Біздің ауылда үлкен-кіші, кәрі-жас демей, жұрттың бәріне сыйлы, жалпыға жұғымды Омардың Рақымы дейтін ақ сақалды адам болды. Ән мен күйге әуес, өлең айтып, домбыра тартатын, қысқасы өнер атаулыға үйірсек бала көрсе, үйіне шақырып, қошеметтеп, қолпаштап, әрдайым қамқорлық жасап жүретін әдеті болушы еді. Аудан дәрежесіндегі лауазымының әжептәуір екендігіне қарамай (мен жоғары кластарда оқып жүргенде ол кісі ауатком төрағасы болатын), енді-енді өлең жаза бастаған, бірлі-екілі шумағы аудандық газетте жарияланып жүрген мені ол бір күні өз қасына шақыртып алды. Әлгі әлжуаз шығармаларымды әдейі бөлек сақтап қойған екен, көтере сөйлеп, абыройлы болуыма тілек білдіре отырып, бірқатар көкейге қонымды пікірін де айтты. Қағаздарын ақтарып отырғанда сусып жерге түскен бір суретті еденнен көтеріп алдым. Суағарында бармақтай мұрты бар, сұстылау келген келбетті адамның суреті екен. Сыртындағы екі жол арнау өлеңді оқып үлгердім, сондағы:
Аяулы бауырым Рақым,
Жаныма жан ең тым жақын... —
деген сөздері мен "Ілияс Жансүгіров", деп қойылған қол әлі күнге дейін көз алдымда. Рақаң ақсақал қалт қимылдап, қолымдағы суретті бір қағаздар арасына тыға салып: "Бұның саған керегі жоқ, білмейсің!" — деп жуып-шайған болды.
Арада біршама жылдар өткен соң барып, 1958 жылы Ілияс Жансүгіровтың қалың бір томдық қоңыр кітабы шықты да, сондағы бейнелер ішінен өзіме таныс суретті де ұшыраттым. О кітапқа өзім сүйіп оқитын қазақтың үлкен ақыны Қалижан Бекхожин ағамыз алғысөз жазған екен. Енді мен бұл қоңыр кітапты қолдан түсірмей оқитын болдым, оқып қана қоймай, атақты "Құлагер" поэмасын жаттап та алғам, үлкендер алдында қисса мақамына салып, сан рет айтып та берген кездерім болған.
Сөйтсек, ол кезде Ілияс аға есімін атауға болмаған екен ғой. Ол "халық жауы" аталып, сонау сұрапылды сұрқия жылдардың құрбаны болып кеткен екен де, шығармалары оқулықтардан алынып, кітапханалардан қуылған екен. Араға жиырма жыл салып (1937-1957), ақын жырлары оқырмандарына қайта оралыпты.
Мен, бәлки, Ілияс жырларын онсыз да сүйіп оқуым мүмкін-ау, бірақ Рақым ақсақалдың қолынан көрген ең алғашқы сол суретінің де айрықша әсері болғаны ақиқат еді. Содан кейн "Ілияс Жансүгіров" деген есімді ұшыратсам болды, кез алдыма "Жетісу суреттері", "Ағынды менің Ақсуым" сияқты өлеңдеріндегі ғажайып өлке қайта бір елестеп, ақын шығармаларын қайталап оқи бергім келетін еді:
Ағынды менің Ақсуым,
Ақырып әлі ағасың,
Ақиланған ашумен
Ақтарды асқар сабасын,
Тас тарпуын, шапшуын,
Қарасаң, қайран қаласың, —
деген жолдар да, немесе Жетісу суреттеріндегі:
Жер таппан жерге жетер Жетісуым,
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын,
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмын,
Асқардан ақтарыла арқыраған
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын, —
деп басталатын алғашқы шумағы-ақ сені де еліктіріп, бұрын көріп-білмеген ертегідей аса сұлу, таңсық өңірге жетелей жөнелгелі тұрғандай емес пе.
Осы күні ойлаймын, Рақаң ақсақал маған әлде сол суретті байқамағансып отырып, әдейі көрсетті ме екен деп те. Менің өлең жаза бастағанымнан хабары бар, кезінде Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтермен дәмдес болған, қастарына ерген, ақылгөй қарт көзі қаныға, құлағы ести берсін, түбі керегі болар да деп ойлаған шығар. Дәл сол жылдары Ілияс, Сәкен, Бейімбеттер жуық маңда ақтала қояр деп ол кісі ойлай қоймағаны кәміл. Өзі де қуғын-сүргінді көп көрген, әрдайым екі шоқып, бір қарайтын сақтыққа үйренген адам, Ілия атын маған айтып, кім екенін талдап жатуға әлі ертерек де түйгені — суретті көрсетіп алып, тыға қойғанынан-ақ аңғары лып еді.
Қарап отырсам сол суретті көргеннен бері де аттай қырық жыл өтіп кете беріпті. Мен де бүгін жасамыс ақынға айналып барамын. Ақын болып қалыптасуыма дәл Ілияс Жансүгіровтей қатты әсер еткен ақын болды деп әлі күнге айта алмаймын. Ақынның "Тапанша" деп аталатын өлеңі бар. Сондағы қаладан ауылына милиционер болып оралған баласына әкесінің:
— Апырмай, балам түнеугі
Кеткеннен жаңа келдің бе"?
Ай жоғалдың, неғылдың?
Аманбысың? Тегін бе?
Мықыныңды мықшитқан
Мынауың не беліңде?
Үлпершек пе, үйрек пе?
Тіккен бе өзін теріге?
Құдағи байғұс құнттап,
Жіберген шығар келінге, —
дейтіні бар еді. Сонда біз тапаншаны "Үлпершек пе? Үйрек пе?" деп тұрған ауыл қартының аңқаулығына бір күліп, құндақтағы тапаншаны үлпершекке қандай дәл ұқсатып тұрғанына да таңырқаушы едік. Сол таңырқау, сол тамсанудың аяғы еліктеуге, еліктей жүріп үйренуге, өз жолымызды табуға ықпал етті. Біз де сондай сәтті теңеу тапсақ деген ниетімізге қамшы болып, ілгер жетелей берді.
Ал менің, мен сияқты біраз ақынның шығармашылық жолына Ілиястың "Күй", "Күйші", "Құлагер" дастандарының тигізген әсері де өз алдына бір ұзақ әңгіме. Оны аз сөзбен тұжырымдап айтып шығу тіпті де мүмкін емес.
Ілияс Жансүгіров туып-өскен Ақсу ауданы мен біздің Алакөл арасы екі жүз шақырымдай жер. Ауылға жолым түскен сайын Ақсу жерін кесіп өтеміз. Сонда ағынды Ақсу бойында Ілекең де қыдырып жүргендей.
Жалғыз жазғы бір кеште
Жағаладым жағасын,
Тұнжыраған торғын түн,
Төндім сұлу суына.
Таңырқап тау-тас тамсанып,
Жымияр жұлдыз мұныма, —
деп күбірлеп сөйлеп бара жатқандай әсерде қалдырады.
Өзімнің "Ақсу бойында" деп аталатын ескі бір өлеңім әрдайым қайта жаңғырып есіме түседі.
Тұратын аспаны да бүркіп өлең,
Осы, дос, Жансүгіров жұрты деген,
Анау ғой асау өзен Ақсу атты,
Алқынып, алыс барып күркіреген.
Басталып баяғыдай демікпеден,
Айтудан ақын әнін зерікпеген.
Бұл жердің балауса әуен бұлағы да
Арынды Ақсуына еліктеген.
Шетінен — аруы ма, нар ұлы ма, —
Шалдыққан Ілияс-жыр шалығына,
Естіліп тұрғандай-ау Матай жақтан
Молықбай қобызының сарыны да.
Бар арман Балқаш болып, барлық үміт,
Бас бұрмай бұрқыраған жарға ұрынып,
Ақсудың нуында да, суында да
Жатады ақын даусы жаңғырығып
Көптен-ақ көрсем деуші ем кезігіп бір,
Ақсуым, ендігісін өзің ұқтыр!
Әйтеуір, Ілиястай әулие леп
Айнала әрбір үннен сезіліп тұр.
Көңілге дауаң қайсы көп тілесе,
Жүрегім шымырлап та өтті неше,
Сенуім сөзсіз еді... Ілиясты
Дәл қазір қалғып қана кетті, десе!
"Ұлан" газеті, сәуір, 1994 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі