Өлең, жыр, ақындар

Нұрғиса

Орда бұзар отыздағы кезім еді. Талдықорған облыстық газетінің редакциясында қызмет істеп жүргемін. Редакция кеңсесі бұрын тұрғын үйге арналып салынған, бізден кейін Ілияс Жансүгіровтің мұражайына мекен болған, ағаштан қиып салынған бір қабат шағын үйге орналасқан еді. Соның қуықтай бір бөлмесінде төрт-бес жігіт отыратынбыз. Сол жақтағы төрге қарай бір қырын қиғаш қойылған қоржын бас стол менің иелігімде еді, әлде соған қарап пайымдағаны ма, болмаса, әлдекім алдын-ала жөн сілтеп жіберді ме, әйтеуір, сырттан дауыстай сөйлеп кірген Нұрғиса Тілендиев ағам екпіндей басып жаныма таяп келді де:

— Әй, Сәкен, аманбысың? Қане, тұр, кеттік! Бастықтарыңның бәріне айтылған, біледі, — деп алды да, содан кейін ғана "үй сыртында адам бары" есіне түскендей, бөлмедегі басқа жігіттерге қарап: — Бәрің де амансыңдар ма? — деп барып, қол беріп амандасудың мезіретін жасаған.

Біреулер орнынан көтеріле бере, енді бірі еңкейіп, бірі шалқайған қалпы ауыздары аңқайып қалған облыстық газеттің "мен болдым-ақ" деп жүрген ығай мен сығай журналистерінің бір де біреуі бұл жолы жақ ашып ләм дей қоймады.

Біз жүре сөйлесіп, сыртқа беттедік.

Бұл 1968 жылдың жазы болатын.

"Талдықорғанға Нұрғиса келіпті, Алдабергенов жайында /сондай бір атақты колхоз бастығы болған/ опера жазады екен" дегенді еміс-еміс естігенбіз, бірақ өзімізге қатысы болмағасын, аса бір елеңдесіп, өзеурей қойған жоқ едік. "Келсе, келген шығар, жазса, жазар" дегенбіз де қойғанбыз.

Енді, міне, сол әйгілі композитор, тектілігімен де, тентектігімен де аты шығандап алые кеткен ағамыз біздің редакцияға, онда да, өзге емес, мені, Сәкен Иманасовтың өзін іздеп келіп тұрса, келгенде де, жай келмей, нақ бір қырық жыл қатар келе жатқан танысындай көріп, әй-шәйға қаратпай, соңынан ертіп ала жөнелсе, оған таңырқамай қайтерсің... Жігіттердің бірден ес жия алмай қалғандары да содан болса керек.

Нұрекеңнің қасында тағы да біреулер бар сияқты еді, есіл-дертім өзінде ғана болып жүріл, анық түстей алмаппын, бүгіндері есімде жоқ, мүлдем ұмытып қалыппын.

Есік алдында көнетоз көк "ГАЗ-69" автокөлігі күтіп тұр екен. Соған сығылыса отырып алып, маған әлі беймәлім бір жаққа қарай дөң асып, домалай жөнелдік.

"Қайда бара жатырмыз, мен Нұрағаңа не үшін қажет бола қалды екем, жұмыстағылар не деп жатыр?" — деген ой жылт етіп бой көтергенімен: "Ә, мейлі, кім көрінген емес, Нұргиса Тілендиевтің өзіне еріп келем ғойдан" соң қайта бұға қалған. Енді ықылас-ойдың бәрі осы бір беймәлім сағар мен қасымда отырған мен үшін әзірге жұмбақ адамға қарай ойысты. Бұ кісінің атын естігенім болмаса, өзін көріп тұрғаным осы. Осыдан аз бұрын біздің Алакөл өңірінде шығармашылық сапармен болып қайтқанын білуші ем. Ол бір сапары жайлы сол кезгі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі марқұм Ғалымбек Омарханов ағам жырдай етіп әңгімелеп берген. Ғалекең өзі де ақын болып жаралған адам еді, содан ба, Нұрекеңнің қылығын бір жағы қызықтай қыздыра айтып, енді бір мінезін ішіне сыйғыза алмай бір күліп, бір күйініп, атақты сазгердің ауылды жердің үйреншікті қалыбына үйлесе қоймайтын арсы-гүрсі әрқилы әрекетін де майын тамыза отырып көп сөз еткен. Енді болса, міне, сол аңыз адаммен иықтіресе қатар келе жатырмын.

— Нұрмолда Алдабергеновті білесің ғой, Сәкен, — деп сөзге тартты композитор жолшыбай, — сол кісі жайында келістіріп бір опера жазбақпын, соның либреттосын жазу саған жүктеліп отыр, — деп бір қойды, машинаның алдыңғы орындығынан еңсеріле бұрылып маған қараған Нұрекең. — Қазір Мұқырыға барамыз. Онда екі киіз үй тігулі тұр. Обком хатшысы Сәдуақасов өзі тіктірді. Бимендені білетін шығарсың? Қазір Ақсудың пионерлер үйінен пианино жеткізеді. Сосын жұмысқа кірісеміз, Құдай бұйыртса.

Мұқырыны бетке алып тартып келеміз.

Мен әлі ес жиып үлгере алар емеспін.

Әй-шәй жоқ алдына салып айдай жөнелген ағама таңырқап қарай да беремін. Атағы жер жаратын әйгілі адамның мені өзіне тең көріп сөйлескеніне, сөйлескені ғана емес, кей тұста ақылдасып отырғандай әсер қалдыра сырласқанына таңырқап қоям.

Мұқыры селосы Талдықорғаннан онша қашық емес еді, әне-міне дегенше аңыратып отырып жетіп те келдік. Ауыл сыртын ала тігілген екі киіз үйдің біріне бас сұға бере, мен тағы да аузымды ашып аңырып тұрып қалыппын.

— Ал Сәкен, төрлет, мынау Дариға деген жеңгең болады, — деген Нұрекең сөзі ұйқыдан оятып жібергендей болды. Мен бала кезімде "Мың бір түнді" көп оқып едім. Ауылдағы үлкен кісілер күн бата мені шақыртып, түннің бір уағына дейін сол кітапты оқытатын да отыратын. Сонда "қараңғы түнді лезде жарық қып жіберетін" ай десе — аузы, күн десе — көзі бар, нұрдан ба, һұрдан ба жаралғаны белгісіз хор қыздары кезіге беруші еді. Әлгінде киіз үйге кіре бере аңырып қалғаным — аддымда сол ертегіден оқып елестетіп жүрген ай мен күндей аппақ ару тұр еді. Қас-қағым сәт есеңгіреп қалуым да содан болса керек, ағам да сұңғыла кісі емес пе, соны тез аңғарып, енді менің есімді жидырмаққа жасаған айласы екен...

Маған оның шалт қимылы, мінезі, іс-әрекетінің бәрі таң.

Үйге кіре:

— Ал қысылмай шешініп таста. Бабаларымыз киіз үйде жалаңаш отыруды ұнатқан ғой, — деп алды да, ағамыз тізесінен келетін қара лыпасынан басқа киімінің бәрін сыпырды да тастады. Мен икеміне көнбей, көйлек-дамбалшаң күйде отырып қала бердім.

Күн еңкейе сыртқа шықтық. Нұрағаң сол тізеден келетін қара лыпасымен жүр. "Киінбейсіз бе?" — деп сұраймын. "Е, мені кім біліп, кім сынап жатыр дейсің", — деп күледі. Қасымыздан велосипед мінген бір топ қарадомалақ бала өтті. Ағызып бара жатқан бойы кір-қожалақ қолдарын шекелеріне апарып: "Привет, Нұрғиса!" — дейді жамыраса дауыстап. "Бәрі менің достарым, жүгермектер!" — дейді мәз болып Нұрағаң.

Жаңа ғана: "Мені кім біліп жатыр", — деп еді, енді ауылдың барлық тентек балаларын өзіне дос тұтып тұрғаны мынау.

Мен күлдім де қойдым.

Анадай жерден салт атпен бір адам өтіп бара жатып, Нұрекеңе бас изей, амандасу ишаратын жасағандай болды. "Әй, мынау әлгі... кім еді, колхоз бастығы Бәленшеев емес пе?" — деді сазгер.

Мен танымайтынымды айттым.

Нұрекең дауыстап тоқтатып, әлгіні өз қасына шақырып алды да:

— Осы сен басқармасың ғой, солай ма? — деп сұрады.

— Иә, — деді ат үстіндегі адам.

— Маған мына жағы Алматы, мына жағы Талдықорғаннан кісі үзілмей келіп жатады. Соларға сен жіберген қымыз жетпей қалып жүр.

— Қанша литрден жібертейін күніне, Нұраға? — деп сұрады басқарма төрағасы.

— Әй, сен қызық адам екенсің. О заман да бұ заман қазақ қымызды литрлеп өлшеуші ме еді, әкеле бермейсің бе, сабалап па, местеп пе, — деді менің ағам.

— Жақсы, жақсы, — деп басқарма атын тебініп жүріп кетті. Біз үйге оралғанда қомақты пластмасса канистрасын көтерген бір кісі есіктен еңкейе кіріп:

— Бастық сіздерге қымыз жіберіп еді, — деді.

— Ә, міне, сыннан қорытынды шығару деп осыны айтады, әлгі біз айтқан сабаның алды келе бастады, — деп мәз бола күлді Нұрекең.

— Бү қымызды қайтеміз, алдыра беріп? Бекер ашып кетеді ғой, — деді сұлу жеңешем.

— Ашыса, аши берсін, "жоғынан бары жақсы" деп әндетпеуші ме еді! Бәрінің де мол болғанына не жетсін! — деп қойды ағамыз.

— Сен екеуміз ең алдымен бір ән жазайық, — деді Нұрекең.

— Әуені дайын. Менің жоғалтып алған бір қарындасым болып еді, соны сағынудан туған ән. "Рыбасы" мынау, осының мәтінін жазуға тез кіріс.

"Сағындым, сағындым, сағындым сені-ай!" — деп келетін әуенді бірер күн ыңылдап, түк шығара алмадым. Не бабым жетпеді, не байыз тауып отыруға мұрша болмады, әйтеуір, оңайлықпен ән сөзі ойға оралып, қағазға түсе қоймады.

Таңертең мені қасына отырғызып алып (кейде жеңгеміз Дариғаны да қосып алады), ағам әлдебір беймәлім ауылға қарай тартады да кетеді. "Әй, мынау кімнің үйі?" — деп сұрайды әлгі ауылдың кіре берісіндегі ең тәуір деген үйлердің бірін нұсқап. "Парторгтың үйі," — дейді өтіп-кетіп жатқан тұрғындардың бірі. "Ә, бопты, түсеміз. Парторг та өз ағам ғой," — дейді Нұрекең. "Танитын ба едіңіз?" — деймін мен, "Жо-ға", — дейді Нұрекең. "Өз ағам ғой" дейсіз, бәлкім, сізден жасы кіші шығар, кім біліпті" — деп күдік айтқан болам мен. "Е, кіші болса, кіші шығар, түк етпейді, жүр, кеттік", — дейді ол.

"Парторг қайда?" — дейді аулада кезіккен әйелден. — "Жұмыста". "Сен кім боласың?" — "Со кісінің жамағаты боламыз. Сіз Нұрғиса аға емессіз бе?" — деп сұрайды әлгі әйел. — "Дәл таптың, өз келінім болып шықтың ғой, ал барыңды дастарқанға қоя бер, шақырт әлгі парторгты!" — деп бұйырады ағам.

Сол күні әлгі үйде айрықша бір әсерлі думан өтеді. Үйге кеш түспей қайту жоқ. Қайдағы өлең, қайдағы ән! Ағам бірер рет пысықтап сұраған болды да, "Әй, осыдан түк шықпас!" — деп түңілді ме, келе-келе "мәтін қайда?" демейтін болды. Мен де салақси бергемін.

Нұрағаң өз-өзінен сөйлеп кеткенде, шыны қайсы, өтірігі қайсы екенін білмей, дағдарып қала беретін болдым.

— Мен деген, Сәкен-ау, боксшы да болдым ғой, — деп оқыс бір әңгімені бастайды. — Жұдырығым мығым, егер де бар ғой, тоқтамай жаттыға бергенімде, сөз жоқ, чемпион болып шығар ем.

Мен сеніңкіремей, сәл жымидым ғой деймін:

— Әй, сен күлме! — дейді Нұрекең. — Күлетін түгі жоқ. Ахмет Жұбанов мәселені бүйірден қойды ғой: "Қарағым, не біржола домбырамен бол, не бокс ойна, — деді. — Екі кеме құйрығын ұстауға болмайтыны өз алдына, музыкаға жаралған қолды төбелеспен бүлдіруге болмайды!"

— Алматы консерваториясында оқып жүрген кезім еді, — деп тағы бір мен күтпеген оқыс ұзақ әңгімені бастап кете береді ағам. — Ахмет көкем, Жұбановты айтамын, мені бір күні жетелеп отырып, сол кезгі үкімет басшысының алдынан бір-ақ шығарды. "Мен айтып жүрген Нұрғиса деген бала осы еді, — деді мені үлкен кісімен таныстырып, — Мәскеу консерваториясына жібертпесе, болмай тұр. Аса үздік музыкант".

Сонымен, не керек, үкіметтің арнаулы стипендиясы тағайындалып, Мәскеу қайдасың деп тартып бір кетейін.

Рулас інім Ыдырыс Ноғайбаев та сонда, ВГИК-те (Бүкілодақтық мемлекеттік кино институты) оқитын. Ол да стипендиат. Бірақ әлгі үкімет ақшасы біз ойлағандай тез келе қоймай, көп-көп ай бойына қатықсыз қара су мен қатқан қара нанға қарап қала бергеміз. Хат та жазамын, өткеннен де, кеткеннен де сәлем айтамын, бірақ, амал қанша, ақша жоқ. "Қой, орыс жерінде аштан өліп қалмай тұрғанда елімді табайын" дей берген күндердің бірінде, Құдайым иіп, көптен күткен ақша да жетті-ау! Поштаға Ыдырыс екеуміз бардық. Пәлен айдың ақшасы (ол кезгі ақша пілдің құлағындай жалпақ болушы еді) тұп-тура бір қап болды. Бөліп арқалап жатаққа қайттық.

— Аға, — деді Ыдырыс, — бұл ақшаны бекер ысырап қылмай, автомашина сатып алайық. Сол машинамен вокзалдан кісі тасысақ та өлмес күнімізді көріп, оқуымызды аяқтап шығармыз.

Ұрыста тұрыс бола ма. Екеулеп жүріп "Победа" машинасын сатып алдық. Оны Ыдырыс айдайды. Оқта-текте мені де қасына алып, жүргізуді үйретіп қояды. Содан ғой, қазір кез-келген машинаңызды шыркөбелек айналдырып, айдап кете беретінім.

Нұрекең осылай деп бір тоқтайды. Мен, әйтеуір, аузымды ашып тыңдай берем. Тегін тыңдаушы табылғанына ол кісі де разы болу керек, "жалыққан жоқсың ба" деп сұрамайды да. Әңгімесін кез-келген жерден үзіп, бас-аяғы жоқ басқа бір хикаяны бастап ала жөнелгенін өзі де аңдамай қалады.

— Жүр, Қанабектерге сәлем беріп шығайық, — деді аяқ астынан Нұрекең:

Ұға қоймай, оған аңырая қарасам керек, Нұрекең:

— Қанабек Байсейітовты айтам, анау айналымда үй тіккізіп, демалып жатыр. Көп отырмаймыз. Кеттік, — деді.

Мен әйтеуір соңынан ергенге мәзбін. Атағына тым ерте қанық болғаныммен, Қанекенді жақыннан көру бұйырмай жүр еді. Оның да сәті түсейін деп тұрғанына өзім іштей қуанулымын. "Апыр-ай, осыны әкем көрмей кетті-ау!" — деп өкінем іштей.

Өйткені осыдан көп-көп жылдар бұрын соғыстан кейінгі дәуірде менің әкем Құсайын Иманасұлы аяқ асты істі болып, басына қара бұлт үйірілер тұста, паналап Күләш Байсейітованы іздепті. Осының алдында Талдықорған қаласы маңында облыстық ауылшаруашылық жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылады да, әрбір колхоз, совхоз өз алдына үй тігіп, жақсысы болса, жарқыратып көрсетіп жатады. Әкем колхозда төрағаның орынбасары екен де, бастықтың орнына бар шаруаға өзі ие болып, ел-жұртын басқарып барса керек. "Тіккен үйіміз тамаша еді, — дейтін әкем сол оқиға сөз бола қалса, — барынша жиһаз-жасауымен сәндеп тігілген алты қанат ақбоз үй әнші көзіне бірден түссе керек, жапырлаған көп үйлердің ішінен, "осында түсемін" деп, өзі таңдапты.

Әкем атағы жер жарған әнші қарындасына (әкем 1909 жылғы болатын) айрықша пейіл аңғартып, жатып жастық, иіліп төсек болса керек. Сый-құрметке мейлінше разылық танытқан әнші Алматыға аттанарда: "Үйге келіп, хабарласып тұр!" — деп әкеме адресін қалдырады. Соны малданған әкем әлдекімдердің кепілдігімен НКВД тырнағынан уақытша босап, астанадағы Күләшті іздеп табады ғой баяғы. Әнші ол кезде СССР Жоғарғы Советінің депутаты болса керек.

— Сол үйде екі-үш ай жаттым, — дейтін жарықтық, — өздері біресе гастроль, біресе басқа шаруалары бар ма, әйтеуір, айлап үйге жоламай кетіп жүрді. "Шаруаңызды тиісті адамдарға тапсырдық, сәтін салса, оңға басып қалар, аландамай, жата беріңіз!" — дейді Күләш. Жатпай, қайда барам. Оның үстіне соңымнан қуғыншы келіп қала ма деп те зәре жоқ. Әй, әбден күдер үздіріп барып, үш ай дегенде, әупіріммен жүріп, әрең құтылдым-ау пәледен!

Менің әкем осылайша Күләш, Қанабектер жайлы ауыл адамдарының аузының суын құрта отырып талай-талай хикая шертетін. Оны біз де жалықпай тыңдаушы едік.

Құлағыма есімі жасымнан сіңісті болған сол адаммен енді жүзбе-жүз кездескелі отырмын. Одан артық не тілемекпін Құдайдан!

Қанекең мен Нұрекең жас алшақтығына қарамай қажасып, қатты қалжыңдасады екен. Зиялы ортадан жырақтау өскен мен үшін бәрі қызық, бәрі таң.

— Әй, шал, қитығыма тие берме көп, — деп Нұрағаң ашуға басады. — Өйте берсең, ана қыздарыңды әкеліп тастаймын.

— Е, елуге таяған еркектің қолынан басқа түк келмегесін, қатын тастайтын әдеті ғой, сен де ұзап қайда барам дейсің, — дейді Қанекең күліп.

— Қолынан түк келмегені қалай? Неге келмейді қолымнан? Бұл қай сөзің?

— Е, білеміз ғой бәрін. Өзіміз күні кеше келіп кеткен жер ғой, — дейді сол кеңкілдеп күлген қалпы Қанекең.

Нұрағаң уәжі таусылғандай болып, енді сөз таластыра беруді тоқтатады.

Итжығыс қажасудан екеуі де әбден жалығып, саябыр тартқан бір сәтті пайдаланып, Қанекеңе қарай көмейім жыбырлап, телмеңдей түсіп едім, соны байқап қалып, о кісі де маған мойын бұра қараған.

— Аға, бір нәрсе айтайын деп едім, — дедім күмілжіп. Ол айта бер дегендей иек көтерді.

— Осыдан пәлен жыл бұрын менің әкем Құсайын Иманасов деген кісіге Күләш тәтеміз екеуіңіздің шапағаттарыңыз тиген екен. "Әй, бір алдарынан да өте алмадым-ау", — деп жүретін еді, ақыры, сіздермен қайта жолығыса алмаған күйі өмірден өтіп кетті.

Қанекең жай-жапсардың бәрін бүге-шігесіне дейін қалдырмай тәптіштеп түгел сұрап, ұзақ ойланып барып есіне түсірді.

— Апыр-ай, ә! Сондай бір оқиғаның болғаны рас еді. "Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ", мен ұмытып та кеткен екем. Күләш марқұм болмаса, мен соған аса бір ыждағат-ықыласпен мән де бермеген шығармын-ау, сірә, — деп бір тоқтады о кісі.

Мен әкемді ұмытып кеткеніне ренжи қоймадым.

Қанекеңнің бет-әлпет, бөлек пішімді реңіне қарап телміріп қалыппын.

— Қой, Сәкен, бұ шалды мыжыта бермей, есіміз барда елімізді табайық. Жұмыс көп, жүр, кеттік, — деп бұйырды Нұрағаң.

Мен тағы да солбырайып соңына ердім.

— Жүр, енді Нұрмолда Алдабергеновтің үйіне барайық, — дейді ағам. — Жеңгем ғой, сәлем беріп шығайық.

Жазған құлда жазық жоқ қой, "жарайды" деймін де, ере беремін.

Нұрмолданың жесірі біразға келіп қалған (отыздағы біз үшін) орнықты бәйбіше көрінді.

Нұрекең о кісімен де бірден әзілдесіп ала жөнелді. Жеңгесінің о жер, бұ жеріне қол жүгіртіп, тіпті саусағы батып та кетті ғой деймін, әйел шыр етіп:

— Түу, жүгермек, не болды? Қой енді, — деп ашуланған болды. — Әйелсіреп барасың ба, қағыңғыр. Отыр ғой қасыңда аққудың көгілдіріндей болып жас келіншегің.

— "Жас-масты" қайтесің. Әр кезеңнің өз қызығы болады, сөзді қой, — деп Нұрекең қоймайды тақымдап.

Былай шыға мен:

— Аға, Нұрмолда аруақты адам еді ғой, әлгіндей қатты ойнағаныңыз ыңғайсыз сияқты көрінеді маған, — дедім.

— Түк етпейді. Жеңгем ғой. Оның үстіне, сен білмейсің, бұ қатынға деген өкпем де бар. Әдейі істегенім ғой, көңіліңе алып қайтесің, — деді Нұрекең аса бір салиқалы сабырмен.

Киіз үйдегі күйсандық көпке дейін ойналмай, жалғызсырап тұра берді. Опера да, либреттосы да жуық маңда жазыла қоймады.

Тағы да бір күні әлдеқайдан түнделетіп қайтып келе жатыр едік. Түнделеткен дегенде де, тіпті таңға таяп қалған кез болса керек. Талдықорғанды қақ жарып өтіп келе жатып, ағам машинаны кенет біздің үйге бұрғызды да:

— Ал енді сендердікіне кіріп, бір-бір кесе шәй не болмаса жүз грамнан ішейік те, сен қала бер, келінге керек болып қаларсың, біз жеңгең екеуміз де оңаша бір сәтті іздеп келеміз, — дегені.

Аттың сыры иесіне мәлім. Үйде не бар, не жоғын жақсы білем. Аға-жеңгем алдында жерге қарап қаларымды сезіп:

— Балалар ұйықтап жатыр ғой, аға, сәтін салса, күндіз бір барармыз біздің үйге, — деп едім.

— Әу, ұйықтап жатса — өз балаң емес пе, оянар. Түк етпес. Баста, — дегені ағамның.

Менің тартыншақтай бергенімді әйелдік бір сергек көңілмен сезе қойған Дариға да:

— Түу, Нұрғиса-ай, ертең де күн бар ғой, келерміз тағы. Жүре берейікші, тоқтамай, — деді.

Мен үй қасынан түсіп, қалып қойдым. Ағам ертесіне де, одан кейін де келмеді. Мен жұмысыма шығып кеттім.

Көп ұзамай "Нұрекеңдер де Алматыға қайтыпты" деп естідім.

Алты-жеті жылдан соң Нұрекеңмен Алматыда, осы күні есімі елге белгілі бір шенеуніктің әйелі қайтыс болған қаралы жиыннан кейін кездейсоқ ұшырасып қалдым.

Қасымда Марат деген (марқұм) жолдасым бар еді.

Алматыдан үй алмақ болып, бірақ паспорт столына тіркеле алмай жүрген. "Нұрекеңе айтып көрсең қайтеді?" — деп тілек етті сол. "Әй, қой, қайдағыны шығармай, ол кісі мені ұмытып та кеткен шығар, тіпті!" — деп ат-тонымды ала қаштым.

Марат та қадалған жерінен қан алардай тақымдап қоймады.

Не де болса көрейін деп, Нұрекеңе жақындап бардым. Сәлем беріп едім, жоқ, қауіптенуім бекер екен, салған жерден таныды. "Әй, сен қайдан жүрсің? Неге амандаспайсың? Мен сені мана байқағам, қайтер екен деп едім", — деді.

Маратпен таныстырдым. Ол Байсеркедегі сауда базасында істейтін. "Прописка керек болып тұр, аға, осы жігітке" — дедім қолқа салып.

Көнелеу машинасы бар екен. Бізді салып алды да жөнелді. Сол кезгі Ленин аудандық ішкі істер бөліміне алып келіп, бастығын сұрап еді, демалыста екен. "Қап-ай, — деп өкінді Нұрекең, — орнында орынбасары ма, оны танымаушы едім, ә, мейлі кіре кетейік!" — деп, бізді соңына ерткен бойы орынбасар бастыққа кірді.

Ол да бір болайын деп тұрған бала екен, орнынан атып тұрып: "О, Нұраға, сіз де келеді екенсіз-ау!" — деп құрақ ұшып жатты.

"Иә, сәт!" — деп біз отырмыз.

— Мынау менің туған інім еді, — деді Нұрекең әлгі бастыққа Маратты нұсқап, — осыған шұғыл прописка жасату керек. Бүгін-ертең үй алмақ екен, әйтпесе, баспанасыз қалайын деп тұр. Саған мені әдейі ертіп келді.

— Жарайды, аға, — — деп жатыр милиция шенеунігі.

— Құжаттарыңыз түгел ме? — деп сұрады Мараттан. Марат бірдеңе деп күмілжи міңгірлей беріп еді, Нұрекең киіп кетіп:

— Кім, әй, атың кім еді сенің (жаңа ғана туған інім еді дегенін ұмытып кетті білем), — деп Маратқа қарап алды да, — тап ертең мына бастыққа қағаздарыңды әкеліп тапсыр. Ал кеттік, әлі жұмыс көп, — деп бөлмедегілермен қоштасып, бізді ертті де, сыртқа беттеді.

Марат Нұрекеңнің бұл қамқорлығын өле-өлгенше аузынан тастамай айтып жүрді.

Өкінішке орай, мен өз жұғымсыздығымнан бұдан кейін Нұрекеңмен көп араласа қоймадым. Өзім куәсі болған жоғарыдағы қылықтарын айтып, жұртты тамсандыра күлдіріп қоюшы едім тек. Көрген жерде асыға сәлем беріп, асығып қана қоштасып өте шығып жүріппіз ғой, не керек!

Осыдан көп жыл бұрын "Жазушы" баспасында қызмет істеп жүрген үлкенді-кішілі ақындар мен жазушылардың бір шоғыр "мықтылары" болып үзіліс кезіндегі гу-гу қысыр әңгіменің тізгінін жіберіп-тартып отырғанбыз. Сонда "осы күнгі әдебиет пен өнердегі көзі тірі ұлы тұлға кім?" деген төңіректе де пікір таластыра бердік. "Семіздікті қой ғана көтереді", "ұлы" деген ұғымды да арқалап жүру аса жеңіл бола қоймас, — дей келіп, ұмытпасам, ақын Иранбек Оразбаев-ау (қазіргі Иран-Ғайып) деймін, иә, сол болуы керек: — "Бұл күнде "ұлы" деген атқа лайық жалғыз адам — Нұргиса Тілендиев қана!" — деп қашанда күмілжімей кесіп айтар қиқарлау әдетімен бір ойдың ұшығын ортамызға тастай салған.

Біреулер үнсіз қоштап, екіншілер гүжілдесе қарсы дау айтып жатты. Өз басым, "Болса, болар-ау!" — деп бас изегенім әлі күнге есімде. Өйткені Нұрғиса өз кезең, өз дәуірінің алдына қара салмайтын ұлы дүлдүл өнерпазы болатын.

"Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?" деп басталатын бір әңгіме-хикаяттар болушы еді. "Естігеніңнің өтірік те болуы мүмкін, не де болса көзбен көргенінді айт", — деп жататын сонда. Мен де бұл жолы тек көргенімді айттым. Артық-кем ештеңе қоспадым. Біреулер үшін уақ-түйек те болып көрінер, осы әңгімелердің өзінен де Нұрекеңнің ешкімге ұқсамас мінезі, бөлек жаралған бітім-болмысы бой көрсетіп қалған болар деп ойладым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз