Қазіргі қазақ қара сөзінің кеуделі де көрнекті тұлғалары қатарына жататын Софы Сматаев турасында жазған мақаласында осыдан тұп-тура он жыл бұрын оның тұрғылас та тұстас һәм қаламдас досы Дулат Исабековтың: «Софыға жанр атаулығының жаттығы жоқ. Бұл күнде ол қазақ әдебиетіндегі барлық жанрда жемісті еңбек етіп келе жатқан қарымды қаламгер ретінде белгілі. Ол — романист, новеллист, либреттист, драматург, журналист», — деп те бір айтқаны бар екен.
Бұл пікірге анау айтқандай алып-қосарымыз бола қоймас, тек өз тарапымыздан ептеп үстемелей түсер болсақ, Софының осы аталған жанрлардың қай-қайсысы болмасын, барлығында да кісі қызығарлық тұрғыда кілең талантты туындылар беріп келе жатқан дара дарын екендігін қосып айтудың қажеттілігі ғана.
Бұл ойымызға Софының соңғы жылдары жарық көріп отырған 17 томдық шығармалар жиынтығы да толық дәлел бола алғандай екен.
Софы жайында, оның шығармашылығы төңірегінде қалам тербеген жаңағы Дулат болсын, басқа да үлкен-кіші қаламдастары мен замандастары болсын, оның әлгінде бір біз атап өткен көп қырлылығын, қазіргі тілмен айтқанда әмбебаптығын айналып өте алмасы анық. Осыдан бес-алты жыл бұрын Софының өлеңмен жазылған «Жарылғап батыр» романы жайындағы бір пікірімізде біз де: «Алғашқы қадамын өлеңмен бастап, бірте-бірте, Пушкинше айтқанда, салқын да сұсты прозаға қарай ойысып, арғы-бергі тарихты үңги қазып, ілгерілей озып, сол маңда біржола тұрақтап қала берген қаламгер атаулының жүре келе поэзияға қайта бет бұруы сирегірек ұшырасатын құбылыс. Оның үстіне, авторымыздың өзі қазақы қара сөзде тұстастарының ешбірінен кем соқпайтын, жанрын да, жазарын да таңдап таба білген таланттар тобынан болғандықтан ба, әйтеуір, Софының поэтикалық шығармасын едәуір күдікпен тосырқай қарсы алғанымыз рас еді», — деп жазған екенбіз. («Егемен Қазақстан», 2006 жыл).
Сөйтсек, Софы өзінің ойына алған әрбір тың тақырып, тосын идеясы ауқымында жүз ойлана, мың толғана келіп, ол тақырыптың қай жанрдың жамбасына оңтайлы екенін де ішкі бір түйсікпен дәл тауып, нысанасын дәлдеп ала біледі екен. Сондықтан да болар, сәтімен басталған қай жанрдағы қай шығармасы болмасын, жұрт таңырқарлық оңды шешімін тауып, тиянақты да тыңғылықты аяқталып жатады.
Оның өзгеге ұқсай бермейтін өзіндік даралығы да осында.
Жазушы ретінде, суреткер ретінде Софының атын шығарып, атағын аспандатқан ең сүбелі шығармасы — үш кітаптан тұратын әйгілі «Елім-ай» романы еді десек, қателесе де қоймаспыз. Бұл роман жайында көп айтылды, көп жазылды, әлі де айтылып, жазылып келе жатыр. Мақтағандары басымырақ, даттағандар да кезігіп қалып жатады. Бірақ солардың ешқайсысы да осынау кең тынысты, кемел жазылған шығарманы да, оның Софы сынды авторын да жоққа шығара алмайды. Оған романның ауқым-қуатының өзі де жол бере қоймасы анық. Софыны мақтаған, мадақтап келе жатқан сол бір көптің ішінде біз де бар едік, осыдан біраз жыл бұрын: «Софы сол баяғы «Елім-ай» романында автор ретінде өзі де шешен сөйлеп, кейіпкер-қаһармандарының аузына да кілең бір ауызекі айтыс үстінде отырғандай тапқыр да ұтқыр, ақылды да айшықты сөз салып, оқиға бойымен желілей тартып, қызықтыра түсіп отырушы еді. Тіпті «Елім-ай» жарияланған алғашқы кездің өзінде де: «Софының шешені де — шешен, көсемі де — шешен, батыры да, қатыны да жезтаңдай, сөзге жорға, сөзуар-ақ» — деп мін тағушылар аз болмаған. Бірақ оған бола айылын жия қойған Софы жоқ, әлі күнге өзінің осы бір жазу мәнері, әдіс-стилінен айнымай келе жатыр», — деп те жазғанымыз бар екен.
Бұл «Елім-ай» трилогиясы төңірегіндегі белгілі бір арнаға тоғыса келіп, толыса түскен пікірлер ағысы десек те, соңғы кезеңде бір жанрдан екіншісіне қарай ешбір кедергісіз, қара күшке сала күшеніп жатпастан еп-еркін аударыла түсіп дағдыланған қаламгер шығармашылығының түп атасы қайдан деген сұрақтардың даяр ғана жауабы да іспетті. Софы турасында қалам тербеп жүргендердің бірінің көмейінде кекесін, бірінің тамағында таңырқау, тамсану тұрғаны байқалып қалып жатса, ол да дарын даралығынан барып өрбитін даңғайыр бір қасиет-ау деп қаласың.
Таланттың табиғилығы деген де, тіпті сол талант дегеніміздің өзі де осы шығар, кім білсін.
Қажет жерінде оған да ой жүгіртіп, ат басын бұра кетерміз. Әзірге алған бетімізден айнымай, ілгерілей берейік.
«Елім-ай» болсын, басқа да қомақты-көлемді роман, хикаяттары болсын, Софы оқиғаны ұдайы тартыс төңірегіне құрады да, шиыршық атыра ширата береді. Мана бір атап кеткеніміздей, әрідегі азуын айға білеген от тілді, орақ ауызды билер мен шешендерді де, әділет іздеу жолында әуреге түсе жүре азапты жол кешетін кейінгі кесек мінез кейіпкерлері де дәйім ғана сол бір айтыс-тартыс ішінде, арпалыс үстінде көрінер еді. Тура биде туған жоғын берік ұстанған, шындық жолында шырылдап, ұтып та, ұтылып та жүрген қадау-қадау сол кейіпкерлеріне автордың бүйрегі ұдайы ғана бұрып тұратынын оқырман сезбей қалмайды. Кейде тіпті кейіпкер ойы қайсы, автордың ұстанған кредосы қайсы екенін де аңғармайсың. Автордың өзі сол бір жанын жеп жазып отырған оқиғамен біте-қайнаса жүріп өз кейіпкерлерінің біріне қалай айналып кеткенін де байқамай қалатын сияқтанатыны бар.
Софының соңғы ширек ғасыр ішіндегі тірлігіне, болмыс-бітіміне, жазғандары мен сызғандарына зер сала қарайтын болсақ, осынау бір оқшау пікіріміздің дұрыс екендігіне көзіміз жете түскендей болады. Өйткені өз кейіпкерлері сияқты Софының өзі де үнемі от пен шоқтың ортасында жүріпті, өмірінің біраз кезеңі қоғамдағы келеңсіздікпен күрес үстінде өтіп келе жатыр екен.
Бір кезде ол республикамыздағы ең жоғарғы басқару органы — Қазақстан Коммунистік Партиясының орталық комитетінде лауазымды қызмет атқарғанын білеміз. Бұл өзі шын мәнінде екінің бірінің қолы жете беретін жер емес еді.
Әрине, сол қызметті қалтқысыз атқаруға Софының ақылы да, білімі де, білгірлігі де, қабілет-қауқары да әбден жететін. Әлгі орынға соның бәрі еленіп-екшеліп, әртүрлі сүзгіден өткізіліп барып шақырылған да шығар. Сол орын, сол ортада Софымен бірге отырып қызмет еткен кісілердің бірқатарын білетін де сияқтымыз. Қам-қарекетсіз қарап отырыпты дей алмаспыз, бірақ омырауын оққа төсеуден қашқақтап, жұдырығы болса — жең ішіне тығып, тұрар жерде, тұрысар жерде бұғып қала бергендер басымырақ болды ма екен деп те қалатынымыз бар.
Софының ар-ождан, ақыл-ойы ондай оңай жолды таңдатпады, адалдығын, алғырлығын, мол пішілген білім болмысын мойындай тұра, аз күнгі билік тізгіні қолына тие қалған тәртесі қысқа мансапқор әлдекімдер оның да бетін қайтарып, ауыздан қаға берген сияқты. Бұл жағдай әсіресе қандықол Колбин тұсында мейлінше етек алып, асқына түссе керек.
Ол турасында Софының өзі: «... Ал Геннадий Колбин мені ұмытпастай болған. Мен де оны әредік еске алам... Өйткені сол кездегі құдіретті Біріншіге өз пікірін батыл айтып, қарсы келгеніме мақтанайын демеймін, бірақ сол Біріншінің, оның төңірегіндегі кейбір жандайшаптардың келеңсіздігімен келіспей, халқымның шын талантты ұлдарын жақтап, өрескел тапсырмаларын орындамайтынымды айтып, алғашқы болып жауапты партия қызметін өз еркімен тастап кеткенім үшін екі рет Секретариатқа салынғанымды және өз ұстанымымды қорғап қалғанымды кәдімгідей наразылық әрекетіне балаймын. Ал бүгінгі публицистикалық дастандарымда халқымның қазіргі мүшкіл халін жасырмай ашып көрсетіп, басқалар бара бермейтін, омыртқаңды опырып, жұлыныңды үзер тақырыпқа батыл қадам басқанымды кей-кейде азаматтық ерлікке де теңеймін», — деп жазады.
Расында да, қазақтың бұрынғы-соңғы қай жақсысының басы ноқтаға сия қойыпты. Өзінің де, сөзінің де қадір-құнын жете түсінген адам қаншама бағынышты бола тұрғанымен де, әлдене себептермен жоғары мансапқа ие болып алған әлгіндей жандайшаптардың айтағына үріп, айдауына жүре бермесі белгілі. Оған қоса сарай маңының ырың-жырыңы, аппараттық интриганың былық-шылығын көзі көре отырып ондайға көңілің қалай көншімек. Мұндай кепті өзіміз де ептеп бастан кешіргенбіз. Сондықтан да жақсы білеміз. Жақсы білгендіктен де жасырмай айтып жатырмыз.
Ал әлгі Колбинмен «қақтығыстың» ұзын-ырғасы Софының өз аузынан естуіміз бойынша былай болғанға ұқсайды.
1986-ның лаулаған өрті әлі де өше қоймай, тіпті күн санап өрши түсіп тұрған кезі болса керек. Колбин шақыртады. Қасында Орталық комитеттің сол кезгі насихат бөлімін басқарып отырған Альберт Устинов бар. Қазақ жастарына қарата айтылатын Колбин сөзінің мәтінін Устинов орысша, Софы қазақша қағазға түсіруге тиісті екен. Устиновтың не жазғанын қайдам, Софының: «Айналайын, балаларым!» — деп бастауы Колбинге ұнамайды. Мағынасын автордан тәптіштеп сұрап алып, «Мен бұл бұзақыларды қалай ғана «айналайын» — «милые» деп атамақпын. Олар барып тұрған қараниет қатыгез ұлтшылдардың өздері емес пе? Солай деп жазыңдар!» — деп дікеңдесе керек. «Мен ұлтыма жала жабылатын ондай сөзді қағаз бетіне түсіре алмаймын!» — деп Софы үзілді-кесілді бас тартады. Қазақстанды бір уыспен ұстауға жоғары жақтың Жарлығын ала келген Колбин де шалқасынан түседі. Іс аяғы насырға шабады.
Бірден беттен ала, төске шаба тіке кетуіне Софы кейін опық жеді ме, жоқ па — о жағы маған беймәлім. Тек қана оңбай «таяқ жегені» айдан анық еді.
Бірақ оған бола жасыған, жүні жығыла жабырқаған Софыны көре алмадық. Қайта, өзінің әйгілі жерлесі, «Сары Арқадан сайғақ құрлы сая таппай» өткен Мәдише айтқанда, «қайралып, жауға қарсы қайтадан сермеген алдаспандай шыңдалып, ширыға, шыңдала, шымырлана» түскенге ұқсайды. Оған дәлел ретінде осы соңғы кезеңде «Жас Алаш» газетінің бетінде үзбей жарияланып келген 9 бірдей толымды дастанын атап айтар едік. Мен, әрине, көктен құйыла салғандай болып, бірімен-бірі жалғасып жатқан бұл дастандардың көркемдік жағын сөз етпек емеспін. Софы осы бағыттағы тақырыбына да өткір де өтімді ғой деп әдейі өлеңді таңдап алған сыңайы бар. Көкірегіңе лықсып келе қалған толғақты ой, тосын қыжылды ізін суытпай сол от ұшқындаған, шоқтай қызған қалпында аянбай, алды-артыңа қарап жатпай ақтара салу үшін де поэзияға жүгіну қажет болған шығар, әйтеуір, Софы айтар сөзінен жаңылып, ойын шашыратып алмай, сол баяғы оттан да, судан да тайынбайтын, шындықты шырынды кезінде айтып қалмаса — сөздің атасы өлерін де ескере отырып, көмейі бүлкілдей, алған бетінен іркілмей отырып-ақ біраз жерге барған екен. Әрине, көзсіз ерліктің ащы зары, зардабы да болмай қалмайды. «Ә, солай ма!» — деп жазушының жанды жерінен ұстап алып, жұдырыққа бармаса да ретін тауып, тығырыққа тіреп қоятын «өкпешіл», өзімшіл билік иелері бұл тұсты қалт жібермесі хақ. Софы да сол ащы да болса ашық айтатын өзіндік ұстанымынан жаңылмаймын деп жүріп, үй іші, айналасына зиянын тигізіп алғанын аңғармайды емес, әбден-ақ аңғарады. Дәл бүгінгідей қарбалас кезеңде азамат болып, ат жалын тартып мінуге жараған үш бірдей оғыланының қызметтен шеттетілуін де басқадан емес, сол өзінің ашық айтқан, әділін айтқан ақжүректілігінен көретіні содан.
Өзіне біткен дарын таланттың қай мөлшер, қандай дәрежеде екенін бізден гөрі жақсырақ сезетін Софы, сол бір өз бойындағы табиғи күш-қуатты сарқа пайдалана отырып, халқына қаншалық қомақты олжа салғанын да бір кісідей біледі. «Қызмет қыл да міндет қыл!» — дейтін қағидаға орай еңбегінің жемісін көрсем деген ниеті де заңды һәм құптарлық. Ол өзінің 5 рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсыныла тұрып, жеме-жемге келгенде «жанашырлар» қаламымен тізімнен сызылып қала беретінін де жасырмайды. Кезінде екі дүркін ұсыныла тұрып «Қазақстанның халық жазушысы» атағынан құралақан қала берген өкпесін де ашық айтып жүреді. Әдебиетке бергенінен гөрі алғаны көп, салыстыра келгенде барлық жазған-сызғаны Софының бір ғана жанрда (ол бәлки проза, поэзия, драматургия болар) тындырған ісіне татымайтын әлдекімдердің ұдайы ғана алдын орап, ақысын қағып алып кететін жымысқылығына күйініп, іштегі ашу-ызасын қайда жіберерін білмей, аласұра күй кешетін кездері де бар. Бірақ өзіне өзі баға бере келіп, Алаштың халық жазушысы, қазақ әдебиетінің классигімін десе, біз мұны ешқандай күпірлікке де, біреулер айтып жүргендей, бөспелікке де балап жатқан жоқпыз. «Солайы солай-ау!» — деп бас шұлғи келісеміз.
Софы турасындағы шашыраңқылау шыққан осынау шағын сөзімде мен оны шектен шығара, асыра мақтап отырғандай да болып көрінуім мүмкін. Несі бар, басқалар өз пікірін өздері талдап айта жатар, ал менің қаламгер Софы, қайраткер Софы турасындағы ойым тұп-тура осындай. Алып-қосары жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі