«Қош, Қалдарбек, қайран дос! Осыдан бес-алты жыл бұрын оңтүстік өңірдің бірінде өткен ұлы дүбір мереке кезіндегі 50-60 ат қосылған аламан бәйгеде алдына қара салмастан оқ бойы озық келе жатқан қас жүйріктің мәреге таяй бере қиқуласқан алқалы көптің көз алдында қара жерді сүзе барып созыла ұшып түскенін көрген едік. “Қап, әттеген-ай, зорығып кетті-ау!” — деп аһ ұрған еді сонда жөн білетіндер. “Мұндай да сұмдық бола береді екен-ау!” — деп біз де сонда әлгі арғымақтың оқыс қазасына таңырқай тұра қатты күйзелген болатынбыз.
Қалдарбек Найманбайұлының ақтық демі үзілді деген хабарды естігенде ойыма осы оқиға оралған. Тетелестері мен теңдестері, қаламдастары мен замандастары арасынан оза шығып, өмір бойына алда келе жатқан азамат, аз арыстың бірі еді ол. Досымыз еді, үзеңгілес, үндес жолдасымыз болатын. Жер басып жүрген былайғы барлық пенделерше біздің де бірде арамыз алыстап, бірде жұп жаза алмай жақындап, бірде сыйыспаған, бірде қиыспаған қалпымызда, бірде сыйласпай, тағы бірде қимастай болып қатар тірлік кешіп келе жатқан жайымыз бар еді. Кешелер ғана, яғни шілденің соңғы күндерінде Жаркент өңірінде өткен Ә.Қастеев мерейтойына да қомақты бір топ болып бірге барып, бірге жүріп, бір-бірімізге әзіл-оспақ, өкпе-наз, базына айтысып, қалжыңдаса қажасып қайтып едік-ау.
“Ауырып жатыр екен” — деген емеурінді ести сала әз ағаларының бірі Тұманбай, іні досы Қуанышбай болып үшеуміз көңіл сұрасақ деген ниетпен емханаға іздеп барғанбыз. Бала-шаға, жекжат-жұрағат түгел ғана қасында екен, реанимация бөлімінде тілсіз жатқан Қалдарбекті күзетумен күндіз-түні көз ілмей, бір Алладан медеу тілеп отырғандарының үстінен шықтық. Солармен бірге қамығып, қолдан келер дәрмен жоқ, тілекке тілек қосып, көзіміз жасаурай, көңіліміз аласапыран алмағайып күй кешіп, күн батқанша үнсіз отырып, құлазып қайтқанбыз.
Тағдыр деген сол, жазмыштан озмыш жоқ. Бір жалт етіп өте шыққан жалған деген де сол. Кеше ғана арамызда аңқылдап жүрген, ақ алмастай жарқылдап жүрген Қалдарбегіміз де қас-қағым сәтте өте шықты дүниеден.
Иманың кәміл, жатқан жерің жәннат болсын, қадірлі дос, қимас жан! Сен бізге керек едің-ау! Еліңе де, жеріңе де керек едің!
Сүйген жар, сүйікті ұлдарыңа, немерелер, ағайын-дос, жекжат-жұрағатқа керек едің! Күллі дүние қазақтарына керек едің сен! Амал қанша, ажалға дауа жоқ екен! Алдыңнан жарылқасын, қош бол, Қалдарбек, қайран дос!»
Қалдарбек қазасы үстінде күйзеле, күңірене отырып қағаз бетіне түсірген сөздерім осы еді. Сол күні басқа да көптеген қазанамалармен бірге “Қазақ әдебиеті” газетінің бетінде жарияланған да болатын. Кейін Қалдарбектің жақын достарының бірі Тілек Дәулетов өзі құрастырған “Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі” аталатын естелік кітабына да осы қалпында қосқан екен.
Осынау бір шағын ғана қоштасу сөзімізден-ақ аңғарылып қалып жатқандай, Қалдарбек екеуміздің арамыздан қыл өтпестей тату-тәтті тірлік кешіп едік, шәй десіп көрген жоқ едік десем, оған бізді жақсы білетіндердің ешқайсысы нанбаған болар еді де, білмейтіндердің өздері де илана қоймас еді. Өйткені, Қалдарбек болса үнемі ат үстінен түспей өткен азамат еді де, ондай кісілердің бойына жүре келе бітетін басынан сөз асырмау деген де бір кеселді әдеттер болып тұратыны белгілі. Оның үстіне бір терінің пұшпағын қатар илесіп жүрген екі адамның арасында “әрі тарт, бері тарттың” болмай тұрмайтынын да екінің бірі біледі емес пе. Менің де құдай сүйер қылығым аздау болар, бәлки, кім білген, өзімдікін жөн көрген жерде керісе кетуге, кергілесе кетуге даяр тұратыным да жоқ емес. Мінездің сондай да бір ала-құлалығынан да болар, кейінгі кезде бір баспада қатар істеудің салқыны да тиген шығар, әйтеуір жап-жақсы жарасымды келе жатқан тірлік аяқ асты нілдей бұзылып, бір атым насыбайдан қалатын дос көңілге сызат түсіріп ала беруші едік. Бұл жағдай әсіресе Қалдарбектің “Жазушы” баспасына бастық бола қалған тұстарында жиі қайталана берді де, арамыздағы ықылас-пейіл, қарым-қатынас дегенің біресе бұрынғыдай бар қызу-қауқарымен аспанға атыла лапылдай жанып, енді бірде бықсып барып сөне жаздайтын бөгесінге де душар бола берген.
Сондықтан да, ащы да болса ашығы жақсы шығар-ау деген мақсатпен, Қалдарбек жайлы көңілде жүрген ойымды бояма-бүкпесіз, бұдыры болса да, бұлдыры жоқ шындық тұрғысынан өрбітуді ұйғарып едім. Шындықтың аты — Шындық, ол әйтеуір, біз білетін көлгірсу атаулының бәрінен биігірек тұратынын білемін. Таза пейіл адамның көңіл ауаны ұдайы солай қарай бұра беретіні де содан.
Арамыз әлгіндей әлсін-әлсін үзіліп барып, бұзылып барып қайта жалғанып жүрген тұстардың бірінде екеумізді де жақсы білетін Еркінбай Әкімқұловтың: “Осы сен екеуіңнің достықтарыңа түсінбеймін, сені жұрт “Жазушы” баспасынан Қалдарбекке қатты ренжіп кетті десіп жүр, ал кейде екеуіңнің жұп жазбай жүргендеріңді және көріп қаламыз. Түсінсем бұйырмасын...” — дегені де содан болуы керек.
І
Айтса айтқандай, 1988 жылдың соңын ала мен қызмет істеп жүрген “Жазушы” баспасына директор болып аяқ асты Қалдарбек келе қалды. Бұған дейінгі сатиралық “Ара” (“Шмель”) журналын қалай басқарғанынан хабарым жоқ, әйтеуір баспа жұмысы оның өз стихиясы екендігі бірден байқалған. Әй-шайға қаратпай келе сала игеріп-иіріп алды да кетті. Оның үстіне бұл бір марксизм-ленинизмнің де тоны тоза бастаған, кеңестік дәуірдің де керегесі сықырлай түскен кезең еді. Бұрынғыдай бұлжымас тәртіп, жоғары жақтың қатаң бақылауы атаулының да арқауы босаңси бастағаны байқалып қалып жататын. Әркімнің өз қабілет-қауқарына қарай, икем-игеруіне орай құлашын кеңге салып, еркінірек қимылдауына да мүмкіндік туа бастаған сыңайлы еді... Бір жағынан бұл кезде «нарық» деп атлатын сұғанақ пәлеңіз де тілін сумаңдатып қойып, ел ішіне, біздің тұрмыс-тіршілігіміздің бәріне әр тұстан-ақ сұғына кіріп келе жатқан болатын. Дәл осы кезде ғой, Талдықорған жаққа бара жатқан бір сапарымызда Қалдарбектің маған: “Сәкен, осы менің күнім енді туып келе жатыр-ау деймін, қалай дейсің?” — дейтіні. Бұл сауалдың ар жағында не жатқанын аңғаруға ол кезгі менің өрем жетінкірей қоймады-ау деймін, сөз аяғы сол жерде жұтылып қала берген-тін.
Сол бір “Жазушы” баспасына директор болып келген күндердің бірінде алдына барған маған:
— Бұл баспада сенен жақын адамым жоқ менің. Ескі досымсың, енді бірге қызмет істейтін болдық. Басымыздың бірігіп жүргені де жақсы ғой, солай емес пе? — деген еді ол.
Әңгімені өзі бастап отырғасын мен де тартынбай:
— Жұмабаевтың тұсында менің ұсыныс-пікірімнің 60 пайызы жүзеге асушы еді. Сайын соны 50 пайызға түсіріп, Марал досым қайта көтерген болатын. Сенің тұсыңда қалай болар екен? — деп те сұрап қалып едім.
Қалдарбек өз әдетінше шалқалай түсіп, қарқылдап күлген болатын.
— Шұрқ етпе, бұдан әрі айтқаныңның бәрі де орындалатын болады,— деген сосын барып байыппен.
Әрине, достық — достықпен, жұмыстың аты жұмыс. Кіммен қызметтес болсаң да, қай басшының қарамағында жүрсең де ең алдымен “әй, кәпір” атандыртпайтын өз абыройыңның жайын ойлайсың ғой. Мен де сол дағдыма бағып, етек-жеңімді жинақы ұстауға, өзіме тиесілі міндетіме ие болуға тырысып-ақ бақтым. Мен білетін Қалдарбек болса, кездейсоқ жауға бере қоймас, өзі де маған баяғыдан бері үнемі іш тартып жүретін еді ғой деген ойға біржола табан тіреп, беки түскен болатынмын.
Олай ойлауыма Қалдарбектің өз басыма жасаған тікелей жақсылықтары да себеп болды-ау деймін.
Бұдан бұрын да әлденеше рет айтып та, жазып та жүрген сөзім ғой, көпшілік есіне тағы да бір сала кетсем, артық бола қоймас, сонау бір “Жалын” баспасында директор болып жүрген кезінде күн сайын бір есіктен кіріп, бір есіктен шыға жүре Қалдарбекпен жиі-жиі ұшырасып қала беруші едік. Қарсы келіп қалғанда немесе лифтіге қатарласа мінген сәттерде ол көбіне-көп: “Хал қалай?” — деп сұрайтын еді менен. “Сол баяғы... орташа тірлік қой”,— дейтін едім мен. Ылғи да атүсті асығыс, өз ойымен өзі болып жүретін Қалдарбекке менің халімнің қалай екендігін біле қою шарт та емес еді, әйтеуір сәлемдесу рәсімі үстінде сөз болсын деп сұрай салғаны ғой деп те ойлайтынмын. Оның үстіне мен сияқты басқа да қатарластарынан бұрынырақ атқа мініп, әртүрлі үлкенді-кішілі лауазымдар құлағын ұстап үйреніп қалған Қалдарбектің біз сияқтыларға жоғарыдан қарай бастағаны да сезіліп қалушы еді, сол тұрғыдағы тіл айқастыруы ғой деп жөніме кете беретінмін.
Ал аса бір асығыс емес сәттерінде менің қасымда азды-кем аялдап: “Сенің халің осы неге ғана ұдайы орташа ғана болады?” — деп те сұрап қалатын. Ондайда мен де әңгіме аяғын әзілге бұрып: «Жақсы» десем жұрт күндей бастайды, «жаман» десем «өзіңе де сол керек» деп, жүндей бастайды. Ал «орташа ғой» десем: «Е, өзімізден артылып кете қоймапты ғой» деп жайыма қалдырады» — дейтінмін. Қарқылдап бір күліп алатын да, ол да мені жөніме қалдырып, кете беретін.
Бірде Қалдарбектің кабинетіне кірсем, қасында баспаның бас редакторы Бексұлтан Нұржекеұлы бар, екеуі кезекті жылдың тақырыптық жоспарын қарап жатқан үстерінен түстім.
— Менің де бір кітабымды жоспарға кіргізіп беріндерші, осындай төрт көздерің түгел отырғанда, — деп қолқа сала қойдым.
— Кітабынды жоспарға кіргізсек, бұдан кейін «халім орташа» дегенді қоясың ба? — деді Қалдарбек күле отырып. Әрине, онысы маған мысықтың тышқанмен ойнағаны сияқты көрінді.
— Әрине, кітабым шықса,— халім жақсармай қайтуші еді? — дедім мен.
— Көлемі қанша? — деп Қалдарбек қаламын қолына алып, жазуға оңтайланды.
— Екеуің де күндік жерге көлеңкелерің түсетін ірі жігітсіңдер, жеке-жеке алдарыңа барсам әрқайсың бір бес баспа табақтан көлем берер едіңдер ғой, ал мынандай екеуің қатар отырғанда он баспа табақтан кем сұрағаным ұят болар,— деп жатырмын мен де екеуіне көпшікті қалыңдай төсеп.
Қалдарбек тартына беріп еді, Бексұлтан тұрып:
— Бәрібір даяр өлеңі жоқ, жуық маңда қолжазбасын әкеле қоймас, кітабын жазып біткенше кім бар, кім жоқ, сұраған он баспа табағын жаза салайық та, — деді.
— Қолжазбаңды қашан тапсырасың? — деді Қалдарбек.
— Курортқа жүрейін деп жатыр едім, алдын-ала шарт жасасып, қаламақысының 25 пайызын бере тұрмайсыңдар ма? — деп жатырмын мен де енді еркіндеу қимылдап.
— Онда уәде былай болсын, — деп еді Қалдарбек, — қолжазбаңды әкеліп тапсырған күні сұраған сомаңды берейік. Қалай дейсің? — деп Бексұлтанға қараған.
Бексұлтан болса жаңағы сөзін қайталап:
— Бір жол өлеңі жоғын білем ғой, ондай көлемде өткізгенше қай заман, көрерміз, — деген де қойған.
Қойшы, сонымен не керек, әлгі кітабым сол мен айтқан көлемде жоспарға тұрақтап бекіді де, енді ұятқа қалмау үшін амалсыз күндіз-түні отырып өлең жазуға тура келген. “Бел-белес” дейтін жыр кітабым ойда жоқта осылай туды да, 1985 жылы жарық көрді. Өзіме әлі күнге ыстық, сүйкімді кітап. Қалтама бұрынғыдан қомақтырақ ақшаның түсуін де, ақынмын-ау деген сезімнің көкірекке көбірек ұялай бастауын да өз басым үнемі осы кітабыммен байланыстыра беретінім бар. Бұл — Қалдарбектің маған деп жасаған таза жақсылықтарының бірі еді.
Қалдарбектің серілік һәм серкелік қырлары хақында оның қасына көп ерген, кісілігі мен кішілігін үлгі тұтып есейген рухани інісі — ақын Есенғали да жазған екен, біз де көзіміз көріп, көңілімізге түйгенімізді қайталап айтамыз, тірісінде мәрт мінез жігіттік дейсің бе, жігітшілік дейсің бе, әйтеуір осы жағынан оның алдына түсе қойсақ-ау дегенді ешқайсымыз ойлаған да емеспіз. “Жалын” баспасын құрудың басы-қасында жүрген, өзі соның тұңғыш директоры болған Қабдікәрім Ыдырысов біз үшін қазақы серіліктің сол кезгі үлгісіндей болып көрінетін, ескіден келе жатқан сал-серілердің соңқы тұяғы сияқтанатын. Сол қадірлі Қабекесінің көзін көре қалған, қарауында жүріп көп-көп тәлім, өнеге алған Қалдарбек ұстазынан озған шәкіртше бұл жағынан басқамызға дес бере қоймағанын мойындауға мәжбүрміз. Ол өзі де бірге жүрген аз жыл ішінде Қабекеңнен көп үйренгенін, оның қалауын тауып, қар да жандыра алатын іскерлігін, ұйымдастырғыштығын, кесек-кесек қимыл-қарекетін, азамат ретіндегі алғырлығын үнемі аузынан тастамай, біздерге әңгімелей жүретін де еді. Алғырлық пен алымдылық, тіпті ақылдылық жағынан да алдына жан салмайтын Қалдарбектің мұнысын да жігіттің және бір қыры шығар деп, үндемей ғана тыңдайтынбыз.
— Әр облыста “Жазушы” баспасының күндерін өткізсек қайтеді? Соны ең алдымен Талдықорған облысынан бастасақ деп отырмын. Соны ұйымдастырып, басшылық жасауды өз қолыңа алшы,— деп еді бірде.
Маған көрсетіп жатқан сенімі ғой дедім де, бұл іске бел шеше кірісіп кеттім. Облысты басқарып жүрген, басқарысып жүрген азаматтардың бірқатарына екі-үш реттен телефон соғып, келісіп, күн сайын пысықтай түсіп отырдым. Обалы не, олар да қолдарынан келгенін аянып қалған жоқ.
— Мен қасыма Жекен Қалиевті аламын, республикалық кітапқұмарлар қоғамын басқарады, сол өңірдің азаматы. Сен тағы кімдерді шақырасың, о жағын өзің біл,— деді маған Қалдарбек.
Сағи, Тұманбай, Қайрат, Жүрсіндерден арнайы топ жасақтап, Талдықорған жаққа екі-үш дүркін барып та қайттық. Сол қалада “Жазушы” аталатын кітап дүкенін де ашқанбыз. Баспа шығарған өнімді насихаттау, өткізу, халыққа жеткізу жолындағы жақсы бір қадам осылай да жүзеге аса бастап еді.
Бірақ әлгі айтылған нарықпен бірге Қалдарбек мінезінде де күрт бір өзгерістер бола түскенін аңғармау мүмкін емес еді. Қасына әдебиетке ешқандай қатысы жоқ біреулерді, әлекедей жаланған пысық жігіт-желең мен пысықай қатын-қалашты жинай бастады. Бірер рет оңаша отырып сөйлесіп көріп едім, сөзіме ден қойып, құлағына ілмеді. Әсіресе баспа директорының орынбасары бола қалған бір қатын Қалдарбекке сөзі өтімді болғанға тіпті еркінсіп, басқаларды былай қойғанда, бас редактор Оразбектің де сөзін құлаққа қыстырар болмады, менсінбей, жүре тыңдайтын әдет шығарды. Соның бәрін көре тұра, тыңдай жүре Қалдарбек те оған “қоя-ақ қой!” — деп жақ ашпады. Біз соған ызаландық. Сонда ғой, менің:
Ашудың бұлты жауып шұғылаңды,
білмейсің кімге барып ұрынарды.
Қайдағы тарқ-тарқ күлген тәйтік қатын
тайраңдап төбемізге шығып алды.
Қалдарбек басқа жаққа атын бұрды,
Қағынып-жағынғанды жақын қылды.
Қазақтың жалқы туар ақыны едік,
Қалмай тұр қадіріміз қатын құрлы,
— деп өлең де жазатыным.
Екі-үш шумақтан тұратын бұл өлеңді Қалдарбектің өзіне оқып беріп едім, едәуір шамданып, қызарақтап та қалды. Ауыр сөзге барыспасақ та, арамызға әлдене сызат түсе бастағандай еді. Оны бірден аңғардым. Бірақ айтылар сөз айтылып кетті, енді не істерсің.
Баспаға Марал Ысқақбаев директорлық еткен тұстан бері жеке иемденіп келе жатқан кішігірім кабинетім бар еді. Ара-тұра кіріп-шығып жүргенде Қалдарбек:
— Қасыңа Тұрғанды отырғызсақ қайтеді? — дейтінді шығарды.
Тұрған Тохтамов — осындағы ұйғыр редакциясын басқаратын. Ол азарда-безер болып, “өз орнымда, өз қызметкерлеріммен бірге отыра берейінге” көшті.
— Ендеше Тортайды отырғыз,— деді тағы бірде.
Тортай Сәдуақасов мен басқаратын бөлімнің қызметкері болатын. Ол да ат тонын ала қашты: “Сол үйренген ортамда отыра берейінші, аға!” — деп, көнгісі келмеді.
Бұл кезде (1991 жылдың күзі ғой деймін) Қалдарбек Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшылығына сайланып, қазіргі Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып та үлгерген еді. Соны мегзеп:
— Қалеке, үш жерде атшаптырым үш кабинетке ие болып отырсың ғой, осы бір құрқылтайдың ұясындай бөлмеге егін егесің бе, не көрінді сонша тарылып? — деп те қалғаным бар. Ол тағы да көңіліне ауыр алып, ренжіп қалғандай көрінген.
Сол бір әредікте Қалдарбек екеуміздің кітап тарату жөнінде қатар отырып теледидардан сұхбат бергеніміз де бар еді. Сол хабарды бірге көріп отырған кенже балам: “Мына кісі неге сізге соншалық жек көре қарайды?” — деп еді біртүрлі тіксініп.
Өзіме де солай көрінгесін, ертесінде әлгі жәйтті Қалдарбекке айттым. Ол өзі де байқаған екен. “Әй, сірә, шаршап жүргендікі-ау деймін, өзім де ыңғайсызданып қалдым, көңіліңе алма, қайтесің!” — дегені бар-тын.
Осы және бұдан басқа да әртүрлі реніш-өкпелер жинала беріп, бұдан әргі қызметтің қиюы кете бастаған соң мен де ойлана келе аштан өліп, көштен қала қоймаспын, есім барда елімді табайын деп, бір күні Оразбек арқылы шығармаларымның екі томдығына шарт жасаттырып алдым да, он бес жыл бауыр басқан баспамнан біржола кетіп тындым.
Қалдарбек те мені іздей қоймады. Мен де одан алысырақ жүруге тырысып, бір жарым жылдай уақыт өткізіп алдым-ау деймін, бір күні ертелетіп ол маған өзі телефон соқты. “Қазір саған Қасымды (жүргізушісі) жіберем, маған келіп кетші»,— деді.
Мен әлденені сылтаурата бастап едім, ол: “Қасым барып та қалған шығар, келіп кет!” — деп қысқа қайырды тағы да.
Әне-міне дегенше Қасым да есік қақты. “Қалағам сізді қайткенде де алып кел, деп жіберді. Жүріңіз, аға”,— деп ол да болмады.
Барсам, Қалдарбектің қасында Уақап Қыдырханов бар екен, кешірім сұрап, онымен қоштасты да, біз оңаша қала бергенбіз.
Сол күні оның кабинетінен күн еңкейе шықтық-ау деймін...
— Қай жақтан сіңген сөз екенін білмеймін, орыста бір “эйфория” деген ұғым бар, Сәкен,— деген еді сонда Қалдарбек, — қазақшаласақ — арғы жағында астамдық па, асқандық па, көңілдің әлдене табысқа бола лепіре шалқуы ма, білмеймін, мен де жоқ жерден сол эйфория шалығына ұрынғанмын-ау деймін. Әйтпесе, сол бір шағын кабинетті саған қимастай не көрініпті. Өзім де әлі күнге дейін соның ұшығына шыға алар емеспін. Бәрін ұмытайықшы, замандаспыз ғой, қатар жүрейікші бұрынғыдай.
Мен не дейін. Жалпы Қалдарбекке өкпелеп те болмайтын еді. Кейде бір әлгіндей ішке сыймас қылығы үшін ызадан жарылардай болып, жағадан ала кетуге таяп қалып, алдына баратыным болушы еді. Ол соны күндік жерден сезе қояды да, алды-артыңды түгел орап, жаймашуақтандыра, мәймөңкелей келе өзіңді таза жұбатып, мүлдеп разы қылып жіберер еді. Риза болатының соншалық, ыржия күліп кетіп бара жатып, былай шыға ойлайтын ең: “Оу, осы мен не үшін келіп едім, не бітірдім өзі, не тындырдым?!” — деп. Сонда ғана барып Қалдарбекке емес, өзіңе-өзің ренжитінсің. Өзіңді өзің жейтінсің. Әлгі бір әңгімеден кейін, жаңағы жаймашуақ әзілден кейін қайта кіжініп бармайсың ғой алдына.
Осы мәндес тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. 1999 жылы ол мені Түркияға ертіп алып барды. Он шақты адам едік. Өзімен бірге Қазақ қауымдастығында істейтін Сұлтанәлі, Қайсар сияқты жігіттер, сырттан қосылған тек Қажымхан Мәсімов дейтін, бұрыннан бізге етене таныс, тағы бір досы бар. Түрік жерін он күн жүріп асықпай еркін араладық.
Стамбул, Измир, Салихли сияқты үлкен-кіші қалалардың бәрін араладық. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп, маған бәрі қызық еді. Қалдарбек мұнда да өз ауылында жүргендей алшаңдай басады екен. Тобымызбен барып көптеген қазақ, түрік үйлерінде қонақта болдық. Өзін жекелей шақырған тамыр-таныстарының үйлеріне де мені қасынан қалдырмай ертіп барып жүрді.
Алматыға ертең қайтамыз деген күні ол мені бір адамдарға қосып, өзіміз түскен қонақүйге жеткізіп салуды тапсырды да: “Мен ертең ерте барам саған, тырп етпей мені тосып отыра бер, асықпай бірер сағат дүкен аралап, бала-шағаға сәлем-сауқат аламыз да, әуежайға тартамыз”,— деп, өзі қалып қойған.
Ертесінде мен оны сарылып ал кеп күтейін. Дүкен аралау қайда, тамақ ішуге де бара алмадық. Шығып кетсем, ол мені іздеп қалатындай көрінеді. Өз басым бес жасар балаға да уәде берсем, соны бұлжытпай орындауды парыз санайтын адаммын.
Сәске болды, түс болды, күн екіндіге ауып барады. Сол кезде барып: “Ал, кеттік, дайынсың ба, әуежайға тартамыз?!”, — деп Қалдарбегім келіп тұр. Қасында оны шығарып салып жүрген бір топ түрік, қазағы бар екен, жайымен тұрмай менің дегбірімді алып барады. “Ау, сенің кешегі уәдең қайда? — деймін мен ашуға булығып. — Бала-шағаға тәберік те ала алмай, күні бойғы менің аш отырысым мынау”. Оның ойына түк кіріп шығар емес. Ренжітіп алдым-ау, бұл да өзім секілді әжептәуір кісі еді-ау деген ой қаперінде жоқ. Әуежайға жеткенше де, одан кейін де ләм-мим десіп, тіс жарған жоқпыз. Өкпем қара қазандай. Сол жерден уақ-түйек ол-пұл сатып алдым да, серіктеріме ілесе ұшаққа отырдым.
Біз мінген ұшақ Ақтау арқылы ұшады екен. Сонда сәл-пәл аялдап, ұшаққа қайта мінгенде, Қалдарбек алдыңғы жақта отырған менің қасыма келіп жайғасты. Қолында ораулы әрденелері бар екен, бір шөлмек “Смирнов” арағын, тіске басар тағы бірдеңелерін алып, аузын аша бастады. Алды-артымды орап, арқамнан қаға отырып, кінәсін жуып-шайғандай пиғыл танытқасын, қайда барайын, мен тағы да жайылып сала бердім. Мана қонақүйде отырып, ол жоқта өзіне арнап жазған өлеңім бар еді, енді соны оқып бердім. Өлеңді бірге отырып тыңдаған Қажымхан Мәсімов жан қалтасына салып алып, бермей қойды. Есімде тек:
Ішетін жігіт едім ас таңдатып,
Ұшқаны осы ма әлде бастан бақыт, —
Қалдарбек мені тастап қайда кеттің,
Жатырмын Стамбулда аштан қатып?!
Әкеліп салып мені үй қасына,
Жоқ болды қимасы да, сыйласы да,
Ержанның “Смирновын” ішпеуші едім,
Қор болдым Түркияның “бирасына”.
Бұл күнде қарын да сау, қалта да сау,
Қалдарбек, досың ем ғой тарпаң, асау.
Бүгінгі қара қазан қалың өкпем,
Тай сойып берем бесең тарқамас-ау!
деген бірер шумағы ғана қалыпты. Мұндағы аты аталған Ержан деген жігіт сол Қауымдастық атынан бізбен сапарлас болып барған азаматтардың бірі де, “Смирнов” сол кезгі арақтың түрі, ал “бира” деп түрікте сыраны айтады екен. Сірә, алманнан ауысқан сөз болса керек.
Ұшақтың ішінде әлгі шөлмекті тауысқанша Қалдарбек өз өмірінен едәуір хикаят шерткен. Сонда барып мен оның “Қоштасқым келмейді”, “Таңертеңнен түске дейін”, “Көкем екеуміз” дейтін шығармаларын тереңдей түсіне түскендей болғанмын. Және бір байқағаным, егер Қалдарбектін өзіне-өзі көңілі бір толмаса — дәл осы шығармашылығы тұрғысынан толмады ғой деймін. Өйткені ол қаншама ашыла сырласып отырғанда да өз кітаптары жайында сөз қозғамайтын. Басқамыз болсақ зәуде бір жазған-сызғандарымыз жариялана қалғанда жұмыртқа тапқан мекиенше күрбиіп, “осыны жұрт көрді ме екен, оқыды ме екен, не дер екен?” — деп, қыт-қыттап та бітеміз ғой. Ол болса тіпті басқалар турасындағы әңгімеге де еріксіз араласа қалған күннің өзінде азды-кем пікір айтып, сөз қосып қалар еді де, өзі туралы ешқашан “менде де мыналар бар, мыналар бар” деп, көзге ұруға әсте үздіге қоймайтын.
Әйтпеген күнде, оның жазушылығы да өз тұстастарының ешқайсысынан кем түсіп жатпағанын достары да, дос еместері де әлдеқашан мойындап қойған-ды. Сонау бір жылдары Мұхтар Мағауин екеуміз Тарас Шевченконың 175 жылдығын тойласуға Украинаға барып, азды күн сапарлас болғанымыз бар еді. Сондағы бір сөздің ретіне қарай мен Мұхтардан: “Осы Қалдарбекпен жақын жүресің ғой, жазушылығын қалай бағалайсың соның?” — деп сұрай салғаным бар еді. Сонда жөпшендіні бойына шақ көре қоймайтын Мұхтар: «Қалайы жоқ, бұл жақсы жазушы, өз беті, өзіндік стилі, өзгеге ұқсамайтын қолтаңбасы бар» — дегенді кесіп айтқан болатын.
Кейін Қалдарбек шығармаларын оқи жүріп мен де оның қиыннан қиыстырар шеберлігіне, нысанаға алған тақырыбын барынша еркін игере отырып, оқиғаның қисынын бұлыңғыр, бұлдырсыз таба білетіндігіне де тәнті бола түскенім бар еді.
Ол мені Қытайдағы Үрімжі, Құлжа қалаларына ертіп апарды, Талдықорған өңірін онды-солды еркін-ақ араладық, бірнеше дүркін оның туған облысы — Шымкентте де болдық. Сонда қай қалаға бармасын, қай үйге кірмесін — Қалдарбекті дәйім ғана хан көтеріп алып жатқан елді көруші едік. Қазақта: «Ағайынға қадірім жоқ — бетімді көреді» — деген де бір сөз бар ғой. Қалдарбектің өзімен тумалас, тіпті рулас ағайын-достары арасында да аса сыйлы екенін де көре қалған адамдарымыз. 1997 жылы ғой деймін, ол бізді Жетісайға шақырды. Тұманбай Молдағалиев, Бақыт Сарбалаев, Қуанышбай Құрманғалиевтар бар, Шымкенттен Мархабат Байғұт қосылған, үлкен топ болып сол жақта екі-үш күн жүріп қайтып едік. Сонда көзім жеткені, елі де, жері де оны қатты қадірлеп, бағалайды екен. Бұл жерде мен ол киген шапанның санын айтып, темірі бар, түлігі-күлігі бар — мінген тұлпарларының түгін түстеп жатпай-ақ қояйын, сол екі-үш күн бойына Жетісайдың үлкен-кішісі, жақын мандагы аудандардан ат сабылтып келген ағайындардың аста-төк ықылас-пейілін көргендегі дос үшін мақтанышымыздың қаншалық шалқынғанын жеткізе алсам да жетер. Сол кезде Жетісайда мен бұрыннан білетін Байқожа Баязитов дейтін ақын ағамыз тұратын еді, бір оңашалана берген тұста мен со кісіден: « Кешелі бері құрақ ұша қызмет көрсетіп, жар құлағы жастыққа тимей зыр жүгіріп жүрген адамдардың бәрі де Қалдарбектің туыс-тумасы ма?» — деп сұраған едім. Сонда Бәкең: “Бұл жерде оның аса бір қиыспас ет-жақын ағайыны да, екі туып бір қалғаны да жоқ. Осы елдің бес-алты қадірлі ақсақалы бас қосып, ақылдаса келіп: “Арамыздан суырыла шыққан үздік бір ұлымыз ғой, ел емеспіз бе, көңілін осылай да бір көтеріп қоялық та!” десіп бір топ жолдастарымен келіп, ел-жұртымен кездесіп қайтуын сұрағанбыз. Бәрі соның әсері, осындағы бетке шығар ұл-қыздарымызды түп-түгел жұмылдыра жүріп, жасап жатқан шаруамыз, қарағым”,— деген болатын маған.
Мен таңырқағам да қойғамын.
ІІ
Ал оның Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығын құруы да өз алдына тұтас бір әңгімеге өзек болуға жорар еді. Ол турасында бізге дейін де жазғандар көп, бізден кейін де жазыла жатар. Ұңғыл-шұңғылын қаузамай-ақ, өзіміз куәсі болған жағына ғана аялдайық. Қолда бардың өзін ұқсата алмай жатқан ол тұста жоқтан бар жасау, елдің ойына келмеген осындай жаңадан бірлестік құру әсте оңай деп пе едің. Ол да Қалдарбек сынды әрнені алдын-ала болжай білетін сұңғылалардың ғана қолынан келер іс еді. Ол ұйқы-күлкіні, демалыс, тынығу дегенді біржола есінен шығара жүріп, біраз уақытқа тіпті баспадағы ісін де, Жазушылар одағындағы шаруасын да құрбандыққа шала жүріп, ақыры бұл ұйымды да төрт аяғынан тік тұрғыза білді. Өзі де қатты шаршап жүрді. “Баламның өзі: “Папа, жұмыстан басқа да тірліктің қызығы бар емес пе?” — дейді” деп те бір ойды бөліскені бар еді сол кезде.
Бір замандардағы Вл. Маяковскийдің сөзін өз ыңғайымызға орайластыра айтсақ, Қауымдастық десек есімізге Қалдарбек, Қалдарбек десек — сол Қауымдастық түсуші еді ғой. Өйткені ол осында жүріп бастық болудың да, басқара білудің де үлгісін көрсете біліп еді. Бұл Қауымдастықтың қызметі әлі қанша созыларын мен анық кесіп айта алмаймын, сөйтсе де, бұдан әрі бұл ұйымды “Қалдарбек құрған Қауымдастық” атаса да болар еді-ау деп те ойлай беремін кейде мен. Қалай болар еді? Ойланып көргендер бар ма екен?
ІІІ
Қалдарбек екеуміз алғаш рет 1960 жылы сол кезгі “Лениншіл жас” газетінің қара щаңырағы астында танысып, табысқан болатынбыз. Менің бұл редакцияда істей бастағаныма алты-жеті ай болып қалған еді, бұрын ара-тұра жазған-сызғанын алып келіп тұратын Қалдарбек те ақыры бір күні “заңды қызметкер” ретінде қатарымызға қосылған. Ол өзінің сымбатты да сыптығыр түр-тұлға, сыпайы мінезімен біздің арамызға бірден-ақ судай сіңіп, тастай батып жүре берді. Бізде де, көршілес орналасқан басқа да жастар редакцияларында жастары шамалас қыз-бозбала баршылық еді. Ойын-сауық, той-думандарда үнемі бірге жүруге тырысатынбыз. Бойжеткен қыздардың бірі болмаса бірі әрбір сенбі, жексенбі сайын өтірік пе, шын ба, әйтеуір туған күндерін тойлап жататын. Сондай бас қосудан біз де шет қалмайтын едік. Арамызға Қалдарбек келіп қосылғалы бәрінің ұйтқысы да, ұйымдастырушысы да сол болуға айналды.
Топталып кейде киноға, театрларға баратын едік. Онда да алдымызға көсем салып Қалдарбекті ұстаймыз. Билет болмай қалған жерде біздің қызмет куәліктерімізді жинап алады да, ішке кіріп кетіп, бәрін де өзі реттеп жүреді.
Сол кезде редакцияның дәл түбіндегі, кейін “Заңғар” деп аталған орталық әмбебап дүкен ашылған болатын. Қалдарбектің онда да тамыр-таныстары көп, кейде сонда бізді де ертіп алып барып, қоярда-қоймай жүріп көйлек-көншек, сол кездің модасына лайық жаңа галстук алдырады.
Өзі болса әмісе ұзын да ашаң бойына жарасымды костюм-шалбар, инеден жаңа шыққандай көйлек киіп, үнемі галстук тағып жүреді. Жиырмадан жаңа ғана асқан жастар едік қой, бір-бірімізден жөн сұрасып та жатпайтынбыз. Бірақ Қалдарбектің үсті-басына, жүріс-тұрысына қарап: “Әй, не де болса колхоз бастығы ма, басқа ма, ауқатты біреудің баласысың-ау!” деп ойлайтын едік.
Қалдарбек көп жазатын. Сала-құлаш етіп әкелген мақалаларын бөлім бастықтары кейде көбірек күзеп те жіберетін еді. Сондайда оның тыз ете қызарақтай қалатынын да байқаушы едім. Бірақ онысын көп аңғарта қоймайды, жылы жымиып, әзілге бұрып, сол сәтінде-ақ жаймашуақтандырып жіберетін.
Бір-бірімізді білісіп, сырласа, сыйласа бастаған кезде, бір жылға жетпей әлдене себеппен мен елге кетіп қалдым да, ол кезде “кімді көрсең бәрі дос”, жаңа орта, жаңа таныстар табылып, өткенді ұмыттырып та жібергендей еді.
Араға оннан астам жыл салып, Алматыға қайта оралғанда Қалдарбек “Білім және еңбек” журналының бас редакторы екен. Бір күні Жазушылар одағы алдынан ойда-жоқта ұшыраса кетті. Астында автокөлігі бар екен. Мен әлі Талдықорғаннан көшіп келе алмай, “Алматы” қонақүйін паналап жүргенмін. “Жүр, апарып салайын” — деді Қалдарбек, — “Оу, міне, тиіп тұр ғой, әуреленіп қайтесің, жаяу-ақ барам” дегеніме қарамай қасына отырғызып алып, жатын жайыма алып келді. Көлігін қайырып жіберді де, екеуміз ауқаттанып алайық деп, дәмханаға бұрылғанбыз...
Байқаймын, бұл кезде ол әбден ысылған, жүріс-тұрысы бұрынғыдан да шираған, басшы болуға лайық келбетті жүзіне сұстың да, сестің де бояуы қалың жұға бастаған сақа жігіт болыпты. Маған ұқсап бірден ішкі сырын ақтарып, ашыла қойған жоқ. “Қайта оралғаның жақсы болған екен, “қайда жүр, неғып жүр?” деп ара-тұра ойлап та қоюшы едім, енді кезігіп тұратын болдық” — дегенді айтты.
ІҮ
Содан кейінгі тірлігі ол арамыздан кеткенше көз алдымызда өтіп еді десе де болғандай.
Жоғарыдағы әңгімелерден де аңғарылып қалып жатқан шығар, ара-тұра азды-кем жүз шайысып, арамыз алшақтай түскеннің өзінде де ол қашан болсын маған көмек қолын созып, жәрдемге келуден қашқалақтаған емес. Тіпті сонау бір жылдары мен Халық депутаттығына сайланарда әлденеше рет астыма көлігін беріп, қасыма бірде Қасым Қайсенов ағамызды, бірде Әмина Нұғманова апайымызды, тағы бірде Нүкеш Бәдіғұлов пен Исраил Сапарбайды қосып, соңынан өзі де қадағалап, жанашыр, жанкүйеріме айналып еді. Алғашқы бір турдан кейін жетімсіздеу дауыс алып қалған мен: “Енді сол жаққа бармай-ақ, қорытындысын Алматыда жатып-ақ күтсем қайтеді?” дегенімде: “О не дегенің, бастамау керек еді, бастаған екенсің ақырына дейін күресіп бағу керек. Бет көрсе — жүз ұялады, сайлаушыларыңның жанынан табыл!” — деп мені болмай отырып жолға салып жіберген. Сол сайлау өтетін күні Қалдарбек пен Бексұлтан Оңтүстік Кореядан қайтқан екен. “Ұшақ үстінде отырып оқтын-оқтын: “Бүгін Сәкеннің сайлауы еді, қалай болды екен?” деп айта берді”,— деп еді кейін маған Бексұлтан Нұржекеев.
Ол — романтик те, реалист те еді. Сондықтан да, соңы сиырқұйымшақтана барып сұйылып кететін уәдені де лақ еткізе көп беретін. Сол уәде үдесінен шыға алмай, өзі содан да қысылып, сырғақтай берген кезінде оған өкпелеушілер де көбейе түсетін. Өзіміз де сөйткенбіз. Бір емес, бірнеше мәрте.
Соңғы бір рет өзім алпыс жасқа толып жатқан тұста қатты көңілім қалғаны бар. Себебін тарқатып жатпай-ақ қояйын. Оған куә Қуанышбай Құрманғали мен Тілек Дәулетов еді, бұл жолы ол мені тіптен тығырыққа тірей жаздаған. Көрместей болып кетіп, бірер жылдан соң ғана барып, қайта қалыбымызға келгендей болғанбыз. Әлгі Еркінбайдың айтып жүргені де сол тұстағы әңгімелер еді ғой.
Қалай дегенмен де, Қалдарбек заманынан оза туған сирек азаматтардың бірі еді. Көбімізден-ақ төбесі биік тұратын. Бәрінен де бұрын жан-дүниесі таза азамат еді.
Қалдарбек жайында айтарым көп-ақ қой, бәрі бір мақала ауқымына сия да қояр түрі көрінбейді. Сондықтан әңгіме соңын тағы да бір қайыра татуласқанда өзіне оқып берген, 1996 жылы маусым айында жазылған арнау өлеңіммен аяқтасам деп отырмын.
Сал да Сен,
Сері де Сен,
Серке де Сен,
Жал да Сен,
Жая да Сен,
Желке де Сен.
Атағың алты алаштан әрі асып бір,
бойыңа жарасып тұр еркелесең.
Шенді де,
шекпенді де,
шешен де Сен.
Кім қарсы — нөсерлесең,
өсем десең.
Бір сырлы, сегіз қырлы жігіт-ақ боп,
танылып болдың әбден осы елге Сен!
Топ бастар төре де Сен,
төрде — Көсем,
Алдыңды Ақжайықтан кем демес ем.
“Ақылы көл-дария,
көңілі көктем,
Кемеңгер досым бар!” — деп мен де бөсем.
Тартпаған бойы аласа, ойы бәсең,
Кескекті кесек ердің сойы да Сен.
Аспаннан мың бір пәле жаусадағы
Қадірлер халқың барда —
мойыма Сен!
Қарсы алар қайда барсаң жұрт елеңдеп,
Сен кірер ақсарайлар... күркеден көп.
Ысырып кедергіні иығыңмен,
Көрмедің биігіңнен бір төмендеп.
Сыйлысың балаға да, нар ағаға,
Күйлісің қалада да, далада да.
“Қадірлі Қалдарбек!” — деп қарсы алады,
қай елді, қанша жерді аралама.
Көл де Сен, көлде жүзер кеме де Сен,
(көлшікті мен өзім де елемес ем),
Самғай бер биігіңде, Қадірлі дос,
Біз үшін Сен керексің неге десең!,
— деп аяқталар еді ол өлең.
Қайталап айтсам, қатарымызда, қасымызда Қалдарбектің жүруі керек-ақ еді! Жиі-жиі жоқтай беретініміз де содан.
Өйткені, оның орны ойсырап қана қала берген болатын...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі