(Ақынның 70 жылдық мерейтойына жасалған баяндама)
Жазушылар одағынан Берік Шаханұлы телефон шалып, Жұмекен мерейтойына орай бірер ауыз сөз айтсаңыз дегенде ойланбастан лып ете келісе қойып едім. Оған себеп, Жұмекен Нәжімеденовпен араласа сырласып, көп мұндасқан адаммын. Жігіт жасынан бергі әр жанрдағы барша шығармаларымен де таныспын. Кезінде ол туралы естелік те жазып, өлең де арнағанмын.
Бірақ не айтсам екен деп ойлана келгенде, әжептәуір тығырыққа тіреліп, біраз терлегенім де рас. Ортақол ғана таланты бар ақынды мақтау да оңай, даттау да оңай. Ысқырғаны да, қышқырғаны да ауыл-үй арасынан әріге ұзай қоймайтын ондай ақынды белгілі бір мерейтойына орай мақтап бере ғой десе, амалсыз болса да, ешқандай қиналмастан сыдыртып өте шығуға болар еді. Өйткені ондай-ондай ортақол ақын нені жазуды, қалай жазуды жақсы біледі, тақырыбынан әсте бір жаңылмайды. Айтпақ ой, идеясы да Абылайхан даңғылындай түп-түзу, бұрылыс-бұлтарысы болмайды. Олар кешегі кеңестік кезеңнің кемелдігін қалай-қалай асқақтатып әйдік жырға қосса, бүгінгі егемен еліміз жайлы да егіле сөйлеп, тәуелсіздік туралы төгіле берер еді. Тіпті тіл мәсслесін көтеріп, күн тәртібіне қойдыңыз бар ғой, алдына жан салмай сол жайлы өлең жазып, өлі-тірі шумақтарымен оқырман ойын шырмауықша шырмап алары және сөзсіз.
Ал шын мәніндегі қаламгер, туа бітті талант иесі туралы қисындырып айту қиынның қиыны. Олай дейтінім, бұларда алдын ала жоспарланған, "осыны да айтып тастасам-ау, осы тұста да бір көрініп, ел көзіне түсіп қалсам-ау" дейтін пенделік ой болмайды. Олар алдына ақ қағаз алып, жазу столына барып жалғыз қонжиған сәттерде де әлі не жазарын анық білмеуі, қарсы алдындағы қыр-сыры беймәлім тылсым дүниенің қақпасын қалай қағып, оқырман көңілін қалай селт еткізуді білмей дағдарып қалуы да мүмкін. Себебі оның қуанышы да дара, қайғысы да елден ерекше бөлек. Ол өз оқырманының аузына шайнап ас салмайды. Ойқы-сойқы, кедір-бұдыр қауқарлы дүниесін бөліп-жармай, қырнап-мінемей ғана сол кесек күйінде алдыңа ақтара салады. Езесің бе, егілесің бе, мүжисің бе, мүдіресің бе – әрі қарайғысы енді сенің өз шаруаң. Бірақ сен әжептәуір кідірсең де, тыжырынып теріс қарай алмайсың. Шетінен ұстап тамсанып, таңдайына сап татып көріп, енді өрі ысырып тастамай, сөлін сығып, тамтығы қалғанша талғажу қыласың. Кекірелеп тоймайсың да, кердеңдеп кері шегіне қоймайсың. Бұл шын ақынның өзі байқамай отырып саған тартқан табағы, тағдырдың дара сыйы.
Міне Жұмекен Нәжімеденов сондай алаулы поэзияның жалаң қылыш жалаулы иесі болатын.
Сонау бір өзімізден басқа пенде баласын менсіне қоймайтын жиырма жасар кезімізде-ақ Жұмекеннің "Балауса" деген бір өлеңін әлде қазіргі "Жұлдыз", әлде сол кезгі "Мәдениет және тұрмыс" журналынан ба екен, солардың бірінен оқып, оның біразымыздан гөрі тұңғиық терең, біразымыздан гөрі талантты, адуынды, дарынды, әйтеуір бір мен ғана емес, сол кезгі жұбымыз жазылмай жүретін бірқатар кеудемсоқ көбімізден гөрі шалымды екенін қалтықсыз мойындаған болатынбыз.
Осы жерде бұл өлең жазылған мезгіл өткен ғасырдың сол кешегі елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдарының басы, қазақ поэзиясына дарияның жарға соққан толқынындай болып, бірімен бірі жарыса, үзеңгі қағыса, алыса-жұлыса келіп жатқан жаңа бір қуатты толқынының тұсы екенін, өлең-жырдың арнасынан асып-төгіліп, буырқана ағып-құйылып жатқан кезі екенін еске сала кетудің оғаштығы жоқ. Сол арындылар мен дарындыларға қосыла ағып, су аяғы құрдымға көппен бірге сіңіп кете бермей, өз арнасында ғана лықсып, жеке дара толған, толысқан қалпында қала беру үшін де айрықша бір тегеурінді қуат, талантты табандылық құдірет керек еді. Сол таланттың Жұмекенге молырақ дарығандығын бәріміз де іштей сезгенбіз.
Ақын да сол сезім, сол сенім үдесінен шыға білді, бізді де, бізден өзге оқырманын да алдамай, өзінің қысқа ғұмыры ішінде тоқырап тоқтамай, кідіріп-мүдірмей, кібіртіктеуді білместен ылғи ғана ілгерілеп, ізденіп, өзін-өзі қамшылай отырып көп пенде қызғанып та, қызығып та қарайтын биік шыңның басына қарай тынымсыз өрлей берген еді.
Әлдебір ақынды мақтағанда "өлеңдерінен өзі өмір сүрген уақыттың тыныс-демі сезіліп тұрады" деп те жатамыз.
Ол қандай тыныс, қандай дем? Әудем жерге ентігіп қалар ептілік пе, алаөкпе асығыстық үстіндегі алқыныс па, оны ажырата айырып жатпаймыз. Жұмекен болса, қашан да өз демімен тыныстайтын, жалтара сөйлеп, жасқана қарауды білмейтін, шындықтың да, жалғандықтың да көзіне тайсалмай тура қарайтын жаратылысы да, қалам сілтесі де бөлек ақын еді.
Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен,
Батырлық па? – өз төрімде күтіп алам, түнетем,
Байлық болса қулау болар, түра қара көзіне,
Кімде болса алдамасын, алданбасын өзі де,
Қайғы болса – артында оның қуанышы бар шығар,
Бірі кірлеп, бірі жуып, кеудем менің аршылар.
Бақыт болса – денем әлсіз, көтере алман (өз ойым)
Арман болса – өмір бақи арқалайын, төзейін
Адалым боп арнап келсе – барым әзір, көңіл хош.
Түсір жылдам, атын байла, қырауын қақ, тонып шеш.
Шындық болса – кілем төсе, дастарқаным жаямын,
Жалғандық па – тулақ таста, сүртіп кірсін аяғын.
Бар болғаны он екі жол өлеңде қаншама салмақ жатқанын аңғарып отырған боларсыздар. Бұл жиырмадан жаңа ғана асқан, әлі өзі де балауса, балғын дарынның айтқаны еді.
Өмір дегенді, тіршілік дегенді тыныштық түске де кірмейтін мәңгілік майдан деп білем. Ақ пен қараның аяқталмас арпалысы. Баяғы ақ пен қызылға бөлінген азамат соғысы сияқты. Ақ жағында Ар мен Иман, Ар мен Ұят, Ар мен Ождан, ал қара жағында қатыгездік, қанышерлік, зұлымдық, зәлімдік, арсыздық, бетсіздік дейсің бе, ойдан-қырдан жиналған қара ниет қаныпезерліктің бәрі бар. Жұмекен сол ақ жағының өлмей беріспеуге бел буған, әлгі айтылған Ар мен Иманды, оған қоса Ақиқат пен Шындықты қорғау үшін ғана туған жалаңтөс жауынгері, серттен таймас сақшысы еді. Оның жолында алтын да жатты, алдау мен арбаудың да алуан түрі кездесті. Бірақ пенде болып соның біреуіне ыңғай танытып, бір сәтке кідіріп, бір сәтке мүдіріп көрген емес, аңырған да, жаңылған да кездері болған жоқ. Күні-түні кірпік ілмей әлгі айтылған таза ғана адами қасиеттерді аярлықтың бар түрінен қорғай білді. Ауытқи айтқан, кездемей атқан жері жоқ. Оны біз сияқты дос-жарандары ғана емес, көзіне күлімдеп, теріс қарап тыжырынатын күншілдері мен күңкілшілдерінің өздері де ерте, тым ерте мойындаған болатын.
Жоғарыда мысалға келтірілген өлең жолдары осы сөзімнің айқын айғағы сияқты естіледі.
Мен бұдан әрі Жұмекен өлеңдерінен мысалдар келтіріп, керек тұсына тықпалап отыру арқылы сөзімді шұбарлай бергім келмейді. Жұмекен өлеңдерінің біреуін оқып шықсаң болды, "мен де бармын ғой" дегендей екіншісі емініп, енді мені оқы!" – деп үшіншісі сұранып шыға келеді. Оның үстіне Жұмекен өлеңдерінен үзіп-жұлып мысал алу қиын, аузыңа алсаң бастан-аяқ түгел оқып шық, әйтпесе жігін бұзып, дәмін кетіріп әуреленбей-ақ, тиіспей ғана қоя салған дұрыс.
Әр ақынның тағдыры да, әдебиеттегі жолы да бірі біріне ұқсамайтын, әртүрлі болып келеді. Бір жыл туған төл, бір мезгілдің перзенттері, Кеңес мектебінде оқып кемелденген Қадыр, Тұманбай, Жұмекен үшеуін ғана алып қараңыз. Үшеуі құрдас, кезінде сырлас та, мұңдас та болып, қатар жүріп қуанып, жастық атты ортақ мерекені бірлесе жүріп бірге тойлаудары да ықтимал. Бір мезгіл, бір кезеңнің ақындары. Заманы ортақ, қоғамы ортақ, бірақ сырт пішіндері, бет-бейнесі, мінез-құлықтары бір-біріне қалай ұқсамаса, жазу-сызу жағы да әрқилы, кереғар, бір-біріне мүлдем жақындаспас еді.
Қадырдың ұрымтал тұстан қосылып, көбіне ұтып шығар уытты ұтқырлығы, Тұманбайдың қақаған қыста да қалтырамай, шілделі жазда пысынап-терлемей, қашан да болсын бір түсті жайдарлылығы арқылы аңқылдап әрдайым алда журетіндігіне енді Жұмекеннің, өзі қайталап көп айта беретін, қоңыр ғана көңіл ауанын, сен тыңдап отырсың ба, жоқ па, онда ісі болмай, домбырасының құлақ күйін белгілі бір не жайдары, не қапалы әуенге қарай ыңғайлап алып, өзімен өзі бола, сонымен қатар тұтас дүние тылсымы жайында шымырлап қайнап, ұдайы тереңге тарта беретін тұңғиық тірлігін салыстырып көре аласың ба?
Мен салыстыра алмаған болар едім.
Өзінің жалғанды жалт қаратар жаңалығымен де, туа бітті даралығымен де жұрт көңілін ә дегеннен баурап, бірден-ақ жаулап алып, өзіне табынған оқырманын енді қайта құшағынан босата қоймайтын да ғажайып Поэзия бар.
Ал Жұмекен Нәжімеденовті, араға уақыт сала отырып, ара-тұра болса да қайталап оқымай, "әй, сол бір тұсы қалай еді?" – деп, қайыра соғып, қайырылып отырмай тұтас күйінде Қабылдай қою да, елти қою, еліге қою да қиын. Ол үшін бір кезде "Қазақтың бас ақыны" – деп Абайды барынша жан-жақты, барлық қырынан қарап түсіндіруге тырысқан Ахмет Байтұрсынов сынды тағы бір ғұлама керек болар еді. Күні кеше ғана "Әдебиет айдыны" газетінен Сейілғазы Әбдікәрімов ініміздің Рамазан Тоқтаров жайлы мақаласын оқып ем, сонда ол: "Жазушы туралы әлде не сөз айту үшін сол жазушының барлық шығармасын түгел оқып шығу керек"– деген екен.
Бұл дұрыс қой, бірақ Жұмекен шығармаларын түгел оқып шығуға бір адамның төзімі де, білім деңгейі, қабілет-қарымы да жете қоймас еді. Сондықтан оны өзгеге түсіндіреміз деп арам тер болып жатпай-ақ, ұдайы ғана еске алып, дүрсін-дүрсін кітаптарын қайталап шығарып, жұрттың бәрі қайырыла қайталап оқып жүретін деңгейге көтере білуіміз керек. Қанша ішсең де шөліңді бір қандырмас мөлдір таза бұлақ суындай оның өлең-жырларын да үзбей оқып, сіміре беруіміз, бойымызға сіңіре беруіміз керек. Сонда ғана Жұмекенді танып-білетін боламыз. Сонда ғана тұтас қабылдап, дұрыс бағалай білетін боламыз.
Өзінің оң жамбасына келетін ыңғайда Жұмекеңнің айтқанын әдебиетке оның өкшесін баса іркес-тіркес келген сол Төлеген, сол Өтежан, сол Қастек, сол Сабырхан, сол Фариза, тағы басқа бірқатар тума таланттар да айтқан болар, айтып қана қоймай, тіпті кей тұстарда сол ойды одан артылта да, жетілдіре де түскен болуы ықтимал. Бірақ өмірдің қағаберіс қалтарыстарының бәрін түгел тұтас шолып, соны қаузай түсіп, барынша терең, барынша жан кешті қазымырлықпен қапысыз жырлау жағына келгенде Жұмекеңнің алдына ешкім түсе алмасы және кәдік.
Жұмекеннің өзгеге ұқсамайтын тағы бір ерекшелігі – әр өлеңінде жататын зілбатпан ойдың молдығы еді. Әрине, ойсыз, сезімсіз поэзия болмасы хақ, әрбір дарын иесі өз жазғанын нақтылы бір ойға қарай ыңғайластыра, жымдастыра құруға тырысатыны белгілі, бірақ кейде тек соңғы екі жолға ғана, "концовка" деп жүреміз ғой, салмақ салып, басқа шумақтарын сол тұрғыда қажет болар қалқа ретінде пайдаланатын ақындар да бар. Солардың біреуінің қолына тисе Жұмекеннің әр шумақ, әрбір жолының өзінен жұтынып тұрған жаңа өлең жасап шығар еді. Бұл қалам ұстап жүрген көбімізге бұйырмаған қасиет, феномендік құбылыс деп бұрын да айтқанмын, тағы да қайталаймын.
Жұмекеннің әр жолы бір қаралық ойға толы кез келген өлеңі кемі 200-300 беттік роман-хикаялардың жүгін иемденіп, иемденіп қана емес, арқалап та тұр.
Соған қарамастан ол өз қуат-күшін, қарымы мен дарынын қара сөзде де сынап көрмекке кірісіп, бірінен кейін бірі "Ақ шағыл", "Кішкентай", "Даңқ пен дақпырт" деп аталатын көлемді-көлемді туындылар берді. Ел-жұртқа ақындығымен, ақын болғанда да алдына жан салмас асқак тегеурін, алып тұлғалы ақын, өзінің мықты екенін, әдебиеттегі, әсіресе қазақ жырындағы үлес-салмағы қанша екендігін жақсы сезетін ақынға өзге жанрға қарай кілт бұрылыс жасау оңай болмас еді. Бірден ғана төтелей тартып, көркем прозаға барып сол тұрғыда танымал болған замандас-қаламдастарына өкпе тұстан қосылып, жарыса кеткен Жұмекен бұл ретте де табыссыз емес еді. Мен оның прозалық шығармаларындағы кейде көрінер, кейде көзге көрінбей-ақ өзінің барын сездіріп тұратын детальдар тоғысына тәнті болғанымды айтар едім. Зейнолла Серікқалиев сөзімен айтсақ, "Әлі зерттелмей жатқан" бұл шығармалардың да сөйлейтін, өзі туралы сөйлететін кезеңі келеді деп ойлаймын.
Көңілге қандай да бір қозғау салмайтын, толғандырып-ойландырмайтын, тебірендірмейтін, сенің бойыңа да тосыннан дүлей желік бітіріп желпіндіріп әкетпейтін өлең-жырдың ешқайсысын шынайы дарынға телу қиын. Сенің де шабытыңа шабыт қосып, жан-дүниеңді қайрақ бола жанып, ынтаңды оятып, жазуға құлшындыра түспесе ол Ақын емес, Ақын атын иемденіп жүрген жай ғана өлеңші. Амал не, бұл таңда сондай өлеңшілердің бағы жанып, көптеген тау тұлғалы дарынымен, адамшылыққа жатпайтын қисық-қыңыр қылықтың бәрін жасқар арғымақ арынымен көрінген таланттар қағаберісте қалып жүр.
Ал Жұмекен сияқты ерлікті айтсын, өрлікті, кемелдік пен кеңдікті жырласын, батыр кегін, ақын сертін сөз етсін, шері мен мұңын қозғасын – көкірек жарған барша бет шар-пыр қызулы қуат-жалынымен іркілмей толғайтын Ақын көлеңкеде қалуға тиіс емес еді. Кейде бір көсіле кетіп төгіле сөйлесе де, еңсеңді езе, егіле сөйлесе де сені бейжай, бойкүйез қалдырмай, ішкі әлеміңдегі аласапыран алмағайып күй-құбылыстың бәрін ақтара білетін шебердің соңында қалған мұрасына абай болуымыз керек-ақ.
Амал қанша, біз көп-көп жақсы ақынды тек дата-датаға бөлінген 70, 80, 90, 100 жастары тұсында ғана елеп-ескеріп, кейде тіпті үлкен-кіші демей жүгініміз де, той тарқаған соң "ұмытып" кете береміз. Жақсының жақсылығын айту аясында "алтын еді" деп әрбір жаңа ұрпаққа жүздестіріп, кездестіріп отыру неге ғана мерейлі тойға барып тірелуі керек?
Сондай-ақ исі қазақ мойындаған, "еліңдегі жақсың кім еді?" дегенде ауызға ілігер ірі тұлғаларды атап өтуге келгенде: "Ол Атыраудан еді, мынау Алатаудан еді, сол жақ қана атап өтсін деп, тау тұлғаны төбедей етіп кішірейтіп, бір аудан, не ауыл құшағына қарай итере салатынымыз да бар. Осыдан 4-5 жыл бұрын, Алматы облысы әкімшілігінде істеп жүріп, қала түбіндегі Талғар ауданында Жұмекен Нәжімеденов күндерін өткізсек деп, біршама талаптанып көріп едім, қолдау таба қоймадым. Тағы да сол "Ол Атырау жақтың азаматы еді ғой, соларға неге хабар салмайсың одан да?" – деген керенау қылыққа кезігіп, амалсыз кері шегінгенім болған.
Мен, әрине, әр тұста, әртүрлі жағдайға орай Жұмекен творчествосын сөз етіп, қомақты ой-пікірлерін ортаға салған Әбіш Кекілбай, Қадыр Мырзалы, Зейнолла Серікқалиевтерден асыра бірдеңе айта қоюды мақсат тұтқан емеспін. Қырық қырлы, бір сырлы ақын шығармашылығын аз сөзбен талдап шығу мүмкін де емес еді. Тек Жұмекеннің насихатшысы, оның шығармаларын қалың елге таныстырудағы үгітшісі ретіндегі азды-кем ойларымды ғана ұсынып отырмын.
Жұмекен атын әлі де өз талантына лайық деңгейге көтере алмай жатырмыз, соған бәріміз болып атсалыссақ деген пікірімді білдірмек болдым.
Осы жерде еске түседі, француздың әйгілі жазушысы Андре Моруаның бір жазғаны бар еді. Ол алыс-жақынға белгілі ағылшындық Герберт Уэльстың 60 жылдық мерейтойына қатысу үшін Лондонға келеді ғой. Кеш өтетін залда әлемге танымал тағы бір дөкей драматург Бернард Шоуды көріп, қасына барып сәлем береді де: "Бүгінгі бағдарлама сценарий бойынша сізден кейін мен сөйлейтін көрінемін" депті. Сонда қыңыр сөзден кісіге есесін жіберіп көрмеген Бернард Шоу тұрып: "Апыр-ай, қиын болған екен, неде болса менен бұрын сөйлеуің керек еді, өйткені менен кейін айтылар сөз қалмайды ғой деп қорқамын?" – деген екен.
Сол айтқандай-ақ, Жұмекен жайлы менен кейін де сөйлейтіндер, сөйлегісі келетіндер бар шығар, солар айтар да бірдеңелер қалсыншы деген жақсы ниетпен мен де өз сөзімді аяқтай тұрмақпын.
2005 жыл, қараша
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі