(Қадыр Мырза Әлидің 60 жылдығына орай)
Алпысқа толып отырған айтулы тойы үстінде Қадекеңе арнап жылы бір жүрек сөзін айтқым-ақ келіп еді. Біраз қырын білем ғой, сырына да қанық шығармын деп ойлағам. Бірге туып, біте қайнаспасақ та, екі күннің бірінде кездесіп жүргенбіз, көп-көп әңгіме-сұхбат та құрғанбыз. Қырық жыл бойына жазғандарының бәрін қалт жібермей оқып, оқып қана емес, көп сөзін көңілге тоқып та жүрген құрбыластарының бірімін, тұрғылас інімін.
Әйтсе де, "әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың" кебін киіп, жөпелдемеде аузыма жөнді сөз түспей және қиналып отырған жайым бар.
Шынында Қадыр Мырза Эли туралы не айтуға болады өзі? Айтылмаған, жазылмаған қандай сөз қалды? Оның үстіне, бүгінгідей мерейтой үстінде үлкен-кіші деместен қаламдастарының бәрі де оған деген жүрекжарды ыстық сөздерін айтып, ықылас-пейіл білдіріп жатқан кезде. Жарасқан ініміздің кезінде Ғафу ағасына қарата айтқан әзілін Қадекеңе орай қолданар болсақ, қазір "радионы басып қалсаң да, теледидарды ашып қалсаң да Қадекең" болып тұрғанда, мен айтар түк қалмағандай көрінеді екен.
Көп дүрмегіне ілесіп, құр мақтау, құрғақ марапаттау Қадырға қажет бола да қоймас, бүкіл шығармашылық жолына шолу жасауды мақсат тұтқан зерттеуші не баяндамашы да емеспін. Ендеше, не деуім керек?
Ақындығын айтпақпын ба? Оны жұрттың бәрі біледі. Қазір Қадырдан танымал, Қадырдан көп оқылатын ақын, әй, білмеймін, бұл қазақ ішінде кем де кем шығар-ау. Сонау алғашқы қылдырықтай-қылдырықтай "Көктем", "Жаңғалақтардан" бастап, қазіргі молыққан, толыққан том-том қалың қарын кітаптарына дейін түгелдей ел-жұрттың қолында. Ұл-қыз демей, қазақтың бәрі ақынның өзін де, орнықты сөзін де жақсы көріп түсініп, жалықпай оқып, жаппай жаттап келеді.
Жаттау дегеннен шығады, осы қазір менің алдымда Қадыр Мырзалиевтің бір де бір кітабы не ол жайында анықтама материал жоқ. Бірақ ойда қалған үзінділері, жеке шумақ, жекелеген жолдары менмұндалап әр тұстан бой көрсетіп алдымнан шыға келеді, қайта жаңғырып еске түсе береді.
Осыдан қырық жылға жуық бұрын ауыл мектебінде бала оқытқаным бар еді. Сонда оқулықтан тыс болса да, өзім білетін ақын-жазушылар шығармаларын сабақ арасына сыналай кіргізіп, ұғындырып, шәкірттеріме түсіндіріп жүретінмін. Қадырдың балаларға арналып жазылған ит жөніндегі бір өлеңіндегі:
Білмеймін бұрыс кім, дұрыс кім,
Әйтеуір, мен итке итсің деп ұрыстым,
дейтін жолдарына мәз бола күліп, әрі қарай мәнерлеп оқып беретін едім. "Күрес" деп аталатын өлеңін балалар тіпті сахнаға лайықтап:
— Бәсе, бәсе, о мықтым!
— Қақ түбінен тобықтың! —
деп белдесе жүріп кезектесіп айтатын. Өлеңдерін сол кезде жаттап өскен, жетесіне құйып алған әлгі балалар Қадыр есімін өлсе есінен шығарар ма. Оған осы ауыл-қаладағы қандай бір ірілі-уақ басқосуларда "Ақын Қадыр айтқандай..." деп мысалдар келтіріп жатқан сан алуан әңгіменің де күні бүгінге дейін куәсі болып келе жатырмыз. Балалар ақыны ретінде кемеліне келіп толып-пісіп алып, әйгілі "Дала дидары", "Бұл-бұл бағынан" кейін оқырманы ең көп озық ақынға айналған да осы Қадыр Мырза Әли болатын. Ендеше, оның ақындығы жайлы айтам деп ауыз ауыртып жатудың өзі басы артық шаруа, бос әурешілік сияқты болып көрінеді де тұрады маған.
Қадырдың атақ-даңқы туралы сөз етуіміз керек пе?
Бұл күнде аты Алашты аралап кеткен Қадыр Мырза Әлидің атағына да, даңқына да жұрт әбден қанық. Советтік Қазақстанда бар атақ пен сыйдың қандайынан болса да Қадыр құралақан қалып көрген жоқ еді. Өз құрдасы Тұманбай Молдағалиев екеуі қатарласа сілтесіп жүріп, бір үйдің егіз екі баласындай жарыса жүріп, ақын-жазушыларға берілетін сыйлықтардың бәрін де иемденген. О жағына да бұл екеуі әбден үйреніп алған. Қадыр сыйлық алса — Тұманбайды, Тұманбай алса — Қадырды іздейтін болған. Біріне тиген сыйлық екіншісіне тимесе, өкпелеп қалатындай көрініп, бәйгеден екеуінің атының қатар келетініне етіміз әбден үйреніп алған. Қадыр Мырза Әли Республика Парламентіне екі дүркін депутат болып сайланды. Тұманбай да бірер ұмтылып барып, бұл жағынан аты озбасын білді ме, түрікке барып Физули сыйлығын жеке өзі иемденіп қайтқан болатын.
Бүгінде екеуі жасы алпысқа қатар келіп, тағы да қатарласа тойлап жатыр. Бұл жағынан да екеуі жарасымды бәсекеге түскендей. "Нысап сайын береке" дегенді ескерсек, атқарған қызметі мен тындырған жұмысына лайық құрметпен, қошеметпен де Қадыр әзір алдына жан салмай келеді.
Қадырдың шығармашылық шеберлігін айтсам ба?
Шебер болмаса, әр сөзі, әр кітабы жұрт аузында жүрер ме еді! Оның үстіне, өз басым әдеби шаруада Қадырдан асқан рационалист ақынды көрген емеспін. Әр кітабы алдын ала ойластырылған мөлшермен бүге-шігесі, бұрышы мен қуысына дейін милиметрлік дәлдікпен өлшеніп, қиюы келісіп, жымдаса жарасып шыға келеді. Бұл жағынан Қадыр маған ұзақ жылдар бойына жалықпай, жатпай-тұрмай, белгілі бір келісті қала құрылысын аяқтауға арналған сәулетші сияқтанады. Бір үйді көркем етіп әркім-ақ тұрғыза алуы мүмкін. Ал біреуі биік, біреуі аласа демесең, біреуі ауқымды, біреуінің ауқымы тар демесең, шетінен келісімі келіскен біркелкі сәнді үйлерден тұратын шаһар салып шығу бір сәулетшінің маңдайына дара бұйырар-ақ бак бола қоймас еді.
Қадыр шығармаларының ұзын ырғасына ой жібере отырып, өнердегі осындай озық үлгісін еріксіз мойындауға тура келеді. Талантты ақын не жазса да, иін қандыра жақсы жазады ғой. Қадыр қолынан шыққан сын кітабы да, пьесалары мен ән текстері де әлгі қалалық құрылыстың кемшін жерін толтырып, үйлесімді болып шығуына ерекше рең бере түсу үшін үйлестірілген айшықты жиһазға ұқсап тұратыны да сол талант, сол шашаусыз, ысырап-шығынсыз пайдаланылған дарын қуатының арқасы деп білем.
Кісілік қасиеті жөнінде әңгімелеймін бе?
Ісі мен қылығы қабыспай жататын қаламгерлер де көптеп табылады. Ал Қадырға қарап ақындық пен азаматтықтың, азаматтық пен адамгершіліктің ара-жігін ажырату қиын. Өзгені білмеймін, өз басым Қадыр ақынның әдеби ортада жиі болып тұратын дау-дамайға араласып, әріптестерімен қызыл өңеш айтыс-тартысқа барғанын немесе біреудің сойылын соғам деп солақай тартып, солқылдақтыққа басқанын көрген емеспін. Бұл күнде ұтымды әзіл, ұрымтал тұстағы тапқыр айтқыштығының өзі аңызға қарай ойыса бастаған ақынның бұл да бір өзгеде жоқ сирек жақсы қыры ма деп танимын.
Басқалар да біле жүрсін, Қадырдың әділ айтылған пікірге, достық ниетке тоқтай білер мінезінің де барлығын айта кетсем деп отырмын. Әйгілі "Күміс қоңырау" кітабы толықтырылып қайта бастырылып шығатын болды да, пікір жазу үшін қолжазбаны баспа маған тапсырды. Кемел бол, қанша жерден кемеңгер бол, қалам ұстаған адамда кемшілік кетпей тұра ма. Қолжазбаны оқи отырып, осы тұсы олқы жатыр-ау деген жеріне көбірек шұқшиып, отыз-қырық ескертпе жасағаным есімде. Менікі де әсіре білгіштіктен емес, жақсы дүние одан ары жарқырай түссе екен деген ізгі ниеттен туған достық ықылас еді. Соны Қадекең дұрыс түсінді. Басқа біреу болса, шамданып, жалған намысқа басып, ерін бауырына ала тулар ма еді. Қадекең өйткен жоқ, әлгі пікірлердің бәрімен санасып, қайта қарап, шығармасын өңдеп, жөндеп барып, қолжазбасын баспаға ұсынды.
— Енді ілік іздегендер болса, саған жіберем, жауабын өзің бересің, — деді маған тағы да әзілдеп.
Талантты адам тар болмайды дей тұрсақ та, өз басым баспада істеп жүріп мұндай шын ниетке шамданбай, үлкен ірілікпен ұға білу үлгісін Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков және осы Қадыр Мырза Әлиден көрген болатынмын.
Әрбір танымал ақын сияқты Қадыр айналасында да үбір-шүбір болып, қай-қашан бір топ талантты жастар жүреді. Бірі қамқорлығына құмартса, бірі тікелей өзіне еліктеп өскен шәкірттері. Осыдан көп жыл бұрын Қадырдың сондай шәкірттерінің біріне, бірі болғанда да, жұрт аузына ілігіп, мен болдым-ақ деп кеуде ұра бастаған біріне Қадырды әдейі жамандап көргенім бар. Үлкен ағаларының қасында қаншама қыт-қыттап жүрсе де, солардың бір мінін айта бастасаң, өзіңнен асыра мінеп шыға келетін жастарды да көріп жүрміз. Әлгі жігітке Қадырды қарсы қоя сөйлеп: "Сен тұрғанда, Қадыр да ақын болып па, енді біраздан соң қалпақпен қағып алатын түрің бар ғой", — деп қасақана астына көпшік қоя көтермелеп көрдім. Жоқ, мұсылман екен. Ойланып тұрып, басын шайқады да: "Жо-жоқ, Қадекең мықты ғой. Ақындығы да, азаматтығы да!" — деп бет бақтырмады. Бұл да Қадыр ақынның көп елге беймәлім бір қыры еді.
Әрбір адал қаламгер (егер графоман болмаса) өз деңгейі, өз дәрежесін анық мөлшерлей алады. Қадыр да жеткен шыңы мен жетер шамасын, не істеп, не қойып жүргенін менен артық біледі ғой деп ойлаймын. Оның үстіне, мақтауға да аса бір зәру жан емес. Біздікі бұл жерде тек алпысқа толып отырған осынау ардагер ақынға деген достық көңілімізді білдіріп, нұры бұдан да таси беруі үшін жақсылығын айтып қалу рәсімі ғана еді...
Алпыс деген аса бір алынбас қамал көрінбейді ғой. Әрі қарай да алқынбай бара беріңіз. Қадыр абыройы — халық абыройы, Қадеке, деп сөзімізді тәмәмдағымыз келеді.
1995 ж
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі