Ауылда тұратын кезім еді, облыстық газеттің меншікті тілшісі болып істейтін сүрбойдақ жігітпін. Түнде болмаса, күн баласы үйден көп шыға қоймаймын. Жуырда ғана аудан басшыларымен жағаласа жүріп, көшеден сәл бұрылыста орналасқан үйіме телефон қойдырып алғам. Тіршілік жұмысымның бірқатары сол телефонмен бітіп жатады.
Телефон тағы шыр еткен. Түс қайтып қалған мезгіл еді, бұл кезде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін Тоқтар Жанғозин ғана преферанс ойнайық деп телефон соғатын. Сол шығар деп тұтқаны көтерсем:
— Алло, Сәкен, Мен Әнуарбек Дүйсенбиев ағаң ғой, — дейді.
— Оу, көке, қайдасыз, қайдан жүрсіз? — деп жатырмын.
— Осында, Үшаралдағы қонақүйдемін. Жайым болмай тұр. Ауырсынбасаң, келіп, мені алып кетші, — дейді жалынғандай болып.
"Аттың сыры — иесіне мәлім". Қонақүй жайы белгілі. Бір бөлмеде төрт-бес адамнан жататын жатаған ғана жеркепе еді.
Жүгіріп отырып жетіп барсам, Әнекең қонақүйдің есігі алдында жүр екен. Алпамсадай болып аулаға сыймай аласұрып жүргенін айтқызбай-ақ аңғардым. Төс түйістіре амандасу ишаратын жасаған болдық. Кісіге үйір, ешкімді жатырқамайтын кеңқолтық адам еді ғой Әнекең. Сонау бір жылдары диплом жұмысымды басып беретін машинистка іздеп жүріп, Әнекеңе кездейсоқ ұшырасып қалғаным бартұғын.
— "Жазушы" баспасының машбюросына барсаң, — деді Әнекең, — төр жақта қыпша белі үзілердей болып талшыбықтай майысқан Зағипа деген келіншек отыр, мен айтт десең болды, сөзге келмей сол басып береді. Өзім звандап қоям, бара бер.
Жүгіріп отырып "Жазушының" машбюросына барайын. Бір бөлмеде 6-7 қыз-келіншек сытырлатып машина басып жатыр. Келдің бе, кеттің бе деп саған қарай мойнын бұрып жатқан біреуі жоқ.
Шеткеріректегі бір столда талдырмаштау жас әйел отыр екен, "Әй, дәу де болса, сен боларсың" деп, соған таяп барып:
— Зағипа сіз емессіз бе, Әнуарбек жіберіп еді, — деймін. Ол басын көтеріп, маған таңдана қарап алды да, анадай жерде отырған, қазақша айтқанда, нағыз бес биенің сабасындай дерлік отыз бес-қырықтардағы әйелді көрсетті. Ол да елеңдеп қарай берген соң, қасына барып, келген шаруамды, Әнекеңнің сәлемін айттым. Күлімдеп: "Жарайды", — деп, қолжазбамды алып қалған. Екі-үш күннен соң даяр қолжазбамды Әнекеңнің өзінен алдым.
— Әй, сен не бүлдіріп жүрсің, — деп дүрсе қол берді ол ағам, — мен бұған тегін машинистка тауып берем, сөйтсем, бұл мені сынаған еңбегін бастырыпты.
Мен "Лирикалық жыр қаһарманы хақында" деп аталатын диплом жұмысымда қызды-қыздымен Әнекеңнің де бірер өлеңін "өлтіре сынап" жіберген екенмін.
Ал Әнекең болса, әлдекімше ерін бауырына ала туламай, маған өп-өтірік айбар шегіп, ашуланған болып бұртиып қояды. Кек тұтқан түгі де жоқ...
— "Балдырған" журналының шаруасымен жүр едім, бірер күн болам ауылыңда, — деді ол қонақүйге іздеп барған маған. — Тек мына жерден алып кет, өлтірейін демесең.
Үйге келдік. Әке-шешем бар. Олар жаралғалы дастарханы жиылып көрмеген қонақжай адамдар, кісі жатырқау дегенді білмейді.
Қастек Баянбаев та ол кезде бізбен көрші еді. Оны да қосып шақырып, екі-үш ақын ішкі шерімізді ақтарысып, бір жасап, жырғап қалғандай болып едік.
Біздің қонақ бөлмемізде үлкен диван болушы еді. Әнекең сонда жатып ұйықтап жүрді. Бірде түстен кейінгі мезгілде үйге Тілеухан Тышқанбаев дейтін құрдас досым келеді. Аса жуас, нағыз қой аузынан шөп алмастың өзі, не Құдай атқанын қайдам, төрдегі диван үстінде менің ескі шапанымды жамылып теріс қарап ұйықтап жатқан Әнекеңді мен деп қалып: "Осы-ақ беймезгіл уақытта ұйықтай береді екен!" — деп, дәл-деп тұрып майқұйрықтан жеңіл теуіп өтсе керек. Әнекең шошып атып тұрады. Денелі, сұсты, екі көзі алақандай болып атып тұрған бөгде адамды көріп, зәресі зәр түбіне кеткен Тілеухан алды-артына қарамай үйден ата жөнеледі. "Әй, жігітім, тоқта!" — деп артынан ұмтылған Әнекеңе қарасын да көрсетпей зытады.
Екі-үш күннен кейін бұл оқиға жайлы екеуі де әсірелей әңгімелеп, тыңдаушыларын қыран-топан күлкіге қарық қылғандары бар еді.
Ертесіңде Әнекеңді ортаға алып, Қастек екеуміз ел аралауға шықтық. "Коммунизм" аталатын совхозда парторг болып істейтін Әнекеңнің ескі танысы, кезінде Сәкен Жүнісовпен бірге оқыған әдебиетші Әлмен Аханов бар еді. Алдымен сонда барып, ол үйде де бірер күн аунап-қунап аялдап жаттық. Сол кезде Андреев ауданында (қазіргі Үйгентас) тұратын балалар ақыны Рамазан Тышқанбаев түнделетіп Әнекеңді іздеп келіп, тағы бір мәре-сәре болғанымыз бар.
Ертесінде "Коммунизмің" директоры Қ.Алтаев деген кісі бізді әрі қарай, "Көктұма" совхозына жеткізіп тастауға тиіс болды. Онда біздің досымыз әрі менің аттасым Сәкен Алпысбаев директор болып істейді. Алдын-ала хабарласқанымызда, ол бізді бірер күн өзі ертіп қыдыртпақ болған.
Алтаевтың машинасының бір тетігі бұзылып қалып, біз оның кабинетінде үшеуден-үшеу сарылып ұзақ күтіп қалдық. Егін орағы аяқталуға таяп қалған мезгіл. Бөлмеге әркім-әркімдер сапырылысып кіріп-шығып жүрген. Үсті-басы шаң-шаң ұзын бойлы мұртты жігіт шаршаңқы үнмен: "Ой, жұртым-ай!" — деп дауыстай кірді. Қастек іле-шала: "Мына жігіттің мұртын-ай!" — деп іліп әкетті. Сол-ақ екен: "Алып таста қыртымай!" — деп Әнекең қағып алып, аяқтаған. Әлгі жігіт шаршағаньш ұмытып, сақылдап күлді дейсің. Қырман жақта түнімен кезекші болып келген совхоздың бас экономисі екен. Кейін араласа бастағанда Алматы жаққа ауысып кетіп еді, атын қазір ұмытып қалыппын.
Отырған жері жыр-думан, әзіл-күлкісі мол Әнекеңе біз таныстырған адамдардың бәрі де әрдайым риза болып, айналып-үйіріліп қала беретін.
Үшаралдың көшесіңде келе жатыр едік, алдымыздан 4-5 бейтаныс адам ұшыраса кетті. Сол топтың ортасындағы келбетті бір жігіт Әнекеңді көре сала тұра ұмтылып келіп, құшақтай алды. Бізде жұмыстары болмай, екеуара қауқылдасып, шүрқырай шүйіркелесіп кетті.
Сол кезде "Бескөл" совхозының директоры бастаған бір топ адамның үстінен (кілең бас және орта буын мамандардың) қылмысты іс қозғалып, облыстық соттың көшпелі мәжілісі өтіп жатыр еді. Көп күнге созылған, отыз-қырық адам жауапкер аталған сол көшпелі соттың төрағасы әлгі жігіт екен. Сол жауапқа тартылатындар ішінде менің де бір жақын ағам мен жамағайын жездем бар-тын. Директоры Төлеке Құдайбергенов дейтін, бізден жасы үлкен болса да, дос-жар көңілмен жақын тартып жүретін кісі еді. Жалақорлық па, жауапсыздық па, әйтеуір, аяқ асты пұшайман болып, сот алдында жауап беріп жүрген кездері болатын.
Жұртты бетіне қаратпай, аяздай қыса келген жаңағы төраға жігіт менің қасымдағы ақын азаматтың досы болып шыққандығы жайлы хабар ұзынқұлақтан әп-сәтте ауданға түгел жайылып үлгеріпті. Әлгі жамағайын жездем де, ағам да қолды-аяққа тұрмай жетті дейсің жеделдетіп. "Ойбай, Сәкен, құтқар мына пәледен! Мешкей деген ат жаман, сотталып кетпеспіз, бірақ "сотты боп жүр" деген қаңқудың өзі-ақ өлтіретін болды" — дейді екеуі екі жақтан мені қаумалап.
Қойшы, әйтеуір, қас қарая әлгі төрағаны қасындагы бір топ нөкерімен қоса үйге алып келдім. Әнағаң өзі басқарып, дастархан басы көңілді думанға айналды. Сәтін салғанда, біздің үй көшеден бұрыс, бейсуыт адам жүре қоймайтын тасалау тұйық жерде еді. Қонақтар үшін ол да жайлы болып шықты. Қысылып-қымтырылмай, еркін отыруларына бар жағдайды жасап бақтық. Ағам да, жездем де өздері көрінбей, басқа біреулер арқылы ішіп-жемге керігінің бәрін екі айтқызбай жеткізіп тұрды.
Ертесінде адам аяғы баспаған тау ішін аралап кеттік. Сол маңда оқшау тігілген киіз үйде кешегі думанды әрі қарай жалғастырдық.
"Жақсыдан — шарапат" деген ғой, Әнекең әңгіменің ұшығын өзі ұстап, өзі таратты. Сабақты ине сәтімен деп, сол іс ақыры орайына келе, оңды шешілді-ау деймін.
Сол уақиғаға қатысы бар адамдардың бәрі де кейін менен Әнуарбек Дүйсенбиевтің амандығын сұрап, сырттай неше қайта сәлем айтып жүрді.
1972 жылы Мәскеуде едім. Кезекті бір биттің қабығындай кітабым "Жазушы" баспасынан жарық көрмек болды да, редакция менгерушісі Қадыр Мырзалиев: "Тәжірибесі мол әрі өзіңе оң көзімен қарайтынын ескеріп, редакциялауды Әнуарға тапсырдым", — деген.
Әнекең аса сері адам. Редакцияда табан аумай отырып жұмыс істеуте жоқтау сияқтанды. Күнде барам, өзім "Алматы" мейманханасында жатырмын. Төзім де, тиын-тебен де таусылуға тақады. "Әнеке, не болды?" — деймін. "Бүгін-ертең бітірем", — дейді о кісі. Кейде мені кештетіп өз үйіне де ертіп кетеді.
Алғаш рет сол үйге барғаным да есімде. Әнекеңнің келіншегі Рәбиға да, тілеуіңді бергір, тәуір әйел еді ғой. Алдымызға дәу табақ ет қойды, бір шөлмек арақ та табылды. Мен Әнекеңе қараймын. Ол кісі дәмін алғандай ғана болып бірер ұрттап, тауысып ішпейді. Мен де сөйтем. Әлгі шөлмек орталанбаған күйі стол үстінде қала берді.
Шәйға дейін біршама уақыт бар. "Сен диванға қисая тұр", — деп, Әнекем қолыма әлдене журналды ұстатып бір кетті. "Сәкен, сен шөлдедің ғой деймін, су әкеліп берейін!" — деп бір кетті де, стаканды толтыра "су" алып келіп: "Қане, ішіп қой!" — деді. Ішіп те қойдым: арақ екен. "Қонақ қойдан жуас, май берсең де жей береді" деген емес пе, "мұныңыз не?" — деп сұрамадым.
Сөйтсем, бұл Әнекеңнің өз келіншегінің көзінше екеуіміздің де араққұмар емес екенімізді дәлелдегендегісі екен. Асүйге ме, басқа бір таса жерге ме, бір жартылықты бөлек тығып қойып, "шөлдедің ғой" деп маған жасап жүрген "қамқорлығы" екен.
Ақыры әлгі бір жапырақ кітабым да редакцияланып бітті-ау. Келісім шартқа қол қойылып, қаламақымның тиісті бөлігін алып мен кеттім. Әнекеңе де алғысымды жаудырып жүрмін. Не керек, кітап шыққаннан кейін бір-ақ білдім ғой, Әнекем бір сөзін де оқымаған, машинкадан қалай шықса, солай жібере салған. Әріп қатесі де бар. Бірақ мен аңғармаған болдым. Болары болып кеткен іске бола несіне дауласып жатам деп түйдім.
Осындай да жігіт еді біздің Әнекең.
Серілігі де, серкелігі де өз бойына жарасып тұрушы еді.
Қайтыс боларынан бір ай ма, жарым ай ма, бұрын газет-журналдар баспасы (қазіргі "Дәуір") маңынан ұшырасып қалып: "Қайда барасың?" — деп сұрады. "Жазушылар одағына", — дедім мен. "Ағаң машина алған, жүр, апарып тастайын!", — деп, "Жигули" ме, "Москвич" пе, мен бұларды айыра алмаймын, бір кішірек автокөлікке отырғызып, барар жеріме жеткізіп салды.
— Көке, мына машина сізге лайықты емес сияқты, — дедім мен. — Сіз кепкінің өзін елден ерек киесіз, машина да "алып тұлға" байсалды түр-тұлғаңызға жарасып тұру керек қой.
— Дұрыс айтасың, — деді Әнекең, Әнуар Әлімжанов досымнан (ол Жазушылар одағының бірінші хатшысы) мен де соны айтып, "Волга" сұрап жүрмін. Берем деген, бұйырса болып қалар...
Ұзамай жүректен қайтыс болды деп естідік қой. Тағдыр деген сол, Әне...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі