Жазба әдебиеттен басқа бізде неше түрлі ауыз әдебиеті нұсқалары да бар.
АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ ДЕГЕН НЕ?
Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің айырмасы мынау: жазба әдебиет деп белгілі біреудің жазып шығарған әдебиетін айтады. Жазба әдебиет, жазып шығарушы адамның жазған қалпында шығып жұртқа тарайды. Ол өзгермейді. Шығарушының жазып шығарған қалпында қаншама рет қайта-қайта басылып шығып жұртқа тараған болса да, өзгермейді, алғашқы жазылған қалпында басыла береді. Мысалы: Пушкин, Толстой, Байрон, Шекспир, Абай сияқты зор ақын-жазушылардың жазып шығарғандары неше ғасырлар өтсе де өзгермей алғаш шығарылған қалпында жасай бермек.
Ал ауыз әдебиетті де біреулер шығарады. Бірақ өйткенмен оны шығарушы жазбаға жазып, баспаға бастырмаған, тек жатқа айтып жүрген. Сонсын ол әдебиет ауыздан-ауызға көшіп, біреуден-біреу жаттап алып, үлкендерден кейін жұртқа тараған. Сөйтіп ауыздан-ауызға, бір буыннан екінші буынға көшіп жүргенде, жатқа айтылып жүргенде, ондай әдебиет неше түрлі өзгеріске ұшырайды. Алғашқы шығарған адам кім екені ұмытылады, шығарма көптік сияқтанып кетеді. Кейбіреулер жаңадан сөз қосады. Кейбіреулер өңдейді. Сондықтан бізге жеткен ауыз әдебиеті алғашқы шыққан қалпында болмай, талай өзгеріске ұшырап келеді.
Ауыз әдебиеті бұрын да бар еді, қазірде де бар. Әркімнің шығармаларының бәрі бірдей жазылып баспаға басыла бермейді. Тек ауызша айтылып жүретіні де болады. Бірақ ауыз әдебиеті ел арасына жазу хат көп тарамай тұрған уақыттағыдай емес, қазір екінші мағынада. Мысалы: қазақ арасында бұрын, жазу, хат көп тарамай жүрген кезде, ауыз әдебиетінің мағынасы өте зор еді. Елдің заң, салт-ғұрып ережелерінің көбі-ақ ауыз әдебиеттен табылатын еді. Мысалы: мақалдар-мәтелдер, билер сөздері, заң, салт, ереже, тақпақтары, жырлары тек жатқа айтылатын.
Мысалы: билер бастаған байлар табының санасымен шыққан мынадай сөздер бар:
1. «...Қатын жаманы ер қориды.
Хан жаманы жер қориды...»
2. Кіретұғын ініңді.
Қауым жұртты жамандама,
Kөп табады мініңді.
Білгендерді жамандама, —
Басшы болар піріңді...»
3. ...Биік тауға жарасар,
Басындағы обасы.
Өзен cyғa жарасар,
Жағалай біткен қоғасы.
Ақсақалға жарасар,
Аузындағы тобасы.
Ұрулы елге жарасар —
Үлгі айтатын ағасы.
Бәйбішеге жарасар,
Орындықты сабасы...»
Міне осындай сөздер бұрын, ел арасынан оқу, жазу тарамаған байлар билеген ескі заманда, ауызша айтылып, нұсқа, жоба, үлгі орнында қолданылып жүрген.
Бұрынғы ескі заманда ауыз әдебиеті көп болған, бірақ көбі ұмытылып қалған, біздің заманымызға тек кейбір жалпыға мағыналары ғана ұмытылмай мұра болып қалған. Қазір де ауызша әдебиеттер шығады. Бірақ дегенмен бұрынғыдай көп емес. Өйткені қазір шығарманың көбі жазылып, баспа жүзінде шығады.
АУЫЗ ӘДЕБИЕТТІҢ ТАПШЫЛЫҚ МАҒЫНАСЫ
Бұрын ауыз әдебиеті «Халық әдебиеті» деп те айтылатын еді. Қазір ондай мыспен тұратын, түрлі мақсат көздейтін таптарға бөліп айтады.
Ауыз әдебиетін тексеретін ғылым, әрбір ауызша шығарманың тапшылық мағынасын ашуға тырысады. Сондықтан, әрбір ауызша шығарманың қай заманда, қандай ортада шыққандығын шешеді.
Ауыз әдебиетті тексеру — өте қиын нәрсе. Өйткені ескі замандарда шыққан талай ауызша шығармалар, бір әлеумет ортасынан екінші ортаға көшіп ауысып жүргенде, талай өзгеріске ұшыраған, мәні де, түрі де өзгерген.
Және ауыз әдебиетті тексеру — өте қиын нәрсе. Өйткені, ескі замандарда шыққан талай ауызша шығармалар, бір әлеумет ортасында екінші ортаға көшіп ауысып жүргенде, талай өзгеріске ұшыраған, мәні де, түрі де өзгерген.
Және ауыз әдебиетті ғылым жағында ғана тексеруге бет қойып отыр. Сондықтан талай ауызша шығармалардың шығыстары туралы еш нәрсе анықталмаған.
Сөйтсе де, ауыз әдебиеттің тапшылық мәні туралы айтуға болады. Бұрынғы ақсүйек, байлар табының ауыз әдебиеті бар. Бұқараның шығарған ауыз әдебиеті, оның ішінде малшы-жалшылардың шығарған, қара шаруаның шығарған ауыз әдебиеті бар.
МАҚАЛДАР, НАҚЫЛДАР
Тұрмыста, өмірде кездескен әр түрлі құбылыстарға тура келтіріп дәлдеп, келте түйілдіріп айтылған сөзді мақал дейді.
«...Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала аш болам деп ойламайды...»
Нақыл, мақал-мәтелдің бір-бірінен айырмасы шамалы.
Қандай білетін адамдар да бұл түрлерді бір-бірінен айырмай айта береді.
МАҚАЛДАРДЫҢ, НАҚЫЛДАРДЫҢ ШЫҒУЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТАПШЫЛЫҚ МӘНІ
Кей мақалдар, яки нақыл, мәтелдер тұрмыстың өзінен туғандай шығады, тұрмыстағы болып жатқан әрекеттерді бақылаудан туған қорытынды сияқты шығады. Мысалы егіншілер өзінің еңбегінен мынаны қорытып шығарған:
«...Не ексең, соны орасың...»
Мысалдар:
«Ат аунаған жерде түк қалады...»
«...байтал мінсең құлын жоқ...»
«...Ақсақ қой жатып семірер...»
«...Семіздікті қой ғана көтереді...»
Ал кей мақалдар, ауызша әңгімелерден, не оқиғалардан туады. Немесе, бір шешеннің айтқан сөзінен мақал болып қалады. Мысалы:
«...Ат басына күн туса,
Ауыздығымен су ішер.
Ер басына күн туса, —
Етігімен су кешер...»
«...Жақсыны жамаңдаумен құны кетпес,
Жақсыға мың пасықтың құны жетпес.
Ақсақ ит көкке қарап үргенменен,
Аспаңда алтын айдың нұры кетпес...»
Мақалдар, мәтелдер ауыз әдебиеттің ең ескі түрлерінің бірі. Бұлар ескі түрлерінің бірі. Бұлар ескі Қазақ елінің салтын, ғұрып заңын, әдеттерін көрсетеді. Бұларға және ауыз әдебиеттің барлық түрлерінің мәндеріне түсіну үшін біздің ескілікті білуіміз керек.
Ауыз әдебиетінің әр түрлерінің бәрінде де тапшылық мәні болады. Әр таптың тілегін, санасын көрсететін мақалдар, нақылдар, ертектер, жырлар, тақпақтар бар. Мысалы мына төмендегі мақалдар кедей, жарлы табынын санасын, мұңын көрсетеді:
«...Бай байға құяды,
Сай сайға құяды...»
«...Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала аш болам деп ойламайды...»
«...Пайдасы жоқ байдан без,
Панасы жоқ таудан без...»
Мына бір мақалдар бұрынғы замандағы байлар табының үстемдігін көрсетеді:
«...Ас аттынікі, той тондынікі».
«...Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін...»
«...Аттыға еріп, жаяудың таңы жыртылады».
«Екі бай құда болса,
Араларында жорға жүреді.
Екі жарлы құда болса,
Араларында дорба жүреді.
Бір бай мен жарлы құда болса, —
Қайдан құда болдым деп зорға жүреді...»
Міне бұл соңғы мақал, бай мен кедейдің қосыла алмайтының, үйлесе алмайтынын көрсетеді.
Осындай, неше түрлі мақалдар қазақ ауыз әдебиетінде кеп. Және мына бір мақал болған сөздің, бұрынғы заманда қара бұқараның қабанша семірген ханға, молдаға, семірген байға қарсы айтылғандығы көрінеді.
«...Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлікті жерде молда семіреді,
Қайғысыз хан семіреді,
Қаралы қатын семіреді...»
МАҚАЛДАРДЫҢ, МӘТЕЛДЕРДІҢ ҚЫМБАТТЫҒЫ
Мақал мен мәтелдер, көбінесе мысал ретінде айтылады, сондықтан оларға астарлы мағынасында түсіну керек. Мысалы: «Ажалды қарға бүркітпен ойнайды», «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді». Міне бұл мақалдардың қымбаттығы сол, бұларды тұрмыстағы түрлі оқиғаға мысал қылып айтуға болады.
Әркім өзі жақсылап ойланса, не тұрмыстан, не әдебиеттен бұл мақалдарға тура келетін бір оқиғаны ойыңа көбірек келтірсең, бұл мақалдарды соларға мысал қыласың, солай болған сайын бұл мақалдардың мағыналарының зор екендігін көресің.
Мақалдар, мәтелдер жаттап алуға өте ыңғайлы болады. Өте қысқа, тұжырылған, жұпталған сөзбен құрылған болады. Көбі тақпақша ұйқасқан болады.
1. «Құлан жатса, құлағында бақа ойнайды.»
2. «Ит үреді керуен көшеді.»
3. «Көп қорқытады, терең батырады.»
4. «Жаяудың шаңы шықпайды, жалғыздың үні шықпайды.»
5. «Малды тапқанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр»
6. «Қолы ойнағанның аузы ойнайды.»
7. «Жатқанға жан жуымайды.»
8. «Ел аралаған сыншы, тоғай аралаған үйші.»
ЖҰМБАҚТАР
Жұмбақтың — суреттеп, көркемдеп айтылған сөз екендігі. Мақал сияқты, жұмбақ та астарлы, мағыналы келтеленіп айтылған сөз. Жұмбақтың мақалдан айырмасы, бір нәрсеге ұқсатылып айтылған, шешуді керек қылатын жұмбақтығы. Түрліше жұмбақ болады. Міне бірнеше түрлері:
1. Нақыштап боз жорғаға күйме салдық,
Мойнына қатар-қатар түйме салдық.
Сегіз қыз, сегіз жігіт қосылдырып,
Құбылтып неше түрлі күйге салды.
2. Қос желі үш жерінен қазығы бар
Құбылған қоңыр желден азығы бар,
Желінді сабалайды шыңылдатып,
Байғұсты сүйрететін не жазығы бар?..
3. Тиіп кетсе жылаған,
Дауысы жұртқа ұнаған,
Ішінде қос шегі бар,
Жел мен құстан тегі бар.
Күннің көзі:
Ақ сандығым ашылды,
Ішінен жібек шашылды.
Ұршық:
Шаршамас кемпір көрдім жалғыз аяқ,
Аузына тістеп алған шиден таяқ.
Жүрген сайын белбеуін қабаттайды,
Беріпті әсемдікті аямай-ақ.
Найза:
Сүмбіл теректі, жасыл теректі,
Ерден қалмайды, жауға керекті.
Қазан:
Қарабай аттан жығылды,
Ел-жұрт жиынды.
Тіл мен тіс:
Жағалай қалап тас қойдым,
Жирен атым бос қойдым.
Арба:
Адымы жоқ, ізі бар аяғының,
Сөзіне үші жетпейді таяғының.
Екі аяғын айуанға арта қалып,
Әніне салады екен баяғының.
ЖҰМБАҚТЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШЫҒУЫ
Мақалдар, мәтелдер, сол сияқты жұмақтарыңда бұрын мәні зор болған. Жұмбақ арқылы әр нәрсені жұмбақтап, суреттеп айтуымен жастар және үлкендер де өздерінің дүниені тануын, білуін көрсеткен. Жұмбақ шешу үшін ойлаумен тәжірибеленген. Бұрын от басында, ұзақ кештерде, жастар арасында ертегі айту, жұмбақ айту қазақ елінде рәсім, әдет болған.
Жұмбақ айтумен машықтанған адамдар жұмбақты өз ойларымен шығара берген. Жұмбақ та өзінің қай дәуірде қандай әлеумет ортасынан шыққандығын көрсетеді. Мысалы: билер, хандар, батырлар көсемдік қылған байлар табының үстем дәуірінен шыққан және қойшылардан шыққан жұмбақтар да бар.
ТАҚПАҚ ЖЫРЛАР
Ауыз әдебиеттің бір түрі — тақпақ жырлар. Тақпақ қысқа қылып ұйқастырылған жыр. Тақлақ жырларды әнге салып та, күйге салып та айтады. Тақлақ жырларда қай дәуірде, қандай ортада айтылғанын, қай таптың ықпалымен шыққандығын көрсетеді:
«...Бастым бақыр ақшаға,
Секіріп түстім бақшаға,
Жиырмаға келген шақта,
Керек болдым патшаға...»
Бұл тақпақ жырды 1916 жылы әскерлік қара қызметке кететін кедей жатақ балалары Ақмола қаласында жырлаған еді.
Ал, мына төмендегі тақпақ жырды, — 1920 жылы Ақмола уезінде қызыл әскерге алынған жастар айтып келіп еді:
Біз әскерге барамыз,
Дұшпаннан кек аламыз.
Жыламаңыз ата-ана,
Біз ер жеткен баламыз...
Насыр-насыр жан-ай,
Жанида құрбан-ай, —
Жасынды сүрт жылама,
Насыр сақын жан-ай!..
АУЫЗ ӘДЕБИЕТТІҢ ӨЗГЕ ТҮРЛЕРІ
Ауыз әдебиеттің түрлері көп. Тойбастар, сыңсыма, жар-жар, беташар, айт келін, бесік жыры, естірту, көңіл айту, жоқтау, қоштасу, айтыс, жаңылтпаш, батырлар жырлары, ертегі және толып жатқан басқа түрлі жырлар қазақ ауыз әдебиетінде өте көп және бірсыпырасы біздің заманымызға шейін сақталып келген.
Солардың бәрі де қай дәуірде шыққандығын, қай таптың әсерімен, қай таптың санасымен шыққандығын көрсетеді.
Ауыз әдебиет түрлерінің ең ескі түрлерінің бірі — ертегі. Нұсқалық үшін өлең жырмен, күймен, әңгімемен айтылатын мына «Боз іңген» деген күйлі, жырлы әңгімені келтірейік.
ТҮЙЕ ТУРАЛЫ
«Адамның нары екен» деп қайраты, күші, адамшылығы өзгеден үздік адамды айтады. «Жез бұйдалы нар тайлақтай екен» деп бой жетіп келе жатқан арудың сұлулығын айтқан. «Бота көз екен» деп қалам қасты, оқ кірпікті, түпсіз терең мөлдір көз сұлуды айтқан. «Екі аяқтыда құрдас тату, төрт аяқтыда бота тату» деп түйе баласының нәзік сүйкімді мінезділігін адамның сүйіскен достығына теңеген. Жас адам зарлап жыласа «ботадай боздады» деп ана баласы үшін зарласа, «ботасы өлген інгендей зарлады» деп адамның зар-мұңын түйенің мұңына теңеген...
Түйе туралы да неше түрлі көркем әңгіме, өлеңдер айтқан. Онымен қатар түйенің зары деп көшпелінің шығарған өзінше қызықты күйлері де бар. «Боз інген күйі» деген күй ескіліктен қалған күйлердің ішінде Арқа қазақтарына қызықты күйдің бірі деп саналатын еді. Бұл күйдің әңгіме мазмұнында өткен замандағы тап жігі айқын көрінеді: бай мен кедейдің жайлары көрінеді. Байдың «салтанаты», үстемдігің кедейдің нашарлығы көрінеді. «Боз іңген» күйінің әңгімесі екі-үш түрлі.
1934 жыл
КӨРКЕМӨНЕР ТЕХНИКАСЫНА ЖЕТІЛЕЙІК
Жолдастар, біздің жалпы табыстарымыз, кемшіліктеріміз туралы Исаұлы жолдас ұзақ сөйледі. Шығып сөйлеген жолдастар да жеткілікті етіп айтты. Мен олардың бәрін қайталап тұрмаймын. Тек сіздердің пікірлеріңізді өлең, мәдениет мәселелерінің бір сыпыраларына аударғым келді.
Өз еліне белгілі көркем әдебиет шығармалары, театр, кино, музыка, баспа жұмыстары, кітап — халықтың мәдениет дәрежесінің қандайлық екенін, олардың мәдениет майданында қалай алға басып бара жатқандығын айқындайтын көрсетінділер.
Егер Қазақстанның өнер, мәдениет жағынан алып қарасаң, 1933 жылға дейін Қазақ Республикасы көршілес республиқалардан артта қалғанын көреміз.
Мәдениет, өнер мәселелерінде Қазақстанның артта қалуы оның бұрыннан да Октябрь төңкерісіне дейінгі артта қалғандығынан ғана емес. Өйткені мәдениет мәселелерінде Қазақстанның артта қалуы алдымен ескі басшылықтың бұл мәселеге көңіл қоймағандығы, өнер, мәдениет мәселелері майданында керекті жағдай жасалмағандығы болды.
Кино өнері жөніндегі жұмыстарымызды салыстырып қарасақ, Татарстан, Башқұрт республикаларын былай қойғанда, Ойрат, Қалмақ республиқаларынан да арттамыз. Жұмыстың бұл жағы 33-жылғыңан бірсыпыра алға басты, олар өздерінің тұрмыстарынан кино жасап шығарды.
Татарстанның музыкалары да шықты. Мәселен: Сайдашев, Бәйтиев, Мұзафаров, Сейфуллина сияқты музыкашы композиторлар шықты. Сайдашев сияқты композитор өзінің мамандығын артыру үшін Италияға барып қайтты. Бізде мұндай болған жоқ.
Өлкелік партия комитетінің ескі басшылығының қателіктері салдарынан жаңағы мен айтып өткен көрші республиқалардағыдай табыс бізде болмады. Бірақ IX кеңестер съезі күнінде біздің мәдениет майданының мәселелері тіпті басқаша болып отыр. Соңғы екі жылдың ішінде Мирзоян бастаған Өлкелік партия комитетінің дұрыс басшылығы арқасында (қол шапалақтау) табыстарға жеттік.
Бізде әдебиет газеті жоқ еді, қазір ол бар, әдебиет журналы жоқ еді, қазір ол да бар. Бұл газет, журналдар мезгілінде шығып тұрады. 1933-жылға дейін біздің шығармаларымыз басқа тілдерге аударылмап еді, қазір аударылуда.
1933-жылға дейін біздің театрларымыз тіпті қанағаттанарлық болмады. Кейбір беделді қызметкерлеріміз бізде нағыз театр жоқ деп те жүрді. Қазір театрларымыз ұлғайып келеді. Ән-күй театры жасалуда. Мәскеу, Ленинград қалаларында, Алматыда Қазақтың жүздеген оқушылары музыка өнеріне үйренуде, кадрлар дайындалып шығарылуда.
Бізде әлі де болса кемшіліктер көп. Біз ескі мұраларды толық меңгере алғанымыз жоқ. Бізде әлі де болса ескі басшылықтың тәрбиесімен тәрбиеленіп қалғандықтың бірсыпыра қалдықтары бар. Жұмысқа атүсті, жеңіл-желпі қараушылық жойылып біткен жоқ.
Мәселен, «Қазақстан правдасының» январьдағы бірінші шыққан санын алып қарайық. Онда съезге арналған әдебиет беті бар. Ол бетте Жүргенұлы жолдастың мақаласы бар, ол мақаласында былай дейді: «Қазақ мәдениетінің көптен келе жатқан тарихы бар, ол мәдениеттің бір сыпыраларының жер жүзілік маңызы да бар. Жүсіпбек қожа сияқтылардың белгілі дастаны да бар, бұлар қазақтың ұлт әдебиетінің белгісі дейді. Осы әдебиет бетінің тағы бір жерінде Абай туралы айта кетіп, қазақтың жазба әдебиетін тек Абай ғана жасап шығарды» дейді.
Осы әдебиет бетінің тағы бір жерінде ірі әріппен белгілі Шаһнаманың шығарушысы қазақ әртісі Шанин еді деп жазыпты (күлкі). Шаһнаманың шығарушысы Шанин емес, Иран ақыны Фердауси. Оның мың жылдығын дүние жүзі, соның ішінде Кеңестер Одағы тойлап өтті.
Жүргенұлы жолдастың мақаласында басқа да қайшылықтар бар. Мақаласының бас жағында «Айман — Шолпан», «Қозы-Көрпеш» дүние жүзілік мәні бар дастандар, өте жақсы дейді де, мақаласының аяғында олар тек жабайы, жай тана дастандар дейді. (Айқай-шу, дүбір, өзара сөйлесу, дау). Бұл әдебиет бетінде бұдан басқа да талас мәселелер бар. Сөз аяғында айтарым: Өлкелік партия комитеті, оның жетекшісі Мирзоян жолдас әдебиет майданы мәселелерінің жандануына жағдай жасады, тек әдебиет мәселесінде ғана емес, барлық жұмысымызға да басшылық етіп отыр.
1935 жыл
МӘДЕНИЕТ МАЙДАНЫНДА
Қазақстанның мәдениет ретінде өзге совет республикаларынан көп артта қалғандығы бұдан бұрын да айтылған еді. Бұл әнеугі жалпы Совет Одағы жазушыларының съезінде айқын көрінді. Съезге әрбір елдің өкілдері өздерінің әдебиет майданындағы жетіскендіктерін айтып өтті. Және кітап жаймасында да әр елдің ретінде әдебиетпен бірге мәдениет ретінде қаншалық өскендіктері көрінеді. Міне сол съезде де, съезге арналып істелген кітап жаймасында да өз қатарынан Қазақстанның өте артта қалғандығы көрінді. Жазушылар съезі бізге көп нәрсе жөнінен көрнекті сабақ болатындай болды. Мысал үшін мәдениеттің әрбір салаларын алып қарайық, ол басқа республиқаларда қандай, бізде қандай екен.
1. Әдебиет жайын алайық. Қазақстанда тек биыл ғана әдебиет газеті шыға бастады. Бірнеше жылдан бері шыға бастаған әдебиет журналы, 3 — 4 айда, 2 — 3 айда бір шығады. Оның өзі жөнделіп, уақытында шығып тұрмайтын болған соң, оған жазушылар да салақ, оқушылар да салақ. Шыққан кітаптарымыздың саны аз. Ал, ол аз кітаптардың өзі сапа жағынан нашар. Шығармаларымыз жалаң «жасасын!» болып келді. Шығармалар да жалан «жасасыннан» басқа нәрселерге жол беруді білмейді, әлі бірінші сатыдағы саяси әліп-бимен келеміз. Ал басқа республикада қалай? Басқа республикалар бұдан әлдеқайда ілгері кеткендігін көрсетті.
2. Театрды алайық. Қазақстанда бір театр бар. Былтырдан бері ғана музыка театры ашылып отыр. Ал бұл театрдағы әрекеттеріміз қандай? Әрекеттеріміздің көбі шала сауатты. Тіпті нағыз сауатсыздары да бар. Артистеріміздің көбі артистіктің шын мағынасын жақсылап білмейді. Театр кітаптарымыз саусақпен санарлықтай. Олардың өзінің сапа жағы тым төмен. Театр әлі де сауатты Халықтың көңілін аударып ала алмай келеді. Музыкалы театрымыздың артистерінің дауыстары елдің ескі ағаш домбырасынан да аса алмай отыр. Ол қазақ елінің дауысы әлсіздігінен емес, театрға келген адамдар «өнер айдап» келмеген адамдар екендігінен. Әйтпесе күшті дауысты қазақ әншілерінің қырда көп болғандығын жұрттың бәрі де біледі. Үні алты қырдың астынан естілетін, 10 шақырымдай жерге саңқылдап жететін Ыбырай ақын, Біржан сал, Ақан сері сияқты әншілерді жұрт біледі. Мен өзім, ел ішінде бұлардай болмағанмен ірі әншілердің талайын көрдім. Аманбай, Құлмағамбет, Сәтмағамбет ақындар өз елдерінде ірі, әсем дауысты, керней үнді, дарқан әншілер еді. Ондай әншілерді театр басшылықтары жинап алмай қойды. Ал татар, өзбек театрлары нағыз үлгі аларлық халге жетіп отыр. Әншілері де сондай.
3. Музыканы алалық. Бізде қазір жақсы музыка мамандары бар ма? Бізде музыка мамандары жоқ. Ал, қазақ музыкаға икемсіз ел ме? Музыканы сүймейтін ел ме? Қазақ музыканы өте жақсы көретін ел, қобызбен күй сызғанда жылаған адамның жасын тыйып, жыламайтын адамдардың көңілін босатып, жылатқан Ықыласты жұрт білмей ме? Домбыра шертпейтін үй кемде-кем болмай ма? Солардың ішінен музыка мамандарын шығаруға болатын еді. Оны істей алмады. Ал басқа республиқаларда бірсыпыра ірі музыка мамандары бар. Мысалы, Татарстандағы Сайдашев, Уэлиев, Музафаров қазір Кеңестер Одағындағы белгілі музыка мамандарының қатарына кіріп отыр.
4. Киноны алайық. Бүгінге шейін бізде қазақ тұрмысынан жасалған бір де сурет жоқ. Ал өзге республикалардың бәрінің бұл ретте істегендері бізден анағұрлым артық. Өзбек, татарларды былай қоя тұрғанда, қазір Ойрат, Монғол, Қалмақ, Чуваш тұрмыстарынан жасалған жақсы-жақсы суреттер бар.
Міне мәдениеттің осы 3-4 саласынан көрсетілген мысалдың өзі де, біздің қаншалық артта келе жатқанымызды суреттейді.
Ал біздің бүйтіп кейін қалуымызға кім айыпты? Әрине біздің өзіміз айыптымыз. Біздің салақтығымыз, уақшылдығымыз, жарамсыздығымыз, жасқаншақтығымыз айыпты. Бұл жөнде «Социалды Қазақстанның» жақындағы редакция атынан жазған мақаласында дұрыс айтылған.
Жарамсыздығымызға бір мысал. Биылғы болған Қазақстандық жазушылар съезін жақсылап ұйымдастыра алмадық. Неше ай бұрын съез болады деп жүріп съезге даярлық істемеппіз. Съезде ешнәрсе көрсете алмадық. Керек десе, съезге арнап журнал да шығара алмадық. Одақтық съезге арнап жасалған Мәскеудегі кітап жаймасына бізден 4-5-ақ кітапша барыпты. Ілияс, Бейімбет, Әбділда және бір-екі бала жігіттің суреттері барыпты (ылғи тек сол Мәскеуге барып жүргендердің суреттері).
Ал өзге республикалар Мәскеуде болған кітап көрмесінде барларын қалдырмай көрсетіпті.
Жарамсыздығымызға және бір мысал: жазды күнгі болған өнершілер жиынын да жақсылап ұйымдастыра алмадық. Әнші, жыршы, қобызшы, домбырашы және басқа өнершілердің жақсыларын жинай алмадық. Жиналғанының өздерін жақсылап, дұрыстап бағалай алмадық. Жиынды ән мен күйді жақсылап бағалай алатын адамдардың алдынан дұрыстап өткізе алмадық. Бәрін толық пайдалана алмадық. Театрымыздың жақсы ұйымдастырылмай келуі де жарамсыздығымыздың белгісі. Жарамсыздықтың бір белгісі «қанағатшылдық» болады. Сол қу «қанағатшылдық» бізге өте мықты ұялаған кеселдің бірі. «Е-е, бізге осы да болады ғой! Енді қайтеміз, осы да жарар!» дейміз.
Көкшетауда бір тәп-тәуір шаруалы қазаққа:
— Дастарқаныңыз өзі кір, өзі жыртық қой!.. Неге таза дастарқан ұстамайсыз дегенімде:
— Е-е шырағым, қазаққа бола береді де, — деп еді. Міне осы «е-е, бізге осы да болады ғой» деген ынжық сөз біздегі зор кеселдің бірі.
Ал салақтықтың, жасқаншақтықтың бір белгісі мынау: әр республиканың Мәскеуге барып жүрген мәдениет қызметшілері Мәскеудегі әр мекемемен сөйлесіп жүріп елінің керегін алып жүреді екен. Осы съезге барғанда оны айқын көрдік. әр елдің өз тілінде шыққан әдебиет шығармаларынан орыс тіліне немесе басқа елдердің тіліне аударылған кітаптары бар екен. Ал Қазақтан жоқ. Өйткені Қазақстаннан ешкім ондай іс істеуге Мәскеудегі басқармалардың алдында ешбір сөзді нығыздап қоймаған екен. Осы халдерді көріп біз, Мәскеудегі көркем әдебиет баспасының алдына қазақ кітаптарын орыс тіліне аударып шығару мәселесін қойдық. Сөйтіп дауласып жүріп 4 кітапты орыс тіліне аудартып шығаратын еттік. Және Қазақ тұрмысынан алдағы жылда екі сурет жасайтын еттік.
Міне, осы сияқты жағдайлар Қазақстан ішінде өте көп. Мұқтаж нәрсені айтуға жасқанады, керек нәрсені сұрап алуға бара алмайды. Алдыңғы қатарға шығуға именеді. Бір мәселе туралы сөз, пікір айтудан жасқанады. Оным біреуге жақпай қалса, өз пайдама зияны тиер деп ұсақ қулыққа беріледі. Және кейбіреулер мәдениет істерін бағалауды білмейді. Сенің әдебиетінде, жазушыңда оның жұмысы жоқ. Әдебиет істерін бағалай білмеушілік пен өз басының қандай екендігі көрінетіндігін білмейді.
Еңді бұдан былай не істеу керек? Енді бұдан былай, біздің әлеумет істеріндегі алдыңғы қатардағы адамдарымыз, жалпы әлеумет мәдениет істеріне жұмыла кіріспесе, біздің мәдениет істеріміз ілгері қарай адымын жиі баса алмайды. Жалпы мәдениет істеріміздің әрбір бунағын тез түрде жоғарылату үшін ең алдымен салақтықтан, ынжықтықтан құтылуымыз керек. Мәдениет орындарының бастарындағы адамдар жарамды, іскер, әлеуметшіл адамдар болуы керек. Қазақстанның кеңестер әлеуметшілігі мәдениет орындарымыздың істерін тексеріп қарап отыруы керек. Сол орындардың бәрінің де істерін енді жоғарғы сатыға қоюға тырысуымыз керек, іс көпшіліктің қайрат-қуатымен ғана ілгері басады, істі жоғарылату үшін әрқайсымыз да алдымен әлеуметшілік сезімнің жоғарғы сатысына шығуымыз керек.
1934 жыл
ӨРЛЕУ ҮСТІНДЕ
Алдымен айтысымыздың бет алысы туралы. Қазақ жолдастарда, Қазақстанда бірнеше жылдан бері істеп келе жатқан орыс жолдастар да біздің қазақ әдебиетінде бұрын сынның «рақаты» қандай болғанын жақсы біледі. Және бәрімізге де белгілі, егер біреу басқа біреуді сынай қалса біздің қазақ жолдастар пәлен пәленді «сойып тастапты» дейтін. Ал енді біздің байқауымызша қазірде бұл «сойыс» атымен жоқ. Бұл «сойыстың» болмауына себеп болып отырған біздің дәуіріміз. 1932 жыл мен 1936 жылдың арасында үш-ақ жыл уақыт өткеніменен үстіміздегі жыл біздің өзімізде жаңа дәуір болып отыр. Сондықтан да біздің дәуіріміз қажеттігі жоқ, зиянды сойысқа ешуақытта жол бермек емес. Бұл тек біздің Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағында осылай. Қазірде сын байымды, жолдастық, іс жүзінде көмек берерлік нәтижелі қалыпқа көшіп отыр. Біздің қазіргі айтысымыз да аздаған бұлтаққа салушыларды былай қойғанда, дұрыс бағытта жүріп келеді, жеке адамдардың сөздерінде аздаған ескінің сұрқыны, құрғақ айқай да бар секілді, Бірақ мен оларға тоқталуды қажет деп таппаймын. Жалпы алғанда, сөйлеуші жолдастардың көпшілігі дұрыс бағытта, нәтижелі түрде сөйлеп отыр, бұдан біздің көркемөнер майданындағы қызмет мүмкіншілігінің шеңберін өте кеңейтіп отырған біздің дәуіріміздің өзгешеліктері көрінетін секілді.
Біздің жиылысымыздың күн тәртібінде үш мәселе бар еді. Әдебиеттегі формализм, натурализм, упрощенство (үшеуінің, әрине, түйіні, негізі бір). Баяндамашы жолдас әсіресе біздің әдебиетімізде упрощенство күшті дегенді айтты. Бұлай деу дұрыс та еді. Өйткені біздің Қазақстанның советтік әдебиеті жас әдебиет. Біздің әдебиетіміздің өткендегі дәуірінен анағұрлым кедей. Мәскеудегі дискуссияда негізгі баяндамашы Ставский жолдас: «Әдебиетте өз алдына мектебі бар ерекше ағым қалпындағы формализм бізде қазір жоқ, тек формалиста бұлтаққа салушылық, солшылдық әшекейге құмартушылық, формалистік бұрмалаушылық қана бар. Революцияның алғашқы жылдарында, формализм әдебиетте өз алдына мектебі бар бір ағым еді. Бәріміз білеміз, революцияға шейін декаденство болып келді. Бұл ағымның негізі формализм еді. Бәрімізге белгілі символистер болды. Сайып келгенде бұл ағымның негізі де, әдісі де формализм еді. Бәрімізге белгілі, футуризмнің бастапқы дәуірі де формализмге сүйенген еді. Сөйтіп революцияның алғашқы жылдарында формализм орыс әдебиетінен орын алып келсе, қазірде әдебиетте өз алдына мектебі бар ағым қалпында формализм жоқ» деді Ставский жолдас.
Біздің қазақ әдебиетінде формализм өз алдына мектебі бар айрықша ағым қалпында, әрине, жоқ. Біздің жас мәдениетіміз Октябрьден бергі жерде ғана өркендей бастады. Сондықтан да бізде қалыптанған формализмнің, формализм ағымының болуы мүмкін емес. Бірақ жеке формалистік бұрмалаңдар, жеке натурализм элементтері біздің әдебиетімізде, әрине, бар.
Баяндамашы жолдас біздің қазақ әдебиетінде, әсіресе халтура, упрощенство күшті екендігіне ерекше тоқталды. Осыған ерекше көңіл болу керек дегенді айтты. Бұл да дұрыс.
Формализм, упрощенство, халтура жөніндегі мәселенің алдымен жазушылар бізге қатысы бар. Өйткені біз, жазушылар бұған шейін нашар жазып келсек, ендігі жерде кемшіліктерімізді жоюға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Келешекте бұдан әлдеқайда жақсы сапалы, өз дәуірімізге — социализм дәуіріне сайма-сай шығармалар жазудың жолын ойлауымыз керек. Біз жазушы болуымызбен қабат, әрі оқушы, тыңдаушымыз да ғой. Сондықтан жоғарыда сөйлеп өткен жолдастардың айтып өткен мәселелеріне біраз мен де тоқталып өтпекпін. Лекерұлы, тағы басқа жолдастар біздің қазақ әдебиетіндегі дыбыс үйлестігін қуа жазылған өлеңдердің бәрі де формализм дегенді айтып өтті.
Мәскеу, Ленинградтағы айтыста мынадай қорытынды шығарған және бірқатар жауапты білікті жолдастар осы қорытындыны қуаттап отыр. Бұл қорытынды: егер дыбыс үйлестігін қуа жазылған өлеңде идеялық мазмұн болса, онда ол формализм болмайды дейді. Мысалы Маяковскийдің кейбір өлеңдерінде формализм элементтері бар деген жолдастар болған. Бірақ бірқатар көрнекті сыншылар әріп үйлестігін қуа жазылғанымен жалпы идеялық мазмұны бар, сондықтан бұл формализмге жатпайды деді. Біздің қазақ әдебиетіне де біз осы тұрғыдан қарауымыз керек. Өтепұлы жолдас менің творчествомдағы кемшіліктерге тоқталғанда басқалардан көрі дұрыс, дәлелді түрде сөйледі. «Сәкенде бірқатар жағдайларда елден ерекше дыбыс үйлестігін қуа жазуға тырысушылық бар» дегенді айтты. Бұл, әрине, дұрыс. Бірақ бұл жөнінде, дыбыс үйлестігін қуа жазғанда, егер де менің өлеңдерімнің идеялық мазмұны болмаған күнде ғана формализм болады. Бұлай жазғанда өзіңнің алған әсеріңді сол дыбыс үйлестігі арқылы беру үшін жазылады, егер де бұл идеялық мазмұнмен байланысты болса, ондай өлеңде формализм бар деушілікке, меніңше, орын жоқ.
Лекерұлы жолдас жалпы алғанда өзінің баяндамасын бір қалыпта байыпты, дәуірімізге сай жақсы құраған. Ол марксизм-ленинизм ілімдерінің негізін білетіндігіне елдің көзін толық жеткізді. Бұл, әрине, өте жақсы. Лекерұлы жолдас Маркстан, Лафарг және Гегельдерден цитат келтіріп отырды. Бұл жөніндегі білімдері өте таяз жазушылар үшін бұл да орынды, өте пайдалы болды. Бірақ қазақ әдебиеті мәселелеріне келгенде, Лекерұлы жолдастың қазақ әдебиетін аз оқитындығы, қазақ әдебиетіне аз көңіл бөлетіндігі көрінді. Мен Әзімбай жолдас латынша шала сауатты ма, жақсы оқи алмай ма деп қорқып қалдым. Жалпы алғанда мен Әзімбай жолдастың баяндамасына қосыламын, тек екі-үш мәселе жөніндегі пікіріне тана қосылмаймын. Алдымен Әзімбайдың кеше айтпағанмен, бұдан біраз бұрын Қазақстанда тек Сәбит Мұқанұлының ғана қолынан жиынтық образ жасау (синтетическое обобщение жасау) келеді, қалған жолдастар, уақ буржуазия арасынан шыққан жазушылар, сондықтан олардың қолынан синтетическое обобщение жасау келмейді деуіне қосыла алмаймын. Бұл қисын, пәлеңдей адам (бір қоғамның өзін алғанда) пәлендей нәрселерді жаза алады, басқалар оны жаза алмайды деу орыс әдебиетіндегі Переверзевтің концепциясы. Оның бүгін бұл пікірін қайталамағандығына мен қатты қуандым. Ол пікірді қайталамай-ақ қойғандығының өзі жақсы. Бүгінгі баяндамасында ол біздің советтік Қазақ әдебиетінде үлкен әлеуметтік обобщение жоқ дегенді айтты. Мен Әзімбай жолдастың бұл пікіріне де қосыла алмаймын. Егерде өте жауапты жиынның алдында тұрып, біздің советтік қазақ әдебиетінде обобщение (жиынтық образ) жоқ десе, бұл екінші тұрғыдан байыптағанда бізде советтік әдебиет жоқ деген сөз болып шығады. Егер ол өзінің жоғарғы пікірін қолдайтын болса, мен де бұл советтік қазақ әдебиетін жоққа шығару болады деген өз пікірімді қолдаймын. Бізде кемшілік жоқ емес, әрине, бар, бірақ обобщение жоқ болса, онда советтік қазақ әдебиеті де болмаған болар еді.
Мен оның совет әдебиетінде натурализмге бет бұрушылық бар дегеніне де қосыла алмаймын. Егерде совет әдебиетінде натурализмге бет бұрушылық болса, Мәскеу мен Ленинградта болған айтыстар қазіргі біздер оқып отырғандай шешімдерге келе алмаған болар еді. Ол шешімдерде натурализм, формализм, упрощенствоның мектеп түрінде ағымы бізде жоқ делінген, тек жеке формалистік бұрмалаңдар, натурализм элементтері, упрощенство ғана бар делінген. Ал енді Әзімбай жолдас бет бұрушылық бар дегенді айтады. Егерде мен орыс тіліне түсіне алмай қалмасам, оның айтқанын дұрыс ұқпаған секілдімін. Бұдан кейін Әзімбай жолдас социалистік реализмде таптық тенденция бар дегенді айтты. Мен бұған қосыламын. Бұл жөнінде марксизмді жақсы білетін адамдар да осылай деген. Бірақ Әзімбай жолдас бұл мәселеге ерекше тоқталып, бұл тек қолдан жасалған, алдамыш тенденция болмай, нағыз идеялы, шабытты тенденция болуы керек, біздің әдебиетіміздегі тенденция осындай болуы керек екендігін айтуы керек еді. Әзімбай жолдас марксизм-ленинизм ілімін жақсы біледі, өте байыпты адам. Сондықтан бұл мәселеге ерекше тоқтала кетуі керек еді.
Бұған қосымша жоғарыда мен Әзімбай жолдастың қазақ әдебиетін аз оқитындығы, тіпті үңіле оқуға шорқақтығы көрінгенін де айтып өттім. Мүмкін ол әдейі солай оқыған шығар. Менің өлеңімді оқығанда әдейі сүрініп отырған шығар? Менің онда дауым жоқ. Бірақ бұлай болуы өте көңілсіз, әсіресе Әзімбай секілді адамдарға лайық емес. Нашар оқитын кісі мінбеге шығып өлең оқыса және оны өте нашар оқыса, ол ақындар үшін өте қолайсыз нәрсе көрінеді.
Бізде нелер бөгет болып келеді? Бұрын бізге әдебиет сынындағы «сойыс» бөгет болып келіп еді, қазіргі сында бұл «сойыстар» жоқ. Біздің бүгінгі өмірімізде уақ-түйек, жалпылама нашар сынға орын жоқ. Біздің ұлы дәуіріміз жемісті, жолдастық, іс жүзінде жазушыға көмек беретін сынды керек қылып отыр. Бірақ бұл жөнінде бізге бөгет болып отырған бір нәрсе: ескіліктің сарқыны, асыра мақтап жіберушілік, ірі жазушылардың бірі, өзіміздің өте ақылды санап жүрген адамымыз Мұхтар жолдас сөйлеген сөзінде біздің қазақ поэмасы қазірдің өзінде Абайды басып озды, Сәбит Абайдан артық жазады дегенді айтты. Сәбиттің жақсы жатындығында ешкімнің дауы жоқ, мұны көптен айтып келеміз, бірақ ұмытылмайтын бір жағдай бар: ол Абай өз дәуірінде, революцияға шейінгі дәуірде халық мүддесін өте көркем жақсы түрде, дәуіріне сай етіп жырлай білген. Ал бізге дәуірлеріңнен төмен кейін қалдыңдар дегенді жұртшылық күнде айтып келеді. Мен бұған толық қосыламын. Біз дәуірімізден кейін қалдық, біз социалды дәуірімізге сай поэзия жасай алмай келеміз. Ал енді Абай өз дәуіріне сайма-сай поэзияны жасай білген адам. Егерде осы тұрғыдан қарасақ, Мұхтар жолдастың сөзінде асыра сілтеушілік бар сықылды. Мұхтар жолдас бұлай демеуі керек еді. Осы асыра мақтап жіберушілік, шексіз, негізсіз мақтап жіберушіліктің пайдасынан зияны көп, бұдан жолдастық байыпты, іс жүзінде көмек берерлік дұрыс сынның жазушыға тигізетін пайдасы әлдеқайда артық.
Біздің газеттеріміздің бірі Тәжібайұлы жолдасты Гейнеге апарып теңеген, Тәжібайұлының «Сырдария» деген өлеңін Гейненің «Рейннің жағасында» деген өлеңіне апарып теңеген мақала басып шығарды. Бұл — өте жауапсыз жазылған мақала. Қазірде партия мен үкімет біздің алдымызға география мен тарихты жақсы білу міндетін қойып отыр, сондықтан біз де география мен тарихты жақсы білуге міндеттіміз. Сырдария мен Рейннің арасында көп айырма барлығын да білуге міндеттіміз. Сырдария мен Рейн өзендерінің арасында талай ұлы өзендер бар. Біздің жолдастар географияны жақсы білмейді, ал шынында географияны өте жақсы білуі керек.
Кейбір шығармалардың кемшілігін айтқанда жазушы осы шығармасын 8-ақ күнде жазып шыққан екен, сондықтан нашар шығыпты деушілер болды. Маған бұл кісінің күлкісін келтіретін сөз секілді көрінді. Былайша айтқанда, егерде жазушы шығармасын сегіз күн жазбай, 20 күн жазса жақсы жазылатын секілді. Ойланып жазу, әрине, өте жақсы, әрине өте ұқыпты, көп ойлап салмақтап жазу керек. Бірқатар ұлы жазушылар Толстой, Гете, Гоголь және басқалар өздерінің кейбір шығармаларын бірнеше жыл, одан да көп жазған, олардың бұл шығармалары әдебиет тарихының мәңгілік белгілері болып қалып отыр. Асықпай жазу керек, бұл, әрине, дұрыс. Бұл жөнінде Горький жолдас та осылай дейді. Өзіңнің біліміңді арттыру, шыдамдылық тәжірибе, көп күш жұмсау арқылы өте көп нәрселерді істеуге болады дейді Горький. Горький мысал үшін мына бір жағдайды келтіреді: батыс Еуропаның бір елінде бір әйел циркте бір қолымен төрт қарындашпен төрт тілде жазу жазған дейді. Горький әйелдің осыған көп еңбек сіңіру Арқасында ғана қолы келгендігін айтады. Әрине, жазушының сапалы шығарма жазуы үшін ең бірінші шарт өзінін білімін көтеруінде. Бірақ, бір жолдас бір шығармасын бір-ақ айда жазып бітірген, егерде екі ай жазса жақсы шығатын еді деп өлшеу қылып айтуы, меніңше, өте ұшқалақ пікір. Пушкин мен Блок өздерінің кейбір шығармаларын өте аз уақыттың ішінде жазып, бітіріп отырған. Егерде олар төрт күн отырса, сол жазғандарынан жақсы жазған болар ма еді. Тек бұлай деу, әрине, дұрыс емес. Бұл ойланбай айтылған сөз болады. Жақсы шығарма жазу үшін уақыттан басқа да керекті көп заттар бар, мұны да ұға білу керек.
Тәжібайұлы жолдас поэмамды 8-ақ күн ішінде жазып шығып ем, сондықтан өте нашар шықты деді. Мұнан не деген ұғым туады. Егерде ол сегіз күннің орнына 20 күн жазған болса, онда поэмасы өте жақсы шығатын болар еді ғой. Кім өзіне жамандық ойлайды дейсің? Кімде-кім болсын өзін жақсы санайды, кімде-кім болсын жақсы жазуға тырысады, бірақ жұртшылық, оқушылар, халық шығарманы ақынның, жазушының ойына байланыстыра сынамайды, қалай жазғандығына, нені жазғандығына қарай сынайды.
Енді өзім жайында бір-екі сөз айта кетейін. Лекерұлы жолдас баяндамасының ішінде формализм элементтері бар деген өлеңдерді оқығанда менің «Тоқыма фабригі» деген өлеңімді де солардың ішіне қоса кетті. Менің бұл өлеңім осы уақытқа шейін тәуір өлең деп саналып келіп еді. Бірақ бұл өлең Лекерұлы жолдас оқығанда өте нашар жазылған өлең болып шықты. Және Лекерұлы жолдас оқыған өлеңнің қайсысынан болса да менің зерігім келеді. Егерде барлығыңыз да солай оқитын болсаңыздар, менің ол өлеңімнің нашарлығында дау жоқ. Егер барлығыңыз да солай оқитын болсаңыздар мен ол өлеңімді жинап-ақ алайын. Егерде Лекерұлынан тәуір оқитын жолдастар болса, мен өлеңімді аздап түзеп, сол бетінде қалдырғым келеді. Өте жақсы өлең болмағанмен, өлең орташа есебінде қалатын шығар деймін.
Лекерұлы жолдас формализмға жататын шығарма идеялық мазмұны жоқ шығарма дегенді айтты. Егерде өлеңде идеялық мазмұн болмаса ол формализмге жататын өлең болғаны деді. Иә, бұл дұрыс. Біз мұндай шығармаларға қарсы күресуіміз керек. Біз жазушылар келешекте мұндай шығармалар жазбау үшін күресуіміз керек. Ал енді менің Лекерұлы жолдас оқып өткен өлеңімде фабриктің жұмысты қалай істейтіндігі суреттелген. Бұл жөнінде Өтепұлы жолдас дұрыс айтты. Бұл өлеңнің түрі тоқыма фабригінің ұршықтарының айналуы тақтысына үйлестіре жазуды қуғандықтан туған еді. Өлеңнің нашар шығуы да мүмкін. Бірақ мазмұны тоқыма фабригі еді, ол фабрикте көк блузка киген шеберлердің істейтіндігі, олардың машинаның тілін біліп меңгеріп алғандығы айтылған еді. Тоқыма фабригінің қарқынын үдетіп, бес жылдық жоспарды бес жылға жеткізбей орындауға шақырған өлең еді. Ол өлең осы бағытта жазылған еді. Бұл жөнінде менің кемшіліктерім: мен қазақтың ескі өлең ұйқасымын алмай, тоқыма фабригінің ұршықтарының зырылына дәлме-дәл жаңа музыка, жаңа ұйқасым іздедім. Сондықтан да өлеңнің жолдары қысқа, музыкасы да жайдағыдан өзгеше, қазақ поэзиясында жоқ түрмен жазылған өлең болып шықты. Сондықтан оларға өлеңнің нашар көрінуі де мүмкін. Сіз үшін жазбаймыз, халық үшін, колхозшылар үшін жазамыз, сондықтан да менің бұл өлеңімді жолдастардың барлығы да түсінбейтін болса, нашар деп түсінетін болса, онда формализм әдісімен жазылған болғаны, онда бұл өлеңнің шын нашар болғаны.
Барлық халық бірдей түсінетін ұйқасыммен, мақаммен жазу керек. Формализм «Альбатрос» деген поэмамда бар. Бұл поэма Қазақстандағы асыра сілтеушілік кезінде жазылған еді. Бұл жөндегі менің замыслым өте үлкен еді. Мен жиынтық түрде азамат соғысының образын бергім келген еді. Тап тартысын көрсетіп, тартыс майданын көрсетіп, қызылдардың, ақтардың соғысын көрсеткім келген еді. Осы ұлы күресте қызыл әскердің ұлы командир! Лениннің өзі болғандығын айтып бергім келген еді. Азамат соғысына басшылық еткен Лениннің образын, майдандағы, қара жердегі, су үстіндегі таптардың ашынған күресін көрсеткім келген еді. Менің интервенция біздің елімізді қоршап алғандығын, сол күндерде біз қызыл әскерлер болып Лениннің басшылығымен сыртқы, ішкі жауларымызбен қалай күрескендігімізді суреттегім келіп еді. Менің поэмамда көрсетпек болғаным осылар еді. Автордың замыслы міне осындай еді, Бірақ поэманың кей жерлерінде мәселені ат үсті зеңбіректің гүрсілін, әуедегі мотордың дауысын, дыбыс үйлестігін қуа жазу арқылы беремін деп, қара жердегі, су үстіндегі қызылдар мен ақтардың арасындағы соғысты, күрестің ұлы тамаша көріністерін көрсетуде мен поэмамның көп жерлерінде дыбыс үйлестігін қуа жазуға, темпілі, мақамды жолдар құрау әуеніне түсіп кетіппін. Мен осылай етсем жақсы болады ғой деп ойлап едім. Егерде мен осы поэмамды сол кезде 8 күннің орнына 30 күнде жазып шықсам да жоғарыдай болып жазылған болар еді. Мен жақсы шығады деп сенген едім. Бірақ өзіңе-өзің келіп, бірнеше жылдан кейін өзін жазған картинаға көлденеңнен тұрып қарасаң, өз картинаңның кемшіліктерін өзің көресің: мына жері дәл келмеген, толық емес, жақсы шықпаған, суреттеуі ұтымды емес, әсіресе командарм Ленин бастаған соғыс майданындағы айқасулар толық көрсетілмеген деп өзің айтып бересің. Сөйтіп менің бұл поэмамда формализм бар. Бұл жөнде өзінің мақаласында Ысмайылұлы жолдас дұрыс айтқан. Бірақ Ысмайылұлы жолдас поэманы толық талдап, кемшіліктерін толық көрсетіп, менің және басқа ақыңдардың келешекте сол кемшіліктерді қайтсе қайталамайтындығын айта кетуі керек еді. Сындағы кемшілік: сыншыларымыз жалпы нашар жазылған деп келеді, ал енді қалай жазу керек, қандай әдісті қолданып жазу керек, неге сүйене отырып жазу керек — біздің сынымызда бұлар атымен жоқ.
Біздің жазушыларымыздың 10 — 15 — 20 жылдық стаждары барлығын, бірқатарының білімдерінің оншалықты зор болмағандығымен, Батыс Еуропа әдебиетін оқитындығын, тарихты, қазақ әдебиетін аздап білетіндігін, тәжірибелері де барлығын, біздің кейбір сыншыларымыздан артық білетіндіктерін естен шығармауымыз керек. Сондықтан да біздің жазушыларымыз сын жұмысын өздері қолдарына алулары, бір-біріне көмектесулері, бірінің-бірі кемшіліктерін көрсетіп, ол кемшіліктерді жоюдың жолдарын көрсетуге, келешекте қандай әдіспен жазуға ақын беретіндіктерін айтуға міндетті.
Меніңше, біздің айтысымыз үш күнмен ғана аяқталып қалмауы керек. Біз творчестволық конференцияларды, шығарма талқылау жиылыстарын жиі-жиі өткізіп тұруымыз керек. Жеке шығармалардың кемшіліктерін көрсетіп, жазушының келешекте өткендегі кемшіліктерін қайталамауына жәрдемдесу керек. Менің жұртшылықтан біздің шығармаларымызды көбірек оқып, кемшіліктерін көрсетіп отыруды сұрағым келеді. Егерде, жолдастар, жазушының өлеңіндегі жеке сөздеріне, жеке жолдарына түсіне алмайды екен, олар сол түсіне алмаған сөздері, жолдары жайында пікірлерін бізге айтып отырса, біз үшін де, жалпымыздың игілігіміз үшін де, біздің әдебиетіміз үшін де өте жақсы болған болар еді. Және біз шығармаларымыздың әрбір жолдары, сөздері жайында кеңінен ойлап, не себептен түсініксіз болғандығын іздеп, кемшілігі қайда, формализмі, натурализмі қай жерінде деп өзімізді-өзіміз зерттеген болар едік.
Натурализмді дәлелдемек болған кейбір жолдастар: ана жазушының геройының «шашы мынадай еді, көзі анадай еді, мұрны қисық еді» деп суреттегенін, міне натурализм осы деді. Егер бұл натурализм болатын болса мен қалай жазу керек екендігін түсіне алмаймын. Егер мынау қара еді, анау қызыл түсті нәрсе еді, геройыңның көзі қара еді, немесе қой көзді дейтін болсаң бұған әкеліп формализмді, не болмаса натурализмді жабыстыратын болса, меніңше, соны айтқан сыншының өзі формалист, натуралист. Пушкиннің «жалған Дмитрий» деген геройы бар. Пушкин сол жалған Дмитрийді суреттей келе, оның бір қолынан бір қолы қысқа еді, ең ақыры бетінен аяғына шейін сақал шығып кеткен түкті еді дейді. Бұл да натурализм бе? Гоголь Ноздревті суреттегенде кеудесіне шейін шығып кеткен қап-қара түк еді, дейді, бұл да натурализм бе?..
Мен натурализмді басқаша түсінемін. Біздің сыншыларымыз көбірек оқулары керек. Плехановтың өзі айтқан: жазушыны сынау үшін сыншы жазушыдан әрі артық, әрі терең білуі керек деген. Қазақстанның ескі басшылығының тұсында, менің ескі басшылықтың ісіне наразы кезімде, егерде сіздер ұқыпты оқушы болсаңыздар немесе сыншы болсаңыздар менің шығармамнан формализмді қиналмай-ақ табасыздар. Ескі басшылықтың кезіндегі менің шығармаларымнан формализм де, упрощенство да жиі кездеседі.
«Социалистан» деген жинағымдағы өлеңдерімнің көпшілігі, байыптап оқысаңыздар, жаңадағыдан бөлек, монотонный ритммен жазылған. Мен ол кезде өлеңнің сол түрін қолайлы деп санаған едім. Одан бұрын да менің бірқатар өлеңдерім болды, олар да өмір шындығынан алыс отырып жазылған нәрселер еді. Мен 26-жылы бір үлкен поэма жаздым. Егер де музыкасына, Көркемдігіне қарасаңыз, бұл өте жақсы жазылған поэма. Бірақ мұнда да формализм элементтері бар. Өйткені өмір шындығынан қашушылық бар. Осы өмір шындығынан қашушылық апарып формализмге соққан, аздаған көлденен отырып қарауды құмартушылық әрекеттері бар.
Өзімнің «Қызыл ат» поэмам туралы бір-екі сөз айта кетейін. Кеше Мұхтар жолдас бұл поэма бір тегіс жазылмаған, кей жерлері нашар жазылған дегенді айтты. Бұл дұрыс. Кей жерлерде асығушылықтың еткен әсері барлығы көрініп тұрады. Маған өте тез жазу керек болған еді, мен поэмамды ұзақ уақытқа созып жаза алмадым, бұлай ету менің рухым үшін керек болды. Поэма бір тегіс болып шықпаған, кей жерлерде көркемдік жағы да әлсіреп кеткен. Мұхтар жолдас ескі образды сөздер сол қалпында «Қызыл атта» алынған дегенді айтты. Жазушының өзінін шығармасын қорғауы өте қолайсыз. «Қызыл ат» жөнінде өте көп талас-тартыс болды. «Қызыл ат» ат па? Кісі ме? Еркек пе? Әйел ме?» деп таласушылар да болды. Мұнда аттың образы арқылы мен басқа ақындар суреттеген аттың образынан басқа жаңа образ бергім келген еді. Мұны сіздер көре, түсіне білулеріңіз керек еді.
Рас менің поэмамның кей жерлері нашарлау шыққан. Болашағымыз туралы бір-екі сөз. Келешекте жақсы жазу үшін не істеуіміз керек, келешекте өткендегі қателіктерімізді қайталамаудың жолын ойлауымыз керек. Бізге алдымен бір-бірімізге жәрдемдесу керек, жолдастық өзара сын керек, шығарманы жиі-жиі талқылап отыру керек. Бүл әдет біздің қазақ жазушыларының арасында өте сирек кездеседі, тінті жоқ деп те айтуға болады. Оқылмай, талқыланбай берілген кітаптан баспа орындары көп зиян шегіп келеді. Баспа орындары кітапты баспай тұрып, сыннан мықтап өткізу керек.
Мәскеуде болған айтыста жасаған баяндамасында Ставский біздің дәлелді сынымыз жеткіліксіз, біздің жұмысымызға өте байыпты, ұқыпты қарауымыз жеткіліксіз, біздің мәдениетіміз жеткіліксіз дегенді айтты.
Біз білімімізді арттыру ісімен аз шұғылданып келеміз. Бұған кейбір асыра мақтаған сындар айыпты. Егерде бір ақын бір тәуір өлең, жаза қалса, ол ақынды мақтап, шыңға шығарып жібереді, Пушкинге, Байронға апарып теңейді. Егер де ол Байрон мен Пушкиннің қатарында тұрса, одан артық оған не керек. Біз бір-бірімізге ақыл айтып, кемшілігімізді көрсетіп, тағысын тағылар жөнінде бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Жазушылар, біздің. мәдениетіміз өте аз, еңбекті сүюіміз жеткіліксіз. Егер де біз өз еңбегімізді сүйетін болсақ, өзіміздің білімімізді көтерумен шұғылданатын болсақ, жолдастық жағдай жасап, бір-бірімізге жолдастық жәрдем көрсетсек, біздің ілгері басуымыз көп жылдам болатындығында дау жоқ.
Мен марксизм-ленинизм сабағын оқытушы адам емеспін, бірақ та осы жерде Маркстен бір-екі сөз келтіріп кетпекпін. Маркс Шопенгаурдың бір сөзін қайталап былай дейді: «Білімге ие болу үшін сараланған қара жол таба алмайсың, ғылымның түрлі найза биігіне тек қиындықтан қаймықпайтын, қияға тырмысып шығудан тартынбайтындар тана шыға алады» дейді. Сондықтан да біз осы сөзден үлгі ала отырып, өздеріміздің білімдерімізді арттырумен қатты шұғылданайық, мәдениетімізді ең жоғары сатыға көтерейік, сөйткенде ғана біз әдебиетімізді күшті қарқында алға бастыра аламыз.
1935 жыл
БАЙСАЛДЫ ЖҮЙРІК
Ұлы Октябрь төңкерісінің кедей, жалшы балаларын қатарға кіргізгендігіне ақын Қалмақан айқын мысал боларлық адам. Нашардың аз оқыған баласы төңкеріс күшімен әдебиет майданына шығып, он жылдың ішінде белгілі жазушыларымыздың қатарына кірді. Оның ақындық дарқандығы әдебиет майданына бірінші шыққанда-ақ көріне қалып еді. Және ол көрінісі тек қарқынды ғана аттың аяқ алысындай емес, ұзаққа сілтейтін үдемпаз жүйріктің аяқ алысындай еді. Он жылдың ішінде ол талай нәрселер жазды. Ұзақшыл екенін дәлелдеді.
Мен ақынды жүйрікке теңеп отырмын.
Жүйрікке бап керек, жүйрікке құнт керек, жүйрікке жарану керек. «Жарану» дегеніміз—біздің заманымызда оқу, білім кеңіту болады. Оқусыз, үйренусіз ілгері өрлеу қиын нәрсе. Оны біліп Қалмақан Мәскеуге оқуға да барды. Бірақ денсаулығы жарамай қайтты.
Осы соңғы он жылдың ішінде шыққан жазушылардың ішінде ең тәуір көретін, ең артық көретін жазушы Қалмақан, әсіресе мен оның қарапайым жағдайлығын жақсы көрем. Және мақтанбайтындығын жақсы көрем. Кейбіреулер бірнеше өлең жаза салып, немесе үш-төрт әңгіме жаза салып, немесе үш-төрт сын сымақ мақала жаза салып «мен жазушымын», «мен сыншымын» дегендей, байқаған адамға күлкі, мазақ боларлық мінез көрсете бастайды. Кейбіреулер тіпті емле жөнінде «мен білгішпін» деп орынсыз мақтанатын көрінеді. Ондайлардың орынсыз мақтанған тұрпаты, өздерін өздері әлдеқандай қылып күпсінген мінездері өзгеге тек күлкі екендігін, жалған білгіштік екендігін мүмкін өздері сезбейтін шығар. Ондай орынсыз шылтиғандардың шын мақтанарлық бірдеңелері болса, Қалмақандай жазуға дарытандықтары болса, ондайлар аңқау жұртты кеуделерімен соғар еді. Ал мақтанам десе, мақтанарлық өнері бар болса да, Қалмақанда мақтанушылық болмады. Текке күпсінушілік болмады. Өйткені Қалмақан шын жүйрік; байсалды жүйрік ақынның көп жасап, білімін кеңітіп, шеберлігін арттыруын тілейміз.
Кейінгі жастардың орынсыз, жөнсіз, өтірік мақтаншақтардай болмай, Қалмақан сияқты болуын дұрыс көрем.
1935 жыл
БИЫЛ МЕН НЕ ЖАЗАМЫН
Мен өзімнің жазу жоспарымды жарияламаушы едім. Жазушының «жоспарында» жоқ нәрселерді еріксіз жазғызатын жағдайлар мен себептер аз болмайды. «Жоспарында» жоқ нәрсе де кейде ықтиярсыз жазылып шығады.
Биыл, 1936 жылдың баскы айларында, мен «Қызыл сұңқарлар» атты пьесамды қайтадан өзгертіп жазып шығармақпын.
Бұл пьеса Орталық Қазақстанда болған 1918-19 жылдардағы тап соғысынан, тап күресінен кейін 1921 жылы жазылған еді. Тақырыбы да сол тап күресі еді. «Қызыл сұңқарлар» жазылғалы көп жыл өтті. Сол 1921 жылдан кейін мен пьеса жазып дағдыланбадым. «Қызыл сұңқарларды» театрда ойнамағалы көп болды, сондықтан да оны мен тек ескі архивыма ғана жинап қойған едім. Шынында «Қызыл сұңқарлар» сияқты пьеса қазақ театрына лайық емес шығар дейтін едім.
Бірақ биыл екі түрлі жай «Қызыл сұңқарларды» менің алдыма қойып ойлантты. Бұл екі жәйттің бірі мынау: қазір біздің театрларда совет үшін, социализм үшін күрескен ұлы күрестерді көрсететін пьесалар өте-мөте қажет. Бұл ретінде театрға жәрдем керек екенін жолдас Мирзоян да айтты. Бұл бір. Ал екінші жай мынау: Қазақстанның 15 жылдық мерекесін тойлаудың алдында маған Қарағанды театрынан телеграмма келді. Телеграммада: «Біз Қазақстанның 15 жылдығына «Қызыл сұңқарларды» дайындап жатыр едік, кітаптың ортасынан бір-екі қағазы жоқ, қолыңызда бүтін данасы болса авиапочтамен жіберсеңіз екен» депті.
Бірақ мен бірнеше себептермен Қарағанды театрының сұрауын орындай алмадым. Қазақстан мерекесінен кейін бір газетке жазылған мақаланы оқысам: «Қызыл сұңқарларды» Оңтүстік Қазақстанда Шымкент театры ойнапты. Түргенде колхоз театры да ойнапты. Міне, осы оқиғалар «Қызыл сұңқарлар» туралы мені ойға қалдырды, сөйтіп оны қайтадан өзгертуге шұғылдандырды.
Сонан соң 1936 жылы жазып шығаратын менің жоспарымда екі повесть, әңгіме бар. Оның бірі «Біздің тұрмыс», екіншісі «Сол жылдарда». Ең болмағанда осы екеуінің бірін 1936 жылы бітіруім керек. «Біздің тұрмыс» қала, ауыл, колхоз, өндіріс тұрмыстарын суреттемек. Ал «Сол жылдарда» 1915-16 жылдардағы (мүмкін 17- жылдардағы да) ауыл тұрмысы айтылады.
Бұлардан басқа, 1936 жылы мен де музтеатрға бір нәрсе жазбақпын. Бұл істің либреттосы менде тіпті даяр деуге болады. Былтыр Мәскеуде консерваторияның бір адамына мазмұнын айтқанымда ұнаған сияқты еді.
1936 жылы менің басқаруыммен екі жинақ шықпақ. Оның бірі Сергей Миронович Киров жолдасқа арналған қазақ тіліндегі өлең, жыр, әңгімелердің жинағы. Екіншісі — А.С.Пушкиннің таңдамалы өлеңдері мен дастандарының қазақшаға аудармасы.
1936 жылы — қазақ әдебиетіне көп, маңызы қымбатты жеміс беретін жын.
1936 жыл
НӘЗІМБЕК
Қисса
Мағибар сауыр етік табанында
Жігіттер тіршілік қыл аманында.
Ертеде Асылбек бай өткен екен
Ноғайлы Ормамбет хан заманында.
Адамның қисса алар қайғы-дертін
Кей жаман ұмытады айтқан сертін
Былайғы Болғыр тауын мекен еткен
Сөйлейін біразырақ Қырым жұртың.
Қырымның даласы кең, жері жайлы
Жер жайы қалмайды екен қысыр тайы
Қараған қырық сан Қырым бір өзіне
Бар екен Жаныс деген үлкен байы.
Жанысқа біткен екен мың-сан қара
Қатарлап қазына артқан сексен нарға
Туыпты бір атадан өзі он екі
Болмаған сонда байда жалғыз бала.
Жанысқа елден асып дәулет біткен
Қырымда бай болған жоқ одан өткен
Жағанлар қалың дәулет қайда сыйсын
Елімен қоныс үшін соғыс еткен.
Соғысып кісі өлтірді Жаныс байың
Көңілі қорқып қатты болды уайым.
Қалдым деп ер құнына кеше қашты
Тастады ата қоныс туған сайын.
Жаныс бай ұшырады мұндай кепке
Елінен кісі өлтіріп қонды шетке
Енді мен бұл Қырымда тұра алман деп
Ауыпты он сан ноғай Ормамбетке.
Елінен көшті Жаныс жылай-жылай
Жазасы кісі өлтірген шыдай алмай
Асылбек ноғай ныны бар дегенмен
Әдейі іздеп барып қанды со бай.
Азырақ мен сөйлейін мәселе наз
Қолыма дат жазуға алдым қағаз
Екі бай сыбай қонып отырғанда
Қатыны Жаныс байдың болды буаз.
Азырақ мен сөйлейін мәселе дат
Естісең бұл кеңесті боласың шат
Балаға Асылбек бай о да зарлы
Қатыны болды оның да екі қабат.
Екі бай жайлап жатып елдің шетін
Айтқызбай білігі тұрды ел құрметін.
Ай-күні тура сағат бірдей бітіп
Толғатты жеті күндей екі қатын.
Қыз тапты Жаныс байдың қатыны енді
Бұл сөздің білесіздер затын енді
Той қылып екі жасты қосамыз деп
Көңілдің қылып жатыр шатын енді.
Ноғайда құрметі асқан Асылбек бай
Ұл тапты қатыны оның көңілі жай.
Екі бай тойын қосып ат шаптырды
Он күндей ойын қылды он сан ноғай.
Жаныс бай ауып келген қазынасы көп
Жұрт келді тойдан қызық көреміз деп
Асылбек Жаныс байға кісі салды
Той қылып екі жасты қосамыз деп.
Тең емес еш адамға Асылбек бай
Жаныс бай сарай салған қазинедай
Үш жетім, отыз жақсы уағда ғып
Белгілі құда болды қалың малға-ай.
Бірталай мағына мен заман өтті
Жетіге екі бала жасы жетті
Жаныс бай ортасынан кеткеннен соң
Қырымнан бақыты қайтып дәулет кетті.
Шақырып келді халқы жылай-жылай
Жаныс бай көшпек болды шыдай алмай
Асылбек сол уақытта ақирет өтті
Отырған құда болып жалғыз сыбай.
Жаныс бай енді ойлайды тұрмайын деп
Жетім ұл, жесір қатын көрмейін деп
Құр малды басы кеткен не қылады
Ойлайды енді қызын бермейін деп.
Асылбек қаза жетіп ақирет кетті
Жаныс бай ұмытады айтқан сертті
Жас бала, жесір қатын не қылады
Ноғайға бермей қызын көшіп кетті.
Айырылып екі ғашық бұлар кетті
Жетімге қайғы берген құдыретті
Айрылған зорлықпенен екі ғашық
Жиырмаға екеуінің жасы жетті.
Болғанда ақыл дария адамзатта
Күлсе қыз айласы артық, ақылы тең
Әркімге беремін деп жүргенінде
Келіпті ноғайлыдан бір топ керуен.
Келеді керуендері қағарлап көш
Қыз шығар серуенге болғанда кеш
Үйінен Асылбектің қыз кеткенде
Бар екен бір cap бота қоспақ өркеш.
Қалы бар маңдайында сары алтын-ды
Жігіттер ғажап айла мұндай жанды
Боздайды сары атан да қызды танып
Қыз сонда құлақ салып тұра қалды.
Қыз айтты: Асылбек бай маған ата
Баласы ақ түйенін бұл сары бота
Сол үйден керуендер сұрап мініп
Қазына келген шығар артып мата.
Ақылы Күлше қыздың жанға бітпес
Осындай еңдігі адам сертке жетпес
Үстінде берен көйлек, атлас камзол
Көрген жан қыздың нұрын айтып бітпес.
Үстінде берен көйлек көлеңдетіп
Көзелден кебіс-мәсі бедерлетіп
Хабарын ғашық жардың сұрайын деп
Қыз сонда керуенге келді жетіп
Сонда қыздың келіп керуенге айтқаны:
Келесіз керуендер тілі майда
Барасыз ағатайлар әлдеқайда
Жоғалтқан бір ақ сұңқар ғарып едім
Білсеңіз сөз сұраймын бәрің олжа.
Салдырдым ақ балтаға жезден қияқ
Сұраймын бәріңізден сөз ойлап бақ
Асылбек ноғай ханын білесіз бе
Орнында бар ма соның қалған тұяқ.
Сонда қастың бастығы бай батша қалтасына қолын салып, қызға қарап жымың етіп қырынып тұрғанда от жағып, шай пісіріп жүрген бір жігіт ән салып былай дейді:
Нәзімбек, жалғызы бар асты көптен
Жалғанда не көрген жоқ жетімдіктен
Қыз тандап тоғыз шаһар әлі алған жоқ
Бақыты асты он сан ноғай Ормамбеттен.
Қыз мырзаның қасына аяңдап барып жер ошақтың басындағы жігіттерге айтқаны:
Жасы бар жиырмада бала ма екен
Перизат ғашық жарын біле ме екен
Тас ауыр түскен жерге деген қайда
Ойына кеткен жарын ала ма екен?!
Жігіт айтады:
Бақ берген жас жетімге бір құдайым
Кеп ойлап ғашық жарын болды уайым
Іздеуге неше жылдай мойын қойып
Отырды білмеген соң бір хабарын.
Қыздың сөзі:
Керуендер құлағын caп біздің көпке
Жалғанда таныс болдым талай бекке
Бағасы төрт мың ділдә торғын белбеу
Аманат мұны тапсыр Нәзімбекке.
Керуен айтты:
Сен кімнің данасысың
Жөніңді айт қандай байдың баласысың
Әкесін баласымен бірдей біліп
Кісідей таныс болған көп сұрайсың.
Қыздың айтқаны:
Жақсыға сәлем айтпай қалған ұят
Жаманға жұрт жақсысын қайдан қияд
Қырымда бір жаман қыз көрдім деңіз
Тапсырдым үшбу сөзді сізге аманат.
Жақсының бойы сымбат, ақылы толық
Жақсылар бойын сақтайд қадыр біліп
Керуендер алты ай жүріп елге келсе
Нәзімбек жатыр екен науқас болып.
Керуен айтты:
Біз биыл Қырым бардық
Қырымнан кеп мал алып пайдаландық
Көп сәлем айтты сізге бір сұлу қыз
Бір торғын белбеу берді төрт мың сомдық.
Мырзаның ауырып жатыр көңілі жарым
Алты айлық алыс дейді қыз шаһарын
Не қылсын бөтен шаһар қызы мені
Болмаса жаста кеткен ғашық жарым
Мырзаға қайғы түсті осынай-осынай
Іздемек көңіліне алды шыдай алмай
Ойлаған мақсатына кімдер жеткен
Болыпты ұзақ науқас алты жылдай.
Алты жыл науқасы бар Нәзімбектің
Ісіне кім көнбеген құдіреттің
Болғанда жетінші жыл тәуір болып
Ой қылды енді қызды іздемекке.
Ноғайдың жар шақыртып жиды бәрін
Қалдырмай түгел жиды кәрі-жасын
Өнерлі төрт-бес жігіт аламын деп
Жіберді он сан ноғай бозбаласын.
Бір үлкен қария бар сол бір кезде
Өнермен кеп білетін әр мінезді
Өткізген тоғыз патша толғауменен
Сол қүнде жасы келген екі жүзге.
Ноғайдың жар шақыртып бәрін жиды
Әдеппен баршалары келіп тұрды
Ноғайдың он сан дайын бозбаласын
Әкеліп қарияға сынаттырды.
Сонда бір байдың әуел келді жас баласы
Жиылды он сан ноғай бозбаласы
Өзі әлді, өзі шешен, өзі мықты
Осы хал артық екен мәртебесі.
Адамда тірлікте дәулет бітер
Ілуде бір-ақ адам сертке жетер
Бұлбұл жақ, айыр көмей, шешен екен
Сөйлесе адам болмас бұдан өтер.
Тағы да бір жігітті сына дерміш
Кісі екен осы қария көпті көрміш
Осыны ал балуанды керек қынсаң
Жатқандай кісі астына жігіт емес.
Нәзімбекке айтқан Қарияның өсиеті:
Балаға қария айтты әуел баста
Ей, балам, ашу таста, ақыл баста
Ашумен ұрыссам деп опат болма
Ашумен тағын жойған талай патша.
Ашумен ұрыссам деп Бағит өткен
Таласып патшалықпен соғыс еткен
Өлтіріп Құсайынды кәр балада
Жазит ер қанын жүктеп о да кеткен.
Аспанда ай нұрланар толған сайын
Тағында патша сайрар болған сайын.
Ей, балам, ашу пышақ, ақыл таяқ
Таяғың кеми берер жонған сайын.
Ей, балам, ашу пышақ, ақыл қайық
Қайғыны Әбу-Сыдық көрген айық
Болғанда ашуын от, ақылың су
Бойыңа сірә ашуды қылма лайық.
Адамзат отқа түссе құр қалмас
Болмайды от пенен су балам жолдас
Бар, балам, енді сенің жолын болсын
Мысалы бұ дүниенің соған ұқсас.
Білемін мың шылқында бес атың бар
Бесеуі бес мың сомдық бағасы бар
Сұр бикеш, ғана көз без жез мойын ат
Бурыл боз ойнақ пенен ерке шұбар.
Сұр бикеш айшылықты алты басар
Тана көз еркін жетіп жауды шаншар
Тар мықын, қысқа бақай боз ойнақ ат
Білемін бәрінен де еркін шығар.
Жүген сал ал күмістен бедерлетіп
Алтыннан меруерт-гауһар ер ержетіп
Аяғын болатпенен тағалатып
Сапар жүр дүйсенбі күн жөн жөнелтіп.
Жол жүрді дүйсенбі күн сол бес манап
Ел-жұрты көп жылады қойдай шулап
Келгенше жалғыз шешем не болад деп
Құшақтап көріседі қатты жылап.
Шеше қалды артында жылай-жылай
Жолына жалғызының қарай-қарай.
Еліне қырық сан Қырым келіп жетті
Бесеуі сапар жүріп анық төрт ай.
Жаратқан баршамызды бір золжалай
Айтайын аз әңгіме құлағын сал.
Бесеуі төрт ай жүріп елге келсе
Бір тайпа ел қалыбынша кемпір мен шал.
Бесеуі келемеждеп сықақтаған
Жасың жоқ баршаларың қартаң адам
Келіншек, қыз-бозбала қайда кеткен
Бір жерге жиналыпсың өңшең сабан.
Ел айтады:
Отырмыз кемпір мен шал таң атқалы
Түс ауып бесін болды күн батқалы.
Бір байдың Күлше деген жалғыз қызын
Той қылып кетті соны ұзатқалы.
Шақырды қырық сан Қырым бірін қоймай
Жиылды қыз-келіншек бірі қалмай.
Он күндей ат шаптырған тойы бар ед
Ертеңнен ұзатады арман қалмай.
Нәзімбек бұрып алды аттың басын
Төгеді мөлдіретіп көзден жасын.
Жетім ғып жеті жаста әкемді алды
Жігіттер мені құдай қайда оңдасын.
Қайтайық, кел, жігіттер елімізге
Жеткізсін есен-аман жерімізге.
Алғалы жатқан қызды бізге бермес
Қылмайық көріп күйік көзімізге.
Мырзасы қайтамын дер көңілін басып
Төрт жолдас қайтпа дейді зар жыласып.
Сақтамай құрметімді ерге тиген
Жарым деп жүре алмаспын құшақтасып.
Жолдасының айтқаны:
Әкесі жарлықпенен берген шығар,
Ынтызар ол да сіздей болған шығар.
Біз мұндай іздегенде ақымақ болса
Ақылсыз оның өзі надан шығар.
Көрмесе ештеңе етпес қайғы-шері
Ғақылы қалай еді порым нұры
Біз мұндай іздегенде ақымақ болса
Бір жолға кеткен шығын аттың тері.
Төрт жолдас алып жүрді ерікке қоймай
Келеді еріп мырза көңілін қимай
Бесеуі бір төбеге шыға келсе
Көрінді қарсы алдынан бір туған ай.
Артта күн, алдымызда туыпты ай
Жолдастар кез талады қарай-қарай
Күн бесін ай туатын мезгіл емес
Жігіттер, қарай қойшы, мынау қалай.
Бір жолдасы айтыпты:
Қалың шаң қара-құра тойы шығар
Жайылған мынау байдың қойы шығар
Ақ отау алты қанат түндігі алтын
Бауы жез, күміс белбеу осы шығар.
Азырақ мен сөйлейін мәселе сөз
Бұл сөзді кешіктірмей айтайын тез
Бесеуі бір төбеге шыға келсе
Қой баққан бір шал адам болады кез.
Сонда шал сәлем берді өңкей жасқа,
Ішінде Нәзімбектей асын тасқа.
Барасың қай сапарға мырзаларым
Порымың бұл Қырымнан бөлек басқа.
Бұлар айтты: біз бір жүрген жолаушымыз
Бажайлап біліп айтсаң сөз сұраймыз.
Ақ отау алты қанат не қылған үй
Көрінеді қара-кұра шаһарыңыз.
Қойшы айтады:
Қырымда байлығы асқан Жаныс өзі
Ал соның Күлше деген жалғыз қызы
Бір ханның баласына беріп еді
Той қылып ұзатағын соның кезі.
Жігіттердің біреуі:
Жарасар жыбдық салсақ қаракерге
Жалғанда қайғы бермес саналы ерге
Бір байдың ардақтаған қызы болса
Ол өзі риза ма екен берген жерге.
Қойшы айтады:
Ырза емес берген жерге әуел бастан
Көзінің алды толар аққан жастан
Жасы бар жиырма алтыңа осы күнде
Бір жарын әлі іздейді жаста қосқан.
Барады михнат тартып сол бір жазған
Көп ойлап ғашық жарын жаман азған
Оғыз жыл күтсем деген ойы бар ед
Барады қайтсын жазған амалсыздан.
Баруға күйеу өзі ұялады
Салтанат бұрынғының бар мінезі
Үш жолдас мырзасымен түсіп қалып
Барады ақын жігіт жалғыз өзі.
Ақ отау алты қанат қыз-бозбала
Күлше қыз өлең айтып отыр сонда
Атымен ақын жігіт тыңдап тұрса
Жағады қыздың даусы құлағына.
Сонда қыз отыр екен өлең бастап
Бес бауын бешпентінің шешіп тастап
Ғашығын жаста айырылған өлең қылып
Аққудай отыр екен қыз ойқастап.
Сондағы қыздың өлеңі:
Аққан су жоғарыдан төмен сарқар
Қайғы-дерт ішімдегі қашан тарқар
Арманда балалықпен көрмей қалды-ау
Айырылған жеті жаста жетім сұңқар.
Хан еді-ау Он сан ноғай Ормамбеттің
Ісіне кім көнбеген үкіметтің
Білмесе Лұқман әкім кім біледі
Дауасын іште жатқан қайғы-дерттің.
Ләйлі мен ғашық болып Мәжнүн өткен
Таһирға Зухрамен жаста кеткен Күләндам
Күлзейнеп пен Зылбалғарап
Одағы дүниеден зарлап өткен.
Ғажайып машайықтар Ғабдылхадық
Ибраһим, Халел ұғлы Ісми Салық
Әрдайым ғашықтықтың сәруәрі едің
Бәдіғұл Сейпілмәлік Жамалға ұқсап.
Көрүғлы, Сейіт, Баттал, Мәлігаджар
Қаһарман Мәлік Иран Ғали Хайдар
Ойлаған мақсұтына кімдер жеткен
Өтіпті Ерсал Нәби әрбір жандар.
Тағы да қайрақ майда, алмас пышақ
Жүсіп пен Зылиқадай біз де болсақ.
Әміре Қарлығамен ғашық өткен Бәдіғұл,
Сейпілмәлік Жамалға ұқсап.
Бозжігіт ғашық болған бір балаға
Барса да қыз бермеген падишаға
Жарымды жаста қалған жеткізгін деп
Жыладым кеше күндіз мен бейшара.
Не жаман бұл дүниеде қайғы жаман
Сөзімді қайырлама естіген жан.
Қайғымның ішімдегі бәрін айттым
Қайран күн өттің ойбай бізден заман.
Қыз сөзін осылай деп айтып болған
Атымен ақын жігіт тыңдап тұрған.
Тамамдап қыздың сөзі біткеннен соң
Сонан соң ақын жігіт айтады өлең.
Жігіт:
Әуелі мен сөйлейін кәлем шаһи
Мен едім бір шаһардың патшасы
Ақын қыз отырмысың күйлі-жайлы
Еліңнің жол бермей тұр бозбаласы.
Қайғыңды не бітеді ойлағанмен
Жаманмен бақытың қайтар ойнағанмен
Қайғылы біз де сіздей адам едік
Дарияның ортасында мәкәнім сен.
Қыз айтады:
Қыз отыр сөйлейін деп тағы буған
Жүріпсіз күйлі-жайлы аға-еке жан
Қайғылы біз де сіздей адам едік
Аға-еке ашып айтшы руың қайдан?
Сондағы жігіттің сөзі:
Қайғымен әрең келдім қадам басып
Айтпаймын руымның түсін ашып
Шаһарын қырық сан Қырым араладым
Қолымнан жеті жасар тұйғын қашып.
Сауысқан ада құйрық бер алдында
Дау бермес шешен жігіт тере алдында
Қолымнан қашқан бұйғын жөні осынай
Шырағым мұнан хабар біле алдың ба?!
Қыз айтады:
Сөзіңе түсер-түспес көңілім нәгін
Білемін бір асылдан шыққан тегің
Айтайын жоғыңыздан білсем хабар
Аға-еке-ау, ашып айтсаң анық жөнін.
Жігіт:
Жаратқан баршамызды табиғатты
Ойлаймын қай уақыттан ақ ниетті
Тереңін Сұлтан атты баласымын
Руым ашып айтсам Ормамбетті.
Қыз айтады:
Аға-еке-ау шын екен қайғы-дертің
Бар ма еді біреуменен айтқан сергің
Нәзімбек күйлі-жайлы тірі бар ма?
Есен бе біз кеткелі елі-жұртың?
Жігіт:
Беліме буынғаным алтын баулық
Айтпаймын өтірік сөз бекер даурық
Өлгелі Нәзімбекке үш жыл болды
Қайтейін солай болды денге саулық.
Қыз:
Қажылар алты ай жүріп барар Мекке
Жоқ іздеп еліңізден келдің жеке
Көмгенін жаназа оқып Нәзімбектің
Көрдің бе өз көзіңмен, ей, аға-еке?
Жігіт:
Үндістан дүние айналған үлкен қала
Болады біздің шаһар бауырында
Көмгенін жаназа оқып көргенім жоқ
Жүруші ед сол кезде айтып бала-шаға.
Қыз айтады:
Жылқыда ұстатпайды қашқан тағы
Жаяудың аттай болар екі аяғы
Көмгенін жаназа оқып көрмесеңіз
Жел сөзі балалардың болғай тағы.
Жігіт:
Үндістан дүние айналған үлкен дала
Болады біздің шаһар бауырында
Жарыңды осы топқа бір көрсетсем
Сүйінші берер ме едің Күлше бала.
Қыз айтады:
Аға-еке-ау, тілің майда, сөзің нәзік.
Мен жүрмін сол қалқадан күдер үзіп.
Осындай сағынғанда бір көрсетсең
Берер ем үш мың сомдық бір білезік.
Нәзімбек жеті жасынан былай қарай не көргенінің барлығын бір тақияға алтынмен жаздырған екен. Қашан келіп түскеніне дейін сол тақияны жігітке беріп жіберген екен.
Жігіт:
Бір шебер жазған екен әуел басын
Екеуін іште қосқан ата-анасын
Жиырма жыл ғашығының бірін қоймай
Алтыннан берген екен тақиясын.
Бір алтын тақиям бар жан көрген жоқ
Көргенде тақиямды боласын, тоқ
Жазуын шетіндегі оқып көр де
Тағып бер тақияма гауһардан шоқ.
Ұмтылып қыз үйіне қашып келді
Жиылған қыз-бозбаланы сонда көрді
Жабықты қыз отырған көтерді де
Мынадан білерсіз деп тастай берді.
Сонда қыз қолына алды тақиясын
Төгеді мөлдіретіп көзден жазып
Әуелде өзі оқыған Кәмәл молда
Таныды жазудағы мәртебесін.
Өтіпті сұм дүние сонан да өтіп
Мұратқа әркім сондай жүрсін жетіп
Ақ үйді бұза-жара қыз шығады
Етегін берен көйлек көлеңдетіп.
Тамам жұрт қалды қыздан айырылып
Шұбайды қыз-бозбала соңына еріп
Қыздағы даяр тұрған атқа мініп
Екеуі келе жатыр қатар жүріп.
Сонда қыз келе жатып сөз бастаған
Әкемнің берген жері бір патшадан
Еркекке әйел бұрын сөйлемейді
Сонда да өзім барып амандасам.
Құлан жал құлын туар қаракерден
Жалғанда қайғы кетпес саналы ерден.
Сөзіме жауап тауып бере алмасаң
Кетпеймін көрсемдағы берген жерден.
Жігіт айтады:
Жылқыда ұстатпайды қашқан тағы
Жаяудың аттай болар екі аяғы
Баласы Асылханның Нәзім мырза
Сөзіңе жауап тауып беред тағы.
Қыз:
Қыз тағы келе жатып сөз бастаған
Әкемнің берген жері бір патшадан
Көзіме күндей болып шағылысад
Немене алдымдағы жарқыраған.
Жігіт:
Көрінген күндей болып жарың
Манап Қасында үш құрбың бар қылған құрмет
Fажайып әрбір түрлі жарқылдаған
Алтынды ер, күміс жүген боз ойнақ ат.
Сонда қыз аттан түсіп әдеппенен қүйеуіне амандасқаны:
Ерге келмей, кеш келген шабансыз ба
Жүдепсіз жол көрмеген жамансыз ба
Көрмегелі көп заман өтіп кетті
Құрметті хан Сұлтаным амансыз ба?
Сонда Нәзімбектің айтқаны:
Үлкен тұрып сөйлеген шешенсіз бе,
Жол көрген жаныңыздан көсемсіз бе,
Құрметті хан сұлтаным деп айтасың
Ханша қалпыңызша есенсіз бе?
Қыздың айтқаны:
Пайда жоқ дарияда жар болған соң
Сөйлейді шешен жігіт нар болған соң
Сұрайтын енді бізде не жұмыс бар
Іздеген өзім басым бар болған соң.
Нәзімбектің айтқаны:
Сақтамай құрметімді мен не жаздым
Мінезі қызыл жібек кей сабаздың
Сені іздеп қырық күншілік шөліңменен
Шөл көріп су таба алмай өле жаздым.
Қыздың айтқаны:
Ей, қалқа, жоқ нәрсені қылма арман
Әуелде жоқ іздеуге бізде дәрмен
Қайғырмас қайғы кетпес саналы ерден
Іздемек бізде емес қой сізде қашған.
Нәзімбектің айтқаны:
Ей, қалқа, сақар өзің кіммен теңсің
Келгенім әдейі іздеп жалғыз сенсің
Бір ханға әкең жатыр ұзатқалы
Айтсаңшы ақылыңды не қыл дейсің.
Қыздың айтқаны:
Қайтед деп өзімнің де көңілім жарым
Шүкірлік есен көрдім ақ дидарың
Өзіңнен енді қайда кетед дейсің
Отыз жыл құрметіңді күткен жарың.
Жаратқан баршамызды бір зұлжалал
Айтайын аз әңгіме құлағың сал.
Сөйлесіп бұлар мұнда отырғанда
Күйеуге ана патша барды хабар.
Бұл жайды қайдан білсін күйеу, құда
Бажайлап біреу айтты падышаға
Қырық жігіт өнерпазын ертіп алып
Шығады атқа мініп сахараға.
Өлеңші, домбырашы, балуан күшті
Қылады ойын-сауық сәулетті істі
Қырық жігіт өнерпазын ертіп алып
Қасына Нәзімбектің келіп түсті.
Бақ берген патша екен оған мұндай
Көркі бар он төртінен туған айдай
Екеуі қатар түсіп отырғанда
Керінді біреуі күн, біреуі айдай.
Жолықты екі күйеу бетпе-бетке
Әшкере сөз естілер қанша көпке
Алқалап жұрт ортаға алған шақта
Сөйлейді ана патша Нәзімбекке.
Алайын деп жатқан жанның айтқаны:
Мен өзім қырық сан Қырым патшасымын
Естимін сен бір жүрген жолаушысың
Барасың қай сапарға мырзаларым
Аяйтындар жөндеріңді есітемін.
Нәзімбектің айтқаны:
Мен де хан едім Он сан ноғай Ормамбеттің
Ісіне кім көнбеген табиғаттың
Еділ менен Болғырды бірдей кезіп
Іздедім бір сұңқарды жаста кеткен.
Қырымның ханы айтады:
Тауыпсың мырзам іздеп әзер зорға
Неше айда келіп түстің бұл-бұл қырға
Падыша ақыл ойлап бажайын тап
Іздеген кұсың түсті біздің торға.
Нәзімбектің айтқаны:
Патша жоқ сізге қылар бізде белдік
Қаңбақтай жел аударған сізге келдік
Ғадыл деи сыртыңыздан естуші едік
Падиша біз билікті сізге бердік.
Қырымның ханы айтқаны:
Мен ырза бұл билікті бергеніңе
Болайын хан баласы көргеніне
Мен билікті Күлше сұлу саған бердім
Тандап ти арман қылмай сүйгеніңе.
Ал, Күлше, екінші өзің қапыл қалма
Кетсең де кімді сүймей арман қылма
Сарынды ішіндегі айтпаймын деп
Өзіңе қияметтік пәле салма.
Қыздың айтқаны:
Патшамсың екеуің де бақытың асқан
Табиғат кем қылмаған мал мен бастан
Біреуің әкем берген патша задам
Біреуің ғашық жарым жастан қосқан.
Бұралған тал шыбықтай тұла бойың
Кем емес еш адамнан ақыл-ойың
Екеуің екі ханның баласы едің
Ортаңда енді маған болды қиын.
Ортанда екеуіңнің мен бір пенде
Не көрмес бұл дүниеде мұңды пенде
Өзің біл асыл жанның баласы едің,
Мынадай құрбың іздеп кез келгенде.
Қырым ханының айтқаны:
Айтасың үшбу сөзді ғашық жарым
Әуелде жазған шығар пәруарым
Бұл жайдың енді ақырын сізге ұйғарсын
Мен кештім Алла кешсе соның бәрін.
Еліне хан жөнелді амандасып
Алмаймын еріксіз қыз жамандасып
Оқиға бастан кешкен сырын айтып
Дос болды Нәзімбекпен құдаласып.
Еліне хан жөнелді енді қайтып
Күлше мен Нәзімбекке достық айтып
Ұзатты ноғайлыға Күлше қызды
Үстіне сексен нардың қазына артып.
Хан қайтты амандасып даласына
Қарашы ақылының данасына
Алғалы жатқан қызды беріп кетті
Кім жетер сол патшаның баласына.
Пейіште молла тұрған сарай деген
Кей шіркін жоқ нәрсені ойлайды екен
Алғалы жатқан патша ол да кетті
Жазудан қайыр нәрсе болмайды екен.
ПУШКИННІҢ 100 жылдығы
Ендігі жылы (1937 жыл) 10-февральда орыс елінің атақты ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің өлгеніне 100 жыл болады. Ұлы ақынның бұл 100 жылдығын зор құрметпен өткізуге, Совет Одағының орталық атқару комитеті қам қылып, жақын арада 48 кісіден комиссия тағайындады. Комиссияның бастығы жер жүзіне белгілі, пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горький, орынбасарлары Ресейлік оқу комиссары Бубнов пен Щербаков, комиссияның мүшелері Жданов, Стецкий, Чубар, Акулов, Кисилев сияқты партияның және совет үкіметінің белгілі басшылары бар. Карпинский, Горбунов, Орлов, Розанов, Бухарин сияқты академиктер бар. Серафимович, Демьян Бедный, Гладков сияқты белгілі ірі жазушылар бар.
Біздің партияның, совет үкіметінің ұлы ақынның бұл 100 жылдығын күтіп, зор құрметпен өткізейін деп отырғаны өзінен-өзі түсінікті, өзінен-өзі орынды екені қалың жұртқа белгілі. А.С.Пушкин орыс елінің әдебиет тілінің, Көркем әдебиетінің негізін, іргесін салған адам. А.С.Пушкин өз заманындағы орыс елін езген І-ші Николай атты қанды таяқ патшаның зұлым заңына шыдамай лағнет айтып, қалың езілген елдің алдағы алтын сәулелі үмітіне қол созған ақын. Қалың езілген елдің болашақ бақытының, жарық таңының алтын сәулесінің шетін сезе білген. А.С.Пушкин орыс елінің мәдениет қазынасына қымбатты байлық кіргізуімен бірге дүние жүзіндегі елдердің баршасының әдебиет, мәдениет қазыналарына байлық кіргізген адам.
Әдебиеттегі А.С.Пушкин, Л.Толстой, Ш.Руставели, Т.Шевченко, Г.Тоқай, Абай, Фердауси, Хафиз, Гейне, Гете, Байрон сияқты адамдар тек өз елдерінің ғана емес, дүние жүзіндегі барлық адамзаттың әдебиет, мәдениет қазынасына бет түзеген дүние. Оның өмір жолының, өмір тағдырының өзі сол. Дүние жүзіндегі адамзаттың бақытты, қызықты көркем тұрмысқа жарамды әдебиет, мәдениет қазынасына шын ие дүние еңбекші табы. Ал дүние еңбекші табының қош басшы көсемi коммунист партиясы, Совет үкіметі. Міне, сондықтан Пушкин сияқты әдебиет, мәдениет қазынасына қымбатты мұра қалдырған ұлы адамдарды біздің партия, біздің үкімет айрықша құрметтейді. Міне, біздің үкіметтің ұлы ақынның бұл 100 жылдығын зор құрметпен өткізбек болып отырғаны өзінен-өзі түсінікті, өзінен-өзі орынды екені осы. Сондықтан да атақты Иран ақыны Фердаусидің 1000 жылдық мерекесін былтыр совет үкіметі мерекеледі...
Капитал дүниесінің кәзіргі өшуге, құру тұңғиығына келіп кептетіліп тірелген кезіндегі аласұру түрі — фашизм екені белгілі. Кәзір сол аласұрған фашизм, адамзаттың неше ғасырлар бойы жинаған көркемөнер, мәдениет қазынасын лас табандарымен таптап, бүлдіріп, арттарында қалдырмай жойып кетпек болып отыр. Германия фашистері Гейне сияқты дүниежүзілік көркем әдебиет, мәдениет қазынасына зор, қымбатты асыл байлық кіргізіп кеткен атақты, биік, ұлы ақынның кітаптарын көшеге үйіп, жұрт алдында отқа өртеді. Гейне сияқты данышпан ақындар фашистердің қазіргі құрылысына қарсы үгітші. Фашистердің Гейнені жек көруі, отқа жағуы да осы себептен. Міне, адамзаттың көркемөнер, мәдениет қазынасына капитал, фашизм ие емес екендігі, фашизмнің өзі мұны сезгендігі осы. Өзі құритын тап өзінін құритынын білген соң асыл, қымбатты қазынаны былғамай артына тастап кеткісі келмейді, өзіне қарсы мәдениет қазынасын жоқ еткісі келеді. Совет үкіметінің Гейне, Пушкин сияқты дана ақындардың істеп кеткен істерін баталап, оларды қасиеттеп еске алып 100 жылдықтарын құрметпен өткізетіндігі дүние мәдениетінің қымбатты мұраларына совет үкіметі бастаған еңбекші елдердің ие екендігі осыдан көрінеді.
Өз шығармаларының жер жүзіндегі барлық еңбекші елдердің мәдениет қазынасына бірдей мұра екендігін дана ақын Пушкиннің өзі айқын білген.
«Ескерткіш» («Памятник») деген өлеңінде Пушкин айтқан: «Мен адам қолымен жасай алмайтын ескерткіш қаладым өзіме. Ол ескерткішке Халық өмір бойы ағылып келіп жатыр. Өмір бойы ағылып келіп жатқан халықтың салған соқпағы еш уақытта бітелмес... Мен мүлде өлмеймін, менің атымды атамайтын тіл, атамайтын ел болмас дүниеде...»
Және: «Мен сұлу күймен адамның жақсылық сезімдерін айттым. Ол үшін мен ұмытылмаспын. Сүйікті болармын Халыққа...» деген.
Пушкиннің заманындағы қанды таяқ Николай патша өзінің маңындағы зұлым тобырымен дана ақынды қудалап жүріп құртқан. Қазір ақынның өзінің айтқанындай, халық, ол Халықтың үкіметі — Советтер Одағы, дана ақынды ұмытпағандығын, ұмытпайтындығын жер-дүниеге көрсететін болып отыр.
Ақынның «менің атымды атамайтын тіл, атамайтын ел болмас дүниеде...» дегеніндей, дүниеде Пушкиннің атын атамайтын тіл жоқ. Әсіресе Ресейде Совет үкіметі орнағаннан бері Пушкин шығармаларын өз тіліне аудармаған ел жоқ.
Біздің қазақ әдебиетінде Пушкиннің гүлді сөздерін төңкерістен бұрын атақты ақын Абай қазақ тіліне аударған. «Евгений Онегин мен Татьяна» хаттарын қазақ даласында әдемі әнге салып жырлайтын еді. Және төңкерістен бұрын белгілі Шәкәрім ақын Пушкиннің қара сөзбен жазған «Дуброскийін» өлеңмен аударып шығарған еді. Ал төңкерістен кейін Пушкиннің басқа шығармаларының да бірнешелері қазақ тіліне аударылды.
Дана ақынның: «Менің сөздерімді күн батыс пен күншығыстағы елдердің өз тілдерімен айтпайтыны болмас...» деген болжау сөздері совет үкіметі заманында толық расталып отыр.
1936 жыл
ҰМЫТЫЛМАЙТЫН ЕСІМ
Омбыңа учительдік семинарияда оқып жүргенде Горькийдің шығармалары басқа жазушыларға қарағанда жүрегіме біртүрлі жылы тиіп, басқалардан ыстық, жақын болды.
Горькийді жолықтырып, ауызба-ауыз сөйлесіп, әдебиет жөнінде кеңесуді, өзін көруді арман етуші едім. Бұл арманым 1934 жылғы жазушылар ұйымының 1-съезінде орындалады. Бірақ өте қиындықпен болды.
Съезде М.Горькийдің баяндама жасағаны әмбеге белгілі. Мен осы баяндама кезінде алдан орын алып отырып, көремін ғой деп ойладым. Бірақ алдын орын алу қиындықпен орындалды. Өйткені съездің шаруашылық жұмысын басқарып жүргендер Қазақстан делегаттарына орынды ең артқы жақтан беріпті. Мен оған көнбедім. Олардың тәртібін бұзып, алға отырдым. Бір рет «бұл орын сіздікі емес, кейін тұр» десе де тұрмадым. «Бүгін осында отырамын, ертең қайда отырғызсаңдар сонда отырамын» дедім. Осылай еттім. Горькийге жақын отырдым.
Оның сөйлегенін, күлімдегенін, бет құбылысын, кейде адам баласының өткен қорлық өмірін айтып, көзіне жас алғанын көрдім. Горькиймен бірге көңілім қобалжып, ең нәзік сезімдерім тебіренді. Қалайда «тәртіпті бұзсам да» ұлы жазушыны көрдім. Соның өзі дұрыс болған екен.
1936 жыл
МЫҢ РАҚМЕТ
Жолдастар! Мұндай жағдайда байсалмен, жатық сөйлеу тым қиын. Адамның өмірінде мерекелі, мүшелді күндер жиі бола бермейді деген сөз рас сөз. Кім көрінгеннің бәрін құрметтей бермейтіні де, жаңа өмірдегі мүшелді еңбек баласын үнемі мерекелей бермейтіні де рас.
Біздің партиямыз бен үкіметіміз және біздің совет жұртшылығы бүгін менің әдебиет қызметімнің 20 жылдығын мерекелеп отыр. Мені сөздің шебері деп санайды жұрт, Бірақ мен сөзбен істес адам болсам да, нелер жүрек сөзін айта білетін адам болсам да, мен разылық сезімімнің дәрежесін біздің партиямызға, біздің совет жұртшылығына, біздің басшымызға жеткізуге жарарлық сөз таба алмай тұрмын. Осы минутте жан сүйенерлік, жүрек қозғаларлық осынша үлкен сезімді, үлкен ырзалығымды білдіруге жарарлық сөз жоқ.
Жазушының әдебиет жөніндегі 20 жылдық еңбегін мерекелеп, оған осыншалық көңіл бөліп, біздің партиямыз біздің әдебиетімізді жоғары көтереді, жалаң жазушы мен ақынды ғана емес, біздің әдебиетті және поэзияны сүйетіндердің бәріне қайрат, жігер береді. Бұрын Қазақстанда әдебиет пен поэзия, тіпті жалпы көркемөнер мен мәдениет сыйлы нәрсе емес еді, оның сыйлы еместігі былай тұрсын, бірсыпыра уақыт бөгеулі, шырмаулы болды.
Тек көсемнің нұсқауларын, оның Қазақстандағы артықша және айбынды шәкірті іркілмей, дұрыс іске асырғанының арқасында біздің алуан-алуан тіршілігіміз соңғы үш жылдың ішінде шұғыл жоғары көтеріліп, көздің жауын алатын жарқын сәуле ашты. Соңғы үш жылдың ішіндегі бұрынғы-соңғы болып көрмеген кесек олжалар, ірі табыстар мұны айқын көрсетеді.
Жолдастар! Ақынның көңілі қашан да болса қалтқысыз, бүктесінсіз келеді, ал мұндайда басқа жұрттардың бәрінің көңіліндей қалтқысыз болады. Мұндай шын мереке кезінде адамның жаны ашық болуды, шыншылдықты қалайды. Қазақстанның жақында Мәскеуде өткізген көркемөнер онкүндігі туралы ойлағанда, қазақ музыкасы мен әндерінің ондағы табыстарын ойлағанда, Совет үкіметінің бұған берген үлкен бағасын, наградын ойлағанда, қазақтың совет әдебиеті мен поэзиясын қауырт өсіруге себеп болған Өлкелік партия комитетінің көп көңіл бөлуін ойлағанда және біздің өлкеміздің Одақтас республикаға айналғалы отырғанын ойлағанда, міне, осының бөрі жаңа өмірдегі осы сияқты тарихи фактыларды ойлағанда, менің көз алдыма Қазақстанның ескі басшыларының бар бейнесі мен стилі және Қазақстанның жаңа басшысының бейнесі — Леон Исаевич Мирзоянның бейнесі елестейді.
Айтты — айтпады, жолдастар, бұдан үш жыл бұрын Қазақстанның ескі басшылығы тұсында, осының бәрі болады деп ойлауға сияр ма еді? Біздің халқымыздың тіршілігі және мәдениеті мұндай шұғыл көтерілуі мүмкін емес, Қазақстанның Одақтас республикаға айналуы да мүмкін емес еді. Тек партиямыздың үлкен жәрдемінің арқасында және ерекше көңіл бөлуінің арқасында, партияның белгілі қайраткерлерінің бірі — Мирзоян жолдастың Қазақстанға келгенінің арқасында мұның бәрінің болуы мүмкін болды.
Халқымыздың партиямызға, басшымыз Мирзоян жолдасқа менің айтатыным — менің барлық күш-жігерім бұдан былай да партияның ісіне, бақытты жарқын биікке, социалдық Отанымыздың ұлы ісіне арнаулы.
1936 жыл
«ҚЫЗЫЛ СҰҢҚАРЛАР» ЖӘНЕ ОЛ ЖӨНІНДЕГІ СЫН ТУРАЛЫ
«Пьесаның кемшілігі репетиция уақытында анығырақ көрінуге мүмкін. Мен өзім сол репетицияларда болармын да, режиссердің және артистердің ақылдарын тыңдап, табылған кемшіліктерді іс үстінде түзетерміз» дегем. Бұл сөзді мен қолжазбаны театрға тапсырғанда да айтқам және театр коллективінің алдында «Қызыл сұңқарларды» оқығанда да айтқам. Оқылғанда артист, режиссермен бірге кейбір әдебиетшілеріміз де болған.
Режиссерлар мен «Қызыл сұңқарларды» ойнаған артистер пьесаның қалай өңделіп, қай араларының қалай қысқартылып, қандай сөздерінің жөнделгенін жақсы біледі. Бұл істе театр коллектив! маған бірсыпыра жәрдем көрсетті. Тек көркемөнер комитетінің адамдары бұл жұмысқа қатыспай, өздерін аулақ сақтап келіп, пьесаны халыққа көрсетуге ұлықсат бергізіп жіберіп, 6 рет ойналғаннан кейін пьесадан «саяси қателер» таптық деп астан-кестен болды. Көркемөнер комитетінің бұл «өнері» онша адам «қызығарлықтай» болмады.
Енді пьесадан Тоғжанов тапқан саяси қатенің не екенін көрсетейік.
Мен бұл мақалада, көбінесе, тек Тоғжановтың мақаласы туралы ғана жазамын. Мүсіреповтың мақаласы туралы әуре болудың қажеті жоқ қой деймін. Өйткені оның сөзінде ешбір маңызды дәнеме жоқ.
Ғ.Тоғжановтың «Қызыл сұңқарларға» қоятын айыбы: «Пьесада ең бас қаһарман орыс жұмысшыларының өкілі болу керек. Өйткені революцияда көсемдік қылған орыс халқының революцияшыл пролетариаты. Пьеса қаһармандарының ішінде ірі орын алып отырған қазақ — Еркебұлан. Бұл дұрыс емес. Бұл тарихқа жала»... дейді. Негізгі саяси қате деп отырғаны осы. Әуелі осыны тексерейік.
Менің түсінуімше, Г.Тоғжановтың бұл «жобасы», бұл «теориясы» дұрыс емес қой деймін.
Бірінші — бұл пьеса тарих емес. Мынау «революцияның тарихы» деген ешбір пьесаны, ешбір көркем шығарманы мен білмеймін.
Екінші — «Қызыл сұңқарлар» Қазақстанның белгілі бір ауданында ғана болған, революция кезіндегі жергілікті күрестердің бір оқиғаларынан ғана алынып жазылған пьеса. Бұл бүкіл Қазақстанда болған революцияны суреттеген пьеса емес. Бұл жайт пьесадан айқын көрініп тұрады.
Үшінші — қандай ауданнан алынса да, қай ұлттың қай жерінің күресінің оқиғаларынан алынса да ең бас қаһарманды орыс жұмысшыларынан қою керек. Әйтпесе бұл саяси қате болады деген «теория» да дұрыс емес.
Бұл «теория» механикашыл-схемашыл теория. Менің ойымша мұның өзі саяси теріс теория. Бұл «теорияны» қолдансақ совет көркем әдебиетінің талай шығармаларын мансұққа шығарған болар едік. Мысалы, тіпті Фадеевтің «Разгром», Серафимовичтің «Железный погоп» сияқты белгілі көркем шығармаларды да теріске шығарар едік. Тағы талай осындай шығармаларды айтуға болады. Олардың бәрінде де басты геройлар орыс емес. Басқа ұлттардан алынған.
Ал, шынында, орыс халқының ұлы пролетариаты өзге ұлттардан шыққан революционерлерді кейін қақпай, қайта оларға жәрдем беріп, ілгері тартып өсіріп, ілгері көтеріп келгені жер дүниеге белгілі факты. Сол өзге ұлттардан шыққан революционерлердің талайына талай аймақ, облыстарды, талай қиын істерді, талай зор биік тұрғыларды басқартқаны бүкіл әлемге белгілі ғой.
Тоғжанов жолдас өзінің теріс «теориясын» орыс халқының ұлы революцияшыл пролетариатының бұл жұмыс заңы деуімен сол революцияшыл орыс пролетариатының қасиетті, интернационалдық рухына өзі үлкен зиянды жала жабады. Тарихи істі өзі теріске бұрмалайды.
Сталин жолдас американың жұмысшы делегациясымен сөйлескен бір сөзінде: «СССР-дің жоғарғы орғанының, Советтердің Орталық Атқару комитетінің басында орыс председателі отыруы міндет емес, СССР-де біріккен алты одақтас республиканың санына қарай, алты председатель отыр» деген еді. Ал Тоғжанов жолдас Қазақстанның бір ауданында, жергілікті Халықтың күрестерінің бір кезінде оқиғаларға араласқан және ақтардың түрмесіне түскен 7-8 кісінің ең бас қаһарманы орыс жұмысшыларынан болсын дейді. Әйтпесе тарихқа жала жабу болады дейді.
Мәселе түсінікті ғой деймін.
«Қызыл сұңқарлардағы» ен бас қаһарман деген қазақ Еркебұлан, — бұл «Разгромдағы» Левинсон, «Железный потоктағы» Кожук сияқты оқшау, үздік бас қаһарман емес. Еркебұлан оқшау, үздік бас қаһарман болса, пьесаның аты да тек «Еркебұлан» болар еді. Немесе тек жалғыз «Қызыл сұңқар» болар еді. Олай емес, пьесаның аты «Қызыл сұңқарлар»... Бірақ, оқиға Қазақстанның бір ауданынан алынып отырған соң, ақтар жағынан байды, саудагерді, алашорда болсын Қазақтан алып отырған соң, солардың айналасын, бала-шағаларын, ауыл-үйлерін көрсетіп, оқиғаны солармен байланыстырып отырған соң пьесадағы қызыл Қазақ Еркебұланға сөз де, орын да Захар мен Нестеровтан көп берілді. Сөйтсе де, пьесада қиыншылық уақыттарда Захар мен Нестеров Еркебұланға және басқаларға pyx беріп, қайрат беріп отырады.
Тоғжановтың «тұрпаттары солғын, олар нашар» дегені байқамай айтылған сөз, не бекер айтылған сөз.
Сөйтіп Г.Тоғжанов не қыл дейді, мен не қылыппын?.. Енді соны айталық.
1. Тоғжанов пьесаның ең үлкен қаһарманы орыс жұмысшысы болсын дейді. Ал мен айтам: бірінші — оныңыз қате деймін. Екінші — ол «теорияңыз» зиян теория деймін.
2. Тоғжанов айтады, Алашорда офицері Шікрені мазақ қылып көрсетпе, маскүнем, ақымақ қылып көрсетпе, — күшті қылып, ақылды қылып көрсет, мазақтамай көрсет дейді. Ал мен айтам: алашорданың ақымақ офицерін ақылды қылып көрсеткім келмейді де, үйтіп көрсетпеймін де.
3. Тоғжанов айтады: Анненков пен алашорда түрмесінде бір жыл отырса да, отырған адамдар демалыс үйінде жатқандай болсын, олардың түрмесінде болған сұмдықтардың нәтижелерін көрсетпе, ешкім олардың түрмесінде есінен танбасын дейді. Ал мен айтам: жоқ, олардың түрмесінде болған хайуандық азаптардың нәтижесінде талайлар естерінен адасқан, талай қара шаштар бірер жұмада-ақ ағарған. Олардың түрмесін адамгершіліктері мол кісілер жасаған қонақ үй қыла алмаймын.
4. Тоғжанов айтады, пьесадағы Маштай байдың малайын (Әбенді) біздің бұл күнге шейінгі талай пьесалардағы, талай әңгімелердегі оп-оңай бола қалатын малайлардай ә дегеннен қып-қызыл қыл, стандарт қыл, «оңай намаз» сияқты малай қыл дейді. Ал мен айтам: жоқ, ондай салғаннан оп-оңай қып-қызыл батырақ жұртқа әбден белгілі болып болған оңай тұрпат. Ондайды жасай салу қиын емес. Одан гөрі бұл пьесада мына Әбен сияқты сана-сезімі бірте-бірте ашылып келіп, ақырғы кезеңде құлаш көре қызылдармен кеткен малайды көрсету уажділеу болады деймін.
5. Тоғжанов айтады, француз полковнигін интервенцияның ұйымдастырушысы қыл дейді. Ал мен айтамын: интервенцияның ұйымдастырушы қожасы полковник емес, дүние жүзілік капитал деймін. Полковник тек оның малайы, қызметкері деймін. Және ол полковникті Анненковтың офицері сияқты қылып көрсет дегеніңіз уажды «ақыл» емес деймін. Бернард Шоудың «Сайтанның шәкірті» деген пьесасыңдағы ағылшын генералын көріңіз деймін. Сондықтан, мен көрсеткен полковниктің өзі дұрыстау болады деймін.
6. Тоғжанов қызылдарды ұлт-ұлтқа бөл дегендей қылады. Мен оны да дұрыс емес деймін. Қызылдар әр ұлттардан болғанмен, бәрі бір мақсаттың, бір таптың адамдары, бәрі бір семья деймін. Солай қылып көрсеткенмін, солай қылып көрсетемін де.
7. Тоғжанов ақтарды да бір-бірінен бөледі. Бірін «ең үлкен жау», бірін «кіші жау» қылып көрсет дегендей ымдайды. Ал, мен оны да дұрыс емес деймін. Бәрін тұтас алу керек деймін. Тұтас алғанда, қызылдар мен ақтардың екі таптың мүддесі үшін күресіп жатқанын көрсету керек деймін. Тұтас алғанда, қызылдар мен ақтардың екі таптың мүддесі үшін күресіп жатқанын көрсету керек деймін.
Міне, осы. Қысқасын айтқанда Г.Тоғжановтың және кейбір «өте амалшыл» адамдардың ерінінің емеурінімен жазсақ, пьесаның саяси маңызы да бүлініп, әдебиеттік, театрлық, драмалық көркемдігі де бүлінер еді.
Г.Тоғжанов «пьесадағы қызылдардың бәрі де баймен байланысты» дейді. Мұндай өтірік те тым шолақ айтылған өтірік екені өзінен-өзі белгілі. Пьеса бойынша Маштаймен байланысы болған тек Жұмаш деген совдепші және бұл Жұмаш бастық емес, жәй совдепші. Ол тіпті айқыннан-айқын көрсетіледі. Маштай мен байланысы болғаны үшін, түрмедегі жолдастары Жұмашты қоймастан жазғырып отырады. Бұл да айқын көрсетілген.
Онан соң, Г.Тоғжанов пен кейбіреулер әлгі Маштай байдың малайы Әбеннің сөздерін ылғи боғауыз сөз, батырақтың беделін түсіретін сөз дейді. Әрине батырақтың жақсы сөйлегенін де және батырақ емес кісінің де «беделі» түспейтіндей қылып өтірік сөйлемей, дұрыс, әділ сөйлегенін де дұрыс көремін.
Бірақ пьесада Маштай байдың малайы Әбен өзінің беделі түсетін сөз сөйлемейді, тек ақтардың «беделі» түсетін өткір сөздер сөйлейді. Сонсоң ақтарға жалынғаны үшін Жұмашқа екі-үш тікенді сөз айтады. Егерде мұндай сөз тым «ыңғайсыз» болса оны өзгертуге болады.
Онсоң пьесада алашорда болысының Абай сөзін айтып құрал қылуы дұрыс емес, бұл да тарихқа жала дейді. Мен Абайдың атын пьесадан алып тастадым. Бірақ алашорданың Абайды өзінікі қылмақ болуын, өзінікі қылам деп Абайды масқаралауы тарихқа жала емес, ол болған іс. Татарларға қарсы жазған мақалаларында алашорда бастығы Бөкейханов Абайды Дулатовтың, Байтұрсыновтың, Жұмабаевтың алдына сала жазатын, Семейде 1917-жылы шығарған журналының да атын «Абай» деп қойған болатын.
Мен пьесада кемшілік жоқ демеймін. Кемшіліктері бар. Сынағандардың тәуір пікірлері де болды, ол еске алыну керек. Пьесадағы кемшіліктерді, әрине жөндеуге тырысамын. Әзірге мыналарды істедім:
1. Абайдың атын пьесадан алып тастадым.
2. Боғауыз сөз дегендерді өзгерттім. Жалпы тіл жағын қайтадан қарап шықтым.
3. Дайрабай болыстың рөлін сол күшейтіңкіредім.
4. Шнейдерге бірнеше қатаң реплика бердім.
5. Әнәпияның бетін соңғы пердеде ашыңқырадым.
6. Түрмеде отырған большевиктер мен бостандықтағы жолдастардың байланыстарын көрсетіңкіредім.
7. Тағы да кейбір кейіпкерлердің мінездерін, ішкі маңыздарын ашыңқырадым. Сөйтіп әзірше осы болады ғой деймін.
1937 жыл
ТҮСІНІКТЕР
«Манап» драмасы туралы» деген мақала Сәкеннің әдебиетші ретінде жазған тұңғыш сыни пікірі. Жетісу өңірінде болған оқиғаны Алматы уезінің начальнигі И.Лиханов пьеса етіп жазып, М.Есенгелдин қазақша аударған. Ол «Айқап» журналының 14-21 сандарында жарияланып, оқушылар ұнатса, жеке кітап етіп шығармақ ниеті барын білдіргенде Сәкен ұнатпаушылардың бірі болып «Айқап» журналының 1914 жылғы 23-санында осы мақаласын жариялаған.
Бұдан да гөрі ащылау және дәлелді Міржақып Дулатовтың «Манап» драмасы» деген мақаласы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 82-санында жарияланды. Бұл рецензияда орынды ойлар айтылып, өзінше пікірін ашық айтқан: «Біздің мәслихатымыз аты қазақша екен деп мұндай мағынасыз нәрсені Қазаққа өрнек үшін таратпау керек. «Манапты» шығарушыны да, тәржіме қылушыны да сөкпейміз, Бірақ әдебиет ернегі болғандай бір журнал «Манаптағы» орасан ерсілікті көрмеуіне таңырқаймыз» деп «Айқап» жайлы 51-санындағы ызғарлы ойының жалғасын аңғартып қойған көрінеді.
«Әдебиет һәм оның бағыттары» деген ғылыми-зерттеу мақаласы «Қызыл Қазақстан» журналының 1922 жылғы 13-санында, аяғы 1923 жылы 15-санында жарияланып, сол кездегі таным-білік деңгейінде әдебиет тарихы және оның бағыттары жөніндегі түсінігін ағартушылық мақсатта жазып, өзінің эстетикалық таным-білігін аңғартқан.
«Бекет» рецензиясы «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы 18-сәуірінде жарияланды. Спектакль 12-сәуір күні қойылғанда рабфак шәкірті Ғабит Мүсірепов болыпты. Ол Е.Жақыпов пен Ж.Молдағалиевке сол спектакльден алған әсерін айтыпты. «Спектакль басталмас бұрын Сәкен Сейфуллин сахнаға шығып, қазақтың советтік социалистік автономиялық республикасының құрылғанына екі жыл толуына байланысты сөз сөйлегенін, онымен қоса Анненкова-Бернардтың «Бекет» пьесасы жайлы, оның тақырыптық негізі — Бекет батырдың езі жайлы көрушілерге әңгіме еткен» (Е.Жақыпов. Дастаннан драмаға. 1979. 110-бет).
Рецензияны оқыған пенделер осы пьеса 1923 жылы орыс тілінде кітап болып жарияланғандағы алғы сөзге назар аударғандары абзал. Пролетарлық революцияның алғашқы дәуірінде тарихи шындықтар бұрмаланбай, оның да ашық айтылғанын көреміз. «Выпуская настоящую книгу, Академический центр Кирнаркомпроса имеет целью ознакомить русскую читающую публику с эпизодом борьбы передовой части киргизского общества с гнетом царизма в эпоху подчинения киргиз царскому подданству» дегенін кейін шовинистер, оған қосыла өзіміздің жағымпаздар «добровольное присоединение Казахстана к России» деп 250 жылдықты үш жыл тойлағанымыз бар. Ертерек кезде шындықтың бетіне саруды ұят көретіндер «ознакомление же широких кругов русской публики, живущей на территории КССР, с историей борьбы киргизского народа за свою свободу, ведшейся на протяжении 15 — 19 столетий в значительной мере объясняется современное революционное состояние киргизского общества и психологии данного народа» деген ой-пікірлердің түтіні дұрыс екендігін аңғармасқа болмас.
«Асау тұлпар» туралы» Сәкеннің сыншыларға жауабы «Қызыл Қазақстан» журналының 1923 жылғы егіз 17 — 18 санында жарияланды. Негізінен Нәзір Төреқұловтың «Темір қазық» журналында (1923 ж. № 1) шыққан мақаласына қарсы жазылған. Бір ғажабы, қазақ тарихында сіңірген еңбектері таудай екі ұлы қайраткерлердің жұлдыздары бір-біріне қарсы туғаны өкінішті. Бұл жауаптан кейін нәзір Сәкеннің «Бақыт жолына» пьесасын «Темір қазықтың» 2 санында іске алғысыз етіп сынады.
«Асау тұлпарды» оқыған кісі өзінін кім, дүниенің не екендігін білу былай тұрсын, оң аяғы мен сол аяғын білмей қалу ықтималы бар. Шын революция тәрбиесі берілуіне зиян тимесін деп бұл кітапты жастарға оқытпасқа тиіс. Сәкенді Орынбордан алып келіп, бір музейге кіргізіп қоярға жөн. Мұндай «қызық» кісіні музейден басқа жерге қойып та болмайды!» деген сөздердің өнер жайын былай қойғанда пенделік жағынан келісіп тұрмағаны белгілі. Сәкен де аянып қалмағаны байқалады.
Бір ғажабы, Нәзір тек Сәкеннің сыншысы болудан кез жазбай кетті. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің бірінші, яғни 1927 жылы шыққан басылымын зерттеп, 2003 жылы Сәкен шығармаларының көп томдығына серке (бірінші том) болып шыққан басылымына жазған мақаласында доцент К.С.Ахмет «Сәкеннің қай шығармасына болмасын ащы сын жазып келе жатқан Нәзір Төреқұлов кітаптың шыққанына екі жылдай болып қалғанда «Тар жол, тайғақ кешу» туралы бір-екі сөз» дейтін мақала жазды. Ол «Еңбекші қазақ» газетінде 1928 жылы 28-желтоқсанда шығып, қара аспанды түсіріп жібермегенімен, роман-эссені даттауды мақсат тұтқаны қалың көпшілікке бірден мәлім болды.
Редакция өз тарапынан жазған түсіндірмесінде: «Нәзірдің Сәкен кітабынан түк пайда жоқ деуі қате. Нәзірдің сын жазғандағы беталысы дұрыс емес (515-516 беттер) деп табуы мәселені біраз ушықтырып жіберген болатын. Бұл мақалаға қарсы Әбділда Тәжібаев «Тар жол, тайғақ кешу» мен Нәзірдің сыны туралы» мақала жазды. Ондай мақаланың шығар-шықпасынан хабары болмаған Сәкен «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы 7-санында «Тар жол, тайғақ кешу» туралы» көлемді түсіндірме беріп, жауап қайтарды. Сәкен мен Нәзірдің шығармашылық қарым-қатынастары онша жараса бермегенімен, пенделік тірліктерінде аралас-құралас болғандары Бүкілодақтық советтердің 8 съезінде, В.И.Лениннің атақты ГЭОЛРО жоспарын баяндайтын съезінде Сейтқали мен Сәкен екеуі Тұрар Рыскұлов пен Нәзір Төреқұловтың тіл табысуына ара ағайын болғандары бар көрінеді. Тарих қазір бәрін өз орнына қойып жатыр.
«Қазақ, әдебиетінің қысқаша тарихы» деген мақала 1924 жылы 19-ақпанда «Еңбекші Қазақ» газетінде «Сәкен жолдастың оқыған лекциясының қысқаша қорытындысынан алынды» деп ескертіп «Сәбит Төңкерісұлы» деген кісінің авторлығымен жарияланды. Ол «ұзартып жазса Сәкен жолдастың баяндамасынан көп сөз алуға болатын еді. Бірақ газет беті тар болғандықтан қорытындысының қысқаша түрін ғана жазып отырмыз. Сондықтан мұны оқушылар Сәкен баяндамасының әр жерінің дәмі деп ұғуы керек» деп ескерту жасаған. Демек, идея, ой Сәкен аузынан шыққан, ал оқушыға жетуі Сәбит Төңкерісұлының (кім екенін анықтай алмадық. Сәбит Мұқанов қолынан шықса, бір сыр бергендей еді, Бірақ ондайды кездестіре алмадық) біраз деректерді қисынсыздау бергені нәтижесінде бұл лекция туралы баспасөз бетінде үлкен айтыс мақалалары жазылып, бірқыдыру шу болған.
Темірбай (кім екенін анықтай алмадық) деген автор «Қазақ әдебиеті тарихынан әңгіме» атты мақаласын «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 5-наурызында жариялады. Оның толық мәтіні қолымызда жоқ, алайда оған қарсы Ғабит Мүсірепов жазған «Қисық сын, әділ төре» деген мақаласын «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 24-наурызында шыққан 83-санында жариялады да, 1970 жылы «Суреткер парызы» деген әдеби-сын еңбектерінің жинағында бірінші бетке орналастырды. Мақаланың негізгі мақсаты Сәкенді жалған, дөрекі сыннан арашалау. Расында да Темірбай Сәкенді өтірікші, жас буынға қате ұғындырды дейді. Мылжың дейді, соқыр дейді, арсыз, әңгі дейді. Білгенінше жамандап, халық кезіне үлкен мінді кісі етіп көрсетеді. Темірбайдың сынынан оқушы не ұқты? Әрине, Темірбайдың сынынан Сәкенге дұшпандығын, аяғынан қалай шалуды андып жүргендігін ұқты.
Егер «Ақ жол» басшылары Сәкенді бейпіл сөзбен мұқатам десе, ата-енесінен түк қоймай лағнаттаса, мынасынан сыпайы болар еді» (1970. 5-9 беттер) дегенін Fабең 1931 жылы есіне түсіріп, қалам ұстауға «құмарлығымды Сәбит сезді білем, «Сен жазуға кіріс» деп мазалап жүрді. Сәкенді жақтайтын бір мақала жазғызды. Аяғына мен қол қойсам да желісін тартып жаздырған, артынан түгелімен қайта жазып шыққан Сәбит еді. «Балтабай» деген біреуге қарсы жазылды ма, немене, әйтеуір біреуді боқтадым да салдым. Менің алғашқы жазған мақаламды Сәбиттің сонша түзеткені маған жаман батты» (сонда, 53-54 бетте) дегенін ескерер болсақ, Ғабиттің әдебиетке келуіне Сәбеңнің шапағаты тисе, екіншіден, Сәкеннің дәрісін жазған «Сәбит Төңкерісұлы» өзіміздің «кәдімгі Сәбит Мұқанов шығар» деген ойға жетектейді. Ол жөнінде Сәбеңнің еңбектерінен ештеңе аңғарылмайды.
Бұл шығарма Сәкеннің көп томдығына тұңғыш кіріп отыр.
«Қазақстан еңбекші төңкерісші жазушылар ұйымының басқармасынан» деген хабарландыруды «Кеңестер Одағындағы еңбекші тап жазушылары ұйымының сана (идеология) және Көркем сөз туралы жобасы» деп Қазақтың пролетарлық жазушылары ассоциациясының, яғни атышулы КазАПП-тың платформасы Өлкелік партия комитетінің 1925 жылы 12-маусымда шығарған қаулысы негізінде Сәкен жазып, ВАПП, РАПП пен «Қузница» ұйымдары жобаларының қазақ жағдайына ыңғайлы баптарын аударып, әуелі «Еңбекші қазақ», кейінірек «Бостандық туы» (1925 жыл, 6-тамыз) газеттерінде жарияланған болатын. Сөйтіп Қазақстанда тұңғыш рет жазушылар ұйымы құрылған-ды.
Осы тарихи оқиғаның басы-қасында болған Сәбит Мұқанов «алғашқы ұйымның Қызылорда қаласында құрылуы «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылы 10-мамырда шыққан 203-санында жариялана қалды. Ұйым Бүкілодақтық пролетариат жазушыларының бірлестігіне бөлімше есебінде ашылып, соның платформасын (бағытын) қазақша аударып басты. Мен бұл кезде Қызылжар (Петропавл) қаласында шығатын «Бостандық туы» газетінде қызметте едім. Платформа ол газетте де жарияланды. Бірақ мен Сәкенге ВАПП-тың бағытын түгел қолдамайтындығымды айтып хат жаздым. 1926 жылдың жазында Қызылорда қаласында болған жазушылар жиналысында «Қузница» түгіл РАПП-тың платформасы Қазақ совет жазушылары үшін тар деп танылып, Қазақстан жағдайына сәйкес жаңа платформа жазылып (мәтінін мен жаздым) қабылданды. Қысқарта жазғанда «КазАПП» (пролетариат жазушылары) аты сақтала тұра, кеңітіп жазған уақытта «Қазақстан пролетариат және шаруа жазушыларының бірлестігі» деп аталды» (С.Мұқанов. «Өсу жолдарымыз». 1960. 683-бет) дегені осы жарияланымдардың сырын толық ашып береді.
«Ұлт театры туралы» деген рецензияға Смағұл Садуақасовтың «Ұлт театры» деген еңбегіне жазылып, «Қызыл Қазақстан» журналының 1926 жылғы 11 — 14 сандарында жарияланды.
«Шолпан өлді» аза мақаласы «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы 13-қазанда, «Әйел тендігі» журналының 7—10 сандарында басылды.
«Шаш қырқу» туралы» деген жауабы «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы 25-қарашада жарияланды.
«Бет aшардa» Сабыр Шәріповтың «Алтыбасар» әңгімесінің жарық көру жайы және мәні әңгімеленеді. Сәкен Сейфуллин жолдастық қарым-қатынастың өнегесін нақты іспен көрсеткен.
«Алтыбасар» тез шығу үшін «Еңбекші» кітапханасы» деген топтаманы пайдаланған. Оған дейін Бейімбеттің «От басында», Смағұл Садуақасовтың «Ұлт театры», Біләл Молдыбаевтың «Қазақстанда жоғарғы дәрежелі мектептер», Ерғали Алдоңғаровтың «Тілшілер құралы» және әрқилы авторлардың шығармаларынан 1925 жылы дайындалған «Сыйлық» жинағы шыққан болатын.
«Алтыбасар» (әңгіме) Сәкен Сейфуллаұлының бет ашарымен («Алты-Басар» (рассказ) с предисловием Садвакаса Сейфуллина (Сакен). № 6. Бастырушы: Қазақстан жер-су комиссариаты. Қызылорда. 1926 ж.» деп шыққан.
«Ел ақындарының айтысы» Сәкеннің қазақ әдебиеті үлгілерін жинап жүргенін аңғартатын және бұл салада атқаратын ірі істерінен хабар беретін алғашқы жарияланым. Ол 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналының 4 және 6 сандарында жарияланды. «Жинаушыдан» деген кіріспесін сәл өзгертіп, екі басылымды біріктіріп беріп отырмыз. Сәкеннің көп томдығына тұңғыш рет кіріп отыр.
«Жанғожа жыры» 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналының 5-санында жарияланды. Оған Сәкен «Жинаушыдан» деген кіріспе жазып «Жанғожа жайындағы өлеңнің» әрбір сөзіне және кісі аттарына түсіндірме жазып, 6-санында «Жанғожа батыр Нұрмағамбет баласы» деген зерттеуін жазған. Бір өкініштісі Жанғожа батырды зерттеушілердің көбі осы басылымды білмейді, кейінгі басылымдарда ескерілген тұсты аңғармадық.
Сәкен шығармаларының көп томдығына тұңғыш рет кіргізіліп отыр.
«Таныстыру» Шолпан Иманбаеваның 1927-жылы шыққан өлеңдер жинағына арналып жазылған алғы сөз. Осы жинақты құрастырып, «Сөз басын» жазған Қазақтың қайраткер қызы Сара Есова « Қолда бар өлеңдерін берген Назекеңе (Нәзипа Құлжанова), Сәкенге, Елжасқа (Бекенов), Шолпанның інісі Балмағамбетке алғыс айтамын» дегеннен кейін жинаққа «кірген өлеңдер — Шолпанның таңдамалы өлеңдері. Қолға түскен өлеңдердің 35-інен 26-сы баспаға жарарлық деп осы кітапқа кіргізілді» деген ескертпесіне қарағанда Есованың, не «Әйел тендігі» журналының архивын Мариям Хакімжанова Шолпанның екінші жинағын шығарған кезде ескерген-ескермегені беймағлұм. Қалай болғанда да Шолпанның мұрасына қайтадан оралып, толықтырып шығаратын уақыт келді, өйткені оның жарық дүниеге келгеніне 2003 жылы 100 жыл толды.
Бұл мақала Сәкен шығармаларының кеп томдығына тұңғыш рет кіргізіліп отыр.
«Қазақтың көркем әдебиеті туралы» деген шолу мақаласы «Жыл құсы» альманагының 1927 жылы шыққан 1-санында жарияланды. Сәкен шығармаларының жинақтарында жарияланып келеді.
«Әдебиет майданында (пікір алысу ретінде)» мақаласы Қазақстан мемлекеттік баспасы Қазақтың пролетариат және шаруа жазушылары бірлестігі үшін шығарып, бар билікті өзі жүргізген «Жаңа әдебиет» журналының тұнғыш санында (1 — 2) 1928 жылы жарияланды.
«Сұрауға жауап» Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эссесі 1927 жылы шыққаннан кейін оқушылардан түскен сұрақтарға, хаттарға «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 24- қаңтарында қайтарған жауабы.
«Әдебиетті бағалау және құлық-сананы тексеру» атты күрделі мақаласы «Жыл құсы» альманагының 2-санында 1928 жыны жарияланып, әдебиетті тану жөнінде бірқыдыру мағлұмат берген.
«Көркем әдебиет туралы білуге тиіс үш нәрсе» атты танымдық мақаласы да «Жыл құсы» альманағының 2-санында басылған.
«Ел қорғаны не?..» деген сын мақала «Жаңа әдебиет» (қазіргі «Жұлдыз») журналының 1928 жылғы қосарлы 3-4 санында жарияланды. Сәкен шығармаларының екі басылымына да кірген.
«Тар жол, тайғақ, кешу туралы» Нәзір Төреқұловқа қайтарған жауабы «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы 7-санында басылды. Тарихи мәні зор роман-эссе жөнінде алаш қозғалысына қатысқан, аттары аталатын қайраткерлердің, қаламгерлердің бірде-біреуі «Тар жол, тайғақ кешудегі» деректер дұрыс емес, жаңылыс айтылған, анау анадай емес мынадай еді деп дау шығарып, мақала жазған емес, үлкен жиындарда сөйлеген де емес. Олардың жазып, сөйлеуіне ол тұста тиым да салынған емес. Себебі «Тар жол, тайғақ кешу» 1927 жылы жаз айларында шыққаннан кейін қалай жазамын, қалай сөйлеймін десе де мүмкіндіктері болған. Алаш азаматтарын тұқырту, тұтқындау 1928 жылдың желтоқсанынан басталып, 1929 жылдың ортасына дейін Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сынды марқасқалар ұсталды да, тергеулері Мәскеуде Бутырка түрмесінде өткізілді. Тегінде Голощекин ұсынысымен болған шығар, әйтеуір алаш қозғалысына қатысқан 44 азамат елден жырақ жерде азап шекті, тексерілді. Кітап жаздың ғой, басқа айтарын, бар ма деп Сәкенді, алаш идеологиясымен көп алыстың ғой деп Сәбитті куәлікке шақырған ешкім болған емес.
1830 жылы сотта 13 азамат ату жазасына кесілді. Мағжан 10 жылға сотталды. Атуға кесілгендердің Жүсіпбек Аймауытовтан басқалары кешірім сұрап, өтініш жазған соң 10 жылға түсіріп, Беломор-Балтық каналын қазуға салды. Негізгі тұрақтары атақты Соловки болды. Ал Жүсіпбек «өз зиялыларына күн көрсетпейтін үкіметтен кешірім сұрамаймын» деп Мәскеу қаласында атылып кетті. Сондай-ақ, алаш азаматтарының сырын сыртқа көбірек шашқан Дінмұхамед Әділов пен Әбдірахман Байдильдиннің кешірім сұраған өтініштерін қабылдамай, атып тынды. С.Ақатайдың «Тар жол, тайғақ кешу» алаш азаматтарын айыптаудың негізгі көзі болды деген қисыны ешбір жобаға соқпайды, үкімет ауысқан кездегі көтерілетін шаң-тозаңға тең айқай ғана. Тіпті «Тар жол, тайғақ кешуді» оқушылардан аластатпақ болған Нәзірдің өзі бірде-бір тарихи дерекке шүбә келтіре алмағанын мақаланы оқыған адам анық кереді және Әбділда Тәжібаевтың «Тар жол, тайғақ кешу» мен Нәзірдің сыны туралы мақаласы басылғанда «Енбекші қазақ» газеті 1929 жылы 15-сентябрьде мынадай түсіндірме беріпті.
«Газетімізде Нәзірдің мақаласы басылғанда, бұл сын — бірбеткей сын, кітаптың кемшілігі, қате жерлерін көрсетумен бірге жақсы жағын көрсетпеген, кермеген дегенді айтып едік. Осы сөзімізді енді өзгертіңкіреп мына Әбділда жолдасқа да айтуға болады.
Әбділда жолдас «Тар жол, тайғақ кешу» туралы Нәзірді сынаймын деп өзі де сезбей сол Нәзірдің жолына түскен. Нәзір — міндетім қалайда жамандау десе, Әбділда — міндетім қалайда мақтау деп ұққан. Өзі «жаман мен жақсы жағын бірдей жазу керек, жүз процент марксшіл сыншы болу керек» деп жұртқа ақыл үйретеді. Бірақ, сол ақылын өзі орындамаған.
Біздіңше қай күнде болса да бір беткейліктен түзу сын болмайды.
Әбділда мен Нәзірде осы бір беткейлік бар. Бірі асыра жамандайды, бірі асыра мақтайды. Біздің сыншылар мұны қою керек. Түзу сын жазам десе, жақсысын да, жаманын да бірдей көре білу керек. Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешуін» сынаушылар да осыны істеуі керек еді.
Сәкен кітабының жақсы жері не?
Сәкен кітабында бірсыпыра ескі тарихи материалдар бар. Алашорда тұсындағы газеттерден, сол кездегі докуметтерден жақсы-жақсы анықтамалар келтірген. Сол анықтамаларға қарап алашорданың сондағы, советке қарсы істерімен, пікірлерімен танысуға болады.
Сәкен кітабының екінші жақсы жағы — Сәкен кітабынан патша саясаты, онан соң бері Керенский, Колчактың саясаты қазақ даласына қандай әсер бергені, Қазақтың бай, кедей оқығандары қалай қарасқаны жайында да бірсыпыра мағлұмат алуға болады.
Сәкен кітабының үшінші жақсы жағы — Сәкен кітабынан қазақ арасында коммунистер қалай шыға бастады. Қазақ коммунистерінің қандай істері болды.Осы жайында да бірсыпыра мағлұмат бар.
Ал Сәкен кітабының кемшіліктеріне келсек, біздіңше, ең үлкен кемшілігі — Сәкен кітабындағы материалдардың ондап сұрыпталмағаны, біріне-бірі жалғастырылып берілгені. Материалдарды, көбінесе газеттен алынған сөздерді тандап алып, дәлел үшін келтірудің орнына, сөйтіп сол кездегі жағдайды, саяси хәлді Маркс көзімен тексерудің орнына, Сәкен пәлен былай дейтін, түген бүйтіп еді деп қана қоя салады. Тексеру, тап көзімен сынау жағы аз. Содан барады да оқушыларға кейбір оқиғалардың беті ашылмай қалады.
Екінші үлкен кемшілігі — Сәкен кітабында партияға алғаш кезде кіріп кеткен Келбай Тоғысұлы сықылды афирес парашылдарды коммунистердің көсемі қылып қояды. Байсейіт, Мұқан сықылды коммунисте жүз қайнаса сорпасы қосылмайтындарды кітабында мақтайды. Содан барады да Сәкеннің кітабында мұндай адамдар туралы үлкен-үлкен саяси қате пікірлер жазылады, міне бұл үлкен саяси қате. Партия жұртшылығын теріс жолға салатын қате.
Сәкен кітабының үшінші кемшілігі, саяси кітапта жазылар ешбір орны жоқ, «Құбақан қыз, қара торы, қоңыр қыздардың» Сәкенге қарап қызыққандары, Сәкеннің оларға қарап қызыққаны сықылды ұсақ сөздердің, керексіз сөздердің көптігі, мұндай сөздердің бұл кітапта тіпті-ақ жазылар жөні жоқ еді. Ондай сөздерді жазғаннан Сәкенге де келетін пайда жоқ. Білген кісіге ондай мақтан сөздердің, жұртшылыққа мәні жоқ ұсақ сөздердің зияны толып жатыр. Мұндай сөздер оқушыларға да жаман әсер береді.
Сәкен кітабының төртінші кемшілігі, кітап мазмұнының «ала-құла» болып шығуы. Кітаптың «Тар жол, тайғақ кешу» деп қосылған аты да ішіндегі сөздерге әділ келмейді. Кейбір жолдастар «Тар жол, тайғақ кешуді» роман деп айтатын көрінеді. Сәкеннің өзі де не дерімді білмей кеп ойландым депті. Шынында бұл кітап, жекелеп алғанда роман емес, әңгіме (повесть) де емес. Кітаптың ішіндегі көп сөздерге қарағанда бұл кітапты мемуар түрінде жазылған кітаптардың санына қосуға болады. Олай болса кейбір жолдастардың «Тар жол, тайғақ кешуді» Көркем әдебиет деуі де дұрыс емес.
Әрине, Сәкен кітабының біз айтқаннан басқа да жақсы, кем жақтары бар. Оның бәрін бұл арада теріп отыру мүмкін емес. Алайда біздіңше кітаптың көзге түсетін жақсы жағынан да, кемшілік жағынан да маңыздылары жоғарғы біз айтқандар деп білеміз.
Осымен Сәкен кітабы туралы «Еңбекші қазақ» бетінде айтысты енді бітті деп санаймыз» жазғанын қысқартпай беруді орынды көрдік.
«Көшпелі дәуірдегі қазақ әдебиетінің күйлерінен» деген баяндамасын Сәкен Сейфуллин В.И.Ленин атындағы Орта Азия коммунист университетіндегі қазақ оқушыларының әдебиет мәселесіне арналған жиналысында жасаған. Және сол университеттің жанынан 1929 жылы «Кедей айнасы» деген альманах шығарылды. Баяндамасы бойынша сөйлеген жастардың ой-пікірлерін «Әдебиет — тап құралы» деген қорытынды сөзінде түйіндеді. Оларды «Кедей айнасынан» алып бір-біріне жалғастырып беріп отырмыз.
«Менің қателерім туралы» деген Сәкеннің жан сыры «Еңбекші қазақ» газетінде 1929 жылдың 2-қыркүйегінде басылды. Сәкен Ташкенттегі Казпедвуздың директорлығын еріксіз тастап, Алматыға амалсыз келген тұсы болатын. Қазақстанда өрши түскен голощекиндік, қисынсыз жағымпаздыққа салынып, жұрттың бәріне әңгіртаяқ ойнатқан жікшілдік, жершілдік, алауыздық өршіп тұрған кезенді пайдаланып алаштың азаматтарын шытырлатып түрмеге жауып жатқан шақты Сәкен білмеді емес, білді. Қазақстанға еріксіз шақыртылуының ішкі сырын ұқты. Колдарынан келсе алаш азаматтарындай түрмеге жауып, соттатып жіберетінін білді. Соның ызғарын қаптырар ма екен және кептен бергі «кінәмнан» арылайын деп Сәкен осы жан сырын ашып жазды. Бірақ бұған голощекиншілер сенбеді. Оның үлкен жандайшабына айналған «Еңбекші қазақ» газетінің басындағылар Сәкеннің шын сезіне сенбей, мақаласының соңына «құйрық» жалғап «Сәкен өз қателігін мойнына толық алмай отыр. Олай болған, былай болған деп кінәсын жеңілдетіп отыр» деп ағынан жарылған, өмірі өтірік айтып көрмеген азаматтың шын сезіне шүбә туғызды. Сәкен көрген құқай мұнымен аяқталмады.
Тамыздың аяғында Алматыға келген Сәкен 11-қарашаға дейін ешбір жерде қызметке орналаса алмай, жан досы Қаскей Өтекиннің жәрдемімен сауатсыз жұмыскерлерге сабақ беріп, 100 сом ақы алып, күн көрді. 1929 жылы 15-қазанда № 9 партия ұйымы Сәкенді партиялық тазалаудан (партчистка) еткізді. Бұрынғы қателіктер мен кемшіліктерін жіпке тізіп, төрт бетке жыпырлата басып, бесінші бетіне мынадай шешімін жазды.
«Қаулы. 1. Сейфуллин жолдас тексерістен етті деп есептелсін.
2. Сейфуллин жолдастың жікшілдік мақсатпен Сәдуақасовтың ұлтшылдық тобымен ымыраласқаны коммунистік қылыққа жатпайды деп айыпталсын.
3. БК(б)Г7 Орталық Комитеті тарапынан Қазақстан партия ұйымындағы қысыл-таяң жағдайда Қазақстанда қызмет істеу керек деп айрықша ескерткеніне қарамай, барлық партия ұйымдарының назарын антипартиялық жікшілдік ағымдармен күресуге бағыттап жатқан шақта Сейфуллин жолдас күйректікке салынып, саяси қайраткерліктен іргесін аулақ салғаны үшін талқыға салынсын. Сонымен қатар, Сейфуллин жолдастың пессимистік күйректіктен арылдым, бұдан былай өзімнің ғана емес, өзгеніңде, жалпы партия ішіндегі пессимизмнің көрінісімен күресемін дегені еске алынсын.
4. БК(б)П Қазақстан ұйымдарының біразында шын мәнінде жікшілдік болғандығын Сейфуллин жолдастың тексеру кезінде мойындағанын және ол қателерінің теріс екендігін сөккендігін, бірақ онысын қазақ партия ұйымы мен халықтың қалың кепшілігі білмейтіндігін ескере келіп, Сейфуллин жолдасқа «Советская степь» пен «Еңбекші қазақ» газеттеріне өзі жасаған қателерді мойындап, оны айыптайтынын нақты атап айтатын мақала жазу тапсырылсын, сонымен қатар Сейфуллин жолдасқа жалпы әдеби еңбекке, сондай-ақ баспасөз жұмысына мейлінше белсене қатысып тұру тапсырылсын.
5. Табы жат элементке партиялық кепілдеме бергені үшін Сейфуллин жолдасқа айыбы бетіне айтылсын» деген қаулының төртінші бабы Сәкенің 2-кыркүйектегі «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» (№6) журналындағы жарияланған мойындауын білмегендіктен бе, әлде сондай машық күшті болғандықтан ба, әйтеуір ардагер ақынды әуре-сарсаңға салғаны тарихқа белгілі. Партиялық тазалаудан аман-есен өткеніне С.Мұқанов, Х.Есенжанов пен Е.Ысмайыловтың тіпті 60-жылдардың өзінде қуана күрсінгенін өз көзіммен көріп едім. Олай болмаған жағдайда Ахмет, Мағжан, Халелдердің аяғын құшып, түрмеге алынары сөзсіз еді. Шындық жеңіп, Сәкен 1929 жылдың 11-қарашасынан былай қарай Қазақ университетінде (КазПИ әуелінде университет болып ашынған) ұстаздыққа ауысқан болатын.
«Қазақ әдебиеті туралы хат» Қазақ университетіне қызметке орналасқаннан кейінгі бірінші сөзі және Сәкеннің бұрыннан бері әдеби мұрасын жинау жөніндегі арманды ісінің алғашқы қарлығашы «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 26-желтоқсанында басылды. Осы игі шараның алғашқы қадамын Сәкеннің өзі жасап, 1930 жылдың жазында Сарыарқаны — Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкесі, Тоқырауын аймағын, Балқаштың Мыңаралы мен Хаптауларын аралап, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап қайтты. Елдің рухани байлығын сақтай білген азаматтар Сәкенге жәрдем қолын созып, талай халықтық шығармаларды, авторлары белгілі кітаптарды жіберген болатын. Соның арқасында Сәкен 1930 — 1935 жылдар аралығында талай әдеби мұраға екінші және мәңгілік өмір беріп, бірнешеуін кітап етіп шығарды.
«Жинаушыдан» деген түсіндірме алғы сөзді Сәкен өзі құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары». I жинақ. Жинаған Сәкен (Сейфоллаұлы). Сборник образцов казахсқой народной литературы. Материалы собраны и систематизированы Сейфуллиным» деген атпен 1931 жылы шыққан жинақта жариялады.
«Ертедегі жырлы әңгімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары» деген зерттеу еңбегі 1931 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 10 және 11 санында «Тарих-сын материалдар» бөлімінде жарияланды.
Бұл зерттеу еңбегі Сәкеннің «Қазақ әдебиеті. I бөлім. Билер дәуірінің әдебиеті» атты жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулығына біршама өңделіп, кеңейтіліп енгізілді. Ол еңбек қазақ фольклористика ғылымының іргесін қалауға негіз болса, «ноғайлы дәуірі» деген ғылыми проблема күні бүгінге дейін әрі қарай дамытуды қажет етеді. Сондықтан оқушылар ол проблемамен арнайы танысқаны абзал деп Сәкеннің көп томдығына тұңғыш рет кіргізіп отырмыз.
«Қасиетті құс — аққу туралы». Сәкеннің осы тарауға жазған арнауының сыры оның «Біздің тұрмыс» атты романында бірқыдыру ашылады. Ал тараудың өзі «Қазақ әдебиеті» оқулығына еніп, тұңғыш рет көп томдықта жарияланып отыр. Алғаш рет 1931 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 12-санында жарияланды.
«Мен қадай жаздым» 1932 жылы «Жаңа әдебиет» журналының, «Кім қалай жазған» деген сауалнамасына қайтарған жауабы. Ол журналдың 7-санында жарияланды.
«Сөз басы» 1930 жылдан бастап бүкіл Совет елінде оқу жүйесін жаңа жүйеге көшіріп, бастауыш, орталау, орта мектеп жүйесі қалыптаса бастаған болатын. Осыған байланысты бұрынғы бірінші және екінші басқыш, шаруа жастар мектептеріне арналған оқу құралдары жаңа жүйеге лайықтана қоймаған соң Қазақстанда жетекші ақын-жазушыларды оқу құралдарын жасауға міндеттеген-ді. Оны біреулері өзінің күнделікті ісінің жалғасы деп білсе, қайсыбіреулері жалпы дүрмекпен ат салысқан болатын.
Жазушылар коллективінің атынан жазылған «Сөз басында» мектеп жүйесімен таныс, оқу процесін білетін, оқушыларға қандай материал ұстанудың педагогикалық талап-тілектерінің жалпы нобайы аңғарылады. 5-сыныпқа қажетті хрестоматияны І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Ә.Мәметова, Б.Майлиннен құралған ұжым оқу процесіне айрықша қажетті шығармаларды жүйелеп бере алмағандықтан «Әдебиеттану оқу құралы» етіп құрастырып, тәжірибелі мұғалімдерден көмек күткені көрінеді. Бүл оқу құралы бұдан кейін қайтып шықпады.
Сәкен шығармаларының көп томдығына түңғыш рет кіргізіліп отыр.
«Батырлар жырлары». Сәкен 1932 жылы жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап «Қазақ әдебиеті» деген оқулық жасады. Оны жеке том етіп береміз. Ол оқулықта қазақтың бай ауыз әдебиеті ғылыми тұрғыдан зерттеліп, жүйеленді, күні бүгінге дейін оқу-әдістеме және ғылыми дәйектемеде ескеріліп келе жатқан өте құнды дүние. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізіне қаланған еңбек.
Осы оқулықты жасау барысында Сәкен Халық әдебиетін мол пайдаланды. Оның әзірге кітап болып оқушы қолына тимегендігін ескеріп «Қазақ әдебиеті» оқулығында ұзақ-ұзақ үзінділер келтіріп отырған болатын. 1931 жылы шығарған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын» бірінші жинақ етсе, енді «Батырлар жырларының жинағын» 1933 жылы екінші кітап етіп шығарып, оған қысқаша алғысөз жазған. Себебі «батырлар жырлары «Қазақ әдебиеті» деген менің кітабымда талқыланған. Мұнда тек сол батырлар жырларын жинап, түптедік» деп қысқа қайыра салған.
«Кезектегі істерім». Әсіресе газеттер әрбір жаңа жылдың алдыңда атақты ақын-жазушылардан, өнер қайраткерлерінен келе жатқан жылға қандай жоспарлары барын сұрап, күні бұрын елге хабарлайтын әдет бар. «Лениншіл жас» газеті өзінің 1934 жылғы жаңа жылдық санында Сәкенмен сұхбаттасып, осы материалды жазғызып алыпты. Оның құндылығы Сәкен қолынан шыққандығы бір болса, екінші әлі күнге дейін тиісті бағасын ала алмай келе жатқан сатиралық «Біздің тұрмыс» романының негізгі идеясы, «Лениншіл жас» газетінде 1932 жылдың аяғы, 1933 жылдың басында «Әдебиет майданы» журналында алғашқы бөлімі шыққан «Қызыл ат» поэмасын толық бітірмек ойы және 1932 жылы Октябрь мерекесіне шығармақ болған «Альбатрос» поэмасының екінші бөлімін жазбақ болғаны сияқты деректер Сәкентану үшін айрықша керек мәліметтер.
«Ыбырай Алтынсарыұлы». Сәкен 1934-1935 жылдары қазақтың атақты ақын-жазушыларының жеке жинақтарын шығарған еңбекшіл ғалым. Сәкен зерттеулерінің өміршең болатындығы біреулер дайындап берген шығармаларды оқып, еңбек жазу емес, зерттейін, пікір айтайын деген дарынның артында қалдырған мұрасын тірнектеп жинап, машинкаға бастырып, қателіктерін түзеп, баспаға тапсырғаннан кейін корректурасын оқып беру арқылы ол ақын-жазушыларының жан сырын біліп алатындай деңгейге жетуінде. Fылыми зерттеудің ең ауыр жолымен жүргенде ғана еңбек қадірлі болмақ.
Ыбырай Алтынсариннің орыс әрпімен шыққан «Қырғыз хрестоматиясы» өзі өлгеннен кейін 1896 жылы «Матбуғат» деген атпен араб әрпімен шыққан болатын. Ал оның жеке жинағы өзі барда да, жоқта да кітап болып басылмаған-ды. Міне, осы өкінішке толы олқылықты ескеріп, 1934 жылы Ыбырай Алтынсарыұлының тұңғыш жинағын жариялап, мәдениетіміздің жарық жұлдызына айналдыруға нақты ісімен бірінші қадам жасаған Сәкен Сейфуллин екенін естен шығармаған абзал.
«Ақан сері» жинағы да тап осындай жағдайда туған. Оның, тарихта өлең-әндерінің бір жерге басы қосылып, кітап болып шығуы Сәкен Сейфуллиннің жанкештілігімен 1934 жылы жүзеге асты. Оған Мағжанның 1924 жылы Ақан сері жайында зерттеу-мақаласы болғаны, қайсыбір зерттеушілердің сөз арасында Ақан серінің атын атағаны болмаса, осы уақытқа дейін кітап болып шықпаған-ды.
«Ақмолланың өмір тарихы». Бұл да қазақ тарихында алғашқы жинақ және Сәкен қазақ-башқұрт-татар халықтарына ортақ дарынды анықтап, оның шығармашылық ғұмырбаянын және ақындығын биік бағалады. Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың ыждағатымен Уәлихан Қалижанов Ақмолла шығармашылығы жайында арнайы зертеу жасап, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін татар, башқұрт бауырлар оны қайтадан өз бауырына тартып, мерейтойларын өткізуіне Сәкеннің осы 1934 жылы шығарған «Ақмолла (Мұптақедден Мұқамедиярұлы) өлең жинағы» себепші болғанын айрықша атау ләзім.
«Бұл алғысөз Сәкеннің көп томдығында тұңғыш рет жарияланып отыр.
«Ләйлә-Мәжнүн». Әлем әдебиетінің інжу-маржанымен Қазақ оқушыларын таныстыру мақсатын көздедім дегенмен Сәкен қазақтың үлкен ақыны, Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының аты да, еңбегі де елеусіз қалмасын деген оймен шығарған. Сөйтіп қазақ даласына кіре бастаған зорлық-зомбылыққа қарсы екендігін аңғартқан. Өйткені Шәкәрімнің жазықсыз атылып, тың атауға тиым салынғанын Сәкен жақсы білетінінде шүбә болмасқа керек. Бұл жинақ та 1934 жылы баспаға беріліп, 1935 жылы жеке кітап болып шықты. Сәкеннің бейнетті көп тілейтін жариялампаздық еңбегі мұнымен тамамдалмайды. 1939 жылы Сәбит атымен шыққан «Батырлар жырын» дайындаған да Сәкен екенін естен шығармайық. Сәкеннің атын атауға болмайтын кезеңде Сәбит Мұқанов басын тағы да оққа тігіп, халық мұрасын аман-есен ел-жұртқа жеткізгенін ұмытпайық.
«Хан Кене туралы» деген мақала әуелі «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы 10, 11 маусымында, ал «Әдебиет майданы» журналының сол жылғы бесінші санында жарияланды. Біз журналда толық басылған мәтінін Сәкен көп томдығына тұңғыш рет ұсынып отырмыз.
Сәкеннің алғашқы алты томдығы (I960 — 1964 ж.ж.) шыққан тұста бұл мақаланы баспаға дайындағанымызда редакция алқасының мүшесі, атақты сыншы-ғалым Есмағамбет Ысмайылов «Оқылсын, даулы, қиын» деген пікір айтса, М.Әуезовтің дүниежүзілік данқы, жаңадан ғана дүниеден өткендітінен гөрі Кенесарының тарихта шулатып жатқанынан сескенген Тайыр Жароков, Мүсілім Базарбаев, Асқар Лекеровтер «мұндай пәлені жариялауға болмайды» деп маған қайтарып берген.
Тәуелсіздік келгеннен бері әдеби-мәдени мұраға қол сұғуға болмайды деген қағиданы бұлжытпай сақтап, Сәкен қаламынан шыққандарды сол күйінде беріп отырмыз. Бұл жалғыз «Хан Кенеге» жасалып отырған ескерту ғана емес, кейінгі, осыдан кейін алғаш рет орын алатын Қазақстан Совет жазушыларының 1934 жылғы бірінші съезінің материалдарына да қатысы болмақ.
«Съезіміз өсу белгісі болды». Сәкеннің Қазақстан Совет жазушыларының бірінші съезін ашардағы және жабардағы сөздерін тұңғыш рет толық күйінде жариялап отырмыз. Съезд жүріп жатқанда республиканың бар газетінде хабарлар берілген болатын. Сәкен солардың бірде-бірін санатқа алмай, әуелі «Әдебиет майданы» журналына, кейінірек Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы 1934 жылы шығарған «Қазақстан кеңес жазушыларының тұңғыш съезі» деген стенографиялық жинаққа берді. Оны жарияларда Сәкен бе, әлде редакция ма «1934 жылдың 18-июнінде Қазақстан жазушыларының бірінші жиынында айтылған сөздің толықтырылып жазылғанынан үзінді» деп ескертпе жасайды.
60-жылдар шыққан алты томдыққа мұны да кіргізе алмағанбыз, өйткені Сәкеннің. сөздерінде саяси да тарихи біраз деректер кездесуі бізді біраз шошындырған-ды.
Соған қарамастан «Шашыранды сөз, даулы мәселелер туралы» деп Сәбит Мұқановтың съезде жасаған баяндамасына Сәкен айтқан пікірі берілгенмен «Исатай-Махамбет туралы», «Тағы да Сұлтанмахмұт туралы», «Ұлтшылдық туралы» деген бөлімдерін беруге көңіліміз дауаламаған-ды. Және ащылау айтқан жерлерін жұмсартып, сынап-сипап жіберіппіз.
Тағы да мәдени мұраны жариялау заңына бағынып, Сәкеннің қолынан шыққандарды сол күйінде тұңғыш рет беріп отырмыз.
«Қазақ кеңес жазушылары» деген бір топ материалды «Көркем әдебиет» атты оқулық-хрестоматиядан алып, Сәкен Сейфуллиннің көп томдық шығармалар жинағына тұңғыш рет кіргізіп отырмыз.
30-жылдардың бас кезінде мектепті оқулықпен қамтамасыз етуге үлкен науқан басталғанда Сәкен өзінің ұстаздық қызметінің жанды жалғасы деп түсініп, 1932 жылғы «Қазақ әдебиеті» оқулығынан кейін мектепке назар аударған болатын.
Сәкен Сейфуллин мен Өтебай Тұрманжанов 1934 жылы орталау мектептің бесінші сыныбы үшін әдебиет оқу құралын жасаған. Ол 1935 жылы стеоративпен қайтадан басылған. Бұл оқу құралында қазақ кеңес жазушыларының өмірі мен шығармашылығы жайлы деректер беріліп (кейбір өмірбаяндық деректерді жазушылардың бұрын жарияланғандарынан алған, ал енді кейбірін өздеріне арнайы жаздырып алған), кітапқа енген шығармалардың әрқайсысына бесінші сынып оқушысы түсінерліктей талдаулар берілген.
Бұл кітап оқу-хрестоматия түрінде жасалғандықтан әр жазушы жайындағы талдауларды, СССР халықтар әдебиетінің өкілдері және ауыз әдебиет нұсқалары жайындағы материалдарды іріктеп алдық.
Өтебай Тұрманжановтың Сәкен туралы жазғанын Сәкен Сейфуллин шығармаларының жинағына қосудың орайы болмас деген ниетпен алып қалуға ниеттенгенімізбен, оқулық болып таралғандығын ескеріп, сол кездегі таным-біліктің бүгінгілерге жеткені де дұрыс деп тауып отырмыз. Бұл оқулық-хрестоматияны Қазақстан Халық ағарту комиссариатының коллегиясы бекіткен. Орысшасын «Учебник казахсқой литературы для средней школы одобрено Казнаркомпросом» деп 15 мың таралыммен шығарған. Оның жауапты редакторлары Абат Әлібаев пен Құлмырза Өтенов, техникалық редакторы Бекбауылов, ал жауапты корректорлары Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Зейнелғабиден Иманжановтармен 1915 — 1918 жылдары медресе «Ғалияда» бірге оқып, қолжазба «Садақ» журналын шығарысқан Әбдірахман Мұстафин болды. Бұл ақсақал осы қызметін 1960 жылдарға дейін жалғастырып, З.Иманжановпен аралас-құралас болған, ал Сайфи Құдашпен хат арқылы хабарласып тұрған.
«Көркем өнер техникасына жетілейік». Сәкеннің Қазақстан советтерінің IX съезінде сөйлеген сезі. Орысша аудармасы «Казахстанская правда» газетінде 1935 жылы 9-қаңтарда жарияланды.
«Өрлеу үстінде» атты ғылыми-зерттеуі әдебиеттегі формализм мен натурализм туралы айтыста сөйлеген сөзі. «Қазақ әдебиеті» газетінде 1935 жылы 5-мамырда жарияланып, Сәкеннің бар жинағына еніп жүр.
«Мәдениет майданында» мақаласы «Социалды Қазақстан» газетінде 1935 жылы 5-қазанда жарияланды.
«Байсалды жүйрік» Қалқаман Әбдіқадыровтың жаза бастағанына он жыл толуын құттықтау. «Қазақ әдебиеті» газетінде 1935 жылы 12- қыркүйекте, «Ленин туы» газетінде 5- қазанда, «Әдебиет майданы» журналының 9-санында жарияланды.
«Биыл мен не жазамын» 1936 жыл 1-қаңтарда «Социалды Қазақстан» газетінде басылды.
«Нәзімбек» басталуы Қозы-Көрпеш пен Баян лиро-эпосына ұқсағанмен шешімі мүлде бөлек жыр. Он сан ноғай мен Қырым төңірегіне байланысты туған жыр тегінде ноғайлы дәуірінің нақты бір дерегін аңғартатын болғандықтан «Нәзімбек» «Әдебиет майданы» журналының 1936 жылғы бірінші санында жарияланды. Қол қойылып, түсіндірме берілмеген, оның есесіне журналдың мазмұндамасында «Сәкен— Нәзімбек» деп көрсетілген және «Сәкен Сейфуллин, әдебиеттердің көрсеткіші — указатель литературы» 1965 жылғы шыққан библиографиясының «Сәкен жинап бастырған ел ақындарының өлеңдері» деген бөлімде 366 санмен «Нәзімбек — жыр» (жинап, түсінік берген Сәкен») деп көрсеткен. Көп томдыққа тұңғыш рет беріліп отыр.
«Пушкиннің 100 жылдығы». Сәкен Сейфуллин А.С.Пушкиннің қаза табуының жүз жылдығын өткізетін Бүкілодақтық комиссияның мүшесі және қазақстандық Пушкин комиссиясының төрағасы болды. 1936 жыл түгелдей Сәкеннің Пушкин тойын өткізуге арналды десе болғандай. Мақалалар жазу, жиындарда сөйлеуді былай қойғанда А.С.Пушкиннің «Таңдамалы шығармалары жинағының» 3 том (1-том поэмалар, 2-том «Евгений Онегин, 3-том прозалар.) аудармасын Сәкен басқарып шығарды.
Бұл мақала 1936 жылы 22-қаңтарда «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланды. Сәкеннің көп томдығына тұңғыш рет кіргізіліп отыр.
«Ұмытылмайтын есім». 1936 жылы 19-маусым күні Максим Горькийдін дүниеден өтуіне бағышталған азалы жиналыс КазПИде өтеді. «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі «Сәкен жолдас М.Горький жөнінен есте қалғандарын айтты» деп әлгі сөздерді келтіреді де, мұнан кейін «Сәкен жолдас Мәскеу барғанда Горькиймен жолығуды ойлағанын, ол ойдың орындалмағанын, оған өкінетінін айтты. М. Горькийдің өз шығармаларына өте көп әсер еткенін айтты» деп хабарлапты газеттің 23-маусымында шыққан санында «Социалистическая Алма-Ата» газетінде «Он живет в моем серде» деген (20.6.1936.) мақаласында М.Горькийді мінбеден ғана көріп қоймай, үзіліс кезінде де қатысып қалғанын, «Гений всегда добр и прост в обхождении — в этом я убедился, разговаривая с Алексеем Максимовичем» деп төгіле айтыпты.
«Мың рақмет». 1936 жылы 12-шілдеде Қазақстан жұртшылығы Сәкеннің шығармашылық өміріне 20 жыл толуын зор мархабатпен тойлады. Газет-журналдардың бірде-біреуі бұл мерекеден шет қалған емес. Өлкелік партия комитетінен бастап жер-жерден келген құттықтаулар, одақтас республиқалардан, әсіресе Қырғызстаннан жіберілген адрес пен сәлемдеме көп болды. Республиканың үкіметі Семейдегі оқытушылар институтына, Жезқазған жолы басталатын (Жарық) станцияға Сәкен Сейфуллин, Алматыдағы мектепке Сәкен атын беріп, астына машина мінгізді. (Ол машина қазір Жамбыл мұражайында тұр).
Сәкен тойы Қазақстанда бұрын болып көрмеген мереке болды. 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын өткізуге Сәкен бас болса да немесе Бейімбет Майлиннің 1932 жылы шығармашылығының 20 жылдығын еткіземіз деп даттап алғанымыз, 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуын өткізбек болып, орта жолдан қайтып, орашолақтық танытқанымыздың бәрі ескеріліп, Сәкен тойы Халықтық мерекеге айналған еді. Мына сөзі, сонда айтқан рақметі «Социалды Қазақстан» газетінде 1936 жылы 15-шілдеде басылды.
«Қызыл сұңқарлар» және ол жөніндегі сын туралы» мақала Сәкен қолынан шыққан ең соңғы дүниелердің бірі. Бұл пьеса алғаш 1922 жылы кітап болып шыққанда Қоңырдың (М.Әуезов) сынына ұшыраса, енді 1936 жылы Қазақстан Халық комиссарлары жанындағы Өнер комитеті басқармасы бастығының орынбасары Fаббас Тоғжановтың саяси айып таққан ұрда-жық сынына кезікті. 6 рет қойылып, ел-жұрттың төңкерісшілдік ынтасына жауап берген спектакль сахнадан алынып тасталды.
Соншама не болып қалды? «Қызыл сұңқарлардың» алғашқы премьерасын көрген, Мәскеуден келген өкіл Анур «пьесада қазақ халқының революциялық тарихы бұрмаланып көрсетілген. Пьесаға жүгінсек қазақ интеллигенті басшылық жасаған. Ол орыс жұмысшысы мен неміс эмигрантына және украинге ақыл үйретеді. Қазақстандағы революциялық оқиғалардың барысындағы орыс пролетариаты мен большевиктік партияның ролі бұрмаланған» деп тауып, спектакльді тоқтатуға ақыл қосыпты. Оның, осы пікірін өзінен естіді ме, әлде Мәскеуден хабарлады ма, әйтеуір сол тұста Өлкелік партия комитетінің Мәдениет бөлімін басқарған Ғабит Мүсірепов, сыншы Ғаббас Тоғжанов саяси қателік іздеген мақаланы «Социалды Қазақстан» газетіне 1936 жылы 18-желтоқсанда жариялап, «пьесада ең бас қаһарман орыс жұмысшыларының өкілі болуы керек, өйткені революцияда көсемдік қылған орыс халқының революцияшыл пролетариаты. Пьеса қаһармандарының ішінде ірі орын алып отырған қазақ Еркебұлан. Бұл дұрыс емес.Бұл тарихқа жала, саяси қателік» деп үкім шығарды.
Бұл ойын әуелі «Казахстанская правда» газетінде 1936 жылы 12- желтоқсанда айтып алып, 18-күні қазақша шығарғаны да қызық көріністің бірі.
«Қызыл сұңқарлар» сахнаға шықпай тұрып «Социалистическая Алма-Ата» газетінің 1936 жылғы 22- қыркүйегінде М.Л.-дың (кім екені белгісіз) мақаласында «пьесу эту знают во всех аулах Казахстана, она безчисленное количество раз исполнялась на подмостках самодеятельных кружков. Успех ее заключался в том, что зрители видели художественную правду о граждансқой войне и революции» деп драма театрынын сахнасына қойылайын деп жатқанын, «спектакль уже на-половину сделан. Зрители увидят эту пьесу в начале октября» деп хабарлады. Сол газетте 28-қарашада «На премьере пьесы Сәкен Сейфуллина» деген атпен М.Запольскийдің мақаласы жарияланып, ешқандай саяси қателікті айтпайды. Бір жарым айдың ішінде 6 рет спектакль болып қойылғаннан кейін 18-желтоксаңда Ғаббастың жайратқыш мақаласы шықты. Өзінің ұстаған бағытынан айнымаған «Социалистическая Алма-Ата» газеті 27- желтоқсанда И.Сергеевтің «Против схемы, за реалистический спектакль (о действительных и мнимых ошибках тов. Сейфуллина)» деген мақаласын жариялады. Ғ.Тоғжановтың негізгі саяси айыбын теріске шығарып, «появились люди, готовые объявить «Қызыл сунқарлар» чуть ли не контрреволюционной пьесой. Что Еркебулан глава и вождь придумана тов Г.Тогжановым. «Қызыл сұңқарлар» требует переделок. Но... онидолжны не по пути создания канонизированной тов.Тогжановым схемы, а по пути отделки отдельных образов, чеханки их, по пути создания полноценного реалистического спектакля» деп араша түсті.
Ол аз болса, Сәкеннің «Социалды Қазақстанда» 1937 жылы 14-қаңтарда «Қызыл сұңқарлар және ол жөніндегі сын туралы» мақаласы алдымен «Социалистическая Алма-Ата» газетінде 1936 жылы 29-желтоқсанда «О пьесе «Қызыл сұңқарлар» и ее критиках» деген атпен орысша жарияланды. Бұлардан да басқа мақалалар басылды.
Осы оқиғадан екі мәселені суыртпақтап шығару қажет. Бірінші, жеке адамға табынудынң күшеюімен қабат ұлы орысшылдықтың бас көтеріп келе жатқанын аңғарамыз. Пьесаға неге орыс азаматы басты қаһарман болмады деген ой осының айқын дәлелі және оны Мәскеуден келген Анурдың күңсітіп кеткенін қағып алып, бақанға сырық жалғау болса, екіншіден, 37 жылдағы қызыл қырғынның жақындап қалған ызғары сезілгенін Сәкен қаперіне алмағанын, айылын жимағанын байқаймыз.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі