Өлең, жыр, ақындар

Өлеңмен өрілген өмір немесе қайран да біздің Әділбек

Шола қарап алыс-жақын қыр басын,
өр еңсесін биік ұстап тұрғасын,
жақсы көрдім, жақсы көрем, достар, мен
Алатаудың алыпқа тән тұлғасын.
... жарық бола түссінші деп дүние
Күн мен Айды көтеріп тұр иықпен.
... тұрады ылғи қасқайып та қасқарып,
тәкаппарлық тауға ғана жарасқан.
... табындырған аспанды да иіп кеп,
тұр емес пе төбесіне тиіп көк,
өзі ешкімге бас июді білмепті,
сондықтан да көрінеді биік боп.

"Тау" өлеңінен "Жүрегімнің шұғыласы" кітабы 52-бет. "Жазушы" баспасы, 1982 ж.

Осынау бір өлең жолдарынан біз білетін ақын Әділбек Абайділдановтың бүкіл болмыс-бітімі, туабітті табиғи тектілігі, ақырғы деміне дейін айнымай ұстанған бағыт-бағдары, мінезі (міні де) алып-қоспасыз түп-түгел көрініп тұрғандай. Иі қанық өрбір жақсы өлең ақынның өзіне ұқсап тұрады деп жатпаушы ма едік, бұл да соның көзге ұрып тұрған айқын бір дәлелі.

Аумалы-төкпелі дүниеде әр кезең, әрбір дәуірдің өз келбетіне ғана лайық көркем сөзі, сол тұсқа құт боп дарыған құнарлы поэзиясы болады. Бұл ретте еткен ғасырдың екінші жартысы қазақ өлеңі үшін мейлінше құт-берекелі, нағыз ғана ақ түйенің қарны ақтарылып берген жылдар болып еді десек, түк те қателеспейміз. Сол жылдары бірінің өкшесін бірі баса, қатарласа, қапталдаса келіп, "бес жас — бел құрдас" дерлік бір топ сайдың тасындай талантты ақындар Алматыда тоғысып жатты. Бірімен бірі жарысқандай, ауыздығын шайнаған асаудың басымен алысқандай болып әдеби ортаға жан бітіре келген бұл топтың ел көңілін елең еткізбеуі тіпті де мүмкін емес еді. Тоқаш Бердияров, Төлеужан Исмаилов, Ғафу Қайырбеков, Ізтай Мәмбетов, Қабдікәрім Ыдырысов, Еркеш Ибраһим, Әнуарбек Дүйсенбиев, Шәміл Мұқаметжанов, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Оспанхан Әубәкіров, Жұмекен Нәжімеденов, Құдаш Мұқашев, Әділбек Абайділданов, оларға ілесе Бекен Әбдіразақов, Қосжан Мүсірепов, Жүсіп Қыдыров, Төлеген Айбергенов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Сабырхан Асанов, көзі тірілерден Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, осы бір тұста біз де бар болсақ керек, Еркін Ібітанов, Қастек Баянбаев, Өтежан Нұрғалиев, Фариза Оңғарсынова болып, қазақ поэзиясының зеңгір көгіне бір шоғыр жұлдыздай жапырласа барып орналасқан болатын, сол орындарында мәңгі тұрақтап қала да берді.

Бұлар жай келген жоқ, өлең өлкесінің іргесін биіктете, керегесін кеңейте, ауқым-өрісін ұлғайта өсіріп, бұрын-соңды болып көрмеген тың серпін, тегеурінді екпінмен айналаны сәнге бөлеп, сәулеге орап, жарқырата келген еді.

Өлең-жырдың шалқар көшін бастап жүрген ағаларымен ә дегеннен жатсынбай, өгейсімей қоян-қолтық араласты да, өнер жайлауын еркін жайлап шыға келген. Бұл өзі сөз өнерінің қыр-сырына туа қанық, поэзия құпиясын аша түсуге қабілеті молынан жететін тегеурінді де телегей теңіз дарынды қайрат иелері болып шықты. Өлеңді еріккеннің ермегі емес, қоғам мен елге, отан мен жерге қалтқысыз қызмет етудің бірден-бір қапысыз құралы деп біліп, соның барлық азабы мен абыройы, ләззаты мен қапа-мұңы аралас қиын да қызықты, күдерлі де күрделі жолына төзіп-ақ бағармыз деп келген барынша білімді, өнегелі, өнімді әдебиет өкілдері екенін дәлелдей білді.

Сондықтан да олар қазақ поэзиясының күмбезін бұрынғыдан да биіктетіп қана қоймай, ар мен иман, азаматтық пен адамгершілік жолына бойда барын аямай жұмсап, сол арқылы айналасының аузын аштыра, көзін жұмдыра отырып, адам басы айналар өнер шыңына қадау-қадау ту тіккен қайраткер деңгейіне көтеріле біліп еді.

Бүгінгі қазақ поэзиясы толысқан шығар, толған шығар, арғы-бергіні, алыс-жақын өнеге-үлгіні бойына сіңіре қабылдай отырып — тоғайған, молайған шығар, бірақ ең алғаш "тауды бұзып, тасты жара" салынған сол арнадан асып төгіле қойған жоқ, бұлтарыс, бұрылыстарға бөгелмей ілгерілей түсіп келе жатса, ол да сол бір алдыңғы буын ағалар салған қасқа жолдың арқасы. Оны кері дәлелдеп әуре болып жатудың керегі бола қоймасын екінің бірі сезеді де. Мана біз санап өткен ақындардың, іркес-тіркес тұтас бір ұрпақ-буыны салып берген іздің көмескі тартқан, айшығынан айырылып, ажарынан тайған кезі әзірге бола қойған жоқ. Өйткені олар тұла бойына құдайдың өзі дарытқан таланты мен дарынын, қайраты мен қуатын, қабілеті мен қауқарын өз елі, өз жерінің, туған топырағының қасиеті мен қастерін көтере түсуге, атақ-даңқын асыра түсуге аямай жұмсап бақты, соны ғана ғанибет санады.

Бүгінгілері әлі де алдына жан салмай, жүрісінен жаңылмай сол баяғы бағдарды маңдайға алып, алқымы іспестен ілгері тартып-ақ келе жатыр. Ұлт үшін, ұрпақ үшін қапысыз да қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісі де осы еді. Сондықтан да олардың "қырық күн бауырына басып шығарған қыран балапанындай" серіппелі, шымыр шығармалары басқа жаққа көшірсе қалай болатынын қайдам, әйтеуір ең алғаш тамыр жайған тол топырағында солмай, сембей жайқалып, әлі жапырақ жая беретіні анық.

Сол таланттылар тобының кеуде тұсында біз тілге тиек етіп отырған Әділбек Абайділданов сынды ақынның жүргенін әзірше ешкім жоққа шығара алмас деп ойлаймын.

Жоқтан бар жасалынбайды. Ғайыптан тайып ғажайыптың да өз-өзінен пайда бола салмасы хақ. Ендеше Әділбек те екі аяғы салбырап аспаннан түсе қалған жоқ. Талдықорған өңірінің Ақсу, Сарқант жағында дүниеге келіп, алдындағы ақберен ағалары Ілияс Жансүгіров, Қуат Терібаев, Ғали Ормановтардың інжу-маржан жырлары арқылы ауызданып, сол уызынан жарыған қалпында халық ауыз әдебиетінің шын ғажайып үлгілерімен өзгелерден ертерек, сонау бозбала шағында (Лепсі педагогикалық училищесінде) таныса бастайды. Оқығанының бәрін көңілге тоқи жүре, тал бойына сіңіре жүре, қызыға зерттеп, құмарта жаттай жүре өлең өлкесіне қарай ойысты да, келе-келе біржола тұрақтап тұрды да қалды.

Поэзия дегеніміздің өзі тіршілік атаулыны бөле-жарып жатпай қаз-қалпында қабылдай отырып, ұққаның мен түйгенің, жек көргенің мен сүйгеніңді көңіл таразысы арқылы қайта сүзіп шыққандағы жаңадан жан біткен тосын бейнелерден тұрса керек. Өз еліңнің тарихы мен тағдырын, арғысы мен бүгінін ой елегінен өткізіп, уақыт тынысын жан-жүрегіңмен сезінгенде барып көңілдегі көрікті ой қорғасындай қорытылып барып, тосын да тың құбылысқа айналады. Ақын ол құбылысты ет қызуымен отырғанда өзі де сезбей қала беруі ықтимал. Даналық бұлағының бастау көзі, бұрқырап қайнар тұмасы, тәңірі тұтар өнеге деп жүргеніміз де ақыры келіп соған саяды. Алдыңғы толқын ағалар тәжірибесі, ізденісі мен іздері кейінгілер үшін көп үлгі. Әрине, әр мезгілдің бұрынғыға қарағанда артық па, кем бе, әйтеуір бір айырмашылығы, айрықша реңі болуы занды, соған бас қойып, мойынсынғанда барып дәстүр жалғастығы бой көрсетеді. Рухтастық, тақырып аясының ұқсастығы деген де сол арадан шығады.

Мана біз аттарын атап өткен (есімнен шығып кеткендері болса кешірім сұраймын) тұтас бір буын (жас айырмашылықтары 6-7 жыл) өкілдерінің ішінде сол кезгі оқырман назарын өзіне бірден бұрып, шығармашылығының бастапқы кезеңінде айрықша ауызға іліккені де Әділбек Абайділданов болған. Әу баста біздің Әдекең әдеби шаруашылықта да, әлеумет ісінде де аса бір беймаза белсенділік көрсеткен еді. Әсіресе, "Қазақ әдебиеті" газетінің редакциясында қызмет істеген 1959-1962 жылдар аралығында әдеби жанрдың әр саласында өз қабілетін байқап көргенінің куәсіміз.

Әділбек Абайділданов Алматы облысының (бұрынғы Талдықорған) Ақсу, Сарқант өңіріне ортақ азамат. Өйткені ол 1932 жылы дүниеге келген Бақалы ауылы біресе Ақсу, біресе Сарқант ауданына қарап келген болатын. Ақсудағы орта мектепті, Лепсідегі мұғалімдер училищесін, одан соң қазіргі ұлттық университеттің филология факультетін тәмамдаған ол біраз жыл Талдықорған облыстық "Советтік Жетісу" газеті редакциясында абыройлы қызмет етті. Әдебиет ісіне белсене араласуы да осы тұстан басталған.

Айтары жоқ, Әділбек Абайділдановтың жеке бас тағдыры былайғы жұрт үшін соншалық бір қызыға қоярлық қым-қуыт оқиғаға толы, қою да күрделі көрінбеуі де мүмкін. Жоғарыда біз көз жүгірте сүзіп шыққан өмір жолы бір кезгі Александр Блоктың: "У поэта нет карьеры, у поэта — судьба" дейтін тас түйін өлшем-пікіріне де сәйкес келе қоймас. Өлеңнен басқа өз қолымен жазып қалдырған өмірбаяндық деректері де мәз емес көрінеді, жұтаң, жұқа ғана. Қаламдастары мен замандастарының да Әділбек жайлы, оның шығармашылығы турасында көсіліп жазғандары аз, тіпті жоқтың қасы десе де болғандай. Өзі де оған аса бір көңіл қойып, құмартпады, білем, әңгіме арасында "Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап" — дейтін Абай сөзін жиі қолданатын еді. Соның шырмауынан шыға алмай қалса керек-ті. Өзі жайындағы жұрт пікіріне зәрулік таныта қоймауы да содан болар. Бірақ ол ең алдымен Ақын еді. Бәлкім, өзінен үш-төрт жас үлкендігі бар Ғафу, ит көйлекті ғана бұрын тоздырған Мұқағали, екі-үш жас кіші әріптестері Қадыр, Тұманбайлар сияқты айнала аты дүрілдеп шығып, атақ-даңққа бөлене алмаған да, олар шыққан биікке көтеріле қоймаған да болуы мүмкін. Бірақ сөзсіз ақын еді, ақын болғанда да ылдидан салса төсте озар, нағыз көсіле шабар кең тынысты, алымды да қарымды Ақын болатын. Ендеше оның да біз аңғармаған жұмбақ жағы, "ішкі тірлігі" — қамыққан, жабыққан, алданған, дағдарған, үміттенген, күдіктенген, бүлінген, сүрінген шақтары болуы әбден ықтимал. Біз үшін қарадүрсін өмірбаяндық құрғақ мәлімет-деректен гөрі осынау бір жұмбақтау жағы қызығырақ болып көрінеді. Соның бәрін өлеңінен іздеуге тура келеді ендеше.

Түгін де қимай тез өтіп
Кетті де қойды бұл бір түн,
Сыртымнан ғана сөз етіп,
Сөз етіп тағы жүр қыртың, —

деген шумақ астарында да біраз сыр жатқандай.

Басқалар қалай бағалағанын анық кесіп айта алмаймын, ал Талдықорған өңірінен өрбіген біз үшін, яғни соңынан ілесе шыққан Сайын Мұратбеков, Қастек Баянбаев және бірқатар басқаларымыз үшін ең алғашқы әдеби ұстазымыз Әділбек Абайділданов болғаны ақиқат. Қалам күшін әр жанрда жаңа байқап жүрген сол кезгі жап-жас жігіт біздің талабымызға талап, жігерімізге жігер қосып, анық айқын жол сілтеп, сенімімізді ұлғайта түсуге барын салып баққан. Болашағымызға өзі де сеніп, өзімізді де, өзгені де сендіріп, жазғанымызды үсті-үстіне облыстық газет бетінде жариялатып, сол газет арқылы ашық пікірін қоса білдіріп отырды.

Өз басы соншалық талғампаз, аса кіді, кірпияз еді. Кейінгі біздер өзі туралы жаман ойлап қалып жүре ме деуден сақтанатыны әрбір іс-әрекетінен аңғарылып тұратын. Содан да болар, бізді көбірек тыңдап, өз жазғанын оқып беруден тартына беретінін байқайтынбыз.

Біз болсақ оның сонау ең алғашқы жарық көрген шағын ғана "Салтанат" кітабымен-ақ қазақ поэзиясына романтикалық жаңа бір сарын, Ебі желіндей екпіндеп соғар, еркін де соны ырғақ ала келгенін жазбай таныған болатынбыз. "Біз" деп бұл жерде қазақ өлеңін сүйер қалың қауымды айтып отырмын. Өйткені жаңа бір жарқын жағалауға қарай құлашты кеңге сала сілтеп берген жас ақынның өзгеге ұқсамас мәнері, дауыс әуені елдің көбін еріксіз елең еткізгенін білеміз. Сол әуен, толастауды білмеген сол сарын оны үнемі іздендіріп, өсіп-ілгерілеуіне демеу беретін қуат-күшке айналды. Ғұмырының ақырына дейін сол жүрісінен әсте бір жаңылып көрген емес.

"Жер үстіне бір сызат түссе — ол ақын жүрегі арқылы өтеді" — дейтін Гейне сөзін өміріне өзек ете білген ақын өз заман, өз дәуірінің үлп еткен лебіне елеңдеп, дүние дүбірінің ешбірінен сыртқары қала алмады, уақытпен ұдайы ілесіп отыруды мұрат тұтты. Өзін өзі қамшылап, тыным тауып, тыныштық көрмей кетті. Бұл өмірде өлең-жырдан да өзге бір құдірет, басқа да тірлік, рахат пен ләззат бар дегенді есіне де алып көрген жоқ.

Тірлігі тауқыметсіз болған, шығармашылық жолында қым-қуыт кедергіге ұшырамай ғана, кедір-бұдырсыз қатқақпен сыдыртып өте шыққан ақын болыпты дегенді естіген де, көрген де емеспіз. Ондайлар табыла қалғанда да саусақпен санаулы ғана шығар-ау. Әділбек те сол: бірде өртене жанып, бірде өкіне налып ғұмыр кешіп еді.

Адам бойындағы ұсақ пенделік, қыбыр-жыбыр күйкі тірлік, әлсіз, әлжуаз әдет, екіжүзділік атаулымен алысып өтті. Жеңе алмасын біле тұра, қылышы да, құшағы де жете алмасын сезе тұра көзсіз ерлікке барды.

Өзімді өзім жарардай,
Жұлып бір жердей шашымды,
Сөлін де сығып алардай,
Сығымдаймын кеп басымды! —

деп те шамырқанған шақтары болыпты.

Таң болып атамын,
Күн болып батамын,
Сол жолда лапылдап,
Жанам да жатамын! —

дейді енді бірде.

Ойы да ұшқыр, сөзі де уытты болатын еді. Алдын кес-кестеген қауіп-қатер бар-ay деп ойламай қанды шайқасқа кіріп кете беретін баяғының батырларындай-ақ кілең бір көзге көрінбес қас дұшпанымен шайқасып жүргендей әсерге бөлейтін өлеңді де көп жазатын.

... Мұндайда құдайын да тани ма ақын,
Жырымда тұр ғой менің табиғатым,
Лаулаған өртке де енем, серт те берем,
Сен үшін соның бәрі, жамиғатым, —

дейді сосын барып біраз сабасына түскенде.

Аллатағала оған әлемдегі тіршілік тынысын тамыршыдай дәл басып, соның ішінен елеп-екшеп өзіне керегін таңдай білерлік талант, айрықша сезімтал қабілет сыйлап еді. Соны шамасы жеткенше сарқа пайдалануға тырысты. Ірісі бар, ұсағы бар бас-аяғы 11 поэма жазған екен. Бір ақын үшін осы да аз олжа емес, әрине. Сөйте тұра мен үшін оның "Қыран" деп аталатын поэмасының орны ерекше. Бұл өзі кешегі Ілияс Жансүгіров сарынындағы бір дем, бір тыныспен төгіліп түскен, бас-аяғы жұп-жұмыр болып тұтаса шыққан бүтін дүние. Туған жерін сүюдің, елге деген сағыныш-махаббаттың символындай құйыла салған бұл шағын дастанды оқып, кезінде қызықпағанымыз жоқ шығар-ау, сірә.

Әділбек қаламынан туындап, ақынның өзі иман етіп ұстанған поэтикалық әлемнен біз ылғи ғана жылт еткен жақсылыққа қуанып, қылт еткен қиянатқа күйініп шыға келетін кірпияз замандасымыздың болмыс-бітімін көргендей болатын едік.

Шабытты кезде шалқарың кеңіп, әлемде мынау нұр түлеп, селдейсің-ау бір сәуірдің бұлтын сапырып, күндей күркіреп, дидары жаздай қайран да менің қағаздай аппақ далам-ай,

жатасың-ау бір нөсерді күтіп, жыр тілеп, — дейді ол рухтас ағасы Қалижан Бекхожинге арнаған өлеңінде.

Өмірге деген іңкәрлік, жарық дүниеге деген құштарлық, саф таза сұлулыққа сүйсіну ақын шығармаларында ар мен иман өлшеміне ұқсас желі болып тартылып жатады.

От болып кейде, шоқ болып мен де жарқылдап тұрған шақпақ ем,
Отымның бәрін өзгені жылытып отыру үшін жаққан ем,
Жүрегімді қолға шырақ қып ұстап, шырқау да шыңға шығарып,
Күндерде бір күн кетсем де сөніп, сол биікте өзім жатпақ ем!

Әр жол, әр шумақ ақын болмысының дербес өлшемі сияқты болып тұруы керек. Сонда сен де иланасың. Шиыршық атқан сезім, орнықты ой, жігер мен жалын жетіспесс, "рас-ay!" дегеннен әріге бармай, енжар ғана самаркау қала берер едің. Әділбектің балаң кезгі өлеңдерінің өзі-ақ жұрт арасында сан түрлі пікірталасын тудырғанын да білеміз. 1960 не 1961 жылдың жазында "Қазақ әдебиеті" газетінің бетінде "Бір өлең туралы" деп аталатын мақала жарияланды. Белгісіздеу бір автор тілін безей отырып Әділбектің сол кезгі жарияланған бір өлеңіне барынша шүйлігіп берген екен. Сөз саптауында бізге жат оқшау тосаң сарын бар, құлаққа көбі түрпідей тиеді. Тұщы етімізге ащы таяқ тигендей тіксініп қалып едік, Әдекең айылын жия қоймады. Басқамыз үдірейісе үрпиісіп, "бұ қалай?" десіп дүрлігісіп бергенде өзінің биязы мінез, жаз дидарлы жарқын жүзіне шаң жуытпай, жайраңдап жүре берді...

Көп ұзамай сол кезгі ғылым кандидаты, қазіргі әдебиет академигі, айтулы ғұлама Рахманқұл Бердібаевтың "Өлең — әдеби категория" дейтін жауабы да газет бетінде жарқ ете қалды. Рахаң өзіне тән қазымыр білгірлікпен әлгі сыналған өлеңді жілікше шаға отырып, жалпы поэзия деген қастерлі жанрдың арғы-бергісін шола, тереңнен тарта төрелік айтқан екен. Лаулап берген пікірталастың соңғы нүктесі де солай қойылған болатын.

Ол кезгі әдеби газетіміздің бетінде осы секілді пікір алмасу, ой бөлісудің талай бір жақсы нышаны байқалып жатушы еді. Кейін ғой, қайдағыны жиып-теріп, өнбес дауды қуып, бет жыртыса байбалам сала бастағанымыз...

Әділбектің жеке басы соншалық кіді, кірпияз екенін әлгінде бір құлаққағыс еттік-ау деймін. Киімді де таңдап киетін, тамақты да талғап ішетін. Тіпті ғұмыр бойына желке шашының өзін Алматыдағы бір ғана шаштаразға қидырып, басқасына әке десе бас сұқпайтынын білетін достары сыртынан күліп те жүруші еді: Алғашқы әйелінің төркінінен келген қызыл кәрлен кесесі ("Кәрлен кесе" дейтін өлеңі де бар) болушы еді, шайды да бір ғана сол кесемен ішетін. Әукесі салбыраған әлдекімдерше әйел соңынан салпаңдап ергенін көрген жоқпын, бірақ сылқым келіншек, сұлу қыз Әдекеңді көргенде үлбірей түсіп, үйіріле кетіп тұратынын сан рет байқағаным бар. Әйтеуір отыз-қырық жасында бір көрген адамға "ақын деген осындай болады екен-ау" дегізерлік-ақ жігіттің сұлтаны еді біздің Әдекең.

Оқта-текте таңды-таңға ұрып преферанс ойнайтын хоббиі болмаса, қалған тірлігін таза ғана әдебиет жолына бағыштаған Ақын қырық жасқа жете бере бұрынғы белсенділігінен айнып шыға келгендей болды. Аты жүреген, иті үреген әлдебіреулерден көрген жәбіріне төзбеді ме, әйтеуір неден түңілгені бізге белгісіз, Жазушылар одағының өзіне ең жақын сыйлас-мұңдас достарымен бірер сағат кафе-барда отырып қайту үшін ғана бас сұғатын. Тек ара-тұра өзі айырықша ардақтайтын Сәбең — Сәбит Мұқановқа атқосшы болып, Қалижан Бекхожиннің қасына еріп, партизан Қасым Қайсеновтың соңынан інісіндей ілесіп ел ішін аралауға шығатын. Сол сапарларының қай-қайсысынан да құралақан қайтпай, қоржын-қоржын ой арқалап, көңілі көтеріле, біртүрлі шабыттана шалқып-тасып оралатын. Бірер апта ешкімге көрінбей кетіп, сол әсерінің бәрін өлең-жырға тамызық ететіні болатын. Ақ маржан жырды едәуір төгіп-төгіп алады да, қайтадан сол бұрынғы бұйығы қалпына қарай ойысатын.

Ақкөңіл, әсіре адал адам еді. Дүниенің бәрі өз ойлағанындай кіршіксіз таза болуын қалады. Аспан да ұдайы ашық болса, адамдар да мейірман, көңілге дық салар көлеңкелі көріністерден ада тірлік кешсек-ау деп тілейтін. Өмір деген оған көне ме, бірақ. Өз дегенін істейді. Содан да барып өмірінің соңын ала қарап отырып қыж ете қалатын кінәмшіл болып бара жатқандай көрінетін маған. Жүрген жерінің бәрінде аңқылдап сөйлеп, асып көрініп, тасып төгіліп тұратын мінезінің өзін мін деп санайтындар да шыға бастады. Әділбек соның салқынын ертерек сезді, бірақ пенде баласын мойындамайтын өр мінез, туа бітті бекзат бітім уақыт ауанына қарай бейімделуге көндіре алмады. "Әдеке-ау, өмір деген ұдайы сіздің ырқыңызға көне бере ме, бала құсап мұныңыз не?" — дегендерге: — "Неге? Неге мен ойлағандай болмауы керек? Мен жамандық емес, жақсылық тілеп тұрған жоқпын ба, тегі!" — деп шынымен күйіне жауап беретін. Менен гөрі қасында көбірек жүргсн марқұм Сабырхан Асанов Әдекеңнің сол салт-саяқ тірлігінен, адамға сенгіш аңқылдақ мінезінен, алды бар, арты жоқ ашуынан туындайтын көп қызық әңгіме де айтушы еді. Амал не, соның бәрі айтылған жерде қала беріпті...

Өткелдің батпағы да, ұйығы да,
Түсірді-ау ауыр салмақ иығыма,
Отыздан аса бере опық та жеп,
Тірелдім Гамлеттің тұйығына!

дейтіні де содан ба екен?

Сол "Гамлет тұйығына тіреліп" жүрген шақтарының бірінде "Жазушы" баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев оны қоярда-қоймай қолқалап қызметке шақырды. Әртүрлі аудармалар жасатып, қаржы-қаражат жағынан тарықпауын да ойластырып, қол ұшын соза білді. Қарауындағы бізге де соны шегелеп тапсырып жүрді.

Бірақ кіріп-шыққан сайын күңкілдеп қалатын, жұмысқа бірер минут кешігіп келсе — қыбы ғана жымындасып құдайы беріп-ақ қалатын пейілі тар әріптестерінің түртпегіне шыдамады ма, дала тағысындай саяқ жүріп қалған әдет табандап отырар кеңсе қызметін аяққа оралғы көрді ме, әйтеуір бірер айға жетер-жетпесте Әдекең қағаздарын апыл-ғұпыл жинастырып, столдан тұрып кете беріп еді. Ертеңінде маған телефон соғып: "Сәкен, Әбекеңе кіріп, менің атымнан рахмет айтшы, бала-шағасының қызығын көрсін, елеп шақырып еді, ақтай алар емеспін сенімін. Әрі әркіммен бір ырылдасып отыруға да жоқ екем, тегі", — дегені бар.

Мен Әдекең сәлемін Әбекеңе шып-шырғасын шығармай түгел жеткіздім. "Апыр-ай, қызық жігіт екен ғой өзі!" — деп ол кісі бас шайқап күлген де қойған.

Міне, осы мінездің өзінен алақұйын ақын жанын, ақындық көңіл-күй тосындығын ғана аңғарып қоймайсың, суреткердің бізге жұмбақ тағы бір қырына қанығып, еріксіз қызыға түсесің.

Осындайда еске түседі, қазіргі "Заңғар" аталатын орталық әмбебап дүкенінің іргесіндегі бес бөлмелі пәтерінде салт басты, сабау қамшылы жалғыз тұрып жатқан күндерінің бірінде Қастек Баянбаев екеуіміз әдейілеп іздеп барғанбыз. Сыртқы есігі ашық екен, даңғарадай дәлізді бойлап ағамызды іздеп келеміз. Ең түкпірдегі бөлмедегі шағын кереуетте қаннен-қаперсіз ұйқыны соғып жатыр екен. Тік көтере көшіріп әкетсең де сезер емес. Есігінің бұлайша күндіз-түні жабылмайтынын ауызша да айтып, өлеңінде де жазып жүретін. "Әй, ұры менің өзімнен басқа немді алады?" — деп те күлетіні бар еді. Шынында да бес бөлмелі пәтерде бір кереует, ас үйдегі стол мен орындық, 30-40 кітап сиятын қолдан жасалған шағын сөре, жазу столынан басқа жиһаз жоқ еді, "хоть шаром покати!" — дейді мүндайда орыстар.

Әдейі айтатынын, әлде шыны солай екенін білмеймін, әйтеуір оқта-текте бас қосып қалғандағы қысыр әңгіме үстінде: "Кітап та, газет пен журнал да оқымаймын!" — деп сіресе қалатыны болатын. Онысына біз кеп сене қоймайтын едік. Өйткені әңгімені әрі қарай күрделі тақырыпқа бұрып, жалғастыра бастасаң — білмейтін пәлесі жоқ, саясатынды да судай сапырып, қазақ, орыс, тіпті әлем әдебиетіндегі жылт еткен жаңалықты жаңғақша "шағып" аға жөнелетін. Соның бәрін кейбіреулеріне бетінен ғана қалқымай, әдейі зерттеп жүрген адам сияқты тереңнен тарта қозғайтын. Сонда әлгі "түк оқымаймынын" қалай түсіндік? Онысын біз өзінше елден ерекше, басқаша айтсақ, "оригинальный" болғансыған түрі деп түсінетінбіз, ақынның бала мінезіне апарып саятынбыз.

Кісіге сенгіштігінде дауа жоқ еді. Қасында ұдайы енгезердей грузин бе, чешен бе, әйтеуір қалың қабақты, сұсты да сесті қаба сақал, қауға сақал біреулер жүретін. "Бұлар кім?" деп сұрай қалсаң: "Достарым ғой, жүре берсін, зияны жоқ", — деп күліп қоятын.

Кейде, амал не, сондайлардың зияны да тиіп қалушы еді. Бірде маған телефон соғып: "Сәкен, Елена Ивановнамен ("Жазушы" баспасының көп жылғы кассирі) келістім. Ақшам бар еді алашақ, бір кісі жұмсайын, соны бергізіп жіберші" — дегені бар. "Әдеке, ақша деген жатқан бір пәле емес пе, өзіңіз келсеңізші!" — деп көріп ем, көнер болмады. Келісуге тура келген.

Әжептәуір қомақты соманы Елена Ивановнадан санап алып, жұмсаған жігітінен қолма-қол беріп жібергенмін.

Кейін білдім, сол ақша, біршама мол ақша қолды болыпты. "Көк базарға ет ала келуге соғып, сол жерде ұрлатып алыпты" — дейді Әдекең.

Әлгінің өзі пайдаланьш кетуі де мүмкін-ау деген күдік қаперіне кіріп те шықпайды.

Отырайық арақ ішіп, сыра ішіп,
Келсеңдерші хал-ахуал сұрасып.
Өмірім де сендер үшін, адамдар,
Көңілім де күндіз-түні тұр ашық.

Әр өлеңді автордың бөлінбес бір бөлшегі деп білсек, ақынның кез келген адам бойлап бара алмайтын, сырт көзге көріне бермейтін де тылсым жұмбақ сыры, түсініксіз қыры болатынын аңғармау мүмкін емес. Әділбек өлендерінен махаббат пен достықтағы тұрақтылық, қарсылықтар мен таршылықтардың бәріне қанығып, бәрін де танып білер едің.

Ауыз әңгімені де тігісін жатқыза келістіріп айтатын еді. Ондайда қызылшырайлы сұлу өңі одан әрі бал-бұл жанып, шалқи шабыттанып, өзі де әсерленіп, өзгені де сөзіне ұйыта мүлгітіп, бөлек бір күй кешетін.

Бір кезгі әдебиетті насихаттау бюросының жолдамасымен облыс-облысты аралауға көбіне-көп Қасым Қайсеновпен серіктесіп шығады екен. Қасекең де әңгіменің майын тамызатын адам, бір өзі зал толы жұрттың аузын аштырып, көзін жұмдырып жарты күн жалықтырмай ұстай алады. Сол кісі осы күнге дейін: "Әділбек айтушы еді..." деп, нелер бір қызықты хикаяның тиегін ағытатыны бар. Мен соларын жазып алсам деп ылғи ғана оқталып жүрсем де, мойным жар бермеген күйі, салақсып келе жатырмын.

"Адам — сөйлескенше, ат — кісінескенше" деп жатамыз ғой, бірақ Әділбек құсап кімді де болсын бір көргеннен өз аузына қаратып, ә дегеннен үйіріп әкететін кісі сирек болар-ау, сірә. Бұл жөнінде "Қазақ әдебиеті" газетінде қызмет істей жүріп Нарынқол-Кеген жағына барған бір сапары жайлы жолдастары күліп отырып айтатын қызық бір әңгіме бар. Сол кезгі аудан басшысы Әдекеңді баяғы Гогольдің "Ревизорындай" орталықтан келген төрелердің бірі деп қалып, қоярда-қоймай үйіне шақырып, жатып жастық, иіліп төсек бола жік-жапар қызмет көрсетпей ме. Әңгіме барысы бұйымтай сұрауға тірелгенде Әдекең "Қазақ әдебиеті" газетіне жазылу барысын білгісі келетінін айтады ғой, баяғы. Аудан басшысы қолма-қол тиісті адамдарына тапсырма беріп, бұл жағы реттелген соң, қазіргі қызметі қандай екенін анықтағысы келетін емеурін білдірсе керек. Сонда Әдекең: "Е, сол баяғы "Қазақ әдебиетінің" редакциясы ғой" демей ме. Бастықтың бұдан кейінгі реакциясы айтпаса да түсінікті ғой, әрине.

Мен өзім де о кісімен бірер рет сапарлас болғаным бар. Сонда Әдекеңнің кісіні бірден үйіріп алатын алабөтен қасиетіне мен де тәнті болғанмын. Жазушы десе тыжырына қалатын неше бір үрген қарындай тырсиған шенеуніктер Әдекеңмен бес-он минут әңгімелескен соң тартылған көндей болып қалыбына қарай ойыса бастайтын да, одан әрі танауы тесік тайлаққа ұқсап алдына түсіп алып елпілдейтін де отыратын. Әйтеуір қалам алдым ғой деп, әсіре мақтап жатқан ештеңем жоқ. Бір оқығанда күйректеу болып көрінетін өзіндік дара философиясы бар, үні, демі бөлек, қаласаң да, қаламасаң да кезінде жеке тұрар тұлғаға айналған, рухы күшті, иі жұмсақ Әділбек Абайділданов дейтін ақынның болғаны анық. Басқасын былай қойғанның өзінде, біз мана бір шет жағасын сездірген "Қыран" поэмасын-ақ алайықшы. Бодандықтан бостандыққа қарай сытыла шығып, алып ұшып, ағып ұшып бара жатқан ақсүңқар құстың баласының шиыршық атқан жан-дүниесін ақын:

Қалды артында тұтқын үйі тозақ қасы
Кімге де ыстық көрінер өз от басы.
Әйтеуір бостандығын қолына алып,
Оу, дүние-ай, аңырады-ау азат басы.
Күйдіріп алай-түлей құйын ішті,
Байлауда бодандықтың уын ішті.
Жердегі байлап-матап ұстап келген
Аласа өмірден де биік ұшты.
Өзі боп көктің жалғыз өлермені,
Дауылға, жауынға да бөгелмеді.
Уа, дүние, бұғаудағы елдің бәрі
Қыранның осы қалпын көрер ме еді! —

деп жырлап, бүгінгі күнге олжа салып тұрғандай болып көрінер еді. Ал поэма өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жазылған. Ақын біткен өзегін өртеген ауыр мұң, ащы өксігін осы сияқты аллегорияға орап ұсынуға да мәжбүр болған кезең еді ол. Әділбек сол жүрекжарды мақсат-мұратын осылай етіп дәл де дәйекті жырлап берген ақын болатын.

Сол ақын пәниден бақиға аттанғалы да жиырма жылға жуықтапты, ең соңғы өлеңдер кітабы 1982 жылы жарық көрген екен. Содан бері бірде-бір рет үлкен мінбе, жиын-тойда аты аталып көрген жоқ, бірде-бір ескі-жаңа өлеңі жарияланған да емес. Бұл тұтас бір ұрпақ — бір буын Әділбекті білмей ержетті деген сөз.

Біреулер мұны ақынның тұзы жеңілдігіне саяды, біреулер: "соңында іздеуші, жоқтаушы, сұраушысы жоқ" десіп жатады. "Сұраушысы тұтаса жатқан қазақ халқы емес пе?" дегім келіп, тағы тартына беремін. Халықта да не қауқар бар, қолында әмір-билігі барлар халықтың қай сөзіне құлақ асып жатыр? Әйтпесе, "ағайын бек кеп" еді ғой деп, мен де біраз адамның құлағын шулата "ептеп айтып" көрген болдым. Хат та жазып, хабарласқан болып та жатырмын. Сірескен мұз сеңін сонда да жібіте алар емеспін, селт еткен жан баласын көре алмай-ақ келемін.

Міне, қазақтың сол бір басқадан бөлек жаралған даусыз даңғайыр ақынының туғанына 70 жыл толып отыр екен.

Нағыз бір аш қолтығы сөгілген, ащы тері төгілген тұста өмірден ертерек өткен ақынның артында асылдың сынығындай, ағын судың тұнығындай туындылары қалып еді, сол қат-қат кітап, қапшық-қапшық қолжазбасы кім көрінгеннің қолынан өте жүріп тозатын болды, не туған жерінен, не Алматы, Астанадан қол ұшын берер де ешкімді іздеп таппадық.

Әлі де атаусыз қала берер ме екен деп те қорқасың!..

2002 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз