Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді.
Ілияс ЖАНСҮГІРОВ
1.
Жұрт не десе, о десін, осы қалада өз басым әрқашан арқа тұтып, асқар таудай көріп үйренген бір ағам бар. Араға айлар салып па, апталар салып па, кейде тіпті жыл өткізіп барып телефон соғатыны болады о кісінің.
— Ау, Сәкен дорогой! — деп бастайды сөзін амандық айтпас бұрын.
— Ассалаумәликум, Қасеке! — деймін мен де қуанғанымды барынша білдіріп-ақ қалғым келген үнмен дауысымды соза түсуге тырысып.
— Аликумссалам! Қал қалай?
— Қал жақсы, Қасеке! Жайшылық па?
— Жарайды онда. Жай ғой, — деп Қасекең телефонды тастай салады. "Менің қалімнің қандай екені бұ кісіге не үшін керек бола қалды?" — деп, дағдарған қалпымда қала берем.
Жайшылықта жасым кіші екен-ау деп мен көп хабарласа бермеймін. Айлар бойына жүздеспей жүре беретін де кездеріміз болып тұрады. Ал бір жеңіл-желпі нәрседен қысыла бастасам болды, ағасы бардың жағасы бар деп, салып ұрып со кісіге барамын. "Жан қысылса, жақынын табадыдан" емес, сөзім жерде қалмасына, қашан болсын қолынан келсе, көмегін аямасына, ақыл-кеңес айтарына сеніп барамын. "Оу, сен қайда кеттің көрінбей?" — деп тергеп жатқан Қасекең жоқ, күнде көріп жүргендей, екі күннің бірінде сәлем беріп жүргендей, мені бұрынғы дағдысымен жарқылдай қабылдап, мол пішілген құшағына алады да, жөн сұрайды. Мен күмілжи отырып бұйымтайымды айтқан болам. Қайталап сұрап, езіп-мыжып отырмайды, барған шаруамның ауыр-жеңіліне, жұмысымның салмақты-салмақсызына қарай не телефонын алдына алып, қолма-қол бұрай бастайды, не өмірі өзгермейтін қолқылдаған қоңыр костюмін киіп, "әйда, кеттік!" деп бұйырады.
Солпиып соңынан мен ерем.
Өзіме ғана меншіктеп "Ағам" деп отырған бұл адамның аты-жөні — Қасым Қайсенов. Иісі қазақ "партизан" деген атағын қосып атайтын әйгілі жазушы Қасым Қайсенов. Бұл жолдарды оқыса, о кісі тағы: "Мені саған жазушы деп кім айтты? Мен жазушы емеспін. Мен бар болғаны көргенімді көшіруші, оның үстіне, соғыста көргенімді ғана қағазға түсүрушімін", — дер еді. Солай деуінде дау жоқ.
Өз басым Ұлы Отан соғысы атанған кешегі қанды қырғынға қатысып, тәуекел деп тас жұтып қайтқандардың бәрін де бөле-жармай батыр деп санайтые адаммын. Үстіңнен гүрілдеп бомба түспек түгілі, құлағаңның түбінен ызыңдап бірер маса ұшып өтсе де мазаңды алып бітеді ғой. Ал айлар, жылдар бойы аузынан ажал бүріккен аждаһамен алысу, алысу ғана емес, оны құртудың алпыс екі айласын ойлап тауып, омыртқасын опыру оңай дегенді кімнің ғана аузы барып айта алсын.
Әйтсе де соғысқа барып, аман қайтқандар ішінен мен үшін Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаевтардың орны өзгеше болады да тұрады. Бұл үшеуі маған ел арасына көп тарап кеткен, бәріміз білетін орыстың атақты үш батырының суретіндегі кейіпкерлеріндей болып елестейді. Баукең — Илья Муромец, Қасекең — Добрыня Никитич және Рахаң — Алеша Попович. Қазақтың бір суретшісі есебін тауып, тігісін жатқыза осынау үш қазақтың суретін салып шықса, Құдай-ау, қандай жарасып шыға келер еді деп те ойлаймын.
Баукеңмен көзі тірісінде бір рет тілдесіп, қол алып амандасқан пенде емеспін. Жазушылар одағына Баукең кіріп келгенде өзім сынды жігіттер танысын-танымасын қолдарын ала жүгіріп, жапатармағай жамырай амандасып, жік-жапар болып жататын. Мысы баса ма, сұсынан ығам ба, Баукеңді зор тұтқан көңіл өзімді қорашсынуға көнбеді ме, әйтеуір, өз басым жақын жолап көрмеппін. Бірде жаздың күні "Қаламгер" кафесінде түскі ас ішіп отыр едім, бір шөлмек коньякты мойнынан қылқындыра ұстап Тоқаш ағам Бердияров келді қасыма. Күн болса күйіп тұр, әрі жұмыстамын деп, мен ішуден азар-безер бас тарттым. Tөp жақта Баукең мен Сәукең (Сәуірбек Бақбергенов) оңаша әңгімелесіп отыр екен. Тоқаң шөлмегін сүйрете ұстап солай тартты да, мен есікке беттегем.
— Слушай, вернись! — деп Баукең саңқ ете қалды. Жалт бұрылып едім, саусағымен ымдап, мені шақырды да:
— Забери его отсюда! — деп Тоқанды нұсқады.
— Как я заберу! — деп міңгірлей бірдеңе айтқаным есімде, әйтеуір қашқандай болып, қасынан тайсақтай берген едім.
Өмірімде Бауыржан Момышұлымен ауызекі тілге келіп көргенімнің бас-аяғы да, бетпе-бет таныстығым да осы ғана.
Ал Рахымжан Қошқарбаев пен Кәкімжан Қазыбаев бір рет, Қасым Қайсенов ең кемі төрт-бес рет "таныстырып" еді. Ол кісі "Алматы" қонақүйінің директоры да, мен ауылда тұратынмын. Оқтын-оқтын Алматыға соғатыным бар. Сонда жатар орын керек. Кәкең бір рет ертіп апарып:
— Раха, мына Сәкен менің жерлес інім еді, ылғи мені іздеп жүре алмас, келіп-кеткенде орын жағына қарайласып тұрсаңыз, деген қолқалап. Бірақ әдеті солай ма, әдейі жасай ма, Рахаң келесі келгенде "мені есіне түсіре алмай", мен болсам Кәкеңе сілтеме жасаудан тағы ұялып, қонақүйге орналаса алмай қала беретін едім.
Қасекең ол кісіге еркін. Ылғи жетелеп апарып, желкелеп отырып орын алып беріп жүрді. Содан кейін ғана барып Рахаң мені "шырамыта" бастаған болатын.
Қасым Қайсеновтың атына ертеден қанық болсам да, танысып-білісудің сәті алғаш рет 1970 жылдың жазында түсті. Талдықорғанда тұратын біздің үйге бір күні кештете Қасекең бастап Әділбек Абайділданов, орыс ақыны Сергей Киселевтар кіріп келді. Ол кезде көркем әдебиетті насихаттау бюросы деген бар еді. Сол бюроның атынан жазушылар топ-топқа бөлініп оқтын-оқтын ел аралап тұратын. Мен Мәскеуге оқуға жүргелі жатқам, әлгі бюроның төрағасы қазіргі үлкен жазушымыз Сайын Мұратбеков еді де, өзі де Мәскеуде екі жыл оқып келген болатын, ондағы жұрттың ауқымын біледі, азды-көпті азық болсын деген болуы керек, әлгі топқа мені де іліктіріп, құжат, қаражатын қоса беріп жіберіпті.
Қасекеңнің атын естіп, кітаптарын оқып жүретін едім. Аңыз боп тараған көп-көп әңгімелерінің жаңғырығы маған да жетіп жататын. Енді, міне, сол Қасым, партизан Қасым Қайсенов тірі қалпында біздің үйде болып, ертесінде бәрімізді бастап, жарты ай бойы Ақсу, Талдықорған аудандарының шаруашылықтарын араладық.
Мен көбіне Қасекеңнің аузына қараймын. Ә дегеннен-ақ өзіне үйіре баурап алады екен. Мені баяғыдан білетін бауырындай іш тартып, не жазып, не қойып жүргенімді де сұрап біліп алды. Мен де үйрене бастаған едім. Бірақ...
Алғашқы күндердің бірі болатын. Бір үйде түстеніп отырғамыз. Қасекең әлдене сөз ыңғайына орай маған: «Ой, енеңді» — деп жібергені.
Үлкен адамнан ести қоям деген сөзім емес. Ерсілеу болып көрінді. Оның үстіне, үстімнен құс ұшырмаймын деп жүрген орда бұзар отыздағы кезім, қабақ шытып қалсам керек, асқа отырар алдында сыртқа барып, қол жуып келе жатыр ем, алдымнан Қасекең шығып, мені өзгелерден оңашалай берді де:
— Сен осы менің енеңді боқтағаныма ренжіп қалдың-ау деймін, солай? — деп сұрады.
Әлі де бұртиыңқырап, "иә" дегендей бас изедім.
— Қой, ренжіме, менің де оспадар қылығым аз емес, жасы кішілерге солай дей салатыным бар, үйренгендер кек тұтпайды. Зілсіз боқтау ғой, — деп арқамнан қағып тұрды да, — Әй, дегенмен, сенің енең де менен кіші шығар-ай, өйткені менің тұңғыш баламның (қазір жоқ) аты Жүсіпбек, өзі сенімен жасты еді. Солай, ененді..., — деп, тағы бір сілейтіп, Қасекең ішке аяңдады.
Енді өкпелеудің де, ренжудің де реті жоқ екенін сезіп, мен соңынан ілестім.
Әділбек Абайділданов аса аңқылдақ, ақкөңіл, тап-таза ақын ғана болып жарала салған, алды бар да, арты жоқ адам еді ғой. Оның үстіне, кірпияз, күй таңдағыш. Сыланып-сыйпануы да біте қоймайды. Бұлардың әзіл-қалжыңдары да қызық, "қағысып" қала береді. Әдекең күйгелек, Қасекең саспас сабырлы. Бірі қарпып, бірі тарпып дегендей, ойындары шынға бергісіз, бірақ Қасекең қонжығының қылығын қызықтаған аюдай Әдекеңді олай бір, былай бір орап, тырп еткізбейді. Тырнақ батыра ызаландырып та алады. Ақын күйіп-пісіп, шыр-пыр болады да қалады. Әйтсе де Қасекең бойына біткен сезімтал сұңғылалығына бағып, Әдекең талантын аса бағалайтынын аңғартып жүрді. Өзі де аудиторияны ұстай біледі, тыңдаушыларының құлақ құрышын қандыра әңгіме айтады. Көзімен көріп, қолымен ұстаған оқиғалар төңірегінде тігісін жатқыза, майын тамыза айтқан мысалдап сөйлейтін тапқыр, өткір сұлу сөзі, өлең оқу мәнері қосылып түгел ұнап, өзі соған сүйсіне қол соғып, қошеметтеп отырады. Сергей Киселев та орыстың бір тамаша ақыны болатын. Үшеуіне ергеніме мен де мәзбін. Қасекең сұңғылалығына, өзі айтқандай, "сомадай болып" кісі қабағын аңғарғыштығына сол жолы тәнті болғам. Әдекең ақындық адуындылығымен артығырақ кетіп қалғанда да, бұл кісі көңіліне қатты тимей, әріден орағытып, әжуасының өзін әдемі әзілмен аяқтап отырады.
Сондай аңғарымпаздығына кейін де көп-көп көз жеткізіп жүрдім. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын тағы телефон шалып:
— Оу, Сәкен, — деген, — менімен Бақанас жаққа барып, Іле бойлап, құс атып, балық аулап қайтуға қалайсың?
— Айтсаңыз болды ғой, аға. Сізге еріп Тескентау болса да жүре беруге әзірмін ғой мен! — деймін елпілдеп.
— Ендеше, дайындал.
Жүрер сәт таянғанда тағы телефон соғып түр:
— Осы сенің Есләм деген жігітпен, Зікібаевты айтамын, араң қалай еді?
— Е, жақсы ғой.
— Сол да ере жүрем деп еді, қарсы емессің бе?
— Жоқ, ә!
Сөйтсем, ақсақал өзімен сапарлас болмақ екі адамның жарасымы қандай, бірге жүргенде бір-біріне кіржиіп, кіділік көрсетіп, сыйыспай қалмас па екен дегенді ойлапты. Ішке түйдім де қойдым.
Кісіге ренжігенін де өзгелерге ұқсап өзеуреп жатпай, көзімен, үнімен сездіретін. 1985 жылы:
— Әйда, екеуміз Украинаға барып қайтайық, — демесі бар ма ағамның. — Мен саған өзім соғысқан ормандарды аралатайын. Ел көресің, жер танисың. Хохолдың қыздарымен таныстырам.
Сол жылы Чернобыль оқиғасы болып, жұрт Қара теңізге де барудан тайсақтап жүрген. Соны ойлап, оны-мұны сылтау айтып, барғым келмеді.
— Барып қайттым. Чернобыль түк қылған жоқ. Ондағы жұрт та есен-аман, — деді маған.
Көмейінде не тұрғанын айтқызбай ұқтым да, оңбай қателескенімді аңғарып, үндемей құтылдым.
Қасекеңмен енді бір ұзақ сапарлас болуым бертінде еді. Осыдан бірер жыл бұрын Республика Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып тіркелдім де, сайлау алдындағы ел аралап, өзінді таныту кезінде қасымда болар адам іздедім. Аты алашқа мәлім дейтін, өзіме көңілі жақын ба деп жүрген бірер әріптес азаматқа қолқа салып көріп едім, мені олқысынды ма, өте қоюыма күмәнданды ма, әйтеуір, "онықы-мұнықы, анау еді, мынау еді" деп, қашқақтайтын ыңғай танытқан. Ондайда Қасекеңнен басқа кімім бар ақыл салатын. Бірақ әлі қыс іші, жасы болса анау, қозғала қояр ма екен деген күдігім де жоқ емес, не де болса деп, телефон соқтым. "Осылай да осылай, ініңіз бір іске тәуекел деп кірісіп кетіп еді, демеуші дейтін атымен жоқ, жебеушім өзіңіз болсаңыз", — деп қолқаладым.
— Е, бопты. Сен айтсаң, мен қайда бармаушы ем! — деп елп ете қалды Қасекең.
Менімен қарсылыстардың бірі аты жұртқа белгілі палуан Әбілсейіт Айханов еді. Алакөлде алғашқы кезіккен күні-ақ Қасекеңе орынсыз килігіп, ретсіз тиісіп: "Сәкенге ергеніңіз қалай, батыр батырға еруі керек қой", — деп бұртия сөйлеп, қомпылдай берді. Сол сөзін әлденеше рет қайталап айтты. Шыдамы таусылған Қасекең:
— Әй, сен өзің, күмпиген күшің болмаса, тауықтың миындай миың жоқ мылжың екенсің ғой, — деп салды. — Мен сенің әрбір күрескеніңді көріп қызықтап, сыртыңнан сүйсініп қол соғып, қолпаштап жүруші едім. Бірақ саған қалай ерем? Мені де жұрт жазушы, Жазушылар одағының мүшесі деп жүрген жоқ па, ендеше Сәкен Иманасов сияқты жазушыны қолдамай, саған еріп есек миын жеппін бе, қой, шырағым, оныңды! — деп тыйып тастаған.
Ал екінші қарсыласым — облыс әкімшілігінің қызметкері Әбдірахманов Камал деген жігіт. Ысқаяк, тісқаққандығын байқатады. Бізден бұрын барып елді аузына қаратып алғанға ұқсайды. Аудан әкімшілігі де бірауыздан соны қолдайды. Бұрын өзіме дос болып жүрген азаматтардың біразы көпе-көрнеу қыбыжықтап, көздерімен жер шұқып қалыпты. Қай шаруашылыққа барсақ та: "Камалға дауыс беру керек", — деген "шешендер" алдымыздан шыға келеді де, үлкен-кішіге жел беріп, жетелеп ала жөнеледі. Қасекең барын салып, мәмлеге шақырып, қаншама таусыла сөйлесе де, Мұзды мұхиттай сірескен жұрт көңілін жібіте алмай әлек, мен де ынғайсыздана берем. Ел арасына да іріткі түсе бастады.
Бір совхозда өзім алдынан дәріс алған ұстаздарымның бірі жолықты. "Қасеке, бұл кісі менің мұғалімім болған", деп таныстырып қойдым.
Не керек, жиын үстінде әлгі ұстазым да басшыларға жалтақтап: "Сәкенге де, Камалға да дауыс берейік", — деп жалпақ-шешейлікке салмасы бар ма.
Қасекең әлденені шұқшиып жазып жатыр еді, бір жапырақ қағазды стол үстімен маған қарай жылжытып жіберді. Оқысам, өлең екен. Добалдай әріптермен:
Өзің де бір невезучий немесің,
О дорогой, амалың жоқ, көнесің.
Ал мынадай міңгірлеген ұстаздың
Ұрайын мен енесін! — деп жазыпты.
Мен күлдім де, бас бармағымды көрсеттім. Өзі де маған қарап жымиып қояды.
Сол жолы Қасекең маған арнап мұндай өлеңдердің бірнешеуін жазды.
Колхоздар мен совхоздардың клубтары суық болады екен. Сахнада отырып мен қалтырай бастаймын. Қасекең былқ етпейді. "Маған суық тимейді, етім үйреніп кеткен", — деп қояды. Біресе Абайша:
Иә, солай, қалтырарсың, тоңарсың.
Халқың надан болған соң,
Қайда барып оңарсың, —
деп, біресе:
Қайран сөзің қор болды-ау,
Алакөлдің езіне! —
деп, кейде өзінше:
Тұмсығынан ұрам ба?
Бомба тастап қырам ба?
Ел сенікі, дорогой.
Не жасаймын бұларға, —
деп жазып жібереді. Мен оларын бүктеп қалтама салып қоямын. Аяқ астынан ағамның ақын болып кеткеніне таңқалам. "О, жасымда мен де өлең жазғам", — деп күлімдейді Қасекең. Мына өлеңдерін оқып, "жазса, жазған шығар-ау" деп ойлаймын.
Біреуді мақтауға келгенде қиынсызды да қиыстырып жіберетін қазақ емеспіз бе, сол жиындардың бірінде Камалды жақтап сөйлегендердің бірі қыза-қыза келіп: "Ауыл-ауылдағы зираттарды қоршатып, көне мазарларды жөндеуден өткізген, тіпті аудан орталығына Қабанбай батырдың ескерткішін тұрғызып, стадион салдырып берген де Камал", — деп жіберді. Сонда Қасекең:
— Осы ауданда елу мың ел бар, басшылары, басқалары бар деуші еді, түк бітірмей жүр екенсіндер ғой, олай болса, Камалжанды ғана қалдырып, қалғандарың басқа жаққа көшіп-ақ кетпейсіңдер ме? — дегені шыдамай.
Ешкім дәлел айтып даурыққан жоқ.
— ЬІңғайсыздау болды ма, қалай! Әй, бірақ өздері де сөз емес сөзді айтып деп Қасекең жиын соңынан маған қарап күле сөйлеп жүрді.
Соғыс туралы, партизандық өмірдің небір тар жол, тайғақ кешулері жөнінде Қасым Қайсенов жазған кітаптар үлкен-кішінің бәріне қызғылықты ғой. Ал ауызекі әңгімесі одан да қызықты. Өз әуен, өз ырғағымен айтылатын Қасекең әңгімелерін жүз қайталап естісең де жалықпайсың.
Ұзақ күндер бірге жүріп, Қасекең сол әңгімелерін әрі сабақтай түседі. Ара-тұра таныс-бейтаныс адамдарға беретін мінездемесі көбінесе мірдің оғындай дәл тиіп жатады. Сөзі — сыбыр, ісі — жыбыр адамдарды ұнатпайды. Қулық сауып күн көргісі келетіндерді ит етінен жек көретінін жасырған емес.
— Сенің анау достарың бар ғой, — деп, бірде маған жақынырақ жүретін бірер жігіттің атын атады, — соларды айтам. Бірі — ушкурник (онысын ұға қоймадым,) ал анаусы саған түбін тірлігінде көрсетпейтін батып тұрған зәндеменің өзі.
Мен үндемей отырып қалсам керек:
— Оу, сен жаратпай қалдың-ау деймін. Көрерсің өзің-ақ әлі, — деп әрі қарай таратып жатпады.
Кейін Қасекең айтқан мінездеменің шындығына көзім жетті ғой.
Мінезі ғана емес, іс-әрекет, қимыл-қозғалысы да өзгеге ұқсамайтын кесек, ірі. Ауылда тұратын Серік Толғанбаев деген мал дәрігер досым бар. Соның үйінде екі-үш күн қондық. Алғашқы күні Серік бір көкмойын шөлмекті жылтыңдата беріп еді, Қасекең:
— Қарағым, бұл не? — деп сұрады.
— Ішімдік қой, аға. Есігімді алғаш рет ашып отырсыз, — деп ыдыстарын ыңғайлай бастады.
— Қоя ғой оныңды. Өздерің болмасаң, мен кәрі адаммын, татпаймын, — деді.
Серік сасқалақтап, әлгісін әрі ысыра салған. Келесі күнгі кеште сол орнында тұрған шөлмекті ымдап, Қасекең:
— Серік мынуың немене? — деп тосын сұрақ қойды.
— Кешегі арақ қой, аға. Алып қоймаппын ғой әріге, — деп тағы састы.
— Жоқ, ол неге тұр?
— Кеше сіздерге құям ба деп, ішпеймін дегесін, енді...
— Кеше ішпесек, бүгін тағы қолқалауға болмай ма өзі?
— Болады, аға.
— Болса, қолқалап көрмейсің бе?
Серік оймақтай рюмкелерін әкеле беріп еді, Қасекең маған қарап:
— Айт мына досыңа, менің қандай ыдысты қалайтынымды, — деді.
Мен кемі болатын үлкен бір бокалды нұсқадым да, толтыра құйғыздым. Серік тағы да сөз естіп жүрем бе дегендей, қолы қалтырап әрең-әрең толтырды-ау.
Қасекең алдындағысын қағып салды да:
— Енді әлгіден азырақ етіп бір қайталап жібер де, жинап таста, — деді.
Серіктен дегбір кете бастады. Ұнаған бір үйінде осылай алдындағасын сыпыра жеп, опыра ішетін Қасекең, үй иесінің қылдай бір қылығы жақпай қалса болды, қаншама қиылып, жік-жапар болып, асты-үстіне түскенімен, бірер шәй ғана ішіп: "Мен кәрі адаммын ғой, қарағым. Демала тұрайын", — деп дастарханнан ығысып кете береді.
Оңаша қалғанда: "Әлгі жігітіңнің жілігі татымсыздау екен", — деп, бірер сөзбен мінез-құлқын дәл айтып береді. Ондайын өзім де іштей сезетін болғандықтан, дау айтып, сөзді ұзартып жатпаймын.
Кейде өзімді де "оңдырмайды". Сол Серіктің үйінде бір қылығым жақпай қалды ма, қайдам:
— Әй, Серік, — деді, — сен ғой мына досыңа жатып жастық, иіліп төсек болып жүрсің. Мен де сомадай болып соңына ілесіп келем. Ал бұл екеумізді де аса менсініп жүрген жоқ. Көкірегін көрдің бе, көк тірейді.
Не деп дау айтайын.
Бір көрген адамның аты-жөнін өлсе ұмытпайды екен. Сол сапардан оралғаннан кейін үш-төрт айдан соң:
— Оу, Сәкен, — деп телефон соқты. — Сенің анау бір дәуқара інің бар еді ғой, Еркінбай деген, соның адресін дәл айтып жіберші. Өскемен жаққа бармақ едім, жолшыбай соған соғып, демала кетейін.
Масқара болғанда, інімнің адресін өзім де білмейді екенмін. Сондықтан:
— Қасеке-ау, қазақ жерінің бәрі партизан Қасым Қайсеновті біледі ғой. "Кім бар-ay?" деп жетіп барсаңыз, қарсы алмайтын ел бар ма, — деп қалжың айтқан болам.
Қасекең мұндайда: "Әй, солай", — деп қоя салады. Ұнатқаны ма, ұнатпағаны ма, құптағаны ма, жоқ па, онысын өзің пайымда.
Өзі аға тұтқан адамдарды, әсіресе Жұмағали Саин жайлы соншалық кішілікпен көп әңгімелер айтады.
— Баукеңмен араңыз қалай болып еді, Қасеке? — деп сұрадым жол үсті бір әңгімеде. "Екі қошқардың басы бір қазанға сыйысты ма екен" деген де күдігім бар еді.
— Қалай болушы еді, осы өзіміз сияқты. Бауыржан да, өзі айтқандай, ет пен сүйекген жаралған ғой, — деп бір қояды да, — біреудің үйінде әлдеқалай Баукеңмен дәмдес, дастарқандас бола қалғаным бар емес пе. Ең төрде Баукең. Жұрттың назары да сол кісіде. Қызып отырғамыз. Орынсыз киіліктім бе, сөзін бұздым ба, білмеймін, бір кезде маған мұрты тікірейе қарап, орыстың жаман бір боғауыз сөзімен сықпырта салғаны. Менде де қайбір ақыл бар, қарсыласа кетейін деп тұрдым да, үзілісте дәлізге шықсам, Баукең оңаша темекі тартып тұр екен, қасына таяп келіп: "Бауке, жаңа ғана мені еш кінәсіз қызартып өттіңіз. Сіз көп оқып, көп тоқыған адамсыз, мен болсам — тұрған бойым мынау, оның үстіне, орман ішінде жүріп орыс, хохолдың жеті атадан жіберетін боқтығының неше түрін үйренгем. Әлгінде бетіңізден алып, "олай емес, былай деп" оттап кетсем, қайтер едіңіз? Сізде не абырой қалар еді, мен не барқадар табар ем?" — дедім.
Баукең бетіме бажырая қарап тұрып, таяп келді де, екі құлағымнан ұстап өзіне тартып алды да, былш еткізіп маңдайымнан сүйді. Сүйді де, ләм-мим деместен, бұрылып жүре берді.
— Қалған тірлігімізде "әй" деп жүз шайысқан емеспіз, — деп Қасекең бір тоқтады.
— Ал Рахымжан Қошқарбаев екеуінің зілсіз қалжыңдарының қаншама рет куәсі боп көргенім бар, ол өз алдына бір бөлек әңгіме.
Қатарлас жүрген, сырлас, сыйлас болған Жұмағали Саин, Сырбай Мәуленовтер жөнінде де есте қаларлықтай етіп нелер бір қызық хикаялар шертеді. Замандастарының әр сөз, әр қылығын әспеттеп әңгімелер айтады. Оларын өзі жазар деп, бұл жерде қайталап жатқым келмейді.
Таяуда тағы бір шаруамды айтып, араласа қойыңыз деп, телефондасам, Қасекең азырақ тұмауратып жатыр екен:
— Әй, Сәкен, сен де қазақтың белгілі азаматының бірісің, өз шаруаңды жұртқа итере салуды қашан қоясың. Табалдырық тоздырғың келмейтін өркеуде екенінді білем, әйтсе де тоныңды алып қалмас, осы жолы өзің бар. Тоныңды алып қалса, менің соғыстан қалған біршама қару-жарағым бар, қорқытып, қайта алып берем, — деп ұрсып-ақ тастады.
Күллі адамзат баласының қамын жеп, қамығып жүргендей болып көрінетін немесе көрінгісі келетін де азаматтарымыз бар. Солардың бірінің алдына ісің түсіп бара қалшы, қол ұшын бермек түгілі, пәлесі жұғып кете ме, беделіме нұқсан келтіріп алам ба дей ме, азар да безер болып, аяғына да отырғызбас еді. Адамзаттың өзі әрбір жеке адамдардан тұратынын о шіркіндер ескеріп жатпайды. Ондайлардан гөрі Қасекеңнің жеке бір адамға, біреуі арқылы он адам, жүз адамға жасаған қолма-қол жәрдемінің өзі артық. "Жақсыдан — шарапат" дегенді қазекең соларға қарап айтқан. Сол ағалап, артынан еріп жүрген Қасекеме әлі күнге өз үйімнен дәм татырып та көрмеппін. Кейде бір мені "сараңсың" деп қағытып жүретін құрдастарымның көзінше:
— Әй, Сәкен, — дейді Қасекең. — Мені білесің ғой, көп болса, екіге бөліп бір шөлмек коньяк ішетінім бар, сол қашан болады?
— Қасеке-ай, орыс орманына әрең сыйған алып тұлға батырсыз, біздің құжырадай қуыс бөлмелерімізден сізге отырар орын таппай жүрмін ғой. Пәтер кеңейіп жатса, көреміз ғой әлі, көп жасайтын сияқтысыз ғой, асығатын не бар, — деп жуып-шайып құтыламын.
Қарқылдап күліп кете береді Қасекең.
Биылғы Республика күні қарсаңында біраз адамға ордендер мен медальдар тапсырылып, "Халық қаһарманы" деген атақтар берілді. Сол атақтың бірі Қасекеңе де тиіп қалар ма деген үлкен-кішінің үміт-дәмесі көп еді. Солардың бірі Қасекеңе телефон соғатын көрінеді:
— Қасеке, батыр атағын алып қала ма деп едік, амал қанша, біздің қолда емес, — деп жұбатады ғой баяғы.
— Әй, пәленше, — дейді Қасекең, — батыр атын бермесендер, бермей-ақ қойыңдар, жасым сексенге таянғанда енді мені жұрт қорқақ деп атар деп пе едің? — деген екен.
Шынында да, деп ойлаймын мен, жақсымызды көрмеуге келгенде, жүйрігімізге жүлде бермеуге келгенде, алдына жан салмайтын елміз-ау осы.
Құдайға шүкір, соғыс кезінде ерлік көрсеткен, ресми түрде батыр атанған ағаларымыз аз емес. Бірақ солардың көбін қалың ел біле бермесі ақиқат. Ал Баукең, Қасекеңдердің есімі ел ішіне аңыз болып тарап, жұрттың бәрі баяғыда-ақ батыр санап кеткен. Бұлардың соғыста көрсеткен ерлігін айтпағанда, сол сұрапыл жылдар суретін кейін қағазға түсіріп, келер ұрпаққа үлгі, сабақ болу үшін жасаған әдеби ерліктерінің өзі неге тұрады! Кеш қалып жүретін қазақылық кімге бармақ тістетерін кім білсін. Есімі ертең-ақ ел есінен шығып кететін қаһарманның көптігінен не пайда?! Мұны оқыса, Қасекеңнің: "Мен саған Батыр атын алып бер деп айттым ба? Әлде өзіне лайық атағын ала алмай өткендерден менің жаным артық деп пе едің?! Болмаса: "Батыр деген аты жоқ, жұрт "қорқақ" деп жүр ме деп қорқасың ба?" — деп ұрсып тастарын да сезіп отырмын.
Бірақ не де болса, жазылып кетті енді.
Қасекеңнің менен де гөрі жақсы көретін, менен де гөрі жақын тұтатын қаламдас інілері бар да шығар. Ол жайлы өзі маған айтып көрген жоқ. Мен де сұраған емеспін. Өз тұстастарым ішінде марқұм Сағи ақынды айрықша бағалайтынын кейбір сөздерінен аңғарып қана қалатын едім. Ал өзім үшін ол кісі, әңгіменің басында айтқандай, асқар тау сияқты көрінеді де тұрады. Іргесінде ұзыннан сұлап Алатауы жатпаса, Алматыдан да сән кетер еді, сол сияқты Қасымы, Қасым сияқты сирек туар, аты аңызға айналған ұлдары болмаса, қазақты да кім танып, кім білер еді.
Біз үшін қасымызда қарайып Қасым Қайсеновтер жүруінің өзі де бір мәртебе. Кісіліктің құны түсе бастаған қазіргі заманда Қасекендердің арамызда болуы да көңілге медеу.
Жұрт не десе, о десін, омырауында Батырлық белгісі болсын, болмасын, ол күні кеше ғана арамыздан кеткен Баукең ағасы сияқты қазақтың өзгеден бөлек жаралған, басқа жұртпен салыстыруға көнбейтін мәрт ұлдарынын бірі. Батыры. Партизаны. Жазушысы.
Жасай беріңіз, менің партизан Ағам! Ұсақтап бара жатқан құлкеуде тірлікті көлегейлей түсу үшін де Сіз керексіз.
Хабарласып тұрыңыз, Қасеке!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі