(Құдаш Мұқашев туралы)
Құдаш есімін алғаш Әділбек Абайділдановтың аузынан естіген едім. Ол кезде (елуінші жылдар аяғы, Талдықорған облысының алғаш тарарының алды еді) Әділбек осы облыстың "Советтік Жетісу" аталатын газетінде әдебиет жағын басқаратын. Жасы Құдаш қарайлас бола тұра, газет басында отырғасын ба, әйтеуір, сол өңірде қалам тербеп жүрген біздердің бәрімізге хат жазып, қамқорлық жасап, үнемі жанашырлық көрсетіп жүретін. Бас-басымызға жиі-жиі хат жазып, арнайы шолулар ұйымдастырып, талаптылар талантын талқыға салып жатудан әсте бір жалықпайтын.
— Құдаш Мұқашев — мықты ақын, ойлы, отты! — деп еді бірде маған Әдекең әдеттегісінше жігерлене желпіне сөйлеп. — Ұлттық бояуы қанық тым жақсы өлеңдер жазып жүр.
Облыс көлемінде бәріміз көз тіккен жалғыз газет болғандықтан, оның үстіне, газет бетінде әдебиетке айырықша мән берілетіндіктен, қадағалай оқитынымыз да көбіне осы "Советтік Жетісу" болушы еді. О жылдары ел ішінде өлең-жырға, жалпы әдеби шығармаларға деген аса бір ыстық құмарлық, жаппай жылы ықылас байқалып тұрушы еді. Газет бетінде Қастек Баянбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Қанипа Бұғыбаева, Рамазан Тышқанбаевтардың өлеңдері, Сайын Мұратбеков, Ұзақбай Доспанбетов, тағы басқалардың әңгімелері жиі жарияланып тұратын да, бір-бірімізбен жүз көріспесек те, сырттай таныс-біліс болатынбыз. Ал Құдаш есіміне әзірше кезіге қойған жоқ едім.
Әділбектің аузынан мақтау естудің өзі ол кездегі біз үшін тіпті үлкен мәртебе. Сол күннен бастап газет бетінен Құдаш атын кезіктірген сайын қалт жібермей қарап оқитын болып алғам. Бапты, байсалды сөз саптауы, ойын шашыратпай, өлеңнің ерекше сымбат-сынын жинақы ұстайтын ұқыптылығы маған да ұнай бастаған. Сөйтіп жүріп ақынмен жүздесудің сәті 1960 жылдың басында, Алматыда түсті. Мен "Лениншіл жас" газетінің редакциясында қызмет істей бастаған кезім еді. Алты-жеті адам отыратын редакцияның ортақ бөлмесіне бір күні қара жағалы ұзын сәнді пальто киген аққұба өңді, көркем реңді жігіт еркіндеу басып кірді де:
— Сәкен, бері шығып кетші, — деп мені сыртқа шақырды. Тарлау дәлізде қол беріп амандасып: "Құдаш Мұқашевпын", — деп таныстырды өзін. Сөзі де, өзі де мығым жатыр. Жаңа танысып тұр екенмін-ау деп әлдекімдерше қысылып-қымтырылған жоқ. Өзім осында қызмет істей бастаған соң болар, осыдан біраз күн бұрын "Лениншіл жас" менің бір топ өлеңімді алғаш рет молдау етіп жариялап еді. Құдаш соны оқыған екен. Мақтады. Күлмей тұрып, көлгірсімей тұрып, жалғаны жоқ кейіпте келістіріп мақтады. Өлеңім жаман емес екенін өзімнің де ішім ептеп сезетін, енді міне алғаш рет танысып тұрған жасы менен гөрі кебелеу ақын жігіт мақтап тұр. Арқаланып, әжептәуір аруақтанып қалсам керек. Құдаш кербез күліп:
— Тұрсынзада да қазір жақсы жазып жүр, — дегені. Бұл сөз "сенен жақсырақ" дегендей естіліп, тіксініп қалғанымды байқап, сұңғыла жігіт ағасы арқамнан орай құшақтай, көшеге алып шығып кетті. Сол күні мені өз қасынан босатпады.
Кейін бір байқағаным, Құдаш әдеби ортаға өзі қатарлас келген көбіміздің өлеңдерімізді осылай іздеп оқып, жақсысын асырып, жаманын және жасырмай, көзіне айтып, көркейтіп, көтере жүруді ұнатады екен. Оның аузынан бұдан кейін Жұмекен өлеңдері жайлы сүйіп, сүйсініп айтқан сөздерін естіп, әр уәжіне ден қоя түскендей болып едім.
Сол күннен басталған туыстыққа бергісіз достығымыз тату-тәтті сыйластық, сырластыққа айналып жүре берді де, 1971 жылдың жазыңда ол кезде Талдықорғанда тұратын маған Кәкімжан Қазыбаев ағамыз (қазір о кісі де жоқ) телефон соғып, Құдаш қазасын естірткен күнге дейін бір суыған емес еді. Ә дегеннен-ақ шүйіркелесіп, жұртпен бірден жанаса кетуге өте енжар да сараң басатын мен үшін Құдаштың кісі жатырқамайтын ашық мінезі, үлкен-кішіге деген бірдей жұғымдылығы қатты ұнайтын. Осы мінезімен ол екеуіміздің арамыздағы бес-алты жасты да ескермей, кісілігі, кемел кеңдігімен баурап, бауырына тартып, бүкпесіз ашық сырласып, құрдас, құрбылардай жақын бола түскенбіз. Әу баста аса кербез, әсіре кірпияз да көрініп қалғанымен, ашық көңілі, адал ақжарма пейілі оның бәрін жуып-шайып, жарастырып жіберетін. Осы мінезімен ағалары Әбу, Хамиттерге де, інілері Сабырхан, Қастек, Уақаптарға да бірдей ұнап, іштей бір үндес үйлесім тауып, бәрімен біте қайнасып кеткеніне куәгерміз өзіміз.
Құдаш өз өмірінің денін көбіне-көп ауылда өткізді де, ұдайы дерлік бізді өзі іздеп тауып жүретін. Талдықорған облыс болып қайта құрылғаннан бастап мен үш-төрт жыл сонда тұрдым да, әрі-бері өткенде Құдаш маған бір рет соқпай кеткен емес. Алпысыншы жылдардың соңына қарай өндірте жазуға кіріскен Құдаш, ауылда кейде өлең тыңдар құлақтың өзіне зәру бола ма, әйтеуір, біздің үйге келуді жиілете бастады. Шағын-шағын үш бөлменің бірінің төріне көрпе төсетіп тастап қатарласа етпеттей жатамыз да, екеуара ұзақ әңгімелесеміз. Оның жаңа жазған, жазып жүрген өлең-жырларын тыңдаймыз. Кейде аспанға қарап жатып, әрнәрсені өлеңге қосып, ұшқырлық, ұтқырлық тұрғысынан айтысып, өнер жарыстырып та қоятын едік. "Ал мықты болсаң, мына босағаны өлеңге қосшы!" — дейді Құдаш. Мен ойланып болғанша, бірер шумақты табан астында жеделдете өзі айтып жібереді. Онысы көбіне ұтымды шығып жатады. Мақтасаң мәз болып, сынасаң, томсарып та қалады. Сол бір ауыз, екі ауыз экспромттардың өзінен Құдаш кейінірек бас-аяғы бүтін тәп-тәуір көркем дүниелер туғызғанын да байқадым. Мына бір "Босаға" деген өлең сондай бір екеуара ұшқырлық салыстыру үстінде туып еді.
Берешекпіз босағаға бар адам,
Барлық жолдар босағадан тараған, —
деп бастап:
Ап-айқын-ақ қартаяры өз басым,
Иә, мейлі, тек босағам тозбасын.
Жылап кіріп, күліп шықсам ризамын,
Тағдыр маған жылап шығуды жазбасын, —
деп тамамдайды. Көрдіңіз бе, екеуара сөз қағысудан, жай ғана ой өрбітуден кейде осындай орнықты да әдемі жырлар да туып қалатын еді.
Үсті-басы үнемі жинақы, сырбаз, қашанда кербез киінетін Құдаш шығармаларын да әлденеше рет өндеп, жөндеп, үстей жетілдіріп, шымырлай, жұмырлай жүруден бір талмайтын. Онысын мен де білем. Бірде редакцияда отыр едім (кейін "Жерұйық" аталған Талдықорған облыстық газеті), Құдаш келді.
— Қарап көрші, — деп алдыма бір бума қолжазбасын қойды. Құдаш шығып кеткен соң, мен ол өлеңдерін оқып жатпай-ақ, сол күйі түгел теруге жіберттім. Түстен кейін кездесуде ол:
— Қалай екен, оқыдың ба? — деп сұрады менің пікірімді білгісі келген сыңаймен сөз тартып.
— Оқып отырам ба бәрін, ертең газеттен оқимыз, — дедім мен.
Ол бетіме таңырқай қарады.
— Құдаш-ау, сен газетке жаман өлең ұсынатындай жаңа жазып жүрген жоқсың ғой, — дей салдым мен. Ол қарқылдап үзақ күлді...
Кейін, өзге жолдастарымен әңгіме үстінде де, осы оқиғаны айтып: "Қызық, ей, бұл. "Оқыдың ба?" десем, маған айтқаны мынау", — деп, бірнеше рет еске түсіріп, қайталай күліп жүретін еді.
Өзі араласқан ортаның әйел, еркегіне бірдей сүйкімді, тірісінде сол сүйкімін жоғалтпай, әлсіретпей кеткен Құдашты көрінгенге жалпақ шешей болған екен ғой, әркімнің жетегінде жүре берген екен-ау деп ойлауға да әсте болмайды. Әрдайым өз қадірін өзі біліп, салмағын мөлшерлеп, кісілік бағасын сезіне жүретін Құдаш жалтаңдыққа, жарамсақ, жасанды, жымысқы қылыққа жолап көрген емес. Сол алпысыншы жылдардың аяғында ол алыстағы "Құрақсу" совхозында парторг болып істеп жүрді. Мәнсап қумаған, көбіне қызыл отау меңгеруші сияқты бір басына жетерлік қана кішігірім қызмет атқарған Құдаш, тіпті де дәреже іздеп, жұмыс таңдамайтын. Көп жыл Ақсу ауданын басқарған Тұрсын Махметов деген үлкен азамат өткен. Сол бірде ақынды шақырып: «Аудаңдық газет редакторының орынбасары болсаң қайтеді?" — деп қолқа салады. Редактор — Тұрсынзада Есімжанов. Құдаш: "Тұрсеке-ай, осы елдің білдей екі бірдей ақынын тылақтай ғана газетке теліп беріп қайтесіз"— дейді ғой. Ашуланарын да, ашуланбасын да білмей дағдарып қалған Тұрсын Махметов марқұм: "Онда өзің біл",— дегенде, Құдаш әлгі парторгтық қызметті өтінгендей өзі қалап алыпты.
Облыс түгіл, аудан орталығының өзінен әлдеқайда жырақ жатқан елді мекен — құм арасындағы оқшау тірлік бес-алты жылдан соң жалықтырды ма, кім білсін, ол бірде маған өзінің қалаға қарай жылжығысы келетінін айтты. Облыстық газет редакциясында бір бөлім меңгеруішлігінің орны бар еді, өзім өмірі бастық болмағаныммен, басшыларым сөзіме құлақ асатын сияқтанатын. Құдашты ертіп, редакторға кірдім. Таныстырдым. Біледі екен. Сыртынан. Қолқасын өзі айтып, оны мен қостап, көпшік қоя көтере мақтадым. Мынау деген бір азамат құрлы қызмет жасай алады деп, өзімше соған дәлел де келтіріп жатырмын-ау деймін, редактор қарсы болмай, бірер күн ішінде істі сәтімен шешу жағына ойысқан сыңай танытып, бізді шығарып салды.
Шәй үстінде Құдекең: "Әй, қой, сол жақта-ақ жүре берейін, не Алматының өзіне ауыз салып көрермін",— деді бастапқы райынан тез айнып.
— Оу, көке, аяқ асты не боп қалды? Мені де бекер арамтер етіп, — деп жатырмын ренжігендей болып.
— Әлгің (редакторды айтқаны) аяғының басына қарап сөйлейді екен, ондай адамдарды ұнатқан емеспін, арамыз жараса қоймас, оны да, өзімді де әурелеп қайтем, — деді ақын.
Мен басында таңырқап күлсем де, кейін ақынның ішкі әлемін оймен саралай келе, қай ортада болсын теңдікке көнсе де, кемдікке көнгісі келмейтін тәкаппар талғамға мойынсұнғандай болып, үнсіз келістім онымен. "Қадірімді білсе — жақсы, білмесе — әлдекімге күнімді түсіріп, кіріптар болып қайте қоям сол" деген ой аңғардым. Редактор да (бүгін арада жоқ адамдардың аттарын атап жатуды артық санадым) Құдаш сырын айтқызбай аңғарса керек "Қайда жүр, неге келмеді?" деп қазбалаған жоқ, жабулы қазан жабулы күйі солай қала берген.
Жетпісінші жылдар басында Құдаш бала-шағасын алып Алматыға біржола қоныс аударды. Астананың әр бұрышынан пәтер жалдап көшіп жүру тауқыметі жігіт ағасы жасқа жеткен оған да ауыр тиді. Мен оның бұл кезде қаншалық қиындық көріп, қиналған жайын тап басып айта алмаймын. Өйткені Құдаш өз басының ауыртпалығын айтып, жақынының өзіне мұң шағып жатуды артық санайтын. Әрдайым ат үстінде жүргендей еркін басқан еңселі кейіпте болатын да, дос көңіліне де қаяу түсірмеуге барынша тырысатын.
Сондай күндердің бірінде мен кештетіп Алматыға келдім де, Қастек екеуміз Құдашты іздедік. "Ақдариға" деп аталатын шағын жыр кітабымды жазып бітіріп едім, сол жайлы Құдаш пікірін білсем бе деген де ниет бар. Жалдамалы пәтерін түннің бір уағында таксилетіп, таксисті жылата жүріп әрең таптық. Екі кісі айнала алмайтын тар бөлмеде бала-шағасымен жатыр екен, үйіне сыймайтьш болған соң, қояр да қоймай ағамызды киіндіріп алып, көше кезіп кеттік...
... Со жолы ол өзінің 49 мың жолдай өлең жазғанын айтып еді. Қазір ойлаймын: Құдаш қайтыс болғаннан бергі жерде де отыз жылдай уақыт болған екен-ау, ал бірақ артында қалған сол мол мұрасын тұтас күйінде туған халқына әлі күнге ұсына алмаппыз. Құдаш өлген жылы туған ақындар да бірнеше кітап шығарып үлгерді. Құрдастары тіпті шырқап кете барды. Егер тірі жүрсе, ол әлгі мен айтқан жайдары жайсаң мәрттігі, тума таланты арқасында айналаға түгел ұнап, осы күнге дейін үш жылда бір кітаптан дегеннің өзінде, қанша дүние беріп тастар еді. Кітап болғанда, анау-мынау, "мен болдым-ақ!" деп жүрген бір ақын дәрежесінде нағыз бармақ жалап оқырлық құнды дүниелер берер еді. Ол — күмәнсіз. Амал не, беделді іздеушісі болмаса, көзі жоқ көп талант осылай елеусіз күйде қағаберіс қала беретіні бар...
1971 жылдың мамыр айында Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына келген мен "Горный Гигант" жақта пәтер жалдап тұратын Құдашты тағы іздеп бардым. Әйелінің айтуынша, ол үйде болмай шықты да, тек сол күннің кешінде "Алматы" қонақүйіндегі маған өзі соғып, екеуара ұзақ әңгімелескен едік. Мен оған өзімнің "Айтыс" аталатын лирикалық поэмамды оқып бердім, ол бірнеше пьеса жазғанын, соның "Дала дастаны" аталатын біреуі Қазақтың академиялық театрында дайындалып бітіп қалғанын айтты.
Қоштасарда Құдаш:
— Бұйырса, шілде, тамыздың бірінде театрмен Ақсу жағына гастрольге шықпақпыз. Сен құлақ түріп дайын отыр, ауылды бірге аралап қайтамыз, — деп еді. Мен бұл жолы да онымен бірден келіскем. Бірақ бұл біздің соңғы кездесуіміз екенін ол күні екеуміз де білмеген едік...
Қатпары мол қазақ әдебиетінде, тіпті оның поэзия аталатын арналы саласында Құдаш Мұқашев қандай орын алатынын мен білмеймін. Білетінім — Құдаш сирек ұшырасатын лирикалық та, эпикалық та мол қуаты бар үлкен дарын иесі екендігі. Сол дарын негізінде дәл де нақты, қарапайым да ұғынықты сөздермен жан дүниеңе тұтас бойлай жайылар сезімтал жырлар туғыза білгендігі.
Көбіміз әлі де болса байыбына терең бойлап мән бермей жүрген бір жағдай бар. Қазір арамызда жоқ, бірақ көзі тірісінде қатарындағының бірі емес, бірегейі ретінде қыруар нәрсе тындырған қаламгерлер жайлы біле бермейміз. Оған көбіне әлгі адамдардың насихатының аздығы да әсер ететін болуы керек. "Соңғы отыз жыл көлемінде арамыздан өткен ақындардан кімдерді білесің?" — деп кез келген адамнан сұрасаңыз, Мұқағали Мақатаевтан басқа бір ақын есімін атай қоюы неғайбыл. Бәлкім, ілуде біреуі Төлеген Айбергеновтің, одан да шағын біреулері Жұмекен Нәжмеденовтің атын атап қалуы мүмкін. Ал Ізтай Мәмбетов, Төлеужан Исмайылов, Қосжан Мүсірепов, Әділбек Абайділданов, Жүсіп Қыдыров, Әнуарбек Дүйсенбиев, Құдаш Мұқашев, тағы басқа бірқатар тума таланттар есімі елеусіз қалып жатады. Осы ақындардың шығармалары бүгінгі оқырманға шын мәнінде қажетсіз бе? Оқылмай ма? Ешкімнің оларды оқығысы, оқығанын көңіліне тоқығысы келмей ме?
Құдаш Мұқашев секілді сирек талант иесінің осынау жалған дүниемен қоштасқанына да отыз жылға таял қалыпты. Кітабы шықпаса, газет-журналдар оқта-текте болса да бір оралып соғып, еске алып отырмаса, насихаты жоқ болса, бүгінгі жиырма жастағылар оны қайдан біле қойсын. Жақсылықты танымауға келгенде алдымызға жан салмайтын-ақ елміз. Тек белгілі бір датаға, мерейлі, мерекелі той үстінде ғана жоқтап еске алатын болып барамыз. Онда да сол жақсының жанашыр, қамқоршылары, қолында билігі бар жұрағат-жұрты болған жағдайда ғана. Әйтпесе, ол да бұйырмайды. Мұндайда кімге өкпелеп, кімге ренжіріңді де білмейсің. Осы істердің басы-қасында болатын, ұйымдастырушысы, ұйытқысы болуға тиіс Жазушылар одағы еді, ол да бүгін күнкөріс қамымен салт-дәстүрден ада безіп, сарт саудаға көбірек ден қойып барады. Өйтпеске лажы да қалмаған.
Құдаш Мұқашевтың артында мол әдеби мұрамен бірге үш-төрт ұл-қыз қалып еді. Солардың ішінде ақынның тұңғышы Жүрек Мұқашев қазір әке мұрасын жиып-теру, жарыққа шығару, мерейтойын өткізу жолында жар құлағы жастыққа тимей жүгірумен жүр. Тындырған, тындырып жатқан шаруалары да аз емес. "Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінуге жарар ол", — деп Абай айтқандай, артында сойылыңды соғар осындай ұл қалғанына да шүкіршілік етесің кейде.
Кеше бір кезіккенде Мұхтар Мағауин: "Апыр-ай, бір кезде бізге егде көрінетін Құдаш қырыққа да жетпей дүние салған екен-ау!" — деп еді өкіне. Иә, ол қырыққа да жете алмай, берерінің бәрін беріп үлгере алмай кетті. Әдебиетке енді-енді дендей араласып, қауырт бір қимылға кірісе берген тұсы еді. Маған сол соңғы жолыққанда өзі де: "Балаларға арнап бір радиопьеса жаздым. "Жетісу патшалығында" аталатын деректі сценарий бітірдім. Шекспирдің "Король Лирін" аударып тастадым", — деп еді. Бұл бас-аяғы екі-үш ай ішінде атқарған жұмысына есеп бергені сияқты болған.
Кей-кейде қимылдасам күрт асыға,
Бекерге мін тақпасын жұрт осыма,
Аса алмай әкем байғұс құлап түскен
Қырықтың қарай берем қырқасына, —
депті өзі де бір өлеңінде.
Сол қырықтың қырқасынан аса алмаған күйі Құдаш та қыршын кете берген болатын.
Үлгеру керек бәрін де,
Көп әлі мақсат-жоспарым.
Егілер ертең төрімде
Мені де жоқтап достарым, —
деген ол тағы бір жырында. Егілдік, еңіредік, амал не! Ендігі бір міндет — артында елейтін, ескеретін елінің барлығы, мол-мол шығарма, жоқтаушысы болып жүрген Жүректей ұлының барлығы. Біз де соны көңілге тоқ санап, ақын рухын алдағы ұрпаққа да жебеу, демеу бола жүреді деген сеніммен Құдаш жайлы қысқа сөзімізді әзірше тамамдай тұрғымыз келеді.
1992 ж.
Автордан: Бұл еңбегімді мен Құдаш Мұқашевтың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында жаздым. Үлкен газеттердің біріне ұсынып едім, өздерін аса білгіш, асқан ақылды санайтын редакция қызметкерлерінің бірі әр жерінен жұлып-жұлып сүмірейтіп, ақыры соның үштен бірін жария еткен. Бұл жолы толық нұсқасына қол тигізбей, сол алғашқы жазылған қалпында ұсынып отырмын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі