1991 жылдың жазы еді
Серік Толғанбаевқа
Төрткүлдеп ошақ қаздырып, төбел де бие сойдырып,
Қымызға бізді қандырып, қуырдақ-етке тойдырып,
Толғанбай батыр баласы иен-тегін үйге ие боп,
Етігін сыртқа лақтырып, телпегін төрге қойды іліп.
Сабырхан досым аршамен сарғыштау тісін шұқылап,
Бес қанат үйге сыймайды терлеп те тепшіп, бықынап.
Кеңкілдеп Құдыш күледі, елпілдеп бізге білдірмей
Шұбатқа қосып сап-салқын шампаннан біраз жұтып ап.
Босаға жақта түйеші Ермұрат жатқан етпеттеп,
Жылжи да жылжи жымиып жаныма менің жетті ептеп,
Сыбырлайды өзі сыңғырлап: “Кеше бір құлжа құлатқам,
Торғауыт — төстік пісіртем, асықпай жатып жеп кет!” — деп.
Ит жылғы менің жырымды (имене сөйлеп) жатқа айтып,
Ветврач Әбу күледі басқа бір сылтау таппай түк.
“Әңгіме көп қой, — дейді өзі,— ән салып әлде берсем бе,
Кезіккеніңді қарашы тұрған бір шақта бақ қайтып!”
“Айтып та айтпай не керек, болды ғой,— дейді,— қызық бұл”
Ішпей де жемей Әбекең өзінен өзі қызып тұр.
Мыжы-мыжы шыққан қартасын сапырып майлы қолымен:
“Ал, қане,— дейді,— төртеуміз жіберсек пе екен сызып бір?”
Қос-қостан бие байлатып, келеден түйе алдырып,
Арқын да жарқын күлкіміз жартасқа барып жаңғырып.
Төменде бұлақ сыбырлап, төбеңде жұлдыз жымыңдап,
Жатып ек, шіркін дүние-ай, аспанның астын ән қылып.
Белуардан кешіп шалғынды, жібітіп шықпен таңдайды,
Саумалдан басқа ішпейтін Сабырхан досым қандай-ды!
Ойжайлау деген ойпатта отыз күн көрген қызықты,
Отыз жыл бойы айтқанмен, Оразбектер де нанбайды.
“Жатамыз әлі қанша?” — деп болмайтын бізде күн санау,
Еркімізде еді шетінен жүгірте жұмсау, жұмсамау.
Отыз күн ойын-күлкімді қабақ шытпастан көтерген,
Толғанбай батыр ұрпағы, саған да кейде ұрсам-ау!.. —
болып шығар еді.
... Жылжып жыл өтер еді. Жаз шығып, тағы да шілде болғанда Сабырхан досым маған:
— Сәкен-ау, жаз да келіп қалды ғой, Алакөл жаққа қашан барамыз? — деп сұрайтын.
— Әй, досым-ай, осы сендердің де: “Біздің ауылға да барып қайтайықшы” — дейтін күндерің бола ма, жоқ па? — деп кейде мен де қасарыса қаламын.
— Өй-бу, Сәкен-ай, біз жақ қазір күйіп тұр ғой, мынадай ыстықта шыдамаймыз ғой! — дейтін ол.
— Оу, сендер жақта да күз бе, қыс па, — күн салқындайтын кездер болатын шығар,— деп мен тақымдай түсемін.
Сабырхан одан әрі қазбалап жатпай, үнсіз қала беретін.
* * *
Сөз ыңғайына қарай бір кезде Талдықорған облыстық партия комитетінде істегенімді бірер жерде айттым да ғой деймін, обкомның идеология жөніндегі хатшысы Камаш Тегінұлы Бегімов деген кісі болатын. Артық әңгімесі жоқ, сөзге сараң, жаратылысынан орнықты мінезі бір, көпті көрген зиялы азамат еді. Отан соғысында болған, әскери ұшқыш. Өзі барынша қарапайым, барып тұрған демократ. Жасы менен едәуір үлкен екендігіне, лауазымының жоғары екеніне қарамай, ұдайы ғана жақын тартып, қасына, ығына ала жүретін.
Кешке жақын, жұмыс аяғына таман:
— Сәкен, темекің бар ма? — деп телефон соғатыны болушы еді.
— Бар ғой,— деймін мен елең етіп.
— Ал да, мұнда кел! — деп бұйырады бастығым.
Екі айтқызбай мен де жетемін. Кейде екеуміз, кейде Ораз Құлмағамбетов қосылатын, обком хатшысының ат шаптырым кабинетін көк түтінге орап, әй да бір көлденеңгі қысыр әңгімеге кірісеміз. Ол кісіні қызмет үстінде: “Камаш Тегінович”— деп ресми атаймын да, әлгіндей оңаша қалған жағдайда көбіне-көп “Аға” дей беремін. Өзі де осы бір “аға” дегенді ұнататын ыңғай танытады.
— Аға,— деймін мен, кей-кейде еркінірек келіп,— осы мені қашанғы қасыңызда ұстай бересіз? Өсірмейсіз бе?
— Е, немене, қазіргі жұмысың ұнамай жүр ме? — деп сұрайды Камаш Тегінұлы.
— Өзіңіз де білесіз ғой, несін сұрайсыз. Ұнамай жүргені де рас,— деймін.
— Қызметіңді қол көрмей қомсынып жүргеніңді сезем,— дейді ол кісі енді сабырмен. — Бірақ шыдау керек, бір реті болып қалар.
— Оның реті болғанша мен де қартайып бітем ғой,— деймін мен де тақылдап.
Сонда... мұнда қызмет істей бастағаныма небәрі бір жыл болды ма, болмады ма, әйтеуір, көп уақыт өте қойған жоқ еді.
— Сен де қызықсың. Бәрі менің қолымда тұрғандай көресің. Бірінші хатшы бар, басқалар бар дегендей, ақылдаспай болмайды. Өзің де тыныш жүрмей, солардың кейбіріне көңіліне келетін сөз айтып та қалады екенсің. “Асықпа” дегенім де сол.
Кейінірек мен Алатыға ауысып кеттім де, бес-алты айдан кейін ол кісі де осылай қарай қоныс аударған. Алдымен министрлер кабинетінде бөлім басқарып, кейін біздің Баспа комитетіндегі Шериаздан Елеукенов ағамызға орынбасар болғаны да бар. Бір күні өзіміздің опера-балет театрының маңынан ойда-жоқта ұшырасып қалып, маған:
— Талдықорғанда жүргенде жалғыз Иманасов едің, мұнда келіп көп қырттың бірі болып кеткен жоқпысың? — деп қалжыңдағаны да бартұғын.
— Иә, солай, — дейтін едім мен де о кісімен келісе кетіп.
— Өзің ғой, шыдай тұрмай. Сен кеткеннен кейін саған лайық деп жүрген орындардың бірінен соң бірінің босағанын айтпаймысың, соның біріне барып қонжиятын едің,— дейді Камаш ағам. Сөйтеді де, орыста: “Все, что делается, делается к лучшему” деген сөз бар, бір есептен алды-артыңа қарайламай, кетіп-ақ қалғаның да дұрыс болды ма, кім біледі,— дегенді де қосып қояды.
Екеуара болған бір гәптің қисынына орай Сабырханға сол Камаш Тегінұлы жайында әңгіме айтқамын. “Аса бір аяулы, жақсы адам еді!” — деймін ғой баяғы.
— Әй, білмеймін,— деді Сабырхан кесіп алғандай кілт кетіп,— мен де танитын едім, сен айтқандай тым жақсы кісі сияқты емес болатын.
Менің не дерге білмей тосыла тіксініп қалғанымды аңғарып, ол әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
— Баяғыда Әсет Бейсеуов екеумізді Талдықорғанда өтетін қызылшашылардың республикалық семинар-кеңесіне шақырғаны бар еді. Ол кезде обкомды Бименде Сәдуақасов деген кісі басқаратын. Біз, Әсет екеуміз “Көксудың қызылшашы қыздары”, “Талдықорған қызылшашыларының гимні” деген әндер жазып, сол әндер кеңеске қабылдаушылар алдында орындалып, жан-жақтан жиналып келгендерге тегіс ұнаған. Қайтарда бізді сол Бименде Сәдуақасов өз кабинетінде қабылдап, бұйымтай сұраған. Қасында сол сен айтып отырған идеология жөніндегі хатшысы бар екен. Әсет болса “ешқандай бұйымтайымыз жоқ, шақыртқан соң келіп қалдық” деген соң, мен тұрып: өз ақшама бір автокөлік алсам деп едім, соған жәрдемдессеңіз дегенді айттым. Ол кезде кезексіз машина сатып алу екінің бірінің қолынан келе бермейтінін білесең ғой. Сәдуақасов сәл ойланып, “көрейік” дегендей кідіріп қалып еді, әлгі сен мақтап отырған Бегімовің: “Машина болмайды, егін орып жатқан озат механизаторлардың өздеріне де жеткізе алмай жатырмыз”,— деп сызданып-ақ қалғаны, қасарысып.
— Е-е, саған машина бергізбесе, жаман адам болады екен ғой,— деймін мен.
Сабырхан да сөзінен қайтпай өз пікірін дәлелдей берген.
Біз көбіне-көп жағдайда адамның кісілік келбетін, рухани бітім-болмысын өз басымызға жасаған жақсылығымен ғана, өзімізге тигізген әлдене пайдасымен ғана бағалап үйренгеміз ғой. Сабырхан да сол ізбен кетіңкіреп қалды-ау деймін. Әйтпесе, бір рет қана көрген, сырын біліп те болмаған адам турасында дәл осылай үзілді-кесілді үкім шығармас еді-ау деп те ойлай беремін осы күндері.
* * *
Соңғы сөз орнына. Бұл жолы мен Сабырханның шығармашылығына тоқталып жатпадым. Көзі тірісінде ондаған кітап шығарып үлгерген ақынның не жазып, не қойғанын қалың қазақ онсыз да жақсы білетін шығар деп ойладым. Ал жоғарыдағы оқиғалардың бәрін біз Сабырханның бар кезінің өзінде екеуара отырып та, былайғы жора-жолдас көзінше де талай рет қайталай әңгімелеп, үнемі күліп айтып жүретін едік. “Бес жас — бел құрдас”,— дейді ғой, біздің арамыздағы жас алшақтығы бес айға да жетпейтіндіктен, ұдайы ғана әзілдесіп, жоқ жерден тіктесе., тіресе кететініміз болып тұратын. Оның бәрін бізбен аралас-құралас болған ағайының біразы біледі. Ендігісін солар айтсын... Кемдігі болса, сонда толып та қалар деп түйген жайым бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі