынданба, Тереха. Не порядок это. Үйге жүр, — деп қауқарлы Усачев жас полицайды қапсыра құшақтап ішке қарай сүйреп баратқанда, кішкене көңілім орнығайын деп еді, бірақ есіктен кіре бергенде анау қайта бұлқынып еңгезердей Усачевты балаша сүйретіп шықты. Құдай сақтағанда, босанып кете алмай, жынды көзі алақтап, маған түйіліп:
— Ух, стерва брюхатая! Все равно прикончу тебя! — деді.
Бір ғажабы жас полицай маған қанша өшіксе де, мен оған тіпті өшіге алмадым, қанша жынданып, долырып өзеурегенмен, өзінің хәлі адам аяғандай. Ол кезде, ақылға салып оның халін саралап түсінуге пұрсатым да, білімім де жетіп пе, әйтеуір іштей түйген бір түйсігім ғой. Дәл қазір басына қатер төніп тұрмаса да оның хәлінің менің хәлімнен де қиын екенін ұққан сияқтымын, содан шығар, қанша қорықсам да, қарсы алдымда қас дұшпан емес, қолына өткір пышақ ұстаған есалаң бала тұрғандай зәрсіз үрейлендім.
Үйдің ішіне бес-алты полицай жиналған. Дуня апай екеуміз шүңкиіп отырып тамақ ішетін, көзім үйренген қара стол. Жалпақ төрт тақтайды қиыстырып мықтап шегелеп тастаған, бояусыз тақтайы қарауытып кеткен ескі де болса мығым стол. Үйдегі үш орындық аздық еткесін столдың бір жағын Дуня апайдың кереуетіне тақап қойған. Полицайлардың қаңқылдаған даусы басылып, өлік шыққан үйге келгендей түнеріңкі. Жаңағы мені атамын деп аласұрған жас полицай да намазға жығылған үлкендердің қасындағы баладай іштен тына қалыпты, құдай оңдап мен отырған босағаға көз қиығы түспеді, алдындағы бір нүктеге үңіліп сазарып отыр.
Манағы егде полицай, түрін анықтап жаңа байқадым, биік мұрынды, ат жақты қараторы, қапсағай кісі екен, шелектей шөлмекке толы арақты еппен әкеліп столдың үстіне қойып жатыр. Қайқы тұмсықты, қайқы иек сары столға тағам тасып жүр, әншейінде қол-аяғы мен аузы тыным таппай ұшып қонып тұратын қызыл дақ сары болар, бірақ қазір бойына сабыр ұялап, ернін жымқыра тістеп, еппен үнсіз қимылдайды. Сұмдық қаза, қылмыс қаза бұлардың да еңсесін басып, денелерін ауырлатып тастаған сияқты, сараң самарқау ғана, ұрлық қылған адамдай күңкілдесіп сөйлеседі.
— Сүр майды турап жібер.
— Нанды қолымен омыра бер, пышақ жетпейді.
— Стақан аз ғой.
— Кезекпен ішесіңдер.
Сүр май мен қара нанның қышқыл иісі мұрныма келіп, күні бойы өліп қалған нәпсім қайта тіріліп, жүрегім сазып қоя берді, таң атқалы нәр татпаған екем-ау. Қазақ айтқан үш арсыздың бірі — тамақ деген құрғыр енді мені қинап барады. Бірақ тамақ сұрауға қазір тыныш отырған жынды жac полицайды қайтадан құтыртып алам ба деп қорқам, өздерімен өздері болып, олар мені ұмытып кеткен кезде бар-жоғымды сездірмей тыныш отыра берейін.
Сары дәу шөлмекті қолтығына қаусыра көтеріп қалайы кружкаларға шорылдатып самогон құйып жатыр. Төртпақ полицай толы кружканы қолына алып төңірегін көзімен шолып өтті, аналар да әлденеге тына қалған.
— Енді... несі бар, — деді қарлыққан қатқыл даусымен, — Енді... мұндайда... топырақтары торқа болсын. Тие берсін... дейміз де.
Төртпақ полицай самогонды қылқылдатып ұзақ жұтып, кружканы шалқая көтеріп барып тауысты да, тамақ алмастан бұрын жұдырығының сыртымен аузын екі рет сипап өтті. Өзгелері де «әмин», «тие берсін» деп көтеріп жатыр.
— Кәне, Тереха, ішіп жібер. Жеңілдеп қаласың.
Қақырынып қойып, тұнжырап үнсіз жұтып жатқандар да, осы кезде тірілейін деді.
— Давай, Тереха! Тайсалмай іш.
— Бойың жеңілдеп қалады, — деп қыштай жөнелді өзгелері.
— Сен бала,өзің әлі шалалау екенсің, — деді төртпақ полицай, — Буының қатып болмаған. Шыдай бер. Көресің әлі алда.
— Молодо зелено. Жас қой. Ол түгіл өзіміз де... Қанша ересек болсақ та буынымыз қалтырап кетті. Мұндайды бұрын кім көрген. — Манадан бері жұрттың тұнжыраңқы көңіл күйіне бағынып, аузын шымшып буған қапшықтай тырсиып, сөзін ішіне сыйғыза алмай жүрген шөже сары біреу түртіп қалып тесіп жібергендей енді ағытылып кетті. — Әрине бұлар енді айыпты ғой. Немістің сонша әскерін қырып жіберген. Олар енді партизандар ғой. Бірақ ... кішкентай балаларды атқаны.
— Қық!.. — деп төртпақ полицай столды қойып қалды.
Осылардың бастығы ма, әлде іштеріндегі арқалысы сол ма, өзгелері селк ете түсіп, тына қалды, тек шөже сары ғана төгіліп баратқан топан сөзін кілт тоқтата алмай:
— Әрине енді былай... Мен сөздің ретін айтып жатқаным ғой, — деп күмілжіп барып тоқтады.
— Оттама! Сөздің реті ол емес. Кәнекей арақ құйыңдар, — деп әмір етті төртпақ полицай. — Оттай берсең оңбайсың. Қазір елжіреп, егілетін уақыт емес. Жүрегіңді тас түйіп уысыңа қысып ал.
— Кәне. Құй тағы да.
— Аяма, бұл шіркін жетеді.
— Эх, ма!.. Іштің өртін осымен сөндірейік.
Арақ шіркіннің күші бөлек пе, қалай, қанша қатыгез, қаныпезер болғанмен дүйім халықтың қанына ортақ болып, ауыр қылмыс еңселерін басқан полицайлар тез арада-ақ серги бастады. Әрі-беріден соң гүжілдеп, кішкене бөлмені барлыққан мас дауыстарымен теңселтіп әкетті.
— Қане, қане, құй тағы да.
— Қасіретімізді тұншықтырайық. Толтырып құй.
— Ішім өртеніп барады, әкелші тағы.
Бөлменің іші темекі түтінінен тұманданып барады, Дуня апайдың жетілік керосин шамының жарығы да әлсіз, көбіне шалқайған бет-жүздерді емес, бүлкілдеген жұтқыншақтар мен созылған өңештерді ғана көремін. Осы үйге кірген алты-ақ адам еді, үстеріне ешкім қосылмаса да тіпті көбейіп кеткен сияқты. Осылардың арасында бебеу қағып шөже сары жүр, қазір айтпаса дүние күйіп кететін бір маңызды сөзі бардай өзгенің иығынан жұлқылап жабысады, ол тыңдамай итеріп жіберсе қайқы тұмсық пен шақшаның түбіндей қайқиған иек келесі құлаққа барып қадалады. Енді дауыстар да қаттырақ шыға бастады. Сөздерінің бірін түсініп, бірін түсінбей де қалам, әрі-беріден соң дабырлаған дауыстар қосылып тұтас бір гүжілге айналды да, ешнәрсенің мағынасын ұққаным жоқ. Уақыт мезгілді, отырған орнымды, тіпті бүгінгі көз алдымнан өткен буы басылмаған ұлы қырғынды да ұмытып, тұла бойым ауырлап меңіреуленіп бара жатыр едім, «ой мама» деген ащы дауыстан селк ете қалдым.
— Ой, мама! Мамочка! Мен не істедім? Не істедім? Құтқар мені, мамочка.
Сол жас полицай. Жас баладай шешесін шақырып, кеңкілдеп жылайды. Өзара гуілдесіп кеткен полицайлар сөзден тыйылып, бәрінің ықыласы соған ауды, қаумалап жұбатып, қойып, ақыл айтып ортаға алып жатыр.
— Ой ақымақ, шешеңнің етегіне жармасқан жас бала ма едің?
— Жә, ақымақ болма, ішіп жібер.
— Қой енді, қой. О несі-ай.
— Шегі жіңішке ғой. Қайдан шыдасын.
Осы дабырласқан дауыстардың арасынан тағы да ышқынып:
— Ой, мама! Мамочка родная. Что же я наделал?! — деп еңіреп, қалшылдап жылады.
— Заткнись, дурак! Без тебя точно! — деп төртпақ полицай ақырып жіберді. Оның қырылдақ даусы құдды арамен тіліп өткендей. — Бұл немеге тағы да құйып жіберіңдер, — деді содан кейін сабасына түсіп.
— Иә, иә, құйып жіберіңдер.
— Арақ жарықтық ол бәрін басады, — деп дабырласа қоштаған дауыстар мұрнын тартып қорсылдаған жас полицайдың өксігін көміп кетті.
Уақыт тоқтап қалды ма, білмеймін, көк ала түтіннің ішіндегі гүжілдеген дауыс мәңгі-бақи бітпейтін тәрізді.
Ауық-ауық қалғып кетем бе, әлде есімнен айрылып қалам ба, әйтеуір көкала түтін мен барылдаған дауыстар үзіліп кетіп қайта жалғана береді.
Тағы да, енді тіпті үйреншікті болып алған, меңіреу халге ауысып бара жатыр едім, ішім сыздап бүріп әкетті. Бүйірім солқ-солқ ете қалды, іштен тепкілеп жатыр. О, жасаған. Бұ да бар екен ғой. Ішімде өліп қалғандай күні бойы бір белгі бермей бар-жоғын ұмыттырып жіберіп еді, Әлде толғағы түскірі келіп қалды ма? Сорлы, сен де туатын мезгіліңді тапқан екенсің. Бармағымды тістеп алып біраз отырдым. Бір кезде құрсағымды бүріп алған ауру шымырлап жанымды шығара рахаттандырып кейін қайта бастады.
Есімді жиып төңірегіме зер салғанда көкала түтін арасынан еңгезердей Усачевты көрдім, орыстың самогоны иілді де ұрып жығатын шығар, шайқалып, құлауға әзер тұр. Басы былқ-сылқ етіп, хәлі кетіп қалған жас полицайды теңселе құшақтап, тілі күрмеліп:
— Тереха... Тереха... Ты меня увважаешь, а? Я тебя как брата родного... А ты меня уважаешь, а? — деп жабысады. — Нет ты скажи мне... Скажи... Ты меня уважаешь?
Баяғы полкта жүргенде орыстың келіншектері айтушы еді: еркектер ішіп алғанда «сыйласу» туралы сөз қозғаса-ақ бітті, ізінше төбелес басталады деп. Мыналар да тым кеукілдесіп барады, ақырын бір құдайдың өзі білсін. Бір шатақ шықса... екі ортада шыбын өледі деп...
Құрбандыққа шалуға аяғын буып тастаған қой сияқты, тағдырға мойын ұсынып, неге болса да көндіккен жағдайым бар еді. Оның үстіне өз ордасында, отанында отырған қыруар жұрт қырылғанда жел айдаған қаңбақтай қаңғып жүрген жалғыз бұралқы менің тірі қалуым, қайыршыға ханның сыбағасын сыйлаған тәрізді, тым өрескел де көрінеді, жаншылып қалған жалқау көңілмен самарқау ғана ақтық сағатымды тосып едім. Жаңа ғана құрсағымды тепкілеген жан иесі ұйықтап қалған үрейімді оятып жіберді. Мені комендатураға апарғанмен жаным қалмас, болмаса мына мас полицайлар жол үстінде-ақ жайрата салар деген ойдан шошына ширығып, қайткенде жан сақтауды ойладым.
Мына құрғырлар мелшесінен келіп, дуылдасып жатқанда ебін тауып, шығып кетсем... Бір баққаным төртпақ полицай, Усачевтей денелі болмаса да, жуық арада араққа алдырмайтын қу екен, ішкен сайын тек түнере береді, тіпті сөзге де сараң болып алды. Бірақ, құдай оңдағанда, оның менімен онша ісі де жоқ сияқты.
Босағада, дәл есіктің түбінде отырғанмын, сыртқа шығып баратқан біреуі маған сүрініп кетті де:
— Аяққа оралғы болып... Бар шуланға кет! — сауырымнан теуіп жіберді.
— Тырп етпе, осы жерде отыр, — деді шуланға менімен ілесе шығып, қараңғы бұрышты нұсқап.
Ол түзге шығып қайта кіргенде, құдай оңдап ұмытып кеткен болар, қараңғы шоланнан мені іздеген жоқ. Саңлау қалған есіктен іштегі гуілдеген көп дауыстың арасынан Усачевтың гүжілдегені құлағыма шалынды. Ол енді «сыйлауды» азырқанып, «мені ешкім жақсы көрмейді», деп жыларман болып біреуге мұңын шағып жатыр. «Қашу, құтылу керек» деген жігерлі ой жетелеп, бойымның ауырлығын сезбей зытып сыртқа шықтым.
Күтпеген жерден лапылдаған жалын көзге ұрып, қабырғаға арқамды тіреп тұра қалдым. Есімді жиып, зейін тоқтата қарасам деревняның өртеніп жатқан үйлерінің жалыны екен. Кейбіреулері сөне бастапты, әрегіректе болса білмеймін, бұл шетте Дуня апайдың үйінен өзге өртенбеген үй көрінбейді. Әр жерден қара қошқыл жалын үңгіп жатқан түн қараңғысында оқта-текте патыр-патыр ете қалып, тысырлап жанған өрттің өз дыбысынан басқа үн жоқ. Демімді ішіме тартып аз тұрдым. Көптен беpi тығылып жатып, қарекет қылуды да ұмытып кеткен түрім бар. Мана да сол құрбандыққа апаратқан тоқтыдай айдаған жақтарына жүре беріп едім, енді бас жібім босап кеткенде... қалай жан сақтауымды білмей сасып тұрмын. Айтпақшы немістер бар еді-ау. Олар көрінбейді де, естілмейді. Басқа бір үйде тойлап жатыр ма екен, әлде кетіп қалды ма? Осы мен неғып тұрмын? Тезірек...
Сарайдың қасына қалай келіп қалғанымды да білмедім. Сипалап есігін аша бергенімде іштен бір нәрсе тыпыр ете түсті, қаша жөнелуге шамам келмей есікке жабысып тұра қалыппын. Уһ, құдай-ай, Дуня апайдың сиыры Зойка екен. Ауыр күрсінгендей ақырын ыңырсыды да, мөңіреп қоя берді. Даусынан үркіп қалсам да, жып беріп ішке кірдім. Мөңіреуін қойғызайын деп қараңғыда жотасынан сипалап келіп, әукесін қасыдым. Жарықтық сауыны келіп теңселіп тұр екен. Енді бұл ауылда мұның желінін сипайтын тірі қол қалған жоқ. Менің түрім мынау. Әукесін сипаған сайып жануар исініп, тұмсығымен қолтығымнан түртіп қояды. Соңғы сауымын қашан алып еді? Таңертең Дуня апай... Осы бүгін таңертең бе еді?.. Астағыпыраллау, осы бүгін таңертең. Содан бері мен үшін тұтас бір ғұмыр өткен сияқты еді, мына сұмдық тажал күн әлі таусылмай шұбатылып келе жатыр екен ғой. Айтпақшы бүгін түнде осы сарайға түнеп шығып едім-ау, енді тозақтан өтіп сол мекеніме қайтып келіппін. Сипалап барып пішен ішіндегі үңгіген орнымды тауып алып, кірдім де, сылқ етіп құлай кеттім. «Іздесе бұл сарайдан мені оңай тауып алады-ау», «әлде сарайды өртеп кетуі де мүмкін-ау» деген күдік ойлар көкірегімде қозғала түсіп еді, денемді басқан ауыр салмақ, күдік отын өшіріп, тұңғиыққа қарай тартып әкетті.
3
Қанша ұйықтағанымды білмеймін. Ұйықтадым ба? Әлде есімнен танып жаттым ба? Ол арасын ажыратуға да, ойлануға да шамам келмейді. Ұйықтап жатқанда біреу темір шоқпармен ұрып кеткен бе білмеймін, белім сындырып алып барады, барған сайын ауырғаны ұлғайып, жанымды көзімнің ұшына алып келе жатыр, қайда, неғып жатқанымды да ойлауға пұрсат берер емес. Пішенді сусылдатып ырғалып ыңырана берем. Енді бел сүйектің ауырғанына ішім де бүре бастады. «Бұрын дәл мұндай емес еді, апырай, келіп қалғаны ма?» деген ой басыма сап етіп, шошып кеттім. Сол ойға тіркесе, қайда жатқаным да есіме түсті. Бірақ өзге нәрсені ойлауға пұрсатым болмай, бар бітіргенім құдайға сиына бердім. Жасаған-ай, жасаған, кішкене кідірте тұр. Сабыр берші, сабыр.
Жанымның күйзелгені сонша, дабырлаған мен тарсылдаған мылтық даусы да миыма кешеуілдеп жетті. Әуелгіде еш нәрсені түсіне алмадым, әйтеуір бір қарбалас барын сезем. Құлағыма «партизандар, партизандар келіп қалды» деген үрейлі дауыс келеді, бұл полицайлардың даусы болар.
— Сволочтар, шошқаша сіміріп едіңдер. Ал, енді құтылыңдар, — деді ызалы қырылдақ дауыс. Бұл маған таныс дауыс сияқты.
— Шана қайда? Шананы әкеліңдер! — деген дауыс гүж етті. Бұл да маған таныс, айтпақшы Усачевтың даусы, есін жиып алыпты-ау, оңбаған.
— Батыс жақ ашық. Ершиге қарай қашу керек! — деп әмір етті қырылдақ.
— Тезірек шананы жегіңдер. Атты доғарып қойған қандай ит.
— Сен шана жеккенше партизандар күтіп тұра ма.
— Ал, тезірек зытыңдар! Қалған иттер қала берсін.
Ырсылдап жүгіріп баратқан адамдардың аяқ дүрсілі.
Енді мылтық даусы жақындап қалды. Үлкен атыс жоқ, бір-екі рет тарс-тарс етіп қана басылды. Сегізкөзімнің сырқырағаны басылар емес, оның үстіне ішімнің ауырғаны да үдеп, бүріп әкетіп барады. Өзіммен өзім алысып, сырттағы оқиғалардың бірін біліп, бірін білмей де қалам, қазір тіршілік қамын, қауіп-қатерді ойлауға мұрсатым жоқ, жанымды қинаған тән азабымен алысып жатырмын. Сөйтіп жатқанда дабырласып сарайдың қасына келіп қалған адамдарды да байқамаппын.
— Осы сарайда біреу бар.
— Байқаңдар.
— Жараланған адам болар, қиналған даусы шығады, — деген дауыстар қаңғырлап құлағыма келеді, бірақ бұл басқа бір дүниеден естілген дауыс тәрізді, мағынасын ұқпаймын. Тыпыршып сиыр мөңірейді.
— Даусы шөптің арасынан шығады.
— Әйел даусы сияқты.
— Кім бар, мұнда? Кім бар?
«Кім бар?» осы «кім барды» неше айтқанын білмеймін, әйтеуір тағы бір қайталағанда, есім кіріп жауап бергім келіп еді, бірақ сөз орнына ыңырсыған дауысым қаттырақ шықса керек.
— Міне, мына осы жерде. Осы арада.
Біреудің қараңғыда сипалаған қолы иығыма жармасты, көзімді ашып оның қарауытқан тұлғасын да көрдім.
— Ауыр жараланған біреу болар. Вася, аяқ жағынан кел.
Қараңғыда қорбаңдаған екеу мені пішен арасынан суырып алып, көтере бергенде жаным шығып кете жаздап шыңғырып жібердім.
— Осторожно, Вася.
— Сабыр етіңіз, кішкене сабыр етіңіз. Қазір дәрігер жәрдем етеді.
Бұлар далаға алып шыққанша шегім үзіліп кете жаздады. Олар да байғұс асып-сасып, «неге байқамайсың» деп бір-біріне кейіп қояды. Сыртта да біраз адам бар сияқты, дабырлаған дауыстар, қарды күртілдетіп басқан қадам тықыры.
— Ай, шананы әкел. Мында ауыр жаралы адам бар, Сергей Сергеевич қайда. Жаралы адам бар.
Мені жантайтып қарға жатқызып қойды. Тұруға тізем қозғалтар емес, шынтақтап басымды көтердім. Бір партизан атты жаяу айдап келіп, шананы қасыма қойды. Ат тоқтатардағы осы дыбыс тура ешбір әріппен жазуға келмейтіндей, екі еріннің арасын дыбырлап шықты.
— Дабай, нагружай быстро.
Орысшасы да менің орысшамнан аумайды, үні ашық қатқылдау, бір жерде естіген даусым сияқты. Апыр-ау, қайдан естіп ем?.. Охо, құрғыр, құрсағы түскірі бүріп әкетіп барады, біреу келіп үсті-басымды сипалайды.
— Қай жеріңнен жараландың? Қай жеріңнен?
Тіл қатуға пұрсатым бар ма, жаным шығып баратқан да, тек ышқынып, ыңырси берем. Еркектің қарулы қолы о жер, бұ жерімді сипалап келіп, ішіме тірелгенде, кілт тоқтай қалды.
— Екі қабат әйел ғой. Толғағы келіп қалған. Үйге апару керек.
— Үйге апаруға болмайды. Командир кетуге бұйырды.
Жаңағы ат айдаушының даусы. Апырмай, бір таныс...
— О — о, жаны құрғыр-ай.
Менің шыңғыра ыңырсығаннан басқа жауабым жоқ, ол басымды көтеріп салмақ боп, бетіме үңіліп, кілт тоқтады.
— Бұл орыс емес қой.
— Енді кім, немка ма?
— Жоқ. Немка емес. Бір түрлі сіздің ағайынға ұқсайды. Бұл жаққа, бұл қайдан келіп қалды екен? Бұ жердің адамына ұқсамайды.
Кімге ұқсағанда да, құрсын енді, жаным шығып барады. Жаңағы бүріп ауырған ауырған ба, енді қолқаммен қоса бүкіл ішек-қарынымды төмен қарай суырып әкетіп барады. Ұзын біреу еңкейіп келіп, бетіме үңіледі.
— Кто ты такой...
Бұ да ыңырсығаннан басқа жayaп ала алмай, енді кәдімгі қазақша:
— Сен қазақ емеспісің? — деп сұрады.
Құдай-ау, қазақ, қазақпысың дейді. Иә, иә, қазақпын дегім келеді. Иә, мен қазақпын. Білмеймін, сірә даусым шықпай ғана айтқан болармын, анау сұрағын тағы қайталады. Ішек, қарынымды трактормен сүйрегендей төмен қарай әкетіп барады. О-о, жаны құрғыр-ай. Бір саябыр болар ма екен?
Кез алдым жарқ ете қалып, көзімді жұмып қайта аштым. Біреу қол фонарын жағып бетіме үңілді де аңырған күйі аузын ашып қатып қалды. Жарыққа да, жан қинаған ауруға да шыдай алмай көзімді қайта жұмдым. Әлден уақытта әлгі:
— Сіз Еділбаевтың әйелі емессіз бе? — деп сұрады.
«Иә» деуге ғана шамам келді.
— Ай, бәсе, танып қалдым-ау. Meн Абанмын ғой. Абан Бұқашев.
Қайдағы Абан? Қайда көріп едім? Әйтеуір бір таныс адам сияқты.
— Көпірге бомба түскенде... стансада кездесіп едім ғой.
— Қайдағы көпір? Қайдағы бомба?
— Ай, құтылып кете алмассыздар деп қорқып едім сонда.
«Көпір... бомба...» Өртенген вагонның қасы... Еміс-еміс бір елестер көз алдыма келеді, бірақ қазір мен одан қашықпын. Тіпті қашықпын. Қазір дүниенің бәрінен қашықпын. Мына жан күйзелісі мені бәрінен бөліп тастаған. Айтылып жатқан сөздерді еститін, түсінетін тәріздімін, бірақ ол сөздер менен, менің мына жан қиналысымнан бөлек... Тек дауыс, сөз ғана...
— Жолдас дәрігер, жолдас доктор, бұл біздің Еділбаевтың әйелі... Біздің командирдің.
— Апырай, кездесуін қара... Рас па?
— Рас деймін. Мен мұны бұрын көргенмін. Білемін. Мен барып командирді шақырып келейін. Жеңгей, Қасекең тірі. Осында.
«Қасекең... Қасымбек... Тірі... осында...» Жаным қиналып жатқанда алыстан талып естілген осы сөздердің мәнін мен бірден ұға алмадым. «Қасымбектің осында болғаны қалай? Шынымен-ақ мені іздеп тапқаны ма? Бар пәледен құтылатын сағатымның жеткені ме?» Екеуміздің арамызды мына қызыл қырғын, бітпейтұғын қыруар соғыстың қосылмастай үзіп кеткені сонша, мен осы сөзге бірден сене алмадым. Бар шамам келгені:
— Қасымбек пе? — дедім ыңырсып.
Ұзын денелі жігіт бетіме төне түсті.
— Иә, иә, Қасымбек. Қасекең осында.
Бұдан арғысын анық біле бермеймін, Доктор мен ұзын жігіт бір нәрсеге таласты ма, екеуі тіпті керілдесіп қалды. Оған абыр-сабыр жалғасты. Мылтық даусы ма, әйтеуір, бір алас-қапас басталған түрі бар, қозғалып жүріп кетті. Енді бір есімді жиғанда қарлы жолдың үстімен сырғанай ағып келе жатқанымды байқадым. Мұрныма аттың терімен аралас аяз қардың исі келеді. Сәл ғана жаным тынышталғандай. Жаңағы жанымды сығып мұрнымның ұшына әкелген тозақы азап бәсеңсіп, енді жүйкемді шымырлатып, бір ырғақпен суырып, жай ауырады. Терлеп кетсем керек, терімді сүртіп, орамалыммен басымды қымтадым. Зәрем ұшып, сол толғақтың қайтып оралуынан қорқам. «Келмесе екен, келмесе екен, кідіре тұрса екен...» — деп тілеймін.
— Жаудан қарамызды үзіп кеттік білем... хәлі қалай, доктор?
— Бірінші толғағы қайтқан сияқты...
Осы бір жігіттің орысша сөйлеген даусы манағы бір жанталасып жатқандағы шала-шарпы естіп, шала түсінген әңгімені көңіліме қайтып әкелді. «Атым Абан деді-ау». Бірақ бір сөлекеттеу есімді қайдан естіп едім... «Стансаны бомбалағанда...» Иә, иә, өртеніп жатқан вагонның қасында жоғары, тайлаққа салған қоржындар... шалбарының галифесі бұлтиған ұзын бойлы жігіт жөнімді сұрап алып еді-ау. Ұмытпаған екен... айтпақшы, Қасымбек осында деген жоқ па еді? Иә, солай деді. Бұл сөзді қалай есімнен шығарып алғанмын? Шын айтты ма екен? Ол тірі болса майданда, ана жақта, соғыста болмай ма? Бұл жерде неғып жүреді?
Сірә, тәні әлсіреген адамның сезімі де әлсіреп кетеді екен-ау, Қасымбек туралы сұрағым келеді де, әлім жетпей іркіліп қалам. Қасымбек қазір осы маңда бар болса да, мына жігіт жаңсақ айтып жоқ болып шықса да, мен бұл хабардың екеуін де көтере алмайтын тәріздімін. Қасымбек осы түнгі жортуылдағы жұрттың ішінде бар болса да, соншалық алыс, оған менің қолым жетпейді. Және бар болса оның өзі емес, елесі ғана бар сияқты, қолымды созсам жоғалып кетеді. Жалпы маған қазір мына қараңғы түн, ат шана, шана үстіндегі екеу түс сияқты.
Тек өшпейтін де, таусылмайтын жалғыз шындық — тән азабы. Сол ғана саябырсып, жүрегімді шошытып қайтып оралады. Баяғыдан бері көңіл түкпірінде бұғып жатқан, сенбесем де сенгім келетін, бір тілеуім болатын. Іштегімнің сыртқа шығар сағатынан қорқып, құрсағымда жата берсе... жата берсе... тіпті елге аман жеткенше жата берсе екен деп тілеуші едім. Кішкентай баланың ғана көңілін алдауға жарайтын осы далбаса тілек ақылымды ығыстырып, ойымды билеп алған-ды. Алдарқатқан үміттің таусылған жері...
Тағы да белім сындырып алып барады. Сүйегі құрғырдың ауырғаны жаман болады екен, көзіңнен жасыңды ыршытып жібереді, енді оған іш ауруы жалғасты. Жоқ, бұған «ауру» деген сөз тым әлсіз. Бүріп бастап еді, сәлден-ақ жанымды шығарып, іші-бауырымды төмен қарай суырып әкетті. Қиналып аласұрсам керек. «Қазір! Қазір! Шыдаңыз!» деп сасқалақтаған еркек даусын есітемін. Ол қолы қалтырап, іш киімімнен босатып жатыр. Екі еркектің алдында ұялу, қысылу... жоқ, ол туралы тіпті ойлағаным жоқ, қазір тек бүкіл іші бауырымды сығып сыртқа шығарып тастағым келіп күшенемін. Meн сыртқа итеріп, біреу ішімді тысқа айналдырғысы келіп, сүйреп тартып жатса да болмайды. Ішіме тұз құйып жібергендей удай ашытып, қаным басыма шауып, бар тамырым сыздап жарылып кетердей жаным шығып барады. Шананың екі жақтауын сындырып жіберердей екі аяғыммен итеремін кеп.. — Жақ сүйегім қарысып, қалшылдаған темір саусақтарым бүйіріме кіріп барады. Өз терімнен өзім шығып кеткім келіп ышқынамын келіп... Ышқынамын... Бір кезде қақырап шатым айрылып бара жатты. Бүгінгі қырғыннан жалғыз тірі қалғаным дәл осындай көріп болмаған қиямет жазам бар екен ғой.
«Әрбір жан иесінің жарық дүниеге осынша ана ғазабымен келетінін жұрт ойлай ме екен?» Бұл ой маған кейінірек келді. Ал, сол кезде әр сәті жылдан артық созылған қиналыс пен азаптан өзге еш нәрсені білген де, сезген де жоқпын.
4
«Әрбір жан иесінің жарық дүниеге осынша ана ғазабымен келетінін адам деген ойлай ма екен?» Әй, көп адамдар-ақ ойлай бермейтін шығар, ойласа адам құнын осынша арзандатпас еді ғой» деген ой келеді кейде маған. Сол деревнядағы қырғын, — қаны сорғалаған бітелмейтін жара болып жатып алды менің ішімде. Соның мән-мағынасын түсінгім келіп, түсіне алмадым. Кейін жаудың аяусыз қаталдығы жайлы, фашизм жайлы көп естіп, ойға салып саралап сол оқиғаны түсінейін десем... кішкентай күлімдеп тұратын жәудір көзіне дөңгеленіп шыға келген үрей... «Ағатай, ағатайлар. Ән салып берейін» деп жалынып... көзінен жасы парлап, шырылдап шырқай жөнелді. Ышқынған сәби даусы қайталап келіп құлағымда жарып өтеді.
Жоқ, мен бұл қырғынға түсінбеймін. Маған оны ешкім де түсіндіре алмайтын шығар. Тек әйтеуір тірі қалдым, бірақ жанымның жартысын, сонау терең сайдың ішіндегі қалың өліктің ортасында жерлеген жартымын.
Жанымның сол ойсыраған жартысын толтырып тұрған іштен шыққан жарығым, кішкентай Дулатым. Онсыз да ауыр хәлімді екі есе ауырлатса да, оның есесіне маған он есе қайрат, қуат беретін де осы. Қанша азабыңды тартсам да есесін рахатыңмен қайтарып келе жатырсың, күнім.
Жер кепеге көтеріп кіргізіп жатқанда да бірін біліп, бірін білмейтін ұйқылы-ояу халде болдым. Мұрныма сытырлап жанған қарағайдың ащы-тәтті түтін исі келеді, бетімді ысқылтым жалын шарпиды. Тәтті ұйқының арасындағы ұйқылы-ояу сәттерім де тәтті. От басында біреулер күбір-күбір сөйлеседі. Балбыраған жайлы ұйқыдан оянып, арқамнан ауыр жүк түскендей бүкіл денем босап, жеңілденіп баяу рахаттанып жатырмын. Осылай жата берсем. От басындағы күбірлеген сөздер де, мағынасына ой жүгіртпесем де, жұмсақ, дыбысы құлағыма жайлы. Осы ұяң тыныштықты шырылдап жылаған сәби даусы бұзып жіберді. Жүрегім селт ете қалды. Жай шырылдап бастап еді, лезде айқайға басып, шырылдап, кішкене зілмәнкені басына көтерді.
Менің де даусым шығып кетті ғой деймін, темір пештің түбінде отырған қапсағай денелі кісі қасыма келіп, бетіме үңілді.
— Ояндыңыз ба? Ұзақ ұйықтадыңыз ғой, — деді жайымен. — Хәліңіз қалай?
— Бала... бала жылап жатыр.
— Баланы ойласаңыз хәліңіз жаман болмас. Құттықтаймын, ұлыңыз бар. Тамаша бала, нағыз солдат. Салмағын өлшей алмадым. Бірақ мықты.
Қайдағы «салмақ?» Шырылдаған балаға жаным ашып кетті. Көргім келеді. Өңі тотыққан, қоңқақ мұрынды ат жақты бұ кісі, сырты колхозшыға ұқсаса да, дәрігер екен, түндегі менің толғағымды күтіп алған осы болар. Баланы құндақтап қойыпты. Алғаш рет бала емізу кісіге қиын да, ерсі екен, қытығың келе ме бір түрлі... Шүберекке орап қойған кішкентай тірі жан, әуелі менікі де, менікі емес те сияқты көрініп, жатырқағандай болып едім, өзі мешкей екен, солқылдатып сорғанда емшегім шымырлап қоя берді. Әдепкіде тіксініп қалған кеудем енді рахаттана исініп: тұла бойымды балбыратып алып барады, тіпті айрылғым келмейді. О да қадалып жабысып қалған, тоятын түрі жоқ.
— Біздің партизан отрядының өзі әйелдер босануға ыңғайсыздау жер, — дейді доктор. — Бірақ енді бәрі сәтті болып шықты. Meн де бірінші рет акушерлік тәжірибеден өттім сіздің арқаңызда.
Тұңғыш көрген баламмен әлек болып, докторға рахмет айтуды да ұмытып кетіппін, емізіп болған соң ол баланы қолымнан алып, ар жағында бір орыс келіншегі тұр екен, соған берді.
— Бұл кісі Шура. Біздің санитарка. Сізге жәрдем етеді, — деді доктор. — Ал, қалай, хәліңіз жақсы ма?
— Жақсы.
— Хәліңіз жақсы болса тағы да бір қуанышты хабар айтамын. Сіздің күйеуіңіз осында. Ол сізді ұйықтап жатқанда көріп кеткен. Шура, аға лейтенант Еділбаевты шақырып жіберші. Ол сізді көргенмен баласын әлі көрген жоқ. Енді барлық тойды бірге жасайтын болдыңыздар.
Қасымбек... Ойбай-ау, түнде әлгі бір жігіт... аты Абан ба еді, айтып еді ғой, жаным қиналып, аласұрып жатып тіпті есімнен шығып кетіпті-ау. Жүрегім жарыла қуанып, айқай салып тұра жүгіретін орайым бар-ақ еді, бірақ мен былшиып қозғалмай жатырмын. Осы хабарға сенейін десем, шынымды айтсам, қорқамын. Егер ол бекер болып шығатын сияқтымын. Сонша бере салғаны... Басымды көтеріп алып едім:
— Сіз қозғалмаңыз, жата беріңіз, — деді доктор. Қазір өзі де келеді. Абзалы қуаныштың өзі адамды қорқыныштан кем толқытпайды. Ал, қазір сізге қатты толқу болмайды. Кішкене кідірте тұруым керек еді, шыдай алмадым. Кінә менен.
Жастыққа қисая түстім де, бірақ шыдамым жетпей басымды қайта көтердім. Неше бір сезімсіз болғанда да Қасымбек келгенде сұлап жатып алғаным... Әзір есікке ұстаған қалың кенеп қозғалмайды, сырттан естілген аяқ дүрсілі де жоқ, оның есесіне менің жүрегім дүрсілдеп барады. Қазір Қасымбек кіріп келгенде... Әбден үмітім үзіліп қалған ба, Қасымбекті дәл қазір көрем дегенге өзімді әлі де сендіре алмаймын. Шынымды айтсам үш-ақ ай отасып,алты ай көрмеген Қасымбектің өзіме жақындығын да ұмыта бастаппын. Жарты жыл. Осы жарты жылда менің жарты өмірім өтіп кетті. Оған дейінгі он сегіз жыл өмірім бір бөлек болса, соңғы жарты жыл өмірім бір бөлек және бұл жарты жыл қиямет қиындығын былай қойғанда алдыңғы он сегіз жылымнан әлдеқайда ұзақ. Сондықтан да Қамқа әжем, ауыл-аймағыммен қоса өмірімнің бергі бетінде, тіпті алыста қалған сияқты еді. Осы бір басыма түскен шырғалаң мәңгі-бақи бітпейтіндей көрініп, сол бұрынғы өмірімді, сонымен қоса Қасымбекті де жатырқап қалған жазым бар екен. «Қара ешкіге жан қайғы» болған мына қызыл ала қырғынның ішінде Қасымбек те бұрынғы өмірінің менімен байланысты кішкентай ғана бір бөлшегін жатырдан қалған жоқ па екен?
Қуанышыма қобалжу араласып, жүрегім лүпілдеп өз ойыммен әлек болып отырғанда Қасымбектің келгенін білмей де қалыппын. Есік жақтан естілген аяқ дүрсіліне бетімді бұрсам үстіне шинель, басына құлақшын киген әскери жігіт кіріп келеді. Қасымбек. Зілмәнкенің іші қара көлеңке болса да өңі жүдеп, бет-бедері тотығып, жүзі қатқыл тартқанын байқап қалдым, балғын шыбықтық қатайып кеткені сияқты ма, бүкіл тұлғасында бір қатқылдық бар. Аласа зілмәнкеде еңкейіңкіреп маған үнсіз жақындап келеді. Meн де үнсіз ұмсынып қарай бердім.
О, жасаған! Баяғы үміт пен үрей аралас маған үрпие қарайтып мейрімді томпақ көзі. Дауысымның қалай шығып кеткенін білмеймін. Бір кезде әйтеуір құшақтап жабысып алып, тұмсығымды шинелінің өңіріне тығып, солқылдап жылап отырғанымды байқадым, тіпті тоқтай алатын емеспін, баяғыдан бері ішке тығылып, шемен боп қатып қалған пәленің бәрі еріп кетті ме, көз жасым тыйылар емес.
Мауқын бассын деген болар, Қасымбек те маған тіл қатпай бауырына ақырын қыса түсіп, шашымнан, желкемнен сипалайды. Осы бір іштей ұғынысқан жақындықтың арасына сөз кіріп кетсе шырқы бұзылатынын екеуміз де сезіп, біраз уақыт үндеспедік. Қасымбек мені бауырынан шығарып алып бетіме қарады.
— Соғыс жұртты бір-бірінен ажыратуды ғана біледі деп ойлаушы ем, бұл шіркіннің кейде ажырағандарды табыстырады екен ғой, — дейді біреу орысшалап.
Доктордың үйде екенін ұмытып кеткен екем, ол бізге күле қарап тұр.
— Ал, жолдас лейтенант, құттықтаймын. Бір емес екі құттықтаймын. Жоғалтқан жұбайыңызды тапқаныңыз үшін, және әке болғаныңыз үшін. Соғыс қанша жалмап жатса да өмір өз дегенін істейді. Көрдіңіз бе, — деді доктор Қасымбектің қолын қос қолдап қысып. — Жұбайыңызды құттықтағанмын. Ал, енді той сізде.
— Рахмет, рахмет сізге, — дей береді Қасымбек басқа сөз таба алмай ыржиып.
Өңі тотығып, есейіңкіреп кетсе де, ыржиған бала күлкісі сол қалпында, көңіліме ұялап қалған осы кескіні арадағы алты айды ұмыттырып жіберді. Баяғы сол Қасымбегім, екеуміз тіпті екі елі ажыраспаған сияқтымыз.
— Ай, дегенмен екеуіңіздің кездесуіңіз қайран қаларлық нәрсе, — дейді доктор басын шайқап таңырқап. — Шынында да... Қарашы ә...
— Мен Нәзираны елге аман-есен жеткен шығар деп жүр едім.
— Мен де сені арғы бетте, майданда соғысып жүрген шығар деп едім.
— Мінекей енді, екеуің келіп осы арадан табыстыңдар.
Біз өзара қауқылдасып жатқанда Абан кірді.
— Жолдас лейтенант, кіруге рұқсат етіңіз, — дейді есік алдынан, о да көңілді, сампылдап сөйлей кірді.
— Ал, Нәзира жеңгей, қол-аяғыңыз жеңіл болсын. Нәрестеңіздің бауы берік болсын. Баланың кіндігін мен кестім. Кіндік шеше болам, жолдас лейтенант. Бұйырса бір көйлек киетін шығармыз.
— Көйлек емес, трофойден тон кигіземін, — деп күледі Қасымбек.
— Сол тонды мен айыбым үшін сіздің өзіңізге сыйлаймын.
— Қайдағы айып? — деп таңырқады Қасымбек.
— Сізден жасырып келген бір сырым бар еді. Енді айтуға болады. Мен Нәзира жеңгейді бомба түсіп поезы өртеніп жатқан стансада көргенмін. Көпір бұзылып, бұл кісілер жаяу кеткен. Кейін біздің өзіміз қоршауда қалып қойғасын, ай бұл кісілер, сірә, өте алмас деп ойлап едім. Со жерде мен сіздің есіміңізді де сұрап алғанмын. Қоршауда жүріп, құдай айдап сізге кездестім ғой. Атыңызды естігенде-ақ, жүрегім бүлк ете қалған. Сонда бір айтып қала жаздадым да тілімді тістей қойдым. Мынандай жағдайда жүргенде уайымына уайым қоспайын дедім.
— Апырмай, сен де бір сырға берік жігіт екенсің, — деді Қасымбек таңырқап.
— Берік болмағанда қайтейін. Анандай оқиғадан кейін жаяу-жалпы әйелдердің елге жетуіне сіз де сенбес едіңіз ғой. Одан да аман қауышқандарыңызды айтсайшы.
— Иә, қауышқанымызды айтсайшы. Мен елге аман өтіп кетті ғой деп жүр едім. Көңілімде аздаған күдігім де болды. Бірақ аман өтіп кетті дегенді естіген соң...
— Айтпақшы, сол деревняда тұрдыңыз ба? — деп сұрады Абан. — Мәссаған, сонда тіпті таяқ тастам жерде тұрып... білмеппіз ғой. Алдыңғы түнде барып біз сондағы неміс гарнизонын қырып тастадық қой. Неғып кездеспегенсіз?
— Мен онда сол сарайдың ішінде тығылып жатқанмын.
— Апырмай, ә, қарай гөр, — деп таңырқайды Абан.
Үш қазақ қауқылдасып жатырмыз, дәрігер бөгет болмайын, мауықтарын бассын деп сыртқа шығып кетті. Абанның қуанышы біз екеуміздің қуанышымыздан бір де кем емес. Өзгенің қуанышына өзінен артық қуана білетін осындай ашық, ақ пейіл адамдар болады. Абан... сол баяғы өртенген станция басындағы түрі көз алдымда қайта тіріліп келеді, екі танауы быттиған, кішкене пісте мұрын, шықшыты шығыңқы, астыңғы иегі ілгері ұмсынып біткен. Әсіресе, екі жамбасына бұлтиған шалбарының галифесінен төмен қарай обмотка ораған сирағы, жабағысы жүнделмеген тайлақтың сирағындай сорайып тұрған көрінісі көз алдымда аумай қалыпты. Өзінің түрінде де, жүріс-тұрысында да өзіне ғана жарасатын бір сөлекеттік бар.
Аты-жөні де сөлекеттеу, мен естіген қазақта Бұқаш деген ат жоқ, Мұқаш болатын, Абан емес Әбен дейтін, әкесі өз атын қисық қойған соң, баласының атын да қисайта салған сияқты. Осыған дейін екі-ақ рет, онда да ылғи қиын-қыстау алас-қапаста қысқа ғана кездессем де осы жігіт көптен таныс, аралас жақын адам сияқты көрінді маған. Осындай бір шекарасы жоқ, өз қақпасын аңқитып ашып тастап кісіні ішіне кіргізіп ала қоятын адамдар болады.
— Мен сонда сіздің дауысыңызды естіген сияқтымын.
— Қойыңызшы? — деп таңырқайды Абан. — Дауысымды таныдыңыз ба?
— Таныған да сияқтымын. Бірақ бірден есіме түспеді, Тек осы бір қазақы дауысты қайдан естідім деп дал болдым.
— Мәссаған. Ойбай-ау, сонда неге дауыстамадыңыз. Қасекең де сонда еді ғой.
— Мен оны біліппін бе, және мына түріммен танымайтын партизандарға еріп қайда барам.
— О да дұрыс екен-ау, — деп Абан шекесін қасыды, — Бірақ енді арты қайыр болып әйтеуір аман-сау кездескен соң. Сіздің қоршауда қалатыныңызды біліп едім. Бірақ соны Қасекеңе айта алмай күпті болып жүр едім. Тіпті кеше де кездескен жерде мына доктор Қасекеңді шақыртпай пәле қылды ғой.
— Сергей Сергеевич менен кешірім сұрады. Бірақ шынында да сонікі дұрыс болған, — деді Қасымбек. — Сол сәтте менің де қайрылуға мұрсатым жоқ еді.
Ақкөңіл Абан бізден бетер мәз болып, біраз уақытқа дейін ерлі-зайыптылардың әңгімесін бөліп кеткенін ойлаған жоқ. Осы ерсілігі есіне түсіп кетті білем, кенет күйбеңдеп:
— Ойбай-ау, әңгіме бұзау емізер, дегендей, мен қазан жағыма барайын, — деді. — Қалжаңызға қой сою керек еді, бірақ енді қойға бергісіз бір тауықты пісіріп жатырмын. Картоп салып, пияз салып дегендей... енді о жағын қатырамыз ғой, — деп шығып кетті.
Үйді толтырып тұрған Абанның даусы екен, зілмәнкенің іші жым-жырт бола қалды, тек темір пеште лаулап жанып жатқан қарағай отын сытырлайды. Оңашалыққа үйрене алмай, тіпті бір түрлі ыңғайсыздық сезініп, екеуміз аз уақыт үнсіз отырдық. Бір нәрсе деудің орнына Қасымбек томпақ көзі адырайып маған қарай береді. Сөйлеуге мен де құштар емеспін, осы бір балаша үрпие қарағаны бойымды жылытып, жаныма жағып барады. Азғана уақыт жағым, қос болып бірге тұрған баяғы жақындығым шым-шымдап қайта оралып келе жатыр.
— Ал енді басыңнан кешкеніңді айтшы, — дейді Қасымбек.
Сөйлеуге зауқым жоқ, тек Қасымбекті тыңдағым келеді. Ол да онша көп шешілмей өз хикаясын азғана сөзбен айтып берді. Бұлар сол күні таңда соғысқа кіріпті. Жаудың күші жойқын болса керек. Бірақ Қасымбектердің полкы шегінбей қорғаған шебін кешке дейін ұстап тұрыпты. Сөйтсе, дұшпанның жан-жақтан жарып өтіп, тереңдеп ішке кіріп кеткенін қараңғы түскенде бір-ақ біліпті, содан қаша соғысып бұлар да шегіне беріпті. Полктың да қатары сиреп бөлшектене бөлініп, ақыры Қасымбек өз ротасымен жеке қалыпты. Арғы бетке өте алмай осы орманды паналапты. Мұнда жергілікті халықтан шыққан партизандармен қосылып өздері әжептәуір күш болыпты. Соның бір отрядының командирі Қасымбек екен Николай Топорков та тірі, осында, о да командир көрінеді.
— Николай тірі ме? — деп қайта сұраппын жұлып алғандай.
— Иә, тірі, — деді Қасымбек менің мінезіме түсініңкіремей. Содан кейін: — Света қайда? Хабарын білмейсің бе? Онымен қашан ажырастың? — деп сұрады.
Николайдың атын естігенде селт ете қалғаным да осы еді. Оған не деймін? Бар білгенімді айтуым керек пе? Егер оны айтпасам, тым болмаса оның осы маңда астыртын қызметте жүргенін айтсам ба екен? Жоқ, әлде... түк білмегенсіп, араларына түспей-ақ қойсам ба екен? Жазмыштың өзі көрсете жатар.
Менің қиналып қалған түрімді байқап Қасымбек те шошына секем алып:
— Неге үндемей қалдың? Әлде?.. Света өзі тірі ме? Шыныңды айтшы, — деді.
— Тірі... — дедім одан бетер қиналып. — Әйтеуір мен көргенде тірі болатын.
— Көргені қалай? Қашан көрдің?
— Ажырасқанда дегенім ғой. Біз өзі жан-жаққа бытырап кеттік қой. Ұрысқақ Муся бар еді ғой. Есіңде ме? Кейін білдім жайсаң адам боп шықты. Сол байғұс қаза тапты. Қызын бір орманшының үйіне тастап кеттік. Есін біліп қалған бала ғой.
— Қалғандары ше?
— Қалғандары әйтеуір мен көргенде аман болатын, Содан бытырап кеттік.
— Сенің табылғаныңды естіп Николай қуанып қалды. Саған келгісі-ақ келіп еді, кішкене есін жиып, өзіне-өзі келсін деп тоқтап қалды. «Қалған әйелдер қайда екен?» деп маған жаутаңдап қарай береді. Қайтсын, сұрағысы келіп тұрғаны Светасы ғой, — дейді Қасымбек. — Кейінірек өзі де келер. Света туралы бар білгеніңді айтып берерсің, сенің өз аузыңнан естімей о байғұстың көңілі көншімейді ғой.
Жатқан жерімді енді ғана анықтап байқап келем, бұл өзі әжептәуір кең зілмәнке. Жерді қазғанда ірге жақтан биіктеу етіп жұрт жататын сәкі қалдырған, сәкіден аяқты салбыратып отыруға болады екен. Төсегім кәдімгідей жұмсақ — шыршаның жас жапырағының үстінен пішен төсеген, пішені әлі ескірмеген, мұрныңа шөп исі келеді. Пешке таман бұрышта кәдімгі санитар сумкасы, дәрі-дәрмек, бинт, бір банкалар, әйтеуір дәрігердің керек — жарақ, көр-жерлері тұр. Манадан бері зерде салып төңірегіме қарағаным осы еді. Сәкінің бір шетінде қол созым жерде, тап-тұйнақтай құндақтап буып тастаған кішкентай түйіншек жатыр. Ұқсас бір елес көз алдыма келіп жүрегім зу ете қалды. Жарқабақтағы қызыл қырғын, оққа ұшып құлап баратқан әйелдің құшағы жазылып кетіп қолындағы кішкене құндақ дар үстіне домалап түсті. Тұла бойым тітіркеніп, шошыңқырап қалдым, оны Қасымбек те сезіпті.
— Бір нәрседен шошыдың ба? — деді елеңдеп.
— Жоқ, жоқ. Ана құндақты маған әперіп жіберші.
Қасымбек орнынан тұрып, жөргекте ораулы жатқан нәрестенің қасына барып, еңкейе берді де, қолына алуға бата алмай иілген күйі іркіліп қалды. Неғыларын білмей дәрменсіз кескінмен көзі жәудіреп маған қарайды, «қорықпа, әпере бер» деген ишарат білдіріп, басымды изедім. Саусағы батып кетсе сындырып алатындай. Қасымбек құндақты қолының ұшымен ғана ұстап, толы тостаған ұсынғандай маған әкеле жатыр. Сөз арасында аңғарғаным Қасымбектің беті тотығып, қарауытып өңіне бұрын мен көрмеген сұс кірген, дауысы да жуантып, кісіні қаймықтыратындай қатайып кеткен екен, қанша жақын тартсам да осынысынан іштей именіңкіреп қалып едім, мына түрі бұрынғы етене Қасымбегімді қайтып әкеліп, іші-бауырымды жылытып жіберді. Баланың бетін ашып қарауға да бата алмай маған беріп жатыр. Өзім байқамаған еркін ептілікпен баланы қолыма алып, Қасымбек көрсін деп, бетін аштым. Бет-аузы бір шөкім боп бүріскен қызыл шақалақ ұйықтап жатыр, емшек сүтіне тойып алғасын оянар емес, мәз болып Қасымбекке қараймын.
Қасымбек баласының бетіне мойнын созып үңіле қарайды. Байқаймын әзір, мына жұдырықтай қызыл шақадан еш нәрсе ажыратып танып тұрған жоқ сияқты, сонда да менің көңілімді аулағысы келген болар.
— Өзі кімге тартқан? Саған тартқан ба, қалай? — деді.
— Маңдай жағы, бет-бітімі саған ұқсаған, — дедім. Өтірік айтқаным жоқ, маған солай көрінді.
Қасымбектің де менен күткен жауабы осы ғой, үстіңгі ерні түріліп, мәз болып жымиып қойды.
Қызыл шақа ата-анасының көзқарасын сезді ме, түсінде терең бір өксіп алды да, титімдей беті тыжырынып, аузы кемсеңдеп, шырылдап бастап, даусын үдетіп айқайға басты. Қасымбек сасып маған қарайды.
— Қарны ашқан шығар, емізем ғой.
Қасымбек кішкене қипақтап тұрды да:
— Мен саған Шураны жіберейін. Қазір бір айналып келемін, — деп, ақырын шегіншектеп барып есіктен шығып кетті.
Әуелгі күнім маған еш нәрсені ойлатқан жоқ. Аман-есен босандым, бұ да бір үлкен қорқыныш күдігім еді, және сонымен бірге, тіпті аспаннан түскендей, күтпеген жерден Қасымбекпен қауыштым, — қатар келген екі қуаныш уайым-қайғының бәрін ұмыттырып жіберді. Тіпті өзім қақ ортасында болып, ғайыптан тірі қалған қызыл қырғын да жан шошытқан сұмдық үрейі мен өткір уытын жоғалтып, адам бастығырлыққанда көретін сорақы түс сияқты елестей бастады. Енді не де болса арқа сүйер азаматым бар, Қасымбегім қасымда. Абан мен Қасымбек сорпасының буы бұрқырап, исі аңқыған тәтті тауығын әкеліп қанша ішкізгенде, рахаттанып терлеп, тұла бойым балбырап, соғыс деген пәлені түгел ұмытып кеттім. Тура өз ауылым-ошағыма, Қамқа әжеме қайтып оралғандай... ойлап қарасам ет жақын адамдарыммен шүйіркелесіп, алаңсыз шай ішпегелі не заман.
Және бір жолым болғаны — партизандар төрт-бес күн ешқайда шықпады, оларды да ешкім мазаламады, тыныш болды, Қасымбек қасыма жиі келіп, кейде тіпті ұзақ отырып кетіп жүрді. Абан болса, өзі тіпті туған жеңгесі табылғаннан бетер қуанып жүр, дабырлап жиі келіп, асты-үстіме түсіп балаша баптайды. Мен де екінші күні басымды көтеріп, үшінші күні аяғыма басып кеттім. Енді менсіз де шаруасы жетерлік Шураны алаң қылмай темір пештің үстіне су ысытып, баламның жаялығын өзім шайып кептіріп, өз шаруама қолым жетіп қалды.
Шура маған алғашқыда әжептәуір кеуделі көрініп еді, сөйтсем оны қампитып тұрған сырмақ телогрейкасы екен, оны шешкенде жіп-жіңішке талдырмаш қыз болып шыға келді. Сопақ беті созыңқы, ұзындау біткен тұмсығының ұшы қайқы, ақсары. Білегі жіңішке, ұзын қолы жұмысқа епті-ақ, бір тыным таппайды, оның есесіне сөзге сараңдау. Бірақ, қанша айтқанмен затымыз әйел емес пе, екеуміз, бір-біріміздің жағдайымызды тым тәуір білісіп алдық. Шура, денесі нәзік, ши борбай болғанмен, менен үлкен болып шықты, жасы жиырмадан асып кетіпті, сонда да күйеуге шықпаған көрінеді, бір жақсы жері бұл елде ондайды кәрі қыз демейді екен. Медициналық техникум бітіріп әскерге алынған. Бұлардың бөлімдері де қоршауда қалып, шегініп келе жатқанда немістерге кездесіп қатты соғыс болыпты. Сол алас — қапаста санитарлық бөлімнің үш-төрт адамы бөлініп қалады, іштерінде бөлім бастығы капитан — дәрігер бар екен, оған оқ тиіп ауыр жараланыпты. Бұлар носилкаға салып, орман ішінде сүйретіп келе жатқанда дәрігер қайтыс болыпты. Осыны айтқанда Шура көзіне жас алды. Содан қаңғып жүріп Қасымбектердің тобына қосылыпты. «Бұл бір үлкен хикая, кейін бір реті келгенде айтармын» дейді Шура. Өзі бала тауып көрмесе де көп нәрсені біледі екен, оқыған емес пе, маған біраз жәйттерді үйретіп тастады.
Далаға ұзағырақ шығып, лагерьді араламасам да, партизандардың тұрмыс-тірлігі осы кішкене зілмәнкенің төңірегінен-ақ көрініп тұр. Бұл тіршілік көшпенді қазаққа пәлендей тосын көрінбейді, көшіп баратып, жолшыбай кәдімгі қос тігіп аялдаған сияқты, тек бір айырмасы қазір жаз емес, қыс, соған орай қостың орнына уақытша жеркепе қазып алған. Ал мен жатқан жеркепені, «уақытша» деу де қиын, тек есіктің орнына қалың кенеп ілгені болмаса, төбесін сірестіріп тұрып қарағай бөренелермен жапқан мығым дүние; дәл төбеге тақау іргеде кішкене екі терезесі бар, күндіз кәдімгідей жарық. Бұл өзі жаралыларды қабылдауға арналған медициналық пункт екен, қазір жатқан жарақаттылар жоқ, беймезгіл босанған әйелді қабылдап отыр. бір-екі жеңіл жараланған партизандар бар екен, олар анда-санда қолын, жарақаттарына дәрі жаққызып, таңдырып кетеді.
Абан келесі күні, буын бұрқыратып котелокпен сүт пісіріп әкеліпті, бір қолында бос бутылка.
— Нәзира жеңгей, міне бөтелке таптым, тек емізік таба алмай қор болдым. Мына дәрігерлерде емізік жоқ па екен.
— Оны қайтесің? — дедім.
— Қайткені несі? — деп таңырқады Абан, — Балаға емізбейсіз бе?
— Жаңа туған балаға сиырдың сүтін емізе ме екен. Ол болмайды ғой.
— Болмайды дейсіз бе? — дейді Абан таңырқап. — Сондайы бар ма еді, ойбай-ау. Менікі әйтеуір не де болса тоқ болсын дегенім еді ғой. Қыз мәнісін кім білген деп.
— Балаға үш-төрт айға дейін сиырдың сүтін беруге болмайды, — деп түсіндіреді Шура. — Оның организмі aнa сүтінен басқаны көтере алмайды.
— Сендер өзі айта бересіңдер-ау деймін, — дейді Абан. — Қыстың көзі қырауда, айдалада апанның үстінде туған бала сиырдың сүті түгіл түйенің сүтін де көтереді.
Біз біраз күліп алғаннан кейін Абан:
Жарайды ендеше сүтті өзіңіз ішіңіз, Нәзира жеңгей, — деді. Сонда да со баланың ішіне барады ғой. Сүттен тапшы қылмаймын.
— Өзіңіз тура сиыр сауып отырған адамдай сөйлейсіз ғой.
— Е, саумағанда ше, — дейді Абан. — Айтпақшы кеше, өзіңіз тығылған сарайдағы сиырды ала келгенбіз. Жануар өзі сүтті сиыр екен.
Дуня апайдың Зойкасы. Иә, ертелі-кеш сауғанда кемпірім шелегін толтырып әкелетін, сүтті сиыр болатын, өз иесінің артында қалып, жануардың сүті тағы да маған бұйырғаны-ау. Ұмытқым келіп, жүрегімнің әрегірек түкпіріне тығып тастаған жан түршігер оқиғаны, осы сиыр тағы да тірілтіп әкеліп жүрегімді қыз еткізді. Зойканың қорасына тығылып, шыбын жанымды сақтап қалып едім, бүкіл деревнядан тірі қалған жан иесі екеуміз ғана шығар. Ірі тұлғалы кемпірдің неміс солдатының автоматына жармасып өзіне қарай тартып, кенет буыны кетіп, денесі жұп-жұмсақ болып сылқ етіп құлап түскені көз алдыма тұра қалды. Екі етегі торғайдың қанатындай жалпылдап жан ұшырып қашып баратқан Наташасы... Байғұс бала құтылып кете алды ма екен?
Келесі күні Қасымбекке еріп мен танымайтын бір адам келді, киім киісі әскери адам сияқты емес, бірақ әскерге қатынасы жоқ жәй адамға және ұқсамайды. Белбеумен қынаған шолақ тон, басында құлақшын, аяғында пима, жинақы киінген: аласалау келген төртпақ кісі-еменнің түбіріндей мығым адам тәрізді. Есіктен еңкейіп кіре беріп, Қасымбекке бұрылып:
— Кәне, келіншегіңді көрсет, — деді еркін өктем дауыспен.
Бір түрлі таныс дауыс, қайда естігенімді білмей қайран болып тұрмын. Қасымбекке, «көрсет» десе де, оның көрсетуін тоспай-ақ, жанарында көңілді жарқын күлкінің ұшқыны бар кішілеу өткір шегір көзін маған қадап алыпты. Көзі қатты екен, мен қаймығып, қипақтай беріп едім, құдай оңдап ол жанарын тез тайдырып, Қасымбекке қайта бұрылды.
— Әйелің деймін-ау, айтпақшы үй-ішіңді көрсет деуім керек екен-ау. Сендер енді тұтас бір семьясыңдар ғой.
— Иә, енді аяқ астынан семья болып шықтық, жолдас комиссар, — деді Қасымбек ыңғайсызданып. — Танысып қойыңыз. Менің әйелім, аты Нәзира.
Келген кісінің мығым уысы менің кішкене қолымды көміп кетті.
— Ал, танысып қоялық, Носовец Степан Петрович.
Мен аузым аңқиып, қолымды қонақтың уысынан шығармай бажырайып қарап қалыппын. Бәсе, даусы тым таныс еді-ау, Дуня апайдың үйінде, пештің үстінде тығылып жатып, тыңдаған Носовецім осы екен ғой. Қалың жирен қабақ, ортасы өркеш ұшы добалдау үлкен мұрынды, алқымды кісі — өзін көре алмай бұғып жатып бұл кісіні көз алдыма дәл осы кескінде елестеткен сияқтымын. Әлде дәл қазір солай көрініп тұр ма, білмеймін, әйтеуір түсін жатырқағаным жоқ, бұрын көрген адамымдай сезіндім. Демек, менің мына одағайлау көзқарасымды байқамады ма, әлде өзі білмейтін қазақ деген елдің, әйелдерінің мінезі осылай шығар деп ойлады ма, әйтеуір менің бажырайған көзқарасыма мән бермей:
— Отырыңыз, қарағым, — деп рұқсат етті.
Тумысынан мысы басым адамдар болады, мен қалай отыра кеткенімді білмей қалдым.
— Сіз сол деревняда ұзақ тұрдыңыз ба? — деп сұрады ол, өзі де отырып жатып.
— Ай жарымнан артық тұрдым.
— Кімнің үйінде болдыңыз?
— Евдокия Герасимовнаның үйінде жаттым.
— Евдокия Герасимовнаның? — деді Носовец маған таңырқай қадала қарап.
— Иә, сол кісінің үйінде жаттым. — Ар жағына шыдай алмай: — Мен сізді сол үйде көрдім, — дедім.
— Мені ме? Мен сізді көрмедім ғой.
— Мен де сізді көргенім жоқ, бірақ сіз келгенде мен пештің үстінде тығылып жатқам. Барлық әңгімеңізді естіп жаттым.
— Кездескен жерімізді қара, — деп күлді Носовец, өзі оқыс қатты күліп, оқыс тоқтайды екен. — Мен өзімше мықты конспиратормын деп жүрсем. Тура етегімнің астында жасырынып жатқан тыңшыны білмеппін ғой. — Сосын оқыс сұрақ берді. — Сол үйге келген байланысшыны да көрдің бе?
— Смуглянканы ма? — дедім де ерінімді тістей қойдым.
Мен бұл сырды Николайдан жасырамын деп, әлі Қасымбекке де ашқан жоқ едім, Носовецтің әлденеден секем алған шегір көзі мені тесіп барады, әзер жалтардым.
— Келгенін сездім. Бірақ көре алғаным жоқ.
Даусым күмілжіп, сөзімнің артында бір қалтарысы бары айқын сезіліп тұрса да Носовец қазбаламады, мұны да қазақ әйелінің бір мінезіме жорыған болар.
— Евдокия Герасимовна... — мен көргелі ол тұңғыш рет күмілжіп қалды. — Ол жайлы не білесіз? Сол деревнядағылармен бірге... кетті ме?
— Менің көз алдымда қаза тапты. Немересін қорғаймын деп... Неміс солдатының автоматына жармасып...
Носовец төмен қарап аз уақыт үнсіз отырды.
— Иманды болсын, байғұс. Өзі нағыз азамат кемпір еді. Баласы Павел екеуміз бірге өсіп едік. — Бізге емес, өзіне айтып отырғандай жайымен ғана сөзін күбірлеп бітірді. Содан кенет ойына түскендей: — Немересі ше? Наташа? — деп сұрады.
— Дуня апай Наташаны қашырам деп оққа ұшты ғой. Мен байқағанда Наташа аман құтылған сияқты еді. Әйтеуір мен көргенде оқ тиген жоқ — ты.
— Аман болса... тауып алам, — деді Носовец.
Мұны да ақырын айтты. Емендей қатып қалған адамның жібігенін алғаш байқауым осы еді, бірақ сәл жіпси түсіп басылғандай, ол тез қатқыл қалпына оралды.
Содан кейін ол менен деревняда болған оқиғаны сұрады. Орысшам жеткенше тұтығып, шатасып, білгенімді айтып бердім. Ол мені асықтырмай, сөз арасында сұрақпен демеп, ден қоя тыңдады. Кейбір жағдайды тәптіштеп білгісі келеді. Сасып қалдым ба, қайдам, қызыл қырғынның қақ ортасында болғанмен менің білгенім көп емес екен, Носовецтің біраз сұрағына жауап бере алмадым. Немістердің қайдан келгені? Жалпы санының қанша екені? Оларды кім басқарғаны? Деревнядан қанша адам құтылғаны? Оның бәрі мен білмейтін деректер. Менің білетінім тек қызыл қырғын, еңкейген кәрі мен жөргектегі балаға дейін түгел қырған сұмдық қана. Жан шошытқан үрей мен сұмдықтан өзгені жадымда ұстай алмаппын. Полицайлардың да ұзын санының қанша болғанын білмеймін, Дуня апайдың үйіне жиналып арақ ішкендері бесеу ме еді, алтау ма еді, онысын да анық аңғармаппын; жалғыз аты — жөнін білетін «ескі танысым» Усачев.
— Усачевты көрген екенсіз ғой? — деді Носовец оның есіміне елең етіп.
— Иә, көрдім.
— Полицайлар кісі атысуға қатысты ма?
— Жоқ. Олар айдасып жүрді. Сосын үйлерді өртесті ғой деймін.
— Бәрібір.. — олардың да қолдары қан.
Менің есіме төртпақ полицайдың сөзі түсті. Бір полицай «біз атқан жоқпыз ғой» дегенде: «иә, біз атқан жоқпыз, тек қол-аяқтарын матап бердік, немістер бауыздады» деген. Осы сөзді айтқанымда Носовец тіпті риза болғандай:
— Өте тауып айтқан, — деді. — Соған орай сазайларын да тартады.
Аз әңгімеден кейін Носовец маған:
— Байқаймын. Өзің де талай тауқыметті тартқан түрің бар. Оның үстіне ақыры келіп босанған жерің де... — деп іркілді де: — Жарайды демал, тынық, — деп әңгімеден босатты.
Дуня апайдың үйінде бұғып жатып мысықша ұйықтай бергенге ұйқышыл болып жаман үйренген түрім бар, осы зілмәнкенің ішінде де қолым босаса-ақ мүлгіп кетем. Бірақ байқаймын ұйқым қатты емес, сергек, кәдімгі құс ұйқы; көңіліме алаң кірген, ұйықтап жатсам да атқаратын ісім, мойнымда бір міндетім барын үзбей сезетін сияқтымын. Қыбырға оянып кетем, және ұмыт қалған, уақытын өткізіп алған ісім бардай елегізіп оянам. «Ол не нәрсе еді?» деп ойымды қармағанда балам есіме түседі. Соған кәдімгідей шым етіп ішім жылып кететін болды. «Балам бар, aнa болдым» деген ұғым әлі бойыма сіңіп болған жоқ, кейде таңырқаймын, Кеше ғана шықпастай көрініп, үзілмес үрей туғызып, құрсағыңды кернеп жатқан тірі жәндіктің өзің ойламаған жердей, жарық дүниеге келгеніне бірден сене кету де қиын екен. Жеңілдеп жай тапқан құрсағым кейде оның босап қалған орнын сезеді.
Бұрын біреу едім, екеу болдық, өз тәнімнің тірі бөлшегі болып сыртқа шыққан тәрізді.
Денем манаурап, ұйқы мен ояудың арасындағы халдемін, пештің алдында екі еркек күбірлеп әңгімелесіп отыр. Сәлден кейін сөздерінің мағынасы да миыма жете бастады.
— Мен шынымды айтсам, жолдас Еділбаев, — дейді Носовецтің даусы. — Сіздердің операцияларыңыздың сонша сәтті болатынына өз басым, толық сенген жоқ едім.
— Неге сенбедіңіз, Степан Петрович, — дейді. Бұл Қасымбектің даусы.
— Немістер дәл сондай бейқам болар деп ойлаған жоқ едім. Оның үстіне сіздердің әрекеттеріңіз тіпті тамаша болды. Деревняға кіргендеріңізді жан білмей қалды. Сақшыларын да айқай — шусыз тез құрттыңдар. Менің мағлұматым бойынша гарнизон түгел талқандалған.
— Бірақ қолға түскен қаруымыз неміс солдаттарының санынан азырақ қой, — деді Қасымбек.
Немістер тізіммен түгендеп өткізген жоқ қой қаруларын, — деп күледі Носовец. — Алас-қапаста талай нәрсе қалып қойған шығар-ау. Бірақ оқ — дәрісін қолға түсіргеніміз қатып кетті. Оғы болмаса мылтық дегенің таяқ емес пе.
— Операциямыз сәтті болды-ау. Тек деревняның халқына жаным удай ашиды, — Қасымбек қиналып, кібіртіктеңкіреп сөйлейді. — Сол үшін олар деревняны түгел қырып жіберді ғой.
Екеуі де үндемей қалды. Ауыр күрсінгендері естіледі.
— Ақырының дәл мұндай боларын... — деп Носовец мүдіріп қалды. — Жазалау отрядтарының барын естіп едім. Дәл мынандай қаталдыққа баратынын, шынымды айтсам, мен де болжағаным жоқ. Әрине енді, ол деревнядағыларды маңдайдан сипамайтынын біліп едім, бірақ бірден дәл мынадай...
— Апыр-ау тіпті... ақ-қарасын ажыратпай... Бесіктегі балаға дейін...
— Жамандықтың да бір жақсылығы болады, — деді Носовец ауыр ойды сілкіп тастап, сергіп. — «Немістер сыпыра қыру соғысын бастап отыр. Ендеше өздерін де сыпыра қырамыз» деген Сталин жолдас. Енді халық ашынады. Арты қалай болады деп бұғып бас бағып отырғандар көп еді, енді қозғалатын шығар. Немістердің жолында түк қалдырмай өрт жалағандай ету керек деген көсем тапсырмасын біз жеріне жеткізіп орындай алмадық. Соны орындауға енді фашистердің өздері көмектесіп отыр. Дұшпанның бұл істеген ісі партизан қимылын мықтап күшейтеді. Жау тылындағы аяусыз соғыс енді басталады.
Носовец ақырын сөйлесе де тығыз дауыспен сөзін нығыздап тастап отыр еді, соңғы жағында даусы қаттырақ шығып кетті, есіне түсіп кетті-ау деймін, «оятып алмадым ба» деп маған қарады. Мен кірпік астынан бағып қимылсыз жатырмын. Даусын бәсеңсітіп:
— Солай, жолдас Еділбаев, — деді.
Қасымбек «Иә-а» деп ауыр күрсінді де қойды.
— Ал, опасыздар мен сатқындарды аяусыз жазалаймыз. Олар немістерден емес бізден қорқатын болсын. Білемін. Әлі де бас бағып бұғып отырған, тіпті кешегі кейбір белсенділер де бар. Ұзамай оларды да бір жағына шығарамыз. Бұл соғыста бейтарап адам болмайды. Я жayмен болды, я бізбен болады. Өзің білесің, немістер партизанды тұтқынға алмайды. Сені мен бізге шегінетін жер жоқ. Жеңсек тіріміз, жеңбесек... — деп тоқтады Носовец. Сәл ойланып: — Осыны әр партизанның миына шегелеп қою керек. Жаудан титімдей рахмет күтпесін, — деді.
— Кешегіні көргеннен кейін қай партизан алданар дейсің, — деді Қасымбек жайымен.
— Ақымақ бастар аз емес, сондықтан да осы ұғымды шегелей беру керек. Жаны қысылғанда жалтарып шығатындар табылады. Ондайларды аямау керек. Немістер қатал жазаға көшсе, біз дұшпандар мен сатқындарға одан бетер қатал жаза кесеміз.
Еркектердің сөздері қатайып барады. Осы кезге дейін жауын-жауынның арасымен дегендей бұқпантайлап жай бағып келіп едім. Бір құдіреттің арқасында кешегі қырғыннан да аман шығып, жолым болып жұбайыма қосылған соң баяғы күнім қайтып оралғандай сезініп, арқа басым кеңіп қалып еді, сөйтсем нағыз жанып тұрған оттың ортасына енді келген сияқтымын. Өз тәнім жеңілдегенмен қол-аяғыма тұсау болған нәресте бар, оның іштегі салмағынан сырттағы салмағы әлдеқайда ауыр боларын сезем. Осыны ойлағанда тұла бойым тоңазып, көңілім құлази бастады. Осы оттың ортасынан мына титімдей тірі жанды қалай аман алып өтемін?.. Қар үстіне домалап түскен сарғыш құндақтың орта тұсынан қан бұрқ ете қалды... Басымды оқыс көтеріл алыппын. Барлық еркек аңырайып маған қарады.
— Шошып кеткен жоқсың ба? — деп Қасымбек үрпие, орнынан жүрелеп көтеріле берді.
— Маған баланы әперіп жіберші.
— Бала тыныш... Ұйықтап жатыр ғой.
Қасымбек айтарын айтса да күйбеңдеп орнынан тұрып, құндақты еппен ұстап маған әперді, бастапқыдай емес, қолы үйреніп қалыпты. Носовец те түрегелді.
— Ал жұбайыңыздың қол-аяғы жеңіл болсын, — Ере шықпақ болған Қасымбекті тоқтатып: — Сенің асықпауыңа да болады. Үй-ішінің әңгімесіне бөгет болмайын, — деді.
Носовец шығып кеткен соң Қасымбек пешке отын салып күйбеңдеп әуре болып жатыр.
— Үйдің іші ысып кетті, жаға бермесейші, — дедім.
— А? Ысып кетті ме?
Қасымбек пештің аузына апара берген ағашты, не қыларын білмей, кішкене ұстап тұрды да, жерге тастады, содан кейін сәкінің шетіне келіп отырды. Не айтарын білмей менің қолымдағы құндаққа қарай береді. Алғашқы күні екеуміз бір-бірімізге айтар сөзімізді таусып алған сияқтымыз, бастап кешкен хикаяларымызды айтып болдық. Ел-жұртты, ағайын-туғанды еске алайық десек... көңілімізге келіп кептеліп тұрған сөзге екеуміздің де аузымыз бармайды. Елді айтсаң-ақ ар жағында аһ ұрған арман бітеу жатқан ішкі жараңды тырнап сыздатып қоя береді, болашағымызды сөз етуге... Келешегіміздің кейінгімізден де қиын екенін екеуміз де сеземіз. Оны болжауға мен ғана емес, Қасымбектің де батылы бармайды.
Сөйтіп арғы мен бергіге жоламай, қатерлі ойдан аттап өтіп, ғайыптан басымыз қосылған азғана қуанышымызды талғажау етіп, екі-үш күн көңілімізді алдарқатып келіп едік, енді байқасам жұбайыммен қауышқан алғашқы қуанышым сұйылып барады. Қиын ойларды қанша ойламайын десем де, ол құрғыр ойлатпай қоймайды. Жаңағы сөздерінен байқап қалдым: бұлар тек ажалға бастарын байлап қойып қана соғысатын адамдар. «Әке» дегенмен жан қалмайды деуші еді қазақ: бұл жан қалатын жер емес екен. «Не өмір, не өлім» деген ұранды естіп едім, соның шын мағынасына енді көзім жетті, «көзім жетті» емес-ау, тіпті көзім көрді.
Арқасын қара орманы — қалың еліне тіреп қойып соғысатын майдан емес, оңы мен солы, алды мен арты айнала жау, орман паналап, сай сағалап, түн жамылып соғысып жүрген жандар. Осындай нағыз қысылтаяң, алапат кезеңде Қасымбектің мойнына масыл болып мініп алыппын, және біреу емес, екеумін. Оны Қасымбек сезбейді деймісің. Әрине сезеді, бірақ маған білдірмейді. Тіпті болашақ сүргінді былай қойып, осы аз күн тыныштықтың өзінде менің осы арада болуымның өзі ерсі екен. Кілең салт басты, сабау қамшы жарақты жауынгерлеріне бөлініп, мені төңіректей беруге Қасымбектің өзі де қысылады... «қатын жанды» деген ат жас адамның шамына тиеді. Комиссары «асықпауыңа болады» десе де ол ұзақ отыра алмайды, несін жасырайын, ішімнен қасымда ұзағырақ отыра тұрғанын жақсы көрем де оны қызметінен қалдырып көп бөгей алмаймын. Бірақ...
— Өзі тіпті оянатын емес қой, — дейді Қасымбек.
— Жаңа сендер келерде емізіп едім. Қарны ашпаған ғой.
— Е, бәсе, тіпті ұйқысы қатты. Әкесіне сәлем беруді де білмейді. Кәне, орнына салайын.
Қасымбек баланы орнына салып, менің қасыма келіп отырды. Арада өткен уақыт жатырқатып тастады ма, әлде бұрын да бір-бірімізге емін-еркін ашылып, етене үйренісіп кете алмадық па, балалы болсақ та екеуміздің арамызда еркіндік жоқ, оңаша қалсақ-ақ сөйлесетін сөз таппай кібіртіктей беретін болыппыз, содан екеуміз де іштей қысыламыз. Қайта Абан келіп қалса даңғырлап сөйлеп, осы қысылысты тарқатып, көңілімізді көтеріп тастайды. Қасымбек үндемеген соң көңілдегі күдігімді өзім айттым.
— Осы мен сендердің аяқтарыңа оралғы болатын шығармын.
— Неге? — деп селт етті де, Қасымбек сұрағының ерсі екенін өзі де түсініп, үндемей қалды.
— Негесі қалай. Жарау ат мініп жауға шабатын жауынгердің құлынды бие жетелеп жүргенін көріп пе едің?
Көңілімде жүрген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін байқамай, айтуын айтып алып, қысылып қалып едім, бірақ Қасымбектің құдай оңдап күліп жібергені. Содан бойым жеңілдеп мен де күлдім. Осы күлкінің бір рахат болғаны — қабыспай тұрған арамызды біріктіріп, қыртысымызды жазып жіберді, Қасымбек мені құшақтап бетімнен сүйіп алды.
— Әрине оңай болады деп отырғаным жоқ. Біз ылғи жортуылдағы адамбыз ғой, — деді Қасымбек менің шашымнан сипап, — Бір жерге жасыруға қазір деревнялардан да тыныштық кете бастады. Әзір бірге боламыз. Степан Петровичке де айтқанмын. Ол онша құптай қоймаса да қарсы болмады. Ар жағында... тағдырдың салғанын көре жатамыз.
6
«Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деуші еді Қамқа әжем. Тоңғағы қатпаған жас шаранамды көтеріп жүріп түзде жортқан партизан өміріне қалай үйреніп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Төсектен бас көтерісімен-ақ қарап отырмай өз тіршілігімді өзім қарайтын болдым. Бес-алты күннен кейін бір баланың шаруасынан артылып, медсестра Шура «сіз әзір көп қимылдамаңыз, өзім-ақ істеймін ғой» десе де қарап отыра алмай, оған да қолғабысымды тигізетін болдым. Менсіз де шаруасы мен қиындығы басынан асып жатқан мына қауымға масыл болуым ұят сияқты көрініп, Дуня апайдың үйінде сонша уақыт бұғып жатып, керенау тартқан бұйығы қалпымнан серпіліп еңсемді көтердім. Оның үстіне Қамқа әжемнің Қасымбекке айтқан сөзі бар-ды: қызым мені жерге қаратпайды, серігіңе жарайды, қарның ашса қуырып же, шөлдесең қайнатып іш, бәріне шыдайды, — деп еді, Қасымбек етігімен су кешіп жүргенде балпиып жатып алғаным... Ауыл әйелдерінен көргенім бар, белімді мықтап тұрып таңып алдым да тұрып кеттім.
Сірә қарекет аңсап қалсам керек, кәдімгідей серпіліп, бойымда сергектік пайда болды, сыртқа шығып төңірегіме көз салып, көкжиегім ашылып, өрісім кеңи бастады. Біз бір қарағайы мен қайыңы аралас орманның ішінде жүр екенбіз. Бұл арада қылқан жапырақты шырша, мен білмейтін және бір ағаштар кездесіп қалады. Төбені айнала тескен тышқанның ініндей сай баурайында томпиған жеркепелер көп; төбелерін қар басып, сырт көзден тасалап тастағаны сонша, әдепкіде оларды жоталанған қар үйінділері деп ойлағам. Бір қарағанда елсіз болып көрінген орманның осы қуысында қыбырлаған, құжынаған өмір бар екен. Ол өмір беті қатып қалған жердің сыз бауырын жылытып, қар астына кіріп кеткен.
Мен жатқан жеркепе кішілеу жыраны бауырлай үңгіп қазылған, сол жыраның айналма иірімінде әжептәуір шаруашылық бар екен. Екі-үш ат шана доғарулы, аттар сол шананың үстіндегі шөпке бас қойған. Буыншықтар, тендер. Ар жағында шыршаның бұтағынан итарқа қып жасаған күркенің ішінде қызыл қасқа сиыр күйсеп тұр. Кәдімгі бір ауылдың тіршілігі сияқты. Айтпақшы... мына сиыр... Иә, бұл Дуня апайдың Зойкасы. Желіні жер сызған қызыл қасқа... қазір желіні кішірейіңкірепті. Күйісін іркіп, таңырқағандай мойнын бұрып маған бір қарап алды, тостағандай көзі дымқыл тартып мөлдіреп тұр. Еріксіз қолымды созып едім, жалаңаш кең танауы делдиіп иіскеді де, саусағымды жалап алды.
Енді бір келгенімде сыриған ұзын солдат құйрығымен жер сүзе төмен жүрелеп сиыр сауып отыр, ебедейсіз ұзын қолы сүттің жартысын өзінің тізесіне шашыратады. Менің сыбдырымды естіп есік жаққа жалт қарап еді: Абан екен. Heгe екенін білмеймін, екеуміз де қысылып қалдық.
— Сіз мұнда ма едіңіз? — деді Абан ұрлық қылғандай сасып.
— Шелегіңді бере ғой. Мен сауайын, — дедім.
— Осы сиырды өзім сауып жүр едім, — деді Абан күліп. — Несін жасырайын, сауыншылығым шамалы екен. Тек әйтеуір балаға сүт болсын деп...
— Оның рас. Сиырдың желіні қайтып қалыпты.
Үйде жүргенде кішкентайымнан сиыр сауып үйренгенмін, осыдан кейін Зойканы өзім сауатын болдым. Әйел қолын сезді ме, жануар исініп, сүті молая бастады. Мал баласын жасымнан жақсы көруші едім, бірақ бұл сиырға деген ықыласым бөлектеу. Екеуміз бір сарайды паналап жан сақтаған соң, мал да болса қатерлі сәтте қасымда болған серігім сияқты. Оның үстіне Дуня апайдың... иә, Дуня апайдың көзіндей ыстықтығы да бар маған. Алдамшы сезім, қайдам, осыны мен ғана емес, Зойка да сезінетін сияқты, мен келген сайын сүт исі айқын исініп тұрғанда екеуміздің де бойымыз бусанып аналық сезім оянғанын сеземін.
Адам тіршілік қылған жердің бәрі бірдей екен ғой өзі — мұнда да сол тірлік, тек тірліктің ең бір жұпынылау түрі. Ортақ қазан көтерілмей жұрт екі-үштен орайласып астарын кішкене котелекке пісіреді екен, бір үлкендеу кастрюль табылып, мен соған сорпа пісіріп, ас үстінде аз ғана командирлердің басы қосылатын болды. Азығымыз да мол емес, бірақ әзірге ашыққан жоқпыз. Жортуылға шыққандар ауыл жұрттан бір нәрсе қарманып келеді де сонымен үзіліп кетпей біріне-бірі жалғасып тұрады. Қасымбек атқа жегіп жүріп ас пісіретін жорық кухнясын қолға түсіргісі келеді. «Партизандық соғыс бір күндік емес, артымыздан оқ-дәрі, азық-түлік жеткізіп тұратын тылымыз жоқ.
Бір жетіден кейін Қасымбек екеуміз бөлек зілмәнкеге көштік. Ол бұрын Абандармен бірге жайып жүр екен, енді кәдімгідей оңаша отау болдық. Абан келіп, «Нәзира жеңгей, сізге отау тігіп қойдық, жүріңіз» деп медпункттен алып келгенде, кәдімгідей жүрегім лүпілдеп кетті. Мың жасағыр, жігіттер де келістіріп істеген екен, төбесін ғана емес, қабырғаларын да қарағаймен шегендеп, бұған да бір жердей тауып алып темір пеш қойыпты. Қыста қазылған жер үйдің ызғарын қайтарып маздатып от жағып жіберген. Іші тап-таза, қарағай исі аңқыған жеркепе қауіп-қатерді, алмағайып заманды ұмыттырып мені балаша мәз қылды. Жан-жағыма сүйсіне қарап аз тұрдым да, жүгіріп барып баламды әкелдім.
Жаңа зілмәнкеге көшкенім кәдімгідей мейрам болды. Снарядтың жез қорабынан жасаған май шам пілтесінің жоғарғы жағы түтіндесе де, жеркепені сарғыш-күңгірт нұрға бөлеген, темір пештің үстінде бүлкілдеп қайнаған сырлы кастрюльден шыққан сорпаның тәтті буы қолқаңды қауып танауыңды жыбырлатады. От басында Носовец, Абан, Николай, Қасымбектер отыр, күйеуі алыстан базаршылап келген әйелдей мәз-мейрам болып мен жүрмін. Күйеуім, балам бар, жылы үйім, отбасы өмірім бар әйел сияқтымын. Мына қонақтардың жайбарақат әңгіме соғып отырғандарының өзі маған бір рахат, оның ар жағында да жайдары, жарқын қуанышым бар сияқты. Құндақта жатқан кішкентай сәбиім жеке тірлік иесі болып, күн асқан сайын бөлектенудің орнына қолқама кіріп баратқандай, тәніме жақындай түседі. Ересек әйелдер ауылда балаларын сүйгенде «тас емшегімді жібіткен» деуші еді — сол сөздің мағынасын енді түсініп келем. Ойпырым-ау, тіпті үйлі — баранды әйел болыппын-ау, күйеуім, балам қасымда. Осы бақытымның ар жағының ішкі екенін сезсем де алдарқанған көңілімді айнытқым келмейді. Адам баласының қай арманы орындалып жатыр, кешегі қияметтің ішінде, осыны да көрмей өліп кеткенде қайтер едім.
Партизандардың «тапсырма» дейтіні болады екен. Мектепте жүргенде балаларға үйге тапсырма беретін, мұны да дәл солай атайды, тек мазмұны бөлектеу. Түнге қарай партизандар үлкенді-кішілі топ болып, қару-жарақтарын асынып кетіп жатады. Кейбіреулері жараланып келеді, келмей қалатындары да болады. Кейде үлкендеу топ бастап Қасымбек те кетеді, кетерінде сыр білдірмегенсіп: «таңға жақын оралармыз, сен алаң болмай ұйықтай бер» дейді. Бұл сөзді түнгі бейбіт күзетке бара жатқан адамдай, әншейін жай ғана айта салады, бірақ мен алаңсыз ұйықтай алмаймын. Әлсін-әлсін оянып қыбыр еткен сыбдырға құлақ тігем. Қайтып келген соң да, мені қорқытқысы келмейтін болар, Қасымбек еш нәрсе айтпайды, «жолымыз болып, тапсырманы сәтті орындадық» деп қоя салады, түк қатері жоқ сияқты.
Қанша қатерлі болғанын Абан келіп сөйлегенде білем. Ол түнгі ұрыстан қызуы басылмай, самбырлап, тоқтаусыз сөйлеп, болған оқиғаны құйқылжытып түгел айтып береді. Арасында қызып кетіп, дауыстап «ана жердегі әлгі» деп Қасымбекті де әңгімеге еріксіз араластырады. Мен әрі сүйсініп, әрі үрейленіп, жүрегім дірілдеп тыңдаймын, ыстық, суық толқын денемді қатар қарып өтеді.
Әбден күдерімді үзгенде, төбеден түскендей ғайыптан кездескен, қазір де сағат сайын жоғалтып алу қатері арылмаған Қасымбегімнен екі елі ажырасқым келмейді, бірақ шаруасы басынан асып жатқан Қасымбек менің қолыма тие бермейді. Түнгі жорықтарын былай қойғанда, мойнында «қанша адамның қамы бар, әлі бой түзеп болмаған отрядты жарақты әскер қылу оңай болсын ба, оның үстіне бұрын қолына қару ұстамағандарды үйретуге де талай тері төгіліп, жорыққа шықпаған күннің өзінде де мұрнынан шаншылып жүреді; бір жағынан бала жылап, түнгі ұйқысының да мазасы шамалы. Ондайда тыныш жатудың орнына Қасымбек менен бұрын оянып, жөргекке жармасады. «Сен ұйықтай бер, астын өзім құрғатам ғой», — деп жатқызып тастаймын-ау, бірақ ондай ұйқыда маза бола ма.
Мұздап қалған жер үйдегі баланың астын жуғанда жылағаны да бір түрлі: ерні ерніне тимей қыбырлап, қалтырап жылайды. Баланың бойын жылытып, емізіп ұйықтатқанша Қасымбек те ұйықтамайды.
Денем тоңазып келіп Қасымбектің бауырына тығылам. Суық үйде шешінбей жатқан қалың киім тәнімді бөліп тұрса да күйеуімнің бар жақындығын сезем. Тұмсығымды тамағына тығып, бұйығып жатып, кір-қоңы алынбаған жорықтағы еркектің ашқылтым жылы исін рахаттана жұтам. Осы сенімді, жылы денеден айрылып қалатындай қорқып, кейде тас қылып қысын, құшақтан алам. Нәпсісі түскір оянбады деп несіне көлгірсиін, бірақ нәпсімді қорқыныш тежеп, нәпсіден де үлкен етене ет жақын ерекше сезіммен құшырлана түсем.
Қасымбек ерте тұрады. Кейде түннің де бір уағында шығып кетіп қарауылды тексереді. Бұрын да күйеуім ширақ, жинақы, әскер тәртібін бұлжытпай орындайтын, бірақ бұрын жоғарыдан берілген тәртіпті орындаушы болса, қазір мазасыз қожайын сияқты. Бұған тәртіп беріп жатқан адам жоқ, барлығын өзі ойлап, өзі қадағалап, өзі тындырып жүреді. Тек бір бағынатын, қаймығатын адамы Носовец. Ол қырықты алқындырған тәжірибелі кісі болғандықтан ба Қасымбек оның алдына шықпайды, ылғи ығында болады. Менің алған әсерім бойынша Носовецте өзінен ірі ықтыратын бір өктемдік бар, оның неден екенін әзірге түсіне алмай қойдым. Былай қарағанда екеуінің праволары тең сияқты. Қасымбектің ротасының аман қалған солдаттары мен орманға жинала бастаған партизандар бірігіп отряд болған. Қасымбек командир, Носовец комиссар. Дегенмен Носовецтің ірілігін Қасымбек екеуміз ғана емес, жұрттың бәрі сезеді, бірақ содан кейінгі мықты менің күйеуім. Мұныкі де өзінің еңбегімен, қасиетімен алған беделі. Аз уақытта бір аңғарғаным бұ жерде онша шенге қарай қоймайды екен, өйткені шен беріп жоғарылатып, шенін алып төмендетіп отыратын жоғарғы жағың жоқ, жұрт жоғарғыларға қарап алақтамай, тек қолынан келетін адамдарды ғана сыйлайды.
Қасымбектің бір қасиеті сөзге сараң да іске тындырымды. Не ойласа ішінде, барлық істі үндемей, дабырасыз тындырып жүреді. Құдай тағала мына алапаттан аман алып шығып, өмір берсе, мен үшін Дариға жеңгем арман ететін, нағыз бір орнықты, мықты жігіттің етегінен ұстаппын, болашақ өмірім де бұлтақсыз, берік, жайлы...
Бір байқағаным, болашақты онша көп ойламайтын болыппын. Күнделікті тіршіліктің өзі маған жетіп жатыр. Мен де енді мына жұрттан бөлек бап күткен масылдықтан арылып, өз алдына бір шаруашылық сияқты партизанның қотанында ұсақ-түйек кәдеге жарап, тыпыршыған көптің бірі боп келе жатырмын. Өстіп жүріп екі-үш айдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Қақап тұрған қыстың ортасы ауып, көктемге қарай бет алған түрі бар.
Жылу аңсап көптен күткен тәтті үмітіміздің есесіне мен лагерьге келген соң ұзамай-ақ бәрімізді қуанта толқытқан үлкен үмітіміз ортайып барады. Өткен жылы декабрьде біздің әскер Москва түбінде үлкен шабуылға шықты деген қуанышты хабар алғанбыз. Екі-үш айдың шамасында бізге де келіп қалар деп жұрттың бәрі де қуанып жүрді, сақ сөйлейтін Қасымбектің өзі «амандық болса, біздің әскер келісімен елге қайтарам» деп айтып қалған. Партизандарға келіп қосылушылар көбейіп, басқа жерлерде де отрядтар пайда болды дегенді естігенбіз. Біздің жігіттер де қимылын күшейтіп, Қасымбек лагерьге сирегірек түнейтін болған. Бір жағынан Қасымбек үшін қорықсам, бір жағынан жақындап келе жатқан жеңіске қуанып жүрегім алып-ұшып жүрген. Әсіресе Степан Петрович көңілімізге мықты жел берді. Партизандарды жинап алып:
— Қызыл Армия Москва түбінде фашист армиясына қатты соққы берді. Олардың таңдаулы күштерін талқандап шабуылға шықты. Жетінші ноябрьде Қызыл Алаңда парад қабылдамақ болған есуас Гитлер қазір жанталасып жатыр. Азаттық күні жақын. Қол қусырып қарап отырмай, жay тылын аяусыз талқандап, жеңімпаз жұмысшы — шаруа Қызыл Армиясын біз де жеңіспен қарсы алуымыз керек, — деп жалынды сөз сөйлейді.
Жауынгерлерді тапсырмаға аттандырар алдындағы осындай бір-екі жиынға мен де қатысқанмын. «Қанға қан! Жанға жан! Сталин үшін!» деп Степан Петрович ұран тастап, партизандар уралаған кезде менің де делебем қозып кетті.
Жаңа жылдың алдынан-ақ партизандар қатарына қосылушылар көбейе бастаған, кейде біртіндеп, кейде екі-үш адам болып келіп қосылып жатты. Лагерьде жеркепелер де көбейіп, қыстың көзі қырауда кәдімгі әскери жаттығу оқуы жүргізілді. Бұрын қолына қару ұстап көрмегендерді жауынгер етіп шығару үшін ертеден кешке дейін қуалайды. Соғыстың алдында екі жыл әскер қатарында қызмет еткен Абан сияқты солдаттар қазір кішігірім командир болып жаңа келгендерді үйретіп жүр.
Жаңа жылдан кейін біздің отрядқа бір бала жігіт қосылды. Аты Прохор екен. Жұрт та, мен де оны Прошка дейміз, жігіт дейтін де еш нәрсесі жоқ, кәдімгі бала. Ең мықтағанда жасы он бесте болар, өзі талдырмаш, сүйегі де шитік кішілеу. Қушық сопақ бетті, тұмсық ұшы қайқылау, үстіңгі ерні дүрдиіп ілгері біткен де, астыңғы ерні кейін шегініп, тісіне жабысып, аузынан су ағып кететіндей екі езуі салбырап тұрады. Қабағы қалың көзін сәл сығырайтып, аузын ашып, көрген нәрсесіне таңырқап қалған — нағыз сәби кескін. Прошканы қазан-ошақ жаққа менің қасыма беріп қойды, өзі бір тіл алғыш жақсы бала екен: отын жарады, су тасиды, от жағады, картоп аршиды. Неге жұмсасаң да тындырымды, үндемей жүріп істей береді. Мені жатырқай ма, әлде мінезі тұйық па, кісімен жөндеп сөйлеспейді, сәби жүзіне терең ұялаған реніш бар сияқты. Әлде үлкендерден бөліп, түнгі жорыққа қатыстырмай қазан-ошақтың басына қойғанына ренжи ме екен? Түрткілеп сыр тартып көрсем де ашыла қоймады.
— Әке — шешең бар ма?
— Бар.
— Олар қайда?
— Анда, — деп қолын сілтей салды да, содан кейін: — Деревняда, — деп анықтады.
— Олар қорықпай сені қалай жіберді?
— Мен олардан сұраған жоқпын.
Содан кейін мен де шұқылай бермедім, сөйлескісі келмесе қайтейін, қаршадай болып алып, тас түйініп ішін бермейді. Сонда да Прошканы жек көрмедім. Тіпті бала енді. Қыршын жасын аяймын. Он шақты күн өткен соң Прошканың өзі сөз бастады.
— Тетя Надя. Мені неге тапсырмаға жібермейді, а? Сіздің ойыңыз қалай, а?
— Сен әлі кішкентай... — деп қалып, ренжітіп аларымды сезіп тілімді тістей қойдым да. — Сен әлі жассың ғой, — дедім.
— Мен неге жас боламын, — деді Прошка ренжіп. — Мен биыл он алтыға шығамын.
— Енді... Он сегізге дейін әскерге алмайды ғой.
— Жоқ, партизандардың заңы басқа. Мұнда шалдар да, балалар да соғысады. Жоқ, партизанның жөні басқа, — деді кәдімгі кексе адамша маған түсіндіріп. — Жас адам жауға қарсы соғыспасын деген заң жоқ. Менің ойымша мұның себебі басқа.
— Қой, одан басқа не себеп болсын. Қазір соғыса білетін үлкендер де жетеді ғой, — деп жұбатқан болып едім, оған Прошка иланбады, өзінің басқа бір күдікті ойы бар екен.
— Олар маған сенбейді, — деді Прошка жасырын бір сыр айтқандай даусын төмендетіп.
— Неге сенбейді? — дедім мен таңырқап.
— Надя апай, менің сізден үлкен өтінішім бар. Істейсіз бе? — деді жалынышты дауыспен.
— Қандай өтініш?
— Сіз орындайсыз ба, Надя апай? Сіз жақсы кісісіз ғой, — деп жалынды Прошка.
— Ал, орындайын, қолымнан келсе... Айта ғой.
— Сіздің күйеуіңіз командир ғой. Сіз оған айтыңызшы.
— Маған сенсін, жарай ма? Meн алдамаймын. Мен адалмын, Надя апай.
— Сені арам деген біреу бар ма? Оның не? — дедім таңырқап.
— Ешкім арамсың деп айтқан жоқ. Бірақ ішім сезеді... Олар маған сенбейді.
Баланың сөзіне басым қатып кетті.
— Неге сенбейді? Айтшы өзің түсіндіріп, — дедім.
Прошка әлденеден қысылғандай іркіліп қалды. Не шикісінің барып білгім келсе де, баланы мазалағым келмей, мен де үндемедім. Сәлден кейін қиналып тұрып сырын айтты:
— Менің әкем немістерге қызмет істеп жүр. Мүмкін естіген шығарсыз. Усачев.
— Усачев пе? — деппін шошып кеткендей.
— Ол ақымақ, онда ақыл жоқ, Надя апай, — деді Проша ызалана ышқынып, — Ол қашан да ақымақ болатын. Ол бізді сабайтын. Иә, иә, сабайтын. Мен оның сабағанына ренжімеймін, бірақ жауға қызмет істегенін кешпеймін. Кешпеймін. Неге ол сөйтті екен, а? Неге сөйтті екен, Надя апай?
Оған мен жауап бере алмадым. Екеуміз үлкен жеркепенің ішінде ас пісіруге әзірлеп картоп аршып отырғанбыз, мен де аңғармай қалыппын, Прошаның бармағы, қолындағы жартылай аршыған картобы қып — қызыл қан.
— Ойбай-ау, қолыңды кесіп алыпсың ғой, — дедім.
Проша тіпті қолын кесіп алғанын байқамаған екен, түсінбегендей маған одырая қарады, содан кейін қолына көзі түсті де орнынан көтеріле беріп, пышақты жерге лақтырып жіберді. Онсыз да кем иегі кейін шегініп, астыңғы ернін тістеп алған Прошка кемсеңдеп, жылап жібере жаздап өзін әзер ұстап тұр, бір-екі рет көз жасына әлі келмей өксіп алды. Содан кейін қан сорғалап тұрған бас бармағына қарады, оның не қылған, қайдан шыққан қан екенін түсінбей тұрған сияқты.
— Әкел, қолыңды таңын берейін, — деп мен де орнымнан тұрдым.
Проша менің не айтқанымды ұқпағандай маған таңдана қарады, содан кейін қолына көзі түсіп:
— Мен бармағымды кесіп алыппын, — деді ақырын.
Мен бармағын таңып жатқанда алқымына кептелген өксігін сыртқа шығарғысы келмей булығып, солқылдап бір-екі рет ауыр күрсініп алды. Байғұс баланың соншама қиналғаны жаныма батып кетті. Қиналғаны сонша тіпті сорғалап тұрған қанын байқайтын да, елейтінде емес. Осы бір үстіңгі ерні дүрдиіп, езуі салбыраған кемиек сәбилік аңқау кескіні алғаш көргенде-ақ жүрегімді жылытып, содан іш тартып бауыр басып қалып ем, Енді келіп ол аяқ астынан кемпірдің үйіне келген сайын үрейімді ұшырған Усачев полицайдың баласы боп шықты. Мен соны түсіне алмай далмын. Жоқ, тіпті екеуін қабыстыра алмаймын. Сондықтан да әуелгі сәтте мен оның әкесі туралы еш нәрсе ойлағаным жоқ, тек баланың қиналғаны қатты жаныма батты.
Прошаның томсырайып, үнсіз қалып тұрғанын біраздан кейін байқадық, өз ойыммен әлек болып баланың қорғансыз халін ұмытып кетіппін. Мен үндемей қалған соң секемшіл жарым көңілін тағы бір сенімсіз сұқ көз қарап өткендей жүдеп қалыпты. Байқаусызда масқара сырын ашып алып, енді содан жер болып тұрған түрі бар. Мен не айтарымды білмей састым: жұбаныш айтайын десем тағы да бір жарасын тырнап алам ба деп қорқамын, бірақ үндемегенім одан да ауыр тиетінін сездім.
— Прошка, сен бекер күдіктенесің... Сен қиналма... — Сонан соң аяқ астынан ой тауып, тіпті өзім қуанып кеттім. — Саған неге сенбесін? Сенбесе партизан отрядына қабылдай ма?
— «Сені әлі сынаймыз» деді Носовец. Ол маған сенбейтін сияқты, — деді Проша төмен қарап. — Сосын кухняға жіберді. Сенбеген соң жіберді.
— Кухняда жүргендерге сенбейді дегенді кім айтты? Мен де кухняда жүрмін ғой.
— Сіз әйелсіз ғой, — деді Проша томсырайып. Кенет мені кемсітіп алғанынан қысылғандай: — Сіздің кішкентай балаңыз бар ғой, — деп қосып қойды.
...Мына соғыстың әлі де мен түсініп болмаған сұмдықтары ашылып келе жатыр. Мені ғана от басы ошағымнан, ауыл-аймағымнан ажыратты ғой десем, менің қасіретім берегіректе жатқан сияқты, бұл соғыс әке мен баланың арасына кіріп кетіпті, екеуі бір-біріне мылтығын кезеген қанды майданның екі жағына шығыпты. Екеуінің табысатын жағын мен көре алмадым. Араларында мұп-мұздай болып, түсі суық ажал тұр.
Қасымбекпен сөйлесуге уәде беріп, өзімше Прошканың көңілін алдарқатқан болдым. Әрине Қасымбекке айтамын. Баланың күдікшіл көңілін жүдетпей тым болмаса жаттығу ойындарына қоссын, мылтық атуды үйренсін. Қайдан білейін, ар жағында бір нәрсесі болмаса, ол қарсылық жасамас, Носовецке де өзі айтып түсіндірер. Өз басым ол кісіге бата алмаймын.
7
Екі саным ұйып қалыпты. Екі бүйірімді жылытып екі нәресте тыныш қана ұйықтап жатыр. Екеуінің ұйқысын бұзбайын деп отырып ұзақ сонар ойға түсіп кетіппін. Сырласатын серігің болмағасын, кісі өзімен-өзі сөйлескеннен, өз ойын қармай береді екен-ау. Келіншектер ауыздары жабысып ұзақ сөйлесіп қалғанда Қамқа әжемнің: «әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер», шаруаларыңа барыңдар», — деп зекіп тастайтыны есіме түсті. Мен де сол, өткенімді ақтарамын деп қазіргі уайымымды ұмытып кетіппін, екі баланың ұйқысын бұзбай, ақырын тіземнен түсіріп жерге жатқыздым.
Көзім үйреніп қалған болар, таң бозарып атқандай маңайым айқындалып, жеркепенің іші көріне бастады. Әр жерде қарауытып бір нәрселер жатыр, орнымнан тұрып әр қарайғанды сипалап қарап жүрмін. Бұрын қойма болған нәрсе ғой: ескі жәшік, жәшіктің сынығы, темір-терсектер. бір-екі ескі қапшық пен брезент тауып алдым, балалардың астына төсеуге жақсы болды. Бір құс мылтығы жатыр, қолына неміс автоматын түсірген партизан кейін алармын деп осында тастай салған болар. Тамақтан өтетін бір нәрсе іздеп едім, ондай ешнәрсе табылмады.
Қайдан табылсын. Орман ішіндегі партизанның күн көрісі соңғы жылы тіпті қиындап кеткен. Алдыңғы қыста кейде азық-түлік үзіліп қалғанмен, онша мықты тапшылық көрмеп едік, төңіректегі ел-жұрттан талғажау қыларлық нәрселер табылып тұратын. Партизандар түнде немістер жоқ деревняларға барып ұн, картоп, ол — пұл тағамдар әкеліп тұратын, кейде мал әкеліп те соятын. Кейін партизан көбейді де, деревнядағы азық азайып кетті. Қарынымыз ашып, көзіміз бозарып отырғанда Қасымбектің бір айтқан сөзі есімде қалыпты. азық-түлік қарастырайын деп бір үйге кірсе, қартаң әйел айтыпты: «Сендер келесіңдер, өз адамдарымыз ғой, деп барымызды сендерге береміз, немістер келеді, қолда барымызды олар өздері сыпырып алады, осы біздің қалай тірі жүргенімізге қайранмын» депті. «Маңайдағы деревнялар тақырланып бітті» деген Қасымбек. Алыстан бір нәрсе іздеуге партизандардың аяғы жете бермейді. Онда әр бөлке нан ер азаматтың құнына түсуі мүмкін, онда да жеткізе алсаң...
Тауып алған қапшықтарымды балалардың астына төсеп, дұрыстаңқырап жатқызғым келді. Бұл өзі бұрын қойма болған зілмәнке, адамның исі сіңбеген, азынап тұр: жалаңаш, бір бұрышқа бір кезде шырша бұтақтарын төсеген, оның да қылқаны төгіліп, сабақтары сорайып, жамбасқа батады. Соның үстіне брезент төсеп балаларды жатқызып, кенеп қаппен қымтап тастағым келді. Жатқан жерінен көтерем деп Дулатымды оятып алдым. Ол қыңқылдап жылағысы келіп дыбысын шығарды да, менің қолымда екенін сезіп, тез тыйылып, тұмсығын жылы кеудеме тыққысы келіп, маңдайымен өңірімді сүзгілей береді. Қалың пальтомның омырауын ағыттым.
Дулат... Дулат жаным. Есімін папасы қойған. Мен жатқан медпункттің жеркепесіне бес-алты адам жиналып қауқылдасып отырды. Іштерінде Носовец, Николай, Абан, дәрігер мен медсестра Шура да бар. Содан бір уақытта балаға ат қоймақ болысты. Бәрі жиналып Носовецке қарап еді, ол:
— Баланы тапқан анасы ғой. Біз қиналған жоқпыз. Ендеше есімін де анасы қойсын, — деп кесіп тастады.
Мен қапелімде қысылып қалдым, күні бұрын ойламаппын.
Ер бала ғой. Есімін әкесі қойсын, — дедім.
Қасымбектің өз ойы бар екен.
Есімі Дулат болсын, — деді ол. Сосын «Дулат» деген сөздің мағынасын орысшалап түсіндіріп алып: — Бұл өзі дуылдаған майданда туды ғой. Жүрген жерін дуылдатып жүрсін. Қазақтың Дулат деген жақсы ақыны да бар еді. Және Дулат деген ағам да болған, — деді.
Осыдан кейін жұрт шынында да дуылдап кетіп еді. Абан флягісінің тығынын ағытып, дабырлап сөйлеп, жағалай кружкаларға құйып жатыр.
— Осы оқиғаға арнайы сақтап жүрген олжам еді. Бұл немістің жаманы емес, орыстың нағыз ақырып тұрған самогоны, — дейді. — Самогон болғанда да, өздерің білетін первая — нағыз бетінің қаймағы, тура сүзіп алған.
— Ендеше Дулат үшін ішеміз, — деп Носовец кружкасын көтерді. — Біз енді оны орысша Димка деп атаймыз, тілге жеңіл болу үшін. Әкесі сияқты жауынгер азамат болсын.
Оның сөзін бәрі қостап дуылдап кетті, Абан келіп нәрестенің құлағына: «Дулат! Дулат! Дулат!» деп үш қайтара айқайлады.
— Қазақтың осындай әдеті бар. Бала өз есімін жаттап алу керек, — деп өзгелерге түсіндіріп жатыр.
Қазақ пен орыстың дәстүрін араластырып осылай ат қойылған бала ғой бұл. Бір баланы қайда қоярға білмей жүргенде, тағдыр әкеліп тағы бір баланың салмағын мойныма артты. Ол Светаның қызы-кішкентай Света.
Алда қалай боларын бір құдайдың өзі білсін, ал осы күнге дейін бұл екі баланың азабы маған оңай болып тұрған жоқ — аяққа оралғы, мойынға байланған тас сияқты боп та көрінеді. Бір ойлап қарасам осылардың маған демеуі де аз емес тәрізді. Қалың орманның ішіндегі қараңғы үңгірде жападан-жалғыз қалсам қайтер едім, көңілім алып-ұшып, алақтап елегізіп... Әзірге дыбысы естілмей, айнала тұтасып төнін келе жатқан қалың жауды мына қараңғы жеркепеде жалғыз тосуға, сірә, дәтім шыдар ма еді. Екеуі, тірі жан иесі болған соң, кісіге кәдімгідей қарап тіпті өздерінің уайым — қайғысымен-ақ алаң қылып, көңілімді қорқынышты ойдан бұрып әкетеді.
Дулат жылы кеудеме тұмсығын тығып алып, тінтінектеп емшегімді іздейді, екі жасқа таяп қалса да емшектен айырған жоқ едім. Әзір емізгім келмей жоғарырақ көтеріп кеудеме қысып, самайынан иіскедім. Тоқта... құлағыма бір үн келеді. Қысқа ғана «Гуһ», «гуһ» етіп алыстан талып жеткен жұмсақ дауыс — бір алыптың «уһ» ден күрсінгені тәрізді. Құрғырды танып қалдым, бұл кәдімгі зеңбіректің даусы. Басталған екен ғой. Тұла бойым тітіркеніп, Дулатымды кеудеме қыса түстім.
...Баламды дәл осылай кеудеме қысып алып, қонышымнан қар кешіп қашқаным қайда... Тарсылдан атылған оқтан гөрі жүрегімнің дүрсілі қаттырақ естілген жоқ па еді, сонда. Баланың мысқалдай салмағын сезген жоқ едім, ол кезде өзі де бір жапырақ кішкентай еді ғой, үш жарым айлық қана. Суылдап ұшып жатқан оқтан қалқалағым келіп кеудеме қыса берем, кеудеме қаттырақ қыссам оған оқ өтпейтін сияқты...
Ол соғыстың қалай басталғанын, мен ғана емес, командирлердің өздері де білмей қалыпты, осы күнге дейін партизандар лагерін немістер мазаламағанға бойлары үйреніп, бейқамдық жасап алса керек. Немістердің жазалау отряды жақындап қалғанда бір-ақ білген.
Бесін болып қалған кез. Дуня апайдың Зойкасын сауып жатыр едім; тарсылдаған атыс естілді. Кейде орман ішінде партизандардың жаттығу үшін мылтық ататындары бар-ды, алғашқы сәтте сол ма екен деп қалып едім, бірақ, бір қолыммен Дулатты кеудесіне қысып, бір қолымен сиырдың әукесін сипап тұрған Прошка шошып кетті.
— Надя апай, немістер келіп қалды, — деді даусы қалтырап.
— Қой, біздің адамдар шығар жаттығып жүрген.
— Жоқ, біздің адамдар емес, немістермен атысып жатыр.
Сөйткенше лагерь абыр-сабыр болып, қарбалас басталды. Түнгі тапсырмаға дайындалып дем алып жатқан жігіттер жеркепеден жұлқына шығып, бір қолында мылтық, бір қолдарын шинельдің жеңіне сұғып, киіне алмаған күйі бұлар сүріне — қабына жүгіріп барады. Айқайлап команда берген дауыстар да берекесіз айқай-шуға ұласып абыр-сабыр. Не қыларымды білмей шелегімді қардың үстіне қоя салып, өзім де түсінбей, бірінші жасаған әрекетім — Прошканың қолындағы балама шап бердім. Прошканың:
— Мен алып жүрем ғой, Надя апай, — дегеніне қарамастан, баламды бауырыма тас қылып қысып алып, селтиіп тұрып қалыппын.
От алмаған мотордай булығып, қақалып — шашалған берекесіз бытыраңқы атыстар жүйеге түсіп күшейіп, нағыз кескілескен ұрыс басталған кезде барып есімді жидым. Орманның елі шығар ашық беті патырлаған атыс. Мен басында қалақтап қаша жөнелгім келіп, ұмтыла түсіп, кенет алдыңғы жақта ақтағы азаматтардан хабар тосуым керек екенін ұғып, әзер тоқтағам. Прошканың да маған ақыл берер хал-дәрмені бар ма. Бірақ әуелгі бетте мендей емес, батырсынып: «қап, мылтығым жоқ, маған мылтық берген жоқ» деп өкініп, «бәрі бір алғы шепке барам» деп бұлқынып еді. Оқ, оған қоса аспаннан неміс миналары жарыла бастаған соң басылып қалды, қорықпай қайтсын, қанша айтқанмен әлі бала емес пе. Ол түгіл аспаннан жауған бомбаны, жерде жұртты жау жапырақтай түсіріп жатқан оқ боранын бірдей көрген менің өзім жаудың миналары аспанды омырып, төбеңнен қопарыла құлап келе жатқанда тұла бойым қалтырап, қол-аяғымның буыны кетіп қалды. Дегенмен есімді білем-ау деймін... мина арпылдап төбеден құлап келе жатқанда, Прошкаға «жат» деп айқайлап үлгердім. Зілмәнкелер алыстау, екеуміз Зойканың қорасына тығылдық. Төбесі берік болмағанмен қазылған шұңқыр ғой, қанша айтқанмен жер.
Бір ғажабы, төбеден ажал төңкеріліп құлап келе жатқанда, қолымда балам барын ұмытып кетсем де кеудеме тастай қысып алып, айырылмаппын. Екі гүрсілдің арасында оң жағымда жер иіскеп жатқан Прошкаға көзім түсіп кетті: мойнын тұқырта бұғып ішіне тартып, бетін маған беріп жатыр екен, өң-түс жоқ, боп-боз. Қыршын жасқа ажалдың тұңғыш шарпуы тигені осы ғой, дүрдиген үлкен үстіңгі ерінімен астыңғы ернін көміп тістеп алыпты, кемсеңдеген аузын әрең ашып:
— На... Надя апай... Мен тірімін бе? — деп сұрады.
«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» деуші еді, ал, егер өзің осал болып, өзіңнен де осал шықса... онда зор болмасаң да, кәдімгідей естияр болып қалады екенсің. Қыршын жастың қиналғанын көргенде, үлкендігімді сезіп есімді жиып алдым.
— Әрине тірісің. Қорықпа, шұқырда жатқанда дарымайды, — деп жұбаттым.
Жас балаға жұбаныш айтам деп, өз көңілімді жұбатып алсам керек, енді тұла бойымды тітіреткен жиіркенішті үрей сейіліп, мен де жан-жағымды пайымдай бастадым. Минометтен атылған миналардың даусы бәсең тартып, алыстап барады да оның есесіне патырлаған мылтық даусы жақындап келе жатыр. «Бұ жерде бұғып жата берсек, немістердің төбемізден түскенін бір-ақ білуіміз мүмкін-ау» деген қорқынышты ой келіп:
— Прошка, басыңды көтер, сыртқа шығып жағдайды білейік, — дедім.
Тоңқайып шекесімен жер сүзіп, бетін маған бұрып, менің әр сөзім мен қимылымды бағып жатқан Прошка орнынан тұрды. Миналардың даусы алыстағанға ма, алғашқы үрейінен айығып, кішкене өңі кіріп қалыпты.
— Мен қатты қорқып кеттім, Надя апай, — деп шынын айтты.
— Кім қорықпайды дейсің. Мен де қорқып кеттім.
— Сіз де қорқып кеттіңіз бе? — деді Проша, өзіне серік табылғанына қуанып кеткендей.
Біз сыртқа шыққанда, ернеуінде жеркепелер жыпырлаған жыра миналар шұрқ-шұрқ тескен шұңқырлардан кәдімгідей қара қотыр болып қалыпты. Атыс тіпті жақындаған түрі бар, оқтар зырқ-зырқ етіп ағаштарға қадалып жатыр. Сөйткенше бір-екі жігіт жүгіріп келді, өздері өрт сөндіргендей асығыс. Біреуі шанаға ат жегіп әлек, біреуі жанталасып зілмәнкедегі заттарды шанаға тасып жүр.
— Селтиіп неғып тұрсыңдар! Жәрдем етіңдер! — деп айқайлады бізге.
Проша жүгіріп келіп ат жегуге жәрдемдесіп жатыр, баламды қайда қоярға білмей, аңырып тұрып қалдым да, бар бітіргенім қипақтап жан — жағыма қарай бердім.
— Неменеге селтиіп тұрсың, ағаш жұтқандай, — деп шана жегіп жатқан адам маған ақыра түсті де, қолымдағы баламды көріп іркіліп қалды. Қапелімде ақыл тауып: — Балаңды жерге қоя тұр да. қимылда, — деді. — Лагерьді киіндіруге бұйрық болды. Неміс балаң бар деп күтіп тұрмайды. Енді кешіксек қоршауда қаламыз. Тезірек.
Құндақтаулы баламды қардың үстіне қоя салдым да, ас үйге қарай жүгірдім, онда азын-аулақ азық-түлік бартын. Сасқанда кісі қайратты болып кете ме, бір қап картопты, жүрелеп отыра беріп, арқама қалай көтеріп алғанымды білмеймін. Жүгіріп барып орта қап ұнды да әкелдім. Әлгі жігіт Прошамен екеуі енді басқа шананы жегіп жатыр. Қайдан шыға келгендерін білмеймін, бес-алты адамның басы құралып қалыпты.
— Медпунктті көшіріңдер! Шура қайда? — деп айқайлайды біреуі.
— Шура алғы шепте. Тезірек дәрі-дәрмектерін алып шығыңдар.
О жақта да қарбалас. Тиелген бір шана кетіп те қалды, енді екінші шананы жегіп жатыр: құдай-ау, тіпті баламды ұмытып кетіппін ғой, Дулатым шырқырап жылап жатыр. Кішкентайымды жерден көтеріп алып, бауырыма қысып алақтап тұрғанымда мына шана да тиеліп болыпты. Құлақшынын мыжырайта киген ақсары жігіт, аттың делбесін қолына жиып алып, жан-жағын көзімен бір шарпып өтіп:
— Мініңіз шанаға, — деп маған әмір берді.
Бала мен шанаға жалп етіп құлап түстім, басымды көтерсем, көзі жәудіреп Проша тұр екен. Meн оған «шанаға мін» деп айтқанымша, ана жігіт өзінше әмір берді:
— Анау сиырды айдап шық та, біздің артымыздан қуалай бер. Бүгінгі күнмен соғыс бітпейді. Ертең де сүт керек, ұқтық ба?
Өзі бір саспайтын жігіт екен, содан кейін аттың делбесін қағып қалып, «а ну, поехали» деп, сайды қуалай шананы сырғыта жөнелді.
Біз сайдан шығып, бір шалалау жолдың сілемімен ұзай беріп едік оң қапталдан патырлаған автомат даусы естілді. Тағы да зырқ-зырқ еткен оқтар ағаштарға қадалып жатыр, қаңғыма оқтар зың етіп үстімізден өтіп кетеді. Еш нәрсені анықтап көре де алмадым, түсіне де алмадым, әйтеуір тағы да бір соғысқа кіріп баратқанымызды сезем. Ана жігіт ыза боп кетіп, әлдекімді мықтап тұрып боқтап жіберді.
— Сволочтар, оң жақтан орап өтіп кетіпті. Біздің адамдар қоршауда қалмаса қайтсын, — деді ол күйініп.
Аттың басын бұрып алып жолсызға салды. Күртік қарға ат омбылай бергенде, шанадан қарғып түсіп, малтыққан атты қамытымен осып-осып жіберді.
— Басыңды көтерме! Бұғып жат! — деп, маған ақырды содан кейін.
Онсыз да өзі қолымда бала, жайсыз отырған адамға шанаға асығыс тиелген, байланбаған заттар жан-жағымнан соққылап, қарға домалап түспей әзер келе жатқанмын, әйтеуір қисайып бұққан боламын. Оның үстіне шананың сырғанауы да өзгеріп, ат омбылап, іркіп қалып, жұлқылап тартып, аударып кете жаздайды. Алысырақтан естілген тарсылмен қоса, зу-зу етіп төбемізден ұшқан оқ та мазаны алып барады. Қимылсыз, қарекетсіз ажал тосып бұғып жатқан қандай қиын, бар бітіргенім, баламды бауырыма қыса берем, тек «ну, ну» деп кіжінген ат айдаушы жігіттің айқайын естіп, қасымда қара барын дәтке қуат қылам.
Бір кезде шана жарға соққандай тоқтап бір жағына қисайып бара жатты, аударылып кете жаздап басымды көтеріп алсам, ат аяғын тырбанып, қисайып құлап барады екен. Ақ құйрық, ақ жал шабдар ат құлағысы келмей тырмысып, ышқынып аяқ серпіп қайрат қылды да, ақыры шамасы келмей қамытымен шананы аудара құлады. Шанадан домалап бара жатып бір қолымда құндақтаулы кебенек, қалай домаласам да айрылмайтын бір әдет тауып алыппын, бір қолыммен жер таянып, қонышыммен қар күреп түрегелдім. Шабдар аттың қолтығынан шүмектеп қан атқылайды, омырауын жуып кетіпті, — жануар жаны шығып баратып тезек тастан жіберді. Ақсары жігіт неғыларын білмегендей бір сәтке ақырып қалды да, содан кейін шырқырап жылаған баланың даусын естіп, маған бұрылып:
— Неғып тұрсың?! Қаш тезірек, — деп айқайлады.
— Қайда қашам? — деппін сасқанымнан.
— Ана жаққа қаш, — деп ол қолымен сілтеді. — Орманның түбіне қарай қаш!
Ол сілтеген жаққа қарай емпеңдеп жүгіре бердім, баласы түскір шырылдап жылайды келіп. Оған қарайтын мұршам қайда менде, екі өкпемді қолыма алып, байпағымның қонышымен қар күреп, жанығып келем. Сүрініп кетсем де, әйтеуір құламаймын, жүрелеп барып, бос қолыммен жер тіреп түрегелем, сілтеген жаққа дұрыс бара жатырмын ба екен, деп ауық-ауық қайырылып артымдағы ізіме қараймын. Ізім қиралаң-қиралаң болса да бағыты дұрыс сияқты. Әлгі жігітті көзімнен таса қылып алдым.
Білмеймін үрейім үлкейтті ме, әлде орман ішінің жаңғырығы күшті ме, мылтық даусы патырлап тым қатты естіледі, бірақ алқынып аузыма тығылған менің жүрегімнің дүрсілі одан да қатты. Сонда да шырылдаған баламды кеудеме қыса түсем, әйтеуір дауыс шығарып жатса жаны бар болғаны ғой. Жүнін жұлған тауықтай жапырағы мен бұтасынан айрылған орманның панасы да аз, сойдиған, қадау-қадау ағаштың арасымен жүгіріп келем. Кейде терекке арқамды тіреп, дем алам, шаршады ма, байғұс бала да жылауын қойды.
Мен қашқалы бір сағат өтті ме, бес минут өтті ме, білмеймін, өз ойымша өмір бойы жүгіріп келе жатқан сияқтымын. Ақыры атыс сейіліп, патырлаған мылтық даусының жаңғырығы әлсіреп алыстан естілгенін сездім, өкпемнің өшкенін сонда ғана біліп, теректің түбіне шоқиып отыра кеттім, Алдыма өңгерген үстіндегі құндақ тіреп, екі иінімнен дем алып біраз отырыппын.
Бір кезде басымды көтеріп жан-жағыма қарасам, жуан қызыл балтыр самырсын ағаштарының арасында отыр екем, жоғары биікте, жайыла біткен бұтақтары отау үйдей қауқиып, бір-бірімен иін тіресе тұтасып көкті бүркеп алған. Төңірегімді шолып өтіп, қолымдағы құндаққа көзім түскенде... құндақтың өкпе тұсы қып-қызыл қан. Жар басында домалап кеткен сарғыш құндақ... құдды сондай мынаның да өкпе тұсы қан. Қай жерде оқ тигізіп алдым? Шошып қарауға жүрегім дауаламай, киттей де болса қорқынышты сағатты алыстатқым келіп, мелшиіп отыр едім, танауымның астынан жып-жылы жылымшы бір нәрсе ағып ерініме келіп тиді. Соның ашқылтым дәмінен тыжырынып еріксіз сүртіп алып едім. Қан... мұрным қанаған екен.
Бойымды бүріп алған мұздай қорқыныш ақырындап әзер тарады. Енді тіпті тыныш жатқанға тұншықтырып алмадым ба екен деп тағы күдіктеніп, қолым қалтырап құндақтың бетін аштым, тірі екен. Беті бүрісіп, қатты өкпелегендей аузы кемсеңдеп, өзінің үйреншікті айқайына басты. Қолым әлсіреп қалған ба, өңірімді ашу да оңай болған жоқ, байғұс баланың қарны ашып қалған екен, солқылдатын келіп сорады; мына жаныққан жанталаста қайбір сүт болсын, ауық-ауық ызаланып бақырып қояды.
Әбден ентігімді басып, есімді жинап, төңірегіме көз салдым. Мылтық даусы естілмейді, жолым болып, жаудан қарамды үзін кеткен түрім бар. Төңірек жым-жырт, ымырт үйіріліп, көз байланып келеді. Баламның ар жағына, аз да болса, ел қондырып бетін бүркеп, қалжыраған денем балбырап дем алып, тағы да біраз отырдым. Тек астымнан сыз өтіп, тұла бойым құрысып тоңази бастағанда орнымнан тұрдым. Осы кезде барып орманның ішінде жалғыз қалғаным есіме түсті. Манағы ат айдаған жігіт қайда? Сиыр қуалаған Прошка қайда? Жалпы біздің адамдар қайда? Оларды қай жақтан іздеуім керек?
Қай жаққа қарай жүрерімді білмей, состиып тұрып қалыппын, бір қатерден арылдым ба дегенше болған жоқ, тағы да бір қауіп алдымнан көлденең шыға келді — адасу қаупі жауып тұрған оқтан жеңілірек болғанмен, бұ да мені аз қинаған жоқ. «Орманның түбіне қарай қаш» деген ат айдаушының сөзі есімде қалыпты, бірақ орманның ортасы қайсы, шеті қайсы, ен далада өскен мен бейбақ оны он жыл ойласам да, таба алатын түрім жоқ. Миымның жеткен жері, ең әуелі алдымды емес, қарға түскен ізіме қарап артымды анықтап алу. Содан не де болса тәуекел деп, ізімді жалғап сол бағытпен тарта беру.
Шамамен бағытымды белгілеп алдым да жүре бердім. Көз байланып қалды, қараңғылық қоюлаған сайын менің үрейім де қоюланып, тұла бойымды құрыстырып барады, оның үстіне түнге қарай аяз да қатайып келе жатыр. Бір жүрем, бір тұрам. Бір кезде саусағыма жып-жылы бір нәрсе тигендей болды, қолым суланып шыға келді. Балам кіш етіп қойыпты. Енді не істеймін?.. Астын құрғатып, жаялық алмастыратын... бар бітіргенім, пальтомның түймесін ағытып, қойныма тығып алдым. Енді қайтейін өз жылуыммен кептірмесем...
...Сол күнгі түн маған ғұмыр бойы таусылмайтындай көрінді. Ауық-ауық тоқтап, ағашқа арқамды тіреп, баламды кеудеме қысып, жүрелеп отырып дем алам, бірақ түнгі аяз байыз таптырып ұзақ отырғызбайды, тағы да бүкшеңдеп жүріп кетем. Қараңғы қалың орманның ішінде бағыт бағдарымды әбден жоғалтып алсам да әйтеуір жүре берем, «адасқанның алды жөн», — өзіме бара жатқан бағытым дұрыс көрініп еді, біраздан кейін оған да күмәнім күшейді. «Осы мен кері бара жатқан жоқпын ба» деген ой жүрегімді лоблытады. Алдым қайсы, артым қайсы? Содан кейін тіпті басымды ауыртып, бағытымды ойлауды да қойдым. Жүремін де отырамын, отырамын да тағы жүрем. Кейде отырғанда мызғып кетемін де, аздан кейін тоңып оянам. Қарлы орманның ішінде пана болар еш нәрсе жоқ, тек қимылдау керек, қимылдау керек, мен шаршасам да аяқ шаршатпайды. бір-екі рет баламды еміздім. Өңірімді ашқанда аяз қарып кетеді, Дулаттың кіп-кішкентай беті мұп-мұздай болып кеудеме тиеді. Өңіріммен бүркеп, тас қылып қымтап алам, аздан кейін кеудеме жел кіріп тоңазыған бойым жылынып исіне бастаймын. Қалжыраған денеме жайбарақат, жылы тыныштық құйылып, өзімді-өзім ұмытып мүлгіп кетем, содан тоңазып барып оянам да қайтадан түрегеліп бүкшеңдеп жүре берем.
Март айының басында түн қысқара бастайды деуші еді, мына түн он есе ұзарып кеткен сияқты. Қолымда сағатым жоқ, қанша уақыт өткенін, таңға қанша қалғанын... Маған салса ендігі екі-үш таң ататын мезгіл өткен тәрізді. Аспанда ай жоқ, күңгірт жұқа бұлттың арасынан сирек жұлдыздар көрініп қалады, оған қарап мен еш нәрсе біле алмаймын. Балам төсекке екі-үш қайтара кіш етті. Енді оны қойныма тығып жылыта алмаймын. Құндағының асты, жөргегі қатып қалған, сірә тірі қалатын түрі бар. Әбден діңкем құрығаны ма, әлде тас бауыр болып кеттім бе, білмеймін, қазір баланың қазасын ойлап қайғыратын хәлім жоқ, сүлесоқпын. Бірақ белгісіз бір жіппен байлап қойғандай, құндақтан айрылмаймын, сынған қолыңды қырқып тастай алмайсың ғой, сол сияқты жабысып бұл да менімен бірге келе жатыр.
Кейде, бұлттан жылт етіп шыға келген күндей ойым айқындалып кетеді де болған жағдайды ептеп саралаймын. Біздің лагерьге немістер ойда жоқта шабуыл жасады, олар, шамамен деревнялар жақтан, ашық беттен келді. Партизандар соғысқа кірді. Қасымбектің қай уақытта кетіп қалғанын байқағам жоқ, мен сиыр сауып жатқанмын. Біз қашқанда оң жақтан да неміс солдаттары шабуыл жасап келе жатыр еді, біздің адамдар қоршауда қалмады ма екен? Алды қараңғы, мүмкін, орманға тығылып құтылған да шығар. Немістер түнде орманға кіруге қорқады деген сөзді талай естігем. Қасымбек аман ба екен? Аман болса, мені тауып алмай қоймас, байғұс, арсалаңдаған Абан да мені іздемей отыра алмас.
Осылай айқындалып арғы-бергіні бағдарлай бастаған ойым сұйылып қайтадан тұманданып кетеді. Бір жоғалтқан Қасымбегім тағы да жоғалып кететін сияқты. Оның мына жағдайда маған кездесуінің өзі әншейін кездейсоқ баянсыз алданыш болып көрінеді, оның табылғанына, барлығына бұрын да мықтап сенбеген тәріздімін, енді сол алданыш тарқап, баяғы үйреншікті азабым мен жалғыздығыма қайта оралдым. Иә, Қасымбек, сол баяғыдай неғайбіл болып менен алыстап кетті, масқара болғанда, сол түні оның өлі-тірісін ойлап, жанымды қинамаппын. Бірақ жаны құрғырдың да қиналатын еш нәрсесі қалған жоқ.
Түнгі орманда жалғыз қалғаныма қорықтым ба? Қорықсам қорыққан шығармын. Бірақ аяз қысқанда қорқынышты ұмытып кетеді екенсің, басқа еш нәрсені ойламай жер тепкілеп, жүгіріп-жүгіріп алам да ақыры, екі иінімнен дем алып, алқынып келіп бір ағаштың түбіне отыра кетем. Содан кейін еш нәрсені анық сезбеймін, ұйқы мен ояудың арасы ма, өлі мен тірінің арасы ма, бір бұлдыр, буалдыр дүниеге кіріп бара жатам. Ондай кезде қалың орман да, қолымдағы құндақ та қарауытып алыстап кетеді. Азап пен мехнаттан, барлық уайым мен үрейден арылтып бұйығы тыныштық бойымды жылытып, манауратып алып кетеді. Рахаттың аяғы бір мезет азапқа ауысады. Мұздай суға кіріп баратқандай болам, одан ол су емес қар болып шығады, жалаң аяқ, жалаң көйлекпен қардың үстінде келе жатам, қымтанғым келеді, бірақ қымтанатын лыпам жоқ.
Тоңазып оянып кетем. Бір нәрсемді жоғалтып алғандай көңілім елегізіп, бірақ немді жоғалтқанымды білмей сасам, со кезде барып, бауырыма қысып алған мұздай түйіншегімді сезем. Мұп-мұздай, қатты, ашып қарауға қорқам. Бір кезде тобарсып қатып қалған жеңімді жылытып, қолыма дымқыл тиеді, тағы да кіш етіп қойды. Кеудесінде жаны бар екен.
Таңның атуынан күдер үзгенім сонша, мен сол таңның қалай атқанын тіпті білгенім жоқ. Бір кезде барып айналаның жап-жарық екенін байқадым, онда да мұрныма түтіннің исі келгендей болып, алақтап жан-жағыма қарағанмын. Үш жүз қадамдай жерде ағаш арасынан селдіреп шыққан қуқыл түтінді көрдім. Кімнің түтіні екенін де ойламай солай қарай жүре беріппін. Бұ жақтан жау күтпеген бе, жеркепелерге жеткенше мені ешкім тоқтатқан жоқ, тек жақындап қалғанда шолақ тон киген бір еркек алдымнан шығып:
— Сен қайдан тап болған адамсың, — деді таңырқап.
Бар айтқаным:
— От... от... жылынатын от... — деппін.
Одан ар жағында есім кіресілі — шығасылы болса керек, анық біле бермеймін. Кейін бойым жылынып, ыстық ішіп, есімді жиғанда барып, менің тап болғаным, біздікі емес, басқа партизан отряды екенін білдім. Мұнан да бір әйел табылып, жәрдем етіп, мені күтіп есімді жиғызыпты. Өзі жас та болса сөзуар, сампылдап бәрін айтып берді.
— Ойпыр-ай, сені көргенде есінен адасып кеткен адам шығар деп едім. Боп-боз болып қатып қалыпсың. Әуелі тіпті қолыңдағының не екенін білмедім. Бір қатып қалған түйіншек. Алайын десем қолың қарысып қалған ба, айрылмайсың, — дейді. — Былай қарасам құндақтаулы бала сияқты. Тіпті шошып кеттім. Мұз болып қатып қалған, қаудыраған бір нәрсе. Шешкен кезде жаялықтарын кәдімгідей сықырлатып аштым. Мұз болып қалған. Ішіндегі бала да мұз боп қатып қалған шығар десем... Кәдімгідей қимылдайды...
8
Соғыс... Тағы да соғыс. Алыстан зеңбірек гүрсілі естіледі. Ол құрғырдың даусына да құлағым көнігі болып алдым, әp снарядтың үлкені мен кішісін ғана емес, қаншалық алыс жақынға түсетінін де ұшып келе жатқан даусынан ажыратам. Шектей шұбатылып, созылып шығатын мына дауысында танимын. Снаряд гүжілдеп ажал төндіріп келе жатса, минаның даусы алдын-ала жаназаңды оқып келе жатқандай азалы. Қазіргі атыс алыстан естіледі, әсіресе, аузы-мұрны бітеулі жеркепенің ішіне снаряд даусы талып жетеді. Құрып кеткір, бір түрлі құлаққа жайлы ұяң гуіл. Ал сол снарядтың астында жатқан адамдарға оның айтары жоқ, олар тура тозақ отының астында. Мына киіздей тұтасып ақырын ырғалып естілген майда гуіл бар ма?.. Тіпті соның ішіне кірмей-ақ жақындап барсаң...
Ол жерде біздің партизандар жатыр. Қанша қорқынышты болса да жасырмай, Абан маған жағдайды жақсылап түсіндірген. Осы жолғы немістердің партизандарға қарсы шығарған күші биылғы көктемгі шабуылынан кем болмас деген. Осыдан бес-алты ай бұрын желкесіне шиқандай қадалған партизандардың ізін қалдырмау үшін соншалықты үлкен орманды жау әскерімен ғана емес, техникасымен түгел сүзіп шыққан болатын. Со жолы мың жарымға жуық бригададан екі жүзге жетер-жетпес адам ғана темір сүзекіден сытылып шығып еді, содан қайтадан толысып бас құраған партизандарға қарсы немістер мінекей тағы да шабуылға шықты. Бұл қоршаудан шығып кету нағыз неғайбіл болса керек. Баяғы Носовец айтатын: «сені мен бізге шегінетін жер жоқ, жеңсек тіріміз, жеңілсек өліміз» деген сөзінің ақырғы шегі осы араға келіп тірелген түрі бар. Өткен жолы көбіміз өліп, азымыз ғана тірі қалып едік, ал бұл жолы... Құлақты тербетіп, алыстан ауыр ырғалған артиллерияның мына гүрілі... аспанды төңкеріп жерге түсіріп, жерді қопарып аспанға ұшырып жатыр ол. Ар жағын ойлауға да қорқам.
Ар жағын ойламайтын мына екеуі ғана. Дулат пен Светаның қызы кішкентай Света. Бұларға ұйқысы қанып, тамағы тойса болды, басқа уайымы жоқ, екеуі ойнай береді. Осындайда бір жақсысы ойындары да момын, бала болып асыр салмайды, қолына түскен нәрселерін шұқылап, көбіне үнсіз ойнайды. Кішкене Света үлкен Света сияқты нәзік, денесі жұмыр, бірақ бұ да тумай жатып қар төсеніп мұз жастанған пәлекет емес пе, ауырып-сырқамайды, шидей болып алып мықты-ақ. Өзі де Светаға ұқсаған шикіл сары, басына шаш емес, ақ ешкінің түбіті өсіп келе жатқан сияқты. Кейде Дулат зорлық жасап қолындағы нәрсесін жұлып алса жыламайды, төңірегінен ермек қылатын басқа бір нәрсені іздейді. Жаңа ғана екеуі ескі құс мылтығының екі басын әурелеп ойнап отыр еді, енді оны Дулат жеке меншіктеніп алыпты да, Света қабырғаны шұқылап, содан бір нәрсе іздеп әуре болып жатыр, сірә aнa тентек, менің көзімді ала беріп, тағы да бір ожарлық жасаған-ау деймін. Қанша айтқанмен қыз бала емес пе, Дулаттан төрт-бес ай кішілігі болса да тілі Дулатпен қатар шығып келеді, қазір былдырлап сөйлейді. Жеке сөз, кейде тіпті екі, үш сөздің басын қосып өз ойын жеткізеді, көп сөздері шолақ, не өңі айналып өзгерген болады, онысына мен ғана түсінем. Дулатқа еріп, мені «мама» дейді.
Света...
Сол Дуня апайдың үйінде бір көрдім де, мен де одан қол үзіп қалдым. Әйтеуір немістің комендатурасында қызмет істеп жүргенін, партизандармен астыртын байланысы барын біліп қалдым да, ал оның ар жағында ол маған өзі туралы қандырып еш нәрсе айтпағанды. Құпия жұмысқа араласқан адамның өмірі де құпия болатын шығар, ол туралы тіпті Носовецтің өзі де көп нәрсе білмесе керек. Оның білетіні өзі түр-түсін көрмеген «Смуглянка» деген сенімді агент қана, ал, Света болса, Носовецтің кім екенін білмейді. Өзінің беріп жүрген ақпарларының Қасымбек пен Николайдың отрядына түсіп жатқанынан да бейхабар, Бұлар кілең бір жасырынбақ ойнап жүрген адамдар сияқты. Мен бір шетте кімнің қайда жасырынғанын көріп тұрғандаймын. «Айттым ғой, бұғып жатып сен көп білесің» деп Светаның мырс еткені бар еді, сол құпиям сыздап ішіме сыймай бара жатса да сыртқа шығармауға тырыстым.
Meн алғашқы партизандар отрядына келген күні Николай жаңа босанған әйелдің үстіне кіре алмады. «Келгісі келіп шыдай алмай жүр» дегенді Қасымбек айтқан, ақыры кешке қарай Қасымбекке еріп о да келді. Мені көргеніне шын қуанып, сағынып қалған адамдай шұрқырасып көрісті, денсаулығымды, хәлімді сұрап бәйек болып жатыр. Менің ойда жоқта төбеден түскендей бұларға тап болғаныма қайран қалып, тамсанып таңырқап қояды, бірақ соның ар жағында шыдатпай баратқан бір сауалы барын білем. Өзі айтар ма екен» деп маған жаутаңдап қарай береді. Еркек намысы деген қызық қой, соны тілімен сұрауға, «қатын жанды» деген сөзден қысылып, көзімен сұрайды. Мен болсам, Николайдың сабырын сынап қинағым келген жоқ, не айтарымды білмей өзім қиналдым. Айтсам бәрін айтуым керек, екі ұшты дүдәмалға Николай тоқтамайды. Ақыры болмаған соң, Николайдың өзі сыр тарта бастады және бірден тап бермей орағытып келеді.
— Иә, қалай болды өзі. Өзге әйелдерден хабарыңыз бар ма?
— Топ болып жүре алмаған соң, бытырап кеттік қой бет — бетімізге, — деп жалтардым.
— Светамен қашан ажырастыңыз? Meн неғылсаң да Надяны тастама, аяғы ауыр, және танымайтын жерде оған қиын болады, не болса да бірге бол деп едім ғой.
Кішкене денесі жұмырықтай түйіліп, кескінінде үміт пен үрей аралас маған қадалып алған, қалай жалтарудың, не айтудың есебін таба алмай қиналдым.
— Көп уақыт бірге болдық қой, — деп күмілжідім мен. Кенет, құдай оңдап ойыма бір өтіріктің келе қалғаны... — Менің аяғым ауыр, оған ілесіп жүре алам ба, содан бір жайлы жерге, сенімді үйге орналастырып кетті мені. Арқалап кете ме, қайтсын.
— Өзі қайда кетті? — деді Николай жұлып алғандай.
— Өзі... өзі... енді, арғы бетке өтем бе деп... солай қарай жылжи бермек болды.
Николай менің сөзіме сенер-сенбесін білмей, бірақ қазбалап қадала беруді ыңғайсыз көріп, қипақтап біраз отырды; содан кейін еркектердің әңгімесі басқа жаққа ауып кетті де мен тыныш қалдым. Әйтсе де көңілім онша тынши қойған жоқ. Дүниеде ақкөңіл адамға өтірік айтудан ауыр нәрсе болмайды екен, Николай қипақтап дәмелі көзбен қараған сайын іштей қиналам, бірақ мен айтатын шындықтың оның көңілін жұбататын еш нәрсесі жоқ. Сондықтан да, не болса да өмір өзі көрсетер, тағдыр айдап кездесе қалса араларын өздері анықтар, бұл бөгде кісі кірісетін жep емес қой деп өзіме тоқтау салып жүре бердім. Бірақ өзгенің құпиясын арқалау деген де адамды әбден күпті қылады екен, Николайды көрген сайын, ұрлық қылған адамдай, қысылатын болдым.
Мен жоғалып кетіп табылғаннан кейін тұрмысымыз қайтадан қалпына келе бастаған, аз күнде жаңа қонысты да игеріп алдық. Партизан өмірі кейде қазақтың көшпенді тұрмысын еске салады. Тек айдап жүрген малы жоқ, теңкитіп ақ үй тігудің орнына, үңгіп жерге кіріп кетеді. Біз де жеркепеге кіріп алғанбыз. Бұл бұрынғыдай мықты емес, қабырғасы ағашпен шегенделмеген, темір пеші де жоқ, әйтеуір Абанға рахмет, өзі іскер жігіт екен, бір-екі партизанды ертіп келіп, балшықтан ошақ соғып, бір бұрышын тесіп түтін шығатын мұржа жасап берді, кәдімгідей от жағып су ысытуға жарайды. Ішіне аз да болса жылу кіріп, түтін аралас көңірсіген иіс-қоңсысы бар әжептәуір үй болып қалдық. Кешке таман Носовец келді.
— Жаңа қоныстарың құтты болсын, — деді ол есіктен еңкейіп кіріп жатып. — Қалай, жаңа пәтерлерің жайлы ма? — деп қалжың қосып қойды.
— Төрге шығып қонақ болыңыз, Степан Петрович. Жақсы келдіңіз, өзіміз де жаңа қонысты майлайық ден жатыр едік, — деп Қасымбек әзілмен жауап берді.
Носовец еңкейіп келіп, ошақтың алдындағы кескен томарға отырып жатып, жан-жағына қарап алды. Содан кейін маған бұрылып:
— Қалай, хозяйка, әлгі батырың қайда? — деді.
— Ұйықтап жатыр.
— Өзінің көп жыламайтыны жақсы екен. Нағыз мықты жауынгер болып шығады, түбі, — деп қысқа мығым тұлғасымен түгел иіліп, отты көседі, — Тоңдырып алған жоқсың ба? — Сауалына жауап күтпей өзі қарқылдап күліп алды. — Мен де орынсыз сұраппын-ау. Ол өзі қардың үстінде туып, мұз төсеніп өскен бала емес пе. Анандай түннен аман қалғаны... Соғыста туған балалар мықты болады.
— Оның рас екен, Степан Петрович, анау аяздан кейін тіпті жөндеп ауырған да жоқ, — деп қостады Қасымбек, дауысында қуанышы мен мақтанышы аралас. — Азғантай ғана қызуы болды денесінде, мен өкпесі қабынып кетер ме деп қорқып едім.
— Иә-а... — деді де қойды Носовец.
Бір байқағаным осы кісі қысыр әңгімені ортан белінен оқыс үзіп тастайды екен де, күлкі жылытқан өңін суытып, тез ғана қатқыл, ойлы кескінге ауыса қояды екен. Ондай кезде сөзге қызып келе жатқан адам, сүрініп кеткендей кілт тоқтап, неғыларын білмей қипақтап, ақымақ кескінмен ыржия береді, бірақ Қасымбектің бір жақсысы ыржимайды, көнтек ерні дүрдиіп, аузын ашып, үндемей отыра береді. Қазір де сөйтіп, ерлі-зайыпты екеуміздің ішімізді жылытып, бала туралы айтып келе жатқан әңгімені пышақ кескендей үзіп тастап, Носовец, өңменіңнен өтетін кішілеу көк көзімен маған бір қарап қойды. Еркектердің оңаша әңгімесі бар шығар деп, мен қыпылықтап, орнымнан тұруға оңтайлана беріп едім:
— Жарайды, сеп отыра бер, — деді Носовец, содан кейін Қасымбекке бұрылып:
Мен бір жаманат хабар алдым, — деді. — Наш агент Смуглянка засыпалась.
«Смуглянка» дегені Света ғой. Ал «засыпалась» деген сөзін анық түсіне алмадым. Бір нәрсенің астында қалып қойған ба? Әйтеуір не де болса бір жамандық. Бірақ анықтап сұрауға бата алмай, жүрегім лүпілдеп, сөзінің артын тостым.
— Өте пайдалы, керек агент еді, — деп тоқтады Носовец.
— Немене сонда ұсталып қалған ба? — деп сұрады Қасымбек.
— Жоқ, ұстатпай қашып үлгеріпті. Бірақ паналаған жері онша сенімді емес, — деді Носовец қабағын түйіп. — Оның үстіне... баяғыдан шаш ал десе бас алатын ит еді, Усачев тыным таппай іздеп жүрген көрінеді. Ол ит төңіректі жақсы біледі, ол сұмырай түбі таппай қоймайды. Ал, Смуглянканы ұстаса барлық сырымыздың ашылғаны.
Носовецтің пісіріп әкелген шешімі барын біліп, Қасымбек сөз аяғын үнсіз тосып отыр.
— Басқа амалым жоқ. Оны осында алдыруға мәжбүр болып отырмын. Жол білетін адамдар дайын. Соны сен өзің бастап бар. Өйткені, бұл өте жауапты операция, — деді Носовец.
— Е, несі бар. Осында да Смуглянкаға жұмыс табылар, зияны тимес, — деді Қасымбек.
— Оның бір қитұрқысы болып тұр-ау, — деді Носовец қиналғандай іркіле сөйлеп. — Ол өзі екі қабат көрінеді. Так что, партизандардың қатары көбейетін түрі бар, — деп ашқылтым күлкімен күліп алды. — Мүмкін балалар бақшасын ашармыз.
Қасымбек жүргелі жатыр. Амандық болса, Светамен екеуміз тағы да кездесетін болдық. Әрине Светаны көргім келеді, бірақ оған қуанарымды, не қайғырарымды білмей, жүрегім алып ұшады. Қасымбекке айтсам ба екен, айтпасам ба екен? Бірақ бәрібір кездеседі ғой. Біліп барғаны дұрыс емес пе?
— Қасым, — дедім.
— Иә?
— Қасым, мен саған бір сыр айтайын ба?
— Иә, ол не сыр?
Шешінген судан тайынбас, енді көзімді жұмып, қойып кеттім.
— Сен қазір оны ешкімге айтпай-ақ қой. Смуглянка деген өзіміздің Света.
— Не дейсің? — деді Қасымбек таңырқап, тіпті аузы ашылып кетті. — Сен не айтып тұрсың? Кәдімгі Николайдың Светасы ма? Оны бұрын неге айтпадың?
— Айта алмадым.
Қасымбек аңырып таңырқап тұрды да, өзінше себеп тауып, өзінше жорыды.
— Бір есептен айтпағаның да дұрыс болған екен. Онда Николай шыдай алмай бүкіл құпия ұйымның шырқын бұзатын еді ғой. Ақылың бар екен, Нәзираш.
Қасымбек өзінше жорып, өзінше бұрып әкетті де, одан әрі түрткілеп мені қинамады. Қайтейін, не де болса келгесін көре жатармыз.
— Meн де мұны Николайға айтпай тұра тұрайын. Болмаса ол өзім барам деп қиғылық салады. Үлкен бір қызық болсын, келіп бір-ақ көрсетейін. Айтпақшы, екі қабат деді ме? Николай тіпті баласының барын да білмейді ғой.
Қасымбек Николай үшін қоса қуанып шығып кетті, менің қуанышым мен қорқынышым аралас. Қайран, аңғал еркектер-ай, «Николай баласының барын білмейді ғой» дейді. Соғыс басталып, біз ажырасқалы он ай болғанын ойламайды.
Сол түні мен елегізіп ұйықтай алмадым. Апрель айы орталанып, қыстың ызғары қайтып қалса да, ошақтың отын сөндірмей, ауық-ауық тұрып ағаш салып қоям, төсекке кіш етіп қоймасын деп кішкентай Дулатымды тосам. ол оянып кетіп жылайды, оны емізіп ұйықтатқанша да біраз уақыт ұтам, бірақ сырттан еш дыбыс естілмейді. бір-екі рет аяқ тықырын естіп, Света мен Қасымбек кіріп келе жатқандай басымды көтеріп алдым, көзім ілініп кетсе түсімде екеуі кіріп келе жатады, сөйтіп әлектеніп жатып, ақыры ұйықтап қалыппын.
Біреу иығымнан қозғағанда көзімді ашсам, Қасымбек.
— Таң атты ғой тұрмайсың ба? — дейді.
Әуелгі сәтте жөнді еш нәрсеге түсінбей, басымды көтеріп алып көзімді уқаладым. Землянканың іші қара көлеңке, Қасымбектің артында қорбиып біреу тұр, басына қалың қара орамал тартқан әйел сияқты. Орнымнан тұра бергенде есіме түсті. Бұл Света болу керек. Қапелімде сасып қалдым. Киімі қорбиған әйел Светаның даусымен:
— Саламатсың ба, Надя, — деді.
Бар бітіргенім құшақтай алдым. Солай жабысып біраз тұрып қалсам керек:
— Ау, қонағыңды күтпейсің бе? — деген Қасымбектің даусын естідім.
— Отыр, отыр, Света. Ал, кәне шешін, — ден жатырмын.
Ошақтың астындағы отым да сөнуге қалыпты, оны тұтата алмай әлекпін.
— Сен соншама әбігерге түспей-ақ қойшы, Надя, — деді Света. — Бері келші, мен сені құттықтағым келіп тұр. Ұл тауыпсың, құтты болсын, сен үшін шын қуаныштымын.
Қасымбек ошаққа тамызық салып, әп-сәтте отты маздатып жіберді. Үйдің ішінің әрі кіріп, жан-жағымызды көріп, арқа-басымыз кеңіп қалғандай болды.
— Ал, сендер шай ысытып, оны — мұны қамдай беріңдер. Мен барып Николайды шақырып келейін. Ол ғой, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Үйге кіргенше айтпаймын, тура шалқасынан түскендей болсын, — деп Қасымбек есікке қарай ұмтылды.
«Тоқтай тұршы» ден айтқым келіп ұмтыла түстім, бірақ аузымнан сөз шықпады, Светаның да қозғалақтап қалғанын байқадым, аңқау Қасымбек біздің хәлімізді аңғармастан сыртқа шығып кетті.
Николай мен Светаның кездесуі онша қуанышты болайын деп тұрған жоқ, сол қызық кездесуді қинала күтіп, екеуміз де үнсіз қалдық. Осындайда қиналған адамның алдарқатып, басқа сөзбен алаң қылып әкету менің қолымнан келмей-ақ қойды, айтар сөзімнің жалған болып шығарын білем де, тілім байланып түйіліп қалам. Жаман ой жанын жегідей жеп отырғанда амандық, саулық сұрау сияқты бейкүнә сөздердің өзі маған көлгірлік болып көрінеді де бар бітірерім, өз дәрменсіздігіме ыза болып, қиналған адаммен қоса қиналу. Қысылғанымнан от көсеп, қазан ошағымды айналдыра бердім.
— Неге үндемейсің, Надя?
Света қорбиған қалың телогрейкасын шешіп, басына тартқан орамалын жамылып алыпты, енді, дөңбектей колхозшы қатын емес, кәдімгі Светаға ұқсап тұр, тек талдырмаш денесі толысып, қарны шығып, көзі шүңірейе үлкейіп, бетін сепкіл басыпты. Бір әдемі суретті тентек баланың айғыздап бұзғаны сияқты, бірақ сонда да бұрынғы көркем суреттің ізі көрініп тұр, әсіресе шүңірейе, тереңдеп үлкейген нұрлы көзі секпіл басқан бетін бұрынғыдан да нәзік етіп көрсетеді.
«Неге үндемейсің, Надя?» Не деп жауап берерімді білмей Светаның бетіне бадырайып қарай беріппін.
— Сен, дегенмен, бақытты екенсің, Надя, Қасымбекпен кездескенің. Сен үшін қуаныштымын, — деп кішкене іркіліп қалды Света. — Мен Николаймен кездеспей-ақ қойсам деп едім...
Онысы да рас. Жұбаныш сөз айтуға бата алмай, тағы да ұрысқан адамдай үнсіз қалдым. Бұған не дейін? Құрсағындағысы болмаса... мүмкін... Бір қателігін жуып-шайып... Білмеймін. Ар жағының не боларын білмеймін. Қас қылғандай, екеуінің арасына дәнекер болуға жарайтын да шамам жоқ-ау, менің. Қасымбек болмаса... қанша айтқанмен еркек қой.
— Қасымбек тым асығыстық жасады-ау, — деді Света отқа жақынырақ келіп отырып жатып, сосын қолын менің иығыма салды. Оны мен жұбатудың орнына, ол мені жұбататын тәрізді. — Бірақ енді бәрібір, бұл әңгімеден қайда қашып құтыласың. Тек сенен бір өтінішім бар, мені оңаша қалдырма.
— Неге?
— Сен білмейтін сыр жоқ қой. Қиын да болса, сен әңгіменің ішінде бол.
— Жарайды, — деппін ойланбастан, әйтеуір Светаның көңілін табу үшін.
Николай есіктен домалана кірді, шинелі мен құлақшынын да кимеген, гимнастеркешең, жалаңбас. Мойнын қайқаң еткізіп, кішкене бетін көтеріп, жеркепені тез көзімен тінтіп өтіп, менің қасымда отырған Светаны көріп, соған қарай ұмтылды. Мен орнымнан тұрып, жолды босатып үлгергенімше, айналып өтіп барып Светаны құшақтап жабысты да қалды. Есік алдында аузы ыржиып, мәз болып Қасымбек тұр. Осы қуанышқа мен де еріксіз елігіп, бір сәтке артындағы шатағын ұмытып кеттім.
— Тірі екенсің ғой, тірі екенсің ғой. Жива, родная, солнышко мое, — дейді Николай Светаның басы-көзінен, бет-аузынан түк қалдырмай шөпілдетіп сүйіп жатып, — Светик мой...
Николай қанша құшырланып сүйгенмен, Света шалажансар адам сияқты, оны қысып құшақтамайды да, қарсыласпайды да, дегеніне көне береді, бірақ Николай оның салқындығын байқайтын емес, құшағынан босатса да мойнынан қысып басынан сипалап:
— Родная моя. Светик мой... — дей береді құштарлығын баса алмай.
— Рахмет, Коленька... Рахмет, Николай, — деді Света бойын түзеп.
Света орнынан тұрған жоқ-ты, Николай сол отырған жерінен құшақтап алып, сүйе берген-ді, аласа бойлы адамға ол онша қиындық жасаған жоқ-ты, даусынан бір салқындық, жаттық сезді ме, Светаның осы сөзінен Николай оқыс іркіліп кенет әйелінің шермиген түрін көріп түсі бұзылып кетті. Әуелі түсінбегендей алақтап Светаның бетіне қарай берді. Оның үнсіз тұнжыраған қасіретті түрін көріп, астыңғы иегі салбырап көзі дөңгеленіп кетті. Николайдың қатты өкпелеген баладай осы дәрменсіз кескінін көргенде көкірегімде бір жақсы үміт оты жылт ете қалды. Қазір Света еңіреп жылап Николайды құшақтай алса: бір-бірін сағынған ерлі-зайыптылар қосылып жылап, шерлерін тарқатып, қарғыс атқыр қателікті кешіп, қайта табысып кететіндей көрінді маған.
Бірақ Света үндемеді, Николайдың да жаңағы бір сәтке жылт ете қалған дәрменсіз кескіні тез өзгеріп, өңі қатайып, қабағы түйіліп түнере бастады. Есік алдында тұрып қалған Қасымбек:
— Ал, қанекей... — дей беріп тілін тістеп алғандай іркіле қойды.
Оған енді ғана жетсе керек. Жеркепенің күңгірт ауасы да түнеріп, үнсіз сыздап баратқандай. Өмірімде, сірә, мұндай ауыр тыныштық көрмеген болармын. Бәріміз де жарылатын бомбаны күтіп, бұғып қалған сияқтымыз. Бұ жерде айтылатын сөздің ретін мен таба алмадым, Қасымбек те, ағалық қылуға жарамай үнсіз тұр.
— Біздің, сірә оңаша сөйлесуіміз керек шығар, — деді Николай тістеніп.
Қасымбек екеуміз есіктен шығып баратқанда Света мені тоқтатып қалды.
— Мен оңаша сөйлесуіміз керек дедім ғой.
Николай ашу қысқандағы әдетінше, онсыз да қысқа мойнын иығына тығып, астыңғы иегін шошайтып ілгері ұмсынып, қысқан пружинадай ширығып алған. Мен кетер — кетпесімді білмей есік алдында іркіліп қалдым, қазір шығып кетсем Светаға опасыздық жасап, қорғансыз тастағандай көрінеді.
— Надя осында болады. Ол менің барлық сырымды біледі, — деді Света қатуланып.
— Білгені қалай? Қалайша? — деп бейне жәрдем күткендей алақтап Николай маған қарады.
Мен үндемедім.
— Сіз менен бәрін жасырып келген екенсіз ғой, — деді Николай қайтадан ызаланып, — Әрине енді, екеуіңіздің құпияларыңыз бір болған соң.
— Өтінемін, Надяға тиіспе, — деді Света. Содан кейін сөзін «сізге» көшіріп Николаймен арасын алшақтатып қойды. — Өтінемін, тиіспеңіз. Оның бұған қатысы жоқ.
Үшеуміз де аз уақыт үндемей қалдық. Сыздап отырған Николай ақыры сабыры таусылып:
— Ендеше өзің-ақ айт. Неміс комендатурасында істепсің ғой. Солардан болған шығар, — деді.
Мен сасқанымнан аңқиып аузымды ашып қалдым, екі көзім Светада. «Ол не дер екен?» Света да қанын ішіне тартып безеріп алған, ай, тайынбас. Тұп — тура:
— Иә, — деп қойып қалды алқынып.
Николай біреу таяқпен басына салып қалғандай селк ете түсті. Үрпиіп, Светаға шошына қарады.
— Мен саған өтірік айта алмаймын, — деді де, безеріп отырған Света іштегі пружинасы босап кеткендей сұлық түсті.
Өйтіп «өтірік айта алмағаны» да құрысын. Қастарында тұрған менің өзім есеңгіреп қалдым, Николайға көзім түсіп еді, шошып кеттім. Өң-түс жоқ, қарауытып тұратын қожыр беті ақтаңдақтанып, қанын ішіне тартып ышқынып алыпты.
— Сеука!... — деді ысқырынып.
Осы бір жаман сөз мені де осып жібергендей болды. Николай сол сірескен күйі орнынан көтерілді де қайрылмай шығып кетті.
Екі әйел оңаша қалдық. Света сол сұлық күйі, Николайдың сөзіне селт еткен жоқ, мен болсам оған жұбаныш болар сөз таба алмай іштей қиналып, қипақтағаннан басқа дәрменім жоқ. Ара ағайын, не ортақ дос болып араларына дәнекер болудың орнына, өзімді айыпкердің қатарына еріксіз қосып, бірге қиналам да теріме сыймай тығыла берем. Затымыз әйел емес пе, маған салса, қазір Светамен, шұрқырасып жылап көрісіп, еңкілдесіп отырып бар сырымызды ақтарып, іштегі шерді бір тарқатар едік қой. Бұ жақта Қасымбектен кейінгі ең жақын тартқан адамым осы Света емес пе? Светаның мен үшін Қасымбектен де артықшылығы бар, Қасымбек, қанша жақын болғанмен еркек қой, әйелді әйелдей түсіне ала ма.
Енді міне, шер тарқатудың орнына екеуміз де іштей тығылып, кептеліп отырғанымыз мынау. Ойбай-ау, сомпиып отыра бермей, жолдан келген адамға ас қамдауым керек қой.
— Менің мұнда келмеуім керек еді, — деді Света.
Онысын түсінемін, әрине қиын, бірақ қайда барады?
Одан да қиын жағдайға душар болған жоқ па?
— Енді келмегенде қайтесің? Сенің басыңа қатер төнін тұр деді ғой Носовец.
— Онысы рас, — деді Света. — Mac болып сенен айрылып қалып, жазықты болған Усачев менің соңыма тура шырақ алып түсті. бір-екі рет ұсталып та қала жаздадым.
— Әнекей көрмейсің бе.
— Бұл соғыстан кім тірі қалар дейсің, — деді Света түңілгендей. — Бәрібір, ажал біреу ғой.
Онша шешіле қоймасақ та аздап тілге келгесін арамыз жуысып келеді, соған қуандым.
— Сен тым күйзеле берме, Света, — деп жұбаныш айтпақ болдым. — Николай, қанша айтқанмен, ақ көңіл жігіт. Ашу үстінде не айтылмайды. Түбі райынан қайтар.
Абзалы, осы күнге дейін Светаға мен ақыл айтып көргенім жоқ, ол маған ақыл айтушы еді, байқаймын менің мына сөзім де баланың үлкенге айтқан сөзіндей әсер еткен түрі бар. Ол орнынан тұрып, ошақтың алдына келіп от көсеп жатыр, секпілденіп кеткен жұқа өңі жалыннан қызара бөртіп, маған мойнын бұрды.
— Николайдың өзім байқаған мінезі бар. Соған қарағанда, ол райынан, сірә қайтпас.
Есік жақтан бүктетіліп Қасымбек кіріп келе жатыр. Шынымды айтсам, оның дәл қазіргі келгенін ұнатпадым, Манағы қалбалақтап қуанып, аңқылдап тұрған Қасымбегім жоқ, бір нәрседен ұятты болып қалғандай, аузына сөз түспей, күйбеңдей береді. Күйзелген әйелді алаң қылып, жұбаныш айта алмаса да, әйтеуір сөзге алдарқату былай тұрсын, о жақта бір масқара ұят бардай, Света отырған жаққа қыпылықтап қарай алмайды. Бар бітіргені маған:
— Асыңды болдырсай, — дейді.
Қасымбек кірісімен Света да сөзден тыйылды. Тіпті күйеуіме жыным келді. Еркектік намысы қысып, қылғынып, булығып анаусы кетті, енді жұқпалы ауру көргендей жасқанып, қипақтап мынаусы тұр. Мына сорлы әйелдің басына түскен тауқымет пен қасіреттің бәрінікінен артық екенін ойлайтын біреуі жоқ.
— Өзің бара тұршы. Сенсіз де жетісіп отырғанымыз жоқ! — дедім түтігіп.
Қасымбек мені өмірінде тұңғыш көргендей бетіме бақырайып қарап тұрды да, кенет бір нәрсені бүлдіріп алған баладай жуасып, ақырын есіктен шығып кетті. Ерге шыққалы күйеуімнің бетіне келгенім осы болар.
9
Ауаны кернеп, ыңырана ырғалып, төңіректі теңселте шайқап тұрған артиллерияның азалы гүрілі іркіліп, іркіліп барып бір-екі лоқсып басылды. Баламды бауырыма тығып алып, окоптың түбіне бұғып жерді денеммен тесіп өтіп, астына кіріп кетердей болып, ондай снарядтың астында да талай жатып көргенмін. Терең қазылған окобың болса, жау оған бұзып-жарып, басып кіре алмаса, артиллерия қанша төмпештесе де, әйтеуір аман қаласың. Бірақ снаряды құрғыр жақын жарылғанда үстіңе аспан опырылып құлап келе жатқандай зәреңді ұшырып, бүкіл тән де тұтас тиетін, осып кетпесе де жерге жаншып тастайтын бір жалпақ басқұрмен ұрғандай ауаның екпінімен соққылап, есеңгіретіп, есіңді тандырып, құм-топырақпен көміп тастайды.
Зеңбірек гүрсілі қайта басталар ма екен деп елегізи құлақ түріп біраз отырдым; соғыс бітіп, дүниеге тыныштық орнағандай, ешбір дыбыс естілмейді. Бірақ бұл тыныштық көңіліңді орнықтырудың орнына қобалжытып. тұла бойыңды суытып, деміңді ішке тартқызып қатер сағатын күттіреді. Артиллерия дайындығы біткен соң атака басталады; қорғаныста жатқандардың төбесінен төмпештеп снаряд жаудырып езгілеп, жаныштап, бұқтырып алады да әскер шабуылға шығады. Ең қауіптісі осы. Жаңағы жер шайқаған зілзала гүрсіл шамырқанған бураның алыстап айбат шеккен зіркілі болса, нағыз тап беретін кезі дәл осы тұс.
Баламды кеудеме қысып алып, аяғым жерге тимей талай зырқырап қашқанмын, шыбын жанға пана таппай шырқыраған кездерім де аз емес. Бірақ жаудың оғы жаңбырдай жауып, ажал қанша жалмаймын дегенмен, жер-ананың панасы мол екен. Тіпті қалың орман, сай-саласын былай қойғанда, бұтасы мен шөбі, кішкентай төмпешігі мен шұқанағының өзі жаныңды талай алғандай алып қалады. Қара жерден кіндігін үзбеген қазақтың қызымын ғой, бозды бұйратта, өлеңдетіп асыр салып, аунап-қунап, жаз бойы киіз үйде ұйықтағанда да жусан мен топырақ исін қолқама сіңіріп өскенмін, бойжеткен кезімнің өзінде де, кейде тіпті, көк майсаға аунағым келіп, аусарым ауып тұратын, бірақ жер жарықтықтың қадірін осы соғыста ғана білген сияқтымын. Үстімнен оқ борағанда шешесінің етегіне тығылған жас баладай, сол жер-ананың бауырына тығыла түсем; тіпті жазық жердің өзінде, бір сүйем болса да, әйтеуір саған қалқа боларлық табылады. Сыздауыт сазына бар тәніңмен жабысып батып кеткің келеді, қара жердің кеудесін жарыңнан бетер ышқына қысатын кезің болады. Жер деген жарықтық тірі екен — оның да тынысы, мейірімі бар, сені қалқалап ажалдан алып қалады. Сепсеңіздер, орыстың осы бір ойпаты сазды, қыраты құмдақты, орман тоғайлы, көгінен бұлыңғыр бұлты арылмаған тұнжыраңқы жерін қимас көз көргенімдей, тіпті өз ұям-өскен мекенімдей жақын тартып кеттім.
Қазір соғыс менің ғана үстімде емес, дүниені түгел шарпыған, аспан да, жер де соғыс, соғыста жүрген әйел де жалғыз мен ғана емес, бірақ менің соғысым бір түрлі орынсыз, сөлекет сияқты. Шынында да екі қолыңды байлап қойып, ұрысқа кіргізіп жіберсе өзің қайтер едің? Емшектегі балам екі қолымды бірдей байлап қойғаны былай тұрсын, аяғыма да тұсау. Жұрт әйтеуір тисін-тимесін, қолына мылтық алып атысып жатады, ондайда мен қолыма баламды ұстаймын. Қару алып оқ шығарған адам ет қызуымен аз да болса ажалды ұмытып кетеді де, ал қолына бала ұстаған адам, қарсыласуға дәрменсіз, бір емес, ажалды екі есе тосады; өзіңді де, өзгені де қарусыз қорғаған жаман екен, тұсыңнан зырқ-зырқ етіп өткен әрбір бұралқы оқты санағанда, ажалға қанша мойынсұнсаң да мазаң кетеді.
Қиямет-қайым, қиындық дегенің алыстан қарағанда ғана қорқынышты екен, егер басыңа түссе бәріне де көндігіп кетесің, мен де өз жағдайыма үйреніп алдым. Алас-қанас ұрыс басталып кеткен кезде қолымда балам болмаса, бір нәрсесін жоғалтып алған адамдай, елегізимін. Оны көтеріп жүгіруге, қашын бұғуға да машықтанып алғам, баламды көтеріп жүгіріп келе жатып жата кеткенде бір жерін ауыртпаймын, тіпті сүрініп құлап кеткенде де еш жеріне зақым келтірген емеспін. Кеудеме жабысып, өзіммен бірге домалап, өзіммен бірге тұрады.
Кілең соғысып жүрген адамдардың арасында болсам да өз басым, қолыма мылтық ұстап, ұрысқа тікелей араласқан жоқ едім. Жорықта жүргенде бір баланың ауыртпалығы он балаға татиды, оның үстіне, партизан деген халық өз керегін өздері қамдағанмен, кілең еркек-қостың ішінде әйел қолына қарайтын жұмыс та жетерлік екен. Қайта сол жұмыстың көптігі де жақсы болды, әр нәрсені ойлап, сары уайымға салынуға мұрсат бермей, әрі-беріден соң басқаша тіршілік болады дегенді ойлатпай, осы өмірге дағдыланып жіберді. Белім қатайып, аяғыма басып кеткесін: «жаман айтпай жақсы жоқ, соғыста жүргенде қару ұстай білмегенің жарамас, қандай жағдайға душар боларымызды кім білген» деп Қасымбек маған мылтық атуды үйретті.
Бұрын атысып көрмесем де, мылтық ұстауға жасқанатын хәлден әлдеқашан өтіп кеткем, ішінде ажал оғы бар түсі суық темірді жатырқағаным жоқ. Кісі өлтіруге көп білімнің керегі жоқ па, қалай, өзі онша қиын да нәрсе емес екен, винтовканың бөлшектерін де, оны көздеп атуды да тез уақытта үйреніп алдым. Кішкентайымнан көзім жіті болатын, нысанаға дәл тигізем. Николай, Абандар жиналып, менің атқанымды көріп, қауқылдасып мақтап, мәз болысты.
— «Мықты мерген мыннан шықты. Мылтық атқанда еркектерді беліне қыстырып кететін болды».
— «Нағыз снайпер».
«Партизандарға да снайпер керек. Надяға снайпер винтовкасын тауып береміз» десіп қошаметтеп, көңілімді көтеріп тастаған.
Мақтағанды кім жек көрсін, осыған өзім де кәдімгідей мәз болып, отбасы, ошақ қасы, салпы етек әйел ғана емес, қолыма қару алып көппен бірге соғыса білетін адам болғаныма бойыма жел бітіп, көңілім іріленіп қалған-ды. Ана Шура да, жұрттың жарасын таңатын, жаралыларды бағатын медсестра болғанмен, ұрыс кезінде шепке кіріп кетеді, сауырынан тапаншасы түспейді, мен де енді одан онша кем еместігімді сезіндім. Сол бір көңілім марқайған сәтте, қолымды байлайтын нәрестем барын да ұмытып кетіппін.
...Кейде әлденеге мұңайып, қатты ойланын қалғанда Қамқа әжемнің көкірегін кере «уһ» деп аузын толтырып қатты күрсінетіні бар еді, сол сияқты мына тына қалған тыныштықта бір-екі зеңбірек «уһ! уһ!» деп ауыр күрсініп алды. Содан кейін дүние қайтадан жым-жырт, меңіреу қалпына түсті, екі баланың да даусы шықпайды. Жағдай деген де баланы өзінше баулып, өзінше үйретеді екен: қысылтаяң кездерде осы балалар бақырып жылауды, не бала болып қыңқылдап мазаны алуды білмейді. Іштері сезе ме, әлде көптің көңіл күйі бұларға да дари ма, әйтеуір жұрт абыр-сабыр боп, асып-сасып жатқанда, немесе қауіп-қатер тосып үнсіз түнергенде бұлар да, өңдеріне үрей жүгіріп, көздері бақырайып, сазарып қалады, көңіл күйіңнің жаман кезін де айнытпай сезеді. Қазір де екеуі, меңің оларды әлпештей еркелетуге құлқымның жоғын сезіп, өздерімен өздері болып отыр. Енді екеуі басқа ойын тауып алған: Дулат шыбықтың сабымен жер шұқылайды, кішкене Света да одан қалыспай, қолында еш нәрсесі болмаған соң, киттей саусағының ұшымен топырақты шұқиды; үн-түнсіз, үлкен іс бітіріп жатқандай, екеуі де осы ермегіне елігіп кеткен. Соғыстың міскіндеріне, кәдімгі бала сияқты, ойнайтын ойыншық қайда.
Сырттағы сыбысқа құлақ тігем — зеңбірек гүрсілі тоқтады, басқа дыбыс естілмейді. Иә, дүбірі естілмесе де, нағыз қырғын соғыс енді басталды. Жау солдаттарының қаптап атакаға шығып келе жатқанын өз көзіммен көргендей болам: ала қардың үстінде ақ халат киген адамдарды ажырату да қиын, жүрегің дауалап жау жаққа көз тоқтатып қарағанда ақ қардың үстінде қыбырлап келе жатқан ақ кебін киген денелерді көресің. Жазды күні де жасыл киім киген неміс солдаттарының денесі көкпеңбек болып тұрған жасыл жердің реңінде анық көрінбейді, оны байқау үшін де кәнігі көз керек.
Бірақ оқ боратып қаптап келе жатқан жаумен алғаш рет бетпе-бет келгенде... Әйтеуір патырлаған атыстың басталып кеткенін білем. Біз таң ата келіп паналаған кішкентай селдір орманның іші әп-сәтте ызы-қиқы ұрыс даласына айналды. Жаудың қай жақтан, қалай келіп тиіскенін де білмеймін. Аз ба, көп пе? Жайбарақат дем алып жатқан жұрт жалма-жан қаруларын қарманып, шоқалақ, томарлардың түбіне жата қалып атысып жатыр. Атыс басталғанда Шура екеуміз дем алып жатқанбыз, алысырақтан команда берген Қасымбектің даусын естіп қалып, оған қарай тұра жүгіргім келіп көтеріле түсіп, қайта жаттым. Жүгіріп барып қолтығына тығылуға қазіргі сәтте ол менің күйеуім емес, командир екенін, менен бөлек те биік екенін соқыр сезіміммен ұғып, іркіліп қалдым. Қазір оның аяғына оралуға хақым жоқ, осы көптің бірі болып, тек әмірін орындауға тиісті екенімді сезінем.
Жаудың оғы көктемгі жасыл жерге ввик, ввик деп қадалып жатыр. Жалаңаш қалғандай қорғансыздың сезімі тұла бойымды мұздатып барады. Құндақтағы баламды бауырыма қысып алып, қытығы келген адамдай қымсына жиырылып, денемнің әр бүртігі жаудың оғын тосады. Қолымнан келгені, кеудеме тығып жіберіп жасырып қалғым келгендей бар денеммен баламды қымтай берем, оның есесіне өзім панасыз ашық жерде жатырмын.
— Шоқалақтың түбін панала! Шоқалақтың...
Бетімді бұрып жалт қарасам талдырмаш денелі сары жігіт, тұсыма жүгіріп келіп қалған екен, бір қолымен иығымнан сүйрей жөнелді. Бір қолыммен жер тіреп, бауырымды көтеріп, тұмсығыммен шөп сүзіп, әлгі жігіттің жетегінде емпеңдей жүгіріп, бір томардың түбіне жетіп құладым. О да менімен қатар құлады да, бетіме қарап:
— Басыңызды көтермеңіз. Балаңызға сақ болыңыз, — деп ілгері қарай жүгіріп кетті.
Бұл жігітті таныдым: анада, қысты күні немістер осындай бір қапылыста тиіскенде мені ат шанамен алып қашатын қайқы тұмсық ақ сары жігіт, кейін талай кездесіп, көріп жүрдім: есімі Саша болатын. Менің табылғаныма бұ да қуанып, арнайы келіп, кешірім сұраған-ды.
Басыммен мүк басқан жұмсақ шоқалақты сүзіп баламды кеудеме қысып, қырын жатырмын, тым болмаса өзгелер сияқты етпеттеп те жата алмаймын, денемді дірілсіз қалтыратқан жаман үрей он бойымды құрыстатып алып жібермейді. Бұдан бұрын да, ажал деген құрғырмен бір емес бірнеше бетпе-бет кездесіп едім, бірақ ол сұмырайға кісінің бойы үйреніп кете алмайды екен, маңайымнан тарс-тарс атылған мылтық даусына құлақ тосып, үстімнен зуылдап ұшқан оқтан жасқанып жұмсақ жерге жамбасыммен батып кеткім келіп сығыла түсем. Өз ойымша шым-шымдап жерге батып та бара жатқан сияқтымын, осы алдамшы әсер ажал да құтқаратындай көңіліме жеңілдік әкеледі.
Менен алты-жеті қадамдай жерде атысып жатқан партизан басын көтеріп алды, менің де кішкене есімді жиып, төңірекке көз салатындай халге жеткен кезім еді, танып қалдым — жаңағы Саша екен, мылтығының бір жері тістесіп қалған ба, тізерлей көтеріліп, винтовкасын бір тізесіне қойып затворын сартылдатып, ашын-жауып жатыр. Мылтығын оқтап болып енді жатуға оңтайланғанда, ышқынған жаман даусы шығып жер сүзе құлады. Орнымнан қалай тұрып кеткенімді білмеймін, құндақтаулы баламды да шоқалақтың түбіне жасырып үлгеріп, жер бауырлай жүгіріп қасына жетіп бардым. Аз жүгірсем де алқынып, ентігімді баса алмай, басымды әзер көтеріп оқ тиген партизанға қарадым. Жирен шашты басымен көк шөпті жапырып, жер иіскеп қимылсыз сұлық жатыр, ақырын аударып бетіне қарап ем, ақсары жүзінің қаны қашпаған, көзі жұмулы, бейне бір ұйықтап кеткен адам сияқты, өңі манаурап тұр. Гимнастеркасының кеудесінің алақандай жері қою қызыл қан. Мен шалқасынан аударғанша ақсары жүзінің қаны қашып... жоқ, қаны қашқанын байқай алмадым, тек манаурап тұрған жүзі кәдімгідей сөніп, қуарып кеткен бетінде күл түстес, сұп-сұр салқын сәуле ұйып қалды. Ажал... Біраз қырғынға куә болсам да, ажалды дәл осындай жақын жерден бетпе-бет көргенім, оның түсін көргенім осы еді. Сол бір сәт көз алдыма келе қалса, қазір де сұп-сұр сұрғылт, салқын сәуле денемді суық лебімен шарпығандай өн бойымды құлазытып жібереді. Мен ажалдың ақтық сәтін анық көрдім.
Жүзі жайнап тұрған жап-жас адамның әп-сәтте осындай өшіп қалғаны... Жаңа ғана мені оқтан сақтап, ойнақшып жүгіріп келген жас... Шынымды айтсам, осы сәтте мен дәл осы ажалға түсінбедім. Ана жолы мені жоғалтып алғаны үшін қысылып келіп, кешірім сұрағаны көз алдымда.
— Мен немістермен атысам деп, сізден көз жазып қалыппын. Есімді жиып енді іздесем жоқсыз. Сіз мені кешіріңіз. Балалы әйелге қамқор бола алмағаным... тіпті ұят болды. Әрине командирден де қысылдым, бірақ бәрінен де сізді жалғыз тастағаным. Ұятын айтсайшы. Сіз енді кешіріңіз... — деп маған жаутаңдап қарай берген.
Мінезі елгезек, кішіпейіл болғанмен, қысты күннің өзінде құлақшын астынан ақ селеу маңдай шашын бұрқыратып шығарып қоятын серілігі де бар еді. Қазір де маңдай шашы қобырап кеткен. Астапыралла, шашы дудырап тірі күйі тұр.
...Атысып жатырмын. Қолымда винтовка, жағыммен мылтықтың ағашына жабысып, шүріппесін саусағыммен шірене тартып атамын келіп. Затворды ашып атылған гильзаны ытқытып жіберіп тағы да атамын. Затворды енді бір ашып-жауып басып қалғанымда мылтықтың даусы шықпады, тек тырс етті. «Мұнысы несі» деп таңырқап, затворды қайтадан ашқанда барып ақылым жетті, бес патрон атылып кеткен екен, қайтадан оқтау керек.
Мылтықты қайта оқтағанда аптығуым басылып, ақылым кірді. Шабуыл жacaп келе жатқан жауды анықтап көріп нысанаға іліктіруге пұрсатым болмай, тек әйтеуір бағытым дұрыс, ет қызуымен патырлатып ата беріппін. Кішкене көңілім орнығып, көз тоқтатып алдыңғы жаққа қарап, тізеге жуық көтеріліп қалған көк шөптің арасында қарауытқан адам денелерін аңғардым. Жасыл шөптің реңінде жасыл мундирлерді ажырату да қиын-лап беріп, тұтас көтерілмей бірі жатып, бірі жүгіріп, қоныс аударған шегірткедей, ақырын жылжып келеді екен. Біздің жігіттер де оқты үдемелетпей, сиректеу атады. Жаудың алғашқы айбатынан жасқанған көңілім орнығып, біршама ойым сараланып, енді партизан байғұстың санаулы оғын беталды құла дүз төпей бермей көздеп, өлшеп ату керек екенін түсіндім. Бас көтеріп жүгіргендерін көздеп атып қалам, ол жерге жалп ете түседі. Тағы жүгіргенін тағы да атып қалам, о да мен тарс еткізгесін ұзамайды, жатып қалады. Жауды құлатқаныма мәз болып, кәдімгідей көңілім тасып, ұрысқа елігіп, қасымда сулап жатқан Сашаның тағы бір обоймасын алып мылтығымды қайта оқтадым. Енді оның ажалы туралы да ойламаймын. Бір кезде байқасам, қанша қырып жатсам да жау азаятын емес, мен атқанда жалп ете түскендері тіріліп келе ме, келесі бір сәтте қайта жүгіреді. Тыныш кезде үйренген атқыштығым... менің мергендігім мына араға жүрмейтін сияқты. Жоқ, ол ойын екен шындап келгенде...
Құлағыма масаның ызыңындай әлсіз даусы келеді, оны елемей, ет қызуымен атыса беріп едім, кенет әлденеге көңілім қобалжып, елең ете қалдым. Енді қаттырақ естілді — жылаған баланың даусы, менің балам. Қызу атыс үстінде, босанғалы тұңғыш рет балам барып ұмытып кетіппін. Қапелімде жауып тұрған оқтан жасқануды ұмытып, жаңағы өзім паналаған томардың түбіне жүгіріп келсем кішкентайым ayзын жырта, бақырып жатыр. Жамбастап жата кетіп бауырыма қысып алдым, басқа не амалым бар. Оқтың зуылы көбейіп, үдеп барады. Балаңды құшақтап томардың түбінде оқ тосып жату... мен енді оған шыдай алмадым. Баламды көтеріп алып, қайта жүгіріп жаңағы орныма жете жығылдым. Өлген адам да, кейде тіріге қорған болады екен, кішкентайымды Сашаның бүйірінің астына тығып қойдым да қайтадан мылтығыма жармастым. Жаңа кеудеме қысқанда ана денесінің жылы исін сезіп титімдей көңілі орнықты ма, әлде шаршады ма, сәби де жылауын қойды.
...Дулат енді жер шұқуды қойып, ескі жәшікпен әуре, жәшіктің бұрышын бекітуге қаққан тілдей қаңылтырдың бір шетінен жұлқылап жұлып алғысы келеді. Қаңылтыр оған көнетін емес, бірақ оны елейтін түрі жоқ, барын салып пыс-пыс етіп тартқылайды келіп. Қаңылтыр қолынан шығып кеткенде құлай жаздап шоңқиып отырып қалады да, қайта жармасады. Оқ астында өскенге ме, өзі қайсар-ақ.
Оқ астында өскен... Әсірелеп айтылған қызыл сөз емес, тура оқтың астында өсті ғой, бұл кебенек. Күнәсіз періште болғанға ма, әйтеуір содан аман келе жатыр. Ендігісін... ендігісіне үміткермін. Біздің азат болатын күніміз жақындап қалған сияқты, мүмкін соңғы күндер шығар. Бірақ сол соңғы күндердің сыңайы тым бұзылып барады, көбіміздің-ақ соңғы күнімізге айналмаса неғылсын.
Мына жеркепеде бітіретін шаруам шамалы, төбе жақтағы саңлауға қарай мойнымды созып, құлағымды тосып тың тыңдаймын, құлағыммен ғана емес, тұла бойыммен түгел тыңдайтын сияқтымын. Қаппайтын иттің жатып алып жалқау ырылдағаны тәрізді, үзіліп-үзіліп, еміс-еміс сарын келеді. Құрғырды танимын, ол соғыстың ырылы, және қапқанда да өлтіре қабады. Бұл қым-қиғаш ұрыстың жер астына алыстан талып жеткен демі ғана... ал оқтың астындағылар...
Сол алғаш қолыма мылтық ұстаған күні байқадым: ұрыстың ет қызуы өзге нәрсені ойлатпай кісіні еліктіріп алып кетеді екен де басқа нәрсеге қайрылуға мұрсат бермей, кәдімгі бір үлкен, қауырт іс тындырып жатқандай өзеуретіп, қорқыныш, үрей деген пәлелерді ұмыттырып жібереді екен. О кезде адам өмірі, ұшқан құс, жүгірген аң өмірінен титтей артықшылығы жоқ. Көкірегіңді аңшының құмарлығы билеп, саған қарсы мылтық ұстап жүгіріп келе жатқан екі аяқты адам емес, өзі де шабатын қасқыр сияқты көрінеді. Оны өлтіргенге шімірікпей, қайраттанатын жер осы соғыстың даласы ғана болар.
Мен сол алғаш ұрысқа қатысқан күні, жау солдатын өлтірдім бе, анығын білмеймін, бірақ қолыма қару ұстап, жауынгерлердің шебінде жатып, оқ шығарып қарсыласқанымның өзі көңіліме бір тостаған көженің буынан әлдеқайда артық жел берді. Жаныңды ылғи қинамаса да, бір нәрсе тиіп кетсе сыздап қоя беретін бітеу жара сияқты масылдық, сезімнен де со жолы арылдым. Бір мезетте: «Оқты өлшеп атыңдар! Жақынырақ жіберіңдер!» деген сырт жағымнан жүгіріп кетіп бара жатқан Қасымбектің дауысын естіп қалдым. Ғажабы сол, оған қайрылып қарағаным да жоқ, оның орнында Николай ма, тіпті басқа бір командир айқайлап өтсе де маған бәрібір сияқты. Шынымды айтсам, ауық-ауық бақырып жылап жатқан балама да іші-бауырым елжірей қойған жоқ, қолым босап кеткенде бір-екі сипап сұлап жатқан Сашаның денесіне қарай итеріп қоям, кейде тіпті қысылтаяң кезде мазамды алғанына ыза болам. Тек оқтан аман болса... Қалғаны ештеңе емес.
Соғыс адамды қатыгез ете ме? Білмеймін. Етсе ететін де шығар. Өйткені қазаны ең аз азалайтын жер де осы соғыс. Оқ тиіп жатқан адамның бетін жабуға да мұрсатың келе бермейді. Әңгіме мұрсатыңның бар-жоғында ғана емес сияқты. Бала кезімнен есімде қалған: біздің жақта бір адамның қазасы рулы елді күңірентіп кететін. Әйелдер шашын жұлып, дауыс қылып жоқтау айтып зарлағанда төңіректегілердің бәрі солқылдап жылап, азалы дауысты, молдалар құран оқып қана тоқтататын. Алыстан келген ағайындар төбенің астынан «ой бауырымдап» ат қойып ауылды күңірентетін. Содан кейін айқаймен ышқынған қасірет қайтадан ішке түсіп, шаң-шұң басылып, қаралы үйдің маңында қатты дауыс шығармай, жұрт аяғының ұшынан басып, күбірлеп жабырқау сөйлесетін. Ондай кезде маған ауылдың адамдары ғана емес, ауылдың үстінде тұлып тұрған ауаның өзі өлімді аза тұтып тұрған тәрізді сезілетін.
Бұл арада өлген адамның барлық парызын өтеп жатуға уақыттың жоқ екені рас, бірақ қаза тапқан адамға деген қайғыны да жұрт бойына көп дарытпайды. Өлгендердің ортасында отырып тамақтарын іше береді, тіпті күндізгі қырғын соғыстан кейін кешке қарай бас қосқанда біреудің сондағы сөлекеттігін еске алып, қарқылдасып күліп жатады. Жұрт қайғыны жеке түсірмеуге тырысады екен, минут сайын ажал тосқан мына жақта бұ да бір жан сақтаудың жолы шығар.
10
Партизан деген халықты соғыстан бетер тамақ жағы қинайтын кезі көбірек. Орманның ішінде орып жатқан егінің, жайын жүрген малың жоқ, соншама адамға тамақ тауып беру, қару-жарақ, оқ-дәрі тауып беруде кем қиындыққа түспейді. Онсыз да соғыстан күйзеліп, шаруасы шайқалған деревнялардан қолға түскен азық-түлік аш бөрідей жалақтаған жігіттердің жұмырына жұқ болмайды. Деревнялар тақырланған соң жігіттер көбіне, бастарын оққа байлап, немістердің обозын тонайды. Ондайда кейде мәз болып, артынып-тартынып жолы болып келсе, кейде қолдарына еш нәрсе ілікпей, адамдарын босқа шығындап, салдары суға кетіп қайтады. «Тіленшінің сүйген асын кім берсін» демекші, партизандар тек қолына тигенін қорек етеді, табанда қолына дәмді дүние іліксе, мәре-сәре болып қаужап қалады.
Жыл жарымнан артық осы жортуылда жүргенде, менің де тамағымнан өтпеген нәрсе, ой сірә, жоқ шығар. Бұрын атып естімеген, аузым дәмін білмеген, немістің тағамдарын татып көрдім. Тағам талғап, ұнатпағаныңнан жеритін жағдай болған жоқ әйтеуір, тамақтан өткеннің бәрі талғажау. Немістердің азық-түлігі үзілмей қолына түсіп тұрса да мұртыңды балта кеспес еді-ау, көбіне-ақ қолға түсетін нәрсе аз болады. Партизан дастарханының және бір тамашасы — бірі болса бірі болмайды. Аштық қысқанда мініп жүрген, жегіп жүрген жалғыз атты жайратып тастайды. Оны дұрыстап сойып, мүшелеп бөліп жатуды да білмейді; әркім қолына іліккен жерін кесін жып, котелектеріне қайнатып жатқаны. Оған салатын қамыр да, картоп та жоқ, құрғақ еттің өзін қаузайды; кейде тіпті салатын тұз да табылмай қалады. Бірнеше күн тамақтан өтер түйір болмай, аштықтан бұралып көзің қарауытып отырғанда жортуылға шыққан жігіттер, қолдарына өзге ештеңе ілікпей, тәтті пряник немесе аз ғана қант, кәмпит әкелетін кездері де болады. Кәмпитті аузыңа салып қалжағанда аш өзегіңе барған тәтті сол қырындысы кетіп қурап тұрған ұлтабар шектеріңді жыбырлатып бүріп әкетеді, бірақ әйтеуір әр жақтан нәр барып, аз да болса жүрек жалғайсың.
Қанша бір қиын күндерде де мені тарықтырмаған марқұм Дуня апайдың қызыл қасқа сиыры Зойкасы еді. Жападан-жалғыз қалған нағыз тар кезеңде паналатқан байғұс кемпірдің өзі өлгеннен кейін де маған медет көмегі тиді. Сол немістер төтеннен төніп, қараңғы қарлы орманда мен адасып кететін жолы Зойканы Проша қуалап кеткен. Қаршадай бала қараңғы орманда қаңғалақтап жүріп, өзіне тапсырылған қызыл қасқа сиырдан айрылмай, о да ақыры, өзіміздің отрядты тауыпты. Көрші партизандар мені өзімізге әкеліп салғанда қатты қуанған адамның бірі осы Проша болды. Көпке дейін айналсоқтап қасымнан кетпей, екі езуі екі ұртына қарай жымқырылып, ыржия күліп:
— Надя апай, сіздің табылғаныңыз қандай жақсы болды. Тіпті жақсы болды, — дей берген.
Содан кейін де Проша негізінен менің қасымда болды. Қазан-ошаққа, бала бағуға, сиырды күтуге оны маған арнайы көмекші етіп тағайындаса, жігіт болуға асыққан жастың, әрине, намысына тиер еді; бірақ әйтеуір әдейі бұйрық берілмесе де тіршіліктің орайы солай болды да Проша маған қолғабысын тигізіп, жаны ашып жәрдем беpiп жүріп, өз жағдайына байқаусыз үйреніп кетті. Партизан болу деген қолына қару алып күндіз-түні жауды жапырып қыра беру ғана емес, оның күнделікті ұсақ-түйек, ит ыржың шаруасы, тірлік қамы болатыны, бірі таусылмайтын мұқтажы болатыны шикі жастың ақылына жетті-ау деймін, кейін «маған қару беріп тапсырмаға жібермеді» деп қыңқылдауды қойып, тапсырған шаруаны ықыласпен тындырымды істеп жүре берді.
Дуня апайдың Зойкасын екеуміз де жақсы көріп кеттік. Аяғыңды тәй басқаннан қозы қуалап, мал баласының арасында өскен адамға төңірегіңде тірі тұяқ болмаса, бір жағың ойсырап тұрар еді. Тостағандай көзі дымқылданып, бір нәрсе дәметкендей мөлие қарайтын қызыл қасқа сиыр сол олқымды толтырып жүретін-ді. Әйел заты сауын малына, оның ішінде әсіресе сауын сиырға жақынырақ қой, ал Прошканың Зойкаға деген ықыласы тіпті бөлек, байқаймын бұл ықыласы сонау сиыр айдап қашатын қараңғы түні көкірегіне терең ұялаған түрі бар. Айнала жау, атылған оқ, тұңғиық түнерген қараңғы орман, сол кезде жападан-жалғыз қалған шикі жастың қасындағы жалғыз қарасы осы қызыл қасқа сиыр. Көрінген ағаш пен бұта қараңғыда қарауытып тына қалып, тасадан жау шыға келердей үркітіп, үрей қысқанда самарқау салмақты аяңдап келе жатқан мына көпек сарқылмас мол сабырын бала көңіліне де дарытқан болар. Жауыға тұтасқан қараңғылықта жалғызсырағанда, аяз қысып қалтырағанда бетін сол сиырдың жылы мойнына басып, әукесін қайыра құшақтап, қолтығына тығылып алып-ұшқан көңілі байыз тапқан шығар. Тарыққанда демеу болған мал баласын кейде адамнан бетер жақсы көріп кетесің.
Азығымыз таусылып, партизандар Зойканы сойғанда Прошка тіпті қатты қиналды. Көзінен жасы мөлтілдеп, жүгіріп келіп:
— Тетя Надя, тетя Надя! Аналар Зойканы сояйын деп жатыр! Естисіз бе, сояйын деп жатыр, — деп жеңімнен жұлқылай берді. — Сіз неғып отырсыз? Неғып тұрсыз?
Мен неғылайын, күнде мал сойып жататын қазақтың аулында өссем де, осы сиырды сойғаны жаныма батып-ақ тұр. Бірақ енді неше күннен бері аш отырған адамдарға суалған қысыр сиырды «соймаңдар» деп айтуға... оның үстіне, күйеуім командир болғанмен, партизандардың үлкен шаруасына араласуға хақым жоқ екенін сеземін.
— Неғып тұрсыз, Надя апа. Зойканы сояды олар. Зойканы аман алып қалсаңызшы, — деді, бейнебір адамға ара түскендей жалынып. — Тіпті Зойкаға жаныңыз ашымай ма?
Зойканы сойған күні Прошканың түнерген қабағы ашылмай томсырайып жүрді, бірақ аштығы құрғыр шыдата ма, ақыры о да қызыл қасқа сиырдың боршасынан дәм татты.
Қызыл қасқа сиыр кеткен соң біздің де күйіміз тайды. Тоғайдан әртүрлі жеміс-жидек тереміз. Тамағың тойғанда ғана ауыздың дәмін алуға жарайтын жидектің қоректігі де шамалы, бірақ көзің қарауытып, өзегің талғанда ар жағыңа аз да болса нәр барады. Орман ішінің, далалы жерде өскен мен білмейтін, жемісінің түрі де көп екен. Олардың жеуге келетіні қайсы, келмейтіні қайсы, ажырата алмаймын да, аузыма салып талмап көріп, тамақтан өткенін жұта берем. Ағашты жердің ашыққан адам үшін ең бір үлкен байлығы саңырауқұлақ жаңбырдан кейін соны тереміз. Оның жеуге жарайтыны, жарамайтыны бар, мен бұ жағынан да сауатсызбын, дала қазақтары саңырауқұлақты жеуге болады деп ойлаған емес. Мұның бір мені қинаған жері, ауызға салып байқай алмайсың, адамды улап тастайтындары көп. Прошка бұ жағынан маған таптырмайтын ақылшы болып алды, мәз болып етегімді толтырып әкелген саңырауқұлағымнан көп болса, қос уысын қалдырады. Әсіресе сұрғылт сисаға ақ бұршақ сепкендей, әдемі саңырауқұлақты лақтырып тастап жатқанда ішім удай ашиды. Проша астыңғы ернін жымқыра тістеп алып, баланың білместігіне күлгендей, мырс-мырс етіп мүсіркей күледі.
— «Бұл мухомор ғой, тетя Надя» — дейді әдемі саңырауқұлақты лақтырып жатып.
«Өзі өте әдемі ғой» деймін ақталғандай.
Әдемісі әдемі. Бірақ алдайды, улы. Ал, мынау погаика, бұ да жеуге жарамайды».
Оның есесіне Прошаның іріктеп қалдырған саңырауқұлақтары тәтті болады, суға қайнатып, әсіресе кішкене майың болып қуырып жегенде, тура қойдың өкпесінен аумайды.
Көбіне қолғабысын тигізіп қасымда жүргенге Прошаға әбден үйреніп алыппын, оның үстіне үнемі қолымызға мылтық ұстамаған соң өзгелерден бағамыз көмістеу сияқты, тек екеуара теңелеміз. Осы сезімнің өзі арамызды жақындатқан болар, Проша маған әбден сеніп алып, сырын да жасырмайтын болды, әйтпесе, өзім жауынгер партизан санап жүрген намысшыл жас, шешесін сағынғанын тірі жанға айтар ма. Әрине, онысын маған да бірден айта қойған жоқ. Менің әрбір ісімді көргенде «менің мамам сөйтуші еді», болмаса, «менің мамам олай емес, былай істеуші еді» деп бастап, ақыры мамасы туралы біраз әңгімелерін айтып берген. Баланың сөзіне қарап шешесін тану да оңай емес, өйткені бала атаулының сөзін тыңдасаң бәрінің шешесі бірдей ақылды, мейрімді, көрікті болып шығады. Бірақ, өзімнің түйгенім, бұл баланың шешесі баяғы өзіміздің полктағы төрт баласы бар Ираида Ивановна тәріздес сабырлы, иман жүзді әйел сияқты. Айтпақшы мұның да шешесінің төрт баласы бар екен. Үлкені Проша, бір інісі, екі кішкене қарындасы бар. Төрт жасар кенже қарындасы Аленушканы аузына көбірек алады, одан үлкен тоғыз жасар қарындасы Аграфенаны көбіне мінеп отырады. Ол туралы айтқанда «глупая» деген сөзді көбірек қосады. Мен алғашқыда әлгі «мухомор» деп аталатын саңырауқұлақты көбірек теріп әкелгенде:
— «Надя апай, сіз біздің Аграфенушка сияқты екенсіз, — деп күлген. — Ол да орманға барғанда сіз тәрізді ылғи «мухоморды» теріп әкелетін. «Бұл жеуге келмейді, таста» десем болмайды. «Бұл әдемі, жемесең жеме, бәрібір тере берем» ден қасарысады. Сол әдетін тіпті қойғыза алмадым. Ол бар ғой, өзі ерегіспе. Вот глупая».
Сөз аяғында уайымды кескінмен мырс етіп күледі.
Орыстың «глупая» деген сөзін «ақымақ» деген мағынада ұғушы едім, сол сөзді соншалықты еміреніп, сағынышпен айтуға болатынын енді көрдім.
Санька дейтін он жасар інісі бар екен, шешесі сегіз құрсақ көтерген, содан қалғаны төртеу екен, соңғы кезде Саньканы да аузына жиі алатын болып жүр, бір жолы қолындағы прянигін тартып жегені үшін оны мықтап сабап тастанын айтты. Шамасы осы ісі есіне түскенде өкіне ме, «о кезде ол кішкентай еді, ақылы жоқ еді» деп ақтап қояды. Баланың аузына алмайтыны әкесі ғана. Тек бір рет байқаусызда, онда да сол саңырауқұлаққа байланысты, аузынан шығып кетті.
«Папаня любит маринованные грибы... и соленные огурцы», — деп қалды да, аңдаусызда ұят сөз айтып қалғандай, тілін тістей қойды.
Аңғармағансып, бөгде сөзге бұрып кісіні ыңғайсыз жағдайдан шығарып әкетуге мен қандай орашолақпын, ондайда анадан бетер өзім қысылам, сөйтіп жүрген жерден бір масқара жасап алғандай, екеуміз де үнсіз қалдық.
Абзалы, әкесі туралы сөзді екі жағымыз да жылы жауып қойғанбыз. Мен сол алғашқы жолы, алғашқы күндері, төбеден түскендей, күтпеген жерден бала атаулының шешесінің атын естігенде, шошып қалғанын байқап, басқа жерде сыр берген емеспін. Осы бір аз ғана уақыттың ішінде туған інімдей жақын болып кеткен балалық көңілінде өзім көрген Усачев полицайға жақындатып. я жанастыра алмай қойдым да, бұл жағдайды онша ойламайтын болғанмын. Бірақ, мен ойламағанмен, Проша ойламай қоя алмайды.
Бір күні көңіл түкпірінде тығылып жатқан бір ойын маған айтып қалды:
— Мүмкін ол біздің жаққа шығатын болар.
«Ол» дегенінің кім екенін түсіне қойдым — байғұс баланың жатса-тұрса ойлайтын арман-тілегі, үміті. Есек — дәме үмітін өшіргім келмей мен де қостадым:
— Есі бар адам өз халқынан бөлініп қайда барады. Әрине біздің жаққа шығуға тиіс.
Айтуын айтсам да, іші құрғырым сезіп тұр: бұл соғыс қарама-қарсы жаққа жаратқан адамның қайтып қосылуы екі талай, оның үстіне оқта — текте партизандардың аузынан Усачев жайлы естіген сөздерімнен жақсылық нышаны байқалмайды.
...Әлі есімнен кетпейді. Жаз айы, орман ішінде лагерьде тұрғанбыз. Ертеңгілік, Дулатты көк шөптің үстіне еркін еңбектетіп қоя беріп, өзім ас қамдап жатыр едім, Проша жүгіріп келді. Өзінде өң-түс жоқ, қатты қиналғандағы әдетінше астыңғы ернін үстіңгі ерінімен көмкеріп тістеп алған. Түрін көріп шошып кетіп:
— Немене болды, Прошка? — деп сұрадым.
— Әкелді... — деді ақырын ғана, даусы күрсінген демімен бірге шығып.
Қапелімде еш нәрсе түсінбей қалдым.
— Нені әкелді? Кімді әкелді?
— Оны... Папамды...
Алғашқы сәтте мұның қаншалықты жақсылық, не жамандық екенін де аңғармаппын, әйтеуір үндемей қалуды жөнсіз көрдім де, байғұс баланы қинап қазбалай беріппін.
— Өзің көрдің бе?
— Өзім көрдім.
— Ол сені көрді ме?
— Көрген жоқ. Мен сыртынан көрдім. Өздері екі адам. Шалашқа апарып қамап тастады.
Екеуміздің сөзіміз осымен үзілді де, үнсіз қалдық. Meн оған жұбаныш боларлық еш нәрсе айта алмадым, сірә бұл жерде мен емес, оқымысты сұңғыла адам тұрса да, балалық жарасын қасығаннан басқа, қандай жылы сөз тауып айтатынын білмеймін. Прошка қазір әкесіне өзгенің де, өзінің де ара түсе алмайтынын, бұлтартпас қатал тағдырдың тақалғанын жан-тәнімен сезіп, астыңғы ернін қырқып алардай жымқыра тістеп, тізесін құшақтап, сіресіп отыр. Еңбектеп келіп ботинкасының тұмсығына жабысқан Дулатпен де ісі жоқ, әншейінде болса, оны жерден көтеріп алып, аспанға атып ойнатар еді, қазір оны көретін де халде емес. Аздан кейін бір нәрсе ойына түскендей, орнынан ұшып тұрып, әлденеден сезіктеніп, жан-жағына алақтап қарап алды да, тезірек басып шалашқа кіріп кетті. Байқап қалдым, тірі жанға көрінгісі келмейді...
Сәскеде, ұсталған полицайларға сот болды. Шынымды айтсам, соған қатынасқым келген жоқ еді, мені арнайы шақырды. Проша шалаштан шықпай жатып алды, оған қазір жалғыздықтан басқа еш нәрсенің жәрдемі тимесін сеземін. Партизандар орман ішіндегі кішкене алаң шетіне жиналған. Көк шөпті жапырып алқа-қотан отырып алған, шынтақтап жатқандары, түрегеліп ағашқа сүйеніп тұрғандары да бар. Алдыңғы жақта қызыл жапқан кішкене столдың басында екі томарға көлденең ұзын тақтайды қойып скамейка жасап, үш адам отыр, үшеудің ортасындағы Носовец. Жаздыгүні маңдайын тұқырайтыңқырап кепке киіп жүретін еді, қазір кепкасын шешіп столдың үстіне қойған. Ар жағындағы екі партизан да жалаң бас, бірақ иығынан асырып арқаларына асынған автоматтарын тастамапты. Жұрттың жиналуын тосқан шамасы бар, үшеуі де үнсіз, тек Носовец қана шұқшиып қағазға бір нәрсе түртіп жатыр.
Отырған жұрттың алдына таман қиғаштау барып бір теректің түбіне тоқтадым. Көрейін деп тұрған оқиғаң қаншама жанға жайсыз болса да құштарлық деген пәле жетеледі де, алдыңғы жаққа тым жақын келіп қалыппын. Қасымбек пен Николай да алға таман отыр екен, олар маған қайырылып қараған жоқ, тек менің келгенімді Абан көріп қалып, қасыма келіп:
— Отыратын жер тауып берейін, Нәзира жеңгей, — деді күбірлеп.
— Жоқ, түрегеліп тұра тұрам.
Столдан төрт-бес қадам кейінірек томардың үстінде екі полицай отыр, жеңдеріне байлаған шүберектерін алмаған, әлде жұрт көрсін деп әдейі алғызбаған ба, екі жағында автомат асынған екі партизан. Маған қырын отырса да, бергі шеткісін бірден таныдым, Усачев. Ipi денесін жұртқа көрсеткісі келмей мойнын ішіне тартып, бір уыс болып бүрісіп қалғысы келетін сияқты, бірақ дүрдей денесі құрғыры оған болатын емес, гүжбандай екі иығы қорбиып шығып тұр. Добалдау қоңқақ мұрны төмен салбырап, қою қоңыр мұрты астыңғы иегін көміп, алдындағы Носовецтен назарын жасырып, көзімен жер шұқып отыр. Кішкене далаңқайда, айнала тұтасқан орман сияқты, тұтасқан ауыр үнсіздік бар, оқта-текте еміс естіліп қалатын қысқа-қысқа күбір болмаса, партизандар да үнсіз. Сол ұрланып шыққан келте күбірдің өзі мына үнсіздіктің ауырлығын асыра түседі. Жиналған топ қазір осы екеуін ажалға кесіп, сол үкімді орындайтындарын біліп отыр, басыңқы оққа байлап, күнде ажалдың қақ ортасында жүрсең де бұл өте бір сүйкімсіз нәрсе.
Носовец столды қос жұдырығымен опырып жіберердей тіреніп, орнынан мығым көтерілді, оның жуантық тығыз денесі маған тұтас қара тастан құйылғандай әсер етті. Усачев селк етіп, бұрынғыдан бетер жиырыла түсті. Носовецтің кірпігі қимылсыз көк көзі екі полицайдың өңменіне бұрғыдай қадалған. Қанша жау болса да қарсы алдында көз көрген, күні кеше дәмдес болған таныс адамдары тұрғанға қобалжыған көңілін басқысы келді ме, әлде ыза қысып кетті ме, жұтынғандай ұрты қозғалып, жағын қарыстыра тістеніп аз іркілді, алдында жатқан қағаздарын жиыстырып қойды.
Носовец айыптау актысын оқығанда Усачев орнында тыныш тұра алмай, теңселіп, жан-жағына жалтақтай берді, ана жігіт тұнжыраған күйі басып тұқыртып жұрттан жүзін жасырып сілейген күйі тырп етпейді,екеуінің де халін айнытпай сезетін сияқтымын: бұлар қазір бұлтартпас ажалдың қарсы алдында тұр, соғыс жағдайында үкім біреу-ақ. Жүректерінің әрбір соққан дүрсілінен ажалдың минуті жақындап келеді, екеуі де соны тосады. Бірақ ажал біреу болғанмен әркімнің оны қабылдауы әр түрлі болады екен. Қипақтап шыдай алмай тұрған Усачев ажалдың алқымына тақалып қалғанын қаттырақ сезіп, жандәрмен қылып жалтарудың амалын іздеп, аласұрып тұрған түрі бар. Ол айыптау актысының әр тұсында «жоқ, мен оны істеген жоқпын» деп жалтарғысы келеді, бірақ Носовец зекіп қалғанда, ерегістірсем бүлдіріп алармын деген үреймен жым бола қалып оған жалынышты кескінмен жаутаңдап қарап қояды. Қайткен де болса жан сақтайтын саңлау іздейді. Ал, ана жігіт сілейген күйі селт етпейді. Әлде оның алдынан ешқандай саңлау көрінбей, жазмышқа мойынсұнған ба, әлде есеңгіреп, болып жатқан оқиғаның мән-мағынасын ұғудан қалған ба, әйтеуір бір қалпы болды.
Усачев кінәсін мойындауға келгенде көп жалтарды, тіпті бұлтаруға келмейтін жердің өзінде аз да болса айыбын жеңілдететін сылтау іздеп бәйек болады. «Суға кеткен тал қармайды» деген сөздің шын сырын осы арада түсінгендей болдым, жан ұшырып қарманғанмен қолына ілігіп жатқан талы да жоқ, дәлелі дәлел болмаса да әйтеуір бір нәрсе айтып қалады. Айналсоқтап келіп айта беретіні:
— Олар енді өкімет қой. Өкіметтің айтқанын істемесең болмайды. Атып тастайды. Олар өкімет болған соң... мен бұйрығын орындадым. Немістер дереу істемесең.., олар тек...
Носовец шыдай алмай зекіріп жіберді.
— Фашистер өкімет емес, басқыншылар! Ал халықтар, — ол қолымен партизандарды нұсқады. — Солардың бұйрығын орындап жүр ме? Не тантып тұрсың, ұятсыз, сатқын сұмырай...
Усачев денесі дүрдей болғанмен, қорқақ сорлы екен, басына таяқпен салып қалғандай селк ете түсіп, мойнын иығына тығып:
— Әрине, енді бұлар неміске қарсы соғысып... Дұрыс қой. Бірақ енді... — деп міңгірлей түсті де басылып қалды.
Содан құдай тағала сабыр беріп, астыңғы ернін, қою қоңыр мұртымен көме тістеп алып, төмен қарап тұнжырап отырды. Кәмпит сорғандай ұрты қусырылып жағына жабысқан. Тұла бойым дір етіп, жақсы ма, жаман ба білмеймін, бір сезім жүрегімді түйреп өтті, мынаның түрі шошқадан аумайды екен. Анау қоңыр мұрттың астында дүрдиген көнтек ерін болар, астыңғы иегінің ұшы ілгері ұмсынып біткен кемиек. Сонау, деревняны түгел ататын қырғында, кімнің бетіне байыздап қарауға кісінің мұршасы болыпты, аңғармаған екем, көзім үйреніп, көңілім ұнатқан Прошкамен ұқсастығы, бір түрлі, жүрегімді шаншып өтті.
Орманның ішінде, көк шөптің үстінде өткізілген сот кәдімгідей барлық тәртібімен жүріп жатыр. Бірнеше куәлар бар екен, кезегімен шақырылып, көрген — білгендерін айтып, куәлік береді. Носовец атымды атап, мені шақырғанда еш нәрсеге түсіне алмай, алғашқы сәтте дағдарып қалдым, сөйтсем, мен де куәнің бірі екенмін. «Бері, мына жерге келіңіз» деп қайталап шақырғанда ғана, баламды Абанға ұстатып ілгері шықтым. Бұрын сот алдын кім көрген, өзім жауапта тұрған адамдай қысылып, мына отырған, құдайдың құтты күні бірге жүрген жұрттан бөлініп, бөлек боп шыға келген сияқтымын. Оның үстіне Носовец те жүзі сұп-суық болып, қатып қалған бір ырғақты дауыспен:
— Гражданка Еділбаева, сот алдында тек шындықты ғана айтуға тиіссіз. Егер жаңсақ куәлік берсеңіз қылмыс кодексінің пәленінші тармағымен жауап бересіз, — деп одан бетер қысып тастады.
— Гражданка Еділбаева, мына алдыңызда тұрған екі айыпкерді; Усачев Лука Саввичті, Гуськов Терентий Петровичті бұрын көрдіңіз бе? Жақсылап қарап алыңыз...
Менің атым аталғанда екі полицай елең етіп, маған таңырқай қарап, содан кейін көздерін тез тайдырып әкеткен. Анаусын енді таныдым: «Терентий» дегені жас полицай Тереха. Әлгі деревняны қырғаннан кейін Дуня апайдың үйіне қайтып оралғанда, «Он, не могу» деп шошынып, шашын жұлып жылайтын, содан кейін мені атып тастаймын деп кіжінетін. Сол ақсары ұлпа шашты, кішілеу дөңгелек бетті, қайқы тұмсық сары. Бет терісі қалыңдай, өңі есейіңкіреп кеткен бе, қалай, әйтеуір, баяғы мен көрген «ой, мамочка! Что я наделал» деп жер сабайтын, дәрменсіз бала кескіні жоқ, тотыққан жүзі қызара бөртіп, ісіңкілеу қабағының астына жанарын жасырып, төңіректен бөлектеніп түйіліп алған. Мыналарды көргенде ойым әр саққа жүгіріп алып қашып, Носовец сұрақтарын ылғи екі рет қайталауға мәжбүр болды.
Ойым ырық бермей, түгелдей жас полицайға ауып кетті. Ол мені көрмеген, білмегенсіп, жанарын жасырып аулақтанып алса да, менің екі көзім сонда. Мына тұнжыраңқы тұнық түрінен баяғы іші алау-далау болып аласұрған аянышты сәтін, жапанда жалғыз қалғандай жаудыраған дәрменсіз кескінін іздеймін. Ол кескіннің ізі жоқ, менің алдымда, шынында да, басқа адам отырған сияқты. Жеті-сегіз айдың ішінде ол мүлде өзгеріп, есейіп кетіпті, баяғы сезімтал жалаңаш жүрегі де жарасы жабылып, енді ыстық-суық өтпейтін қалың қабықпен қапталған сияқты. Жұмып алған жұдырықтай тас бітеліп қалған мына жігіттің ішінде қазір не хикмет болып жатқанын мен біле алатын емеспін. Бұл Усачев сияқты жан ұшырып жалтармады, мені көргенін де мойындады.
Усачев сорлы менен де жан сақтайтын саңлау іздеп, жанталасып бақты.
— Мен мұның командир әйелі екенін сезгенмін. Содан әдейі қашырып жібердім, — деді.
— Әдейі қашырған жоқсың, — деп Носовец зекіп қалғанда:
— Енді әдейі қашырмағанда... қашып кеткенін біліп әдейі іздемедім. Кете берсін дедім, — деп қипақтай түсті де, кенет құтқаратын ой тапқандай қуанып кетті, — Мен бұл әйелді сақтап қалдым. Мына Тереха атпақ болғанда, мен атқызбадым. А? Солай емес пе? Айтыңызшы, — деп маған жалынды.
Менің бір жаман қасиетім, кім де болса, торға түскен адамды еріксіз аяушы едім, мына сорлының мына мінезінен тіпті жиіркеніп кеттім. Ана жігіттен Носовец:
— Атпақ болғаның рас па? — деп сұрағанда, ол:
— Есімде жоқ, білмеймін, — деді.
— Неге білмейсің? Есіңнен танып қалдың ба? — деп Носовец қысқанда:
— Білмеймін. Мүмкін рас шығар, — дей салды.
Бұл жігіт әбден қаныпезер болып қатайып, еш нәрседен шімірікпейтін болған ба, немесе ажалдан да жаман нәрсе жанын қинап, сонымен әлек болып отыр ма, әйтеуір осы топтан да, соттан да, қасындағы тағдыры бір Усачевтен де бөлектеніп алған. Усачевтың қиянаттап жатқанын да елеген жоқ, берілген сауалдарға да, арғы беттен тіл қатқандай жансыз дауыспен жауап береді.
Кішкене уақыт өткен соң сот мәжілісінің бастапқы ширығысы босаңсиын деді. Жұрт қайтадан қисайып, шынтақтап, өзара күңкілдесіп, кейде реті келіп қалғанда соттағы сөзге де араласып кетеді, айыпкерлердің сасқанда берген сөлекет жауабын кекетіп күлісіп алады. Носовец ауық-ауық тәртіпке шақырып қояды. Мен де, мойнымнан ауыр жүк түскендей жауаптан босап, Абанның қолындағы баламды алып жұрттың шетіне таман отырғанмын. Бір кезде жан-жағына алақтап отырған Усачев, мен отырған жаққа көзі адырайып үрпие қарады да, орнынан ұшып тұрып, даусы қарлыға айқай салып:
— Прошка... Балам менің... Балақаным... — деп ұмтыла берді.
— Отыр, опасыз... — деп Носовец ақырып жіберді.
Қасында отырған партизан автоматымен өңменінен нұқып Усачевты шөгертіп тастады. Артыма жалт қарасам қайыңды тасаланып Прошка келіп тұр екен, үстіңгі ерні дүрдиіп, ұртын тістеп алған, өңі шүберектей құп-қу. Сорлы бала шыдай алмаған екен. Мұның да басына таяқпен салып қалғандай болды-ау деймін, көзі адырайып, аузы бір-екі рет кемсең ете түсті де, жалт бұрылып жүгіре жөнелді.
Усачев басын таяна теңселе күңіреніп:
— Ұлым менің... Ұлым... — деп, кеңкілдеп жылап жіберді.
— Ол советтің адал ұлы! Сендей сатқынның баласы емес! — деп Носовец тағы бір зекірді.
Мен де отыра алмай, баламды көтеріп шалашқа қайтып келдім. Менің қазір оған керегім бар ма, жоқ па, әлде оның жалғыз болғаны жақсырақ па, ол арасын анықтап біле алмадым, бірақ әйтеуір Прошканы жалғыз қалдыруға дәтім жетпеді. Проша шалаштың іргесіне етпетінен түсіп, бетін қос алақанымен көміп алып, солқылдап жылап жатыр. Менің ішке кірген тықырымды естіп, өксігін ішіне тартып, аз булықты да, шыдай алмай қайтадан жылап жіберді, енді тіпті көз жасына қақалып булығып қалды. Менің де қолымнан келер қайран жоқ, тек шашынан, маңдайынан сипай берем.
— Ол ақымақ. Онда ақыл жоқ... Ақыл жоқ болған соң... Мамам да айтқан... — дейді Проша әр сөзін көз жасымен қоса жұтып, ықылық атып, қылғына сөйлеп.
Мен ие деймін? Не деп жұбатам? Осындайда сөз таба алмай тығылып қалам. Менің құтыла алмай қойған және бір жаман әдетім бар: біреу қиналғанда оған демеу болар сөз айтудың орнына соның кебін өз басыма киіп қайғысын да өзімдікі етіп аламын. Мына баланың жанының жарасы менің ішіме түсіп, жегідей жеп барады. Әкесі қанша жау болса да әлі аузынан ана сүті кеппеген бала оны салқын оймен түйіп, өзінен бөліп тастай алмайды. «Жүрегі қарс айрылды» деген сөзді естуші едім, соның мағынасы миыма жаңа жетті, мына баланың жүрегі қақ ортасынан айрылып жатыр. Проша сотқа бастап-аяқ қатысқан жоқ, сол келген беті болар, сондықтан әкесінің сорлы мінезін көрген жоқ. Егер көрсе қорқақ әкесінің жиренішті мүсәпір мінезі оның опасыздығына қоса намыскер жастың жүрегіне өмір бойы тырналаса кетпейтін бір жеркенішті әсер қалдырар еді.
Жұбатуға шамам келмесе де қасында болғаным Прошаға аз да болса жеңілдік әкелді ғой деймін. Әйел деген жарықтықтың қанша айтқанмен аналық жылуы бар, кімге болса да жұмсақтау ғой, егер қасында еркек отырғанда қасіретін намысы тұншықтырып, жарылып кетер ме еді қайтер еді, менің алақаныма жұмсарып жібиін деді. Бетін бүйіріме басып, көйлегімді ыстық демі мен көз жасы қатар сулап, іштегі отын шығарып біраз солқылдап жылап алды.
Біз отырғалы біраз уақыт өтті. Прошаның да іші сезетін шығар, ендігі сот бітіп полицайларды ататын жеріне алып бара жатқан болар. Носовецтен естігенмін, партизандарды сапқа тұрғызып қойып, оларды көп алдында атады. Әдетте атар алдында өздеріне көрлерін қаздырып алады. Бір ғажабы, қай жағы атса да, атылатын адам қарсыласпай, үн-түнсіз өз көрін қазып шығады. Құлағымды тосып тың тыңдаймын, әзір мылтық даусы естілген жоқ. Біраз уақыт өтті. Усачев пен полицай Тереха көрлерін қазып болып, самсаған мылтықтың қарсы алдында, өздерінің өлімнен де ұяты күшті, масқара ажалын тосып тұр ма екен?
Қаншама қақ ортасында жүрсең де, қашан көзің жұмылып кеткенше ажал деген сұмырайға бойың үйреніп кетпейді, құрғыр қорқынышты ғой, бірақ мынадай өлімнің қасында бетпе-бет келген жаумен айқасып өлген ақ өлім... ғой, өз адамдарың өңменіңе оқ таяп, кешірімсіз сазарып, саусақтарын мылтық шүріппелеріне басып тұрғанда, ондай ақ өлім тіпті қол жетпес бақыт болып та көрінетін шығар.
Шынымды айтсам бұл оқиғаның боларына күні бұрын хабардар едім. Носовец кейбір істерін менің көзімше Қасымбекпен ақылдаса беретін, бір кеште осы жайлы әңгіме болған, оның сондағы асықпай отырып шегелеп айтқан сөздері айнымай есімде қалыпты.
— Біз жаумен жаман соғысып жүрген жоқпыз. Әрине бұдан да мықтырақ соғысуға болар еді. Партизандар қатары да молырақ болуы мүмкін еді. Біздің бір ескермей жүрген үлкен олқымыз бар. Біз әлі жауға қызмет істеп жүрген опасыздарды дұрыстап жазалаған жоқпыз. Есіңізде болсын, Еділбаев, бұл біздің үлкен кемшілігіміз. Мұның астында қандай мағына жатқанын байқайсыз ба? Жаудың тылындағы халық немістің емес, біздің Совет үкіметінің күшін сезетін болу керек. Маған бір жақсы ой келді. Бірнеше полицайларды ұстап әкеліп, осында сот құруымыз керек. Түсінесің бе? — деп ол Қасымбекке тесіле қараған әрбір айтқан ойын саған бұлтартпай қабылдатқысы келіп бетіңе тесіле қарайтын әдеті бар. «Білемін, сен қу жалтармақсың ғой» деп тұрғандай оның өңменіңнен өтетін көк көзінен мен айыпты адамдай қысылып қипақтап қалатынмын. — Полицайларды, әрине, қапысын бағып жолын тосып атып тастауға да болады. Бірақ... арнайы сот құрып, үкім шығарып, заң жолымен атсақ... Байқайсың ба? — Носовец өзінің сәтті табылған ойына сүйініп, өңіне күлкі жүгірді. — Онда біз үкіметпіз. Заңымыз бар. Күшіміз бар. Оның халыққа қалай әсер ететінін білесің бе? А? Солай, жолдас Еділбаев. Әр нәрсенің түп — тамырына көз жүгірту керек. Сондықтан полицайларды ұстап әкелуге арнайы операция ұйымдастыруымыз керек. Анау, Усачев сволочты қолға түсірсек екен. Ол бұрынғы белсенді ғой, сондықтан оның қылмысы екі есе ауыр.
Усачевы құрғырдың атын естігенде мен шіміркеніп қалдым. Шынымды айтсам оған жаным ашымақ тұрмақ бүйрегім де бұрмайды, тек оны осы араға әкеліп атпаса екен деп тіледім ішімнен. Прошканың осы халін сол сөзді естігенде-ақ көз алдыма елестеткенмін, бізге ұстап әкелгенше сол құрғырды біреу қисайта салса екен деген үміт-тілегім де ішімде жүрген.
Бірақ өз ойымды Носовецке айтуға бата алмадым: екі араға салып Қасымбекті қинауға да... Носовецтің жоспарын оның да бұздыра алмайтынын ішім сезді. Біраз нәрсені ақылға салып түсінгім келсе де затым әйел болғанға ма, ақылымды әлсіздігім, жанашыр сезімім жеңе берді. Соғыстың қатал заңына аяныштың әлі келмейді екен. Мұнда жүрегіңді тастай қылып жұмып алмасаң ит талағандай ырық-жырығы шығады, Соны білемін, бірақ қолыңнан келмеген соң білгеніңнен не пайда.
Носовец маған сом темірден соғылғандай болып көрінеді. Осы әсерім дұрыс-ау деймін, соңғы кезде жұрт оны темір комиссар деп атайтын болды. Бұл өзі, мен әлі ұғынып болмаған үлкен шындыққа, бұлтарысы жоқ жападан-жалғыз шындыққа көзі мықтап жеткен адам, соны жұрттың бәрі түгел ұғып, қалтқысыз қабылдағанша тыншымайтын сияқты. Өзінің сенген нәрсесіне шек келтірмейтін адам ең бақытты жан, ондай адамның көңіліне күмән дегенің ұрланып кіре алмайды, сондықтан да ол күшті, өзгеден өктем болмақ. Қашан да өзіңдікінің дұрыстығын сезініп, бір демің жоғары тұрмаса өзгелерді қалай бағындырмақсың. Өз бойымда болмаған соң ба, Носовецтің осы бір бітеу жаралған тұтастығынан қаймығамын.
11
Meн осы землянкаға жасырынғалы, топшылауымша бес-алты сағат уақыт өтті, шамасы түс қайтып, күн де еңкейген шығар. Манағы талып естілген атыс бірде күшейіп, бірде талмаурап барып үзіліп, қайтадан естіледі; соған қарағанда орман шетіне бекінген партизандар бірден шегініп кетпей, неміс шабуылын әзірге тежеп қалған түрлері бар. Атакаға шығып, лап берген жаудың алғашқы қарқынын бір тойтарып тастауға шамасы келсе, екпіні бір қайтып қалған жау жылжып, үңгіп кірмек болып көп шығынға ұшырап берекесі қашады.
Соғыс даусынан аңғарғаным дұшпан осындай халге душар болған сияқты еді, мүмкін тіпті тойтарыс берер, енді жылжымас деген тәтті үміт те көкірегімді жылыта бастады, кенет атыстың іргеме жақындап қалғаны сонша тіпті бұршақтай шашылып пытырлаған автомат пен дүрсілдеген пулемет дауыстарының жігі ажырап естіледі, әрі кеткенде үш-төрт жүз метрден алыс емес. Соғыс тура менің үстіме келер ме екен, әлде бір бүйірден жанап өтер ме екен? Ойым әр саққа жүгіріп, үміт оты бір тұтанып, бір сөнеді, әйтсе де көңілі түскірім сезеді: көбелек қуып келе жатқан жау бұл орманды партизандардан арылтпай, сірә тыным таппайды, бірақ партизандардың да бұл орманды тастап кететін ойы жоқ. Өздері әр шұқырын жатқа білетін орманның ішінде қашқақтай ұрысып, тереңге тартып, із адастырып, әрі-беріден соң немістердің өтіп кеткен жеріне қайта оралып естерін тандырмақ. Биылғы көктемгі қырғында, партизандар көп шығынға ұшыраса да, осындай әдіспен жан сақтап қалған-ды. Олардың осындай түлкі құйрық соғысына еруім қиын болғандықтан екі баламен осы үңгірде жатырмын.
Соғыста жүргендерге қарағанда үңгірде тығылып жатып күту онша қиын емес-ау, тек азық жағы көбірек қинайды. Әсіресе биыл қырық үшінші жылдың жазы өте ауыр болды. Ел де әбден титықтаған, өздері аштан ісіп-кеуіп отыр, қолға ілінер еш нәрсе жоқ. Майдан жақындаған соң немістердің әскері қоюланып, күзеті күшейіп, олардың обозын тонау да қиындап кетті. Осы қалың орманның ішінде біз дәмін татып көрмеген шөп те қалмаған шығар. Саңырауқұлақ пен жеміс-жидек табыла берсе жақсы ғой, ол түгіл қымыздықтың өзі кездесе бермейді. Кішкене су кездессе барып тартамыз, бірақ бұл жақтың суларында қамыс қоға аз болады екен, далада өсетін тәтті тамырлар да жоқ. Кейде көзің қарауытып кез келген жапырақ пен шөптің сабағын шайнайсың, олардың жеуге жарамайтын сабағы ішек-қарныңды бүріп, жүрегіңді айнытып құсқыңды келтіреді. Аш өзекке лоқсығанда ішіңді сыртқа айналдырып шығарғандай суырып, көзіңнен жасың парлап, құрсын айтары жоқ, ит азапқа түсесің. Аштық шіркін қарата ма, кейде партизандар командирлерінің бұйрығын аттап көлік етіп жүрген жалғыз аттарын да сойып алады, орыстардың жылқы етіп жемейтіні жайшылықта екен.
Дулатым екіге жуықтаса да емшектен айырғаным жоқ, тамақтан өтетін түйір таппай қалған кезде өз сүтіммен асырап келем. Оған енді міне, кішкентай Света қосылды.
Ал Светаның бізге келгелі өмірі тіпті қиын болды. Тіршілік ауыртпалығын айтпаймын, оған мен де төзіп келем ғой, Николаймен екеуінің арасы барған сайын нашарлай берді. Анау да бір кіп-кішкентай болып алып жібімейтін пәле екен ,тіпті темір шегедей қатып қалды. Алғашқы күні бір жаман мінез көрсетті.
Кешке қарай Света екеуміз оңаша отыр едік, мен кейіген соң, Қасымбек те, өздері оңаша болсын деп, үйге онша жолай қоймаған, бір кезде зілмәнкеге Николай кіріп келді. Қайтып оралғанынан үміт етіп бетіне дәмелене қарап едім, көңілім басылып қалды, сол манағы қалпы сызданып тұр, қайта бұрынғысынан да ісініңкіреп кеткен сияқты.
— «Әйтсе де біз екеуміздің оңаша сөйлесетін сөзіміз бар сияқты. Жүр, сыртқа шығайық», — деді ол Светаға.
«Ендеше мен сыртқа шыға тұрайын» деп екеуінің оңаша сөзінен үміт етіп оңтайлана беріп едім:
— «Жоқ. Біздің сыртқа шығып сөйлескеніміз дұрыс» деп Николай мені тоқтатып тастады.
Света қорбиған сырмақ күрткесін иығына ілді де, үн-түнсіз Николайға еріп сыртқа шығып кетті, мен неғыларымды білмей аңырып тұрып қалдым.
«Жылды кісінескенше, адам сөйлескенше», мүмкін екеуі сөйлесе келе ұғынысар деген әлсіз үмітім, Николайдың безеріп тұрған түрі көз алдыма елестегенде, сөніп қалды, жаңағы ісініп кеткен кескінінен жақсылық күтуге болмайды. Бір жамандықты сезгендей жүрегім мұздап, сасқанымнан не дәрмен қыларға білмей аз уақыт селтиіп тұрып қалыппын, содан сыртқа жүгіре шықтым.
Екеуінің қай жаққа кеткенін де білмей қалыппын. Құдай оңдап, сыртта Проша кездескені; ол менің жау қуғандай аласұрған үрейлі ұсқынымнан шошынып көзі бақырайып кетті.
— «Не болып қалды, Надя апай? Түріңіз қашып кетіпті ғой. Не болды?» дейді үрпиіп.
— «Жаңағы... Николай... Николай мен Света қалай қарай кетті?»
Проша олардың кеткен жағын сілтеп, менің соған бола неге сонша үрейленгеніме түсінбей таңырқап қала берді. Көктемгі дымқыл орманның ішінде қарайып кеткен ескі жапырақты етігімнің тұмсығымен күреп жүгіріп келем. Әлі көк шықпаған, ағаш, бұталар сидам, орман іші ашық болғанмен әлгі екеуі көрінбейді, «әлде басқа жаққа бір жыраға бұрылды ма» деп алақтап жан-жағыма қараймын. Алдымда кішілеу сай бар екен, соның ернеуіне келгенде ылдида тұрған Николай мен Светаны көрдім, олар мені байқаған жоқ.
Екеуінің не сөйлесіп үлгергендерін білмеймін, менің естігенім Светаның:
— «Жарайды. Білгеніңді істей бер» деген сөзі ғана.
Николай бір-екі қадам шегініп, пистолетінің қорабын ағыта бастады. Сайға қалай домалап, жүгіріп түскенімді өзім де білмей қалдым, даусым да қаттырақ шығып кетсе керек, Николайдың қолы пистолеттің қорабында қалды, солай бүйірін таянған күйі маған таңырқап үрпие қарады. Мен келе Светаны құшақтай алдым. Сіресіп тұрған Светаның денесі бірден босаңсып, әлсіз қолымен менің мойныма асылды, аяғының да буыны кетіп, бар салмағымен мені төмен қарай тартып барады. Екеуміз жұмсақ дымқыл жерге отыра кеттік, Светаны қорғаштап бауырыма қыса беріппін. Ентігімді басып қайта бұрылып қарағанымда Николай сайдың қабағына шығып барады екен, шымыр денесі сірескен күйі артына қарамай, дік-дік басып әрі қарай асып кетті.
Светаның қаны қашып, бетіндегі секпілдері баттиып, ерні кезеріп, өңі әбден жүдеп қалыпты. Ажалы құрғырдың кейде алдындағы қорқынышынан, артындағы қорқынышы күштірек болады, жаңа ғана ет қызуы, ерегіспен оқтан тайынбай тұрған қайсар Света, басына төнген ажалдың бар салмағын енді ғана сезіп, оның сұмдық үрейін де бойына енді сіңіріп, әлсіреп қалды. Құшағыммен сезіп отырмын, бір-екі рет денесін қалтыратып тұла бойында діріл жүгіріп өтті. Тұңғыш рет көкірегімде үлкендік сезім оянып, Светаны оттан құтқарып алған баладай бауырыма қысып, иығынан сипаймын. Сірә, бірінші рет менің панамды сезгені осы болар, Света да менің құшағымнан босанып кетуге асықпады.
— «Сен үлгермегенде ол атып тастайтын еді» — деді аздан кейін, жайымен сұлық қана.
Осы оқиғадан кейін Николай, әйтеуір мен білгенде, Светамен тілге келген емес, бір отрядта жүріп екеуі қайткенде де бір-бірімен кездеспеудің, кездесе қалса бір-бірін байқамай өтудің амалын табады. Света тұрсын ол менімен де, тек кездесін қалғанда бас изегені болмаса, тілдесуден қалды. Светаны қалай жалғыз тастаймын, көбіне екеуміз бірге болған соң, Николай енді бұрынғыдай қолы бос кезінде біздің зілмәнкемізге келін карта ойнап, мәслихат құру былай тұрсын, тіпті бас сұғуды да қойды, Қасымбек те екі әйелдің ортасында не бітірсін, бөлектене бастады. Өңшең бойдақтардың ішінде жалғыз ерлі- зайыптының жүргені ерсі екен, өзім де оның еркектердің арасында көбірек болғанын жақсы көрем.
Света мен Николайды татуластырғым келіп талай ойландым да, бірақ соның жолын таба алмай-ақ қойдым. Николай деген, бұрын адам сияқты елгезек, кейде бір-ақ жарқын мінезі болушы еді, енді суға салып, шиелеп байлап тастаған қайыстай түйілді де қалды. Оны шешетін айласын таба алмай, Қасымбекке қыңқылдап көріп едім, о да еш нәрсенің ретін келтіре алмады, «осындай нәрседе араға түсудің өзі қиын», — деп қиналды.
Бұл жағдайды, егжей-тегжейіне дейін тінткілеп, оңашада көп ойланам, бірақ өзім де дұрыс шешімін таба алмай қиналам. Ес білгелі құлағыма сіңген қасиетті бір ұғым бар-ақ некемен қосылған жұбайыңның көзіне шөп салу үлкен қылмыс. Еркек намысы деген қиын болады, еріңді масқара қылып жерге қаратпа. Осы күнге дейін осы сенімім, осы өзгермес шындық көңілімде қобалжып көрген жоқ-ты. Бірақ Светаның жағдайы бөлек қой, мына жан алып, жан беріп жатқан заманда адамның бір оғаш басқан қадамы, қасіретті қателігі... Ау, бәріміз де сағат сайын өлім күтіп, оқтың астында жүрміз ғой...
Бірақ өмір деген құрғыр ажалдың аузында, оқтың астында жүрсең де сол өмір екен, қолың тиіп кетсе ойын-күлкің, әзіл-оспағың, түк болмағандай, қайтып оралады; бір-біріңе ренішің, өкпе-назың, ұрыс-керісің, о да қабаттасып жүреді, әркімнің құдай берген мінезі мен бойына сіңген ұғымы, бұ да қалмайды. Қандай тірлікке салсаң да адам пенделігін істемей қоймайды екен, жай кезде болса бір сәрі-ау, дәл мына жағдайда келіп еркек намысы насырға шауып, онсыз да қиын тірлігімізді тіпті ауырлатып жіберді.
Айтып отырмын ғой, тіпті сыпсың сөз, өсегің де сумаңдап қалмайды екен. Света мен Николайдың арасындағы жағдай сыбыр-күбір сөз арқылы жетті ме, әлде ерлі-зайыптының арасы күрт үзілгесін өздері аңғарды ма, әйтеуір бұл жағдай партизандарға да жеткен тәрізді, мен оны жұрттың томсырайған түрінен танимын. Светамен ешқайсы танысып, біліскісі келмейді, бойларын аулақ ұстайды. Әрине, осы бір жағдай болмаса олар, жаудың қақ ортасында жансыз болып, астыртын жұмыс жүргізіп, партизандарға керек ақпар беріп тұрған мықты барлаушы Смуглянкамен танысып білісуге, тіпті оны көруге қандай құштар болар еді, қазір оны білсе де білмегенсіп, көрген жерде байқамағансып жүре береді, Светаның халін әбден сеземін, бірақ тағы да сол, оған жұбаныш айтар, жәрдем етер қайраным болмай, оның қасіретін көкірегіме құйып алып, қосарлана қиналам. Біреудің Светадан теріс айналып кеткені де, не айыптай қараған сұқ көзі де жүрегіме қылқандай қадалады, кейде шап етіп ондайлардың бетінен алуға аз-ақ қалам. «Бұл әйелдің ерлігі, еңбегі кімнен кем? Қай сағатта, қай минутта ұсталарыңды білмей, қалың жаудың қақ ортасында осының істегенін істеуге қайсыңның жүрегің дауар еді?» деп шақылдап ұрысқым келеді.
Бізге келген соң көп ұзамай, майдың басында Света босанды. Байғұстың шеккен азабына орай тағдырдың рахымы түсті ме, толғағы менікіндей ауыр болған жоқ, оның үстіне күннің жылынған, лагеріміздің де жау шабуылынан саябыр тапқан кезі болатын. Светадан жасым кіші болса да бұрын босанып, оны — мұны біліп, көзқарақты болған менің де көмегім тиді.
Партизан өмірінде де кейде қолың босап қалатын тіпті зерігіп ішің пысатын мезгілдер де болады, тапсырмаға шығып, жортуылға қатыспайтын Света екеуміздің ондай уақыттарымыз көбірек: ондайда әңгіме шертеміз, өткен-кеткенді еске аламыз, баяғы өзіміздің полктың әйелдері есімізге түседі. Арада сонша ұзақ уақыт өтпесе де, солардың біразын ұмыта бастаппын, мына зобалаңы құрғыр ұмыттырмай қоя ма. Елизавета Сергеевна мен Алевтина Павловна бірге кетіп еді, байғұстар қазір қайда жүр екен. Ұрысқақ Муся қаза тапты ғой. Алевтина Павловнаның қолында баласы бар еді-ау, бір жерді паналап жан сақтаса жақсы ғой. Менен гөрі көзі қарақты, оң-солын біліңкірейтін Светаның да олардан хабары жоқ. Ираида Ивановна екі баласын жоғалтып, екі баласымен жолда қалып қойып еді. Мына сапырылысқан соғыстың ішінде қаңғалақтап бір жерде жүр ме екен? Олармен енді қайтып қауышуымыз екі талай. Света екеуміздің қайта ұшырасып, одан ерлерімізбен кездесуіміздің өзі таңғажайып нәрсе, бірақ бұл кездесу маған қайыр болғанымен, Светаға қайғы болды.
Айттым ғой, қасында қара демесең менің кісі қайғысына жұбаныш, медет болар септігім шамалы, Света өз қайғысын өзі арқалады да, соны қайыспай көтерді. Сонау сай бойында мылтық кезегеннен кейін ол Николаймен тілге келген емес. Әрине Николайдың да сөйлескісі жоқ, бірақ кім біледі, кездесіп қалғанда айыбын сезіп бұны түсініп, жалынышты кейпімен жаутаңдай қарап, бір ауыз жылы сөз дәметіп, тіл қатысудың амалын іздесе, еркек намысы қанағаттанып, көңілі жібіп, беті бері қарар ма еді, Света өйткен жоқ. Күйеуінен көңілін бірден үзіп тастады да, онымен арасында түк болмаған, жай таныс адамдай қаннен-қаперсіз жүре берді, Николайға сірә осы мінезі қаттырақ батты ғой деймін.
Біраздан кейін Светаның келгендегі мінезінің өзгеріп кеткенін аңғардым: босанғаннан кейін бір қатерден құтылып, көңілі орнына түсіп, денесі сергіді ме, әлде жан дүниесінде күшті өзгеріс болды ма, енді бастапқы жабырқау, бұйығы халінен серпіліп, зіл басқан еңсесін көтеріп алды. Баяғы жақсы күндердегісіндей жылы шырайлы, майда қоңыр нәзік мінезді Светам қайтып оралғандай қуанып едім, аңғарыңқырап байқасам бұрынғы балғындығы мен ұяңдығы жоқ, өз мінезіне өзегі қатайып өзгеріп оралған сияқты. Hұp ұялаған жұмсақ жүзі өткірленіп, өңіне қатқылдық кірген, ішкі пружинасын қаттырақ бұрағандай ширатылыпты.
Николайға көрсеткен мінезін өзгелерге де көрсететін болды. Байқамағансып кемсіткендерді бұ да байқамайды, айыптай қараған сұқ көздерге айылын да жимайды, тіпті елемейді; ондайда аналардың өздері қорланып қалады екен. Әдепкіде Светаның айыбын бөліп арқаласып, жүзім төмендеу болып жүрсе, енді досым үшін көңілім іріленіп, мен де марқайып еңсемді көтеріп алдым. Осының бәрін Света әдейі ерегіспен істесе, онда мінезі ерсі болып, өзі кішірейіп қалар еді, бірақ зорланбай өзінен өзі солай боп шығып жатқан соң, өзгелерден биіктеп іріленіп кетеді. Соны сезген төңірек те Светаға қырын көзқарасын қойып, беттері түзелді.
Босанып есін жиып, өзіне келгеннен кейін, тұрмыстың ауырлығына қарамастан Света қайтадан түрленіп, ажарланып кетті. Қаңсып жүрген сүр бойдақ партизандар емес пе, енді кейбіреулер бұл келіншекке тамсанып, ұрлана көз тастайтынды шығарды, бірақ одан әріге бата алмайды. Светаның басы бос та, бос емес те сияқты, сондықтан екі ұдай дүдәмалдықтан аттап өте алмай ма, олар да осы келіншектің өздеріне бөлегірек тұрған биіктігінен қаймыға ма, не де болса әйтеуір батып сөз айтпақ тұрсын, қысыр қалжыңмен барлау жасап, сүйкенушілер де болған жоқ. Оларды тежеген осы соңғысы шығар, болмаса безіп кеткен Николайға бола іркіле қоймайтын батыл жігіттер де баршылық қой. Және нәпсі дегенді соғыс елей бермейді, қайта таяу тұрған ажал оны өршітіп жібереді.
Бәрін ұмыттыратын да, барлық жараны жазатын да уақыт қой. Уақыт өткен сайын алғашқы айнудың уыты қайтып, әрқайсы сабасына түсіп, қимастық жеңін, Николай мен Светаның арасы қайтадан жақындасар ма екен, мүмкін тіпті табысар ма екен деген көңіл түкпірінде бұғып жатқан әлсіз үмітім болып еді, ол үмітім сөніп барады. Светаға осы ойымды білдіруге жарасын қасығандай ыңғайсыз көріп, бата алмаушы едім, ақыры шыдай алма тіл тартып көрдім.
— Шынымды айтсам әуелі менің де сондай ойым болып еді. Бірақ қазір енді... — деп Света іркіліп қалды.
— Неге? Николай сондай қатал жігіт емес қой. О да жібір.
— Оған күмәнім бар. Ол өзі тым намыскер. Бірақ өзімнің көңілім қалды.
— Көңілім қалдысы қалай? — деп таңырқап Светаның бетіне бажырая қараппын.
Света маған баланы мүсіркегендей жылы шыраймен сәл жымия қарап, бір күрсініп алды, дүниеде осындай көзқарас жаман, өзің алдыңдағы адамнан өреңнің төмендігін сезіп, кішірейіп қаласың.
— Сонда немене менің көңілім ешкімнен қалмауға тиіс пе? Ренжуге де хақым жоқ па?
— Әрине, енді... Бірақ Николайдың айыбы жоқ қой.
— Әрине, айыпты менмін. Менің өзімнен басқа ешкімге ренжуге қақым жоқ. Сонда астын бүлдіріп алған қаншық сияқты аяғына жығылып, етігін жалауым керек пе? — Адамға дөкір сөз айтып көрмеген сыпайы Светаның аузынан «қаншық» деген сөзді осымен екінші рет естідім. Екеуінде де өзгеге емес, өзіне ғана теліп айтты, бұ жолы да, сонау орман ішіндегідей беті безеріп кетті. Meн үрпиіп шошына қарап қалсам керек:
— Сен түсінбейсің ғой, Надя, — деп мүсіркегендей сәл езу тартты, безерген беттің жымиғаны да жаман болады екен.
Жоқ, Светаның ашынып айтқан бір ауыз сөзінен көп нәрсені түсініп қалдым. Бұрын байыбына жетіп ойламаппын, шынында да айыпты адам мен айыптаушы адамның арасында қандай теңдік болмақ. Бірі өмір бойы өзін қорсынып жүрсе, бірі кешіргенін бұлдап, жарылқағандай ерсініп жүрсе... сұғанақ көздерге сырты бүтін көрінгеннен басқа не пайда.
— Мұндайды бүтіндеу үшін өте күшті махаббат керек, — деді Света аздан кейін, көңілім басып ойлана сөйлеп. — Ондай махаббат менде жоқ. Егер ондай махаббат болса ақылыма әл бермей шашымды жұлдырып, еңіретіп аяғына жығар еді ғой. Ондай махаббат Николайда да жоқ болып шықты.
— Неге, Николайдың сен дегенде шығар жаны басқа емес пе еді? — дедім мен. — Тек әншейін намысы буып... еркек емес не? Болмаса ол сені әлі де жақсы көреді. Қимайды.
— Мүмкін. Бірақ нағыз махаббат намыстан да аттап өтеді.
— Еркек намысы деген оңай ма, ойбай-ау. Оның үстіне кілең жігіттердің арасында жүрген соң... Олардың кекесінді көзқарасының өзі намысын шабақтап болады ғой. Еркектің сыры белгілі ғой, ол тек содан қорқып жүр. Болмаса, құдай біледі, ол сені жақсы көреді. Соны менің ішім сезеді, — деп Светаға бар білген шынымды айттым.
— Оны да білемін, — деді Света байыппен. — Мен көп ойланғанмын. Сенімен орман ішінде ажырасқаннан бері мені не ойламады дейсің. Николай да сол ойлаған жерімнен шықты. Ойлап қарасам ол өзгелердікінен сұлу әдемі әйелді қолына түсіріп, соны жақсы көріп, иә, жақсы көріп, жұрттан қызғанып қызғыштай қорып жүрген адам екен. Енді сол аяныштысын ит жыртып кеткен соң іші күйіп өлердей болып жүр. — Светаның өңіне ащы мысқыл ойнап шыға келді. — Meн сұлу әйел емес — адаммын. Шын жақсы көрген адам ең алдымен, сол адамның қасіретін түсініп, қайғысын бөлісу керек емес пе?
Светаның мына сөзіне мен қатты тоқырап қалдым. Менен білікті ересек, оның үстіне қасіреті қатты толғантқан әйел... менің алдымнан бір терең шындық ашып отыр. Сол шындықтан мықтап ұстанғым келіп, ойыммен қарманам, бірақ қолыма ілікпей уысымнан шығып кете береді. Менің ана сүтімен бойыма сіңген ұғымымда әйел еркектің құдай қосқан қосағы, басыбайлы, өмір бойы еншісіне тиген адамы, басқа ұғым болады деп ойлаған да жоқ едім. Еркек бас, үйдің иесі, бала-шағаның иесі де сол. Қамқа әжем де «шапылдап еріңнің бетінен алушы болма» деп үйреткен. «Әйел теңдігі» деген де мен үшін, мен үшін ғана емес-ау, бүкіл қазақ әйелдері үшін, көңілі қалған адамына қосылудан әріге онша ұзап шыққан емес. Ал, өзім көрген орыс әйелдерінің теңдігі біздікінен молырақ болғанмен ерінің жалақысын қолына алу, ерлерімен бала бағу, жаялық жуу тәрізді үй-іші от басындағы жұмысты бөлісуден әріге бармайтын сияқты еді. Мына Светаның айтып отырғаны басқаша, ол тіпті еркектік, ұрғашылық шаруасынан да биігірек. Сонда ерлі-зайыпты адам қанды көйлек дос болған екі ер азамат сияқты терезесі тең... бірін-бірі сыйлайтын, түсінетін... қасіреті болса қақ бөлісетін... тоқта... тоқта... мына ойы түскірі мені қайда алып бара жатыр? Солда мен Қасымбекпен теңмін ден жүрсем кем болғаным ба? Бұрын ойламаппын-ау, енді ойласам ар жағы аңырайып ашылып барады. Ол үлкен, мен кіші жас жағын айтпаймын-ау, ол қамқоршы мен соның қамқорындағы пенде, ол күшті мен осал. Әрқашан да оның бір демі үстем, мен оның ығындамын. Тіпті бір ауылды аузына қаратқан Қамқа әжемнің өзі «еріңнің бетіне келме», «еріңнің сағын сындырма» деп үйреткен жоқ па; өзі үстем бола тұрып, еркектің үстемдігін о кісі құлағымызға сіңірген. «Әйел жолы жіңішке» — өзім ес білгелі бұл сөзге қарсы дау айтқан қазақ әйелін көрген емеспін. Әйел аяғын қия баспауға тиіс. Әрине қазақ әйелінің бәрі бірдей етегіне намаз оқып отырмаған шығар, бірақ ондайда іс насырға да шаба бермейтін, байлары қамшының астына алып, тарсылдатып сабап алады да бітісіп кете береді. Қатын қоя берген қазақ, кейін көбеймесе, әзірге азғантай. Дегенмен күйеуінің көзіне шөп салу масқара. Ал, ондай істі еркектер істесе, масқарасы тұрсын мақтаныш. Өзім көрген орыс әйелдерінің ішінде кейбіреулері «мен күйеуімнің опасыздығына төзе алмаймын» деп мақтана паш етіп, күйеулерінің аяғын қия бастырмай, әр қадамын аңдып әлек болатын. Аңдығаннан кейін-ақ адалдықта қандай қасиет қалатынын білмеймін.
Светаның осы бір сөзі менің кішкене миыма сыймай басымды шырдай қатырды. Бірақ қиын да болса еліктіріп әкетіп барады. Сол ойды қуалап келе жатып, адасып қалып, ауытқып кете берем. Дегенмен бір нәрсенің ұштығынан ұстаған сияқтымын. Әрине, бұл «мен тең болам» деп еріңнің әр қадамын, істеген ісін, сөзін өлшеп, есеппен теңесетін теңдік емес, бұл бірін-бірі жақсы көрген екі адамның ақыл ойының теңдігі, түсінісуі... Мәссаған, тек сонда ғана қалтқысыз, шындап сыйласуға болады екен-ау. Николай Светаны шынымен сүйіп, дос, жолдас жақын адам деп сыйласа, жұрттың кекесін мазағына бір түкіріп, тіпті қосылмаса да, оның қасіретін түсініп, білуге тырыспас па? Ал, Света болса, ішінен сезеді, сұқ көздерге, ішінен жегідей жеп жатқан жан жарасымен жалғыз алысып келе жатқан жоқ па? Тірі болса бұл азабы бүгінмен бітпейді ғой, сонда қасындағы жары қайда?
Meн бір ұзын сонар ойға түтіп кетіппін. Светаның бір рахаты, сенімен іштей сөйлесіп отырғандай ойыңды бөлмейді ғой, кенет ұйқыдан оянғандай басын көтеріп алып:
— Света, дұрыс айтасың. Дұрыс, — дегенде ол селт ете қалды.
— Нені? — деп таңырқай қарады да, менің ойымды түсініп, «а-а» деп езу тартты.
— Шын жақсы көрген адам... қасіретке түскен қосын жалғыз тастамау керек. Әйел мен еркек етек басқа да... былай терезесі тең дос, бір-біріне серік, сүйеніш болуы керек емес пе? Meн сені түсінемін, — дедім.
Светаның не түсінгенін білмеймін, жаман орысшаммен бытып-шатып жеткізгенім осы болды. Ар жағымда сайрап тұр, бірақ оны мен орысша түгіл қазақша айтып та жеткізе алатын емеспін, әйтеуір сонда да Света бір нәрсені ұқты-ау деймін.
— Бір-бірімізді түсінген сияқтымыз, — деді де сол жымиып езу тартты. — Орман ішінде бала емізіп отырған екі қатынның әңгімесі тым алыс философияға алып кетіпті ғой, — деп күлді содан кейін.
Светамен арамыздағы осы әңгіме мені біраз толғантса да, шынымды айтсам, Қасымбектен терезем тең, өріс-өрем деңгейлес, деген ой мені бұрын да онша мазаламайтын, кейін де көп толғанта қойған жоқ — мені қинағаны осы отрядта жүрген өзге жұртпен теңелу болды. Иманды болғыр Дуня апайдың үйінде балпиып жатып алғанда онша қиналмаушы едім, ал мына жаумен жағаласып жорықта жүрген адамдарға, он жерден командир әйелі болсаң да, салмақ салу тіпті ыңғайсыз екен. Әрине салмағың жалғыз күйеуіңе емес, көпке түсетіні белгілі, ондайда біреудің болмаса біреудің сұқ көзіне ілінесің. Дүниеде, өзгелерге масыл болып жұрттың сұқ көзіне іліккеннен асқан қорлық бар ма, осыны ішім сезіп, елегізіп, лагерьге келген күннің ертеңінен-ақ мына жұртқа масыл болмаудың амалын ойлап, жан-жағыма алақтап екі қолыма жұмыс іздедім.
Осындайда атам қазақтың айлакерлігінің бір пайдасы тиді. Босанған соң шуы кеппей жатып-ақ, белін түрме белбеумен тас қылып таңып алып, орнынан тұрып, малын сауып, қазан-ошағына қарап, шаруасына кірісіп кететін қазақтың әйелі емеспін бе, мен де бауырымда балам бар екен деп балпиып отырғаным жоқ, оның үстіне өмірдің өзі-ақ мені іске араластырмай қоймады. Үй-күйсіз, орман паналап жорықта жүрген еркектердің, бір мен емес, мен сияқты он шақты әйелге жетерлік тіршілік мұқтажы болады екен. Еркектер кір-қоңын өздері жуғанмен, жыртық, тесігін жамау қолдарынан келе бермейді. Күнде жорықта жер бауырлап еңбектеп, бұқпантайлап жүргенде шөгір мен шөңге, бұтаның тікенегі киімді қоя ма, қазан-ошақты былай қойғанда, осы әркімнің жыртық, тесігін жамаудың өзі бір басымнан асып жатыр. Және партизан өмірінде қат емес нәрсе жоқ, көбіне тігетін машина жіп те болмай қалады, мұндайда да сол қазекемнің мұқтаждық үйреткен жоқты бар қылатын өнерінің пайдасы тиді; бір жапырақ шүберек болса соны суыртпақтап, ширатып жіп жасап алып тіге беремін.
Әуелгі кезде, командирдің әйелі, оның үстіне жөргекте баласы бар, деп партизандар маған ұсақ-түйек жұмысын айтуға бата алмаушы еді, бірақ бір кемедегі сияқты жорықтағы өмір де үлкен мен кішінің айырмасын азайтып, адамдардың арасын жақындастырып жібереді екен, партизандар маған да тез үйреніп алып, еркектердің ебедейсіз қолынан келмейтін істерін іркілмей әкелетін болған. Ондайда, рахмет жауғырлар, «ой, Надя, сен болмасаң біздің күніміз не болмақ», «сен болмасаң қолымыз кесіліп қалғандай» деп қолпаштап, жарым көңілімді марқайтып кетеді.
Әсіресе бір бағамның көтерілген жері болды. Партизандар ашыққан кезде біреу ғайыптан бір қап бидайды қолға түсіріп лагерьге алып келіпті. Алғашқыда қуанып қалған партизандар, орман ішінде оны тартатын диірмен жоқ, неғыларын білмей қатты састы. Біреулер «қайнатып жесек қайтер екен» деп дағдарып, шыдамағандары шикі бидайды шымшып ауыздарына салып талмап жатыр.
«Диірменнің де, қайнатудың да керегі жоқ, қазір пісіріп берем» дедім де, таяқтың басына шүберек орап былғауыш жасап алып, бидайды қуырып жібердім. Быртиып, қызара бөрткен ыстық бидайды күрт-күрт шайнап жұрт мәре-сәре болды да қалды. «Ой, мынау не деген тәтті» деп маған алғысты жаудырып жатыр. «Как у тебя здорово получается? Бізге де үйретші» деп жалынады.
Өстіп, баламды көтеріп жүріп-ақ партизандарға кәдімгідей сіңісіп алдым, өзімнің орным, істейтін толып жатқан шаруам бар, қажеті келіп қалғанда «Надя қайда?» деп іздеп жатады. Тек қоныс ауыстырғанда, немесе лагерьге дұшпан төтеннен шабуыл жасаған кездерде ғана өзгелерге ауыртпалығым түседі, бірақ біздің партизандар оған да үйреніп алған. Талайды көрген солдаттардан естуіме қарағанда — майдандағылардың да бәрі бірдей жаумен бетпе-бет соғыспайды екен, біразы штабта, обозда, тылда сол соғысқандардың жабдығымен жүретін көрінеді. Соған қарап, тікелей соғыспасам да сол соғысқандарға қолғабысым тиетінін көріп масылдық сезімнен айыққанмын.
Жоғалып кетіп Қасымбекпен қайта қосылған өмірім оқып келе жатқан кітаптың жыртылып қалған біраз бетін амалсыз аттап өтіп ар жағынан жалғаған сияқты болды ма қалай, әйтеуір әдепкіде үзіліп қалған, жетпей тұрған бір нәрсесі болды. Үш-ақ ай отасқан жас келіншек пен жас күйеу, қызығы басылмай жатып бір-бірінен айрылып қалып, енді келіп, аяқ астынан баласы бар, үйлі-баранды ерлі-зайыптар болып табыстық. Осы бір хәліміз екеумізге де тосындау көрініп, оның үстіне аздап жатырқасып та қалған екенбіз; соны білдіртпеу үшін, алғашқы күндері бір-бірімізге артығырақ ықылас көрсетіп, орынсыз елпектейтінімізді де байқадым. Күйеуіме деген бұрынғы жақындығым, ол жайлы бұрынғы білген-түйгенім өзгеріп кеткен бе, әлде екеуміз де өзгеріп кеткенбіз бе, әйтеуір бір-бірімізді қайтадан танып келе жатқан сияқты болдық.
Екеуміз қайтадан ұшырасқаннан кейін ортамызда бала тұрды. Сәбидің алғашқы қызыл шақа шарана кезінде, Қасымбек балаға онша ықыласты болмады, менің көңілім үшін баланың бетіне қарап кішт-кішттеп ыржиғанмен, ар жағында осы бір ғайыптан пайда болған қызыл шақаны іштей жатырқап тұрғанын сезетінмін. Содан кейінірек сәби адам бейнесіне кіріп, бет-бедері айқындалып, бетіңе қарай ыржиятынды шығарғанда Қасымбек тіпті өзгеріп кетті. Баласын қолына алып, сілкілеп күлдіріп, соның езу тартқанына мәз болып, «көрдің бе, көрдің бе?» деп мені жұлқылап, қуанышқа кенеліп қалатын болды. Әсіресе, алғашқы кезде қолы босап кетсе-ақ баласымен әуре, жас сәби күн өткен сайын тосын бір мінезі мен қылығын танытып отырады ғой, Қасымбек соның әр қылығын өзі ғана көріп, шешесі көрмей қалатындай «мынаң қарашы, қарашы» деп менің мазамды алады, «көргенмін, білемін» деп қайрылмасам кәдімгідей ренжіп қалады. Әрине, көбіне екеуміз баланы бірге қызықтап, қосыла мәз боламыз. Қасымбек мені сүймей, баласын аймалай береді деген қызғаныш жоқ кеудемде, оның баласына деген ықылас-мейірімі менің де ішімді жылытып қоя береді. Күйеуім қазекеңнің көп еркегі сияқты, кәдімгі балажан болып шықты. Абзалы, балажан еркекті әйелі де жек көрмейді ғой.
Кішкентай Дулатжан ата-анасына ғана емес, белгісіз түзде жортып отбасы ошағының жылуын аңсап жүрген еркектерге де жақсы ермек болып алды. Өтіп бара жатқан біреуі қайрылмай, оны еркелетпей кетпейді, кішкене сәбиді көргенде партизандардың түзде тотыққан суық жүздері жылып қоя береді. Ылғи кісі өлтіріп, өздері де сағат сайын ажал тосып, ыстық пен суыққа, жақсылық пен жамандыққа қатып алған сұсты еркектердің сауыстанып кеткен жүректеріне, кішкентай қорғансыз сәби бір тамшы жылу тамызып еткізеді. Байқаймын, сын сағаттарда қанша ауыртпалық — әлегі болса да, мына қарғыс атқыр, мұздай суық, сұрқай өмірдің ортасында жылтыраған кішкентай нәзік шырақ... бәрінің көзін тартып көкіректерінде мейірім отын тұтататын сияқты. Қолы босап кеткендері-ақ Дулатпен әлек болып, оны секіртіп, атқылап қағып алып, баладан бетер өздері мәз болып жатқанын көрем.
Қасымбек жұрт көзінше, төңіректей беруге ұялғанмен баласын сүюге ұялмайды. Енді ол маған деген ішкі сезімін тікелей білдіруге қысылып, осы бала арқылы жеткізіп жататын сияқты, не де болса, әйтеуір екеуміздің ықылас-пейіліміз осы кішкентай нәрестенің балғын тәнінің үстінде түйіседі. Бұл бала екеуміздің жақындығымызға бұрынғыдан басқаша, бөлекше бір сипат мағына берді; әлі сыр мінез болып, сырына қанықпаған, жаңа ғана үйренісіп келе жатқанда соғыс ажыратып, жатырқатып тастаған екі жастың арасын бірден жалғастырып, бір ұя қылып, кіндігін біріктіріп жіберіп еді. Сөйтіп, аяқ астынан үй болып кеттік те, бір-біріміздің артық-кемдігімізді, жақсы-жамандығымызды, бір-бірімізге деген ықыласымыздың да көп-аздығын ойлауға пұрсатымыз болмаған. Оны және ойлатпайтын да нәрсе бар: ол соғыста жүрген адам өмірінің баянсыздығы. Күдерімді үзген кезде күйеуім ғайыптан кездесіп еді, бір күні ғайыптан жоқ болатын сияқты көрінеді де тұрады. Осы бір берекемді қашырған жылымшы күдіктің өткір уытын уақыт қайтарған сияқты еді — ол құрғыр үшті-күйлі жоғалып кетпесе де, жанымды онша қинамай жарымайтын да жазылмайтын сыздауық сияқты бір бүйірімде тыныш қана жатып алған-ды. Жүрегі түскірдің қатерді күні ілгері сезетін пәлесі бар ма, уақыты жеткенде мүлгіп жатқан күдігім оянып, жарылмаған жарам сыздап қоя берді.
Биыл жазда партизан өмірінде кездесе бермейтін бір тамаша отырыс болып еді. Тапсырмаға кеткен бір топ қолдарына біраз тамақ та, арақ та іліктіріп, олжалы қайтқан екен. Азықтың тапшы кезінде қытымырлық жасамаса бола ма, Қасымбек азық-түлікті есепке алып, шашау шығармай, тығып тастап, ішімдікті де ешкімге татырмай отырғанда Носовец келе қалды. Әншейінде салмақты, сабасынан шықпайтын мығым кісі осы жылы ішіне сыймай баратқан бір нәрсесі бардай сабырсыздау көрінді. Сөзі де жылдамырақ, даусы да қаттырақ шығады, «мұның бәрі әншейін, сендер білмейсіңдер, үлкен нәрсе алда» дегендей тапсырманың орындалуын да бұрынғыдай тәптіштеп сұраған жоқ, Абанның қызына баяндап жатқан сөзін сабырсыздау тыңдады. Содан кейін:
— Өте жақсы. Бірақ үлкен іс енді келе жатыр, жігіттер. Орел мен Курск түбінде біздің әскер жауды талқандап үлкен шабуылға шықты. Бұл үлкен жеңіс. Ал, жолдас Еділбаев, қолға түскен олжаңды ортаға сал. Жеңісті тойлаймыз бүгін, — деді.
Іштеріндегі ең үлкен және қатал да салмақты кісінің көтеріңкі көңіл күйі өзге жұртты тіпті қыздырып жіберді. Партизандар бір — бірін жеңіспен құттықтап, дабырлаған қуанышты дауыс орман ішін басына көтеріп, кәдімгі бір дырду басталып кетті, кейбіреулері уралап айқайлап та жатыр. Жұрт қызыл әскер тура қасымызға келіп қалғандай қуанды, ешкімнің ертеңгі күнді ойлағысы келетін емес, олжадан келген азғана азық-түлік мен арақ-шарап ортаға түсті. «Жеңіс үшін!», «Жауды құрту үшін!» алғашқы стакан, кружкалар құтылып кетті. Әншейінде шиыршық атып ширығып, қабағы ашылмай жүретін солайдың да осы жолы тығыны ағытылып кетті. Сырлы кружкадағы арақты қылқылдатып көтеріп тастады да, жұдырығының сыртымен аузын сүртіп, жұрттан ұялмай екі саусағының арасында бас бармағын шығарын екі танауын кезек иіскетті де:
— Раз пошла такая иьямка, режь последний огурец, — деп қалды.
Біреулер қарқылдап күліп, жұрт мәз болып жатыр. Менің бір байқағаным, соғыстағы адамдар аз нәрсеге қуаныш, жоқ нәрсеге күліп мәз болысып жатады; бұ да бір іш құсаға алдырмаудың, адамның ақылы емес, соқыр сезімі тапқан амалы болу керек. Жаздың жайлы кешінде көк майсаның үстінде жұрт дөңгелене отырғанды, кейбіреулері шынтақтап жатқан-ды, бірақ қыза келе көбі орындарынан тұрып кетті.
Света екеуміз кенеп қапшықты сілкіп-сілкіп, дастарқан қылып жайып соның үстіне ас дайындап жүрміз. Қайнатып, пісіріп жатқан ешнәрсеміз жоқ, бірақ немістерден түскен нан, сүр май, колбасаларды турап, қарық қылып тастадық. Партизандар ішіп те, жеп те жатыр.
— Эх, шіркін өзіміздің орыстың арағы болар ма еді! — деп арман қылады біреулері, сіміріп тастап кружканы жерге қойып жатып.
— Арақты айтасың, самогон болса де, шіркін. Немістің арағы мейіріңді қандырмайды.
— Мына құрғыр кісіні ала алмай жатыр. Шайынды ішкендей әншейін.
Әйтсе де, немістің арағы да осыларды «алды-ау» деймін, гүжілдеген жұрт енді әнге басты. Ішу жағына келгенде біздің Абан да орыстардан қалысатын емес, әншейінде дабырлақ жігіт тіпті даңғырлап кетті.
— Жеңіс үшін! Енді Нәзираны елге қайтаратын кезіміз жақындап қалды. Менің жеңгемнің елге аман-сау жетуі үшін! — деп, көптің гүжілін басып, айқайлай тост көтереді, енді бір-екі ұрттағаннан кейін мені ауылға да жеткізіп салатын түрі бар.
Арақ ішпесем де жұрттың буына кәдімгідей қызып қалған түрім бар, ауылға жетпесем де жарты жолда бара жатқандай, уайым-қайғыны ұмытып, дүниеге нұр жүгіріп арқа басым кеңіп барады. Әдетте қатқыл өңі сирек, өзім қаймыға беретін Носовецтің жағасы жайлау дархан болып алған.
— Құйсаң құйшы. Партизанға күнде той бола бермес, — деп, кәдімгідей ыржиып кружкасын тоса береді.
Қасымбектің алдында отырған Дулаттың қолтығынан түрткілеп, қытығын келтіріп, күлдіреді. Содан екі саусағын ашалай шошайтып: «мүйізді теке, мүйізін шошайтып, сүзеді сені...» деп баланы үркітіп ойнатып өзі де мәз болады. Кенет күлкісін тыйып:
— Біздің орнымызды басатын осылар, — деп үлкен бір ой айтып тастады. — Жорықта туып, шынығып өскен нағыз мықты солдат осы болады, — деп мақтап Дулаттың арқасынан қағып қойды. — Солай ма, жігітім?
Жұрттың бәрі көңілді. Ең аяғы Кузьмич дейтін ақшұнақ шал да көңілденіп алыпты, өңі жылтырап, әркімнің бетіне жымия қарап рахаттанып отыр. Осы бір ат жақты, жұқа кең танауы делдиген пісте мұрынды кішкене шал біздің отрядқа биыл көктемде келген. Сақал — шашы мамықтай аппақ, жұрт оны «Кузьмич» десе де, мен өзімше «Ақшұнақ шал» деп атап кеткем. Менің осы жұртқа, сыртыма шығарып айтпайтын, іштей қойып алған аттарым болады. Өзі баяғы лагерьге жау тигенде мені ат шанамен алып қашатын, кейін менің көз алдымда қаза тапқан Саша деген жігіттің әкесі екен. Баласы қаза болғасын үйінде отыра алмай, «баламның орнын басамын» деп біздің отрядқа келген. Содан обозда, көбіне екеуміз бірге боламыз. Басында «қолыма қару алып, жұртпен бірге соғысамын» деп қиғылық салып еді, Қасымбек:
— Отағасы, обоз да соғыс, — деп тыйып тастаған.
— Әрине, обозсыз соғыс болмайды ғой... Бірақ баламның кегін өз қолыммен қайтарсам деп едім... — деп шал қинала тұрып тәртіпке бағынған.
Баласының көз жұмған сәтінде қасында болғаным үшін бе, өзі мені кәдімгідей іш тартып жақсы көріп кеткен, ылғи «қызым» деп сөйлейді, Дулатты да еркелетіп, ермек қылып алды, оны «немерем» дейді. Онша көп сөзді кісі емес, баласының қаза тапқан жағдайын да, мен бір айтқан соң, қайталап сұрамады. Өзі бір шаруаға мұқият адам екен, «қызым, әжетке жарамайтын нәрсе болмайды» деп сабақты жіпті жолда қалдырмайды. Терісі жұқа беті де қызғылт, көзі де тамырланып қызарып жасаурап тұрады, содан ба, өңінде жаңа ғана жылап басылғандай қасіреттің ізі бар. Бір кружканы тастап алды ма, білмеймін, байқамай қалдым, қазір бетіне әдемі қызғылт нұр жүгіріп, жасаураған көзі жылтырап, осы жұрттың бәрін жақсы көргендей, сүйсіне қарап, жымиып отыр, осындай бір өңінің жылтыраған кезін Дулатты еркелеткенде байқап қалушы едім.
Арақ ішпесе де, Светаның да көңіл күйі жаман емес, жұртқа қабағын ашып, жайдары қарайды. Николайдан да жүзін тайдырмайды. Жалпы Света, Николаймен кездесуге құштар болмаса да, кездесіп қалған жерде қашқақтамайды, қысылып, қипақтап, тезірек кетіп қалуға тырыспайды; Николай ол үшін осы көптің бірі ғана сияқты. Өз басыма түссе қолымнан келмейтін Светаның осы іштей ірілігіне қызығамын. Николай әрине, бұрынғы әйелінің ол мінезіне онша қызықпайтын болар, өйткені ондай кездесулерде Света қысылмайды, ол қысылады-іштей булығып, сіресіп ширыға береді. Қазір де байқаймын, Светаның осында қаннен-қаперсіз бірге отыруы-шиыршық атқан жігіттің ішкі пружинасының екі-үш бұрамын артық бұрап жіберген сияқты, даусы да, күлкісі де қаттырақ шығады. Света жаққа қарамауға қанша тырысқанымен көзінің қиығы түсе береді, а-ай, қанша тыраштағанмен Николай Светаны қимайтын сияқты. Осындай жұртты түгел жадыратқан жақсы кеште екеуі өкпелерін қиып табысып кетпес пе екен, деген алдамшы үміт жылт ете қалады кеудемде. Күйеуім де өзіме тартқан ғой деймін, әзірге біріміз Николайға, біріміз Светаға ақыл айтып екеуін иліктіріп жанастыру қолымыздан келмей-ақ қойды.
Партизандар қосылып «Катюшаны» шырқайды. Сонау Батыс Белоруссияда, әдемі усадьбаның ішінде, полк командирлерінің әйелдерімен бірге тұрған бейбіт кезім, жаңа түскен жас келіншек кезім көз алдыма келіп тұра қалды. Осы әнді алғаш рет сонда, әйелдердің бас қосқан отырысында естігенмін. О да бір заман еді-ау. Күні кеше ғана сияқты еді, одан бері...
Әнге Николай да қосылған, әсіресе «Пусть он землю бережет родную, а любовь Катюша сбережет» деп қайталап айтатын жеріне келгенде, өзге жұрттан қаттырақ шыңғырып айтады.
Осы бір жұрттың бәрін жарқыратып, арқа басын жазып тастаған жақсы кеште сол бір жаман сезімнің қайдан келгенін өзім де білмей қалдым. Жаздың ұзақ күні еңкейіп, ұясына жақындап қалған, жұрттың хормен айтқан дауыстары бет-бетіне бытырап берекесі қаша бастаған соң, «қазақша бір ән салып бер» деп Носовец маған жармасқан, «кәне, Надя» деп көпшілік те оны қостай жөнелген. Мен қапелімде не айтарымды білмей қысылып, ойланып қалып едім: құлағыма шырылдаған Парашканың даусы келді. Иә, иә, кәдімгідей естідім. Өзге жұртты білмеймін, өзім анық естідім. Өңім бұзылып сұлқ түсіп кетсем керек, кеукеулеген көп іркіліп қалды. Жолың болғыр Абан «әуелі мен айтып берейін» деп, таяқты домбыра қылып сабалап, бір әнге басып кетті. Мен оның не айтып жатқанын тіпті білгенім де жоқ, Абанның жуан даусының арасынан, бәкімен тіліп өткендей шырылдап құлағыма Парашканың даусы келеді, даусына ілесе күлім көзі дөңгеленіп, томпақ беті жылтырап өзі де көрінді... Енді бір сәт: жарқабақтың басында шешесінің мойнынан құшақтап алып, сәби көзіне үрей кіріп, шошынып: «ағатайлар, өлтірмеңдер. Ән салып берем...» — деп шырқырағаны...
Тіпті жаман болып кеттім.
Кейде көп ойлаймын, біраз байқағаным да бар: кілең ажалдың ішінде жүрген кісі әрбір өлген адамға таусыла қайғырып, діңкесін құртып жатпайды; әйтсе оқ астында өмір сүре алмас еді. Адам қайғырмайын да демейді, бірақ жүрек деген шіркіннің өзі көтере алмайтын қасіретті ішіне жібермей, жан сақтау үшін қымтанып алатын қабығы бар ма қалай. Мен де әрбір ажалға сарқылып қайғыра бермеймін, менің жүрегім де жанымды қинай бермей қымтанып алады. Бірақ менің жүрегімнің сол қабығының жыртық-тесігі көп-ау деймін, кейде осындай оқиғалар кіріп кетіп, біз сұғып алғандай жанымды шығарады.
Қанша ойламайын десем де кішкентай әнші Парашка, ебін тауып маған бір соқпай кетпейді. Сонау жарқабақтың басына шыққанға дейін бұл дүниеде ажал барын білмеген ақ періште, оның адам баласынан жауы болмайтын. Сәбидің өзі көрген адам атаулы, ең аяғы үйіне түскен неміс солдаттары да, оның әні мен мінезін қызықтап, әлпештеп, еркелетуді ғана білетін. Мылтық кезеген бір сәтке ғана шошынып сәбидің аппақ ақылы жамандық дегеннің не екенін түсіне алмай кетті. «Ой, мама, больно...» оқ тигенде барып тән ауырғанын сезді. Мынау ызғар тепкен қатал дүниеде жылтыраған бір шырақ өшті.
Көзім, ақшұнақ шал Кузьмичке түсті. Өзі, сағаттап отырса да, бір қалпынан өзгермейтін адам, сол жымиған күйі өзгелерге қарап отыр. Көптің көңіл күйіне ғана емес, әннің ырғағына да беріліп баяу ырғалып, ақ, ұлпа сақалын шұлғып қояды, жұқа жүзі қызара бөртіп алған. Кенет... самайынан бұрқ ете қалған қызыл қан сақалын жуып кетті. Көзімнің алды бұлдырайды. Неміс солдаты аяғынан сүйрей жөнелгенде, басы қайрылып, сақалылымен қар күреп барады. Кузьмичтің көз алдымда бұлдырап кеткен бет жүзі қайтадан айқындалып келеді. Жасаған-ау, сол жар басында көппен бірге атылған ақ сақалды шалдан аумайды екен. О да осындай аласа бойлы, ұлпа ақ сақалды... мойны қайырылып... сақалымен қар күреп...
Кузьмич маған өлік сияқты елестеп кетті. Иә, қазір тірі, тіпті жымиып отырғанмен ертең... бүрсігүні... көңілім құлазып барады. Мына мәз болып ән салып, билеп жүрген жігіттер... анау ұясына кіріп бара жатқан күннің өміріндей ғана өмірі қалды ма екен бұлардың? Шыққыр көзім көріп келе жатыр: ертең бір соғыста осылардың көбі-ақ жансыз дене болып сұлап жатады. Қасымбекке көзім түсіп кеткенде жүрегім зу етіп, мұздап қоя берді. Баяғы орман ішінде қырылған солдаттарды жерлеп жатқанда беті қарауытып талақ болып ісініп кеткен бір өлік... соны Қасымбекке ұқсатып шошып кетіп едім, енді сол келіп көз алдыма тұра қалды...
Көзім қарауытып басым айналып кетті, құдай оңдап, қызып алған жұрт менің хал-жағдайымды байқаған жоқ. Еңсем түсіп, қаншама езіліп отырғанымды білмеймін, есімді әзер жинадым, бірақ осы бір жаман сезімнен айығып кете алмадым.
Мен бұл сезімнен кейін де біржола айығып кете алғаным жоқ. Әсіресе Қасымбек жайлы. Әрине, соғыста жүрген адамның бәрі неғайбіл ғой, бұрын да қорқыныш күдігім болатын, бірақ қарсы алдымда тірі отырған күйеуімнің өлік болып елестегені... Айдың-күннің аманында сап ете қалған осы жаман елес... жаман ырымды жақсылыққа жори алмай жүргенімде шын шошынатын кезім алда екен.
13
Сол күнгі мәжілісте көппен бірге қызынып, жұртпен қосылып ән салып, би билемесе де, билегендерге қолын шапаттап, дауысын көтере қошаметтеп, ішімдіктен де есесін жібермей балаша мәз болған Носовецті танымай қалып едім, күн бата жұрт дуылдаңқырап кеткенде барып қайта таныдым. Ол лекілдеген көңіл күйін пышақ кескендей тыйып, жеңілдеп кеткен денесіне қорғасын құйып алғандай салмақтанып, мен білетін Носовецтің өзі болып шыға келді. Манадан бергі ішкенінің қайда кетіп қалғанын құдай білсін, «сөйлесетін үлкен шаруа бар» деп Қасымбек пен Николайды оңашалап алып кетті. Дуылдаған жұрттан оқшау шығып, өздері оңаша кеңес құрып алды. Содан тойға қайтып оралып:
— Ал, жігіттер, ойнадық, күлдік, болды. Соғыс әлі біткен жоқ. Қазір жата қалып, дем алыңдар, — деп, әлі де і біраз гуілдесетін ойы бар партизандарды таратып жіберді.
Ішіп алған еркектің жайы белгілі емес пе, жұрт риза болмай ренжіп, күңкілдеп, бірақ амалы жоқ тарай бастады. Абан қипақтап Носовецтің қасына келіп:
— Кішкене отыра тұрсақ қайтеді, Степан Петрович? — деп еді.
— Мен сені отырғызармын... — деп зілсіз зекіп тастады. — Бүйтіп іше берсек жеңісімізді де ішіп қоярмыз. Бар дем ал, түн ортасында күзетке барасың.
Қызулықтың өзі бас қосқанда бола ма қалай, енді кежірленіп, аяқтарын әзер басып, зорлық күшімен тарап баратқан жұрттық мастығы да тарап кеткен сияқты. Носовец дастарқанды жинастырып жүрген Света екеуміздің қасымызға келді.
— Иә, Смуглянка, демалып, аздап есіңді жинадың ба? — деді ол Светаға қадала қарап.
Көз байланып қалған кез еді, жүзін аның көре алмадым, бірақ кеудеңнің ішіндегі пәлені көргісі келгендей кішілеу көк көзін өңменіңнен өткізе қадайтын әдеті болатын, сол кескіні болар деп топшыладым. Жайбарақат қысыр сұрақтың ар жағында Носовецтің басқа бір шаруасы жатқанын сезіп Света да үнсіз күтіп қалды.
— Несі бар, дем алып болсаң, іске кірісетін де уақыт жетті. Дайындала бер, мән-жағдайды ертең сөйлесерміз, — деп, қоштасқаны болар, Светаның иығына қолын салды да, бұрылып кетті.
Дулатымды ұйықтатып, ірге жаққа салып, күркенің ішінде жатып қалып едім, әлденеден ұйқым қашып, әлгіндегі жаман елестер мен жаман сезім, қанша ұмытайын десем де, ерегіскендей оралып соғып мазамды ала бергені. Әлден уақытта күркеге бүкшеңдеп Қасымбек кірді. Қараңғыда мені басып кетермін дегені болар, қолымен жер сипалап, пысылдап демалып, еңбектеп келеді. Есіктің саңлауынан көріп жатырмын, қос тізерлеп шарта жүгініп отырған күйі белбеуін ағытып, гимнастеркасын басынан сыпырып шешіп жатыр. Содан жайғасып отырып, пысылдап етігін де шешті, түнгі күзетті тексеруді басқа біреуге тапсырып жайғасып жатайын дегені болар. Жамбастап жата беріп, маған қарай қолын созғанда салқын саусағы бетіме тиіп кетіп селк ете қалдым.
— Ұйықтап қалған екенсің ғой. Шошытып алдым ба, — деді Қасымбек.
Маған ұйқы қайда, көріп жатып неге шошығанымды өзім де білмей қалдым. Жаңағы бір құрғыр әсер — Қасымбектің саусағы өліктің саусағындай бетіме мұп-мұздай болып тиді. Бір түрлі өзіме өзім келе алмай, күйеуімнің сөзіне де жayaп бермей үнсіз жатырмын. Қасымбек менің хәлімді аңғармай, өзінің әңгімесін айтып кетті: енді темір жолды. көпірлерді бұзуға, жаудың эшелондарын қиратуға бұйрық келіпті. Шамасы қызыл әскер үлкен шабуылға шығатын болар, жаудың артынан қару-жарақ, әскер келетін жолын қиып тастау керек, — дейді, өзі кішкене қызып алған, маған бәрін тәптіштеп айтып жатыр.
— Ертең тапсырмаға шығамыз. Бірінші топты өзің бастап бар, — деді Носовец.
Әлденеге жүрегім мұздап қоя берді.
— Қауіпті емес пе? — деп сұрадым жұлып алғандай.
Қасымбек өзі көңілді, күліп жіберді.
— Бүгін көрген қоқай деп пе едің. Әрине енді, тапсырманың аты тапсырма ғой. Қауіп-қатерсіз бола ма. Тәуекел қыл да тас жұт деген. Талай тапсырманы орындап жүрміз ғой, — деп менің жауырынымнан құшақтады.
Білмеймін, не пәле болғанын, әйтеуір көңілім бір орнына түспей-ақ қойды, күйеуім менің илікпеген денемді қос қолымен құшақтап өзіне қарай тартып алды. Аузынан арақ исі шығады. Ал, менің хәлім... Аңқау Қасымбек ар жағында қалтқысы жоқ, ертеңгі қауіпті ойламайды. Ертең өзім көріп жүрген көп өліктің бірі болып сұлап жатса... Апырау, мен не боп кеттім, шошынып қалған жүрегім қашан орнына түседі құрғыр. Қасымбек мені қаттырақ қысып алып, бетімнен, көзімнен сүйіп жатыр, демі де жиілеп, құшырланып барады. Екеуміз қайта кездескелі жыл жарымнан асты ғой, өмірдің қанша қауіп-қатер қиыншылығы болғанмен ерлі-зайыпты екі жас қарап жүре алушы ма еді, тағы да менің аяғымды ауырлатып аламыз ба деп қорықсақ та, амалдап есебін табушы едік, осы жолы мен Қасымбекке жіби алмадым. Бұрын осындайда құштарлығымды әзер тежеуші едім, қазір екеуміздің арамыздан мұздай бір сызық тартып қойғандай тәнім жиырыла берді.
Бір кезде өн бойымды дір еткізіп бір жаман сезім қарып өтті: астапыр-аллау, екеуміздің арамызға, баяғы Қасымбекке ұқсас өліктің елесі кіріп кетіпті.
Қараңғыда мазаңды алған үрей-сезімдер жарқырап күннің көзі шыққанда ертеңгі тұмандай ыдырап кететіні бар ғой — таң ата көппен бірге үйреншікті тіршілікке кіріскен соң алаң болып біраз сергіп қалған сияқты едім. Қасымбектен ертерек оянып шай-суымды қамдадым. Қазақша, сүт құйып күрең шай ішетін заман қайда, әйтеуір ішіңе ыстық барсын деген далбаса ғой. Шайдың орнына ұсақтап турап, кәдімгі сәбізді қайнатамын, әрине сәбіз шай болып жарытсын ба, бірақ әйтеуір күреңітіп қара судың түсін өзгертеді, аз да болса дәмі бар. Кешегі тойдан Света екеуміздің жымқырып қалған нәрселеріміз де жоқ емес-ті, соның шетінен шымшып шығарып ертеңгі асымызды іштік. Абзалы, Света екеуміздің партизандардың там-тұмдаған болымсыз қорегінен кішкене бір нәрсені қымқырып қалғанымызды сезсе де, жұрт оған ренжімейтін, қайта өз қолдарындағы тойғызбай, тек қоңқылдата беретін кішкентай несібесінен бір үзімін ауыстыруға тырысатын. Әсіресе Кузьмич шал, соның нені қорек қылатынын білмеймін, әйтеуір қолында бір нәрсесі болса екі баланың аузына тосады.
Бергенін ішім жақсы көріп бара жатса да:
— Оныңыз не? Өзіңіз жесеңізші, тіпті тамақ ішпейсіз, — деп кейіген болам.
— Сәби жесін, қызым. Сәбиге қорек керек. Маған еш нәрсе етпейді. Кәрі адамның жұтқан тынысы да тамақ, — дейтін.
Түс қайта Қасымбек жолға қамданды. Үлкендігі кір сабындай, түрі сары шақпақ тастарды санап, қапшықтарына салып жатыр, бұрын да көргенім бар — мұның атын тол дейді, кәдімгі жарылатын дәрі. Осы шақпақтармен темір жолдың көпірін бұзып, эшелонды қиратуы керек, соған қарағанда күші жойқын бір пәле болар. Қасымбек тәптіштеп санап тық-тық еткізіп бірінің үстіне бірін қойып жатқанда, осы құрғыр жарылып кетер ме екен деп қыпылықтап болдым. Абан Қасымбекпен бірге барғысы келіп сұранып еді, күйеуім оның бетін қайтарып тастады. Абанды неге ренжіте беретінін білмеймін, реті келген жерде, оны өзіне ертпей қалдырып кетуге тырысады.
Кешке қарай Қасымбек, қасына екі ғана партизан ертіп тапсырмаға кетті. Бұрқ ете қалса тау қопарып тастайтын алапат дәріні кішкене қапшықтарына сықап арқаларына таңып алған, сәті түсіп көпірді бұзып, эшолонды қиратып қайта ма, әлде арқалаған дәрілерін бір жерде жарып алып...
Сол түні мен ұйықтай алмадым; қанша ұйықтайын деп көзімді жұмып, қыбыр етпей жатсам да ұйқым келмеді, әлденеге көңілім құлази береді. Көзімді тарс жұмып алсам да, жарылғыш дәрі арқалап, қараңғыда кетіп баратқан адамдардың қарауытқан көлеңкелерін көрем де еріксіз аунап түсем. Тақа болмаған соң, ұйықтап жатқан Дулатымды бауырыма қысып, мойнынан, тамағынан құшырлана иіскеймін. Жас сәбидің тәтті исі тұла бойымды түшіркендіріп, көңіл алаңымды басса да, ұйқым келетін емес. Бір бүгін емес, бұрын да Қасымбек түнделетіп талай тапсырмаға барып жүретін, онда да елегізіп, қобалжушы едім, бірақ бүгінгі мазасыздығым бөлек. Адамның бойына сіңіп қалған жаман иістей кешегі жаман сезім көңілімді жайлап алған. Сол бір бет-бедері ісініп, ескіріп кеткен өліктің елесі Қасымбекке ұқсап та, ұқсамай да, кейде тіпті тура өзі болып, көз алдыма келе береді. Осы елестен арылу үшін Дулатымды бауырыма қысып көзімді тарс жұмып алам. Сөйтіп, өрелі таңды көзіммен атқыздым.
Түндегі ыстық-суығымен бірдей қарып қалтыратқан үрейім күндіз үлкен уайымға айналды. Қасымбектер оралған жоқ. Менің хал-жағдайымды сезеді ғой, Абан байғұс та бір-екі рет келіп, әңгімеге айналдырып алаң қылып кетті. Сөз арасында «Қасекеңдер түнге қарай оралар, тапсырманы таң алдында орындаса, күндіз бір жерде тасаланып... бас бағып жатады ғой» деп менің көңілімді жұбатып қояды. Өзім де білем, көбіне түнгі тапсырмаға барған партизандар, күндіз дұшпан көзіне түсіп қалмау үшін бұғып жатып, келесі күні кешке, не түнге қарай қайтып оралатын. Өне бойы сарқыла бермей, күдігімді көңіл түкпіріне тереңірек жасырып тығындап, аз ғана қобалжып күтуге үйреніп алған сияқты едім, бүгін сол тығынның кенеуі кетіп қалған, қанша бұралап тықсам да тұрмайды. «Апыр-ай, мұндайым жоқ еді, осы бір шошынғаным, жамандыққа көрінбесе игі еді» деген ой келеді де, үрейімді одан бетер үрлей түседі.
Осындайда кісіні алаң қылатын қасындағы серігі ғой, қас қылғандай Светаны да Носовецке шақырып кеткен, ол әлі оралған жоқ. Проша бала бір жылдың ішінде сүйегі қатайып, соқтауылдай жігіт болған, бүгінде менің қасымнан кетіп, жауынгер партизандар қатарына қосылып, тапсырмаға шыға бастады. Менің маңымдағы ақшұнақ шал Кузьмич қана. Бұ да бір сөзге жоқ, үндемейтін адам, күйбеңдеп шаруасын істейді де жүреді, жаңа жұмыс табылмаса о жер, бұ жерін жөндеп арбасын әурелеп жатқаны. Өйтсе де, осы шалдың жылуы сөнбейтін жұқа өңіндегі мейірімі мен сабасынан шықпайтын сабыр-шыдамы адамның көңілін орнықтырады екен.
Қасымбек аман-есен оралды деген хабар күн батқанда барып құлағыма тиді. Ол алдымен мұнда соқпай Носовецке кетіпті. Отряд үлкейген соң Носовец те үлкейген, қазір оның штабы бізден бөлек жерде. Жақсылық хабарды естігенде қуанып, жүрегім алып-ұшып, жоқ шаруаны қамдаймын деп әбігерге түстім де қалдым. Шай қайнатып, ас даярлап мәре-сәре болатын... Котелекке сақылдатып су қайнатам... қалтамның түбіне тығып сақтап жүрген жалғыз сәбізім бар, соның жартысын турап шай шығаруым керек. Алдыңғы күнгі тойдан қалған сарқыт, кешеден бері тамағымнан өтпей қойған бір жапырақ сүр май, қатып қалған бір тілім наным бар — оны қалтамнан бір шығарып, бір тығамын. Осындайда, мардымсыз болса да, кішкене бір әбігерге түсіп істейтін ісіңнің жоғы жаман екен, қуанышымның өзі де берекетсіздеу — көңілім ала-бұртып, байыз таппай елегізи берем.
Қасымбек көз байлана келді. Қараңғыда бет әлпетін анық көре алмасам да, денесінің зілдей болып келгенін бірден сездім. Тым қажып, шаршап келген түрі бар, менің бетіме назар салмастан, күркенің алдына сылқ етіп отыра кетті. Еңсесін көтермейді, қатып қалған қара нан мен сүр майды қарбытып асап, ұзақ шайнады. Тізесіне өрмелеген Дулатпен де ісі болған жоқ. Әкесі дұрыстап тамақ ішсін деп, баланы көтеріп алдым, Қасымбек әлі де төңірегіне назар аудармай, сәбіз шайды сораптап ішіп отыр. Өзі аман келгенмен, не де болса бір жамандықтың болғанын сеземін де, шұқылап сұрауға бата алмаймын.
— Қасымдағы екі жігіт қаза тапты, — деді шешініп жатып.
Жүдеп келгені де сол екен ғой. Қарғыс атқыр соғысы құрғырдың шығыны болмай тұра ма, жалмап жатыр ғой күн сайын. Адам біткеннің бәрінің қазасына шыбын жаныңды шыжғыра берсең, бұл арада соғыспақ түгіл, жай тіршілік қылуыңның өзі қиын. Екі жігіттің қазасы көңіліме қаяу салса да, күйеуімнің тірі келгеніне шүкіршілік қылып жатырмын, бірақ Қасымбектің қатты қайғырған түрі бар. Басқа түссе кісінің білмейтін пәлесі болмайды екен, ажалға да, ажалдың қасіретіне де сыралғы сұңғыла болып алдық қой, қара нанды қақ бөліп жеп жүрген талай жақын жолдаспен де қоштастық, менің бір байқағаным, мұндағы еркектер жолдастары өлгенде күйзеліп, күйреп қалмайтын, үнсіз ғана ызасын ішіне тығып ширыға беретін сияқты еді. Қасымбектің көкірегінде басқа да бір зіл жатқанын ішім сезеді де, соны сұрауға шынымды айтсам қорқамын. Meн күтпеген жерден Қасымбектің өзі сөйлеп кетті.
— Тапсырманы орындай алмадым, — деді күрсініп.
— Тапсырманың бәрі бірдей орындала бере ме. Бұрын да сәтсіздіктер болып жүрді ғой, — дедім көңілін жұбатқым келіп.
Қасымбек менің сөзімді елеген жоқ, болған оқиғаны бастан аяқ айтып жатыр, бұрын маған тапсырмаға барғандағы қауіп-қатерін айтпай, сұрасам, «пәлендей ештеңе болған жоқ» деп жалтара салушы еді, қазір тіпті еш нәрсесін іркіп қалмай тәптіштеп түгел баяндап жатыр. Бұлар орманды, сай жыраны сағалап жүріп отырып, күн бата өздері бұзуға тиісті көпірінің маңына барып жетеді. Бір кішкентай орманның шетіне жасырынып, көпір төңірегін бақылап көреді, көздеріне ештеңе іліге қоймайды, сірә қарауыл жоқ сияқты. Содан өздері істі асықпай, қапысыз дұрыстап тындыратын болдық-ау, деп қуанып әбден қараңғы түскен соң көпірге қарай жылжиды, әйтсе де сақтық жacaп, біреуі оқ бойы ілгері жүріп отырады. Алдыңғы жігіт көпірге тақап қалғанда жақыннан атылған автоматтың оғы турап түседі. Сол арада атыс басталып кетеді, бұлар қаша атыс салып, алдында өздері паналаған бір шоғыр ағашқа жете бергенде екінші жігіттің қара құсынан оқ тиіп етпетінен құлайды. Немістер де азғантай, екі-үш адам болса керек, бұлар кішкене болса да орманға иек артқасын, енді қуғындауға бата алмапты.
— Бірақ енді тапсырманың аты тапсырма емес пе, тірі қалған бір адам орындау керек қой. Егер мына көпірде күзет күшті болса біздің тағы бір нысанамыз — батысқа қарай үш шақырым жерде сайдың үстінен салған және бір кішілеу көпір болатын. Содан Буздиннің арқасындағы толды алдым да солай қарай жүгірдім, — дейді Қасымбек. Өзінің сөзі де бір түрлі, бір ауық маған айтып жатқан сияқты болса, бір ауық өзіне айтып жатқан сияқты, оның қатерлі әңгімесінен гөрі дауысындағы бір ызғар тұла бойымды суытып барады. — Екі өкпемді қолыма алып емпеңдей беріппін. Сол көпірге қалай жеткенімді де білмей қалыппын. Күзетші бар ма, жоқ па деп қарап жатуға да мұршам болмады. Екі адам қаза тапты, енді үшінші адам тапсырманы орындау керек. Және ол екеуі менің аңғырттығымнан қаза болды. Құдай оңдап бұл көпірде күзет жоқ екен. Эшелонның да келетін уақыты болып қалған. Содан асығыс-үсігіс толды көпірдің үстіндегі рельстің астына орналастырдым да енді запалдан шығып тұрған қысқа шнурға жалғайын десем... қолымда түк жоқ. Жүз метрлік бикфорд шнуры алғашқы қаза тапқан жігіттің мешогінде қалыпты. Сасып жүріп оны ойламаппын да...
Қасымбек үндемей қалды. Ар жағын сұрауға менің жүрегім дауамайды.
— Үш адамның екеуі қаза болып тапсырма орындалмағаннан гөрі, үшіншісі де өліп, тапсырманың орындалғаны дұрыс болатын еді, — деді бір кезде кенет даусы солып қалғандай ақырын ғана.
— Неге? Сенің шнурың болған жоқ қой, — деппін шошып кетіп.
— Бәрібір тұтатуға болатын еді.
— Сонда өзің қайтпексің?
Менің сөзімде мағына жоқ, шошыну ғана бар. Сол жағдайда оны түсініп жатқан мен де жоқпын, дауысымның қалай шығып кеткенін өзім де білмей қалам.
— Ана екеуі тапсырманы орындаймын деп қаза тапты ғой, — дейді Қасымбек.
Енді қаза тапса мен қайтейін, әрине өкінішті, оның маған несін айта береді, құдай сақтап өзі аман келді ғой, деп шүкірлік етіп, көңілім алып — ұшып жатып күйеуімнің сол сәттегі хал-жағдайын да, мына айтқан сөзінің мағынасын, сұмдық зіл салмағын да түсіне алмаппын. Қауіп-қатерден жүдеп келген күйеуімнің тоңазыған бойын жылытқым келіп Қасымбекті құшақтай алып едім, жансыз дене тәрізді сұлық жатқан күйі илікпеді, мойнына асылған қолымды буынынан ұстады да, алып тастағысы келді-ау деймін, қозғамады. Бірақ қозғалып кеткен көңіл күйін тоқтата алмады:
— Поезд келіп қалғанда жарып жіберейін деп оқталып едім... Эшелон дүрсілдеп үстімнен өтіп барады... Тұтатайын деп тағы да екі рет оқталдым... Дулатжан... сен... есіме түсіп кеттіңдер, — деді Қасымбек даусы бұзылып.
Қасымбектің сөзінің мағынасы маған енді ғана жетті. Эшелон келіп қалғанда дәріні өз қолымен жарып... көпірдің астына мойнын тіреп, дәріге от қойғысы келіп қолын созып, үстінен дүрсілдеп поезд өтіп барады... Зәрем ұшып денем қалшылдап кетті. Гүрс етіп жарылған дәрімен бірге денесі борша-борша болып...
Тұла бойым қалшылдап Қасымбекті құшақтай алдым. Мына дене борша-борша болып шашылып жатса... қысып келіп құшақтаймын күйеуімді. Қол-аяғы түгел орнында екеніңе көзімді жеткізгім келгендей бар денеммен жабыса түсем. Жасаған-ай, әйтеуір тірі. Бір ажалдан қалған екен, соған әлі де сене алмай өне бойын, аяқ-қолын сипалай берем. Ажалға баратын күні қай-қайдағы қырсық жабысып меселін де қайтарып жіберіп едім, көңілі құрғырым да бір жаман ырымға бастап, кежірленіп алып еді, айрылып қала жаздаппын ғой. Құшағымды жазсам күйеуімнен айырылып қалатындай сезініп, бар тәніммен жабысып тас қылып қысып алыппын.
Кішкене аптығуым басылғанда барып байқадым, Қасымбектің тәнінің бір бұлшығы бүлк етпей сұлық жатыр, менің аймалағаныма тіпті жібитін емес, ар жағыммен бір пәлені сеземін: бұл еркектің әйелге суығаны емес, әзірге мен түсіне алмаған басқа бір жамандықтың салқыны сияқты.
14
Соғыс сірә менің үстіме келмей жанап өтті-ау деймін. Атыстың дауысы басылғалы да біраз уақыт болды. Келіп те жақындаған болар, жоғарыдағы кішкене саңылау қараңғыланып барады. Күз келіп қалды ғой, жеркепенің іші салқын, сыртқа шығуға қорқып, балаларды бір-екі рет бұрышқа тосып алдым. Жау әскерінің соққысына шыдай алмай, біздің адамдар сірә шегініп кеткен болар. Олардың шегінгенде қайда баратынын мен білмеймін, әйтеуір әдеттерінше бір орманнан бір орманға тығылып, сай сағалап, із адастырып жан сақтайтын шығар. Қайтып оралып мені іздеп келуге оларға дұшпан мұрсат берер ме екен. Абан: «тірі болсам оралып соғам» деп еді, Абан байғұстың іздеп келетініне сенем-ау, бірақ оның «тірі болатынына» сену...
Бұл тасада істің ақырын күтіп тыныш жата беруге болар еді-ау, тек тамақ жағы... Үшеуіміздің бар қорегіміз қол басындай қатып қалған қара нанды, өзім де татпай, екі сәбиге де татырмай қаралы күнге сақтап отырмын, әзірге әйтеуір қарындары ашып қыңқылдағанда емшек беріп қоям. Аузына көк тимесе мал екеш малдан да сүт шықпайды ғой, аш әйелдің де сүті мардымды болмайды екен, оның үстіне жастан асып кеткен талыстай екі бала емген соң... іштен шыққан өз балаң о да қиын, талдырмаш нәзік, тауықтың сары ұлпа балапанындай кіп-кішкентай Света көзі жәудіреп қарағанда — бұ да оңай емес маған. Өзімдікіне тартып, өгейсітіп алдым ба деп оған да қиналам. Бала деген де бәле ғой, Дулат өз шешесіне басқа біреудің ортақ болғанын сезе ме, қызғанышы да бар. Meн Светаны емізе бастасам-ақ, о да жалмажан екінші емшегіме жармасады. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деп қақпайлап қоям. Жас жарымға жетпеген баланың жадында не тұрады, өзге аналыққа теліген жетім қозы сияқты, анасынан ажырағалы үш ай болған кішкене Света да маған бауыр басып кетті. Бірақ сонда да осы баланы өгейсітіп алмайын деп, бір жағынан нәзіктігін аяп, оны көбірек емізем.
Жаздағы, партизандар Орел, Курск далаларының түбіндегі үлкен жеңісті тойлаған сол кештен кейін Носовец Светаға тапсырма берді. Партизандарға, ендігі жерде темір жолды, жау эшелондарын қиратуға жоғарыдан бұйрық келген екен. Содан, темір жол станциясында астыртын жұмыс істеп ақпар беріп тұратын адам керек болыпты, Носовец Светаны станцияға тілмаш етіп орналастырмақшы болған. Бұрын бір рет әшкереленіп қалғанмен одан бері жылдан артық уақыт өтіп, ол кездегі немістер ауысып кеткен. Светаны енді ешкім тани қоймас, деп түйген Носовец тек Света баласын алып кеткісі келгенде ойланып қалды. Шекесін қасып:
— Кім біледі. Содан бері келе жатқан бірлі жарым полицайлар бар. Кейбіреулері жүзіңді танымаса да «Смуглянканың» екі қабат екенін біледі. Сен қашқанда олар екі қабат әйелді іздеді ғой, сөйтіп, бала олардың есіне кей нәрсені салуы мүмкін. Сірә сенің баласыз барғаның дұрыс болар. Жалпы заман қандай, заң қандай, қол-аяғыңның тұсаусыз болғаны жақсы ғой, — деген Носовец.
Сонымен ақылдаса келіп, «көп болып көмектесеміз ғой» деп Светаның баласын маған қалдырған.
Света баласына онша елжірей қоймайтын, екеуміз көбіне бірге болдық қой, сонда баласына керемет бір мейірімі түсіп, құшырланып сүйіп жатқанын, немесе ерекше еркелетіп, әлпештегенін көрген емеспін; іштен шыққан баласына менсінбей, тек құдай салған аналық борышын өтеп жүрген адам сияқты көрінген. Шынымды айтсам, баласының шыққан тегін ойлап, жатсына ма екен деген де ойым болған. Енді, Носовец «баланы қалдырамыз» дегенде түсінің өзгеріп кеткенін байқадым, «еш нәрсе етпес, өзіммен бірге ала кетсем қайтеді?» деген сөзді, Носовецтің бетіне жалына қарап екі-үш қайыра айтты, содан қашан жүріп кеткенше қызын қолынан түсірмеді.
Светаны баратын жеріне дейін сыртынан бақылап, шығарып салу Николайға тапсырылыпты. Оның қандай сын екенін білмеймін, Қасымбекке: «өзің-ақ шығарып салмадың ба» деп едім: «мен де соны айтып едім, Носовецтің шешімі солай болды» деді ол. Носовецтің ішіне кіріп-шығу, мен түгіл еркектердің де қолынан келе бермейді, мүмкін бұрынғы әйелінің қандай қатерге бара жатқанын Николай өз көзімен көрсін деді ме екен.
Света кішкентай қызының көйлек-көншек, бұйымтайын ақтарып, түйіншегін бір шешіп, бір буып біраз әлек болды. Біздің хәлімізде жүргенде балада қандай киім-кешек болушы еді, екі әйелдің жаялықтан, қолға іліккен боз бен бомазидан көктеп тіккен көйлек-дамбалы ғой, «сұлуынан жылуы» деп оның жарастығына, сәніне қарап жатқан біз жоқ. Жазды күні балаларымыз жалаңаяқ жүрген, Света түйіншегінің арасынан шинельдің шалғайынан тіккен қалың шұлықты шығарып:
— Күн суытып кетсе мынаны аяғына кигізерсің, — дейді.
Менің қарсыласқаныма қарамай «түн салдық ғой, оранғыш болар» ден басындағы орамалын да қалдырды.
— Менің пальтом да қалсын. Ертең күз келгенде балаларға жамылуға...
Ана деген сорлы, әйтеуір тұла бойында бір нәрсесі болса бәрін қалдырғысы келіп алақтай береді. Әдеттегі өзінің кісі мазасын алмайтын, ұстамды, бұйығы сабырынан еш нәрсе қалмапты, «Надя, енді өзің бас-көз боласың ғой» деген сөзді бірнеше рет айтқанын ұмытып қайталай береді, «егер сәті түсіп сіңісіп кете алсам, алдырармын» дейді. Менен гөрі қайратты, көзі де қарақты Светаға ылғи менің күнім түсуші еді, іштен шыққан сұр жылан ананың діңкесін құртады екен ғой, осы жолы Светаның күні маған түсті; көзі дөңгеленіп, маған жалынышты кескінмен қарайды.
Николай, белдеуге байлаған жapay құнаннан тықыршып, тағаты таусылып асығып тұрған, ол: «ал енді, жүрейік» дегенде Света қызын көтеріп алып екі бетінен сүйді де, бауырына қысып кішкентай баланың бетіне бетін тақап жабысып біраз тұрды. «Кешір, мені» деген сөзін естіп қалдым. Содан кейін жолынан қалып баратқан адамдай бетін де бұрмастан баланы маған ұстатты да, қош айтыспастан, бұрылып жүре берді. Ұмсына түсіп іркіліп қалдым, жүрісі әдеттегісінен өзгеше, денесі ауырлап кеткендей аяғын сылбыр басып, еңсесі салбырап, кішкене бойы қақиып, қадамын нық-нық басқан Николайдың соңынан еріп, кетіп барады, артына қайырылып қарамады.
...Дулат есейіңкіреп қалды, оның үстіне ер бала ғой, емізгенде, қолқамды суырып ала жаздайды, кішілеу кезінде сүт шықпаса емшегімді тістеп алатын әдеті бар еді, ұрып қойғызғанмын; кішкентай Света ондай емес, жайымен ғана талмап емеді. Байғұстың ар жағына бір нәрсе барып жатыр ма, білмеймін, сүт шықпаса да емшектен аузын алмайтын әдеті бар. Осы баланы емізгенде кейде сол Светаның жаутаңдап жалына қараған кескіні көз алдыма елестеп кетеді. Содан қайтып Светаны көрмеймін деп кім ойлаған, әрине, соғыс болған соң күдігім болды ғой, бірақ ауыр күндері тағдырлас болған досымды енді қайтып көрмеймін ғой, деген үзілді-кесілді ой менде болған емес. Өзіңнен білікті, және бір демі жоғары адам өзіңнен бұрын өледі дегенге кісі сенбейді екен. Мына соғыста алдымен өлетін адам болса ол мен едім: дәм-тұзым таусылмаған соң қаңғалақтап осы жерге жетіппін.
Алғашқы кезде Света сәтті орналасты деген хабар алынған, тіпті бізге неміс эшелондарының қай уақытта өтетін расписаниелерін де бере бастаған екен. «Молодец Смуглянка! Жұмысқа кірісті» деп Носовец масаттанып мақтап, содан кейін, «тек оның қазіргі есімі басқа» деп Қасымбекке қарап жұмбақтап, көз қысып қойғанын да көргенмін. Бірақ айға жетпей жатып «Света ұсталды» деген хабар да жетті. Естуімше, бұрын көрген бір сұмырай немістерге жеткізіпті, бұ жолы Смуглянка қашып кете алмаған, содан бес-алты күннен кейін «дарға асылды» деген де хабар келді. Кейін Носовецтің тағы да: «молодец Смуглянка. Ешкімді ұстап бермеді» деген сөзін естідім. Бұ жолы ол төмен қарап, түнеріп отырып айтты.
«Света ұсталыпты» деген хабарды естігенде қатты шошып кетіп, солқылдап жылап алдым да, содан «мүмкін ебін тауып құтылар, не құтқарар» деген алдамшы үміт емексітіп, бірақ оған сене алмай, әрі-сәрі болып жүрдім де, қаралы хабар жеткенде, үміт үздірген аурудың үзілгеніндей, жылай алмай қалдым.
Сөйтіп Светамен де қоштастым, дұрысырақ айтсам қоштаса да алмай қалдым. Баласын маған ұстатты да, «қош» деген сөзді айтуды да ұмытып бұрылып жүре берді.
Ұмсына түсіп оқталдым да, бірақ біреу етегімнен тартып қалғандай, «қош» деген сөзді мен де айта алмай қалдым. Светаның аузынан соңғы естігенім баласының кеудесіне бетін тығып тұрып, «кешір мені» деген сөз болатын, ол сөзді маған да, ар жағында асыға күтіп тұрған Николайға да айтқан жоқ, сонда іштен шыққан баласынан сұраған кешірімі екен ғой. Баласына онша жібімей жүргенде, мен ойлаған арам ойдың тура келгені-ау. Емірене бергенде өз баласынан өзі тіксініп қалып... көңілі екіге жарылып, екі ұдай сезім арпалысып өмір сүрді ме екен? Светаның «кешір мені» деп жайымен ғана булығып айтқан даусы құлағымда қалды. Іштен шыққан сәбиіне ананың ақ сезімі елпілдеп төгіліп келе жатқанда шым еткізіп у тамызып жіберген бір нәрсе болған ғой сірә. Сол көңіл аласы баласынан ажырасар сәтте есіне түсіп, жанын қуырып, айықпас өкінішке айналды ма екен? Іштен шыққан сәбиіне іркіп қалған мейірі, сарқып бере алмаған махаббаты ана мойнында өтелмес парыз болып кететінін сезді ме екен сонда?
Светаның өзі кетіп, көзі қалды қолымда. Ауыр жүгімді ауырлатса қайтейін, сайып келгенде, тағдыр деген сұмырай, ауыртпалығын үйе берсе оны ауырлаудан да қалады екенсің. Қазір маған екі баланың салмағы да, бір баланың салмағы да бірдей сияқты. Светадан ажырасқалы үш айдан асты ғой, қазір осы балаға да үйреніп алдым, тіпті бара-бара Дулаттан айырмасы болмай кетеді-ау деймін.
Света барда Николай біздің кухня жаққа жоламаушы еді, ол кеткен соң жері кеңіп қалды ма, енді келіп тұратын болды. Дулатқа да мейірімі күшейіп кеткен: «мынаны балаға бер, балалардың қарны ашады ғой» деп қолына іліккен бір нәрсесін әкеліп береді. Дулатты ойнатып, ермек қылып біраз айналсоқтап отырып кетеді.
Николай Топорковтың беделі қазір аспанға шығып кетті. Үлкен жерден, жоғарғы жақтан указ күтіп жүр, жақында оған Совет Одағының Батыры деген атақ берілетін көрінеді. Шынында да осы кіп-кішкентай жігіт жүрек жұтқан батыр болып шықты. Кішкентай адам шақар болады ғой, бұ да сондай, тас кенедей жабысып қадалған жерінен қан алады. Оның шаршап қалғанын да көрген емеспін, қашан көрсем де тап-тұйнақтай болып, шиыршық атып ширығады да жүреді. Жұртқа да қатал, тық-тық еткенде төбелерін ойып жібере жаздайды, бірақ өзін де аямайды. Өзін аямаған, өзіне қатал адамның қаталдығын жұрт ренжімей, қиналмай көтереді екен, қайта, қарауындағы партизандары командирін керемет мақтаныш етеді. «Мазасыздығы бар, бірақ өзі үшін емес, жұрт үшін бәйек болады, мұндай командирің болса, қор болмайсың» деп айтып жүреді.
Николай басында, Қасымбек сияқты, әр түрлі топты бастап тапсырмаға шығып жүретін, кейін іріктеле келе, өзіне керек жігіттерін сайлап алды, олар да өзі сияқты батыр жігіттер. Николай небір қауіпті тапсырмаға өзі сұранып барып, небір қиын, құтылмас жағдайға түскенде де тапсырманы тындырып, аман келеді. Естуімше сонда өзгелерден бетер өжеттік көрсететін Николайдың өзі көрінеді. Командирі отқа түсіп жатқанда қарауындағы солдаты жанын аяп қалмайтын соғыстың жазылмаған заңы бар, сөйтіп, бұлар шетінен тайсалмайтын батыр болып, Николайдың тобын «өжет топ» деп атап кетті. Ең бір ауыр тапсырма болса «мұны тек «өжет топ» қана орындай алады» дегенді талай естігенмін. Жұртты мақтауға сараң Носовецтің өзі, бұларға келгенде мақтау сөзін аямай, «Өжет топтың» ісін үлгі етіп, өзгелерге көлденең тартып отырады, Николайды да қолпаштап, еркелетіп ұстайды. Жалпы бір аңғарғаным, соғыста жүргенде батыр адамның мерейі өзгелерден биік болады екен де, өздері ерке бала сияқты еркін болады екен. Мақтағанды кім жек көрсін, Николайдың өз мерейіне риза болып, жұрт қолпаштағанда көңілі семіріп қалатынын байқаймын, бірақ осы жігіттің ішінде бір құрысып қалған тамыры жазылмай-ақ қойғандай, арқа-басы кеңіп, көңілі шалқып, еркінсіп кеткен жерін көре алмай-ақ қойдым. Тапсырмадан қайтқанда партизандар, бейне бір аңнан қайтқандай, не үлкен сайыс, жарыстан келгендей қызынып, кеу-кеулесіп, бастан кешкен оқиғаларының әр жерінен бір бөлшегін үзіп алып, сапырылыстырып айтысып, кейбіреулерінің оғаш мінезі, келеңсіздігіне қарқылдап күлісіп, гуілдесіп жатқанда, көппен бірге қыза түскен Николай бойын жазып кете алмай ауық-ауық тыйылып қала беретін.
Сәлемі түзу болғанмен Николай менімен онша көп жуыса бермейтін, енді келіп қолы босаған кезде қазан жаққа үйірсектеу болып, мені төңіректейтінді шығарды. Бірақ менімен де пәлендей жазылып сөйлеспейді, көбіне Дулатты айналдырып, соны қызықтай береді. Бір күні, қолына басқа еш нәрсе түспеген соң азғана жеміс-жидек теріп әкеліпті, соны екі баланың аузына кезек салып қызықтап отыр екен. Бұрын Дулатты ғана айналдырып, кішкентай Светаны көрмегендей боп елемейтін еді. Бірақ мен де аңғарғанмын, Дулатты әурелеп, ойнатып жатқанда көзінің бір қиығы кішкене қызда болатын. Бір рет ұзағырақ қадалған көзқарасын ұстап алғанымда, ұрлық қылғандай қысылып қалып, ұялған тек тұрмас деп, Дулатты көтеріп алып секіртіп, арсалаңдай берген. Байқаймын, сірә, тырнақтай қыздың бетінен шешесіне ұқсастық іздейтін тәрізді. Оны көп іздеудің керегі жоқ кішкентай Света ұлпа шашы үрпиіп, сап-сары боп үлкен Светаның аузынан түсе қалған, дөңгеленген көзі де шешесінің көзінен аумай көкпеңбек аспандай мөлдіреп тұр.
Мен келген соң Николай әдетінше қысылып «маған... маған...» деп сұраған кішкентай Светадан теріс айналып, уысында қалған екі түйір жемісін Дулаттың аузына тықты да, әдетінше оны көтеріп алып секірте берді, неге екенін білмеймін, жыным ұстап кетті.
— Оның несін әлпештей бересің. Мейірімің тасып баратса ана әке-шешесі жоқ қу жетімнің неге маңдайынан сипамайсың? — дедім.
Николайдың қапелімде сасып қалғаны сонша Дулатты қолынан түсіріп ала жаздады.
— А что?.. А что... — дей берді.
— Ол Светаның баласы. Света сенің әйелің емес пе еді? А што дейді ғой.
Маңдайына сарт еткізгендей болдым-ау деймін, Николай бірден есін жия алмай «а штосын» қайталап айтты.
— А што?.. Біздің арамыз әлдеқашан үзілген. Бәрі біткен.
— «Үзілген»... Әрине үзілді. Енді үзбеймін деп шашыңды жұлсаң да Света жоқ саған, — дедім тұлданып, — Сен оның кім екенін, қандай адам екенін білген жоқсың.
— Оның қандай адам екені белгілі болған, — деді Николай сызданып.
— Бәрібір сен білмейсің. Оның қандай адам екенін сен білген де жоқсың. Білдің бе? Ол бәрімізден артық болатын. Ол менен де, тіпті сенен де артық. Сен батыр болсақ, о да батыр. Ол тіпті бәріңнен батыр. Мықты болсаң қалың жаудық қақ ортасында жүріп көрші өзің. Әнекей, ақыры қаза тапты.
Ызаланып жылап жібердім, әйелдің көз жасы кімді де қаймықтырады ғой, Николай жауап қайыра алмай қипақтап қалды. Долданып алған әйелдің тоқтауы оңай ма, ондайда азғантай орысшаң да көбейіп кетеді екен, баяғыдан бері ішімде кептеліп жүрген ызамды бір шығарып, төпеп жатырмын.
— Кеше дарға асылғанда тіпті болмаса сүйегін әкелуге де жарамадың. Жақсы көргенің сол ма?
— Мен неге жақсы көрем? — деді Николай дыз етіп.
— Жақсы көресің. Жақсы көрдің... Мен білмейді дейсің бе. Тек жұрттың қаңқу сөзінен қорқып Светаға жолай алмадың. Өтірік қиқайып кердеңдеп жүрдің. Жаудан қорықпайсың, оқтан қорықпайсың. Ақымақтардың сөзінен қорқасың. Осында да Дулат үшін емес, мына кішкентай Света үшін келіп жүрсің. Светаның көзі деп, соның исіне келіп жүрсің. Сәбидің маңдайынан сипауға менен ұяласың.
Николай менің шапылдағаныма шыдай алмай бұрылып жүре берді, әншейіндегідей аяғын қаздаңдап баспай, ауырлау аяңдап барады.
Содан кейін Николай мен жүрген қазан-ошақ жаққа соқпайтын болып кетті, Дулатты да еркелетуді қойды. Ағаттығымды кейін байқап, біраз өкіндім де: тым нәзік нәрсеге добалдау кетіп қалыппын. Николайдың көкірегінде кішкентай сәбиге деген тұтанып келе жатқан ұшқынды оғаш мінезіммен өшіріп алған сияқты болып, қиналып жүргенімде, бір күні Николайдың өзі келді. Бұ жолы онша қысылмай сөзін сыр қылып айтты.
— Білесің бе, Надя... Ленинградта Светаның шешесі бар. Күйеуі де жоқ. Света оның жалғыз қызы еді ғой. Аман болсақ, осы баланы сол әжесіне апарып тапсырсам деп едім. Сен былай... көз қырыңды салып жүр.
15
Қасымбектің жолы сәтсіз болып, тапсырманы орындай алмай қайтқан түнгі өзімді шошытқан хал-жағдайының шын мағынасын мен кейінірек түсіндім, бірақ сол түні бір жамандықты жүрегім сезіп, тіксініп қалып едім, жамандығы құрғыр жалған бола ма, қателеспеппін. Сол күннен, дұрысырақ айтсам сол түннен бастап Қасымбектің ішінде, бұрынғы дүниесі аударылып төңкерілгендей бір өзгеріс болды. Мінезі де өзгеріп, онсыз да көп сөйлемейтін адам бұрынғысынан да тұйықталып, қабағына бір мазасыз ауыр ойдың салқыны ұялап қалды. Кішкене жадыраған кезде жазылып кететін сол кірбеңі құрғыр, езуінен күлкі табы өшпей жатып жүзін қайта торлап алады. Адамның өзі де түсініп болмаған, тек жанын жегідей жеп жүрген күйзелісті шұқылап, түрткілесең себебін өзі де айта алмай, одан бетер қиналып, бекерге ыза болатыны белгілі ғой, содан себебін ашып сұрай алмай, өзімше сыртынан топшылап тон пішемін.
Сол сәтсіз тапсырмадан қайтып келген күні кеште Носовецпен екеуінің арасында қиын әңгіме болғанын естігенмін. Қаттырақ сөзге де келісіп қалса керек, Носовец «командирліктен алып тастаймын» деген сөзді айтып қалыпты. Бірақ ондай сөзден дәл осынша өзгеруі... Соғыс кезінде ешкім тежеп жатпайтын: «Мен сені трибуналға берем», «Қорқақсың, қазір келіп атып тастаймын». «Осыдан бір қадам шегінсең жоям» деген басқа ұрғандай қатты-қатты сөздер балағатқа араласып, телефонның кабелін солқылдатып кетіп жататын; бір ғажабы осы сөздердің қаһары қанша қатты болса зәрінің қайтуы да сонша тез болатын. Жаңа ғана аямас қатты сөз айтысып, сарқыла керілдескен адамдар ұрыс бітісімен құшақтасып бір-бірін иықтарынан соққылап балаша мәз болысатын, әлгі айтылған сөздерден иненің жасуындай көңілдерінде қылау қалғанын байқағаным жоқ.
Соған қарағанда Қасымбектің белін қайыстырып жүрген Носовецтің қатты айтқан сөзі ғана болмауға керек, Носовец батырып айтса айтқан да шығар, тым қатты кісі ғой, сірә осының ар жағында басқа бір сыр жатқан сияқты. Бірақ оның байыбына баруға менің пұрсатым келіп, миым жетіп жатқан жоқ, сыртқа шығарып ешкімге айтпасам да іштей шырылдап күйеуіме ара түсемін: осы күнге дейін жаман атағы шыққан жоқ, қайта тындырымды батыр командирлердің бірі болып келген жоқ па, тіпті басқасын қойғанда, өз жауынгерлерін шашау шығармай, жауға берілмей тылда соғысып, осы ормандағы партизан отрядын құруға ұйтқы болған да сол емес не? Өзге жұрт осының төңірегіне жиналды ғой.
Бұл, әрине, менің дәлелім, бірақ соғыстың дәлелі басқа. Ол қаныпезердің қанша еңбек сіңіріп, ерлік көрсетсең де, сенің бір осалдығыңды кешпейтін, өзінің қатал заңы бар. Мұнда жалғыз ғана бағаланатын нәрсе — батырлық, ажалдан қорықпау, ақылың Аплатондай болса да төніп келген ажалдан қаймығып жалтарсаң, онда сенің құның жоқ. Мұндағы кісіні шын қорлайтын, ең жаман сөз «қорқақ» деген сөз. Жұрт өзі сағат сайын шыбын жанын ажалға тосып жүрген соң, өзге біреудің жан сауғалап жалтарғанын кешпейді.
Қасымбекке жұрттың қырын қарағанын өз басым аңғарғаным жоқ, сонда да ол өзі-өзінен қорланып... жаман күдікке күпті болып жүрді ме екен? «Екі адам қаза тауып, тапсырма орындалмағанша... үш адам түгел қаза тауып тапсырманың орындалғаны дұрыс еді ғой» деп еді Қасымбек сол түні. Енді байқасам бұл өз сөзі емес, естіген сөзі... айып есебінде бетіне басылған сөз болды ғой. Сол сөзге мойынсынып, өз ойы қылып маған айтыпты. Сонда екі адамды шығын қылып түк бітірмегенше, үш адамды шығын етіп жаудың эшелонын қирату... тіпті оп-оңай есеп екен-ау бұл... Ешбір есепке келмейтін, есесі толмайтын адамның ажалын да мына соғыс қарапайым, қатал есепке салып қойғаны ма?.. Бірақ менің миыма ондай есеп кірмейді. Менің көз алдыма тек көпірдің астына тығыл тірел, жарылғыш дәріге қолын созып, өзімен бірге жарып жібергісі келіп, жанталасып тұрған Қасымбек елестейді. Аман келгеніне қуанам...
Ал күйеуім болса, осы амандығына өзі қуанбайтын сияқты. Соғыстағы адамның әрбір ұрыстан аман келгені ұлы той, жұрт ертеңгі қатерді есінен шығарып, кішкентай қуанышқа мәз-мейрам болып, жоқ нәрсеге қарқылдап күлісіп жатқанда, ол да әдетінше ыржиып езу тартқан болады, бірақ сол күлкісінің ар жағында сап-салқын бір нәрсе бар сияқты, түрін көргенде тіксініп қалам.
Екеуміз, тіпті баламызбен үшеуміз, жыл жарым партизан отрядында бірге болып талай ажалмен бетпе-бет кездесіп, от пен судан өтіп, көн болып кеткен денем ыстық пен суыққа көндігіп алса, қауіп пен қатерге жүрегім де қасаң болып кетіп еді. Қасымбектің ұрысқа кеткен сағаттарын да, жүрегім алып ұшпай, сабырмен тосатын болғанмын, енді сол сабырымнан айрылып, осы бір тапсырмаға шыққан сапарын, тіпті алғашқы күндердегіден бетер көңілім ұйтқып, мазасыз тостым.
Қазір бұлар орындайтын тапсырмалар да қиындап барады, бірнеше эшелон қиратқаннан кейін немістер де қарап отыра ма, сақтығын арттырып, жол бойындағы күзеттерін күшейтіпті, енді біздің жақтан да шығын көбейе бастады. Сол тапсырмаға Қасымбек төрт адам болып кеткен, төртінші етіп қастарына Прошаны ерткен. Содан Проша жалғыз қайтқанда жүрегім мұздап қоя берген. «Пpoшa, өзгелері қайда?» деп сұрағанымша болмай, бала жүгіріп келіп мені құшақтай алғанда бір жамандықтың төбемнен төніп келе жатқанын сезіп іші-бауырымды аяз қарып өткендей тұла бойым салқындап қоя берді. Әлі бала ғой, жөн-жосығыңды қайдан білсін.
— Білмеймін, тетя Надя. Олар сірә қаза тапты ғой деймін.
— Не дейсің? — деппін бар айтқаным.
Басыма таяқпен салып қалғандай есеңгіреп отырып қалсам керек, содан бір кезде кішкене үміт сәулесі қылаңытқанда: бала «білмеймін» деді ғой, ашық айтпай тұспалдап тұр-ау, «Апыр-ай, жаңсақ болғай» деп Прошаның бетіне қарадым. Ол мұрнын қайта-қайта тартып, көзі жыпылықтап жыларман болып тұр екен, менің кескінімді көріп, тоқтамай жылдам-жылдам сөйлеп кетті. Қашан баланың аузынан ақтық жаман сөз шыққанша амандықтың бір қисыны бола ма деп дірілдеген үмітімді үзбей мен де тыңдап қалыппын.
— Біз осыдан шықтық қой. Содан өзіміз дәрі қойып... бұзамыз деген көпірге бардық. Бізді қараңғыда ешкім көрген жоқ. Біз де ешкімді кездестірмедік. Сонда да тасаланып сай-жылғамен жүріп отырдық. Командир... Қасымбек Каресович өзі бастап жүрді. Оның соңынан мен жүріп отырдым. Командир «топталмай, тек көз жазып қалмай бір-біріңнің қараларыңды көріп отыратындай жерден жүріңдер» деген. «Алды-арттарыңа қарап отырыңдар» деген. — Проша қалай жүріп, қалай бұққандарына дейін тәптіштеп әңгімесін созып кетті. Мен оны асықтырмадым, қайта оның әңгімесінің созыла бергенін, жаманат хабарға жеткенше созыла бергенін, тіпті сол хабарға жетпей қойғанын тілеймін, мүмкін күдер үздірмейтін бір хабар айтар деген алдамшы үмітім де бар. — Содан біз сол жылғаның үстінен салған кішкентай темір жол көпіріне жеттік. Со кезде таң бозарып атып қалған. Содан анау Павленок айтты: тіптен жарық болып кетпей тұрғанда, толдарды орнына құрып, шнурды тартып алайық деді. Сосын командир айтты, Қасымбек Каресович қазір құруға болмайды деді. Эшелон бес қырықтың шамасында келеді. Бір жиырма минут қалғанда ғана құрып күзетіп жатамыз деді. Бүгінде немістер жолды мықтап күзететін болған, ерте құрсаң олардың патрульдері келіп, толды алып тастайды деді. Рас екен, біз жатқанда патрульдер арлы-берлі екі рет өтті. Көпірдің тұсына келгенде әдейі тоқтап, қарап тексеріп шықты. Содан біраз уақыт өткен соң командир, Қасымбек Каресович, «поезд келетін мезгіл болып қалды, ал, кеттік» деді. Содан көпірге жетіп арқамыздан қапшығымызды шеше бергенде жау патрулінің қарасы көрінді. Командир ана екеуіне «патрульді бөгеңдер» деп бұйрық берді де, өзі толдарды алып рельстің астына тығып жатыр. «Бұл көпір менен бір рет аман қалып еді, енді құтыла алмайтын шығар» дейді. Мен толдарды әперіп тұр едім, командир, Қасымбек Каресович, басын көтеріп атысып жатқан жаққа қарады, мен де қарап едім, жау жақындап қалған екен. Сосын командир, Қасымбек Каресович, тез отрядқа жет, тапсырма орындалды ден хабарла» деді. Мен кетпеймін, бірге болам деп едім», маған қатты ақырып жіберді. «Тез жөнел! Бұйрықты орындамасаң атып тастаймын! Жылғамен кет!» деді. Сосын мен жылғамен жүгірдім. Олар атысып жатыр. Бір кезде гүрсілдеген дауысты естіп артыма қарасам, орман ішінен бір ұзын состав, поезд шығып келе жатыр екен. Паровоздың түтіні будақтайды. Содан поезд кішкене көпірге келіп қалды. Мен бәрін қарап жаттым. Тіпті паровоз көпірден өтіп бара жатыр еді...
Бір пәленің жақындап келе жатқанын сезіп, жүрегім аузыма тығылып барады. Проша қорс-қорс еткізіп мұрнын тартып, үстіңгі ерні дүрдиіп, ұрты кәмпит сорғандай жағына жабысып, іркіліп қалды. Зәрем ұшып, бажырайып баланың бетіне қадалып қалыппын, ішімнен ар жағын айтпай тұра тұрса екен ден тілеймін. Проша қылғынып бір-екі жұтынып алды, енді сөйлемесе жылап жіберетін түрі бар.
— Өзі бір ұзын состав екен. Анық көрдім паровоз көпірден өтіп кетті. Сол кезде... сол кезде тек гүрс ете қалды. Қап-қара түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді. Бір тарсыл-гүрсіл болды да кетті. Вагондар құлап жатыр... құлап жатыр. Соңғы вагондар алдыңғы вагонның үстіне артылып кетеді де құлайды. Паровоз да құлады. Біздің адамдар келер ме екен деп қарап едім... ешкім көрінбеді. Содан шаң-тозаң басылғанда қираған вагондарды айнала жүгіріп жүрген немістің екі-үш солдатын көрдім. Біздің адамдар көрінбеді... Білмеймін...
Прошаның әңгімесі осымен тоқтады. Алқынып аузыма тығылған жүрегім не әрі, не бері кетпей, кептеліп кеңірдегіме тіреліп қалған сияқты, тырп ете алмай сол кеңірдегімнен ілулі тұрғандай хәлім бар. «Өлді» деп ойбай салайын десем, мына бала анық айтпады, анығын өзі де білмейді; «өлмеді» деп үміт етейін десем, айтуына қарағанда дәл ана жерден аман кететін қисыны жоқ, бірақ сонда да қашан көзім жеткенше көңілі құрғырым «өлдіге» қимайды. Соғыста, тіпті одан да қиын құтылмас пәлеге кездескен адамдардың құтылып кететін таңғажайып жағдайлары бола беретін.
Ақыры жаманат хабар анықталды. Күні бойы үмітімді үзіп жалғап, өшіріп әбден ит сілікпемді шығарған болу керек, енді келіп маған арнайы естірткенде көзімнен жас шықпай қалды. Бір түрлі дүние құлазып, мына сұрықсыз өмір одан бетер сұрқай тартып, бір жиренішті сезім-жалғыздық пен қорғансыздық сезімі тұла бойымды кеулеп, құлазытып бара жатты. Көңіл айта келген үш-төрт еркек те осы сұрғылт дүниеде өздері де сұп-сұр болып менен алыстап кетті.
«Қасымбек Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, ерлікпен қаза тапты. Капитан Гастеллоның ерлігін қайталап өз жанын құрбан етті. Халық оны ұмытпайды».
Селк ете қалдым. Бұл Носовецтің даусы. Жаңа Носовецтің қарасын көргенде комиссар арнайы келе жатқан соқ-ақ, жаманат хабардың расқа шыққанына көзім жетіп, шошынып буын-буынымнан жан кетіп қалған. Оның мына сөзіне неге селк ете қалғанымды білмеймін, әлде өлім деген сұмдыққа сонша әдемі сөз қосқанына — ащыға бал тамызғандай тітіркеніп қалдым ба...
Бір кезде байқасам жалғыз өзім отыр екем, жұрттың қалай тарап кеткенін де аңғармай қалыппын. Шамасы есіттіргеннен ойбай салып, шыңғырып жылаған әйелге басалқы айтып жұбатуға келген кісілер, мен, көзімнен жас шықпай, бедірейіп үнсіз қалған соң, өздерінен өздері ыңғайсызданып, қипақтап аз отырып, біртіндеп тарап кеткен болар, мазасын алмасын дегендері шығар, екі баланы да ала кетіпті.
Өзім сірә, табиғатымнан тас бауыр, қатыгез боп жаралған пәле болармын, қазақтың әйелі сияқты ойбайымды салып, шашымды жұлып, кеудеммен жер соққылап дауыс қылудың орнына безеріп, үнсіз отырып қалыппын. Енді келіп есімді жиғанда алдымен өзімнің хәлімді ойладым. Шынымды айтсам бұл ажал өзім күтпеген жерден, тура төбеден түскендей болған жоқ. Соңғы кезде үдеп кеткен күдігім мен қобалжуымды былай қойғанда, жұрттың бәрін сыпыра жалмап жатқан мына сұмырай соғыс өзімді ала-бөле ажалдың тура әдетінен суырып алып, ол аз дегендей аспаннан түскендей күйеуімді тауып беріп, бауырыма баламды бастырып, төрт құбыламды түгелдеп алшақтатып қояды дегенге сенбеуші едім: енді келіп сол артығын алып кетті. Әлі де алмағаны бар шығар бұл жауыздық...
«Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деуші еді, Қасымбектің қазасының салмағы да маған кейінірек барып жетті. Күн асқан сайын күйеуімнің орны үңірейіп барады. Күйеуім қасымда жүргенде оның қадірін білмеген сияқты болып көрінем де, көкірегімді өкініш билейді. Менің бар едім, салмағымды ауырламай қиын кезде де қабағын шытпай көтеріп еді. Жаудың тылында, партизан болып соғысу — салт басты, сабау қамшы ер азаматтың өзі әзер шыдайтын қиямет нәрсе. Қасымбек болса бір қолымен соғысып, бір қолымен жөргектегі баласы мен әйелін сүйретіп жүрді. Ол ғана ма? Күйеуім қасымда жүргеніне мәз болып, мен оның халін, ар жағында не болып жатқанын ойламаған екем. Біздің Қасымбекке түсетін салмағымыз, тек жорық үстіндегі ауыртпалық, тіршіліктің салмағы деп ойлаушы ем. Күйеуімнің балажандығына ішім жылып, мәз болатынмын. Жаның қалмай жақсы көретін бал мінезді киттей балаң мен әйелің көздері жәудіреп қасыңда тұрғанда басыңды оққа байлап соғысу... Менің өзім қандай болып едім? Күйеулері алыста, көз кермес жерде соғысып жүрген елдегі әйелдердің хәлі менің қасымда ойыншық екен. Күйеуіңді құдайдың құтты күні өз қолыңнан, алыстағы көз көрмеген майданға емес, көріп жүрген тікелей соғысқа, ажалға аттандырып тұрсаң... Мен өз хәлім, өз қорқыныш, күдігіммен әуре болып Қасымбектің ішінде не болып жатқанын ойламаппын да.
Ұрысқа кірген адам алдымен жаумен соғыспайды, өзімен, өз ішіндегі ажалдың үрейімен соғысады. Барлық қажыр-қайратын, жан қуатын жұмсап, ең әуелі сол сұмырайды жеңіп алады. Қасымбекке осы екеуі аз болғандай, қиналған сәтінде баласымен екеуміз барып шаужайына жармасқан екеміз-ау. Қанша батыр болсаң да көзі жәудіреген кішкентай сәбиің мен қорғансыз әйеліңді қалың жаудың ішінде қалдырып, басыңды оққа байлау...
Соғыста жүргенде көп нәрсені ойлап басымды қатыpa бермейтінмін, ой деген пәле қай-қайдағыңды қоздырады да шықпайтын шырғалаңға салып қояды, сөйтіп жүріп Қасымбектің де халін ойламаппын. Өзін жоғалтып алып, оның халін енді ғана түсініп келем. Баламыз екеуміздің күнделік тұрмыстағы масылдығымыздан «артымда қалса қайтем» деген уайымы анағұрлым ауыр болған екен ғой оған. Қатын-баласы елде қалған еркектерге ештеңе емес-ау, ал әйелің мен кішкентай сәбиіңді қанжығаңа байлап жүріп соғысу деген... Артыңдағы оқ астында жатқан қатын-балаңа қайрыласың ба, я болмаса алдыңдағы алқымыңнан алған жаумен соғысасың ба? Өзге жұрт әйтеуір, басқа түссе «өзекті жанға бір өлім» деп тәуекел етеді, ойлап қарасам, тағдыр бұған тәуекелін де түгел бермеген екен.
Баласын еркелетіп сүйе беретін, сонда оның көңілінде не тұрғанын аңғармаппын-ау мен жетесіз. Осы баланың есін білмей жатып жетім қаларын іші сезіп, бар мейірімін сарқып бермек болғаны ма екен? Түнгі тапсырмадан қайтқанда белін шешпестен төсектің шетіне отыра қалып, ұйықтап жатқан Дулатты кеудесіне қысып алып, құшырланып иіскейтін. «Түн аспай баласын сағынып қалыпты» деп соған мәз болатынмын. Содан кейін, қара көлеңкеде маған телміре қарап, мені бір бейне бала сияқты шашымнан, маңдайымнан, бетімнен сипалап қоятын. Құр сипалай бергенше құшақтап, қысып сүйгенін жақсы көріп тұрсам да, күйеуімнің маған бата алмай, жасқана аялағанына көңілім марқайып, іріленіп қалатынмын. Қойнындағы жары болсам да, мені әлдеқандай көріп еркінсіп кете алмайды-ау, деп ойлаушы едім; енді күйіс қайырып, қайтадан ойлап қарасам оның сыры басқа екен. Түнгі соғыста басына қатер төніп, жаны алқымға тірелген сағатта панасыз көр бала екі жетімек қайда қалады деп үрей билеп, ышқынып... енді аман-есен қайтып оралғанда әлгінде ғана жетім қала жаздаған баласын енді айрылмастай бауырына қысып алып, жесір қала жаздаған әйеліне шүкірлік етіп, аянышпен қарағаны екен ғой ол.
Жыл жарымнан артық қақ ортасында жүрген соң соғыс деген сұмырайдың да мен білмеген сыры қалмады. Тұла бойыңдағы қажыр-қайратың мен жігер күшіңді түгел бермесең қанағат қылмайтын қомағай мінезі бар оның, бейне қызғаншақ қатын сияқты көңіл алаңыңды ол көтермейді де, кешпейді. Я, жаумен соғысасың, я көңіліңдегі алаңмен, ішіңдегі үреймен соғысасың. Қасымбек болса, біз келіп қосылғаннан бергі жыл жарым екеуімен қатар соғысыпты. Жұрттың басында бір қиындық болса, салмағымды ауырламай қиын кезде де қабағын шытпай көтеріп еді. Жаудың тылында, партизан болып соғысу-салт басты, сабау қамшы ер азаматтың өзі әзер шыдайтын қиямет нәрсе. Қасымбек болса бір қолымен соғысып, бір қолымен жөргектегі баласы мен әйелін сүйретіп жүрді. Ол ғана ма? Күйеуім қасымда жүргеніне мәз болып, мен оның халін, ар жағында не болып жатқанын ойламаған екем. Біздің Қасымбекке түсетін салмағымыз, тек жорық үстіндегі ауыртпалық, тіршіліктің салмағы деп ойлаушы ем. Күйеуімнің балажандығына ішім жылып, мәз болатынмын. Жаның қалмай жақсы көретін бал мінезді киттей балаң мен әйелің көздері жәудіреп қасыңда тұрғанда басыңды оққа байлап соғысу... Менің өзім қандай болып едім? Күйеулері алыста, көз көрмес жерде соғысып жүрген елдегі әйелдердің хәлі менің қасымда ойыншық екен. Күйеуіңді құдайдың құтты күні өз қолыңнан алыстағы көз көрмеген майданға емес, көріп жүрген тікелей соғысқа, ажалға аттандырып тұрсаң... Мен өз хәлім, өз қорқыныш, күдігіммен әуре болып Қасымбектің ішінде не болып жатқанын ойламаппын да.
Ұрысқа кірген адам алдымен жаумен соғыспайды, өзімен, өз ішіндегі ажалдың үрейімен соғысады. Барлық қажыр-қайратын, жан қуатын жұмсап, ең әуелі сол сұмырайды жеңіп алады. Қасымбекке осы екеуі аз болғандай, қиналған сәтінде баласымен екеуміз барып шаужайына жармасқан екеміз-ау. Қанша батыр болсаң да көзі жәудіреген кішкентай сәбиің мен қорғансыз әйеліңді қалың жаудың ішінде қалдырып, басыңды оққа байлау...
Дүрсілдеп поезд келіп қалғанда көпірдің ернеуіне иығын тіреп, рельстің астына құрып қойған дәріні сипалап, жаны мұрнының ұшына тіреліп, сол бір шиыршық атқан сәтінде ет қызуымен жарып жібермек болып ұмтыла бергенде... есіне баласы мен әйелі түсіп кетіп... Гүрс етіп аспанға ататын мұп-мұздай ажалды қолымен ұстап тұрғанда ол бір өліп тірілді. Сол түні оны ажалдың салқыны шалды. Сол салқынды бойынан шығара алмай-ақ кетті ғой азаматым.
Қасымбектің бір айтқан әңгімесі есіме түседі. «Адам деген қызық нәрсе ғой, кейде түсінбейсің» деп бастап еді ол. «Кейде бір қорқу дегеннің не екенін білмейтін, жауып тұрған оқ қыбына кірмейтін адамның аяқ астынан қоян жүрек болып кеткенін көресің. Тіпті қорықпайтын нәрседен қорқып, қаңғыма оқ зың етсе жата қалып, қиырдан самолет көрінсе шұңқырға тығылып... берекесі кетеді. Білмеймін, адамның бір жаман шошынатын, жүрегі шайлығатын кезі бола ма екен? Ондай сорлылар аман қалмайды, абыройынан айырылып, қаңғалақтап жүріп қаза болады» деп еді.
Астапыр-аллау, Қасымбектің өзі осындай халге душар болды ма екен? Бір адам шошынса, шошынатындай жағдайда болды ғой. Бір өліп тірілген адам екінші қайтып өлімге беттей ала ма? Со жолы Қасымбектің ішінде болған бір өзгерісті сезіп едім де, себебіне жете алмап едім. Ажалын қолына ұстап, аспанға атылайын деп тұрған... ет қызуымен бірден атылып кетпеген соң екінші қайтып оған жүрегің дауай ма? Қатер деген құрғырдың сол сәтіндегі үрейінен, өтіп кеткеннен кейінгі үрейі әлдеқайда жаман. Қасымбектің қабағына айықпайтын бір кірбең терең ұялап алыпты, ішінде де бір зіл жатқанын сезетінмін, енді байқасам, сол ажалды қолына ұстаған сәтінен кейін үрей деген жексұрын күйеуімнің бойына кеулеп кіріп кеткен екен. Оның үстіне екі адамды өлтіріп алып, тапсырманы орындайтын жерде жанын қия алмай жалтарған үшін бір жағынан ары қажаса...
Апыр-ау, бір жолы байқадым да, тек жай ғана таңырқап қойған екем-ау. Орман ішінде осы лагерьде тұрғанда аспанда жаудың самолеті көрініп, «воздух» деген айқай шықты да, жүгіріп кете жаздап өзін әзер іркіп, «шық тезірек» деп маған ақырды. Содан екі баланы көтеріп алып, мені дедектетіп қазулы шұқырға алып келді. Осы кезде барып асықпай жайбарақат қимылдаған жұрттың сабырын байқап, кейбіреулері алақандарының астынан аспанға қарап көздерімен көктегі самолетті іздеп тұр екен, Қасымбек ыңғайсызданып қалып еді. Сонда денесінен діріл сезгендей болып едім, өңі де қуарып кеткен-ді. Бұрын талай орындап жүрген үйреншікті тапсырмасына барғанда да алдында тұрған ажалды ғана көріп, зәресі кетіп, өзімен өзі алысып азап шекті ме екен? Дәл қазіргідей көз алдымда, қабағында бір түңілгендіктің белгісі бар еді-ау, мен оны жамандыққа жоруға қорқып, әншейін жай кірбең шығар деп жүруші едім. Бізді де әлпештеп, еркелетуін қойып алған, кенеуі кетіп, қожырап кеткен көңілін босата бермейін дегені болды ма екен шамасы — баласы түскір сүйген сайын қимастығын қоздырып, бекіте алмай жүрген буынын босата береді ғой. Тек соңғы тапсырмаға кететін күні, менің көзімді ала беріп, Дулатжанды бір түрлі ышқынып сүйді де, тез жерге түсіріп жіберді. Meнімен қоштасқан да жоқ...
Бұл жерде «сен кеше батыр-ақ жігіт едің, апыр-ай бүгін жүрегің шайлығып қалған екен» деп ешкім маңдайыңнан сипамақ тұрсын, кешірім жасамайды. Оның үстіне өзің көптің бірі емес, командир болып қарауыңдағылардың алдында қоян жүректік көрсетсең масқараның үлкені сол. Осының бәрін Қасымбек білмей жүрді дейсің бе, бірақ ол бір шайлыққан жүректің енді қайтып орнына түспейтінін, рабайда түсе қалған күнде де ұзақ уақыт керек екенін де білетін. Соғыс оған уақыт берген жоқ. Абыройсыз болмаудың, қор болмаудың жалғыз жолы — оның алдына тек қана ажал тұрыпты.
«Бұл көпір енді менен құтыла алмас» депті Прошаға. Соғысқа кіргелі тұңғыш рет соншалықты жүрегін ұшырып, жанын ит қорлыққа салған көпірге өшігіп кетті ме екен? Не де болса ажалы сол көпірдің басында болды. «Ажал тартады» деуші еді қазақ, сол көпірдің түбіне бұрын шала өлген жанын сүйретіп қайта барыпты, енді сол ит жанның сілімтігін алып қалмайын дегені ме екен? Жаны ғана емес, сол көпірмен бірге аспанға ұшып, күл болып кеткен тәні де сол топырақта қалды.
16
Өлімсіреген күңгірт сәуленің де жарығы әр түрлі болады екен. Аузы-мұрны бітеу, есік-терезесі жоқ қараңғы жеркепенің жоғарыдан жылап түсетін жарығы әлі жеткенше ұлғайып болған-ау деймін. Мана бір оянғанда төңірегім тас қараңғы еді енді зілмәнкенің іші кәдімгідей кеугімденіп қалыпты. Қараңғылық бұрыш-бұрышқа сырылып, күңгірттеніп, қабырғалар көрінеді. Бұл үңгірде бұдан артық жарық болмайды, сондықтан да ертеңгі уақыт па, әлде мен көбірек ұйықтап қалып, сәске не түс таянып қалды ма, ажырата алмадым, бірақ әзір екі бала ояна қойған жоқ, соған қарағанда уақыт ұзай қоймаған шығар. Аш балалардың ұзағырақ ұйықтағаны да пайда. Әйтеуір бір әдет те, әйтпесе уақыт есептейтін мен қай шаруамнан қалып бара жатырмын, қайта күткен адамға уақыттың көбірек өткені олжа емес пе.
Екі жылдан асты — өткізе алмай жүргенім осы уақыт. Қойны-қонышым қуанышқа толып, жастықтың буына мас болып, көңілім алып-ұшып күннің, айдың қалай өтіп кеткенін білмей қалатын шағымда әрбір азапты күнім мен сағатымды өткізе алмай қиналатын жағдайға түстім. Өмірдің есігін жаңа ғана ашқан жас адамның жауының уақыт болғаны да ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Уақыт бәрін жалмап жатыр. Кейде, соғыс тым болмаса бір күн ерте бітсе қанша адам тірі қалар еді деп ойлаймын. Бірақ соғыстың әзір бітетін ойы жоқ. Жалмап жатыр. «Жақындап қалды, ұзамай келіп қалар» деген майданның өзі бізге жетпей-ақ шаршатты. Ол майданды біз күткелі қашан, мен отрядқа келген алдыңғы жылдың ақырынан құлағымыз елеңдеп күтіп келеміз. Енді осы келіп-ақ қалды деп еді... одан бері де талай шығынға ұшырадық. Біздің отрядтың да сілімтігі шығып еді, әдейі әскер жіберген жаудың шабуылына қайдан төзсін, басқа бір жаққа жалтарып кетті ғой, тек қоршауға түсіп қалмаса.
«Біздің отряд» деймін, демегенде қайтейін, екі жылға жуық бірге болып осылардың ішіне әбден сіңісіп кеттім. Өліп тұрамыз, жаңарып тұрамыз, бірақ әйтеуір әріден келе жатқан қара шаңырақ сияқты сол отряд болып қала береді. Мен келгенде отрядта жүз қаралы адам бар еді, олардың қатары сиреп Николай Топорков, Абан Бұдашев сияқты жиырма шақты жігіт қалды. Көбі кейінірек келгендер, тіпті жаңадан келгендері де бар, солардың алдында енді мен көненің көзі сияқтымын.
Қасымбек қаза тапқаннан кейін мені бір тыныштау жерге паналата тұрамыз ба, дегендер де болып еді, бірақ майдан жақындап, жау әскері қалыңдап кеткен бұл маңайдан тыныш жер табылмады. Оның үстіне Абан мен Николай мені отрядтан қалдырғылары келмеді, содан маған көзі үйреніп кеткен көпшілік онша қарсы бола қоймады. Соңғы кезде партизандардың мазасы кетіп, маған екі баламен оңай болып жүрген жоқ, әйтеуір көптеп көмектесіп, амалдап келе жатырмыз. Сасқан кезде біреуі бір баланы көтеріп алды, бір баланы өзім көтеріп жүгірем.
Бұл екі жетімек те тумай жатып көргені сол болғасын бәріне көндігіп алған. Жұрттың жанының қысылғанын бұлар да сезе ме, жүгіріп баратып құлатып, не бір жерге соғып алсаң да қыңқ етіп жылауды білмейді, тек маймылдың баласындай кісінің бауырына жабыса береді. Орман ішінде лагерьде тұрғанда төбемізге жау самолеті келіп қалып, «воздух» деп айқайлағанда, жұртпен бірге өздері шұңқырға қарай жүгіреді, Дулат окоптың ернеуіне келіп, жата қалып домалап түседі, одан екі елі қалмайтын кіп-кішкентай Света үрпиіп, дәл шұқырдың ернеуінде тұрып қалады.
Қасымбек қайтыс болғалы екеуінің салмағы мен үшін бұрынғыдан да ауырлап кетті. Бірақ ойлап қарасам, бір жағынан менің біраз қасіретімді жеңілдетіп тұрған да осы екеуі. «Осы екеуі» деймін, іштен шықпаса да, кішкентай Светасы түскірді Дулатымнан бөліп тастай алмаймын, тіліме бірге оралады. Қасымбек қаза болғанда шашымды жұлып жыламасам да, әлде сол жыламағанымнан ба екен, білмеймін бір зіл салмақ мені басып бара жатты, тіпті денемнің де ауырлап кеткенін байқадым. Тірі жанмен тілдескім келмейді, бір-екі рет Абан қазақшалап жұбаныш сөздер айтып, көңілімді демегісі келіп еді, менің түрімнен шоши ма, сөзінен жаңылып, ыңғайсызданып, қипақтап отырып кетіп қалатын болды. Мен болсам бейне бір меңіреу далада қалғандаймын, Абанның сөзінің де мағынасы жоқ, төңірегімде қарауытып жүрген адамдардың тірліктерінің де мағынасы жоқ. Ертең не болам дегенді де ойламаймын, өйткені ертеңгі күнде де ешбір мағына жоқ сияқты. Кеше ғана тірлік үшін тырбанып, бір жағы жаумен соғысып, бір жағы қатын-баласының қамын ойлап, алдағы күннен үміт етіп жүрген Қасымбек не болды? Аңсаған арманың, тағатсыз күткен жақсы күнің, тыпыршыған тірлігің көзді ашып жұмғанша жоқ болады. Қасымбек те көз жұмғанша тырбанып, сол алданышпен кетті, әбігерден айықпай, өздерінше бір нәрсе тындырдым, не тындырам деп жүрген мына жұрттікі де, бүгін болмаса ертең жоқ болатын сол алданыш емей немене. Менікі де сол. Дәл осылай ойладым ба сол кезде, әлде осылай сезіндім бе, cipә солай сезінген болармын, ондай шақта менде жүйелі ой қайдан болсын, тек тұла бойым құлазып, дүние сұп-сұр болып, азынап баратқанын білем.
Бір күн бойы екі балаға да қарамадым, кейде маңымда жүргенін байқаймын, кейде, еркектер алдарқатып алып кете ме, көзіме түспейді, оларды іздеп алаң болуды да қойып алған сияқтымын. Кіп-кішкентай болса да баланың іші де бір нәрсені сезеді-ау деймін. Дулат келіп қыңқылдап мазамды алмайды. бір-екі рет өрмелеп мойныма асылғанда итеріп түсіріп жіберіп едім, әдетінше қайта жармасып, жылап мазамды алудың орнына, үндемей жүре берді, бірақ сонда да шешесінің бір үлкен қасіреті барын білгендей, мені төңіректеп кетпей қойды. Көзі жаутаңдап маған қарап қояды. Содан бір кезде:
— Папам қашан келеді? — деп сұрады.
Қалай тіріліп кеткенімді, баламды қалай құшақтай алғанымды өзім де білмей қалдым. Бауырыма қысып алып, екі бетінен жабысып сүйе беріппін. Бір кезде ағыл-тегіл көз жасым екеуміздің бетімізді шылқытып, жуып кеткенін байқадым. Мына ажалдай азынаған сұп-сұр суық дүниеде жылтыраған жалғыз шырағымды өшіріп ала жаздаппын ғой. Кешеден бері баламды елеусіз жалғыз қалдырғаным үшін жүрегімді үрей билеп, енді қолымнан шығарсам айырылып қалатындай көріп жабысып қалдым, ауық-ауық ышқынып даусым да шығып кетеді. Осы бір үрей мені қайта тірілтті. Енді қашан кеудемнен жаным шығып кеткенше осы сәбидің өмірі үшін алысатынымды сездім.
— Иә, сөйтіп өзімнің үйреншікті тірлігіме қайтып оралдым. Қасымбек қаза тапқанмен аспан құлап жерге түскен жоқ, партизандардың өмірінде де елеулі өзгеріс болған жоқ, күн сайын қазаға ұшырағандардың бірі болып бұл дүниеден кете барды; тек менің ғана сүйенген жарым омырылып түскендей бір жаным үңірейіп қалды. Әйтеуір кеудеден жаным үзіліп шыққанша тырбана беруге үйренген машығым бар, жүгім екі есе ауырлап кетсе де тырбана бердім.
Тек бір осындай оңаша қалғанымда, өткенім мен кеткенім көз алдыма қайтып оралып, ойы құрғыр іші-бауырымды осып — осып жіберетіні бар. «Қасымбек капитан Гастеллоның ерлігін қайталап, өз жанын құрбан етті, біз оны мақтан етеміз» деді Носовец. Осалдығым шығар, менің жүрегімде мақтаныштан қасіретім басым. Ерім Гастеллоның ерлігін қайталапты, бірақ менің балама әкесін бұл дүниеде ешбір адам қайталай алмайды. Менің жоғалтқан жарымның орнын ешкім толтыра алмайды. Жеп жатыр, мына соғыс, жалмап жатыр. «Жеңіс» деген жалғыз ауыз сөзге жеткенше әлі қаншасын жалмайтынын бір құдайдың өзі білсін. Бірақ қанша құрбандық, қанша шығын керек болса да мына қозғалып кеткен соғыстың машинасы соған жетпей тоқтамайды, алдыңғылардың құрбандығын ақтау үшін соңғылар да құрбандыққа барады. Екі жауынгерін құрбан етіп, ажалмен бетпе-бет келгенде қатын-баласы есіне түсіп кетіп, бір тайқып қалған Қасымбек, жүрегі қанша шайлықса да екінші рет тайқып кете алмады, өзін құрбан етті. Өйтпесе енді қайтып жер басып жүре алмас еді. Осының бәрін түсінетін-ақ сияқтымын, бірақ бәрібір ет жүрегім қан жылайды. Ойсыраған олқымның орнын ешбір дәлелмен де, уытты сөзбен де толтыра алмаймын.
Бұл обыр соғыстың ресми тілінде адамның ат-есімінен гөрі сан есебі көбірек айтылады: «Он бес адам қаза тапты», «отыз адам шығын болды». Биыл көктемде немістер партизандарды үлкен орманнан қуғанда ондай цифрлар тіпті көбейіп кетті. Көрші бригаданың мың екі жүз адамынан жүз жиырмадай ғана адам тірі қалыпты деп естідім, ең шығыны аз деген біздің отрядтың да бестен бірі ғана қалды. Осылардың барлығы цифрмен есептеледі. Қиын соғыста он шақты адамын беріп құтылса — «шығынымыз аз болды» деп қуанып қалмаса да, кәдімгідей көңілдеріне тоқ санайды. Сол он шақтының әрқайсысы біреудің бір Қасымбегі, Светасы емес пе? Он екіде бір гүлі ашылмаған қыршын жас Проша да соңғы соғыста қаза тапты. Қасымбек қазасынан кейінгі мені қатты қинаған осы баланың ажалы болды. Кәмпит сорғандай қусырылып тұратын екі ұрты бұрынғыдан бетер қусырылып, дүрдиген үстіңгі ерні жұқарып күрек тісіне жабысып, боп-боз болып солып қалған жансыз бет-бейнесін көргенде... қанша қырғынды көріп келе жатсам да осы бір өлім маған тіпті түсініксіз, жаратылысқа жат-сорақы болып көрініп, тұла бойым мұздап қоя берді. Көзімнен жас шықпай Прошаның өзіме сонша таныс бетінен титтей болса да тіршілік белгісін іздеп, қадалып қатып қалыппын, бірақ тірліктің саңлау сәулесі көрінбей қыршын жастың бетіндегі ажалдың салқыны менің өн бойыма кеулеп кіріп баратқандай болды.
«Прохор Усачев совет халқының адал ұлы. Ол жеңіс үшін қыршын жанын құрбан етті» деді Носовец Прошканың бетін жауып жатып.
«Жеңіс үшін жанын құрбан етті»... Бұл жеңістің құрбандығы көп... тым көп болайын деп тұр. Сол құрбандыққа бару үшін де, жұртты апару үшін де шімірікпейтін жүрек керек. Өз қазамды қайтейін, жазмышты күтіп, келер деп жүрмін ғой, бірақ өзгені құрбандыққа байлайтын мықты жүрек менде жоқ. Сірә «жеңіс» деген менің шұрқ-шұрқ тесік қалқансыз, осал әйел жүрегіммен емес «қабырғасын қақыратып сөксе де» қайыспайтын Носовец сияқты мықтылардың шімірікпейтін болат жүрегімен жасалатын нәрсе болар.
17
«Тірі болсам келемін» ден еді Абан. Менің ендігі бар тілегенім: Абанның тірлігі. Кеудесінде жаны болса ол бізді іздеп таппай қоймасы — кәміл. Қасымбек тапсырмаға шыққанда дәл өз қасына Абанды ерткенін көрген жоқ едім, мезгілінде байқамаған біраз сырды кейін аңғарып келемін — «біріміз өлсек біріміз қалайық» дегені екен ғой.
Осы отрядтағы айналдырған үш қазақ бір үйлі жандай болып кеттік те. Абан Қасымбектің еркелетіп өсірген кенже інісіндей арсалаңдап бізге тіпті еркін болатын. Мені бірде жеңгей» деп үлкейтіп, бірде «Нәзікеш» деп кішірейтіп, Қасымбекті де оңаша жерде командир тұтып жатпай бірде «ақсақал», бірде «Қасеке» деп сапырып сөйлегенінде де ерсілік жоқ, бәрі жарасын тұратын. Өзі балажан: қолы босап кетсе ермегі Дулат, оны аспанға атқылап, арсалаңдап мәз болып жалғыз өзі лагерьді басына көтеріп жатқаны. Қасымбектің қазасы бұл жігітті де өзгертіп кетті. Бұрынғыдай аңқылдауын қойып, даңғыр-дүңгір салдырлақ мінезінен жаңылып, бойына қаяулы сабыр кірген. Алғашқыда бейне бір ауру баққандай, өзінің әр сөзі мен қимылына қарауыл қойып, аяғын да еппен басатын сияқты көрінді маған. Дулатты секіртіп ойнатқанда да бұрынғыдай тапыраңдап даурықпайды, тек бала шықылықтап күлген кезде шыдай алмай, күлкісінің астына күрсінісін төсеп, ақырын ғана жайымен күледі. Баяғыдан бері әңгүдіктеу көрінген жігіт кісі қасіретіне ескерімпаз болып шықты.
Қайғылы қазадан туған Абанның осы жаңа мінезі өзіне жарасып та, жараспай да жүрді. Алғашқыда жұбаныш айтқанда маған «жеңгей» деп жүрді де, содан кейін атаусыз сөйлесетін болды. «Жеңгей» десе Қасымбекті есіме салып жарасын шұқылай берермін дегені болар, ал «Нәзікеш» дегені енді ерсілеу көрінетін сияқты. Ылғи бетіне өзі қарап бірдеме демесе қашанғы кісімен атаусыз сөйлесе бересің, «әй» демесең, кісіні әйтеуір бір нәрсе деп атау керек қой. Жасым кіші болса да, жолы үлкен деп маған жасаған ізеті болар, ақыры Абан мені «Нәзеке» дейтін болды. Бұрын жақын тартып жадағайлау кетіп, көбіне «сен» деп сөйлей беретін Абан бірыңғай «сізге» де кешкен-ді. Әйтсе де, «соғыс» деген құрғырдың мінезі шапшаң да доғал, жол-жоралғы, ізет-инабатты сақтатып кісіні сызылтып қоймайды, көп жеріңді төтелеп жібереді. Абанның да қазадан кейінгі ауру баққандай өбектеген ескерімпаз сынықтығы мен аяғын қысқан тар етіктей мазасын кетірген сызылған сыпайылығы ұзаққа барған жоқ. Қысылтаяң кезеңде «баланы маған бер, өзің қалма» деп Дулатты бір қолына алып, бір қолымнан сүйреп дедектете жөнеледі. Кейде ұрыс кезінде ашық жерде жатып қалсам, екі етегі далақтап жүгіріп келіп, сүйреп, шұқырға апарып тығып: «осы арадан қозғалушы болма! Басыңды көтерме!» ден зекіп тастайды.
Аласапыран соғыс тұсауын ағытып жібергендей Абан азғана күнде-ақ бұрынғы аңқылдақ мінезіне қайтып оралады. Әйтседе оның дәл бұрынғы Абан емес екенін, ішім сезеді; үлкен үйдің ерке баласы, жалғыз ағасы өліп, ендігі үлкен өзі болып қапелімде есейіп шыға келгендей. Екеуміздің орнымыз да өзгеріп кеткен сияқты — бұрын көбіне менің аузыма қарап, ығымды алып жүpce, енді өзі бас болып менің тізгінімді қолына алған.
Соғыс өткен қазаны кейінгі көп қазамен ұмыттырып, өлген адамды көп жоқтатпайды; бұл соғыстың қияметі мені де шашымды жайғызып, қара жамылдырып отырғызып қойған жоқ, дереу тіршілік қамына араластырды. Екі жетімекті жетелеп, саябыр болса партизандардың қазаң-ошағының маңында, қым-қуыт ұрыс болып кетсе көптің ішінде жан сауғалап, бас бағып кете бардым. Қияметсініп жүрген партизандардың бұрынғы өмірі қазір көзімізден бір-бір ұшты. Былтырлары үлкен орманның терең түкпірінде орнығып алып, айлап тұрушы едік, биылғы жазда байыз таппай кеттік. Дұшпанның әскерімен жол-жөнекей жүре соғысып, түлкі құйрыққа салып із адастырып, жиі-жиі орын ауыстырамыз. Мұндай үдере көшіп жүрген жортуылда, көпшілік саған қанша қамқор болғанмен жан алқымға тірелгенде кімнің жанында тұрасың, меншікті азаматың болмаса, қос балалы әйелдің хәлі тіпті мүшкіл болады екен. Николай Топорков командир мені Абанға тіркеп берді де хәлімді жеңілдетті. Жаумен ойда жоқта соқтығысып қалып атысып жатқан кезде де Абанның бір көзі жауда болса, бір көзі бізде болды. Азғана аялдай қалған жерде қарағайдың бұтағынан итарқа-күрке жасап алдымен бізді жайғастырады. Содан обозда тамақтан өтетін бір нәрсе болса тауып әкеліп, алдымен біздің қоста түтін түтетеді. Абан былай әңгүдіктеу көрінгенмен епсекті жігіт, тарыққан кезде әйтеуір жүрек жалғар бірдеңе болса қымқырып бізге әкеліп: «мә, мынаны екі балаға талшық қыл, өзіңді де құр қалдырма, емізіп жүрсің ғой» деп тәртіп беріп қояды. Әйтеуір тапқанын бізге тыққыштайды. Бір жолы ескілеу одеял тауып әкеліп: «қолың тигенде мынадан балаларға қатырып пальто тігіп бер, қыстың қамын жазда ойламай болмайды» деді.
Шынымды айтсам, биылғы күздей нағыз мазасыз қатерлі кезеңде Абан Қасымбектің жоқтығын білдірмеді, иесіз қалған кішкене шаңыраққа өзі қамқор, өзі ие болып, бар ауыртпалығын арқасына салып алды, тіпті сырт көзге де кішкентай екі баласы бар шағын жорық семьясы болып көрінетінбіз. Осы хәліме өзім де үйреніп алдым, Абансыз күнімнің не боларын білмеймін. Сөйтіп жүргенде Абан маған бір күні сөз салды. Өзі көп ойланған болар, «Дулатжанды жетім қалдырғым келмейді, бар дозақты бірге кештік қой, тірі болсақ қалған өмірімізді де бірге өткізгім келеді» деп өте орынды да, жанды жерден ұстайтындай өтімді айтты.
Мен оған бірден жауап қайыра алмай үнсіз қалдым. «Абаннан ондай сөзді күткен жоқ едім, тас төбемнен түскендей болды» деп көлгірситін жайым жоқ, ол маған көзін сүзіп, телміре қарап жаутаңдамағанымен, жанашырлық жай қамқорлықтан басқа да бір ықыласының бар екенін ішім сезген. Қайраты тасыған еңсегей бойлы апталдай жігіт екі жыл бойы қу тізесін құшақтап келе жатса... «Қара ешкіге жан қайғы болғанда» мен өзге ешнәрсені ойламадым» десем де бекер: «жан қайғысы» бір күн емес, бір ай емес, жылдап созылса ойлайтын нәрселерің де көп болады, мен де біраз нәрсе ойлағанмын. Абанның осы сөзді айтарын алдын ала сезгенмін де, шынымды. айтсам күткенмін де. Жесірліктің несі жақсы болсын. Осы бір маған өзінен өзі сүйеніш болып, бар ауыртпалығымды арқалап алған жігіттің кейін де арқасынан түскім келмейтін бір бойкүйез тілек көңіл түкпіріме кіріп кеткен, бірақ осы тілегімді өзім оғаш көріп іштей қысылып жүретінмін. Білмеймін, ұрлық ойымның үстінен түсе қалғанға ма, әлде көлгір төңіректің қаңқуынан құдайдың қаһарынан бетер қорқатын, қазақ әйелінің мүләйім жандылығы ма, әйтеуір Абан әлгі сөзді айтқанда үнсіз қалдым, бетімді бір нәрсе қыздырып баратқанына қарағанда қызарып кетсем керек. Meн тілсіз қалған соң Абан да қысылды ма, одан әрі қыспақтап жауап сұрамай, жаңағы батылдығы мен орнықтылығынан айрылып, қипақтап аз отырды да, мені өз ойыммен оңаша қалдырып, сыртқа шығып кетті.
Бұған не деуім керек? Мұндай сөзге қамсыз болмасам да дағдарып қалдым. Алдымен келген ой: «Қасымбектің жылын бермей жатып...» Бірақ мына соғыс кімнің жылын бергізіп жатыр. Күйеуімнің қайтыс болғанына екі айдан асыпты. Сол екі ай, екі жыл емес, бейбіт кездегі жұрттың жиырма жылда көрмейтінін көрсетіп, тауқыметін тартқызған жоқ па? Алдымыз және неғайбіл. Абанды асықтырған да сол неғайбілдік емей немене. Әрине ел ішінде болса: «бетім-ау, күйеуінің топырағы суымай жатып, мына қаншықтың шыдамағаны не масқара» деп талай қатындар бетімді айғыздай қылар еді. Бұл арада өйтіп күстана қылып масқаралайтын, тіпті құптамаса айыптай қоятын адам жоқ. Бірақ сонау артта қалған ел-жұртым бастарын шайқап, таңдайларын қағып жазғыра қарап тұрғандай бір әсер пайда болды көңілімде, көнгім келсе де осы көрінбейтін көптің көзқарасы кері қарай тартады. Бірде Абанның сөзіне сенгім де келмейді. Әрине бұл айтып тұрған сөзі дәл қазіргі адал, шыны ғой, бірақ өмір деген құрғырың кісіні қай сертінде тұрғыза береді. Ертең мына сүргін бітіп, құдай тілегімізді беріп аман-есеп туған жерге оралсақ, қылқандай қыршын жігіттерін мына соғыс жалмап кеткен елде кездері жәудіреп небір қылқиған қиғаш қастар отырған жоқ дейсің. Сонда ол жігіт шыдап тұра ала ма? Ағайын төңірегі де құлынды бие жетелеп келгенін қомсынып, өз теңіңді тауып береміз деп құлағының құрышын жеп жатса... Әлде, мен оған тең емеспін бе? Абаннан жасым кіші болғанмен өзімді одан үлкенсінем. Бұл әлде Қасымбек тұсында жеңге болып, жолымның үлкен болғандығынан қалған әсер ме екен? Әй, сірә одан ғана емес, кейде өзіме өзім көпті көріп көзі ашылған, тіпті cap қарын тартқан кексе әйел сияқты көрінем. Мына соғыстың ыстығы мен суығы, аштығы мен азабы ажарын алған тәнім ғана емес, небір сорақы сұмдық, ажал мен үрей қарыған жаным да көн болып ескіріп кеткен сияқты, көз сүйсінерге қызығып, көңілім түскенге елп ете қалар елгезек жастық жоқ қазір менде. Айтылған сөзге алаңсыз сене қалмай астарын ойлайтын, алдымда тұрған адамның бетіне қарап қана қоймай, көбесін сөгіп көмбесіне үңілетін залым мінез тауыппын. Абан маған, өмірдің өзі үйлестіріп келе жатқанда, өз алдыма ашық мойындауға бата алмасам да, көңіл түкпірімде дәметіп жүрген сөзді айтқанда, тоқырап қалу себебім де содан болар. Дұрыс болып шыға ма, бұрыс болып шыға ма, қайдан білейін, Абанның да ар жақ, бер жағын анық көріп отырған сияқтымын өзімше. Иә, ол ақ көңіл, ашық жігіт, бірақ сол тым ашық деген адамдардың да кейде қалтарысынан бір пәле келуші еді. Ол қалтарыста не жатқанына әзір менің көзім жетпейді, бірақ әйтеуір қазіргі ықыласы түзу, оны білем. Осы ықылас ұзаққа кететін айнымас сезім болып қала ма, әлде заман түзеліп елге барғанда соғыс таңдау бермей қолына іліккеніне ұрындырған ашқарақ мауқы басылып... Өз көңіліме де сене бермеймін, қызуы қайтпайтын ыстық бар ма, ертең аптығы басылған кезде есік-терезесі ашық жиһазсыз бөлме сияқты осы жігіттің жадағайлығы жалықтырып жібермей ме?.. Көзі тірісінде Қасымбек туралы сондай бір қауіп көңіл түкпірімде шым ете қалатын, Абан сияқты ашық емес бір тоға, тұйықтау болғанмен ол да бір ыңғайлылау болып көрінетін. Бірақ оның қатпары қалыңдау, әлі де ашылмай жатқан көмбелері бар-ау деп топшылайтынмын.
Қаңқу сөзге ілікпеу үшін қаршадайынан сыртын жуасытып, сырын ішіне бүгіп үйреніп қалған қазақтың қызы емеспін бе, әншейін көлденең күдікті көңілімде қанша күнсіткенмен мына қақаған соғыс та, оның аржағындағы қараша өмір де менің қалауымды беріп қоймайтынын, бөтекесі түскір біліп-ақ тұр. Тірі болсам, тұлыпқа мөңіреп отыра бергеннен гөрі, балама әке, өзіме жолдас керек. Сонда көз көрген Абаннан артық кімді табам? Анау-мынау бұлталақ ойдың бәрі — бірден құлай кетпей, аз да болса әдеп сақтаудың далбасасы ғой. Абан жиырма беске келген соқтауылдай жігіт болса да балаң мінезінен арылмаған ба, мен үндемей қалғаннан кейін енді батып сөз айта алмай, сөз емес-ау бетіме тіктеп қарай алмай жүрді. Жауабын тікелей қайырмай араға уақыт салып алған соң енді келіп сөз айтқаным өзім ұрынғандай көрініп қысылып мен жүрдім. Мынау күнде қыршын жатқан қырғын соғыстың бетімізден сыпырып алуға әлі жетпеген бір желегі бар ма, екеуміз де қарап жүріп ыңғайсыз халге түстік. Несін жасырайын, бірден «иә» дей салмағаныма деген өкінішіме, көңілдегі ойын қайталамаған Абанға деген ренішім жалғасып, кезек мазалайды.
Осылай мен әуре-сарсаң оймен әлек болып жүргенде екі күннен кейін Абан түнгі тапсырмаға кетті. «Тапсырма» дегеннің көбі-ақ шарт та шұрт түнгі соғысқа айналып кететін қатерлі нәрсе болғанмен, партизандар өмірінде ол күнделікті атқарып жүрген кезекті жұмыс сияқты. Жұрт кетерінде қоштасып, бақұлдасып жаман ырым жасап жатпай: «сау бол, жол болсынмен» қала береді. Абан да: «таң ата оралатын шығармыз, балаларға да тамақтан өтетін бір нәрсе қарастыра қайтармын» деп жүре берді. Сол түні ұйықтай алмадым. Бұрын да, өзіме сүйеніш болған осы жігіттің амандығын тілеуші едім, бірақ сол түні жүрегім діріл қағып, құдайдан ба, тағдырдан ба, әйтеуір дүниеде не құдірет болса содан Абанның аман келуін, сасқаным шығар, тым болмаса дәл осы жолы аман келуін тілеп жалбарына бердім. Егер жазатайым болып кетсе мойнымда Абанның қарызы кететін болды, кеше ап-адал ниетімен пейілін білдіріп алдыма келгенде, жоқ, ол зәредей жалған айтқан жоқ, кежегем кері тартып ықыласын қайтарып тастадым. Жауабын ала алмаған соң айтқан сөзін ағат санап, соншама қысылып қалғаны — мені сыйлағаны, тіпті сыйлау ғана емес жақсы көргені шығар, әйтпесе, мына соғыс сызылған сыпайылардың өзін анайы қылып жатқанда ойына келгенін қойып қалатын әпербақандау жігіт, не де болса бір жауабыңды айтсайшы» деудің орнына ұят жасап қойған баладай қыбыжықтар ма?! Мені қатты қинағаны Абан сол ұяты құрғыр жанын жегідей жеген жаман сезіммен жазатайым болып кетсе... бар обалы менде емес пе. Менің де тілімді байлап қалған сол «ұят» деген құрғыр еді. «Ұят» деген сөз есімді білер -білместен-ақ құлағымды сарсытқан: қыз балаға үлкендердің үстіне кipген де ұят, секектеп жүгірген де ұят, жігітпен құшақтасып сүйісу тұрсын, оның бетіне қарап күлген де ұят. Қаршадайымнан сұм едім, осының бәрін біреу көріп біліп қалса, қаңқу сөз боп кетсе ұят, ал ешкім көрмесе, ішінде ит өліп жатса да біразының-ақ ұяла қоймайтынын сезуші едім. Сол ұятты көп айтатындар өз арының алдында сірә онша ұяла қоймайтын болар; өйткені сөздерінің сықпыты да: «ойбай-ау, біреу көріп қалса ұят қой, жұрт естісе масқара ғой» деп келетін, «жұрт не дейдісі» және бар. Сонау көз көрмес алыста жатқан жұртым, енді кайтып көрісуім екі талай жұртым «не дейді» деп мен де көңілдегі ойымды іркіп Абанды ренжіттім. Масқара-ау, мына жалғандық жүрмейтін ажал алдында да бойыңа сіңіп кеткен жақындықтың қалмайтын болғаны ма?
Света... қатесі, қасіреті болса да жәдігөйлігі жоқ еді-ау оның. Жұрт біреу көрмесе тісінен шығармайтын масқарасын менің алдыма жайып салып өзін өзі аямай жазалаған жоқ па еді, Николайдан да тайсалмады, араларына жақындық салып жарастық іздеген жоқ. Ойлаған сайын осы құрбым еркек-ұрғашымыздан бірдей бөлініп биіктей береді. Көңілі менікіндей болып, менің орнымда болса ол өйтіп көлгірсімес еді. Ұяламын деп Абанды ұялтып жібердім. Оныкі менікіндей ««аттанды ұят емес шын ұят қой: «күйеуінің қазасына жылы толмаған қаралы әйелге сөз айттым, сол үшін ол менен түңіліп, шошып кетті» деп ішін ит жалатқандай кірерге тесік таппай жүрген шығар. Таң атқанша мені қинаған осы хал болды. Жазығы Қасымбектің артын тоздырмайын деп ауыртпалығын арқалағаны ма? Жазықсыз ұяттан арылмай тұрып көзі жұмылып кетпесе екен, деп дөңбекши бердім.
Ертеңгілік, «Абандар аман келді» деген хабарды естігенде етегіме сүрініп күркеден әзер шықтым. Баяғы әскери форма қашанғыға шыдасын, бұрынғы солдаттар да, Николайдан өзгесі, басқа партизандар сияқты қолдарына түскенін киетін болған. Абанның да баяғы, жабағысы жүнделмеген тайлақ сияқты екі жамбасын томпитып, сирағын сидитып тұратын галифесі жоқ. Санын қысып тырсиған тар шалбардың балағын етіктің қонышына тығып, белін қайыс белбеумен буып, үстіне жеңі қысқалау ықшам күртке киіп алған. Қол-аяғы серейіп өсіп кетіп, ескі киімін жаңарта алмай жүрген ересек бала жігіт сияқты. Тек жақындағанда ғана кең шықшыты бұрынғыдан да үлкейіп, құлақ түбінен бөлініп шығып, қызыл шырайы сұрланып, бет терісі қалыңдап есейіп қалғанын сезесің. Томпақтау дөңгелек қой көзі де шүңірейіп тереңдеп, нұры өткірлене түскен. Сол түріне қарап ересек дейін десең бір нәрсеге мәз болып арасалаңдап шыға келгенде бала сияқты. Осы жігіт ересек пе, бала ма, соны өзім де ажырата алмай қаламын. Қазір де алыстан қарағанда қысқа жеңінен серейіп шығып кеткен балаң жігіт болып келе жатыр еді, қасыма таянғанда ауыр түнде ұйқы көрмей қарауытып қажыған суық жүзіне көзім түскенде, ар жағымнан атылып кетейін деп тұрған қуанышты даусым алқымыма тығылып кептеліп қалды. Бар айтқаным:
— Әйтеуір, аман-сау келдіңдер ме? — деппін.
— Пәлендей қауіпті еш нәрсе болған жоқ. Немістер ұйықтап жатыр екен, — дей салды Абан. Содан кейін кішкене көңілденіп: — Балалардың да несібесі бар екен. Құдайға шүкір, құр қол қайтқаным жоқ, — деп бір түйіншекті ұстата берді.
«Рахмет» дегенім шығар, аузымды қыбыр еткізіп, Абанның қолындағы түйіншекті алып, селтиіп тұрып қалыппын. Содан «ойбай-ау, қазір бұрылып жүре берсе қайтем» деген ой шошытып:
— Өзің де отырсайшы, бірге тамақ ішейік, — дедім, — Қазір су қайнатып жіберейін.
— «Бәрімізді тойдыратын өзі де мардымды нәрсе емес... Байғұс бір кемпір қосымызда екі кішкентай баламыз бар еді дегесін... Өзі бір көңілшек адам екен... қайтсын енді...»
Абанның сөзі бір құлағымнан кіріп, бір құлағымнан шығып жатыр, өз ойыммен арпалысып мағынасын шала-шарпы ұғамын. Түні бойы дөңбекшітіп, қинаған ойларым қайда? Абан жазатайым болса үлкен ренішпен, жанын жегідей жеген жалған ұяттың күйінішімен құса болып көз жұмады-ау деген қорқынышым қайда? Мына өтірік жүрмейтін қалың соғыстың ортасында да қылымсуым қалмағаны не пәле? Абан енді батып, қайталап сөз айта алмайды ғой, осы жігітті әрі-сәрі қылып азапқа салып қойғанша, жауабын өзім қайтаруым керек емес пе? Екі бала сүйретіп, осы көпке масыл болып жүрген мүсәпір қатын сонша бұлданатын нең бар? деп өзіме ыза болам. Ыза болған сайын булығып, еш нәрсе айта алмай сыздана берем. Сөзіне жөндеп құлақ қойып тыңдамай тұрғанымды сезді-ау деймін, Абан «ал мен жігіттер жаққа барайын» деп ыңғайлана берді. Абан енді кетсе арамыздағы бір нәрсе үзіліп кетердей шошынып:
— Жоқ, жоқ... Кеткені несі.., қазір мен шай қайнатам... тым болмаса ішіңді жылытып ас-су ішпей... Сонша жерден түн қатып соғысып келгенде... Түнімен ұйықтай алмадым... Зәре-құтым қалмады. Құдай сақтап енді аман-сау келгенде,.. — деп бәйек болдым да қалдым.
Шай үстінде есімді жиып, бойымды тежеп, ойымды сұрыптасам да, қызарып-сұрланып, қысылып-қымтырыла отырып, ақыры Абан сөзінің жауабын бердім... Бұрын да жұбымыз жазылмай, тағдырымыз тіркесіп келе жатқан жандар едік, енді бір үй болып жұптастық. Абанның ар жағы көрініп тұрады ғой, оның бар ықыласымен құлағанына шүбәм болған жоқ. Тек оның мол ықыласының орайын мен ғана толтыра алмай жүрдім. Біз үшін жанын аямай жүрген осы бір ақ көңіл жігіттен аянарым жоқ-ақ сияқты еді, өйтсе де, көңілім мен нәпсіме түскен бір тұсау бар; сол тұсауы түскірді ағыта алмай-ақ қойғанмын. Қосылған алғашқы күндері тіпті мазасыз болдым. Аңсары қатты, арынды жігіттің аптығы нәпсімді оятып жіберудің орнына, көңілімді үркітіп тастайды. Қасымбектен өзгені көрмеген надан тәнім де тосын еркекті жатырқайтын тәрізді. Байқасам — арамызға Қасымбек кіріп кетеді екен. Күндіз екеу болғанмен төсекте үшеуміз... Осындай алаң көңілден арыла алмай әуре болдым. Абанда ондай сезім бар ма екен? Сірә жоқ шығар, мен сияқты кіді емес, екіге жарылып алаң болмайтын, көңілі тұтас, бір беткей жігіт қой, ол тұрмақ менің қақ жарылған хәлімді де сезе бермейтін тәрізді. Абан алаңсыз болса, айыбы не? Тек менің өзім әр нәрсеге әккі болып кетіппін; біреудің ар жақ-бет жағына сұқ көзімді жүгірткіш, әсіресе өз көңілімнің бүкпелері мен ұры қалтарыстарын тіміскілегіш қазымыр мінез тауыппын.
Содан шығар, Абанды да қазір алақаныма салып, айналдыра үңілгендей ар жақ-бер жағына көз жүгіртем. Абан мені «Нәзікеш» деп еркелетіп сөйлейтін болды, өйдемегенде қайтсын, енді балама әке, маған жар, шаңырақ иесі қожайыным ғой. Бірақ мен тым есейіп кеткенмін бе, ыңғайсызданып еркелей алмаймын. Екінші некемнің алғашқы некемнен, ендігі жай-жапсарымның бұрынғыдан өзгеше боларын сеземін. Алғашқыда жасым он сегізге қараған сырықтай қыз болсам да, бетім ашылмаған бала едім. Қасымбек менен жеті жасы үлкен, көрген түйгені көп, қабырғалы азамат,.. мені балаша бөктеріп алып жүре берді, мен де тізгінімді соған ұстатып, соның ырқына жығылдым; ол тірі болса біріміз үлкендіктен, біріміз кішіліктен жазбай өмір кешетін түріміз бар еді. Екінші қадамымды есейген, көңілі кексе тартқан әйел болып аттадым. Мені есейткен, есік көргендігім ғана емес, мына сұм соғыс. Абан мені қанша «Нәзікеш» деп еркелеткенмен, тілінде болмаса да, ділінде мен оған «Нәзеке» боламын. Мұндай ашық-тесік аңғал адамдарға бір қабаты болса да қалың, аз да болса, қымқырмасы бар жетекші керек. Қасымбекке бала болсам, Абанға ана боларымды сеземін.
18
Тағы да бір таң атты. Қанша үнемшіл болсаң да, қысқа жіп күрмеуге келген бе, азығым да түгесілді, қалған азығым — кішкентай Светаның жұдырығындай ғана қатып қалған қара нан. «Алда қандай уақыт бар», — деп қазақ соңғы талшығын қара күнге сақтаушы еді, бірақ менің «қара» емес күнім де шамалы. Қалың немістің қуғынынан өздері жанын қорғар жер таппай жүрген партизандардың мені қашан іздеп тауып алатынын бір құдайдың өзі білсін. Қанша қытымырлансам да, екі нәресте шыдатар емес, солып қалған емшегімнен де тандыры кетпей балалардың таңдайына тиетін тамшы жоқ, амалым қанша соңғы бір шөкім нанды беремін де, ендігі нәсіпті тәңірден күтем. «Менің басым піскен бас», — деуші еді біздің елдегі бір қазақ, мен шыдармын-ау, тек мына екі бала шыдатса.
Қатқан нанды асап жейтін бұл екеуінде тіс қайда, титтей нанның шетінен шөкім тістеп алып шайнап бердім. Қара нанның ашқылтым тәтті сөлі таңдайымды үйіріп, солқылдатын әрі қарай кетіп барады. Қаттырақ шайнағанда, ерімеген түйірлерін де аузымның суымен қоса жұтып жібердім, байқамасам, ашылып тұрған араным мына бір жапырақ нанды қылқ еткізер түрі бар. Жағымды қысып алып, көзімді жұмып аз отырып, нәпсісі құрғырды әзер тежедім. Аштықтың да өз мінезі бар, өне бойы ішіңді тырналай бермей, бірақ өзін де ұмыттырып жоғалып кетпей, қолқаңның түбінде ақырын ғана мүлгіп жатады, екі балаға нәр татырам деп, сол сайтанды оятып алдым.
Қанша кішкентай дегенмен, әлгі бір шайнам нанға қайдан тойсын, бұл екеуі менің аузыма үңіліп, енді жағым қимылдамағасын, алдымен Дулат емшегіме қарай өрмеледі. Өзім аштықпен алысып, ызам келіп отырғанда, итеріп тастап едім, солқылдап жылап қоя берді. Бір жағынан маған қарай ұмсына берген кішкентай Света, өз баламды итеріп тастағанымды көріп, бата алмай, тұрып қалды. Көзінің астымен бір-екі рет қарап алып, менің жібімесімді білген соң, Дулат та тоқтады.
Өзім ойлап таппаған, өзінен-өзі келген жан сақтаудың тәсілі болар: осылай анығын тарыққанда, не бір қатер төніп қорыққанда, есек дәмені талшық етіп, үзілмейтін үміттің соңына ілесіп, алаң боламын. Көбіне шыдадым, енді азы қалды ғой. Менің де азабымның адыры таянған шығар — біздің Қызыл әскер таяп қалды, әне-міне жетеді деп жұрттың бәрі, құр болжам емес әр күнгі жылжыған қадамын санап жүр еді ғой. Тек біздің әскер жақындағанда, немістердің де партизандарға деген қаһары қатайып кетті. Қарақшыға жеткенде құлап түспей, осыдан бір аман өтсем... Қайдам, бұрын да талай қияметтен өтіп едім. Қасымбектен айрылсам да, тағдыр мені жалғыз қалдырмады, сүйеніш қылып тағы бір азаматты берді. Шүкірлік дегенді де ұмытпаған дұрыс қой, баламды құшақтап қалталақтап тірі келе жатқаным да сол тағдырдың тартуы шығар. Кеудесінде жаны болса, Абан іздеп таппай қоймайды. Тек сол азаматымды аман қылғай да. Апыр-ай, өзім де бір қитығым жазылмайтын, кінәратшыл қырсықпын ғой деймін. Біржола басымды байлап берсем де, соғыс арасында, тәңірдің төтенше сыйындай, оңаша қалған азғана сағаттарда соған бір бар ықыласыммен мейірленіп ашыла алмай-ақ қойғаным. Менің еріксіз берілгендей қыртысып жатқан солғындығымды сезе ме екен аңғал жігіт? Сезсе де, маған сездірмей жүре ме екен? Әйтеуір соның маған деген ақаусыз көңіліне ақау салғаннан басқа, оны жарылқағаным шамалы болар. Анада, сөз салғанда да, сондай бір кірбең түсіріп едім ғой көңіліне. Абанның алдында тағы да қарыздар болып қалған айыбым қамшылап, тағатсыз күтем. Бірер күнсіз орала алмасып білсем де, екі күннен бері ауық-ауық сырттағы дыбысқа құлағымды тосып, алаңдап аптыға бергенмін, енді келетін де уақыты болды. Қанша етім өлді дегенмен, үрейі құрғыр да ұлғайып барады, тезірек жетсе екен. Тезірек жетем деп әлде бір пәлеге ұшырап қалды ма? Енді, машықты әдетіммен, қармап ұстап алып, су бетінде қалқып тура беретін талымнан айрылып қалып, аласұрып малтығып жүрген сияқтымын. Жетелеп алып кете беретін ойым да, алаң қылатын екі балам да бір жақта қалып, жүрегім дірілдеп, демімді ішіме тартып, тың тыңдаймын. бір-екі рет қадам дүңкілі ме, сырт жақтан бір тықыр естілгендей болып еді, ұшып тұрып жоғарғы саңылауға құлағымды тоссам — бұрышта бүгежектеп бір нәрсені әурелеп отырған балалардың сыбдыры екен. Ыза болғаннан, екеуін ұрып тастай жаздадым.
Тағы да сол балалардың қарекеті ме десем, мына тықыр жақындап келеді, дүңк-дүңк басқан біреудің ауыр қадамы менің үңгіріме таянып қалды. Орнымнан ұшын тұрып, есікке қарай ұмтылғанда, кенет жүрегім алқымына кептеліп, буыным қалтырап, жарға сүйене жеттім. «Немістер болса қайттым?»... Біреу сенімді қимылмен есікті ашып жатыр.
«Нәзікеш» деген таныс дауысты естігенде, буынымнан әл кетіп, жерге отыра кеткенімді білем. Абанның жоғарыдан серейіп түсіп келе жатқан сирағын да көріп қалғаным есімде, осыдан кейін есімнен танып қалғандай, бір үзіліс бар. Еркектің шымыр ернінің дәмі келеді аузыма; дүниеде содан тәтті жоқтай сол дәмді жұта бергім келеді. Ерінім босап кетсе, бетінен сүйемін: тіліме топырақ жұғып, жуылмаған беттің ашқылтым дәмі келеді; бірақ оны да мен құшырланып жұтып жатырмын. Сәлден кейін есімді жидым, бірақ Абанды құшағымнан босатқаным жоқ. Ол да еңгезердей бойы аласарып кеткендей иіліп, ыңғайыма кете береді. Есімді жисам да, осы бір берік қамалдай қорғаныш құшақтап шығып кеткім келмей, қалың киіммен қорбиған қолтығына басымды тығып біраз тұрдым. Абан да мені тез шығара қоймады, маңдайымды, бетімді күсті қолымен майда сипалап, шашымнан иіскейді. Күйеуге шыққалы тұңғыш рет осы жігітке мейірленіп кеттім.
Бүгін бізге нағыз мейрам болды. Соғыстың қысқа-қысқа мейрамдары болып тұрады. Сол қысқалығы мен сиректігінен бе, ол мейрамның қуанышы мен қызығы да жайшылықтағыдан мың есе артық. Абан, орман шетіне қараңғы түсе жететін болып, алдымызды кешке шығамыз деді, алып келген азық-түлігі де бар екен. Орманның іргесінде қарауылдары болғанмен, ішінде жеміс жоқ көрінеді: оның үстіне күн де бұлыңғыр болған соң, қорықпай от жағып жібердік. Үш күннен бері төбемізді көрсетуге қорқып, қараңғы үңгірде тығылып жатқан мен де, кішкентай қос мұңлық та, жарық дүниені көріп, арқа-басымыз кеңіп бой жаздық. Оттың екі жағынан қағып, көлденең қойған таяққа котелокты іліп, су қайнатып жатырмыз. Үш күннен бері салқын тұтып, құрыстап қалған денеге жалынның шарпуы жағып барады. Әсіресе екі кішкентай отқа ентелегенде, аңдып отырмасаң, үстерін өртен алар түрлері бар, Дулат қалың көрпеден көктеп тіккен шапанының шалғайын шарпытып та алды.
Күйеуі алыстан базаршылап артынып қайтып, үйінің ішін қарық қылып тастаған қазақтың әйеліндей, төрт құбылам түгенделіп мәре-сәре болып жатырмын. Балалардың аузын қимылдатып тойындырып алдым, олар да мәз. Менің қуанышым дарыған болар сірә, Абанның да жағасы жайлау: малдасын құрып, екі баланы екі тізесіне қондырып алып, кәдімгі бір шаңырақ көтерген үйелменді үйдің қожасындай, шалқиып әңгімені соғып отыр, маған жылы шыраймен қарап қояды. Жақсы қабағы сияқты айтып отырған сөзі де жақсылық — жаныма жағып барады. Майдан тіпті жақындап келіп қапты. Әрі кетсе екі-үш күнде Қызыл әскер тура осы араға келетін көрінеді. Бұл немістердің осы арадағы соңғы тұяқ серпуі, өздері бір жағынан қашуға дайындалып жатса керек. «Амандық болса, елдің төбесі де көрініп қалды ғой», — дейді Абан. Күте-күте күдерімді үзгенмін бе, бірде Абанның сөзіне елігіп, ауыл қарасы көрінгендей жүрегім алып ұшса, бірде осы орман ішіндегі хәлім мәңгілік сияқты көрініп тоқырап қаламын. Әйтсе де, Абанның сөзі емес-ау, өзі менің күдігімді сейілтіп, жақын тұрған жақсылыққа еліктіріп әкетті.
Орманның іші өзімізге оңаша тиіп, отау үйімізде бас қосқандай шүйіркелесіп отырмыз мінекей. Соғыс та, неміс те жоқ. Орнықты өмірі бар адам сияқты көкірегіме шүкіршілік кірген. Шүкір демей не дейін, қазір мынау төңіректі түгел жалмап жатқан аждаһа оттың ортасында, кетілгенім бүтінделіп, баламды құшақтап аман келемін. Алдырғаным да аз болмас, бірақ тұтас-тұтас ауылдар қара орманымен құрып кетіп жатқан заманда, алдырғаныңды айтудың өзі айып тәрізді; тағдыр менен алғанын түгендей берді — төрімде жұбайым отыр. Ішімнен сүйсініп қоям: бізді тек алып қана кетейін демей, ашығып отырғанымызды ұмытпай, мына соғыс үптеп кеткен жерде, ит қосып іздесең табылмайтын қорек тауып әкеліп, жарылқап тастады. Мұндай пысық, уытты, жоқтан жонып алатын епсекті күйеуі бар адам қор болмайды. Тумай жатып тағдырдың тауқыметін тартқан Дулатымның да бақыты шығар, Абан аман болса, аяғына басып кеткенше, бұ балаға таршылық көрсетпес. Адам қадірін адам ажырасқанда ғана біле ме, қалай, «Апыр-ай, Абаннан айрылып қалғанда қайтер едім» деген ой жүрегімді шымшып алады да, іле оның аман келгеніне деген қуаныш тұла бойымды толтырып жібереді. Бұрынғы осы жігіттің ар жағын тінткілей беретін тіміскі ойларым да ұсақ кикілжің сияқты. Түгенделгеніме мың шүкірлік етпейтін нем бар.
— Ертең біздің әскер жеткен соң, сені екі баламен елге апарып тастауға маған, тым құрыса, бір ай демалыс беретін шығар. Тіл тартып Носовецке де айтып көріп едім, былай, түріне қарағанда, «кет әрі» емес сияқты, тек: «Асатпай жатып құлдық деме, алдымен қоршаудан шығып алайық», — деп қалжыңдап қойды. Неге бермесін, береді ғой. Осыдан шыққасын енді, алдымен сіздің ауылға соқсақ па екен, әлде біздің ауылға соқсақ па екен? — деп сұрады Абан менен, мен қапелімде не айтарымды білмей, үндемей қалдым. Бұрын мен үндемей қалғанда, Абан да іркіліп, қипақтаңқырап, сөзін үзіп алатын, қазір олай емес, бар билік өзіндегі адамдай, еркін сөйлейді; шынымды айтсам, сонысы маған ұнап барады. — Жоқ, алдымен сіздің ауылға соққанымыз дұрыс болар. Ойбай-ау, айтпақшы әке-шеше, ағайын — туғандарыңның алдынан өтуім керек қой. Содан кейін біздің елге келеміз. Кемпір мен шалға өзіңді табыс етіп майданға оралам ғой.
«Майданға оралам ғой»... Ертең қызыл әскер келгенде, барлық пәледен құтылдым деп отырсам... бұл соғыс Абан үшін әлі бітетін емес екен ғой. Менің кілт өзгерген түрімді байқап, Абан басқаға жорып, көзі үрпиіп:
— Әлде... біздің ауылда қалғың келмей ме? — деп сұрады.
— Жоқ, жоқ... Неге?.. Оған жететін күн болса. Meн тек біздің ауыл поездан алыс, алдымыз қыс... Соны ойлап... — деп жалтардым.
— А — а... Біздің ауылдың да темір жолға жақындығы шамалы-ау, — деп Абан желкесін қасып тоқырап қалды да, кенет мырс етіп күліп жіберді. — Жарайды, о жағын уайымдамай қоя тұралық. Аман-есен бір осы қоршаудан шығып алайықшы. Қалғаны сөз емес қой.
Абан рахаттанып, қарқылдап күліп, ұзын қолымен иығымнан орай құшақтады. Оның бала сияқты ақаусыз қуанышы менің де көңілімді тұтатып, өзін жақсы көріп кетіп, қолтығына тығыла беріппін. Өзінің үлкендігін, маған иелігін осы жолы ғана сезініп, әдетінше аптықпай, қарулы қолымен кеудемді өзіне қарай бұрып алып, әуелі көзімнен, бетімнен сүйді. Қапсағай қарулы дененің қаттырақ қысқанын, дымқыл еріннің табымен қоса қылтанақ сирек сақалдың бетіме үйкелгенін рахаттана сезініп, тәнім балбырап, мас болғандай, басым айналып, Абанның ырқына беріліп, кеудесіне кіріп барам...
Маужырап көзім ілініп барады екен, басымды оқыс көтеріп алдым. Бір адам қарауыл болмаса... Бірден қор етіп, қатты ұйықтап кеткен Абан қолының кеудемнен түсіп кеткенін де сезген жоқ. Үш күн бойғы ұрыс пен жорықта дем алуға қайбір пұрсаты болды дейсің, оның үстіне, жаудан жаңа ғана қарасын үзіп, жұрт енді тынығамыз дегенде, бұл тізе бүкпестен бізге қарай салпақтаған. Енді қорылы басылып, бала сияқты ернін сылп еткізіп, езуінен бір тәтті күлкі табы көрініп, балбырап ұйықтап жатыр.
Отасқалы айдан асса да, екеуміздің жымдаспай тұрған құшағымыз бүгін қосылды; менің жаным мен тәнімді қабат құрсап жібермей тұрған бір құрсау бар еді, сол құрсау бүгін сынды. Абан осы құрсауды бұрын сезді ме, жоқ па, білмеймін, мүмкін сезбеген де шығар, тәжірибесіз аңқау жігіт қой, бірақ менің ағытылып кеткен мол ықыласыма шомылып, ерлі-зайыптының арасында шын берілген қалтқысыз көңіл болатын болса, оның дәл осындай болатынын бүгін ғана сезді. Жаңа көргендей Абанның бетіне үңіле қараймын: шықшыты шығып, бет сүйегі бедірейіп тұратын ашаң, қатқыл жүзі жұмсарып, ұзын кірпігінің астына сұйқылтым нұр ұялаған, манаураған өңінде жан, тәні қанағат тапқан, алды ашық алаңсыздық бар; бір сәтке оның түрі қуанып ұйықтаған, не қуанып оянатын балаға ұқсап кетіп, жүрегімді жылытып қоя берді.
Ұйықтап жатса да, миының бір түкпіріне қарауыл қоятын жорық адамының дағдысы емес пе, Абан төсектен басын оқыс көтеріп алып, «Аһ!» деп демімен дауыстап қалып, алақтап жан-жағына қарады. Қайда отырғанын түсінген соң, жұмырығымен көзін уқалап, ұйқысын ашты.
— Аз ұйықтадың ғой, кішкене тыныға тұрсайшы, — деп едім:
— А? Жоқ ұйқым қанып қалды. Өзі, уақыт та кештеткен шығар, — деді, Абан ұйқысынан тез айығып.
Соғыстың ақыры жақындағанда адамның жаны тәтті болып кетеді екен, енді тағдырды сынап, басымызды қауіп-қатерге тікпей-ақ, осы оңаша орманның ішінде екі-үш күн бұға тұрсақ, біздің әскер де келіп қалмас па екен деген арам ой манадан бері миыма ұялап қалған-ды.
— Осы арада бірер күн күте тұрсақ қайтеді, — дедім Абанға.
— А-а? Жоқ, — деп ол үзіп тастады, — Носовец бүгін түнде қайтсең де жетесің деген. Оларға да оңай емес. Адам азайып қалды ғой.
— Әйтсе де уақыт әлі ерте ғой, — деп бөгеп едім, Абан оған да көнбеді.
— Орман шетіне ертерек шығып, жан-жақты шолып, бағдарлап алғанымыз дұрыс болар. Түнде адасып кетуіміз де оп-оңай, — деді.
Екеуміз екі баланы көтеріп алып, жолға шықтық: салмағы ауырлау ғой, Дулатты Абан көтеріп, мен Светаны арқалап келем. Соңғы кезде жаңбыр жауа қоймаса да, жер аяққа ауыр-дымқыл. жұмсақ. Өлең шөбі бояуы оңып, солғын тартып жатып қалған, бұталары да селдіреген орман іші ағаштарының сирағы сорайып жалаңаштанып қалған. Әсіресе қайың өскен жерлердің қалың төгілген жапырағын аяғыңмен қарша күреп жүру-ақ қиын екен. Аспанды төмен торлаған жабағы бұлттардың арасынан октябрьдің жылуы қашқан аласа күні аз уақыт жылтырап көрінеді де, төңіректі сұрландырып қайтадан жоғалып кетеді. Абан байқамай озыңқырап кетіп, кенет кілт тоқтап, артына қайрылып мені тосады, кейде: «шаршаған жоқсың ба?» деп сұрап алады. Шаршай да қойған жоқпын, тек Абанның екпініне ілесе алмай, емпеңдеп келе жатырмын, «қазір орманның шетіне шыққан соң дем аламыз» ден мені жұбатып қояды.
Арқамдағы балаға ыңғайлы болсын деп еңкейіп, әрі сүрініп кетпеу үшін аяғымның астына қарап келе жатып, Абанның кілт тоқтағанын байқамай қалыппын. Ол «бұқ» деп тұншыға сөйлеп, иығымнан нұқып қалды. Шошып кетіп, арқамдағы Светаны қолыма алып құлай беріп едім самбырлаған дауыстар да естілді, Дулат та келіп бауырыма тығылды. Сөйткенше патырлаған автоматтың даусы тұла бойымды қалтыратып әкетті.
— Ағаштың түбіне тығыл!
екі-үш қадамдай жерде жуан терек бар екен, екі баланы сүйретіп, еңбектеп соның түбіне жеттім. Абан жіңішкелеу ағашты тасаланып, автоматын мойнынан алып атысуға оңтайланған түрі бар. Енді жаудың да келе жатқан бағдарын аңғардым. Автомат оқтары әзірге жоғарырақ, ағаштарға қадалып жатыр. Абан ағаш тасасынан тізерлей көтеріліп, маған бұрылды.
— Енді қашып кете алмаймыз. Қозғалма... Жаудың алдын өзім бөгеймін, — деп дауыстады.
Басқа не дәрменім бар, екі баланың тұмсығын теректің түбіне тіреп, бауырыма қысып жаутаңдап жатырмын. Абан маған тағы бір жалт қарап, «бұқ» дегені болар қолын төмен қарай бір сілкіп, тізерлеп көтеріле бере ілгері қарай атылды. Бауырымен жер сызып еңкейе жүгіріп барып тағы бір ағаштың тасасына жығылды. Шаңқылдап айқайлаған дауыстар анық естіледі, бірақ сонда да келе жатқан немістерді көре алмадым. Екі көзім Абанда. Ол басын қайқаң еткізіп, жатқан жерінен кеудесін көтеріңкіреп, автоматының дүмін иығына тіреп, тыр-тыр еткізіп екі дүркін оқ атты да, кенет оғы таусылды ма, әлде автоматы от алмай қалды ма, әлденеге іркіліп қалды. Қалай жәрдем етерімді білмей сасқанымнан төрт тағандап жерден бауырымды көтеріп, сіресіп қалыппын. Абан бүгежектеп автоматымен әуре болып жатыр; не істеп жатқанын білмеймін, мойыны иығына кіріп құнжыңдаған желкесін, тез-тез ышқына қимылдаған шынтағын ғана көремін. Әнекей, әнтек басын да көтеріп алды. Айқайлайын десем даусым шықпайды, айқайлағанмен не бітірем. Дұшпанның оғы тіпті үдеп барады. Біреу маңдайдан соғып жібергендей Абан кейін қарай шалқайып қалды да, басы сылқ етіп оң жамбасына құлап түсті...
Абан құлап түсті. Төрт тағандап еңбектеген күйі, не тұрып кете алмай, не қайтадан бұғып жер бауырлап жата алмай, аяз қатырып тастаған өліктей сіресіп мен тұрмын. Басының астына қарай ыңғайсыз қайрылып қалғанын да сезбей, қатты ұйықтап кеткен адамдай аяғы серейіп Абан жатыр. Бір сәтке қайда екенімді, не халде екенімді ұмытып, не болып жатқанын да түсінбей тек бадырайып тұрған төңіректің суретін ғана көрдім.
Мойнына асынған автоматын емшегінен төменірек ұстап, оқтала кезеніп, жасыл шинель, әдемі сопақ каска киген біреу келе жатыр, соңынан тағы да екеуі көрінді. Осы сәтте басыма балғамен қойып қалғандай есім кірді. Абан өліп жатыр, мына келіп қалған немістер ғой... Қорықтым ба, қорықпадым ба, білмеймін, сірә адам қатты қорыққанда қорқыныштың өзін ұмытып кететін шығар. Қарсыласқан адам болмаған соң ба, олар енді оқ атпай, шаңқылдап сөйлесіп Абанның қасына келді. Біреуі етігінің тұмсығымен Абанның жансыз денесін нұқып көріп «капут» деді. Осы кезде денеме жан енгендей ышқынып, екі баланы бауырыма қалай қысып алғанымды өзім де білмей қалдым. Немістің біреуі мені көріп қалып автоматын кезей қойды. Қазір патырлаған көп оқ өн бойымды түйреп өтеді... Сол бір жиіркенішті жаман сезімнен тұла бойым құрысып, бір уыс болып жиырылып барады. Неміс саусағын автоматының шүріппесіне қойып, атпай жақындап келеді. Қазір... қазір... Әр қадамы атқаннан бетер жанымды түршіктіреді. Шүріппедегі саусағын анық көріп қалдым... сіресіп тұр. Бетіне де көзім түсіп кетті — жүзі суық, ақсары беті аппақ ажал сияқты... Екі бала... қолыммен қарманып іздесем... екі бала бауырымда екен. Ажал мүлт кетпейтін жерге жақындап келеді. Қаттырақ қыссам оларға оқ өтпейтіндей екі баланы екі бүйіріме сығып қыса түсем... Бір ғажабы осы сәтте өз ажалым туралы ой шарт есімнен шығып кетіп, екі баланы қалай қорғаймын деп алас ұрдым. Айтқым келеді мыналарға... бұлар да адам баласы ғой... Қалай жеткізем? Қалай айтам?.. Тал қарманып тапқаным: жүзіне, бетіне қарау керек. Бетіне қараймын. Аппақ ажалдай... Көзіне... Ішімде жатқан бір құдіретті соқыр сезім, ақылға да келтірмей, сәт заматта көзіне, көзіне қара деп бұйрық берді. Ендігі біздің өміріміз осы немістің көзінде. Көзіне көзім түссе... Жанталасып ажалдай аппақ беттен көзін іздеймін. Ұстап алдым. Көк көздің сұйқылтым сәулесі шыңылтыр, суық екен. Бірақ сонда да көзінен айрылмай ажал алдындағы адамның бар зар тілегін, тіпті одан да көп, көп нәрсені бақырайған көзіммен айтып қадалып қарай бердім. «Адам адамның көзіне тіке қарап тұрғанда қалай атпақ?» Осы сезім көңіліме үміт саңлауын жүгіртіп, аласұрып көзінің қарашығын іздеймін. Бір сәт екеуміздің көзқарасымыз түйісіп қалды. Көзінен енді айырылып қалсам, автоматтың да шүріппесін басып қаларын сезіп, жыланмен арбасқан торғайдай қадалып қаттым да қалдым. Әуелі маған жай қарай салған көкшіл көзі кенет тоқтай қалды да шарасы үлкейе берді. Жанарындағы жылт еткен сәуледен сезіп қалдым, өзінің істейін деп тұрған ісінен шошып кетіп, ар жағында бір нәрсе аударылып түсті. Маған енді батып қарай алмай бұрылып жүре берді. Қасындағылармен керісті ме, білмеймін, шаңқылдасып сөйлесіп, оларды да ертіп алып кетті. Мен сол төрт тағандап сірескен күйі әлі де біраз тұрып, бір кезде буынымнан әл кетіп, қара жерге сылқ ете қалғанымды білем.
19
Қараңғы... Дүбірлете шапқан көп жылқы... Қалың тұяқтың дүңкілінен жер солқылдайды. Шыңғырып кісінеп барады. Жылқыларды анық көре алмаймын, сұрғылт, күңгірт аспанның реңкінде едірейген құлақтары мен төгіліп баратқан жал-құйрықтарының бедерін ғана көремін. Таудан құлаған тасқын сияқты, ұмар-жұмар толқын болып ағып барады. Сол толқын теңселтіп, шайқап, мені де әкетіп барады. Жүйткіп келе жатқан айғырлар шыңғырып келіп кісінейді. Дауыстары шабыстарынан озып, ұзап кетіп, алысқа барып жоғалады. Құлағымда тек тұяқ дүрсілі ғана қалады. Алқынып, шайқалып, жылқы толқынының арқасында келемін. Бір жерде құлап кетем бе, ұшып түсем бе деген қорқынышым да бар. Бірде шабыс бәсеңдеп, тұяқ дүрсілі әлсірегендей болады. Кенет осы хал маған бұрыннан таныс сияқты көрінеді. Иә, бұрын да осындай жылқы толқынының арқасында шайқалып кетіп баратқан кезім болған. Шыңғырып кісінеген айғырлар... Ұйықтап жатсам да түсім екенін сеземін. Бұрын көрген түсіме тағы да қайтып оралыппын. Көп жылқының шыңғыра кісінеген даусынан оянып кеттім. Шыңғырып паровоз айқайлайды. Поез да жүрісін үдеткен екен, төмендегі көрінбейтін доңғалақтар дүрс-дүрс етіп, вагон теңселіп келеді. Таң қылаң берген болар, қара-құра көрінетіндей вагон іші кеугім тартып қалыпты.
Үш күн болды, ауасы ауырлап кеткен, ине шаншарға орын жоқ, тығыз вагонның ішінде, демім тарылыңқырап қиналып оянам да, кішкене ұйқымды ашып, қайда келе жатқаным есіме түскенде, өн бойыма қуаныш кіреді. Есік жақта қозғалып, қимылдаған біреулердің дыбысы болмаса, өзге жұрт жатыр. Ақырын басымды көтеріп жан-жағыма қараймын. Қара көлеңкеде вагон іші толған адам емес, бір-біріне сүйей салған кілең аузын буған қапшық сияқты, керіліп жатқан бірі жоқ, отырған күйі қабырғаға, жақтауға қисайып, бірінің иығына бірі мойнын салып, кілең отырып ұйықтаған жандар. Астыңғы бір полка оңаша тиген мен ғана, екі баланың бірін жоғары, бірін төмен, іргеге салып, шет жағынан өзім жатып, тар да болса, керіліп ұйықтаймын. Бұл орынды таласып-тармасып алғаным жоқ, менің хал-жағдайымды сұрасып білген жолаушылар ықыластары түсіп өздері сыйлады. Көңіл сыйса бәрі сыяды деп, таршылық та болса жайлы келе жатырмын. Тек бір қиын қайдан келе жатқанымды біліп алған жұрт ананы, мынаны сұрап, өткенімді оятып мазамды ала береді. Түрі бөлек боп тұрған соң шұқылап Светаның тегін сұрайды. «Шешесі жақсы адам еді, қаза тапты. Жаудың ішінде жансыз болып еді» деймін. Өз күйеуімді сұрайды. «О да қаза болды. Командир еді» деймін. Білмеген, көрмеген адамдарға одан артық не айтам. Оларға Қасымбек кім, Света кім... басқалары кім? Әйтеуір бір топ партизандар соғысыпты, қырылыпты, құдай сақтап сау қалған бір әйел екі баланы жетелеп еліне келе жатыр. Мынау әлі де бітпей жатқан обыр соғыстың титімдей бір бөлшегі ғана. Бүгін естісе ертең ұмытып қалады, тек мен үшін ғана, көкірегіме отпен қарып жазып қойғандай, олардың бірі де ұмыт болатын емес. Қасымбегім де, Абаным да, Светам да... Олар түгіл осы тауқыметтің ең басында бірге болған өзіміздің полктың әйелдері... бастығымыз байғұс Елизавета Сергеевна, Алевтина Павловна, екі баласынан айрылып, екі баласымен поездан қалып қоятын кең пейілді, көнбісті сырбаз әйел Ираида Ивановна... Өлі ме екен, тірі ме екен байғұстар. Тағдыр олардың маңдайына не жазды екен? Ұрысқақ Муся байғұс қаза болды, жеті жасар қызы жетім қалып еді. Он алты жасар партизан Проша... Қыршын жас қаза тапты. Оның шешесін көрмесем де баланың көп айтуынан көргендей болушы едім. О да, Ираида Ивановна сияқты көп балалы, көнтерлі келісті адам болса керек. Біздің елде ат қойып, айдар таққыш қой. «Байдың баласы, халық жауының туысқаны» деп те көзге түрткілей береді. Кәмпит сорғандай екі ұрты қусырылып, үстіңгі ерні дүрдиіп тұратын сүйкімді Проша... Қыршын жасыңды құрбан етіп, шешең мен іні-қарындастарыңды әкең сорлы әкелген абыройсыздықтан құтқарып кеттің ғой. Енді сенің шешеңді «сатқын полицайдың әйелі» деп мүйіздемей, «қаза тапқан жас партизанның анасы» деп сыйлайтын болар. Ақшұнақ шал Кузьмич... Абан қаза тапқаннан кейін мені іздеп келіп, екі баламмен орманнан алып шыққан сол еді... Үш күннен бері, мен көбіне мына вагон ішіндегі сығылысқан жолаушылармен емес, өлісі бар, тірісі бар, орман ішіндегі өз адамдарыммен бірге келе жатқан сияқтымын. Бір ғажабы, ақыры аман-есен құтылып, арман еткен ауылыма қарай бет алғанда... Сол арман еткен ауылымды, қауышар қуанышты сағаттарымды көп ойлай бермеймін. Қамқа әжем... қартайған шығар. Сейілхан ағам Әлмұқан құрдасымен, аман болса бір жерде соғысып жүрген болар. Әкем де әскерде ме екен?.. Көріп келемін, елдің де ыңыршағы айналған екен. Елді ойлайын десем, ендігі бар тіршілік қарекет те, шешілер түйін де, кейінде, кешегі өзім шыққан жақта қалып қойғандай, ойым кейін қарай алып кетеді. Қазір де терезеге қарап отырып, таң әбден атып, жұрт оянып вагон ішіндегі белгілі тіршіліктеріне кірісіп кеткенін аңғармай қалыппын.
Бұлардың таңғы тіршіліктері де маған таныс болды. Қазір үлкендеу станция болса, ыдысы барлары жүгіріп барып ыстық су әкеледі, содан соң әр қайсы сөмкелерін ашып, көбінде сөмке, чемодан аз, түйіншектерін шешіп, ертеңгі асқа кіріседі. Соғыстың алдында да асып-төгіліп жатқан ел емес едік, қазір жұрт әбден жүдеу. Бірақ жоқшылықтың өзі де адамды теңестірмей ме деймін, осы жолаушылардың ішінде де күйлісі, күйсізі, тіпті жоғы бар. Біреулердің сөмкесінен колбаса не консерві табылып жатса, біреулерінен жұмыртқа мен пісірген нан шығады, ал, кейбіреулері қатып қалған қара нанын қытырлатады. Біздің партизандардай, мұнда бар-жоғын ортаға салмайды, әркім ұрлық қылғандай, өзгелерден көзін жасырып, тізесіне үңіліп, түйіле шайнап жатқаны. Азығы жоқтары орындарынан тұрып кетіп, кәрі-құртаңдары күйсеп жатқандарға қарамауға тырысып, намаз оқығандай мүлгіп отырады. Москвадан берген, мен де күйсіз емеспін, өзімізге жететін қорегіміз бар, енді соны жеудің өзі қинап келеді.
— Тұзды қияр... Тұздаған ащы қияр жемейсің бе?
Бұрылмай жатып-ақ даусынан таныдым, жол өтетін жердегі көлденең полкада отыратын кішілеу бетін әжім айғыздаған, орыстың қаймыжық ерін, қайқы тұмсық шүйке кемпірі.
— Мә, біреуін жеп ал. Ашырқанып қаласың, — деп әйнек банкісінен бір қиярды алып маған ұсынып жатыр.
Кеше осы кемпірдің тұздалған қиярын көргенде, қатты аусарым ауып кетіп, аузым суға толып, көзім жасаурап шыдай алмадым. Жолың болғыр, түсінікті адам екен, менің жаутаңдап қарай бергенімді байқап, «байқаймын, ащылағың келіп отыр-ау, шамасы. Мә, жей ғой» деп бір қиярын ұстата салғаны. Менің опыра асап, қапыл-құпыл шайнап, қиярдың ащы сөлін рахаттана сорғанымды көріп, тағы сөйлеп кетті. «Байқаймын, өзің жерік болып қалғансың-ау деймін. Енді жас адамсың ғой, болмай тұра ма» деді. Тек бір жаманы, өзі тым сөзшең адам екен, аяқ астынан сарт еткізген мына сөзін мен ұғып болмай жатып, «күйеуің бар ма еді, қайда еді?» деп бастырмалатып, түп-тұқиянымды қазбалап мазамды алып барады. Кемпірге жауап беріп, оның аузын сылп еткізіп айтқан аянышты сөзін тыңдаймын деп, өз хәлімді ойлап түйіндеуге пұрсатым әзер жетті.
Өзім де бір секем алып едім, рас болды-ау, шамасы. Бір емес, екі жетімекті мойныма артып алып, енді қайтемін деп келе жатқанда, тағы да аяғым ауырлап қалғаны ма? Қазір елдің де тұрмысы күйзеліп тұрған шақта жалғыз әйелге үш баланы сүйрету оңай болмас деген уайым кіре бастап еді, кенет бір ой сап етіп, мырс етіп күліп жібердім. Қақаған соғыста екі баланы қатар арқалап жүрген адамға ел ішінде үш бала тұрмақ он баланың салмағы ойыншық емес пе. Елге жеткен соң тіпті төбемнен тау құлатса да, менің осы көріп келе жатқанымның ширегіне жетер ме екен? Адам деген де тәубасын тез ұмытатын жарықтық екен-ау. Сәл үркіп қалған көңілім орнығып, шым-шымдап қанағат сезім кеулеп келеді; тірі қайтам деп түсіме кірмеген жерден аман-есен қайтып келе жатырмын. Тар кезеңде жолдас болып, оң-солымды айыра алмай адасып қалғанда қолымнан жетелеген Света.. Қиямет қайымда арқасына салып алып шыққан азаматым Қасымбегім... Өздері жоқ болғанымен көздерін алып келе жатырмын. Бұл екеуі тұрғанда ол екеуі де мен үшін өлмейді, көкірегімнің түкпірінде жүpiп, көрге бірге кетеді. Абан да үйлі-күйлі болмаған, жиырма беске биыл шыққан қыршын еді ғой. О да із-түзсіз кетпейтін болды, амандық болса артында тұяғы қалады. Мені тірі қалдырған да, шаһит болған қылқандай жастардың арты жоғалмасын деген тағдырдың әділеті шығар, менің ендігі борышым солардың артын бағу. Елде кексе әйелдер «күйеуімнің артын бағамын» деп отырып қалушы еді, менің жасым биыл жиырма бірге шықты, бірақ мен олардан да кексемін. Осы жасымда екі рет күйеуге шықтым, жар қызығын, бала қызығын көрдім; білмеймін, қызығын көрдім бе, азабын көрдім бе, бірақ өтіп кеткен соң әйтеуір бәрі қызық сияқты.
Ойға елігіп поездің тоқтағанын да білмей қалыппын, мынау бір таныс станция екен. Орынбордан кеше өтіп еді, елге жақындап жүрмейік. Анау шашылып жатқан аласа үйлер, қырбық қары езіліп тапталып қалған лас қисық көшелер. Бұрын да бір көрген, есімде қалған көрініс. Қорбиған ескі сырмақ киіп, етегі шұбатылып, бала жетелеген қазақ әйелі кетіп барады. Иә, бұл Мартық станциясы. Қасымбекпен келе жатқанда да осында тоқтағанбыз. Түк өзгермепті. Содан бері қанша уақыт өтті? Ол қырық бірінші жылдың март айы еді-ау. Екі жарым-ақ жыл уақыт өткені ме? Ауылдан ұзап баратқаныма шошынып, балапандай көзім үрпиіп жаутаңдай қараған жерім еді-ау. «Ауылға жетіп қалдым-ау» деген қуаныш лүп ете түсіп еді, бірақ ұзаққа созылмай аяғы сұйылып кетті. Бірақ ғажабы, ауыл мен үшін әлі де алыста, жақындамас алыста сияқты болады да тұрады, сірә ауылға кеткен күні де мен оған жақындай алмайтын шығармын. Соншалық жатырқап қалғанмын ба? Мен елден кеткелі тұтас бір өмір өтіп, енді ауыл да басқа, әсіресе мен басқа сияқтымын. Балапандай үрпиіп, ұясынан үркіп аттанған балғын қыз орыстың орманының ішінде өліп, енді талайды көрген, кексе тартқан бала-шағалы әйел келе жатыр. Ертең жеңгелерім жылап көріскенде де, бедірейіп көзімнен жас шықпай қояр сірә. Қазақтың көңілшек қатындарының көз жасы қиын емес-ау, менің көз жасым қиындап кетті.
Бірақ менің де осал жерім көп екен. Вагонға бір орыс әйелі кірді. Қолына түйіншек ұстап келе жатыр ма десем, кішкентай қызын жетелеп келеді. бес-алты жасар қыздың басына үлкен түбіт шәлі тартып, оның ұшын беліне екі қайыра орап байлапты. Шынында да түйіп тастаған түйіншек сияқты. Кішкене қыз кіре сала орамалды шеш деп қыңқылдай бастады. Өзі ерке болар, шешесі дегенін істей қоймаған соң, аяғымен жер тарпып, айқайлап жіберді. Неден шошынғанымды білмеймін, тұла бойым дір ете түскендей болды... Көз алдыма кішкентай Параша келіп тұра далды. О да дәл осындай түйіп қойған түйіншек сияқты, домаланып Дуня апайдың үйіне кіріп келетін. Атуға aпapa жатқанда «ағатайлар, өлтірмеңдер! Ағатайлар, ән салып берем!..» деп шырылдағаны. Қасымда отырған екі баланы мойындарынан қылғындырып қысып алыппын, олар қолтығымнан шыққысы келіп бұлқынғанда барып байқадым.
Балалардың мойнынан қолымды алдым да, сыртта бір нәрсем қалып қойғандай терезеге үңілдім. Жаңағы бір байқаусызда шағып алған жаман сезім тұла бойымнан арыла қойған жоқ. Ой деген құрғыр да суыртпақ сияқты бір тартып қалсаң жалғасып шыға береді. Менің де сол Парашамен бірге ақтық сағатымды күтіп жар басында тұрғаным... Өлімнің ең соңғы сызығына екі рет барып, екі рет қайтқан екем-ау. (Жалпы өлім қаупін айтпаймын, ол соғыста жүрген адамға күніне талай кездесетін нәрсе ғой). Автоматтың шүріпесіне саусағын басып, оқталып тұрған неміс солдаты... бет әлпетін де анық көре алмадым, тек ақ жал сияқты... Көзіне көзім түсіп кеткенде... шыдамады. Оның да ар жағынан бір сезім... адамдық сезімі оянып кетті де, шүріппедегі саусағын басып қалуға дәті шыдамай, бұрылып жүре берді. «Жүз көрсе бет ұялады... Адам баласы бір-бірінің көзіне тура қараса қайтер еді...
Алашабыр қырбық қардың астында көсіліп, қазақтың кең даласы жатыр. Осы бір қыстың алғашқы суығы шалған адырлы далаға көңілім енді жылып келеді. Бәрі таныс. Ата — бабаларымыздың бағзы заманнан бері қарай көшіп-қонған жері. Анау адырлардан жүк артқан түйелері қайтқан қаздай тізіліп, қаптаған малдарын айдап талай көштер өткен шығар-ау. Қаптап көшіп баратқан қалың Найман елестейді көз алдыма. Екі жасты өлтіргені үшін ағайынның бетіне қарай алмай, ата қоныстарынан ығысып әрірек кетіп барады. Найман қолынан қаза болған, тіпті Еңлік пен Кебек болса да, екі-ақ адам еді-ау. Бірақ кісі өлді, қан төгілді, ағайын арасын ажал бөліп кетті. Нақақ қанның ұяты қалың елді қонысынан ығыстырды. Сол Найман баласының ұятын адам баласына берсе...
— Баламен ойнаймын. Кішкентай баламен ойнағым келеді... Мама... Кішкентай қызбен де ойнағым келеді.
Ұйқыдан оянғандай алып қашпа ойымнан серпіліп, вагон ішіне көз жүгіртсем, қиғылық салып тұрған манағы кірген кішкене қыз екен. Шешесі басыңдағы шәліні шешіп алыпты: домалақ бет, кішкентай қайқы тұмсық сары қыз; дөңгелек көзі болмаса Парашаға ұқсайтын жері онша көп емес, еркелік өтіп кеткен мінезі ұқсай ма, қалай. Шешесі кейіп:
— Қой, тыныш отыр. Жұрт тіпті аяғын қоярға жер таппай келе жатқанда... Құтыруын қарашы мұның, — деп кейіп тастап еді, кішкене қыз тіпті өршеленіп кетті.
— Жоқ, ойнаймын. Мені баланың қасына шығар...
Өздерінен басқа бала көрмеген менің екі балам қыңқ етуді білмейді, тыныш, қолына түскен бір нәрсені шұқылап, үн-түнсіз отыра береді.
— Бала ғой, ойнасын. Бері шығарып жіберіңіз, — дедім.
Менің екеуім бейтаныс қыз баланы жатырқаңқырап онша пейіл білдіре қоймап еді, оны елейтін кішкене қыз жоқ, бөрліктіріп барады.
— Сен қайдан келе жатсың? А, айтшы. — Тілі тастай, тақ-тұқ сөйлейді, — Неге үндемейсің? Сөйлей білмейсің бе?
Дулаттың тілі шығып келе жатыр, аздап сөйлейтіні бар еді, бірақ жауап бермей, қызға бажырая қарап, үнсіз отыр.
Осындай көптің ішінде біреу үшін жауап бергіш, тиіп кетсең, ағытылып жүре беретін сөзшең еркектер болады.
— Бұл бала майданнан келе жатыр, — деді сондайдың біреуі.
— Майданнан?... Жоқ, кішкентай балалар майданға бармайды, — деп түсіндірді кішкентай қыз.
— Неге бармасын, барған, — деп дауласа кетті сөзшең еркек. — Барған емес, сол майданның ішінде туған.
— Жо — жоқ, майданда бала тумайды. Майданда соғысады. Жауды атады, — деп көнетін емес білгіш қыз.
— Жоқ, бұл соғыстың қақ ортасынан шынығып келе жатқан бала, — деп түсіндіреді әлгі ерінбейтін еркек, — Ертең нағыз мықты солдат болатын осылар. Бұлар соғыста да мықтап соғысады.
— Осы соғыс аз болып жатыр ма, саған. Мына сәбилердің басына соғыс тілемей тұра тұршы, — деді, жолың болғыр, маған әлгі ащы қияр беретін кемпір.
Сығылысқан жұрттың арасынан әзер аттап кондуктор әйел келе жатыр.
— Қазір Ақтөбе станциясына келеміз. Түсетін жолаушылар, қамданыңыздар, — деп дауыстады.
Уһ, елге де жеттім-ау, әйтеуір.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі