Алғашқы қадамын өлеңмен бастап, бірте-бірте, Пушкинше айтқанда, салқын-сұсты прозаға қарай ойысып, арғы-бергіні үңги қазып, ілгерілей озып, сол маңда біржола тұрақтап қала берген қаламгер атаулының жүре келе поэзияға қайта бет бұруы сирек ұшырасатын құбылыс. Оның үстіне авторымыздың өзі қазақы қара сөзде өз тұстастарының ешбірінен кем соқпайтын, жанрын да, жазарын да таңдап таба білген таланттар тобынан болғандықтан да ма, әйтеуір. Софының поэтикалық шығармасын көп күдікпен тосырқай қарсы алғанымыз рас еді.
Бірақ күдігіміз бекер болып шықты. Соған "Жарылғап батырды" бастан аяқ түгел оқып шыққан біз де автормен бірге қуанамыз.
Софының қазақ тарихын, әсіресе елді Абылай билеген аласапыран тұсын терең зерттегені де, сол кезгі әлеуметтік ортасы, "хан таластар" мен жер-су үшін жанталастарды да бір кісідей білетіндігі ешқандай дау тудырмаса керек. Кезінде екі кітаптан тұратын "Елім-ай" үлкен-кішінің назарын бірден аударып, қалың нөпір оқырманның қолынан тастамайтын шығармасына айналғанын бәріміз де білеміз. Сондықтан да болар, "Жарылғап батырдың" кіріспесіндегі автордың:
Беттерін тарихтың парақтадым,
Кейінге — екі-үш ғасыр әрі аттадым.
Үңілдім керуен-уақыт іздеріне.
Жар бол деп бұл сапарда Жаратқаным, —
деген сөзіне ілесе біз де көне тарих қойнауына сүңгіп кете береміз.
Әрине азаттық жолындағы Абылай бастаған жойқын ұлы жорықта әр ата, әрбір рудан суырыла шыққан қазақтың маңдайалды батырлары мен бағландары аз болмаған ғой. Біз көбінс-көп ежелгі жыр-аңыз, қиссаларда ауызға жиі оралатын:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Богенбай.
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек,
... Шұбыртпалы Ағыбай,
Шапырашты Наурызбайлардың ерлігін білетін едік те, аты-жөні әр тұста бір айтылып қалатын үлкен-кіші басқа батырлардың ел мүддесі, жұрт пен ұлт тұтастығы жолында не істеп, не қойғанынан бейхабар қала беретінбіз. Оның үстіне рушылдық дертіне ерте іліккен жекелеген авторлар тарихқа да көпе-көрнеу қиянат жасап, "у ішсең руыңменнің" жөні осы екен деп, өз елінен шыққан батырды басқа қатарлас, тағдырластарынан биігірек қоюға тырысып, барлық ерлік атаулыны да бір ғана соның басына үйіп-төгуді әдетке айналдырғанын көріп, бірде күліп, бірде түңіліп жүретінбіз.
Софы соның бәрін де ескерген. Абылай қасындағы басқа да марқасқа, жалқы туар жайсаңдардан Жарылғапты айрықша тұлға етіп бөліп алмай, өзгелермен үзеңгілес, қандас, қарулас ердің бірі болғанын дәлелдеп бағады. Содан да барып әр оқиға, әрбір деталь нанымды болып шығады.
Жарылғап батыр да "алты күнде күлетін, алпыс күнде жүретін" ертегі аралас эпос батыры емес, кәдуілгі ет пен сүйектен жаралып, "ата көріп — оқ жонып, ана көріп — тон пішіп" үйренген қазақтың бір өнегелі ұлы еді. Әрине, мұнда да ескі аңыз-ертегінің сарыны жоқ емес, өйткені батыр Түйте мен Айша да бір перзентке зар болып, олжалы жерде үлестен, ордалы жерде орыннан қағылып жүреді. Ел біткеннің бәрі қадір тұтып, азаматым деп ардақтап жүрген Түйтенің өзін жалғыз міні — бауырынан баласы болмағаны үшін кекетіп-мұқатып, ақыры елден безуге мәжбүр ететін көне сүрлеу-сюжет бұл шығармадан да көрініс береді. Қазыбек бидің ақ батасы, ағайын-туыстың тілегі желге ұшпай, өмірге Жарылғап келген.
Сол Жарылғап қазақ-қалмақ соғысындағы үлкен бір сайыс үстінде жау жағының айтулы батырларының бірімен жекпе-жекке шығып жеңеді де, жас та болса ерен ерлігімен Абылайдың көзіне түседі. Сол күннен бастап және "сабақты ине сәтімен", бірер рет ханды тура келген ажалдан сақтап қалғаннан соң ел арасында атағы дүрілдеп, шоқтығы биіктей түседі. Абылай оны өзіне "Бармақдос" етіп алады. Кейін, тағдыр тәлкегіне орай, Абылай анда жүріп торғауыттар тұтқынына түсіп қалғанда да қасында Жарылғап бар-тын. "Үйде иесі барды түзде ит қаппайды" емес пе, баласының кегі үшін ішіне қан қата тұра тұтқындағы Абылайды қинауға да, өлтіруге де бата алмаған қалмақ хонтайшысы қарадан шыққан батыр Жарылғапты аямады. Көзіне көк шыбын үймелетіп қой соңына салады, малшы да, жалшы да етіп жұмсайды. Оны өлтірсе де ешкімнің құн дауламасын біледі, соғыс заңы қатал. Жалғыз ұлы Шарыш та Абылай қолынан қаза тапқан. Қанын судай шашар еді, артында қабырғалы қалың елі бар, көп қараның бірі емес, хан тұқымы ақсүйек, сұлтан Абылай, хан Абылай. Қалмақтың қанды қолын тежей беретін де сол, сескендіретін де сол.
Ақыры ебін тауып Жарылғап қашып шығады. Тұтқыннан босанады. Кейін Қазбек бимен ілесе келіп Абылайды құтқарып алады.
Софы Сматай көне аңыз, жырдағы қисындарды пайдалана отырып, батыр образын сомдауда, сол заман оқиғасын бүгінгі көзбен суреттеуде "қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарсаға" бармай, романдағы кейіпкерлерін барынша "тірілтіп", ұра да білетін, қажет жерінде бұға да білетін батырлар тұлғасын жасайды. Сондықтан да ешқандай мысқылға бармастан, миыққа күлкі үйірместен әрбір кейіпкердің өз әрекетіне лайық болып шыққанына иланасың, нанасың.
Софы сол баяғы "Елім-ай" романында да автор ретінде де шешен сөйлеп, кейіпкерлерінің аузына да кілең бір ауызекі айтыс үстінде отырғандай тапқыр да ұтқыр сөз салып, қызықтыра тартып отырушы еді. Тіпті кезінде "Софының көсемі де, шешені де — шешен, батыры да, қатыны да жезтаңдай, сөзуар" деп мін тағушылар болған. Оған Софы айыл жия қойған жоқ. Өзінің жазу мәнерін, әдіс-стилін сақтап қала берген.
Мына "Жарылғап батыр" жырында да сондай тапқырлық, ағыл-тегіл шешенсіп сөйлеудің үлгілері бар. Оның өзі бір жағынан поэзиялық шығармаға жарасып та тұр, оқиға ажарын аша түседі.
Қазыбек биге қастандық жасауды ойлаған сол кездің күншіл-міншіл жантықтарының бірі алдымен биге көпшік қоя сөйлеп:
Аңға шықсақ — сіз біздің қыранымыз,
Жауға шапсақ — алаштық ұранымыз.
Ел қазығын көрдім деп айта жүріп,
Ер азығын қолымнан бір алыңыз! —
деп ет асатпақ болып, ниеті орындалмай, қолға түсіп қалғанда:
... Арды өлтіріп пірсіздік,
Ашу жеңген ақылды.
Жырды жерлеп құнсыздық,
Әкім тепкен ақынды.
Кіндігінде сайқалдың,
Адам. Шайтан. Тәңір бар.
Адамы кім? Шайтан кім?
Іздеңдер де, табыңдар.
Отыр жайлап бір сұмдық,
Кеудесінде-ақ әркімнің.
Ол — бақастық, күншілдік,
Бағасындай парқыңның! —
деп ащы ызасын ақтарып салады.
Осыған ұқсас тұздықты шумақтар, тұтаса шыққан сәтті бөлімдер роман бойында баршылық. Пікіріміз шұбарланып кетпесін дедік те, мысал келтіре беруден тартына бердік. Қазақ әдебиетінде өлеңмен роман жазу үрдісі аса кең тарамаған. Өткен ғасыр басындағы Сұлтанмахмұт, Сәбит Мұқановтар болмаса, бұл жанрға батылы жетіп қалам тербеген ақындар аз болатын. Оның үстіне біздің ұлттық прозамыз Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, І.Есенберлин, Т.Ахтановтар арқылы соншалық ілгерілеп, көркемдіктің көкжиегін мүлдем кеңітіп жіберді де, өлеңмен роман жазуға мүмкіндік те бермеді, оның қажеті де бар деп ешкім ойламаған. Софы соны басқамыздан жақсы біле тұра осындай көзсіз ерлікке барып, әдебиетші ретінде, зерттеуші, қаламгер, ақын ретінде үлкен табысқа жеткен. Кітап соңына таман берілген Абылай монологі автордың да мақсат-мүддесін айқын ашып бергендей.
... Жанымды жай тапқызбай сынға малып,
Отырам ой соқты боп мың қамалып.
Өзгенің тыныштығын бұзбау үшін,
Өзімнің тынышымды ұрлап алып.
... Көрбілте ұйып жатқан бұрын көрдей,
Ой, миын мазаладым тыным бермей,
Салғырттың самалына сөз қондырдым.
Ұшсын деп ең болмаса қырын көлбей.
Дән салдым таңдайына тамсансын деп,
Жыр ектім кеудесіне ән салсын деп.
Пердесін қара түннің қарс айырдым,
Шапағын атқан таңның қарсы алсын деп.
Бұл — хан Абылайдың қазақ тағдыры, халық болашағын ойлағандағы айтқаны. Сол сөзді хан аузына сала отырып, жазушы Софы Сматай да біразымызға ой сала кеткендей. Жоғымызды түгендеу үстінде дәл осы сарындас сөз бүгінгі бізге де керек еді.
Сондықтан болар кітапты ұлт әдебиетіне тағы бір тамаша тарту келіп қосылғанына деген разылықтың сезімімен жабасың. Бұл кітаптың оқырманы да көп боларына шүбәсіз сенесің.
Жазушы Софыға бойдағы дарынын әрдайым осылай сарқа пайдаланып, дәмді де нәрлі дүние туғыза берсін деп тілек айтқың келеді...
"Егемен Қазақстан " газеті, 2006 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі