(пьеса)
4 перделі драма
ОЙНАУШЫЛАР
Бүркітбай — бай, болыс, 45 жаста.
Қази — шабарман есебінде, 35 жаста.
Қарымсақ — би, 40 жаста.
Кебен — би, бай, 55 жаста.
Балғын — бәйбіше, 35 жаста.
Қаламқас — қыз, 9 жаста.
Ертай — малай, 12 жаста.
Өмірзақ — малай, 18 жаста.
Қапан — Өмірзақтың әкесі, 65 жаста.
Қодар — кедей, 50 жаста.
Зілқара — кедей, 55 жаста.
Павел — полицейский, 40 жаста.
Мырзабек — жігіт, 22 жаста.
Матай — ауылнай, 35 жаста.
Нәдір — песірі, 19 жаста.
Хамит — партия хатшысы, 30 жаста.
Уәкіл — кәмпеске уәкілі, 35 жаста.
Ағила — Балғынның абысыны, 28 жаста.
Егор — тракторист, 30 жаста.
Баттал — милиция, 35 жаста.
Еңбекбай — ауыл кедейі, 30 жаста.
Теміртай — 35 жаста.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Салтанатты Бүркітбайдың үйі. Төрде тірелген жүк. Оң жақта әдемі кереует, бас жағында бедерлеткен көркем аса таяқ. Төр алдында жайылған кілем, көрпе. Перде ашылғанда Қарымсақ, Қази киінген түрде, қолдарында қамшылары бар, жүруге ыңғайланып отырады. Терде Бүркітбай, Көбен. Бүркітбайдың үстінде таза шапан, басында құндыз бөрік. Перде ашылғаннан:
Бүркітбай. Қарымсақ! Бұл жұмысқа өзің бас бол! Жолдан Қапарды, Қошатты ал, түнделетіп «Белқайыңдағы» Зілқараға жет! Қарсылық қылса жон терісін қамшымен тіліп, ат бауырынан өткізіп, табанын тасқа тілдіріп, айдап келіңдер!!! Бұл — менің әмірімді тыңдамай, — «қызымды Сайболға бермеймін» дегенінің жазасы. Қызының тұлымын кесіп ат көтіне салып алып келіңдер! Бұл — «Сайболға тимеймін» дегенінің сазасы.
Қази. Жарайды, барайық.
Қарымсақ. Ал, біз жүрдік. (Шығады.)
Көбен. Ол ауылда да кекірейіп, кергеткен бисымақтар бар еді, қызды оңайлықпен бере қояр ма екен? Бірақ, үш рет кісі жіберіп отырған соң, бұл жолы пәлен-түген дей алмас. Олардың... әлі... әне бір пысықша Балмағанбет сықылды шортандай шолтаңдаған кедейлері бар ғой. Солар «Сайбол кәрі, екі әйелі бар. Оған Зілқараның қызын бермейміз...» дейтін көрінеді. Осы Сайболдың несі ұнамайды? Сақалына әлі ақ кірген жоқ. Қырыққа жаңа ғана келгені болмаса. Бір-екі әйел түгіл, үш-төрт әйел алып отырғандар да бар ғой. Келетін орны атақты орын. Сайболдың туған ағасы сіз, құдай тағаланың берген дәрежесі арқасында, ақ патшаның сүйікті санаты есебінде елдің ағасы болып отырсыз. Талайлар тағзым қылып, аяғының ұшынан қызмет етті. Қара халыққа айтқан сөзің әлі де болса алтын. 18 жасыңнан бері қарай губернатор, үйез төрелері қалап правитель қойған. Рулы елдің ұлығы сіздің жарлығыңызды екі еткені ол немелердің өз соры ғой.
Бүркітбай. Оның рас, сол ауылдағы бірсыпыра бұзық қара табандар мені сыртымнан жақтырмайтын көрінеді. «Бүркітбайдың ісі дұрыс емес. Елді бүлдірді, қара халықты обырдай опты, сүліктей сорып, жайындай жалмап жүр...» дейтін сияқты. Иттердің сөздерін көрдің бе?
Көбен. «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағына ойнайды» деген бұрынғының сөзі-ай! Россия отанын билеген патшаның алтын жағасы қисайды, тажынан тайды, тақтан түсті дейтін шығар.
Бүркітбай. Бұл бір сандал ғой. Ел иесі ат басындай біз секілді азаматтары тұрғанда халықтың күйігі соларға түсіп пе екен? Атаңа нәлет! Түге, — мұнысын қоймаса оларға көресіні көрсетермін! Азуы алты қарыс, айбыны атыраптан асқан билерімді жинап, үкімді құрып пәлен жыл насетке салайын ба?.. Тескен тау өткізіп, шындыққа жеткізіп, Сарыарқадан сандалтып жіберейін бе?
Көбен. Ана жылы осылар сықылды пысықшалар сізге қарсы келем деп құдайдың кәріне ұшырап көздері жойылып еді. Бұлар да соның аяғын құшайын деп жүр ғой десеңізші!..
Бүркітбай. Осы сапарда сол қызды бермей қалсын, елін ұлардай шулатып, күлін көкке ұшырып, төбесінен жасыл түскендей шауып алайын!
Көбен. Қажырлы жігіттер кетті ғой, алып келер. Онан соң осындай ел арасындағы көкірегін көтеріп, желігіп жүрген пысықшаларды, басқаға үлгі болу үшін жоюдың амалын іздеуіміз керек.
Бүркітбай. Олар қайда барар дейсің, кезінде көрерміз. Алтын тақты патша әулетінен қалған нәсілдер қаладағы жаңашыл қызылдарды шетінен қырып жатқан көрінеді ғой.
Көбен. «Бөрі жоқ деме бөрік астында, жау жоқ деме жар астында» деген жарықтық бұрынғының сөзі рас қой. Сақтануымыз керек. Осы төңіректегі мұжықтар... сонау... Иванның балалары большевик келеді деп желігуде көрінеді. Бұларға еріп біздің қазақтан Қарынбай балалары, Шоңмұрын, Қақа батыр, Қоқы балалары да большевик жеңеді, байдың малын бөліп аламыз деп жүрген көрінеді.
Қодар кіреді. Үстінде жырым-жырым жаман киім. Момын кедей келбеті. Бетінде сорғалап аққан қан.
Қодар. Бөреке, сізге айтатын арызым бар.
Бүркітбай. Не қылған арыз? Арыз сенің не теңің? Ал, айт!
Қодар. Мен бір пақыр ғана ағаңмын. Екі-үш мөшкеме қыстық азық бола ма деп жаздай жалаңаш-жалпы баққан, іргемде үй орнындай ғана шабындығым бар еді. Соны сіздің машиналарыңыз барып шауып жатыр екен. Машина басындағы сіздің Сұлтанға айтып едім, екі сөзге келместен алды да сабады. Мынау қан. Шықпаған жан... өлмеген соң сүйретіліп алдыңа келіп тұрмын.
Бүркітбай (түйіліп). Оны маған не қыл дейсің?
Қодар. Мүмкін болса шаптырмасаңыз екен деймін.
Бүркітбай. Мен шаптыруға жарамаймын ба? Машинаның алдына неге шығасың? Қайта машинаға турап өзіңді өлтірмеген сені. Жейтін малы жоқ, шөпті қайтеді екен бұл?! Мұндағы кісі аспанның астын шауып малына шөп жеткізе алмай жатқанда.
Қодар. Сорымыз қайнады десейші, әнеукүні бес-алты үй нашарлардың 10-15 таяқ егіндік жерлерін, барлық малдарыңыз құйқасын айналдырып, көктей жеп кетті. Сорлаттым... сорлаттым десейші!
Көбен. Сорлаттымы несі, ондай ұсақ сөздерді Бөрекеңе айтатын несі бар, рас шапқан екен амалың не? Берекеңнен «ботырап» салып өндіріп алайын деп пе едің? Рұқсатсыз баса-жанша үйге кіріп... көргенсіз!
Қодар. Өздерің біліңдер, қарақтарым! (Мұңаяды.)
Бүркітбай. Машинаның алдына шығып қарсылық қылғаның да жетер. Менің машинамды құдай тоқтатпаса, басы жұмыр пәнде тоқтата алмайды. Ұқтың ба?
Қодар. Сендердей ысқырған ордалы жыланнан қайыр күткізіп қойған сұм заман... тіршілік... сұм өмірге не шара?! (Еңіреп, жылап шығып кетеді.)
Бүркітбай (ақырып). Ой атаңа нәлет? Мә, саған жылан. (Таяқпен салып-салып жібереді).
Көбен. Жаман неменің сөзін қарашы? «Бұлттан шыққан күн ащы, жаман кісінің тілі ащы» деген осы-ау.
Бүркітбай. Тілін суырып алармын, мұндай тақылдаған немелердің, олардың айтқанын істей берсең әрі-беріден соң төбеңе ойнақтайды. Оларға заманның қожасы мен. Мен не істесем, соған көнуі керек. Мен, мен болған соң мендік міндетімді атқаруым керек.
Көбен. Солай, Бөреке! Ал енді мен анау... жаққа барып қайтайын.
Бүркітбай. Барыңыз... жұмыстың ретіне қарап, өзің реттей келерсің.
Көбен. Жарайды, оны реттерміз. (Шығады.)
Балғын кіреді. Басында жаулық, үстінде оқалы бешпент.
Балғын. Бір жағынан осылар да қыңқылдап мазаны алып өлтірді-ау.
Бүркітбай (жанбастай түсіп). О кім?
Балғын. Сенде жұмысым бар деп, сыртта Өмірзақтың әкесі келіп тұр.
Бүркітбай. Ол ит не қып жүр?
Балғын. Өзі келген, айтуға бата алмай тұрса керек. Өмірзақтың еңбекақысын сұрай келген көрінеді.
Бүркітбай (басын көтеріп алып). Кімнен?
Балғын. Кімнен болсын, сенен дағы.
Бүркітбай (ақырып). Шақыр мұнда баласын да, әкесін де. Көрімді көрсетейін.
Балғын (есікті ашып). Кіріңіздер.
Өмірзақ Қапан кіреді. Балғын шығады.
Бүркітбай. Не жұмысың бар?
Қапан (сасып). Шырағым, менің жайым әзіңе мәлім ғой (дей бергенде).
Бүркітбай. Маған жайың керек емес, жұмысыңды айт.
Қапан (сасып). Я, айтайын, қарағым, мынау Өмірзақ 2-3 жылдан бері сіздің есігіңізде жүр ғой. Еңбекақысын мен де сұрап қойған жоқпын, сіз де біліп бере қойған жоқсыз. Тұрмысым тұқырған соң, бүгін алдыңа келіп отырмын. Болса мынау баламның еңбекақысын сұрай келдім. Жұмысым осы.
Бүркітбай (ақырып). Қандай еңбегі бар еді?
Қапан. Апырым-ай, өзіңізге белгілі ғой.
Бүркітбай. Балаң маған ішкен тамағындай да еңбек сіңірген жоқ. Сондықтан, беретін бүлішкем де жоқ. Менің босағамда жүргеннің өзі де бұған теңдік.
Өмірзақ. Бөреке, 2-3 жылдан бері таңның атысы, күннің батысы тыным көрмедім. Отыңа күйіп, суығыңа тоңып, қызметіңді істедім. Табанымды тас, көзімді жас тілді, мұның бәрі менің сізге сіңген еңбегім емей немене?
Бүркітбай. Сөйлеме, доңыз! Осындағы 5-6 малайлар үндемей-ақ еңбек-меңбегін сұрамай-ақ жүр ғой. Па, шіркін! Адыра қал-ау, сен солардан артық пысық бола қалғаның ба?
Қапан. Шырағым, беретінің болса бер. Бермейтін болсаң қалған еңбегін құдайға тапсырдым. Ендігі жерде баламды сенің табаныңа шіріте алмаймын, алып кетемін.
Бүркітбай. Ал! Алып кетші көрейін? Сен әлі әкеңді танымай жүр екенсің.
Қапан. Жүр, Өмірзақ, кетейік! (Екеуі шығады).
Бүркітбай. Ойбай, атаңа нәлет, әлгінің сөзін-ай, бәлем жаныңды көзіңе көрсетейін! (Таяғын алып шығып кетеді.)
Ертай кіреді.
Ертай. Япырмай, әлгі сорлыларды өлтірмесе жарар еді.
Ентігіп Бүркітбай кіреді.
Бүркітбай (Ертайға). Анау үйдегі Сымаққа барып айт. Бір арбаға түйе жегіп сырттағы Қапанды аулына апарын тастасын. (Ертай шығады.)
Балғын кіреді.
Балғын. Салқам жігіттің екі бәйбішесі үстімізге тағы әйел алды деп тулап жатыр. Келіншекті алып келгенде бір сойқан болмаса не қылсын?
Бүркітбай. Әйел тулап қайда барар дейсің. Не қиратар дейсің. Әйткенмен сен барып айт! Кісі келгенде ауыздарын ашушы болмасын.
Балғын. Әйел сорлыда не ерік бар. Өзіміздің де үстімізге әйелді қосарлап алмақшы болып отырсың ғой. (Бүркітбай шығады.)
Қаламқас кіреді. Қолында орамалдан қоян етіп түйген ойыншығы бар.
Қаламқас. Әже! Мына қарашы, қояным бар.
Балғын. Қарағым, мұны кім істеп берді?
Қаламқас. Ертай істеп берді.
Балғын. Е... жақсы екен! Жарайды, қояныңды алып жүре ғой, Алтын әжеңдікіне барып қайтайық. (Тұра бастайды.)
Шымылдық түседі
Екінші сурет
Сол үйдің іші. Шымылдық ашылғанда Бүркітбай мен Көбен сөйлесіп
кіре береді.
Бүркітбай. Е... Көбеке, аман-сау қайттың ба?
Көбен. Аман-сау қайттық.
Бүркітбай. Қай жерлерден қайттыңыз? Жұмыс жайы қалай болды?
Көбен. Әнеугі іске іліккендердің бәріне де бардым. Өзіңізге белгілі Бекет аулындағы әңгімелер бітті. Айдың қара балалары сізге сәлемдемеге өзіңіздің көңіліңіз түсіп жүрген күрең қасқа атты беріп жіберді.
Бүркітбай (күлімдеп). Осы атқа екі жылдан бері қызығып жүруші едім. Мына бір әңгіме тап болып сәті түсті. Жан-жағындағы қамап отырған кедейлерді жығып берген соң, көңілі ырза боп берген ғой.
Көбен. Шынында, шіркін, күрең қасқа ат сізге лайық қой! Жануар иесін жаңа тапты.
Бүркітбай. Тағы неңіз бар?
Көбен. Кәрім балалары мен Тоғанас балаларының арасындағы жер дауларын да бітірдім. Дұрысында жердің өзі Кәрім балаларына тиісті екен, бірақ ол қасқалардан еш нәрсе өнетін болмағасын, жерді Тоғанас балаларына қаратып бердім. Әзірге қармаққа ілінгені осылар.
Бүркітбай. Жарайды, көп іс бітіріп қайтқан екенсің. Мен де әнеугүні барғанымда жердің Кәрім балаларыныкі екенін сезіп кетіп едім. Әйтсе де қалтаға түсер жағын ойлап кешіктіріп кетіп едім. Сен мұны байқамай жерді ана жағына қалдырып олжадан бос қаламыз ба деп қауіптеніп отыр едім. Жарайды жақсы еткенсің.
1 — дауыс (далада ит үреді). Ассалаумаликум!
2 — дауыс. Аликисалам! Бай үйде ме?
Дауыс. Үйде, түсіңіз.
Бүркітбай (қалбалақтай қуанып). Дәуде болса қызды алып келген шығар.
Көбен. Келетін мезгілі де болды ғой. Алса алып келген шығар.
Қази кіреді.
Қази. Салаумаликум!
Бүркітбай. Е...аман-сау келдіңдер ме?
Көбен. Неге кешіктіңдер, әкелдіңдер ме?
Қази. Әкелдік Сайболдікіне апара жатыр. Ылғи бір долы перінің баласы екен. Қызды бермейміз деп жанжал қылған соң ауылын ұлардай шулатып, Зілқараны арбаның артына байлап қызын тартып алып келдік.
Бүркітбай. Анда-мұнда ешқайда шапқан жоқ па?
Қази. Біз ауылдан ұзап шыққан кезде, Қайрақтының қиясынан аса пасолкеге қарай бірсыпырасы шауып жөнелді. Не бітіргелі бара жатқанын білмедік.
Бүркітбай. Қайрақтының күнгейіндегі пасолкеде Иван балалары мен Шоңмұрын, Қарабатыр сықылды қашқындар жататын.
Көбен. Олар жасырын большевиктерге хабар қыла кетті десеңізші.
Бүркітбай. Қызды да, әкесі Зілқараны да мұнда алып кел. Әкесін танымай жүрген шығар, мен танытайын ондай иттерге.
Қази шығады.
Көбен. Япырмай, Бөреке! Істің аяғы қияға шауып кетпегей еді.
Бүркітбай. Ой, тәйірі-ай, сол иттердің қолдарынан не келер дейсің. Қия түгіл, ауылымның маңайынан да жүре алмас.
Қарымсақ қолы байлаулы Зілқара, Мырзабек кіреді.
Қарымсақ. «Өлсем де қызымды қатын үстіне бермеймін. Жауыз Бүркітбайдың алдын көрмеймін. Бұл дұрыстық емес, жауыздық...» деп қарсылық қылған, қарысқан қайсар Зілқараңыз мына кісі болады.
Бүркітбай (ақырып). Сем неме қызыңды Сайболдан артық кімге берер едің? Мен үш рет кісі жібергенде жарлығыма көнбей неге қарсылық қыласың. Тіліңді суырып, жон теріңнен таспа сыдырым, көзіңді ояйын ба осы?
Көбен. Ай... бір иттікпен айтып жүрген, қанасы жеткен сөз ғой ол.
Сахна сыртынан Зарауқаның зарландырып салған зарлы әні естіледі, үйдегілер тыңдай қалады.
Соққы жедім сұм заманнан шырылдап,
Сүйекке өтті көрген қорлық шымырлан.
Улы тырнақ, қанға құмар жауыздар
Көзден ыстық жас ағызды сығымдап...
Бүркітбай (сыртқа қарап). Бұл не деген бейбастақтық? Өшір үнін! Іс бітті. Бүгіннен бастап ол Сайболдың үшінші тоқалы.
Зілқара. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Тілімді суырып алсаң да тиісті сөзімді айтып өлемін.
Бүркітбай (жарыса). Қысқарт сөзіңді! (Таяғымен жерді салып-салып жібереді.)
Зілқара (жарыса). Иттік, бұларың иттік. Осыншама елді бүлдіріп жауыздық қылып нашарды зарлаттың. Емшек сүті аузынан кетпеген 15 жасар сәбиді шырылдатып қос қатыны бар қырықтағы шалға матағандарың дұрыстық па?
Бүркітбай. Ойбай, мынау ит не қыл дейді, әй? Қысқарт деген соң, сөзіңді қысқарт, доңыз! Турап өлтірермін.
Зілқара. Мемің аянатын жерім қалған жоқ. Құлқын үшін істем отырған жауыздықтарыңды айтамын.
Бүркітбай. Ойбай, Мырзабек, ме қып отырсың, ашырма аузын! Жон терісін жүндей түт.
Мырзабек. Мә... саған жауыздық... (ұра бастайды).
Бүркітбай. Ұр, ұр атаңа нәлетті, ұр! (Өзі де қосыла ұрады. Үйдегілер арашалайды.)
Зілқара (сылқ етіп құлайды). Өлдім, өлдім.
Сырттан зарланып салған Зарауқаның өлеңі естіледі. Сахна қара көлеңке түнектенеді.
Рақымсыздар көз жасыма қарамай,
Жас жүрекке оғын атты жаралай.
Қиналдың-ау, азам көрін, әкетай,
Осыншама нең бар, жауыз, аямай?!
Ән жайлай бергенде ит үреді, сасқалақтан Қази кіреді.
Қази. Ойбай, Береке! Жаңа қаладан Жалмұқан келе жатыр екен. Большевиктер ақтарды жеңіп, қаланы қолына алыпты. Бір топ большевик осылай қарай шығып келе жатқан көрінеді.
Бүркітбай (шошып). Ойпырмай не дейді? Рас па екен? Япырмай, енді қайттік? Болыс деп тура осында келді ғой енді олар.
Көбен (жағасын ұстап). Жүрегім зу ете түсті ғой!..
Балғын кіреді.
Балғын (сасып). Қолдарында шошайған мылтық, жарқылдаған қылыш па, темір найза, сапты балталары бар сықылды. Алдында ылғи шолақ құйрық аттылар бар. Қаптап келе жатқан адам. (Есіктен басын қылтитып қарап.) Әне-әне келіп қалды. (Үйдегілер сасқалақтап жүреді.)
Танауы желпілдеп полицей Павел кіреді.
Бүркітбай. Павел, жай ма? Павел, жай ма? Келе жатқан адам сендердікі ме?
Павел. Жоқ, жоқ, олар большевики. Вот бізді гонят етіп келеді. Мен қашып келген. Пожалуйста, мені жасырсаңшы, пожалуйста.
Қылышын, қаруларын тастай береді, погонын жұлады. Кимешек жамылып жатып қалады. Басқалары сасқалақтап тығылуға жер таба алмай, бастарын жасыратын жерге тығыла береді. Даладан 2-3 рет атылған мылтық даусы естіледі. Зілқара құшырланып, елеңдеп басын көтере береді. Сахна күңгірт қара көлеңке тартады... сахнаға октябрь сәулесі кіреді, байлаудағы адамдар көріме түседі. Сахнаның жан-жағынан мылтықтың істігі көрінеді.
Зілқара (жұлқынып серпіліп). Міне... келді бізге жаны ашыр бауырлар!!! (Орындарынан тұра береді). Әне езілген елдің ерлері. Міне, бұзылды зұлымдық торы. (Жұлқынып жібін үзіп қолын босатып). Міне үзілді матаған бұғауың. (Бүркітбайға қарай жай басып төне береді).
Сырттан интернационал естіледі. Сахна жарқырап қызыл сәулеленеді. Бүркітбайлар — үйдегілер кейін шегініп, қорқып, қымқырынын сасып қалады. Сахна қайтадан көлеңкеленіп тұрғанда кенеттен күрең сәуле жарқырай қояды. Жарқыраған электр сәулесінен ілесе сырттан сахнаға бір адам кіреді. Оның түрі: барлық киімі қып-қызыл, көйлегі де, басы да, аяқ жағы да қызыл киінген, қолында қызыл ту кере ұстаған... бір қолында үлкен балға. Түйдектеп сөйлейді... Толқытып сөйлейді.
Ей, бақ құмар жауыздар! Біздер атып келе жатқан алтын таңның шолпанымыз. Жанған өрттің өшпес ұшқынымыз! Сендердей елді сорған айыр тілді шұбар жыланның тілін суыратын жалынды өкілміз!!! Қара бұлтты жамылтқан күндерің өтті! Бақтарың өшті. Неше жыл бойы табандарыңда езілген еңбекшілер қозғалды!!! Серпіліңдер!!! Серпіліңдер!!! Босаныңдар бұғаудан, езілген ұлдар!!!
Шымылдық
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
Бүркітбайдың бұрынғы үйі. Үйдің бір жағында қара сабалы қымыз тұрады. Байдың салтанатты тұрмысы. Перде ашылғанда үйде іс тігіп өлең айтып Қаламқас отырады, «Сәулем-ай» әнін айтады.
Қаламқас.
Шалқардың су тасиды жан-жағына.
Шалықтап соқса толқын жан жарына,
Сылаңдап күліп-ойнап жүрсе сұлу
Сүйгеннің ілінбей ме қармағына.
Қосылсам өзім сүйіп өз теңіме
Жалғанда жетер едім арманыма.
Ән баяулай бергенде сахна сыртынан Ертайдың алыстан салған әні естіледі. Бірте-бірте жақындай береді. Қаламқас істі қойып тыңдайды.
Ертай.
Қажыдым қу тұрмыстан арып-ашып,
Кеудеге арман толып көңіл жасып.
Келгенде азып, шаршап мен жұмыстан
Ән салып серпілейін көңіл ашып.
Көзіме сағынғанда бір көрінсең,
Кетер ем тау суындай толқып тасып!
Қаламқас (ән топтала бергенде). Әсерлі үні тауды жаңғырықтырып, тасты жарғандай, жүрекке жылы күй бергендей, жалынды жасқа сыр бергендей, бұл кімнің даусы? Тереңнен тербеліп, тар тұрмыстан күй беріп, жас жүрегін жандырған кім? Сұм өмірдің соқпағынан соққы жедім деген кім? (Орнынан түрегеліп есіктен бойлап қарайды.) Ән салып ен даланы жаңғырықтырып жүрген Ертай екен ғой. Оны жабырқатып жүрген әттең... кедейлік қой. Әйтпесе кімнен кем? Бір кісіге жолдас болғандай емес пе? Жұрт не десе, о десін, осы Ертай маған ыстық. Сүйкімді сөзі, жайдары мінезі көз алдымда елестейді де тұрады. Қайтейін, мұның қасында басқа кісі маған тіпті әсер етпейтін секілді. Неге екенін өзім де шеше алмадым. Малай демесең, Ертаймен ақырының қандай боларына көзім жетпейді.
Ертай кіреді. Қаламқас қарсы алады.
Ертай. Қайда кеттің, Қаламқас?
Қаламқас. Ешқайда емес. Жаңағы ән салып жүрген сен бе?
Ертай (Қаламқасқа жақындап күлімдеп.) Ия, мен, қалай жүрегіңе жақты ма?
Қаламқас. Сырнайдай сызылдырып салған әнің маған жақпаушы ма еді! Бірақ та... сен неге қайғылы өлең айтып қайғырасың?
Ертай. Соқпағы мол сұм тұрмыс, қол создырмас тар тұрмыс. Мені сенделтті. Бірақ та сенің шын ықыласың жүрегіме жылы тиеді. Тұрмыстың маған деген соқпағын жеңілдетеді.
Қаламқас. Өзіңді өзің қажытпа, көңіл көтерілсін, бір ән салшы!
Ертай (мұңайыңқырап жан-жағына қарап). Біреу келіп қалмай ма?
Қаламқас. Ешкім келмес, әжем қыдырып кетті. Әкей де үйде жоқ. Ауыл арасында басқа келе қоятын бейсауат кісінің реті жоқ.
Ертай. Жарайды... онда бір ән салып жіберейін. (Тамағын кернеп аз ойланып) Әні құрғырдың өзі аузыма түспей тұр.
Қаламқас. Неге түспейді? Далада жүргенде қара өлеңді айтқанда желдей естіретін едің ғой. Айтпақшы, әнеугүні Қырмызы келгенде үйдің сыртынан суырып салып айтысып, заулатқаның қайда?..
Ертай. Жүрексініп тұрғаным ғой.
Қаламқас. Өлеңді топ ішінде тайсалмай айтып, бұл жерде неге жүрексіне қалдың?
Ертай. Қайдан білейін. (Қаламқастың қолынан ұстап кереуетке отырады) Жарайды, бірдеме айтып жіберейін.
Қаламқас, жүрегімді жеді күйік.
Тәніме тар тұрмыстан соққы тиіп,
Қайтейін, қолым қысқа, жағдай жәйсіз,
Кетемін соның үшін кейде күйіп...
Күйігін көкіректің кетірейін
Сәулетай, келші алайын қысып сүйіп.
(Сүйісіп жатқанда ит үреді, екеуі шошып айрылып, Ертай шығады).
Бүркітбай, Көбем, Қарымсақ кіріп отырады.
Бүркітбай. Қаламқас қарағым, әжеңді шақыр! (Қаламқас шығады.)
Қарымсақ. Ие... солай деңіз, Көбеке.
Бүркітбай. Көбеке! Мынау... баяғы қажыдан әкелген белбеуіңіз бе?
Көбен (көтеріліп сақалын сипап, белбеуді ұстап қойып). Ие, сол белбеуім ғой, (белбеуін шешіп қасына қояды). Ой дүние-ай, теңіздің толқынындай шалқыған қайран күндер, жылдарды жылдар қуалап аршындап өткен заман-ай. Қыс болса... қара шанаға сыймай қасқыр ішікті қайыра киіп отырдық. Жаз болса серіппелі қара арбамен сайрандадық, губернатор, ояздардың алдына дейін бардық. Ел аузында ерке бұлан болдық. Уа... Бөрекең білсін, Қарымсақ білсін, Көбекең келсін, оларсыз іс бітпейді, деуші еді-ау...
Бүркітбай. Өрісте жайлау, белесте қыстау едік.
Қарымсақ. Екі тай жерлерде ердің құны, нардың бұлын да бір ауыз сөзбен бітіріп ат шапан жолдығымызды алған едік. Көсем билер, шешен тілдер едік. Бүгінде сол түгіл, көзге де ілінбей отырғанымыз мынау.
Балғын кіреді.
Көбен. Келін, амансыз ба?
Қарымсақ. Саламатсыз ба?
Балғын. Шүкір, мал-жан, бала-шағаларыңыз аман ба?
Көбен, Қарымсақ (қосарланып). Шүкір, шүкір. (Балғын сабаға барып қымыз құйып береді. Күбір-күбір әңгіме.)
Қарымсақ. Түу дегенде түкірігі жерге түспей, Берекең де сүйтіп шалқып жүрді ғой. Берекеңнің көлеңкесінде бәріміз де құлашты сермеп, дүниені сапырып, аршындап өттік қой.
Бүркітбай (басын изеп) Ол күннің бәрі де өтті ғой. Есіңе түссе есалаң боласың, сай-сүйегің сырқырайды. Өң бе, түс пе? Көзден бір-бір ұшты. Бұл күнде ол дәуреннің бәрі адыра қалды. Құл-құтанға күн қалып, кедейлер ерік алып ел билеп болып, бай... бай деп төбемізді тесіп отырғаны мынау. Бұрынғы Қоғалының қолаттарын тұтып жатқан қарақұрым көк ала жылқыдан бес-ақ үйір қалып отыр.
Қарымсақ. Солай, Бөреке, әр жерде-ақ бұрынғы толық дәулет шайқалып, біздерден байлық дәурен тойтарылды ғой. Ел билеген есіл билердің адымы қысқарып, аяқтарына тұсау түсті ғой.
Бүркітбай. Біздерде бұрынғыдай, науадай құйылып отыратын түсім жоқ. Бірен-саран Матай секілді, сөз тыңдайтын ауылнайлар қасындағы жас жолдастарынан сезіктеніп, көріне біздің таяғымызды соға алмай жүр. Басқа ешқайда сөзің өтпейді. Жиылыстарына барсаң қуып шығады.
Көбен, Қарымсақ (жарыса). Солай, солай...
Қарымсақ. Көбеке, осы сіз кеше төмен қарай кетіп бара жатыр ма едіңіз? Қай жерден қайттыңыз?
Көбен. Япыр-ай, Қарашей! Қайдан көріп қалып едің? Қорашадағы Ботбай баласының әйелі айырылатын болған екен, соған Көбекең келіп реттеп кетсін деп мені Қарамолда шақыртқан екен, сонда барып қайттым.
Бүркітбай. Бөкең елде болса да малының төлін өсіріп келеді. Уақ-түйек шығынын келін-кепшіктерінің үстінен айырып жатыр. (Қымыз жиылады. Балғын шығады).
Қарымсақ. Көбекең Дәрментайдың жалғыз ешкісін жардан ұшырып қағып қайтпаса не қылсын? Мезгілсіз шақырған тауықтың жүнін жұлмақ керек дегендей, бір нәрсе көрінер саған деп ойлап ем. (Бәрі қарқ-қарқ күледі.)
Көбен (күлімдей). Ай, Қареш-ай, барған жерден бір ат жетелеп қайтатын бұрынғы заман дейсің бе? Біздікі бүркіт қартайса тышқаншыл болар дегеннің кебі ғой. Ешкі-мешкімен не өнсін. О да сирек кездеседі. Комсомол дей ме, қойшы дей ме, тоқты қошқардай кес-кестеп алдыңнан шығады да отырады. (Бәрі күледі).
Қарымсақ. Көбеке! Біз көп отырып қалдық қой.
Көбен. Ия, жүрелік.
Бүркітбай. Жайша ма еді?
Көбен, Қарымсақ. Жайша, жайша тек әшейін сәлем беріп шығайық деп қайрылып едік. (Шығады).
Бүркітбай (сахна сыртына қарап). Ертай, о Ертай.
Ертай кіреді.
Ертай. Неге шақырдыңыз?
Бүркітбай. Қырдағы көк аланың үйірінен, Қаржаулыдан алған құла торы биені, Бескүректен алған құла сұр құнанды алып кел, ертең базар шығатын едім.
Ертай. Бөреке, менің киімдерім тозды, осы базардан етік, көйлек ала келіңіз.
Бүркітбай. Ай... Ертай-ай. Сен де бір жоқ жерден кесе артыласың да отырасың. Жұмыста жүргенде осы киімің де жарайды ғой.
Ертай. Отағасы, беретін болсаңыз осы базардан қалдырмаңыз! Тіпті киімдерім тозып кетті.
Бүркітбай. Жә, оның бір жөні болар, кейде қысқасынан түсініп қалатын әдетің бар-ау осы.
Ертай. Қысқасы емес, дұрысын айтам.
Бүркітбай (жаратпай). Жарайды, Ерекеш... сенімен оңашада сөйлесіп қоятын бір сөз бар еді, өзін, бері келіп отыршы...
Ертай (қасына отырып). Ия, жұмысыңызды айтыңыз?
Бүркітбай. Ерекеш, сенен жасыратын сыр жоқ, өзіміз оңашада бір сөйлесіп қоялықшы, сен маған жыл тәулікке екі лақты ешкі, бір құнан өгіз, бірсыпыра киімге жүрдің, заманның түрінің жайсызға айналып бара жатқанын көріп жүрсің. Ауыл арасындағы комсомолдардың бірі байға қанша жалға жүрдің десе, екі лақты ешкі, құнан өгіз, бір бұзаулы сиыр, 5 киімге жүрдім дегейсің. Дәмдес болған соң, ыңғайлас болғанымыз жақсы ғой. Мен де артық-кем деп қарап тұрмаспын. Шынында өзің еншілес есебінде болып, шаруаны өзің-ақ реттеп жүре берсейші.
Ертай (теріс қарап күліп). Бәсе, не қып бәсеңдеп отыр десем, баяғы жеудің жолы екен ғой. Ертең договорщик келген соң, не дерін Ерештің езі біледі. (Сықылықтап күледі)
Бүркітбай. Ой, сен неге күлесің? (Ала көзімен қарайды.)
Ертай. Қуанғаннан күліп отырғаным ғой.
Бүркітбай. Неге?
Ертай. Бір бұзаулы сиыр, бір құнан өгіз күлдірмей қоя ма?
Бүркітбай. Ереш, мұны саған былайынша, осы күнгі заманның түрі жайсызға айналғандықтан айтып отырмын.
Ертай. Ия, оны заманның заңы бойынша договорщикке тіркетіп қояйық.
Бүркітбай. Жо... жо... жоқ! Ереш, договор дегенді атай көрме, ол екеумізге де зиян, ол пәлені айта көрме! Және бұған договордың керегі жоқ.
Ертай. Мені өзімсінсеңіз жаңағы өзіңнің айтқан сөзің бойынша договорласып қоюымыз керек.
Бүркітбай. Ай, Ереш, осындай қалжыңың бар-ау сенің. Бірақ есіңде болсын, енді жұмысыңа бар.
Ертай (шығып бара жатып). Ертай өзі біледі. (Шығып кетеді.)
Бүркітбай (артынан қарап). Бекер-ақ айтқан екенмін. Мынау бұрынғы Ертай емес. Бұзылуға айналған екен. Осы антұрған бір шатақ шығармағай еді...
Балғын кіреді.
Балғын. Қойшы-қолаңдардан-ақ күн кере алатын болмадық. Кешегі пішен тасимын деп алып кеткен сары атанның иығын жауыр қылып тастапты. Жаңа Бегімбайдың әйелі әкеліп тастады. Онысымен тұрмай күйеуіме шекпен тоқып берейін деп түйенің жүнін сұрайды. Адыра қалсын-ау. Түйенің жүні не теңі екен. Сондай малдың қадірін білмейтін қара табандыларға неге бересің.
Бүркітбай. Ай, бар болғыр-ай, ол түйенің арқасы бұрыннан жауыр емес пе еді? Байқап сөйлесең қайтеді. Көлік, ондай-мұндайды ауыстырып, оларды алдап күшімен пайдаланбасаң бола ма. Жаздыгүні Бегімбай тектен-тек бір ай пішен үйіскен жоқ па. Осы күні ауыстырып-түйістіріп, олардың атына жаздырып, қыруар кек майса алқаптарды майыстырып өзіміз шауып отырмыз ғой. Ана көрінген мая-мая пішен, олардың қолындағы сауынға берген сиырларды, жегуге берген өгіздерді, астыртын өздеріне жаздырып, налогтарын өздеріне төлеттіріп отырмын. Өстіп еппен істемесе тағы болмайды. Мен осыларды білмей жүр дейсің бе? Құрдан құр қабырғадан қосылып борбайлайсың да отырасың...
Балғын. Сонда да тым жақындатып басыңа шығара берген соң олар басына кетеді. Қолыңдағы малайларың да бұрынғыдай емес. Жұмысқа шала қарайды. Ертерек тұрып жұмысқа барудың орнына, ұлы сәскеге дейін ұйықтайды. Мынау менің жұмысым емес деп еш нәрсеге қарамайды. Салдық құрғысы келеді.
Бүркітбай. Салдығы несі?
Балғын. Салдық емей немене, малай да құдыққа қармақ салғысы келеді...
Бүркітбай. Осы ит не дейді? Не айтып отырсың, ай,сен?
Балғын. Білерсің, не айтқанымды көрерсің. Ертай, Ертай деп жүргенде Ертай-ақ түбіңе жетер.
(Сахна сыртынан Ертайдың ән салып жүрген даусы естіледі.)
Жылқымды айдап салдым құба белге,
Қос жетек ұстап алып келем елге.
Алдымнан ақша жүзді айнам шықса,
Ұшпас па талап шіркін өрден ерге!
Балғын. Әне-әне айттым ғой. Тыңдашы, осы жаман немеде бір жел бар деймін.
Бүркітбай. Қайдағы жел? Желі несі?
Балғын. Әлі естімей тұрмысың? Тындашы?
Бүркітбай. Осы, сен не оттап отырсың? Тыңдағанда ол кім дейсің. Манағы жылқыға кеткен Ертай шығар тәйірі...
Балғын. Ол тегін Ертай емес, мен айттым да қойдым.
Бүркітбай. Қойсаң, қой! (Шығып кетеді)
Балғын. Қаламқас! А, Қаламқас, қарасы батқыр жоғалып қайда кетті? Осы қыздың бағуы да бір сор болды. (Шығады.)
Ертай кіреді.
Ертай (жан-жағына қарап). Қаламқас далада көрінбеді, қайда жүр екен, а? (Үстіне қарап мұңайып) Менің мынау жаман киімім, жалаңаш-жалпы иінім Қаламқастай сұлуға әсер етпей, сескендірді ме екен? (Артына қайырыла бергенде)
Қаламқас кіреді.
Қаламқас (Ертайдың қолын ұстап). Неге жабықтың? Әлде біреу ұрысты ма?
Ертай. Мен жабықпай қайтейін. Менің нашар тұрмысты күйім өзіңе белгілі ғой, дегенмен кейде ой түседі. Осындай қиыншылыққа мойып жүдей бермей, талпынып алға ұмтылуға тырысамын. Біздің бұл жүрісімізді жұрттың көбісі сезген көрінеді. 1-2 айдан бері апаң маған қабағын ашпайды. Бірсыпыра жасырын сөздерін тыңдағанымды,сенен құтылуға асық болып жүрген тәрізді.
Қол-аяғыңды матап Қарамырзаға беріп жіберудің жабдығына кіріскен. Мен дегенде ауылдың боз балалары да кіжінетін көрінеді.
Қаламқас. Мен де ол жағын сезіп жүрмін. Қайтейін, әуелдегі серттескен сөздемін. Көп болса Қаламқас жүзі қара сүйтіпті деп естіген жан аңыз қылар...
Бүркітбай, Мырзабек кіреді.
Бүркітбай. (Құшақтасып отырған Ертай мен Қаламқасты көріп, шошып тұрып қалады, ақырып). Ойбай, Мынау доңыз қайдан жүр? Бұл не қып жатқаны? Мырзабек, ал ана таяқты. Өлтір екеуін де. Құны сұраусыз, өлтір)!
Ертай (сасып). Ме...ме... сусын ішкелі келдім (кетуге ыңғайланады).
Мырзабек (төрдегі таяқты алып). Бәлем, бір кезіңе келдің (Ертайды салып-салып жібереді. Бүркітбай келіп тепкілеп, таяқпен о да ұрады.)
Ертай. Ойбай, өлдім. (Өкіріп құлайды. Маңдайдан жосыған қап есіп жатады).
Бүркітбай. (ентігіп). Жат солай, атаңа нәлет доңыз Сол керек саған. (2-3 рет теуіп жібереді. Бұл кезде Қаламқас ернін тістеп, жүктің жанында сүйеніп, қымсынып тұрады).
Балғын кіреді.
Балғын. Ойбай масқара-ау, мынасы несі? Бұған не болып қалды?
Бүркітбай.. Не болғанын көрмейсің бе? Қызыңды бақпай, кәрі қаншық. (Ит үреді, Бүркітбай үндемей барып орнына отырады.)
Балғын (шаптығып). Түпке малай жетеді деп айтқан жоқ па едім. (Артына қарап.) Мына жүзің, күйгір нағып тұр? (Қаламқасты 2-3 рет нұқып жібереді. Қаламқас жылап кетеді.)
Балғын Осы қыздың қарасын батыр, бір түнде Қарамырзаның арбасына салып жібер деп алдақашан айттым. Шал дедің бе, мал дедің бе, бірдеме жырмалап түсірмек болып осы уақытқа дейін создың. Сені тамақ өлтіреді ғой. Бұл, бұл ма? Мұнан да сорақысын көрерсің әлі?..
Бүркітбай. Өзің емес пе едің, шалға қызымды бермеймін деп шалқалап келген. Енді бұл қыздың қарасын батырайын.
Балғын Ол құрғыр тағы кетіп қалды. (Шығып кетеді.)
Ертай (жайлап қимылдап). Уһ жам... басым-ай. Жер дөңгеленіп барады ғой.
Ауылнай, хатшы кіреді.
Ауылнай (сұлап жатқан Ертайды көріп, отырмай тұрып). Бөреке, мынауың Ертай ма? Бұл не қып жатыр?
Бүркітбай. (тыржиып). Жаңа малдан келіп еді. Басым ауырды деп жатыр. Науқастанған болса керек.
Хатшы (Ертайға келіп). Ертай, тұр, қай жерің ауырады? Қашаннан науқас едің? (Ертайдың басын көтеріп жатып қанды көріп шошып.) Ойбай, Бөреке! Мынау қалай науқас. Қаны несі!
Ауылнай. Қан деймісін-әй?
Бүркітбай. (монтансып). Аттан құлаған білем, басын жарып алыпты.
Хатшы. Ай, бүркіт, бүркіт тырнағыңмен бүрген екенсің ғой сорлыны. Саған да бір көрім көрінер, асықпа әлі!
Ертай (қозғалып ыңырсиды). Ұйықтап кеттім бе? Ә... басым неге ауыр тартты? (Келгендерге қарайды.)
Ауылнай. Бетіңдегі қан не?
Ертай. Анау жезтырнақ Бүркітбай.
Бүркітбай. Қой қарағым Ертай! Ұйқысырап кеткен шығарсың. Мана аттан құлағаның қайда?
Ертай (басын көтеріп). Жауыз, өзің ұйқысырап отырсың! (Хатшыға қарап.) «Жаз протоколды», бұған анау қанды таяқ куә. (Хатшы қағазын алып жаза бастайды.)
Ауылнай (хатшыға). Қой, Бөрекең үйтпесе керек еді ғой. Аттан құлағаны рас шығар, әзір жазбай қоя тұрсаң да болмас па...
Хатшы. Сен осындай жалтақ мінезіңді қашан қояр екенсің?
Ауылнай. Жә, қит етсе сүйтіп кісінің алдына шыға келетінің бар-ау сенің?
Хатшы. Сен байға жалтағыңды қойсаң мен алдыңа шығуымды қояйын.
Ауылнай (ала көзімен қарап). Жә-жә, жаза бер.
Хатшы. Жеті жерінде таяқ табымен таңба бар екен, қарашы.
Ауылнай (тұрып қарап). Төрт жерінде десе де болмай ма?
Хатшы. Жеті жерінде (жаза береді).
Бүркітбай. (күйбеңдеп, Матайға қарай түсіп).
Қарақтарым ай, мен емес едім ғой. Өзі аттан құлап жүрген. Асығыстарың болмаса асқа қараңдар. Көптен бері келген жоқ едіңдер (сыртқа). Ай, қатын, қонақ келді, қой жақында ма еді? Болыңдар... Тез, тез!
Хатшы. (қағазды Бүркітбайға әкеліп). Қой қолыңды!
Бүркітбай. Ас артынан қоярмын.
Хатшы. Біз асқа қарамаймыз, қой қолыңды!
Ауылнай. Асқа қарасақ та болмай ма? Асығыс жұмыс шамалы ғой.
Хатшы. Мынадай қанның үстінде ас ішіп отыра алмаспыз.
Ауылнай Я, Бөреке, қолыңызды қойыңыз.
Бүркітбай. Қол өзімдікі болса қоймаймын.
Хатшы. (қағаздарын жинайды. Бүркітбайдың артындағы қанды таяқты алып). Мынау қанды таяқ қай жерге барса да куәлік беруге жарайды. (Ауылнай, хатшы Ертайды сүйеп тұрғызады.)
Хатшы. Тасыған көңіл басылып, құрама дәулет шашылып, көзіңе қара қан толатын, тойтарылып толғанатын күнің туар. Талай жыл жалшыларды құлдығыңа ұстап, көзінен қанды жас ағызғаның үшін тергелесің, тебіренесің! (Бүркітбай сасып тұрып қалады.)
Ертай. Рас екен... Шын екен... Мен адасқан жоқ екем! (Үшеуі де шығады.)
Шымылдық
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Сахна тау, тоғайлы сала, Ертай мен Өмірзақтың темірші дүкені. Перде ашылғанда екеуі балғаменен төстің үстіндегі темірді кезек-кезек ұрып жатады, сахнада Ертай мен Өмірзақ.
Өмірзақ (оттағы темірді төске алып қойып жатып). Ертай, балғаңды әкел.
Ертай (қолына түкіріп жіберіп, балғамен 2-3 рет соғып жіберіп). Отқа сал, суып кетті.
Өмірзақ (көрікті басып жатып). Ертай, сен аз уақыттың ішінде ұсталықты қайдан үйрендің?
Ертай (күліп). Мен бе? Мен өткен қыстың күні Күбірлідегі орыс поселкесінде болдым ғой. Сондағы Афанас деген темірші ұстаның жалшылығында жүрдім. Афанас өзі жарлы, коммунист, әрі жалғыз жігіт еді. Мені өзіне серік қылды, сені ұсталыққа үйретемін деп көрік бастырды. Сүйтіп жүріп балға соғуға баули бастады. Уақ-түйек темірлерді маған жасатты. (Балғасын көтері). Былай соқ, былай сок! — деп, қолыма балғаны ұстатып үйретті. Түнге қарай үйде отырғанда, орысша қарып үйретті. Жаздырды, оқытты. Сүйтіп жүргенде Афанастың ұсталығы маған жұқты. Соңғы кездерде Афанас, сен өте шебер боласың, балға соққышсың. Сенің қолын он қадақты балға, деп арқама талай қақты. Сонымен 3-4 айды артқа салып алған соң, өз алдыма құрал жинап, дүкеннің бір жағына шығып, жеке ұсталық қылдым. Мұның бәрі Афанастың көмегімен болды. Оның бер жағында сіздің артеліңізге келіп мүше болдым емес пе. Айтпақшы губерниядағы бір айлық трактор курсында оқып қайттым ғой. Сонда қаладағы ұсталардың Істерімен танысқаным өте жақсы үлгі болды.
Өмірзақ. Баяғы Бүркітбайға жасаған протокол не болды?
Ертай. Матай антұрған протоколды басып, Бүркітбайдан бір өре кигіз алды деп естідім.
Өмірзақ. Бүркітбайдан неше жылдық еңбек ақыңды алдың?
Ертай. Матай сөзімді тыңдамаған соң Бүркітбай екеуін аудандық сотқа бердім. Сот істі тезінен қарай қоймады, істің соңына түспеген соң, ұзын арқау, кең тұсаумен әлі күнге кетіп барады. Сол баяғы қанды таяқ әлі күнге менің қолымда бойына қатқан қанымен сақтаулы.
Өмірзақ. Оны қалай сақтап жүрсін?
Ертай (көріктің артынан алып). Міне, қанды таяқ. Бұл Бүркітбайдың түбіне жететін таяқ.
Өмірзақ. Уақыт етіп кеткен соң бұл таяқ не қылатын еді?
Ертай. Бұл таяқтың уақыты Бүркітбай тірі тұрғанда етпейді. (Екеуі ондай-мұндайды шұқылап істеп жүріп сөйлесе береді.)
Өмірзақ. Кешегі жер бөлігіне қандай жерлер кірді?
Ертай. Арқанды ана... анау... Көбеннің көк алабының үстінен, Қарымсақ қырманының қасы мен сонау көрінген Бүркітбайдың қурайлы мамық тепсеңін ішке ала, Қазидің қара суын ішке тарттық. Комиссия алдан жүріп отырды, біз ізімен тартып отырдық.
Қодар кіреді.
Қодар (қолында сынған шалғы). Ереш, мына шалғының шыбығын дәнекерлеп берші.
Ертай. Кәні, әкеліңіз (қолына алып қарайды).
Қодар Кеше сен жер бөлістен келді деп еді, комиссия біздің артельге қандай жер берді екен?
Ертай. Со... сонау көрінген Бүркітбай, Көбен, Қарымсақ, Қизалардың шұрайлы жерінің бәрі де біздің екі артельге тиді.
Өмірзақ (күлімдеп). Шонжарлардың өздеріне қай жер берілді.
Ертай. Оларға жер тиетін бе еді. Олар әкесін таныды. Байларға ылғи тақыр жерлер қалды. Татыры, сортаңды, қара жусан, қыратты жерлер берілді.
Қодар. Тіпті жақсы болған. Міне, теңдіктің тарауы, Кеңестің күшіне сенбеушілер енді сенгендей болды. Кедейдің күшіне сенбеушілер енді сенгендей болды. Кедейдің үкіметі кедейін қолдап, байлардың шұрайлы жерін алын берді. Байларды басқа тепті. Енді осы бағыттан айырылмай үлеске тиген көк алапты шабайық.
Ертай. Шалғыңды қалдыра тұр, кешке жақын бітіріп қоярмын.
Қодар. Жарайды, Көбеннің көк алабын шабамын. (Шығып кетеді).
Өмірзақ. Мен пішеншілерге барып келейін.
Ертай. Жылдам кел! (Өмірзақ шығады).
Тракторист Егор кіреді.
Егор. Здрасти, Ерешке! (Қол ұстасып амандасады).
Ертай. Здрасти, табарыш Егор. Аман келдің? Сенікі работа жақсы жүре ме?
Егор. Бүгін күн очень жарко болған. Мен бүгін 10 десе жер. Шөп много, туу, Ерекше, сіздікі жер хороший.
Ертай. Жақсы жерді біздікі артель алған. Біз батырақ кедей.
Егор. Сен бүгін трактор неге айдамаған?
Ертай. От товарыш Егор. Менікі работа очень много. Артельдікі, колхоздікі машина, сабан арба сынғандарын от мен жасайды. Қалай трактор айдарға болады.
Егор (күліп). Қу, Ерошка. Мен енді кетерге ойлаған. Уақыт болған. Придется, тракторға сен өзін шофер болып жүргізерге.
Ертай. Ну, Егор! Какой сен ойлаған. Кетерге болмайды. Мен жүргізерге жақсы білмейді.
Егор. Как же, сен білмеске? Сен трактор курсында оқыған. Сен жақсы білесің. Настоящий шофер и кузнец. Ну трактор барамыз, айда! (Екеуі шығады.)
Қаламқас. Уһ... әже... әже...
Қаламқасты сүйемелдеп Өмірзақ, кіреді.
Өмірзақ. Қой, қарағым Қаламқас, басыңды көтер, әжеңе апарайын.
Қаламқас (елірген секілденіп). Әне... әне... әне екі атты маған келе жатыр. Ағекей. (Өмірзаққа тығыла түседі.)
Өмірзақ. Қой, қарағым, ешкім жоқ. Олар кетті.
Қаламқас. Әне... келе жатыр.
Өмірзақ. (басын шайқап). Ай, жауыздар-ай! (Артына айналып қарайды).
Ертай кіреді.
Ертай (шошып кейін шегініп). Ойпырмай, бұған не болып қалды? (Келіп Қаламқастың басын көтереді.)
Өмірзақ. Бұл бір пәлеге кездескен. Жана машинашылардан қайтып келе жатсам көз ұшында арпалысқан екі атты адам керінді.
Ертай (елеңдеп). Я — олар кім екен?
Өмірзақ. Бұлар неткен жан деп қойшы торыны төпеп, жайдақтап шауып келемін, екі атты кісі, ортасындағы бір әйел адамды жерден ұмтылып алдарына өңгермекші болып алысып жатыр. Келсем екеуінің ортасындағы Қаламқас. Қаламқасқа жармасып жүргендер кәдімгі Бүркітбайдың Қаламқасты беремін деп жүрген Қарамырзасы. Қасында бір жолдасы бар. Мені елең қылмай Қаламқасқа тағы жабысты. Қаламқас ат үстіндегі маған ұмтылды. Бір сұмдықтың болғанын білдім де Қаламқасты іліп алдыма мінгізіп алып, қолымдағы шынжыр шідерді оңды-солды сермеп құтылып жаңа ғана осында келіп жеткенім.
Ертай. Ол жауыздар қайда кетті?
Өмірзақ. Олар осы дүкенге жақындағанда, қоста адам бар шығар деп сескеніп кейін кетті. Ұрып тастаған-ау деймін, Қаламқасың мынау, қалжыраған, түсі жоқ.
Ертай Қаламқас! Ә... Қаламқас.
Қаламқас. (Ертайды көріп). Ағекей (Жылап жібереді).
Ертай. Қой жылама! Не болды, жаным? Басыңды көтерші.
Қаламқас. (дірілдеп басын көтеріп). Мана Көбен ауылындағы көкемдікіне баруға үйден шығып едім. Қособадан асқанымда бір-екі атты кісі алдымнан шықты. Көзіме бір албасты болып көрінді. Маған жақындап келіп, мені ат үстінен ортаға алды. Алысып аттың астына тығылып жүргенімде алдымнан келе жатқан Өмеш ағай көзіме оттай ұшырады. Өмеш ағайға қолымды созғанымды білем. (Жылайды.) Көкеңдікіне барып кел деп әжем қоймаған соң шығып едім.
Ертай Жапан далада, Қарамырза қақбастың қолына түсіп жарақаттанған екенсің. Бірақ, жылама! Оқасы жоқ. Жүр үйіңе апарайын. (Шығады.)
Өмірзақ (алдына қарап). Қап! Әттең аттың жаман болғаны-ай! Әйтпегенде, Қарамырзаны сұлататын едім. Өзі де есінен танған шығар. Жігіт жабыса бергенде, қақ басқа шідерменен тартып едім, атынын жалын құшып барып қалды. Қарамырзаның сорына менің кездескенім: анау кетіп бара жатқан Қаламқастың бағы ғой.
Ертай кіріп балғасын ұстап, төске сүйеніп тұрады.
Өмірзақ Ертай! Қой несін ойлайсың. Қаламқаспен арадағы жақындық жақсы-ақ басталып еді. Қаламқастың өзінің ниеті дұрыс болған соң осыны аяқтау керек. Осы іске заң жолымен тезінен кірісуің керек.
Ертай. Оның жөн! Енді мен үкімет қолымда тұрғанда, ешкімнен қорқа алмаймын. Қаламқас жайындағы, Бүркітбай мен Қарамырзаның былықтарын түптемей тынбаймын.
Даладан дауыс. Әй, Ертай бар ма?
Өмірзақ Бар. Ертайда не жұмысың бар?
Дауыс. Ертайға келген хат бар. (Өмірзақ шығып алып келеді.)
Ертай (хатты жыртып). Амандық хат. Ардақты Ертай, мен де аман-есен жүрмін. Өзіңе белгілі, жаңа салынып жатқан Түркістан Сібір темір жолының бойында жұмыс істеп жатырмын. Жүмысшы көп, орыс, ноғай, ұйғыр, дүнген, қазақ, қысқасы әр ұлттан жиналған жұмыскерміз. Бәріміз де ынтымақпен ұйым болып жұмыс істеп жүрміз. Оқу үйінде газет оқып отырмыз. Хат танымайтындарымызды оқытып жатыр. Хат таныдық. Тамақ тоқ. Жетісіне бір рет моншаға түсіп тұрамыз. Өзім жаңадан коммунист партиясына кірдім. Мұнда қызық. Қара жердің қыртысын айналдырып, қопарып жол төсеп жатырмыз. Көпір салатын түрлі тетікті машиналармен таныстым. Ал, енді сен мұнда жұмысқа кел! Қош, жолдасың Жамақ. 1928 жылы.
Япырым-ай, ә! Жамақ жақсы еткен екен. Ол бізден озды.
Өмірзақ Ойбай-ау, не дегенің, жаңағы тұрмыстар қандай жақсы. Айтып отырса бір оқу ғой. Жамақ кетерінде бізге жүр деп маған көп айтып еді. Мен әлдеқандай болады деп бармай қалып едім. Сонда кетсем ғой, қап, қате еткен екем. (Басын шайқап.) Оған бармай болмас.
Ертай. Өкінбе! Біз де барып қалармыз. Біз де Түркістан Сібір темір жол бойындағы ұлы еңбек майданына түсерміз. Дегенмен, біз де аз жұмыс істеген жоқпыз. Анау артель коллектив, топтанған батырақ, тұлпарымыз трактор қарқынымыз алда, қаруымыз балға. Енді бізге тоқтау жоқ. Тауын тесіп, теңізін кешіп алға тарта береміз.
Хамит, Қодар сөйлесе кіреді.
Хамит. Губерниядан келген уәкіл жиналысқа шақырады.
Өмірзақ. Не жиылыс екен?
Хамит. Байларды конфискелеп жер аудару туралы.
Ертай (қуанып). Рас па?
Өмірзақ Конфискең не?
Хамит. Рас! Ірі байларды конфискелеу жер аударып, байлардың малын алып ортаға салу.
Ертай. Я, сәт! Алдымен Бүркітбай, Көбендерді конфискелеуіміз керек. Бүркітбайдың жауыздығына мынау қанды таяқ куә!
Хамит. Жоқ, жолдастар! Сабыр қылыңдар. Кімді конфискелейміз десеңдер де, ол сендердей жалшылардың көрсетуімен болады. Кімде ақыларың кетті, кім зорлық қылды, тағы осылар секілді байлардың зұлымдықтарын қазір жиылыста айтуларың керек. Мен партия ұясының хатшысы болғандықтан, сіздерді жинап осы туралы қазір келген уәкілмін, жиылыс жасап өзіміз ақылдасуға түсінісуге тура келеді.
Ертай. Қане, жүріңіздер, жауыздарды жоюға аттанайық. Кәмпеске науқанына белсене қатысып, қанды таяқтардың күлін көкке ұшырайық.
Қодар. Ал жүріңдер
Өмірзақ Көбен, Бүркітбай сияқты жерлерден өшімізді алайық. (Бәрі шаттана жүре береді.)
Шымылдық
ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Бүркітбайдың бұрынғы үйі. Үй іші жын соққандай тәртіпсіз. Кәмпескеден үй жиһаздарын тыққан, абыр-сабыр болған сияқты. Қаламқас жүк жинап жүр.
Бүркітбай. (үстінде олпы-солпы киімі. Уһлеп сасып жүреді). Ойпырмай енді қайту керек? Дүниесі құрғырдың бәрі де адыра қалды ғой. Күн бұрын ескеріп мал жағын ойсыратып сата да алмадық. Бәрі де кенедей жабысып жағамнан алды ғой. (Басын изеп.) Қасқалдақтай қасқиып қақ алдында кеттік десейші! Күңіренген барлық мал, аруаналы қызыл нар, көк алалы жылқылар маңдайыма тепті десеңші! Тігілген мынау ақ орда, жайқалған мына дүние бәрі адыра қалып, қара табан кедейлер бөліп-бөліп алды десейші.
Балғын кіреді.
Балғын. Ойбай келіп қалды.
Сыртта дабыр, дауыс. Келе жатыр, келе жатыр.
Бүркітбай. Қані, қані. Әлі алыста шығар. (Есіктен қарайды.)
Балғын. Жоқ келіп қалды. Бір топ адам жоғарыдан құйғытып келе жатыр. (Балғын құдайлап біресе төрге, біресе есікке жүгіріп сасып жүреді. Бүркітбай да тыпыршып ойбайлап жүгіріп жүреді.)
Бүркітбай (сасып). Тыққан дүние, малдарды біліп қалып сорымды қайнатпаса жарар еді. Ойбай-ау, ай қатын, менің әлгі... на... е...наград знак шендерім қайда? Тықтың ба? Соның қарасын батыр!
Балғын. Наградың құрсын, жау шабайын деп жатқанда, мал дүниеден артық па? Жатқан шығар осында.
(Далада ит үреді. Алыстан созылып, «Басыңдар, жолдастар, аяққа» деген төңкеріс әні естіледі.)
Бүркітбай. Ал, келіп қалды. (Балғынға.) Ант ұрған-ау, нағып тұрсың, қарасаңшы.
Балғын (қарап). Келіп қалды, аттарынан түсіп жатыр. (Сыртта дүбір естіледі.)
Бүркітбай (Қаламқасқа). Сен анау үйге бара тұр, қорқарсың. (Қаламқас шығады.)
Далада. Бүркітбай үйде ме?
Бүркітбай. (Балғынға). Үйде жоқ де ойбай! Үйде жоқ де! Қалаға кетті деп айтсайшы. (Балғынның артынан түртіп тұрады.) Мен жоқпын!
Балғын. Ойбай келіп қалды. Келіп қалды.
Алда уәкіл, Ертай, Хамит, милиция, Еңбекбай, Теміртай, жаңа ауылнай, Қодар, толып жатқан кедейлер қолдарында қызыл ту, белдерінде арқан, жіп, кіріп келіп бірсыпырасы отырады, қалғандары түрегеп тұрады. Күбірлесіп сөйлесіп.
Уәкіл (қағазын жайып). Бүркітбай Қоренұлы сіз бе?
Бүркітбай. (дірілдеп). Біз, қарағым!
Уәкіл. Сіз болсаңыз бүгіннен бастап, заң бойынша мал-мүлкіңіз конфискеленеді.
Бүркітбай. (тілі күрмеліп). Менің оған ілінетін малым бар ма екен? Өзім қой аузынан шөп алмайтын момын адам едім, өзің біл, қарағым.
Балғын. Ия, қарағым, өзің бір иман жүзді қазақтың баласы екенсің, біз осы аз ғана малдың көлеңкесінде күн көріп, қалт-құлт етіп отырған шаруамыз. Ешкімге жазығымыз жоқ.
Өмірзақ Па, шіркін, монтансуын, айғақтарың қасыңда, қайда қашын құтылар екенсің.
Хамит. Бүркітбайдың қу сөзіне, жырынды болған сұм сөзіне сенбеуіміз керек. Бұл сенімі кеткен кісі. Мұның ел кедейі, ел батырағы білмейтін сыры жоқ. Күні бүгінге дейін малай ұстап, еңбектерін жеп зар жылатып келді. Мына Ертай секілді жалшыларға көрсетпеген қорлығы жоқ. Сөйле, Ертай! Куәң қолыңдағы қанды таяқ. Сөйлейтін күнің бүгін, кешегі жиылыстағы сөзіңді неге айтпайсың?!
Ертай (Бүркітбайды таяқпен көрсетіп). Мынау Қызыл қанды бетін жуған қанды таяқ! Мұның иесі — Бүркітбай жезтырнақ. Талай жалшыларды зар еңіреттің. Жон терісін жүндей түттің. Сенде жалшылардың ежелде сіңген еңбегі бар. Табан ақы, маңдай тері бар. Біздей малайларды жыландай шағып, сүліктей сорып, обырдай обып келдің. Сенде қара тастай қатқан таптық кегіміз бар. Міне, бүгін сол кегімізді аламыз!
Кешегі өткен күндерде,
Күн емес қара түндерде
Патшаға жағып шен алған.
Ұлық болып саналған,
Езіп-жаншып нашарды
Сүліктей сорып қадалған.
Қадалған жерден қан алған —
Қан атаның баласы
Жезтырнақты Бүркітбай,
Қанды балақ, қанды ауыз,
Қан ішкіш залым жалмауыз,
Еңбекші елге дерт болған
Еңбек жегіш от ауыз!
Өр атаның баласы
Опырып жеген Бүркітбай
Бері кеуде Бүркітбай.
Шіріп жатқан Бүркітбай..
Момындарды мерт қылған
Шынжыр балақ, шұбар төс
Ежелгі жауым елден көш!
Кедейлер. Ертайдың айтқаны дұрыс, дұрыс!
Қодар. Бұл адамның бүркіті, патшаның көзі. Заманы өткен! Біздің жерімізде де, еңбекші елімізде де бұған енді орын жоқ. Жойылсын! Көп отырмай конфискелейік.
Хатшы кіреді.
Хатшы (уәкілге). Бар малды жинап; айдап келдік.
Ауылнай. Қазір шығамыз, сендер мал жаққа бара тұрыңдар. (Хатшы шығады.)
Хамит (уәкілге). Ал, енді Бөрекеңді сыртқа алып шығайық.
Уәкіл. Бүркітбай бізбен бірге сыртқа шығып, малыңызды түгендеп мына кедейлерге қолыңыздан тапсырыңыз.
Бүркітбай. Маған ешбір кедейдің қосып қойған малы жоқ. Қолымнан мал бермеймін.
Уәкіл (орнынан тұрып). Туламаңыз. Заңға қарсылық қылмаңыз, қолдап алайын деп отырған ешкім жоқ.
Бүркітбай.. Заң-паңыңызды білмеймін. Малымды білем.
Ертай. Мал біздікі. Өзіміздің табан ет, маңдай терімізден жиналған малымызды жинап алуға келдік.
Кедейлер. Мал біздікі. Мына біз (кеудесін соғады). Еңбектің иесі малдың иесі.
Бүркітбай. Атаңа нәлет, қаңғырған қара табандар, әкеңнің қосқан малы жоқ. (Қонышынан қанжарын суырып алып Ертайға ұмтылады.) Сені қойдай бауыздап, қайран малымның жолына қаныңды төгіп кетейін.
Уәкіл. Нағып тұрсыңдар? Ұстаңдар, ұстаңдар! (Көпшілік ұстап қанжарын тартып алады.)
Өмірзақ (Бүркітбайға түйіліп). Кісі өлтіріп, қан ішіп, қанды ауыз болған қасқыр. Ақы сұрағанда қансыратып соққыға жығып әкемді өлтіргенің есіңе түсті ме, абайла, ол күнің өшкен.
Уәкіл. Қойыңдар, қойыңдар.
Ертай. Қан ішетін күнің, қанжар жұмсайтын заманың бұл емес. Бұл сенің өлім алдындағы жанталасқан сандырағың, сандаларсың әлі.
Уәкіл. Ал, енді шатақты қойыңыз. Сыртқа жүріп малыңды есептейік.
Бүркітбай. (дірілдеп). Менен алатыныңыз мал болса, енді менен сұрамай-ақ ала беріңіздер. (Бәрі де шығады.)
Қаламқас кіреді.
Қаламқас. Мал дүниесі адыра қалсын! Бәрінен де жер аударғаны қиын. Япырмай, Ертай сонша неге өшікті? Ол зарлаушы еді, күйінуші еді. Онысы — әкемнен көрген көп қорлыққа шыдай алмай жүргені ғой. Менімен көңілдестігі де ол жазаны жуып, шая алмағаны ғой! Әлде менен күдерін үзді ме екен? Үй іштеріңмен жер аударамыз дейді, ә? Онда мен қайтем? (Есіктен қарайды.) Ертай да келе жатыр екен. Ол не дер екен? Егер бұрынғы уәдесі уәде болып, мені алам десе не деймін? Қимаймын дегенімен ата-анам мені аяр ма? Әлпештеген жалғызын шырылдатып малға сатпады ма?
Ертай кіреді.
Ертай Ия, Қаламқас! Неғып тұрсың?
Қаламқас. Не қыларымды білмей тұрмын.
Ертай (жақындап). Неге?
Қаламқас. Неге екенін өзім де білмеймін. Осы істеріңе түсінбеймін.
Ертай. Не түсінбейтіні бар? Бұған дейін байлардың кедейлерге үстем болып езіп келгені өзіңе мәлім. Ендігі жерде нашарлардың қолдарын теңдікке жеткізілейін деп отырған кедейдің үкіметі, өзің-ақ айтшы, шынында байлардың кедейлерге көрсетпеген қорлығы бар ма? Әсіресе, менің көрмеген қорлығым бар ма? Мен зарлап әкеңнің талай жауыздықтарын өзіңе айтпап па едім?
Қаламқас. Оның рас! Бірақ жер аударып жіберетіні қиын.
Ертай. Тіпті қиындығы жоқ! Оп-оңай! Оңайлығын өзің де көріп отырсың ғой. Ал енді өзіңнің не ойың бар? Әкең жер аударғанда сен де кетесің бе?
Қаламқас. Оны менен несін сұрайсың? Менің ойым саған белгілі емес пе еді?
Ертай. Енді ұзақ сонарға салатын уақыт емес. Жіптің түйіні шешілетін жерге жеттік. Жә болады, жә болмайды, бір жағына шығуың керек.
Қаламқас. Мені, қалам десем, қалдыра ма екен, Қалуға бола ма екен?
Ертай. Өзің қалам десең, қалуға болады. Ол жағын уәкілмен сөйлескем. Ол қыздың еркінде деді. Қалатын болсаң уәкілге арызыңды бер.
Қаламқас (мұңайып). Жер аударылайын деп жатқанда мен қалып, жара үстіне у болып төгілуімнің мәні қалай болады? Олардың белін сындырып, анамның ақ сүтін көкке сауғызып, кетпес кекті батасын қалай жүктеп қалам? Құлынын тепкен құландай жүректеріне мұз құйып, қалай қаңғытып жібере алам? (Жылап.) Шыдадым. Бәріне де көндім. Уәдемдемін! (Біраз тұрып.) Ертай, Мені шыныңмен сүйсең әке-шешемді қалдыр?
Ертай. Бұл буынсыз жерге пышақ салғаның, сен үшін өлуге ырзамын, бірақ оларды қалдыр деп сұрама. Онан да талпынған талапты теңдікпен тындырайық. (Екеуі құшақтасып шығады.)
Уәкіл, Хамит, Ертай, Өмірзақ, милиция, Бүркітбай және 1-2 кедей кіреді.
Уәкіл (қағазын қарап). Сонымен осы алынған мал, дүниенің есебі дұрыс па? Кім біледі? Білетіндерін. айтыңдар?
Еңбекбай (көтеріліп түсіп). Мен айтамын. Толыбай Теректідегі Қыстаубай деген құдаларына алты бұзаулы сиыр, екі пар өгіз, екі қызыл нар, бәйгі бермейтін атақты құбақан торы ат бар. Менің білетінім осы. (Жан-жағына қарап.) Айтыңдар, Теміртай, не қып отырсыңдар?
Уәкіл. Тағы кім біледі?
Өмірзақ (өзеленіп). Күшікбайдағы Баймағанбет балаларында бір пар өгіз, он қойы жандығы бар. Құмдағы Қарынбай балаларында ала шолақ сиыр мен сынық мүйіз, қоңыр өгіз бар. Вот мен мына Бүркітбайдың көзіне шұқып отырып айтамын. Ендігісін білмеймін. Білсем мен тағы айтар едім.
Қодар (басындағы бөркін жұлып алып). Мен айтамын, мен айтқанда мәнісі былай. Сақайдағы Бекмырза баласында қоңыр қасқа сиыр, бір сандық жасау нәрсе, асыл жиһаздары бар.
Ертай. Өміртай деген күйеуіне саттым деп үш құлынды бие, қара арбасы мен қара арғымағын беріп жіберді. Және тыққан дүниелері де бар.
Уәкіл. Қайда тыққан?
Ертай. Бүгін үшінші күн, біз төртеуміз Бүркітбайдың үйін, малдарын байқап қарап тұрдық. Сол түні Бүркітбай екі арбамен таза дүниелерін Қорғантөбедегі ескі қораға апарып көмді. Ол дүние осы күні біздің қолымызда, әкелуге болады. Қораның айналасын кедейлер қарауылдап жүр.
Бүркітбай. (еңкілдеп жылап). Ағайын, ағайын! Менен құтылуға асыққан екенсіңдер.
Уәкіл (қағазын жинап). Ертай, Еңбекбай, сен екеуің даладағы тыққан дүниеге барыңдар. (Екеуі шығады.) Хатшы, Өмірзақ, сен екеуің жер-жердегі жасырын малдарға барыңдар. Біз осы жерден табыламыз.
Өмірзақ (тұрып жатып). Жердің жарығына кіріп кетсе де малдарды табамыз. (Қатты басып шығады.)
Уәкіл. Бүркітбай, сіз тысқа жүріңіз, құрал саймандарыңызды есептелік. (Бәрі шыға бастағанда Бүркітбай шапанының өңірін басып құлап қалады.)
Шымылдық
Екінші сурет
Сахна, Бүркітбайдың үйі, нәрселер шашылып жатыр. Перде ашылғанда үйде бір сандықтың үстінде нәрсені бағып, Қодар отырады. Балғын дауыс қылып отырады. Қаламқас бірге отыр.
Балғын. Талқаның шығып бұзылдың
Алтынды бесік ақ орда
Қойшыларға қор болдың
Қара арғымақ, қара арба!
Құбақан торы, сандал көк
Қайрылып қолға қонар ма?!
Жоқтау тоқтай бергенде Ағила кіреді.
Ағила (Балғынға). Шешей, қойыңызшы, жыламаңыз!! Өзіңізді өзіңіз берік ұстамасаңыз болмайды. Үш-төрт күннен бері жылау да жылау, тамақ та ішкен жоқсыз, шырайлым екеуің біздікіне жүріп шай ішіңіздер. Жүріңіздер.
Балғын (көзінің жасын сүртіп). Шырағым Ағила-ау! Мен жыламай кім жыласын, көңілі құрғыр шыдамайды. Дүниесі құрғыр ішімді өртеп барады. (Орнынан тұрып барып бір сандықты ашайын деп жатқанда.)
Қодар (жалт қарап). Ай, бәйбіше! Нәрседен аулақ жүр. Бұл сенің қарауыңнан шыққан. Бұл біздің дүние. Мына, мен осы дүниені бақпай не қып отыр дейсің? (Барып Балғынды итермелеп шығарады.)
Уәкіл, ауылнай, Ертай, Хамит, милиция, Бүркітбай кіреді.
Уәкіл (қағазына қарап). Осы алынған мал, дүние, құрал-саймандардың есебі дұрыс па?
Ауылнай. Дұрыс. Шамаға келді.
Хамит. Малға кеткендердің де келетін уақыты болды. Көрінбей ме екен? Жолдас, сіз шығып қараңызшы. Малға да көзіңізді сала кел. (Милиция шығады, қайта кіреді.)
Милиция. Солар болса керек, бір топ мал айдаған адам келе жатыр.
Ауылнай. Солар шығар. (Ит үреді.)
Песір, Өмірзақ кіреді.
Песір. Сол елдегі Бүркітбайға қараған малдың бәрін де алып келдік.
Ауылнай. Мына жолдасқа, уәкілге қарап, әкелген малдарыңнан есебін бер.
Хатшы. Әкелген малымыз осы тізімде көрсетілген. (Қағазды уәкілге береді.)
Қодар (Өмірзаққа). Қара арба бар ма? (Күлімдеп.)
Өмірзақ. Уай, төбем бір көкке тиді-ау! Рессор қара арба сыр-сыр етіп жүргені білінбейді, шалқайып отырып құбақан торыны жегіп, қара жолмен алыстырып келуім-ай!
Еңбекбай. Пай-пай-пай, бір көтеріліп қалған екенсің, қара арбаның үсті қандай тыныш. Серпіп отырады ғой.
Уәкіл (кедейлерге). Ия, солай, теңдік алып теңеліп жатқандарыңызда арбасын да, жорғасын да мінерсіздер. Желпінерсіздер, ал енді жаңағы келген мал мен осындағы малды қосып бері жақындатыңдар.
Ауылнай. Бәріміз де шығалық. (Ертай мен уәкілден басқасы шығады.)
Ертай. Жолдас уәкіл, кешегі әңгіменің реті қалай болды?
Уәкіл. Қыз турасындағы әңгімені айтасыз ба?
Ертай. Ия, сол еді.
Уәкіл. Мен өзіңе сонда айттым ғой. Қыздың өзі сүйіп тием деп тұрса, әке-шешесінен айрылып қалатын болса, маған арыз берсін. Өзің де арызыңды беріп қой.
Ертай (қалтасынан алып). Онда мен сізге арызымды беріп қояйын, қазір қыз да келмес пе екен.
Қаламқас кіреді.
Уәкіл (түрегеліп). Келіңіз, келіңіз!
Ертай Кел, кел, бұл уәкіл жолдас бізге бөтен емес. Қайта екеумізді қосуға жәрдемдесетін үкіметіміздің адамы. Өзің не қылдың?
Қаламқас (жақындап). Нені?
Ертай. Нені деп жасыратыны жоқ. Бұл жолдас екеуміздің сөзімізге қанық, уәдені деймін.
Уәкіл. Шырағым Қаламқас! Қаймықпа, араларыңыздағы әңгіменің ретін маған мынау Ертай айтып еді. Сіздердің бұл талаптарыңызды мен қостаймын. Ол талабыңыз орындалуға болады. Көп кешікпей ойыңыз болса маған арызыңызды беріңіз.
Қаламқас (күрсініп). Дұрыс болса мына бір, біреуге жаздырып алған арызым бар еді. (Уәкілге береді. Уәкіл оқып жатады. Ертай күлімсіреп тұрады.)
Қаламқас. Әлде болса сенен өтінем, малын алсаңдар алыңдар, бірақ өздерін қалдырыңдар. Мені шын сүйсең, әке-шешемді айдама, бір амалын қыл.
Ертай. Бұл болмайды! Олар менің ежелгі дұшпаным.
Қаламқас. Мен де дұшпаның ба?
Ертай. Сен бе... сен өзің білесің, дұшпан болам десең де өз қолыңда.
Қаламқас Солай ма, өзгердің бе?
Ертай. Ия, солай! (Екеуі аз сөйлеседі.)
Уәкіл. Іс бірыңғайлануға қалды. Сен сырттағы адамдарды шақыр.
Ертай (есікке таман барып қайта келіп). Жолдас уәкіл, тіпті Бүркітбайдың іші күйсін. Әзірше бір ішікті кие тұрайын ба? Ә?..
Уәкіл. Осы дүние-малдың бәрі де сендердікі. Әйткенмен пышақ ұшынан үлесе беруге заңға сыйыңқырамайды. Бірақ та әзірге біреуін кие тұрам десең кие ғой!
Ертай (күлімсіреп). Жарайды, жанат ішіктің біреуін киіп алайын. (Шығады.)
Желбегей Ертай кіреді. Теміртай, Еңбекбай, Өмірзақ, ауылнай, песір, Бүркітбай, Балғын, Хамит кіреді. Хамит уәкілмен сөйлеседі.
Уәкіл (аздан соң қағазына қарап). Ал тынышталыңыздар! (Тым-тырыс.) 1928 жылғы 27 августтағы Қазақстан Орталық Атқару комитеті және Комиссарлар кеңесі мен Өлкелік партия комитетінің ірі байлардың мал-мүлкін конфискелеп, өздерін жер аудару туралы шығарған қаулысы бойынша және кедейлердің тіленуінше бұл ауданнан Көбен, Қарымсақ қатарында Бүркітбай Қоренұлы да конфискеленді. Өзіне 16 қара, бір жазғы үй, басқа уақ-түйек дүниелері қалды. (Кедейлер күлімдеп, көтеріліп.) Жасасын Совет өкіметі! (Жамырап айтады.)
Балғын (жылап уәкілге). Шырағым-ау, осының бәрін шынымен алайын деп отырсыңдар ма?
Уәкіл. Бұдан артық шындық бола ма?
Балғын (жылап). Тым болмаса жаңағы жанат ішігімнің біреуін тастаңдар, өлгенде сүйегімді оратайын.
Өмірзақ (өжеленіп). Берілмесін, берілмесін!
Уәкіл. Бәйбіше, дүние менікі де емес, сіздікі де емес. Мына кедейлердікі. Осылар берсе алыңыз.
Ертай. Нәрсе біздікі болатын болса, бермейміз.
Кедейлер (жамырап). Берілмесін, берілмесін!
Бүркітбай (еңкілдеп). Қанды жасыммен ақ сақалымды жуып сұрайтын ең соңғы тілегім: құбақан торымды тастаңдар, ең болмаса Қаламжанның еншісі еді, тарлан тайды тастаңдар.
Уәкіл. Тайды тастайық. Бірақ, оның орнына езіңізге тиген малдан мал шегеріледі.
Бүркітбай. Қайтейін! Амалым не, өздерін біліңдер. (Жылайды.)
Уәкіл (әм қағазды алып). Жұмыстың бұл жағы бірыңғайланды. Біреуің сырттағы Қаламқасты шақырыңдар (Теміртай шығып Қаламқасты ертіп келеді.)
Қаламқас кіреді.
Уәкіл. Қаламқас, осы арызыңызға иесіз ғой.
Қаламқас (кідіріңкіреп). Иемін( Жұрт аң-таң.)
Уәкіл. Арызыңызды оқып шығамын, тыңдаңыз. (Жұрт күбірлеседі.)
Уәкіл. Ал оқимын. (Қағазды алып.) Аудандық конфиске уәкіліне! Қаламқас Бүркітбай қызынан. Арыз. Ардақты уәкіл! Осы арыз бойынша сізден сұраймын: ата-анам жер аударылғанда мені осында қалдырсаңыздар екен! Себебі Ертаймен уәделесіп, оған бас қоспақшы болып едім. Сондықтан. Ертайға зайып болып қалу үшін рұқсат етсеңіз екен. Арыз беруші Қаламқас, депсіз.
Қаламқас (аз тоқталып). Ия, дедім. (Балғын, Бүркітбай көздері аларып шошиды.)
Балғын. Масқар-ай, мына жүзіқара не дейді? Сұмдықтың әкесі мұнда екен ғой! (Қаламқасқа ұмтылады, жұрт жібермейді.)
Бүркітбай. Сынған белімді сынған үстіне сындырдым десейші. (Жылайды.)
Балғын. Теріс батамды беремін, ақ сүтімді кешпеймін, қу ғана қаншық! Тым болмаса елдегі қалып жатқан солқылдаған ез қатарың мырзалардың біреуі жетпеді ме? Үйіңнің ойранын шығарып жатқан қара тастан кедейдің несіне қызықтың? Барған жерден сондай бір еркек табылмайды дедің бе?
Қаламқас Ертай, шынымен-ақ менің әке-шешемді конфискелегелі тұрсын, ба?
Ертай. Ия, шыным...
Қаламқас Сүйгенің осы ма? Ертай, жалынам Қалдыр.
Ертай. Сүю... ғашықтық өз алдына, тілегің орындалмайды, қалдыр деп сұрап әуре болма.
Қаламқас Шын ба?
Ертай. Шын!
Қаламқас Шын болса ісің құрсын. Сенің жүрегіңде ғашықтық бар деп сеніп алданған екем. Өңкей құлдар!
Ертай. Тарт тіліңді! Өшір үніңді!
Қаламқас. Арызымды қайтып беріңдер, жауыздар. Әке-шеше, менің істеген балалығымды кеш? Мен қателескен екем, жаным сүйген жар болады деп ойласам... мынау отырғандар біздің жауымыз екен. (Әке-шешесі жаққа шығады.)
Ертай. Тарт тіліңді! Өз тіліңмен жаңа шешіліп сөйледің ғой. (Қарқылдап күліп.) Мені шатастырмай қызу үстінде кім екеніңді таныстырғаныңа үлкен рақмет! Сондықтан саған бұдан былай біздің ішімізден орын жоқ. Ежелгі жауым сен де кет!
Кедейлер. Жаса, Ертай! (Қолдарын шапалақтайды.) Кетсін Қаламқас та! Қасқыр мен қой жолдас болмайды.
Хамит. Енді тұрмаңдар, айдап шығыңдар! (Өзі бірсыпыра адамдармен төңкеріс ұрандарын қағып жатады. Лениннің суретін қағып, үстіне орақ, балға, қызыл жұлдыз қояды. Сахнаға қызыл сәуле түседі.)
Ертай (қолында баяғы қанды таяқ көпке қарап). Жолдастар, мынау талай жалшылардың көзінен қан ағызып, жон терісін жүндей түткен қанды таяқ. Мұның иесі анау Бүркітбай қанды балақ. Бұл таяқтың жалшылар тәнінде тарихи таңбасы бар. Олай болса, жалшылардың бұл таяқта қызыл қанды кегі бар. Кедейлердің жүрегінің қара тастай қайнап қатқан кегінің алды қайтты! Тап дұшпанымыздың бұл тобы да табанын көтерді. Байлардың күлін көкке ұшырып жер аударып жатқанымызда, оның қанды құралы мынау, қанды таяқтың да талқанын шығарайын! Сындырайық, өртейік. Жоқ қылайық.
Уәкіл. Міне, жолдастар! Бұл тап күресі майданы. Біз, төңкеріс өртінде, ұшқын болып ойнаймыз. Жеңілмейміз, жеңеміз! Өршиміз! Байларға шабуылды мұнан былай да күшейте түсеміз!
Кедейлер (бәрі шулап). Жасасын Совет өкіметі! Құрысын қанды таяқ! (Байларды алдарына салып айдап шығып бара жатқанда перде түседі.)
Шымылдық.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі