Өлең, жыр, ақындар

Тәтті арман

Рамазан мен Райяна тәттіні өте қатты жақсы көреді.​ Әкесі базарда жүргенде уатсап арқылы өтініш хат жолдап:

— Әке, ассалаумағалейкум! Вафли, пряник, кәмпит, шоколад ала келесіз бе? — дейді Рамазан.

— Сағыз бен чуппа-чупс та ала келіңіз! — деп қосып қояды қарындасы Райяна. Анасы кейде:

— Бұлай өтініш жасағанды қойыңдар.​ Онсыз да тістерің ауырып жүр. Әлде тіс дәрігерінің не айтқанын ұмытып қалдыңдар ма? - деп ескерту жасағанына мән бермейді...​ Одан қалды анасының планшетіне таласып, бірі ойын ойнауға, бірі қуыршақтар жайлы вайндар көруге кірісіп кетеді.​ Сабақтың да "онлайн" болғаны мұндай жақсы болар ма?! Түске дейін ғаламторға армансыз кіре алады.​ Тек анасы сабақтарын тексере бастағанда "қиын болып жатыр" — деп,​ түрлі сылтаулар айта бастайды.

Кешке әкесі неше түрлі тәттілер алып келді.​ Екеуі қуана айқайлап, кәмпитке енді қол сала бастап еді...​ анасы барлық тәттілерді жинап алып, шкафқа салып, кілттеп қойды. Сосын екеуіне қарап:

— Бұдан былай кім күніге он бет кітап оқып, екі бет көркем жазу жазып, сабақтарын беске оқиды, тек сол бала ғана тәтті жейді​ — деді.​ Ағалы-қарындастар үндемей қалды. Аналарының мінезін біледі. Артық дау-дамай тәттіден қағуы мүмкін. Үнсіз ғана қолдарына кітаптарын алып, жылдамдата оқуға кірісіп кетті.

Содан бері үш ай өтті..​ Екеуі де үздіктер қатарында! Планшеттен тек пайдалы нәрселер ғана көреді.​ Аналары алдын-ала не көретіндерін, неше минут көруге болатындығын ескертіп отырады. Тәртіпке бағынбаған ағасы кәмпиттен қағылғанда,​ қарындасы анасына көрсетпей өз тәттілерінен бөліп берген. Бірақ ағасы алмады. "Қыздардың тапқан табысынан, ер-азамат бірнәрсе алғаны..​ ұят" — деді.

Жазғы демалыс басталысымен Рамазан "ақпараттық бизнес" саласын үйрене бастады. Интернет маркетолог болып, копирайтинг, оффер жазуды үйреніп алды.​ Бұйыртса анасына көмектесіп, әкесінің бизнесін дамытуға кіріспек. Ал ар жағы армансыз тәтті алуға жететін мол қаражат табу.  Жоооқ,​ тәтті қажет емес! Одан да "электронды самокат" аламын - деп армандап кетеді.​ Әлде..​ қарындасына қуыршаққа арналған үйшік әпере ме..?! Мейлі,​ алдымен бизнесімді бастайыншы. Сосын барлық армандаған заттарымды аламын! — деп жүр кішкене жігіт.

Гүлмекен Қасенбай
01.04.2021


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар