Басқа да барлық үлкен-кіші замандастары сияқты мен де Жүрсін Ермановты ең алғаш ақын ретінде, ақын болғанда да баяғы Маяковскийге қарата: "Босағада тұрмады, төрге ұмтылды" — деп Қасым Аманжолов айтқандай, бірден-ақ буыны бекіп, бұғанасы қатайған қалпында өз үні, өз әуенімен қатарымызға келіп қосылған талантты жастың бірі ретінде таны ғанмын. Әу дегеннен-ақ өз тұстастары арасынан суырыла алға шығып, ойлы да орнықты сыры, бедерлі де бейнелі жырымен қазақ поэзиясы сарбаздарының сапына екпіндей келп кірген дарынды жастың сол жылдарғы жүрдек те жүйрік қалам алысы мен қанат қағысына қызыға қарағанмын. Сондай-ақ оның оқта-текте бұрыла соғып, бұрқырата бір өтетін әдеби сын-пікірлері де алдыңғылар қатарындағы бізді елеңдетпей қойған жоқ. Алғашқы аяқ алысынан-ақ алысқа сілтер кең тыныс, алқынбас демді аңғарған болатынбыз. Кесіп айтар, келістіріп айтар жастың кесімді байлам, өзіндік оқшау тұжырымдарын бас изей отырып, риясыз қабылдағанбыз.
Сөйтіп біреулерді үркіте, біреулерді үміттендіре келген Жүрсіннен біз сияқты жыр сүйер қауым бірсыпыра жылдар бойына көз жазып та қалғандай едік. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарын орталай ол біржола айтыс өнерін өрістету жағына қарай ойысты да, өз стихиясы — поэзия ауылына ат басын оқта-текте ғана бұратын дағды шығарған. Ауық-ауық болса да газет-журнал беттерінен көңіліңді дүр еткізе өлеңдете көрініп қоятын дәмді де нәрлі жырларын оқып: "Е, жазып жүр екен ғой!" — дейтінбіз де қоятынбыз. Менің өзім де алдындағы ағалығымды бетперде етіп, жолыққан жерде оған: "Әй, бала, сені халқың әуелгіде ақын ретінде танып-біліп еді ғой, әлі де сол ойда, айтыс-айтыс деп жүріп асыл жырдан көз жазып қалып жүрме" — деп бірер peт ескерткенім бар-тұғын. Қарсы дау айтуды қажет деп білмеген тұстардағы дағдысы бойынша ол жымия күліп, бір мырс ететін де, үнсіз қала беретін... Өткен жылдың аяғына таман Талдықорған қаласында тағы бір басымыз түйісе қалғанда Жүрсін маған өзінің жаңадан баспадан шыққан, әлі бояуы құрғап та үлгермеген су жаңа "Құдіретке жүгіну" деп аталатын кітабын сыйға тартты. Әдемі мұқабамен көмкеріліп, жақсы безендірілген кітаптың сыртқы пішімі көз тартарлықтай-ақ көрікті екен. Көз жауын алып тұр десе де болғандай. Баяғы үміт, кейінгі күдік бар, итжығыс түсе бере ме деп, оңаша бір қалған тұста кітап бетін парақтай бастадым. Біздің осы бір күйге душар болатынымызды алдын-ала сезгендей, автордың өзі де қысқа ғана беташар-бағыт сөзінде: "Ұят дейтін бір кінәз, нәпсі дейтін бір кесел — арбасады да жатады. Содан ба екен, қанағаттың шапаны мен қияметтің кебінін мен алдымен өзіме өлшеп көремін. Назары сұсты бір құдірет жазғанымды жырттыра береді, кітабымды кідірте береді. Алпысқа келгенінше бар жазғаны бір томға жетер-жетпес өлең болған Абай аға да көкжелкемнен қарайды да тұрады. Ол кісі де қатал-ақ! Осылайша бар мен жоқтың, от пен судың арасында қапылған шамшыл шайырдың тым болмаса бір шумақ өлең, тым болмаса бір қайырым сөзі талғампаз оқушының таңдайын жібітуге жараса жетті деп үміттің шырағын үрлегеннен басқа, құдіретке жүгінгеннен басқа не шара бар?!" — деп күмәнді ойды сейілте отырып, ағынан жарылыпты. Адалын айтыпты. Өзіне де, сөзіне де ыждағат, әрбір лебізіне ұдайы жоғарыдан қарап дағдыланған, жауапкершілік дегенді мейлінше жете сезінген адамның ғана аузынан шығатын сөз еді бұл. Біздің әлгіндегі бір пікіріміздің де алдын алғандай, өлең алдымен:
Қаламды әкел, қарманып жазайын жыр,
Жаным төсеп жазғаным азайып жүр, —
деп алады да, одан әрі:
Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып,
Отырамын ішімнен өзім біліп.
Базар баққан бәдіктер ортасында
Кісі де жоқ тұщынар сөзінді ұғып.
Бір күніңнен аумайды бір күніңіз,
Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз.
Саңырауға беретін сәлемдей-ақ,
Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз? —
деп, бар өмір, барша ғұмырын өлең жолына сарп етіп келе жатқан біразымыздың ішіміздегі удай бір ащы болмысты аяусыз ғана алдымызға ақтара салады. Көбіміздің көкейіміздегі күпті ойды дәл басып, өзара үндестік іздейді. Дәл осындай алағайлы сезім ұшқыны өзін-өзі ақынмын деп таныған әрбір екі адамның бірінің басынан ұшырасары күмәнсіз. Осы сарындас өлең менде де бар, біз тұрғылас біраз жақсы ақындарда да көрініс беріп жатады. Жүрсін соны дәл меңзеп, қинала, қидалай отырып, сол бір іштегі арпалыс, алабұртқан ақындық халді шып-шырғасыз шырылдатып алдымызға тартыпты. "Кей топта сөз түсінер кісі аз-ақ, мұндайда өлең айтып бояма мазақ" — дейтін Абай ойымен үндес, ақ сөзіңді тақ көрмес айналаңа деген әлдебір реніш-күмән елес беріп өткендей болады.
Кітапты әрі қарай парақтайық. Ойымызды ірікпей айта отырайық. Өз басым көкірегінді қақ жара буырқанып шығар бұрқақ таза сезімсіз жақсы өлең жазу мүмкін емес деп білемін. Өйткені, сенің де бір сәтке бұйыға қалған көңіліңе қандай да бір қозғау салмайтын, тосыннан тербетіп, тебірентіп барып, толғаныс тудырмайтын, кеудеңе дүлей бір желік ұялатып, желпіндіріп әкетпейтін, сенің де өлең жазуға деген құштарлығыңды оятып, қағып-сілкіп құлшындыра түспейтін өлең-жырдың ешқайсысын өз басым шынайы талантқа тели қоймаған болар едім. Қазақта не көп, өлең жазғыштар көп. Өлең жазғыштар көп болған соң өлең де көп болады. Солардың бәрін болмағанымен біразына көз тоқтатасың, сүйсінбесең де, түйсінбесең де, кей-кейде оқып та шығасың. Былайша қарағанда бәрі де өз орнында сияқты, техникалық тұрғыдан да төрт аяғын тең басып тұрғандай көрінеді, ойы да орнықты дерлік, сыдырта бір оқып шыққанда: "иә, солай-ау" — дегізерлік қауқары да бар ондай өлеңдерге әлі де болса бұрқ етіп қайнар бір екпін, бет шарпыр бір жалын, отты рух, қысқасы бәріміз болып айта беретін динамикалық уыт жетіспей жатады. Оқисың, оқыған жерінде қала береді. Қайта қайырыла қоюға зауқың соға қоймайды. Елтіп, елікпейсің, "баяғы жартас — бір жартас", самарқау, салқын күйде қала бересің. Ендігі жерде ондай өлеңге тәбетің тарта қоюы да екіталай.
Ақыры мақтағасын айтып қалайын деп жатқан түгім жоқ, шындыққа ғана жүгінсем, мен Жүрсіннің өлеңдерінен сол бір өзім күткен динамикалық қуатты, асау ойды топшысымен қағып түсірер тегеурінді тұтастықты аңғардым. Мына кітапты үңіле оқып, ішіне дендей еніп қадағалай қараған адамның бәрі де көп ұзамай менің осы пікіріме қосыла кетеріңе көзім жетеді.
Осыдан біраз бұрын оның "Қасымның үйі" дейтін өлеңін оқығаным бар-тұғын. Бір кезде:
Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тасмаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды! —
деп құдайдың зарын қылып жүріп әрең алған, бәріміз пір тұтып өскен Қасым ақынның үйін кезекті бір құрылыс ыңғайына орай талқанын шығара құлатып жатпай ма. Зілмауыр салмаққа шыдамай қақырай бастаған қабырғаларды көріп іші қан жылаған шарасыз ақын бар күрсінісін "біздің үй Қасым үйінің қасында еді!" — деп аяқтайды екен. Өлең дүниесіне өртке тиген дауылдай болып келіп, опасыз жалғанның біраз опығын жеп өткен сол Қасымға деген жабайы қылыққа күйіне тұрып, іштегі жалынын осылай бұрқ еткізген ақын "өгізге туған күн бұзауға да туады-ау!" — дегендей болады да, сенің де төбеңнен түйіп қалғандай жан-дүниеңді түршіктіре алақұйын күй кештіреді.
Немесе осы сарындас Оралхан Бөкеевке арналған "Мүйіз кесу" өлеңін алайық.
Таудағы елдің таңсықтау салты білем:
Таңертеңгі самалдың салқынымен.
Бұғыларды қораға қамап қойып,
Мүйіздерін кеседі дәл түбінен, —
деп, бұғылы ауылдың маусым айындағы жаппай мүйіз кесу дәстүрін қалтқысыз суреттей келеді де:
Бір ішкеннің екі ішу серті білем,
Құныққандар келеді жер түбінен.
Қаптап кеткен қан ішер қазақтар бар,
Ыстық қанмен айығар дерті кілең, —
деп салып, әрі қарай:
Тағайын деп тұрғам жоқ,
Жоқты кінә
Бұл не дәстүр?
Заманның тоқтығы ма?
... Қуанасың
Қазақтар қағып алар
Қарағайдай мүйізің жоқтығына! —
деп, өлең соңын ащы бір әжуа-мысқылмен тәмамдайды автор.
Тағы да тұла бойың дір ете түседі. Қарағайдай мүйізің жоқ, қатардағы көптің бірі екенің еске түсіп, Құдайға шүкірлік айтып, іштей ғана тәуба етесің.
Осы бір екпінінен жаңылмаған қалпында Жүрсін ақын ерлікті айтып, елдік пен өрлікті жырлай ма, батыр кегін, ақын сертін сөз ете ме, жан-жағын тұтас қарманып, жанын ұғар жан таппай дағдарғасың барып Абайға мұң шаға ма, Райымбек әулиенің басына тәу ете ме, — әйтеуір сол бір көкірек жарған жалынымен, ыстық леп, бет шарпыр қызуын бәсеңдетпеген, іркілмеген арынымен ілгерілей береді.
Айналаға асқақ қарап, төгіле сөйлесе де, кейде бір еңсеңді езе егіле сөйлесе де езінің ішкі әлеміндегі аласапыран алмағайып құбылыстарды шиыршық атыра білетін шебер екенін әр өлеңі сайын дәлелдей түсіп отырады. "Мұхтар Әуезов қабірінің басында жазылған жырлар" аталатын топтамасына құлақ түріп көрелік.
... Теріс мініп тұғырын, тойсыраған,
Үмбетіңіз — тәубаға ой сұраған.
Күдірейтіп жүрсек те жонымызды,
Толар емес орының ойсыраған.
Тұрқың асып тұрғанда көп тұғырдан,
Келмеуші еді шобылар шоқтығыңнан,
Шыбындасақ соларға шұлғып басты,
Бәрі, Мұха, өзіңнің жоқтығыңнан, — дей келіп, ол:
Құрысыншы, бәрі де құрысыншы,
Бірі ақылгөй қазақтың, бірі — сыншы.
Бәрімізге жақсы атты көрінем деп,
Арамтер боп арада жүр үшінші.
... Дандайсыған дәлдүріш данасыңдар,
Жанап кетсең — жабатын жаласы бар.
Иттірліктен іргеңді бөлгің келсе —
Жай табатын жалғыз жер — мола шығар, —
деп тағы да оқыс бұрылыс жасайды. Сенің де жан-дүниең тағы да астаң-кестең болады. Өз жүрегінің әнін ыңылдап, өз көкірегінің күйін шерткен болып отырып-ақ, ол сені де ен-жар оқырман ретінде қалдырмай, ой иірімімен үйіріп, іштегі шеріне біржола ортақтастырып жібергенін аңғармай да қаласың.
Оқырманын ойға жетелейтін мұндай тартымдылық, көздемей айтпайтын мұндай нақтылық, ойына алған әрбір үлкен-кіші детальды ойната білу шеберлігі Жүрсіннің барша жақсы өлеңіне тән құбылыс. "Жақсы өлеңге" дегеннен шығады, осыдан бір жылдай бұрын "Жас қазақ" газетіне берген ақын Ерманның сұхбатына кездейсоқ тап болғаным бар еді. Сонда Жүрсін, "өлеңді жақсы жазып кеттім, жаңа кітабымда 3-4 ортақол өлең болса болар, әйтпесе бәрі де су төгілмес жорғадай суырылып тұрған жырлар" дегендей сөз айтып еді. Мен онысына кешіріммен қарап, ақындық шабыт үстіндегі лепірме көңіл-күйіне балағам да қойғам. "Құдіретке жүгінуді" оқу үстінде байқадым, онда шынында да үш-төрт ортақол өлең болса болып та қалар, бірақ бір қайнауы ішінде кеткен дүмбілез жырлар, қосақ арасында бос жүрген шумақтар, қысқасы, селкеулі жолдар жоқ екендігіне қалың қауымды әбден сендіре аламын. Және де мұның өзі көрінгеннің қолынан келе бермейтін, тек таланттыларға ғана бұйырар сыбаға екенін де еске сала кетпекпін.
Кітаптың тақырып аясы да барынша кең. Сан түрлі ойға жетелейтін, сан алуан өрісті қамтитын, құрылымы да, тұжырымы да қилы-қилы өлеңдер баршылық. Өйткені, өзі де сыншы Жүрсін өзіне келгенде де сол бір сын көзбен қараулы әсте ұмытпайтынға ұқсайды. Өйткені, қаншама бір көз жауын алып тұрар жауһар мен гауһар болғанның өзінде де кілең ғана бір түс, бірыңғай бояу оқыған адамды әйтеуір бір жалықтыра бастайтынын да ол барынша ыждағаттықпен кеңінен ойластырғандай болып көрінеді. Суреткерлік палитрасының ауқымды болып келуі де ақын қолын ұзарта, тілін ұстарта түскен.
"Қара бұлтты жамылып қара жолдың үстінде қарасөзден жаңылып, қара өлеңге түстім бе", — дей отырып, "қаратүнек ойдың да қарғыбауы мойнында" екенін әмісе естен шығармайды. Ақын үшін аса қауіпті дерттің бірі — өзін-өзі қайталау екенін де ол жақсы біледі.
Сөйтеді де өзі жүріп өткен тар жол, тайғақ кешу мен өзгелер таптаурын еткен соқтықпалы соқпақтардың өзінен өзіндік сүрлеу тауып шығуға тырысады. Басқаның ізін баспасам дейді. Содан да ол кітабының әр беті сайын поэтикалық күйтабағын үнемі ауыстырып салып отыруды да әсте ұмытпайды. Күйтабағынан кезекті бір келісті күй ескенде өзі де көтеріліп, өзгенің де еңсесін биіктетіп:
Әлемнің әміршісі секілденіп
Отырам билік құрып патшадайын, —
деп бір түйіп тастап, одан әрі:
Ішіне кіріп алып ойдың қалың,
Еліккен, желіккеннің қойдым бәрін.
Көтерген дүниенің төбесіне,
Тарқама, жыр-жәрмеңке, той-думаным! —
десе, сен де елегізіп, қосыла кеткің келеді. Өйткені, өзің де осындай ойда жүргенінді жақсы білесің. Ақындарды туыстыра түсер тылсым бір түйсік деген болады деуші еді, соның өзі осы болмағай! — деп қала бересің.
Жүрсіннің "Алматыдағы арбакеш" аталатын жай ғана тұрмыстық тақырыптағы шағын ғана бір өлеңі бар. Оны оқи бастап, мұндайды екі күннің бірінде кезіктіріп жүрміз, бізден асып не айта қояр деген де бір күдік қылаң бере көлденеңдей кететінін байқайсың. Әйтсе де оқи бастасаң "асығы алшы түспей ашқарын жүрген адамның арбакеш болып Алматының жарымын тасыған" күйкі тірлігі емес, арғы түбінде кісілік болмысты төмендетпей:
Тек, көңілім, кірленбе,
Білем әзір бағамды,
Жұрт сөз тасып жүргенде
Мен тасыдым адамды, —
дейтін қоғамдық астар жатқанын аңғарар едің. Болымсыздың өзінен боталы түйедей ой тапқан ақын көңіліне тағы риза болар едің.
Осындай өлеңдердің бірі — «Абайға мұң шағу» топтамасындағы "Жиырма теңге".
Абай аға, мен дел-сал болып тұрмын,
Жанарында сенің де толып тұр мұң.
Оқулықтан көретін дидарыңды,
Енді ақшаның бетінен жолықтырдым,
— дей келіп:
Түсінем ғой бәрін де...
Бірақ, аға,
Не бетімді айтамын жыр Анаға?
Енді сені жұмсаймыз шай-пұлға да,
Араққа да жұмсаймыз, сыраға да,
... Сенің құның болғанда жиырма теңге,
Менің құным көк тиын ағайынға!..
— деген түйін жасайды.
Тағы да денең дір ете түскенін аңғарасың.
Осы сарындас төбе шымырлатар қуатымен, шымыр шындығымен, поэтикалық типтілігімен көкейге барып қона қалатын жырлар Жүрсінде аз емес. Ол бәрімізге белгілі тақырыптың өзінен найзағайдай жарқ етер ой тудырып әкетуге шеберленіп алыпты.
Соған орай жыр қаһарманының жан сарайын қалт еткізбей қапысыз сүзетін көркемдік құралдарды орынды қолдануға да машықтанып алған. Бұл кітаптағы қадау-қадау ой ұшқындары осы пікірімізді дәлелдеуге жарап-ақ жатыр. Кешегіні бүгінге сабақтап, бүгінгінің көзімен ертенді ұқтырар тәсіл бар десек, сол кешегі мен бүгінгінің іштей ұғысар, ұласа түсер тамыры болашақты да мезгесе керек-ті.
Соның бәрін тәптіштей тере білетін ақынның басты бір мақсаты — сенің көкірегіңе бұғып жатқан вулканды ояту болса, Жүрсін дәйім ғана соған ұмтылып, ақындық қуат-күшін сол жолға жұмсап бағады.
Адам бойындағы табиғи нышандарға оқушы зейінін аудару арқылы асыл мен жасықтың ара-жігін ашып, нарқы мен парқын саралайды.
Өзі қатты қадірлеп сыйлайтын ақын ағасы Тұманбай Молдағалиевке арнаған "Ұлытаудан оралдым" — дейтін өлеңінде ол:
Бәйгеге жалғыз атын қосып інің,
Оралды Ұлытаудан осы бүгін.
Көңілге қаяу түскен жағдайы бар,
Айырып қасы кімін, досы кімін, —
деп, күні кешелер өзінің халық депутаты болсам ба деп елге барып, тауы шағылып қайтқанын алға тартады да:
Құлансың тауып жүргсн жырақтан нәр,
Деп едің алдыңда, інім, бір ақпан бар.
Шын екен. Мені қайтсін, Мен түгілі
Шалқадан Шоқанды да құлатқандар! —
деп бір тоқтайды. Кейбір пенделік қылықтарға нали отыра, тағы бір тұста кейбір кеуделердегі шайыр болып қалған татты шайып кетіріп, сананы сілкіп алып отыратын от қызулы орнықты ойларға, нұрлы сезімге қарай қайта ойысады. Қалай етсе де көлеңке мен күнгейлердің тізгінін тең ұстап, жақсылықтың бәріне сүйсіндіре де біледі, өмір сәнін кетірер келеңсіз құбылыстарға жирене қарауға дағдыландырады. Жүрсін поэзиясындағы драмалық тартыстың терең идеялық қуат-күші де осында.
Мен білетін Жүрсін "көбік те болса көп болсын" деп, болсын болмасын, оң жамбасына келсін келмесін онды-солды қалам сілтеп, төпелеп ұрып жаза беретін "ақындар" санатынан емес. Әуел бастан-ақ "аз болса да саз болсын" деген қағиданы қадір тұтып, айтары болғанда ғана, лықсып келген ойды ірке алмай, шірей тартқан шабытына шамасы жетпеген тұста ғана барып қолына қалам алатынға ұқсайды. Содан да барып оның әр өлеңі қырық күн бабымен бауырына басып шығарған қыран балапандай шымыр келеді. Көз алдындағы нұрлы бояудың өз басы, өз көңіліне лайықтысын ғана таңдап тауып ала біледі. Сол таңдап алған бояуының өзін келістіріп қана орнымен жұмсап, қымбаттата жағуға автор дарыны бұл жолы да олқылық етпеген. Әлем-жәлем басы артық жамау да, бәрін қамтысам дерлік орынсыз жомарттық та сезілмейді.
Ендеше, қазіргідей кітап шығарғыштар көбейіп берген, газет-журнал беттерінен іліп алары шамалы солғын да сүреңсіз өлеңдерді күн сайын дерлік көре-көре көңіл күпті болып жүрген осынау бір өлара тұста Жүрсін Ерманның "Құдіретке жүгіну" кітабын әлденеше рет оқып шығуым соңғы кезде өзім тындырған бір ғанибет ісім болды дегенді айтып, бүгінгі сөзді осымен тәмамдай тұрғаным жөн шығар.
"Қазақ әдебиеті", 2006 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі