1960 жыл еді, алғашқы айларының бірі болатын. Бірер ай ғана бұрын “Лениншіл жас” газетіне әдеби қызметкер болып орналасқанмын, сол кезгі редактор Әбдісаттар (жұрттың бәрі Саттар дейтін) Бөлдекбаевтың өзі ауылда жүрген жерімнен арнайы жеделхат жіберіп, шақырып алған.
Ол кезде түнгі кезекшілердің ертеңгі шыққалы жатқан газеттің бірер данасын редактордың үйіне апарып көрсетіп қайтатын дағдысы болушы еді. Бір күні мен де кезекші бола қалдым да, редакторға газет апару міндеті маған жүктелді. Секретариат жігіттері жазып берген адрес бойынша редактордың үйін тез тауып алып, пәтерінің есігін жүрексіне қақтым-ау деймін. Есікті маған орта бойлыдан сәл жоғары, дембелшелеу келген қызылшырайлы жігіт ашты. Қою еді деуге келіңкіремейтін жылтыр қара шашын тігісін жатқыза тарайды екен, бірден соны байқадым. Менің қандай шаруамен жүрген кісі екенімді айтқызбай-ақ сезді білем, қолымдағы газетті алып, кері бұрыла бергенде арқы жағынан екі көзі күлімдеп Саттар ағамның да сұлбасы көрінген. Күніне неше дүркін кезігіп жүретін өз қызметкерімін ғой, ол кісі де маған ілтипат білдіре: “Кел, кел, Сәкен, бері, төрге шық!” — деп жатыр. Мен алып келген газеттерге қол соза беріп, жаңағы маған есік ашқан жігітке:
— Саған айта беретін Сәкен осы, — деді де, енді маған қарап: — Бұл Кәкімжан Қазыбаев деген ағаң, танысып қой, сені сұрап жүруші еді, жақсы болды-ау өзі! — дегенді қосып қойды.
Мен елең ете түстім. Өзін алғаш рет көріп тұрғаныммен, Кәкімжан Қазыбаевтың аты-жөніне мен көптен бері-ақ қанық едім. Республикалық баспасөз беттерінен оның уытты да ұтқыр, ойлы да оңды, біз сияқты жаңа талап жастардың нағыз бармақ жалап оқуына лайық материалдарын көріп тұратынмын. Оның үстіне өзім сол “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетіне қызметке келгелі редакциядағы үлкен-кіші әріптестерім аузынан ұдайы ғана: “Кәкімжан өйтуші еді, Кәкімжан бүйтуші еді. Кәкімжан олай дейтін, Кәкімжан былай дейтін, Кәкімжан айтушы еді, Кәкімжан болса былай етер еді!” — деген сияқты сөздердің қаншасын естіп, соның да біразы құлағымның түбінде үзілмей тұрып алған. Мен келерден біраз ғана бұрын басқа жұмысқа ауысып кеткен Кәкімжан есімді адамның иісі де, ізі де әлі сайрап, айнала сезіліп тұратыны байқалатын. Әлгіндей қимас ықылас, жарым ырыс жақсы сөздерді естіген сайын да, сол адамның өзін бір көруге аңсарым ауа берген. Міне, енді ол да мені білетін болып шықты. “Сен жайында сұрай беретін”, — деп редактордың өзі айтып тұр.
Редакторым аударып-төңкеріп, газет беттерін ақтарып кетті де, мен болсам Кәкеңнің әр сөзін аңдып, аузына қарай беріппін. Соны сезді ме, кім білсін, Кәкең де маған жылыұшырай қарап, сөзге тартып, оны-мұны сұраған болып жатты. Үйде басқа да кісілер бар ма еді, ол жағы есімде қалмапты, біреуі өз редакторым, біреуі айналасына, әсіресе біз сияқты жастарға үлгі бола бастаған танымал журналист, сол екеуінің де мені қомсынбай, тең тұта сөйлескендігінің өзіне қымсынып, терлеп-тепшіп, әйтеуір бірдеңелер айтсам керек, Кәкеңнің не деп, не қойғаны есімде қалмапты.
Бүгінде есептеп көрсем, Кәкеңдер ол кезде отыздың о жақ, бұ жағындағы жігіттер екен-ау! Жиырманың үстіне енді шыққан біз үшін тым ересек, байсалды аға болып көрінетін еді.
Кәкең онда Алматы облыстық “Коммунизм таңы” (қазіргі “Жетісу”) газеті редакторының орынбасары болып істеп жүрсе керек.
Бір жылға жетер-жетпес мезгілде мен әлдене себеппен қоржынымды арқалай қайқайып елге қайттым да, Ұялы деп аталатын балықшылар ауылында мұғалім болып жүрдім. Бір күні сондағы балықшылар ұжымшарының төрағасы Төкен Рысбеков дейтін азамат мені іздеп тауып: “Саған Алматыдан Кәкімжан Қазыбаев телефон соғып жатыр, маған қайткенде де хабарластыршы деп тапсырып еді, жүрші, кеңсеге барып сөйлесейік”, — деп кабинетіне ертіп кірді де, әне-міне дегенше Кәкеңмен де байланыстырған.
Аман-саулықтан соң Кәкімжан ағам:
— Сәкен, бізде, партотделде бір бос орын болып тұр. Келем десең — дәл қазір бұйрық бергізе берем. Қалай қарайсың? — деп сұрады.
Алматыдан ауылға оралғаныма да небәрі бірер айдың жүзі болғанын, шошаңдап, әрі-бері шапқылай беруім қалай болар екен? Биылша жылы орнымнан қозғалмай, осында қала тұрайын да, тағысын тағы көре жатармыз дегенді айттым.
Кәкең:
— О жағын, енді өзің біл. Мен, әйтеуір, сен “Лениншіл жасқа” өкпелеп кетті ме деп, өзімізде орын болып жатқан соң.., шақырып тұрғаным ғой, — деді.
Мен ағама көптен-көп рахметімді жаудырып, өз пікірімде қала бердім. Алматыдан алыстап кеткен мені ұмытпай, есіне алып, іздестіріп жүрген адамға ішім жылып, елжірей разы болғанымның да несін жасырайын.
... Араға бірер жыл салып барып, ақыры сол “Жетісу” газетіне меншікті тілші болып орналастым да, Кәкеңнің тікелей қарамағына көштім. Газет редакторы Әбдуәли Қарағұлов болғанымен, редакцияның ішкі жұмыстарының бәрі дерлік Кәкеңнің қолынан өтетіні байқалатын.
Мен Алакөл, Андреев, Сарқант аудандары бойынша меншікті тілші едім. Меншікті тілшіде маза деген болмайды екен. Редакцияда істейтін жігіттердің әрқайсысы-ақ сені өзіне ғана меншіктеп алып, шетінен өктем сөйлеп, бастық болғысы келеді. Үйіп-төгіп тапсырмалар беріп жатады. Біріне үлгеріп, біріне үлгермей қаласың. Айтқанды тез орындай қоймадың деп дігерлеп, кейде тіпті қоқан-лоқы жасап та “бол-болдың” астына ала діңкеңді құртатындары және бар. Соларға шыдамай, біреулерімен жүз шайысып та қалып, бірде Кәкеңнің өзіне шағымдандым.
— Жігіттердің ондайы бар, — деді Кәкең сабырмен, — бірақ сен олар айтты екен деп алашапқын болып жүгіре берме. Тасемен ағаңмен (хат және тілшілер бөлімінің меңгерушісі) келісіп ал да, айлық, тоқсандық жоспар жасап, сол бойынша жұмыс істе. Ісің де сонда өнімді болады, жігіттердің айқайынан да құтыласың.
Тұп-тура солай істедім. Енді бірін тыңдап, бірін тыңдамай өз бетіммен жұмыс жүргізе бастаған соң ба, кім білсін, әйтеуір бұрынғыдай дігерлеп, дікеңдей бермей, редакциядағы өзім сияқты жас жігіттер де мені жайына қалдырып еді.
Мәрия екеуміз үй болып, отау көтергелі жатқанда да соны әлдекімдер арқылы естіп-білген Кәкең біздің үйге телефон соғып еді: “Оу, Сәкен, құтты болсын бәрі. Тойыңа бізді шақырмаушы ма едің?” — деген. “Сіздер келесіздер ме?” — деп сұраппын ғой мен бейбақ. “Е, шақырсаң — неге бармаймыз, барамыз”, — деп күлді о кісі.
Тағы да бірер күннен соң Кәкеңнің өзі телефон шалып:
— Сенің тойыңа ішіп-жеуден де, сөз сөйлеу жағынан да алдарына жан салмайтын екі азаматты жіберіп отырмыз, бәріміз қатыспады деп өкпелеме, — дегені де бар еді.
Сөйтіп біздің үйлену тойымызға газет редакторының Кәкеңнен кейінгі орынбасары Сарбас Ақтаев пен әлгінде айтқан Тасемен Жүсіповтер редакция атынан сый-сияпаттарымен келіп, қатысып қайтқан болатын. Аты-жөні көпшілікке әлі мәлім бола қоймаған жас азаматтың ел ішіндегі мерейін ойлап, бәріне бас-көз болып жүрген тағы да сол Кәкімжан ағам еді.
Осы бір тұста Талдықорған өз алдына қайтадан дербес шаңырақ көтеріп, Алматы облысынан бөлініп шықты да, мен қайда баруды білмей Кәкеңе тағы телефон соғып едім.
— Сәкен, — деген Кәкең, — егер бізге, аппаратқа келем десең, орның әзір, осы қазір-ақ приказ (бұйрық) бергізем. Бірақ баспана жағы қалай болар екен? Өзің жаңа үйленген жігітсің, ерлі-зайыптылар арасындағы сызат та кейде сол баспана жетіспеуінен туындап жататын еді. Қабырғаңмен кеңес, ойлан. Талдықорғанға редактор болып Баянжан Мәдиев барғалы жатыр. Сені жақсы біледі, мен де айтып қоярмын. Онда барсаң пәтер мәселесі де тезірек шешіліп қалуы мүмкін. Қысқасы, өзің ойланып, өзің шеш.
Мен де алды-артымды ойлана келе, Талдықорғанға табан тірегенім дұрыс болатын шығар-ау деп ұйғардым.
Соның артынша Кәкімжан аға партияның Орталық Комитетіне жауапты қызметке ауысты да, сондағы Сапар Байжанов екеуі Талдықорғанға соғып, жаңа ұйымдасып жатқан облыстық газет қызметкерлерімен кездесу өткізгендері де есте қалыпты.
Өз басыма үйіп-төгіп жақсылық жасай қойып еді десем, сірә, жалған айтқандық болып шығар еді, бірақ ұдайы ғана мені де, мен сияқты Қастек Баянбаев, Сайын Мұратбеков, Тұрсынзада Есімжановтарды, өзінен екі-үш жас қана кіші Құдаш Мұқашев, Әділбек Абайділдановтарды көзінен таса қылмай, бірімізден бірімізді сұрастырып, іздестіріп, қамқор қолын созғысы келіп жүретіні аңғарылып тұрушы еді. Қайсысына қаншалық шарапаты тиді, о жағын енді... сол аттары аталған азаматтардың өз іштері білетін шығар. Кесіп-пішіп ештеңе дей алмаймын.
Жасыратыны жоқ, кісінің бітім-болмысын, қадір-қасиетін көбіне-көп өз басымызға жасаған жақсылығымен ғана өлшегіміз келіп тұратын пенделігіміз де бар ғой, сол Кәкең кейін Орталық Комитет хатшылығына көтерілген кезде де бірден көмек қолын соза қоймады деп, сырттай реніш білдіре, бұртиып жүретіндеріміз болған.
Сонау бір жылы Қара теңіздің Кавказ жағындағы Пицундада демалып жатып, сонда кезіккен Хайдолла Тілемісов ағамнан:
— Кәкеңмен арадан қыл өтпес дос сияқты едіңіз, қазір қалайсыздар? — деп сұрап қалғаным бар.
Хайдекең марқұм, не керек, адал да аяулы жақсының бірі еді. Менің сұрағымның арғы астарын айтқызбай аңғарып, күле түсіп отырды да:
— Қазір сирегірек ұшырасамыз. Кәкімжан, өзің білесің, тез өрлеп, биіктеп кетті де, жан-жағына қарайлай беруге мұршасы болмай барады-ау деймін, — деп бір қойған.
— Жолыға қалсаңыз, ол кісіге айтып қойыңызшы, — дедім мен Хайдекеңе, — соңында біз сияқты сенімді інілері барын да ұмытып кетпей, бұрынғыдай қарайлай жүрсін деп.
— Жарайды, жолықсам — айтайын, — деген Хайдекең.
Алматыда тағы бір кезіккенде Хайдекең:
— Сәлеміңді жеткіздім Кәкімжанға, — ол да елеңдеп, “Әй, ол тентек ішу жағын қайтты екен? Жағдайы қалай өзінің?” — деп сұрап жатты дегені бар.
— Иә, сосын, — деймін ғой мен елеңдеп.
— Сәкен арақ ішпек түгілі, темекінің өзін де тастағалы жүр деп айттым, — деді Хайдекең.
— Дұрыс айтқан екенсіз.
Кәкімжан ағамның ішу жағын сұрауында да мән бар еді. Бірер жыл бұрын Кеңес жазушыларының Қазақстандағы онкүндігі өткен болатын. Біздің де Жазушылар одағында қызмет істейтін кезіміз, сол онкүндік аяқталарда Үкімет атынан берілген қорытынды банкетке шақырылған едік. Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров және басқа бірер замандастарым бар, ұзын-ұзын столдардың бірінің шет жағын ала жайғасып едік. Менің қарама-қарсымда сол кезгі партия қызметінде жүрген Тельман Сауранбеков, одан төрге қарай Кәкең мен Шериаздан Елеукенов отырған. Кәкеңнің ҚазТАГ-та директор кезі. Банкетті күллі кеңес жазушыларының басшысы Георгий Марков пен Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашевтар басқарған. Қолды-аяққа тұрмай зыр жүгірген даяшылар көбіміз көре де қоймаған тағам түрінің жеті атасын тасып, әркімнің қалауымен алдымыздағы рөмкелерге арақ пен шараптың да түр-түрін толтырумен әлек. Төмендегі төрт-бесеуміздің кім сөйлеп, кім қойып жатқанында жұмысымыз да болмады-ау деймін, өзімізге сөз тимейтінін білдік те, бір-бірімізге ымдасып, жымдасып, алдымыздағы үлкен-кіші ыдыстарды босатумен әуре болғанбыз. Әсіресе рөмкелер жағының түбін қаға төңкере бердік пе, немене, соның бәрін көз қиығымен бағып-қағып отыр екен, әлгі қылдырықтай рөмкенің тағы бірін шалқая түсіп аузыма апара берген маған қарап, Кәкең қабағын түйе:
— Не көрінді-ей, саған! — деп күңк ете түскені. Даусы зілді шықты. Қақалып-шашалып мен қалдым.
Жақтырмағаны бесенеден белгілі еді, ішімді тарта қойдым. Бірақ болары болып, бояуы сіңіп дегендей, той да аяқталып қалған еді, амал қанша.
Сірә, Кәкең мен жайлы сұрағанда Хайдекеңе соны меңзеген болуы керек.
Бірде мен қызмет істеп жүрген “Жазушы” баспасының іші аяқ-асты дүрлігісіп, абыр-сабыр болды да қалды. Орталық Комитеттің хатшысы бастап, Баспаком төрағасы қостап дегендей, бір топ басшылар Баспа үйін аралап көруге келе жатыр екен. Кабинет, столдарыңды тәртіпке келтіріп, тазалап, әрі-бері сапырылыспай, тыныш қана орындарыңнан тапжылмай отырыңдар деген тапсырма алып жатырмыз.
Басқаларын қайдам, біздің баспа орналасқан бесінші қабатта мүлгіген тыныштық деген болмайтын. Келімді-кетімді авторлар да көп, шетінен басқан жері сықырлаған әйгілі жазушылар, баспа жұмысының реті де солай, ұзыннан ұзақ созылып жатқан дәліз бойы ұдайы ғана қайшыласқан адамнан босамаушы еді. Соның бәрін біле тұра осынша әбігерге түсірген белсенділерге қарата: “Осынша көзбояушылықтың қажеті қанша?” — деп мен әлек. “Сен-ақ бүйректен сирақ шығармай жүрмейді екенсің, өзің білші”, — деп белсенділер ренжиді.
Бір кезде әлгі дәліздің баспа директоры отыратын басынан бастап қаздай тізіле қатар түзеп келе жатқан басшылардың қарасы да көрінді-ау. Тізбек алдында Кәкімжан Қазыбаев, одан бір иық кем Шериаздан Елеукенов болып, солардың соңына ілескен кілең ғана шенділер мен шекпенділерден тұратын қалың нөкер.
Манағы белсенділердің: “Ойбай, бірде-бірің дәлізге шығушы болмаңдар!” деген тыйымына қарамай, мен өз кабинетімнің есігінің алдында соларға қарап тұр едім, дәл қасымнан өте бере әлгі қалың нөпірдің алдында жіті адымдап келе жатқан Кәкімжан ағам мені көріп, жалт бұрылды да:
— Сәкен, амансың ба? Хал-күй қалай? — деп қол беріп амандасты. Оның істегенін мені танитын, танымайтын басқалары да айнытпай қайталады.
Мен де: “Бұрылар ма екен, болмаса бас изеп өте шығар ма екен?” — деп әдейі тұр едім. Соны сезгендей, Кәкеңнің әдейі мойын бұрып, қолымды алғанына ішім жылып-ақ қалды. “Ұлық болсаң — кішік бол” — деген де осы шығар-ау, сірә, деп те ойладым.
... Кәкеңмен соңғы рет 1989 жылдың қоңыр күзінде Мәскеуде, сондағы өзіміздің тұрақты өкілдіктің қонақ үйінде кезігіп қалып едім. Мен баспалдақпен төменге түсіп бара жатқамын, Кәкімжан ағам жоғары өрлеп келеді екен, қарама-қарсы ұшыраса кеттік. Жік-жапар бола амандасқан сол жерде бірер ауыз тіл айқастырып та қалдық. Кәкең Парижден келе жатыр екен. Көңілі орнықты көрінген.
— Қасымда Мағауин Мұхтар бар, ол қазір Әдебиетшілердің Орталық үйіне кетті де, мен демалайын деп бөлмеме бара жатыр едім, — деді Кәкең. — Бұл бір айта жүрерліктей әйдік сапар болды. Парижде бізді Франция президенті Миттеранның өзі қабылдады. Үлкен әсермен оралып келеміз.
“Бөлмеге жүр, әңгімелесейік” — дер ме екен деп дәмеленіп-ақ тұр едім, олай дей қоймады. Сол сыпайы қалпында жылы қоштасып, әрқайсымыз өз жөнімізге кете бергеміз.
Сол қонақ үйдің асханасында тағы да бірер рет кездейсоқ ұшырасып қалып, ол кісіні кезекке тұрғызбай тамақ тасып беріп жүрдім. Көкеміз көп ашыла қойған жоқ. Әңгімеміз де отбасылық оны-мұныдан ұзамай, үзіліп қала беріп еді.
Бұл — Кәкеңнің ОК хатшылығынан кетіп, “Қазақстан коммунисі” журналында бас редактор болып жүрген кезі болатын...
Жарты айға жетті ме, жетпеді ме, әйтеуір, мен Алматыға орала бергенде қарсы алдымнан Кәкеңнің қайтыс болғаны жайлы қаралы хабар да сумаң етіп шыға келіп еді.
Күллі қала қимай қоштасып, жылап-еңірей жүріп, соңғы сапарына шығарып салғанбыз. Соңындағы адал жар, азамат болған балалары мен том-том кітаптары да аңырап қала беріп еді...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі